АВТОПОРТРЕТ
04.12.2024 0 11
Жарлы БАЙҒАНИН,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Қателік сөйлемдегі тыныс белгілері сияқты,
онсыз өмірдің де сөйлемдегідей мәні болмайды.
Харуки Мураками
Бала кезде мұны автопортреттер қатты қызықтыратын.
Бір жақсы туынды көре қалса суретшінің не айтқысы келгенін түсінуге тырысты. Сосын, айна алдын айналшықтап, өз келбетімен салыстыра отырып образ іздеп әуреленетін әдет тапқан.
«Айна – менің ең жақын досым, өйткені, мен жылаған кезде ол ешқашан күлмейді» деген сөзге малданып жаны жылап тұрған сәттерінде айнаға қарап, тілін шығарып күліп те көрді. Рас сияқты. Алдай алмағандай.
Иә, айна мен адамның көздері еш уақытта өтірік айта алмайды. Бірақ сол автопортретке сиғызған қыл қалам шеберінің қылдай қиялын жұрттың бәрі бірдей түсініп жатыр ма?
Жалпы, пошым мен бояуын, сырт келбетін келістіргенімен суретшінің өзі образды аша алды ма? Не айтқысы келді? Көрермен ше, ол не ұқты?
Айна алдында сәт сайын өз бейнесіне сұқтанудан жалықпайтын сұлулар тап солай, бір суретке ұзақ үңіліп көрді ме екен өмірінде?..
«Әке балаға сыншы» демекші, мұның бейнелеу өнеріне бейімін байқаған Әкесі де «Декоративное искусство СССР» сынды өте қымбат журналға дейін жаздырып ала бастаған. Әсіресе, «Огонектегі» түрлі портреттер мен, автопортреттер мұның құштарлығын қайрай түскендей.
Мектепте бұл үшін ең оңайы Лениннің суреті болатын. Портретке алғаш осы «атасының» бейнелерімен машықтанған. Оны еш қиналмай салатын. Өйткені, портрет жазудағы қалғымайтын қағидалардың бірі кейіпкеріңнің жан-дүниесін жетік білу. Оны білмесең образың оқылмайды. Сондықтан да саналарға әбден сіңіскен «күн көсемнің» күлімсіреген «бейкүнә» бейнесін бейнелеу бұл үшін аса қиындық тудырмайтын.
Міне, сол уақыттардан бастап, көрген адам жанын бірден ұғатындай етіп өз бейнесін жазып шығу арманы бала көңілге берік ұялаған. Қиялына қонақтаған сол үміт, қанша уақыт өтсе де өңі түгілі түсінде жетелеуден әсте жалыққан емес.
Тіпті, кей күндері, өз бейнесін тамсана тамашалап тұрған көрерменнің жан құбылысын жанарларынан оқығандай, жадырай оянатын…
Сол арманын орындамаққа сан мәрте оқталды да. Керілген кенеп, майлы бояу, жақсы қылқалам дегендерді бес қаруын сайлағандай сайлап алса да, бірақ жүрексіне беретін.
«Қыл қалам ұстамағалы қанша жыл, қолым шығып кетпеді ме екен?» деп қорқасоқтағанымен жаны байыз таптырар да емес.
Мұның түсінігі бойынша автопортрет айна арқылы салынғаны жөн. Фотодан қарап салынған «өлі» суретке жан бітірудің жасандылығын жасыра алмасын және біледі. Бірақ, тап осы тұста, өмір секілді айнаның да алдайтыны бар екен. Бәрін тура көрсетіп тұрғандай болғанымен оң мен солыңнан шатастыра береді…
Не болса да бүгін, тәуекел деп, бастауға оқталған күйі балконын реттеп, қарсы алдына үлкен айна әкеліп қойған.
Жарықтың қаншалықты дұрыс түсіп тұрғандығын тексермекке үңілгенде айна артындағы өмір өзі жетелеп ала жөнелді…
* * *
Атырауға келгенін естіп елден асығыс жеткен досы, Марат:
– Сен, не, елге келіп тұрып, маған соқпай кетпексің бе?
– Сөзді қой, жүр ауылға!
– Бір тоқтыңды жегізбей жібермеймін, бәрібір, – деп сапарын бұзып ауылына алып келе жатқан түрі.
Бұл да көңілін қимаған. Жұмыстың бір реті бола жатар. Не болса да дос төрінде бір-ер күн аунап қайтпақшы.
Марат мұның көрші ауыл, нағашы жұртынан тапқан бала күнгі досы, сырласы. Оқығаны көп, зерек бала. Ән салғаны қандай керемет! Мінезді!
Сағынысып көріскен достар кешелі бері үздіксіз сырласып, бірер сағат бұрын Астрахань – Ақтөбе пойызына отырған.
Вагондарына кіріп жайғасар-жайғаспастан тағы да сыралатқан олар енді бір сәт теңселе басып темекі тартпаққа тамбурға беттеді. Бұларды теңселткен тек пойыздың ырғағы да емес…
Кірген сәтте бір бұрышта гүжілдесіп тұрған үш орыс бұлар жаққа жақтырмай қарап қойып, дабырлаған күйі әңгімелерін жалғастырды. Бұларға қыр көрсеткендей былш-былш түкіріп, сөздерін түрлі жаргондармен тұздықтап та қоятындарын қайтесің.
Вахтадан қайтқан жұмысшылар секілді. Тоқтаусыз ішкен ішімдіктен болар беттері күлдіреп тұр. Бұл қалтасынан шылымын шығармаққа оқталған кезде қолын қаққандай болған Марат, әлгілер жаққа бұрылып:
– Жігіттер, темекі беріңдерші, – деген, орысшалап.
Ежірейе қараған біреуі әлдене демекке оқтала берді де, Мараттың отты жанарынан қаймықты ма, тістенген қалпы түсініксіздеу күңк етті. Сосын бір тал шылым шығарып ұсынған.
– Біздің екеу екенімізді көріп тұрсыңдар ғой! Марат тағы бер дегендей қолын созғанда әлгі өңкиген:
– Соңғысы! Соңғыны тек мілица алады деп, қолындағы қорапты төс қалтасына қайыра сүңгітті.
Досының мұндайда өршіп кететін мінезін білетін бұл қой дегенше болған жоқ, төс қалтасымен қоса жұлып алғандай болған Марат, темекі қорабын ашпастан мыжыған күйі аяқ астына лақтыра салған.
Қалтасы жартылай жыртылған нән неме тұра ұмтылғандай болған сәтте Марат оны көкірек тұсынан оңдырмай бір соқты да, бұрышқа тықсырып тастады.
Бұл досын қапсыра құшақтап үлгерген. Әлгінің қасындағы екі жасамыс орыс та дереу естерін жиып алғандай араша сұрап әлек.
«Біз не істедік?..» деп өп-өтірік бәйек бола қалыпты.
Осы кез топырлап төрт-бес бозбала тамбурға шыққан. Олар да тұра қалып темекілерін тұтатып жатқан сәтті пайдаланып бұл досын итермелеген күйі вагондарына қарай алып өтті.
Орындарына келіп жайғасқан соң да, ол өз ісінің дұрыстығын бұған дәлелдеп бағуда. Оңайлықпен бұрқылдауы басыла қоймаған досының көңілін басқа жаққа бұрмақ әрекетпен әр нәрсені бір сұраған мұның жүзіне бір сәт күлімсірей қараған Марат:
– Бірде, осылай, Сағыздан отырдым. Екі күн ішкенбіз. Жігіттер «әдемілеп» шығарып салған. Қасымда ешкім жоқ, бір өзім. Бұл пойызда менің жолыма ешкім тұрмайтынын білесің ғой. Вагоннан вагонға өтіп, таныс іздеп келем.
Келесі бір вагонға өте бергенімде тамбурда бір жігітпен соқтығысып қалдым. Тайсалмастан маған тура келіп тұр. Түр-тұлғасы келіскен, киімі де тәп-тәуір…
– Тұрма жолыма!, – деп түйіп жіберуге оқталған сәтімде-ақ қимылының шалт екенін сездім.
– Әй, сен кімсің?!, – деп қояды. Күйіп кеттім.
– Мені танымайтын сен кімсің, өзің?! Мен, Маратпын!, – деп екілене түсем.
Омырауымнан алған күйі, жаңағы орыс құсатып көкірегімнен бір «сылқ» еткізді де:
– Өтірік айтпа, сен емес, мен, Маратпын!, – деп бұрышқа итере салды да, жүре берді.
– Боқтайын десем даусым шықпайды. Ұрайын десем қолым, соңынан тұра қуайын десем аяғым істемейді. Жынын алдырған бақсыдай демекші, тамбурда тұрмын состиып. Сап-саумын. Екі күн ішкен арағымның қайда кеткенін де білмеймін…
Ол ұзай берді. Ойланып қалдым. Алдағы вагонға өттім де, бұрыштағы бір бос орынға сылқ етіп отыра кеттім.
Мені бұрын ешкім бұлай қорлап көрмеген сияқты. Содан ауылға жеткенше орнымнан тұрған жоқпын. Бір кезде әлгі жігіт кері қайтты. Қасында тағы екі кісі бар. Жүре әңгімелесіп келеді. Қасымнан өткен сәтте мен жаққа назар салды да, басын изеп, көзін қысқандай болды.
Сенсең жынымды біреу қағып алғандай. Үнсіз қалдым. Тіпті ашулана да алмайтын сияқтымын.
– Кейін білдім ғой, «Сары әулие» атанатын Маратпен маңдай түйістіргенімді.
– Шын әулие екен, лібә!.. Жынымды қағып алды ғой, – деп езу тартса да, өзіне тән сыздана күлетін ежелгі әдетімен суық күлімсіреді.
– Содан кейін біраз уақыт ішпей кеткем. Бір жылдай болды. Кеше, сен келгелі бері ғой, қайтадан тығыным ашылып…
– Ауылда әңгімелесетін де адам қалған жоқ. Өңкей пайда қуған біреу. Бәрі бақай есеп. Ұрлық. Ақша үшін адам өлтіруге бар. Достық деген ұғым да жоғалып бара жатқандай. Өмір мұншалықты тез өзгереді деп кім ойлаған? Ауылдан жыраққа кетіп те қалғың келеді. Бірақ кеткенде қайда барасың? Қай жер оңып тұр дейсің? Анам мен ауру інімді қайда тастамақпын? Отырмын сосын, омалып…
– Дұрыс түсін, достым. Біздің бұрынғы төбелес деп мұрын бұзып, көз көгертіп, пойыздан оны-мұныны «іліп кетіп» жүргендеріміз әшейін ойыншық болып қалды. Қазір өлтіре салудан тайынбайды. Кіп-кішкентай ауылдың өзінде ниет бұзылып кеткен. Арандату. Айдап салу. Шибөрілер секілді, топтасып жүреді, жабыла талайды. Өзіңнен бес жас кіші балалар бетіңнен алады. Сүрінгеніңді күтеді.
Ана жолы бір ерегесте «Саған да бір боран жалынсын!», – деп тістеніп кеткен. Нені мегзеп отырғандарын ұққан боларсың? Былтырғы боранның бірінде «кімнің» үсіп өлгенін естідің бе? Солай! Соны біздің ісіміз деп мақтанғандары шығар, бәлкім?.. Әлде мені қорқытпақ болған түрлері?
– Білмеймін, кейде бұларды да түсінгім келеді, бірақ…
– Ауылдың жігіттеріне жұмыс жоқ. Барлық вахта толған келімсек. Осындайларды көрсем қаным-қайнайды. Өздерінше жергілікті халықты адам ғұрлы көрмейді. Ал бұларға тиісіп көр. Содан да болар ашулы жұрт өштерін өздерінен алатын сыңайлы.
Тұнжырай қалған досына, «тұр, кеттік, сорпа ішейік» деп жол бастап вагон-ресторанға келген. Тапсырыстары алдарына келіп, енді тамақтана бергенде;
– Міне, мыналар! Осы екеуі! Бізге беріңізші. Біз өзіміз-ақ айырып тастаймыз!, – деп боқтық қоса былдырлай орысша сөйлегендерге қараса тұп-тура өздеріне қарай келе жатыр. Бірі жалаңаяқ. Енді бірінің бет-ауызы қан. Үшіншісі де біраз таяқ жеген сияқты, ілбіп, әрең ілесіп келеді. Жалаңаяқ орысты жыртылған қалтасынан тани кетті. Жаңағы Мараттың темекісін тартып алған «танысы».
Әлгілердің қасындағы әскери киімдегі екі қазақ жігіті жолдарын кес-кестеп оларды тежегенімен, бұларға келіп өздерімен бірге жүруді бұйырған. Қанша қарсыласқаныңмен бұйрықтың аты, бұйрық. Пойыз жүріп келеді. Ешқайда қашып құтыла алмайсың. Амалсыз алдарына түсіп «айдалып» кете барған. Бағыт – штаб-вагон. Алдарында бір, соңдарында бір солдат. Олардың соңында тынымсыз ызыңдап, бұларды аяусыз жазалауды өтініп келе жатқан әлгі «жәбірленушілер».
Келесі вагонға өте салысымен штаб орналасқан купеге кіріп кеткен сарбаздың алдыңғысы оқиға барысын баяндап, сол күйінде кері шегініп екеуін желкелегендей ішке кіргізді.
Соңдарынан сырғи жабылған жылжымалы есік сарт ете түскен сәтте бұл бәрі бітті деген-ді.
Қарсы алдында отырған қатулы, майор шеніндегі басшыны көрген сәтте өз көзіне өзі сене алмады. Жұмабай аға!
Әкесінің досының үлкен ұлы. Иә, иә, сол!
Жолшыбай мінген ауылдас ағалары Ақиқат пен Мартты қонақтап отырған сәті екен.
Жайлау досының ағасы, Ақиқат мұны бірден таныды.
– Сен қайдан жүрсің?! Қашан келдің? Сен, не, адам тонауға көштің бе?!, – деп дүрсе қоя берген.
Басқалары да мұның Алматыда екенін білетін. Олар да таңырқасып жатыр.
Бұлар болған жағдайды толық баяндап, ант-су ішіп әлек.
– Ана, Жайлау досыңның сабағы аз болды ма, ақымақ?! Өйстіп жүріп бекер күйіп кетесіңдер ғой, бір күні!
Мұны айтқан Ақиқат ағасы.
Сол күйі бұлар купеден шықпады. Нақтырағы шығармай қойған. Тек өз стансаларына жақындаған сәтте әлгі «айдап әкелген» конвоирге қол жүктерін алғызып, аман-есен түсіріп кетулері қатаң табысталған сыңайлы…
Ойы тас-талқан.
Өз-өзімен іштей арпалысып келеді.
Ағаларына алғыс айтты ма, жоқ па, ол да есінде қалмапты.
Үйге жеткен соң да ештеңеге зауқы соғар болмады. Ауылды бір аралап қайтпақ болған досының «түнгі серуенінен» де сырғақтай берген.
Ауыр ойдан арыла алмаған күйі тұнжырап жатып ұйықтап кетіпті.
Түн ортасы ауа оянып алды да кірпіктері қайыра айқаспай қойған соң, далаға шығып сәкі үстіне қисайған күйі, темекі тұтатты.
Егер, мана купедегі офицер мұны танымағанда не болар еді? Кімге нені дәлелдемек? Үшеуі бірдей «бізді ұрған осылар» деп тұрған жоқ па? Ұрғанды қойшы, «киімімізді, ақшамызды түгел тонап алды» деген жаласынан қалай құтылмақ?
Сүмбіленің түні салқындау екен. Онсыз да жылына алмай тұрған жан-дүниесі жабығып, мүлдем қалтыратып жіберсе де, қайыра үйге кіргісі келмеді. Еденге төселген ескілеу көрпешенің бірін сілки сала үстіне жамылып, темекісін тістелеген күйі тағы да ойға шомды…
* * *
Бүрісіп жатқан мұны аяса керек, ертеңгісін досының үйден әкеліп, үстіне жапқан көрпесінен оянып кеткен. Бірақ тоңазыған денесін жылы көрпе астынан шығарғысы келмегендей еркелей, бұйығып біраз жатып қалды.
– Жындысың ба, ей, далаға жатқың келсе айтпадың ба, түнде? Дұрыстап төсек салып беретін. Қатып қалған шығарсың? Досы күңкілдеп, кейіп жүр.
Біраз бойы жылынған соң ғана орнынан тұрып, есіней керіле үй артын айналғаны сол екен, мұны күтіп тұрғандай болған Марат «Аллауәкпір» деп сыбағаның тамағын орып жіберді.
«Маған бола соймай-ақ қойшы» дегісі де келген, бірақ үлгермеді…
Бауыздалған жандықтың өңешін байлап, терісін ілезде іреп болған соң өз ісіне масаттанғандай қолын шала-шарпы сүрте сала темекісін тұтатқан досына қарап:
– Марат, деді:
– Сен тыңда! Бұл айтқалы отырғаным айтқан жерде қалатын «ажалы жеткен әңгіме емес», әшейін. Түнімен өзімді мазалап шыққан дүниелер… Не ойламадым десеңші. Бүгінге дейінгі бар өмірімді көз алдымнан өткіздім десе болғандай.
– Сегізді бітіретін жылы Ақтөбедегі көркемсурет училищесіне түсуді ойластырғанымды өзің жақсы білесің. Оған түсетініме де еш күмәнім болмаған. Соның алдында ғана облыста өткен жарыста алған бірінші орыным да кәдімгідей көмектесер деп үміттенгем. Ауылдағы суретші ағай да үнемі қолпаштап, менен жақсы суретші шығатынына сендіріп қойған. Тек, тура сол жолы Әкем тайқып шыға келмегенде. Кім білсін, қазір не боларын?..
– Ол кісі неге олай, аяқасты менің оныншыны бітіріп «дұрыс оқуға» түскенімді қалады. Әлде?.. «Көшенің тәрбиесін» көбірек алған «кемпірдің ерке баласына» көңілі алаң болды ма? Әйтеуірі, түрлі сылтаулармен мені сол оқуға жібермеудің бар амалын жасап бақты ғой. Ол кез мен ештеңеге түсінбегем. Бар білгенім Әкеме ренжи бердім.
– Өзің білетін үшеуміз сурет үйірмесіне үнемі бірге баратынбыз. Байсерік ағайымыз көп нәрсе үйреткен. Соңында тіпті мүсінге де баули бастады. Нәтиже де жоқ емес.
Әрине, Бекасыл шын талант болатын да, Жайлау екеуімізде еңбек көбірек болды ма, жоқ… Бірақ, ағай менің бояу таңдау техникамды өте жоғары бағалайтын.
Біздің жолымыз болмады. Тумысынан сөзін екі етіп көрмеген Бекасылды әкесі: «бұл бала сүгіретші болса, ертең сақал-мұрт өсіріп, орыс қатын алып кетеді» деген күмәнмен жібермей қойса, менің Әкемнің де сан түрлі сылтаулары шыға бастаған.
Біз осылай ырду-дырдумен жүргенде Жайлау оқуға түсті. Бектұр да темір жол техникумына өткен. Ал Бекасылдың әкесі қаталдау. Сол себепті оның көп қылтың-сылтыңы жоқ. Былайғы уақытта біз Жайлау, Бектұр үшеуміз күндіз-түні бірге «жорыттық» қой. Өзіңе де екі-үш мәрте ертіп келдім.
– Олар мәз. Шынымды айтсам олардың ауылға оралған сәттегі күйін көріп ішім удай ашыған.
Олар енді, студент! Қалада оқиды!
Бектұр сері, әрі өжет, Жайлау өнерлі, бесаспап.
Кешқұрым гармошкасын барынша керіп:
«Вологда где моя,
Вологда где,
Вологда где, где,
Вологда где?!», — деп әндеткенде өмірі суретін де көрмеген осы бір «ғажайып қалаға» деген махаббатымыз бұла жүректерімізде бұлқынып еріксіз қосыла шырқайтынбыз…
Бұл екеуі қалаға кетсе, еті тірі деген жігіттердің біразы СПТУға, аудан орталығына кетті. Мен ауылда мүлдем жалғыз қалғандай болдым.
Сенсең, өзімді ештеңеге жарамай қалғандай сезінгем.
Әкеме ренжіп, осында, сенің үйіңе келіп жатып алғаным-ше? Құдайшылығыңды айтшы, тап сол кез өзің де мені үйінен безген ақымақ санаған шығарсың, ә?.. Күні кеше сияқты еді.
Соңымнан іздеп келгендер болса далаға қаштым. Ешкімді тыңдағым келмеген. Әке-көкелеп жалынды да, ұрысты да. Ең соңында Әжемнің өзі келген соң амалсыз көніп, партаға қайта отырғаным. Мектепті қалай тәмамдағаным. Бәріне өзің куәсің.
Сөйтіп жүріп сабағымды да біраз төмендетіп алдым. Соның салдары ма, жоқ, әлде екі жыл бұрынғы Әкеге деген өкпе ме, білмеймін, оқуға да аса құлшынбадым. Оның үстіне мектеп бітірісімен отбасымыз қоныс аударып, абыр-сабырмен жүріп қалғандықтан, Әке де ештеңе дей қоймаған. Бірақ жолым болып үлкен бір кешенге суретші-әрлеуші ретінде жұмысқа орналастым.
Бұрын соңды бұлай ұзақ уақыт елден жырақтап көрмеген соң ба, сүйікті кәсібім болса да, бір жылдай әзер шыдадым.
Бірақ келер көктемде алып-ұшып ауылға асығыс жеткенде екі достың сотының тура үстінен түсем деп кім ойлаған?
Әлдебір алаяқтардың арбауына түсіп, жаза басқан ауылдың аңқау балалары солай, көз алдымда үш жарым жылдан арқалап кете барды. Сөйтіп, сағынысып жеткен достарыммен қол алысып амандаса да алмағаныма қатты налыдым. Сенсең, жыладым да.
Міне, сол сәтте ғана әнеу жылы Әкемнің нені көре білгендігін іштей түйсініп, «олар да балаларын неге жібермей қоймады екен?» деп Жайлау мен Бектұрдың әкелерін кіналағандай болғам…
Ауылдан келе сала әскерге алындым. Әлде, Әкем асықтырды ма? Өзім де толық түсінбедім. Әйтеуірі, бұл жолы ештеңеге қарсыласпағам. Әкем не айтса да үнсіз келісе бердім…
Осы сәт үй жақтан:
– Марат, шәйға!, деп дастарқанға шақырған дауыс естілді.
Сол кезде барып үнсіз ғана үсті-үстіне тартқыштап тұрған темекісін тастай салған ол, дереу тушаны жәукемдей жөнелді де, лезде жіліктеп, бұтарлап тастады. Қалған тірлікке пыс-пыс етіп енді інісі кіріскен. Қуырдаққа деген өкпе-бауыр салған кішірек табағын көтерген қалпы алдыға түсіп, үйге беттеді.
Еріп келем.
Екеуміз де үнсізбіз.
Әлде менің ойымды бұзып алғысы келмеді ме, ол біразға дейін үндемеді. Бірақ шәй үстінде бұл әңгімені жалғастырмадым.
Дастарқан басындағы әңгіме ауыл-аймақ пен күйбең тірліктің кәкір-шүкірінен әрі аспаған соң шәй да тез ішілгендей.
Ас қайыру ырымын жасап, далаға шыға сала, сәкі шетіне жайғаса бергенде қуырдақ та дайын болған. Келіншегіне «екеумізге дастарқанды осы араға жай деп» бұйырған күйі, бір қуыстан шишасын алып шыққан Марат:
– Ал бауырым, қош келдің! Мынау өзіңе арналған сыбаға. Жас малдың еті ғой, қазір үлкен ас та дайын боп қалар. Ешкімге кел деп айтқан жоқпын. Сосын көре жатармыз. Оңаша отырғым келіп тұр. Екеуміз бүйтіп емен-жарқын сырласпағалы қанша уақыт? Әзірге қуырдақпен біраз… деп қолындағы шишаға қарап қулана күлімсіреген күйі, әңгімеңді жалғастыр дегендей ыңғай білдірген.
Мен қолымдағы шүпілдете құйылған коньякқа қарап отырып:
– Солай екен, Мәке!, деген күйі, үзіліп қалған әңгімемді тура келген жерінен әрі жалғадым.
– Қанша тырысқанмен адам баласы тағдырынан қашып құтыла алған ба? Бір тістеген алмаға бола Адам ата да жұмақтан қуылған деседі. Оның қасында пешенелі пенде жазықты, жазықсыз қаралаулардан қалай жалтарсын? Сол бір оқиғадан соң не айтса да Әкем дұрыс айтады деп ойлағам.
Ал әскерде екі мәрте «от басқанымды» білесің. Бір көзге түсіп қалған соң қиын. Сәл сүрінуіңді күтіп отырмай-ақ әдейі арандатқан да кездер жоқ емес. Екінші жолы «тәрбие сағаты» ретінде «дисбатқа» арнайы «саяхат» та жасалды. Бұл соңғы ескерту деген сөз.
Міне, осы кез Әкемді ойладым. Мен бұл жақта бірдеңеге душар болсам, «ауылда жүрсе бірдеңеге ұрынып қалар» деген оймен асығыс әскерге жіберген Әкем қандай күйде болар еді?..
Атасынан айналайын, Манарбек атты талдықорғандық абыройлы азаматтың арқасында екеуінде де аман құтылдым. Соңғы жолы «Деломды» алып шыққанда: «Енді өлмесең тұрма, мен саған араша түспеймін!» деп ашуланғанымен, бәрібір алыс «точкаларға» жасыра жүріп «өлара» шақтан аман алып өткен. Ол жақсылығын да өлсем ұмытпаспын деп едім. Көріспегелі қай заман…
Бөлімшеден де ең соңынан шықтым. Политруктің ісі. Өзінше менен өш алған түрі. Сегіз күн бойы бекер ұстады казармада. Сенсең, сол сегіз күнде көз ілмеген де шығармын. Енді бірдеңе бола қалған жағдайда қорғаныш болар достарым да жоқ. Сосын, түрлі арандатуларға түсіп қалудан қорықтым. Достық, шын жанашырлық дегендердің не екенін тап сол күндері түсінген шығармын деп ойлаймын.
КПП дан шыққан кезде барып, «уһ!» дегем.
Содан, елге қайтар жолда, бала күнгі махаббатым Вологда қаласына арнайы соғып, бір қонып та үлгергем. Казармада бір аптадай бірге күтісіп, ірә болмаған соң, «бостандықта» күтейін деп, өзімнен тоғыз күн бұрын кетсе де, «үйге бірге қайтамыз» деген уәдесінен аса алмай мені тосып, тықыршып жатқан Андрей досыммен сол қалада қауышқаныма кейін өкінгендей болғаным да өтірік емес…
Баяғыда, өңештеріміз жыртылғанша өлеңге қосып «Вологда где моя, Вологда где?!» дейтін ескі шаһарды көзіммен көріп көңілім жабырқады. Шіркеуі мен шіркейінен басқа «шайтаны» да жоқ, балшықта жатқан жаман «деревняға» жаным ашыды. Алданғанымызға ма, әлде, неге екенін қайдам, өкіріп жылағым да келді.
Жайлау досты сағынғандаймын.
Әлде, сол сәт, досымен қосылып бұл әнді енді шырқай алмасымды сездім бе екен, кім білсін?..
Ал маған арнаған Сібірдің сыйы мұнымен таусылмапты. «Свердловск арқылы қайтамыз» деген жолда әскери прокуратураға тұтылып, дембелге дайындаған альбом, етік, киім дегендерден жұрдай болып, погонсыз кителмен тұтқын солдат секілді пойызға қайта отырғанымның өзіне қуанамын деп ойлаппын ба?
Андрей достың ақымақтығы арқасында Свердловскінің тар қапасын да көрдік. Шовинистік көзқарастағы милиционер мені қамауға тырысып баққан. Бар бәлені маған жабуға да үгіттеген сыңайлы. Обалына не керек, Андрей;
– Ол ештеңе білмейді. Вагонда ұйықтап жатқан деп, кінәсін өзі көтере білсе, жәбірленуші инженер де: «бұл жігіттің ешқандай қатысы жоқ, мынау істеген» деп, Андрейді көрсетуден танбады. Бірақ «жарайды, солдат екен, обалына қалмайын, үйіне аман-есен жетсін» деген кешірімінің арқасында, Ресей сотынан да аман құтылдық.
Елге келе сала жолым болып университетке түскеніме де ұзақ қуана алмадым. Білесің, аяқ асты бұрқ ете түскен Желтоқсан көтерілісінде тағы да қамауға алындым. Тағы да Құдай қақты! Ақталып шықтым. Бағыма орай көп отырған да жоқпын. Бірақ бұл қамалу алдыңғылардан өзгерек болғандығын сезіндім…
– Солай, бауыр, қайда барсам да қапталдасып қалмай қойған «қапас» атаулы Қорқыттың көрі сияқты осылай, алдымнан шыға береді, шыға береді. Қашан тұтыларымды?
Елдегі «елітіп» жүргеніміз еркелік екен әшейін. Оны сыртта жүргенде байқадым. Осы кезге дейін белгісіз бір қорғаушым қатар жүргендей әр уақытта да жолым болып, аман құтылып кетіп жүргеніме таңғаламын. Қалай ойлайсың, отыз жылдық өмірге тым көптеу «кесел» емес пе?
Ал кешегі жайт мүлде есімнен шығар емес. Сәл болмағанда екеуміз де кетіп едік қой, сотталып…
– Тағы құдай сақтады.
– Түнімен не ойлағанымды білесің бе? Осы жолы Құдай екеумізге де соңғы ескерту жасаған сыңайлы. «Бөрі аштығын білдірмес…» деп, сырт көзге «қарын жүнімді қанша қампайтқаныммен» маған бірдеңе бола қалса, өзің айтатын науқас шеше мен шиеттей бауырларыма қарайласатын да ешкім жоқ. «Шал» да шау тарта бастаған. Соңғы жасалған отадан соң мүлдем әбіржіп кетті.
Өз-өзін сүйреп жеткізгені болмаса соғыспен тұспа-тұс келіп не балалық көрмеген, жоқшылықпен жетімшілікте жалғыз өскен, сүйенері жоқ Әкемді де көп ойлайтын болыппын.
Алты жыл бойы шалды жалғыз тыртыңдатып қойып сол университетті бекер оқыдым ба деп те ойлаймын, кейде. Әзір де осы нан үшін емес пе, әзер жеткен дипломды жиып қойып, «бизнес» деп шапқылап жүргеніміз. Әйтпесе, нем бар?..
Оның үстіне әскерде денсаулығымды бұзып алғаныма қатты өкінем. Бәрі осы ақымақтықтың салдары. Түрімді көріп тұрсың. Қу сүйегім ғана қалды. Емделу керек, күтіну керек, болмаса «өлесің!» деген сөздің өзін ойын көргендеймін бе? Тіпті, кейде көзім қарауытып өз-өзімді әрең көтеріп жүргендей де боламын. Жаныма бата қоймаған соң, елемегендей болған сырқатым да меңдей түскен. Өз-өзіне осылай қастық қылған адамды қайдан көрдің?! Мұншалықты ит жанды болармын ба? Кімге, неге сеніп жүргенімді және білмеймін. Әлде, тағдырыммен тәжікелескен түрім бе? Мүмкін, наным таусылмаған шығар?..
Мөлтілдеген стақанды аузыма қотара салдым.
– Солай, Марат! Түнімен маған осы ойлар маза бермеді…
* * *
Маратпен үзеңгі жолдас болатын соңғы сапары, өміріне осылай күрт өзгеріс әкелген.
Шынында да соңғы ескерту секілді болып көрінді.
Жұмысына екі-үш күн кешіккендігін жуып-шаймақ болып денсаулығын айтып ақталған. Сол жерде Тау-Түрген жақта бір түрік шалдың емдейтінін айтқан бір адам емшінің мекенжайын да ауызша айта салған. Қалғаны тура ертегідегідей өрбіді.
Бұл келгенде өзін тапжылмай күтіп отырған адамдай көрінген ақсақал жылы жымиып:
– Келдің бе, деп тамырын ұстап, тілін көрген. Басын шайқады. Болды. Сосын біраз күбірлеп оқып «дем салған» соң, ауызын тығындап бір шиша дәрі ұстатты. Бір айдан соң тағы бір келерсің деген.
Қай-да?..
Қазақстанды қойып Ресей медицинасы қорқытқан диагнозды атасы оқып берген бір бөтелке дәріменен оп-оңай емдеп алдым десе қазір ешкім сене де қоймас. Өйткені, өзі де сене алмайтындай. Өң мен түстей өте шықты. Тіпті, құлан-таза айықты. Аз уақыт ішінде қайта қоңданып, жалы күжірейіп шыға келген.
Жаратқан иесі шын сәтін салайын десе, қиын дүние болмайтынын сол кез тағы бір түйсінгендей. Ал оңалмайтын дүние, оңалмайды екен…
Солай! Мынау, өмір дейтін ұзақ та, қысқа, бұралаң-бұлтарысы көп жолда кімдермен жолдас болмады? Кімдерге еріп, кімді ертпеді. Бірақ, құлын-тайдай тебісіп бірге өскен, сол достарын әлі сағынады. Іздейді.
Ал өмір бәрі-бір өз дегенін жасаған.
Қазір Бекасыл екеуі ғана. Екеуі екі қалада тұрғандықтан телефонмен сағаттап сырласатындары бар.
Бұл болса басқа мамандықтың жалына жармасты. Араларында мақсатына жеткен жалғыз – Бекасыл.
Әке сөзінен аттап кете алмай Алматыда өзі қаламаған институтта оқып, инженерлік мамандық алып шыққанымен, әкесінің жылын берген соң бала арманы «худграфқа» түсіп, қызыл дипломмен тәмамдаған. Бүгінде университетте сол салада тәлім береді. Бекасыл солай, арманға асықпай да жетуге болатынын дәлелдеп бергендей. Бірақ…
Ең өкініштісі, Марат та, Бектұр мен Жайлау да бұл дүниеде жоқ.
Жастықпен жаңылыс басқан жалғыз-ақ қадамның соңы екі-үш мәртеден «үйреншікті үйлеріне» үйірсектете жүріп, жарты жолда «үзіп» тынған. Олар армандарына жете алмай кетті.
Ол үшін кімді, болмаса, нені кінәламақ? Тағдырларды ма, жоқ пешенелерін бе?.. Әлде уақыт па, бәріне кінәлі?
Қарап отырса, жұртына болмаса да, ағайынға ақыл айтатындай жасқа келіп қалғанда, өзінен кейінгілердің кей қылығына «мұның дұрыс емес» деуге де ұялатындай.
Өмір біреулерді жаза басқан жалғыз қадамы үшін-ақ жазалап жатса, енді біреулерді еркелетіп-ақ келетіні несі екен деп те ойлады…
Қай қылығымен Құдайға жаққанын түсіне алмай дал. Тіпті, кейіннен билікке қарсы келіп, ойын ашық айтқаны үшін де, оншақты мәрте сот пен оттың есігін жағалаған. Әйтеуір, әзірге аман өтіп келеді.
Мұның Құдайы пешенесіне «қара нанын» үйде жеуін жазған секілді.
Әлгі, Марат досы жиі айтатын, «…Бұл пәниде ұсақтар сиғыш. Орын тапқыш. Іріліктің бір қасіреті осы. Еш жерге басы батпайды» деген Рақымжан ағасының сөздері тура мұның достарына арналғандай.
Ірі еді, көрікті еді, талантты еді, талапты еді шетінен. Ноқтаға мойнсұна алмады…
Әттең!..
Сыймады. Әлде, сыйғызбады?
Ал өзі ше? Өзі кім болғаны? Төрт жол өлеңнің ұйқасы ұқсамайтын үшінші жолындай үш досынан ажырап, қалайша бөлек қалып қойды екен?
Сол жолы мұны Атырауға дейін шығарып салған досы қимай қоштасқан. Тіпті көзіне жас алып еді-ау. Иә, «Темір Марат» тебіренген… «Енді қашан кездесер екенбіз?» дегені де есінде. Қоштасып тұрғанын сезгендей болған екен-ау? Сол кеткеннен Маратты қайтып көре алмады. Жазықсыз жаламен бір тұтылған ол, әрі қарай кете берді, кете берді. Ақыры мұның қолынан бір уыс топырақ та бұйырмаған.
Бірін-бірі қуалаған үш тамшы үзіліп түсті.
Тура жанарының сұлбасын сызған жерге жарыса тамған сағыныштың көз жасына бояуын шылап тұр.
Жылап тұр.
Бірақ оны кім түсінер дейсің?..
АЙКЕНЖЕ
«Жетім қозы тас бауыр,
Маңырар да отығар»…
Ауыл түні.
Тып-тыныш.
Сондай бір жанға жайлылық байқалады…
Шілденің шіліңгірінің өзінде күнұзаққы аңқаңды кептіретін аңызақ пен аптап ыстықтың соңы осындай бір адам сенгісіз керемет кештерге ұласа кететін сәт.
Қысы қытымырлау бұл жақтың жазы да жан баласын бұлай көп жарылқай бермейді, негізі. Сондықтан мұндай тамылжыған тамаша түндерде далаға жату деген – бұл үшін жанның рахаты!
Боқ шыбын мен көк шыбынның көптігі болмаса, ауыл маңында жайылма сулардың аздығынан ба, бір жақсысы, бұл жақта маса деген «бәле» де көп кездеспейді, бірақ масаханалар баршылық.
Ал өзі «қиялшылдау» балаға мынадай тымық түндері есік алдындағы сәкі үстінде масаханасыз, ашық аспанға қарап жатып армандағаннан артық не болсын.
Бала көңіл қысқа түнде Қырымды қырық айнала қиялдап жұлдыз санайды. «Таң сарғайып атқанда, Шолпан жұлдыз батқанда, Кемпір-шалдың қойнында, Қобыланды ойнап жатқанда» дегендей, ата көрмесе де, Әже қойнында батырлар жырын жаттап өскен ол, жұлдыздар жайлы да біраз сырға қанық. «Жеті қарақшы», «Үркер», «Есекқырған», «Құс жолы» туралы әжесі айтқан небір әсерлі әпсаналарды жадында тағы бір тиянақтап, аспан әлемімен сырласады. Өзінше өлең жазады. Сосын, арасында аққан жұлдыздарға «Біссіміллә, жұлдызым жоғары!» деп жатып әзер дегенде көзі ілінетін. Бірақ сол бойда шілденің шолақ түні де қайта түріле қалардай.
Осындай оңаша сәттерде, тығып қойған, «Медеу» мен «Қазақстанның» бірін тұтатып, емін-еркін будақтатып, өзін жігіт сезінетін түндер… Сілтідей тынған өлі тыныштықтың өзінен тың тыңдағандай құлағын тосып, ауладағы тойған малдың тоқбасар пысылы мен болмашы ғана күйіс қайыр-ғанын естіп жатып-ақ елтуі.
Бұл жақта шәңкілдек кәнден дегендерді ит деп асырамай-ды. Сондықтан, негізінен ауыл түні тыныш. Ал анда-мұнда «арп» еткен арлан дауыс естіле қалса, яғни ол жерде бірдеңе болды деген сөз. Әсіресе, бақшасы мен бойжеткені бар үйдің төбеттері ашулы келеді, өйткені, қоритыны бар. Бір қызығы, қызы бар үйдің итімен былай, «ымыраласуға» болғанымен, бақшалы үйдікімен «ырылдасып» опа таппайсың…
Құшарлана сорған темекісінің түтініне елітіп жатқанында «шынымен, осы үйдің адамысың ба?» дегендей, Құтжолының созалаңдап қасына келе қалатыны. Иесі екеніне әбден көзі жеткесін ғана, иісін жаратпағандай, «Өй, сен де!» дегендей, алая бір қарап, есік алдындағы орнына аяңдайтыны, бәрі-бәрі есіне түскенде, әлі күнге қысыла қызарақтайтыны…
Құтжолдың таңғалатындай да жөні бар. Өйткені, бұл үйде темекі тартатын адам жоқ. Әкесі де, ағалары да шекпейді.
Шынын айтса, шылым деген бәлені, бұған Әжесі өзі үйретті десе де болғандай. Бірде, түн ішінде тісі қақсап шыдатпай жатқасын сандығынан махорка шығарып, газитке орап тартқызғаны бар.
«Аузыңды түтінге толтырып ұстап отыр, шығарма, сонда тістің құрты тұншығып өледі» деген.
Басында бір-екі жөтелткені болмаса бұл емдік-шара бұған бірден ұнаған. Содан бері үйде ешкім жоқ сәттерде әжесінің тізесінде жатып алып, ақ бас құрттармен арпалысуды жиілете түсті. Талайын солай «тұншықтырды» да!
Ендігі жерде қорабы жылтыраған әдемі темекінің бір-екі талы қолына түссе болғаны, дереу «тісі ауыратынды» шығарған. Тығылып та әуре болмайды. Әжесінің тізесінде, бір жағын алақанымен басқан болып, көк түтінді будақтатып жатқаны. Рақат!
Әжесі де сол түтінге елітетіндей әсер қалдырушы еді, жарықтық! Әлде, ерте көшкен көктемін сағынады ма, кім білсін? Қалай болғанда да бірдеңені аңсайтыны даусыз.
– Атам темекі тартқан ба, әже? деген сұрағына:
«Соғыстан келген жылдары біраз әуреледі ғой махорка-ны» деп, мұрнына кисеттің иісі келгендей, бір сәт мұңая да қалатын. Соның әсері ме, қайдам, «темекі тартсаң, тезірек ер жетесің» деген жаңсақ ой да мұнымен жағаласа беретін…
Қалың ойдың құшағына кіріп кеткен ол қолқаны атқан күйген мақтаның сасық иісінен қолындағы темекінің тартылып кеткенін енді байқап, тұқылын жасырмаққа орнынан тұрған.
Үй тасасынан байқамапты. Ай туыпты. Қызық, қияқтай болса да, жер дүниені жап-жарық етіп тұр. Тура таңсәрідей.
«Жаңа Айда жарылқа, ескі Айда есірке!», деп әжесінің әуелгі әдетімен Айға сәлем берген.
– Ай көрдім, аман көрдім, баяғыдай заман көрдім!.. Қолын кеудесіне қойып, сәл басын иіп, тағзым еткенде, қақпа алдындағы таздана бастаған тулаққа тағы көзі түсіп кеткені.
Оның жатқанына қанша жыл болғаны да есінде жоқ екен. Әбден күн жеп, ақжемделген тықыр тулақ жаз бойы осы арадан бір тапжылмайтын. Қара күзде, лайсаң басталғаннан қи қораның бұрышында қисайып, жер аяғы кеңігенге дейін сонда қыстап шығатын-ды. Ал жазғұтырым өтіп, қара жердің ызғары қайтқан соң, бір-екі сілкіленіп, құтты орнына қайта төселеді. Содан жаз бойы осы жатыс.
Қасындағы кескен бұтақтан қиюластыра салған екі-үш адам сиярдай ағаш орындық та әбден қуарып, кепкен сүйек-тей ақ боз кейіпке енген. Бұл болса, осы орындықта кешқұрым, «мені көрдіңдер ме» дегендей, гитарасын дыңғырлатып ән салғанды ұнататын. Мұнда ауыл балалары да үйір.
Ал түнгі кинодан қайтқан бойжеткендер жанай өткенде, соңынан шұбатылған «Қызыл Мәскеу» секілді әдемі әтірдің иісі танауын қытықтап, тезірек ер жетуге еліктірсе; енді бірде шыға алмай жүрген балалығы жеңіп, ауыл шетіндегі үйлердің итін шулатқыш жүгермектерге жүгіріп барып қалай қосылып кеткенін өзі де сезбей қалатын сәттер…
Содан бір-бірін түртпектеп түнгі пойызға апару. Бұл жақтың сол кездегі «түнгі клубы» осы – вокзал маңы іспетті.
Түнгі сағат екілер шамасында өтетін осы пойызбен біреу-лер келеді, біреулер кетіп жатады. Солдат келеді, келіншек түседі дегендей де желіктірер жеңіл қызықтары жетерлік.
«Мен ұрлық қылған түні Ай жарық болды» демекші, мұның о баста осылай тұзы жеңіл жаратылған ба, әйтеуір, сондай түндері бірдеңе бүлініп, бүлдіріп, көзге түсіп, тіпті, «қосақ арасында қосақталып», босқа жазаланған кездері де жоқ емес. Неше мәрте куәге тартылып, оңбай таяқ жегені де аз болмаған. Бірақ соның бәрі ертесіне-ақ ұмытылып, тағы да қайталанып жататын… Әлде, о баста «қосылған қойы дұрыс болмады ма?», кім білсін?
Әке жұмыста, шеше ауруханада, Әжесінің бәрін бірдей қадағалап отыруға мұршасы да жоқ па, әлде бетінен қаққысы келмеді ме?.. Мүмкін, содан да болар, тым еркін өскен. Тентектеу болды.
Көздерінше талай таяқ жеп жүрсе де, өзінше теміржол-дағы ұсақ мілицаларды мойындағысы келмейтінін қайтерсің, тағы?! Олардың қолына түсе қалса «Әдөш ағама айтамын!» деп өздерін қорқытқандай, қоқиланып қоятыны да жоқ емес.
Әдөш – мұның бірге өскен көрші досының аталас ағасы. Елге сыйлы. Танымал спортшы. Қазіргі тілмен айтқанда «крышалары» іспетті. Бәлкім, сондықтан да болар, бұларды ұратындар негізінен сол облыс пен жоғарғы жақтан келетіндер деп те ойлайтын.
Мілица демекші, мұның қорқатыны тек «Буденный» дейтін мұртты. Қолы қатты. Ол басқалар сияқты емес, анасынан да боқтай береді. Қалғандары бұлай ұрмайтын. Мұның да мәнісін кейін түсінген.
Әлгі нән – аталас ағайыны екен. Ауылдағы «нағашылар» жағы мұны анасынан боқтай алмайды. Көп жағдайда май құйрықтан екі теуіп, жеңіл жазалаумен құтқарып жіберетіні де сол. Әлде, ауылда, жағдайды көріп отырған соң, аяйтын да болар, бәлкім? Бұл оны қайдан түсінсін. Ал анау анасынан боқтайды! Ұрады! Өйтіп өзімсінгенін… Сондықтан оның қолына түсе бермеуге тырысатын.
Әбден ызасына тисе керек, бірде, сол «Буденный» мұны сүйреп әкеліп, мотоциклдің арбасына лақтырып, өзі рөлге отырғанда, «біттім», «ауданға алып кетеді», «қамайды» деп ойлаған. Жоқ, жолың болғыр, тіпті, кеңсеге, әкесіне де емес, дырылдатып Әжесінің алдына алып келіп:
– Ақсақал, бір жағынан Өзіңізге сәлем берейін деп, әрі мы-на немереңіздің де мәселесін ақылдасайын деп келіп тұрмын, дегені. Әшейінде Әжесінің артынан мұны әкесі де жазалай алмайтынына малданған ол «уһ!» деп көңілі жайлана бергені сол-ақ екен, әлгі, «Менің атым – Қожадағы» – «Ал, өле қал!» дейтін Сұлтанның әкесі құсап, «Аяма, өлтір!» десін.
– Қамап таста! Көрсін түрмені!..
Өзі үшін отқа түсуге бар деп ойлайтын Әжесінің мына істегені мұны әрі-сәрі күйде қалдырды. Өздігімен ой түйе бастаған тұста мұның өмірден алған алғашқы ащы сабағы да осы болса керек-ті.
Өзін ешкім арашалап қала алмайтын да сәттердің болатынын енді түсінгендей. Тіпті, Әжесі де! Сөйтіп, тығырыққа тіреліп отырғанда, ақылдасқан екеу мұны бір жолға «амнистияға» іліктірген. Қатаң ескертумен!
Мұның Әжесін көбі «ақсақал» дейтін. Алғаш естігенде өзінің де таңғалғаны рас. Міне, осының өзінен-ақ ел ішінде Әжесіне деген құрметтің қаншалықты екенін шамалай берсе болғандай. Әрине, ол кез мұның қандай тәрбие екенін бұл бәрібір терең түсіне алмаған… Қазір қарап отырса, сол кішкентай ғана ауылда қате басқан бір-ақ қадамынан қараланып, сотты болғандар да аз емес екен. Әжесі мұның «оққағары» болыпты. Содан шығар, қорықса да, торықса да, әлі күнге сүйенері – Әжесінің әруағы. Соған сенеді. Содан демеу күтетін.
Осы бір қатаң ескертуден кейін оның есі кіре бастағандай. Есік алдынан ұзап шықпауға бекінген.
Неге екенін қайдам, ол ауыл жайлы түс көрсе, үнемі осы жерді көретін. Бүгін де, міне, тағы түсіне еніпті.
Күн ұясына еңкейіп келеді екен дейді…
Кішігірім бөстегін сүйрете келген бүкір кемпір әлгі тулақтың үстіне бір тізесін жазып отыра бере: «Әй, Нұрым!» дегенде-ақ, сөйлемін аяқтатпастан, соны күтіп тұрғандай, ұршығы мен емізік кигізілген бөтелке сүтін лып еткізіп апарып бере қойды.
– Дүние тұрғанша тұр, құлыным! Әжесінің әр кез қайта-лайтын осы бір әдемі сөздерін әсте жаттап алғандай. Ылғи осы. Қатты қамыққан кездері міндетті түрде түс көреді де, Әжесінің ақ батасынан соң бір серпіліп қалатын әдет тапқан.
Ешқашан қарап отыруды білмейтін «қара кемпірдің» қашанғы әдетінің бірі де осы – ұршық. Ес білгелі бес минут бел шешіп, бейсауыт жүргенін де көрмепті. Қолындағы ұршығы сияқты уақыттың да тынымсыз безілдеп жатқанын жан-тәнімен сезеді ме: «Құдайдың күні таң атса, күн батады-сын» көп айтатын. Ойын қызығымен жүрген бұлар үшін де күн дегеніңіз сол ұршықша зыр айналып жатқанымен, тезірек ержеткілері келген соң ба, уақыт шіркін, бәрібір өтіп болмайтындай…
Үш жастан асар-аспас шағында мұның «іріп кеткен» денесіне шыбын қондырмаймын деп шыр-пыр болған Әжесі шымылдық-масахана тіктіріп, ауылдың жел жағына, қыратқа, қозы-көш жерге жеке қоныс аударыпты. Отыз күн осы жерде оңаша күтіп-баптап, денесі әбден қарақотырланған соң ғана қонысына оралып, қатарына қайта теліпті деседі.
Әрине, ол кездер мұның жадында жазылмаған. Бірақ бір бұл ғана емес, бұлардың бәрін жетектеп жеткізген, адам қатарына қосқан осы Әжелері – Айкенже екені Айдан анық.
Ал көрген азабын естісеңіз, қазақтың зарына айналған «Қара кемпір» әні де тұп-тура Әжесіне арналғандай…
Өз басынан кешпесе де, далада жұрттың сарышұнақ ау-лап жеген аштығын да, күмпиіп ісініп кеткен, көзі жұмылмай қалған өліктерді де… Қырықыншы жылдардың қырғыны мен отызыншы жылдардың ойранын да, ошағы опырылып орта-сына түскен талай шаңырақтың қатарында аты шулы Алпыс үйлі Айтбай әулетінің де қирағанын көрген.
Бертінде, бір студент қайнағасы троцкишіл деген жала-мен қуғындалып, ақыры хабарсыз кетсе, ауылдағы екі ағасы да сол бауырының соңынан ұшты-күйлі жоқ болып кеткенін көрді. Ол да қызылдардың қылмысы екенін бәрі білді, әрине… «Балапан басына, Тұрымтай тұсына» кеткен қасіретті кезеңдердің бәрін көріпті!
Сол жоғалған ұлдардың жалғыз қалған әкесі қыста, ақ түтек боранда дүниеден өткенде, әбден қажыған ағайын ақсақалды үйінің ішіне, иесіз қалған өз босағасына жерлеп, үстіне амалсыз шаңырағын жыққандағы қасіреттің де куәсі болған. Содан болар, «шаңырағы ортасына түсті» дегенді тура осы мағынада түсінетін.
«Бұл ағып түскір көз нені көрмеді дейсің?!» – деп, кей-кейде кемсеңдейтіні де содан болса керек.
Тыңдап отырсаңыз М.Шолоховтың аңызға айналған «Адам тағдыры» да оның қасында ойыншық секілді көрінері даусыз.
Бұл аз десеңіз, тағдыр талайын тартқан жан, жиырмадан енді асқан шағында үш бірдей қайнағасы, күйеуі және екі қайнысы, бір әулеттің қалған алты бірдей азаматын, түгел дерлік соғысқа аттандырып, жалғыз мұның әкесі, бес жасар – Сұлтанды сүйеу тұтып, әулеттің отын өшіртпеуді Құдайынан тілеп қала берген. Бұл әулеттің бас көтерері (Бағдагүл) Еркежан есімді батыр қайынсіңілісі мен Сұлтанынан екі-ақ жас үлкен Сәдуақас атты жетім қайнысын бауырына басып, күндерін бірге көріпті.
«Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі-нің» – кебімен, ажалға аттанған алтаудың арасынан оқ жұлып кеткен өңешін мыс түтікшемен тікелей жалғаған мұның атасы ғана сол алапаттан аман оралған.
Кім білсін, «Туған жердің топырағын бұйыртса екен» деген тілегіне ғана періште «Әумин!» дей салды ма?.. Елге келген соң да ұзақ өмір сүрмеген. Он жылдай мал соңында салпақтап, бір отамалыда көмекші шопан бала мен өкімет малын аман алып қаламын деп арпалысып жүріп, өңештегі темір түтікшеге мұз қатып тұншығып өліпті.
Әжесінің бар көрген қызығы да сол кездер ғана болса керек-ті. Онда да жағалай жоқшылық.
Жадау ел. Жетім мен жесір…
Қалған уақыты – жалғыз жетімегін жеткізу жолындағы жесірдің тырбануы. Тағдырының рақымсыздығына еріксіз мойынсұнғандай қалқоз, сапқоздың қара жұмысымен жан бағу. Қой қырқым, құрттау, жүн жуу, сабау, иіру, түбіт түту…
Ал қартайғанда көрген бар рақаты – тістелеп жүріп жеткізген жетімегінен тараған жеті баланы жеткізу, солардың амандығын тілеу ғана болатын. Бұлардың анасы емі жоқ дертке шалдыққандай. Тіпті, үйдегіден ауруханада өткізе-тін уақыты көбірек болған сыңайлы. Үйге келгенде де, қолғабысқа жарай бермейді. Керісінше, ыңқыл-сыңқылы көп. Уыс-уыс дәрі. Әлсін-әлсін доғдыр шақыру. Үйде үш-төрт ай болса, қалған уақытында қайтадан аурухана. Бақсы, балгер, емші… Түрмедей болған түпкі бөлмедегі оңаша өмір.
Бірде, ерте көктемде, әдеттегідей ауладағы пішен үстінде күншуақта армандап жатқан мұның желең күйі үн-түнсіз үй-ден шығып жүре берген шешесінің соңынан үрейлене ере бергені дұрыс болыпты. Сәл болмағанда…
Аурудан әбден қажыған анасының жүргелі тұрған «қара пойыздың» астына барып отырып алғанын көргенде, бала жүрегі езіліп кеткендей күй кешкен. Пойыздың астынан шығармаққа тырысып, жалғыз өзі жан ұшыра сүйрелеген сәті есінен ешқашан кетпейтін де шығар. «Пойыз жүріп кете ме» деп шын қорыққан.
Қай уақытта, қай жағынан келіп қалғанын байқамаған ана байғұс та қорқып кеткен мұны құшақтап «Бүйтіп елдің бәрін әуреге салып қойғанша, өле қалайыншы» деп еңкілдей жылағаны…
Әшейінде арғы бет пен бергі бет қылып, ауылды екіге бөліп жататын темір жолдың үстінде ұзақ уақыт тұрып алатын жүк пойыздарын айналып өтуді алыссынып, астынан әрлі-берлі өтіп жүріп өмірі бұлай үрейленіп көрмеген екен. Сол жолы өліммен бетпе-бет келгендей болған. Өмірден алған осы бір екінші ащы сабағы мұны еріксіз ержеткізгендей.
Әке үкімет жұмысынан бір босамайды. Қысы – қарбалас, жазы – науқан. Басшылық қызметте болған соң, аудан, облысы бар, таусылмайтын түрлі жиналыстар. Одан қалды, малшы ауылдар мен егіншілер қосы. Бар машақат Әже иығына түскен. Жарықтық, сонда да «Шүкір, Жаратқан ием, бергеніңе мың шүкір!» деп тәубасынан бір жаңылмапты.
Ошаққа таба-таба нан көму. Мал жайлау. Сепарат тарту. Қанша ауырып тұрса да, «Ең болмаса үрпін тартып алайын, обал ғой» деумен орамалын шарт түйіп, бүкір белімен бүгжеңдеп жүріп-ақ, бір сиырды саумай жібермеу…
Қанша жерден жаны шырқырап бұларды аяп тұрса да: «ертең өздеріңе керек болады» деп, жұмысқа жегуінде де бұл Әже тәрбиесі мен өнегесі жатқанын өсе келе ғана ұғынған. Тіпті, мұның атқа отырғанына дейін араласып, «орыс құсап қопаңдамай, тақымыңа ие бол!» немесе «ер жігіт бүйен жемейді, атқан оғың қисық кетеді»-сінің мәнін де кеше ғана түсінгендей.
Жарықтық, тұңғыш немересін нағашы атасы бауырына басып, бұдан кейінгі қызды қара жер «құшағына» алған соң, қалған «айналдырған бесеудің» қай-қайсының да жолында өлуге әзір еді. Ес біліп қалған немересі ұзаққа созылған ауыр науқастан қайтқан жылы қатты қамығып, бір үлкен құмалақшы: келінмен немереңнің кіндігі байланысып туған. Бірі өлмей, бірі жазылмайды деуші еді. «Енді, айтқаны келіп, келінім аман-есен жазылып кетсе екен» деп Жаратқанына жиі жалбарынатын.
Сол Әжелері бұлардың маңдайынан сипайтын аялы алақан, жалаң қолымен-ақ жанып жатқан от пен шоқтың өзін еш қиындықсыз ауыстырып, қайнап жатқан суға да мала беретін. Өмірі от пен судан ажырамаған алақанның бұжыры мұның керзі етігінің табанынан да қатты секілді болатын. Бірақ одан асқан мейірлі, одан асқан жұмсақ алақанды бұл әлі күнге кездестірмепті.
Түннің қай мезгілінде оянса да, ашық қалғандарының үстін қымтап, бірінің сүтін беріп, бірін далаға шығарып, кішіректерін үйге тосып, дәретін далаға төгіп келіп жүре беретін болған соң ба, бұл оны еш уақытта ұйықтамайды деп те ойлайтын.
Түн баласы түрлі аңыз-әпсәна айтудан да жалыққан емес. Қыстың ұзақ түнінде қолы қалт етпестен бәріне шұлық, қолғап тоқып, ескілерін жамай отырып «Қобыланды», «Алпамыс», «Қыз Жібек» жырларының пластинкасын тыңдайды. Міне, осы себепті бұл барлық жырды жаттап та алған. Әжесі де қайталап тыңдаудан жалықпайтын. Әлде, мұның санасына әбден сіңіргісі келді ме?.. Бала қиялы жете бермейтін тұстарын кеуіп қалған жанары дымдана отырып, тәптіштеп түсіндіріп те жататын. Кейін, оқуға түскенде көрді рақатын.
Кешқұрым қақпа алдындағы тулақ үстіне жайғасқанда да қарауылдық қызметті қоса атқарып отыратын Әжесінің қарауылдайтыны хабаршы – қара лақ.
Көмірдей қара жетім лақтың хабаршы қызметін атқар-ғанына да біраз уақыт. Сон-оу мал тұяғы көкке ілінген көктемнен бері бір бұлжыған емес. Жұлдыздай аққан бойы келе сала, Әжесінің тізесіне алдыңғы екі аяғын бүге жайғасып, артқы аяқтарын иместен кішкентай құйрығын шошаңдата, емізікке бас қояды.
Ол осы бір сәтті өзінің де сол тізеде жатып, жақаурата темекі тартқанына қатты ұқсататын. Екеуі де тап осылай еркелепті… Екеуі ғана емес-ау, ешкімнің алдында бүгілмеген бұл тізе талай жетімекті тербеткенін қалай ұмытсын!
Сол қара лақ анадайдан құлдыраңдап көрінісімен, әже-сінің: «Әй, қой келді, алдынан шығыңдар!» деген дауысы естіледі. Сүтін ішіп болса да, мейірге қанбай, беті-қолын жалап тұратын қара лаққа қарата: «Жетім қозы тас бауыр, маңырар да отығар», бұл байғұс, мал екеш мал да мейірім іздейді, ана іздейді. Сендер – адамсыңдар, адамға бауыр керек, соны ұмытпаңдар! Ағайыннан безінгенді Құдай кешір-мейді! Ауызбірлік керек. Не жесеңдер де, бөле жеңдер, не көрсеңдер де, бірге көріңдер, жақсылық жасағандарды ешқашан ұмытпаңдар-ын, бір қайталайтын.
Сосын, ілгеріректе, өмірден өткен бір нағашы жезделері-нің: «Ашаршылық кезінде інімнің нанын тартып жеп, аштан өлтірмегенімде, қазір бүйтіп жалғыз отырмас едім-ау. Бір үйім болып отырар еді жанымда» деп жыламсырай айтатын әңгімесін де әрегідік естеріне салып отырудан еш жалыққан емес.
Қазір қарап тұрса, мұның осы бір өтпелі кезеңнен аман өтіп, толық адам болып қалыптасу жолында Әжесімен бірге, жоғары сыныпта жетекшілік еткен ұлағатты ұстазының да еңбегі зор болыпты. Оны неге ұмытсын!
Мұны, құдды бір өз баласын тәрбиелеген анадай жетелеген сол адам, мүмкін, әлгі, Әжесі айтатын жетім лаққа жетіспей жатқан аналық мейірді жеткізе білді ме екен?!
Қалай болғанда да қаншама уақытын сарп ете жүріп, тура сол өлара шақта өзін ештеңеге ұрындырмай, аман алып өткен Баян апайына да өмір бойы қарыздар екенін естен шығармаққа іштей уәде еткен.
Әрине, жадында мәңгі жатталған екі сурет пен, әлгі ащы екі сабағы секілді, мұны «сүгіретші қыламын» деген Серікбай ағайымен таласқандай болып, тарихшы жасамаққа талпынған Боранқұл ағайлары секілді басқа да ұстаздары-ның еңбектерін жоққа шығаруға болмас. Дей тұрғанмен, осы екі Ұстазының арқасында ол үлкен өмірге нық қадам басқанын кейін түсінген…
Сол Баян апайы арқылы танысып, кейіннен өзінің сүйікті жазушысына айналған Эрнест Хеменгуйдің «Үлкен жазушы болу үшін талант, біліммен қоса, бақытсыз балалық керек» деген жолдары жадында мәңгі жатталып қалғандай. Тек, бұл өмірдің кейбір сәтсіздіктері болмаса, «балалық шағым бақытсыз болды» деуге Әжесінің әруағынан ұялатын да секілді. Сондықтан үлкен жазушы боламын деп көп үміттенбес те. Бірақ жазбасқа болмайтын дүниелері де бар секілді. Ол жағын уақыт көрсете жатар…
«Тұра ғой, құлыным!». Әжесінің мейірге толы дауысын анық естігендей. Көзін ашып алды. Таң сібірлеп енді атып келеді екен. Есіне бірдеңе түскендей ұшып тұрып төргі бөлмеге беттеген. Бүгін Әжесінің өмірден өткеніне тура үш мүшел толыпты. Шаңырағының киесіндей төрге ілінген сегіз өрме бұзаутіс қамшыны қолына алып, тобылғы сабынан Әже алақанының табын сезінгендей теңселіп кетті. Өйткені, бұл жәдігердің өн бойында асыл Әжесінің қолтаңбасы қалған!
«Сендердің табандарыңа кіретін шөңге, менің маңдайыма шеге болып қадалсын!» дейтін адамның өз қолымен тілінген таспаның арқасында қамшы дегеннің не екенін түсінгендей болғанымен, жон арқасына өмірдің ащы қамшысы көп тимепті. Әжесі өрген бұл қамшы мен өмірдің «дырау қамшысы» екі бөлек дүние екенін де енді ұққандай…
Қамшысын сығымдай ұстап сыртқа беттеген. Ортаңғы бөлмеде қаннен-қаперсіз ұйықтап қалған ұлы мен немересі Айбибі жаққа мейірлене аялдаған сәтінде, өзінің бұл уақытта дірдеңдеп мал жайлап жүретін балалық шағы елес бергендей.
Бірақ еш өкінішсіз, «Рақымет, Әже!» деген күйі, қосулы қалған теледидарды өшіріп, қолындағы қамшыны екі бүктеп суретші Серікбай ағайы сыйға тартқан «Шабыт» атты картинаның шетіне ілді…
Өң мен түстің ортасында бір өкініш қалып кеткендей. Өзегін өртеп бара жатқан бала сағынышы санасын сыздатып-ақ тұр. Шылым шекпегеніне ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де тап қазір Әже тізесіне жата қалып темекі тартудан әлі де тайынбас еді, әттең!..
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.