EXPAT.KZ (сапарнама)
10.11.2024 0 22
Еркебұлан САЛКЕН,
1979 жылы Қарағанды қаласында туған. Қазақстан, Біріккен Араб Әмірліктері, Иран, Ирак, Пәкістан, Ұлыбританиядағы мұнай-газ саласында құрлықта (onshore) және мұхитта (offshore) орналасқан ірі мұнай-газ кен орындарын игеру жобаларына қатысып, еңбек еткен.
Expat – туып-өскен елінен шетелге ұзақ уақытқа кеткен немесе тұрақты қоныс аударған адам.
Аталмыш еңбегінде автор өз кәсібінде білікті маман болып қалыптасып, шетелдерде қызмет етіп жүрген Қазақстан жастары туралы баяндайды. Сонымен қатар елімізде, әсіресе, мұнай-газ саласындағы халықаралық деңгейдегі мамандар қорын пайдаланып шетелде ірі жобаларды іске асыруға және халықаралық деңгейдегі жаңа буын жастарды жетілдіруге болатыны жайлы салыстырмалы түрде әңгіме қозғайды. Жиырма жылға жуық халықаралық тәжірибесіне сүйеніп, көрген-білгенін;
көп адам бара бермейтін Таяу Шығыс елдеріндегі дүрбелең арасында нендей оқиғаларға куә болғанын жақында жарық көрген сапарнама жанрындағы еңбегінде оқырмандарымен бөліседі.
Қызықты, танымды туындыдан үзінділер беріп отырмыз.
ТҮРКИЯДА ӨТКЕН СТУДЕНТТІК ШАҚ
Мектеп қабырғасында жүргенімде спортпен әңгімем жараспаса да, оқу озаты болдым. 90-жылдары мектеп бітірген соң Түркияның Ескішаһар қаласының Anadolu университетінің экономика факультетіне оқуға түстім. Ұшаққа отырып, жат жерге ұшып бара жатқан сол бір алты сағатта жүрегім қатты толқыған еді. Бара жатқан қалам – түркі тілдес бауырлас халықтың теңіз асып, дүниені дүркіреткен Осман империясын құрған жері. Ол кезде әлі талай бұлтты артта қалдырып, жер шарын шыр айнала ұшарымды, мыңдаған шақырымды бағындырарымды білген де жоқпын ғой.
Ыстамбұлдағы ағылған халықты көріп қатты таңырқадым. Осыншама адамды бір жерден көрген емеспін. Жерінің ұшы-қиыры жоқ Қазақстанымызда кеңінен жүріп үйреніп қалған соң ба, Ыстамбұлдың ығы-жығы көшелерінде иығымды алға салып бір жандап жүру оғаш көрінді.
Ыстамбұлдан шығып Ескішаһарға бара жатқан қалааралық автобуста жол бойы мазам болған жоқ. Тозығы жеткен ескі шағын қалалар мен ауылдардың жанынан өтіп бара жатып, «Осы жер Ескішаһар болмай-ақ қойсыншы» деумен болдым. Шамамен алты сағат өткеннен кейін қала сыртындағы автовокзалға жетіп, тоқтадық. Далаға шыққанда жүрегім қуаныштан дүрсілдеп қоя берді. Мен тұрған жазық жерден үйлері қатар-қатар тізілген үлкен қала көрінді. Қаланың жоғары жағындағы ғимараты көп биік төбені көзім шалды. Ол Шахинтепе дейтін қала орталығы екен.
Ескішаһар – бір миллионға жуық халқы бар, Борсық (Porsuk) өзенінің жағасында бой көтерген Түркияның солтүстік батысындағы қала. Негізгі экономикасы: жүк көлігін, темір жол локомотивін, тұрмыстық техника, әскери ұшақ қозғалтқыштары, ауылшаруашылық техникасы, мата, химикаттар т.б. шығарумен тікелей байланысты.
Он екі сағат жол жүру оңай ма, жатақханаға жайғаса сала, қатып ұйықтап қалыппын. Ертесі таңертең ұйықтап жатқан жерімнен гүрілдеген дыбыс пен дірілдеген терезеден шошып ояндым. Сөйтсем, Ескішаһарда Түркияның ең үлкен және стратегиялық маңызы зор әскери әуебазасы орналасқан екен. Әскери ұшақтар таңғы сегізден кешке дейін қала үстінен ұшады да жатады. Қала шетіндегі әскери әуебазасынан шыққан ұшақтар шаһардың қақ ортасына жеткенде бар күшін сала зымы- райды. Сол-ақ екен, айналаның бәрі жаңғырып қоя береді. Кейін бұған да үйреніп кеттік. Көкте гүрілдеп жүрген америкалық F-16-лар екенін де білдік. Бір қызығы, дәл қала төбесінен өткенде жылдамдығын барынша арттырып, құдды бір әуе бомбасын тастайтындай тым төмен ұшады. Университет аудиториясында отырғанда профессор ұстаздарымыз әр 15–20 минут сайын ұшақ ұшып кеткенше түсіндіріп жатқан сабағын тоқтатуға мәжбүр болатын. Бұлай мазасын алғанға тек оқытушылар ғана емес, жалпы жұрт қатты налитын. Алайда қолдан келер амал жоқ қой. Сонда қалаға қарай емес, қаладан ары ұшпай ма екен деп ойлаушы едім.
Ал университеттегі профессорлар ұшақтар ұшып кеткен соң: «Біз Еуропада тұрсақ, қала үстінен әскери ұшақтар ұшуына ешкім рұқсат бермеуші еді» дейтін.
Anadolu университеті әжептәуір үлкен. Қазір жиырма мыңнан астам студент оқиды, оған қоса миллионнан ас- там онлайн оқитын студенті бар.
Студент шағымның алғашқы жылдарында бір бөлке батон мен бір бөтелке суды күн ұзаққа талғажау ететінмін. Қазақстаннан барған студенттер грантқа түсіп ақысыз оқитын, тіпті аз-мұз шәкіртақы алатын. Ол шәкіртақыны бір айға әрең жеткізетінбіз. Сондықтан батон мен су басты асымыз еді. Анда-санда қарын ашқанда жұмыртқа жесек, тойға барып ет жегендей бір марқайып қалатынбыз. Сөйтіп, бір жыл бойы аш құрсақ жүрген менің жағдайым бір кездесуден соң күрт өзгерді. Бірде топтас түрік досым келіп: «Ерке, жақында радиодан бір ірі холдиң Орта Азиядан келген, үздік оқитын студенттерге шәкіртақы тағайындайтынын естідім. Аты – Ихлас холдиң. Қаладағы сол холдиңнің кеңсесіне барып сұрап көрейік, саған шәкіртақы беріп қалар» деді.
Сол күні сабақ бітісімен қаланы біраз шарлап жүріп, әлгі холдиңнің орталықтағы Шайыр Фузули көшесінің бойындағы кеңсесін тауып алдық. Ол кезде іздегеніңді қазіргідей навигатормен табу қайда!
Шайыр Фузули (Sair Fuzuli) Ескішаһарды қақ жарып өтетін Борсық өзенінен Ататүрік даңғылына дейін созы- лып жатқан көше екен. Көше демекші, бұл жақтың көшелері Қазақстандағыдай кең емес. Оған қоса біздегідей көше бойында ағаш өсіп тұратын орын да ескерілмеген.
Ал жаяу жүргіншілер жүретін жиек жолдардың ені бар-жоғы 1-1,5 метрдей. Сол жиек жолдар көшенің бойында бір-біріне жапсарлас тұрған көпқабатты үйлерге тіреледі. Үйден аттап бассаңыз болды, дәл жиек жолға шығасыз. Жүгіріп шығуға да болмайды, әйтпесе көлік жолына шығып кетесіз. Біз оқыған жылдары қала орталығындағы көшелерде үйіліп жатқан көмірді де көретін едік. Өйткені ол жақта біздің елдегідей орталық жылу жүйесі жоқ. Ол жағынан, әрине, Кеңес Одағы кезіндегі қалалық құрылыс жүйесі қатты дамыған. Бірақ оның да өз кемшілігі артып жығылады. Мысалы, Түркияда әр тұрғын үйдің жұрты жиналып, көмір сатып алып, дұрыс жағу жағын өздері қадағалайды. Жылу жүйесіне байланысты көптің ақшасын жеп қою деген проблема мүлде жоқ десе болады.
Біздегі тұрғын үйлердің жеке ауласы, көлік қоятын тұрағы болады. Ал Түркияда, көбіне, тұрғын үйдің ауласы болуы керек деген түсінік жоқ.
Сөйтіп не керек, діз қатар тұрған үйлерді жағалай келе жатып, Ататүрік көшесі жағында орналасқан дүкенді тауып алдық. Өзі көпқабатты үйдің бірінші қабатында екен. Сырты түгел әйнек, ыдыс-аяқ пен тұрмыстық техника сатады екен. Ішке кірдік. Клиент деп ойлап қасымызға жүгіріп келген сатушы жігітке Рамазан досым: «Сәлеметсіз бе! Біз осы дүкен аттас холдиң Орта Азиялық үздік оқитын студенттерге шәкіртақы береді деген хабарды радиодан естіп едік» деді. Сатушы жігіт:
«Жоқ, бұл қаладағы филиалымыз студенттерге шәкіртақы бермейді, Ыстамбұлдағы орталығымыз тағайындауы мүмкін» деп жауап берді. «Ыстамбұлға бару қайда» деп екеуіміздің еңсеміз түсіп, есікке қарай беттеп, шығып бара жатқанымызда, дүкеннің түкпір жағындағы үстел басында отырған бір адам жаныма жетіп келді.
– Қарағым, сен Қазақстаннан емессің бе? – деді әлгі кісі ентігіп.
Жүзі жылы, көзінде зор үміт. Аласа бойлы, домалақ көзәйнек таққан, қара шашы бұйралау келген, мұртты адамға басымды изеп, Қазақстаннанмын дедім. Ол қуан- ғанынан: «Келіңдер, былайырақ жүріңдер» деп бізді өзі отырған үстелдің қарсысына жайғастырды. Біз аң-таң- быз. Әлгі кісі ақырын жүріп орнына жайғасқан соң бізге қарап: «Менің әкем қызылордалық қарақалпақ. Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып, немістердің тұтқынына түскен. Тұтқыннан босап шыққаннан кейін Түркияға келіпті. Енді еліне қайтайын десе, жанындағылар «Еліңе қайтсаң, тұтқынға түскенің үшін үйіңе жетпей, Сібірге айдаласың. Осы жақта қал» депті. Әкем әрі ойланып, бері ойланып, Түркияда қалмаққа бел буыпты. Мен соның баласымын. Атым Хамза Демиржи. Біздің компания көмектесе алмаса, саған өзім көмектесемін» деді.
Осы таныстықтан кейін жолым болып, Хамза ағайдың қарамағында жұмыс істей бастадым. Маған көп көмегі тиген Хамза Демиржи үнемі «Адамға балық жеуді емес, балық аулауды үйрету керек» деген сөзді аузынан тастамайтын. Сол кісі мені еңбекке баулыды.
Бір күні жұмыс істейтін дүкеніне барсам, Хамза ағай:
«Ерке, мына қаламды сатуға қалай қарайсың? Қаладағы кез келген дүкенге кіріп, кез келген адамға ұсынуыңа болады. Таптырмайтын тауар» деп бір әдемі қаламды қолымда ұстатты. Төбесіндегі қалпағын ашып қалсаң, адамның аты-жөні жазылған мөр шығады. Қаламды сатпақ болып бірталай жерге бас сұқтым. Тек ала қойған ешкім жоқ. Хамза ағай бір де бір қалам сата алмағаныма қарамастан, өзі істейтін холдиң тауарын сататын сауда агенті бол деп ұсыныс тастады. Сол күннен бастап қаланың түкпір-түкпірін аралаумен болдым. Қалада мен кірмеген дүкен қалған жоқ. Қолымда тауарлардың суреті мен бағасы жазылған брошюра. Әр кірген дүкенге жаңағы брошюраны көрсетіп: «Мен Ихлас холдиңінің өкілімін. Сіздердің назарыңызға осындай тауарларды ұсынамыз» деп әлгі брошюрадағы тауарларды көрсете бастаймын. Кейбіреулер тыңдайды, кейбіреулер: «Жоқ, керегі жоқ» деп қолын бір сілтейді. Сөйтіп жүріп түрлі адамдарды кезіктіріп, таныстым. Керемет сатушыға айналмасам да, бұл тәжірибе маған көп нәрсені үйретті, солардың бірі – адамдармен тез тіл табысу, біреу «жоқ» десе де, мойымай алға ұмтылу, адамдарды көндіре білу.
Енді бірде тауарымның жарнамасын жасамақ болып киім жуатын жерге кірдім. Иесі Пакизе апай деген кісі екен. Ол менің жатақханада тұратын студент екенімді естіген соң: «Киім-кешегіңді жуу керек болғанда, әкеліп таста, жуғызып беремін» деді. Сосын қолымдағы брошюрадан керегін таңдап, сол жерде тапсырыс берді. Аң-таңмын. Бұл жерге зат сатуға келсем, ол маған қалай көмектессем екен деп отыр. Рахметімді айтып шығып кеттім. Ол кісі киім-кешегімді жуғызып, оңып кеткен джинсыларымды бояп беретін болды. Сол үшін бір рет те ақы сұраған емес. Бірде жуылған киім-кешегімді алып кетуге барсам, бір жігіт жүр. Пакизе апайдың туысы не жақыны болса керек. Екеуіміз танысып, біраз сөйлестік. Келген себебімді естіп: «Апасы, мына жігіттің киімін жарты бағасына жуып беретін шығарсыз» деп Пакизе апай жаққа қарап дауыстады. Ал ол кісі үндеген жоқ, ләм деместен клиенттер әкелген киім-кешекті жуып- тазалап жүре берді. Сонда «Істеген ісім үшін ешқандай ақы алмаймын» деп ешкімге тіс жарып көрген емес қой. Неткен қарапайым адам десеңізші!
Хамза ағай әкесін аузынан тастамайтын. Әкесі қартайған шағында төсек тартып жатып қалыпты. О дүниеге аттанарына аз қалғанда Қазақ елі тәуелсіз болды деген хабарды жаңалықтан естіген Хамза ағай әкесінің жанына барып: «Әке, әке, Кеңес Одағы құлады. Еліміз, Қазақстан тәуелсіздігін алды» депті. Әл-дәрмені кетіп, төсекте жатқан әкесі елге деген сағынышын басқандай болып, толқып жылапты. Хамза ағаймен талай тілдестім ғой, сонда әкесі өлер шағында туған елі тәуелсіздік алғанын естіп кеткенін қайта-қайта айта беруші еді.
Бірде Хамза ағай мені қаланың орталығындағы Хамамйолы көшесінде орын тепкен перде сататын «Dogruyollar» дүкеніне апарды. Бір-біріне жапсарлас жатқан дүкендердің алғаш тұрғаны екен. Әжептәуір үлкен, сырты түгел әйнек. Екінші қабатқа шықтық. Екі қабаттың екеуінде де алуан түрлі перделер жайнап тұр. Ілініп тұрған әр перденің жоғарысында арнайы еврошам бар. Қайсын көрсетсе, соның төбесіндегі еврошамды жағып, келушілерге қызмет етіп бірнеше адам, одан қалды сұңғақ бойлы екі жас жігіт жүр. Кейін танысқан соң білдім, бұл жігіттер дүкен иесінің ұлдары екен. Дүкенге келген адам көп, жұмыс қызып жатыр. Жоғарғы қабатта ұзыннан-ұзақ созылған үстел, үстінде перделер. Үстелдің басында бір адам отыр. Хамза ағай сол кісімен таныстырды. Аты Шади Доғруйол. Кейін Ескішаһардағы ең ауқатты адамдарының бірі екенін білдім. Зауыт, фабрикалары, ал қаланың ортасында үлкен-үлкен ғимараттары бар-тын. Қазақстаннан келген студент екенімді естіген соң:
«Өзіңмен тағы бір студентті әкеліп таныстыр. Екеуіңнің де тамаққа жұмсайтын шығындарыңды өтеп жүрейін» деді.
Айына 35-40 доллар шәкіртақы алатын мен үшін ол уақытта бұл зор көмек еді. Әлгі кісі жатақханамыздың жанындағы студенттерге арналған кафеге барып, иесімен келісті. Кафенің иесі күнде ішкен тамағымызды бір дәптерге жазып отырады. Ай соңында сол дәптерді Шади ағайға апарып көрсетемін. Бір сөзге келмей шыққан ақшаны төлейді. Ендігі түрік батонын жеп, оны сумен итергеннің орнына кафеге барып, үш мезгіл тойып ыстық тамақ ішетін болдым. Таңертең сабаққа барарда кафеде жаңалық көріп отырып, оразамды ашамын.
Сөйтіп, түрік халқының адамгершілігіне, жүрегі кең, мейірімді адамы көп екеніне тағы да куә болдым.
АМЕРИКАҒА ҚОШ КЕЛДІҢІЗ!
2003 жылғы 14 шілдеде әуелі Ыстамбұлдан Франкфуртқа, одан ары Нью-Йоркқа ұшып кеттім. Бұл елге алғаш бара жатқан соң ба, бәрі қызық. Әуежайдан шығып: «Қалаға қалай жетуге болады?» деп есік алдындағы жұмысшылардың бірінен сұрадым, аялдамада тұрған автобусты нұсқап, бірдеңе деді. Шыны керек, америкалықтардың сөйлегеніне құлағым әлі үйренбеген. Әсіресе афроамерикандықтардың не дегенін түсінбеймін. Әйтеуір нұсқаған автобусына барып отырдым. Сол автобуспен қалаға дейін жетіп қалдым. Сөйтсем, барған жерім Манхэттэннің «Port Authority» дейтін авто- вокзалы екен. Автовокзалға кіреберісте қай жаққа қарай жүремін деп ойланып келе жатыр едім, жанымнан өтіп бара жатқан біреу: «Тебе куда надо?» деп орысша тіл қатты. Тоқтай қалдым. Нью-Йоркта орыс тілін естимін деп ойлаппын ба! «Пенсильвания штатына баруым керек» дедім. «Ана жаққа барып оңға бұрылсаң, алдыңнан касса шығады. Сол жерден билет алып, керек жеріңе жетерсің» деп жөн сілтеп жіберді. Рахметімді айтып, кассаға барып автобусқа билет алдым. Ыстамбұлдағы АҚШ- қа студенттер жіберетін компания әдепкіде Флоридадан жұмыс таптық дегенімен, дәл Америкаға кетердің алдында: «Сен енді АҚШ-тың солтүстік-шығысындағы Пенсильвания штатына барасың» деген. Ұзақ сапар жасаған адамдар Jetlag деген жағдайға тап болатынын бұрын естігенім бар-тын.
Сол жетлагтың әсері тұла бойымды билеп алған. Көзім қайта-қайта ілініп кетіп, ұйқым келе береді. Кездейсоқ жол көрсеткен орыстың айтуымен кассаға барып, билет алмақшы болдым. Кассадағы қызметкерге Пенсильванияға барамын деймін, ал ол не дегенімді түсіне алмай, бірнеше мәрте қайталап, қайда барасың деп қоймайды. Мен де жауабымнан танбаймын. Бір уақытта әлгі қызметкер маған қарап тұрып: «Ааа, ПенсилвЭйния ма?» дегені. Маған «Пенсильвания» мен «Пенсилвэйния» арасында еш айырмашылық жоқтай. Алайда американдықтар олай ойламайды екен. Сөйтіп, билетімді алып, жолға шықтым. Пенсильваниядан компания өкілі күтіп алды. Түркиялық компания арқылы келгендіктен, түскен ортам да кілең түрік.
Ертесі жаңа келген студенттер болып жергілікті «Social Security Administration office»-ке (қазіргі біздің тілдегі ХҚКО ) барып, «Social Security Number – SSN»- ге (ЖСН) өтінім бердік. Ол сол жақта жұмысқа тұру үшін керек. Әйтпесе ешкім ресми жұмысқа ала алмайды. Халық аз, бірақ тіркейтін жүйесі баяу істегендіктен, көп күтіп қалдық. Қашанғы отыра береміз, офистің алдына шығып, ананы-мынаны айтып сөйлесіп тұрмыз. Арамыздағы бір студент өткен жылы да осында келіп жұмыс істеген екен. Америкалықтардың тіліне құлағы үйренген, не дегенін дереу түсінеді. Біраздан кейін әлгі жігіт бізге қарап: «Анау америкалықты өткізіп жіберіңдерші, сендерден өтіп кетейінші деп рұқсат сұрап тұр» деді. Біз сонда ғана жанымызда тұрған адамды байқадық.
Сөйтсек, бағанадан бері жанымызда: «Excuse me, may I go through» деп тұр екен. «Әрине» деп, жол бердік. Дәл есіктің аузына тұрып алғанымызды өзіміз де аңғармап- пыз. Бұрын-соңды көріп жүрмеген соң ба, әлгі америкалықтың айғайлап не итеріп жібермей тұрғанына, сыпайылығына таңғалдық.
Кеңседегі жұмысымызды бітіріп, үй жаққа келдік. Біраз демалғаннан кейін, бәріміз сыртқа шығып интернеті бар жер іздеуге кірістік. Далада тірі жан жоқ. Жым- жырт. Жаяужолда да ешкім көрінбейді. Жанымыздан тек автокөліктер өтіп жатыр. Жергілікті халық жеке көлікпен жүретінін сонда ғана түсіндік. Жаяулатып бір супермаркетке жетіп, қай жерде интернет бар деп сұрадық. Сөйтсек, қалалық кітапханадағы интернет-кафеде ақысыз қолдануға болады екен. Мұны естіп, бәріміз қуанып кеттік. Автобусқа отырып, қаладағы кітапханаға бармақ болдық. Қателеспесем, бір адам күніне жарты сағат ақысыз интернет қолдана алады. Біз сол уақытты пайдаланып, үй жақпен хабарласып жүрміз.
Айтпақшы, Аллентоун деген қалаға түстім. Американың солтүстік шығысындағы қылмысы көп жерлердің бірі екен. Арамыздағы бір түрік студент: «Өткен жылы осында «W&T» бағдарламасымен келгенімде, Нью- Йорктегі «Harlem»-де тұрғаным бар, бұл жақ маған аса қорқынышты емес» дейді. Ішімнен «Мен де Майқұдықтан шықтым ғой» деп күліп қоямын.
Түркияға алғаш оқуға түскен жылдары Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қазақтармен танысқанда, Қарағандының Майқұдық ықшамауданынан екенімді естіп: «Шынымен Майқұдықтансың ба?» деп өзімнен жиі сұрайтын. Танысып жатып, таңырқаған кейіптерін жасыра алмайтын. Сөйтіп, туып-өскен жерімді дүйім жұрт жақсы білетінін алғаш Түркияға оқуға түскенде білгенмін. Әсіресе, арықша келген дене бітіміме сүзе қарап, «Сен қалай аман қалып жүрсің?» дейтін жаңа танысқандар. Кейін достарым мен әріптестерім «Ерке Майқұдықтың қатал жігіті. Оған Ирагың да, Ираның да түк емес» деп әзілдейтінді шығарды. Олардың сөзіне еліміздегі кейбіреулердің «Головкиннің мықты боксшы болып қалыптасуына Майқұдықтағы қатты ортада өскені себеп» деген сөзі отқа май құйғандай еді.
Иә, өткен ғасырдың 90-жылдары постсоветтік елдердің жұртына оңай соққан жоқ. Халықтың экономикалық ахуалы күрт нашарлап кеткен кезеңде қылмыс көбейіп, кейде жантүршігерлік жағдайлар болып жатты. Сол жылдары үлкендердің әңгімелерінен «үйді-үйге ұры түсіп, үйде біреу-міреу болса, өлтіріп кетеді, Майқұдықтан қала орталығына бара жатқан автобустарды орта жолда біреулер тоқтатып, ішіндегі жолаушыларды тонап кетеді» дегенді жиі естуші едім. Содан сабағым ерте бітіп қойса, үйге жалғыз өзім баруға қорқып, далада ағам мен апамды күтіп жүретін едім. Ал одан бұрынырақ Майқұдық ауданы түрлі өңдіріс мекемелері орналасқан индустриялық аумақ болатын. Ол жақта қазіргідей тек шикізат емес, құны жоғары тауарлар өңдірілетін. Мысалы, менің әкем істеген «Стройпластмасс» комбинатында совет дәуірінің таптырмас валютасы саналатын ленолеум шығарылатын. Ал оның шикізаты ниткол материалы сонау Балтық елдерінен келетін. Сол комбинаттан жалғыз линолеум емес, хрусталь ыдыстар, пластик құбырлар, басқа да құны жоғары тауарлар шығатын.
Аллентоун қаласы да туған жерім Майқұдықтан қалысар емес. Біздің жігіттер супермаркеттің кассасында жұмыс істейтін. Кассаның айналасы оқ өткізбейтін қалың әйнекпен қапталған. Клиенттер ақшаны 1-1,5 см болатын жіңішке тесіктен ұсынады. Біреу-міреу дүкенге ұрлыққа түссе, кассадағы адамның жалғыз амалы – қызыл түймешені басып, полиция шақыру.
Бірнеше студент «Wendys» дейтін әзір-мәзір тамақ ұсынатын кафеде жұмыс істеп жүрміз. Америкаға екінші рет келген Махмут қана келген клиенттерден тапсырыс алады. Америкалықтардың сөйлегеніне құлағы үйренбегендеріміз асүйде тамақ пісіреміз. Жұмысқа автобуспен барамыз. Америкалықтар әңгімешіл әрі ашық халық. Кез келген бөтен адаммен сәлемдесіп, көптен танитын кісіше сөйлесіп кететіндері қызық. Бірде автобусқа мініп, жұмысқа бара жатқанмын, алдыңғы қатарда екі ханым өзара сөйлесіп отыр, автобустың арт жағындағы қаранәсілді жігіт әлгілердің әңгімесіне қосыла кетіп: «Иә, иә, өткенде мен де сондай жағдайға тап болдым» деді. Отырған ханымдар бейтаныс адамға бұл не деген мәдениетсіздік деп теріс қараудың орнына, оған әзілдеп, үшеуі көптен таныс адамдардай шүйіркелесіп кетті.
Америкалықтардың осы қасиетін кейінірек Нью-Жерси штатында бензин құятын бекетте істеп жүргенде де байқадым. Далаға шығып көліктерге қызмет көрсетемін, сонда «дала суық, ауырып қалмаңыз, қалың киініп жүріңіз» дегенді әр көлік иесінен естуші едім.
Күнде автобусқа ақша төлей береміз бе деп, «Walmart»-тан велосипед сатып алдық. Енді велосипедпен қатынаймыз. Жұмысқа бара жатқанда жол жиегіндегі көлшіктен балапандарымен бірге жүзіп жүретін бір топ қазды көретінмін. Күндердің күні әлгі қаздар балапандарымен қоса жолдан өтпек болды. Балапандары өсіп қалғанымен, қанатына әлі ақ түспеген. Досымыз екеуіміз велосипед теуіп келеміз. Бір қарасам, әлгі қаздар жол шетіне шығып, жаяу жүргіншілер секілді асфальтқа аяқ басқалы жатыр. Сол-ақ екен, күнде жұмысқа барып-келіп жүретін қалааралық автобандағы көліктер түгел тоқтай қалды. Мұны тек көзбен көру керек. Адам сенгісіз. «Matrix» фильмінде айналадағының бәрі қатып қалып, ал көшеде матрицаның ішімен Нео мен Морфиус екеуі ғана кетіп бара жататын сәт бар ғой, тура сол мезет сияқты. Сол жерде досымыз екеуіміз және бір топ қаз ғана жүріп барамыз. Айнала жым-жырт, қатып қалған.
– Түк түсінсем бұйырмасын? Мұндай да болады екен? – деп қоямын.
Жанымдағы Халил досым:
–Біздің елде болса, әлгі қаздарды балапандарымен қосып езіп өте салар еді-ау, – деп қостап қояды.
Жолдың өзі анау-мынау емес, «Interstate», яғни штатаралық төрт жолақты үлкен жол. Бұл жолмен үлкенді-кішілі көліктің бәрі жүреді. Қас қағымда кептеліс дегенің бірнеше шақырымға жетті. Бірақ ешкім қаздарды езбек түгілі, дабыл да басқан жоқ. Ал қаздар «жолдан өтеміз бе, өтпейміз бе, не болмаса кішкене кідіріп, ыстық асфальтқа жатып, жолдың ортасында демала тұрамыз ба» дегендей асығар емес. Жұмысқа асығып бара жатқандықтан, соңы не болғанын көре алған жоқпыз. Жанымызда суретке түсіріп алатын фотоаппаратымыз да жоқ. Әйтеуір, сол көрініс ерекше әсер еткен еді.
Кейін АҚШ-та аң-құсты жолдан өткізіп жіберу керегі заңда жазылып, бекітілгенін білдім. Қалай дегенмен, Америкада шопырлардың көлік айдау мәдениеті жақсы дамыған. Сонысы ұнады. Оған тағы бірнеше мысал келтіруге болады: Сіз кіші жолдан үлкен автобанға бұрылып жатқанда, автобанмен қатты жылдамдықпен келе жатқан үлкен жүк көліктерінің жүргізушілері алыстан тежегішін басып, жүрісін баяулата бастайды. Сондағысы кіші жолда келе жатқан автомобильдер өтіп кетсін дегені. Менің жолым маңыздырақ деп басып озбайды.
Сонымен қатар екі көшенің қиылысында бағдаршам болмаса, заң бойынша қиылыстағы көліктер өз кезегіне сай өтуі керек. Алайда қиылысқа жеткенде америкалықтар тоқтап, асықпай терезесін ашып, қолын сыртқа шығарып, бір-біріне: «Сіз өтіңіз!», «Жоқ, сіз өтіңіз!» деп ізет көрсетіп жатады. Америкалықтардың сөйтетініне әбден үйреніп алған мен қиылысқа жеткенде тоқтамай бірінші өтіп кете беруші едім.
Жол полициясының сыпайылығын көргенде тіпті таңғалатын шығарсыз. Виржинияда тұрғанда көлігімнің сол жақ айнасы сынып қалды. Бір күні сол сынық айнамен Пентагонның жанынан өтіп бара жатсам, полиция тоқтатты. Көлігімді жол жиегіне бұрып, аялдадым. Полиция жаныма келіп: «Сәлеметсіз бе! Сол жақ айнаңыз сынып қалған екен, соны байқап, тоқтаттық. Құжатыңызды көрсетесіз бе?» деді. Тура үзілейін деп тұр. Көлігімнің алдыңғы қалтасында жатқан техпаспортты алып көрсетейін десем, таба алар емеспін. Таба алмай жатқанымды көрген полиция: «Кідіре тұрыңыз, қазір базадан өзіміз тексере саламыз» деп кетіп қалды. Бірнеше минуттан ке йін қайтып келді. Келем дегенше техпаспортымды тауып алдым. Полицейге ұсынып жатсам: «Жоқ, керегі жоқ. Сіздің көлігіңізді тексердім, бәрі дұрыс. Жүре беруіңізге болады. Алайда айнаңызды мүмкіндігінше тез арада жөндетіп алыңыз» деп «Пентагон полициясы» деген жазуы бар «Ескерту» қағазын жазып берді. Мен аң-таңмын. Кешке үйде жігіттерге қолымдағы ескерту қағазын көрсетіп: «Көрдіңдер ме, мені бүгін ПЕНТАГОН полициясы тоқтатты. Қалай, ә? Еш жаза кескен жоқ, айыппұл да жазып берген жоқ!» дедім.
Тағы бір күні көлігіме мініп, үй алдындағы автотұрақтан артқа қарай шығып бара жатқанмын, қарсы үйден шыққан полиция қызметкерін байқап қалдым. Аяғымды лезде тежегішке басып, полиция өтіп кетсін деп күтіп тұрмын. Айнадан көзімді алмай отырғанмын, тек әлгінің өтіп-өтпегенін байқамай қалдым. «Қызық, елес емес қой, осы жаңа тұрған сияқты еді» деп қоямын. Бір уақытта артқа қарасам, әлгі полиция: «Жүре беріңіз!» деп маған белгі беріп тұр.
Япырмай, біздер полицияны жол әміршісі деп білеміз ғой. Америкалық полиция қызметкерлерінің әдебі өзіме қатты ұнады…
***
Асқардың жүргізуші куәлігін алғаны қызық болды. Өзім жүргізуші куәлігін дайындалып, алдымен теориясын, сосын жүргізу емтиханын тапсырып алғанмын. Бірақ Асқар «Ерке, сенің куәлігің бар ғой, сұрақтардың жауабын да жаттап алған шығарсың, менімен бірге барып тапсыршы» деген соң көңілін қимай бірге бардым.
АҚШ-та ағылшын тілін білмеймін десең, өз тіліңде емтихан тапсырып, жүргізуші куәлігін алуға болады. Алайда ол үшін ағылшынша білетін аудармашы адамды ертіп апаруың керек. Емтихан күні Асқар екеуіміз Виржиниядағы автокөліктерді рәсімдейтін және жүргізуші куәлігін беретін мемлекеттік мекемеге (Department of Motorized Vehicle, DMV) бардық. Бір қабатты ғимараттың ішіне кірдік. Асқар ағылшын тілін білмеген болып жүр. Мен өзімше оған бәрін аударып жүрмін. «Сәлеметсіз бе! Менің досыма жүргізуші куәлігі керек, алайда өзі ағылшын тілін білмейді» дедім. Қызметкерлердің бірі: «Жарайды, құжаттарыңды осы жерге тапсырыңдар» деді. Біз керек құжаттарды өткізіп, тіркелгеннен кейін әлгі қызметкер бізді емтихан тапсыратын жерге алып барды. Сол жерде отырған қаранәсілді қызметкерге қарап «Мына кісі ағылшынша білмейді екен, жанындағы жолдасы сұрақтарды ағылшынша оқып, қазақшаға аударып беріп отырады» деді мені нұсқап. Ол қызметкердің «иә» деуден басқа амалы жоқ. Бірақ бір нәрсені іші сезіп тұрғандай маған қарап,
«Досыңа жауаптарды айтып беруші болма» деп ескертіп қойды. Асқар екеуімізді бір-бірімізге теріс қаратып отырғызды. Сұрақтарды қазақша зырылдатып оқи бастадым. Әлгі кісі бізден көзін алар емес. Қайта-қайта маған қарап, «жауаптарды айтпа» деумен болды. Бірақ қолынан ештеңе келмесін өзі де түсініп тұрған сияқты.
Мен сұрағы мен жауабын қатар оқып Асқарға көмектесіп отырмын. Алайда жүргізуші куәлігін алғаныма біраз уақыт өткендіктен болар, кей сұрақтарға жауап беруге қиналдым. Әйткенмен көбінің жауабы есімде екен. Білгенімнің бәрін досымнан аяп қалмадым. Әлгі қызметкер Асқардың лезде жауап беріп жатқанын байқап, маған даусын көтеріп: «Басыңды бұрма, айтушы болма» деп қайталап қояды. Ал мен өз дегенімді істеп отырмын. Сұрақтарды қазақшаға аударып жатқандай болып, жауаптарын айтып беріп отырмын. Асқар болса: «Ерке, алтыншы сұрақтың жауабы қандай, он екінші жауап қандай?» деп сұрап қояды. Сөйтіп, сұрақтың бәріне жауап бердік. Емтиханнан керек балды жинап, сәтті тапсырдық. Бәрі біткен соң Асқар көгілдір түсті су жаңа куәлігін алды. «Ерке, рахмет! Сен болмасаң, осы емтиханнан өте алмаушы едім» дейді. Өзіміз мәзбіз. Кішкене толқығанымыз бар, үйге бара жатып, жанармай бекетіне тоқтап, TWIX шоколадын сатып алдым. Осылай толқығанымызды басып, Асқардың жүргізуші куәлігін жуған болдық.
МЕСОПОТАМИЯҒА АЛҒАШҚЫ САПАР
Ұшақтан түсіп, автобусқа мініп, әуежайдың ғимаратына жеттік. Ғимарат Саддам Хуссейн кезінде салынған. Алайда әлі де қолдануға болады, сапалы. Визасы барлар тікелей паспорт тексерісінен өтіп жатыр. Ал мен Дубайдағы араб тілмаш Самирдың айтқан нұсқауына сәйкес, паспорт тексеретін жердің сол жағында Иракқа кіруге виза беретін кабинеттің алдына барып тұрдым. Қолымдағы паспортпен виза хатын және 202 долларды сол жердегі әскери киім киген қызметшіге бердім. Жалғыз мен емес, келген жолаушылардың көбі сөйтіп жатыр. 20-30 минуттай уақыт өткен соң әлгі әскер аты- мызды атап Иракқа кіруге рұқсат визасы жапсырылған паспорттарымызды тарата бастады. Паспортымды алып, кеден бақылауынан өттім. Қол жүгін тарататын жерден шыққан сөмкемді алып ілгері жүрдім.
Дубайдағы қауіпсіздік департаментінде істейтін әріптесім ұшар алдында: «Бағдат әуежайынан өз бетіңмен шығушы болма, ұрлап әкетсе, сосын сені таба алмаспыз» деп ескерткен.
Шығатын есікке қарама-қарсы тұрған орындыққа жайғастым. Кенет ұялы телефоным шыр ете қалды. Телефонның ар жағынан шыққан дауыс менің аты-жөнімді атап, қайда тұрғанымды сұрап, әуежайдан сыртқа шықпаңыз, қазір барып, тұрған жеріңізден өзіміз әкетеміз деді.
5-10 минуттан кейін әскери киім киген, сырт келбеті еуропалықтарға келетін екі адам келіп :
– Сәлеметсіз бе! Салкен мырза сіз бе? – деп сұрады.
– Иә, – дедім.
– Бізбен бірге жүріңіз, – деді біреуі қолымдағы чемоданымды алып жатып.
Өздерінің шашы тықыр, дене бітімі тығыршықтай, ірі келген, фильмдерде көретін арнайы мақсаттағы сарбаз- дарға ұқсайды. Екеуі әуежайдың есігінен сыртқа шықты. Әр қадамы 1,5 метрдей, асығып бара жатқан оларға ілесу үшін жүгіріп келемін. Әуежай ішіндегі бетон жолды жаяу өтіп, сатымен бірнеше қабатты паркиңнің шатырына шықтық. Ол жерде үш «Ленд Крузер» автокөлігі тұр екен. Әлгі кісі көліктің жүк салатын есігін ашып, чемоданымды сонда салды. Сосын маған қарап, мұнай кеніне жеткенге дейін ұстануым керек ережелерді айтып түсіндіре бастады. Әуелі:
– Қандай да бір дәріге аллергияңыз бар ма? – деді.
– Жоқ, – деп жауап бердім.
Ал, шын айтқанда, бір топ дәрі-дәрмекке аллергиям бар. Тек оны айтсам, мені ешкім Иракқа кіргізбес.
Қауіпсіздікке жауапты компания өкілі:
– Аллергияңыз бар ма деп сұрағанымның себебі: қазір жолда кенет қарулы шабуылға ұшырап, жараланып жатсақ, кімге не дәрі беруім керек, соны білу – міндетім. Мен дәрігер сертификаты бар жауынгермін, – деді. Одан соң: – Не жағдай болса да өз бетіңізбен автокөліктің есігін ашып-жабамын деп ойламаңыз. Әрі көліктен шығушы болмаңыз. Отырғанда да, түскенде де есігіңізді өзіміз ашып, өзіміз жауып береміз. Бұл нұсқаулығымызда бекітілген, – деді.
Шынымен, автокөліктері оқ өткізбейтін материалдан жасалғандықтан, әйнегі қалың, есіктері ауыр. Көліктің есігін итеріп аша алмайсың. Білегіңді тіреп барып, күш салып немесе екі қолдап ашуың керек.
Чемоданымды көтеріп келген адам осы топтың басшысы екен, үстіме бронежилет кигізіп жатып:
– Біз бір адам апарсақ та, бірнеше адам апарсақ та, үнемі төрт көліктен тұратын колонна болып жүреміз. Алғашқы көлік қарапайым пикап. Оны жергілікті тұрғындар айдайды. Олар жолға бізден 10 немесе 15 минут ерте шығады. Жолды бақылап, алдын ала не боп жатқанын рациямен хабарлап отырады. Қалған үш көлік жаңағы «Ленд Крузерлер». Біз қашан да бірге жүріп отырамыз. Әр көлікте автомат ұстаған екі оққағар отырады. Оның біреуі шопыр. Сонда бір колоннада автомат қаруы бар алты оққағар бар. Егер кенет қарулы шабуыл болып, атыс бола қалса, басыңызды төмен иіп, терезенің төмен жағына жасырынуыңыз керек. Өйткені терезенің әйнегі қанша оқ өткізбейді дегенмен қайта-қайта ата берсе, оны да тесіп өтеді. Ал есіктің қорғаны қалың темірден жасалғандықтан, әйнекке қарағанда мықтырақ. Алайда автоматпен тоқтамай ата берсе немесе гранатометтің зымыраны тисе, онда есікті де жарып жібереді. Сондықтан біздің айтқан бұйрығымызды екі етпей істеңіз, сізден сұрарымыз осы, – деді.
«Ленд Крузер»-дің артқы есігін ашып, отырыңыз деп ишарат білдіріп, есігімді жапқан соң, өзі алдыңғы жақтағы орынға жайғасты. Сосын тағы да:
– Егер көлігіміз істен шығып жаста, екінші көлікті дереу оқ атылмай жатқан жақтан әкеп, тіреп, сізді соған отырғызғаннан кейін сол жерден тез арада кетуге тырысамыз. Көліктен көлікке ауысқанда басыңызды төмен ұстап, еңкейіп жүруді ұмытпаңыз. Оқ тиіп, дөңгелек жарылса да, дискісінің айналасы жуан әрі қатты резинамен қапталған. Сондықтан көлігіміз сағатына 80 шақырым жылдамдықпен жүре береді. Ал егер біз жараланып не оққа ұшып мерт болсақ, мына жерді ашып осы түймешені басасыз, қосымша көмек келгенін күтіңіз, – деп алдыңғы панелдегі шыны қақпақтың астында тұрған қызыл түймешені көрсетті. – Не болса да, біз аман болсақ та, оққа ұшсақ та, өз бетіңізбен көліктен шығушы болмаңыз, – деп бірнеше рет қайталады.
Түсіндім дегендей басымды изеп отырмын.
– Қазір әуежайдың шыға берісіндегі блокпостан қару-жарақтарымызды алып жолға шығамыз, – деді.
Сонда өмірімде алғаш шын бронежилет киіп көрдім. Пейнтболдағыдай жай мата емес, арасында қалың темір қалқаны бар, әжептәуір ауыр екен. Оққағар қауіпсіздік белдігін тартып шығарып, қолыма ұстатты. Белдікті ұстаған қалпы, тарс еткізіп тақтым. Менен бөлек оң жақтағы артқы орындыққа бір ағылшын отыр. Өзі шымыр, америкалық фильмдерде көретін әскерилердің дәл өзі.
– Менің атым Боб. Сіздердің қауіпсіздігіңізді қамта- масыз ететін компанияның Ирактағы басшысымын, – деп қолын созды.
– Менің атым Еркебұлан, «Газпром»-да жұмыс істеймін, – деп мен де қол беріп амандастым.
«Газпром» деуімнің себебі: шетелдіктер «Газпром» мен оның қосалқы компаниясы «Газпромнефть»-ті айыра алмайды. Сондықтан қысқа да нұсқа болсын деп, «Газпром» дейміз.
Жат елде жүріп іші пыса ма екен, әйтеуір жол бойы әңгімені судай сапырды.
– Бағдат әуежайын Ирактың әскері немесе полициясы емес, әлемге әйгілі жекеменшік қауіпсіздікті қамтамасыз ету компаниясы қорғайды. Әуежай аумағы шамамен жиырма шаршы шақырымдық жер, – деп сөз бастады.
Біраз жол жүріп әуежайдың аумағынан шыға бергенде автобустар мен жеңіл көліктер тұрған жерді қолымен нұсқап:
– Мына жер автовокзал. Өткен аптада, осыдан бірнеше күн бұрын ғана, дәл осы жерде қатты жарылыс болып, елуге жақын адам қаза болды, – деді.
Естіп аузым ашылып қалды:
– Дәл осы жерде ме? – дедім.
– Иә, дәл осы жерде, – дейді саспай.
– Ал, ендеше! – деп өз-өзіме тіл қаттым.
Аң-таңмын. Ішімнен өзіме «Бұл жақта не істеп жүрсің» деп қоямын. Қарасам, жаңағы жарылыс болған жер ойылып жатыр, айналасы қап-қара болып күйіп қалған.
Әлгінде танысқан Бобтан:
– Анау шұңқыр жарылыстан кейін пайда болған ба? – деп сұрадым.
Ол «иә» дегендей, үн-түнсіз басын изеді. Колонна әуе- жай аймағының қақпасынан шығар-шықпас тоқтап, оққағарларымыз сыртқа беттеді. Сол жердегі әскери блокпосттың ішіне кіріп, автоматтарын асынып, көлікке қайта мінген соң жолымызды жалғастырдық.
Боб тағы маған қарап:
– Жан-жағымызды қоршаған мына бетон дуалдарды көріп тұрсың ғой. Оларды «Т Wall» дейді (қазақша «Т қабырға» деген сөз). Бетоннан құйылған, биіктігі үш метр қорғанның төмен жағы жалпақ келген. Төңкерілген «Т» әрпі секілді. Содан «Т Wаll» деп кеткен. Ал қабырға- ның қалыңдығы шамамен 40 см, – деді.
Байқап келемін, жолдың екі жағы түгел осындай дуалмен қоршалған екен. Бір-біріне тірей салуға оңай болсын деп қабырғаның бір жақ шетін, шамамен 15–20 см жерді жіңішке етіп құйған. Сонда жіңішке жақтары бір-біріне кірігіп тұрады. Орнатамын деп тағы жер қазып жатпайды. Кез келген жерге бетон қабырғаларды бір-біріне тіреп, ұзын дуал немесе бөгет салуға болады.
Қалаға кіріп келеміз. Жалғыз әуежайдың жолы емес, қала ішіндегі көшелердің қос қапталы түгел «Т» қабырғалармен қоршалған. Әр көше қиылысында бірнеше әскери блокпост. Жай емес, айналасы бетон дуалмен немесе ішіне құм толтырылған қаптармен қоршалған, арасынан бірнеше пулеметтің басы шошайып тұр. Жанында үстінде пулемет орнатылған әскери «Хаммер»-лер немесе оқ өтпейтін техника мен «БМП»-лар тізіліп тұр. Мен терезеден сыртқа қарап, айналадан көзімді ала алар емеспін. Бейне жау қаланы қоршап алып, біраздан соң шабуыл басталғалы жатқандай. Өмірімде алғаш рет бір жерден осынша ауыр әскери техника көргенім осы. Жан түршігерлік болса да қызығушылығым артып барады. Айнала толған қоқыс, лас. Жастин Тимберлейк түскен
«Уақытында» (In Time) фильмін еске салады.
«ПЕРҒАУЫННЫҢ МАЗАРЫ»
Таңертең кеңсеге бардым. Айдоспен бірге таңғы асымызды ішкеннен кейін қарулы күзетшілер келетін кеңсе алдындағы ашық алаңға жеттік. Зауытқа баратын адам көп екен. Кеңсе есігінің жанындағы қабырғада тізім мен көліктің нөмірі жазылған, сол жерден аты-жөніміз бен көлігіміздің нөмірін тауып алдық. Бұрғылаушылар, құрылыс департаментінің мамандары, тіпті ақпараттық технологиялар департаментінің мамандары да бар. Бұл жерде Ресей, Қазақстан, Ирактың жергілікті халқынан басқа 20 елден келген мамандар жұмыс істейді.
Зауытқа барардағы кеңсе алдындағы қарбалас бала кезімдегі ауылда мал айдайтын таңғы уақытты есіме түсіріп жіберді. У-шу, адамдардың даусы мен көлік мотор- ларының үнінен кімнің не деп жатқаны естілмейді.
Кенет біздің есіміміз естілгендей болды. Жақын барсақ, америкалық әскери қызметкер есімімізді дауыстап оқып тұр екен. Айдос екеуіміз бейжигімізді көрсеттік. Ол бізді көлігімізге апарып, бронежилет киіп алыңдар деп, өзі де кигізісті. Көліктің есігін шопыр екеуі екі жақтан ашып, біз мінген соң көлік жақтауындағы қауіпсіздік белдігін қолымызға ұстатты. Белдікті тағып алдық. Әскер есікті тарс жапты. Бәріміз жайғасқан соң қауіп- сіздік ережесін айта бастады. Тағы да кімнің нендей дәрі-әрмекке аллергиясы бар деп сұрады. Біз «жоқ» деп жауап бердік. Кешегідей нендей жағдай болса да, көліктен шықпай, мына қызыл түймені басыңдар деп ескертті. Басымды көтеріп қарасам, көліктің төбесіндегі тым жақсы шыны люкті алып тастап, орнына қалың темірден жасалғанын қойып қойыпты. «Көлікке обал болған екен» деп күлдім. Айдос та қосыла күлді.
Лагерьдің ішінде ақырын жүріп барамыз. Қақпадан сыртқа шығар-шықпас көліктеріміз айналып келіп, бірінің артына бірі тоқтай қалды. Біздің оққағарларымыз сыртқа шығып, құм салынған бөшкелерге автоматтарын қаратып қойып, оқжатарын сала бастады. Содан соң қайта көлікке мінді.
Бірінің соңынан бірі көліктер шығып жатыр. Бәрінен оққағарлар түсіп, автоматтарын оқтап алды.
Лагерьден шыққан бойда көлденең жол жатыр. Оң жақтағы жолмен тура тарта берсеңіз, Иран–Ирак шекара- сына жетесіз. Мұнда жүк көліктері көп жүреді екен. Сары түсті жаңа көліктердің қаңқасын тиеп алған, Ираннан келе жатқан талай автотасымалдаушы жүк көлігін көрдім. Сірә, Иранда қаңқасын жинап, қалған бөлшектерін Иракта құрастыратын болуы керек. Ал солға бұрылсаңыз, сәлден соң жол қайта екіге айырылады. Оңға кетсеңіз, мемлекеттің батыс жағына бет бұрасыз, яғни кешегі мен келген Бағдат жаққа барасыз. Бұл жол осы жердің халқы тұратын Бадра кентінің қақ ортасынан өтеді. Солға кетсеңіз, Иранға апаратын басқа жолға шығасыз. Алайда біздің зауытқа апаратын жол да осы. Жол сол жағы биіктеу келген төбелерді бойлай салынған. Төбелердің арғы жағы мұнай кені, оның дәл түбінде Иран шекарасы жатыр. Шекара төбенің басында жатқандықтан, ирандық шекарашылардың қорғаныс бекеттері көзге көрініп тұр.
Айтпақшы, бұл жақтың халқының бір ерекшелігі: үйдің сыртын біздегідей әдемілеп бояп, сырлап, кірпішпен қаптамайды. Қабырғаны шлакоблоктарға ұқсайтын сұр түсті үлкен кірпіштермен көтереді, сырты сол қалпы тұрады. Тек терезенің торын ғана әдемілейді. Сонысын оюлатып жасатады екен. Тағы бір безендіретін тұсы: үйдің қабырғасы сияқты сұр кірпіштен соққан дуалдың қақпасы. Көбіне қызыл болып келеді. Ол да неше түрлі оюмен өрнектелген. Одан басқа көзге түсерлік ешқандай инженерлік дизайн көрмейсіз. Бағдат көшелерінен де бар байқағаным осы.
Электр қуатын аз жейтін ақ түсті электр шамын қолданады. Көшедегісі де дәл сондай.
Әр үйдің шатырында су құятын пластик бөшкелер болады. Көлемі әртүрлі болғанымен, қолданылатын мақсаты біреу. Таза әрі күн көзіне жылынған су ішу. Сірә, біз жақтағыдай халықты жаппай сумен қамтитын инфрақұрылым болмағаны ғой. Сондағы байқағаным, дүниежүзінің алдыңғы қатарлы мұнай қорына ие мемлекет екеніне қарамастан, халқы өте қарапайым тұрады.
Соғыстан көз ашпаған байғұс жұрт қой. Бірде компаниямыздың Петербордағы бас кеңсесінен бір топ комиссия Дубайдағы біздің жұмысымызды тексеруге келді. Өзімізше ақпараттың бәрін дайындап, атқарған жұмысымыз жайлы комиссия мүшелеріне түк қалдырмай айтып жатырмыз. Әрине, жұмыс кино емес, қиындықсыз болмайды. Атқарған ісіміз жайлы, сонымен қатар алдымызда тұрған мәселелер туралы айтып, оларды шешу жолдарын да ортаға салып, талқылап отырмыз. Комиссия мүшелері ықпалымыз жетпейтін мәселелерге түсіністікпен қарап, ұсынып жатқан шешу жолдарымызды тыңдап, бас изеп, келісіп отыр. Біраздан соң құрылыс көлемі кі- шірек жобаны талқылай бастадық. Оны Ирактың жергілікті кішігірім құрылыс компаниясы салады. Құрылысы үлкен болмағанымен, шешімі табылмай жатқан мәселелері Алматының асқар тауларындай еді.
Комиссия мүшелері бізді тыңдап болған соң әлгі компанияның бас директорын кеңсеге шақыртып, оған біраз ескерту жасады. Компанияның атын қара тізімге енгізіп, бұдан былай тендерге қатыстырмаймыз деп те ескертті. Сонда компанияның бас директоры отырған жерінде: «Біз 40 жыл бойы халықаралық санкция қысымында өмір сүріп келе жатқан халықпыз, сіздің қара тізіміңізден қорқарымыз жоқ» деп шорт кесті. Кабинет сілтідей тына қалды. Дубайдың тоңазытқыш сияқты мұздай кеңсесінде шыбын да жоқ, әйтпесе ұшқан ызыңы естілер еді. Комиссия мүшелері не дерін білмей үн-түнсіз.
«Неткен жүрек жұтқан адам!» деп ойладым. Сол бір сәтті жиналысқа қатысқан әріптестерімнің ешқайсы ұмытпас. Басымыз қосыла қалса, сол оқиғаны жиі сөз қыламыз. Бұл халық сондай. Ешкімнен қорықпайды.
ДУБАЙДАҒЫ ЭКСПАТТАР ӨМІРІ
Балалар халықаралық мектепте оқиды. Мұндағы оқушылар шамамен елуден аса елден келген. Оқу ақысы да қымбат. Оны жұмыс істейтін компаниямыз төлейді. Ол жағынан қиналмаймыз.
Өзім бала кезімде 1-қыркүйек күні-ақ мектептен қашқым келіп тұратын. Бұл жақта, бір қызығы, балалар мектепке баруға құлшынып тұрады. Ауырып үйде қалса, мектепке барамын деп жылайды. Тағы бір ерекшелігі: оқу жылы маусым айының соңына қарай аяқталады. Сонда балаларым жазғы демалыстың бірінші күні таңертең тұрып, «мектепке барамын» дегенде, қатты таңырқаушы едім.
Қызым Айғанымды таңертең 06:40-та мектептің арнайы автобусы үйдің жанынан алып кетеді. Ол кезде жасы бесте. Дубайда әртүрлі жүйемен (жергілікті, британдық, америкалық, француз, ливандық, тіпті орыс т.б.) оқытатын төрт жүздей мектеп бар. Оның жартысы жергілікті жүйемен оқытатын мемлекеттік мектептер болса, екінші жартысы жекеменшік. Бірге жұмыс істейтін әріптестерімнің көбі балаларын «Raffles International School» дейтін британ мектебіне бергендіктен, біз де соны таңдадық. Мектеп әлемдегі ең қымбат «Burj Al Arab» жеті жұлдызды қонақүйінің жанында. Британ жүйесі бойынша мектепке 3-4 жастан бастап баруға болады. Балабақша іспеттес KG-1 (Kindergarten-1), KG-2 (Kindergarten-2) дайындық жылдарын өткеріп, бірінші сыныпқа барады. Жиыны 13 сыныптық мектеп. Айғанымның KG-2-ге ба- рып жүргеніне 2 ай болған. Шыны керек, қиналып жүр. Ағылшынша білмейді, мұғалімі не айтқанын түсінбейді. Алматыда барып жүрген үйдің жанындағы «Қонжық» балабақшасында аздап ағылшын тілін үйреткен. Ол кезде «Осы кішкентай балалардың басын қатырып бұл жаста неге ағылшынша үйретеді екен?» деп іштей ойлаушы едім.
Енді соған қуанып жүрмін, осы жақта мектепке барарда баланың сонда үйренгенінің көп көмегі тиді. Ауызша жүзге дейін санауды, пішіндер мен әліппені үйретіпті. Соның арқасында мектептегі қабылдау емтиханын еш қиналмай тапсырды. Иә, дұрыс оқыдыңыз, бұл жақта баланы бірінші сыныпқа аларда емтихан тапсыртады. Онда бала ауызша жүзге дейін санауды, пішіндер мен әліппені жатқа білуі керек. Әріптестеріммен бірге балаларды мектепке орналастыруға апарғанымызда, қабылдау комиссиясындағы келіншек бізге «ТМД елдерінің балалары мектепке түк білмей келеді» дегенде «Мұнысы несі? Баланы мектепке оқу-жазуды үйренсін деп бермеуші ме еді?» деп қатты таңырқағаным бар-тын. Айғаным мектепке алғаш барған күні қызық болды.
Жазғы демалысты Қазақстанда өткізіп, Дубайға оралдық. Алғашқы кезде Қазақстаннан Дубайға тікелей ұшақ ұшпайтын. Біздің ұшақ кешкі сағат 11-дің кезінде Абу-Дабиге қонды. Паспорт тексерісінен өтіп, жүгімізді алып, таксимен Дубайға жетіп, үйге келіп ұйықтағанша сағат түнгі екі болды. Таңертең сағат 6:40-та мектептің автобусы Айғанымды үйден алып кетуі керек. Біз телефондағы оятқышты қосып, ұйықтап қалдық. Таңғы сағат 6:40-қа таяу оятқыш шылдырлады. Жұбайым Мөлдір тұрып, Айғанымды оятып, киіндіріп, тамағын беріп мектепке дайындап жатыр. Балконнан есік алдына қайтақайта қарап қояды. Автобус келер емес, уақыт өтіп жатыр. Сосын Мөлдір автобус жүргізушісіне телефон шалып, қашан келесіз деп сұрады. Жүргізуші ұйқылы-ояу бірдеңе деді де, телефонды тастай салады. Үнді акцентіне үйренбеген Мөлдір оны түсіне алмай, тағы 5-6 рет телефон шалады. Не деп жатқаны түсініксіз. Ақыры соңғы рет телефон соққан кезде барып: «Мадам, қазір сағат таңғы 4:30, ал автобус баланы сағат 6:30-да алып кетеді. Енді екі сағат күтіңіз» дегенін түсініп, Мөлдірдің қатты қысылғаны бар.
Сөйтсек, Қазақстаннан келгеннен кейін сағатымызды Дубай уақытына ауыстыруды ұмытып кетіппіз. Екі ел арасындағы уақыт айырмашылығы 2 сағат. Біз жүргізушіні 6:30-дың орнына, сағат 4:30-да оятып алыппыз. Сөйтіп, түннің бір уағында тұрған Айғаным тағы екі сағат ұйықтап, қайта тұрып, мектепке кетті. Бейшара жүр- гізушінің де ұйқысы бұзылғаны обал болды. Қазір күлкілі болғанымен, ол күні күлуге шамамыз болған жоқ. Бала мектепке ұйқылы-ояу барған еді.
Үйге келгенде:
– Әке, мен мұғалім мен балалардың не айтқандарын түсінбеймін, – деді.
– Қорықпа, жаным, мектепке жай ғана барып жүрсең жетеді. Уақыт өте үйреніп кетесің, – дедім.
Сол мектепке барғалы бір-ақ ай уақыт өтті. Сол аз уақытта ағылшын тілін тәп-тәуір меңгеріп қалыпты. Онысын үйдің артында ойнап жүргенінде байқап, өзім де таңғалдым. Бір қызбен ойыншықты бөлісе алмай: «You not friend me», яғни «Сен маған дос емессің» дегенін естіп қалдым. Қате айтса да іштей ырзамын. Сонда айналдыр- ған бір айдың ішінде өз ойын жеткізе алатын деңгейге жеткені ғой.
Бір жарым жастағы Бауыржанның тілі енді-енді қазақша шығып келе жатқан болатын. Жасы екіге толмай жатып ағылшын тілінде оқытатын балабақшаға бердік.
Айғаным мектептегі күнделікті болатын жағдайды бізге айтып жатса, Бауыржан көп уақыт ағылшынша сөйлегісі келмей жүрді. Әйтеуір, мамасы таңертең апарып тастайды, түскі он екі шамасында үйге алып келеді. Бауыржан Айғанымнан да қатты қиналып жүрген болар, бізге балабақшада нендей қиындыққа тап болғанын айта да алмайды ғой. Ойнап ағылшынша сөйлей бастасаң, «Айтпааааа олай!» деп жылайтын.
Біздің ауданда тұратын оқушыларды таситын арнайы мектеп автобусы бар. Балаларды дәл үйдің алдынан алып кетеді, сабақ біткеннен кейін солай қайтып әкеледі. Әр автобуста шопыр және көмекші филиппиндік әйел отырады. Ол кісі таңертең автобус үйге жақындағанда бала- ның ата-анасына телефон соғып: «Ханым, қайырлы таң тілеймін! Үйіңізге 2-3 минутта жетіп қаламыз, есік алдына шыға беріңіздер» дейді.
Таңертең мектепке әкетерде әр баланы ата-анасынан жеке-жеке қабылдап алып, мектепке жеткен соң, ешбір бала жоғалып кетпесін деп қадағалап отырады. Ал бала таңертең автобусқа бірнеше минут кешігіп жатса, ол кісінің ашуланып отырғанын бет-жүзінен-ақ байқайсыз. Алайда бір ауыз қатты сөз айтпайды. Оларды да түсінуге болады. Әр бала кешіге берсе, автобус та мектепке уақытында жете алмайды ғой. Сондықтан ондай тәртіпке балалар да әбден үйреніп қалған.
Таңертең ерте тұрып, беті-қолын жуғаннан кейін асүйге қарай бет алады. Ас үй мен төр бөлмені мейрамханадағы ұзынша бар үстеліне келтіріп жасаған терезе бөліп тұрады. Төр бөлме жағынан қойылған екі биік бар орындықтарына қызыға орналасқан балалар таңғы асын ішіп, автобустарына асыға шығып кетеді.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.