ӘКЕЛЕР ӘЛЕМІ ӘКЕЛЕР ӘЛЕМІ

ӘКЕЛЕР ӘЛЕМІ

10.11.2024 0 32

Темірхан МОМБЕКҰЛЫ ТҮРКІСТАН, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, велосаяхатшы Қазақы орта Созақ өңіріндегі туысқандарымыздың қазақы болмысы — өте күшті . Ынтымақты. Жанкешті. Қайсар. Талапшыл. Ширақ.... ӘКЕЛЕР ӘЛЕМІ

Темірхан МОМБЕКҰЛЫ ТҮРКІСТАН,

Қазақстан Жазушылар Одағының
мүшесі, велосаяхатшы

Қазақы орта

Созақ өңіріндегі туысқандарымыздың қазақы болмысы — өте күшті . Ынтымақты. Жанкешті. Қайсар. Талапшыл. Ширақ. Елгезек. Ізденімпаз. Дарынға бай. Бұрыннан ойлаған, көзім жеткен бір шуақты да нұрлы шындық еді бұл. Ал бүгін жарықтық Мұқаңның осы екі аймаққа ерекше назар аударғаны есіме түсіп, ойға кеттім. Мұқаң әуелі өзі туған топырақ Абай әлемін тереңнен қопарып көрсетті ғой. Бұл — табиғи жағдай. Қай суреткер де дәл осылай етеді. Мұқаң — талай жерді көрген, аралаған, тіпті шетелдердің де талайын аралаған жақсымыз. Ал Қазақстанның өз ішінде осы екі аймақтағы болмыс-бітім, өмір-күрес жайында көбірек қалам тербеді. Ықыласы ауды дегендей. Данышпанның бұл қадамы — тегін емес-ау. Жүрегі тереңнен сезген шығар. Мені осындай ойлар баурады. «Шаянға барсаң әншімін демее, Созаққа барсаң күйшімін деме» деген ұлағатты сөзі бекерден-бекер нақылға айналған жоқ-ау. Әуез немересі Омарханұлы Мұхтар жарықтықты айтып отырмын. Ұлы Мұқаң айырықша назар аударған осынау Созақ аймағымыздың ауасын жұтып, жусанына жүзін жуып өскен бір жасампаз қазақ Смағұл жайында сыр толғамақпыз. Есенсарыұлы Смағұл.

Смағұл Есенсарыұлы

Смағұл ағамыздың өзіне жолығып, үлпеттесудің ешбір сәті түспеді. Екінші Дүниежүзілік соғысқа төрт рет өзі сұранып барған тағдырға ерекше қызықтым да, сол жасампаздың өзімен сырласуға ынтық болдым. Алматыға келгенде, құдалық, басқа да жайлардан қолы тимей қалады үлкен кісінің. Мен Созаққа барып, сонда жолықпаққа бекіндім. Сөйтіп жүргенде, Смағұл ағамыз аттанып жүре берді. Сонда Ғалымға «Ақыры үлгермедік,ә!» деп қатты өкіндім. Көп нәрседен ылғи да кеш қалып жүретін әдетіміз баяғы. Ғалымның өзі де әкесінен біраз жайға қаныққан ғой. Әйтсе де, мен басқа адаммын, балаларына айта алмайтын небір сырлары болды ғой. Солар түгел ішінде кетті-ау! Ал ол сырлар — біздің халқымыздың бұралаң жолдағы тарихы ғой. Осы тарихты Смағұл ағамыз ана дүниеге өзімен бірге ала кетті. Оған Ғалым екеуіміз айыптымыз. Содан, Ғалымның өзімен сұқбаттасу арқылы біраз жайға қандық дегендей. Өмірбаян деректеріне ден қойдық. Ғалымның әке жайындағы, сұқбаттаса отырып иін қандырып жасаған радиохабарына ден қойдым. Сөйтіп әкелер әлемін жүрегіме ұялаттым-ау.

***

Ал енді Смағұлдың негізінде, табиғатында бар еді. Әкесі Есенсары арабша оқыған молда. Төте жазумен жұртты оқытқан. Сөзге жүйрік, заманында айтысқа да түскен. Бұл дүниенің сырына көп бойлаған ойшыл қазақ еді ғой. Кирилліңе де қамшы салдырмайды. Білімдар адам. Мұсылманша сауатты, ұлттық салт-жораға да, шариғат жосықтарына да жүйрік болатын. Ақ-қызылдың шарпысуы, аштық, тәркілеу, қуғын-сүргін, асыра сілтеу, сәт сайын мың құбылған саясаттар мен мүдделер арпалысы — осындай тым алмағайыпты, қилы кезеңдерде «Өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын» жолды ұстанып, қандай тірліктің де қиюын таба білген майталман. Табиғаты таза. Қаншама молдалары бар өңірде атақты Шойынбет би өзінің жаназасын шығаруды басқаға емес, тек осы Есенсарыға аманаттауы — имандылығына да, тазалығына да, сауаттылығына да сенгеннен еді ғой. Осындай әкенің тәрбиесін көріп, шыңдалған Смағұл діліне берік, адалдық пен әділетті жүрегінің ділі қып ұстанған қазақ еді. Қауым үшін жүгірсе де — қалтсыз көңілмен алып ұшып тұрды.

Смағұл ақсақал қосағы Ақболтай анамен бірге.

 

Бір әулеттен үш бала бірдей Екінші Дүниежүзілік соғысқа араласқан. Және бернеше реттен. Небір-аламан-тасырды, қаншама қиямет қайымды бастан кешірген. Шынында да осы әулетті Құдай сақтаған. Үшеуі де соғыстан тірі оралған. Ысқақ пен Смағұл ауыр жараланған. Небір қатерлі сәтті бастан өткерген. Әйтеуір мейірімі шексіз Жаратқан Иеміз аман сақтады. Тірі келді. Тірі ғой. Ең бастысы — тірі. Құттықтаушы ағайынның да, бұлардың да көңіліне демеу болғаны — сол перзенттердің тірілігі. «Сондай да күндер өтті ғой!…» деп күрсінеді екен Есенсары ақсақал. Біздің бауыр-жұртымыз нендей туқыметті бастан кешпеді. Күллі қазақтың басына түскен ауыртпалықтар осындай еді ғой. Бұл әулеттің тағдыры — өзіміздің бауыр-жұртымызға тән тарих. Сынып кетпей, біржола жүнжіп кетпей, құрып кетпей, өзін-өзі сақтады. Соған шүкір дейміз.

***

Есенсарының ағасы Жаңабай, оның ақнекелі жары — Тотай. Олардан Нәлкен туады. Тотай — үлкен. Балалар жағы әже десе, кеюана «Мені әже демеңдер, апа деңдер» дейді ғой. Сол екі арада жас келін Сәндігүл «Онда мені әже деңдер» дейді. Кеше жүзге толып өмірден өткен Сәндігүл жастайынан әже атанды. Жаңабай дүниеден өткен соң, Тотайды әмеңгерлік жолмен Есенсары алады да, одан Ысқақ пен Смағұл туады.

 

Парыз

Комсомол қатарына ертерек еніп, қауым ісіне білек сыбана аралассаң, бұл-дағы бір оңды іс-әрекет еді. Сол алға ұмтылыстың, игілікті іс-әрекеттң ортасына ұмсынып тұратын табиғаттың жетелеуі ғой; комсомолға ертерек өту үшін жасын қосқызып жаздырғаны да. Дүние есігін ашқан уақыты 1924 жыл болатын. 1923 жыл деп жаздырады ғой. Соғыс бастала салысымен комсомолдар жиналып, өз еріктерімен майданға аттанады ғой. Он алты-ақ жаста. Смағұл ағамызды Алматыдағы офицерлер дайындайтын училищеге алады. Ойы — майданға бару. Бірақ дәрігерлердің арнайы комиссиясы тісіне қарап шын жасының он алтыда ғана екенін біліп қойып, қайтарып жібереді. Ақыры, не керек, ұзамай, тағы да өзі сұранады майданға. Сөйтіп Чкалов қаласының түбіндегі Тотский станциясына түседі, снайперлер дайындайтын училищеге қабылдайды. Үш айлық дайындықтан соң, соғысқа аттанады. Курск аймағындағы жан алысып, жан беріскен шайқас кезеңі дегендей. 18 снайперді Орлов қаласына апарып, 29-атқыштар полкіне қабылдайды. Атқан оғы мүлт кетпейтін снайпер талайды мұрттай ұшырған. Орлов қаласын босату үшін болған қырғын шайқасқа қатысады. Тоқішегінен оқ тиіп, түн ішінде самолетпен Иванова қаласына апарып, операция жасап, оқ алынады. Екі күн жатқан соң, пойызбен Улан-Уде қаласындағы госпитальға апарып емдейді ғой. 11 ай жатып, тексеруден өткізеді, медициналық сараптаудың 34-бабы бойынша «Соғысқа жарамайды, тылда жұмыс істейді» деп Иванова қаласына жібереді ғой. Ал ол жақтан Москвадағы генералдар оқитын ғимаратты жөндеуге жөнелтіледі. Сонда госпитальдан шыққан жаралы 16 солдатқа басшы болып, жұмыс істейді. Сол жерде ғой, күніне екі адамды соғысқа жібереді. Турасын айтсам, қашырып жібереді. Ақырында өзі де аттанады. Ашығын айтқанда, соғысқа бару үшін қашады.

***

Ал енді осы ұмтылысты қазіргі көбіміз соншалықты жете түсінеді деп айта алмаймын. «Отанға қауіп төнді! Қорғау керек!» Бар түсінік — осы. Қасиетті түсінік. Өйткені жанды-жансыздың бәрі үшін де ең қасиеттісі — Отан! Жан-жануар, өсімдіктер дүниесіне дейін. Ал адам баласы үшін Отаннан қасиетті ештеңе жоқ қой.

***

-Соғыстың аты – соғыс. Адам «Өліп қалам-ау!» деп ойламай тұрмайтын шығар. Өзіміз соғысып көрмегенбіз. Қандай психология болатынын білмейміз ғой. Бір емес, бірнеше рет барған. Қорқу жағы қалай екен?- деймін ғой Ғалымға.

-Папамнан о жағын да сұрадым ғой. Әуелі Курск доғасындағы соғысқа қатысып, жараланып, ауруханаға түседі. «Комиссияға салып, бері жөнелтіп, ақырында Москвадағы Бас Штабтың бірдемесін жөндеп жатырмыз», сержант болған, қарамағына он алты адам берген, содан «Күніге екі адамды соғысқа қашырам» дейді. «Соғысқа қашып кетті. Батысқа» деп, күніге екі адамның документін апарып беремін. Сөйте-сөйте, Өзбекстаннан келген Трохин деген орыс бар еді, сол екеуіміз ғана қалдық. Трохиннің аяғынан, менің жамбасымнан оқ тиген. Ең ақырында Трохин екеуіміз соғысқа қаштық. Бір пойызбен өңкей жас балаларды әкеле жатыр екен, жүгіріп барып мініп алдық, алдында мінгізбейді, пойыз жүріп бара жатқанда, міндік. Бір жас офицер болды, эшалонның ішінде штаб бар екен, «Мыналар – қашқындар» деп екеуімізді сонда айдап апарды. Бір Совет Одағының Батыры пойызда командашы екен. «Мыналар – қашқындар, ұстап алдық» деді соған. «Қайдағы қашқын! Біз – мынадаймыз. Міне документ. Біз соғысқа барамыз. Соғысқа барғымыз келеді» дедік. Бір жерге барғасын бүкіл солдат жерге түсті. Бүкіл солдатты сапқа тұрғызды. Біз екеуімізді алға шығарды. «Міне, нағыз вояктар! Соғыстың иісін біледі. Сендер – жассыңдар» деп бізді үлгі қып көрсетті ғой. «Міне, тағы соғысқа кетіп бара жатыр. Екеуі де жарамайды, жаралы өздері»» деп, дереу бұйрық берді: «Ешкімге чест бермейсіңдер, еркін жүресіңдер» деді. Себебі, Трохиннің аяғы шолтаң ете қалатын да, менің де жамбасым чест бергенге келе бермейтін. Ашпыз. Содан бізге консерві, тамақ берді. «Содан тамақты ұр,ә» деп қояды папам. «Тамағын жеп жатырмыз. Украинаның Бобруск деген жеріне барған кезде, айтты: «Соғыс бітіп жатыр. Үйлеріңе, әке-шешелеріңе қайтыңдар» деп бізді тастап кетті. Айтсақ, көнбейді. «Абайлаңдар, әлі күнге кейбіреулердің подвалында немістер жатады екен, босқа оққа ұшып қалмаңдар» деді.

Созақ ауданының ардагерлері

Бұл енді кезекті бір баруы ғой. Ал 1945 жылы өзі сұранып Жапонияның соғысына кетеді. Сөйтіп жүре береді.

-Штабта бір жыл, екі жыл жұмыс істеп жүре берсеңіз, үйге қайтатын едіңіз ғой. Не бар соғыста? – деймін ғой.

-Соғыста үлкен адамдар қорқақ болады екен. Ал жастар түк қорықпайды екен. Түк! «Ағаш көтеріп, сүйретіліп жүреміз бе, онан да соғысқа кетеміз» дедік. «Өлеміз-ау деп ойламадық» дейді. Сөйтіп өз еркімен төрт рет барған ғой. Папамның мінезі қаталдау. Бетке айтатын.

***

Жастық шіркін қорықпас

Жалтақтамас, бір бұқпас

Төрт рет барды соғысқа

Қарттығымыз мұны ұқпас

Қасқайып қарсы тұрыс та —

Өзіне салсаң дұрыс та

«Жаныңды қалай қиярсың?!»

Жастыққа бұлай ұрыспа

Жазығы жоқ жастардың

Айыбы бұл — басқаның:

орыс-герман — бақастар,

Қу соғысты бастадың

Кесепат қой — жаманнан

Бақастықтан аспадың

Талай елді азғырдың

Жала жауып жазғырдың

Тура жолдан аздырдың

Тарихын теріс жаздырдың

Аштықпенен құрсаулап

Жүрегін ылғи саздырдың

Сызды жерді баспадың

Тәлкегіне тағдырдың

Аямастан тастадың

Тайталасса қарысып

Жауыздықпен басқа ұрдың

Айдауыңа көнбесе

Аярлықпен жасқадың

Іс түскенше басыңа

Ештеңеден саспадың

Қиямет күні төнгенде

Ойладың тек бас қамын

Құрбан болған соғыста

Төгілді талай жас қаны

Адамзатқа сор болған —

орыс-герман сойқаны…

***

Ысмағұл кетті қырғынға

Жүректер іздеп бұлқынған

Ата-ана күтті зарығып

Бойжеткен тосты талығып

Ақбозат қалды ерттеусіз

Тұнжырап Дала кеуілсіз

Қасап-соғыс — тойымсыз

Жалмауыз екен кенеусіз

Балалар қалды елеусіз

Еркелеуге — желеусіз

Шырылдап жатты сәбилер

Бесігіне бөлеусіз

Қанмайданда боздақтар

Арам қатты көмусіз

Жапырақ жаймай боздап тал

Дала жатты селеусіз

Қамбаларда қозғалмай

Дәндер шіріп себусіз

Еңселерін жаза алмай

Қырыс — қабақ, көңіл — сыз

Жындар билеп, құлшынған

Қасиетсіз, киесіз

Қиылып түсті қыршындар

Адамзат қалды иесіз…

Сайтан-болмыс жыртыңдар

Әзәзілдер құтырған

Сөйленген сөздер жүйесіз

Бағы да кештеу су ішті

Тұйғын ит те сүреңсіз

Әні қалды айтылмай

Ауыл — жым-жырт, күлкісіз

Кетер ме екен қайырылмай

Тағдыр шіркін — белгісіз

Іштегі арман айтылмай

Тұншығып шермен, апырмай

Батпағында кәпірдің

Оққа ұшып қарғам жатыр ма-ай?!

Үміт пен күдік алысқан

Жағаға қолды салысқан

Белалғанда қорқыныш

Үміттің жағы қарысқан

Үміт кейде — арыстан

Күдікті жеңіп жанышқан

Қауышу

— Әкем Жапониядағы соғысты да бітіріп, ауылға 1947 жылы бір-ақ оралады ғой. Соғысқа кетерде бір тазысы болады. Соғысқа он алты жасында кеткен. Жас бала ғой.

Ауыл тыншыған. Екі ағасы да соғыстан кеп қойған. Халық есін жия бастаған кез. Сонда атам тазыны ертіп бір жаққа кеткен екен. Атпен кетеді ғой, қамбашы ма, мал қайырып жүрген бе, әйтеуір бір жұмыс істеп жүрген. Әйтеуір ауылда емес екен. Папам келіп, бүкіл ауылда той боп жатыр ғой, той дегенде, келген жұртқа талқан беретін шығар, болмаса, ешкі ме, қой ма, соятын шығар, сөйтіп мәре-сәре боп жатады, атам ауылға жақындап келген кезде, жаңағы тазы үйге қарай зуылдады дейді ғой. «Бұл неғып бүйтті?» деп атам да түсінбей қалады. Атын тебініңкіреп келеді. Келсе, үйдің іші адамға толы екен, папам төрде отыр, сонда, жаңағы Тұйғын есіктен кіріп кеп, төрге атылды дейді ғой. Сөйтіп папама барып жабысқанда, сол жерде отырған адамның бәрі жылады дейді.

***

Олар түгілі, бұл асыл хикаяны машинкаға басқанда, менің де бүкіл денем дуылдап, көзім жасқа толып шыға келді. Ойыңа әрдеңе түседі екен. Күллі адамзаттың дүниетанымында иттің адалдығы жайында небір әпсаналар бар ғой. Ал енді жаңағы жануардың қылығы – жай ғана адалдық емес қой, қасиетті құбылыс. Өз басым осылай түсінемін.

***

-Иттің берілгендігі… Осыны айтқан кезде, менің өзімнің де көңілім босайтын, — деп жалғады Ғалым.

-Иттің адалдығы дейміз. Иттің де сырттандары бар ғой. Қазақтың даласындағы сол кездегі иттердің бәрі жақсы еді. Қазір қарасаң, қанден бе, бірдеңелер қаптады. Шала ит қаптап кетті. Бұлардың иттік қасиеті де жоқ, миы да жоқ. Бұл иттерің шәуілдейді де жүреді. Баяғы иттер – қандай иттер! Олардың тұқымы да – асыл, қылығы, іс-әрекеті де – асыл, — деп түйіндеді Ғалекең.

***

Шаңырақтың иесі —

Есенсары әкесі

Тұйғынмен жүрген мал бағып

Жұлдыздай ақты бір қарғып

Арбады ненің елесі?

Заулаған бойы үйге кеп

Атылды оқша ит-серек

Төрде отырған Ысмағұл

Көрініп көзге тым ерек

Жарықтық иттің адалы-ай

Құшағына құлады-ай

Зарығып тосқан иесін

Отырған қауым жылады-ай

Көзінің жасын бұлады-ай

Зарықтырған тектіні

Алағай заман, бұлағай

Адамзат-ау, бұл қалай?

Алты жылдық қырғында

Кеуде керіп герман да

Қанқасап қып орыс та

Өлімші боп тұрғанда

Талай жұртты аздырды

Өзгелер босқа құрбан да!..

Ес кіре ме адамға?

Ынтымақ керек жаһанға

Тыныштық керек адалға

Шамдан, мейлі, шамданба

Ештеңе жетпес жалғанда

Татулық пен аманға

Айып тақпа заманға

Заманның кілті — адамда

Мұны ұқпаса адамзат

Қасырет нағыз — жаман да!

***

… Періште сәби, қадамда

Бейбітшілік заманда

Бақыты сенсің өмірдің

Қым-қуыт мынау ғаламда!

 

Алғы күндерге жалғаған

Ата-бабаларымыздың мама-аналарымыздың, әке-шешелеріміздің алдында қарыздармыз біз. Бәріміз. Бұл қарыздарымызды қалай өтер екенбіз?!

Сондай ауыртпалықты, мың құбылған ойнамалы саясаттардың тұстарында аман қалып, Ел игілігіне талмастан қызмет ету, Самағұл әке мен Ақболтай ананың он перзентті әдімұлыққа жеткізіп, оқытып, тоқытып, баулып, мына өміріміздің шырайын арттыруға хал-қадерлерінше ақадал көңілмен септесіп, кісілік парасат, болмыстарымен жүргендерінің өзі — ұлы құбылыс қой.

***

1947 жылдың 22-мамырында соғыстан келіп, бес жыл «1-Май» бастауыш мектебінде ұстаз болып қызмет етеді. 1959 жылы Шымкент қаласына барып кітапханашының арнайы оқуын өте жақсы бағамен бітіріп келеді. Қауым ісіне де, кәсібі мен мамандығына да, жалпы игілікті іс-әрекетерге құлшына кірісетін табиғат ұзамай-ақ көптің ыстық ықыласына бөленіп, кімсің пәленше бола бастайды ғой. Соғыстан кейінгі ауыртпалықты кезең. Шаруашылықтар да, адамдардың көңілі де ортайып қалған тұс. Үңірейіп тұр барлық жерде. Мамандықты тез игеру керек. Білгенің бойынша жұртқа қызмет қыл. Үйрет, көңілін көтер, жігерлендір. Серпіліс керек. Алға жалғассын. Өзіңмен бірге ілгері ұмсынта біл. Мәдениет қызметкерлері кітапты елге таратып, үгіт, концерттік бригадалар ұйымдастырып, малшылар қауымына, жалпы жұртшылыққа маңызды-маңызды кештер, салтанаттар ұйымдастырады. Осы игіліктердің ортасында, басы-қасында Смағұл жүреді. Тынбай. Баяғы табиғаты, барымен ұмсыну. Ақадал қызметі сол баяғы. Кітапхана, клуб жұмысы Смағұл араласқаннан бастап-ақ ерекше сипат алып, облыс бойынша бірінші орын алуы — үйреншікті жайға айналады. Ендігі жерде бай тәжірибесін айналаға өнеге ретінде тарату жай тұр еді. Жалпы жұртшылық та, оқырмандар да, тиісті саланың мамандары да осыны құп көреді дегендей. «Құмкент», «Баба-Ата», «Калинин», «Сызған» «Созақ», «Жуантөбе», «Тасты», «Шу» кітапханаларына арнайы барып іс-тәжірибелерін ерінбей-жалықпай үйретіп, отандастарымызды рухани әлемнің қызметіне баулып отыруы — өз алдына бір хикая. Сол баяғы көп үшін барымен ұмсынатын ділдің тірлігі ғой.

 

Адалдық

Ауданның магазині, поштасы кісіден арылмайды ғой. Әсіресе зейнетақы түскен күндері. Поштада адам ырғын. Смағұл қарт та барады. Ақболтай анамыз бірге жүр. Ақсақалына қарағанда жастау, оның үстіне, әйел адам, анау-мынау тірлікке икемділеу дегендей. Отағасын ертіп келген есебі ғой. Алайда қазақы болмыстағы аналардың бір ұстанымы, сүйектегі қасиеті ерінің шаруасына көп араласа бермейді, әсіресе жұрттың көзінше. Сол болмыстың дегеніне бағып, алыстау, анадай жерде қарап тұрады. Жасы келген қария, ентелескен жұрт ақсақалды кезексіз жібереді, әрине. Зейнетақысы қолына тиді. Санап көрсе, артық. Пошташы қызға артық екенін айтып, қайта береді. Қыз қайта санайды ғой. Артық еместігін айтып, қайта береді. Жұрт болса тызақтап тұр. Іштерінен не айтып тұрғандарын Құдай білсін. Содан сыртқа шығып, алыстап кетеді ғой. Көңілдегі күдігі кетпей, былайы шыққан соң Ақболтайға «Мынау артық сияқты, сен санашы» дейді ғой. Санайды дереу. Артық. Содан, не керек, әлгі артық соманы алады да, алыста қалған поштаға Смекең қайта барып, шуылдаған жұртқа сөйлейді ғой. Сөз нобайы, «Мынау артық екен. Сонша шуылдадыңдар. Әркім өстіп артығын ап кете берсе, мына қызға обал емес пе!» дегенге саяды, пошташыға да «Шырағым-ау, ықтиятты болсайшы» дейді ғой.

Көптің игілігі — өз игілігі

Көптің тірлігі дегенде, қарап тұра алмай, бірден араласа кететін адамдар болады. Біздің Ғалым сол табиғаттан. Қай жерде бір жаңа бастама, игілік, көпшілік ұйысқан жерді көрсе, соның басында немесе қалың ортасында осы Ғалым жүреді. Сөйтсем, атасы Есенсары да, әкесі Смағұл да осылай екен. «Қан деген қалай,ә!» деп таңқалдым. Ата-әке-немере. Үшеуінің де табиғаты — бір. Бойбағып шет қалу деген жоқ. Көбінесе бастамашыл ауанмен жүргендері..

***

— Кітапхана бай еді. Аудан бойынша кітапханамыз алдыңғы қатарда болды. Сол кітапхана жөнінен папам озат та атанды. Қағаз қораппен келіп түседі. Алты-жеті қорап болады. Үйге әкеліп, қашан документін реттеп бітіргенше, ашпаңдар дейді. Кітаптың да документі бар. Бірақ біз оған дейін шыдай алмаймыз, жайлап қораптың шетін жыртамыз, қандай кітап келгенін көреміз. Папам ол жағына өте қатал, білсе, ұрсады. Кітаптың бәрін жаяды да, инвентаризация деген болады, қай кітап қай серияға, қай топқа жатады, барлығын жүйелейді, нөмірлейді.

Жақсы білем, кітапхананың жұмысы – ауыр. Сонда жаңағы Жорашбек, Әуезбек, Шыныбек бастаған ағаларымыз терезенің алдында тұрады. Біздің аңдып жүргенімізді папам біледі, қасына келсем, «Кетіңдер» деп қуады.

-Документтерінің бәрін дұрыстап қояйық, кітапханаға апарып қоям, сосын көресіңдер, — дейді.

***

Есенсарыұлы Ысмағұл

Аты шыққан сыпа бұл

Төрт реттен соғысқа

Сұранып та барған ұл

Аман-есен қайтқан дүр

Көргендерін ұлысқа

Шежіре қып айтқан бір

Қайсарлығы — дұрыс та

Қауым мақтан қылысқан

Құр емес-ті ырыстан

Жақсылармен ұғысқан

Кітап жиып оқыған

Көкейіне тоқыған

Көппен бірге толқыған

Қалайтын жан толыны

Толтырам деп олқыны

Кітап-мұхит: Алаштың

Кем-кетігін толтырды

Білігімен ары асты

Талай істі болдырды

Қауымына қарасты

Елге бақты қондырды

Көздегені — жарастық

Жүрегінде сол тұрды!

 

Жасампаз болмыс

 Майданда да, бейбіт өмірде де марапат, мақтау, алғыс алып жүрді. Смағұл ағамыз Жартытөбе совхозында Ардагерлер Советінің төрағасы болып үш жарым жыл істеді. Аудандық Ардагерлер Кеңесінің мүшесі, Пленум мүшесі болды. Созақ ауданы бойынша соғыс ардагерлері арасында жақсы жұмыс істегені үшін Екінші Дүниежүзілік Соғысының Батыры, авиация маршалы А. Силантьев «На грудное знаком СКВВ» белгісімен марапатталады. Шалғайдағы елді мекендерде кітапхана ісін жандандырып, үгіт-насихат жүргізгені Қазақ ССР-і Мәдениет министрі меен Қазақ ССР-і Кәсіподақ председателінен, Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитет секретарынан, облыс, аудан, совхоз басшыларынан дипломдарымен, мақтау қағаздарымен марапатталған. Ең бастысы халқының алғысына бөленді.

Аққолтық ауылындағы Шоқан Уалиханов атындағы орта мектеп кітапханасына Есенсарыұлы Смағұлдай жасампаз қазақтың атының берілуі де — туған халқының ардагерге деген ыстық ықыласының нышаны еді ғой.

Ата-бабаларымыздың  әже-аналарымыздың, әке-шешелеріміздің алдында қарыздармыз біз. Бәріміз. Бұл қарыздарымызды қалай өтер екенбіз?!

Қаншама ауыртпалықты, мың құбылған ойнамалы саясаттардың тұстарында аман қалып, Ел игілігіне талмастан қызмет ету, Самағұл әке мен Ақболтай ананың он перзентті әдімұлыққа жеткізіп, оқытып, тоқытып, баулып, мына өміріміздің шырайын арттыруға хал-қадерлерінше ақадал көңілмен септесіп, кісілік парасат, болмыстарымен жүргендерінің өзі — ұлы құбылыс қой. Смағұл ағамен шүйіркелесіп үлгермесем де, Ақболтай апамызды көрдім. Лебізін тыңдадық. Айнала ағайынның ау-жайын аңдадық. Ауылдастардың да, үлкен-кішілердің де, балалары мен келіндерінің пайымдауынан да анық байқалып тұрған бір сүйінерлік, ішімді жылытқан құбылыс — бұл кісілердің бір-біріне лайықты, жарасымды жұп болғандығы. Қиыншылықты да, қызықтылықты да бірге көріп, сүйектегі дегдарлық пен тазалықты, адалдық пен бауырмалдықты, еңбекшілдік пен ізденімпаздықты өз өмірлеріндегі іс-әрекеттерімен, кісілік болмыстарымен көрсете алғандығы. Сол жасампаз қасиеттерді жүрген орталарына сіңіріп, қалыптастара алуы. Смағұл-Әке, Ақболтай-Ана секілді жасампаздардың болғанына шүкір дейміз. Іштей мақтаныш етеміз.

Соғысқа барды. Төрт рет. Он бала өсірді. Бәрін жетілдірді. Былай қарасаңыз, мүлдем шұнтиған сөйлемдер ғой. Ал енді осы шұнтиған сөйлемдердің астарына үңіліңізші, қандай ұлы тарих жатыр. Он бала. Оларды жеткізу. Және бұл қандай дәуірлер тұсында деңіз! Ашаршылық, атып-асу, қуғындау, тәркілеу, соғыстар, одан кейінгі жоқ-жітік кезең. Осыларды көріп жүріп, бастан кеше жүріп жеткізу. Ең бастысы, адам болып қалу, қазақ болып қалу. Айтуға ғана оңай. Мәселен, бүгіндері біздің кейбір пиғылы бұзылған ұлтанқұлдар не істеп жүр? Бір бала тапқанды ерлік көріп, мемлекетке алақан жаяды. Осыған ұялмайды да, қызармайды да. Қасиетті Қазақ Жерін қазақпен толтыру – қай қазақтың арманы емес дейсіз. Сол арманды үн-түнсіз жүріп-ақ, дабырайтпай-ақ, жүзеге асыруға ұмтылған Смағұлдар мен Ақболтайлар ғой. Ал енді кеп, осының сырын да, астарын да, күнделікті қарапайым өмірдегі тындырған ерлігін де аңғармаған боламыз, елемейміз. Содан келіп кейбір мыржықбастар болмасты боталы түйе қылса, жатып кеп ренжиміз. Әлбетте, мұндайда түк бітірмегендер де қатырдық деп көкиді. Он баланы әдімұлыққа жеткізгендерді аспанға көтеріп ұлықтамасақ…

 

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *