ӘЙТЕКЕ БИ (бір деректің баяны)
10.11.2024 0 48
Берік Жүсіпов,
Қызылорда облысы, Арал ауданы, Ақбасты ауылында туған. Эпик жыршы, әнші, күйші, этномузыкатанушы, фольклорист.
Екі жүзге тарта ғылыми-танымдық мақалалардың, «Мырзастағы жыр мектебі», «Жиделі-Байсын күйлері», «Күретамыр», «Жырдария», «Ойтұмар», «Сүлейлер», «Адырна» атты кітаптардың авторы.
Елең-алаңда шығып, кеденнен кедергісіз өтіп алып, сәскеде Өзбекстан жеріне тұяқ іліндірген соң Сырдария, Жизақ, Самарқан уәлаяттарын көктей өтіп, Күміскент пен Кәттақорғанды өрлеп, түн қара мақпал көрпесін жамылған бейуақта Науайыға маңдай тіредік. Бізді «Сейітқұл әулие – Әйтеке би» қоғамдық қорының басшысы Ербол Еркебаев күтіп алды. Ертеңіне ой мен қырдан жиналған қалың нөпір Нұрата шаһарын бетке алды. Әншейінде ми қайнатып, төбе құйқаңды шыжғырып жіберетін аптап жоқ, көк жүзінде шарбы бұлт. Жұрт табиғаттың тап сол сәттегі мінсіз мінезін жақсы ырымға балаумен болды. Кім білсін, әз баба жұрағаттарына Жаратушының өзі арқылы қалқан болайын деген шығар? Менің ойыма, осыдан он бес жыл бұрын кешеннің ашылу жапсарынан Зауытбек ағамыз жазған «Кенет, қайдан шыққаны белгісіз, қою бұлт күннің көзін бүркеп, қоңыр салқын бола қалды…» деген сөз орала кетті. Бәлкім, мың сан сәйкестіктің бірі болар?! Жә, бұл тылсымның жайын әркімнің өз жоруына қалдыра тұрайық.
Сонымен, сиыр сәскеде «Алшынның ағакесі» Әйтеке бидің жамбасы тиген күрең белге жетіп, ғазиз бабаның асыл сүйегі жатқан жерді тәу етіп, зиярат жасап, Қазақстан мен Өзбекстаннан жиналған ағайын аруақтарға Құран бағыштады. Шаңқай түс әлетінде Науайы уәлаятының әкімі Нормат Турсунов қабылдап, екі мемлекеттің арасындағы тарихи-мәдени қарым-қатынас, саяси-экономикалық байланыс, қазіргі рухани-әлеуметтік сабақтастық жайын сөз етіп, өзбектің «Жолдасың қазақ болса, жолыңнан адаспайсың!» деген тәмсілін айтып, Әйтеке секілді ірі мемлекет қайраткерінің осы топырақта өмір сүргенін мақтан тұтатынын жеткізді. Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұлов Әйтеке бидің мемлекетшіл тұлғасына тоқталып, қазекең де «Өзбек – өз ағам!» дейтінін айтқанда, екі жақ мәре-сәре болды. Кешқұрым басталған мәдени шаралар – Қызылорда облыстық филармониясы ұжымының жыр шашуы, осы топырақтың тумасы, талантты әнші Ернар Айдардың концерті ертеңіне қарақалпақ, қырғыз, қазақтың сөз сүлейлері қатысқан халықаралық ақындар айтысына ұласып, сахна пердесі қашқадариялық бақшылардың қошығымен түрілді.
Айнадай бұлағының аңызы тым әрідегі, қырық мың жыл бұрын көктен түскен метеоритпен, берідегі қос мүйізді Ескендір мен Әзіреті Әлидің тарихымен, киелі «қара балық» уақиғасымен орайластырылатын Нұрата топырағындағы ортағасырлық архитектуралық үлгіде салынған қос камералы кешен бүгінде алыс-жақыннан сапарлатып жететін жұрт зиярат жасайтын қасиетті мекенге, өзбек пен қазақтың достық бекетіне айналған. Небір аймаңдай ерлер мәңгілік жай тапқан топырақ болғандықтан, өзағаңмен тағдырлас, тамырлас ел емеспіз дей алмайсың. Еңбек еткен ерді көтермеден кенде қылмайтын ала тақиялы ағайын да мұның жайын – тарих қатпарларына тым тереңдеп кеткен шытырман оқиғалар өрнегінің ізін жақсы біледі.
Несін айтасыз, жауһардай шашыраған өмірхаят деректерінен кейін, жүріп өткен жолы мен туған, өлген жылдарына дейін екіұшты деректеліп, әлі ғылыми жүйе мен жосынға түспей келе жатқан Әйтеке Бәйбекұлына қатысты ең «елеусіз» деп танылып жүрген мәліметтерден бастап, саяси сахнада өткен ғұмырнамасы, отанға еткен өлшеусіз қызметі әр қырынан қайта зерделеніп, үңги зерттелуі керек екеніне көз жеткіздік. Оған қоса, «Елдестірмек – Елшіден!» қағидасына сүйеніп, мұндағылар кешеннің мемлекеттік тізімде барлығын білдіретін «қорғау тақтайшасы», кімнің кесенесі екенін айғақтайтын «ақпараттық тақтайша», жер бесіктің басына жазылуы тиіс құжаттық мәліметтерді қалпына келтіріп, келушілердің танымын ұлғайтуға, тағылымын молайтуға, кеңістігін кеңейтуге септесетін қазақ, өзбек, орыс, ағылшын тілдеріндегі ақпараттарды жасатуға күш салса екен деген ара ағайындық тілегімізді ала қайттық.
* Деректер дедек қақса…
Жалпы, аламан жиып ас беріп, жиын өткізу секілді ескі жолдың жөні бөлек. Десек те, ендігі жерде жұрттың назарын ғылымға бұрып, мәлімет атаулыны сын елегінен өткізіп, ықыласты ағартушылық бағытқа аударып, әйтекетану мәселесінде келешек ұрпақтың қамын күйттей түскеніміз абзалырақ. Ол жайындағы қай кітап, қандай басылымның мәліметін екшеп көрсеңіз де қайталаудан көз сүрінеді. Өкінішке қарай, бізде біреудің еңбегіне сілтеме жасау мәдениеті кемшін. Сондықтан да, мұның ізашар ілгергісі мен кейінгісі қайсы, түсініксіз. Айналып келгенде, бәрі де орыс ғалымдарының айтқандарын қоспағанда, Ш. Уәлиханов, Ә. Кекілбаев, М. Есламғалиұлы, С. Зимановтардың келелі ойларын төңіректейді. Оған кейінгі жылдары жарық көрген сансыз басылымдар легін қосыңыз. Көрерге көз сүрінеді, түгел оқып шығуға шыдамың жетпейді. Дені мерейтойлық лебіз. Олай болса, алдымен осы уақытқа дейін жарық көрген материалдарды іріктеп, бір ізге түсіріп, бастан жақ айырғандай етіп, сауатты сараптамадан өткізіп, содан соң әйтекетанудың жаңа жүйесін жасау үшін ғылымның түрлі саласы бойынша пайым пардасын іске қосқан жөн.
Әрине, тақырып аясын сан қырынан үңгіген А. Янучкевич, Б. Адамбаев, Н. Төреқұл, Ж. Артықбаев А. Сейдімбек, Ж. Мұқановтың еңбектері мен түрлі жинақтар қатары тұрғанда ауызды құр шөппен сүрту, сол ыңғайға жығылып бірдеңе деу әбестік. Бұл тарапта, қазақтың би-шешендері дүниетаным табиғатын осы тектес әлемдік құбылыстармен беттестіріп, жаңаша пайымдау әрекеті барысында М. Ахетовтың ғылыми көзқарастарын басшылыққа алу керек (Ахетов М. Қазақтың шешендік өнері. Генезис. Типология. Поэтика. Үш томдық. Алматы: «Қазына», 2024). Біз білетін ғылыми-танымдық еңбектердің қай-қайсысы да оның Әмір Темірдің бас кеңесшісі болған, Меккеге екі рет барған Ораз қажының Тоқпан деген батыр ұлынан туған, «Синесоф буа» атанған сегіз арыс Сейітқұл әулиенің парсы, араб, түрік тіліне жетік «он өрім Ақша» атанған ұлы – Бәйбек байдың баласы; бес жасында ауыл молдасынан оқып, сауат ашқаны, жеті жасынан қырық жеті жыл Самарқанның әмірі болған, Бұхара әскеріне қолбасшылық жасаған Жалаңтөс баһадүрден әскери өнер дағдыларын меңгеріп, Қоқанға билік жүргізген бабасы Ақша ханнан (кей деректерде Ақша би. – авт.) ел басқару үрдісін үйреніп, әуелі «Ұлықбек», кейін «Тіллә-қари», «Шердор» медреселерінде дін, әлемтану, математика, құқық жайынан білім түгескені; жиырма бір жасында қазақ, өзбек, қарақалпақтың биі атанып, Тәукені хан сайлауға атсалысып, ол негізін қалаған «Хан кеңесіне» мүше болып, «Жеті жарғы» заң жинағын құрастыруға қатысқаны; қол бастаған батыр, аузы дуалы шешен, әділ би, ойлы қайраткер, «ақиқаттың ақ жолынан таймаған қазақтың таралғысы алты қабат азаматының» белінен тараған ұрпақтары Өзбекстан мен Қазақстанда, әсіресе, Қызылорда, Ақтөбе облыстарында тұратыны тайға таңба басқандай айтылады. Иә, бәрі де осылай деп жазады, бірақ ізашар дерегін көрсетуге тым сараң.
Қызығы сол, «Үш арыстың тірегі, үш асылдың бірі еді» дейтін әйтекетанушы Ә. Кекілбайұлы өз кезеңіне сай айтқан, «…туған жылы белгісіз, өлген жылы белгісіз, жатқан жері белгісіз» (Кекілбайұлы Ә. Шығармаларының жиырма томдық толық жинағы. Т. 15. Алматы: «Жазушы», 2011. 58-б.) деген пікірді жарыса жариялаудан шаршамайды. Шүкір, бұрын белгісіз болса да, қазір көп нәрсе белгілі ғой. Керісінше, М. Есламғалиұлының нұраталық қариялардың шежіре-дерегіне сүйеніп айтқан «Қыз Бибі тауының етегінде 1644 жылы 23 наурызда дүниеге келген» (Есләмғалиұлы М. Алшын Әйтеке би ғұмырнамасы // Аңыз адам. – 2011. – № 24. – 5-б.) деген сөзіне секеммен қарайды. Рас, кейде мұндай, асқан дәлдіктің өзі күмән тудыратыны рас. Сол үшін ендігі жерде суық ақыл, жасын логикаға суарылған дәлел мен дәйектер керек. Бір дәуірдің зерделілері десек те, көзқарастар түйіпейді, пікірлер қиыспайды. Шұбырған көштің ізіндей болған осыншама мол деректерден іріктеліп, бидің ғұмырбаянына қатысты ең қарапайым нәрселердің бір ізге түсіп, ортақ байлам жасалмауына таңғалудан басқа әддің жоқ. Ал Нұратадағы кешеннің жайы, тарихы, желбуаз әңгімелер, жүргізілген құрылыстың барысы, ортақ игілік жолында атсалысқан И. Тасмағамбетов, З. Тұрысбеков, Ш. Усманов (Оспанұлы. – авт.) сияқты азаматтардың ересен істері өз алдына бөлек әңгіме. Кезінде Д. Тұрлыбек осы қорымның үстінен жол салынатын болып, бұзуға кіріскенде ауыл молдасы Саийд Мубинжон бала-шағасымен бірге трактордың алдына жатып алып, «Бұл жерде қазақтардың әулие бабалары жатыр, соңынан сұрауы болады…» дегеннен кейін ғана үкімет орындары райынан қайтып, қорымды айналып өткенін жазған болатын (Әйтеке бидің кесенесі қалай салынды? // Ақиқат. – 2015. – № 12). Е, бұл не көрмеген Әйтеке дейсің?
Жалпы, бүгінде көп адам ұмыта бастаған, кесене тарихынан егжей-тегжейлі хабар беретін мәліметтерді зерделеу үшін сол кезде Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болған дипломат З. Тұрысбековтың «Ұлы істер үндемей тындырылады немесе «Сейітқұл әулие – Әйтеке би» кешені қалай салынды?» деген мақаласын тағы бір оқып, тотыға бастаған жадымызды жаңғыртып қойғанның сөкеттігі жоқ (Әділ сөздің алдаспаны – Әйтеке би: мерейтойлық жинақ. Алматы: «Сеп», 2024. 63–97-бб.). Әсіресе, «Әйтеке би кешенін ашуға арнайы барған зиялыларды жарты жолдан қайтарған дәу кім?» деген бөлімді оқығанда, алды-артына қарамай, зытқан төбедей төртеудің әрекетіне жаның ашиды. Жолынан таймағаны – тек әулие Әбіш екен. Олай болса, сөз ауанын бидің өмірдеректеріне қатысты кейбір мәліметтер негізінде өрбітейік. Әйтпесе, ойды шалқытып әрі шекені шылқытып отыратын жердің кеңі бұл емес.
Жарық көрген еңбектердің қай мәліметін алсақ та, бидің есімі «Айтық», «Айтеке», тіпті «Қаражігіт» болуы мүмкін екені айтылады. Солардың ішінде «Тәуке ханмен құрдас болғасын, бір жылдың төлдеріне ұйқастырып Таутеке және Айтеке деп есім берілгені» жайындағы М. Есламғалиұлының пікірі ден қоярлық. Мына мәліметті қайта жаңғыртып пайдаланар болсақ, бидің жасын сәл кейінірек шегеріп, әз Тәуке дүниеге келген жылмен теңестіруге тура келеді. Бұл пайыммен келісу, келіспеу шартты, әрине. Десе де, ақиқат қол созым жерде тұрған сияқты. Ендеше, қисыны келіп тұрған жерді қиыстырып жібер. Ал ескі басылымнан (Төле би айтқан екен // Дала уалаяты. – 1890. – № 9) көшіріп жариялаған (Халық кеңесі. – 1991. 10 қазан) алшын Қаражігіт би «…ержеткен жалғыз баласын үйсін Төле биге жіберіпті» деген сыңайдағы деректен дәйек тауып «…алшын Қаражігіт деп отырған адамның өзі Әйтеке» дейтін Әбіш ағаның сөз ләмін түсіну қиын. Аңыз бойынша, «Қаражігіттің баласы жалғыз». Ал М. Есламғалиұлы «Әйтекенің төрт ұлы болғаны анық» демейтін бе еді, «…қызының қанша болғаны жөнінде нақты дерек жоғын» (Аңыз адам. – 2011. – № 24. – 7-б.) айтқанымен.
Иә, Әйтекенің мемлекет ісіне араласқан ұлдары Қонысбай (Қосай), Жалтыр, Өтебас, Тоғанның (Құрыс) есімдері тарихи құжаттарда жиі ұшырасады. Жеті атаға жетіп жығылып, қолдан үзгенше жалғасқан бұл не деген асыл бұйда? Жалпы, Ресей мұрағаттары бидің ұрпақтары жайындағы дерекке тұнып тұр. Мұны арнайы сөз еткен тарихшы Ә. Мұхтар «…кенже қызы Шақшақ Жәнібекке тұрмысқа шыққан екен» (Мұхтар Ә. Әйтеке би ұрпақтары: мұрағат ізімен // Ақтөбе. – 2021. – 2 тамыз) дейді. Шежіренің дерегіне сүйеніп, «…шешесінің есімі Қыргүлсұлу болған» деген (Қуандықов Б. Әйтеке би әз Тәукенің жиені болған // Аңыз адам. – 2011. – № 24. – 11-б.) мәліметтер де ғылыми айналымға еніп жүр. «Сартай» жырында «Әйтеке бидің үш қызы бар еді. Ортаншы қызы Қанымша он екі-он үш жастар шамасында болатын. Сонда Қанымша есіктің алдына шығып, қолындағы қызыл орамалмен бетін желпіп тұрып, елшілерге қаратып өлеңді қоя берді» деген мәлімет бар. Қарасүйірде (Қарасуыр, Қарасиыр деп те жазылып жүр. – авт.) өткен қазақ-қалмақ қақтығысы алдындағы ойластықты баяндайтындықтан, жыр желісінен ортаншының туған жылын оңай шығарып алуға болады. Міне, ауызша деректер мен мұрағат мүлкін беттестіру керек екені осындай келелі жайттардан туындайды.
Тарихшы Б. Кәрібаев бидің туған жылына қатысты «1644, 1666, 1682, 1683 жылы дүниеге келген деген төрт, ал өлген жылы туралы 1700–1766 жылдар аралығын қамтитын алты түрлі пікір бар» (Кәрібаев Б. Кіші жүздің саяси тарихы 113 жылға созылды // Аңыз адам. – 2011. – № 24. – 23-б.) дейді. Рас, солардың айналымға енгені «1644 жылы туып, 1700 жылы елу алты жасында бақилық болғаны» жайындағы өзегі солғын мәлімет. Біріншіден, Ә. Кекілбайұлы мен М. Есламғалиұлы бұл деректерді «Елім-ай» дастанындағы «Өткен жылы Әйтеке би дүниеден өтті, / Келгенде елу алты жасқа ажал жетті» деген жыр жолдарынан алды. Екіншіден, М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұжымы «Елім-ай» дастанының қолжазбасын зерделеу мақсатында 2023 жылы белгілі ғалымдардан комиссия құрып, «Авторлық ауыз әдебиеті мұраларының мәтіндік-нұсқалық ерекшеліктерін ескере отырып, мәтінтанымдық сараптама жасау барысында бұл мәтіндердің ақиқаттығы дәлелденбеді. Авторына қатысты деректер де күмәнді …мәтіндерді «Елім-ай» атты дастан деп тануға, Қожаберген жыраудың төл шығармасы ретінде айқындауға ғылыми негіз жоқ деп қорытынды жасады» (Тағы да Қожаберген жырау туралы // TÚRKISTAN. – 2024. – № 2. – 7-б.). Олай болса, Әйтеке бидің жасын анықтаушы барометр – өлшем құралы есебінде малданылып келген аталмыш жыр-мәліметті ғылыми дәлел-дәйек ретінде қарастыруды тоқтататын уақыт жетті!
Біреулер биді «1723 жылы ентікпеден өлдіге» есептеп, ол ойын тағы бір күмәнді автор – Қазыбек бек Тауасарұлының сөзімен куәландыруға бейілді екен (Аңыз адам. – 2011. – № 24. – 11-б.). Қайталап айтайық, өтіріктің құйрығы бір тұтам! Ойымызша, Әйтеке би Кіші жүздің өзіндік саяси тарихының басталуына куә болған. Мәліметтерін классикалық тарихпен қатар қолдануды қажетсінетін «Сартай» жырында, Ресей дереккөздерінде «князь Байжан» есімімен белгілі Сартай батырдың әкесімен қатар, ел қорғау жолында жүргені аңғарылады. Олай болса, болашақта әйтекетануға байланысты мүлдем соны бағыт ұстану керек. Өзбекстанның археологиялық институтынан кейін, бидің сүйегіне остеологиялық зерттеу жүргізіп, Әйтекенің антропологиялық кескінін жасап шыққан (жалпы, келешекте, жұрттың көзі қарығып кеткен бидің портретіне де өзгеріс жасалуы тиіс. – авт.), бидің жеке басы, болмысы, мінезі, сырқат себебінен болған өзгерістерді анықтауға мүмкіндік ала отырып, жан тәсілім еткен кездегі кескін-келбетін қалпына келтіруге жол ашқан антрополог О. Смағұлов реконструкциядан кейін, бидің жасы «Жетпіске келген немесе одан асқан адам болуы керек» деген қорытынды жасады (Смағұлов О. Әйтекенің сүйегі бидің ұзақ жасағанын көрсетеді // Аңыз адам. – 2011. – № 24. – 19-б.). Бәрекелді, бізге ғылыми бағыт пен ғалымдардың нақты дәлелінің керек жері – осы! Ендеше, Әйтеке бидің екі жастың біріне келмей, елу алтысында қыршын кеткені бекер болғаны ғой.
* Тарихқа тереңдей түсейік
Жоңғар шапқыншылығы қаулап тұрған қауіпті кезеңде алпауыттардың жұтқыншағына түсіп кетпей, ат төбеліндей қазақтың жер бетінде сақталып қалуы мен ұлт болып ұйысуы, тағдыр-талайын таңдау жолында тер төккен, мемлекеттік жүйенің негізін қалаушы далалық билер институтының көрнекті өкілі, «ерлік дәуір» кезеңіндегі Алшынның ағакесі Әйтеке бидің ғұмыры, дәуірі, қызметі, көзқарасы, ұстанымы, тізгіндестері, тарихи аядағы саяси ахуалдың жайы, бауырынан өрген, ата жолын тұтынып, мемлекет істеріне араласқан ұрпақтары, олардың ұстанымдары, тұтас төртқара әулетінің тарихы толайым түпнегізден тартып, салыстыра-салғастыра зерттеуге зәру. Бұл – басы ашық әңгіме. Аталмыш қадам жасалмайынша, әйтекетану мәселесі ілгерілемейді.
Олай дейтінім, қазақ этносын қынадай қырып, жер бетінен біржола жойып жіберуді стратегиялық мақсатқа айналдырған ХVIII ғасырдағы жоңғар басқыншылығына қарсы бағытталған азаттық майданы, көп жылдар бойы даланың төсін қанға бөктірген қазақ-қалмақ арасындағы шайқастар, кейбірінің өз еркімен, амал-айла арқылы ырықты түрде, саяси жағдайларға байланысты ырықсыз түрде ұлттың мойнына «бодандық» қамытын ілген Ресей мемлекетінің империялық пиғылдағы өктем билігі, оның бұратана халықтарға қарсы жүргізген өрмекшінің торындай қитұрқы, «көшпендіні көшпендінің қолымен жою» саясаты, еркіндікті ту еткен дала төсінен түлеген би-батырлар тарапынан казак-орыстарға бағытталған қарсылық әрекет, көрші елдермен арадағы дипломатиялық қарым-қатынастар заманауи тарихшы мамандар мен халық ауыз әдебиетінің негізіне жетік фольклортанушылар тарапынан, ұлттық мүдде тұрғысында қайта қарастыруды қажет етеді.
Әйтеке би жайында, біз айтып отырған дәуірді тұтас қамтыған тұшымды ғылыми-танымдық монографияның болмауы, әлі күнге дейін халықтың көкейіндегі мың сан сауалдың жауабын тауып бере алмай келе жатыр. Ал осы кезге дейін жазылып, жарық көрген еңбектер бірінің дерегін екіншісі көшіре қайталап, кейде бір-бірін түбегейлі теріске шығаруының өзі зерттеудің жүгін ауырлата түспесе, бір мысқал да жеңілдетпесі анық. Содан соң, кейде би жайындағы көркем шығарма, тақырыптық зерттеу, мерейтойлық мақала, ғылыми-танымдық материалдар арасында «дерекке кеңірдектегендей» болып отырып, ешнәрсе жасалмаған секілді әсер аласың. Егер Алматы, Мәскеу, Санкт-Петербург, Орынбор, Ташкент қалаларындағы орталық, мемлекеттік, сыртқы саясат, көне актілер, әскери, ғылыми, тарихи мұрағаттар бүккен деректер кілтін ашпай, сырын шашпай келе жатқан шаң басқан бумалардың теңі түгел шешілген болса, «түйіндер» арасындағы алағаттың бір айла-амалы табылған болар еді. Жоқ, өкінішке қарай, әзірге олай болмай тұр. Бұл жайында әріге барып, тереңдемей-ақ, Әйтеке бидің өміріндегі бір ғана түйткіл – дүние дидарынан озған жылдың мәліметіне қатысты түрлі долбарлардың бір ізге түсіп, жүйеленіп, нақты ғылыми көзқарас пен байламдар орнын таппай, үш ғасыр бойы сенделіп, деректердің дедек қағып жүргенін айтсақ та жеткілікті.
Кезінде мәтінгер мамандар күмәнді деп тапқан шығармалар дерегін негізге ала отырып, әйтекетанушылар оның фәнидің жүзінен нағыз зар күйінде тұрған шағында – «1700 жылы, елу алты жасында» аунағанын дәлелдеуден, кейінгілер соны қайталаудан танбағанын айттық. Мысалы, ғалым С. Қосан аталмыш мәліметті мүлдем терістей келе, 1748 жылы Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың беті жабылғанда Әйтеке тірі, жалғанның жүзінде бар деп есептейді (Қосанов С. Әйтеке би ХVIII 40–50 жылдарына дейін өмір сүрген // Аңыз адам. – 2011. – № 24. – 37-б.). Кім білсін, егер, туған жыл дерегін нақтылар болса, онда Әйтеке би бұл кезде жүзді бүктеген қария. Ден қоярлығы, бұлардың қай-қайсысының да өзіндік «уәжі» бар. Көріп отырғанымыздай, Әйтеке бидің саяси қызметі, сол арқылы ұлтына түсірген саясы қандай ауқымды болса, өміріндегі әрбір «елеусіз» бөлшектің өзі жалданып, жапырақ жайып кеткен. Қап-ай дегізетіні, аяқ-қолдары жетпегендіктен бе екен, әйтекетанушылардың дені ол жайында «мұрағат деректері тапшы, тіпті жоққа тән» деуден бір танбайды. Мен бұл тарапта бастапқы ілім иелеріне емес, мұрағат құжаттарын парақтауға көз майын сарыққан кейінгі буын кәсіби тарихшылардың еңбектеріне жүгінгенді жөн көремін.
Шытырман уақиғаларға толы ХVIII ғасырдағы жаңа заман тарихының тұнығына, тап Әйтеке би өмір сүрген кезеңдегі әулеттік тарихқа маманданған, осы саладан алғаш рет диссертация қорғаған Ж. Исмурзин «Алтай батыр және оның заманы» жайындағы зерттеу еңбегінде 1730 жылы 28 маусымда Әбілқайыр мен Сәмеке хандар патшаға елші жібергісі келіп, көп ұзамай Алдарбай, Сейітқұл, Құттымбеттер бастаған топ арқылы дала билеушілерінің орыс патшасына жолданған Кіші жүз рубасыларының хатын түпнұсқа мәтіннен түркітанушы С. Моллақанағатұлы мен Н. Тынышпайға қайтадан аудартып, 1731 жылы 19 ақпандағы Анна Ионновна патшайымның Әбілқайырға «бодандыққа қабылдау үшін» берген келісім грамотасының, Ресейдің алдында ант қабылдаған қазақ билеушілері хаттарының түркі шағатай (ескі қазақ. – авт.) тіліндегі мәтін мен қазақ-орыс қарым-қатынасы талқыға түскен әйгілі кеңестің құжаттарын қайта зерделеп, табын Бөкенбай бастаған Кіші жүз рубасыларының түпнұсқа хатта жиырма сегіз ағаке-старшындардың (осыған дейін айтылып, жаңсақ жазылып келгендей, 27 немесе 29 емес. – авт.) арасында оныншы болып, «Алшын Төртқара руының ағакесі, Құран сүйдім, ант еттім, мен – Әйтеке би таңбамды салдым» деп қолын ру таңбасымен куәландырғанын анықтады. Міне, көп тарихшының ойы жетсе де жолы түспеген, санаулы мамандар ғана қол жеткізген мұрағаттар мәліметі осылай деп куәлік береді. Ал ғылыми айналымда бар азын-аулақ құжаттарды өңін өзгертіп, құбылтып пайдалана беретін әуесқойлардың жайын бұл жерде сөз етудің қажеті шамалы.
Өкінішке қарай, кейінгі кезде «ру таңбасын Әйтекенің атынан ұрпақтары басуы мүмкін ғой» деген де алыпқашпа әңгімелер қатары орын ала бастапты. Пендешіліктен арылтып, ақиқатын айтып, ғылыми парасат биігінен қарап, байыбына бара білсек, сол тұста Әбілқайырдың саясатын қолдаған, қалған ағаке-старшындар өздерінің ру таңбаларын басып, Ресей империясының Сыртқы саясат мұрағатындағы Әйтеке бидің ру таңбасын ғана «ұрпағы басқан» деген кәпір ойды ұштандырудың өзі ғылыми жүйені былай қойғанда, кісілікке де томпақ. Қалай болғанда да, Әйтеке бидің нақты өмірден өткен жылына қатысты ақиқат басқа емес, тап осы тұста, 1731–1748-дің аралығында екені анық. Бұл кезде, яғни 1731 жылы, ақпан – қазан айлары арасында, тіпті 1732 жылға дейін Әйтекенің көзі тірі екенін, үш жүзге даңқы кеткен үйсін Төле, арғын Қазыбек билермен қостақым жүргенін мұрағатқа қоса, халық ауыз әдебиетінің көркем үлгісі қатарындағы бәйімбет Нұрмағамбет шайырдың «Сартай» тарихи дастаны деректерінен де көруге болады. Олай болса, Әйтеке бидің әулетіне – тұтас Төртқараға, жалпы Шектіге қатысты мұрағат құжаттары негізінде жедел түрде кешенді зерттеу жүргізілуі тиіс.
Ұлттың жадындағы фольклорлық мұраның мәліметі мен мұрағат дерегі бір кеңістікте беттесіп, ортақ ізді басқан шақта тарихтың шырқыраған шындығы өзінен-өзі лықсып, тереңдегі нәһан секілді теңкиіп, жағаға шығып қалған кезде оны бүркемелеу мүмкін емес. Олай болса, «Әйтеке би жайындағы мұрағат мәліметтері неге тапшы?» деген өзекті сауалды індете отырып, барлық ақиқатты тарихтың қатпарлы қалтарысында қалған құрсаулардан алып шығып, тұлғатану тарихын тереңдетіп, мәліметтерді елеп, екшеп, тұжырып, өскелең ұрпақпен қайта қауыштырып, кәдеге жарату үшін көп кешеуілдетпей, жаңа тұжырымдамаға иек артқан, сол кезеңдердің тарихына қатысты нақты табан тірейтін мұрағат құжаттарына, фольклорлық материалдардың жауһар үлгілеріне негізделген тарихи, ғылыми, танымдық зерттеу жүргізуге міндеттіміз.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.