Тасмейірлер құрбаны (әңгіме)
10.11.2024 0 6 293
Айтбай Тәсілов,
1950 жылы туған. Дәрігер-жазушы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.
Алпыс алты жастағы Жақсылық Оспановтың соңғы үш жылдағы жағдайы «Құдай бір айналдырғанды, шыр айналдырадыға» келетіндей. Ахуалға бірден қанық болу үшін, «анамнезін» жиыстырып, бір-екі ауыз сөзбен тізе айтсақ, бұрыннан «қанты» мен жүрек «аритмиясы» бар сырқат жанның, ядролы сынақ полигонына жақын маңда дүниеге келген зайыбын онкология айналдырып, козғалу мүмкіндігінен айрылғанда, соған қамқорлық жасап жүріп, жазым болып, сүрініп кетіп, құлап, бел омыртқа жарығына ұрынды. Жүрекке байланысты «ламинэктомия» отасы кейінге шегеріліп, нейрохиругтар уақытша мүгедек арбасымен қозғала тұруына кеңес берді. Одан зайыбын жерлеп, жарты миллион халқы бар қаланың қақ ортасында орналасқан көп қабатты үйдегі үш бөлмелі пәтерінде жалғыз қалған. Енді міне, «ишемиялық инсультпен» реанимацияда жатыр. Екі күн өткенде, жағдайы сәл түзеліп, ой «сауа» бастады. Тұйыққа тірелген жайын ұмытқысы келе ме, ойы өзіне әлі жылылықтың, мейірім- шуақтың ұясындай елестейтін, отызшақты түтіннен тұратын, туып-өскен ауылына ойыса берді. Қалада, ауруханада ауыр халде жатқан анасын аңсағаны, үйіне аман-есен оралуын тағатсыздана күткені, қауышқан кездегі қуанышты сәті күні кешегілей көз алдына келді. 1960 жылғы көктем. Ол кезде қазіргідей ары-бері ағылған автокөліктер қайдан болсын. Жарты сағатта біреуі өтсе де көңілге медеу. Қаладан шығып, күніне екі рет қатынайтын автобус жіңішке асфальт жолмен бұлардың ауылын жарты шақырымдай қашықтықтан жолай өтіп бара жатып, сол маңайдағы аялдамаға тоқтап, жолаушыларын түсіріп, бұл ауылдан шыққандарын мінгізгесін жүрісін ары қарай жалғастырып, одан әрі орналасқан үш ауылға бет түзейді. Келер, қайтар уақыты да есінде қалыпты. Орындаушылық тәртіп қатаң ба, әлде, жүргізушілер асын адалдап ішетіндерден бе, әйтеуір, кешігу, не ерте келу ары кеткенде он минуттен аспайтын. Алғашқысы сағат он бірде келіп, он төртте кейін қайтады. Екіншісі сағат он бес пен он сегізде. Кейбір ауыл тұрғындары тоқтап қалған сағаттарын, автобустардың келіп-кетуіне қарай түзеп жататын. Агроном әкесі ерте тұрып, егін егу шаруаларымен кетіп қалады. Сәлден кейін көрші Тиыншы ападан: «…Сәрсенкүл ауруханада, Оспан жұмысқа кетті. Балалары үйінде қараусыз…
Ана дайындаған асыңнан оларға да құйып алып, барып хабарын біліп кел», деген тапсырма алған келіні келіп есік қағады. Алты жастағы Жақсылық, төрт жасар қарындасы Ғазизамен әкелінген асты ішіп алғасын, тас жол көрінетін, үй сыртында жатқан бөренеге шоқия отырып алып, аналарын екі автобустың бірімен келіп қалар деп, біріншісін сағат оннан, екіншісін он төрттен бастап сарыла күтетін. Көктемнің жылы жаңбыры себелей қалса, әкелерінің брезент плащын жамылып, күтуін жалғастыра береді. Екінші автобустан да аналары көрінбегенде, өзінің еңсесі түсіп, Ғазиза жылап қалатын. Осы кезде бұларға ылғи көз қырын салып жүретін Тиынша апа жандарынан табылып: «Сарсенкүл бүгін келмесе, ертең келеді. Бәрі жақсы болады», деп бастарынан сипап, тыныштандырып, Ғазизаны көтеріп, өзін ертіп үйіне алып кететін. Әкелері жұмыстан қайтқанша сонда болатын. Түн мезгілінде, шаршаңқы әкесі мен Ғазиза ертерек ұйқыға еніп кеткенде, бұл өзі тұмауратқанда анасының Жаратушыға жалбарынатындай: «Е, Құдай, апамды аман ет! Апамды аман ет!» деп Құдайдан көмек сұрауын бәсең дауыспен қайталап жатып, ұйықтап кететін. Әкелері аналарын қалаға босануға алып барған. Әртүрлі жайсыз жағдайлардан кейін, алдын ала аты қойылған Ажар есімді қыз, өлі күйінде дүниеге келіпті. Қан көп жоғалтқан анасын дәрігерлер перзентханадан шығармай, алып қалады. Ал өмір сүруге жазбаған Ажарды әкесі ауылға әкеліп жерлеген. Ауылдан төрт-бес шақырым белестен автобус көрінгеннен орындарынан тұрып, қашан аялдамадан жүріп кеткенше жүректері алып-ұшып көз тігіп тұрар еді. Жарты ай өткенде, келіп тоқтаған автобустан төрт-бес адам шығып, жан-жаққа тарап бара жатты. Анасы көрінбеді. Бұл екеуі қаздиып қарап тұр. Ролде отырған шофер есігін ашып, түсіп, жолаушылардың есігіне барып, сол қолында түйіншегі бар әйелді қолтығынан демеп, түсуіне көмектесіп, жол жиегіне дейін шығарып салды.
Әйел әлсіз бе, бері қарай оншақты қадам жасағасын отыра кетті. Қайта тұрғанда үйінің артындағы балаларын аңғарды ма, оң қолын сәл көтеріп, бұлғағандай болды. Пысық Ғазиза: «Мама!» деп айқайлап жіберді. Жақсылық «Апалап», Ғазиза «Мамалап», бірінен бірі оза жарысып, қуаныштан жүректері жарылардай жүгіріп келеді. Анасы да бұларға қарай асығатын тәрізді. Жарты шақырым ұзарып кеткендей… Анасы ентігіп қала ма, аз ғана жүрістен кейін отыра кетеді. Қайта тұрады. Бұл екеуі жеткенде, анасы көктемнің көтеріліп қалған көк шөбінің үстінде отыр еді. Екеуі екі жағынан құшағына еніп, көзінен жас парлай: «Сендерді көрмейтін шығармын деп қалған едім… Шүкір! Шүкір!» деп күбірлеген, бозарып, жүдеген аналарының басына бастарын түйістіріп, бетінен сүйгіштеп, мұңдары ғайып болған ұмытылмас бақытты шақты басынан кешкен еді. Жақсылыққа сол деңгейдегі қуанышты сезіну бүгінге дейінгі өмірінде қайталанбағандай көрінді. Ойлап қараса, мектеп бітіріп, күміс медаль алғанында да, мединститутты бітіріп, қызыл диплом алғанында да, озат студенттігі ескеріліп, қаладағы ірі клиникаға жұмысқа қалдырылғанын да, жан жарымен кезігіп, отау құрғанында да, ұлы мен қызы дүниеге келгенінде де мұншалықты шат-шадыман қуаныш құшағында болмаған сыңайлы. Ана балаға-пана. Қорған. Одан артық оған ешкім жақын бола алмайды. Онсыз бала тіршілігі суыққа тоңған, дән іздеп қонған, қорғансыз, дімкәс торғайдай болады.
Періште жүрек, пәк көңіл соны сезіп, жадынан өмір бойы ешкім өшіре алмастай етіп, ерекше белгімен таңбалап қойған. Соңғы айларда анасы жиі түсіне енетін болды. Бүгінгісінде алпыс жыл бұрынғысындай, автобустан түскен қалпында қол бұлғап қояды. Жанында Ғазизасы. «Ол менімен бірге емес пе еді… Қалай барып қалған?..», деп таңданады. Өзі де соларға қарай өліп-өшіп жүгіріп бара жатып оянып кетті. Түн ортасы. Аурухана төсегінде- гі, орта бойы қысқара түсіп, ақсары жүзі бозарып, жұқалтаң қалпы орылған шөптей солғын тартып, қуара түскен, жүдеңкі Жақсылық, қайтадан ұйқыға ене алмады. Дәлізде «ковидтен» қорғаныс киімдерімен аяғына дейін тұмшаланған медиктердің ары-бері жеңіл жүрісінің болар – болмас, «жұмсақ» дыбысы құлаққа жетеді. Көзі жасаурапты. Бас жағында ілулі шашықпен сүртінді. Басқаны кінәлап, жазғыру, шағымдану деген атымен болмайтындардың қатарында жүретін Жақсылық, әсіресе әріптестеріне шық тигізгісі келмейді. …Дәрігерге сараптамаға бейім миына жыйылған мәліметтерден ілік іздеп, шешім қабылдау оншалықты қыйындық туғызбайды. Бірақ үш жыл бойы қырсық құрығынан құтыла алмай, жанды жерлерін жағалай жайлап, сарсаңға салған сырқат әлегі және аяулы жарынан айрылуы Жақсылықтың жан дүниесін елеулі өзгерістерге ұшыратты. Оларға қосыла мидың қан айналысын бұзған соңғы дерті де, оның когнитивті қызметін төмендеткен болуы да мүмкін. Осыларды ескерсек, Жақсылықтың ой ағымын жүз пайыз обьективті деуге бола қоймас. Дегенмен бізге белгілі ойларының бірсыпырасын, осы әңгіме барысында ауызға алып, ажалдың «төбесін» бір көріп, бір көрмей жатқан жанды қандай ойлар қарауылдағанын қағазға түсіріп көрелік. «Жалғыздық Құдайға ғана жарасады дейді…
Адамға да онша жаман жай емес. «Жарымеспен болғанша, жалғыз бол», демей ме… Көптің арасында жүргеніңмен, жалғызсың! Жалғыз келесің… Жалғыз жаныңды үкілеп, жалғыз өмір сүресің… Жалғыз кетесің… Жалғыз жатасың. Әлем қатыгезденіп, жалғыздыққа бой алдырған… Солтүстік көршіміздің халқының үштен бірі жалғыз өмір сүргенді қалайды екен. Жалғыздықтағылары қаншама. Жапондар жалғыздық мәселесімен айналысатын арнайы министрлік құрыпты. Соған қарағанда уақыт мықтының қырына шыдас бермей көп түсінік тозып, ескіреді. «Адамның күні-адаммен», ескірген. Қазір мүдде ғана ескірмей тұр. «Тұрақты достар жоқ, тұрақты мүдде бар». «Арпасыз қапшыққа ат та жоламайды». Көбіне көзге адам іздеген «адамгерден» гөрі, пайда іздеген «саудагер» үрынады. Оған ешкімді жазғыруға болмас. Талап-солай. «Заманың түлкі болса, тазы боп шалу» керек. Аспандағы «Құдай емес, Құдайдан былай емес!» Жер бетіндегі адам жанын ажалдан арашалайтын дәрігер-ұлы мамандық иесі. Невропатолог және психиатр болған Бехтеровтің: «Если больному после разговора с врачом не стало легче, то это не врач», деген, әлемге тарап кеткен, жүз жыл бұрынғы қатал пікірі ескіріп, оның орнын Батыстан жеткен: «…Не принято нянчиться пациентами», дегені жайлай бастаған. Бұрынғы дәрігерлердің: «Ауруға жақындай түс!» деген афоризмі де ескірген. Әә-ә-ә… «Ковид» ауруы бар екен-ау… Иә, короновирус… Жуып кетсең, жұғып кететін. Сырқатқа «жақындаймын» деп, осы вируспен «мылтықсыз майданда», алдыңғы шепте жүрген медиктердің талайы оның құрбаны болды. О дүниелері жарық, рухтары шат болсын! Жақындауда керек емес, баяғыша пальпация, перкуссия, аускультация жасамағасын. Оның орнына обьективті мағлұматтар беретін рентген, ЭКГ, УДТ, томография, магнитті резонанс, тағы басқалар бар. Ал, жылы сөз, көңіл жебеу, ықылас басқа әңгіме.
Әлгінде, невролог күрт қан қысымым көтерілуіне байланысты «кеңес беруге» шақырған, университетті енді бітірсе керек, жас терапевт — дәрігердің төбемде маған кәдімгідей дауыс көтеріп: «Неге шақырасың», деп діңкілдеп тұрды. Артында тұрған реанимация медбиекесі: «Бұл кісі емес, емдеуші дәрігері шақырды сізді», деп шырылдағанына құлақ аспай, айтарын айтып кетті. Менің сол сәтте есім жайында болғанымен, сөйлеуге шамам келмеді. Медбике айтса керек, артынша соққан неврологтың: «Бас дәрігердің атына арыз жазып беріңіз», дегенін құптамадым. Көрмегенім сен болсын, қуыс кеуде, дөрекі бала!
Қырық екі жыл бойы аурухананың, тамақ, құлақ, мұрын мүшелерінің латынша атының бас әріптерін біріктіргенде шығатын, медицинаның «лор» саласының дәрігері болған. сол үш мүшеге ота жасаудан қаладағы «нөмірі бірінші хирург», атанған Оспанов, өз жайын бағамдай келе, өмір сүруден гөрі «Өлсем не болады?» дегенге ойысып: «Мәйітіме кім иелік етеді?, Зайыбым Зейнептің жанына жерлеуді кімге өсиеттеп, кімнен көмек сұрасам екен?», деген сұрақтарға жауап іздеуге көшті. Алты жасында анасының аман қалуына Құдайдан көмек сұрағалы бергі алпыс жылда Жер бетіндегілерден көмек сұраған кезі болмаған Жақсылықтың есіне өзі қызмет еткен үшінші аурухана ұжымы түсті. Зейнеп қайтыс болғанда, шаруашылық жөніндегі орынбасарын жіберіп, жерлеу рәсімінің бәрін ұйымдастырған бұрынғы бас дәрігердің былтыр басқа қызметке өсіп кеткенін естіген. Жаңасы бұны танымайды. Ауруханада қызмет істегенінде, достық, силастық қарым-қатынаста болған Сағидолла мен Құлахмет атты бөлім меңгерушілерінің ұялы телофондары ауысып кеткен бе, соңғы екі-үш айдан бері звондаса, ешкім көтермейді. Емдеуші дәрігерінен үшінші аурухана бас дәрігерінің қабылдау бөлмесінің нөмірін біліп беруін сұрап еді, көп күттірмей тауып берді. Хатшы қызбен сөйлесті. Қыз қазақша білмейді екен, диалог орыс тілінде жалғасты. Өзінің сонда бөлім меңгерушісі болғанын айтты. Сағидолланы сұрап еді, «Өткен жазда ковидтен қайтыс болды», дегенінде абдырап қалды. Тез есін жиып Құлахметті сұрады.
– Ол кісі зейнетке шыққан. Бұл қалада тұрмайды. Естуімше, Екібастұзға көшіп кеткен.
– Онда қарындас бас дәрігеріңмен сөйлестіре аласың ба?
– Ол кісі жиын өткізіп жатыр.
– Смартфонының нөмірін берсеңіз… Өзім звондар едім.
– Жоқ! Өзінің рұхсатынсыз бере алмаймын! Хатшы қыз шаршады білем, сілкіне сөйлей бастады.
– Былай етіңізші қарындас, өтінемін. Бас дәрігеріңізге осы менің нөмірімді беріп, ауруханада жатқанымды айтыңызшы. Ертең сағат он екіге дейін хабарласуын күтемін. Бұл мен үшін маңызды. Өтінемін!
Байланыс үзілді. Ертесіне сағат он екіге дейін бас дәрігердің хабарласуын босқа күтті. Мұны іздеген ешкім болмады. Хатшы қызға звондап еді, алмады. Осыдан кейін Жақсылық ұжымын еске алуын тоқтатты.
Ойы тағы ауыл жағына бұрылды.
«Қазақты қазақ іздей қоймайтын қалаға келгенде не таптым. Тапқаным да бар-ау…. Біліи алдым, сүйікті ісіммен айналыстым. Ең бастысы-Зейнеппен кезіктім. Дегенмен ауылдағы өріп жүрген туыстардың арасында болғанымда, мұншалықты жалғыздықтан зарықпас едім-ау…». Бірақ тоқсаныншы жылдардың соңында, туған ауылы-Шағырға барып, бір апта Ғазизаның үйінде жатқанында, мұны іздеген ешкім бола қойған жоқ. Әке-шешесінің көзін көргендер қалмапты. Жастар тосырқай қарайтындай… Күнде араласып жүрмегесін, «Көзден кеткен, көңілден ұшады», деген осы шығар», деп жерлестеріне де шық тигізбеген.
Қырық ағайынды-қырсық, жабыла әрекетке көшіп, баяғыда-ақ Жақсылықтың басынан орын тауып, өмір соңында жалғыз қалдырардай кесірлі жәйттерді алдын ала үйлестіре орайластырғандай… Анасы, Ажардан кейін үш жыл өткенде құрсақ көтеріп, Тоқтасын есімді інісін дүниеге әкелді. Мектеп бітіргесін, өз үйінде жүргізіп оқытты. Үйленлірді. «Бөлек тұрамыз», деп пәтер жалдап, бөлініп кетті. Бір жолы қаладан үй алуға қаражат сұрап келді. «Оншалықты ақша менде жоқ», деді.
Жоқ болатыны АҚШ- та оқу бітірген ұлы Кенесары, мексикалық қызға үйленіп, Детройт қаласынан пәтер сатып аламыз дегесін, барын сол жаққа аударып жіберген. Ой-өрісі мұрнының ұшынан ұзамайтын, өкпелі інісі сол кеткеннен мол кетті. Көп ұзамай әйелінің төркіні тұратын Жетіқараға көшіп кеткенін естіді. Содан бері де ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Бұл жұмысбасты болды ма, әлде ағалық «наз» көрсеткені ме, ал, інісі шіркіннің не көрсеткені белгісіз, бір- бірін іздеген емес. Ал, ана Детройттағы бала да, анасы қайтыс болғанда екі күнге келіп кеткеннен бері хабарсыздығына қарағанда «тегімізде бір кінәрат бар-ау…», деген ойда кейде Жақсылықтың ми шаңырағын шарпып өтеді. Ауыл жігітіне тұрмысқа шығып. сонда қалған Ғазиза жылда қой сойып, ет арқалап келіп, бір айдай жанында болып кететін. Өзі омыртқа жарығына ұрынып, қалғанда, жарты жылдай жандарында болып, екі қимылсызға жан ұшыра «қызмет» етіп, Зейнеп қайтыс болып, қырқын өткізгесін үйден хабар алып келейін деп кеткен. Баласының хабарлауынша, аз күннен кейін табан астынан мазасызданып, ауыл ауруханасына жеткізгенше үзіліп кетіпті. Ауыл дәрігері: «Тез кетуіне қарағанда, жүректен болған шығар», деп тон пішіпті. Енді өзінен тарағандардан осы қаланың шетінде тұратын қызы Мәнсияға келсек, зайыбы маскүнем болып шығып, ішімдікке әуестік қызына да жұққан. Ақшаны қайдан табатынын, күйеуімен апталап арақ ішеді.
Содан кейін тағы бір екі-үш күн бас жазады. Ешкімді ойлау, іздеу болмайды. «Баладай қайғы-мұңсыз», рахат өмір. Анасы қайтыс болғаннан кейін екі рет автокөлікпен келіп, анасының бөлмесіндегі бар затты артып, алып кеткен. Бар үміті-оның үлкен ұлы Руслан еді. Жиен-немересі. Жақсылық зейнетақы алған сайын үштен бірін пәтер жалдап тұратын жиенінің қолына ұстатады. Зейнеп қайтыс болғалы, қазақтан басқа тағы екі ұлттың қаны бойында ағып тұрған, қазақша білмейтін келіншегін ертіп, жиі келіп жүрді. Екеуі де шет тілдер университетінің француз факультетін бітіргендер. Тек орысша, не французша сөйлеседі. Көктемге салым келгендеріндегі ас бөлмедегі екеуара сөздерін ашық есіктен құлағы шалды. Мұны французша түсінбес дейтін болар, ойларын бүкпелемей сол тілде айтып жатты. Атасының студент кезінде үйірмеге қатысып, екі жылдай француз тілін үйреніп, тіл иелерінің классиктері-Стендалдың, Флобердің, Мопассанның, А.Дюманың, Бальзактың, Золяның, Гюгоның шығармаларының кейбірін түпнұсқадан оқығанын қайдан білсін.
– Мына шалың әлі тың. Ойы жайында, тілі тақылдап тұр. Жуық арада өле қояр түрі көрінбейді…
– Өлтіріп қайтесің… Жүре тұрсын.
– Тезірек өлсе, үйі бізге қалар еді дегенім ғой.
– Бізге қалдырмағанда кімге қалдырар дейсің… Басқа ешкімі жоқ қой.
– Сонда да байқау керек. Мұрагерлік қағазын алып алсақ, жөн болар еді.
– Ондай ойымызды білдірмей тұра-тұрайық. Бұл кісі мінезді және өте сақ. Үркітіп алып, бәрін бүлдіріп жүрерміз. Асықпай, артын күтейік.
Жақсылық сыр бермей, ешнәрсе естімегендей сыңай танытқанымен, ішінен: «Аяушылық сезімі дамып үлгермеген, тас дәуірінің тасмаңдайлары!» деп назаланды. Бір ай өткесін екеуін шақырып, үйін мұрагерлікке қалдыратынын ескертті. Тағы бір айда нотариус арқылы құжаттарды рәсімдегесін, жиені мен әйелі үйінің иесі болып шыға келді. Ауруханаға түсерден жарты ай бұрын, үйіне келген олардың тағы бір әңгімесін құлағы шалды. Ол әңгіме мұны қарттар үйіне өткізу жөнінде еді.
– Мына шалыңды қарттар үйіне өткізсек, өзіне де, бізге де жақсы болар еді,- деп бұл жолы да әйелі бастады.
– Көнбейтін шығар…
– Айтып көр. Көнбесе, мәжбүрлейміз. Бірер ай есігін ашпай қойсақ, кім бұған ас-ауқат әкеледі. Қалай көнгенін өзі де білмей қалады.
Ұстамды Жақсылық бұл жолы да сыр бермеді. Тек: «Пофигистер… Ақырзаманның тасмейірлері!» деген сөздер еркінен тыс, көмекейіне тығылғанымен, тысқа шығармай, жұтып қойды. Шай үстінде жиені нағашысы күткендей, «Қарттар үйі», жөнінде сөз бастай беріп еді, «Ешқайда бармаймын!» деп кесіп тастады. Содан бері «мәжбүрлеу операциясы» жүріп жатыр ма, келіп-кетуді доғарған.
Ауруханада он күн жатқасын, жедел жәрдем көлігімен, арбадағы Жақсылықты медиктер жетінші қабаттағы пәтеріне жеткізіп тастады.
Жағдайына қарай емін жалғастырып, әдістеп өмір сүріп жатты. Бұрынғыдай қит етсе, жедел жәрдем шақырмайды. Белі ауырып, шыдатпай бара жатса, ауырғанын басатын дәріні өзіне-өзі еге салады. Қан қысымы көтеріліп, не жүрек атша тулап, тасырлай жөнелсе, керекті дәріні іше қояды. Одан да қайыр болмаса, бұлшық етіне дәрі егуді, ол да жәрдемдеспесе, көк тамырға дәрі құюды жалғастырады. Бір тәуірі өткен жолғыдай есінен танбай, арбасын дөңгелете жетіп, алдын-ала дайындап қойған дәрілерін қолдануға кіріседі. Қажетті азық-түліктерін әкелуге бұрыннан таныс аула сыпырушы, жасы өзімен қарайлас Қайырғали есімді қария қол ұшын беріп жүр. Балконнан басын қылтитып, кейде смартфонына қоңырау шалып шақырады. Берген тізіміне сай, мұның ақшасына қажеттілерін әкеліп береді. Осылайша Жақсылық үшін алдынан бұрындары көрінетін үміт-шамның сығырайған әлсіз сәулесі ғайып болып, бір-біріне ұқсас, көңілсіз күндер тізбегі өтіп жатты.
…Есік қоңырауы шырылдады. «Немерем болар», деп, асығыс астындағы арбасын дөңгелетіп, есікке жетіп, ашты. Бейтаныс толық жігіт пен қыз, ар жағында тағы бір ер адам. «Біз аудан әкімдігіненбіз», деген жігіт, қолында гүл дестесі бар, блокнотты қызды еріте енді. Арсын – гүрсіндеу неме, бірден:
— Ата, қарттар күні құтты болсын!-деп, қолындағы буылған қорабты Жақсылықтың алдына тастай салды.
– Рахмет, қарағым,- деп, үй иесі алғыс айтқан болды. Содан кейін гүл дестесін қыз қолынан алып:
— Жеңгей қайда?-деді.
– Ол кісі қайтыс болған.
– Аа-а… Онда…- деп, гүлді қызға қайырды.
–Мынауың не?-деді, алдындағы қорабты көзімен нұсқап.
–Тәттілер ата… Шайға.
– Қарағым, маған тәтті жеуге болмайтын еді. Айып етпе, осыларыңды да қайтарып берейін.
— Үйде басқа жандар бар шығар…
– Жоқ… Менен басқа ешкім жоқ,- деп күрсінді.
– Жарайды, бері әкеліңіз. Коробканы жартылай ашық есіктен сығалап тұрған тыстағы жігітке ұстатқасын: – Ал ата тағы да қарттар күнімен құттықтаймыз. Баратын үйлеріміз көп. Сау болыңыз, — деп шыға берді. Қыз блокноттағы тізімге үңіле түсіп: «Оспанов па?», деп нақтылады да, белгі соғып, шығып кетті. «Мұнысына да рахмет», деген Жақсылық, еңкейіп, арба үстінен есігін жапты. Бұрынғы сау кезі болса, кімнің келіп-кеткеніне мән бермес еді. Сырқаттың сынық көңілі кірпияз, міншіл болады. Сәл нәрсеге «ызыңдап», болмашыға жабығып, қамығып қалады. Жақсылық та көңіліндегі кірбіңінен арылғысы келгендей, «Жылуы жоқ бойының», деп, Абайды қайталап, әр бөлмеге арбасын дөңгелете еніп, жүрді де қойды.
Қарашаның ортасы ауып қалған күні, кеш түсе, үйінің «иелерін» еріткен қызы Мәнсия көрінді. Аздап аузынан ішімдік иісі мүңкиді. Амандасып та, жағдай сұрап та жарытпады. Бұрыннан қазақшаны мандытпайтын қалпымен, екпіндей сөйлеп:
– Папа, сіз по хорошему үйді босатып, дом престарелыхқа кетіңіз. Вы понимаете… Молодым жить надо!
Қан қысымы қайқайып кетті ме, ары қарай құлағы шыңылдап, басы айналып, қызының не айтып, не қойғанын айыруға мұршасы келмеді. «Мына ішімлік сасып, сарнап отырған шынымен менің баяғыдағы бал татыған, сүйкімді қызым ба?.. Әлде әлдеқайдан пайда болған, алкогольді нейродегенеративті өзгерістерден адами дегидратацияға ұшыраған, әдепсіз қатын ба?.. «Папа» деуіне қарағанда қызым-ау… Қызымыздың осыншама азғындағанын Зейнептің көрмей кеткені жөн болған екен», деген сынды еміс-еміс ойларға ғана берілуге шамасы жетіп, мең-зең күйінде, үшеуді көргісі келмей, басын салбыратып, көзімен еден тіреген қалпында отыра берді. Қатын сампылдай сөйлеп жатыр, сөйлеп жатыр… «Суд», дей ме… «Судоисполнитель», дей ме… Соңында қызының: «Срок до нового года!» деп, ескерткенін анық естіді. «Ультиматумын» жеткізген үшеу, үйінен шығып кетті. Онсыз да қайғының қара орманында адасып, сансырап, депрессия құрсауында жүрген жанға, ең жақын дегендердің бұл әрекеті оңай тимеді. Есеңгіреп, еңсесі езіліп, бір ауыз сөз айтпай қала берді. Өзінен өрбіген, адам кейпіндегі хайуандарға не айтсын. Айтпағаны да жөн еді. Дәрілерін ішті. Қолынан келері ойға берілу. «Күйлілеу кезімдегі көп иллюзияларымнан біртіндап арылып қалдым. Баяғыдағы «Туысым бар… Ұжымым бар… Ұл-қызым бар… Немерем бар еді ғой», деп, арқа тұтқан «алданыштарым» жыл санап азая келе, міне, бір сәтте, бәрі жиылып, қыр асып, көрінбей кетті. Өмірдің безбүйрек ақиқаты бедірейіп, барар жер, басар тауымның қалмағанына көзімді жеткізе жолымды кес-кестеп, алдымда сес көрсете, сұрланып тұр. Мен ешкімге керек емеспін… Құз басынан жазықтағы адамдар арасына қалай түсерін білмеген жандай, сопиып жалғыз қалдым. Мүлдем жалғыз да емес шығармын… Анадайдан: «Қам жеме, мен бармын!», деп, жұбатып, ажалым қараңдайды. Ендігі жалғыз жанашырым, құтқарушым-сол».
Жақсылық «Бұрынғылар кеткен бұры жолға түсудің» өзіне тиімді тұсын іздестіре бастады. Эвтоназия деген жанынан «безгеннің тілегіне» орай, заңды, медициналық жолмен жан алудың бар екенін біледі. Канада, Германияда қолданыста деп естіген. Щвейцарияның Цюрихында бір жылда осы жолмен бір мың үш жүз адам өмірмен қоштасыпты. Тек, төрт мың евро төлеуің тиіс. Жерлеу рәсіміне кететін шығын да соның ішінде. Біздің елде оған рұхсат жоқ. Дәрігерлігі мықты Жақсылық, өзі-ақ дәрімен жүректі тоқтата салар еді. Олай етсе, пәтерінен мәйіттің сасыған иісін біреулер аңғарғаныңша жата беретінін ескерді. Соңында үйінің балконынан құлап өлуге тоқтады. Иә, сол шешім, сол таңдау жан иесіне дұрыс сияқты көрінді. Өмірдің қадірін бағалап үлгермеген қызбалау жасөспірім емес, есі дұрыс, ересек жанның кезінде пациенттеріне: «Өмір-ғажайып. Пешенеңе жазылған ғұмырдың бір күні қалса да, соңына дейін сүруден бас тартпа!» деуімен жебей білген шипагердің, жарық дүние есігін біржолата жауып, ақтық сапарға өз еркімен аттануын қостай қоймасақ та, бұл жерде төреші бола қалуымыз орынсыз. Адам жанының қалтарысы көп. Біз тізбелегендерлен де басқа, өзіне ғана аян себептері болған шығар. Түнгі бірден өте, ұйықтамақ болып, арбасынан сырғый төсегіне қисайды. Мызғып кетіпті. Белдің зарлата ауырғанынан оянды. Арбасына қайта мініп, дәрісін екті. Тамырын басып көріп еді, жүрек ырғагы шатқаяқтап, атша тулап тұр екен. Оны басатын дәрісін де ішті. Үй суып кеткен сыңайлы болғасын, батереяны ұстап көріп еді, орталықтан келетін жылу үзілген бе, онысы мұздай көрінді. Электрожылытқышты тауып, оны қосып, жанында арбада, көрпеге оранып жарты сағат отырды. Ауаның құрғауынан ба, мазасы кетті. «Қой, тағы есімнен танып қалсам, мынадан өрт шығып кетер», леп, онысын тоқтан ажыратып тасталы. Арбасын дөңгелетіп, Зейнеп екеуінің ұйықтар бөлмесіне барды. Бұл бөлмеге енсе, Зейнебі есіне түсіп, көзінен тоқтаусыз жас парлайтындықтан, ілуде болмаса бас сұға бермейді. Бәрін әкеткен Мәнсия, қабырғадағы екеуінің суреті мен домбыраға және креслоға тиіспепті. Мұңайды, жылады, жақсы күндерін еске алды. Фармация маманы Зейнеп, дәріханалар басқармасындағы қызыметін, Жақсылық жұмысынан оралғанша үйде болуға орайластыра атқаратын. Жақсылық жұмыстан оралғанда, алжапқыш тағынып, қолын сүртіне жүріп, есікті өзі ашар еді. Ас бөлмеден дәмді тағамның иісі бұрқырай шығып тұратын. Жарқырап жылы қабақ білдіріп: «Қош келіпсіз, Жақа! Киіміңізді ауыстыра беріңіз. Манты жарты сағатта дайын болады», деп ескертіп, ас бөлмесіне қайта еніп кетер еді. Бұл көңілі жайланған күндері, мына креслоға отырып, домбра тартып, шалқитын. Ас бөлмесіндегі шаруасын бітірген бір сәтінде, Зейнеп те жадырай еніп: «Бүгін көңілдісің ғой Жақа…
Анау кеше уайымдап отырған, құлағына ота жасалған ақсақалың тәуір болған-ау шамасы… Кеңсірігінен ісігін алып тастаған қыздың жағдай жақсарды ма?», деп, жұмысындағы Жақсылықты мазалайтын жәйттерден хабардар болуға тырысатын. Осы кезде ақындық әлемінен алыс Жақсылық қайталап айта беретін жаттанды бір шумағын «әу» деп жіберетін:
Бірге жүрген күндерге қуанайын,
Өзің барда оңынан туар айым.
Аңсап, шаршап жұмыстан келгенімде,
«Жақа», деген сөзіңе жұбанайын.
Иә, ол күндер енді оралмайлы. Зейнеп те оралмайды.
Ертемен шайын, дәрісін ішіп болғасын, алақандай қағазға «Қызым Мәнсия», Жиенім Руслан» деп үлкен әріптермен, оқыған айыра алатындай анық етіп жазып, астына смартфон нөмірлерін қосты. Ақша салатын суырмасынан жұз мың теңге алып, қағаздың үстіне қойды. Содан кейін арбасын дөңгелетіп балконға шығып, терезесін ашып, аула сыпырушы қарияны көзімен тауып алып: «Қайреке… Қайреке… Жетпіс бірінші пәтерге көтеріліп кетіңізші», деп дауыстады. Ол кісі де лифпен тез келе қалды. Амандық сұрасқаннан кейін, Жақсылық:
— Қайреке, менің сырқат жайымды білесіз. Егер анау-мынау бола қалып, мен өмірден озсам, мына қызым мен жиеніме бірден хабар беруіңізді сұраймын, -деп, қағазды ұсынды.
– Қойыңыз бауырым… Жаманшылық айтпаңыз,-деп, сасқалақтаған Қайырғалидың сөзін елемей, ақшаны да ұсынып жатып:
- Жыл бойы қол ұшын беріп жүрсіз… Мынаған менен естелік болардай бір зат аларсыз.
– Мынауыңыз артық,- деп тартыншақтаған Қайырғалидың жан қалтасына ақшаны сүңгітіп жіберді.
– Алла разы болсын!- деген аула сыпырушы, қайта-қайта рахметін айтып, шығып кетті.
Түс ауа Жақсылық ұзақ отырып, бір парақтан тұратын, өзі өлгенде келетін полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем медиктеріне арналған хатын жазды. Біріншісінен жағдайын түсіндіріп, мұның өлімінде ешбір криминалдың жоқтығын, соған орай қылмыстық іс қозғалмауын өтінді. Екіншілерінен өзінің медик екенін, мәйітханаға алып кетпеуін сұрады. Өзі тұратын тоғыз қабатты үй, шаһардағы биік саналатын санаулы үйлердің бірі. Жетінші қабаттағы терезелері шығысқа қараған қонақ бөлме мен балаларының бөлмесінен қаланың жартысы алақандағыдай көрінеді. Түс ауа ұлы мен қызының бөлмесіне еніп, қырық тоғыз жыл өмірі өткен қалаға көз салды. Құмырсқаның илеуіндей қайнаған тіршілік базары. Күре жолдармен ағылған автокөліктер… Жақын маңдағы көше бойлай әлдеқайда асыққан, короновирустың талабына сай, екінің бірінің тұмсығында демперде ағараңдаған адамдар… Көбісі осы қалада өзімен бірге өмір сүрген замандастары. «Енді араларыңда бола алмаймын…», деп, жасаураған көзін терезеден алып кетті. Қабырғадағы, Зейнеп, Кенесары, Мәнсия төртеуі түскен суретке қараңқырап, арбасында ұзақ отырды. Ұлы мен қызының мектептегі кезі. Ұлы өзін, қызы анасын құшақтай, төртеуі де күлімсірей қалған сәт. «Жұмыс, жұмыс» деп сендерді қадағалап, дұрыс тәрбие бере алмаппыз… Сендердің жан-дүниелеріңе қатыгездіктің дәнін кім септі екен? Көшеден бе? Араласқан дос-жарандарың сұйық болды ма? Қай кезде жоғалттық сендерді?», деп тұнжырады. «Кенесары қазір қырық төртте, Мәнсия қырық бірде. Мүмкін менің жасыма жеткенше өзгерерсіңдер…», деген ойға ілесіп, өзін жұбатып, арбасын дөңгелете бөлмеден шығып кетті. Кеш түскенде, батыс жақтағы Зейнеп екеуінің бөлмесінің терезесінен қызғыш доптай дөңгелене анық көрініп, батып бара жатқан күнге қадалып. қоштасқандай сыңай танытты.
Жақсылық фәнидегі соңғы түнін ұйқысыз өткізді. Әдетіне салып, азапты, таусылмас ойларына шомылып, «итшілікпен» таңды атырды. Сағат тілі алтыдан өте арбасын дөңгелетіп, балконға шықты. Қайрымсыз жанның қатулы қабағындай, қарашаның қара суығына оранған түн, әлі таңға орын бере қоймапты. Аула сыпырушы жұмысына кіріскен. Арбасында отырған қалпында, өзі сиятындай етіп, балкон терезесінің екі жақтауын ашты. Оның астыңғы жағынан қос қолдай ұстай отырып, кімге бағытталғаны белгісіз: «Лағнет!» дегісі келгенімен, демеді. Сәл кідіріп: «Кешіріңдер! Қош!» деді де, арбадан тартыла көтеріліп, жамбас тұсынан төмен қарай салбырағанда, алақанын жазып жіберді. Артынша дүңк еткен тұншығыңқы дыбыстан, төрт-бес метр жердегі қарағаш басында түні бойы қонақтаған қарғалар тобымен көтеріліп, қарқылдай ұша жөнелді. Әріректен не болғанын түсінбеген аула сыпырушы, Жақсылықтың жансыз денесі жатқан «тротуар» жиегіне қарай қалбалақтап, асыға келе жатты.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.