РЕВОЛЮЦИЯ ҰЛАНДАРЫ
10.11.2024 0 114
ЭРИЛИК ЭРИСТИИН,
1892 жылы Якут АКСР Чурапчин ауданы, Шақыр ауылында туған. Якут ақыны және прозашысы.
1924 жылдан КОКП мүшесі. 1938 жылдан КСРО Жазушылар одағының мүшесі. 1942 жылы Чурапчин ауданы Төлен ауылында қайтыс болды. Якут Жазушылар одағы мен Эрилик Эристиин атындағы қор ауыл тақырыбына жазылған үздік көркем шығармалар үшін жыл сайын оның атындағы әдеби сыйлық тағайындаған.
Жазушының туған жері Шақыр ауылында мұражай үйі бар.
Якут тілінен орысшаға аударған – Аита Шапошникова
I тарау
– Әбдірқұл! Менің қатты тамақ жегім келеді, мүмкін сөмкенің түбін қағарсың? – Кішкентай Мұндарбек лас арық қарнын түсі белгісіз кенеп камзолдың жыртық етегімен қымтай түсіп, жыламсырап, дірілдеген үнмен тіл қатты. Шалбардың жыртығынан көрініп тұрған сидиған тізелерін қаси түсіп, шаршаған ол Мүсіреп байдың қорасының іргесіне арқасын тіреп жерге отыра кетті де, ағасына аянышты үнмен тағы да: – Саған не тұрады, мүмкін бірдеңе қалған шығар? – деді.
– Ақымақ! Есің дұрыс па?.. Өзің білесің ғой, кеше кешке жолдан та-уып алған қарбыздың қабығын бүгін таңертең жедік қой. Сенбесең мә, қара, – деп Әбдірқұл ашуланып, кірден қарайып кеткен, он екі жерде жамауы бар дорбаны лақтырып жіберді. Бұл барлық жерде өздерімен бірге алып жүретін жалғыз мүлкі болатын.
Өкінішке орай, оның сөзі рас еді. Бүгін сөмкені олар алты мәрте ішін асты-үстіне түсіре тіміскілеп, жазатайым табыла қалған барлық қиқымды заматында жоқ қылған-ды. Ешкім де Әбдірқұлды бұл сөмкенің қожайыны етіп тағайындаған жоқ, әйтсе де ол Мұндарбектен үлкен болғандықтан, оның үстемдігін сөзсіз қабылдады. Есесіне, әрдайым олар жейтін ештеңе болмаған сайын, Әбдірқұлдың беті ұяттан өртенетін, ал екіншісі үнемі оны өзінің шағымдарымен қажытатын. Екі ағайынды Тұз-Бұлақ ауылындағы кедей қазақтың отбасында дүниеге келген. Бос қоржынның иесі болғанына қарамастан менің Әбдірқұлым осы жазда он екіге толатын, ал Мұндарбек он жаста еді. Олардың әкесі өте кедей еді және отбасына қандай да бір табыс кіргізу үшін өткен жылы саудагер Иресимянның қорғасын шахталарына жұмысшы болып жалданған-ды. Ұлдар анасымен қалды. Олар ауылдың қыш кепелерінің бірінде қыстап шыққан еді, әйтседе, көктемде аналары күтпеген жерден өкпесі қабынып, жатып қалды. Бейшара балалар ашық-ты, олар тіпті өздерінің жалғыз сиырларын саууды да білмейтін.
Осы күндері оларға ауыл басқар-масынан хатшы келді. Ол умаждалған қағазды көрсетіп, ауру әйелдің жанына келіп: «Біз кеніштерден сіздердің әкелеріңіз туралы хабар алдық», – деді. Балалар қуанғаннан секіріп кетті, ал Қатира жамылып жатқан ескі
қой терісінен тігілген тұлыпты әрең көтеріп: «Хат алдық дейсің бе? Қанекей, оқышы, балам, оның қалай өмір сүріп жатқанын білейік». Хатшы қағазды жайып, оқи бастады. Хатта былай депті:
«Тұз-Бұлақ ауылының басқармасы.
Үстіміздегі жылдың 17 мамырында «Ащы-Сай» қорғасын кенішінің №3 шахтасында бекітпе қадалар құлады. Нәтижесінде шахтаға өтіп кеткен топырақ суларын қалқып алып төгіп жатқан 8 адам қаза тапты. Қаза тапқандардың ішінде сіздің ауылыңыздың тұрғыны Арғыт Орынбаев та бар. Мамыр айындағы 18 рубль көлеміндегі ақысын ол алдын ала алып қойғандықтан, марқұм маған 12 рубль 80 тиын қарыз болып қалды. Оның туыстарынан жоғарыда аталған соманы өндiрiп, менің атыма жiберуiңiздi сұраймын.
Көпес Иресимян. 1907 жылғы 18 мамыр».
Жақсы хабар күткен Орынбаевтар отбасына бұл хабар ашық аспан астында ойнаған найзағайдай әсер етті. Оқуды аяқтаған хатшы борыш туралы ештеңе түсіндіргісі келмегендей, кетуге асықты. Осылайша Орынбаевтар өз қайғыларымен жападан-жалғыз қал-ды. Балалардың көзіне жас үйірілді. Қатира да жылап жіберді, бірақ оның қабынған көздерінен жас шыға қоймады, тек кеудесінен ыңырсыған дауыстар ғана шығып жатты. Қайғы-қасіретте балаларына ешкім де көмек-теспейтінін түсінген ол ұлдарын шақы-рып алып, оларға ұзақ телміре қарады. Содан кейін бар күшін жинап, оларға: «Ендігі жерде сендердің тағдырларың құдіретті Алланың қолында. Әбдірқұл, ініңді ренжітпе. Тату-тәтті өмір сүріп, бір-біріңнен айырылмаңдар». Бірнеше күннен кейін ол қайтыс болды.
Сол күні-ақ ауылдың несие қоғамы-ның басшысы мен басқарманың хатшысы келе қалды. Олар сиырды 23 рубльге бағалап тәркіледі. Оның 12 рубль 80 тиынын көпес Иресимяның қарызын төлеуге жұмсалды, 9 рубль 10 тиыны марқұм әкесінің бұрын алған несиесі үшін несие қоғамына аударылды, ал жетімдерге 1 рубль 10 тиын ғана түсті. Әбдірқұл олардың дұрыс істегенін немесе алдағанын қайдан білсін. «Бәрі дұрыс болды ма, анам? Енді не істеуіміз керек?» дегендей жасқа толы көздерімен анасының мұздай денесіне телміре түсті.
Сосын көршілер келіп, анасын зиратқа алып барды. Жылап-жылап, балалар олардың соңынан ерді. Сабансыз, ештеңесіз мүрдені шұңқырға сала салып, тез-тез топырақ кесектермен көмуге асықты. Бауырларға аналарына ауыр тиіп жатқандай көрінді. Аналарын аяусыз лақтыра топырақпен көмген адамдарға ашу-ызаларын сырт-қа шығармай, іштерін тарта қарады.
Осылайша, бір-ақ күнде олардың жұпыны күркелерінің ошағы өшіп тынды. Әбдірқұл мен Мұндарбек қаңғып қалды. Ауылда ауқатты жандар жоқ еді, бәрі ілдәлдалап әрең отырған, сондықтан әр үйде бір күннен артық тамақ пен қонуға мүмкіндік жоқ еді. Кейде Әбдірқұл олардан өздерін жұмысқа алып, ақысына тамақтандыруды сұрайтын, бірақ бәрі: «Өзіміз де қосымша жұмыс істесек қуанар едік, бірақ жұмыс жоқ қой», – дейтін. Ал ендігі біреулер мазақ қылғандай: «Мүсірепке барыңдар, бәлкім, сонда сендерге бір жұмыс табылып қалар», – деп ақыл айтатын.
Кейде Мүсірептің ауласына бара қалғанда, ол егініне түскен доңызды көргендей айқайлап, таяғымен қуа
жөнелетін. Қазір бұлар биік ат қораның сыртында отыр, сондықтан да Мүсіреп оларды көрмейді, әйтседе, «бәлесінен аулақ» дегендей, ақырын сөйлеуге тырысады.
Шексіз дала көз ұшына дейін созылып, біртіндеп көгере түседі де, түпсіз аспанның шіліңгір көкжиегінде еріп барып, шексіздікке ұласады. Қыркүйек айының ыстық күні әлсіз ғана нұрын шашып, кей-кейде самал жел құрғақ шөптерді аздап қозғағандай болады да, артынан тағы да ұзақ уақытқа әлденені күткендей қимылсыз қалпына түседі.
Далада Мүсірептің көптеген отарлары жайылып жүр. Сай-Тудың мөлдір суында биік баспалдақты, терезелері боялған Мүсірептің үлкен үйінің, сарайлары мен қосалқы ғима-раттарының және жеміс ағаштарының бейнелері көрінеді. Үйдің артында қамыстан тоқылып, лаймен сыланған кедейлердің жерге жабысқан лашықтары көрінеді.
Өздерінің жұпыны сиқынан ұялғандай, олар бай үйінен жырақ ығыса түскендей. Орынбаевтардың күркесі олардың бәрінен де сиықсыз көрінеді. Мүсірептің ауласынан ауылға бүйір-лері қызыл шырын алмалар мен аса ірі қара көк түсті жүзім шоғырлары қарайды. Жел алма ағаштарының бұтақтарын тербеп, жапырақтар бір топ торғайдың қанаттары секілді діріл қағады.
Мұндарбектің жел қағып, тотыққан беті күннен жарқырап, өткір көздері ағасының әрбір қимылын қалт жібермей қадағалап отырады. Оның бірдеңе айтқысы келеді, әйтсе де қап бастығының қаһарынан қорқады. Ақырында, аштық қорқыныштан үс-
тем болып шықты, Мұндарбек ағасының мазасын ала бастады:
– Ал, бірдеңе жейікші!
– Менің ештеңе де жегім келмейді, – деп жауап берді Әбдірқұл, оның тамағы көп бола тұра, інісімен қасақана бөліскісі келмей тұрғандай.
– Демек, менің қарным аш бол-ғанында сенің еш шаруаң жоқ қой!?
– Ал өзім тоқ бола тұрып, мен неге сенің қамыңды ойлауым керек, – деп Әбдірқұл немқұрайлы тіл қатты, әйтсе де оның да аштықтан іші ұлып тұр еді.
– Мүсірептің қызы аяғыңды тас пен жарақаттаған кезде сенімен бірге жылаған кім? Енді сені ұрған кезде мен де жыламаймын, – деді Мұндарбек талай соққыны көрген адамша.
Бірнеше минут бір-бірін жақтыр-мағандай өзара үнсіз отырды. Олар бұл түнді Сай-Ту өзенінің жарқабағындағы шұқырда өткізіп, тоңазып та қалды. Қазір ағайындылар күнге рахаттана қыздырынып, күс басқан қолдарымен жерді шұқылайды. Аштық оларды ұзақ уақыт үнсіз қоймады. Алдымен «қарны тоқ» Әбдірқұл:
– Жарайды, Мырзайға барайық!
– Жоқ, рахмет. Кеше оның әйелі құрт жайып отыр екен, мен одан жейтін тамақ сұрадым. Ал ол маған қарай таяқты жіберіп қалып, мен зорға құтылдым. Үнемі тіленесің де, жүресің деп ұрыспасы бар ма.
Жоспары бұзылған Әбдірқұлдың еңсесі түсіп, жерге қарап, аяғының саусақтарын уқалай бастады.
– Кемелбектікіне барайық!
– Ал сен өткен жолы Кемелбектің әйелі сүт беріп тұрып: «Өзімізде де жейтін ештеңе жоқ, енді келмеңдер!» дегенін ұмыттың ба, – деп Мұндарбек тағы да бір сылтаудың ұштығын шығарды.
Аштық пен суықтан өліп қалмау туралы сан қилы ойларға күнделікті әбден жаттыққан тапқыр Әбдірқұлдың ақыл-ойы тығырыққа тірелгендей болды. Ағайындылар тағы да үнсіз қалды. Кенеттен Мұндарбек орнынан атып тұрып, тығырықтан шығудың жолын алғаш тапқан адамның үнімен тіл қатты:
– Барып, ана алмаларды ұрла, – деп алма ағаштарын нұсқады.
– Сен не есіңнен ауысқанбысың? Біліп қойса Мүсіреп сазайымызды бермей ме! Өлгің келіп жүр ме?
– Бақшада ешкім де жоқ қой. Бар да алып кел… Әкеле қойшы!
– Не, мен бір өзім ба? – деп Әбдірқұл қорқып кетті, Мұндарбекпен бірге қолға түссе, оған жеңілдеу болатындай.
Жағдайдан шығудың мұндай ең
қиын жолын Мұндарбектің аштық меңдеген ақыл-ойы айтқан еді. Мүсірептің алма бағы оларды еліте түсті. Ауыр жемістерді әрең көтеріп тұрған бұтақтарға қарап, балалардың сілекейі шұбырды. Олар біресе жарылған еріндерін жалай түсіп, бар ынта-ықылас-
тарын бақшаға қарай аударған еді. Балалар жүгірісті, жыртық камзолдардың етектері жалбырап, олардың лас де-нелері мен арық қабырғалары ашылып қалды. «Ал, алға бас!» – бауырлар бір-біріне сыбырласады. Бұл әрқайсысы да алдында жүру құқығын екіншісіне бергісі келетінін білдіретін еді. Ақырында, Мұндарбек келісті.
Мұндарбектің артында сөмкесін көтерген Әбдірқұл келе жатты, атқораның іргесімен жүгіріп келе жатқан екеуі қуғыннан қашқан үйректің балапанын елестететін еді. Кіреберісі биік Мүсірептің еңселі үйін көргенде, олардың көздері жылтырап, жүректері жиі соғып кетті. Аяқтарының астындағы құрғақ шөптің сыбдырынан аз-маз дыбыс шыққанда, балалар қор-қыныштан қатып қалды.
Биік шөптердің тасасымен бақша-ның ішінде жүргенде, олар сәл-пәл байыз тапқандай болды. Сәлден соң-ақ шөптер таусылып қалып, тағы да ұсталу қаупі туындады. Ағаштар мен бұталар суда шағылысқандай тым үлкен болып көрінді, дала тым-тырыс толқып тұрды, ал армандаған алма ағаштары бірте-бірте жақындай түсті.
– Таста, кеттік бұл жерден. Мен қорқамын, – деп Әбдірқұл бауырына сыбырлағанымен, артынан алма ағашына қарап үнсіз қалды. Мұндарбек алға қарай ұмсына түсіп, кей-кейде қолын сермеп ағасын жігерлендіріп те қояды. Ағаштың астына келгенде аздап демін алды. Мүсіреп жүзімдігінен белін жібек жіппен тартып тастағандай сары жолақты аралардың гуілі естілді. «Біз сенің Мүсіреп қожайыныңнан қорықпаймыз», – деген әнді олар
хормен айтты да, қасақана піскен жүзімдерге қонып отырды.
Ағайындылар бұтақтары салбырай иілген бір ағашты таңдады. Тағы да дау басталды, бұл жолы алма ағашына кімнің өрмелейтіні туралы керіскен еді. Мұндарбек тағы да көнді.
Ол батылдана түкірген алақанын ысқылай түсіп, шалбарын жоғары көтерді де, бүкіл денесімен кедір-бұдыр ағаш діңіне жабыса, өрмелей бастады. Әбдірқұл да шамасы келгенше бауырын аяғынан жоғары итеріп әлек. Мұндарбек төменгі бұтаққа жақындай бере, енді ұмтыламын дегенде, ұстай алмай ағаш діңімен төмен қарай сырғып кетті. Ағаштың қабығы мен күс басқан баланың қарны үйкелген сәтте бірдеңенің болуы кәдік еді. Мұндарбектің қарны сырылып, терісі жалбырап қалды да, жарақат қанталап кетті. Бірақ олар асығыс еді, шағымданып жатуға уақыт жоқ. Мұндарбек байқаусызда бір қасық қыша жеп қойған жандай ауаны жұта түсіп, көзіне жас келді, осылайша ол қайтадан өрмеледі. Әбдірқұл оның астынан алақанымен демеп, оны құлаудан сақтағысы келгендей қалып танытты. Дәл осы сәтте екеуі де сақтықты естерінен шығарып алған еді. Мұндарбек жемісі бар бұтақты қармап қалуға тырысқанымен, бұта іліге қоймады, өзінің шарасыздығына ашуланып, жерге түкіріп те қояды. Дегенмен қолы да жетті-ау. Асығыс-үсігіс піскен сары алмаларды жұлып алып төмен лақтыра бастады. «Азық-түлік басшысы» Әбдірқұл сегіз алма болғанын жеткізді.
– Болды, түс енді! Жетер, – деп сыбырлаған оның артына қараға-ны сол еді, өзін ұстауға төніп келіп қалған адамды көрді. Бала қорқыныштан айқайлап жіберді, артынша «қарақ-шыларды» аңдып жүрген күзетшінің балағат сөздері естілді. Мұндарбек ағаш діңін қоя беріп, бақа секілді екі құлаш биіктіктен арқасымен жерге құлап түсті де, ішін ұстап, бүйіріне қарай жылыстамақ болды, бірақ есінен танып, мұрнынан аққан қан бүкіл бет-аузын басып кетті. Әбдірқұл қуғыншының қолынан босануға тырысқанымен құтыла алмай, ақырында оның Мүсірептің кәрі өзбек бағбаны екенін көрді.
– Ағатай! Аштықтан жасадық, жі-берші! – деп жылады ол.
Ұлдардың анасы тірі кезде өзбек оған өз киімдерін жаматуға алып келе-тін, сондықтан Әбдірқұл шал көне таныстарын аяйды деп ойлады.
Мүсіреп бұл қартты он-шақты жыл бұрын Тәшкеннен алдырған. Өзбек бау-бақша жайын жақсы білетін, сондықтан да бай оны он жыл бойы өзімен бірге ұстады. Бағбан мұны мақтан тұтатын және әрдайым орынды-орынсыз мақтанып жүретін. Уақыт өте келе ол ауылды аралай жүріп, адамдардың арасындағы болып жататын жайттарды қожайынға жеткізіп отыруды әдетке айналдырды. Нәтижесінде талай кедей ұрып-соғу мен қорлауға ұшырап жататын. Егер кім де кімнің мұнымен дауласуға батылы барса, ол: «Мүсіреп мені Тәшкеннен алдырып, он жылдан бері айрылмай келеді, менің оған қаншалықты қымбат екенімді сен білмеймісің!?» – деп астамситын.
Тірескен Әбдірқұлды сүйрей қарт қимылсыз жатқан Мұндарбектің иы-ғынан ұстады да, қапты көтерді. Бір оқпен бірі тірі, ал екіншісі қан-жоса екі қазды жайратқан аңшы секілді, ол қожайынға деген адалдығын тезірек көрсеткісі келіп, террасалы үйге қарай асықты.
– Алаяқтар, жастайынан ұрлықпен күн көргісі келеді! – деді ол көне жөке секілді сиықсыз сақалының астынан.
Әбдірқұл ес-түссіз Мұндарбектей емес, бар күшін салып жұлқынады, зәресі зәр түбіне кеткен. Үйге жа-қындаған сайын, өз үнін алыстан талмаусырап жеткен әлдекімнің өксі-геніндей қабылдайды. Ара-тұра оның басына: «Бәлкім, осының бәрі менің түсім шығар?» – деген ой келеді де, дегбірсіздене ояну туралы армандай бастайды.
Ағаштан ойылып, жаңадан ғана жасылға боялған жарқыраған балясиналы үлкен террасада Мүсірептің өзі тұрған. Ақ жібек жейденің үстінен көк барқыттан тігілген кеудеше, басына қара қоңыр түлкі терісінен сырылған шошақ мауыты қалпақты қисайта киген. Есік жақтауына сүйенген күйі оларға қарап, жіңішке мұртының ұштарын ерніне қыстырып тұрды.
Бірде Әбдірқұл үйдің артына жасырынып отырып, өлердей мас Мүсірепті жетектеп алып бара жатқан малайымен арада болған әңгімені естіген-ді. Ол былай деп айқайлады: «Мен он бес жыл мүлтіксіз старосталық қызметім үшін патша-ағзамнан алтын медаль алған осы ауылдағы ең дана адаммын. 1904 жылы Жапониямен соғыс басталғанда мен таза 300 рубль қаржыны сыйға тартып, екінші алтын медалімді алдым. Барша Қара-Массар аталығында менен басқа осындай асыл адам табыла ма?
Менің атақ-даңқым бүкіл Түркістан өлкесіне мәлім, егерде жазатайыммен бір бейшараны кенеттен ұрып өлтіріп қойсам, ол үшін жаза тартамын деп ойламаймын». Әбдірқұлға дәл бүгін өздерінің өлім сағаты келгендей көрінді.
– Міне, қарақшыларды ұстадым! Жазда ұрланған қияр да осылардың тірлігі болу керек, – деді өзбек қожа-йынына ентігін баса алмай. Ол қылмыскерлерді террасаға сүйреп шығарып, Мүсірептің аяғының астына тастады да, балалар қашып кетпесін дегендей өзі есіктің алдына барып тұрды.
Бүкіл жол бойы есінен танып, ағасы сияқты қорқынышты күйді басынан кешпеген Мұндарбек Мүсірептің аяғының астына түскенде ғана өзіне өзі келіп, есін жиды. Бала өз жай-күйінің мәз емес екенін түсінді, ол жыланша жылыстап барып, қабырғада сүйеулі тұрған астаудың тасасына тығылған, әйтсе де, біріншіден, оның көрініп тұрған кір аяқтарынан, ал екіншіден, мұрны мен жараланған қарынынан ағып еденді жауып кеткен қаннан оны кез-келген адам байқап қалар еді. Әбдірқұл да тығылатын жер іздеп, кереуеттің астына қарады.
– Алаяқтар! Бесіктен белі шықпай жатып, қалыбына тартқанын! Неге дәл менің бақшама түстіңдер? – қожайын қапты сілкіп қалып әлгі сегіз алманы төге салды. – Және жақсыларын таңдап алыпты, – деді ол, иленбеген қайыс теріден есілген алтын сапты қамшысын ілгіштен алып тұрып.
Оны шынымен де ашу қысып тұрғаны көрініп тұрды. Ірі жеңіліске ұшыраған генералдың ашуын тұтқын-
дардан алатынындай, ол өз қамшысы-ның әлеуетін бақытсыз ұрыларға сынап көрмек.
– А-аш едік, т-тамақ жегіміз келді,
– деп қорқыныштан кекештенген Әбдірқұл қылмыстарының сырын ашты. Көзінен жас парлап, қатал «генералдың» аяғының астына жатып алды, тұрса дереу соққыға жығылатынын біліп, көтерілуге тырыспады да.
– Сендер неге жазда менің қия-рымды ұрладыңдар? – енді бұларға бұрын естіп-білмеген қылмыстарды жаба бастады.
– Жоқ!.. Мүлдем алғанымыз жоқ…
Терезе ашылып, үйден сығалаған Мүсірептің әйелі қораздың даусындай өткір үнімен «генерал» әрекетін құптағандай: «Бұл сұмырайларға ұрлық жасағанның аяғы қалай болатынын жақсылап үйретіңіз!» деді. Мүсіреп сирағынан ұстап Мұндарбекті де астаудың тасасынан суырып алды да, Әбдірқұлдың жанына лақтырды. Әлі таяқ жемеген, әйтсе де басынан сипамайтынын сезген Мұндарбек те, тиісті көз жасын тезірек төккісі келгендей баяу қыңсылап қоя берді.
– Айт қане, алманы неге алдың? Жазда неге қияр ұрладың? – Алманы аштықтан, ал қиярды алғаным жоқ, – үлкен «ұры» айтқанынан қайтпады. «Генералдың» көңіл-күйі минут са-йын бұзылып, өзінің бар ашу-ызасын жазықтыларға төге түсті. Қыл-мыскерлерге ашуланған аюларша ақырып, олардың алдында қамшысын үйіре бастады.
– Неге дәл менің бақшама түстің-дер? – деп ол басқа жерде ұрлық жа-
саса оны қылмысқа санамайтын-
дай қадалды. Бұған дейін көптеген жарақат алған Мұндарбек енді сат-қындық жасап құтылу туралы ойлай бастады.
– Анау ғой мені ұрлауға көндірген…
– Неге өтірік айтасың, сен ғой бі-
рінші ұсыныс берген! Тұра тұр, бәлем, осыдан тірі қалсам, көрермін сені, – деп қорқытқан Әбдірқұл ызадан жылап жіберді.
Ысылдаған, алтын сабы найзағайша жарқылдаған қамшы балалардың төбесінде ойнады. Жағада қалған ба-
лықтардай, олар еденде тыпырлап жатты; енді ғана жұмыртқалаған қарғаның ұясын әлдекім таяқпен бұзып жатқандай террассаны айқай-сүрен басып кетті. «Генерал» әбден қызынып алған, оның қолындағы жалтылдаған қамшы ажыратпастан екеуінің арқаларына кезек-кезек жауып жатыр. Қамбаның кіре берісіне байланған тайыншадай сарғыш ит олжаны иесімен бөліскісі келгендей, шынжырымен арпалысып аласұрады. Ағайындылар шыңғырып, түрлі да-уыстарға салып еңіреп жатыр. Олар әбден өксігі басылып, енді жылауға да шамалары келмей қалған кезде ғана Мүсіреп ақыры тоқтады.
Қамшымен сою – оларға деген жа-заның өзі емес, тек жауап алудың бір бөлігі ғана еді. Қолынан камшыны шығармаған күйі Мүсіреп кереуетке отырды да:
– Тұрыңдар!.. Қараларыңды баты-
рыңдар! Енді мен сендерді көрмейтін болайын! Дәл бүгін ауылдан жоға-
лыңдар. Ал егер таңға дейін құры-масаңдар, сендерді ұстатамын да, бүгінгіден бетер сазайларыңды тарт-қызам… Өссеңдер, сендер жұртқа күн бермессіңдер.
Жер аударуға кесілген Орынбаевтар-дың орындарынан тұруға да шамалары жоқ еді. «Генералдың» «штабынан» олар еңбектеп шықты, ал кәрі өзбек олардың соңынан жыртық қаптарын лақтырып жатты. Оны ала салып, жылаған күйі аулаға шықты; Мүсірептің иті аласұра үріп ұмтылғанымен, шынжыры кейін тартып, жерге жабыса құлады. Ауладан шыққан олар азап пен қорлықтан жылаған күйі қорқынышты үйге қарай-қарай ауылдың шығысына қа-рай бет алды. Әрине, оларды ешкім де күтіп отырған жоқ еді, олар бастары ауған жаққа қарай кете барды.
Әсіресе, көресіні Әбдірқұл көрген еді, ол бір аяғын баса алмай қалды. Олар айналасына қарады, Мүсіреп үйі терезелерінің ақ жақтаулары да көзден таса болыпты. Басшы ретінде мойындалған Әбдірқұл алда келе жатты. Ашық бір алаңқайға келгенде, ол жерге отыра кетті. Ағасына жала жапқанына өкінгендей басын төмен тұқыртқан Мұндарбек енді алыстау отырды. Батуға бет алған күннің сәулесі жаралы денелерді жылытып тұрды, әйтсе де олардың мұң-мұқтажына немқұрайлы қарайтындай күн таудың басына еріне қонақтады. Күні бойы далада еркін сайрандаған құстар балалардың көзінше үйір-үйірімен қонақтауға Мүсірептің бағына оралып жатты. Олардың да өз қайғы-мұңы, өз мырзалары мен қожайындары бар ғой. Олардың қожайыны Мүсіреп емес, қырғи деп аталғанымен, ол да Мүсіреп секілді аяушылық дегеннің не екенін, кінәлілерді ол да өте жылдам жазалайтынын құстар өмірінен бейхабар балалар білмейтін, сондықтан да оларға қызыға да қызғана қарайтын.
Біршама уақыт үнсіздіктен соң, сабасына түсіп, өтірік айтқаны үшін ағасының кек қайтармайтынын түсінген Мұндарбек Әбдірқұлға жақындап отырды.
– Келші, қарашы, арқам бірдеңеден ашып барады, – деп Әбірқұл үстіндегі жұлым-жұлым киімін шешіп, бауырына арқасын бере отырды. Ол бүкіл денесінен бас-аяғы он үлкен жарақат пен екі кішкене сызатты санады – барлығы он екі жарақат. Сонан соң, жарақат саны жағынан ағасынан озғысы келгендей, Мұндарбек те киімін шешіп алды. Жырылған ішті есептемегенде, онда жеті жарақат бар екен.
– Мұның бәрі сенен, сенің өтірі-гіңнің кесірінен таяқ жедім, – деп Әбдірқұл оны айыптай сөйлеп, көзіне жас алды.
– Менің де жеті жарақатым бар, ішімнің терісі жырылды, оған қоса есімнен танғанша құладым, бұл саған аз ба?! – деп ренжіген Мұндарбек те жылап жіберді. Ұрланған алмаларды бөлісудің орнына, оларға жарақаттарын түгендеуге тура келді. Егер көгерген жерлерді санар болса, Әбдірқұл жеңіске жетер еді, әйтсе де, жеңіске жарақат санының азы –Мұндарбек жетіп, ағасына қарағанда оның жолы болғыш болып шықты.
– Бізге бүгін ауылдан жоғалуды бұйырды ғой. Қайда барамыз? – деп сұрады Әбдірқұл барлығына бір өзі кінәлі інісінен.
– Білмеймін, өзің біл.
Оңтүстік жақтағы төбеден жақын-дап келе жатқан арбаның сықырлаған даусы естілді. Көп ұзамай-ақ парлап жегілген екі түйенің басы көрінді. Арбаның төбесіне дейін қарбыз тиеліпті, ал қораптың алдыңғы жағын-да аяқтарын айқастыра бүккен кәрі қазақ отырып алып, ұзақ бір әнді айтып келе жатты. Осыншама ішіп-жемнің көптігін көрген Орынбаевтар, бірдеңе сұрап көруді ойлады. Олар жолға шығып, жолаушыны күтті. Жақынырақ келген шал түйелерін тоқтатып, түсінбегендей балаларға таңдана қарады.
– Ағатай! Бізге жейтін бірдеңе бе-ріңізші, – деді Әбдірқұл. Жалынышты кейіппен бастарын төмен түсіріп, абайлап басып қарттың жанына жа-қындады.
– Апырмай! Сендерге не болған? Төбелестіңдер ме!? – деп таң қалған ол арбасынан түсті.
– Біз төбелескеніміз жоқ, бізді Мүсіреп ұрды… – деп сыбырлай үн қатқан Әбдірқұл жылап жіберді. Мұндарбек те көз жасына ие бола алмады, әйтседе бейтаныс адамнан ұяла жүзін бұрып, далаға қарап тұрғандай кейіп танытты.
– Ал Мүсіребің кім?
– Ауыл старостасы…
– Ол сендерді неге бұлай сабайды? – деп сұрады қазақ.
– Қарнымыз ашып біз оның бақ-шасынан сегіз алма алған едік, сол үшін, – деген Әбдірқұл өксіп-өксіп жіберді. Балалардың аянышты халіне толқып кеткен жолаушы арбадан үлкен бір қарбызды алды да, оны екіге бөліп, оларға ұсынды. Балалар сол заматта шырынды дақылға басты қойды.
– Ата-аналарың қайда?
– Әкем «Ащы-Сай» кенішінде жұ-мыс істеген еді, кейін бізге оны тас басып қалды деді. Анам осы көктемде қайтыс болды, – деп жауап берді Әбдірқұл, қарттың сұрағына үнсіз қалуды ыңғайсыз деп санап, артынша қайтадан жеуге кірісті.
– Ендігі бағыттарың қалай?
– Білмейміз… Мүсіреп бізді ауылдан қуып жіберді.
– Қайда?..
– Білмейміз…
Жолаушы ойланып қалды. Арбаны айналып, жегілген тартпа-баулардың мықтылығын тексеріп алды да, ол:
– Ал өздеріңнің қайда барғыларың келеді?.. Үндемейсіңдер, өздерің де білмейсіңдер. Онда менімен бірге қа-лаға жүріңдер! Ол жақта сендерден де өткен жетім-жесірлер баспана мен ас-ауқат тапқан. Егер осында қалсаңдар, староста сендердің көз-деріңе көк шыбын үймелетер, – деді қарт сақалын сипай жымиып.
Қараңғыда адасып қалғандай сезі-нетін болашағынан бейхабар бала-лар-дың жүздеріне қан жүгіре бастады.Әл-
декім олардың үстіне төнген қара шы-мылдықты түріп тастағандай болды.
– Қуана келісеміз… Барамыз, ала кет бізді! – деді Әбдірқұл.
– Ағатай, қуана-қуана, – деп бей-жай қостап қойды Мұндарбек те, бар күшімен селқос көрінуге тырысып.
Жол ортада тығырыққа тірелген жетімдердің алдында кенеттен тап сол сағаттағы бірден-бір дұрыс жол ашылды да, бұл олар үшін зор қуаныш болды.
– Қораптың артына отырыңдар, байқаңдар, менің қарбыздарымды езіп тастамаңдар!
Ұшуды жаңадан үйренген қарғаның балапандарындай балалар едәуір күш жұмсап арбаға мінді де, көрсетілген орынға отырды. Қарт қамшысымен таяу тұрған түйені салып қалды, түйелер ыңырана ауыр арбаны орнынан қозғап, ұзын мойындарын соза жол бойымен сүйреп кетті.
Орынбаевтардың туған ауылы біраздан соң көзден таса болды. Мұндарбек қоштасқандай соңғы рет артына қарады да, зор сеніммен жолға бұры-лып, сосын арбаның жиегінен мықтап ұстап алды.
ІІ тарау
Темірлан – көне қала. Оның қисық та жосықсыз салынған көшелерінің, үшкіл, ысталған саз балшықтан со-ғылған кепелерінің соңына қарай үлкен базар алаңы көрінеді. Таңғы тұман секілді оны басып жататын қою шаң-тозаңның арасында базарда толып жүрген адамдар мен жануарлардың сұлбалары бұлыңғыр тартып, ал аспанға ілініп қалған ыстық күн көгеріп кеткен мыс тәрелкеге ұқсайтын еді. Алаңның екі жағында ұзыннан-ұзақ шексіз сауда қатарлары мен сөрелер созылып жатыр. Бұл жерден ойын карталарының, дұға кітаптардың, мыс крестердің, сырғалар мен сақиналардың, шіркеу шамдарының, жаулықтар мен махорка-лардың кез келген түрін сатып алуға болады; осынау заттардың кені ешқашан таусылмайтындай көрінетін еді. Көрші ауылдардан келгендер тікелей арбаның үстінен көкөніс пен жеміс-жидек сататын. Ал базардың бір шетінде қанға боялған алжапқыш тағып алған қасапшылар пышақтары мен балталарын жани түсіп, дауыс-тап өз тауарларын мақтап жататын ет қатарлары бар еді.
Мұнда әр жерден жолақты ұзын шапан киіп, құмырсқаша белін буынған өзбектерді, үстеріне алба-жұлба киім киіп, аяқтарын еріне басқан орыс жүк тасушыларын кездестіруге болар еді. Ішінара пәренжі киген әйелдердің еңкіш сұлбалары көшеден асығыс-үсігіс жүгіріп өтеді. Жұмсақ жүн матадан немесе шевиоттан тігілген кос-тюм киген, қалталарына сағат салып, мұрнына көзілдірік ілген, жібекке оранған ханымдарды қолтықтап, маңғаздана басатын мырзаларды қала-да сирек ұшырастыруға болады.
Иә, әлемдегі адамдардың екі тапқа жіктелелетінін білу үшін алысқа барудың қажеті жоқ еді. Теңсіздік жөнінен Темірлан да өзге жерлерден еш ерекшеленбейтін.
Бағасын біліп, қымбаттығына байланысты сатып алғысы келмеген жандарды дүкеншілер толассыз балағат-боқтығымен шығарып салатын. Бұл сәті түскендегі жағдай, ал кейде сатып алушылар зұлым сатушыдан қашып құтылғанша асығатын. Арасында көне мұсылманша дұғаларын айтып күбірлеген кәрілері мен православ дініндегі қарт адамдары бар тым көп қайыршылар нөпірі ешкімге өтуге мүмкіндік бермейді.
Базар алаңынан шығатын көше-нің бір жақ шетіне орналасқан шарап дүкенінің жанында жаңа мүлкін жуғысы келетіндер мен тойдан кейін бас жазуға асыққандар топтала қалыпты. Кезекке таласқандардың балағат сөздері кейде қырғын төбе-леске ұласып, ішінара қантөгіспен де аяқталып жататын. Дүкеннің кіре-берісінде кеудесі жез түймелермен безендірілген қала сақшысы тұрды; кокардалы фуражка киген басын астамси айналдырып, ол салмақты жұдырығын оңды-солды сермейді де, боқтық сөздермен сыбап қояды. Сақшының итеріп жібергендері тепкішектен қап секілді ұшып түскенімен, тұра салып қайта ұмтылады. Осыдан кейін тәртіп сақшысының қолындағы көбіне сұлулық үшін тағып жүретін жарқыраған ұзын қылышы сырт жағымен ең қыңыр деген жандардың төбесіне төне түсетін. Кейде ол көпшілікке ожаумен су шашатын. Анда-санда біреулер оның алақанына байқатпай бүктелген ақша ұстататын, сол сәтте ол оны көпшілік ішінен суырып алып, дүкеннің ішіне қарай итеріп жіберетін. Бір минут өтер-өтпестен әлгі жолы болғыш адам қолына ширек бөтелке арақты ұстап, сол жерден атып шығатын.
Дүкенге жақын жердегі арықтар мастарға толы болатын; олар бірінің үстіне бірі жатып, біреулері лоқсып, екіншілері ән шырқаса, кейбіреулері бөтелкелестеріне сүйіспеншілік сезімі мен сыйластығын білдіріп жататын, ендігі біреулері жұрттың бәрін шетінен сыбап, қасындағы жолдастарына жұдырықтарын ала жүгіретін. Олардан «бақытсызбыз», «ақымақпыз», «кедейміз», «елдің қорымыз» деген сөзді есту мүмкін емес еді, керісінше, олар өздерін құдіретті, келбетті, бай, құдай мен табиғат өздерін еш ренжітпеген деп санайтын және өздерін де сол бақытты жандардай ұстайтын. Өкінішке орай, бұл жерде мұндай керемет қасиеттерге ие болу мүмкін емес еді.
Осының барлығы да Темірлан қаласының «биік мәдениеті» мен «салтанатын» көрсететін еді, қала тұрғындарының өмірі мен өлімі жоғары мәртебелі губернатордың ашу-ызасы мен мейірім-рахымына тікелей байланысты болатын.
Сәл берірек, көшенің қарама-қарсы бетінде қонақжай есігін айқара ашқан және бүкіл базарға майлы тұшпара иісін таратып тұратын көпес Сидоренконың мейрамханасы орналасқан-ды. Жазда ыстық аптап шөлден, ал қыста аштық пен суықтан өле жаздайтын жолаушылардың бір де бірі шақырып тұратын осынау есіктердің жанынан бей-жай өтіп кете алмайтын, мекеме табалдырығының ар жағына жинаған азын-аулақ ақшасының бір бөлігін, кейде тіпті соңғы тиын-тебеніне дейін тастап кететін.
Мейрамхана ауласында өзгеше бір тәртіп бар еді. Бұл молдалар өз құлшылығында жиі тілге тиек ететін «жұмақ» болатын: «Күнә істеме, патшаға және билік басындағыларға қарсы көтеріліс жасама, сонда сен жұмаққа тап боласың, онда сені пәк те сұлу хор қыздары мәңгі қоршап, ең үздік жемістер мен қымбат шараптардан қалағаныңша дәм татасың, жұмақ әуезімен сені тербететін болады».
Осында, сол көпес Сидоренконың жұмағындағы көлеңкелі бақта мәскеу және краков шұжықтарынан, нәзік те қызғылт ысталған шошқа етінен, ішінде әр түрлі тәттілер салынған пирог және торттардан, теңіз өнімдері толтырылған құмыралардан жібек дастарқан төселген үстелдер ма-йысып тұрар еді. Шығыс тәттілері салынған тәрелкелермен қоршалған шербет пен лимонад құйылған хрус-таль графиндер мөлдірей тершіп, ал неше түрлі шарап сорттары осынау сұлулықтың салтанатын одан ары асыра түскендей еді. Мың бұралған қыздар мен ғажайып музыканттар сізге өз қызметтерін ұсынады. Бірақ, ең бастысы, молда мен Сидоренконың пейіштерінің ортақтығы – мұнда кір-гені үшін екеуі де өте қымбат ақы алатын еді.
Әдетте қарапайым адамдар тамақтанатын мейрамхана буфетінің алдында әлдебір мейірімді жанның садақасынан үміттенген немесе үстел-ден байқатпай қалдықтарды қағып кетуді көздеген арық та жұпыны балалар топ-тобымен жүреді.
Солардың арасында Мүсірептің екінші «сыбағасынан» әрең құтылған біздің Тұз-Бұлақ ауылынан шыққан таныстарымыз да бар еді. Бүгін олар мұнда буфет ашылардан әлдеқайда бұрын келді, сондықтан да олардың кезегі есікке тым жақын болды.
Орынбаевтардың Темірланға келгеніне бір айдың жүзі болған-ды. Олардың үйренісіп, панасыздардың тобында өз адамына айналғаны көрініп тұрды. Жиырмадан астам баланың барлығының да мұң-мұқтажы ұқсас – бір үй мен ошақ. Барлығы да ішіп-жемді буфет төңірегінен, сондай-ақ базар алаңындағы қалдықтардан ажырататын. Олар қала сыртындағы жер қазушылар қазған шұқырда түнейтін.
Олардың еденіне құрғақ шөппен сабан төселген шұқыры жер кепеге ұқсас еді. Кішкентай қайыршылар бір-бірін жақсы танитын, тіпті арагідік бір-бірінен ішіп-жемді де қарызға алып отыратын. Орынбаевтардың әзірге бес-алты нан қабығы қарызы бар, есесіне олардың жартықарбыздың қабығындай алашағыда бар еді. Үстеріндегі киімдері әбден тозған: Мұндар-бектің қамзолы арқасынан жыртылып, шалбарының үстіңгі жағы ғана қалған, ал Әбдірқұлдың сол жақ иығы мүлдем жалаңаштанып, шалбарының бір ба-лағы келмеске кеткен.
Адамдар оларға назар аудармай кіріп-шығып жататын. Кезекте тұрған балалардың өз заңдары бар. Алдындағылардың біреуі садақа алысыменол кезектің соңына барып тұратын да, оның орнын келесі басатын. Осындай тәртіп орнатуды үңгірдің жалпы жиналысында Әбдірқұл ұсынған еді. Ұзақ дау-дамайдан соң ұсыныс бірауыздан қа-былданған болатын.
Шығып бара жатқан адамды көрісімен соңғылар алдыңғыны итермелеп, оларды тез арада дәмханаға жүгіріп барып табақшаларда қал-ған-құтқанды жалап-жұқтауға асықтыратын-ды. Кейде ағайындылар даяшылардан қысылып мүмкіндікті пайдаланып үлгермейтін. Бірде Мұндарбекті ұрып-соға жаздады. Оның ұялғанына арттағылар ашуланып, наразылық білдіре бастады. Біреуі «өзінің ақымақтығының кесірінен осыншама адамды аш қалдырды» деп айқайлап жіберді, ал бір бала оның қамзолын жыртып та үлгерді. Жанжал шықты, әйтседе ақылды жандар табылып, оларды дер кезінде ажыратып жіберді.
Бірде дәмханаға қою қара мұртты, қоңыр шашты, шығысқа тән бет-әлпетті, қарапайым, әйтседе жарасымды киім киген жас жігіт келді. Ашық есіктен өте беріп ол Әбдірқұлдың басынан сипағысы келді, бірақ ол басымнан ұрғалы тұр екен деп, бір жаққа қарай ырғыптүсті. Жігіт оған аянышпен қарап, күлімсіреген күйі үйге кіріп кетті.
Ол екі тамақ алып Әбдірқұлды саусағымен өзіне шақырып, алдына тұшпара салынған тостақ пен бір кесек нандықойды да, қазақша түстенуді ұсынды. Бала әдеттегідей тостақ пен нанды ала салып, сыртқа қарай бет алды, бірақ жігіт: «Сен осында же, тостақты алып шығуға болмайды, ұрсады», – деді. Әбдірқұл өзін кінәлі сезінгендей үстелге келіп, бауырымен бөліскісі келетінін айтты. «Ал сен оны осында шақыр», — деп жауап берді жомарт «мырза». Қуаныштан көзі жарқ-жұрқ еткен Әбдірқұл Мұндарбекке жүгірді де, ертіп келіп тамақты соған қарай ысырды. Асықпай, сораптамауға тырысып, бауырлар жей бастады.
– Беттеріңдегі ненің таңбасы? – деп сұрады «мырза».
– Бір ай бұрын ауылымыздың старостасы Мүсіреп ұрған болатын, – деп жауап берді оған Әбдірқұл.
– Не үшін ұрды? – деді басын шай-қай ашуланған мырза.
– Біз қарнымыз ашып оның бақшасынан сегіз алма ұрлаған едік.
– Неге ұрладыңдар, ұрлық деген жақсы емес қой?
– Аштықтан… Біз аштан өлетін едік…
– Иә, аштық ойыншық емес… Ал ата-аналарың қайда?
– Әкемді «Ащы-Сай» кенішінде тас басып қалды, ал анамыз ауырып, осы көктемде қайтыс болды.
Бейтаныс жан басын шайқап, балаларға аянышпен қарады.
– Қалай ойлайсыңдар, байлық дегенжақсы ма? – деп біртүрлі сұрақ қоя бастады мырза.
– Әрине, жақсы, текМүсіреп жаман.
– А-а, барлық байлар жаман, – деп қалды Мұндарбек.
– Олар неге жаман? – деді мырза оған.
– Себебі бір бай көпес өз кенішінде әкемді таспен бастырып өлтіріп, содан кейін әкемнің алған қарызының орнына бізден сиырды тартып алды.
Бейтаныс жан Мұндарбектен көзін алмай басын шайқай берді.
– Сендер қайда түнейсіңдер?
– Анау, түрменің ар жағында, – деді Әбдірқұл қалалық түрме ғимараты тұрған төбеге қарай қолын созып.
– Онда сендердің туысқандарың тұра ма?
– Жоқ, туыстарымыз жоқ, біз жер
қазушылар қазған шұңқырда ұйықтаймыз.
Түскі ас та аяқталды, әңгіме де сонымен тәмам болды. «Мырза» мыс түймелі әмиянды шығарып, одан күміс рубль алып Әбдірқұллаға ұсынды, ал Мұндарбектің басынан сипады.
– Өздеріңе жейтін бірдеңе сатып алыңдар, – деп, ол шығып кетті. Бауырлар да қуаныштан аяқтарының астындағы жерді сезбей, онымен іле-се шықты. Әбдірқұл бұрын-соңды мұндай үлкен тиынды көрмеген-ді,
сондықтан да оның қолына тым сал-мақты болып көрінді.
«Ол не берді?», «Не жедіңдер?», «Бұл адам кім?» – деген сұрақтар оларға әр жақтан жауып жатты. Кенеттен байып кеткен жандардай балалар маңғаздана үнсіз қалып, кезектің соңғы жағына барып жайғасып жатты.
Көшеден биік жабық арба көрінді, әбзелдері келіскен екі ат оны қара шаңды бұрқырата сүйреп келе жатты. Арба мейрамхананың жанындағы бұрышқа тоқтады. Одан толық, басынан-аяғына дейін қара шұға киін-ген, сабына алтын жалатылған емен таяқша ұстаған бір мырза түсіп, үйге кірді. Көп ұзамай-ақ ол жақтан: «Бұл жалаңаяқтардың мейрамхана маңына топырлауына кім рұқсат берді? Олар бірдеңені жымқырып кетуі мүмкін ғой, қуыңдар, көрмейтін болайын!» Бұл мәртебелі Сидоренко мырзаның тап өзі еді. Буфеттен ақ халатты бір әйел атып шығып: «Сендер мұнда неге күнде жиналасыңдар? Табандарыңды жалтыратыңдар! Қайтып келсеңдер, сақшыны шақырамыз!» Балалар үркі-ген торғайдың тобындай жан-жаққа жапа-тармағай қаша жөнелді. Осылайша бір табысы мол жер мәңгіге жабылып тынды.
Орынбаевтардың басына бір жақсы ой келді – рубльге әртүрлі тамақ алып, екі адамға бір той ұйымдастырса. Олар базардан шығып, тар әрі қисық көше бойымен дүкен іздеп кетті. Олар бірнеше нан дүкеніне кірді. Ол жерден олар бір бөлке нанның бағасын білуге тырысты, әйтсе де оларды ешкім назарына ілмеді. Ештеңесіз құр қол қайтуға тура келді.
Осылайша бауырлар бірнеше дүкенді аралап шықты, бірақ ештеңе шықпады. Көп ұзамай олар есігі көшеге қарай айқара ашылған бір үйге келді, оның үстінде ірі жазуы және сағаттың суреті бар маңдайша ілініпті.
– Мынау дүкен сияқты, осыған кірейік! – деді де Әбдірқұл үйге бірінші боп кірді. Мұндарбек оның соңынан үнсіз ере жөнелді. Бұл мүлдем дүкен болмай шықты. Терезенің алдында үлкен тік бұрышты үстел тұрды да, ал оның асты бұзылған сағаттарға толы еді, үстелде ақ шашты қарт оларды жөндеп отырды. Қабырғаға 5-6 сағат ілінген, олар да бұзылған сияқты.
– Ой, біз басқа жерге келген сияқ-тымыз, – деп міңгірлеген Әбдірқұл кейін шегінді.
– Тоқтаңдар, балалар! Сендерге кім керек? – деп сұрады қожайын жұмсақ үнмен.
– Біз бұл жерді нан дүкені деп ойладық, қателесіппіз, – деп жауап берді Әбдірқұл.
– О, бейшаралар… Нанға ақшаларың бар ма, киімдерің тым жұпыны екен? – деді қария оларға жақындай түсіп.
– Әлгінде ғана мейрамхана жанында бір адам бізге рубль берді, – деп іле-шала жауап берді Әбдірқұл оның қарапайым қалпына сенгендей.
Бөлме ортасынан түрлі-түсті кілем-мен екіге бөлінген екен. Кенет оның ар жағынан өздеріне ақша берген жас жігіт шығып келе жатты. Ол артына бұрылып, көрші бөлмедегі әлдекімге бірдеңе деді де, асығыс балалардың жанына келді. Оның соңынан самайы ағарған қарт қазақ әйел шықты. Үшеуі де балалардың қасына келді. Жас жігіт есікті ішінен жауып, қарт әйелге:
– Апа, міне, мен айтқан балалар.
– Ой, сорлылар! Киімдерің қандай еді! Осыншалықты азып-тозармысыңдар, – деп ол өзінің туған сіңлісі-
нен қалған жетімдерді көргендей мүсіркей сөйледі.
Жігіт сол сәтте әкесіне өзінің олармен қалай кездескені, Әбдірқұлдың қайғылы әңгімесі туралы қайтадан айтып берді. Толқыған қарттар балалардан көз алмай отырды. Қожайынның ұлы Мұндарбектің барлық байларды жаман деп санайтынын және олардың әкесін кеніште өлтіргенін атап өтті. Содан кейін ол анасына оларды тым болмаса бір түнетуді, жақсылап та-мақтандыруды өтінді. Сөйлеп біткен соң, ол картузын киіп, кетуге бет алды.
– Балам-ау! Оларды қалайша паналатамын? Сенің оларды мүсіркегеніңнен менің де аяныш сезімім арта түсті. Сен барлық жоқ-жітікке мейіріміңді төгіп тұрасың! Әкесі, көрдің бе біздің баламыздың жүрегін!? Жарайды, бара ғой, балам, құдай жар болсын, ертең осы уақытта кел, тамақ іш. Абай бол, балам, қолға түсіп қалып жүрме! Өзі азап шеге жүріп, өзгелерге деген мейірімін жоғалтпаған… – деп кемпір түсініксіз сөйлеп жүр.
Неліктен ол ұлының азабын айтады? Неге ол қолға түсуі мүмкін деп ойлайды? Және неге ол дәл осы уақытта ғана келуі керек, ол бұлардың баласы емес пе? Әбдірқұл бәрінің мән-жайын түсіне алмады.
Адам кетті. Кемпір ағайындыларды қолдарынан ұстап, қалқаның артына қарай алып барды. Ол үлкен сандықты көрсетіп, соған отыруды бұйырды да, өзі асханаға шығып кетті. Бөлмеде көше жаққа қарайтын екі тар терезе бар еді, терезелердің ортасындағы қабырғаның жанында
шағын үстел тұрды, оның үстінде ескіргеннен көмескіленіп, бұрыштары кетілген айна ілініпті. Дәл осы жердің жанына кішкентай фотосуреті бар портрет қағылыпты (шамасы, қожа-йынның ұлының суреті сияқты), қа-
бырғаның жанында таза төсек жабдық-тары бар жалпақ кереует тұрды.
Мұнда кітаптар мен ескі газеттердің үйінділері жатқан шағын үстел, арқалығы иілген бірнеше веналық орындықтар да бар еді. Жабдықтар әдеттегідей болса да, Орынбаевтарға ол патшаның сарайындай болып кө-рінді. Әрине, балшықтан соғылған ке-пе мен жердегі шұңқыр бұл бөлмеге мүлде ұқсамайтын. Мұндарбекке сандықта отыру қорқынышты көрінді, ол ыңғайсыздана шетіне ғана жайғасып отырды, онда да қожайын айтқаннан соң ғана. Өздерін бұлайша қабылдағанына аң-таң қалған бауырлар өз-өзіне келе алмай, ақырын ғана сыбырласып, бір-бірін бүйірлерінен түрткілеп жатты.
– Міне, үй деп осыны айт! – деді қуаныштан көздері жалт-жұлт еткен Мұндарбек.
– Үндеме! – деді оған Әбдірқұл. Бір кездері ұрлық жасап ұсталған оған енді оларды жасырын сөйлескені үшін қуып шығатындай болып көрінді.
Қожайын ас үйден самауыр алып шығып, үстелге май, нан, ыдыстар қойды, орындықтарды жылжытты, дәл бір үйлену тойын өткізетіндей абыр-сабырға түсті.
– Үстелге келіңдер, отырыңдар! – деп ол балаларды шақырып, күйеуіне: – Николай Васильевич! Келіңіз мұн-да, қонақтармен шай ішейік, –деп айқайлады.
Шал кірді. Орынбаевтар бұл түс пе, әлде кезекті бір мазағы ма деген қорқынышпен абайлап үстелге келіп отырды. Буы бұрқыраған ыстық шай самауырдан құйылып, әрқайсысының алдында кесе пайда болды.
– Қысылмаңдар, алыңдар. Қарын-дарың ашқан болар, – деді кемпір жанашырлықпен.
Дейтұрғанмен, аштық қорқынышты жеңіп, арық жел қаққан қолдар батылырақ тәтті-дәмділер жаққа қарай жиі-жиі жүгіріп жатты.
Ал кемпір күйеуіне ағайынды-лардың қайдан келгенін, оларды кім-нің және қалай ренжіткенін, басы ау-
ған жаққа кету себебін, ұлынан естіп-білгендерінің бәрін айтып жатты.
– Қарашы, оларды қалай сабағанын! Осындай балаларға қол көтерген қас-күнемнің жүрегі тас шығар. Кедей-кепшікті ренжітуін, қорлауын қашан қояды? Міне, сондықтан да біздің ең белсенді жастарымыз байларға қарсы көтерілгені үшін қуғын-сүргінде жүр. Міне, менің Андрюшам да әлі күнге дейін тыныштық пен демалыс дегенді білмей, жасырынып жүр…
– Сен күндердің күнінде байлар өздерінің теріс қылықтарын түсінеді деп ойлайсың ба? Қалай айтсаң да, қарапайым адамға тек билік халыққа өткенде ғана, әлемде байлар да, кедейлер де жоқ болғанда ғана жеңілірек болады, – деп қарт ауыр күрсінді де, терезеге бұрылды.
– Айтыңдаршы, балалар, сендер нешедесіңдер? – деп сұрады кемпір.
– Мен он екіге толдым, ал ол он жаста, – деп жауап берді Әбдірқұл.
– Жақсы тамақтанып, киімдері бүтін болса, өз жасына олар жақсы көрінер еді, – деп түйіндеді кемпір, сосын күйеуіне орыс тілінде бірдеңе айта бастады. Ақырында ол ағайындыларға ерекше бір жаңалықты жеткізді:
– Былай, балалар, үй-күйсіз, ас-сусыз босқа қаңғыра бергенше, сендер бізге бала болыңдар. Біз де бай адам емеспіз, ас та төк байлығымыз жоқ, әйтсе де, сендерді киіндіріп, қарындарыңды ашырмауға шамамыз келеді.
Әбдірқұл қараңғылықтағы сәуледей санасына шымырлап енген бұл сөз-дерге сенер-сенбесін білмеді.
– Апатай, біз қуана-қуана келісеміз, – деп қысқа жауап берді ол, ал Мұндарбектің жүзі қуаныштан бал-бұл жайнап, осы сәтте ол бақыттан күнге дейін ұшып кетердей күйде болды.
– Ай, бейшараларым-ай! Кішкене ғана жесеңдер де, нұрланып кеткендей болдыңдар-ау… Балаларым, біз мұнда ұзақ тұрмаймыз, жақында көшеміз. Бізбен барасыңдар ма?
– Әрине, барамыз, бізді ертсеңіз болды.
– Мен жиі ауырамын, маған самауырды көтеру, ыдыс-аяқ жинау, еден жуу қиын. Жұмыс істеуге үйретсем, сендер бәрін де жасар ма едіңдер?
– Үйренсек, бәрін де істейміз…
Кемпір енді өзінің құпияларын ашуға көшті:
– Балаларым! Сендер енді ержеттіңдер, түсінуге тиіссіңдер? Біз осында тұра берсек, басымызға зор қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан сендер еш-кіммен сөйлеспеңдер, әлденені біле қалсаңдар, оның бізге қатысы жоқ дегендей кейіп танытыңдар, ең бас-тысы, кеткенімізше осы бөлмеден шықпаңдар… Менің күйеуім осыдан 28 жыл бұрын Киев губерниясынан патша заңы алдында кедей, әлсіз жандарға ара түсіп, қолдау көрсеткені үшін жер аударылып, осында келген еді. Ал өзім Іле өзенінің жоғарғы сағасында тұрмысы нашар қазақ отбасында дүниеге келдім, сендер сияқты ерте жетім қалып, басым ауған жаққа қаңғып кеттім. Темірланда мен 27 жылдан бері өмір сүріп келемін. Осында өзімнің шалыма тұрмысқа шықтым. Ол кезде біз жас едік.
Біздің жалғыз ғана ұлымыз бар, жаңа ғана оны өздерің көрдіңдер; биыл ол 25-ке толды. Осында агрономдар училищесін бітіріп, үш жыл бұрын ол жоғары білім алу үшін Мәскеуге кетті. Онда социал-демократиялық партия қатарына өтіп, зауыт жұмыс-
шыларының көтерілістерін ұйымдас-тыруға қатысады. Біздің Андрюшаны ұстап алып, он жылға Кавказға жер аударады. Ол жақтан қашып кетіп, кеше осында келді. Біз оны жасырып отырмыз, есейгелі бері оны қалада әлі ешкім көрген жоқ. Ар жағын өздерің де білесідер, асханада сендерді кез-дестіріп, рубль береді, маған келіп, сендер туралы айтып берді, дәл сол сәтте өздерің де келдіңдер. Ертең ол басқа қалаға кетеді. Бәлкім, ол туралы полиция біліп қалып, тінту жүргізуі де мүмкін. Сонда міндетті түрде сендерден де жауап алады.
Сендер ештеңе айтпаңдар, ештеңе білмейтіндей болыңдар. Егер ұстап берсеңдер, бізді өлтіреді де, сендер тағы да баспанасыз қаласыңдар. Түсіндіңдер ме? Жаңа жерге барғанда біз сендерді өзіміздің балаларымыз дейміз, сонда сендер мұны растауларың қажет. Бұл жерден кәрі кемпір мен шал қашып, тыңшылар оларды іздей бастайды, ал біз екі баласы бар басқа отбасына айналамыз. Осылайша олар бізді мүлдем жоғалтады, – деп кемпір өзінің құпия жоспарларымен бөлісіп, әңгімесін аяқтады.
Сағат жөндеуші тағы да ауыр күрсінді, кемпір жылап жіберді, ал бауырлардың қайғылы естеліктерден ұнжырғалары түсті; ыстық шайбәрінің де аш өзегінетүсіп кеткендей болды. Әйтсе де олардың ашық әңгімелері өз нәтижесін берді: Орынбаевтар жаңа ата-аналарын тапты.
ІІІ тарау
Бұл Темірлан емес, Орынбор қала-сы, мұндағы көше Сұлтан емес, Уральская деп аталады, ал Мұндарбек пен Әбдірқұлда енді бұрыңғы панасыздар емес, олар да мүлдем басқа адамдар.
Орынбордың Темірланнан айырмашылығы, Екатерина II-нің патшалығы кезінде оның атақ-даңқы Кавказдан Украинаға дейін жайылды, бүкіл Мәскеу мен Петербург ол туралы әңгімелеп жататын. Иә, ол кезде бүкіл Ресей «Пугачевтың әскері Орынборға жақындады» деген үрейлі хабарға толып кеткен еді. Помещиктер, ақсүйектер мен бекзадалар бұл хабарды Азиядан шыққан шешек індетіндей қабылдады. Ал бұл екі қаладағы өзге хал-ахуалдың барлығы да бірдей болатын. Олардағы тәртіп, мекемелер, заңдар, тіпті мәдениет пен сәулет те де пәлендей айырмашылық жоқ еді. Ондаған жылдар бойы бұл қалалардағы адамдардың рухани және материалдық өмірлері бір деңгейде сақталып келді.
Әйтсе де ежелгі қалалардың то-қыраған тіршілігін Әбдірқұл мен Мұндарбектің өмірімен салыстыруға келмейтін еді. Енді олар көне жамаулы мақталы шалбар киген, біреуінің үстінде қожайынның пальтосы, екіншісінде қарттың мақта шапаны бар болатын. Киімдер үлкен еді, бірақ олар қысыла қойған жоқ; денелерін тығыз оранып, белбеулерін барынша буынып, шекелеріне қалың қой малақайларын қыстырып қоятын, осылайша олар өздерін сәнқой жас жігіттердей сезініп жүрді.
Қожайынмен және әйелімен бірге пәтер жалдап тұратын көшірмен бірге олар Орынбордың Орал көшесіндегі №30 үйде тұрды. Үйдің көшеге қараған үш терезесі бар болатын, ал шатыры қисайып кеткен. Олар пәтерді осы аулада ондаған бөлмесі бар үлкен үйде тұратын көпес Шейдманнан жалға алып жүрді. Балалар күніне екі рет серуенге шығатын: таңертең – қақпақтарды ашып, кешке – қайта жабу үшін. Олар серуенге алыс бір саяхатқа баратындай дайындалып шығатын. Үстеріне барын киіп алған ағайындылар тура бұлғын ішік киген Шейдманның өзі секілді ұзын еден бойымен асықпай басып бара жататын. Шейдманнан олардың бір айырмасы: балалар еден жууды, самауыр қоюды және ыдыс-аяқ жинауды жақсы білетін.
Ұлдар мен оларды асырап алған ата-аналарының тұрғылықты жері ғана өзгеріп қойған жоқ. Темірланда шалды Николай Васильевич Киргиздан деп атаса, енді ол өзін Федор Николаевич Борисенко деп атай бастады; ол бұрын сағат жөндеуші болса, қазір етікші; бұрындары сақал-шашы ақ еді, енді ол шашы мен сақалын қаракөк түске бояп қойды.
Кемпір бұрын-соңды еш-қашан бетін жаппайтын, кенеттен ол да өзбектің жасамыс әйелдеріндей басына пәренжі киіп жүретін болды. Қазақтардың Тұз-Бұлақ ауылындағы кедей Арғыттың отбасында туған Орынбаевтар енді Қырғызстанның Аққұдық ауылында туған кемпірдің бірінші күйеуінен туған балаларына айналды. Олар парсы шекарасындағы Қызыл-Арват қаласынан келгенін айта бастады, Тегеран мен Мешхед туралы әңгімелейтін, бірақ шын мәнінде олар бар болғаны Тамерланнан ғана келген еді.
Балалар барлық өзгерістердің астарын тез түсіне қойып, өздерін тура талапқа сай ұстап жүрді. Ағайындылар бөлмесінің астынан қазылған ұрада астыртын баспахана ашылды. Онда күні-түні екі адам жұмыс істеді. Олардың бірі кавказға жер аударылып, содан қашып шыққан қожайынның ұлы – Андрей Киргиздан болатын. Екіншісін балалар білмейтін. Күндіз олар әріп құрастырып, түн-де газеттерді басып шығаратын. Станоктың шуы үйдің ішінен жақсы естілетін, сондықтан Әбдірқұлға еден мен пештің арасындағы саңылаудан шығып тұратын жіпті көрсетіп, кешке немесе түнде көше жақтан қандай да бір дыбыс шыға қалса, соны тартып қалу тапсырылды. Арқанның ұшына қоңырау ілінген, әлдене бола қалса, қоңырауды естіген жерасты жұмысшылары жұмысын тоқтатуға тиіс еді. Аптасына бір рет қараңғы түнде көрші-көшір ол жақтан қалың газет жиынтықтарын алып шығып, әлдеқайда алып кетіп жататын, қайда апаратынын Орынбаевтар білмейтін.
Бірде көктемгі мамыр айының кешінде жасыл даланың үстінде ұзақ серуендеп әбден қызарған күн батыстағы таулардың тасасына де-малуға түсіп кеткенде, Орынбаевтар, әдеттегідей, қақпақтарды жауып, бөлмелердегі керосин шамды жағып жатты. Әбдірқұл ас үйге самауыр қоюға кетті. Дәліздің есігі жабылып, ілгектері әлдеқашан ілінген. Шұңқырда машина біркелкі жұмыс істеп жатты. Самауыр екі иығынан дем алып, әр түрлі әнге салып, ақыр соңында ыстық буын шашып қоя берді, Әбдірқұл заматында оны қолына алып, жеңімпаздай оны үстелге қойды. Кемпір дастархан жайды. Шәйнекке аздап қайнаған су құйып, шайды демдеп, май жаққан нан салынған тәрелкені алып, қарт шұңқырға түсті. Ұзамай ол да шығып, үстелге отырды.
Кесесіне ыстық шай құйып алып, қарт әдеттегі кешкі әңгімесін бастады:
– Балаларым жарайсыңдар, олар түсінеді, бәрін де біледі, сондай елгезек. Одан басқа не керек, олар енді мен үшін ең сүйікті жандар.
– Әрине, балаларымыз біздің өмірі-міздің сәніне айналды, – деді кемпір.
– Менің қыстайғы еңбегім далаға кеткен жоқ, олар қазір оқып-жаза алады. Тіпті орысша да шүлдірлей бастады. Мұндарбек бәрін тез қағып алады, есесіне Әбдірқұл арифметикаға жүйрік. Құдай сәтін салып күзге жетсек, балаларды мектепке береміз, – деді шал шайын үрлей отырып.
– Менің Андрюшам білімді, бірақ пайдасы жоқ. Ұры секілді адамдардан жасырынып жүреді, үйден шығуға қорқады. Менің ойымша, оқу жақсылыққа апармайды, – деп кемпір өз ойындағысын айтты.
«Мектеп» деген сөзді естіген бауырлар қуанысып қалды. Олар өздерін бірден білімі толысқан студенттерше сезініп, бастарын көтеріп, нанды құшырлана жей бастады.
– Сен Андрюша білім алып, өз өмірі мен күш-жігерін көптеген қорлық көріп, езілген жандардың тағдырын жеңілдету жолына арнағанын теріс деп ойлайсың ба? – деп ашуланды қарт.
– Солайы солай ғой, оның халық үшін күресіп жүргені дұрыс-ақ. Бірақ менің де баламды жұртшылыққа көрсетіп, онымен ашықтан-ашық мақтан-ғым келеді.
– Мынадай қарғыс атқыр заманда кедейлердің қайсысы ашық та бейбіт өмір сүріп жүр? Неге саған уақыты келгенше шыдамдылық танытпасқа?
– Дұрыс айтасың, – деді шешесі. – Қарғысқа ұшыраған мырзаларды төңкеріп тастайтын, түрмеде қамалып, каторгаға айдалған мыңдаған езілген жұрттың жас қамқоршыларын босататын жарқын күн қашан келеді?.. Ол күнді көру көп адамның маңдайына жазылмаған, сірә.
– Кедейлер мәңгі қорлықта қал-майды, әйтседе, ондай сын сағаттың қашан соғарын білу бізге бұйырмаған.
Орынбаевтар қанау туралы сөздерді анық түсіне қойған жоқ, есесіне Мүсірептің таяғын ұмытпаған еді. Байлар мен кедейлер туралы әңгіменің мағынасын олар жүректерімен сезінді, ал Әбдірқұл ашуланған байдың жүзін көз алдына анық елестетті; түн сайын әлденеше рет оны түсінде көріп, суық терге малшына шошып оянып жүрсе, ондайды қалай ұмытарсың. Әр түн сайын сандырақтап, ұйқыда жылап жататын Мұндарбектің де есінде талай нәрсе бар еді. Ағасы оятқаннан кейін ол да түсінде қолында қамшысы бар Мүсірепті көргенін айтушы еді.
Осылайша олар әртүрлі әңгімелерді айтып отырғанда, күтпеген жерден есіктің қатты қағылғаны естілді. Әбдірқұл бөлмеге жүгіріп келіп, жібін тартып қалды. Аяқтың астындағы шу тоқтады. Есіктің дүрсілі күшейе түсті, қожайын келіп: «Бұл кім?» – деп сұрады. Сол сәтте аула жаққа қарайтын терезе әйнектерінің сынған дауысы естілді, винтовкалардың штыкты ұңғылары көрініп, әлдекімнің боқтап-боралаған үні естілді. Қорыққан балалар мен әйелдің шыңғырған дауыстары сынған есік дүрсілімен араласып кетті. Орынбаевтар кереуеттің астына сүңгіп кетті, есік айқара ашылып, бүкіл үй етік пен винтовка құндағының еденге соғылуынан дірілдеп кетті.
Көзді ашып-жұмғанша үйдегі барлық жан, оның ішінде Орынбаевтар да ұсталып, бір бөлмеге қамалды. Үйге мыс кокардасы мен екі бас-ты самұрығы бар фуражка, металл түймелер мен аксельбанттар тағылған қара шинель киген, тапаншамен және едендесүйретіліп жүрген қылышпен қаруланған адамдар толып кетті.
Барлық жерде тышқан түстес шинель киген сарбаздардың сұлбалары көрінді. Винтовкалар әлі де терезеден шыққан күйінде тұр; көше жақтан айрықша үндер естілді.
Тінту үйдің астаң-кестеңін шығар-ды. Сынған ыдыс-аяқтың дыбыстары, небір боқтық сөздер, бұйрықтар бір минут та толастамады. Көп ұзамай-ақ солдаттар шұңқырға түсетін есікті тауып алып, сол жаққа ұмтылды. Нағыз топалаң сол жерде басталды: айқай-ұйқай, қырылдаған үн, соққы дауыстары естіліп жатты. Кемпір: «Андрюшенька! Қарсыласпа, өлтіреді ғой!» – деп ұмтыла түскен еді, солдаттар оның кеудесінен мылтықтың дүмімен ұрғанда, ол еденге отырып қалды. Еденмен сырғанай жылап, әлгінде ғана ұлын тыныштыққа шақырып жатқан ол шарасыздықтан есінен ауып, солдаттарға: «Сендер неге өздеріңнің болашақтарың үшін өлімге басын тіккен жандарды ұрып-соғасыңдар? Сендер де кедей-шаруаның баласысыңдар ғой?! Алтын оқалы офицерлердің алдында құрдай жорғалайсыңдар, құлдар!» Қарттың өңі қудайбоп бозарып, ал ат айдаушының әйелі есінен танғалы тұрды. Орынбаевтар дір-дір етіп, ал жүрегі айныған Мұндарбек өзін әрең ұстады.
Көп ұзамай екі қашқынды мылтық дүмімен түйгіштеп, шұңқырдан алып шықты. Олардың жүзінде қорқыныш-тың еш белгісі де жоқ, айдауылдармен салғыласып келеді.
– Император патша ағзамнан жасырынып өздеріңнің бүлік әрекеттеріңмен адал адамдардың басын қатыру ұят! –деп айқайлап жіберді сары беті ісіңкі толық офицер.
– Жоқ, халықтың еркін түрмеге тығып отырған сендерге ұят болуы керек! – деп қарсылығын білдірді оған Андрей Киргиздан.
–Үніңді шығарма! Бүлікшіл ретінде атып тастаймын! – деді полиция тапаншалы қолын сермеп.
– Сендерден атып-асудан өзге ештеңе күтуге болмас… Сендер бүгін біздің баспахананы тауып алып, бізге қалағандарыңды жасарсыңдар, әйтсе де, ертең жүздеген жасырын баспаханалар жұмыс істей бастайды. Ақымақ, ессіз мырзалар, ең басты себептің кедейлерді қанау мен қорлауда жатқанын сендер түсінбейсіңдер… –деді оған Андрейдің досы.
Сығырайған шамның күңгірт сәу-лесі бөлмеге болар-болмас жарық беріп тұрды. Тұтқындарға істіктерін тақаған солдаттар оларды бастыққа қарай жақындата түсті.
Істің сәтті аяқталғанына масаттанған полицей шылымнан сарғайып кеткен мұртын сипалап, қастарын кере, тұтқындарға масаң адамның көзімен қарады да, олардың аты-жөндерін сұрай бастады. Екі жасырын қашқыннан өзгелері есімдерін атады. Сол сәтте полиция бастығы солдаттарға көзін қысып қойды. Олар тұтқындарды істікпен түйреп тастайтындай винтовкаларын тақай берді. Бұдан қорыққан кемпір олардың есімдерін айтып берді.
– Ай, адвокатым-ай, – деген Андрюшка анасына аянышпен қарап, күлімсірей берді.
Полиция қызметкері жазуын аяқ-тап, дауысын мүмкіндігінше салмақты һәм әсерлілік жеткізуге тырысып, жазылғанды дауыстап оқи бастады:
«АКТ.
1908 жылдың 22 мамыры.
Мен Орынбор қаласы полициясы-ның бастығы Климонов, казак полкінің корнеті Гусаров пен 3-ші
атқыштар ротасының командирі Порошковтардың қатысуымен II-ші гильдия көпесі Шайдманның Орал көшесі, № 30 үйде орналасқан Николай Васильевич Киргиздан жалға алған пәтерін тінту кезінде, анықталды:
Киргиздан Николай Васильевич–
жұмысшы, 1857 жылы туған, ұл-ты бойынша украиндық, Киевте
ұйымдастырған үкіметке қарсы әре-кеттері үшін Түркістан өлкесінің Темірлан қаласына өмір бойына жер аударылған, 1883 жылы Қаламбике атты қазақ қызы онымен қосылып, сол жылы одан ұл туған.
Әйелімен ақылдасып, ұлын правос-лав дініне кіргізді де, оны Андрей деп атады. Олардың ұлдары Темірланда орта білім мен агроном мамандығын алып, жоғары агрономиялық курстарда білімін толықтыру үшін 1905 жылы Мәскеуге аттанады. Оқып жүріп ол студенттік социал-демократиялық үйірме ұйымдастырады да, сол үшін тұтқындалып, Кавказға айдалады. Онда жүріп Еркемат Сағыбаевтың атына жалған паспорт алады да, айдаудан қашып, біраз уақыт мұнай өнеркәсібінде жұмыс істейді.
Содан кейін, Ташкентке бара жат-қан өзбек ретінде Темірландағы ата-анасының үйіне барады. Әкесі ұлының ізін жасыру мақсатында көшеден ұрлық жасаған екі қаңғыбас Әбдірқұл мен Мұндарбек Орынбаевтарды асырап алып, 1907 жылы 5 қарашада жалған құжаттармен Орынборға келеді.
Қызыл Арват қаласынан келген етікші Федор Николаевич Борисенконың атына жалған паспортты оған Темірланда тұратын гравер Прокопий Куласаров деген жасап береді. Орынборда жалған Борисенко Ф.В. Иваново-Вознесенск қаласындағы тоқыма фабрикасы жұмысшыларының ереуіліне қатысқаны үшін екі жыл түрмеде отырып, артынан Орынбор қаласына жер аударылған ат айдаушы Бончук Павел Сергеевичпен кездесіп, онымен бірге II гильдия көпесі Шейдманның үйін пәтерге жалдайды.
Тұтқындар баспахана жабдықта-рын, станоктар мен қаріптерді қайдан алғандығы туралы айтудан бас тартты. Тінту кезінде біз бір американка-баспа станогын, салмағы 8 пұт түрлі типографиялық қаріптерді, бір
білікшені, төрт латын кассасын, үш верстак столды, оның біреуінің ұзындығы 1 метр (метранпаж үшін),
3 бума газет қағазын таптық.
Сондай-ақ, ұлты орыс, Томск губерниясының тумасы, бұрын Ташкент қаласында баспаханада теруші болып жұмыс істеген, көтеріліске қатысқаны үшін тұтқындалып, сот-қа дейін түрмеден қашып кеткен Рузанов Петр де тұтқындалды. Оның басшылығымен типография қыстан бері «Орта Азия жұмысшысы» атты астыртын газеттің 33 нөмірін шы-ғарған. Газет 750 данамен жарық кө-ріп, негізінен Ташкент, Самарканд, Орынбор қалаларының теміржол ше-берханаларының жұмысшыларына, сондай-ақ осы қалалар арасындағы станциялардың теміржолшыларына таратылған.
Табылған тізімге қарағанда, газеттің әр түрлі қалаларда 81 кор-респонденті болған. Газет редакторының міндетін Андрей Николаевич Киргиздан атқарған. Акт тұтқындалғандардың жа-уаптары, ұсталған құжаттар мен редакция материалдары бойынша жасалды.
Барлық мәліметтердің дұрыстығын растаймыз:
полиция бастығы Климонов.
казак полкінің корнеті Гусаров.
3 атқыштар рота командирі, офицер Порошков».
Оқуды аяқтағаннан кейін полиция бастығы: «Айыпталушылар, қол қойыңдар!»– деп бұйырды.
– Жоқ, Климонов мырза! Бұл біз-дің айғақтарымыз бойынша емес, арандатушылардың мәліметтері бойынша алдын ала жасалған акт, біз қол қоймаймыз. Біз кез-келген жерде, кез-келген уақытта тек өз жауаптарымызға ғана қол қоямыз, – деп қарсылық білдірді Андрей Киргиздан. Ол дұрыс айтқан еді, акт мұнда жасалмаған болатын, көптеген мәліметтер тінтуден әлдеқайда бұрын жазылып қойған-ды.
– Ах, сен, жексұрын, тұрып алып қарсыласасың, ә, басыңды жұлып аламын!.. – полиция қызметкері оған тапаншасын кезенді.
– Біздің басымыз сенің туған кү-ніңде мүжілгенде ғана, сен бізден өз
еркімізбен мойындауымызға қол жет-кізесің, – деді Андрей.
Полиция қызметкері мен офицерлер ақылдасқаннан кейін: «Тұтқындарды шығарыңдар!» деп бұйырды. Солдаттар мылтықтың дүмімен итеріп, оларды аулаға алып шықты. Шыға берісте де солдаттар күтіп тұрған еді. Бүкіл үй қоршауға алынды, ал Шейдман мырза сабырсыздана ары-бері ауланы кезіп, тұтқындарға күдікпен қарап тұрды.
Ақырында оларды шығарып, үйді жауып, мөрлеп, күзетшілер қойды. Айыпталушыларды күшейтілген күзет-
пен полицияға алып барды.
Осылайша, сенімді шаңырақта қыстап шыққан біздің Орынбаевтар енді өмірдің көлегей жағын да көріп-білуге түрмеге аттанды.
IV тарау
Көктемгі сеңді еске салатын ас-панда бұйра бұлттардың сирек ақ қошқарлары оңды-солды жүзіп жүр. Бұлттар жанға жайлы самалды әкеледі деген үміт тым алдамшы болып, төбеден тескен күн Орынбордың ты-мырсық ауасын одан сайын күйдіріп-ақ тұр. Көптен бері ылғал көрмеген қала шаңнан сұрғылт тартқан. «Ақымақ» шаң мырзалардан да жасқанбайды, таңдап-талғамай қаланың барлық тұрғындарының беті мен киімдеріне қонып жатыр. Үп еткен әлсіз желдің екпіні қала үстіне қоқыс, құм, шаң бұлттарын көтеріп, үйлер мен көшелердегі жұтаң шөптерді басып қалуда.
Бүгін ғана түрмеден босап шыққан біздің Орынбаевтар терезесіне дейін жерге отырып кеткен күңгірт төбелі үйдің қабырғасына сүйеніп, жақында ғана өздері тұрған Орал көшесіндегі № 30 үйге қарап отыр.
Бұрын-соңды ішінара өздері сүй-сініп жүретін әжептеуір киімдері енді адам танымастай тозған. Әбдірқұл шалбарының тізесі үйкеле-үйкеле тесілген, олардан мақтасы сыртқа шығып, кірлеген түйіншек болып сүйретіліп жүр. Оның пальтосының да әбден тозығы жетіпті: баланың арық қабырғалары ескі матаның жыр-тығынан көрініп тұрды, ал қаны сыртқа шыға жарылған аяқтары Әбдірқұлдың аяқ киім дегеннің не екенін баяғыда ұмытқанын білдергендей еді.
Ал Мұндарбек бауырынан әлде-қайда нашар көрінетін-ді: бір кездері шалбарының балағы болғандығын зор қиялмен ғана әрең шамалауға болар еді, ескі қамзол жағасына дейін жыртылып, енді баланың арық иықтарын ғана жауып тұрды. Оның аяқтарындағы күс күйіктен қалған ескі жараның орны секілденіп тұтас тыртыққа айналыпты. Ағайындылардың өсіп, көптен бері таралмаған шаштары ұйысып, Темірлан шаңынан еш айырмашылығы жоқ қою күрең Орынбор шаңымен баттасқан.
Бүгінгі күн – олардың өміріндегі ең бақытты күн. Оларды түсінуге де болады: тұтқындалған күннен бастап
бір жарым айды олар темір тор мен түрменің шойын тиектерінің ар жа-ғында өткізді. Ішінара мұқтаждыққа орай аулаға шыға қалғанда, түрме күзетшілері оларды желге дейін жетелеп барып: «Әлі бүргедей болып алып, патшаны да, жаратушы иені де мойындағысы келмейді», – деп балағаттай, істіктерімен сұққылап, тепкілеп, желкелерінен түйгіштеп, олар-дың үрейлі үндері мен ауырсынған ай-қайларына рахаттанып мәз болатын еді.
Олардың соты кеше болды. Андрей Николаевич Киргиздан, Павел Сергеевич Бончук және Петр Рузаковтар өмір бойына Енисей губерниясының Турухан округіне жер аударылды, ал Николай Васильевич, Қаламбике, Прокопий Куласаров және ат айдаушының әйелі 10 жылға Сібірге айдалып, этаппен кетуге тиіс болды. Орынбаевтарды жастығына орай екінші рет құқықтық тәртіпті бұзғанға дейін бостандыққа жіберді.
Бір айдан аса уақытта оларды төрт рет жауапқа апарды. Тергеуде тек сұрақ қойып қана қоймай, естерінен танғанша ұрып-соғатын. Оның үстіне оларды бірнеше күнге карцерге де қамап, онда олар аштан өле жаздады, осылайша қыс бойы жинаған күш-қуаттары түгесіліп болды. Балалар безгекпен ауырып, әйтеуір бір ғайыптан тайып тірі қалғандай еді. Аштықтан олардың іштері желі шығарылған ұста көрігінің терісіне ұқсайтын еді. Қалай талғажаулық та-мақ табамыз дегенді ойлауға да шамалары жоқ еді. Оларға тамақ табудан гөрі оны ұмытып кету оңай еді, әйтседе аш құрсақ ішіп-жемді үнемі естеріне қайта-қайта салып тұрды. Енді олар бұрын ешкім де тамақ жеу-ге тиым салмайтын үйлеріне сағына телмірді, әйтсе де әсерлі естеліктер олардың кез келген тамақты қылғыта берер едік деген ашқарақ пиғылдарын еш кеміте алмады.
– Бүгін базарда мен бір баламен сөйлестім. Ол мұнда вагон астына тығылып пойызбен Перовскіден келіпті. Осында қарындасым қалып еді, соған келдім дейді. Ол жақта тамақ мол, кедей-кепшікке садақаны көп береді, қайыр-садақамен-ақ жақсы өмір сүруге болады дейді… Шіркін, сонда барар ма еді, – деп Әбдірқұл тығырықтан шығатын жол тапқандай болды.
– Ол жаққа қалай жетеміз? – деді Мұндарбек қызыға.
– Тауарлық вагондардың астында көпестердің ит тасымалдайтын жә-шіктері бар дейді. Сонда жасырынып, кез келген жерге жетуге болады.
– Онда, кеттік!
Орынбаевтар тағы ойланып қалды. Жуылмаған бастарын қасына жан-жақтарына қарасты, бірақ одан артық ештеңе ойлап табу мүмкін емес еді. Жүргіншілер оларға назар да аудармай өтіп жатты. Олардың ешқайсысы да дәл бұлардай жұпыны емес еді, ешкім де бұлар сияқты көшеде мақсатсыз қаңғып жүрген жоқ болатын, бәрінің де өз мұқтаждықтары, тірліктері мен үміттері бар еді.
Міне, ұзын бойлы, қою қара мұртты, үстіне жолақты жилет ілген, белін қынай буынып, басына түгі жатып қалған құлақшын киген бір қазақ келе жатты.
– Ағатай! Сен ауылдан келдің ғой, ә? – деп сұрады одан Әбдірқұл.
– Ауылдан…
– Біз аштан өліп барамыз, мүмкін, бізді ауылда біреу жұмысқа алып қалар?
– Жұмыс дейсің бе? – деді қазақ ащы жымиып. – Ауылдарда тіпті мен сияқтыларға да жұмыс жоқ. Жүздеген адамдар әйелдері мен балаларының аштан өлгенін көргісі келмей, өздері тірі қалу үшін бастары ауған жаққа қаңғып кетіп жатыр. Ондаған адамдар ғана байларға жалданып үлгерді, бірақ олар да енді ешкімді жұмысқа ала қоймайды, – деп қазақ өз мұңын айтып, әрі қарай кетті.
«Көрдің бе?» – деп Әбдірқұл бауырына қарады. Оларға адамдардың неліктен ашығып жатқаны маңызды емес еді. Бәлкім, құрғақшылық болған шығар, мүмкін, топан су басқан шығар, бәлкім, төңіректегі тірі жандардың бәрін өрт шарпыған болар – олар мұның сырын түсінбейтін еді.
– Онда станцияға барып өтіп жатқан пойыздарды күтейік. Бәлкім, жолымыз болып қалар, – деді Мұндарбек.
– Жарайды… Жүр! – деді Әбдірқұл. Ешқандай дайындықсыз олар орындарынан тұрып, станцияға бет алды, алдында Әбдірқұл, соңында Мұндарбек.
Мүсірептің бағына барғанда алғаш
және соңғы рет басшы болған Мұндарбектің онан кейін жетекші болудан беті әбден қайтып қалған.
Стансаға барар жол да қиындықсыз болған жоқ. Көпестердің аулаларынан оларды жеп қоюға дайын үлкен күзет иттері арсылдай үріп шығып жатты. Итке талану, полицияға түсу немесе Мүсіреп қамшысын тағы да татып көрудің бәрі бірдей тым қорқынышты еді, сондықтан жігіттер үлкен қақпа-лардан мейлінше алыстау болуға тырысып бақты.
Олардың Орынбормен алғаш танысуы нақ осы станциядан басталған-ды, кейін мұнда әлсін-әлсін келіп те жүрді, сондықтан ағайындылар адаспайтындарына сенімді болатын.
Ақырында, көптеген көшелерді артқа тастап, қаланың шетіне шықты. Алыстан станция мен пойыздардың ұзын тізбегі мұнартады. Шексіз көз жетпейтін қиырларға қарай теміржол рельстері созылып жатты. Кешкі күннің әлсіз сәулесі даладағы қыр-төбелер мен қорғандарға түскен де, ал төменгі жақтары көлеңкеден қарауытып, дала тарғылданып көрінеді. Қалаға түрлі жұмыстармен келген шаруалардың тізбегідалада ұзыннан-ұзақ созылып кетіп барады.
Батыс пен шығыстан жеткен қап-қара боп ысталған паровоздар, жолаушылар мен жүк поездарының құрамдары қосалқы жолдарда тұр, ал олардың арасында үйілген көмір, жиналған отын, бос жәшіктер, астық салынған қаптар, керосин құйылған темір бөшкелер мен телеграф сым-дарының катушкалары жатыр. Әр жерлерден шіріген, көгеріп кеткен
жеміс-жидектердің үйінділерін кез-
дестіруге болар еді. Осынау сүреңсіз көріністі станция бойында жүрген мас теміржолшылар мен жүкшілердің балағат-боқтық сөздері толықтыра түскендей. Бір пойыздар ысқырып, баяу қозғалып барып ысылдай жылдамдық алып, ақ буға орана, доңға-лақтардың дүрсілімен алыстап бара жатса, ендігі біреулері стансаға жа-қындағанда жүрісін баяулатып келіп, перронға жеткенде қимылсыз қатып қалып жатыр. Ұйқылары қанған жолаушылар қолдарына шәйнектері мен шелектерін ала вагондардан секіріп шығып, қайнаған су мен азық-түлік алуға жүгіріп барады.
Орынбаевтар стансаны аралай жүріп әңгімелерге құлақ түріп жүрді. Олардың жолы болды, бір жақсы киінген мырза мас кондуктордың жанына келіп, Перовскіге баратын пойыз туралы сұрады. Кондуктор жылыұшырай: «Ол әне тұр, көрдіңіз бе? Жүгіріңіз, ол қазір қозғалады» деді. Балалар кондуктор әлгі мырзаны емес, өздерін асықтырғандай Перовск поезының вагондарын бойлай жүгіре жөнелді. Жүгіріп келе жатып олар вагондардың астына қарады. Жәшікті көрісімен Орынбаевтар со-ған қарай ұмтылды, сол сәтте паровоз да ысқырынып жүретіндігі туралы белгі беріп үлгерген еді. Бауырлар вагон астында не істеу керектігін білмей жанталасып жатты. Ақырында Әбдірқұл есін жиып, жәшікті ашты да, бірақ артынша дереу кейін шегініп кетті.
Жәшіктен дәу сары ит ырылдай ұмтылып, оны қауып ала жаздады. Олар басқа орын іздеуге жүгірді. Тапты-ау, бірақ енді қателікті қайта-ламау үшін, алдымен жәшіктің қақпағын сәл ашып көрді, ит жоқ екен. Әбдірқұл жәшікке кірді, сол сәтте пойыз да қозғала бастады. Мұндарбек те міну үшін қолын созған еді, әйтсе де пойыз жылдам жүріп, оның қолы ілінбей қалды. Әбдірқұл оның қолына жабысып алып, өзіне қарай тарта бас-тады, інісі құлап кете жаздады, бірақ, ұстап үлгерді де, өрмелеп мініп кетті. Осы сәтте жылдамдық та артып, көз алдарынан ағаштар, үйлер жылыстап өте берді. Әбдірқұл терең дем алып, қолын кеудесіне қойған күйі: «УҺ, бірден міне алмай, мені бір қорқыттың-ау. Уһ…» деді. Қуаныштан әлгінде ғана бастарынан кешкен қорқынышты тез ұмытып, үнсіз ғана қатар жатып қалды.
Жүйткіген пойыз жылдамдығын арттыра түсті, көз алдарынан өзен секілді жасыл алаңқайлар, шет-шегі жоқ ұзын тырманың сирек тістері секілді телеграф бағандары өзен тәрізді көз алдарынан ағып өтіп жатты; доңғалақтар дүрсілдеп, олар еш қимылсыз асау тау өзенінің жағасында тұрғандай сезінді.
Орынбаевтар үшін мұның бәрі тым тосын еді, әйтсе де оларға мәңгілік серік болып келе жатқан аштық күшейе түсіп, олардың ақыл-есін жаулай, сыртта өтіп жатқан әлемді қызықтауға мүмкіндік бермеді. Есесіне толассыз шудың астында кез келген нәрсе туралы дауыстап айтуға болатын еді.
– Түрмеде отыра-отыра маңайы-мыздың бәрі гүлдеп, көгергенін байқамай да қалыппыз-ау, – деді Мұндарбек.
– Әрине, жазда ауылда қашан датамаша ғой, – деп келісе кетті Әбдірқұл.
– Біздің Тұз-Бұлақта да сондай әдемі ме екен?
– Шамалауға болады. Сен қалай ойлайсың, ол жақтағы өмір қандай?
– Ал мен сағынамын… Егер болмағанда, екеуміз қайтып сонда барар едік, – деп күрсінді Мұндарбек, басын иығына тыға, көзіне жас толып, шаршаған жүзі сопая түсті.
– Тұз-Бұлақта не бар? Егер сұмы-рай полицейлер болмағанда, жаңа ата-аналарымызбен рахат өмір сүре берер едік, – деп Әбдірқұл нағыз қыл-мыскерлер сияқты полицияны айыптай сөйледі.
Әрбір жол айырықта пойыз тоқтап, одан кейін тағы да алға ұмтыла түсіп жүріп келеді. Бір станцияда он бес минуттық үзіліс жарияланды. Адамдар тағы да су мен азық-түлік дү-кендерін іздеп жосыла бастады, олар ашық тымық кеште ұсақ жәндіктерді аулаған қырғилар секілді жүгіріп жүрді. Бауырлар келесі станциядан түспек болды. Бұл жерден түсуге мүмкіндік болмады, күн енді ғана батып, төңірек әлі жарық еді, байқап қоюы мүмкін. Уақыт жылдам өтіп, екі рет қоңырау соғылды, жолаушылар қайтадан вагондарға ұмтылды. Гудогын соғып, поезд қайтадан жолға шықты. Жазғы түн тым қысқа әрі жарық еді. Қараңғыны босқа күткен екен, балалар тағы да әр нәрсе туралы айта бастады.
– Қалай ойлайсың, тап қазір біздің қарттарымыз да темір жолмен жүріп келе ме?
– Кім біледі, оларды да темір жолмен тасымалдауы мүмкін.
– Оларды тиісті орнына апарғаннан кейін өлтіре ме?
– Білмеймін… Бәлкім, тірі қалдырар, он жылға жер аударамыз деп еді ғой.
– Ал әжей үнемі «ұстап алса, мін-детті түрде өлтіреді» деуші еді ғой.
– «Өлтіреді-өлтіреді» деп қақылдап қоймадың ғой, мен қайдан білемін?! – деп Әбдірқұл даусын көтере нара-зылығын білдірді.
– Қарашы, Андрюшканы түрмеде қалай ұрып-соққанын көрдің бе? Есіңде ме көзіндегі көкпеңбек жара-қаты, тым үлкен еді.
– Түрмеде ұрмай қоюшы ма еді? Бәрін де ұрады…
– Осыдан ержетейін, көресің, бар-лық полицейлерді қырып саламын, қарғыс атқырларды…
– Жап аузыңды! Басқа пәле – тілден. Құдай сақтасын, естіп қалса, жеткізіп барады, – деп Әбдірқұл оны тоқтатып тастады.
Екінші станцияда да пойыз тағы он бес минутқа тоқтады. Жолаушылар қажетті заттары мен суалуға үлгеру үшін асыға станса бойымен жүгіріп кетті.
– Абайла, ешқайда кетпе! Мен тү-сіп, байқап көрейін, мүмкін бір нәрсе тауып қалармын.
Мақпалдай жаздың тыныш та ашық түні еді. Жартылай қараңғылықта үй-лер, көшелер анық көрінеді. Көптеген жерге жабысқан сылақ кепелердің арасында ішінара еңселі тас пен кірпіш үйлер де көрінеді, әйтседе, бәрінен де биік су айдайтын мұнара кенттің дәл ортасынан бой көтерген. Тәулік бойы жолаушыларға сауда жасайтын станциялық дүкеннің шаң-тозаңды, шыбын-шіркейлі терезелерінен тал-маусыраған электр жарығы әлсіз ғана сығалайды. Адамдар вагоннан шыға сала бірден сол жаққа жүгірісті. Ал Әбдірқұл байқатпауға тырысып, вагондардың арасында кезіп жүр. Адамдардың дүкен жақты бетке алғанын байқаған ол да сол жаққа қарай барды. «Азық-түлік бастығы» жерге қанша үңілсе де, еденнен жеуге жарамды еш-теңе таба алмады.
Ол келердің алдында ғана едендерді тап-таза етіп сыпырып алыпты. Жолаушылар нан сатып алып жатты. Есіктің жақтауына сүйенген Әбдірқұл сыртқа шыққандарға қолын созды, әйтсе де, ешкім де оған көз қиығын салып назар аудармады. Адамдар асығыс, ол да асығулы еді. Үмітсіздіктен оның көзіне жас үйірілді, бар даусымен бүкіл дүкенге естіртіп жылағысы келді, бірақ бейтаныс адамдар алдындағы қорқыныш оны тежей берді.
Өзін-өзі ұстай алмай, ол бірнеше қара нан көтеріп келе жатқан орыс әйеліне қарай адымдап басып, қолын созды да, жалынышпен басын ие отырып: «Апатай, маған кішкене нан беріңізші!» – деп өтінді. Ол қараған да жоқ, бірақ жүріп бара жатып қара наннан бір үзіп, оған ұсына берді. Қуанғаннан аяғы жерге тимей, ол кейін қайтуды ойлады. «Бізге осы да жетеді, одан артық бермейді де», –деп ойлады ол қоңырау соғылған кезде. Дүкендегі сатып алушылар да жел қуған қаңбақтай жөңкілді.
Бәрінен бұрын Әбдірқұл асықты, ол бір құлашқа бір-ақ секіретіндей еді, бірақ неге екені белгісіз, аяқтарын әрең алып жүретін әлсіз кемпірлердің өзі алға ұмтыла түсіп, оны артта қалдырып жатты.
Бірде жүгіріп, енді бірде адымдай басқан Әбдірқұл вагондар құрамына жетті де, жұрттың абыр-сабыры арасында байқатпай вагонның астына сүңгіп кетті. Паровоз дірілдеп барып вагондарды сүйрей жөнелді, ал ентігіп, әбден әлсіреген Әбдірқұл Мұндарбектің жәшікке кіргізуге кө-мектесуін күтті, бірақ оған ешкім қолын соза қоймады. Тағы да бір жұлқыған сәтте Әбдірқұл кезекті мәр-те құлап кете жаздады. Оған қоса, жанталасып жүргенде нанды түсіріп алып, қайта қағып алып үлгерді.
Соңғы сәтте ғана ол жәшіктің бүйіріне ілініп, ішіне қарай ауыр денесін аудара беріп: «Сен неге мінуге көмектеспедің?» – деді ашумен. Сауалына ешқандай жауап ести алмады. Ілінген Әбдірқұл жәшікке көз жүгіртті, бірақ ол бос еді – бауыры ұшты-күйлі жоқ. Өн-бойын суық тер жауып, тама-ғына қатты бір өксік тұрып қалды, ол қақпақты жылдам ашып жібергенде, жүріп келе жатқан пойыздың астынан жыртылған шалбарышаң-тозаңға көмілгенМұндарбектің қанды тізесін көрді. Әбдірқұл не істерін білмей: «Секіру керек пе?» – деген ой келді, бірақ оны істей алмады – олай етсе жүйткіген пойыз дөңгелегінің астына түсіп күл-талқаны шығар еді. «Мұндарбе-е-ек!» – деп айқайлады ол. Міне, Мұндарбектің алба-жұлба киімі, жылаған беті көрінді, содан соң ол оның сүрініп кетіп, еңіске қарай құлап бара жатқанын көріп қалды. Ағаштар, бақшалар, егіс алқаптары көз алдынан жылдамырақ артқа қарай жосылып өте берді, ал қара түтіні бұрқыраған паровоз Әбдірқұлды бауырынан алысқа қарай алып кете барды.
Он үш жасына дейін Әбдірқұл талайды көрді, небір қиындықты бастан кешірді, енді оның басына бұрын-соңды көріп-білмеген бауырдан ажыраудың қайғы-қасіреті түсті.
Жүрегі доңғалақтардың дыбысы-мен жымдаса қатар дүрсілдеп келеді. Өлер алдындағы анасының: «Ініңді ренжітпе. Тату болыңдар, бір-біріңнен ажырамаңдар» деген өсиеті, бірге көрген аштық пен азап, Мүсірептіңтаяғы, түрмедегі қорқы-нышты күндер бірінен соң бірі көз алдынан өте берді. Әбдірқұл шыдамады, оның кір-қожалақ бетінен үлкен жас тамшылары домалап жатты, ол тоқтаусыз жылай берді, ал көз жасы ескі мақта шалбардың балағына тамып, олардың даусы үйдің шатырынан тамған жаңбыр тамшыларына ұқсас еді. Басына әр түрлі ақылға сыймайтын ойлар келді, жәшіктен секіріп шығып кетуді де ойлады.
Уақыт өте баяу жылжып жатты, ақырында пойыз үшінші станцияға келіп, ұзаққа созылған гудок дыбысымен өзінің келгенін білдіріп барып тоқтады.
Түрмеден қашып шыққандай Әбдірқұл жәшіктен ытырыла жөнелді. Асыға жүріп ол өзін күні бойы азаптаған аштықты да ұмытып кетті, өзіндегі түйір нанды жемей, қолына ұстап алды. Көп ұзамай ол шығыстан батысқа қарай бара жатқан пошта поезын тауып алды да, вагондардың біреуінің астына кіріп кетті, бірақ Мұндарбек қалған станцияға дейін ілініп жетіп алуға лайықты орын таба
алмады. Әбдірқұл амалы құрып вагонға қарады, өкінішіне орай жолсеріктер тазалап жатқан жердің үстінен түсіпті.
Баланы көре сала, олар: «Ай, қаңғыбас-ай, жейтін бірдеңе іздеп жүрсің-ау?» – деп сыпырғыштарымен дүрсе қоя берді, қашып құтылуға тура келді. Ақылынан айырылған адамша Әбдірқұл стансаның өн-бойын кезіп оңды-солды жүгіріп жүр-ді, егер шығыс жақтан пойыздың түтіні көрінбегенде оның не істейтіні бел-гісіз еді. Әбдірқұлдың бар тілегі – бауырынан айырылған жерге тезірек жету. Жүк вагондары тіркелген паровоз тоқтасымен, ол жанына жүгіріп барды да, жәшікті тауып алып, оның ішіне кірді. Жайшылықта пойыз тұратын уақыт байқалмай жылдам өтетін, ал қазіргі он бес минут оған жарты күнге созылғандай көрінді.
«Қош бол, дала!» – дегендей еді кешегі Орынбор станциясындағы кеш-
кі күннің көкжиектен асып бара жатқандағы кескін-келбеті, ал енді ол шығыстағы таулардың үстінен: «Дала, сәлем!» дегісі келгендей шығып келе жатты. Түнгі шық басқан қалың жасыл шөптер оның сәулесімен мың құбылып, тамшылар қымбат асыл тастарға ұқсап жалт-жұлт етеді. Күннің жарығы пен жылуына алғыс білдіргендей даланың бозторғайлары да шырқап қоя берді. Өзін мазалаған ойлардан артық бұл әлемде ауыр азап жоқ шығар, – деп ойлады Әбдірқұл. Оның көз алдына пойыз жүріп бара жатқандағы бауырының жылаған жүзі мен оның шаң басқан жыртық шалбарының балағынан көрінген жалаңаш тізелері елестеді.
Пойыз жүйткіп келеді, доңғалақ-тардың дүрсілімен ауылдар, бау-бақшалар көз алдынан ұшып өтіп жатыр, паровоз мұржасынан шыққан түтін жерге жайылып, жасыл қыраттар қатты тасқынның толқыны тәрізді жүзіп барады.
«Мұндарбек мұны қуып жетуді ойлап, бері шығып арамыз айрылысып кете ме» деп қорықты Әбдірқұл. «О, құдіреті күшті Алла, бері қарай бір де бір пойызды жүргізе көрме», » деп тіледі ол, пойызға қарсы жолдан бір сәтке де көзін алмай. Сорына қарай, кенеттен оның жанынан пойыз жүйткіп өтті. Киноның кадрлары секілді қарсы келе жатқан пойыздың терезелері жалтырап, жылдам көзден ғайып болды. Бір сәтке қозғалыссыз қалғандай болған күн қайтадан сәулесін шашып жібергендей көздері нұрға толып кетті. Үнемі мұның талап-тілегіне қарсы жасайтын тағдырына реніш білдіргендей Әбдірқұл шырт түкірініп, ернін тістеледі.
Шағын стансаларда қысқа ғана аялдаған пойыз ақырында өзінің діттеген жеріне де жетті-ау. Ол түсе сала бауырын іздеуге кірісіп кетті, әйтсе де Мұндарбекте өзін қашан тауып алады деп қол қусырып отырмапты. Әбдірқұл стансаның үйлері мен дүкендерін бес-алты рет аралап шықты, бірақ інісін таппады. Жолым болып қала ма дегендей, дүкендердің де ішін қарады, бірақ еш нәтиже шықпады. «Түсі игіден түңілмей» жылы жүзді жүргіншілерден сұраған сауалдарынан да ештеңе өне қоймады. Ол жалынышты үнмен басын төмен сала олардан: «Ағатай! Бүгін таңертең станцияда жыртық киімді бала көрмедіңіз бе?» – деп сұрап жатты, әйтсе де барлығына да «Жоқ!» деген бір ғана жауап алды.
Аштық пен шаршағаннан Әбдірқұл-дың кешке қарайаяқтары қорғасын құйғандай әрең сүйретіп, ауырлаған басы да кеудесіне қайта-қайта құлап кете берді. Стансаның шетіне жеткенде ол шалғынға отыра кетіп, нанның қабығын жеуді ойлады. Сол сәтте та-мағы түйіліп, ол бір түйірін де жұта алмады. Сол сәтте жаңбырдан қалған қақтың суын тауып алып, ішіп көрді де, шашалып қала жаздады. Зор күш-жігермен ол бір түйір құрғақ нанды әрең жұтты.
Өзегін жалғап алған ол шөптің үстіне жантая кетті. Қайырымы шексіз күн Әбдірқұлды жылытып, еркелеткендей еді. Баланың әбден қажыған, жартылай жалаңаш денесін аймалай отырып, оны ұйықтатып та жіберді, ал ұйқылы-ояу қалпында оған: «Ұйықта, менің бейшара жетімім, деміңді ал, ең болмаса ұйқыда қайғыңды ұмыт» деп сыбырлағандай болды. Ұйықтап жатқанда да Әбдірқұлдың кір-қожалақ, кешегі көз жасының іздерінен жағал-жағал бет-жүзі, діріл қаққан еріндері уайым-қайғының іздерін жасыра алмады.
Жалғасы бар…
Қазақ тіліне аударған –
Мамай АХЕТ,
әдебиеттанушы, ғалым,
филология ғылымдарының кандидаты,
Алматы қаласы әкімі аппаратының
Әдеп жөніндегі уәкілі.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.