Пәниді әлі қозғап тұр Алашорда!..
10.11.2024 0 49
Аманғазы Кәріпжанәулеті
1964 жылы бұрынғы Семей облысы, Ақсуат ауданы, Қызылкесік ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінде оқыған. Ақын, сазгер, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері, бірнеше жыр мүшәйрасы, ақындар айтысы және жыраулар байқауларының жеңімпазы.
Шәмшімен жүздескенде
Қаратауды жырласақ тұлғасы көп,
Тұлғасын да тұтқындап тұр қасірет.
Ақ-қарасын тарихтың ажыратсаң –
Ақиқатпен әуелі сырласып өт!
Мұрағат көп, мезгілге түптегесін,
Ашылмай тұр жанталас бітпегесін…
Қажымұқан да көкейде Қазығұрт боп,
Көтеріп тұр ғаламдық Нұх кемесін.
Қажымұқанның асы бұл…
Жаулап дүбір,
Ақындар да тарихтан саулатты нұр.
Жыр – Нармақан, күй – Шәміл,
ер – Айханов,
Терещенко сынды әкім қаулапты кіл,
Әлем білген арысын аунатты бір.
Тіріден де тұлға көп дара сында,
Көкен, Манап, Әселхан, бәрі осында.
Шәмші кезген Арыстың жағасында,
Жүргенің де бір жеңіс –
Өзіңді енді
Тау сезініп құздардың арасында.
Өтті, кетті тарихтан қаншама құз,
Ақтаудан да, даттаудан шаршамаңыз.
Соның бірі – біз мінген автобуста
Қасымда отыр, сырласып
Шәмші ағамыз.
«Сыр бойын…» деп мен әнді бастап едім,
Отырғандар тапты әннің басқа да ебін.
Әркім қосып өзенін өз жерінің,
Сөзі басқа тағы бір ашты әлемін.
Ал, Шәмші ағам сабырлы, жаны ұстамды,
Сәл жымиса көңілім ғарыштанды.
Айтысқа да дайындық алыс қалды.
Уақыт та аз,
Тағы оны сөзге тарттым:
– Қандай әсер жаздырды Арысқа әнді?
– Ойландырған осы әннің нар талабын
Толғанумен жүрекке арқаладым.
«Арыс жайлы ән неге жазбадың?» деп,
Көргендер де қоймады қолқалауын.
Жазғым келмей осал ән толғаныста,
Әз жазуым тез емес, барды алысқа.
Шықты әйтеуір көңілден,
Сөз де орайлы,
Баға берсе өнерге толған ұста…
Болмайды ұзақ –
толғанбай ән ғұмыры… –
Деді Шәмші…
…Көп сырдың қалды бірі,
– Сырды айтқызбай сол жылы
әкетті ажал,
Дертін іште тұтқындап жан күбірі…
Арнаулы сый – «сағат» деп нақ бағаны,
Айтыстың да сол – мені ақтағаны.
Үні өшкенмен сол сағат бір ырғақты,
Мың ырғақты Шәмші әні тоқтамады
Қажымұқанды көрмеген құр қалмайды,
Алыптарды көрсетті жырдан бәйгі.
Ұрланды алтын жалатқан сол сағатым,
Ал, Шәмші әні ел барда ұрланбайды….
Жаратылған біз басқа…
***
Тегіміз кім? –
Сомдауға болмысымды
Түркі, моңғол, парсы да шолды ішімді,
Орыс, араб, шүршіт пе, жоңғар, қалмақ…
Қай тараптан қаныма сор қысылды?
Ғұн ба, сақ па, скиф пе, массагет пе?
Қан зерттеп,
Келмедім жақсы әдепке.
Ұлт жасайтын дәуірлік қойыртпақтар
Жеткізбейді тарихта нақ себепке.
Шыңғыс қосқан әр жүздің тайпалары
Дербестігін ес жинап қайталады.
Патшалықтар құраған алапат көш
Қыл көпірге сыйыспай шайқалады.
Қай тамырдан іздейін, алашым, ал?
Тарих емес, тағылым шала шығар.
Жат табаны жаншыған алашұбар
Тағдырға
Тек қазақтың таласы бар.
Арашалап елдікті сан күдіктен,
Артық ғұмыр сыйласақ мәңгіліктен,
Қазіргі ұлтты қорғаудың шарты, бәлкім, Күрес шығар қандағы заңдылықпен….
Ахметше толғану
А. Байтұрсынұлына
Таласа да жала мен бос бәлекет,
Тамырымда бар тірі бас қарекет.
Қарсы жаздым қаріпті,
Қалмағасын
Қарсы тұрар Батысқа басқа әрекет.
Он қамасаң өтетін он қамалдан
Рухым да азат дейтінім сорға малған —
Өз басымнан кетсе де сол бостандық,
Елді табар пәнилік жолда қалған.
Ғұмыр, саған құл емес енді Ахмет,
Менен азат болуды сен де ақыл ет!
Мәңгі азаттық болмайды,
Мәңгіліктің
Барлығын да о баста-ақ жеңді ақырет.
Сатқындарын танытса түрме сырлы,
Сатқын емес,
Қоғам ол мүрде сынды.
Ол да осылай бұйырған мүмкіндікпен
Бар болғаны тағдырын бір кешірді.
Жүрмесек те жат болмыс жат құрлықта,
Жұмбақ жала — ұлт үшін тапқырлық та.
Адам түгіл қоғам да кінәлі емес
Хақ бұйыртқан ерлік пен сатқындыққа.
Жата алмасаң әубеттен дала тыныш,
Ұлт үшін тек қарсылық — дара тыныс!
Қарсы күштер ғаламдық айналысты
Қозғамаса өледі Жаратылыс.
Әділеттің шын ғұмыр сүрген шегі –
Тұрған жерде жанымның тұрды өлшемі.
Заңдылықтың бәрі – үстем…
Біз – тек соның
Хақ бұйыртқан дәрменсіз бір бөлшегі!..
Ортақ сырқат
1986 жыл
Әділеттен қаймыққан соқыр үміт
Санасында ақынның отыр ұлып.
Шайқалақтап барады екпініме
Уақыттың тағаны опырылып.
Ісім мазақ болғасын сайқалға мың
Тынықсын деп, тиылдым, қайта арманым.
Өткенімді өксіткен өкінішті
Өзге түгілі өзіме айта алмадым.
Қасіретті көшірген қанша реткі
Мазмұнымды ақиқат мансұқ етті.
Намысымды бақталас уақыттың
Есі ауысқан екпіні жаншып өтті.
Адамзаттық сананың белі сынды…
Пәни, бақи бір-бірін кері ұшырды.
Әділет те мен өлсем өлгісі кеп,
Жасыра алмай толғатты өлі сырды.
Шындықтың да шайылып кетті аралы,
Пендешілік ызғары бет қарады.
Мен мезгілге,
Мезгіл де маған сыймай,
Сәйкессіздік аяусыз жеп барады.
Кездейсоқ табиғи су тасқыны апатына…
2024 жыл
1. Арқадағы мұхит
Өз жасыма тұншығып,
Жанымды ешкім
Ұқпағасын ішімнен жалын кештім.
Сөндіре алмай сол отты тағы да әлек,
Дария еткен даламды қалың көшкін.
Тарихта сан су түгіл, от бойладық,
Қашқын біткен барды ұрлап…
Жоқты ойладық.
Кетпесін деп жемқорлар мұхит асып,
Жерім тағы мұхитқа кетті айналып.
Нұх кемесі — Қазығұрт төбесінде,
Жұт кемесі — жемқордың өресінде…
Жұрттағы елге шатырын қайық қылып,
Өздері жүр Дубайдың кемесінде.
Қан теңізін дәуірлер арнасына,
Жан теңізін бақидың ордасына
Қолды қылған тарихтың
құлқыны өлмей,
Қожалық та бұйырмас барға сірә…
Мал-мүлік боп теңізден ұстағаны,
Балық емес, қармақтан сұс тамады.
Бағыт таппай мұхитта біз де адастық —
Қай тұсында құрдымның үштағаны?!.
2. «Бар қиындық осымен
шайылып кетсін!»
(Ел тілегі)
Шер тамшылап тұратын сұрағында,
Мұхит жоқ деп айпаймын Тұранымда.
Қан мен тері, көз жасы тіршіліктің
Жоғалған жоқ,
Бәрі су құрамында.
Жоқ жамандық — шайылып ауа қашқан
Тарих бар ма
жерден тыс жау адасқан?!
Көз жасы боп кетпейді су пәниден,
Жерді айналып, көкке ұшса
жауады аспан.
Арылса да шайылып адам сордан,
Маңдай тер де аз емес заман сорған.
Бар қиындық шайылып қайда ұшады?-
Жібермейді тартылыс ғаламшардан.
Кеңістікті көз жасы керген жылап,
Шекара жоқ пәниге жерден жырақ?
Адам да бір шексіздік шеңбері жоқ,
Тұндыруға үйренген шерден жұмақ.
Рухың да жат пәниден – кір жолатқан,
Қиял да жат – тылсымнан
нұр жалатқан.
Бар жоғалып, жоқтан бар пайда болса –
Ол да тылсым,
Тамыры – бір Жаратқан!…
Пәниді әлі қозғап тұр Алашорда!…
Ақ сүйек көп отарлап қоныс тепкен…
Дәуірденбіз – төрелік орысқа өткен.
Ұға алмасақ, – болмыстан айырған кім?
Бұл да — тағдыр…
Ел емес теріс кеткен.
Бақ тең емес,
Болсақ та текті халық,
Дәуір сайын серпілдік екпін алып.
Төре біткен іркілсе аңдап басып,
Қара біткен намыстан кетті жанып.
Итжеккенге қуалап қиырдағы,
Атты, шапты, – десек те, – шиырлады,
Боздақтар көп,
Бәріне қасқалардай
Көрінетін жерде өлу бұйырмады.
Ұлы мақсат қорқытса көкке орнаған –
«Сенімсіздер тізімі» көпті арбаған.
Сырттан кірген бұл сырқат іштен де жеп,
Сырғып жатты уыстан «көкпар» да оған…
Жік ішінде көрмесек ел босқанды,
Бір-біріне талатқан шер басталды.
Имановты өлтірген алаштықтың
Жангелдиннен талайы жер жастанды.
Сыр бермейді өткеннен дала тына…
Дақ салмасақ болғаны ар атына.
Ақ-қарасын айырмай беделдінің,
Бәрін қостық арыстар санатына.
Сәт тумаса тимейтін сойыл қатты,
Бірікпес ек, болса да ой ырғақты.
Өз ішінен өктем ұлт іріген шақ,
Алашты да билікке мойындатты.
Тағзым етсе, уақыт артқа егіле,
Жатырқамас Тұранды мәрт тегі де.
Қайтпай «үштік»* сындыдан,
Үш-ақ жылда
Үш жүзде жоқ тарихты тартты еліне.
Сана сорға сүйресе, талас орға,
Жаншыр ма еді ертеңді жара сонда?..
Жік құлатса, көтерген жүк құламай,
Пәниді әлі қозғап тұр Алашорда!…
*үштік — ОГПУ жанындағы бірқатар арыстардың тағдырын шешкен алқа.
Би Боранбай асында!
1.
«…Жаратылған намыстан,
Елдік үшін алысқан,
Батыр еді би бабаң
Сөзі де мір, данышпан,-
Баба нарқын сен де ұғын!»
Десе де енді ел бүгін,
Қай батырды жайратты ол? –
Білмеді жұрт ерлігін.
Азаттық, деп, ғаламға,
Біз де бардық алаңға.
Жасырылды ерлігім,
Жақпағасын қоғамға.
Тағы өтсе де бір асы,
Жетпеді сөз мұрасы.
Білеріміз – билігі,
Қу бас аты – құласы…
Біз де алаңда жырладық,
Жұрт намысын шыңдадық,
Сөз де кетті тарихтың
Тасасына ұрланып.
Сөзді айтқызбай іштарлық,
Ерлікті айтпай мыстандық,
Жасырса да дұшпандық,
Сақтады оның есімін
Ұлт пен арға құштарлық.
2.
«Соғыстан соң серпілген,
Кезде мұңды жел түрген.
Қылмысты етті Барақты ел –
Әбілқайырды өлтірген.
Ордасы аздай қираған,
Кез бұл – ел ес жимаған.
Іс қозғапты би біткен,
Төбе би боп би бабам.
Ханның зерлеп қазасын,
Алмауға елдің мазасын –
Малмен тыныш өтеуге,
Үкім етті ер жазасын».
Деп шешсе елдің бірлігі,
Бүркелмесе шындығы,
Қорғамаса сұлтанды,
Тірі адамның тірлігі.
Бүгінгідей езді ер деп,
Салмаса ол кез көзге өрнек,
Бабам – дана,
Істі әділ
Шыққаны үшін безбендеп!
3.
Тіл табыссаң жаны дүр,
Дін бөлгенмен қаны бір,
Тегін қусаң қалмақтың –
Ол да қазақ бәрібір!
Ол да текке, досқа жақ…
Соғысқандар – басқа жат.
Болғандығын тарих та,
Айта алмай жүр бос қажап.
Жаттан көрмей қорлық кем,
Маңдайына сор біткен.
Қалмақ қызын би бабам,
Әкелмесе зорлықпен.
Соғыстан соң қайғырып,
Жатқанда аштық бойда ұлып,
Сол қызды әкеп, той қылып,
Қалың жылқы сойдырып,
Малды ысырап қылмаса,
Майлышатты май қылып.
Сол малды елге таратса,
Ұрпағына жаратса,
Бабам – дана,
Парасат
Көзіне елді қаратса!
4.
Сөз бен ерлік ұстасы –
Би Боранбай, қысқасы,
Шежіреге қарасам,
Жетінші атам тұстасы.
Ұрпақ жалғап, мақтанып,
Ерте отасқан от халық.
Келмей тұр бұл үш ғасыр.
Уақытқа шақса анық.
Мейлі он ата болса да,
Қисынбай тұр оншама.
Тірісінде ата көп,
Шөпшек көрген қаншама!
Әлде үстем аттыға,
Бірер ата жақты да.
Мендей артық тентегін,
Тарих сыртқа қақты ма?…
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.