Көптілеу Тажигалиев
Халқының маңдайына біткен марғасқа ұлының өнер кешіне ұмтылған көрерменде сан жоқ. Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург сияқты түрлі ірі қалаларымен, Түркия және т.б. сияқты алыс-жақын шетелден шақырылған құрметті қонақтарының арасынан жылжи басып өз орнымызға жайғастық. Терекли-Мектебтегі жазғы театрдың кең залы лезде толып, бір сәт ине шаншар орын қалмады-ау деген кезде жүргізуші қыздың әдемі дауысы өз тілінде сыңғырлай жөнелді:
Кел домбырам сөйлесейік,
Асылың сенің ағаштан.
Ағаш десең көңілің қалар,
Шыңға біткен нар ағаштан…
Ойпырмай мына оқылып жатқан жыр жолдары, ондағы мазмұн бізге де тән, бізге де таныс қой деп ойлағанымша болған жоқ,қайтадан жүргізуші қыздың Нұрғиса Тілендиев «Махамбет» деп саңқ еткен дауысы бөлді де жіберді. Бәйгеге қосылар тұлпардай болып өз кезегін манадан бері сахна төрінде күтіп тұрған оркестр Нұрағаның рухты, мәңгі өлмес шығармасын бебеулете жөнелсін. Тұңғиығына батырып, қанды қыздырып барады.Ойналып жатқан күй де, күй ойнап жатқан домбыраның үні де таныс, бірақ оны ойнаушы оркестр бір ғажабы қазақтікі деп аталмайды.Сол мезет өзімнің қазақ екеніме іштей марқайып, айналамды қоршаған табасаран, құмық, шешен, авар, қарашай, абазин, адыг, лак, ноғайларға ептеп көз қиығымды салып өттім. Назарлары сахна төріне қадалған, көңілдері шерлі ау сірә, ересектерінің кейбіреуінің қолында орамал, кім білген көздеріндегі жасты сүртіп отырған шығар?
Дауылпаз күйдің иірімі әрқайсысының бойындағыазаттық, теңдік, арманын тағы бір шарпып өтіп, қандарын шымырлатып отырғаны сөзсіз. Өйтпегенде ше, биыл Қап тауын мекендеген біраз халықтардың тарихында 100 жылға жуық созылып (1763-1864), олардыңкейбірін жер бетінен жойып жіберуге жақындатқан Кавказ соғысының аяқталғанына да 160 жылтолыпты. Рухты шығарма дүрілдеп барып аяқталған сәтте, зал толы көрермен ду соғылған шапалағымен қоса, орындарынан дүр ете көтерілді. Орындаушыларға, бабадан қалған асыл мұрамыз домбыраға, ойналған қазақ күйіне, ұлы сазгердің шығармасына, Махамбет рухына қол соқты, құрмет көрсетті.
Үздіксіз соғылған шапалақ пен өздеріне көрсетілгенқошаметті қабылдап алған оркестр одан әрі күй керуенін, «Төре сазы», «Айғыр төбе», «Ататолғауы», «Кісен ашқан»,«Көңілашар» деп жалғастыра жөнелсін…
Сахна төріндегі күй сазын сарнатып тұрған бұл оркестр — Ноғайдың Мемлекеттік халық аспаптар оркестрі болса, ал оның дирижері, бүгінгі мерейтойлық кештің иесі –Ресей Федерациясы жазушылар және журналистер, Ресей Федерациясы мен Дағыстан Республикасы композиторлар Одақтарының мүшесі, Ресей Федерациясы мен Дағыстан Республикасының еңбек сіңірген мәдени қызметкері, Дағыстан Республикасының Халық әртісі, Қарашай-Черкес Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «Айланай» Ноғай фольклорлық-этнографялық мемлекеттік ансамблінің негізін қалаушы, «Ноғай мемлекеттік театрының» негізін қалаушылардың бірі, «Ноғай мемлекеттік ұлт аспаптар оркестрінің» негізін қалаушы және ұйымдастырушысы, дирижері, композитор және әнші, түрлі жанрдағы 400-ге жуық музыкалық шығармалардың авторы, биыл жасы 70 -ке толып отырған, Ноғай халқы музыкалық мұраларының қалыптастырып дамуына өлшеусіз үлес қосушы, халқының дара туған дарабозы – Яхъя Таймасханұлы Құдайбердиев.
Осы арадан сәл түсінік бере кеткім келіп отырғаны.Өзіміз журналистте, ғалымда, ізденуші немесе өнер зерттеушісі, әнші, күйші деемеспіз.Ауыз әдебиетіне, фольклор, этнографияға, әрісі Шалкиіз, Сыпыра, Қазтуған, Досмамбеттерден қалған жырға, берісі өзіміздің ән жырымыз бен күйлерімізің жай ғана қызығушылық танытқан тыңдаушысы, көрермені бола жүріп, Яхъя ағамызбен танысудың сәтін түсірді. Ертеден қалған есті әңгіме мен ән-жырды айта білетін, домбырашылық өнерді меңгерген ауыл ауылдағы шалдарды жағалайтын әдет, ақыры Яхъя Таймасханұлымен рухани әңгіме өрбітіп, ой бөлісубағытындағы байланыс қалыптастыруға жол салды. Осындай себептермен бүтіндей бір халықтың музыкалық мұрасында өшпес із қалдырушы ағамыздың 70 жасына арналған концерті мен кешінің қонағы болуды бұйыртты. Туған халқының шашырап кеткен мол музыкалық мұраларын, аспаптарын жинақтап дамыту, рухын жандандырудағы қажымас қайратына қоса, қазақ халқына деген бауырмалдық ниеті мен қазақ халқының, қазақ композиторларының әндері мен күйлерін насихаттаудасіңіріп жүрген еңбегіне риза бола отырыпжәне келіп жатқан 70 жасы мен өзі құрған Ноғай мемлекеттік ұлт аспаптар оркестрінің 30 жылдығы қарсаңында ағамыздың өмір жолы туралы өнер сүйер қауымғажәне жалпы баршаңызға қысқаша таныстырып кетуді жөнсанадық.Оның үстіне домбыра қазақ үшін бабамыздан алған асыл мұра, тіпті тағдырымыз болса, ноғай үшін де сондай қастерлі. Кейбір рухани дүниелеріміз ортақ.
Яхъя Таймасханұлы 1954 жылы 24 мамырда Дағыстан Республикасы, Ноғай ауданының Нариман ауылында қарапайым отбасында тұңғыш бала болып өмірге келген. Болашақ тұлғаның ата жағында Юмагельди сынды талантты домбырашы, шежіреші, ал нағашылары жағынан домбыра мен қобызда шебер ойнайтын аты шыққан туыстары болған. Осындай ортада өмірге келіп, өнерге құмар болып өскен ағамыз 1970 жылы тоғызыншы сыныптан соң Махачкала музыка училищесінің дирижер-хор бөліміне оқуға түседі. Оны аяқтаған соңбалаларға арналған түрлі өнер мектептерінде жұмыс жасай жүріп, арада 5 жылдай өткен соң сол кездегі Н. К. Крупская атындағы Ленингард мемлекеттік мәдениет институтына келіп түседі. Осы жерде жүріп дирижерлік класы бойынша Г. Коваль, вокал бойынша И.С. Кочнева, композиторлық дағдыларды В.Н. Соколов сынды өз ісінің майталмандары берген білім нәрімен сусындап, 1984 жылы осы оқу орнын аяқтаған соңөз халқына қызмет етемін деген нық сеніммен туған елі, жер бетінің түпкір түпкіріне шашыраған барша ноғай халқының мәдени орталығы болып саналатын Ноғай ауданына оралады.Халқының кәсіби музыкалық өнері мен мәдениетінің дамыту жолындағы қажырлы еңбекті, күш жігерді қажет ететін жұмыстарына белсене кіріседі. Осы жылдар ішінде аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі, оның директоры, С. Батыров атындағы өнер мектебінің директоры, «Ногай Эл» алғашқы муниципальдық телевидениесінің директоры, Ноғай ауданы мәдениет басқармасы басшысының орынбасары сияқты лауазымды қызметтерді абыроймен атқара жүріп, одан бөлек Ноғай халқының жойлып кетуге қалған ауыз әдебиетін,ән-жырын,фольклоры мен сазын, күйін, халқының бай рухани мұрасын жинақтап жандандыру саласында жанқиярлық, батылдық қажымас еңбектің үлгісін көрсете білді.Солтүстік Кавказ даласы, Ставрополь, Астрахань өлкелеріне, Шешен, Дағыстан, Қарашай-Шеркеш Республикалары мен қоса басқа да аймақтардағы ноғай ауылдарына фольклорлық экспедициялар ұйымдастыру істеріне қатыса отырып, нәтижесінде аспаптық және музыкалық мәдениетке қатысты құнды материалдар жинастырады. Бұл жиналған материалдардың кейбірі біз үшін де маңызды болуы мүмкін.
Осы материалдардың негізінде кейіннен ұлт аспаптарына, фортепианоға арналған «Алты кыз сазы», «Йылкы сазы» (Жылқы сазы), «Катар, катар каз» және т.б. шығармалар дүниеге келді.
Бабалар аманатына адалдығы мен творчестволық қажымас қайратының нәтижесінде«Тұлпар» вокалды аспаптар ансамблі, «Саз» халық аспаптар оркестрі, «Қарылғаш» вокалды-этнографиялық балалар ансамблі, «Айланай» Ноғай фольклорлық-этнографялық мемлекеттік ансамблі сияқты көптеген кәсіби музыкалық ұжымдарын құрып, ноғай халқының музыкалық мұраларының қайта өрлеуіне жол ашады.
Ұлтының рухын жандандыру үшін туған тұлға 1986 жылы сол кездегі КСРО басшысы, СОКП ОК Бас хатшысы М.С. Горбачевқа өзінің әйгілі ашық хатын жазып, онда Ноғай халқына кәсіби театр ашу қажеттілігі туралы мәселені батыл көтерді. Мұның өзі сол кезде үлкен қоғамдық резонанс туғызып, облыстық, аудандық деңгейдегі түрлі мәселелердің көтерілуіне және кейіннен Ноғай мемлекеттік театрының ашылуына себеп болды. 1991 жылы Ноғай Ордасының құрылуы мен «Едіге» эпосының 600 жылдығына арналған шаралардың белсенді ұйымдастырушысы бола және басты ролді өзі сомдай отыра, әрі батыр, әрі би болған Едіге бабамыздың бейнесін жалпақ жұртқа танытып, өзінің актерлік қырын да көрсете білген.
Я. Т. Құдайбердиевтің творчестволық қызметінің шыңы, туған халқының ұлттық игілігіне айналған — Ноғайдың Мемлекеттік халық аспаптар оркестрін құруы болып табылады. Бұл ұжымНоғай халқының музыкалық мұраларыныңкәсіби даму болашағын анықтап берді деуге негіз бар. Оркестр кешегі Алтын Орда сынды бабаларымыз құрған ұлық ұлыстан қалғанмұраларын, сол замандардан қалған жырларды, саз бен күйлерді күллі Түркі жұртына, бүгінгі мұрагерлерінің арасына насихаттап дамытуда баға жетпес үлес қосып отыр. Тағы бір айта кететін нәрсеЖошы ұлысының мұрагерлеріміз деп жүрген біз үшін де Алтын Орда мен Ноғайлы заманындағы музыкалық мұралар жөнінде болашақта зерттейтін, екі халықтың бірлесе атқаратын, өзара ғылыми-мәдени байланысын нығайтатын мәселелер жетерлік. Өйткені, Сыпыра, Қазтуған, Досмамбет сынды екі ұлысқа ортақ бабаларымыздың қазақ топырағында шырқала бермейтін жырларын айтпағанда, өте бай Ноғай фольклорында өзіміздің Атырау облысындағы тарихи мекендер, жер су атауларына байланысты қазақ фольклоры мен этнографиясында кездесе бермейтін бізге қатысты көптеген деректер, жырлар, мақал-мәтелдер біршама баршылық.
Құрылғанына биыл күзде 30 жыл (1994) толғалы отырған оркестр ұжымы осы уақыт ішінде халық аспаптарының ерекше үні, дыбыс мәдениеті, орындау шеберліктері арқылы Дағыстан Республикасы мен күллі Солтүстік Кавказдың музыка мәдениетінде ерекше құрметке ие.Ерекше тоқталатын жағдай аталып отырған оркестрді құрудаНұрғиса Тілендиев сынды қазақ халқының ұлы композиторының ой пікірі, тәжірибесі негізгі бағыт-бағдар етіп алынды. Сондай-ақ оркестрдің құрылғанан кейінгі одан әрі дамуындағы репертуарында қазақ халқының ән-күйлерінің маңызы жоғары болды. Осы ұжымды құру жолындағы ізденіс үстінде Яхъя ағамыз1986 және 1994, 1997 жылдары Қазақ елінің сол кездегі астанасы Алматы қаласына арнайы келіп, «Отырар сазы» халық аспаптары оркестрінде, Нұрғиса ағамыздың тәлім-тәрбиесін алады. Әрдайым сол кісінің көзін көргенін, өзінің ұстазы санайтынын мақтанышпен айтып отырады. Оның жарқын дәлелі ретінде Ноғай Мемлекеттік халық аспаптар оркестрі өзінің негізгі концерттері мен және басқа халықтар мен республикалардағыгастрольдерін Нұрағаның «Махамбет» туындысымен бастауы және оны оркестрдің концерттік бас шығармасы ретінде таңдап алуы. Мысалы, 2014 жылы Құмық музыкалық драма театрында өткен оркестрдің есептік концертінің дәл осылай басталуы, ондағы түрлі жанрдағы музыкалық шығармалармен қатар, қазақ күйлерінің орындалуынан алған әсерлерін жергілікті жұрт көпке дейін айтып жүрді. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бұл қазақ халқына, оның музыкалық мұрасына және шәкіртінің өз ұстазына көрсетілген зор құрметі деп білеміз. Сонымен бірге, Асан қайғысы мен Шалкиізі, Сыпырасы мен Қазтуғаны, Жиреншесі мен Досмамбеті ортақ, сәл ғана айырмашылығы болғанымен домбырасы да өте ұқсас, әттең-айыкезінде түрлі себеппен екіге айырылған ұлыстардың тегінің де,шаңырағының да бір екендігінетағы дәлел бола алады.
1997 жылғы Алматы сапарында Сәкен Әбдірахманов, Жалғасбек Бегіндіков сынды кейін «Отырар сазы» халық аспаптары оркестрін басқарған азаматтармен, басқа да музыка майталмандарымен танысып, ақыл-кеңес алып, шеберлігін шыңдайды.
Я. Т. Құдайбердиев ұлт аспаптарының, оның ішінде жойылуға шақ қалған Ноғай домбырасының қайта жанданып, жаңғыруының басы-қасында да біраз істер атқарды. Оркестр үшін ұлт аспаптарын дайындайтыншеберлерді 1997 жылдан бастапарнайы оқытуға күш салып, 2015 жылдан бастап өзі туған ауданында Ноғай ұлт аспаптарын жасайтыншеберхана ашады. Әрине, бұл аталып отырған істердің кейбірі біз үшінбір қарағанда қарапайым көрінуі мүмкін. Бірақ, кезінде Ұлы даланы даңқымен дүрілдеткен, кейін отаршыл империяның азулы тырнағынаілініп,тіпті әлі де теперіш көріп, бүгінде саны небары 300 мыңға жетер жетпес болып азайып кеткен аз халық өкілі үшін қажырлы еңбекпен қоса,басты бәйгеге тіккен үлкен батылдық. Осындай жұмыстардың нәтижесінде оркестрде атауы бізге де жақсы таныс қыл қобыз, саз сырнай, көкірек сырнай, қамыс сырнай, сүйек сырнай, шаң қобыз (темір қобыз), мүйіз, сыбызғы, аса таяқ, дауылпаз сынды тарих сахнасына кете жаздаған көне аспаптар қайта жанданып, бүгінгі күні өз үндерімен талай сахнаны тербеп жүр.
Яхъя ағамыздың композиторлық творчествосының арқасында ноғай оркестрі академиялық аспаптық және вокалдық шығармалармен толығып қомақты және сан алуан бола түсуде, әлемдік классика, бауырлас Түркі әлемнің, Кеңес және Ресей композиторларының шығармаларына толы. Ноғай композиторларының, халық әндерінің, саздарының ұлттық колоритін сақтай отырып, оларға заманауи еуропалық оркестрлік үн берді. Я. Т. Құдайбердиевтің дирижерлік техниканы шебер меңгерушілігі, өзі басқарған ұжыммен творчестволық жемісті еңбек етуінің арқасында А. Хачатурянның, Г. Свиридовтың, А. Петровтың, А. Бабаджанянның, С. Агабабаевтың және т.б. музыкалық шығармалары оркестрде ерекше көңіл күймен орындалады.
Осы жерде айрықша тоқталатын жәйт қазақ пен ноғайға ортақ ХІV-ХVІІ ғасырдағы Сыпыра жырау, Шалкизіз Тленшіұлы, Досмамбет Азаулы, Қотан Арғынұлы, Асан қайғы, Жиренше шешен, Қазтуған Сүйіншіұлы сынды ауыз әдебиетіміз бен жыраулық поэзиямыздың өкілдерінің рухты шығармаларының оркестрмен және оның солистері арқылы орындалуы, насихатталуы үнемі басты назарда тұрады. Оркестрдің репертуарында қазақ күйшілері мен композиторларынан Құрманғазының «Кісенашқан», «Саранжап», «Қызыл қайың», «Серпер», Динаның «Тойбастар», Түркештің «Көңілашар», Сүгірдің «Бес жорға», Тәттімбеттің «Қосбасар», «Көкейкесті», Н. Тілендиевтің «Ата толғауы», «Әлқисса», «Махамбет», «Фараби сазы», «Ордабасы», «Жүрегім менің», «Аңсау», «Саржайлау», «Балапандарым», К. Күмісбековтің «Концерттік вальс», «Назерке», Қ. Ахмедияровтың «Жер ана», А. Жайымовтың «Шалқыма», «Шаттанамын», халық күйі «Ноғайлының зары» сынды жәнеқазаққа қатысты 20 үстінде т.б. шығарма берік орын алған.Бұл шығармаларды еліміздегі өз оркестрлерімізде тыңдап жүрміз, ал өзімізге туыс бауырлас ұлыстың, яғни Ноғай халық оркестрінде тыңдаудың өзі бір бөлек сезім.Ставрополь өлкесі, Астраханьоблысы, Шешен, Дағыстан, Қарашай-Шеркеш Республикалары мен Ресейдің басқа да өңірлеріндетұрақты түрде өткізіліп тұратын гастролдік сапарлар барысында, одан қалдыТүркия сияқты бауырлас елдердің сахналары мен түрлі шетелдік фестиваль-конкурстарда қазақ халқы мен композиторларының туындыларының осы оркестр арқылы шырқалуы, танылуы біз үшін бір жағы зор мақтаныш, бір жағы үлкен абырой, құрмет.Ноғай Мемлекеттік халық аспаптар оркестрі сындықазақ композиторлары мен қазақ халқының музыкалық шығармалары үшін өз репертуарының төрінен осыншалық орын берген басқа халықтардың бірде бір музыкалық ұжымы жоқ екенін есте ұстағанымыз абзал. Егер Ноғай ауданындағы ауылдар мен көшелерден «Саржайлау», «Балапандарым», «Жайлаукөл кештері» сынды өзімізге таныс әуендері мен басқа да қазақ әндерін шырқап бара жатқан ноғай балаларын, жастарын көріп, естіп қалсаңыз еш таңданудың реті жоқ.
Я. Т. Құдайбердиев туған халқының музыкалық мұраларын зерттеу, жинақтау, келешек ұрпаққа аманаттау жолындағы түрлі жылдары шығарылған кітаптар мен жинақтардың да авторы болып табылады. Ноғай ұлтының болашағына алаңдай отыра «Аспанда таң жұлдызын көремін» (2001) балаларға арналған жинағын, 100 ән мен романстан тұратын «Менің сазым» (2006), «На ладонях земли», «Ноғай кешелер», «Ах Истанбул» (2002-2008) ән жинақтарын, өнер мен мәдениет қызметкерлеріне арналған «Полет степного орла» повестьін (2021) өмірге әкеледі. Ағамыздың домбырада ойнау шеберлігі өз алдына бөлек әңгіме.Жоғарыда айтып өткендей ағамыз түрлі жанрда 400-ге жуық музыкалық шығарма жазса, солардың ішіндегі «Төре сазы», «Ноғай дала»,«Эсимде», «Айғыр төбе», «Елкилдек» сынды шығармалары оркестрдің мақтанышына айналған. Түрлі басшылық қызметтерде жүре отырып, өзінен кейінгі толқын, болашақ кадр дайындау ісінде бір сәт есінен шығарған емес. Бойында қабілет қарымы мен таланты бар жастарды алыс та, жақын шетелдердің музыкалық училищелері мен өнер мәдениет колледждеріне, консерваториялары мен академияларына баруға бағыт бағдар көрсетіп, қолдап отырды. Осының нәтижесінде оркестрде бүгінде түрлі оқу орындарын бітірген кәсби мамандар, талантты жастар, солистер қатары ұлғайып келеді. Оның жарқын мысалы Дағыстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі А. Кудайбердиева, Дағыстан Республикасының еңбек сіңірген мәдени қызметкерлері С. Джумакаев сияқты музыканттармен қатар, К. Куруптурсунов, А. Аджибаев сындыдирижерлар, Астрахань мемлекеттік консерваториясын бітірген Руслан және Юнис Кожаевтар, Алан Сариевсияқты кәсіби, А. Аджибаев, М. Байгазиев, З. Суюндиков, А. Джумандыков және т.б. болашағынан зор үміт күттірер творчестволық потенциалы жоғары мамандар жұмыс істеуде. Яхъя ағамыздың өзінің ұлы Бекмырза мен қызы Кызылгульде әке жолын қуған музыканттар және оларда осы ұжымда қызмет істейді.
Құрылған уақытынан бері Ноғай оркестрі мен оның солистері «Ноғайкешелер» (Түркия), «Урал-моно» (Уфа), «Сүйімбикенің мұрагерлері» (Қазан), «Ногай Эл» (Махачкала), «Невские встречи» (Санкт-Петербург), «Страна, пой» (Москва), «Созвездие дружбы» (Астрахань) сияқты түрлі фестивальдарда, халықаралық конкурстарға қатысып, бақ сынап, түрлі марапаттарға ие болып, жүлделі орындардан да көрініп жүр.
Алайда, «Бабаларымыз ордасын тіккен Сарайшық пен Атырау жерінде,Құрманғазыдай күйшілерді өмірге әкелген өлкеде өзімнің авторлық концертімді берудің өзі бір мәртебе, бір арман ғой. Сарайшық топырағын өз аяғыңмен басып тұрып, ойша ғасырлар тұңғиығына сүңгудің өзі бір ғажап шығар.Қазақ халқының музыкалық мұрасы өте бай, композиторлық шығармашылық әлеуеті мен мүмкіндігі өте зор, небір таланттары бар. Қатты қызығамыз, біздің олардан алатын, үйренетін нәрселерміз көп-ақ. Қазақтың мемлекеттік академиялық «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен қазақ сахналарында ән шырқасам» — дейді ағамыз өз сөзінде.Еліміздің осы саладағы жауапты азаматтары мен құзыретті мекемелерінің құлағына алтын сырға, егер қолға алып, екі халықтың арасындағы мәдени рухани байланысты жандандырса жүзеге асыруға болатын іс.
Мұның өзі Мемлекет басшысының туған өлкеміздегі Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында, Жошы ұлысына қатысты сан алуан этностардың бір шаңырақ астында өмір сүруімен қатар, түрлі мәдениеттердің де өзара астаса білгендігін, сондықтан Алтын Орда брендін әлемге таныту бағытында, оның тарихы мен мәдениетін кеңінен зерттеп, насихаттау, табанды жұмыстар жүргізутуралы берген тапсырмасына да сәйкес келеді.
Яхъя ағамызбен ән, күй, домбыра, біздегі «Бес ғасыр жырлайдының» бастауындағы бабаларымыздың шығармалары туралы әңгіме айтудың өзі бір ғажап, тоқтату қиын. Елге қайтататын күнгі шағын отырыс кезінде де Қазтуғаннның жырын төгілте отырып басталған ән-күй керуені, біраз қазақ күйшілері мен композиторыныңкүйлерін күмбірлете, әндерін шырқай отыра, Ілья ағамыздың «Жайлаукөл кештерін» әуелетумен барып әрең аяқталды.
Қоштасар сәтте «Атырауда қанша қазақ бар ?» — деп сұрады. Менің,«қаланың айналасын қосқанда шамамен 300 мыңның айналасында болуымыз керек»- деген жауабыма,«Сіздердің бір облысы орталығындағы халық санының өзі біздің бүкіл Ноғайдың санына жетерлік екен»- деп басын шайқап, бір күрсініп, ауызбіршілік, ынтымақ пен ел тұтастығына жетер ештеңе жоқ дегенді көзбен ұқтырды. Қош айтысар сәтте «Қазақ бауырларыма, тек жақсы күндерде кездескенше» -деп қолтаңбасын қалдырып, жұқа болғанымен ішінде өзінің 41 күйі бар кішкене ғана «Ойна домбырам» жинағының бірнеше данасын маған ұсына отыра, менің де күйлерім қазақ даласы мен сахналарында шырқалып, күйшілерің орындай жүрсін, еліңе барған соң сол жақтағы әнші-күйшілерге естелік ретінде тарата жүрерсің деп табыстады. Өзі жұқа, әрі жеңіл болғанымен, аманатының салмағы ауыр, ал құнына баға жетпес күйлері жинақталған шағын кітапшаны бауырымызға қысып, келесі кездескенше де деп, бүтін бір елдің, ұлыстың оркестрінің негізін қалап, музыка мәдениетінің дамуында ерен еңбек сіңірген тұлғаның аманатын кімге, қалай тапсырсақ екен деген оймен жолға шықтық…
Атырау- Дағыстан Республикасы, Ноғай ауданы, Терекли Мектеб-Атырау
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.