РУХАНИ ҰСТАЗ
17.09.2024 0 188
Мен Пернебай Дүйсенбинді кеңестік кезден танитынмын. Бірақ араласып, сыр ашысып көрмеппін. Ол кісі бұрынғы В.И.Ленин атындағы қазіргі Әйтеке би атындағы орта мектепте басшылық жұмыста жүргенде бірде-екіл мектеп жұмысына қатысты мектептің жаңа оқу жылына дайындығы жөнінде тексеріп барғаным есімде қалыпты. Басқа мектеп директорлардай емес, жалпақтап, жағынып, жоқты бардай етіп ұзынсонар жетістігін сөз етіп көсілмей мектептің жаңа оқу жылына дайындығын көріп тұрсыздар ғой, дегендей мектептің жетістіктері жөнінде ауыз ашқан жоқ. Сырт көз сыншы деген. Маған Мұғали айтқандай: “Мен басқа ғасырданмын” деп. Сыртқы көзге сыр бермесем де маған: “Терең ойдың үстінде жүргендей көрінген. Ол мектептің емес, басқа бір әлемнің ғаламдық бір жаңа құбылысын әдебиет тілімен ашудың жолын іздестіріп, жұмбағын шеше алмай жүрген ғалымды елестеткендей болды. Аудандық газеттен мақалаларын оқып жүретінмін. Республикалық басылымдарда таңғажайып тақырыптарға жазылған мақалаларын оқып жүрдім. Ой-өрісінің кеңдігі, қиялы тереңге бір жұмбақ әлемнің ішіне тартып бара жатқандай әсер еткен еді.
Кейінірек, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісіне депутаттыққа Сарысу ауданынан ұсынылған 18 депутаттыққа кандидаттың тізімінің ішінен Пернебай Дүйсенбиннің аты жөнін көргенімде, ол кісінің рухани ой өрісінің жан-жақты өрістеп, биіктеп бара жатқанын сезгендей едім.
Пернекеңмен жақын танысуым Сарысу ауданы әкімі аппаратына ішкі саясат және әлеуметтік салалар бөліміне меңгеруші болып келуімнен басталған еді. Бұл кез Сарысу ауданының құрылғанына 75 жыл толу мерекесімен тұспа-тұс келген еді. Сарысу ауданының құрылғанына 75 жыл толуына орай кітап шығару жоспарланған болатын. Кітаптың авторы кім болады деген сұрақ тұрды. Аудан әкімі Жуалы ауданының тумасы. Ал кітап Сарысу ауданың 75 жылдық тарихы туралы жазылмақ. Ауданда туған, жазып үрген журналистер баршылық. Бірақ олардың бәрі аудан тарихын жазудан бас тартты. Аудан да Қазақстан Жазушылар одағының 2 мүшелері бар. Олар Дулат Шалқарбаев пен Пернебай Дүйсенбин. Дулат ағай зейнеткер, сексеннің сеңгіріне жақындап қалған кісі, ал Пернекең ол кісіден жас, әрі жұмыста жүрген, жазушы. Осы кітапты жазу Пернекеңе тапсырылды. Ол кісі аудан тарихына байланысты кітапты жазуға шын ниетімен кірісті. Кітапты жазу үшін аудандық комиссия құрылды. Кітапта қамтылатын материалдар үшін арнайы естелік жасалды. Естеліктегі ақпаратты қамтамасыз етуді мен аудан әкімінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі ретінде қамтамасыз еттім. Барлық қала, ауыл аймақ әкімдері, мекеме басшылары, қоғамдық ұйымдар бұл іске тегіс тартылды. Пернекең белгіленген мерзімде кітапты жазып шықты. Ол кісі кітапты жазу кезінде күндіз түні аянбай еңбек етті. Мен сол кезде ол кісінің еңбекқорлығын байқаған едім.Пернекеңнің бір ерекше қасиеті-ол кісінің мінезі жұмсақ, қарапайым, кісінің көңілін қалдырмайтын, жанашырлық қасиеті мейірімді жүзінен байқалып тұрады, қайырымдылығы алдына бір төбе, артық сөзі жоқ, бар ой-жігері жұмысқа бағытталғанын байқауға болады. Жұмыстан басқа нәрсені ол кісі екінші кезекке қойып жүрді. Осы жолы нағыз еңбекқор жазушының ізденіс үстіндегі еңбегін көргендей болдым. Мынандай бір ерекше жанашырлық қасиетін “Сенім” баспасының қыздары айтқан еді. Сарысу ауданының құрылғанына 75 жыл толуына арналған “Шежірелі Сарысу” кітабы Тараз қаласындағы “Сенім” баспасынан 1000 дана тиражбен басылып жатқанда бірінші беттегі аудан әкімінің суреті тұрады деп сызылған тұғырда сурет жоқ болып шыққан. Ол жерге аудан әкімінің суреті тұруы керек болатын. Кітап 1000 данамен шығып кеткен. Тұғырдың астына аудан әкімінің аты-жөні жазылған. Ал суреті болса жоқ. Ол өзі Сарысу ауданының құрылғанына 75 жыл толу мерекесіне арналып шығарылған кітап. Кітапта аудан әкімінің суретінің жоқтығын байқаған Пернекең баспа қыздарына неге аудан әкімінің суреті жоқ,десе қыздар жан-жақтан жылап қоя береді. Біз енді сотталамыз, жұмыстан босайтын болдық,бала-шағамызды кім асырайды, несиемізден қалай құтыламыз, деп өздерінің кінасын мойындап көз жастарын көл етеді. Пернекеңнен осы жағдайдан құтқара көріңіз, ағатай, деп жалынады. Пернекең жас қыздарды аяп, өзі кітапқа байланысты жауапкершілікті өз мойнына алады.-Кітаптың бірінші бетіндегі тұғырдың ішіндегі 1000 суретті бір күнде сыртқы көзге білдірітпейтіндей етіп жапсыра аласыңдар ма? Егер жапсыра алсаңдар, жабулы қазан жабулы күйінде қалады, дейді. Ойбай, ағай білдіртпей жапсыра аламыз,деп қыздар бір ауыздан қуанып шу ете қалады. Келістік, деп Пернекең қыздарды бір үлкен қауіптен құтқарып қалады.
Кітап ауданға әкелініп, аудан әкіміне таныстырылады. Аудан әкімі кітапты көріп, авторға рахметін айтады. Бірінші беттегі өз суретіне көзі түсіп, қолымен суретін сипап қалғанда суреттің жапсырылғанын байқап қалады. Айқай, осы жерде шығады. Баспаның директорына қоңырау шалады, абырой болғанда баспаның директоры жұмыс орнында болмай шығады. Аудан әкімшілігінен барған кітапқа жауапты қызметкерде жазасыз қалмайды. Таратылып кеткен кітапты қайтадан жинап алып, қайтадан баспаға өткізіңдер, деп әкім ашу шақырады. Таратылып кеткен кітапты жинап алу бұл кезде мүмкін болмай қалған еді. Сөйтіп Пернекең өгізді де өлтірмей, бұзауды да аш қалдырмай ортақ тіл табуға өзінің абыройын салып, жас қыздардың жіберген кемшіліктерін түзетуге күш салыпты. Бұндай тәуекелге екінің бірі бас тіге бермейтіні ақиқат.
Бала кезден кең далаға бауыр басып өскен Пернебайдың далаға деген сезімталдық қасиеті ерекше сипат алғаны кедейсоқтық емес. Ол дала табиғатының сырын, құпиясын түсініп, оны білуге құштар жан болды. Ол кішкене кезден-ақ сан түрлі туған жер бояуынан сыр ұқты. Қалам құдіреті сыншыл, жыршыл жүрекке киелі ұғымдай көрінетін. Қоршаған ортаның құпия құбылыстарынан өзінше ой түйіп, оны қағазға түсіру қаншалықты қызық болса, соншалықты қиын екенін аңғарған. Алғаш өлең, әңгіме жазып, сурет салуды ермекке емес, еңбекке айналдыра бастағаны содан. Ол мектепте оқып жүрген жылдары тырнақалды туындыларын-өлеңдерін, әңгімелерін аудандық, облыстық газеттерде жариялады. 1958 жылы оның салған суреттері Москвадан шығатын «Пионерская правда», Алматыдан шығатын «Дружные ребята» газеттерінде жарияланып, көпке танылды.
1964-1967 жылдары Украинада әскери борышын өтеді. 1967-1969 жылдары университетке қайта оралып, журналистика факультетін бітірді.
Университетте оқып жүрген жылдары оның қазақ өнері, бейнелеу өнері, әлемдік деңгейдегі ұлы тұлғалардың еңбектері туралы көптеген мақалалары мен эсселері,танымдық, публицистикалық туындылары республикалық басылымдарда молынан жарияланды. Олардың қатарында Леонардо да Винчи, Сикейрос, Рылов, Коненков, Сарьян, Левитан, Орал Таңсықбаев, Шара Жиенқұлова, Айша Ғалымбаева, т.б. болды.
Пернебай Дүйсенбин 1943 жылдың 13 қазанында Жамбыл облысының Сарысу ауданындағы Жайылма ауылында дүниеге келген.
1960 жылы мектеп бітірген соң туған ауылында құрылысшы болып жұмыс істеді. 1962 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетіне түсті. 1964-67 жылдары Кеңес Армиясы қатарында қызмет етті. Әскерден келген соң оқуын жалғастырып, оны 1969 жылы тамамдап, туған ауылына мұғалім болып орналасты. 1973-1987 жылдары Ленин атындағы орта мектептің оқу ісінің меңгерушісі, 1987-1992 жылдары мектеп директоры, 1992-1997 жылдары мектеп психологы болды.
1997 жылы “Қаратау кеніші” газетінің қызметкері, 1998 жылдан ақпарат бюросының бастығы-газет редакторы.
2003 жылдан бастап аудандық маслихаттың тексеру комиссиясының төрағасы қызметін атқарды.
Жерлес жазушы, журналист Қали Сәрсенбай Пернебай Дүйсенбин ұстазы туралы былай деп еске алыпты: “Менің Пернебай Дүйсенбин деген ұстазым болды. Үлкен жазушы, кезінде мықты журналист болды. Алпысыншы, жетпісінші жылдары “Лениншіл жастың” эстетикалық клубы Пернебай Дүйсенбинсіз шықпайтын. Студент кезінде Шерхан Мұртазаның тапсырмасымен сонау Ташкентке барып, суретші Орал Таңсықбаевты жазып келген азамат. Студент кезінде Арменияға барып, армиянның әйгілі суретшісі Мартирос Сарьяннан сұхбат алып келген. Сарьян-тоқсанға келгенінде, көзінің тірісінде мұражай ашқан адам. Пернебай Дүйсенбин сол Сарьянмен сұхбаттасу үшін бір жыл бойы стипендиясын жинап барған. Үш күн бойы кіре алмаған. Ақыры, кіріп, сұхбаттасып, материал жазып келген. Бізге әдебиет пәнін осы Пернебай Дүйсенбин оқытты. Оқытқанда қалай оқытты деңіз! Мысалы, Ілияс Жансүгіровтің “Күй”, “Құлагер” поэмаларын өтетін болса, өзінің ескі магнитофоны бар, соны қоса ала келеді. Күй тыңдатады. Ықыластың күйлерін, қобызбен ойналатын күйлерді тыңдатады. Сосын сол күйдің сарынымен, баяу қойып қояды да, “Құлагерді” оқытады. Балаға қанша бағытта білім беріп отыр?! Музыка, күй сарыны өз алдына, мәнерлеп оқуға машықтанасыз. Поэзияның құдіретін сезінісіз. Оның ішінде әртістік қабілет, шешендік те бар. Қазір мектепте осындай мұғалімдер бар ма?
Пернебай ауылдан ұзаған адам емес. Кейіпкерлері де, кішкентай достары да қара сирақ ауылдықтар. Жазушы оларды жақсы түсінеді. Талғам таразысына салып талай толғантқан да. Кейде өзі жалғыздықтың күйін кешетіні бар. Маңындағы қалың қауымнан пікірлес пенде іздеп бәйек болу кімге оңай? Қазір жазушы жанына ойлы жанармен үңілер үндестіктің ғайыпқа сайғаны шындық. Әдеби шығармаларда кездесетін жалғыздық шырмауы, міне,-осы. Дегенмен ортасын іздеп елегзіген қаламгердің меселі бұдан қайтпаса керек. Қайта теріс аққанға қарсы тұрып, оң ағызу үшін талпынысы бәрінен де пәрменді.
Әлбетте, бүгінгі жазушы жауапкершілігі жеңіл жазушыға ұқсамайды. Өйткені уақыт осыған бағыт алған.
Жоғарыдағыларды Пернебай түсінеді. Қолы қалт еткенде ересектер тақырыбына, замана тынысын тап басар туынды жазуға ниет білдіретіні сондықтан.
Пернебай Дүйсенбин көрнекті балалар жазушысы.
П.Дүйсенбин 1979 жылы «Жұлдыздар неге жылайды?» деген лирикалық повесі «Жалын» журналында жарияланды. 1990 жылы КСРО, 1994 жылдан Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. «Жұмбақ жұлдыз», «Кішкентай генералдар», «Ән салыңызшы, Әке», «Елгезек ертегілер елінде», «Тектінің тұяғы еді» атты кітаптардың авторы. 2003 жылы тарихи – танымдық «Шежірелі Сарысу», 2007 жылы «Үркердей болып көшкен жұрт…», 2008 жылы «Сарысунама» атты тарихи деректік томдарын шығарды. Ол Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеті, Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақстан ЛКЖО ОК мен республикалық «Жалын» баспасы бірлесіп өткізген жабық бәйгесінің 1979,1980,1981,1986 жылдардағы лауреаты. 1994 жылғы республикалық «Балауса» баспасының, 1996 жылғы «Парасат» журналының лауреаты. 2013 жылы Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің II жүлдесін, Жамбыл облыстық «Үздік журналист» конкурсының І жүлдесін иеленді. 2015 жылы «Есен-сау жүріңізші, асыл Ата» атты повесіне Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің Бас жүлдесі (Гран-при) берілді.
Пернебай Дүйсенбин проза саласында драма жанрына да бірнеше шығармаларын арнаған жазушы. Оның “Алпамыс батыр” (1972ж), “Ескендір”, “Ахмет Байтұрсынұлы” шығармалары осының айғағы. Пернекеңнің деректік-шежірелік туындылары да өз алдына бір төбе. Олар Сарысу ауданының құрылғанына арнап шығарылған “Шежірелі Сарысу” (2003 ж), “Үркердей болып көшкен жұрт” (2007ж), “Сарысунама” (2008ж), “Шеркешнама” (2015ж), “Жаңатас дастаны” (2019 ж), “Қазыналы Қаратау”, “Шығырай баба”, Орақ әулие”
П.Дүйсенбин 1965 жылы «Жеңістің ХХ жылдығы» жауынгерлік мерекелік медальмен, Чехословакия армиясының «Красный вояк» жауынгерлік төсбелігісімен, ұстаздық қызметі үшін 1981 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен, 2001 жылы Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, 2014 жылы «Мәслихаттың XX жылдығы», 2016 жылы «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы», 2018 жылы «Астананың 20 жылдығы», «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін», «Сарысу ауданына — 90 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.
Пернебай Дүйсенбин 1999-2007 жылдары Сарысу аудандық мәслихатының екі мәрте депутаты болып сайланған. Сарысу ауданының Құрметті азаматы (2001ж). Пернебай Дүйсенбиннің өмір тарихын-аудан тарихынан бөліп қарауға болмайды. Оның өмірі-аудан тарихымен біте қайнасқан. Бірге. Оларды ажыратып бөлуге болмайды. Ол ауданның құрылу тарихынан бастап, бүгінгі өмір тынысын бөліп қарамайды. Аудан тарихынан кейін ауданның рухани өміріне бет бұрған жазушы. Ол аудан халқының ата-тегін жазуға да ден қойған, халықтың ата-тегі жөнінде шежірені танып білуіне де көзін ашып, білгенін халыққа үйретуден жалықпайтын жазушы. Бір сөзбен айтқанда өмірдің қандай саласы болсада Пернебай Дүйсенбиннің қаламынан тыс қалған емес. Оның шығармаларынан рухани ұстаздық лебі аңқып тұрады. Оны халықтың рухани ұстазы десек артық айтқандық емес.
Пернебай Дүйсенбин биылғы жылғы 13 қазанда 80 жасқа толады. Осыған орай Қазақстанның Халық жазушысы атағымен Қазақстанның Еңбек Ері атағын беруге ылайық жазушы деп есептеймін. Бұл ұсынысты Қазақстан Жазушылар Одағы мен атқарушы билік өкілдері ескерер деген үміттемін. П. Дүйсенбин – жүрегім халқым деп соққан қарлығаш көңіл, қаламы жүйрік қаламгер. Кейіпкерлерін жанындай жақсы көріп, табиғатты елжірей отырып суреттейтін, қасиетті дәстүрімізді жаңғырта, нәрлендіре түсетін жазушыға шығармашылық ғұмыр беріп, ақылман аға тұлғасы биіктей берсін демекпіз….
Майлыбай Смағұлов,
Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі
Тасмейірлер құрбаны (әңгіме)
Ноя 10, 2024 0 1 639
Алматы қаласының экологиялық проблемалары
Окт 15, 2018 0 28 133
Жастар және ұлттық мәдениет
Авг 19, 2018 0 21 115
ТІЛ САЯСАТЫНЫҢ ТАҒЫЛЫМЫ
Мар 13, 2019 0 15 501
ШЕШЕНДІК ӨНЕР – ҰЛТТЫҚ АСЫЛ ҚАЗЫНА
Сен 24, 2020 0 23 177
ТАҒДЫР (ақын-жазушылардың өмір тарихтары)
Ноя 10, 2024 0 8
ҚҰСШЫ БЕГАЛЫНЫҢ ӘҢГІМЕСІ
Ноя 10, 2024 0 9
ӘЙТЕКЕ БИ (бір деректің баяны)
Ноя 10, 2024 0 7
Үміт сəуле жылт етші…
Ноя 10, 2024 0 8
РЕВОЛЮЦИЯ ҰЛАНДАРЫ
Ноя 10, 2024 0 10
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.