ОЛИМПИАДАДАН КЕЙІНГІ ОЙЛАР
17.09.2024 0 140
Несіп Жүнісбаев
1950 жылы Алматы облысы, Қаратал ауданы, “Көпбірлік» ауылында туған. Спорт журналисті, жазушы, спорт шебері, жоғары ұлттық дәрежедегі төреші, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Сөз басын олимпиада басталар алдында жолыққан байырғы досым Қазақстандағы осы Олимпиадаға даярлық барысын талқылап, іс-шара өткізетін Штабтың жетекшісі Елсияр Қанағатовқа барып жолыққан әңгімемнен бастайын.
Бардым. Штабта Елекеңнен өзге жан жоқ екен. Елдің бәрі Олимпиадаға жүріп кеткен. Бұған дейін 8 Олимпиадаға,5 Параолимпиадаға,11 Азия Ойындарына барған,барғанда да тек тамашалау үшін емес,соның бас Штабын не басқарып,не сол басшыға орынбасар болған Елсиярдың… ауылда қалғаны маған өте жөнсіз көрінді. Не айтарымды білмей,себепсіз күле бердім… Ол мені аяды: «Нәке,11 Олимпиадаға барып,Тәуелсіз Қазақстан кезеңінде Олимпиадаға барған бірнеше жүз журналистердің ішінен орыс,қазақ тілінде 5 томдық кітап жазған Сіздің Олимпиададан қалғаныңыз қиянат енді…» деп қиналды.
Екеуміз ауыл шалдарындай мұртымызды ширатып отырып сырластық. «Айлас қатын мұңдас» дегендей, бәрін білдік, бәрін түсіндік, іштен тындық…
«Елеке,екеуміздің Олимпиадаға неге бармай қалғанымыздың себебін мен біліп келдім. Ал,сен білдің бе?» дедім қуақыланып. «Жоқ,айтшы!» деді Елсияр шындап. «Екеуміз де қартайдық!» дедім. Екеуміз қосыла күлдік. Себеп.. .солай да еді,олай емес те еді…
Елсияр екеуміздің Олимпиададан сырт қалуымыздың себебі — мына бір күлкілі оқиғадағыдай: Бір дәріхананың алдында екі әйел көше сыпырып жүреді. Бір-бірін таниды,содан таңданып сұрайды:
— Сен дәрі сатушы едің ғой ә?
— Ия,сен де дәрі сатушы болдың ғой?.. Неге жұмысыңнан шықтың?
— Е,мені қыршаңқы сөйлегенім үшін шығарып жіберді. Ал, өзіңді ше?
— Мені жылы-жылы сөйлегенім үшін… Айтшы,қыршаңқы сөйлеп,не бүлдірдің?
— Бір ер адам келді де …бір тауарды сұрап,аударып-төңкеріп тұрып алды. Ең соңында қорабын,орауын ашып көрсет…- деді. Жыным келген мен: «Мүмкін кигізіп көрсетермін…» дедім. Ол барып бастыққа айтыпты,мені жұмыстан қуып жіберді. Ал, өз тарихыңды айтшы.
— Бір ер адам келіп,өзіне қажет тауардан көп қып алды. Риза болған мен: «Қанғаныңызша» дедім. Ол да бастыққа айтып барыпты. Міне, көше сыпырып жүргенім сол.
Елсияр екеумізге де обал жоқ, аузымызды бағып тиыш жүрсек, бүгін Астанада емес, Парижде жүрген болар едік!
Барлық дерлік Олимпиадаларда бірге жүрген Елсияр екеуміздің әңгімеміздің шайы суый ма,өткен-кеткенді соқтық-ау. Олимпиаданың болашақ нәтижесіне де соқпай кеткен жоқпыз. Ойымыз да бір жерден шықты: Парижден бір алтын алсақ абырой болар еді дедік,ол боксшы болар дедік. Екінші алтыннан үмітті теннисші Елена Рыбакова еді,ол ауруды сылтаулап,ауылда қалыпты. Мен ол қыздың бұл әрекетін қатты сынап сөйледім. Қит етсе дәрігері жанында болатын ондай даңқты спортшы Олимпиада таяғанда «аурудан» алыс болуы керек қой. «Еленаның бұл ісі елді, Қазақстанды силамау!» дедім мен. «Біздің елді Отаным деп танымау!» дедім тағы. Елекең бас изеді де қойды. Мені қолдағаны деп ұқтым. Олардан басқа спорттық гимнастика мен велосипедпен тас жолда жарысудан үміт бар дестік екеуміз. Әйтеуір үмітімізді үзгіміздің келмегені.
Дәл бүгін басталатын Париж Олимпиадасы халқымызды кешегі Токиодағыдай жерге қаратпаса екен! Алладан соны тілеп,Олимпиаданың Салтанатты Ашылуын көруге үйді-үйімізге тарадық.
***
Міне,нағыз ҚАЗАҚИ мінез!
Міне,нағыз ҚАЗАҚИ арман!
Міне,нағыз ҚАЗАҚИ мақсаткерлік!
Міне,нағыз ҚАЗАҚИ күрес!
Осының бәрі — дзюдо шебері Елдос СМЕТОВТЕ болды! Еліне сонау Парижден АЛТЫННАН ШАШУ ШАШҚАН сол Елдос СМЕТОВ!!! Айналайық Елдосынан!
Сонау Рио төрінде күміс алып қалғанда лапылдап құшақтаған бізді «жерге түсіріп»: «Аға,Олимпиаданың алтынын алмай қоймаймын!» деп еді жанары жарқ етіп.
Токиода қола болды. Жылдар өтіп жатыр… Азамат екен,айтқанын орындады: Уәдеге берік болсаң қазақтың Елдосындай берік бол! Уәдеге берік болсаң Қазақтың азаматындай берік бол! Сол елдің ұлы болғанымызға ризамыз.
Айналайын халқымыз! Енді АЛТЫННАН ШАШУДЫ БІЗ ЕЛДОСҚА ШАШАЙЫҚ!!! Ол сондай шашуға лайық ҰЛ! Бәріңіздің ұлдарыңыз ЕЛДОСТАЙ бола берсін!!!
Әттең,өзінен кейін күрестен 40 жыл чемпион шықпағанына жылап-жылап кетіп еді жан досымыз Жақсылық Үшкемпіров. Ештеме етпес, Жақаңа да рухы арқылы жетіп жатқан шығар. Бір аунап түсіп жатсын Жақсылығымыз. Ол күнге жеткізген де ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛЫ – Е Л Д О С !!!
***
Кешегі Париж Олимпиадасындағы Елдосымыздың айды аспанға бір-ақ шығарған АЛТЫН МЕДАЛІНЕ қуанып жүріп,осы Олимпиадада Қазақстан Ұлттық құрама командасының қоржынына бірінші медаль салып берген алғашқы қарлығаштарымызды көп мақтай алмай қалдық. Бұл кемшілігіміз. Менің ұлы ұстазым бір шығармасының тақырыбын «БАСТАУ БАРЫН МҰХИТ та БІЛЕДІ!» деп қойып еді. Бұл 33-ші Олимпиадада сондай БАСТАУ бола алған жауқазын жұбымыз(микс) Александра ЛЕ мен Ислам СӘТБАЕВ!
Бұл аралас жұп винтовкамен 10 метрден нысана көздеуде кереметтей неміс командасына көз аштырмай,нысананы тек ондықтан көздеп,ҚОЛА ЖҮЛДЕ жеңіп алды!
Бұл — тарихи жүлде! Винтовкамен атудан жүлдені Қазақстанға өзінің тұңғыш қатысқан сонау 1996 жылғы Атланта Олимпиадасында ғана Сергей Беляев атып алып берген. Содан бері бос келе жатқан қоржынның бүйірін ең жас екі спортшымыз бұлтитты! Александра небәрі 20 жаста,ал Ислам болса 25-те. Нысана көздеу секілді спортта бұл бесіктен белі жаңа шыққан балалар саналады. Олимпиада тарихында нысана көздеу жарысына қатысып жүрген 50-60 жасар спортшылар белгілі.
Қараңыздаршы, қандай СҰЛУ да МЕРГЕН жастарымыз өсіп келеді! Оның үстіне, біреуі АЛЕКСАНДРА болса, бірі ИСЛАМ! Ел спортының болашағын осылардай жастарға тапсырып,уайымсыз кете беруге де болады…
***
Әттең, әуесқой бокста ТЕҢ ШАЙҚАС деген болмайды, әйтпесе, мен СӘКЕН мен ХАСАНБОЙдың шайқасын тең деп бағалар едім! Бұра тартуға болмайды — екеуі де жараған тұлпар, белі бекем бесті, кері шегінбейтін жаугер боксшы екенін көрсетті. Үш рауд бойы шаршы алаңға жаңа шыққандай құлындай ойнап шайқасу көрер көзге керемет! Қайсына жеңісті берсең де жүрегің ауырар еді- обал! Сәкендей жауынгері бар қазақ боксы тізерлемейді! Олимпиада секілді бар Адамзаттың спорт тойы да жығылып-тұрған,жер бауырлаған бір кезеңге тап болып жатқан жоқ па?! Артын жақсы қылсын Жаратқан!!!
***
Кеңес Одағының құрамында жүргенде Ким, Люкиндер алған жүлделерден соң көзімізден бұлбұл ұшқан ОЛИМПИАДА ЖҮЛДЕСІН кеше ғана Парижде Нариман ҚҰРБАНОВ атты атпал азаматымыз жеңіп әперді! Олимпиаданың алтыннан да бағалы КҮМІС жүлдесі. Жарайсың, айналайын, Нағыз НАРИМАН екенсің! Көп жаса, бақытты бол!
***
Назыммен жартылай финалда жолыққан жұдырықтай қытай қызы Ву қимылы мен жұдырықтасуына қарасаң тура еркек қой! Жұдырықтай ғана қолды-аяққа тұрмайтын еркекшора боксшы! Ал,тәуба,Назым қыз рингте де өзінің нәзіктігін жоғалтпай,бұрала басып жүріп бокстесті. Соған қуандым…
…Әй, қыздарды бокстестіріп, күрестіріп, зілтемір көтертіп жүріп,оның үстіне,екі жыныстыларды тең қыламыз деп еркектерге ғана тән жұмыстарға зорлап тоғытып жүріп, онсыз да мейірімі аз, қатқыл қоғамда ӘЙЕЛГЕ ҒАНА ТӘН жылылық, нәзіктік,қылықтылық, еркеліктердің бәрінен айрылып қалмасақ не қылсын?!! Құдай сондайдан ұрпақтарымызды сақтай көр!
***
Бұл жәй ғана ұйқас қуып жатқаным. Болмаса, 35 жасында Олимпиадаға барып, ол жердегі кілемде әлем чемпиондарын қоғадай жапырып, финалға шыққан Демеу ЖАДЫРАЕВ бауырымның кешегі-бүгінгі күресіне бас иіп, ағалық жүректен алғыс айтамын! Ол — өзінің жасында мүмкін емес ерлік жасады. Олимпиаданың күміс жүлдесі — ол тер төккен 20 жылға лайықты баға! Жарайсың, айналайын Демеужан! Сен Жақсылық, Дәулет ағаларыңның Жеңісті жолын жалғадың!!!
…Мен Демеуді 15 жылдан бері білемін. Күреске адал, қарапайым ғана қазақтың ұлы спортшысы. Осы Олимпиадаға жолдама алғанда Бейжіннің күміс медаль иесі Нұрбақыт Теңізбаев маған: «Аға, Демеу Парижден бос қайтпайды!» деген еді. Жүрегі сезген екен бар қазағын жүрегіне сиғыза жақсы көретін Нұрбақыт айналайын!
ДЕМЕУДІ елге оралғанда АЛТЫН ЖҮЛДЕ АЛҒАНДАЙ ҚАРСЫ АЛАЙЫҚ, АЙНАЛАЙЫН ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ!!!
***
Ер жігіт Отаны үшін осылай ШАЙҚАСАДЫ!
Арда Азамат халқын осылай ҚОРҒАЙДЫ!
Нағыз еркек елі үшін осылай ОТҚА ТҮСЕДІ!
Ұл боп туған жан ҰЛТЫ үшін осылай ҚАН ТӨГЕДІ!
Қазақ боксының НАМЫСЫН қорғап қалдың,АЙНАЛАЙЫН!
Сүюге жарайтың ҰЛДЫҢ бірі сен емей кім,НҰРБЕКЖАН!
СЕН және сен секілді ҚАНЫ мен ТЕРІН бір уыс ҰЛТЫ үшін төгіп жүрген жастарымыз ЖАСАСЫН!
СЕНДЕР аман болыңдар, ЕЛ ертеңі, ҰЛТ жалғасы, ҰЛАНДАРЫМ!!!
НҰРБЕГІМ жарады ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ қаны мен терін бірдей төгіп,
КҮМІС ЖҮЛДЕ жеңіп алып берген алтын ұлдан айналайық!
Бұл КҮМІС бар алтыннан БАҒАЛЫ Жарайсың, БАЛАМ, бақытты ғұмыр кеш! Елің де сенің алдыңда ҚҰШАҒЫН АЙҚАРА АШАДЫ!
***
Олимпиада секілді ЕЛДІҢ елдігін, ХАЛЫҚТЫҢ талантын, ҰЛТТЫҢ асылдығын көрсететін оқиғаны көп болып талқылаудан кейін, ортақ келісіммен барып басты-басты МАМАНДАРЫН не ӨЗГЕРТІП, не ОРНЫНДА қалдырып жатушы еді, әлеуметтік желіде гу-гу әңгіме: «БОКСТЫҢ БАПКЕРЛЕРІНІҢ бәрін СЫПЫРЫП ТАСТАПТЫ!» дейді… Айналайындар-ау, әуелі салмақты жиын өткізіп, ол бапкерлер елге ЕСЕП БЕРІП, жақсысы мен жаманын таразылап барып шешпеуші ме еді елдік мәселелерді?! Ойбай-ау, бүкіл ел ОНЛАЙН ӨМІР СҮРУГЕ шыққан ба?! Қой,ол қауесет шығар, бекер шығар!
Сонда деймін, ҚР Туризм және спорт министрі бокс федерациясының сәлем айтуымен олардың бәрін жұмыстан шығару жайлы БҰЙРЫҚҚА сыртынан ҚОЛ ҚОЯ сала ма? Ойбай-ау, олар әлі «ӨЛГЕН ЖОҚ ҚОЙ — ЖЕРЛЕЙ САЛАТЫН!»…
Мырзағали АЙТЖАНОВ бастаған бапкерлер тобы кешелері ғана Олимпиадалардан АЛТЫН ЖЕҢІСТЕР әкелген жоқ па еді?! Енді олардың жүздерін көріп,адам құсап сөйлесіп,пікір-ұсыныстарын тыңдап барып шешім шығарсақ та үлгереміз ғой келесі Олиимпиадаға! Оларды сойған қойдың іске жарамайтын терісіндей етіп лақтырып тастауға кім СЕНДЕРГЕ моральдық хақы берді?! Әр саладағы маңызы үлкен мамандарды ЖҮГІРІП КЕЛЕ ЖАТЫП өзгерте салатын ауру қайдан жұқты осы ҚАЗАҚСТАНҒА?!! Спорт министрін кешелері ғана өзгерттік,Олимпиадаға төрт жарым ай қалғанда бөгелек тигендей ҰОК басшысын ауыстырдық, Ойындарға дәл осынша уақыт қалғанда бокс федерациясының тұтқасын басқа жанға ұстаттық… Соларды бір төрт ай шыдап,Олимпиададан соң өзгертсек, дүние күйіп кетер ме еді?! Қойшылардың бәрін сыпырып тастап тұрып, “ҚОЙЛАР неге АРАМ ӨЛДІ?» деп сұраймыз бір-бірімізден…
“Жарайды, мен де бір ҚАҢБАҚ ШАЛ, мені осы саланы 50 жыл зерттеген маман деп тыңдасаңыздар, бір ұсынысым бар. Алайда әлеуметтік желіде жариялаған бұл ұсынысыма құлақ асқан ешкім жоқ. Солай бола тұра болашақта билің қаперінде жүрсін деген оймен сол ұсынысымды көпшілік назарына ұсынғанды жөн көрдім.
Мырзағали Айтжанов бас бапкерліктен босатылды. Спортта «ЖЕҢІСТІҢ ИЕСІ КӨП, ал ЖЕҢІЛІС — ЖЕТІМ!» деген сөз бар. Сол жетімектерің Мырзағали шығар. Әлі-ақ МЫРЗАҒАЛИДЫ ІЗДЕП, жер тепкілейтін боласыңдар!
Мен бүгін ОЛИМПИАДАҒА қорытынды пікірлерімді жариялауды бастап едім. Бірақ Сіздердің мына екпіндеріңе ілесе алмай, кеш қалатын түрім бар. Мырзағалиды орнынан босатсаңдар, оның орнына — сол құрамада ұзақ жыл АҒА БАПКЕР болған МАРАТ ЖӘКИЕВТІ сайлаңдар! Мен Мараттың боксын ұзақ жыл көрген адаммын. Ондай дүлей бокстескен қазақ жігітінің ішінен мен оған тең Әбдрашит Әбдрахмановты ғана білемін. Марат кезінде КСРО құрамасына кірген боксшы. КСРО чемпионаты мен КСРО Кубогының жүлдегері болған боксшы. Ол — әлем және Азия чемпионы Ердос Жаңабергеновты тәрбиелеген жеке бапкері! Ол — екі дүркін Олимпиаданың күміс жүлдегері Әділбек НИЯЗЫМБЕТОВТІҢ жеке бапкері! Ол — кезінде дүркіреп көрінген «АСТАНА АРЛАНЫ» бокс командасының БАС БАПКЕРІ!
Марат ЖӘКИЕВ сонымен қатар ұзақ жыл Олимпиадалық құрама команданың аға бапкері бола жүріп, көп тәжрибе жинаған жігіт. Ол мінезді азамат. Бірақ көп сөйлемейді,сайлап қойған адамдардың алдына түспейді,жөн білетін нағыз қазақтың баласы. Тұрсынғалиды қояйық, Бақытты қояйық,тіпті бүгін бір орыс тілді арнаның сөйлегіші Максим Головкинді қояйық… деп жатыр. Соңғы ұсынысы енді адамның құсқысын келтіреді.
Егер бізге қазақ боксының БОЛАШАҚ АБЫРОЙЫ керек болса,бүгінгі таңда Марат ЖӘКИЕВТЕН асқан білгір, мінезді, боксты өз өмірінен де артық көретін маман жоқ, таппаймыз!
***
Парижде өткен 33-ші жазғы Олимпиадалық Ойындар көңілге шуақ шашқанның орнына сансыз сауал қалдырып,қатты ойландырып кетті. Сонау 2012 — 2016 жылдарғы Олимпиададан кейін мен осындай жазбаларымда да,кітабымда да «…БАЯҒЫ ГРЕК ПАТШАСЫНАН КЕЙІН ОЛИМПИАДАЛАРДЫҢ ЖЕЛКЕСІН ҮЗЕТІН осы ДОПИНГ деген БӘЛЕ БОЛАДЫ-ау!» деп қайғырып едім,енді ол пікірімнен қайта бастадым. Өзім бармасам да бір секундтық сәтін жібермей бақылаған,Олимпиада жайлы жазылған мың пікірмен қоректенген басым — ОЛИМПИАДАНЫ ҚҰРТАТЫН сол Олимпиаданы ҰЙЫМДАСТЫРЫП, ӨТКІЗУШІЛЕР болатынына бас изеп отырмын!
Олимпиада басталғаннан-ақ елді шулатқан Ойындар соңына дейін таяқ жеумен болды. Оның ұсақ-түйек,өсек-өтіріктеріне мойын бұрмағанда,спортшылардың жеңіс-жеңілісіне тікелей әсері бар мәселелерге көз жұмып қарауға болмайды. Әсіресе,біреуді біреуге жығып беру,біреуді себеп тауып,шыққалы тұрған тұғырынан түсіріп тастау жағы аз болған жоқ. Бұл енді ОЛИМПИАДАНЫҢ тамырына нағыз балта шабатын әрекеттер!
Париж Олимпиадасында жеңімпаздарды анықтау КРИТЕРИЯСЫ нақыланбаған секілді боп көрінді. Мысалы,дзюдо жарысында татамидегі төрешінің ұсынысымен 1,2,3 ескерту алсаң жеңісті қарсыласыңа бере салады. Біздің де бір спортшымыз осындайға ұрынды. Спорттық жарыста сондай да жеңіс-жеңіліс бола ма? Татамидегі төреші де адам,ол да қателеседі,немесе,біреуге бүйрегі бұрады… Олимпиадаға жан алып-жан беріп төрт жыл даярланып келгенде, төреші солай деді екен деп ауылға қайтқан жөн бе? Жөн емес,әрине! Тіпті мен бұл спортшыларға жасалған қылмыс деп ойлаймын! Рас, жеңіл атлетика,ауыр атлетика,нысана көздеу,ескек есу,тағы сол сияқты көп жекелей жарыстардан күрес,дзюдо,бокс,теаквондо,т сс спорт түрлерінің баға беруде айырмашылығы үлкен. Мұнда артық сантиметрің,килограмың,тағы басқаң салыстырмалы түрде көрініп тұрмайды. Бәрін төрешілердің патша көңілі шешеді. Біз Олимпиадаға жиналған бар төреші әділетсіз дей алмаймыз. Бірақ біреуге бүйрегі бұру болған жоқ дегендермен де келісе алмаймыз! Біздің бокстағы көрген сәтсіздігіміздің бойында да осындай бұра тартулар болмай қалған жоқ.
Өзім көрген бұл Олимпиаданың ерекше қауіпті жағы — әр мемлекеттің ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМА КОМАНДАЛАРЫНА бір сәттік жеңіс үшін қайдан болса да тауып алып, бұратана, яғни, КЕЛІМСЕК спортшыларды молынан тоғытып жатқанында! Әппақ Польша волейболшылары сапында қара нәсілді жігіттің,мұнтаздай итальян волейбол қыздарының сапында қос қара қыздың, ол ол ма, бокс, күрес, дзюдо спортында бір елден бір елге көшкен Қавқаз жерінің жігіт-қыздары,қара құрылықтың шұбырған қыз-жігіттерінің көрінген елде жүруінің,бір сөзбен,бүгінде жаңа Олимпиаданы ЖАҢҒЫРТУШЫ Пьер де Кубертеннің қалауындай болған «Басты бақыт — ҚАТЫСУ!» дегеннен аунай көшіп: «Өлсең де — ЖЕҢІСКЕ ЖЕТ!!!» деген ұран жайлағанын қалай айтпайсың?!! Әшейінде өз еліндегі қара нәсілді адамдарға тізелерін оңдырмай батырып жататын Әмрика,Ұлыбритания секілді елдердің сол бұратана ел спортшылары алып берген жеңістеріне кенет қуанған болып,қол шапалақтап жатуларын да мен екіжүзділік деп санаймын. Олимпиада мұнысымен КЕЛІМСЕК ОЙЫНШЫЛАР жиналып ойнайтың әр елдің КЛУБТЫҚ ЧЕМПИОНАТЫНАН ауымай бара жатыр! Бұл қадам түптің түбінде ОЛИМПИАДАНЫ ОРҒА ЖЫҒАТЫН бастама болуы әбден мүмкін!
…Бұл әлемдік теріс ғадеттің салқыны ҚАЗАҚСТАНҒА да ТИГЕН! Еркін күрестегі турист боп барып келген тым дәу жігіт пен жеңіл атлетикадағы қос талдырмаш қара қызды ОТАНЫМЫЗҒА әкеліп, оларға көк паспортымызды беріп, көгілдір ҰЛТТЫҚ формамызды кигізіп жүрген жанға ашуым шексіз! Олар жеңбеген соң айтып отырған жоқпын. Олар Парижге кеткен кезде-ақ өз басым: «Мына қорлықты-ай!» дегенмін. Ал, үлкен теннистегі оқиға ерекше. Ол жайлы келесі Қазақстанға арналған ПАЙЫМДАРДА айтармыз.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.