– Сәке, сізге көптен айтсам деп жүрген әңгімем бар еді. (Мемлекет және қоғам қайраткері Сағидолла Құбашевқа жазылған хат). Сіз бұған еш күмәнмен...

 

 

– Сәке, сізге көптен айтсам деп жүрген әңгімем бар еді. (Мемлекет және қоғам қайраткері Сағидолла Құбашевқа жазылған хат). Сіз бұған еш күмәнмен қарамаңыз, бұл менің Нұрекеңнің өз аузынан естіген әңгімем. Еш өзгеріссіз, қоспасыз қағазға түсіргенмін. Нұрекеңдей сөзі де, ісі де адал адамға «қоспа қосу» нағыз опасыздық болар еді. Қайта ұмытып қалмайын деп сол кезде блакнотқа жазып қойғанмын. Оны 1990 жылы тауып алып, басқа бір дәптерге қайта көшірдім. Ойым осы бір оқиғаны арқау етіп деректі әңгіме жазсам ба деген менде ой да болған. Жас кезімде жұмысбасты болдық, жас ұлғайған соң аурумен жағаластық, әйтеуір қолым бір жетпей қойды. Сөйтіп жүріп жасым 80-ге келді, енді жаза алмасым анық болған соң мойныма қарыз болмасын деп Сізге жүгініп, хат жазып отырмын, Сәке! Бұл хатты Нұрекең жайлы зерттеп, кітап шығарып жүр-ген Гүлсім (Оразалықызы) деген қызымызға берсеңіз деген тілек бар менде.
Нұрекеңнен естіген бұл әңгімемді жолдастар мен достар ортасында талай айтқанмын, естігендерінің есін-де болар-ау.
Бұл әңгімені менімен бірге тыңдаған, өзім білетін Хисма Сұлтанов – аудандық партком хатшысы, Уали Жайықов – аудандық аткомның төрағасы, Дәулет Жұмағалиев – облыс-тық совхоздар басқармасының бас-тығы, Закаш Юсупов – Нұрекеңнің көмекшісі, Кәкімжан Қадірәліұлы-орта мектеп директоры және мен болдым. Ол кезде мен Құрманғазы ауданындағы Забурын қой совхозының директоры болатынмын.
Әңгіме былай болып еді. 1957 жылдың 17-18 сәуір күні облыстың (Гурьев) бірінші хатшысы Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов біздің ауылға, Забурынға келеді екен деген хабар жетті. Екі күннен кейін таңертең ертемен партком хатшысы мен атком төрағасы машиналарымен келді де, қазір Оңдасынов самолеттен түседі, қонатын алаңға барайық деді. Содан совхоздың партком хатшысы, ауданнан келген басшылар бар бәріміз самолет қонатын жерге келдік. Кешікпей ол қонды да ішінен Нұрекең мен көмекшісі түсті. Самолет қайыра ұшып кетті. Нұрекең совхоз кеңсесіне келіп, аздап бізбен сұхбаттасты да жеделдете түстеніп, теңіз жағасына келдік. Теңіз жағасына жақын маңнан жаңадан салынып жатқан совхоздың жай-жапсарымен танысып, бізге көп сұрақтар қойды, біз жауап берумен болдық. Ауыз судың тапшылығына, тіптен жоқтығына қынжыла тұрып, су табудың жолын көп талқыға салдық. «Су болмаса жаңа қоныс салудың не қажеті бар?» деп, көп ойланды. Обыстық совхоздар басқармасының бастығы Жұмағалиев пен аудан басшыларына тікелей нақтылы тапсырмалар берді.
Ертеңіне Нұрекең: «Құмды да аралап көрелік, егер машина бара алатын болса. Мыңтөбеде малшылар бар шығар…» деді. Құмдағы малшыларға жол тарттық. Жол бойы талай әңгіме дүкен болды, бос сөз жоқ, көбіне ел мен жұрт қамы, он екі ай айдалада отырып, мал бағатын, малшылар жағдайы, оларға жасалып жатқан қамқорлықтар төңірегінде көп сұрады.
Кешке жақын Манаштағы Кәкімжан Қадірәліұлының үйінде қонақта болдық. Шай үстінде Нұрекең бізге өз басынан өткен оқиғалар мен ел Үкіметін басқарған кездегі небір кездескен қиындықтар төңірегінде әңгіме қозғады. Нұрекеңнің болмысына таң қаламын, әрі қызығамын. Қандай бір жағдайда да байсалды, парасатты. Кейбіреулердей бастықпын деп шошаңдап, айғайлап дүрсе қоя беру, әйтпесе, шалқайып шіреніп қалу мүлдем жоқ. Қашан көрсең де бар нәрсеге парасатпен қарап, ақылмен шешетін. Сол мінезімен әңгімесін де аспай-саспай, байыппен баяндап отыр. Әңгімешіл қазақтың балалары емеспіз бе, Нұрекеңнің аузына қарап, құныға тыңдап отырмыз.
Бір кезде қасымда отырған Уәкең (Жайықов) маған қарап:
– Сен ретін келтіріп ЦК-ның култь жөніндегі (1956 жыл, 30 июнь) «О культе личности Сталина и его последствиях» деген қаулысына осы кісі қалай қарайды екен, ептеп сұрап көр-дағы» – демесі бар ма?!
Жастық шақтың батылдығына салып «жарайды, ретін келтіремін» дедім. Артынша-ақ, шай үстінде:
– Нұреке, айып етпеңіз, мына Кәки (Кәкімжан) екеуміз де насихатшымыз, ел-жұрт алдында жиі лекция оқимыз. Сонда осы жеке басқа табынушылық жөнінде көп сұрақ қойылады, барымызша саясатқа ыңғайлап жауап береміз. Бірақ тыңдаушылардың көбі Сталинді айыптауға, қаралауға келіспейді… біздер оларға ашып, толық мәнінде жауап беруге қиналып-ақ қаламыз, – деп, сұрақты төтесінен қойдым. Осымен бітірмей әрі қарай сөзімді жалғап: – Орталықтың Пленум, сессияларында Өзіңіз бар, Жұмекең бар (Шаяхметов) Сталинмен бірге болып, бірге отырып жүрдіңіздер… Сіздің Сталин туралы пікіріңіз қандай? – деп, айтып салдым.
Айтуын айтсам да ішім дірілдеп тұр, ондағым өзім жақсы көретін асыл ағамды – Нұрекеңді ренжітіп алдым ба деген пейілден еді.
Нұрекең бұл сұрақтан кейін маған көзінің аласын көбейтіңкіреп бір қарады да, лезде қабағы салыңқы тарта қалды. Бағанағы батылдығым бір сәтте-ақ жоғалып кетті, іштей қобалжып, енді не болар екен деп отырмын. Біраздан соң Нұрекең:
– ЦК-ның қаулысы талқылаудан өтіп кеткен… Әлі сендерді Әлсейтовтер шақырады, бұл жөнінде олар кеңес өткізулері керек… – деді. Бұл сөзді салмақты, барынша байсалды айтты. Басқа біреу болса «мені сынағалы отырсың ба, иттің баласы?» деп, жерден алып, жерге салар ма еді, кім білсін.
Ал, Әлсейтов деп отырғаны облыстың бас идеологі. Нұрекеңнің нұрланып отырған жүзін сұрландырып қойғаныма өзім де, өзгелер де қысылып, ыңғайсызданып қалдық. Ыңғайсыздықтың соңы тыныштыққа ұласып кетті. Бір кезде сол тыныштықты: «шай алалық, шай алалық» деп, аудандық партком хатшысы бұзды-ау. Нұрекем-ай, ақылдысың-ау, ақылдысың! Біздің ыңғайсызданып қалғанымызды сезді және бишара халімізді аяған да болар шамалыдан соң өзі әңгіме бас-тады, – Культ жөніндегі Сталинге берген баға, оған байланысты шық-қан қаулыны мен қате деп айта алмаймын. Қайдан білейін, басшы мен бұқараның арасын қашықтатып, халықтың басшыға деген сенімінен айрылып қалмасақ дегенім ғой…–деп бір қойды да үнсіз біраз отырды. Бір кезде Нұрекеңнің жүзі шамалы жылып, әңгіме айтуға ыңғайланғанын сездірді. Біз де ыңғайсыздықтан арылғандай, әсіресе мен ішімнен бір «уһ» деп дем алдым.
Ол ұзақта қалған тарихи бір күннің әңгімесін бастады:
– Біз 1946 жылғы сайлаудан кейінгі сессиядан тараған күннің ертеңіне Молотов жолдас Шаяхметов екеумізді, Юсупов пен Абдрахмановты (Өзбек Республикасының басшылары) Сталиннің саяжайына алып барды. Онда шағындау залға қойылған стол жанына отырдық. Төрт-бес мөнеттен кейін басқа есіктен Сталин, Молотов, Поскребышев – көсемнің көмекшісі, үшеуі кірді. Өзі – Сталин столдың төріне отырды да екі жағына Молотов пен Поскребышев, ал біз: Юсуповтың қарсысына Шаяхметов, Абдрахмановтың қарсысына мен отырдым. Молотов біз жағында, Сталин қасында отырды. Қысқаша сәлемдескеннен кейін шай ма, кофе ме келді, басқа да тағамдар қойылып, желіне бастады, жаймен әңгіме басталды. Усман-әка анекдот айтты, оған біздер де, өзі де қосыла күлдік. Сталин ептеп қана жымиды да қойды. Юсуповтың өзін еркін сезінгенін шет көрмегендей пейіл танытты. Жарты сағаттай дәм татылып, ара-арасында әңгіме де айтылып отырды. Сосын Сталин жолдас былай деді:

– Кеше Молотовқа Сіздерді осында алып келерсің деп едім. Енді ауылдарыңа барасыңдар ғой. Жағдайымыз жеңіл емес. Соғыстағы жеңіс арзанға түскен жоқ. Әсіресе, оккупацияда болған облыстар хал-қының жағдайы нашар. Ендігі жерде Совминнің қаулысын орындау керек. Окупациядан босаған облыстарға көмек ұйымдастыру жөніндегі тапсырманың орындалуы мүлтіксіз болсын. Сіздердің жерлеріңізде соғыс болған жоқ. Халықты түсін-діріп, өздері қамқорлыққа алуға міндетті болған аймақтарға малмен, нанмен, киіммен, үй соғатын материалдармен көмектесуі керек. Бірінші тапсырма осы.
Екінші тапсырма: біз соғысқа де-
йін үлгермедік, енді ұлт кадрларын оқытуға, тәрбиелеуге, жауапты қызметтерге қоюға бағыт ұстаңдар. «Орталықтан» біз де көмектесерміз. Негізінде, жергілікті ұлттың өкіл-дерін көтеруіміз керек.
Үшінші тапсырма: жолдас Юсупов, Сіз ана паранджаны құр-тыңыз! Азамат әйелдерді толық бос-тандыққа шығару керек. Оларды оқытыңдар. Әсіресе, ғылым, өнер және ел басқару қызметін меңгеруге көмектесіңіздер, қамқорлық көрсетіңіздер. Болашақта әйел кадрлардың оқу-ағарту, медицина саласына көптеп қажет болатынын ескеріңдер. Және Сіздердің республикаларыңызда қалыптасқан әйелге деген феодалдық көзқарасты жойыңдар!
Міне, Сіздерге айтпағым осыеді. Желаю успеха!..» – деп, біздерді босатты.

Сәке! бұл әңгіменің шындығына, Нұрекеңнің өз аузынан естігеніме ел алдында да, құдай алдында да ант етуге бармын. Ойласаңыздаршы, Нұрекеңдей қайраткерге жалған оқиға таңатындай менің басыма не күн туыпты. Аллаға жақындап отырған шағымда өтірік айтып, күнәмді көбейтіп маған не болыпты. Қайта естігенімді айтпай кетсем маған үлкен күнә болар еді. Бұл әңгіме Нұртас Оңдасыновтай ұлы қайраткердің портретін ашуға, уақыттың тарихын, сол кез-дің оқиғаларын ашуға әбден көмектеседі, септігі тиеді деп ойлаймын. Егер, шын іздеген адам ол кездесу жайында Шаяхметов, Юсупов, Абдрахмановтың құжаттарын архивтен қараса мүмкін кезіктіріп қалар. Күнде Сталинмен кездесіп жатқан жоқ қой, біреуі болмаса бірі жазып қалдырған шығар, кім білсін.
Сәке, менің де әңгімем осымен бітті, арғысы Сізге аманат!

(Мемлекет және қоғам қайраткері Сағидолла Құбашев хат иесі Ғатих Садықұлы Маштаховтың тілегін орындап Нұртас Оңдасынов өмірі мен қызметін зерттеп, үш кітап шығарған журналист Гүлсім Оразалықызына тапсырыпты.
Жақында Гүлсім сол хатты бізге әкелді. Біз ол хатты жариялап, жалпы оқырманға жеткізуді жөн көрдік.)

 

Ғатих Маштахов,
Атырау облысы

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *