КӨТЕРІЛІСТЕН СОҢ
17.09.2024 0 231
Нұрдəулет АҚЫШ
М.О.Əуезов атындағы Əдебиет жəне
өнер институтының бас ғылыми
қызметкері, жазушы
(хикаят)
ҮМІТТЕНДІРГЕН ЖЫЛЫМЫҚ
Арқа қысының малға да, жанға да жайлы болып, жұмсақ мінез танытатын кездері сирек. Жайшылықтағы бейбіт заманның өзінде: «Алла, Алла, сақтай гөр!» деп сол қыраулы қысты ілдәлдап әрең өткізетін жұрт үшін биылғы қыстың әкелген ауыртпашылығы төтенше. Тоз-тозы шыққан ел мынау жаздың аяқ шенінен бастап, күздің басындағы қой қырқымын да, азғана астық жинауды да дұрыстап өткізе алған жоқ. Ел ішін қанжоса қылып қырғынға ұшыратқан сойқаннан кейін, әлі де ес жиып, етек жаба алар емес.
Әр үйден құран оқып, үнсіз егіліп, дауыстап жылап жатқан әйелдер. Әр шаңырақтан болмаса да, жақындарынан айрылып жапа шегіп қалған жандар. Оның үстіне үмесін еміп, өлмес талшық қылып отырған мал жарықтықтың да қарасы азайған.
Көбінің көз алдына елестейтін – «Ендігі қыстың аязынан қырылып қалмасақ болды» деген бір бозалаң қауіп.
«Жауын бір жауса, терек екі жауады» дегендей, ел ішіндегі адам шығыны да азаймай тұр. Ауру-сырқаудан, төтеннен келген құсалықтан баз кешіп, үнсіз ғана о дүниеге аттанып жатқандардың қатары қаншама. Солардың бірі – Жақыптың өкіл әкесі Жоламан ақсақал. Ол кісі дүниеден өтті дегенді ести салысымен, Аршаты ауылына барып қайтқан. Өкіл әке ғана емес, өзіне шежірелі де әрлі әңгімелерімен қатты әсер еткен қазақтың даңғайыр қариясы. Көшпелі жұрттың рухына тереңдей еніп, түсініп, ұға білуіне көп ықпал жасаған аяулы ақсақал.
Қазақ даласын азап қана емес, қасіреттің айықпас бұлты да жаныштап басып алғандай. Өзінің ретімен келіп, қысып тұрған бет қаратпас қызыл шұнақ аяз – аяз емес, қазақ сорлыға қан жұтқызатын қасіреттің нақ өзі сынды. Құлазыған күйдің бұғауында қалған кең дала сол бейшара адамдарға жылулық шаша алмай, күнделікті өмірдің өзі мүлде сүреңсіз бір жадау күйде.
Міне, осындай жағдайда шықпа, жаным, шықпамен жүрген жұртқа келіп болмастай көрінген көктемнің де хабары әрең жетті. Күннің райы жұмсарып, ептеп күнгейден жылы леп есетін, қалың қасат қардың қатпарын жібітетін жылымық уақытқа жеттік пе, жетпедік пе деген бір ахуал.
«Е, енді жаз да ұзай қоймас. «Өлмеген құлға әлі-ақ жаз» деген осы» десіп жатыр үлкендер.
Сондай бейқамдау күндердің бірінде Жартас ауылын бетке алып, құйғыта шапқан салт аттылардың қарасы көрінді. Шапқан адамдар біреу-екеу емес, үйме-жүйме болып топтала келе жатқандай. Оларды алдымен әдеттегідей аз ғана қой-ешкіні қайырып жүрген балалар көрді. Көрді де, әбден запы болып қалған жандар ауылға қарай өкшелері тимей, құстай ұшып жеткен.
– Ата-аға, мына жақтан…
– Не мына жақтан?
– Келе жатыр… Атты кісілер…
– Ойбай, тағы не дейді?– деді үрпиісіп отырып қалған ересектер.
– Бала-шаға қайда? Тығыңдар бәрін!
– Кебежеге!.. Кебежеге!..
Өстіп үлкендер белдерін буып, кебістерін таба алмай, ең алдымен балаларын жасырып, әуре-сарсаңға түсті де қалды. Қалған-құтқан шал-шауқандардың өзі іргедегі бақанды, кеуіп қалған сойылды алып, қалайда қорғанып бағудың әуресімен жанталас бір күйде.
Бәрі жабықтан сығалап, аттылар жаққа жасқана, үркектей көз тастайды. Өйтпегенде ше? Қазақ тарихына 1916 жыл деген атпен енген зұлматтың суық сұрқынан шошынған елде жүрек жоқ. Патшаның жазалаушылары тек көтерілісшілерді ғана талқандап қойған жоқ, киіз туырлықты көшпелі жұртты қыран жапқандай етті. Қылыштың жүзінде, мылтықтың қарауылында кеткен жазықсыз жандарды есептеп жатқан кім бар.
Көңілдің демделейін дегені – шапқыншылардың солдаттар емес, кәдімгі ауыл арасындағы адамдар сияқты болып көрініп кеткен сәтінде. Солар жақтан бір ызыңдаған үн лекіп жетеді. Қанша құлақ түргендерімен, сөздерін ажырата алмай, әуре:
– …рият! Құр…рият! – деседі жарыса шуылдасқан дауыстар. Жақындай түскен сайын анық аңғарылды, бұлар орыстар емес, шынында да кәдімгі қазақтың азаматтары. Өңдерінде тіпті үрей нышаны байқалмайтын да секілді. Оны айтасың, бір-екеуі ыржиып, күліп те қояды. Қап-қара болған өңдері де, ыржиған сарғыш тістері де жанға жақын жылылық шашқандай ма-ау. Алдыңғысы аттан секіріп түсе бере:
– Сүйінші! – деп айқайлап жіберді. – Құрият, құрият!
– Патша құлады! Патша!
– Иә, жауыз патша құлапты дейді! – деп, келіп, қалғандары да аттарынан сатыр-сұтыр түсіп жатыр.
Шеттегі үйден бастап бәрінікіне жағалай бас сұғып, жақтары тынбастан, сүйіншілеуде. Сол-ақ екен, мүлгіген ауыл үсті көзді ашып-жұмғанша қарқынды қарбаласқа толды да кетті. Әсіресе Оспан болыстың еңселі үйінің алды үйме-жүйме. Ауылдың әр тұсынан осылай қарай шалынып-жығылып шұбатылған жұрт. Аттан түскен жігіттер солардың арасындағы Жақыпты да, басқа үлкендерді де құшақтап, шаттық күйлерін бөлісуде.
Бұлар Жартас жұрты онша араласа бермейтін қала жақ беттегі Қуандық ауылының жігіттері екен.
– Иә, ентікпей, жөндеріңді айтшы, шырағым.
– Не болды?
– Құрияты несі? Тыныштық па? – дейді ауыл кісілері дабырлай айқайласып.
– Тыныштық! Қорықпаңдар!
– Ең бастысы – жақсылық, ағайындар. Патша құлапты.
– Енді ел еркіндік алады дейді. Ақмоладан хабар жетті.
– Иә, осы жуырда құлаған сияқты…
Сонымен қар енді ғана ери бастаған ерте көктемнің сылбыраңында түкпірдегі осынау иесіз елге, жүдеу көңілге жамау болуға жарайтын қуанышты хабар осылайша жалаулай жетіп еді. Енді бүкіл жұрттың елеңдейтіні, шыдамсыздана жаңалық тосатыны – қала жақ.
Мұндай сәтте жүре алмайтын тобанаяқ адамдай қалайша ауылда жатуға болады? Ат-арбасын дайындап, дереу жолға шығып кеткен Оспан болыстың өкше ізін баса, қасына бір-екі жігітін ертіп, Жақып та Ақмолаға қарай аттанып кетпекші.
Әлі ыстық-суығы басыла қоймаған жас келіншегі Бибікамал:
– Қайда барасың? Жау шапса, не істейміз? Босқа қырыламыз ғой, – деп еді, Жақып:
– Сабыр ет, Бикән! Енді ондай қырғын бола қоймас. Патша құлап жатқан кезде мына орыстарың өзді-өзімен қырылысып кетеді. Білемін ғой, айдаладағы біздерде енді шаруасы болмас. Болып жатса, өздерің де қорғаныңдар. Мә, менің мылтығым, – деп винтовкасын ұсынып еді, келіншегі басын ала қашты. Сонан кейін ойланып барып, қаруын қалдырғаны – Күнжан отағасы мен оның баласы Жақсылық.
Жақыптар өткен жазды былай қойып, күз бойы қан кешіп, көтерілісте жүрген кезінде келіншегі Бибікамалға ие болып қалған осы Күнжанның үй іші болатын. Олармен аздап туыстығы бар төркіндері де осы кісілерді төңіректеп, ес көреді екен.
Жақыпқа ілесуге құлшыныс танытқан жастардың бірі – өзінің шәкірті Тайбектің Елубайы. Көптен қалалық болып кеткеніне және сол жаққа қарай ықыласы ауып тұрғанына қарамастан, қара басы іздеуде жүрген баяғы Текей пысық ел ішінде бой тасалағанды жөн санапты.
Аш қалмаудың амалын қарастырып, жол азықтарын қамдап алмаса, тағы болмайды. Өйткені биылғы қыстың ауырлығы қала жұртын да жүдеп-жадатып жіберіпті деген хабар жіңішкелеп жетіп жататын. Патша құлаған осынау беймәлім күндерде қала жұртының не істеп, не қойып жатқаны, ондағы базар мен дүкендердің жағдайының қандай екендігін тағы кім біліпті.
Сөйтіп үш-төрт адамнан құралған шағын топ осынау беймезгіл уақытта аттарына шылқылдаған қызыл суды, еріген қарды кештіре, теріскей жақты маңдайға алып, тартып отырды. Қорғалжын өлкесінің мазаны ала ызыңдап тұратын ызғырық желіне де қараған жоқ.
Тәуекел етіп шығып кеткендерімен, жол қиындығын көріп, бейнет те шегіп қалысып еді. Жолаушыларды әсіресе қинаған – астарына мінген аттардың жемшөбі. Жол бойы иендегі қары жалаңшатана бастаған жерлерге оттатып алып отырмағанда, қалаға иек артулары да неғайбіл еді.
…Ақмолаға асығып жеткен Жақыптардың ең алдымен келіп маңдай тірегені – Оспан болыстың өздері «заезжий» деп атайтын пәтері, татар байының бір біріне жапсарластырып, көсілтіп тұрып салған ордалы қонысы. Қақпасы бөлек шағындау бөлігінде қожайындардың өздері тұрады да, жаңағы жапсарласа ұзыншақ етіп салынған құранды жағы келімді-кетімді пәтершілеріне арналыпты. Келушілердің ат-шана, арбалары мен жемшөп үшін де орын мол. Тиісті ақысын төлесең болғаны, отын-су, төсек-орын тәрізді ештеңеден қам жемейсің.
Ұзынқұлақтың жеткізуіне қарағанда, Патша құлағаннан кейін, оның орнына Уақытша үкімет деген орнапты. Қаладағы уезд билігі де солардың қолына көше бастаған сыңайлы.
Сөйтсе өздері күткендей, қала іші шынында да абыр-сабырға толы екен. Қуанып, қоқырайып жүргендер де, әліптің артын бағып, үнсіздікті қорған етіп алғандар да байқалады. Бұрынғыдай емес, көшеге шұбатыла шыққан жұрттың қарамы молдау. Қаланың әр жерінде өтіп жататын жиналыстарға да жұрттың еті үйрене бастаған тәрізді.
Әркім өздерінің жағдайына, талап-тілектеріне қарай жаңа өкіметтің қалай болатынын жобалауда. Біреулері енді өкіметке большевиктер келетінін айтса, енді біреулері Уақытша үкіметтің орнап қалғанын, билік эсер партиясының қолында екендігін хабарлап, «Тіпті соның өкілдері қалаға жетіпті» десіп жүрді. – Уақытша үкіметтің арнайы жіберілген комиссары келді ең бастысы, – десті өзі сөйлескен біреулер. – Петров деген. Билікті сол қолға алғысы келеді, бірақ жұрт онша тыңдамай жатыр.
– М-м-м, солай ма? – Петров деген сол өкіл осы Омбы губерниясына жіберілген кәдімгі зор құқығы бар билік иесі көрінеді. Бірақ оған оңайшылықпен бағына қояйын деп жатқандар да аз-ау, шамасы.
Біреулері большевиктерді, енді бірі кадеттер мен меньшевиктерді қолдаса, ішінара жергілікті қазақтар өздерінің ұйымдарын құрамыз деп, олар да татар ұлтымен бірігіп, қамдарын жасауда екен.
– Ал сонда біздің шығатынымыз қай жақ болмақ?
– Түбі осылардың қайсысының өкіметі орнамақ? Сол жағына шығамыз да, – деді жаңағы білгіш жігіт.
Жақыптың Ақмолаға жетіп, орналасып алғаннан кейін алдымен жанын сала іздегені – баяғы өзінің бірге тұрған жолдастары мен пікірлес серіктері. Соның ішінде кірпіш зауыттарында, көпестерде жұмыс істеген нағыз пролетариат өкілдері. Олардың арасында социал-демократтар, большевиктер де бар болатын.
Өзінің ескі достарын дереу іздеп тауып алғысы келгенімен, ол ойы бірден жүзеге аса қойған жоқ. Кірпіш зауытының жұмысы бірде жүріп, бірде тұралай бергеннен кейін, ондағылар пышырап, ыдырап кеткен екен. Көз таныстардың көбі көрінбейді, барларының өздері сыр ашуға асықпай, сыртын беріп, сырғақтай айналып кетуге бейім.
Баяғы Андрей мен Микола тұратын пәтер жақты барлап көріп, еді, алғашында екеуінің де із-тозы табылмады. Олардың орындарында тұрып жатқандар да бейтаныс біреулер. Сөйтіп ашылып ақыл беретін серіктерінің ізіне түсе алмай, дал. «Не істеу керек?» деген тығырықтан бір шығарса, солар шығаратынына қапысыз сенімді. «Өстіп жүріп, ескі жауларымның көзіне түсіп қалмасам игі» деген сақтығы да үнемі қасында…
Сонан амалсыз төңіректегені – қайтадан кірпіш зауыты жағы.
Бұл ортадан қол үзіп кеткелі Жақып біраз нәрседен қарайып қалыпты. Тіпті баяғы өзі таратқан прокламациялардың мазмұны есте болғанмен, қандай адамдармен байланысты, кімдердің тапсырмаларын орындады, олардың түрлері, пікірлері қандай еді деген мәселеге келгенде, кібіртіктеп, кейбір жағдайларды есіне түсіре алмай да жатты. Қыр қазақтарының арасында қашып-пысып жан сақтап жүріп, осынау бостандық үшін күрескен ортадан қол өткізіп кеткеніне бір жағы өкінетін де сияқты.
Суыртпақтап, өзіне тиісті адамдарды соңына түсе жүріп, ақыры іздеріне де шыққан.
Бұл жақта көп өзгеріс болған екен. Сол баяғы Микола да қуғынға ұшырап, жал тауып, жандармдардан жалтарып кетіпті.«Сол қалпы әзірше атымен жоқ» деседі білем деушілер. Есесіне қоймай іздестіріп жүріп тапқаны – пәтерде бірге тұрған досы Андрей.
Қуана ұшырасқан достардың ауыздары жабысты да қалды. Саяси ісімен түрмеге қамалған Андрейдің босағаны жуырда ғана, Патша құлағаннан кейін екен.
Өзі бұрынғысынан да есейіп, санасы биіктей түскен азаматқа айналыпты. Ұйымдасып, өз қарекеттерін одан әрі жалғастырып жатқан баяғы Евгений Никифорович, Трифонович сияқты егде кісілерге қосылып, бәрі бір топ болып ақылдасу үстінде көрінеді. Жақыптың соңғы естігенінде Евгений Никифоровичтің түрмеде жатқан. Енді әңгімелерін тыңдап отырса, босап шыққанына біраз жыл өтіп кеткенге де ұқсайды.
– Иә, – деп бұрынғы кездерін еске алды ол. – Баяғыда түрмеде бірге жатқанымызда мен осы Афоняның… – дей бергенінде, Жақып жұлып алғандай етіп:
– Естеріңізде болсын, мен ешқандайда Афоня емеспін… Менің Жақып болғаныма біраз жыл, – деп қалды. Жасырын жұмыста жүргендердің аты-жөндерін өзгертіп алуы большевиктер арасындағы жазылмаған салт. Сондықтан бәрі жалт қарасқандарымен, ешқайсысы таңырқаған жоқ.
– Мен Афоняның, – деп әңгімесін қайта жалғады Евгений Никифорович, – Афоняның хохол екенін ұйқысырағанынан біліп едім. Адам жаны қысылған кезде, я болмаса ұйқысыраған уақытта өз ұлтының тілінде сөйлейді екен ғой. Бұл Афоня да сөйтіп еді. Әйтпесе біз бәріміз мұны великоросс деп жүрдік қой.
– Осы бар ғой… «Афоня» деген ат маған бір түрлі жат. Афоня. Иә, мен мүлде жатырқап қалыппын бұл есімді. Мені Жақып дей берсеңдерші.
– Иә, айтпақшы, есімде. Сенің жерлесің Микола алдымен «Панас» деп алып, құлағыңа басқаша айқайлап еді ғой.
– «Яков» деп айқайлаған.
– Сонда көшпелі жұрттың арасында сол Яков атымен жүрмісің? – деген кезде сирек күлетін Евгенийдің жүзіне күлкі жүгіріп өтті.
– Мен қазір біржола қазақ болып кеткенімді айттым ғой жаңа.
– «Қазақ» деймісің? Қалайша казак? Түсінбедім, Афоня.
Жақып бұл көшпелі жұрттың шын аты «қазақтар» екендігін, ал «киргиз» деп бұл жаққа жаңадан аяқ басқан ресейліктердің қойғанын түсіндірді.
– Ол жақта сол «Яков» атымен жүрдім ғой. «Яковқа» тілі келмегендіктен, менің киргиз жұртым «Жақып» дейді мені.
Ескі достың бұл жаңалығы дастарқан басындағы арзан күлкіге едәуір азық болып, алқақотан отырғандар бір жырғап қалысты. Одан кейінгі тыңдағандары – Жақыптың әңгімесі. Көңіл қуантатын емес, қайғы-қасіретке толы ауыр әңгіме. –Патша карательдерінің киргиздар көтерілісін басқанынан хабардармыз. Бірақ дәл осылайша қырғынға ұшыратқанын білмейді екенбіз, –десті тыңдап отырғандар.
– «Сол бунтты бастаушылардың бірі орыс екен. Қашқын большевик екен» десіп жүрді ғой неше түрлі сыщиктер.
– Сөйтсек, онымыз орыс емес, хохол болып шықты де. Жай хохол емес, біздің Афанасий.
–Украинша айтсақ, Панас.
– Біз қазір бәріміз бірдейміз, – деді Евгний Никифорович дауысын көтеріп. – Азаттық жолында бірдей қимылдауымыз керек. Орысың не, украиның не, киргизың не, татарың не. Бостандық десеңдер, қол ұстасып жүрейік.
Мұқият тыңдап отырғанда түсінгені – ұйымдасып, қимыл жасау үстіндегі бұл жолдастардың ортақ мақсаты Ақмола қаласында Уақытша үкіметке түбегейлі қарсы тұра алатын большевиктер ұйымын құру екен. Естулерінше, большевиктер Ресейдің орталық қалаларында да ашық әрекет етуге кірісіп жатқан сыңайда. Бірақ күштері аз, әлі де бастары бірікпеген бір әрі-сәрі xалде сияқты.
Ол жақтан жеткен түрлі прокламациялар мен листовкаларда жазылған сөздердің түйіні большевиктік ұйымдардың барлық қалаларда құру керектігі және оны мейлінше күшейту керек деген әңгімеге келіп тіреледі екен. Реті келсе, орталықтан көмек берілетіні де әр қағаздың соңында ескертіліп отырыпты.
Жақыптың бойында болашаққа деген бір сенімнің пайда болғаны – осындай документтермен танысқаннан кейін. Ол сенімді нығайта түскен – тек өзі оқыған қағаздар ғана емес, жаңағы Андрей, Евгений Никифорович сияқты жақтас кісілердің сөздері де.
– Бұл Уақытша үкімет – шын мәнінде уақытша, – десті олар. – Ертең құлайды. Құлағаннан кейін, күш біздің жаққа ауады. Сондықтан іштей дайындала беру керек. Тәжірибеміз жеткілікті ғой.
Андрейлердің жеткізуінше, қазір Ақмаола қаласының халқы неше түрлі жіктерге бөлініп кетіпті. Олардың ішінде белсендірек әрекет жасап жатқандары – кадеттер, эсерлер ұйымдары, ұсақ буржуйлардың, капиталистер мен көпестердің саяси ұйымдары. Тіпті, мұсылмандардың да топтары қыбырлап жұмыс істей бастаған екен. Енді солардың қайсысына барып кіру керектігі жөнінде әңгіме шыққанда, Андрейдің айтқаны жалғыз-ақ:
– Әрине, түптің түбінде жеңетін – біздің большевиктер. Сондықтан сенің де осыған мүше болғаның абзал.
– А, солай ма? – деді Жақып таңдайын қағып. – Әйтеуір жиналыс сайын сөйлегендерді бір-екі естіп үлгірдім, бірақ онша түсіне қоймадым.
Кешегі сыр тартып, сөйлесіп көрген адамдарынікі тәрізді былқылдақ емес, өзінің бұрынғы сенімді серіктерінің сөздері нақтылау көрінді:
– Бір ауыз сөзбен айтқанда, – деді баяғыда түрмеде бірге жатқан Евгений Никифорович, – қазір нақты үкімет жоқ. Бірақ былайша созыла беруі мүмкін емес. Үкіметсіз ел болмайды. Сондықтан билікті қалайда большевиктер алуы тиіс. Қатарымызға мүкіндігінше күшті, білікті жолдастарды тартуымыз керек. Бірақ қалай істеп, қалай әрекет жасайтынымызды онша әлі жете түсінбей жатқандарымыз бар.
Бұрынғыдай емес, осы соңғы бір жыл әбден есейтіп тастаған Жақып бастапқыда «Иә» деп қойып қалған жоқ. Қаланың бірер жікке бөлінгенін байқап, әлгі жолдастарының үгітіне қарамастан, өзгелер бастарынан өткізіп жатқан «Не істеу керек?» деген дағдарысты күйге өзі де түсті.
«Әй, осылай ертең бір-бірімен арпалысып, қан төгісіп жатпаса игі еді. Бірақ бұрынғыдай емес, еркін сөйлеп, тіпті, приставтар мен жандармдардан да қорықпайтын болып алыпты халық. Бұның өзі бір игіліктің бастамасы болар, үміттенуге тұрарлық» дейді ішінен тағы көңілін жұбатып.
Бірер күнде өзі де сараптап, байырқалап келіп, ескі достарының ақылымен ақыры сол большевиктер тобына қосылғанның жөн екенін сезді. Енді сенімді жолдастарынан нұсқаулар алып, большевиктер жиналыстарына қатысуға бел буған.
Солармен араласа жүре, баяғы Киевтегі қарсыласу тобын ұйымдастырғаны есіне оралды. Сол кезеңдегі жастық шақ, күреспен өткен уақыт. Енді, міне, есейіп, қан көріп, азаттық үшін арпалысқаннан соң, сол ниеттен неге қайтуы тиіс. Большевиктер осы Ақмолада да үлкен ұйым болып, өкіметті қолға алсақ деген сыңайда әрекет жасап жатқаны күн сайын айқындала түсуде.
ТУҒАН ЖЕРДІҢ ИІСІ
Қаланың орталық алаңдарын былай қойғанда, жиналыс өткізуге жарамды ғимараттардың босайтын күні сирек көрінеді. От жағылмай тұрғанына қарамастан, ішке топтаса кіріп, сөз таластырып жатқан алашұбар жұрт. Қазіргі саяси жағдайды талқылау үстінде олар бір-біріне кереғар сөздер, даулы пікірлер өршіген кезде тіпті аяғы төбелесе кетуден де тайынбайды екен.
– Өзі күнде әрі тарт та, бері тарт екен ғой.
– Иә, сонда біздің уезде… өзгеріс жоқ па өзі?
– Неге болмасын? – деді Евгений Никифорович сөзін қайтадан жалғастырып. – Алдымен уезд начальнигі Веретенников орнынан түскен, крестьянский начальник Надежин де кетіпті. Басқа да ұсақ начальниктердің кейбіреуі де қызметтерін өткізіпті.
– Неге өйтеді екен, Женя ағай?
– Енді… біреулері жауапкершіліктен қорқады. Енді біреулері осындай уақыттарда бұқпантайлап тыныш жүргенді жөн көретін шығар. Ең бастысы – жалақы жағы. Ақша жоқ десіп жатыр ғой әйтеуір. Күнкөріс үшін аянбайтындар аз емес. Өлтіру, тонау дегендей… – Әңгіме осы ара жеткенде, Евгений Никифорович бір сәт Жақыптың жүзіне тесіле қарады: – Сен Афоня, осы бекер келдің қалаға. Баяғы әңгіменің дүбірі әлі бітпей жатыр. Жарты жыл да өткен жоқ қой былай қарасаң.
– Ол не әңгіме еді? – деп, Андрей мойнын бұра қарады.
– Белгілі ғой сол. Пристав Иванюшкинді өлтірген адамдарды іздестіріп, мына жақтағы Чонтоновтар, Веретенниковтер жарғақ құлақтары жастыққа тимей жүр емес пе! Ал енді сол топтың ішінде мына Афоня да бар деген әңгіме баяғыда тарап кеткен.
– Иә, ол жағы есімде, – деді Андрей. – Іздеп жатқандарын да білем. Бірақ олар негізінен анау Мадин деген бунтарьды қолымызға бер деп екі алақандарына түкіретін көрінеді. Иванюшкиннің жесірі де сөйдеп айтады дейді. Кек алмай тынбаймыз дейтін көрінеді.
– Міне, көрдің бе? – деді Евгений Никифорович. – Ал сол топтың ішінде мына Афоняның болғаны да айтылып жатыр. Оны солардың арасында жүргендер баяғыда-ақ жеткізген. «Араларында бір орыс бар екен. Сол айтқан көрінеді «өлтір» деп деген сөз де желдей еседі. Енді біз ойлағанбыз, мынау Патша құлағаннан кейін, бұл әңгіме енді тыйылар деп. Қайда-а? Тыйылудың орнына әлі өршіп тұр сол сөз. Мына апақ-сапақты пайдаланып, кек алулары әбден мүмкін.
– Әрине, солай болуы заңды, – деді Андрей өз ойын толықтырып. – Патша құлағанымен, осындағы адамдарда өзгеріс жоқ қой. Чиновниктердің біразы әлі де сол қызметтерінде. Тіпті кейбіреулер уақытша Үкіметті желеу етіп, солар қайтадан империалистік самодержавиені қалпына келтірмек. Сол үшін жанталасып жүргендердің барын білесің ғой, Женя ағай.
– Білемін, біз де соларға қарсы күресіп әлек емеспіз бе? Біздің күшіміз – мына майданнан келген солдаттар. Осылар, ел ішіндегі осы жақтан аттанғандары бар, ішкері жақтан жазадан қашып келіп жүргендері бар, бізге зор демеу болады деп үміттенеміз.
– Оның рас, сонымен бірге сенетініміз – Петроградтан арнайы жіберілген жолдастар.
…Екі-үш күннен кейін Андрей Жақыптың жүзіне бір түрлі үңіле қарап тұрды да:
– Айтпақшы, Афоня! Сен маған сүйінші бер. Киргиздардың арасында жүріп, «сүйіншінің» не екенін біліп қалған боларсың.
– Андрюха, қуаныш па? Берем сүйіншіңді!
– Ендеше айтайын: Украинадан келген жолдастар бар екен, – деді қайтер екен дегендей дауысын көтере сөйлеп.
– Шын ба? Кәдімгі Украинаның өзінен бе? Олар бұл жаққа қалай келіпті?
– Айтайын, сен ойлағандай майданнан емес. Айдалып келгендер деседі. Солармен жолықтырайын. Бірақ бір нәрсені бүлдіріп аламын ба деп сен жайлы ештеңе айтпадым. Қазір сақ сөйлейтін заманда, бұрынғы танысың аяқ астынан жау боп шығуы да ғажап емес. Сондықтан аңдысын аңдып, өзің сөйлеспесең.
– Енді айдалып келді деп отырсың ғой жаңа. Айдалып келгендердің бәрі бізбен пікірлес емес пе?!
– Пікірлес қой. Бірақ кейбіреулері «айдалып келдім» деген желеумен жүріп, тыңшылық жасауы да әбден мүмкін. Сондайлардан аузымыз әбден күйді емес пе! Сенің де 1909 жылға дейін аузың күйді ғой.
- Жолықтыршы мені олармен. Қайран, Украина!..
Андрейдің езуіне күлкі жүгірткен де – Жақыптың сезім ырқына берілген осы бір сәті:
– Ай, Афоня-ай! Микола айтпақшы, Панасик… баяғы мінезіңді әлі қоймапсың ғой. Қит етсе, «Украина» деп еске ала беруші едің. Сағынышың әлі бітпеген көрінеді.
– Жасыратыны жоқ, – деп қойды Жақып сол бәсең сөйлеген қалпы. – Елді сағынам ба, әлде басқадай себеп пе, әйтеуір кейде түсіме кіреді. Балалық шағым, жақын адамдарым, өмір сүрген өлке ғой, қалай ұмытайын!? Мен сендер сияқты аса мықты большевик емеспін ғой. Бірақ кейде сол туған жерді түсімде көрем, барғым да келеді, бірақ мүмкіндік жоқ.
Андрей хабарын жеткізген адамдар шынында да сол Украина жерінен болып шықты. Украина болғанда да таза малоросстардың өзі екен. Олармен сөйлесе бастаған сәтте Жақып бірден-ақ:
– Ал енді, Киев губерниясынан бар ма? – деді төтесінен.
– Киев губерниясынан дейсіз бе? Сіз өзі сол жақтан боласыз ба?
– Иә, сол жақтанмын.
Аласа бойлы, үшкір тұмсықты көк көз жігіт бұған үңіле қарады да:
– Ол жақта танитын адамдарың бар ма? – деді. – Сіз сонда сол Киев губерниясынан болып отырсыз ғой!
– Иә, иә, сол губернияданмын!
– Мен де соданмын.
– Не дейді? Рас па? Онда Масловка селосын білетін боларсыз? – деп үстемелетіп жіберді Жақып.
– Иә, иә, неге білмеймін. Мен өзім ондағы жігіттермен біраз араласқанмын. Әлгі қарғыс атқыр Стритшельдің құлы болдық емес пе бәріміз.
– Богатенков дегенді естуіңіз бар ма?
– Богатенков? Қай Богатенков?
Жақып бұл аталған адамның жөн-жобасын ептеп тарқатып беріп еді, әлгі пістік тұмсықтың есіне бірдеме сарт етіп түсе қалғандай болды. Сөзді аяғына дейін күтіп тұрмастан, әңгімені әрі қарай жеделдетіп сабақтап әкеткен өзі. Сөз аңғарынан аңғарғаны – бұл кісі жаңағы айтып отырған нағашысын танитын да тәрізді. Әңгімесінің бір орайтында:
– Сол Богатенковтің бір жиені ме әлде немересі ме, бізбен аралас-құралас та болып еді, – деп қойды тағы да.
– Солай ма? Ал оны көрсеңіз,таныр ма едіңіз? – деді жүрегі дүрсілдей алып жоғалған Жақып. – Танисыз ба, айтыңызшы!
– Неге танымаймын? Танимын.
Жақып пістік тұмсықтыға жақындап келіп, үңіле қарады. Бет-аузын әжім торлап, көк көздерінің асты көгіс тартқан, арық, ақсұр кісі. Даусында біртүрлі тұтыға сөйлейтін адамға тән реңк сезіледі.
– Тоқтаңызшы, сонда сіздің аты-жөніңіз… егер құпия болмаса?
– Несі құпия? Мені жолдастардың арасында «Степан» деген атым бар. Бірақ шын аты-жөнім – Галущак Степан Петрович. Сіз жаңа «Богатенковтың жиенін көрсеңіз танисыз ба» деп сұрадыңыз ғой?
– Сұрадым. Ал сіз танимын дедіңіз.
– Иә, солай дедім.
– Шындығын айтайын, сіз Богатенковтың жиенін танымайды екенсіз. Жоқ, танымайсыз, танымайсыз.
Ары қарай лебіз білдіруге, сөзін жалғастырып, біраз ойын тарқатуға Жақыптың шыдамы жетпеді. Істік мұрын сарыны бас салып құшақтай алды.
– Степан Петрович, қымбаттым, қымбаттым! Танымағаныңыз жөн, танымағаныңыз жөн. Сіз де, біз де бай болады екенбіз…
Дәу жігіттің құшағында тұншыға жаздаған Степан Петрович шамалыдан кейін тыныстай алып, төменнен жоғарыға шалқая қарады. Екі қолы да жаңағы кісінің кеудесінде.
– Ой, не дейді, әкем-ау!.. Панасик! Панас Латута! Сенейін бе, сенбейін бе көзіме?! Ойпырым-ай, сені де көретін күнім болады екен. Дәл өзі, дәл өзі. Иә, иә! Бет аузыңды сақал-мұрт басып кеткен ересек мұжықты қалай танымақпын, әкем-ау?
– Қалай, Степан Петрович? Қалайсыз, жақсысыз ба? – дей берді аузына басқа сөз түспеген Жақып та сасқалақтап.
Степан Петрович Галущак – бір кездерде өзі «Панас» аталып жүрген кезде мүше болған «Степан» қарсыласу қозғалысының жетекшісі. Масловка селосында өткен сол бір аз ғана күндерді жадынан шығара алар ма.
Онда осы кісі белсене шығып, помещиктерге қарсы өре түрегеліп, ұйымдастырушылардың алдыңғы сапында жүретін. Бір-екі рет жас Панасикті тиісті жерлерге жұмсап, тапсырманы жақсы орындағаны үшін мақтап та қойған еді. Енді,міне, содан бері жеті-сегіз жыл өтсе де, оқиғаны көз алдында қайта жаңғыртып, бұрынғы танысының иығынан қапсыра құшақтай алды. Осыдан бастап бұлардың әңгімесі ұзаққа созылған.
Екеуі бейне бір ғашық болып үздігіп табыса алмаған жандардай ауыздары жабысты да қалды. Сөздері де жуық маңда таусылатын түрі байқалмайды. Қасындағы жігіттер мынандай тосын кездесуге әрі қызықтап әрі тамсана қарап қалыпты. Бос сөзге үйірлігі жоқ, қашанда нақты іспен жүретін Андрей:
– Жігіттер, сендердің бұл кездесулеріңе, қауышуларыңа соншалықты қуаныштымыз. Бірақ бүгінгі заманда уақыт жоқ оны тыңдауға, әйтпесе отырар едік. Өздерің мауықтарыңды басыңдар. Бір сағаттан кейін, Афоня, біз уәделескен жерде жолығатын боламыз. Тек кешігіп қалушы болма, – деді де, орнынан көтерілді де, шығар есікке қарай беттеді.
Сөйтіп Евгений Никифорович бастаған жігіттер де қосылып, бәрі лез арасында көзден таса болған.
– Шынында да сенбей отырмын. Мен де осы істің мәселесімен анау Вяткаға айдалдым емес пе. Соғыс басталғаннан кейін эшелонға салып, бізді осы киргиз даласына жіберген. Келіп түскен жерімді көрмейсің бе? «Бұл арада сен бар» деп үш ұйықтасам да ойыма келмепті, – деді Степан Петрович.
Ескі досын жанынан жібермей, Жақыптың қадала сұрап отырғаны –елдің жағдайы, елдің хабары. Бірақ осыдан жарты жыл шамасы бұрын Киевтен тысқары ырықсыз айдалып кеткен Галущак сол ескі мәліметтерді ғана тізбелеуге мәжбүр. «Елім деп, жерім деп» жүрегі лүпілдей сағынған Жақыпқа тұщымды жауап беріп, мейірін қандырар емес. Тек айтатыны – сол патша құламай тұрған кезеңдегі көңілсіз оқиғалар. Олардың бәрін жіпке тізе беруге өзі де құлықсыз сияқты.
Біраз отырып әңгімелескеннен кейін, баяғы ішімдікке құмар жігіттің көмейін байқап көргісі келіп: «Бірер стакан самогонға қалай қарайсыз?» деген сөз аузынан шығып кетті. Байқаса, Галущак бұл мәселеден мүлде тыйылып қалған сияқты. Өзінің қойып кеткенін денсаулығының нашарлығымен байланыстырады. Болса, болар.
Ішімдік атаулыны сол бір замандардан бері аузына алып көрмеген Жақып та ол жағынан қысауды жөн көрмеді. Оның үстіне мұсылмандықты қабылдағалы бері бойы тітіркеніп, самогон, шарап десе жиіркеніп қалатын әдет тапқан. Кейде тіпті сол ішімдіктердің атын естісе, лоқсып, құсқысы келетін бір сезім де пайда болған.
«КИЕВІМІЗГЕ ҚАЙТАЙЫҚ»
Бұлар қол алысып, қоштасар кезде:
– Елге барамыз ғой, – деп қалды Галущак. – Соғыс бітеді әлі, Панасик. Бұлай созыла береді деп ойлама. Тынышталады ел іргесі. Сол кезде біз өзіміздің туған Киевімізге қайтайық. Менің көкейімде де – сен сияқты сол туған жерге оралу.
– Туған жерге оралу дейсіз бе? Туған жерге?
– Иә, Панас. Бірге қайтайық. Ел іргесі тынышталсын. Басылсын бәрі де, – деп, Степан Петрович тағы да көсіле сөйлеп, әңгімені ұзарта бастады.Сөзінің түйіні «Мен де сол сен сияқты солай сансыз сағыныш құшағындамын» дегенге айналып соға береді.
Жақыптың жүзіне қадала қараған Галущак:
– Есейгенің болмаса, түрің сол баяғыдай. Бірақ бұрын мұндай сияқты емес еді мінезің. Қалай өзгергенсің, соған таң қалдым! – дейді өзінің таңданысын жасыра алмай. – Сен сонда тентек жігіт едің. Мінезің ұшқыр, боқтанып сөйлейтінсің. Біреу қарсы шықса, байланыса кетуден тайынбайтыныңды көргем. Енді мына жерге келіп, қалай момақан болып қалдың, қалай сен өзгердің?! Санама сияр емес тіпті. Сендей адамдар қай жаққа барса да, өзгермейтін еді ғой…
…Андрей екеуі Торговая көшесі бойындағы алаңға келіп, большевиктер ұйымдастырған кезекті жиналыстың басталуын күтіп тұрысты.Ұйымдастырушылар большевиктер болғанымен, әр тараптан төгіліп келіп жатқан жұрт қырық құрау: үсті-бастары жадағай жұмысшылар, тіпті жұмыссыздар да, малына киінген байлар мен олардың әйел-қыздары, шенеуніктер мен әскери киімділер, тымақты, шапанды қазақтар, татар қауымдары.
Көктем күшіне мініп, наурыз айы аяқталып келе жатқан мезгіл.
Бірінен кейін бірі шығып сөйлеп жатқан шешендер. Бір қызығы кейінгі шыққандар өзінің алдында сөйлеп кеткен адамның сөзін жоққа шығаруға даяр тұрады екен. Бір кезде орта бойлы, ақ құба өңді, биязы кейіптегі бір қазақ жігіті шықты. Орысшалай екпіндентіп келіп, қазақшаға ауыса салуы да жеп-жеңіл. Екі тілге де қамшы салдырмайтын осы жігіттің өңі де, түсі де таныс. Қайдан көргенін есіне түсіре алмай, аңырып қалғаны сондықтан. Жанындағы Андрейлерді тастап, алдыға қарай ентелей кимелей түсіп еді.
– Біз сияқты Патшаның езгісінде болған бұратаналарға да теңдік күні туатын заман келді, – деді жаңағы келбетті жігіт әр тұстан шыққан күңкіл сөздерді құлағына да ілместен. – Ел қатарлы біз де кәдімгідей халық болып кетеміз. Оған бізді жетелеп жеткізетін басқа ешкім емес, «Халқым», «Елім», «Қазағым» деп еңіреп жүрген Алаш азаматтары. Алла бізге үлкен нығмет беріп тұр. Бастарымызды біріктірейік! Қазақ болып, мұсылман болып жиналайық.
– Дұрыс! Сөйтейік!
– Әй, бауырым, аты-жөніңді айтпадың ғой.
– Бәріміз бірге бас қосайық та енді! – деп қазақша дауыстар естілді. Жақыптың құлағына әсіресе жағып кеткені – шешен жігіттің «Алла бізге үлкен нығмет беріп тұр» деген сөзі. «Алланы аузына алған адам жаман болмас» деген ойға ілесе, қаттырақ дауыстап жіберді:
– Бауырым, атыңды айтып жіберші. Жөнді естімей қалдық.
– Менің аты-жөнім – Ерұлан Сыдықбаласы. Ана үлкен мешіттен табасыңдар мені. Сол жерде бас қосайық енді…
Жақыптың есіне сарт етіп түсе қалғаны – сол кезде барып. Жазда көтерілістің алғашқы күндерінде келіп, Әшекей-Мөнектегі жиында сөз сөйлеп, қарсы үгіт жүргізген жігіт. «Босқа қырыласыңдар. Патшаға қарсы шықпаңдар!» деп зар қағып, жұртты тоқтатпақ болғандардың бірі осы шіркін еді ғой. «Азғырынды. Байлардың жіберген құйыршығы» деген әңгімеге елігіп, осының сондағы уағызын Жақыптың өзі де жақтырмап еді. Жан-тәнімен қарсы болып, мұндай азғырушыларды қуып жіберу керек деген сөзге өзі де қосылған.
Сол бір уақыттардан кейін естерін жиып алғаннан кейін байқап қараса, осы жігіттің сондағы айтқандары ақыры шындық болып шықты ғой. Ақылды тыңдамағандықтың салдарынан не болды, міне? Қаншама бейбіт жұрт, көшпелі жұрт бостан босқа қырғын тауып, Қорғалжын өлкесі қан сасыды ғой. Жақып енді өзі де аңғарып жатпастан:
– Ай, жарайсың, жігітім! – деп, сатырлата қол соғып жібермесі бар ма.
Сол-ақ екен әлдекім жеңінен тартып қалып:
– Ойпыр-ай, дауысыңыз таныс… Сіз сонда… – деп, дәл құлағының түбінен айқайлап жібергені. Погонсыз әскер шинелі мен әр жері қырқылған ескі папахалы жастау азақ. – Сіз сонда… Жақып ағай емеспісіз?
– Иә, мен Жақыппын, – деді бұл қазақша.
– Ассалаумағалейкум! – деп аузын толтыра сәлем берген әлгі бейтаныстың «ә» дегенше болмай, әй-шайға қарамастан, бас салып, құшақтай алғаны. Құшақтады деген аты ғана, әйтпесе сұңғақ бойлы Жақыптың белінен орап, өзіне тартқан болады. Өзімсініп таныған адамды жыға шырамыта алмаса да, «Кеудеден итергенім жараса қоймас» деп, әлгіге қарай еріксіз иіліп еді.
– Киіміңіз өзгергені болмаса, түріңіз сол қалпы. Мен Оңалбекпін ғой, Жақып аға.
Әскери формалы жігіт сәл кейінірек серпіліп, төменнен бұған басын шалқайта қараған. Бадырақ көздерін жыпылықтатып қарап тұрған… – басқа ешкім емес, баяғы өзі медресеге оқуға қанша тартса да, жоламай қойған Оңалбек есімді жалшы. Осылайша анық танығаннан кейін барып,оны енді Жақыптың өзі құшақтай алды:
– Ойбай-ау, Оңалбек жан-ау, сенсің бе? Аман-есен келгенің – Алла тағаланың қолдағаны да. Қай елге кеттің, қай жерден оралдың? Мынауың керемет нәрсе ғой. Қалай болды өзі? – деп Жақып көкейіне келген сұрақты үсті-үстіне төпелете жөнелді. Қуанғанынан тіпті өзінің де есі шығып кеткен сияқты.
Өңі бозарып, бет сүйегінің арсаланып кеткеніне қарағанда, Оңалбек ептеп жүдеп те қалыпты. Онсыз да бадырақ көздері тіпті үлкейе түскендей. Аяғына қарап еді, қыр елінде табыла бермейтін солдаттың керзі етігі. Бірақ белдігін буынбай, шинельдің тек ілгектерін ғана салып қойған.
– Ағатайым менің, – деп елпілдеген Оңалбек Жақыпты құшақтап жылап алды.
– Қой, айналайын! Не болды? Аман-есен келіпсің. Аяқ-қолың сау. Енді не керек? Осының өзі үлкен олжа емес пе. Бардым деп қапа болма, – деп Жақып ауылдасын тілі жеткенше жұбатып әлек.
Жақсыкөң болысы Оспанның маңында жүретін жалшылардың бірі болатын. Көтерілістің бастапқы күндері ереуілдеген ел жігіттерімен бірге Нақып басқарған мыңдықтың ішінде жүргенін бір байқап қалған еді. Кейін көрінбей кеткен. Сөйтсе, Оспан болыс көтерілісшілердің қатарынан өзіне қарасты адамдарды алып, тайып тұрғанда, жалшыларын да шашау шығармастан бірге әкетіпті ғой.
Артынан жеткен хабарға қарағанда, болыс мұны қалаға атқосшы ретінде ертіп барып, ақыр соңында майдандағы қара жұмысқа хаттап отырып, аттандырып жіберген екен. Кісі тауып бере алмай, ұлықтардың жазалы болып, өзі де қамалып шыққан болыстың ақыр шамасы жеткені осы қорғансыз Оңалбек болыпты. Басқасын былай қойғанда, бүкіл Қорғалжың өңірінен алғаш майданға аттанған азамат. Бұдан кейін де бірер жігіт кетті. Бірақ алғашқа құрбандық осы Оңалбек болатын.
…Содан екеуі былайырақ шығып, кезек-кезек хал-жағдай сұраса бастаған сол еді, жиналған жұртшылықтың алдына шыққан большевик жетекшілері жиналыс тізгінін өздері қолға алыпты. Манадан бері жиналып алып, аяқтары мұздай бастаған кісілер енді қозғалақтасып, ортаға қарай ентеледі. Бірінен кейін бірі таласа шыққан шешендер ешкімге дес бергілері келмей, сөз көрігін қыздыруда. Сол баяғыдай ә дегенненақ өршіген пікір қақтығыстары, жарыса салғыласып, дауласқан үндер.
Андрей бастаған азғана кісінің жанында Жақыпты қарайлап тұрған Оңалбек те тапжылмай тыңдауда. Соған қарағанда, өзінің де ептеп орысша сөздерге саңылауы ашылып қалған сыңайлы.
Жиыннан соң Жақып Андрейлермен қоштасты да, майданнан келген ауылдасын қабатына алып, «заежийге» қарай аяңдады. Пәтерде отырып, аздап жүрек жалғап алғаннан кейін, бағанағы әңгімені одан ары қайтадан сабақтап еді. Өзі білетін молда Жақып тек шындықты ғана сөз қылатынына сенген Оңалбек көкейін күлкүл толтыра бастаған алыпқашпа сөздерді анықтап алғанша асығулы:
– «Ел іші бүлініпті» дейді ғой, аға. «Көп адам қырылыпты» дейді ғой, сол рас па, аға? Бұл қалай болды өзі? Неге мұндай жағдай болды? – деп Оңалбектің қадала сұрағаны – талай әңгіменің тиегін ағытуға себепкер. Жақып кейбіреулердей көсіле сөйлеп тұрып алмай, болған жағдайдан қысқа ғана мағлұмат берді. Мұңайыңқы түрмен көңілсіздеу сөйлесе де, өзін-өзі жұбатқандай болады бір жағы.
Сол айтып отырған бунтқа өзінің қатысы барын, бүліншіліктің қақ ортасында жүріп, көрген қиындықтарды, жазалаушы отрядтардың зорлық-зомбылығын, ел-жұрттың тозып кеткенін бірер ауыз сөзбен тізбелеп өткен. Аузын ашқан күйі тіпті кірпік қақпастан тыңдап отырған Оңалбек:
– Апыр-ай!.. Апыр-ай!.. – деп, шошына таңдай қағады.
– Ал сен ше? Соғыста жүріп сендер қайттіңдер? Жерлес жігіттер болды ма? – деп, Жақып алғашқы сұрағына қайта айналып соқты. Оңалбектің олақтау тілмен айтқан әңгімесінен ұққаны мынау.
Сонау солтүстік жақтағы теңіз жағалауына жеткен Оңалбектер соғыс шебінде шынында да окоп қазып, түрлі қара жұмыстарды атқарыпты. Ашаршылықты да, жалаңаштықты да бастан өткерген. Тоңып-жаурап, көрмеген қиындығы жоқ екен. Ауру-сырқауға ұшырап, жазатайым мертігіп қалғандар өз алдына, араларында ішінара шығын да болған екен.
Өзінің ең басты олжасы – елге аман-сау оралғаны. Жақып ағасының әңгімесіне қайтадан оралған Оңалбек:
– Шет жағын өзім де көрдім ғой сол көтерілістің, – деді төмен қарап, мұңая сұрап. – Бүкіл Қорғалжын өңірінен жиналған жігіттер жеңетін сияқты болып тұр еді ғой. Лепіріп жатыр еді ғой көпшілік… Ақыры ел ішінің бүлінгені… әй, бекер болыпты. Бекер.
– Неге бекер дейсің, Оңалбек?
– Айтайын сізге… Біз бар ғой, қара жұмысқа алынғандар бар ғой… қантөгіс болып жатқан соғыстың өзіне барған жоқпыз. Соғыстың шет-жағасын ғана көрдік. Оқтың тарсылын естідік. Жағалай өліп жатқан солдаттарды да көрдік. Бірақ өзімізді араластырмады. Өйткені бізді жібермеді. Соғысыңдар деп айтпады… Арамызда шығындар болды аздап.
–Иә, сонан соң?
– Сонан соң енді… сонау жердің шетіне барып қайттық қой… Бірақ бұндағыдай қырылған жоқпыз. Қанша қаншама ел көрдік, жер көрдік. Сонан кейін… мен орысша мүлде қақпаушы едім ғой. Ал қазір нан сұрап жей аламын. Сіздің орысшаңыздай болмаса да, саңылауымда бірдеңе бар, – деп, сәл жымиып қойды. Сосын қаза тапқан адамдарға арнап дұға қылып, бет-аузын сипады. – «Патша құлады» дегеннен кейін бізді босатты. «Қайтыңдар» деді. Әйтеуір ілдалап, біресе пойызға отырып, біресе жаяу жүрдік… Міне, бір айдай уақыт өткенде барып, елдің шетіне іліктік қой. Қолымызға берген аз ақша елге жете таусылуға айналған. Әйтеуір ілініп, жаяу барсам да, Жартасқа жетсем деймін. Ең бастысы – аман келдім ғой, міне. Шүкір, шүкір, – деді. – Сіздер қашан жүресіз елге енді? Мені ала кетпейсіз бе?
– Ала кетер едім. Бірақ мынадай ел іші бүліншілік болып, Патша түсіп жатқан уақытта, осы қалада жүре тұрсам ба деп ойлаған едім.
– Аға, бүліншілік демеңізші. Патшаның түскені қайта қуаныш емес пе? Соған шүкіршілік етіңіз. Енді қазағыма да бір теңдік туар, бостандық болар, – деді үміттене сөйлеп Оңалбек. – Біздерге де әскерде жүргенде көп нәрселер айтты. «Балшебек» дегендер болады екен. Жаңада сөйлеп жатқандар да сол балшабектерге ұқсайды екен, – деген кезде Жақыптың еріксіз мырс ете түскені. – Солар бостандық күні туады деп… құлағымызға құйды ғой әйтеуір. Мен де сол үлкен үмітпен келдім елге. Жақсылықты арқалап келдім. Біздің мынау осы Ақмола өңірі жарқырайды әлі. Алла қаласа, қолымыз жетіп қалар.
Қап, соғыстың бекер болғанын қарашы бұл жақта!
Бұлар осылайша жайбарақат әңгімелесіп отырған кезде, албардағы аттарды күтіп-баптап, әлденелерді реттеп жүрген шәкірті Елубай үйге жүгіріп кірді:
– Аға, – деді ол онсыз да үлкен көздері шеңберлене түсіп. – Жақып, аға, қақпаның сыртында біреулер жүр. Заезжийға кіріп жатқан біреуден: «Осында орыс бар ма?» деп сұрап қалды. Ананың не деп жауап бергенін естімедім, өйткені ол теріс қарап тұрған. Бірақ жаңағы сұраған орыстың «Латута» деген сөзін анық естідім.
– Қаруы бар ма екен оның?
– Біреуінің мылтығы барын байқадым. Аға, тығылыңызшы. Сізді іздеп жүргені бекер емес.
Белі қыналған қысқа тоны мен аласалау қара папахасын дереу киіп үлгірген Жақып ораулы аңшы мылтығын да суырып алды. Ауылдан келген төрт жігіттің ортасындағы жалғыз от қару осы. Қалғандарында сойыл-шоқпар, баяғы Жәкіжан ұста қолдан соққан семсер.
– Елубай, күрең төбел қайда? Ерттеулі ме?
– Жоқ, жемде тұрған.
– Дереу ертте! Қоржынымды сал!
Сырменіз шәкірті екі сөзге келместен, Жақыптың айтқанын тап-тұйнақтай етіп орындады. Ертоқымға ыңғайлы көпшікті төседі де, төс айылды мықтап тартты. Жемге тойып тұрған күреңтөбел орнында тыпыршып тұрар емес. Қалаға келген осы бірер күннің ішінде бойы сәл ауыр тартқанымен, ептеп сақайып алғаннан кейін бе, күйлі жануардай шиыршық атады. Даланы, шабысты аңсаған жылқының мінезі.
– Аға, мен ше?
– Сен көрінбе оларға. Мені сұраса, сен түк білмейсің… Түсінікті ме?
– Аға, мені тастамаңызшы! Қорқамын мен…
– Әй, ана Оңалбек ағаң бар ғой. Мен алысқа кетпеймін. Алдымен мыналардың әуселесін көріп алайын.
Әлі көзге таған түсе қоймаған кешқұрымғы уақыт. Екеуі жабықтан сығалап тұрып, Елубайдың нұсқауымен аңдушылардың тұрағын анық аңдады. Көшенің арғы бетінде сәл қиғаштау тұрған папахалы екі адам. Қазір қала жұрты ала-құла киініп жүргендіктен, бұлардың урядниктер немесе казактар екенін ажырату қиын.
Біреуінің иығында винтовкаға ұқсас мылтық. Темекі тартқан болып тұрып, көз қиықтарын анда-санда заезжий жаққа салып қояды. Елубайды қораның артындағы екінші есікке жіберіп, өзінше барлау жасатып еді, жүргінші аяғы сирек ол жақтан күдікті ештеңе көзге түспепті.
– Қазір келемін, – деді де, Жақып кәнігі кавалеристердей атқа қарғып мінді. Соңғы жылдары қыр қазақтарымен бірге салт атпен жүруге әбден төселіп қалған ол күрең төбелдің үстінде тіпті айбарланып кеткендей болды.
Артқы есіктен ақырын ғана аяңдап шыққаннан кейін, алыстан орағытып келіп, манағы аңдушылар тұрған көшеге түсті. Басқа тараптан жайбарақат келе жатқан аттыға аналар онша кідірістеп назар да аудармаған тәрізді, екі көздері – заезжийдің қақпасында. Өздеріне ұқсас киінген салт атты орыс адамы әлі күдік туғыза қоймаған сыңайда.
Ауыз жағын қанжығаға іліп алған мылтығы тақымында, Жақып әлгі екеуге аяңдап жанаса берді де, қолындағы дойыр қамшымен винтовкалы жігітті бастан ала тартып кеп жіберді. Ол баж ете түсіп, бетін жаба қалғанда, қайта көтерілген дойырдың өрімі екіншісін де тиісті сыбағадан құр қалдырған жоқ. Екі қолын алдыға қарай бірдей сілтегеніне қарамай, мойынын осып түскен еді.
Одан кейінгі көздегені – аңдушылардың қарулары. Бетін басып отыра қалған алғашқы жігіттің иығындағы винтовканы тартып қалып еді, қолтық астынан ілінген мықты қайыс жіберер емес. Оны жігін тауып, еппен суырып жататын уақыт қайда, Жақып тебініп қалып, мылтықты өзіне қарай тартқылай түсті. Құлаған жаудың тыпырлай қоса сүйретілгені қайта жақсы болған сияқты, күрең төбел ышқына лекіген кезде ақыры винтовка суырылды да кетті. Артынан ойлап көрсе, қайыс қолтығын қиып, иығын ауыртып бара жатқан соң, иесі өзі жібере салуы да мүмкін екен.
Енді қауіп бәсеңсігендей.
Қараң-құраң еткен біреулер алыстан қарап тұрған тәрізді көрініп кетсе де, Жақып атын ойнақшыта, кері бұрылып, қисая қиралаңдап жатқан екеуді дойыр қамшысымен тағы да сойғылап өтті. Ары қарай шауып ұзай түскен сәтте аяқ астынан басында жылт ете түскен: «Әй, екіншісінде тапанша болып атып жіберіп жүрмесін» деген қауіп. Бірақ ондай оқыс әрекетті өз басы байқаған жоқ. Оның үстіне қолына қаруына сенген жігіт жаңағы дойырдың ұшы киімшең болса да, әлгі екеуді оңдыртпай ұшықтап жібергеніне сенімді.
Жаңа ғана өзі жүрген әлгі айналама жолмен орағытып келіп, арт жағынан заезжийге қайта кірген. Манадан бері бақылап тұрған Елубайда өң-түс жоқ. Қайта Оңалбекекеуі қалған аттарды дайындап, ол-пұл заттарын жинастыра бастаған екен. Жақып заезжийдағы көз таныс болып қалған кісіге:
– Біздің ана екі жігіт келсе, дереу бәлен деген жерге барсын. Қазіргі кештен қалмай, тез жетсін! – деді қысқа ғана. Қанжығаға бөктеріншектерін мықтап байлап, үй ішін тағы бір тінткілеп алғаннан кейін, үшеуі қақпадан шауып шыға берісті.
Әлгі дойырдан кейін домалап қалған аңдушылар әлі де сенделектеп орындарынан тұра алмай, ыңырси аунақшыған күйлері. Екеуінің де папахалары ұшып кетіпті. Көлденең көзге самогонға сылқия тойып алған мастар сияқты әсер етуі де ғажап емес. Оларды қызықтап қарайлайтын жағдай қайда, қатқақ жолмен тақылдата желдіртіп барды да, басқа көшеге қарай бұрылып кетісті.
…Андрей жалғыз емес екен. Қасында екі-үш жігіт. Жақып ашық айтпаса да іштей сезіп отыр, бұлар өзінің пікірлестері социал-демократтар немесе большевиктер болуға тиіс.
– Афанасий, сенің келгенің дұрыс қалаға. Біздің қатарымызды күшейтесің. Үлкен тіршіліктер алда күтіп тұр. Біз мүмкіндігінше өз пікірімізді өткізіп, қалай да большевиктер билігін орнатуымыз керек.
Сөйтті де, ол жалт бұрылып, қасындағы жігіттерге дереу Жақыпты таныстыра бастады:
– Осылай да осылай, киргиздар бунты болған кезде арасында жүрген біздің жігіт. Тек бунтқа қатысып қана қоймай, өзі де басшылық жасау жұмысына тікелей араласып отырған.
– А-а, – деді өздері Ефимович деп атайтын большевик жолдастардың бірі. – Иә, иә, естігенмін. Бұл әлгі киргиздарға сатылып кеткен орыс қой. Осындағы Веретенников, Березовскийлардың қанын қайнатып жүрген жігіт емес пе? «Көзін құртамыз» деп, қатты кіжініпті деп еститінбіз.
– Дәл өзі.
– Естуімше, – деді Ефимович, – бұл кісінің басына сол қанішерлер үлкен бәйге тігіпті ғой. Ендеше сондай қудалаудан қорықпай, арнайы қалаға келіп жүргенінің өзі ерлік екен!
Жақыптың үрейін ұшырмайын деген болуы керек, сұрақты жаймалап қайта қойып еді, Ефимович жолдас сөзін қадай қайталап, тереңдете түсті:
– Иә, иә, арнайы бұйрық та болған. Бұл сатқын орыстың көзін дереу құрту жөнінде. Құртқан адамға ақы береміз де те қойыпты. Жаңағыдай жалаңдаған ұры-қарылар олжа тапқысы келсе… Ендеше, бұл кісінің ашықтан ашық қалада жүріне болмайды. Дереу еліне қайтып кеткені абзал. – Біздің қатарымыздың бір адам болса да көбейтейік деп отыр емеспіз бе? Біз үшін әрбір жолдастың орны қымбат, – деді Андрей..
– Дұрысы дұрыс. Бірақ, Андрюха, білесің бе, бізге Петрогардтан тағы да көмек келмек, Омскіден көмек келмек. Біз осы жерде өзіміздің совдепімізді құрамыз деп отырмыз. Сол уақыттарда бізге орталықтан келген өте сауатты жолдастар керек болады. Ал сіздің Афоняңыз… керісінше, сол киргиздардың ішінде жүрсін. Көшпелілер арасында большевиктік үгіттеу жұмыстарын кеңінен ұйымдастырғаны дұрыс. Сол жақта да, ел ішінде де бізге көмек керек қой. Оның үстіне қандай қылмыскер болса да, тіккен бәйге үшін тартынбайтыны анық. Бірінші кездескен сәттен-ақ көзін жойып жіберуге даяр ондайлар..
– Солай екен-ау! – деді Андрей.
Бәрінің де жалт қарап, үңіле көз тоқтатқаны – Жақыптың сабыр сипатты ұстамды жүзі. Ол сыр бергісі келмей, сыртынан байыпты көрінсе де, ішінен өзін торыған қауіпті екенін қалай сезінбесін. Сол уақыттарда басына келгені – «Сонша қырғынды көріп келіп, бостан-бос өле салудың өзі жауапсыздық, парықсыздық қой» деген ой ғана.
– Дұрыс, рахмет жанашырлықтарыңа. Әңгімелеріңнен байқап отырмын, мына большевиктік жұмыстарға байланысты менің әлі де сауатым төмен екен. Көп мәселені түсінбей жатырмын ғой. Аз да болса менің санамды аштыңдар. Мүмкін, шынында да жан сақтап, әзірше бұл жақтан кеткенім жөн шығар, – деп келді де, жаңағы болып өткен оқиғаны қысқаша баяндап өтті. Кірпіктерін анда-санда бір қағып қойып, мұқият тыңдаған идеяластар киргиздар арасына тезірек қайту жөніндегі ұсыныстарын үстемелете қайталады. – Қайта, құдай сақтаған екен. Ана көмекші балаң дер кезінде байқамағанда, не болар еді? – деді Андрей. – Афоня, сен менен де өткен ұстамды болып алыпсың. Түріңнен де, даусыңнан да жаңағыдай қорқынышты өткізген адамның белгісі жоқ тіпті. – Ел ішіне барып, жаңағы Ефимович жолдас айтқандай, жұмыстар жүргізсем болады екен. Маған тиісті инструкцияны беріп жіберсеңіздер.
– Мен айтайын онда қысқаша ғана, – деді Евгенний Никифорович. – Бұл қалада үкімет құрауға байланысты неше түрлі жиналыстар өтіп жатқанын өзің де көрдің. Күніне неше жиналыс. Әркім өздерін жақтап сөйлейді. Шынын айтқанда, қарулы күш казактардың қолында. Олар кешегі патша өкіметін қайтадан қалпына келтіру жағында. Ишандар, учительдер тобы, тағы да басқа ұсақ буржуйлар да патша өкіметінің орнағанын қолдайтын сияқты, бірақ басқаша формада дегенді айтады. Ал одан басқа мынау майданнан келген солдаттар бар, түрлі зауыттардың жұмысшылары бар…
Міне, большевиктік ұйымды жасайтындар – осы кейінгі айтқан адамдарым. Ал одан соң мынау жергілікті мұсылман қауымы: татарлар, киргиздар бірігіп өздерінше топ құруда. Бұлар енді – ұлтшылдар.Бұлар сан жағынан едәуір, бірақ сауаттары жетіспейді.
– Сонымен не істемексіздер? – деп қойды Жақып ақырын ғана.
– Алдымен біріккен үкімет, яғни, коалициялық үкімет құрамыз деген ой бар, – деп сөз өрбітті Евгений Никифорович. – Құрама үкімет қой енді. «Құрама комитет» деп айтады кейбір кісілер. Меніңше, сол дұрыс. Содан кейін оларды тыңдайық та, солардың арасынан жаңағы большевиктердің үкіметін құрайық деп ойлап отырмын.
– Ал менің ойым, – деді Андрей оған қарсы сөйлеп, – өйтіп созбалақтатып жатпай-ақ, бірден большевик үкіметін құру керек. «Құрама үкіметке» келіссек, басқаларға, тіпті жауларымызға да мүмкіндік беріп аламыз.
– Онда жаңағы киргиздарды, татарларды, яғни, мына басұрмандарды не істейміз? Оларға бәрін бірден түсіндіре алмайсың ғой, – деп, Евгений Никифоровичтің оңайшылықпен ығысар түрі жоқ.
Ендігі бұл отырған жолдастар Жақыпты былай қалдырып, енді өзді-өзді пікір таластыруға қарай ауа бастады. Аңдап байқаса, бұл, большевиктердің де ойлары біркелкі емес екен. Негізгі ниеттері бір болғанмен, үкіметті қалай құрамыз, қалай жасақтаймыз деген мәселеге келген кезде, әрқайсысының ұсыныстары әрқилы.
Жақыптың санасына көбірек қонып, санасының түбіне тиянақтай қалғаны – Андрейдің:
– Ақмоладағы мұсылман қауымы – едәуір күш, оларды да большевиктерге тарту керек. Большевиктердің оларға бостандық әперетінін, жеке автономия құра алатындығын қаперлеріне сіңірулеріміз керек. Киргиз халқы бұрынғыдай езілмейтін болады, бостандыққа қолдарын жеткізеді. Міне, осыны түсіндірсек, олардың көп тобы бізден шығады, – деген сөздері.
Жақып өз пікірін де қосып қойды:
– Иә, жаңа таныстырдым ғой майданнан келген казақ жігітін. Бұл Оңалбек – біздің елдің адамы. Қорғалжын жаққа барамын, осы қалада қалмаймын деп отыр.
– Міне, осындайларды біз қатарымызға тарту керек, – деп қалды Евгений Никифорович. – Олар майданнан көзі ашылып келгендер, тіпті біздің өзімізді үйретуі де әбден мүмкін. Өйткені майдандағы большевиктердің сөздерін, үгіт-насихаттарын естіп келді ғой.
– Солай сияқты, – деді Жақып та өз тарапынан сөз қосып. – Бұл Оңалбек Оспан деген болыстың жалшысы еді. Қырдағы сауатсыз жалшының бірі болатын. Майданға барған осы жеті-сегіз айдың ішінде кәдімгідей көзі ашылып қалыпты өзінің. – Иә, бостандықты қуаттап отырғанын жаңа естідік қой. Патшаның құлағаннан кейін не істеу керектігін елге жеткізгісі де келеді. Әйтпесе бұрын түк білмейтін шынында да надандардың біреуі болған ғой.
– Ал, Афанасий, – деді Андрей өзінің әдетінше адамның жүзіне көзін тікесінен салып. – Сенің басыңның қатерде жүргенін ойлап, қауіптене бастадық. Бүгін сен бар ғой, кездейсоқ аман қалыпсың. Келесі жолы жауларың бүйтіп қателеспейді. Кідірместен, дереу Қорғалжыңға қарай жүріп кет. Сол жақта да шашылып жатқан киргиздардың басын біріктір.
– Кешір, Андрюха, – деді Жақып ескі жолдасының сөзін бөліп. – Жергілікті байырғы халық өздерін «қазақпыз» деп атайды. Байқап отырсам, «киргиз» патшалық самодержавиешілердің қойған атауы екен. Сондықтан «қазақ» деген сөзге ауыз үйретсек.
– Ескеремін бұл ескертуіңді. Сол қазақтарыңның арасында да большевиктік жұмыстар жүргізу керек. Тіпті большевик ұйымын құрсаң…
Мына сөзді естіген Жақып еріксіз сықылықтап күліп жіберді:
– «Ұйым құр» дейсің бе? Қандай сонда?
– Кәдімгі большевиктік ұйым. Сол жерде жүріп, большевиктер үстемдігін орнатасың, помещиктер мен кулактарға қарсы «Қарсыласу тобын» құрасың. Баяғы Киев губерниясында жүргеніңді еске түсіресің.
Еріксіз қарқылдап күліп жіберген Жақып аңтарылып қалған жолдастарына біразға дейін жауап бере қоймады. Езуін жиып, аузын аша берейін десе, күлкісі құрғыр тағы қысып, сөзін дұрыс құрастыра алмай, өзінен өзі тығылды да қалды.
Өткен жылдың Маусым жарлығына байланысты туындаған қанды оқиға өршіп кеткеннен бері алғаш рет рақаттана күліп отырғаны осы. Бір жағы тосылып, бір жағы аңыра күтіп қалған серіктеріне жауап бергені – өзіне өзі әбден келіп алғаннан кейін:
– Күлген себебім,– деді ол, – бұл қазақтардың арасында Ресей үлгісіндегі таптық күрес бола қоймас. Өйткені қазақтардың өз арасында таптық тұрғыдан анық жіктеліп жатқаны аз. Жетім-жесірлер, кедейлер өздерінің рулас, аталас байларының есігінде жүріп, күндерін көре береді оларда. Туыстықты былай қойғанда, оларда рулас адамдар да өзара көмектесіп жатады. Басқасын айтпайын, менің өзім ше? Менің өзім де өзім үшін мүлде жат, бұрын көрмеген ортаға барып, сіңісіп кеттім емес пе. Тіпті урядниктер мен полицейлер мені іздеп келгенде, сол қазақтардың мені жасырып, алып қалып жүрді ғой.
– Солай ма? Дегенімен сонда да самодержавиеге қатты қарсылық көрсетті ғой олар өткен жылы.
Байырғы халық турасындағы жолдастарының түсініктерінің әлі де шалалау екенін шамалап:
– Иә, олар таптық езгіге емес, ұлттық езушілікке қарсы шықты. Қазақтардың азаттыққа, бостандыққа қалай ұмтылғанын сол кешегі көтеріліс дәлелдеп отыр емес пе. Сөздің қысқасы, бұл халық – өздері табиғатынан большевик… – деді созбалақтап жатпастан.
– Онда тіпті жақсы. Саған жеңіл болады. Қалай істеу керек жөнінде саған нұсқаулық беріп жібереміз. Бірақ қалада көп айналып қалмай, дереу бұл жерден басыңды алып қашқаның дұрыс…
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.