Жемқорлық әрекетінің қылмыс ретінде саралануы  және жауаптылық негіздері Жемқорлық әрекетінің қылмыс ретінде саралануы  және жауаптылық негіздері
Ақылбек Исабеков, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультеті, мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқығы кафедрасының профессоры   Жалпы, қоғам – қасиетті... Жемқорлық әрекетінің қылмыс ретінде саралануы  және жауаптылық негіздері

Ақылбек Исабеков,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультеті, мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқығы кафедрасының профессоры

 

Жалпы, қоғам – қасиетті орта болып саналады. Адамзат баласын қоршаған орта, яғни өзі өмір сүріп отырған қоғам тәрбиелейді. Дана халқымыздағы «Атаның айтқанына көнбеген бала адамның айтқанына көнеді» деген нақылыдөп басып айтылған сөз. Қоғам адамзат баласынан өмір сүру салтын талап етеді, адамдар сол қоғамның талабына төселіп, «заманына қарай адамы» дегендей тіршілік етеді.

Кез-келген қоғамда заң (жалпыға бірдей ортақ тәртіп) үстемдік орнатуы тиіс. Заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін, ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шабу керек. Қоғамдағы жалпыға бірдей ортақ тәртіптің (заң нормаларының) бұзылуына екі жағдай түрткі болады

бірінші жағдай – азаматтар өздерінің конституциялық құқықтары мен міндеттерін жете білмегендіктен құқық нормаларының талаптарына қарсы келетін теріс әрекеттерге бару арқылы;

екінші жағдай – лауазымды тұлғалардың, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің өз қызметтерін асыра пайдалану арқылы жүзеге асырылады.

Бірінші жағдайда, азаматтар өздерінің конституциялық құқықтары мен міндеттерін білмегендіктен өз қалауларымен жасалған іс-әрекеттері арқылы қоғамдық тәртіп пен саяси тұрақтылықтың бұзылуына ықпал жасайды және өзге азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына себепкер болады. Демек, күнделікті қарым-қатынастарда азаматтардың құқықтық сауаттылығының төмендігінен қоғамда заңға қарсы, құқыққа қайшы әрекеттер орын алып, соңы жемқорлық әрекеттерге ұласып жатады.

Екінші жағдайда, мемлекетіміздің қай саласы болмасын лауазымды тұлғалардың, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің өзіне жүктелген қызметті жүзеге асыруға берілген құқықтарын асыра пайдалану, мәселені өз пайдасына шешу арқылы пайдаға кенелу мақсатын көздейтін өзара сөз байласу (өзара сыбайласу арқылы заңға қарсы мәміле жасау) әрекеттері қоғамдық тәртіптің әлсіреуіне, адам мен азаматтардың құқықтарының бұзылуына, жемқорлық әрекеттерінің жайылуына жол ашады.

Сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің басқа қылмыстық әрекеттерге ұқсамайтын өзіндік ерекшеліктері болады. Басты ерекшелігі – қылмыс субъектілерінің алдын-ала өзара сөз байласуы, келісімге (ымыраға) келуі болып сараланады.Қылмыс екі не одан көп адамның алдын-ала өзара келісуі арқылы жүзеге асырылады. Ниеті – қасақаналық жолмен жасалады. Қоғамға тиер зардабы сипатынан «ауыр» қылмыстарға жатады.

Сыбайлас жемқорлық әрекеті мемлекеттік билік органдары қабылдаған шешімдердің тиімділігіне нұқсан келтіреді, ел экономикасына теріс әсер етеді, адамгершілік қағидаттарға нұқсан келтіреді, азаматтардың мемлекетке деген сеніміне нұқсан келтіреді және әділ сот төрелігі қағидаттарын бұзады. Сыбайлас жемқорлық әрекеттер сөзсіз, мемлекеттік басқарудың тиімділігін, елдің инвестициялық тартымдылығын төмендетеді, үдемелі әлеуметтік- экономикалық дамуды тоқтатуға ықпал етеді.

Қазақстанда үкімет деңгейінде мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының ірі ақшалай шығыстарына бақылау орнату және заңсыз өндірілген ақша мен өзге де мүлікті жария ету (тазарту) мақсатында қаржылық бақылаудың өзге де шараларын бекітетін нормаларды әзірлеу үшін нақты шараларжасалуда.Сол себепті, сыбайлас жемқорлық қылмысы қылмыс түрі бойынша

«ауыр» қылмыстарға жатқызылды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілерді аттестаттау жәнемемлекеттік қызметте жоғарылату және мемлекеттік қызметте жоғарылату туралы мәселені шешу кезінде оларды арнайы тексерудің міндеттілігі енгізілді. Осы бағытта басты артықшылықтар ретінде екі компонент анықталады:

  • ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлықтың өсуіне және өзара байланысына, күшеюіне жол бермеу;
  • елдің ұлттық қауіпсіздігіне, мемлекеттің конституциялық негіздеріне қатысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің деңгейі айқын болғандықтан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша құқықтық шараларды кідіріссіз қабылдау қажеттілігі.

Тәуелсіздік алғанына аз ғана уақыт болған еліміз үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте құқық қорғау және арнайы органдардың әдістері мен құралдарын қолдану, яғни осындай әлеуметтік қауіп төндіретін себептермен емес, оның салдарымен ғана күресу қажеттілігі туындады.1998-1999 жылдары елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай жақсара түсіп, жаңа экономикалық байланыстар орнатыла бастады, экономикалық қызметке сәйкес келетін заңнама әзірленді және қабылданды. Оларға жету үшін қажетті мақсаттар мен міндеттер анықталды. ХХІ ғасырдың басында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласында бірыңғай мемлекеттік саясат әзірленді, сыбайлас жемқорлықтың себептерін зерделеу бойынша ғылыми зерттеулерге талдау жүргізілді және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі халықаралық және отандық арнайы институттардың тәжірибесін кеңінен қолдана отырып, халықаралық ынтымақтастық дамыды. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша практикалық іс-шаралар әзірлеу жүзеге асырылды, қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұзақ мерзімді стратегия және қазіргі заманғы талаптар мен халықаралық тәжірибені ескере отырып, жаңа нормативтік құқықтық актілер әзірленді. Мәселен, 1998 жылғы 2 шілдеде қабылданған «Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы»

№267 Заңы ХХ ғасырдың соңында қабылданған заңдылық күші бар нормативтік құжат болды. Бұл заң 1991 жылы тәуелсіздік алған Қазақстан Республикасының 7 жылдық өмір тәжірибесін қамтыған құқықтық нормалардың жиынтығын құрады.

Уақыт өте адам баласының ой-өрісі өсіп, қылмысқа итермелейтін жаңа заманауи факторлардың пайда болуына (қолданысқа енуіне) байланысты қолданыстағы заңдардың күші әлсірей бастайтыны заңды құбылыс. Олай болатыны замана ағымымен қолданысқа енгізілген жаңа технологияның мүмкіндіктері мен қылмысқа итермелейтін тетіктері бұрынсоңды қабылданған заңдарда қарастырылмайды. Сондықтан жаңа технологияның көмегімен жасалған қылмыстар үшін жаза тағайындау мақсатында бұрынсоңды (сол уақытқа дейін) қабылданған заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі не толығымен күші жойылады.

Қоғамдық талаптың негізінде, қолданыстағы заңдардағы шектеулердің күші жойылып, жаң заңдар қабылдануға тура келеді. Мәселен, 2015 жылы «Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» №267 Заңының күші жойылып, 2015 жылдың 18 қарашасында «Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» №410-V Заңы қабылданды. Бұл жаңа заң 2016 жылдың 01 қаңтарынан бастап қолданысқа енді.

2015 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңының мақсаты төмендегіше мазмұнды құрайды:

  1. Осы Заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiнен туындайтын қауiп- қатерден Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау, олардың жолын кесу және ашу, олардың зардаптарын жою және кiнәлiлердi жауапқа тарту арқылы мемлекеттiк органдардың, мемлекеттiкмiндеттердi атқаратын лауазымды және басқа да адамдардың, сондай-ақ оларға теңестiрiлген адамдардың тиiмдiқызметiн қамтамасыз етуге бағытталған және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестiңнегiзгiпринциптерiн айқындап, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың түрлерiн, сондай-ақ жауаптылықтың пайда болу жағдайларын белгiлейдi.
  2. Жоғарыдағы Заң демократиялық негiздердi, мемлекеттi басқарудағы жариялылық пен бақылауды кеңейтуге халықтың мемлекет пен оның құрылымдарына деген сенiм нығайтуға, бiлiктi мамандарды мемлекеттiк қызметке кiруге ынталандыруға, мемлекеттiкмiндеттердi атқаратын адамдардың риясыз адалдығы үшiн жағдайлар жасауға да бағытталған.

Заңда сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылық субъектілері нақты айқындалған. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық субъектілеріне мемлекеттік функцияларды және оларға теңестірілген функцияларды орындайтын адамдар жатады. Олар: мемлекеттік қызметшілер, судьялар, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары және мәслихат депутаттары. Бұдан басқа, заңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске уәкілетті органдар тобы нақты айқындалған, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін заңдық жауапкершілік белгіленген.

Заң сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске арналған барлық кезекті нормативтік құқықтық актілер мен мемлекеттік бағдарламалардың заңдық және әдіснамалық базасын білдіреді. Осы заңның маңызы мен маңыздылығы, оның сыбайлас жемқорлыққа және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға қарсы кезекті және жүйелі күресті жүзеге асырудағы рөлі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес барысында қол жеткізілген уақыт пен нәтижелермен расталады.

Мемлекеттік билік органдарында сыбайлас жемқорлық азаматтардың конституциялық құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтіреді, демократиялық ұстанымдары мен құқықтық тәртіпті бұзады, мемлекеттік аппараттың қызметін төмендетеді, мемлекеттік реформаларды өткізуге кедергі келтіреді, сайып келгенде, азаматтардың билікке сенімін жояды. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңның 2-бабының 1-бөлігінде сыбайлас жемқорлық деп мемлекеттiкмiндеттердi атқаратын адамдардың, сондай-ақ соларға теңестiрiлген адамдардың лауазымдық өкiлеттiгiн және соған байланысты мүмкiндiктерiн пайдалана отырып не мүлiктiк пайда алу үшiн олардың өз өкiлеттiктерiн өзгеше пайдалануы, жеке өзi немесе делдалдар арқылы заңда көзделмеген мүлiктiкигiлiктер мен артықшылықтар алуы, сол сияқты бұл адамдарға жеке және заңды тұлғалардың аталған игiлiктер мен артықшылықтарды құқыққа қарсы беруi арқылы оларды сатып алуы ұғынылады.Бұл ретте, ең алдымен, сыбайлас жемқорлық әкімшілік құқық бұзушылық пен сыбайлас жемқорлық қылмыстық құқық бұзушылық арасындағы салдардың ауырлық дәрежесі бойынша нақты бағытты жүргізу қажет. Сыбайлас жемқорлықпен күрестің халықаралық тәжірибесі сыбайлас жемқорлық сипаттағы әкімшілік құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілікті белгілейтін ұлттық заңнамадағы нормаларды белсенді дамытуды, қылмыстық жауапкершілік шараларының алдында алдын алу шараларының басымдығын дәлелдеп отыр.

Мемлекеттік қызметшілердің моральдық мінез-құлық стандарттарын тәртіптік, қылмыстық және әкімшілік ықпал ету шараларының көмегімен тұрақты қолдау керек. Мұндай шаралар қылмыстық жауапкершілікке қарағанда тиімдірек, өйткені оларды қолдану жедел рәсімге байланысты; мемлекет тарапынан елеулі материалдық шығынды және құқық қорғау органдарының күш- жігерін талап етпейді; мемлекет ұстануы тиіс жазалаутәрбие саясатының негізгі қағидаттарының біріне толық сәйкес келеді, жаза неғұрлым тиімдірек болса, соғұрлым ол тезірек қолданылады. Сонымен қатар, жасалған құқық бұзушылық үшін жаза қолдану процесі ұзағырақ болса, ол жазасыз қалады деген ықтималдық көп болады.

Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі құқықтық саясатыныңтұжырымдамасында әкімшілік құқығының маңызды құрамдас бөлігі ретінде әкімшілік-деликт құқығы қаралады, оның дамуы әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманы жаңартумен байланысты. Тұжырымдамада атап көрсетілгендей, адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтары туралы, тікелей қолданыстағы заңдардың мәнін, мазмұнын және қолданылуын анықтайтын конституциялық нормаларды тану жатады.Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманың маңызды міндеттерінің бірі бұзылған құқықтарды қалпына келтіру, әкімшілік-құқықтық шаралармен қоғамдағы қақтығыстардың алдын алу болып табылады.

Мемлекет басшысының 2021 жылғы 15 қазандағы№674 Жарлығымен бекітілгенҚазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің мемлекеттің құқықтық саясаты саласындағы тиісті құжаттарын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының перспективалық және жыл сайынғы жоспарларын, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын әзірлеу үшін негіз болып табылады.

Әкімшілік құқық бұзушылық мемлекеттік-биліктік қатынастар саласында, мемлекеттік басқару жүйесінде жиі көрініс табады. 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы жаңа кодексінің«Әкімшілік құқық бұзушылық және әкімшілік жауаптылық» 2-бөлімінің 3-тарауы 25-бабына сәйкес, осы Кодексте сол үшін әкiмшiлiк жауаптылық көзделген, жеке тұлғаның құқыққа қарсы, кiнәлi (қасақана немесе абайсызда жасаған) әрекетi не әрекетсiздiгi немесе заңды тұлғаның құқыққа қарсы әрекетi не әрекетсiздiгiәкiмшiлiк құқық бұзушылық деп танылады (1-тармақ). Егер бұл құқық бұзушылықтар өзiнiң сипаты бойынша заңнамаға сәйкес қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпаса, әкiмшiлiк жауаптылық туындайды (2-тармақ). Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде бірқатар сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікті көздейтін бірнеше нормалар бар. Бірақ айта өту керек, жауапкершіліктің басталмауы осы нормаларды бұзу белгіленген қағидалар мен тыйым салуларды толықтай елемеуге әкеледі. Бұл сыбайлас жемқорлық әрекеттерге жатады: белгілі бір мемлекеттік қызметші үшін моральдық-этикалық түсінік бойынша мүмкін емес нәрсе, егер ол өзінің әріптестері үнемі солай әрекет етсе, мүмкін болып табылады. Осы Кодексте сол үшін әкiмшiлiк жауаптылық көзделген, жеке тұлғаның құқыққа қарсы, кiнәлi (қасақана немесе абайсызда жасаған) әрекетi не әрекетсiздiгi немесе заңды тұлғаның құқыққа қарсы әрекетi не әрекетсiздiгiәкiмшiлiк құқық бұзушылық деп танылады.Өзге де әкімшілік құқық бұзушылықтардан айырмашылығы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық әрқашан қасақана әрекет түрінде жасалады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте көзделген әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар құрамын ескере отырып, әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық деп мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлғаның немесе оған теңестірілген тұлғаның қоғамға әдейі қауіпті әрекеті, өзінің өкілеттігіне кіретін іс-әрекет (әрекетсіздік) үшін сол тұлғаның пайдасына материалдық игіліктерді жеке өзі немесе делдал арқылы заңсыз алудан көрінуі, сондай-ақ егер бұл іс-әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс- әрекет белгілері болмаса, сыйақы ұсыну бойынша жеке тұлғаның қасақана іс-әрекеттері түсіндіріледі. Бұл ұғым сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың материалдық мазмұнын, заңдық табиғаты мен әлеуметтік мәнін ашады және сол арқылы қоғамдық қауіптілік, құқыққа қайшылық, жазалану, кінәлілік пен қол сұғушылық объектісі ретіндегі оның белгілерін айқындайды.

Әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық құрамы Кодекстің 34-тарауында баяндалған және алты бапта тіркелген: жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруі (676-бап); мемлекеттік функцияларды атқаруға уәкілетті тұлғаның не оған теңестірілген тұлғаның заңсыз материалдық сыйақы алуы (677- бап); заңды тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруі (678- бап); мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруы және заңсыз кірістер алуы (679-бап); мемлекеттік органдар басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша шара қолданбауы 680-бап); бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған тұлғалардың жұмысқа қабылдануы (681-бап).

Әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар құрамыөзара негізделген және өзара байланысты төрт элементтен тұрады: субъект, объект, объективті жағы және субъективті жағы.

Субъект – бұл құқық бұзушылық жасаған және заңда белгіленген белгілері бар құқықтық жауапкершілікті атқаруға қабілетті адам.

Барлық сыбайлас жемқорлық әрекеттер оларды арнайы субъектінің мемлекет функцияларын орындауға уәкілеттік берілген тұлғаның және оған теңестірілген тұлғаның жасауын болжайды.

Мемлекеттiкмiндеттердi атқаруға уәкiлеттi адамдарға:

  • мәслихаттардың депутаттары;
  • Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет туралы заңнамасына сәйкес барлық мемлекеттiкқызметшiлер жатады.

Мемлекеттiкмiндеттердi атқаруға уәкiлеттi адамдарға:

  • жергiлiктiөзiн-өзi басқару органдарына сайланған адамдар;
  • заңда белгiленгентәртiппен Қазақстан Республикасының Президенттiгiне, Қазақстан Республикасының Парламентi мен мәслихаттардың депутаттығына кандидаттар ретiндетiркелген азаматтар, сондай-ақ жергiлiктiөзiн-өзi басқару сайланбалы органдарының мүшелері;
  • жергiлiктiөзiн-өзi басқару органдарында тұрақты немесе уақытша жұмыс iстейтiн, еңбегiне ақы Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бюджет қаражатынан төленетiнқызметшiлер;
  • мемлекеттік ұйымдарда және жарғылық капиталындағы мемлекеттің үлесі елу пайыздан көп болатын ұйымдарда, оның ішінде акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтерде, ұлттық холдингтерде, ұлттық компанияларда, ұлттық даму институттарында, олардың дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы өздеріне тиесілі еншілес ұйымдарында, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы көрсетілген еншілес ұйымдарға тиесілі заңды тұлғаларда басқару функцияларын атқаратын адамдар;
  • Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшілері теңестіріледі.

Жоғарыдағызаңда мемлекеттік ұйымдарда және жарғылық капиталында мемлекеттің үлесі елу пайыздан көп болатын ұйымдарда, оның ішінде акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтерде, ұлттық холдингтерде, ұлттық компанияларда, ұлттық даму институттарында, олардың дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы өздеріне тиесілі еншілес ұйымдарында, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы көрсетілген еншілес ұйымдарға тиесілі заңды тұлғаларда басқару функцияларын атқаратын адамдар болып көрсетілген ұйымдарда тұрақты, уақытша немесе арнаулы өкілеттік бойынша ұйымдастырушылық немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларды атқаратын адамдар танылады.

Ұйымдастырушылық-әкімшілік міндеттер деп адамдардың заңнамада және ұйымның атқарушы органының құрылтай құжаттарында көзделген өкілеттіктерді жүзеге асыру жөніндегі қызметі түсініледі. Бұл міндеттерге ұжымға жалпы басшылық жасау, кадрларды орналастыру және іріктеу, бағынышты адамдардың жұмысын ұйымдастыру және бақылау, көтермелеу және тәртіптік жазалар қолдану шараларын қолдану арқылы еңбек тәртібін сақтау жатады. Әкімшілік-шаруашылық міндеттер деп толық материалдық жауаптылық жүктелген тұлғалардың берілген өкілеттіктердің шегінде мүлікті, соның ішінде ұйымның балансындағы және банк шоттарындағы ақшаны басқару және оларға билік ету жөніндегі қызметті жүзеге асыруы түсініледі. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық субъектiлерiне лауазымды және мемлекеттiкмiндет атқаруға уәкiлеттi өзге де адамдарды немесе оларға теңестiрiлген адамдарды сатып алуды жүзеге acыpушы, сол сияқты оларға заңға қайшы мүліктік игiліктер мен артықшылықтар беретiн жеке және заңды тұлғалар да жатады.

Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 1-бабы, 12-ші тармақшасында мемлекеттік қызметші ұғымына келесідей анықтама берілген: «мемлекеттiкқызметшi – мемлекеттiк органда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленгентәртiппен республикалық немесе жергiлiктi бюджеттерден не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қаражатынан ақы төленетiн лауазымды атқаратын және мемлекеттiңмiндеттерi мен функцияларын iске асыру мақсатында лауазымдық өкiлеттiктерді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы».

ҚР ӘҚБтК 28-бабына сәйкес, әкiмшiлiк жауаптылыққа: әкімшілік құқық бұзушылық аяқталған немесе оның жолын кескен кезде он алты жасқа толған, ақыл-есi дұрыс жеке тұлға, сондай-ақ заңды тұлға жатады. Бұл ереже негізінен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық субъектілеріне де қолданылады. Сыйақы берушінің мүддесі үшін құқыққа қарсы іс-әрекеттер жасағаны үшін лауазымды адамға сыйақы беретін субъект 16 жасқа толған жеке тұлға, сондай-ақ заңды тұлға болуы мүмкін. Заңды тұлғаның әкімшілік жауапкершілігінің ерекшелігі заңды тұлғаның атынан құқыққа қарсы сыйақыны заңды тұлғаның атқарушы органының басшысы не заңды тұлғаның атқарушы органы атынан өзге жеке тұлғаның ұсынуын білдіреді. ҚР ӘҚБтК 29-бабына сәйкес, осы Кодексте көзделген құқыққа қарсы іс-әрекет жасаған кезде ақыл-есi дұрыс емес жағдайда болған, яғни өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) нақты сипаты мен қауiптiлiгiн сезіне алмаған немесе оларды созылмалы психикалық ауруының, психикасының уақытша бұзылуының, ақыл-есі кемдiгiнің немесе психикасының өзге де сырқатты жай-күйiнiң салдарынан басқара алмаған жеке тұлға әкiмшiлiк жауаптылыққа жатпайды. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған тұлғаны әкімшілік және өзге де заңмен көзделген жауапкершіліктен оның есі дұрыс емес болуына байланысты босату үшін негіз ретінде тек сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысы болуы мүмкін. Егер, әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған адамның есі дұрыс емес екендігі белгілі болған жағдайда, іс бойынша іс жүргізуді бастауға болмайды, ал басталған іс құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты қысқартылуға жатады.

«Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 1-бабы 12-тармақшасы бойынша шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар мемлекеттік қызметшілер болуы мүмкін емес. Барлық сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың объектілері мемлекет функцияларын орындауға уәкілетті тұлғалардың қызметтік өкілеттігін жүзеге асыруының белгіленген тәртібі болып табылады. Сонымен қатар, әрбір нақты сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа уәкілетті тұлғалардың мемлекет функцияларын орындауына байланысты оның тікелей объектісі болады. Мысалы, мемлекет функцияларын орындауға уәкілетті тұлғалардың заңды және жеке тұлғаларға ақпаратты ұсынуының белгіленген тәртібі; осы адамдардың өзге де тұлғалардың кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде жәрдемдесуінің белгіленген тәртібі және т. б. Барлық сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың объективті жағы әрекет етуімен (мысалы, заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруы; мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару заңсыз кірістер алуы) немесе әрекетсіздігімен (сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша мемлекеттік органдар басшыларының шара қолданбауы) сипатталады. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың субъективті жағы тікелей ниетпен сипатталады: кінәлі адам өзінің қоғамға қауіптілігін және өзі жасаған әрекеті немесе әрекетсіздігінің және оны жасағысы келетін істің заңға қайшы екенін сезінеді. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың кейбір құрамдарына мақсат және мотив тән. Бірде-бір сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық абайсызда жасалмайды.

Мемлекеттік қызметте мүдделер қақтығысының аса қауіпті нысандары болып табылатын, ең көп таралған құқық бұзушылық қатарына мемлекеттік қызметкерлердің заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруын, мемлекеттік функцияларды атқаруға уәкілетті тұлғаның не оған теңестірілген тұлғаның жеке немесе заңды тұлғалардан заңсыз материалдық сыйақы алуын жатқызуға болады. Әкімшілік жауапкершілік және оның түрлері әкімшілік құқық бұзушылық құрамының элементтеріне жатпайды, заңды жауапкершілік түрі ретінде әкімшілік құқық бұзушылықтың белгісі болып табылады. Жекелеген мемлекеттік міндеттерді атқару тәртібі туралы заңдарға сәйкес, (мәслихат депутаттарының, судьялардың мәртебесі, мемлекеттік қызметшілердің жекелеген санаттарының қызмет өткеруі туралы, сыбайлас жемқорлыққа байланысты өзге де ықтимал құқық бұзушылық субъектілері туралы) сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған шектеулер мен тыйым салу көзделетін басқа да құқықтық нормалар белгіленуі мүмкін.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабында көрсетілген субъектілер сыбайлас жемқорлыққа байланысты сыбайлас жемқорлық іс- әрекеттерді және өзге де әрекеттерді жасағаны үшін ҚР ӘҚБтК негізінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Судьялар, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары және өзге де көрсетілген саяси мемлекеттік қызметшілер әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін Кодекс негізінде әкімшілік жауаптылыққа тартылады, бірақ олардың мәртебесі туралы тиісті заң актілерінде белгіленген арнайы рәсімдер алдын ала сақталады.

Енді, құқықбұзушылықтар (заңсыз әрекеттер) үшін қолданылатын заңдыжауапкершілікқағидаттарына мән берейік:

Заңды жауапкершілік дегеніміз– Құқықбұзушылықтар, яғни құқыққа қайшы заңсыз әрекеттер орын алған жағдайда мемлекет пен құқық бұзушының (кінәлі азаматтың) арасындағы ерекше байланыс сипатында пайда болатын заңды жауапқа тарту тәсілі. Нәтижесінде, соттың үкімі не шешімімен мемлекет атынан құқық бұзушыға арнайы жазалау шаралары қолданылады.

Заңды жауапкершілктің мақсаты – қоғамдағы әрбір адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамдық ортадағы заңдылық пен құқықтық тәртіптің орнауын қамтамасыз ету.

Жасалған құқықбұзушылықтың сипатына және құқықтың салаларына қарай заңды жауапкершілік келесі түрлерге бөлінеді:

  • әкімшілік;
  • азаматтық-құқықтық;
  • материалдық;
  • тәртіптік;
  • қылмыстық.

Әкімшілік жауапкершілік 16 жастан бастап қолданылады. Негізі – әкімшілік тәртіпті бұзу болып табылады. Жазалау түрлері – арнайы құқықтан айыру (жүргізушінің, аңшының және т.б.), айыппұл, әкімшілік қамау және т.б.;

Азаматтықжауапкершілік14 жастан бастап қолдналылады. Негізі – келісімшарт тәртібін бұзу, келтірілген шығынды өтеу және мүліктік сипатболып табылады. Жазалау түрі – айыппұл, келтірілген шығынды өтеу және т.б.;

Материалдықжауапкершілік16 жастан бастап қолданылады. Негізі – мекемелерге, ұйымдарға немесе кәсіпорындарға келген шығындардың нәтижесінде пайда болады. Жазалау түрлері – келтірілген материалдық шығынды толық өтеу.

Тәртіптікжауапкершілік 16 жастан бастап қолданылады. Негізі – әскери, еңбек немесе оқу тәртібін бұзған жағдайда қолданылады. Жазалау түрлері – ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс, жұмыстан босату.

Қылмыстықжауапкершілік 14 жастан бастап қолданылады. Негізі – тек Қылмыстық кодексті бұзғаны үшін қолданады. Жазалау түрлері – бостандығын шектеу, бостандықтан айыру, айыппұл, өлім жазасы және т.б.

Заңды жауапкершілік құқық бұзған тұлғаға мемлекет атынан қолданылатын мәжбүрлеу шарасы болғандықтан, ол шаралар арнайы талаптарға, яғни заңды жауапкершіліктің қағидаттарына сай болуы тиіс.

Ескеретін жәйт, қоғамға, жеке тұлғаға және мемлекетке кесірі тигенімен, жеке тұлғаны заңды жауапкершілікке тартпайтын жағдайлар болады. Ондай жағдайлар заңда көрсетілгендей, заңды жауапкершілікке тартылмайтын жағдайлар деп аталады. Ондай жағдай орын алған кезде тұлға заңды жауапкершілікке тартылмайды.

Оларға:

  • Ессіздік. Тұлға өз әрекетіне жауап бере алмайды.

Қажетті қорғаныс. Тұлға өзін, өзінің құқығын немесе басқа тұлғалардың мүддесін қоғамдық қатерден сақтап қалу мақсатын ұстанады. Дегенмен бұл жағдайда қажетті қорғаныс шектеулерінің шегінен шықпауы тиіс.

Қылмыс жасаған тұлғаны ұстау әрекеті. Қылмыстың тез ашылуына және екінші қылмысқа ұласпауына ықпал етеді.

-Аса қажеттілік.

Құқықбұзушылықты психикалық немесе физикалық мәжбүрлеумен жасату. Өз еркінен тыс жасауға мәжбүрлі күйге түскен адамның әрекеті.

Бұйрықты орындау – яғни, кесірін тигізіп отырған тұлға өзінің заңды міндеттемесін орындап отырған тұлға болса, мысалы, әскери бұйрық орындау.

Азмәнділік– яғни, жасалған құқықбұзушылық қоғамға ешқандай қауіп төндірмейді.

Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашада қабылданған«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» № 410-VЗаңында «сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл» ұғымының мазмұны «сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің өз өкілеттіктері шегіндегі сыбайлас жемқорлықтыңалдын алу, оның ішінде қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою жөніндегі, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру және олардың салдарларын жою жөніндегі қызметі» ретінде ашылады.Аталмыш заң сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қоғамдық қатынастардыреттейді және Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іскеасыруға бағытталған.Осы заң Қазақстан Республикасының аумағында жеке және заңды тұлғаларға қатыстықолданылады. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттаөзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде осы заң Қазақстан Республикасының азаматтары мен Қазақстан Республикасында тіркелген заңды тұлғаларғақатысты қолданылады.

Сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық пен жаза – Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде, әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар үшін әкімшілік жауаптылық пен жаза – Қазақстан Республикасының Әкімшілікқұқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген.

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық дегеніміз – бұл үшін заңда әкімшілік немесе қылмыстықжауаптылық белгіленген, сыбайлас жемқорлық белгілері бар құқыққа қайшы, кінәлі түрдегііс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік).

Сыбайлас жемқорлық тәуекелі дегеніміз– сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауғаықпал ететін себептер мен жағдайлардың туындау мүмкіндігі.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу дегеніміз– сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылсубъектілерінің алдын алу шаралары жүйесін әзірлеу және енгізу арқылы сыбайласжемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды зерделеу,анықтау, шектеу және жою жөніндегі қызметі.

Сыбайлас жемқорлық дегеніміз– жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың,мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, мемлекеттікфункцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестiрiлген адамдардың,лауазымды адамдардың өздерінің лауазымдық (қызметтік) өкiлеттiктерін және соғанбайланысты мүмкiндiктерiн жеке өзi немесе делдалдар арқылы жеке өзіне не үшіншітұлғаларға мүлiктiк (мүліктік емес) игiлiктер мен артықшылықтар алу немесе табумақсатында заңсыз пайдалануы, сол сияқты игiлiктер мен артықшылықтарды беру арқылыосы адамдарды параға сатып алу.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат дегеніміз– сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға,қоғамның мемлекеттік органдар қызметіне сенімін арттыруға бағытталған құқықтық, әкімшілік және ұйымдастырушылық шаралар және осы заңға сәйкес өзге де шаралар.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер дегеніміз– осы заңда белгіленген және сыбайласжемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған шектеулер.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл дегеніміз– сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылсубъектілерінің өз өкілеттіктері шегіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оның ішіндеқоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлыққұқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жоюжөніндегі, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашужәне тергеп-тексеру және олардың салдарларын жою жөніндегі қызметі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган дегеніміз– өз өкілеттіктерішегінде Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыружәне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласын үйлестіру жөніндегі функциялардыжүзеге асыратын мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимылсаласындағы орталық атқарушы орган; оның ведомствосы, аумақтық бөлімшелері болып табылады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг дегеніміз– сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылсубъектілерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігіне, сыбайласжемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы құқық қолдану практикасының жай- күйіне,сондай-ақ қоғамның сыбайлас жемқорлық деңгейін қабылдауы мен бағалауына қатыстыақпаратты жинау, өңдеу, жинақтап-қорыту, талдау және бағалау жөніндегі қызметі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтің мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы құқық қолдану практикасын бағалау болып табылады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтің дереккөздері – құқықтық статистика мен жеке және заңды тұлғалардың өтініштері, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардыңмәліметтері, әлеуметтік сұрау жүргізу деректері мен бұқаралық ақпарат құралдарындағыжарияланымдар, сондай-ақ заңмен тыйым салынбаған өзге де ақпарат көздері болыптабылады.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау (ішкі және сыртқы) дегеніміз– сыбайлас жемқорлыққұқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау жәнезерделеу.Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтің нәтижелері сыбайлас жемқорлықтәуекелдеріне талдау жүргізу, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттіқалыптастыруға бағытталған шараларды жетілдіру үшін негіз болып табылуы мүмкін.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар дегеніміз– қоғамдық қатынастардың оқшауланғансаласы үшін белгіленген, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған ұсынымдаржүйесі.Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды жұртшылықтың қатысуымен мемлекеттікоргандар, ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері әзірлейді және оларзаңнаманы әзірлеу кезінде және құқық қолдану практикасында ескеріледі.

Бұл тармақты қорыта келе, қазақ халқының «Жаман іс жауапсыз қалмайды, жақсы іс сауапсыз қалмайды» деген мақалындағы астарлы тиымды ерекше негізге алуға болады. Сыбайласу әрекетінің барлығы – құқыққа қайшы теріс қылық пен заңсыз әрекеттердің жиынтығын құрайды. Басқа кез- келген қылмыстарда қылмысты бір адам жасай алатын болса, сыбайлас жемқорлық қылмысында екі не одан көп адамның өзара сыбайласуы (келісіп, әрекет етуі) арқылы жүзеге асатын қылмыстық әрекет. Демек, бір адамға қарағанда екі немесе одан көп адамдардың біріге жасаған қылмысының зардабы қоғам үшін, азаматтар үшін әлдеқайда ауыр болады. Сондықтан да сыбайлас жемқорлық қылмысы ауыр қылмыстардың түріне жатқызылады.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *