АЙТУЛЫ ТҰЛҒАНЫҢ  ҚАБЫЛДАУЫНДА БОЛҒАНДА АЙТУЛЫ ТҰЛҒАНЫҢ  ҚАБЫЛДАУЫНДА БОЛҒАНДА
Белгiлi ақын Темiрхан Медетбектiң: Нұртас аға! – Нұр мен тастан жаралған. Қасиетті топырақтан нәр алған. Болған оның санасында сан ойлар, Жүрегінде сан үміт пен... АЙТУЛЫ ТҰЛҒАНЫҢ  ҚАБЫЛДАУЫНДА БОЛҒАНДА

Белгiлi ақын Темiрхан Медетбектiң:
Нұртас аға! –
Нұр мен тастан жаралған.
Қасиетті топырақтан нәр алған.
Болған оның санасында сан ойлар,
Жүрегінде сан үміт пен сан арман.
Жанын жесе тіршіліктің ағыны
Лапылдап бір жанған іште жалыны…
Қай кезде де, қай тұста да, қашанда
Жолдас болған парасат пен сабыры.
Таза болған ақ бұлттай жаны да,
Таза болған қазақилық қаны да,
Таза болған ойы менен сезімі,
Таза болған ұяты мен ары да!
Отқа түсіп жатқан кезде сүйікті ел,
Қапаланып күреңіттің күйіктен.
Сені қанша құлатса да, бәрібір
Түскен жоқсың тұғырыңнан – Биіктен!
Көріп жүріп бүгінгінің арынын,
Сездің іштей келешектің сарынын.
Ұшар басың көкке қарай ұмтылып,
Тым тереңде жатты сенің тамырың.
Биік еді, биік еді мұратың.
Жан аз еді оны бірақ ұғатын.
Сенің тұлғаң көп пенделер ішінде
Өзгеше боп, ерекше боп тұратын.
Қанша заман келер, кетер жаңғырып,
Сөз бен ісін өткен күнге қалдырып.
Қай заман мен қай кезде де өлмейтін,
Нұртас аға,
Сенің орның – Мәңгілік! – деп жырлауы халықтың Нұртас ағаға деген құрметiн айрықша айқындап тұрғандай…

Осы орайда 1961-шi жылдың тамыз айында Нұрекеңнiң қабылдауында болғаным есiме оралып тұр. Ол кезде Маңғыстау ауданында шығатын “Еңбек туы” газетi редакторының орынбасары, әрi партия тұрмысы бөлiмiнiң меңгерушiсi болып қызмет істейтінмін. Бір күні маған аудандық партия комитетiнiң нұсқаушысы қызметi ұсынылды. Ол кезде бұл қызмет облыстық партия комитетiнiң номенклатурасына жататын едi де, осы жұмысқа ұсынылған кадр обкомның бюросында бекитiн. Осыған байланысты облысқа шақырылған менi алдымен облыстық партия комитетiнiң ұйымдық-партиялық жұмыс бөлiмiнiң меңгерушiсi Ж. Мұқашев қабылдады да, обкомның салалар бойынша жұмыс атқаратын хатшыларына таныстырды.
Содан кейiн ендi облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Нұртас Дәндiбайұлының қабылдауында бо-ласың деп ескерттi де, ол кiсiнiң алдында өзiмдi қалай ұстау керектiгiн, қойылған сұрақтарға абыржымай
нақты жауап беру қажеттiгiн қаперiме бердi. Обкомның бiрiншi хатшысының қабылдайтынын бiлгенiмде менiң бiршама абыржып қалғаным да рас едi.
Нұрекеңдi мен бұдан бұрын 1957-шi жылы Москвада өткен Студенттер мен жастардың VI-шы Дүниежүзiлiк фестивалiне Атырау (Гурьев) облысынан баратын 50 жасты қабылдаған кезiнде бiрiншi рет көрген едiм. Қалалар мен аудандардан келiп, облыс орталығында бас қосқан бiздер отырған кең залға үстерiне ақ кос-тюм киген екi кiсi келдi. Есiктен алдымен енген iрi денелi, қоңырқай өңдi, жылы жүздi кiсi залды бiр шолып өтiп, iркiлместен сөз бастап кеткен едi. Бiзге қарап ерекше ынта- жiгермен көсiлте сөйлеген бұл кiсi айтқан сөздердiң менiң есiмде қалған түйiнi: сiздер Кеңес елiнiң жастарысыздар, ал Кеңес елiнiң жастары әркез өздерiнiң мәдениеттiлiгi, тәртiптiлiгi, әдептiлiгiмен үлгi болулары керек. Екiншiден, өзге елдерден келген кейбiр жастарға елiктеп, терiс қылықтарға бой ұрудан, ақыры азғыруға ерiп елден кетiп қалуға дейiн барудан сақ болыңыздар, халқымыздың атына сын келтiретiн өзге де әрекеттерден абай болыңыздар – деген әкелiк ақыл-кеңесiн айтты. Бұл кiсiнiң облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Нұртас Дәндiбайұлы Оңдасынов екенiн бiздер сонда бiлген болатынбыз.
Ендi, мiне, сол кiсi менi өзiнiң кабинетiнде қабылдап отыр. Бiздер есiктен кiргеннен кейiн бөлiм бастығы маған Нұрекеңе жақын тұрған орындыққа отыруға белгi бердi де, өзi ұзын столдың арғы жағындағы маған қарсы беттен орын алды. Аздаған аман-саулық сұрағаннан кейiн Нұртас Дәндiбайұлы менiң қандай оқу орнын бiтiргенiм, мамандығым, қандай жұмыстар атқарғаным, қоғамдық жұмыстарға араласым жайлы, әдеби, тарихи кiтаптарды оқуым жайлы сұрақтар қойып отырды. Естуiм бойынша бұрын ҚКСР Үкiметiнiң төрағасы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесi төралқасының төрағасы қызметтерiн атқарған, ендi облыстың бiрiншi басшысы дәрежесiнде орасан зор еңбектер атқарып халықтың құрметiне ие болып отырған кiсiмен жүзбе-жүз кездесу, сұрақтарына жауап беру маған оңайға соға қойған жоқ.
Бiр кезде Нұрекең, шырағым,
Маңғыстау таза малшаруашылығымен айналысатын iрi аудан ғой,
өзiң малшаруашылығы деген кәсiптi бiлесiң бе? дедi баяу, бiрақ – жеткiлiктi анық дауыспен. Бұл сұраққа мен «әкем балықшы, малшы болған кiсi, оның iшiнде жылқы баққан. Бала кезiмде өзiме қатарлас балалармен бiрге жылқының күзетiне бару, мезгiлiнде суға айдасып келу сияқты әлiм жететiн жұмыстарға араласып жүрдiм.
Университеттi бiтiрiп келгеннен кейiн де ұжымшар орталықтарындағы мектептерде оқытушы болып iстей жүрiп, малшаруашылығында болып тұратын қиын кездерде малшыларға қол ұшын беруге оқушыларды бас-
тап барып, iстелетiн шаруаға өзiм
де қатысып жүрдiм. Алайда мал-шаруашылығын жақсы бiлемiн деп айта алмаймын» дедiм.
Мен осылай деген кезiмде Нұрекең бөлiм бастығына қарай сәл мойнын бұра түстi де, «мына жiгiт малшаруашылығын бiлмеймiн деп отыр ғой» дедi қатқылдау үнмен. Осы кезде бөлiм бастығы маған көмекке келгiсi келдi-ау деймiн, орысша сөйлеп, “конечно, он знает элементарные вопросы сельского хозяйства” – деп қалды. Сол сол екен, бұған дейiн жайдары отырған Нұрекең бөлiм бастығының әлгi сөздерiне бiрден ренiш бiлдiрiп, столды алақанымен қағып жiберiп: «Сiз не деп отырсыз, элементарные вопросы сельского хозяйства деген не сөз? Күнi ертең мына өзiмiздегi ауылшаруашылық техникумының ұстаздарын шақыртайын да Сiзден ауылшаруашылығының нағыз қара-пайым делiнетiн “элементарные вопросы” сұрақтары бойынша емтихан қабылдатайын. Егер сол сұрақтарға жауап бере алмасаңыз, солай боларына мен кәмiл сенемiн, өзiңiзге өкпелейтiн боларсыз» деп бiр-ақ тоқтады.
Бөлiм бастығы да, мен де үнсiз қалдық. Әсiресе мен, ендi не болар екен деп қобалжи бастадым. Осы кезде Нұрекең назарын маған аударып, есiңде болсын, мал шаруашылығында “элементарные” дегендей ұсақ нәрсе болуға тиiс емес, мұнда әрi оңай, әрi жеңiл шешiле салатын iс жоқ. Өйткенi әр түлiктiң бiр-бiрiнен өзгешелiгiн ескере отырып, тиiсiнше жайып-бағуды, сөйтiп, қалыпты дамуын қамтамасыз ету үшiн жеткiлiктi шаралар алып отыруды қажет ететiн аса жауапты сала. Университеттi бiтiрген кiсiге тағы бiр ауылшаруашылығына байланысты оқу орнын бiтiр дегiм келмейдi. Бiрақ бұл сала туралы жазылған материалдарды үзбей оқып, мал шаруашылығы ғылымынан жет-кiлiктi хабардар болуың керек. Өзiң бiлесiң, Маңғыстау аудандық Кеңес атқару комитетiнiң төрағасы болып iстеген Қазиев Қошық деген азамат бiздегi ауылшаруашылық техникумын бiтiрдi. Соның арқасында ғана жұмысы өзгерген кезде ол ”Мұқыр” кеңшарына директор болып бара алды.
Егер оның арнаулы мамандығы болмағанда кеңшар директоры етiп жiбермеген болар едiк. Сiз бiлiмi бар жас адамсыз, алдыңызда талай-талай қиындықтар, өмiр өткелдерi бар. Сол қиындықтарды жеңiп, белестерден абыроймен өту үшiн әлi де болса жан-жақты дайындық, жетiлу керек. Менiң өзiм 34 жасымда Қазақ КСР Министрлер Кеңесiнiң төрағасы болдым. Оған дейiн де бiрқатар лауазымды қызметтер атқарған болатынмын. Кадрдың жас болуы оның жауапкершiлiгiн төмендетпейді, керісінше, тапсырылған iстi лайықты атқаруға барлық күш-жiгерiн аямауды, бiлiм-тәжiрибесiн жетiлдiре түсудi талап етедi… Жұмысыңыз жемiстi болсын, – дедi, сөзінің соңында.
Мемлекет және қоғам қайраткерi, жоғары лауазым иесi Нұртас Дәндiбайұлының ақылды, мәні зор сөздерi есiмнен еш шығып көрген емес. 1964-1966 жылдар арасында Алматыда екi жылдық Жоғары партия мектебiнде оқыған кезiмде Зоотехникалық- малдәрiгерлiк институтына сырттай түсiп, ғалым-зоотехник мамандығын алып шығуыма да Нұрекеңнiң осы сөз-дерiнiң ықпалы, әсері болды дей аламын. Қандай мамандық болмасын iстi шешуге аса жауапкершiлiкпен қарау, жеңiл шешiлетiн қарапайым мәселе ғой деген ойдан аулақ болу Нұрекеңнiң осы қабылдауынан алған сабағым болды.
Соңғы кездердегi Нұрекең туралы жазылған көптеген мақалаларды оқыған кезiмде асыл ағаның өз аузынан айтқан мына сөздерiне кезiккен едiм: «Мен үш нәрседен тазамын: Қаншама жыл билiк басында жүрiп, бiреуден бiрдеме дәметiп, немесе пара алған адам емеспiн – ел алдында қолым таза. Екiншi, мың сан адаммен араласып жүрiп, бiр адамның руын сұрап, бөлген емеспiн – жүзім таза. Үшiншiден, “халық жауы” деп азаматтарды атып жатқанда, мен бiрде-бiр құжатқа оларды қаралап қол қойған емеспiн – арым таза».
Қиын да қарбалас, ел iшiн үрей билеген тар заманда басшылық қызметте болып, адалдық қалпынан айнымаған, өзiмен қатар жүрiп, халқының болашағы үшiн күреске бар өмiрiн сарп еткен, арын таза сақтап, адалдық, қайсарлық көрсеткен, әрқашан қазақ мемлекетiнiң туын жоғары ұстап, ойлағаны елiнiң ертеңi, халқының қамы болған айтулы тұлға — Нұртас Дәндiбайұлы Оңдасыновтың өнегелi өмiрi халық жадында мәңгі сақталмақ.

Дүйсенбі Әріпұлы
Маңғыстау

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *