БАП ПЕН БАҚ ТЕҢ ТҮСКЕНДЕ ҒАНА СПОРТШЫЛАР ЖОЛЫ ОҢҒАРЫЛАДЫ
17.09.2024 0 405
Бақтияр Тайжан
Спортшылар туралы көптеген көркем деректер мен келелі мақалалардың авторы. «Қазақ балуандары» және «Қазақ боксшылары» жинағын құрастыруға қатысты
(«Ер Даулет» агенттігі). С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты
Бәрімізге белгілі жәйт. Әлемдегі барлық бапкерлер олимпиадада қауымдасып бірге жүреді. Әр жекпе-жекті талдайды. Төрешілердің қараулығы сөз болады. «Сыйласпаққа жат жақсы» дегендей, біздер қазақ боксының басына жуынды құйып, кей қасиетсіздер тар жерде қолтығынан қанжар ұрып жатқанымызда сол шіркіндер біздің боксшылардың жанкүйерлері болып, шыр-пыры шығыпты. Біздегі диван эксперттердей білімді, сұңғыла емес екен. Олардың айтуынша Сәкен Бибосынов Хасанбой Дусматовты ұпай айырмашығымен жеңген. Сәкен осы олимпиадада ең жарық жұлдыз екен. Жанбай қалған. Біз жандыра алмай қалған. Айбекті айтыпты. Финалдың қаһарманы болу керек еді депті. Азербайжандық атынан түскен кубалық Лопесті үш раунд бойы аяғынан тұрғызбай жүріп жеңілді. Ал, финалда өзбек Муллажонов үш раунд бойы қашып жүріп таза жеңеді. Мұхамедсабырды айтыпты. Қолма қол айқастың қаһарманы Махмұд Сабырханды айтыпты. «Неге бұл олимпиадада қазақ боксшыларына айырықша қысым көрсетілді?» «Неге бұл олимпиада да әділқазылар өзбек боксшыларына қатты қолдау көрсетті?»
Кескекті ердің сойы, Махамбет ақын айтқандай қабырғасын біртіндеп сөксеңде қабағын шытпайтын, басын кесіп алсаң да өтірікке жоқ Мырзағали Айтжановтың жаны күйіп айтқаны осы.
Ал, осы бассыздықтарға тікелей жауапты, біздің батырлардың жеңісі ұрланып жатқанда тырс деп үн шығара алмаған ҚР Спорт және туризм министрі , ҰОК-і және Қазақстан Бокс Федерациясының Президенті сүттен ақ, судан таза періште екен. Алайда шындық олай емес екен. Соған орай Президент өз жарлығымен министрді орнынан босатты. Дегенмен “көп шуылдақ” Айтжановты құрбандыққа шалып жіберді.
Қазір Қазақстан бокс құрамасының бас бапкері болып қайтадан Қайрат Сәтжановты сайлады. Құтты болсын. Сәтті жол болсын!
Біздің Мырзамен әңгімеміз бұл шешімнен апта бұрын болған. Сол кездің өзінде Айтжанов бас бапкерліктен өз еркімен кететіндігін айтқан. Теңдік сұрайтын ағасы, жағасы жоқ бокс тағдыры есіл ерді түңілдіріп жіберсе керек.
Қазақтың көрнекті классик жазушысы Асқар Сүлейменовтің:
«Қазақ болу қызық, әсіресе Шымкентте», — деген қанатты сөзі бар. Соған бір ауыз сөз қосайын. «Қазақ болу Қазақстан бойынша қызық».
Бір диван батырлар олимпиада басталмай жатып қазақ боксын жерлеп, өзбек боксын көкке көтерді. “Мырзағалиді баяғыда орнынан алу керек еді” деді. Тіпті, бір олимпиада жеңімпазымыз «Парижде бір алтын алмаймыз» деп соқты.
Бәрі көріпкел екен. Айтқандары келді. Іштерінен күліп, рахаттанып жатқан шығар.
Ал, сол мұндарлар «қазақ боксына қиянат жасалды» деген әлемдік бапкерлердің ішінде айдарынан жел ескен өзбек бапкерлерінің болғанын білер ме екен?!
Бір қызығы, олимпиада басталмай жатып, қазақ боксын түкке алғыссыз қылғандар енді шәпкесін теріс айналдырып киіп алып, «қазақ боксына қиянат жасалды» деп екі көзінен жас парлап, еңіреп жүр.
“Қазақ болу Қазақстанда қызық» деп жатқанымыз осы ғой.
Айтайық, Мырзағали екі туып бір қалғаным емес. Оны қырық жылдан аса білем. КСРО құрамасында болып, «Мистер нокаут» деген лақап атына сай бокстасып жүрген кезінен. Әлемдегі үздік бапкер екенін білемін. Екі рет осындай атаққа ие болды. Куба, Өзбекстан және басқа мемлекет боксшыларына оқу-жаттығу жиынына басшылық жасаған кезінен білемін.
Солардың бірде-біреуі Мырзағали Айтжанов бапкердің айтқанын бір ауыз сөзге келмей орындайтынын көргем.
Жақсы атадан туған Мырза қазақтың салт-дәстүріне берік.
Бір жиында олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарын қалауынша ұтып, әбден мезі болған кубалық кәрі тарлан Ла Крузды саптың орта шенінен жұлып алып, ең алдына қойды.
«Ақсақалдарың осы. Алда тұруы керек. Бәріңе құрмет тілеймін» деді. Бахадыр Жалолов бастап бәрі ықыластана қол соқты. Айтып тұрғаны өте дұрыс.
Ал, біз, біз емес-ау, Қазақстанның спорт функионерлері Әлемдік санаттағы Бапкерімізді құрметтеу түгілі бір-ақ күнде күресінге лақтырып жібердік.
Күндестер күліп, атақты Хулио Сесар Ла Крус «қадірімді арттырған ағатайым-ай» деп өкіріп, жар құшақтап жылап жатқан шығар.
Мырзаны қинаған, жөнді-жөнсіз ақыл айтқыштардың шектен тыс көбейіп кеткені. «Тисе терекке, тимесе бұтаққасы» көп. Соның бірі қариямыз Амалбек Тшанов.
— Мен фейсбукқа көп кірмеймін. Бірақ, жігіттер хабарласып мән-жайды айтып отырады. Осы кісі Мырзағали бас бапкерліктен кетсін деп екі ауыр кінә артыпты. Мен Сабырхан Махмудовты 51 келі салмаққа қойып, Сәкен Бибосыновты 57-келі салмаққа ауыстыруым керек екен. Сонда Сабырхан сөзсіз олимпиада чемпионы болады екен.
Айтайын. Сабырханның бойы аласа болғанымен еті тығыз, сүйегі ауыр. Ол өзінің 54 келі салмағының өзіне 5-6 келі салмақ қуатын. Оның 51 келіге қойсаң, 10 келі салмақ тастауы керек. Онда оның қуатты соққысының бірін көре алмайсыз. Осыны бұрын боксшы болдым дейтін қарияның білмейтіндігі өте ұят.
Кеңесшілікке Тұрсынғали Еділовті алмады. Бөліскісі келмеді дейді. Нақ, мен ат басындай алтының үстінда отырғандай-ақ. Бұл нағыз сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқан адамдар айтатын сөз ғой.
Екіншіден, Тұрсынғали Еділовті неге мен құрамаға тартуым керек? Сиднейден бері 24 жыл өтті. Бапкер болып жүр. Құрамаға қандай боксшы қосты?! Аға бапкер Марат Жақиев. Әлем чемпионы Елдос Жаңабергеновтің бапкері. Олимпиада және әлем чемпионаттарының финалына бір емес екі мәрте жеткен Әділбек Ниязымбетовтің бапкері. Соңғысы Әлем чемпионы Бекзат Нұрдаулетов.
Мен осы екеуінен кімді таңдауым керек?!
Тшанов деген боксерді өз басым білмеймін. Екі рет Парламентке түсті. Ақжол Асқаров ағамыз өтініш айтты. «Ауылдас едік» деп. Ақсақалдарды жинап өтініш айтып, ауылдан 91-97 пайыз дауыс алып бердік.
Жәй, еске түскен соң айтып жатырмыз. Қарияларымыз жібі тұзу сөз айта алмаса, өзгесіне не жорық».
Біз бұл ойға пікір қосқымыз келмейді. Бірақ, кейінгіге сабақ болуға тиіс. Ақсақал әділ болу керек, ақсақалдың сөзін айтуы керек.
Қазақстанның сот саласын реформалауда үлкен еңбегі өткен Сағатбек Сүлеймен деген азамат бар. Сол бір сөзінде: «Қазақта бір мықты ұл туса оны қабатын төрт ит қоса туады деуші еді. Мырзағалиді жамандап, оны қорғап шырылдаған Бақтиярды талап жатсыңдар. Бұл біздің иттердің қолынан келеді» деген.
Рас екен. Журналист болған соң комменттердің мүмкіндігінше шолып отырамыз. «Мырзағалиді құрамадан ит қосып қуу керек. Қасындағы бапкерлерінің бірін қалдырмай қуу керек» деп екіленіп жатқандар бар.
Мен Айтжановтың адвокаты емеспін. Ондаған шетел мемлекеті оны өз құрамасының басынан көргісі келіп жүргені білемін. Бүгінгісінен де бақуатты өмір сүре алады. Әлемдік санаттағы бапкер далада жатқан жоқ.
Мен түсінбейтін бір жайт бар. Қазақстаннан барған жеті қазақтың бірінің қолы алтынға жетпеді. Өзбекстан құрамасынан жеті боксшы барды. Финалға жетпей орта жолда қалғаны екеу. Білетіндер екеуі де қазақ дейді. Руслан Абдуллаевты білем. Әлем чемпионы. Қиянат осы жігітке жасалды. Ол чемпион болған, құлағынан тартып сүйреп шығарған Муллажонов пен Муйдинхужаевтан әлдеқайда мықты еді. Қытайдағы қандасымыз Таңатқан терезесі тең жекпе-жекте жеңілді.
Біреуінің осалы жоқ еді. Бұл кездейсоқтық па, әлде қазаққа азуын батырғысы келген әлдебіреулердің әдейі құрған жоспары ма?!
Бірақ, оны зерделейтін азамат бізде дәл қазір жоқ-ау.
Қайран, Аманша Ақпаев көке. Қазақ баласы үшін от пен суға түсетін Қаркен Ахметов. Темірдей қатты Темірхан Досмұхамедов. «Бір өтініш ғана бар. Қазақ балаларының жеңісін ұрламаңыздаршы» деген Нұрлан Балғымбаев. Тау тұлғалы Әбдісалан Нұрмаханов. Қазақты қиянатқа бермейтін Бекет Махмудов…
Сіздерді ойласам, өкпемді өксік буады. Қазақтың асқақ рухын түк қалдырмай өздеріңізбен бірге алып кеттіңіздер ме? Қор болдық қой айдай әлемге.
Грек-римдегі Демеу Жадыраевтың күмісі құт болып, Президент олимпиадашыларды қабылдағанда бапкері Боранбек Қоңыратов екеуі орден алды. Қос қостап үй, машина беріліп жатыр. Талай олимпиада бірге болған, әлемдік додаға Алмат Кебісбаевтай дарабозды қосқан Боранбек бауыр үшін, тар жерде қолтығынан демеген Демеуі үшін де өте қуаныштымын.
Ал, бірақ күміс алғанды көкке көтерген салтанатты кеште Нұрбек Оралбайды ақтық айқасқа шығарған Мырзағали Айтжанов неге жоқ?! Әлде Нұрбектің күмісі Демеудің күмісінен сапасыз металдан жасалған ба?
Министрі Аманша Аұпаевтай бола алмағанына, ақырып теңдік сұрай алмағанына Мырзағали ғана кінәлі ма?!
Көңілде бір сұрақ қалып кетті. Бар жиынтығы алты медаль алдық. Кім үмітті ақтамады?!
Медаль аламыз деп уәде берген еркін күрес түксіз қайтты. Уәдені үйіп төккен анау федерация, мынау федерация, ондаған бас бапкерлер турист болып барып қайтты. Дмитрий Карпов деген жеңіл атлетті білер едік. Дохада өткен бессайыста финалға өткен алтаудың бесіншісі болып сүйегін зорға жеткізген еді. Кениядан жүйріктер жалдады. Алтын әпереді деп. Ең көп қаржы жұмсалған жеңіл атлетикамыз далақтап жүгіріп құр алақан қалды. Бас бапкер Карповқа да, медаль алмаған басқа бас бапкерлер де мұртынан күліп орнында отыр. Зауал Айтжановта ғана. Неге бұларға шара қолданылмайды, неге орнынан алынбайды?
Өзбекстан бокс құрамасының бас бапкері Толқын Қыличев Қазақстандық Sports.kz порталына берген сұхбатында:
— Я не могу ничего советовать боксерам и тренерскому штабу. В Казахстане достаточно тренеров более опытных, чем я. Я всегда желаю Казахстану того, чтобы у Вас была сильная команда. Нам нужен сильный Казахстан для конкуренции. Когда она есть — будет и результат,- депті.
Бокс — Қазақстанның нөмірі бірінші спорты еді. КСРО кезінде де солай болған. 1984 жылы Ташкентте өткен КСРО чемпионатында төрт қазақ чемпиондық тәж кигенде ұлты өзбек боксшылар босаға сығалап қалған.
Қазақстан өз алдына егемен ел болғанда да Туымыз жығылмаған еді. Атлантадан бері алтынсыз қайтып көргеніміз жоқ.
Тұңғыш рет Токио олимпиадасынан алтынсыз қайттық. Сол кездегі Қазақстан бокс құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов еді.
Қазақ боксының қолын алтынға жеткізе алмаған Сәтжанов қайтадан бас бапкер болып сайланды. Өзбекстанның даңқты құрамасының бас бапкері, Парижде бәске қойылған алтындарды қидай сыпырып алған Толқын Қылышев «Қазақстанда менен де тәжірибелі, тегеурінді бапкер көп» дейді.
Қайдан-ау деп қалдық.
Токиода алтыннан салым сала алмаған Сәтжановтың әттеген-айы, бас бапкер бола сала бұрынғы әріптесінің адресіне ауырлау сөздер айтты.
«Дұрыс, кешенді жоспар түзе алмаған. Басқа командалармен тиісінше оқу-жаттығу жиынына өткізбеген» деген сияқты.
Ауыр айып. Өткенде де айттық. Айтжановтың адвокаты емеспін деп. Бірақ, әділеттен аттамау керек.
Парижде қазақ боксшыларының жеңісі ұрланғанын әлем көрді. Сәкен Бибосыновтың Хасанбой Дусматовты жеңгенін әлем эксперттері растады. Махмұд үш раунд толастамай ұрды. Кепе-көрнеу бермеді жеңісін. Жиырма секунд қалғанда есіл ер оң қолын сілтеп, жүрегі ыза, өкініштен жарылардай болып рингтан кетті.
Кінә Айтжановта емес еді. Қазақ спортының басында тұрған ағаларының арашаға тұрар абыройы жоқтығынан еді. Егер кезінде осындай әділетсіздікке жол берілгенде Аманша Ақпаев, Темірхан Досмұхамедовтер сол қарау төрешілердің шаңын қағар еді.
Спорт функционерлері жауды тез тапты.
Кінә Айтжановта екен. Парижде күн-түн ұйқы көрмей, көзінің асты ісіп кеткен, ауыр уайымнан жүзі қарайған, өкініштен өзегі өртенген ерді осылай оққа байлап құтылдық.
Бұл әділетсіздік — қазақ боксына жасалған қастандық.
Бокс федерациясының қабылдаған шешімдерінің ішінде бас бапкердің құрамада шәкірті болмау керек екен. Күлкілі әрі өте аянышты. Бұл дегеніңіз, қазақ боксының дамуына түк те пайда бермеген, бірақ атақты классик Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен теріндегі» өзгеге кінә артудан, жамандаудан алдына жан салмайтын Қара қатындардың құрамаға келуіне тікелей жол ашу ғой.
Лондон олимпиадасында Юрий Цхай айтқан. Әлемдік бокс қауымдастығы біздің Данияр Елеусіновқа қатты таң қалыпты. «Бокс қан төбелеске айналып кетіп еді. Елеусінов хас өнер шыңына жеткізген қайталанбас тұлға» депті.
Сәкен Бибосыновты да осы қатарға жатқызар едік. Бойында бокстың бар кереметі бар. Яғни, бұл да оның ұстазы Мырзағали сияқты жігіттердің құрама басшылығына келуіне жабылған қақпа.
Сәтжановпен алты аласы, бес бересіміз жоқ. Оның даңқты шәкірттері деп біреулер Рүстем Іргебаевты, Мақсат Бақтыбазаров пен Бауыржан Қайырменовті айтыпты. Алматыда «Жас Алашта» қызметте жүргенде Асқарбек Ғазизовпен қатты сыйластық. Өз ісінің фанаты еді. Аягөзден бір шоғыр талантты боксшылар шығарды. Бұл жігіттер туралы талай жаздым. Бәрі Ғазизовтің шәкіртіміз дер еді. Ринг бұрышында Асекеңнің сөмкесін көтеріп бір жігіттер жүрер еді. Мүмкін, солардың бірі. Қателессем, кешірім сұраймын.
Бірақ, Әлемдік санаттағы боксшы дайындай алмаған, яғни, шеберлігі жетпейтін бапкердің ұлттық құрамаға шақырылуына үзілді-кесілді қарсымыз. Бокстың нағыз жанкүйерлері солай оайлайды деп сенемін.
Мырзағалиға оппоненттері тағатын ауыр айыптардың бірі — боксшыларымыздың физикалық тұрғыдан әлсіздігі, яғни шаршап қалуы. Бұл — әлдебіреулердің жөнсіз айыптауы.
Сәкен Бибосынов, Махмұд Сабырхан, Мұхамедсабыр Базарбайұлы және ағайынды Оралбайлар бес раундқа қауһары жететін боксшылар екенін көрсетті.
Сондықтан, лақпа әңгіменің жетегіне ермеңіздер. Әлемдегі мықты құрамалармен бірлескен оқу-жаттығу жиындары жиі өтті. Яғни, бұл айып та қате.
Мырзағали Айтжанов Куба, Өзбекстан құрамаларымен бірге өткізген оқу-жаттығу кезінде саптың орта шенінде тұрған атақты Хулио Сезар ла Крузды, олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарын қалауынша ұтқан дарабозды жетелеп алға шығарып, саптың ең алдына қойды.
— Бұл — бокстағы ақсақалдарыңыз,-деді. — Даңқты боксшының және жасы үлкен азаматтың орны қашанда төр. Сендерге де осындай құрмет тілеймін,-деді.
Бүгінде екінші рет Олимпиада ойындарының жеңімпазы болған Баһадүр Жалолов бастап қазақ бапкерінің кісілігіне ұзақ қол соқты.
Қазақ боксының жақсы жанкүйері ретінде айтарым, біз де талай әлем чемпионының томағасын сыпырған, әлемдегі үздік бапкер атағын бір емес екі рет алған даңқы азаматымыз Мырзағали Айтжановқа лайықты құрмет көрсетуіміз керек. Енді қазақ боксын абыройсыздықтан құтқарып алатын бір жол бар.
Мен білетін Мырзағали сәйгүлікке зәру емес. Шапаны да жетеді. Жетпей тұрғаны көңіл. Азаматты ардақтау. Бұл әлгілерді қойғанда Қазақстан Үкіметіне сын. Пайдаланып болған соң күресінге тастай салатын әлемдік санаттағы бапкеріміз көп емес.
Әлі де кеш емес. Мемлекет тарапынан еңбегі бағаланып, ат міңгізіп, шапан жапса қалың жанкүйердің өкпесі тарайды. Ұлттық идеологиямыз қайта қалғып кетпейді. Ерлан Карин бастаған идологтарымыздың бас көтеретін жері осы. Батырларымызды жерге жыға берсек рухсыздыққа ұрынамыз. Онсызда жоғалтқанымыз көп. Ал, Сәтжановқа сәттілік серік болсын!
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.