ТУТІККЕН ТУТІККЕН

ТУТІККЕН

21.08.2024 0 65

Айтулы күндер: Рахымжан Қошқарбаев-100 жыл   Жанболат АУПБАЕВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі (1981ж.), халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2005ж.), «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» (2009ж.)... ТУТІККЕН

Айтулы күндер: Рахымжан Қошқарбаев-100 жыл

 

Жанболат АУПБАЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі (1981ж.), халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2005ж.), «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» (2009ж.)

1984 жылғы қазан айы еді. «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істейтін кезім. Бас редак­торымыз Сейдахмет аға Бердіқұлов таңертеңгілік лездемеде атақты Рейхстаг қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың 60 жылдық мерейтойының жақындап келе жатқанын айтты. «Түсінікті», дедім ішімнен. Бұл ол кісінің газетке Рахаң туралы сұхбат немесе мақала әзірлеу керек деген ишара меңзеуі еді. Жиналыстан шыға сала кейіпкеріміз директор болып қызмет істейтін «Алматы» қонақ үйіне телефон соқтым. Қабылдау бөлмесіндегі қыздың: «Кешкі 5-ке таман келіңіз», деген уәдесін алған соң, бірден сұрақтар әзірлеп, оларды машбюроға бастырумен шұғылдандым. Содан түс қайта көкбазар түбіндегі редакция корпусынан «Аққу» кафесін маңайлап баратын 18-ші автобус аялдамасына қарай тарттым.

…Белгіленген уақытта келіп, Рахаңның кабинетінің есігін ашсам, ол кісі бөлмесінде жалғыз емес екен. Атақты партизан Қасым Қайсенов екеуі қарқ-қарқ күліп, қызу әңгіме-дүкен құрып отыр. «Кел, бала! Төрлет, – деді мені көріп, сағатына қараған кейіпкеріміз. – «Лениншіл жастансың» ғой, ә?». «Иә, аға». «А-а, ол жақсы газет, – деді осы сәтте сәлем беріп жатқан маған басын изеп, орнынан көтерілген Қасекең де гүр ете түсіп. – Ағаларыңның 60 жылдығын елге айтайық деген ақ ниеттеріңнен айналдық! Қысылма, отыр, қалқам. Ал сендер әңгімелесіп болғанша мен анау жерге барып телевизор көре тұрайын».

Осы сөздерді айтқан Қасым аға қонақ үй дирек­торының кең кабинетінің бір бұрышындағы креслоға барып отырды да көгілдір экранға көз тікті. Содан соң журнал столындағы тақтада тігулі тұрған шахмат фигураларын орнынан қозғалтып, әлдебір комбинациялар арқылы өзімен-өзі ойнай бастады. Ал біз болсақ бірден ауызекі сұрақ-жауаппен ұзақ әңгімеге қызу кірісіп кеттік.

  1. КЕЙІПКЕР

 

– Әңгіменің әлқиссасын туған жер, өскен ортадан бастасақ, аға…

– Мен Ақмола өңіріндегі Тельман елді мекенінде өмірге келіппін. Бұрын оны Қырыққұдық деп атаған. Қазір мұнда «Қазақстанның 40 жылдығы» совхозының бригадасы бар. Балалық, жастық шағым осы аймақта өткендіктен бе, менің көзіме оның әр бұтасы бүгінге дейін ыстық. Шешемнен төрт жасымда жетім қалыппын. Анамды жоқтатпайын деп ойласа керек, әкем бетімнен қақпай өсірді. Ол көп сөйлемейтін кісі еді. Бірақ көңіл қошы келгенде, кең көсіліп кететіні бар-тын. Сондай бір әңгіме күні бүгінге дейін жадымда.

– Балам, мынау дала – сенің туған жерің, – деген болатын әкем. – «Жекен – жерінде көгерер, ер – елінде көгерер», деген екен аталарымыз. Осы сөздің жаны бар. Бұл жер мына аптап ыстықтан шөбі қуаң тартып, көзге көркем көрінбей жатқанымен құт-береке. Ертең сен де ержетесің. Сонда осынау еліңнің басы болмасаң да, сайының тасы болуға тырыс, балам.

Алайда, мен балалық балдәуренмен ерте қоштастым. Төрт жасымда шешемнен айырылғаныммен, әкемнің мейірбан көңілі арқасында жетімдік көрмей өсіп келе жатыр едім. 1937 жылдың қараңғы бір түнінде есікті сартылдата ұрып, қара киімді үш адам үйге кірді. Содан соң әкемді тез киіндіріп алып кетті. Бұдан басқа ештеңе есімде қалмапты. Менің балалық шағымды сол бір сұрқай түн қоса ұрлап әкеткендей, көңілім құлазып сала берді. Сөзімнің басында жас кезімдегі бейкүнә көңілді сәттерімді айтып өттім ғой. Ал сондағы ең бір қорқынышты, жүрегімнің қан жылаған кезі әлгі көңілсіз сурет еді, шырағым. Бұл оқиға қалай болды, әкемнен не үшін айырылып қалдым, оған сол кезде нақты жауап таба алмадым. Ол тек кейін ғана белгілі болды.

…Әкемді «халық жауы» деп ұстап әкеткен соң Тайтөбе­дегі балалар үйіне баруға тура келді. Сондағы бастан кешкен оқиғаны еске алу қазір маған өте қиын. Егер біреулер мұны білмей, кездейсоқ сұрай қалса: «Оған жету мен орналасудың өзі қиямет-қайым іс болды» деген бір сөйлеммен ғана түйіндер едім. Екі жарым жылдық өмірім міне, өзім әзер қабылданған осы мектеп-интернат үйінде өтті. Содан соң Балқаш қаласындағы ФЗУ-ға аттандық. Бұл сол кездегі фабрика-завод училищесі деген ұғымды білдіретін қысқарған сөз түрі еді.

Он бес жастағы кезім ғой. Байқа­ға­ным, қыс мұнда қатты екен. Теңіз бет­­­­­тен соққан ызғырық жел бет қарат­пай­ды. Оқу да қиын. Тәртіп тіпті қатал. Са­бақ­ты таңертең мектеп бағдарламасы бойын­­ша оқимыз да түстен кейін шебер­ханада жұмыс істейміз. Жұмыс деген аты болмаса ол да бас қатыратын оқудың бір түрі. Ал кешке… Иә, кешке өндіріс құралдарының түрімен танысамыз. Кейбіреуін өзіміз жасап көреміз. Әлі есімде, менің сондағы ең алғашқы жасаған дүнием кішкентай балға еді. Оған үйретуші ұстазым жақсы деген баға қойды.

Тайтөбе балалар үйінде жүргенде қатарластарымның бәрі сабақтан кейінгі бос уақыттарында көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысуға құмар еді. Ал Балқашқа келгелі бері ФЗУ-дың кітап­ханасынан шықпайтын болдық. Тізілген сөрелердегі мол кітабы бар кең де жарық ғимаратты тұңғыш көруіміз ғой. Демалыс күндері әрі қызығып, әрі таңданып сол жерден кетпейміз. Өстіп жүріп бұл кітапханадан тұңғыш рет Этель Лилиан Войничтің «Бөгелек», Николай Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» шығармалары мен Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» туындысын оқығаным есімнен кетпей­ді. Осы үш кітаптан алған әсерім керемет еді. Кураторымыз Таня Кудриная­ның талап етуімен өз арамызда ұйым­дас­ты­рылған кітап оқушылар конфе­рен­циясында «Құрыш қалай шынық­ты» шығармасы бойынша баяндамашы бол­ғаным да күні бүгінгідей көз алдымда.

Уақыт осылайша зымырап өтіп жатты. Мен ФЗУ қабырғасында жүріп он жеті жасқа қарай қадам бас­тым. Белімнің бекіп, буынымның қатай­ғанын және едәуір ержетіп қалғанымды жанымдағы балаларға, Тайтөбеден еріп Балқашқа келген құрдастарыма қарап сезетін болдым. Өстіп жүргенде училищедегі оқу да аяқталды. Осыдан бір жарым жыл бұрын Балқашқа жан-жақтан тосырқай жиналған біздер енді қайтарда ұзын-ұзын мұржалары көкке шаншылып, түтіндері аспанға шудалана өрлеп жататын қаланы қимайтындай әсерде қалдық. Бірақ қолымызға аттес­тат беріліп, үстімізге ФЗУ-дың ине-жіп­тен жаңа шыққан әдемі формасын кигіз­діріп сәт сапар тілеген ұстаз­­­­­дар ұжы­мының ықыласынан кейін бұл жер­де енді аялдаудың ешқандай жөні жоқ еке­­нін сезініп, Ақмолаға қарай аттандық.

– Өзіңіздің өміріңізде үлкен сын болған Ұлы Отан соғысын, оның басталғанын қалай, қашан естідіңіз? Сол күн, сол сәт есіңізде ме?

– Неге есімде болмасын, бәрі де көз алдымда ғой. Соғыс басталған күні – жексенбі болатын. Сол күні біз­­­дің «Қосшы» колхозының адамдары ерте тұрып, шабындыққа аттанды. Шөп қалың, тура белуардан екен. Ат шалғының екі айналған жері бір шөмеле. Түске таяй бергенде, ауыл жақтағы қара жолдан шаң көрінді. Бізбен бірге жексенбілікке шыққан Нұрғали деген мұғалімнің әйелі ай-күні жетіп отыр еді. Дәу де болса сүйін­­­ші­ сұ­рағалы келе жатқан сол шығар, деп ойлады пішеншілер. Салт атты Тө­­леубай қарт екен, өңі боп-боз боп кетіпті.

– Ақсақал, не болды, жайшылық па? – деді жігіттердің бірі.

– Оу, жарандар, соғыс басталды.

Сөйтті де ол кісі тақиясымен тер­ші­ген маңдайын сүртті. Мына сөзді есті­генде ел де, жер де ауыр күр­сін­гендей болды. Бәрі де ат-арбасына үрпиі­се мініп, ауылға қарай бет алды. Содан айналасы бір аптаның ішінде ер-аза­маттың көбі майданға аттанды. Ал күзге қарай, иә, күзге қарай біздің кол­хозға алғашқы «қара қағаздар» келе бастады.

Ауылда өңкей кемпір-шал, қатын-қалаш, бала-шаға қалды. Бәрі де қиын жұмыстан титықтап, уайым-қайғыдан егіліп жылай береді. Он алты-он жетіге толған мен сияқты қыз-жігіттердің міндеті – бидай баулап, тұлықтаспен дән бастыру. Содан соң оларды қаптап, арбамен Ақмоладағы қамбаға тапсыру. Қатты қиналып, шаршайсың. «Бұдан да немістермен соғысқан жақсы-ау», деп ойлайсың. 1941 жылдың жазы және күз айлары менің есімде міне, осындай көңілсіз, ауыр көріністер арқылы сақталып қалды.

Бұдан соң ауылға 1942 жылдың қысы мен көктемі де келгені жадымда. Одан колхоз адамдары да, малы да әрең-мәрең ілініп зорға шықты. Жұрт үшін осы қатал қыс пен көкөзек көктемнен де ауыр нәрсе бар-ды. Ол – соғыс хабары мен зардабы болатын. Егер майдан жақтан жылт еткен жылы лебіз естілсе-ақ, оны біздер үй-үйді жағалап айтып жүріп жеткіземіз. Сөйтіп елдің еңсесін көтергіміз, же­ңіс­ке деген сенімін арттырғымыз келеді.

Иә, сол кезде жұрт сәл-пәл тәуір хабар естісе, кәдімгідей қуаттанып қа­латын. Мәселен, 1941 жылдың дека­бр­ін­де жауға Мәскеу түбінде тойтарыс беріл­гендігі, 1942 жылдың февралінде Солтүстік-Батыс майданы әскерлерінің Демьяновск аумағында жаудың ірі тобын қоршап алып, талқандауы жөніндегі хабарлар біздің ауылдың адамдарына бір тың күш қосып, іске жігерлендіргендей болғаны хақ.

Колхозшылар 1942 жылдың көк­темгі егісін де уақтылы салып, төл алу науқанын да жақсы аяқта­ды. Сол кездегі ата-аналар мен жеңге­леріміздің күш-қайратына мен әлі күнге таңғаламын. Шаруашылық жұмысындағы бұрынғы жүздің орнына – он, ал мыңның орнына – жүз адам ғана еңбек етті ғой. Соғыстың екінші жылындағы июль айының аяқ кезінде жұрт көңілі тағы да аздап көтерілейін деді. Осы тұста панфиловшы 28 батырдың ерлігі, оларға Совет Одағының Батыры атағын беру туралы Указ болғаны жөнінде хабар алдық. «Бәрі дерлік қазақстандықтар екен! Міне, Отан үшін ерлікпен шайқасқан біздің жігіттер қандай!» деп қуанды жұрт. Осыдан кейін көп кешікпей газеттен 1942 жылы Европада екінші майдан ашу жөнінде келіскен совет-ағылшын мазмұндамасын оқыдық. Бұл ел үшін үлкен қуанышты хабар еді. Әрине, ол кезде екінші майданның 42-ші жыл түгілі, одан кейінгі жылда да ашылмайтынын біздің жақта ешкім сезген де, білген де жоқ. Ал, ауыл­дағы он жеті-он сегіз жасқа кеп қал­ған біздің ойымыз – майданға аттану. «Со­­ғысқа кетсек, шайқас шебіне жет­сек», дейміз іштей. Себебі, «қара қа­ғаз­ды» көру, естірту азаптың азабы-тын.

Мен осындай пікірдің жетегімен майданға жіберуді өтініп, әскери комиссариатқа екі рет арыз бердім. Бірақ олардан ешқандай жауап болмады. Тек келесі жылдың тамыз айында ғана ауылдағы темір ұстасы Өтегеннің Нұрымы мен маған шақыру қағаз қатар келді. Жолға тез жиналдым. Тез жиналмайтын нем бар, артымда қарайлайтын әкем де, шешем де жоқ. Туысымыз Мұса қарттың үйіне бас сұғып, Әлиман әжемнің батасын алдым. «Соңғы қарға тұяқ сенен де айырылдым-ау», деп зар еңіреді ол кісі. Жарықтық-ай, десеңізші, «қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» демекші, қарт ана менің майданнан аман-есен келетінімді, бүгінгідей ба­­­қытты өмір сүретінімді қайдан білсін…

– Кешіріңіз, сөз арасында енді мынадай сұраққа да жауап бере кетсеңіз. Сіздің өміріңізде ең бір қуанышты деген сәттер болды ма? Болса, ол қандай оқиғаларға байланысты еді?

– Мен өмірімде екі рет қатты қуандым, шырағым. Шақыру келгеннен кейін оншақты адамды Қырғызстанның астанасы – Фрунзе қаласындағы әскери училищеге оқуға жіберді. Солардың ішінде мен де бар едім. Осы жерде бір жыл оқыдық. Сонда үлгілі тәртібіммен, бұйрықты екі етпей орындайтын елгезектігіммен көзге түстім. Міне, осыны бағалаған командирлерім маған партия мүшелігіне кандидаттыққа өтуге кепілдеме берді. Сондағы жалпы жиналыста өмірбаянымды бүге-шігесіне дейін, тіпті әкемнің жағдайына дейін жасырмай толық айтып шықтым. Сонда батальон парторгы Нұғыман Ғалымжанов: «Біз партияға сенің әкеңді емес, өзіңді аламыз. Ал өзіңнің қандай екеніңді жақсы білеміз», деді салмақпен. Осы сөз ұзақ жыл бойы жадымда сақта­лып қалды. Кандидаттық карточкамды алғанымда, ерекше толқыдым, өмірімде ең бірінші қуанғаным сол шығар, сірә. Өйткені, ол заманда «ха­лық жауы» баласының партияға қабыл­дануы деген сирек оқиға-тын.

Сол жылғы октябрь айында тағы да қатты қуандым. Бұл тіпті ерекше еді. Майданға аттанатын күн тақау қалды деп жүргенімде, хабарсыз кеткен әкем мені іздеп Фрунзеге келді. Сонау жылдары Тайтөбе балалар үйіне қабылдану кезінде көп қиындық көріп жылағаным бар. Содан кейін көз жасымды енді ешкімге көрсетпеспін деп бекінген едім. Әкемді көргенімде өзімді-өзім тоқтата алмадым. Екеуміз қалай құшақтасып көрістік десеңізші! «Құлыным, жалғыз тұяғым!» – дейді ол кісі еңкілдей жылап. «Әке, әкетайым!» – деймін мен де ішіме шемен боп қатқан запыранымды ақтарып. Біздің жағдайымызды көрген училище бастығы шыдай алмады-ау деймін, мені оқудан бір күнге босатты. Сол жолы әкелі-балалы біз көп сырластық. Сөйтсем, ол кісі әлдекімнің көрсетуі бойынша, жаламен ұсталып кеткен екен. Ақырында бәрі анықталып, кінәсі жоқ болған соң, «халық жауы» деген аттан құтылып, біржола ақталып шығыпты. Шерімізді тарқатып әңгімелесіп, ертесінде әкемді пойызға шығарып салдым. Ол жүрер алдында мені мейірлене сүйіп: «Жорытқанда, жолың болсын, балам! «Ер – елдің ық жағының қалқасы, жел жағының панасы», – деуші еді бұрынғылар. Сол еліңнің үмітін ақтар ұлы бол, қарғашым!» деп батасын берді. Өмірдегі екінші бір қуанған сәтім, жан толқынысын бастан кешкен кезім сол 1944 жылдың күзіндегі әкеммен қайта қауышуым дер едім.

– Майданға қашан аттандыңыз? Алғашқы шайқас есіңізде ме?

– 1944 жылдың октябрь айында командирлеріміз бізді қызыл вагонға тиеп, Фрунзеден Батысқа қарай алып жүрді. Содан Мәскеу, Киев, Минскіні артқа тастап, 42 күн дегенде Варшава қаласының маңайындағы орманға келіп тоқтадық. Бұл 3-ші армияның 79-шы атқыштар корпусына қарайтын 150-ші Идрицк дивизиясы орналасқан жер болып шықты. Тылдан келіп жеткен біздің топ осы әскери құраманы адам күші жағынан толықтыратын жаңа жауынгерлік резерв екен. Аз күннің ішінде ІІ дәрежелі Кутузов орденді дивизиямыздың тарихымен және ерлік жолымен танысып үлгердік те әскери міндет бөлінісінен хабардар болдық. Ол бойынша мен енді осындағы 674-ші полктың 1-ші батальонына қарайтын 4-ші ротадағы 2-ші взводтың командирі болып тағайындалдым.

Арада бір ай өтіп, 1945 жылғы жаңа жыл да келді. 17 қаңтарда 150-ші Идрицк дивизиясы алғы шепке қарай қозғалды. Бұл кезде майдандағы ұрыстар Польша астанасынан бірнеше шақырым жерде ғана жүріп жатқан болатын. Міне, осы маңда мен тұңғыш рет соғыс қимылдарына қатыстым. Ал содан тура бір ай өткен соң Шнайдемюль үшін қантөгіс ұрыста біздің взвод, жараланғандарды есепке алмағанның өзінде, 11 адамынан айырылды. Содан кейінгі Ветшвин-зее көлі маңайындағы теңіз жаяу әскерлері әрең ұстап тұрған жолдан өту де бізге тым қымбатқа түсті. Мұнда көп адам қаза тапты. Солардың арасында қырғыз жігіті, тумысынан ағып тұрған ақын Мұсылманқұлов та бар еді. Амал қанша, Берлинге жете алмай, өзі армандаған Жеңіс күнін көруге тағдыр жазбай, опат болды.

Шнайдемюль мен Ветшвин-зеедегі ұрыстарда ерекше көзге түскен сарбаздар мен офицерлер арасынан мен І дәрежелі Отан соғысы орденімен ма­­­­рапатталдым. Мұнан кейін құрамын­да біздің взводымыз бар капитан Алексей Твердохлебтің батальоны алғаш­қылардың қатарында Одерге лап қойды. Осы жерде менің жігіттерімнің өзеннің сол жағалауына басқалардан бұрынырақ жетуге жанұшыра қимылдағанын ерекше атап айтуға тиіспін. Біз сөйтіп дене мұздатқан суық суға кеудені төсей жүзіп, су түбіне табанымызды тіреген күйі бірте-бірте жарқабаққа көтеріле бердік. Жолай кезіккен шұңқырдағы суға да күмп беріп, белшемізден бата алға жылжумен болдық. Осылайша ит сілікпеміз шыға жүріп, келесі күннің кешіне таман бекініс ішіндегі жауды түріп шығудың сәті түсті. Сол от кешуде қатарымыздағы 38 жауынгерден шайқастан кейін небәрі 8 ғана қаруласымыз қалды.

– Бұл 1945 жылдың қыс, көктем айларындағы оқиғалар ғой.

– Иә. 16 сәуірдегі түнгі сағат 3-4-тер шамасында мен зеңбіректердің жер-көкті дірілдеткен қуатты дауысынан ояндым. Табанымыздан жер көшіп бара жатқандай болды. Бүкіл майдан қызыл-жасыл ұшқынды жалынға орана өртеніп тұрғандай. Төңірек у-шу болып, дүние екі иінінен демалуда. Осыны көріп, бұл не сұрапыл дегенімше болған жоқ, жақыннан жарылған снаряд екпіні мені бруствердегі бөренеге апарып жапсырып тастады. Траншея ішінде тұрып, қарсы жаққа қарай бет алған самолеттер үні мен зеңбірек гүрсілінен басқа еш­теңені естіп-көрудің өзі мүмкін емес еді.

Бұрын мен дәл осындай сұмдық алапатты басымнан кешіріп көрмеген болатынмын. Қарап тұрсам ажал аранын от қып шашқан мынау ауыр жарылыстармен бірге біздің 1941 жылдан бергі бүкіл жанайқайымыз бен ашу-ызамыз гитлершілердің үстіне зауал боп төнгендей. Таң алдындағы осы сындарлы сағаттарда 7 миллион снаряд пен мина, ракеталар жауға қарсы атылды. Мұндай кезде бірдеме деп айтудың өзі қисынсыз секілді. Қуаттанып, рухтанғандықтан бір-бірімізге қарап Берлин жақты нұсқай беріппіз. Болып жатқан мына сұрапыл оқиғадан бойымыздың ширығып, денеміздің дүр сілкінгенін сезіндік. Себебі, бұл І-Беларусь майданының шабуылға шығуының басы еді. Біз сонда Берлиннен небәрі 70 шақырым жерде ғана тұрдық.

Кейіннен білгеніміздей, жоғарыдағы екі сағаттық артиллериялық дайын­дыққа 22 мың зеңбірек пен миномет қатысқан екен. Жүздеген қуатты зенитка прожекторлары ұрыс даласын айқыш-ұйқыш кезген жарыққа бөлеп тұрды. Сол күні түсте қолға түскен фашист тұтқындары мойындағанындай, оларды таң алдындағы канонадаға орыстар жаңа бір құпия қару түрін қолданып жатыр деген қорқыныш билеп алыпты. Оның үстіне, бізді әуеден қорғаған бомбардировщиктер эскадрильялары бір-бірін үздіксіз алмастыра отырып, жау шебін төбеден төпеп, талқандаумен болды.

Дегенмен, жау жағы да қатты қар­сылық көрсетті. Фашистер әрбір сүйем жерге жабысып қалғандай жандарын сала бекініп, біздің үстімізден от боранын орнатты. Фауст патрондарын үздіксіз жаудырып, өліспей беріспейтінін көрсетті. Біз елеулі шығынға ұшырай отырып, қарсыластар қорғанысының түкпіріне қарай бар болғаны 7 шақырымға ғана алға жылжи алдық. Ұрыстың осындай қайнаған шағында батальонымызға Гросс-Барним елді мекенін қуатты соққымен жеделдетіп басып алу жөнінде бұйрық берілді. Бұл поселкені шағындау неміс гарнизоны қорғап тұрған еді.

Жағдайды байқап-бағамдау үшін аға лейтенант Батраковтың ротасы жау тылын барлауға жіберілді. Гросс-Барним тас-түйін боп бекінгендігін айта кету керек. Өз айналасын түгел бақылауға алған жау дзоттары дүрбі арқылы жақсы көрініп тұр. Мұндай жағдайда бірден тіке шабуылға шығу мүмкін емес еді. Құрамында біздің взвод бар 4-ші рота қанатын кеңге жайып жіберді де, фашистердің негізгі күшінің назарын жан-жаққа қарай аудару тәсіліне көшті. Осы әдісімізді тез ұға қойған өзге роталар шабуылға көтерілді. Оған сәл абдырап қалған немістер, біздің жаққа қарай бағытталған оқ жаңбырын азайтып, назарын жаңағыларға аударды. Сол кезде біз шабуылға шықтық.

Қоршауға түсуден қорыққан немістер поселкені тас­тап шықты. Біз осында келіп түнедік. Ұзақ уақыттан бері бірінші рет дұрыс жағдайда демалдық деп айтуымызға болады. Дегенмен, айналамызға күзет қоюды да ұмытпадық. Ал таңертең мен Берлин және оның айналасындағы елді мекендер көрсетілген картаны қайтадан алдыма жайдым. Бұл карта бізге, яғни офицерлік құрамға Одерден жүзіп өтер алдында берілген еді. Оны мен әлі күнге дейін ерекше бір бағалы қасиетті заттай сақтап келемін. Картада менің соққан белгілерім де бар.

Біздің дивизия Кунерсдорф аталатын шағын қаланы жиектей ағатын Фриндландштром каналына жетіп, оны бойлай орналасты. Каналды эсэстің таңдаулы бөлімшелері қорғап тұрған еді. Одерден кейінгі Берлиннің алғашқы қорғаныс шебі осы қала арқылы өтетіндіктен бұл жер стратегиялық тұрғыдан маңызды саналады деп түсіндірді басшыларымыз. Содан болар, біз немістердің қатты алаңдау үстінде екендігін сезіндік. Олар әрбір 10-15 минут сайын канал үстінен жарқырауық ракеталар жіберіп, өз шептерін қырағылықпен күзетуге тырысып жатты. Дегенмен, соған қарамастан біздің батальон каналды тездетіп кесіп өтті де бірден ұрысқа кірісіп кетті. Жаяу әскерлерді қолдау үшін қаланы жарты сағаттай атқылауға артиллериямен бірге «Катюша» батареясы да аянбады. Гитлершілердің жанұшыра қарсылық көрсеткеніне қарамастан түнгі сағат 11-лерге таман Кунерсдорф та біздің қолымызға өтті.

– Ал Берлинге… иә, соғыстың соңғы сағаты соғар жау ордасына тікелей шабуыл қашан басталды? Енді осы жөнінде айтсаңыз.

– 1945 жылдың 20 сәуірі менің есімде мәңгілікке қалып қойды. Бұл күн соғыс тарихына Берлинді алғаш рет артил­­­лериялық атқылауға алған күн ретін­де енді. Мен осы оқиғаның қалай болған­ды­ғын өз көзіммен көрдім. Біздің дивизия­­мыз қалың өскен қайыңды орман ішінде тұрған болатын. Түс кезінде артилле­рист жігіттер ашық алаңқайға алыс қа­шықтыққа арналып атылатын гаубица­лардың бүтіндей бір батареясын орналас­тырды да қаһарлы қарулардың ұңғы­сын үшінші Рейхтің астанасына қарай бұрды. Он минуттық дайындық уақыты өткен соң батарея командирінің жарық­шақтана шыққан сұсты дауысы естілді.

– Біздің қаза тапқан әкелеріміз бен ағаларымыз, бауырларымыз, аналарымыз бен апа-қарындастарымыз үшін, тұтқында қасіретпен көз жұмған совет адамдарының ыза-кегі үшін фашизмнің ұясына үдемелете оқ жаудырыңдар! – деп команда берді ол. Бұл кезде циферблат тілі Мәскеу уақыты бойынша 15 сағат 50 минутты көрсетіп тұрған еді. Дүр­­біден бірте-бірте пайда болған қыз­ғылтым түтін шудалары жақсы көрініп тұрды. Қала сөйтіп өртке орана бастады.

Сол күні бөлімдерге қысқа мерзімдік демалыс берілді. Біз міне, екінші эшелонда снарядтар қазып тастаған жолмен алға жылжып келеміз. Барлық сілтеме белгілері «Берлин» деген сөзді көрсетіп тұрды. Соншама ұзақ күткен және енді міне, барынша таяу қалған ар­ман еді бұл. Біз­ді әскери техникалар: маши­налар, трак­торлар, танктер басып озып ба­ра жатты. Аттар артиллериялық зеңбі­рек­тер мен зе­ниттік қаруларды сүй­реп келеді.

Осы қимыл-көріністен бәріміз де Берлин айналасындағы қоршау шеңбері барынша қаусырыла түскенін білдік. Маршал Жуков басқаратын біздің І Беларусь майданымен бірге маршал Рокоссовскийдің қарамағындағы ІІ Беларусь және маршал Конев жетекшілік ететін І Украин майданы да осында шоғырландырылған-тын. Кейіннен Г.К.Жуковтың атап көрсеткеніндей: «Берлин үшін ұрыс – ерекше, еш нәрсемен салыстыруға келмейтін операция болды». Өйткені, жау астанасына бағытталар шабуыл қарсаңында біздің әскерлеріміздің алдында тұтастай эшелондандырылған қабат-қабат қуатты қорғаныс шебі жатты. Бұл дегеніңіз неміс фашист әскерлерінің басынан бақайшағына дейін қаруланған аса ірі топтары еді.

Сонымен біздің алдымызда тек бір ғана жол – Берлинге баратын жол тұрды. Біз ұзақ соғыстың ең соңғы сәтіндегі осы жерде көптеген адамдардың қаны төгіліп, өмірі қиылатындығын жақсы түсіндік. Сонымен қатар, біз осы жерде адамзат үшін ең қорқынышты жау – неміс фашизмімен ұрыстың аяқталатындығын да жақсы білдік.

Біздің батальонымыз жау қорғаны­сына алғашқы болып шабуылдайтын топқа айналдырылды. Оған бірне­ше жеңіл зеңбірек пен танктер бекі­тіліп берілді. Оның командиріне, енді майор атағын алып үлгерген Алек­сей Твердохлебке саперлер взводы да қызмет ететін болды. Батальон атқыш­тар ротасын қорғайтын екі шабуылшы топқа бөлінді. Оларға Берлиндегі көше шайқастарын жүргізу міндеті жүктелген еді. Мұны естігенде қаладағы әрбір үй, әрбір метр жер үшін жан алып, жан берісетін ұрыс қимылдарының өзімізге жеңіл тимейтіндігін жақсы түсіндік.

Жолымызда Бланкенбург қалашығы тұрған еді. Ұрыс барлық жақтан жүріп жатты. Батальон әрбір үйді шабуыл­мен ала отырып, өзіне бөлінген учаскелер арқылы қала аумағына тереңдеп ене түсті. Біз бұрын бастан кешірмеген көше ұрыстарының тәжірибесіне әрбір сәт сайынғы қауіп-қатер, кездейсоқ оқиғалар арқылы қаныға бастадық. Рота мен взвод командирлері мұндай жағдайда өз бетінше шешім қабылдау дербестігіне ие болды. Кез келген жеке ұрыс қорытындысы солардың белсенділігі мен шеберлігіне байланыс­ты шешілетіндігі анық еді.

Көп уақыт өтпей біздің бағыты­мыз өзгертілді. Дивизиямыз Рейникен­дорф­тың оңтүстігін ала Берлин каналының шығыс жағына қарай шығуға тиіс болды. Сөйтіп, алдымызда фашистердің ең қауіпті апандары тұрды. Берлин үшін ұрыстың қиын сәттері де міне, нақ осы жерлерде қыза түсті. Ақыры өзімізге белгіленген бағыт бойынша оңтүстікке қарай сәл бұрылыс жаса­дық та, картадағы межелі шепке келіп шықтық. Сөйтіп, біздің 674-ші полкымыз теміржолға бойлай орналаса бас­тады. Осы жерде Берлинді совет жа­уын­герлері толықтай қоршауға алды деген қуанышты хабар да келіп жетті.

Аз да болса тынықтырып алу үшін бізді ауық-ауық екінші эшелонға ауысты­­рып отырды. Зеңбірек дүрсілі мен бомба жарылысының астында ұйық­­тауды осында үйрендік. Келесі бір алға жыл­жыған кезімізде солтүстіктегі Шпрее өзеніне жеттік те, алдыңғы екпін­ді топтардың жаудан босатып кеткен көпқабатты үй подъездеріне келіп орна­ластық. Іргеде өзеннің бір иіні көзге шалы­нады. Бұл біздің жолымыздағы соң­ғы су кедергісі еді. Картада оның оң жағы­на таман түзу сызық тартылған. Ол «105» деген санға барып тіреледі. Бұл цифрдың Рейхстаг екенін білдік. Бас­шыларымыздың айтуынша біздің ұрыс ала­ңымыздан оның қабырғасына дейін бар болғаны 550 метрдей ғана жер қалыпты.

Календарьда – 1945 жылдың 28 сәуірі. Бұл күн менің өмірімдегі, иә, біздің батальонның өміріндегі ең бір қайғылы күн болды. Қымбатты комбатымыз майор Алексей Твердохлеб қаза тапты. Ол шайқас кезінде бұзылған үйдің ішінде беліне дейін көміліп қалған эсэс офицерінің қолынан мерт болды. Үнсіз тығылып жатқан жау жендеті енді бұл жерден өзіне аман шығудың жолы кесілгендігін түсініп, терезе қасынан өте берген комбатқа қарай граната лақтырды да өзі атылып өлді. Сөйтіп, өзін-өзі шағып өлтіретін сары шаян секілді жан тәсілім етті. Қаза тапқан командирдің қабірінің басында үш рет қоштасу салютін бердік те алға жылжыдық.

Ертеңінде біздің дивизияға орта­­лық қорғаныс секто­рындағы әскери ұрыс әрекеттерін күшейте түсу жөнін­­де бұйрық берілді. Бөлімдер адам және техника күштерімен толық жарақ­тандырылғаннан кейін шабуылды қайта бастауға тиіс болдық. Иә, ұрыстың соң­ғы екі күнінде біз ауыр шығындарды бастан кешірген едік. Әрбір ротада осы­ның алдында ғана взводта болатын адам санына жетер-жетпестей жауын­герлер қалған-тын. Тың күштер келген­де Мольтке көпірі үшін қызу шай­қас жүріп жатқан болатын. Соны бақы­лап тұрған мен үлкен ақ үйге – Швей­царияның елші­лігі орналасқан ғимаратқа көзім түсті. Көпірден тіке бас­талып кете­тін көшенің оң жақ шығыс бөлігінде орна­лас­қан әлгі нысанның қарама-қарсы жа­ғында түтінге оранған «Гиммлер үйі» де жақсы көрініп тұрды. Германия ішкі іс­тер министрлігінің бұл ғимаратын фа­шис­тердің өздері осылай деп атайды екен.

Таң атысымен «Гиммлер үйін» атқылау басталып кетті. Жарты сағаттық артиллериялық дайындықтан кейін біздің батальонның жауынгерлері дөкейдің қызыл кірпіш үйіне қарай шабуылға шықты. Менің взводым шабуылдаушылардың алдыңғы қатарында келе жатқан еді. Соның нәтижесінде біз бірінші болып үйдің қираған есігінен кірдік те фашистерді екінші қабатқа қашуға мәжбүр еттік. Иә, бұл Висла ауданындағы мен қатысқан ең бір қантөгіс шайқастардың бірі болды. Фашистер ажалға бас тіккендіктен ештемеден қаймықпай қатты қорғанып жатты. Бірақ біздің жауынгерлерді тоқтатудың өзі мүмкін емес еді.

Көптеген қаруластар осы ұрыста мерт болды. Менің взводымдағы жауын­герлердің жартысы оққа ұшып, жартысы ғана қалды. Өзімді сол күндері әйтеуір ажал оғы айналып өтіп жүрді. Бірде бетімнен аққан қанның ыстық табын сезіндім. Сөйтсем, есіктен атойлап кірген кезімде оның оқ шашыратқан жаңқасы маңдайымды осып кеткен екен. Сол күндердегі басқа жағдайлармен салыстырғанда әрине, бұл жара түкке тұрғысыз-тын. Осының алдында қаза тапқан комбатымыз мені «оқ дарымас» деп тегін айтпаған екен. Айтпақшы, майор Твердохлебтің бұл сөзіне сол оқиғаның алдындағы ысқырған оқтың менің басымды жанай өтіп, терімді сыпырып қана кеткендігі себеп болған еді. Иә, «қырық күн қырғын болса да ажалды өледі», деп бабаларымыз тегін айтпаса керек.

Мұнан кейін бас­­­­қа полктардың жауын­гер­лерімен бірлесе отырып, біз енді екінші қабатты да жау­дан тазарт­тық. Тірі қалған фашис­тер шатыр­дың бер жағына барып бекін­ді. Үйдің әр жерінен шығып жат­қан өрт пен түтіннен көз ашиды. Қараң­ғылық түсісімен кез келген сәтте оққа ұшудың қаупі де арта түсті. Төртінші қабат үш рет қолдан қолға өтті. Осы кезде әскери операция­ны басқарған құпия топтың бізді фонарларьмен жарақтандырғандығының пайдасы көп тиді. Тиімділік мынада еді. Біздің жауынгерлер қараңғыдағы жау бетіне өздері шеткері тұрып қуатты жарық түсірген кезде екінші біреулері автоматты іске қосып жатты.

Сөйтіп, 30 сәуірдің таңында «Гимм­лер үйі» толықтай біздің қолға көшті. Жырт­қыштар мекеніне айнал­ған ғи­ма­ратты түгелдей тексеріп өткенімізде, ондағы бөлмелерде фа­шистердің өлі денелері үйіліп жатқандығын көр­дік. Гимм­-лердің өз кабинетінен гит­лерлік баскесерлерді марапат­тау үшін әзірленген бірнеше жәшік швей­цариялық сағаттарды тауып ал­дық. Біздің офицерлер оларды жа­уын­­­герлерге тарату жөнінде шешім қабыл­­­дады. Мен өзіме берілген сағатты куә болған сол бір тарихи оқиғаның ескерт­­кіші ретінде ұзақ уақыт бойы үйім­де сақтап келдім. Қазір ол респуб­лика комсомолы Орталық Комитеті мұражайының жәдігері ретінде экспонат болып сонда тұр.

– Жаңа сіз: «30 сәуір күні «Гимм­лер үйі» толықтай біздің қолға көш­ті», – деп айтып қалдыңыз. Бұл со­вет жауынгерлерінің Рейхстагқа өте жақын, тым таяу қалғанынан хабар береді. Және сол күні кешке осы жау ордасының қабырғасына алғашқы жеңіс жалауы да тігілгені мәлім. Теңдесі жоқ бұл ерліктің иесі сіз бен қызыл әскер Григорий Булатов екеуіңіз екеніңізді біз жақсы білеміз және мақтанышпен еске алып жүреміз. Асықпай, бүге-шігесіне дейін қалдырмай айтыңызшы, аға! Сол оқиға қалай болды? Осы тарихи жағдайды бетпе-бет отырып өз аузыңыздан естісек, өз құлағымызбен тыңдасақ дейміз.

– «Гиммлер үйінің» екінші қабатын­да артиллеристер Рейхстагты сол жерден көздеп ату үшін 76 миллиметрлік зең­біректі орнатып жатты. Осы сәтте мені батальон парторгы Кәрібжан Ысқа­қов­тың шақырғанын естідім. Үйдің бірін­ші қабатында полк командирі майор Зинченконың төрағалығымен парткомиссия отырысы жүріп жатты. Онда Висла мен Одердегі ұрыстарда партия қатарына өткендерге партия билеттері тап­сырылды. Лениндік барельефпен өр­нектелген қызыл кітапшаның бірі ма­ған да салтанатты жағдайда берілді. Содан соң полк командирі біздерді, жас коммунистерді, қызу құттықтап, Рейх­стагқа қызыл туды жеткізетін арнаулы топтың жасақталғандығын хабарлады.

– Бұл – өте жоғары құрмет. Жеңілген жаудың ең үлкен апанына қызыл туды тігу біздің жеңісіміздің символы болады, – деді ол. – Бірақ қауіп-қатер өте күшті. Король алаңы барлық жағынан атқылануда. Сондықтан тапсырма ерікті түрде орындалуы керек. Қызыл әскерлер оған өз тілек, жеке өтініштерімен ғана бара алады.

Жауынгерлер құрамы анықталғаннан кейін батальон командирі былай деді:

– Топқа басшылық жасауды лейтенант Қошқарбаевқа тапсыру жөнінде ұсыныс бар. Ол «Гиммлер үйіне» бірінші болып кірді… Демек, бұл тапсырманы да лейтенант абыроймен орындайды деп сенемін…

Сөйтті де командир жақтауы жұлын­ған терезеге қарай жақындады. Өзіне ымдап шақырып алғы жақты нұсқады. Мен қозғалмалы дүрбі арқылы комбат көрсеткен нүктеге ұзақ қарадым. Снаряд жарылыстары ойдым-ойдым етіп қазып кеткен алаң беті жоғары­да тұрған бізге жақсы көрініп тұрды. Оның арғы шетіндегі сұп-сұр ғима­рат – Рейхстагтың өзі. Төбесіне күм­без ор­натылған алып кешеннің жан-жа­ғында неше түрлі мұнаралар менмұн­далайды.

Маған туды батальон командирінің орынбасары капитан Васильченко тапсыр­ды. Бұл шағындау келген рейка таяқ­шасының ұшына бір жағы мық­тап шегеленген қызыл мата екен. Түсін жасыру үшін сыртын қоңыр қағазбен орап тастапты. Оны қолыма алған соң сыртымдағы мақталы кеуде­шем­ді шештім де туды шолақ сабымен гимнастеркамның ішіне жіберіп, қозғал­мас үшін белдігімді қатты қылып тар­тып тас­тадым. Сөйттім де сағатыма қара­дым. Ол тура күндізгі 11-ді көрсетіп тұрды.

Өзіміз тұрған «Гиммлер үйінің» терезе саңылауынан бұқпантайлап сыртқа қарадым. Оқ нөсері сәл саябырлапты. Осыны пайдаланып далаға секіріп кеттім. Іле-шала артымнан үстіме келіп біреу құлады. «Кімсің?» дедім оған қарамастан. «Қызыл әскер Григорий Булатовпын». «Басқа жауынгерлер қайда?» «Бораған оқтан сыртқа шыға алмай қалды». Жер бауырлап алға жылжып келеміз. Алдымыздан снаряд қазған шұңқыр көрінді. Соған қарай тұра жүгірдік те ондағы іркілген шалшық суды елемей қойып кеттік. Бірақ мұнда ұзақ бөгелудің өзі мүмкін болмай шықты. Аман қалам десең қимылдау керек. Осы оймен әр төмпешікті бір сағалап тағы алға жылжыдық.

«Гиммлер үйін» Рейхстагтан бірне­ше жүздеген метрлер ғана бөліп тұрды. Бірақ жаудың үздіксіз жаудырған оғының астында оған жер бауырлап жетудің өзі өте қиын еді. Сәл ғана алға қозғаламыз. Сөйтеміз де қайтадан қимылсыз қата қаламыз. Өстіп отырып біз өзімізге қауіпсіздеу жерге дейін неше түрлі амалдарды қолдандық-ау. Азап жүріс. Бірақ соған көніп, тірі келе жатқанымызға тәубе дедік. Міне, енді бір сәтте төңкеріліп қалған зеңбірек біз үшін мықты қорғаныс құралына айналды. Оның стволынан сығалай қарағанымда, біз жатқан Король алаңы жан-жақтан тынымсыз жауған пулеметтер мен автоматтар оғының астында екендігін байқап үлгердім.

Бір мезетте бізден бірнеше метр жерде қираған өзіміздің танкіні көзім шалды. Григорий екеуміз енді соған қарай ұмтылдық. Бораған оқ қайтадан жерге жабысуымызға мәжбүр етті. Қасымнан Булатовтың ауыр дем алған үні естіледі. Шамасы жараланған-ау, тізе тұсы қанға шыланыпты. Гимнастеркасы да суға малмандай болған екен. Әрине, сол жерде менің жағдайымның да одан артық емес екені түсінікті-тін.

Осылайша үш сағаттың ішінде бар болғаны 50 метр жер ғана алға жылжи алдық. Рас, жерді мұрнымызбен сыза отырып бағындырған бұл метр­лер біздің Рейхстагқа жолымыздың адам айтқысыз қауіп-қатерге толы ең ауыр сәттері еді. Өйткені, әрбір бейқам қозғалыстың кім-кімді болса ажал құштыратыны анық болатын.

Ақырында көздеген танкімізге де келіп жеттік-ау әйтеуір. Оның ығында ұзағырақ жатқың-ақ келеді. Бірақ бізге қалай да алға жылжу керек. Бір уақытта өзімізге қалқа болып келе жатқан қираған қарулар мен танктер тізбесі де аяқталды. Бірнеше метр жерде трансформатор будкасына ұқсас бірдеңе байқалады. Жау кезекті оқ нөсерін бүркіп үлгергенше, соған қарай жай оғындай жарқ еткен жылдамдықпен ызғып отырып жетуіміз керек. Осылай істедік те. Григорий екеуміз дедектеген күйі будкаға барып, топ етіп құлап түстік. Бірақ мұнда бөгелудің өзі тым қауіпті екен. Оқтардан шұрқ тесілген жұқа фанер тақтай қабырғаның бізге қорған бола алмайтындығы бірден белгілі болды.

Осы сәтте алдымыздан танктерден қорғанатын «темір кірпі» арандар қарауытып көрінді. Оның үстінен жаяу әскерлерге арналып салынған баспалдақ іспетті саты қирандыларын көзіміз шалып қалды. Бұл, әрине, будкаға қарағанда неғұрлым сенімдірек қалқа еді. Бірақ оған жету үшін жан-жақтан жауған оқ астынан өту керек. Осы мезетте Рейхстагты қою түтінмен бірге көкке көтерілген қызыл кірпіштердің алапат шаң-тозаңы басып кетті. Бұл сәтті біз де құр жібермедік. Санаулы секундтар ішінде «темір кірпі» арандарға құстай ұшып жеттік те, белімізден суға күмп ете түстік. Ол лас, әрі мұздай суық екен. Оны елең қылмастан судың өзек секілді жүлгесімен каналға қарай қоз­­ғалдық. Осы мезетте оның жағасындағы қазылған ор бізді жау оғынан қорғап тұрды. Жүрісімізді жылдамдатып оты­рып темір көпірге жеттік. Енді Рейх­стагқа бар болғаны 100 метр­дей ғана жер қалды. Алып та, сұрғылт ғимарат біз­ге өзінің бар болмысымен зорая көрі­ніп қарап тұр. Осы сәтте екі жақтан атыл­ған артил­лериялық шабуыл да күше­йе түскен еді. Бірнеше снаряд дәл қасы­мызға келіп тарс-тұрс жарылды. Енді біз­дің өз адамдарымыз атқан оқтан да қаза табуымыз әбден мүмкін еді. Соны ойлап дереу көпір астына барып жасырындық.

Біздің жауынгерлер Рейхстагты барынша бораған оқ астына алған тұста күн де алакөлеңкелене бастады. Ғимарат бірнеше жерден отқа оранып, жанып жатты. Иә, сәт! Бір жағыма аунап түстім де, белімдегі туды босатып алдым. Сыртындағы қағазын жыртып жіберіп, алқызыл матаға сия қарындашпен «674-ші СП. Булатов, Қошқарбаев» деп жаздым. Бұл өзімше, егер қаза тап­­­­қан жағдайда соңымызда әйтеуір бір бел­гі қалсын деп жасаған әрекетім еді. Өйт­кені, өлім мен өмір айқасқан сол бір тұс­та ішімізге жұтып жатқан ауаның өзіне де ажал сіңіп алғандай сезіліп еді маған.

Рейхстагты тағы да түтін басты. Осынау бұлдыр көрініс біз үшін үлкен сәттілік еді. Бұдан әрі тосуға болмайтын. Сондықтан осы соңғы ышқынысымызға барымызды салдық. Булатов менен 2 метрдей алға түсіп кетті. Бір мезетте Ко­роль алаңының өрнектелген тас пли­таларының күрт аяқталып, етігіміздің табаны алып ғимарат кіре берісінің мәрмәр табалдырық басқыштарына ілінгенін сезіндік. Міне, Рейхстаг қабыр­ғасы! Осы сәтте бірдеңе менің аяғым­ды тыз еткізді. Назар аудармадым. Себебі, ауадан жақыннан атылған мино­мет оғының қорқынышты ызыңы естіл­ген болатын. Бұл жақсылық емес. Өз жобам бойынша ол бізге қарай беттеп келеді. Бақытыма қарай тіреуіш колонналар жақын еді. Соның тасасына тығылдым. Зілмауыр діңгек бағана 5 метр­дей қашықтыққа келіп жарылған снаряд жарқыншақтарынан қорғап қалды. Қасымнан Булатовтың алқына демалғаны естіледі.

Ту! Ту қайда? Ол менің қолымда. Оны бекіту керек, бірақ қай жерге? Ол көрінетіндей болып тұруы, алаулап желбіреуі керек. Қабырғаның бір жерінде терезелерді бітеген кірпіштер бар екен. Гриша дереу етігін шешіп тас­тады да жалаң аяғымен менің иығыма лып етіп қарғып шықты. Шамасы, оның оқыс қимылынан болу керек, осы сәтте жоғарыдан кірпіштер құлап, біреуі тура менің төбеме түсті. Мен оған: «Байқасаңшы сен!.. Ақырын!..» деп ашулана айқайлап жібердім.

Жоғары жаққа қарадым. Қызыл туы­мыз кешкі шайқас өртімен дәл бір от алауындай жарқырап, жанып тұр екен. Ол ғимараттың кіре берісіне ілініпті. Бұл қызыл ту біздің жауынгерлерді шабуыл­ға шақырды. Отанымыздың символы – алқызыл жалауша фашистік жыртқыштар апанының кіре берісі ашық деп жариялап, жар салғандай болды. Рейхстагқа ілінген бірінші қызыл ту еді бұл!

Біз түстен бергі тозақ жүрістен қат­ты шаршаппыз. Тапсырманы орын­даған соң бір-бірімізге үн қатпастан бас­палдаққа отыра кеттік. Сағат тілі 18 сағат 30 ми­нутты көрсетіп тұрды. Осы сәтте мен аяғымның қатты ауырғандығын бай­қадым. Булатов қалтасынан бинт алып шықты да, балтырымды таңып тас­та­ды. Байқаймын, сүйегім сау секілді. Міне, осы кезде барып мен болып өткен оқи­ғаның мән-маңызын ойлауға сәл де болса мүмкіндік алғандай болдым.

Кейіннен 7 сағаттың ішінде 360 метр жол жүргенімізді білдік. Жас адамға ол е, дегенше екі-ақ аттап жететін жер секілді. Бірақ, Григорий Булатов екеу­міз үшін екі аттағаннан гөрі еске алу­дың өзі өте қорқынышты тар жол, тай­ғақ кешу дерлік ажал көпірі еді бұл. Одан аман-есен өтіппіз. Азаппен болса да. Сөй­тіп, ажалдың үстінен аттап кетіппіз!..

Рейхстаг кіре берісіндегі ілінген алқызыл жалауды бірінші болып 756-шы атқыштар полкы командирінің орынбасары майор Соколовский көрді. Оның қасында кабель катушкасын сүйреткен телефонист бар еді. Майор аты-жөніміз бен әскери бөлімімізді сұрап алды да рация арқылы штабқа біз­дің Рейхстагқа бірінші болып жетке­ні­мізді және оның қабырғасына қызыл туды ілгендігімізді қуанышпен хабарлады.

Бірнеше минут өткен соң біздің төбемізге, Рейхстаг кіре берісінің үстіне қарай қызыл ракета жарқ етіп атылды да алаңнан: «Ура!» деген қуатты үн естілді. Бұл рота командирі Илья Сьяновтың өз жауынгерлерін шабуылға көтерген дауысы еді. Рейхстагқа қарай толқын-толқын болып қызыл әскерлер жөңкіле жүгіріп келе жатты. Осы кезде мен біздің взводқа таяуда ғана келіп қосылған 18 жасар башқұрт жігіті Рашид Рахматуллиннің минаға қалай тап болып ұшып түскендігін көрдім. Рейхстагқа 20 метр қалған жерде жау снарядының жарқыншағынан рота старшинасы Николай Гончаренко жан тапсырды. Оны өзі көтеріп келе жатқан оқ жәшігі үстінен басып қалды.

Қабырғаға сүйеніп отырып бәрін де көріп отырмын. Ұрыс Рейхстаг баспалдақтарындағы кіре берісте, онан кейін оның залдарында жалғас­ты. Сьянов ротасынан соң капи­тан Яруновтың ротасы да келіп жетті. Со­дан сәл уақыт өткен соң Степан Неус­троев­тің, Константин Самсоновтың, Васи­лий Давыдовтың батальондары Рейх­стаг ішінде фашистермен жан алып, жан берісе шайқасты. Осы­лайша жау ордасына кіру және шығу жолда­рының барлығын генерал В.М.Шатиловтың 150-ші Идрицк атқыштар дивизиясының жауынгерлері толықтай бекітіп алды.

Ымырт үйіріле бере ғимараттың үстіңгі қабаттарында өрт басталды. Гитлершілер бөлмелеріндегі кітаптары бар шкафтар мен қағаз толы столдарды жинастырып, оларға от қойған екен. Мақсаттары шабуыл жасап жатқан біздің жауынгерлерімізге «түтін салу» арқылы Рейхстагтан қуып шықпақ сияқты. Бірақ бұл жандалбаса әрекет фашис­терге көмектесе алмады. Қосымша күш келмей, көмек болмағандықтан, жау жағының атысы азайып, қарсылық біртіндеп әлсірей берді. Сөйтіп, түнге қарай 150-ші Идрицк атқыштар дивизиясына берілген әскери советтің №5 туының Рейхстаг күмбезіне тігілгенін естідік. Жау ордасының ұшар басына оны тіккендер М.Кантария мен М.Егоров болып шықты.

– Бұдан кейін не болды? Рейхстаг қабырғасына алғашқы болып ту тіккен сіз бен қатардағы жауынгер Григорий Булатовтың ғажайып ерлігі өздеріңіз қызмет еткен дивизия, корпус, армия басшылығы тарапынан қалай бағаланды? Сөз арасында Жеңіс күнінен кейінгі Берлин қаласына аз-кем тоқталып кетсеңіз.

– 1 майға қараған түні немістердің дауыс күшейткіш, репродукторлары сөйлеп қоя берді. Олар: «Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Оқ атуды тоқтатуды өтінеміз! Берлин уақыты бойынша 24 сағатта Потсдам көпіріне парламентерлер жібереміз. Белгі – ақ жалау», – деген сөздерді орысша және немісше оқтын-оқтын қайталап жатты. Бұдан біз гитлерлік командованиенің берілуге бой ұсынып, тізе бүгуге келіссөз жүргізе бастағанын білдік. Расында да солай болды. 2 мамыр күні таң ата оянып, орнымыздан тұрсақ, төңірек тып-тыныш. Күндегі тарсыл-гүрсіл сап тыйылған. Тек қираған үйінділер арасынан қолдарын көтеріп қыбырлай қозғалған жау әскерлері көрінеді. Оларды ерекше тапсырмалар жөніндегі біздің арнау­лы бөлім жауынгерлері әр жерге топтастыра жиып, Король алаңынан жайымен айдап өтуде. Міне, Рейхстаг іргесінен сондай бір колонна қозғалып барады. Олар: ұнжырғасы түскен унтер офицерлер, фельдфебельдер мен гауптмандар, оберстер және эсэс баскесерлері мен гитлерюгендтер. Араларында генералдар да бар. Бәрінің бастары салбырап, қолдары жансыз ағаш секілді сұлқ төмен түсіп кеткен. Бұлардың күні кешегі нацизм мақтанышы болып саналатын әскери киімдеріндегі оқалы погондар мен фуражка кокардалары және жеңдеріндегі айшықты свастикалар бүгін сұсты да сесті түрінен айырылып, бәрінің көк тиын құны қалмаған. Осындай бейшара халге «Гиммлер үйі» мен Ратуша ғимараты жанындағы баяғы ғасырлардан бері мызғымай тұрған неміс корольдері мен қолбасшыларының мәрмәр, қола мүсіндері үнсіз куәгер болып, іштей күрсінгендей. Тіпті алаңдағы фашизм символы саналатын анау алып ескерткіш, сұрғылт свастика үстінде одырая қонақтап отырған самұрық та қанаттарын төмен түсіріп, үшінші Рейхтің масқара жеңілісіне жабыға қарағандай.

Ал керісінше… иә, керісінше Бранденбург қақпасы мен Трептов паркі төңірегінде көптен күткен жеңіс күніне біздің әскерлеріміз шат-шадыман болып жатыр еді. Көріп, тамашалап келеміз, аккордеон клавиштері мен балалайка пернелерінде тыным болмай, музыкаға үн қосқан солдат етіктерінің дыбысы эстрада бишілерінің түсіне де кірмейтін көз ілеспес қозғалыспен асфальт үстін ғажап қимылға бөлеуде. Осы жерде біз тұңғыш рет ақын Евгений Долматовскийді көрдік. Ол өзін қоршап алған медсанбат бөлімшесінің адамдары алдында өлең оқып тұрды. Май айының самал желі оның: «Гвардияшылар Берлинді аралай жүріп, Сталинградты да есіне алуда», – деген сөздерін әуеге қалықтатып әкетіп жатты.

Бұл күнгі қызықтың ең үлкені түске таман Рейхстаг алаңында: «Гитлер армиясы тізе бүкті», – деген хабарды естіген көршілес армиялардың жауынгерлері Тиргартен мен Унтер ден Линденді, Александр плацты көруге жан-жақтан ағылып келе бастағандығы болды. Сол күнгі Берлиндегі шұғыл шақырылған әскери жиынға қатысу үшін Бухарестен, София мен Белградтан, Венадан көптеген генералдар да самолетпен ұшып жетті. Олардың бәрі де алдымен Рейхстагты келіп көрумен, ескерткішке суретке түсумен болды. Содан кейін жиылған жұрт кеше ғана кірпішпен бітелген анау сұсты терезелерден оқ атқыланып, готтар мен пруссактар табынатын әлдебір құдай мүсіндерінің шатырлардан ұшып түсіп құлап, әсем вестюбильдер мен балкондар өрнектерінің күлпаршасы шыққанын өз көздерімен көрген 150-ші Идрицк дивизиясы жауынгерлерінің әңгімелерінен естіп білді. Мұнымен бірге олар өртеніп, қаңқасы ғана қалған Рейхстагты айнала қарап жүріп, атылған оқтар мен снарядтардан аттары аяқсыз, бабалары бассыз қалған баральефтерге туған жерлері мен фамилияларын жаза бастады. Сөйтіп, офицерлер мен жауынгерлер осы жерге өздерінің жоғарыдағыдай мыңдаған «автографтары» мен «визит карточкаларын» қалдырды. Өз кезегінде біз – Григорий Булатов екеумізге де баспалдақтағы автомат оқтары шұрқ тесілген колоннаға «қолтаңбамызды» қоюға тура келді. Өйткені, сол күндері кім-кімнің де бұлай істемеуіне мүлде болмайтын еді. Ол жазылмаған заң, ішкі интуициялық бұйрық-тын.

Ал енді: «Сіз бен Григорий Булатов екеуіңіздің Рейхстаг қабырғасына ту тіккен ерлігіңіз басшылық тарапынан қалай бағаланды?» – деген сұрағыңа келер болсақ, мәселе былай. Сол күні де, одан кейінгі аптада да бұл оқиға бүкіл дивизия, армияға белгілі болып, мұны жазбаған газет, жоғары жаққа хабарламаған адам қалған жоқ. Қайта-қайта комиссия келіп, әлденеше беттік баянхат та дайындалды. Суретке түсіріп, жеке анкетамыз да толтырылды. Тіпті, 6 мамыр күні ерекше тапсырмалар жөніндегі әскери бөлімнің қызметкерлері Григорий екеумізді ертіп жүріп, біздің 30 апрель күні «Гиммлер үйінің» бірінші қабатындағы қай терезеден қалай секіріп түскенімізді, сөйтіп Рейхстагқа қандай жолдармен қанша уақытта жеткенімізді схема түрінде сызып алғаны да бар. Осы арада айта кететін бір жәйт, сол кездері 30 апрель күнгі жау ордасына шабуылда оның екінші бір жағынан да біздікі сияқты қызыл жалау ілініпті. Оны қабырғаға тіккен сержанттар Г.Савченко мен М.Еремин деген әңгімелер жүріп жатты. Тексеру мен анықтау міне, осындай жағдайларға байланысты болса керек. Содан ақыры не керек, 27 мамыр күні Берлиндегі 79-шы корпустан келген арнайы өкіл совет әскерлері контингентінің штабына Рейхстагқа шабуыл жасаушы әскери бөлімдер арасында ерекше көзге түскен ерлік иелері деп бір топ адамды жинады да жауынгерлік Қызыл Ту орденін тапсырды. Бұл награда сол жерде Григорий Булатов пен маған да берілді. Сонымен барлығы тәмам болды.

Енді мына мәселенің басын ашып айтып, соған өзімше былай деп жауап бергім келеді. Ол осы күні елдің бәрі ерліктің өз дәрежесінде бағаланбауы деген ұғымға қатысты жәйт. Бекер обалы қане, сол кезде бұл жағдай дұрыс бағаланған. Басшылар бізді Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынған. Бірақ Григорий екеуміздің әкелеріміздің 1937 жылы «халық жауы» деп ұсталып, істі болуы себепті шешім кейінге шегерілген. Сол реляция қазір СССР Қарулы Күштері Бас штабының архивінде жатыр.

Мен ол кезде оны ойлағаным жоқ. Атақ, даңқ емес, сол жолы, яғни 30 апрель күні қияметтің қылкөпірінен аман өтіп, тозақ отынан тірі қалғаныма қуандым. Бұған біреу сенер, біреу сенбес, ертеңіне, 1 майдың таңында оянғанымда, көкжиектен шығып келе жатқан күн шұғыласын көріп: «Тәубе!» – дедім күбірлеп. Өйткені, бұл дүниеде қара табаныңмен қара жерді басып, тіршілік белгісі – ақ таңды қос жанарыңмен көріп, оны аман-есен қарсы алғаныңнан артық ештеңенің керегі жоқ екен. Мұндай өмірлік ұста­нымымның тууына мына жағдай себеп болды. Жоғарыда мен 6 мамыр күні ерекше тапсырмалар жөніндегі әскери бөлімнің қызметкерлері Григорий Булатов екеуміздің «Гиммлер үйі» мен Рейхстагтың арасындағы жүріп өткен жолымызды бүге-шігесіне дейін тексеріп өтті дедім ғой. Міне, сонда: «Мынадай ажал аузынан осыдан 7 күн бұрын қалай аман қалғанбыз?» – деп жағамды ұстаған едім. Себебі, жау ордасының жан-жағы баррикада тәріздес құм қаптармен қоршалыпты. Ені 600, ұзындығы 1200 метр болатын Король алаңына 15 дот салынған. Бұған қосымша өзіміз сөз етіп отырған осы алаңға көлденең, Рейхстагтан 120 метр жерде су жіберілген бөгет ор бар болып шықты. Ол ешбір әскери картада көрсетілмеген. Оған жау ордасына жақын жердегі үйлердің шатырларына орнатылған түрлі калибрдегі зенит зеңбіректері мен пулеметтерін, Тиргартен маңайындағы жерге көміліп қойылған артиллериялық қаруларды қосыңыз. Міне, кейін осы шағын ғана жер – Рейхстаг ауданын өліспей беріс­­пеуге бел байлаған 6 мың эсэс бас­ке­серлері қорғағанын айтты бізге ерек­ше бөлім қызметкерлері. Ал енді осын­дай жерден аман шығу… Бұл енді Алла­ның маған тартқан сыйы қарағым. Сон­­­­дықтан осы күніме шүкіршілік етемін.

– Елге қашан қайттыңыз?

– Біздің 674-ші полк совет әскер­­лерінің Берлиндегі шектеулі контин­ген­ті құрамында 1947 жылға дейін тұрды. Содан соң елге қайтуға рұқсат беріл­ді. Варшава, Киев, Мәскеу, Челя­біні көктей өтіп Ақмолаға келдім. Жүдеу өмір, көңілі қаяу жұрт. Жағдай сұрап жайбарақат жүретін заман емес. Жан бағу үшін жұмысқа тұрдым. Педучилищеде оқитын Гүлжиһан атты бойжеткенмен таныстым. Бір-бірімізді ұнатқан соң үй болып, отау құруға сөз байластық. Ата-анасы қарапайым адамдар екен. Ақмоладан онша қашық емес, Бүксін өзенінің жағасындағы «Жаңа тұрмыс» колхозында тұратын болып шықты. Гүлжиһан бес ағайынды еді. Олар: өзі және Үмітжан, содан соң Жантас, Сабыр, Қадыр. Әкесі Сәр­­­сен­бай Қасенов сол кездегі замандастары секілді алдымен колхозда жұмыс істеген шаруа адамы, содан соң соғысқа барған майдангер-тін. Отағасының алдынан өтіп, батасын алған соң ол кісімен жақынырақ танысып, талай әңгімеге қанықтым. Соның бірі мына оқиға. Ақсақал Ұлы Отан соғысына 1941 жылдың күзінде алыныпты. Ленинград бағытындағы майданда болған. 1942 жылғы жаз айларының бірінде ауыр контузия алып, опырылған траншея топырағының астында қалыпты. Бұл жағдайды Степан Лазаренко деген қаруласы кездейсоқ көріп қалады да Сәрсекеңді басқа жауынгерлерге айтып жүріп окоптан қаздыртып алады. Сөйтеді де санчастьқа тапсыртып, есі жиналған соң елге қайтартады.

Гүлжиһан екеуміз үйленіп, отбасын құраған соң, сол кездегі аты жиі естіліп, жастарды жұмысқа шақырып жатқан «Мойынты – Шу» теміржол құрылысына аттандық. Сарышаған станциясындамыз. Үй берді. Кәсіп бар. Өмір жақсы. Бірақ ауа райы қатал. Күн ыстық. Жер сортаң. Су ащы. Мұ­ның бә­­­ріне көндігіп кетер ме едік қайтер едік, егер бір бақытсыз оқиға болмағанда…

Зайыбымның аяғы ауыр, екіқабат-тын. Әне-міне босанады деп сәби күтіп жүргенбіз. Көршілеріміз де жандары қалмай, Гүлжиһан мектептен кітап, дәптер бумаларын әкеле жатса, оларды көтертпей, алдынан шығып өздері үйге әкеп тастайтын. Сөйтіп жүргенде бір күні толғақ қысып, ауруханаға түсті. Содан ол сол жерден қайтып тірі шықпады. Өз аяғымен барып, өлі күйінде үйге оралды. Шешесін жұтқан шақалақ ұл бала еді. Алты айдан кейін ол да шетінеп кетті. Сонымен басқа ұрған танадай мең-зең болып, не істерімді білмей қалдым. Көрші-көлем, жора-жолдастарымның қолдарынан басу айтқаннан басқа не келеді. Жылы сөздері мен жәрдемдерін аямайды-ақ. Бірақ менің еңсем көтерілер емес. Өстіп жүргенде еңбек демалысымның да уақыты келді. «Алматыға барайын», – деп ойладым іштей. Осы шешіммен Алатау баурайына қарай тарттым. Со­­­дан Сарышағанға қайта оралғаным жоқ.

Алматыда ол кезде, айтпақшы қазірде де бар, «Горкомхоз» деген мекеме болды. Сонда әртүрлі жұмыстар істеп жүрдім. 1953 жылғы желтоқсан айының аяғында қалалық әскери комиссариат Ұлы Отан соғысына қатысқан запастағы офицерлерді жинап, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Әкімшілік бөліміне алып келді. Бұл басқосудан ұққанымыз: таяу­да 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі мен 1918-1920 жылдардағы азамат со­ғы­сы және 1928-1932 жылдарғы коллек­­тивтендіру кезінде Қытайға ауып кеткен қандастарымызды Қазақстанға қай­та оралту жұмысы басталады екен. Мақ­сат – соғыстан кейін әлсіреп кеткен жұ­мыс ресурсын жандандыру. Соған бай­­ланысты Семей өңірінен Бақты, Ма­­қан­шы, Алматы облысынан Қорғас, На­­­рынқол шекара пункттері ашылып, оған жауапты адамдар 1954 жылдың 1 мар­­­тынан бастап арғы беттен бері өткен аға­­йын­дарды лайықты дәрежеде қарсы алу­­­лары керек. Бұл жұмысқа кешегі Ұлы Отан соғысындағы темірдей тәртіп тезі­­нен өткен, ресми іс қағаздарын толтыру­да тәжірибелері бар біз сияқты за­пас­­­тағы офицерлер тартылатын болып­ты.

«Бәрекелді! – дедік мына сөзді есті­генде бәріміз. – Жақсы хабар, дұрыс іс екен. Құдай енді елге елді қостыратын осы көштің сәтін берсін!». Сөйттік те жарты ай шамасында буынып-түйініп, осыдан 10 жыл бұрынғы майдан даласын­дағы взвод, ротаға жетекшілік еткен лей­тенанттар, батальонға басшы болған капитандар мен майорлар, осы құры­лымдардағы саяси жұмыстар жүргіз­ген политруктер Орталық Комитет­тің жіберген жерлеріне тарттық та кет­тік. Құрамында мен бар 12 адам­дық топ Жаркент қаласына келіп түстік. Осындағы Красноармейская көшесін­де бізге арналған кеңсе үйі бар екен. Оған «Қоныстандыру пункті» деген жазуы бар тақтайша іліп қойыпты. Жұмысымыз өте қауырт. Жүктелген тапсырма түрлері: шекарадан өтіп келген қандастарымызды отбасы бойынша тізімге алу, әрқайсысының қолдарына пас­порт алғанша деп уақытша куәлік ретінде жүретін сурет жапсырмасы бар анықтама-справка беру, 3 күндік карантинде ұстап, дәрігерлік-санитарлық бақылаудан өткізу, содан соң оларды Қазақстанның солтүстігіндегі тың көтері­ліп жатқан өңірлерге жұмыс күші ретінде жіберу еді. Бірақ уақыт өте келе мынадай қиындыққа кезіктік. Ол бір кездері Қытайға ауғандардың дені осы өңірлерден болғандықтан, көбінің енді 30-40 жылдан кейін әрең көрген атамекенінен алысқа ұзап кеткісі келмегендігі еді. Және жұмыс күші жалғыз тың көтеріліп жатқан солтүстік облыстарға ғана емес, соғыстан еркек кіндік азайып кеткен мұнда да өте қажет болып шықты. Осындай проблемаларға кезіккен соң Үкіметке хат жазып, телеграмма салдық. Жоғарғы жақ бұған тез жауап қатты. Олардың ұйғарымы бойынша бізге, егер шекарадан бері өткен азаматтың Алматы не Семей өңірінде туысқаны табылып, ол Қытайдан келген жақынын бір жылға дейін бағып-қағып, қатарға қосуға шамам келеді деп қолхат берсе, мұндай отбасыларды тың жерге жібермей-ақ, сол ауыл, ауданда жұмыс күші ретінде қалдыруға рұқсат беріпті. Міне, осыдан кейін ісіміз ілгері басып жүре берді. Шеттен кел­ген ағайындармен арада жақсы бір сыйластыққа толы түсіністік орнады. Бұған сол кездері өзім куә болған мына өмірлік мысалды айтсам, сол көп жайдан хабар береді ғой деп ойлаймын.

1955 жылдың күзі болуы керек, біздің Красноармейская көшесіндегі қоныстандыру пунктіне жасы 25-26 шамасындағы жігіт келіп кірді. Аман-саулықтан кейін ол өзінің бір жыл бұрын арғы беттен бері өткенін, содан осы Панфилов ауданындағы Жаркент педагогикалық училищесін бітіріп, қала іргесіндегі Кішішыған ауылында мұғалім болып орналасқанын айтты да әңгіме арнасын басқа тақырыпқа бұрды. Оның сөзіне қарағанда осыдан 2-3 күн бұрын Қытайда қалған Бексұлтан Жәбіков деген жалғызбас­ты немере інісі Қорғас заставасынан бері өтіпті. Сыбай-салтаң, аяққа оралғы бала-шағасы жоқ жас адам болғандықтан, бақылау пунктіндегілер оны тың игеріліп жатқан солтүстік өңірдегі Қостанай облысының Боровской ауданына жіберуге шешім қабылдапты.

– Өзі момын, сауаты да шамалы, оның үстіне орыс тілінен мүлде мақұрым еді бауырым. Ағайын-туғанынан алысқа барып қалай күнелтеді? – деген уайымын айтты әңгіме иесі.

– Аты-жөнің кім? – деп сұрақ қойдым осы арада мен оған.

– Тоқбай Исабеков.

– Жарайды, інішек… Енді мәселе былай, – дедім. – Немере інің өз-өзіне келіп, мына ортаға бейімделгенше, оны бағып-қаға алатын шамаң бар ма?

– Ойбай, о не дегеніңіз?.. Өзім еште­ңе ішіп-жемесем де, ештеңе кимесем де барымды соған беремін ғой.

– Жеке басы мен жүріс-тұрысы деген сияқты тәртіп жағына да жауап бересің ғой?

– Иә,

– Онда осылай деп өтініш – қолхат жаз да ініңді мына ауладан тауып алып, ауылыңа қайт.

– Ой, рахмет ағасы! Бұл жақсы­­лы­ғы­ңызды өле-өлгенше ұмытпаспын. Көсе­геңіз көгерсін! – деп ол қатты қуан­ды.

…Сөйткен Тоқбай, иә, сөйтіп таныс­қан Тоқбай Исабеков кейін Жаркент өңіріне сыйлы ұстаз атанды. Мұғалімдік қызметті қаламгерлікпен жалғастырып, бірнеше кітаптың авторы атанған соң Қазақстан Жазушылар одағының мү­шелігіне қабылданды. Ал әлгі жал­ғыз­­басты жігіт – Бексұлтан Жәбіков кол­­хозда жан аямай жұмыс істеп, озат сушы – мұрап болды. 5 ұл, 2 қызды өмірге әкеліп, әйелі Сарқыт екеуі бақытты өмір сүруде. Тоқбай да, Бексұлтан да қазір сол Жаркент өңіріндегі өздері­нің ата-бабалары туып-өскен жерде. Ба­рыс-келісіміз жақсы. Үнемі хабарласып, хал-жағдайымызды сұрасып тұрамыз.

– Дұрыс екен. Ал енді мынаны айтыңызшы, аға! Ол жақтағы, яғни, шекарадағы жұмыстан қалай босап, Алматыға қашан қайттыңыз? Содан соң одан кейінгі және қазіргі өмір жолыңыз туралы да қысқаша айта кетсеңіз. Себебі, бұлар бүгін жай, қа­лып­ты нәрсе ретінде көрінгенімен, бола­шақта қажетті деректер болары анық.

– Алматыға Қорғас шекарасынан бізді 1956 жылы қайтарды. Келген бойда сол баяғы қалалық коммуналдық шаруашылық жұмысына қайта кірісіп кеттім. Кейін Чайковский мен Совет көшесінің қиылысындағы моншаның меңгерушісі болдым. Сөйтіп, жүргенде 1965 жылғы Жеңістің 20 жыл­дығы мерекесі қарсаңында мені Мәскеу мен ГДР-дан түрлі делегация өкілдері жиі іздеп келе бастады. Сұрайтындары – Берлиндегі баяғы Рейхстаг оқиғасы. Міне, сондай кездесулерде сырт көз адамдардың біреуі болмаса біреуі Ұлы Отан соғысының әйдік батырына көрсеткен құрметтерінің түрі осы ма деген сияқты ескерту айтып қала ма деп қауіптенді-ау деймін, Алматы қалалық советі атқару комитетінің төрағасы Есен Дүйсенов менің қызметімді өсірді де жіберді. Сөйтіп ойда-жоқта монша меңгерушісінен қалалық коммуналдық және көркейту басқармасы бастығының орынбасары болып шыға келдім. Ал содан екі жыл өткен соң Қазақстан астана­сы­ның ең сұлу әрі әсем архитектуралық туындыларының тұңғышы – «Алматы» қонақ үйі өмірге келді. 1967 жылы сөз етіп отырған ғимараттың лентасы қиылып, салтанатты жағдайда ашыл­ған­нан бері мен міне, осында директор болып қызмет атқарып келемін. Кол­лектив мүшелері – өз ісінің мамандары. Ұйымшыл, тәртіпті, саналы, мәдениетті жандар. Үлкендерге ізетпен, кішілерге қамқорлықпен қарайтын осындай адамдармен жұмыс істеп келе жатқаныма тәубе деп өзімді бақытты сезінемін.

Әңгіме аяқталды. Сағатыма қара­дым. Цифер­блат тілі кешкі 8-ге таяп қал­ған екен. «3 сағатқа жуық әңгімелесіп­піз ғой», – деді осы кезде қабылдау бөлме­сіндегі қызға шай әкелуге тапсырма беріп жатып Рахаң да менің қимылымды байқап қалып. «Иә, көп сөйлестіңдер. Біраз нәрсе айтылды. Өзіңмен 30 жылдан бері аралас-құралас болып келе жатсам да сен туралы кейбір жәйттерді мына мен де жөнді білмейді екенмін. Бұл бір жақсы әңгіме болды», – деп орнынан тұрды бөлменің бір бұрышында біресе теледидар көріп, біресе газет оқып отырған Қасым аға Қайсенов те.

Үшеуміз шайға отырдық. «Қазақ, – деп бір әңгіме бастады осы кезде сәл қуақылана жымиған Рахаң, – қонағын қой сойып қарсы алған ғой. Біз саған қой ғана емес қалқам, мына жерге бүкіл жан-жануарды тізіп әкеп отырмыз. Ұялма, қалағаныңды алып, ішіп-жеп отыр». Бұл сөзге Қасекең мәз болды. Ал мен әңгіме не туралы болып отырғанын түсінбей қалдым. Сосын барып дастарқандағы аю, әтеш, құлын, торғай, балық бейнеленген ұсақ печеньелерді көріп күліп жібердім. Рахаң міне, соларды айтып қалжыңдап отыр екен.

Қайтарымда мағыналы да мәнді әңгімесі үшін батыр ағаға рахметімді айтып, дипломат сөмкемнен ол кісінің 1978 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Жеңіс жалауы» кітабын алып, автограф жазып беруін өтіндім. Рахаң бұған ризашылықпен келісіп: «Жанболатқа. Зор денсаулық, ұзақ өмір тілеймін. Ағаң Рахымжан Қошқарбаев. 9 май, 1984 жыл. Алматы», деген сөздерді жазып ұсынып жатты да: «Бүгін 9 октябрь екенін білемін. Бірақ мен ел-жұртқа берген қолтаңбаларыма 9 май күнін жазуды әдетке айналдырғанмын. Ол қандай мереке екенін білесің ғой», деді. Сөйтті де столының тартпасынан шағын қатырма қағазды суырып алып, оған өзінің қолын қойды да: «Мынау менің 60 жылдығыма арналған шақыру билеті. Келін екеуің келіп қатыс. Жарай ма?», деп шығарып салды. Сыртқа шығып, қолымдағы қағазға үңілсем, онда орыс тілінде: «…Сізді Рейхстаг шайқасының қаһарманы, соғыс ардагерлері комитеті Алматы секциясының президиум мүшесі Рахымжан Қошқарбаевтың 60 жылдығына арналған салтанатты кешке қатысуға шақырамыз. Кеш 1984 жылдың 19 октябрінде кешкі сағат 17-де Қазақстан Жазушылар одағының конференц-залында өтеді (Алматы қаласы, Коммунистік проспект 105-ші үй). Мерейтойлық комиссия», деп жазылыпты.

 

  1. Факт

1986 жылдың қараша айы еді. «Лениншіл жас» газетінен теориялық-саяси басылым – «Қазақстан ком­мунисі» журналына ауысып келгеніме жарты жылдай уақыт болған. Бір күні жауапты хатшы Әбиболла Ахметов ағамыз мені кезекті нөмір гранкаларының жағ­дайын біліп келу үшін баспаханаға жұмсады. Тапсырманы орындап, редакцияға қайта оралсам, Әбекең: «Бас редакторға амандасуға Рахымжан Қошқарбаев келді. Сенің кабинетіңнің есігі жабық тұрғанын көріп: «Мені күтсін. Кәкеңнен шыққан соң соғамын деп кетті», деді.

Жауапты хатшының Кәкең деп отырған кісісі осы редакцияның басшысы Кәкімжан Қазыбаев. Рейхстаг қаһарманы Рахымжан Қошқарбаев туралы алғаш қалам тартып, деректі повесть жазған жазушы-журналист. Сондықтан Рахаңның мұнда келуі түсінікті. Бір-бірінде тығыз шаруасы болғаны ғой шамасы.

Осылай деп ойлап отырғанымда қабылдау бөлмесінен сырт киімін киіп, бері қарай бұрылған Рахымжан ағаның өзі де көрінді. Алдынан шығып амандастым. Хал-жағдай сұрасып, бөлмеге кірген соң ол кісі бас редактордың өзін менімен әңгімелесуге жібергенін айтты. «Кейін 4 жылдан соң, Ұлы Жеңістің 45 жылдығында керек болады. Ойында бұрын біз айтпаған, біз сөз етпеген тақырыптарға байланысты сауалдар жүрген болса, осы жолы сұрап алсын деп айтты», деді Рахаң маған қарап. Содан әңгіме басталып кетті. Ол төмендегі деректер мен мәліметтерге көз жеткізіп, соларды тірнектеп жинауға деген талпыныс еді, құрметті оқырман.

 

– Сіз Рейхстаг үшін шайқаста оның қабырғасына тұңғыш рет ту тіккен адамсыз. Оны жұртқа жеткізуде, сол тарихи сәтті ресми документтерде дерек ретінде дәйектеуде баспасөзде жарияланған материалдардың рөлі зор екені анық. Сұрайын дегеніміз, аға, сіздің жоғарыдағы ерлігіңіз тура­лы сол 1945 жылғы Жеңіс күндері қар­­саңында іле-шала қалам тартқан адам­дар болды ма? Болса олар кімдер еді?

– Ең алдымен 2 май күні Рейхстаг түбінде демалып жатқан бізге өзіміздің 150-ші Идрицк дивизиялық газетінің тілшісі Василий Субботин келді. Ол командирден болған жайды тәптіштеп сұрап алып, содан кейін менімен, Григорий Булатовпен сөйлесті. Тілші осылай келіп кеткен соң, ертесіне, яғни, 3 май күні біздер сол дивизиялық «Воин Родины» газетіне ірі әріптермен жазылған листок іспеттес хабардың шыққанын көрдік. Онда былай деп жазылыпты: «Отан өз ерлерінің есімін құрметпен атайды. Совет қаһармандары – халықтың адал ұлдары. Олардың теңдессіз ерлігі туралы кітаптар жазылады, әндер шығарылады. Бұл жаужүрек жігіттер гитлеризм ордасына басып кіріп, Рейхстагқа жеңіс туын қадады. Батырлар есімін жадымызда сақтайық: лейтенант Рахымжан Қошқарбаев, қызыләскер Григорий Булатов. Бұлармен тізе қоса шайқасқан басқа даңқты жауынгерлердің есімдері: Провоторов, Лысенко, Орешко, Бреховецкий, Сорокин. Батырлардың даңқы арта берсін!».

Ал 5 май күні осы газетке соның алдында бізбен жолы­ғып, әңгімелескен журналист Василий Субботиннің «Олар жеңіс тұғырын көтерді» деген тақырыппен өз аты-жөнін қойған көлемді мақаласы шықты. Мұнда болған оқиға төмендегідей мазмұнда жан-жақты ашып көрсетіліп, толық баяндалған.

«Командирлер лейтенант Рақымжан Қошқарбаевты нағыз ержүрек жігіт ретінде білетін. Оны капитан Давыдов міне, сол себепті де өз штабына шақырт­­­­қан еді. Ол Қошқарбаевқа жалау ұсынды. Алқызыл ту Берлин қамалына дейінгі қиын жолды бұзып-жарып өткен, осылайша, өз қандарын аямай төккен жан­дар­дың алға қарай ұмтылыстары мен ар­ман-мүдделерінің символы секілді болатын.

– Мұны Рейхстаг ғимаратына тік, – деді офицер.

Давыдов лейтенантты терезенің жанына шақырып, алаңнан ары қарайғы жерді нұсқады. Ол жер Рейхстаг – гитлершілердің мекені еді.

Қошқарбаев, қызыләскер Григорий Булатов, сондай-ақ олардың соңынан ерген басқа да батыл жеті жауынгер сыртқа бірінші қабаттың терезесінен секіріп түсті. Рейхстагқа дейінгі жол от кешу жолы, төзімге толы ерік-жігер мен жүйкені ширықтырған өте қиын жол болды. Үйлер өртеніп, отқа оранған болатын. Ал снарядтар көшедегі бетон плиталарды тас-талқан етіп, ысқырған оқтар болса үй қабырғаларын шұрқ тесік етіп жатты. Сыртқа шыққан жігіттер алға қарай адымдап, кішкене жүгіргеннен кейін оқ нөсерінен бас көтере алмай бұғып қалды. Жан-жағына қараған Булатов:

– Біз екеуміз ғана қалдық. Бораған оқ оларды бізден бөліп тастады, – деді.

Осылайша, жауынгерлер әрі қарай жүре берді. Қара қоңыр қағазға оралған жалау Қошқарбаевтың дәл жүрек тұсында жатқан болатын. Біртіндеп, арақашықтық қысқарғандай болды. Офицер мен жауынгер көпірге канал арқылы жетті. Рейхстаг қол созым жерде ғана еді. Алайда, бораған оқ үдей түсті. Дәл осы жерде, көпірдің астында, офицер сия қарындашпен жалаушаға үлкен әріптермен: «Лейтенант Қошқарбаев, жауынгер Булатов» деп өз аты-жөндерін жазды. Ал төменгі тұсына өз бөлімдері мен бөлімшелерін белгілеп қойды.

Аз-кем уақыттан кейін оларға Виктор Провоторов, Иван Лысенко, Михаил Габидуллин, Степан Орешко, Павел Бреховецкий, Михаил Почковский сынды серіктері, олармен қоса, лейтенант Семен Сорокин де келіп қосылды. Олар жаңа серпінмен оқыс қимылдап, алға ұмтылды. Міне, қою қара түтінге оранған Рейхстаг қақпасы. Снаряд жарық­шақтарымен зақымдалған алып бағандар, автомат оқтары осып өткен адам, ат мүсіндері, кірпішпен жабылып, бітелген биік те ұзын терезелер. Олар осыларды көріп, ішкі түйсіктерімен сезіп келеді, діттеген жерге де жақын қалған сияқты. Лейтенант Сорокин өзге сарбаздармен бірге кіреберіс жолдарды қалқалап, қалып қойды. Тап осы кезде Қошқарбаев Булатовты терезенің жақтауына дейін шығарып, көтеріп тұрып: «Туды тік, Булатов! Қабырғаға қа­да!», деді. Осылайша, олар бірігіп, Рейх­стагтың кіре берісіне алқызыл жалауды ілді.

Дәл осы минутта маңайда бейнебір тыныштық орнағандай болды. Сарбаздар, сержанттар, офицерлер – Берлинге жеткен барлық әскерлер Жеңістің жалауын көрді. Рейхстагқа тігілген бұл туда күл мен өртке оранған селоларымыз, дұшпанның қиянатын басынан кешірген қалаларымыз арқылы бізді өшпенділіктің ошағы – Берлинге дейін жеткізген соғыстың ұлы және қиын жолы бейнеленіп тұрғандай болып көрінді. В.Субботин».

Ұмытып барады екенмін, 2 май күні осы Василий Субботиннен кейін іле-шала 3-ші армияның «Фронтовик» газетінен суретші-график Илья Кричев­ский мен фототілші Владимир Гребневтің келгені бар. Бұлар да бізбен жеке-жеке әңгімелесіп, содан соң батальон командирі Сергей Неустроевтен газетке кімдердің суреттерін берген дұрыс деп сұрады. Ол фотоға түсіруге мені, ал автопортрет секілді суретке рота командирі Илья Сьяновты лайықты деп шешті. Сөйтіп, Владимир Гребневтің сондағы түсірген фотосы армиялық «Фронтовик» газетінің 17 майдағы нөмірінде «Берлин шабуылының батырлары» деген атпен жарық көріп еді. Осы екі аралықта өзіміздің 150-ші Идрицк дивизиясының командирі, генерал-лейтенант Василий Митрофанович Шатиловтың, «Правда» газетінің тілшісі Мартын Мержанов пен «Красная звезда» басылымының қызметкері Лев Деман­ның, «Литературная газетаның» майдандық тілшісі болып жүрген атақты жазушы Борис Горбатовтың да келіп сөйлес­кені әлі күнге дейін көз алдымда. Сондағы жүздесуден алған әсері болуы керек, көрнекті қаламгер СССР Жазушылар одағы­ның 1948 жылғы 18 декабрьде патриотизм тақыры­бы туралы Мәскеуде өткелі жатқан пленумы қарсаңында: «…Расында да, біздің армиямыздың жауынгерлерін қырандарға теңеуді доғаратын кез жетті. Менің көзімше… Рейхстагқа жеңіс жалауын тіккен қазақ Қошқарбаевпен қандай бүркіт теңесе алады? Мұндай батырды көрсету үшін, тіпті де басқаша поэтикалық құрылым, басқа поэзия – социалистік реализм поэзиясы керек…» – деп жазды.

Енді сөз ретіне қарай 1949 жылы көктемде Мәскеуден Алматыға атақты кинорежиссер, Социалистік Еңбек Ері Роман Карменнің келгенін айтайын. Бұл кісінің Қазақстанға атбасын бұруының себебі, сол кездері одақ экрандарында әрбір маусым сайын бір шығып тұратын «Советтік Қазақстан» киножурналын түсіріп қайту екен. Сонда Роман Лазаревич мені көп іздеп, көп сұрастырып, таба алмапты. Ақыры тиісті жұмыстарын бітіріп болып, Мәскеуге қайтарында «Казахстанская правда» газетіне сұхбат беріпті. Осы басылым тілшісінің 1949 жылғы 8 майдағы Роман Карменмен интервьюін тауып алып, оқитын болсаңдар, онда мынадай сөйлемдер бар: «…Біз бұрынғы майдангерлердің еңбектегі істеріне кеңірек тоқталдық. Солардың бірі Қошқарбаев жолдаспен менің өте-мөте қайта кездескім келеді. Қазір ол қайда? Менде қаһарман жауынгерлердің Рейхстагқа қызыл жалау тігіп жатқан сәтін бейнелейтін кинокадрлар сақталған. Бұл 1945 жылдың сол бір естен кетпес күні болған еді».

– Ал енді аға, өзіміздің қазақ қалам­герлері мен қазақ газет-журналдары туралы әңгімеге көшейік. Олардан сол кездері сіз, сіздің ерлігіңіз туралы жазған біреу болды ма? Болса, қиянат жасамайық, сөз ретіне қарай айтып, есімдерін ел есіне салайық.

– Осыдан бұрынғы бір әңгімемде мен өзіңе 1947 жылы әскерден босап, елге келдім деп айттым ғой. Тиісті жұмысымды істеп жүріп жаттым. Сондағы таңғалғаным, өзіміздің қалам иелері арасынан: «Орталық газеттер осы жігіт туралы 1945 жылдан бері жазып жатыр ғой. Сол оқиға қалай болды екен? Біз де білейік те», деп сұраған бірде-бір жанды кездестірмедім. Сөйтіп, арада он жылға жуық уақыт өтті. 1956 жылы атақты Баукең, Бауыржан Момышұлы Мәскеудегі әскери қызметінен босап, Алматыға келіпті деп естідім. Жұмыстан қолым тимей, әне-міне деп жүріп, 1957 жылдың аяғында ғой деймін, сәлем беруге бардым. Жақсы қабылдады. Дастарқан басында айтылмаған әңгіме, шертілмеген сыр қалмады. Кетерімде қайда, кімнің қарауында, нендей қызмет істейтінімді жазып алып қалды. Көп кешікпей мынадай әңгімені құлағым шалды. Өзім іздеп барған сол Баукең, аруағыңнан айналайын Бауыржан ағам Қазақстан Жазушылар одағындағы үлкен жиынға барғанда сөз алыпты да: «Бізде осындай адам бар. Оны білмейсіңдер, көрмейсіңдер. Ол «исторический человек» деп әлдекімдерге қатты кейіпті. Содан бір күні мені журналист, республикалық «Лениншіл жас» газетінің жауапты хатшысы Кәкімжан Қазыбаев іздеп келіп сөйлесті. Кейін оның газеттің 1958 жылғы 20 февраль күнгі санында «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» деген көлемді очеркі басылды. Бұл республика баспасөзінде мен жайын­да шыққан тұңғыш мақала еді. Кәкең, Кәкімжан ағаларыңды міне, содан бері өте жақсы білемін, қарағым. Ол менің жолдасым, досым, бауырым десем де болады. Құдай көп көрмесін, 28 жылдан бері бір-бірімізге сүйеу, демеу болып келе жатырмыз. Алда да осылай бола бергей деп тілеймін Жаратқаннан.

– Лайым солай болсын. Тілегіңізге жетіңіз, ағасы! Енді манағы үзіліп қалған әңгімеміздің жалғасы – сіз туралы жазуды жалғастырған орталық газеттер материалдарына қайта орал­сақ. Кейінгі зерттеушілердің із­деп тауып, танысуына жеңіл болсын, 60-70-жылдары Мәскеуден шығатын белді басылымдарда кімдердің қандай дүниелері, қашан, қай уақытта жарық көрді? Оларды мүмкіндігінше нақты, олай болмаған жағдайда шамамен болжап айта аласыз ба?

– Көп қой олар. Ерекше есімде қалғаны деп бірінші кезекте, мысалы, сол баяғы ескі танысым, соғыс кезіндегі дивизиялық газеттің тілшісі, ал кейін деректі прозаның көрнекті өкілі болған Василий Субботиннің 1960 жылғы «Новый мир» журналының №5 санында жарияланған «Мың төрт жүз оныншы күн» атты мақаласын айтуға болады. Онда ол мәселеге жаңаша қырынан келіп, материалын біраз тың деректермен байытып жазған. Содан кейін соғыс кезінде біздің 3-ші армиялық газеттің суретшісі болған, бейбіт кезеңде қаламы ұшқыр журналист атанған Илья Кричевскийдің 1962 жылғы 9 майда «Комсомольская правда» газетінде «Ерекше тапсырма» атты естелігі жарық көрді. Онда ол: «Зеңбірек расчетінің командирі, сержант Хабибуллин Рейхстагқа тура наводкамен бірінші болып оқ жаудырса, лейтенант Қошқарбаевтың взводы осы жау ордасының ғимаратына басқалардан бұрын жетіп, оның кіре­берістегі қабырғасына қызыл жалауды қадады», деп болған оқиғаны нақты айтқан. Осындай жарияланымдар «Жеңіс туы қалай тігіліп еді?» деген тақырыппен 1963 жылы 9 майда «Правдада», «Отты жылдар хикаясы» деп 1964 жылы 25 февральда «Литературная газетада», «Ту ұстаушылар» тақырыбымен 1964 жылы 30 апрельде «Комсомольская правдада» шықты. Бұлардың бәрінде де Григорий Булатов пен менің Рейхстаг қабырғасына 674-ші полк командирлерінің берген қызыл жалауын қалай апарып тіккеніміз туралы егжей-тегжейлі жазылған.

Осы арада өзім үшін ерекше оқиға деп бағалайтын мынадай екі-үш жағ­дайды да айта кеткенді жөн көріп отырмын. Біріншісі – 1965 жылы 6 майда Мәскеуге арнайы шақырылып, Орталық телевизиядағы «Көгілдір от» хабарына қатысуым. Жеңістің 20 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған сол кездегі бұл қызықты бағдарламада мен Совет Одағының үш мәрте Батырлары, әйгілі ұшқыштар Александр Иванович Покрышкин мен Иван Никитич Кожедуб, Украина мен Белоруссиядағы партизан құрамасының жаужүрек коман­дирі генерал-майор Александр Нико­лаевич Сабуров пен жазушы Борис Полевойдың «Нағыз адам туралы хикая» повесі­нің прототипі Алексей Маресьев секілді танымал тұлғалармен қатар отырып, өзі­ме сөз тигенде 1945 жылдың 30 апре­лі күнгі тарихи оқиғаны толық айтып бердім.

Содан сол жылы… иә, сол 1965 жылдың жазға салым кезі ғой деймін, мені қазақ баспасөз бетінде тұңғыш жазған журналист Кәкімжан Қазыбаев іздестіріп жатыр деп естідім. Кәкең ол кезде «Лениншіл жастан» ауысып, астаналық Алматы облыстық «Жетісу» газеті редакторының бірінші орынбасары қызметіне барған болатын. Не жағдай екен деп телефон соқсам, ол жұмыс орнымда болуымды өтінді де көп кешікпей Алматыға Герман Демократиялық Республикасынан келген Карл Кокошко деген неміс журналисін алып жетті. Бұл кісі соғыс аяқталғанда 15-16 жастағы бала екен. 1953 жылы Берлинде жоғары оқу орнын бітіреді. 1960 жылы қалалық газетте жұмыс істеп жүргенде, қолына уақыт табынан сарғайған бір парақ қағаз түседі. Ол документ баспаханадан неміс тілінде басылыпты. Карл оны оқып, зерттей келе мұның совет әскерлері Берлинді алған 1945 жылғы май күндерінде шығарылған листовка екеніне көз жеткізеді.

– Бұл сол кездегі антифашистердің тірлігі еді, – деді осы жерге келгенде шетелдік қонақ. – Гитлер режиміне қарсы күрескен неміс коммунистері халыққа соғыстың соңғы күндеріндегі болып жатқан жаңалықтарды мүмкіндігінше тез жеткізіп отыруға тырысқан ғой.

Карл осылай деді де өзі алып келген листовкада Қошқарбаев деген менің фамилиямның бар екенін айтты. Бұл сөзді естігенде таңғалып, үн-түнсіз отырып қалдым. «Не деп жазды екен? деймін іштей. – Олар мені қайдан біледі?». Осындай ойлардың қамауында отырып: «Листовкадағы сөйлемдерді немісшеден орысшаға аударып, мазмұнын айтып бере аласыз ба?» дедім қонаққа. Ол менің бұл өтінішіме ынты-шынтымен келісіп, сарғайып, әбден тозығы жеткен қағаздан: «Ұмытылмас фактілер. Рейхстагқа бірінші болып лейтенант Қошқарбаев және қызыл әскер Булатов жетті. Сөйтіп олар жеңіс жалауын тікті» деген сөздерді орыс тілінде өте түсінікті етіп жеткізді. Сөйтті де аудармасының соңын: «Ал Рейхстагтың үстіне жеңіс туын тіккен Егоров пен Кантария. Рейхстагтың ішіне алғашқылардың бірі болып басып кірген Сьяновтың, Грищенконың, Неустроевтың, Давыдовтың, Логвинен­коның жауынгерлері», деп бітірді.

Мен соғыстың соңғы күндеріндегі Берлин тұрғындарына таратылған осы листовканың бір данасын 20 жылдан кейін тауып алып, оны көрсетіп, оқып беру үшін сонау ГДР-дан Қазақстанға келген Карл Кокошкоға қатты риза болдым. Кәкімжан екеуміз біраз күнге дейін оны жібермей, Алматының әдемі жерлерімен таныстырдық. Медеуде суретке түсіріп, Кәкең мен біздің үйде кезек-кезек қонақ еттік. Сөйтіп, оны еліне риза қылып аттандырдық.

Айта берсем, жоғарыдағыдай фактілер менің өмір жолымда өте көп қарағым. Соның бәрі Рейхстагқа шабуыл кезіндегі әр сағат, әр минутқа қатысты оқиға деректерін нақтылап, байыта түседі дер едім. Соғыс бітіп, жеңіс жаңғырығы алыстаған сайын Берлинді алып, жауды тізе бүктіру тақырыбын, оның белгісіз, беймәлім беттерін зерттеп, жазатындар көбейе түсуде. Оған мысал, осы 70-жылдардың өзінде, нақтылап айтсам, 1973 жылы сентябрьде мені Алматыға «Брест қорғаны» атты атақты кітаптың авторы, Лениндік сыйлықтың лауреаты Сергей Сергеевич Смирнов іздеп келіп, Орталық телевизиядан жақсы хабар берді. 1975 жылы Ұлы Отан соғысы кезінде «Правда» газетінің майдандағы тілшісі болған Мартын Мержановтың Мәскеудегі «Саяси әдебиеттер баспасынан» «Бұл осылай болған» деген деректі кітабы шықса, ал 1980 жылы Жеңістің 35 жылдығы қарсаңында баяғы 150-ші Идрицк дивизиясының командирі, генерал-лейтенант Василий Митрофанович Шатиловтың «Рейхстаг үстіндегі ту» атты мемуары жарық көрді. Сондағы бұлардың бәрінің де айтатыны, жазатыны – Берлинге шабуыл, жеңіс жалауының тігілу оқиғасы. Осы еңбектерде де менің есімім ұмытылмай аталып өтілген. Бұл маған деген құрмет, берілген баға деп есептеймін. Бір арманым – жазу-сызумен айналысып жүрген кейінгі ұрпақ өкілдері осыларды жинаса, жүйелесе дұрыс болар еді. Сонда ел есінде қалып, жұрт жадында жүрер едік деймін де.

– Жоғарыдағы өзіңіз айтқан газет-журналдар мен кітаптарға қарап отырсақ, сізге көптеген көрнекті қаламгерлердің назары ауыпты. Олар сіздің жасаған ерлігіңізді әр кездері хал қадерінше жазып, насихаттапты, баға беріп, мәселелер көтеріпті. Дегенмен де дейміз де… Айтыңызшы, аға, архивіңізде, жеке қағаздар сақтайтын папкаңызда өз жүрегіңізге жақын, өзіңіз етене жақсы көретін документтер мен хаттар, суреттер бар ма? Бар болса ол қандай дүниелер? Бұлар сізге несімен ерекше, несімен ыстық деп ойлайсыз?

– Иә, ондай жәдігерлер бар. Бірақ көп емес. Екеу. Соның біріншісі деп 1963 жылы Мәскеуден шыққан «Ұлы Отан соғысы тарихының» бесінші томын айтуға болады. Бұл академиялық, редколлегия мүшелері кәсіби білігі өте жоғары мамандардан тұратын салмақты кітап. Міне, осы іргелі еңбектің 7-ші тарауындағы 283-ші бетте «… 674-ші атқыштар полкынан шыққан Р.Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Г.П.Булатовтың жалаулары желбіреп тұрды» деп жазылған. Осы сөйлемдер мен үшін аса қымбат. Се­бебі бұл тарихта қалатын тарихи сөз, шы­рағым. Ал жеке архивімдегі өзіме етене жақын екінші документ – белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, марқұм Ілияс Омаровтың мені 1970 жылы Ұлы Жеңістің 25 жылдығымен құттықтап жазған хаты. «Қалқам, Рахымжан!» – де­лінген онда. – Ұлы Отан соғысының жеңісіне ширек ғасыр толды. Бұл күні біз келешек үшін құрбан боп кеткен көп азаматтардың аруағының алдында басымызды иеміз, фашизмнің қанды ордасын талқандап, шаңырағына советтік алқызыл ту тіккен ерлерімізді мақтан етіп, құшақтап сүйеміз. Жас та болса ерлікке бас болған қас батырларымыздың алдыңғы сапында сен тұрсаң, Рахымжан!

Әңгіме атақта емес, адамзаттың бақы­тына қосқан үлесте ғой. Сен бізге істеген ерлігіңнің адам баласы тарихынан орын алған мән-мазмұнымен қымбаттысың. Мерекең құтты болсын, інім. Көп жаса. Үй ішіңе бақыт тілеймін. Ағаң – Ілияс Ома­­ров, Алматы, аурухана, 6 май, 1970 жыл».

Міне, мен үшін ең қымбат хат, өзіме етене жақын нәрсе осы, шырағым.

– Ұлы Отан соғысынан кейін Берлинге, өзіңіз ту тіккен Рейхстагқа барудың сәті түсті ме?

– Мен онда үш рет болдым. 1965 жылдың 8 майы күні совет-герман достық қоғамының шақыруымен Берлинге бардым. Ондағы Рейхстагты, Бранденбург қақпасын асықпай, жаяу аралап көрдім. Сол сапарда мені Берлин – Кепенинг кеме жасау заводына шақырды. Кәсіпорында жиын өтіп, онда цех бригадирі Вилл Ротер өздерінде совет-герман достығы бригадасы құрылғанын салтанатты түрде жария етті. Бұл бригаданы совет жауынгері Рахымжан Қошқарбаевтың есімімен атау жөніндегі шешімді жиналғандар қол соғып, қызу қарсы алды. Содан кейін 1970 жылғы 6 майда менің Берлинге екінші рет жолым түсті. Ол да бір әсерлі кездесулерге толы сапар болды. ГДР-дің Ұлттық Қорғаныс министрлігінде қызмет істейтін генерал-лейтенант Оттомар Пехпен, біздің еліміздің үлкен досы, 1965 жылы мені Алматыға іздеп келетін жазушы Карл Кокошкомен жүздесіп, әңгімелескенімді ешқашан ұмытпаймын. Ал 1975 жылы 24 апрельде неміс жеріне тағы да жолым түсті. Онда мен Кельн, Потсдам қалаларында болып, совет әскерлерінің сондағы шектеулі контингенті жауынгерлерімен кездестім.

– Қанды көйлек досыңыз Григорий Булатовтың жағдайы қалай? Онымен хат алысып, хабарласып тұрасыз ба?

– Ол бір ақкөңіл, үнемі күліп жүретін қабағы ашық ғажап жігіт еді. Вятканың орысы болатын. 18 жас деген немене? Міне, көкөрім, сондай жас шағында менімен отқа да, суға да түсіп жүріп үлкен ерлік жасады ғой. Кеудесіне жауынгерлік Қызыл Ту орденін қадап еліне оралғанда бәрі таңғалыпты. Бірақ айтқан әңгімесіне сенбеген. Содан ол Мәскеудің ар жағындағы Кировск қаласына барып жұмыс істеген. 1960 жылдан бастап Ұлы Отан соғысына қатысқандардың майдандағы ерліктері жүйелі түрде айтылып, жазыла бастады ғой. Міне, сонда ол өзімен бірге еңбек етіп жүрген әріптестеріне Рейхстаг оқиғасын айтса, оны олар жеңіл-желпі әңгімеге балап, онша назар аудармаған. Содан ол шамданып, заводтағы партком секретарына барады да жоғары жақтан сөз болып отырған фактіні дәлелдейтін анықтама әперуді талап етеді. Басшылық бұған мән бермей, ескерусіз қалдырады. Осыдан кейін ол ішімдікке бой алдырады. Кочегар болып жүріп, өзіне-өзі қол салғалы жатқанда, біреулер көріп қалып, құтқарып қалады. Осының бәрін маған мамандығы геолог кластас досы хат жазып, хабарлаған еді. «Екі жылға Моңғолияға жұмыс істеуге кетіп бара жатырмын. Мен келгенше ақылыңызды айтып, сабырлыққа шақырсаңыз жақсы болар еді» деп қаруласымның үй адресі мен қалалық соғыс ардагерлері кеңесінің телефонын жазып жіберіпті. Ұмытпасам, бұл 70-жылдардың ортасы немесе аяқ кезі. Содан біраз уақыт ойланып-толғанып жүріп, Кировск қалалық партия комитетіне хат жібердім. Онда Григорий Булатовтың соғыс кезінде көрсеткен ерлігін толық баяндаған едім. Көп кешікпей ол жақтан хабар келді. Қайран дос қайтыс болыпты. Қай кезде, қандай жағдайда?.. Ол жағы жіберілген жауап хатта айтылмаған. Оқ пен оттан аман өткен бейбақтың бейбіт күндегі жағдайы міне, осындай болды.

Осылай деп әңгімесін аяқтаған Рахаң: «Тағы қандай сұрағың бар?» дегендей бетіме қарады. Мен ағамыздан өзінің отбасы мен туған жері – Ақмола өңірі, ондағы туған-туыстарымен байланысы туралы қысқаша айта кетуін өтіндім. Бұған ол кісі зайыбы Рахила Сейдахметқызы Яхинаның Қазақ ауыл шаруашылығы институтында оқытушы екенін, екеуі Әлия атты қыз тәрбиелеп отырғандарын сөз етті де, ағайындарына келгенде немере бауыры Кәртай Мұсабеков туралы айтты. «Қошқарбайдың әкесі Мұса болса, Мұсабек сол кісінің інісі. Ал Кәртай сол Мұсабектің баласы, – деді Рахаң. – Мен соғысқа кеткенде Кәртай броньмен Ақмолада қалды. Ол сол кездері Мелитопольден көшіп келген снаряд зауытында жұмысшы еді. Сол кәсіпорын кейін Целиноград насос зауыты болды. Кәртай осы жерде табан аудармай 45 жыл бойы жұмыс істеп келеді. Ленин орденінің иегері. 1980 жылы ол екеумізге Целиноград қаласының құрметті азаматы атағы берілді. Әкем Қошқарбайдың екінші әйелі Жұмақыздан туған қарындасым Кенже де сол облыс орталығында тұрады. Немере қарындасым Рымжан Целиноград кооператив техникумында оқытушы. Тағы бір туыс апайым Гүлшен Жұмағожина – зейнеткер. Күйеуі Мұзафар Жұмағожин – облыстық әскери комиссар, Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер», – деді.

 

  1. Автор

 

1989 жылдың 4 наурызы. Талды­­қор­ған облы­­­сының Ақсу ауданында «Қазақстан коммунисі» журналының «Партиялық жұ­мыс: іскерлік, жаңа­шыл­дық, ізденіс» деген тақырыпта дөңгелек стол басындағы сұх­ба­ты өтетін болды. Оған редакциядан екі адам баруға шешім қабылданды. Олар: бас ре­­дактор Кәкең және бөлім меңгерушісі мен. Алматыдан ертелетіп аттандық. Қап­ша­ғайдан өтіп, Шеңгелдіге иек артқанда: «Сөйле, батыр, – деді қаладан шыққалы бері ауыр ойда отырған ағамыз кенеттен. – Мынадай ұзақ жолда бір-бірімізге әңгіме айтып отырмасақ болмас, сірә».Мен қысылдым. Өйткені, барып кел-шауып келге шамдағай, жұмысқа әбжіл бол­ғаныммен, үлкендермен арадағы былайғы қарым-қатынаста тәжірибем аз, әлі ашыла қоймаған ұяң кезім.

Осыны сезді ғой деймін, мәшине те­ре­зе­сінен сыртқа барлай қараған Кә­кең: «Рахаң… Рахымжанды айтамын да… Сол кісінің көзі тірісінде біздің редакцияға бас сұққан соңғы келісі есіңде ме? – деді. – Бұл 1986 жылдың ноябрі еді ғой. Мен онда батыр ағаңды өзімде көп ұстамай, саған әңгімелесуге жіберген болатынмын».

– Иә, – дедім мен. – Ол кісі екеуміздің ара­мыздағы сұрақ-жауап әңгіменің магнитофон таспасы сейфте сақтаулы тұр. Қажет десеңіз мына сапардан қайтып оралған соң, сізге берейін. Бірақ, екі нәрсеге түсінбедім. Ол өзіңіздің осыдан 31 жыл бұрын очеркіңіздің де, содан сәл кейінірек жарық көрген кітабыңыздың да кейіпкерін маған жібергеніңіз және Рахаңның кейбір мәселелер туралы тәптіштеп тұрып сұраған сауалдарыма: «Баукең мен Кәкең біледі. Өйткені, ол шаруалардың басы-қасында сол кісілер жүрді ғой», – деп көп нәрсеге мардымды жауап бермегені.

– Мәселе міне, осында, бауырым. Са­ған қазір соны айтқалы отырмын, – деді аға­мыз мына ұзақ жол үстінде үлкен бір әңгі­ме тиегін ағытуға ыңғайланғандай болып. – Алдымен сөзді сенің бірінші сұра­ғыңа емес, екіншісіне жауап беру­ден бас­тайын. Рейхстаг қаһарманы Рахым­жан Қошқарбаевты маған тауып берген Бау­кең. Бауыржан Момышұлы! Бұл кісінің бәйбішесі Жамал 50-ші жылдардың бас кезінде өзіміз жұмыс істеп жүрген «Лениншіл жаста» машинистка еді. 1956 жылдың көктемінде апамыз Баукеңнің Мәскеудегі әскери қызметтен біржолата босап, Алматыға келгенін айтты да, біздерді батыр аға­мызбен таныстыру үшін үйіне шақырды. Содан бастап ол кісінің назары маған мықтап ауғанын жасырмаймын.

Сол Баукең, аруағыңнан айналайын асыл ағам бір күні үйіне шақырды. Айтқан әңгімесі: өзіне соғысқа қатысқан бейтаныс жас жігіт сәлем беруге келіпті.

– Білесің бе? – деді көзі ұшқын ша­­шып, ширыққан Баукең. – Мен де со­ғысқа қа­тыстым. Дивизияға дейін бас­қардым. Төрт жыл бойғы сұра­­пыл­дың небір сұмдықтары көз алдымда. Бірақ, Берлинді алардағы, Рейх­с­тагқа ту тігердегі қырғын – ол нағыз ақыр­­­заманның өзі. Жаңағы жігіт сол тозақ отының ішінде болған. Сол алапаттан аруақ қолдап, аман шыққан. Жеңіс жалауын тіккен! Тағдыр оның тарихи адам ретіндегі өмірбаянын сол сәтте жазған!!! Сендердің міндеттерің енді соны елге айтып, жалпақ жұртқа жеткізу.

Баукең осы сөздерді айтты да, қолы­ма тілдей қағазды ұстатты. Онда: «Рахымжан. Рейхстаг қаһарманы! Стран­но… Соғыс біткелі 13 жыл. Ешкім ізде­ме­ген. Ахметжан Қойшығұловтың қара­мағында жұмыс істейді» деп жазылыпты. Мұны оқи са­ла бо­лашақ кейіпкерімді ал кеп ізде­йін. Көп кешікпей оны таптым да. Аңқыл­даған ақжарқын жігіт екен. Оңай тіл табыс­тық. Қайта-қайта барып, бес күндей әңгі­мелестім. Содан соң жазуға отырдым. Нәти­жесінде 1958 жылдың 21 февралі күні «Ленин­шіл жас» газетінде «Рейхстагқа ту тік­кен қазақ» деген деректі очеркім шық­ты. Ол республика жұртшылығын дүр сілкін­дірді.

– Осыдан кейін Үкіметке де ой тү­сіп, билік тарапынан қозғалыс болған шығар.

– Жоқ, бауырым… Оған тағы да араласып, мұрындық болған Баукең. «Қалай?» дейсің ғой. Айтайын. 1960 жылы февральда ағамыз мені шақырып жатыр деген хабар келді. Бардым. Ол кісі сәл ойланып отырды да: «Сенің очеркің арқылы Рахымжанның есімін ел білді. Енді оны батырлық атаққа ұсыну керек. Мен Ілияс Омаровпен сөйлестім. Өзіңмен кездескісі келеді. Құр қол барма. Жақсылап орысша справка-анықтама жазып апар. Ілекең сондағы деректерді тілге тиек етіп, республика басшыларымен сөйлеспекші», – деді.

…Көп кешікпей Ілияс Омаров аға­мыз­ға да жолықтым. Ол уақытта бұл кісі Қазақ ССР Мемлекеттік жоспарлау комитеті председателінің бірінші орынбасары-тын. Өте жылы қарсы алды. Жазып апарған қағазымды асықпай оқып шықты да: «Мұны маған тастап кет. Үлкен жұмыс жасапсың, қарағым», деді риза кейіппен.

Содан біраз уақыт өткен соң Қазақ­стан Компартиясы Орталық Комитетінің Әкім­шілік бөліміне шақырылдым. Онда менімен Мәметқазин жолдас әңгімелесті. Сұраған сауалдарының бәріне нақты дәлелмен жауап бердім. Кейіннен білдік қой, Жеңістің 15 жыл­дығы қарсаңындағы осы қарекетке мықтап атсалысқан адам Жұмабек Тәшенов екен. Ол кезде бұл кісі Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Председателі болып істейтін. Баукеңнің айтуында тиісті материалдармен қаруланған Жұмекең Мәскеудегі СССР Жоғарғы Советі Прези­диу­мы Пред­седателінің орынбасары ретін­дегі бір айлық кезекшілік қызметінде Р.Қош­қарбаев жөнінде Бас штабтың архи­віндегі материалдарды көтертеді. Одан Рахымжанның кезінде Совет Одағының Батыры атағына ұсынылғанын біледі. Сөйтеді де оның неліктен өтпегені жайлы маршал И.С.Коневті шақыртып сұрайды. Өйткені, бұл адам соғыстан кейін Бас штабтың бастығы болған. Ж.Тәшеновтің қатқылдау сұрағына маршал шамданып қалады. Екеуі қатты сөзге келеді. Бұл жайсыз хабар сол кездегі СССР Жоғарғы Советі Президиумының Председателі К.Е.Ворошиловқа жете­ді. Климент Ефре­мович мәселені ушықтырмас үшін өзі­нің орынбасары мен әйгілі маршалды тату­ластыруға күш салады. Сөйтіп жүргенде даудың түйіні назардан тыс қалады.

– Бәрі Климент Ефремовичтің азусыз­дығынан болды, – депті Жұмабек Тәшенов күйіне отырып Баукеңе.

– Жұмекең де мен секілді қызба ғой. Екеумізді құртып жүрген сол мінез, – деді маған айтқан әңгімесінде Баукең.

Сөйтіп, алғашқы талпынысымыз сәтсіз аяқталды.

Осы жерге келгенде әңгіме кілт үзілді. Оған себеп болған жүргізуші Серіктің мәшинені жайлап қана тоқтатып, капотты аша бастағаны еді. Оны көрген біз де сыртқа шықтық. Күн ала бұлт болып көрінгенмен, төңірек манаураған жаймашуақ кейіпте. Жылы жел – алтынкүректің лебімен жол жиегіндегі қар ағыл-тегіл еріп жатыр.

– Арада төрт жыл уақыт өтті, – деді бәріміз мәшинедегі орнымызға отырып, көлік Арқарлының асуына бет алғаннан кейін Кәкең. – Алда Жеңістің 20 жылдығы жақындап келе жатты. Баукең: «Рахымжан туралы жоғары жаққа хат жазсақ, оған өкілеттіктері зор төрт адам қол қоятын болды, – деп тағы бір әңгіменің шетін шығарды бір күні. Сол кісінің түртпектеуімен мен енді Р.Қошқарбаев туралы табылған соңғы тың деректерді қосып, тағы да анықтама жазуға отырдым. Қазір сол документтің бір данасы әлі күнге архивімде сақтаулы. Оған Баукең былай деп жазыпты: «Бұл тақырыпта Ғ.Мүсіреповпен әңгіме болды. Оған алғашқы данасын қалдырдым. 15 июль. 1964 жыл. Б.Момышұлы».

Күзге тарта хат қайта-қайта жөнде­ліп, әбден толықтыры­лып барып дайын болды-ау, әйтеуір. Оған өкіметке сөз­дері өтетін, қол­дарында мандаты бар төрт атақты аға­мыз қол қойды. Олар: Қазақ ССР Жоғар­ғы Советінің депу­таты, рес­публика Жазу­шы­лар ода­ғы бас­қармасының бірінші хатшысы Мү­сі­репов, СССР Жоғарғы Советі­­нің депу­таты, жазушы Мұстафин, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты, жазу­шы И.Шухов, республика Жоғарғы Советі Пре­зидиумының мүшесі, ақын Ә.Тәжібаев еді.

Бұл бастаманы билік қолдады. Сөй­тіп, Қазақстан Компартиясы Орталық Коми­тетінің Бюросында арнайы қау­лы қабыл­данып, алты жыл бойы жинақ­талған бүкіл документ Мәскеуге жі­бе­ріл­­ді. Ол кезде оны адамдардың аз ғана тобы біле­тін. Сеніміміз күшті бол­ды. Өйткені, 1964 жылдың күзінен бас­тап еліміздегі жоғары басшылыққа басқа адамдар келді ғой. Жақындап келе жат­қан Жеңістің 20 жылдығында олар­дан жаңа көзқарас, жаңа ықылас болар деп күттік. Дүрілдеп 9 мамыр мейра­мы да өте шықты. Бірақ Рахымжан Қош­қарбаев туралы орталық үндемеді. Қандай өкінішті…

Кәкімжан аға сөйлеп отыр. Мен жоға­рыдағы бірінен-бірі өткен тың да соны деректерге толы толғанысты ты­пыр етпей үнсіз тыңдаудамын. Себебі, бұл бұрын мүлде естімеген жа­ңа әңгі­ме. Ағамыздың Рейхстаг қаһар­ма­ны Рахымжан Қошқарбаевтың ерлігін 50-ші жылдардың соңында газетке бірінші болып жазған қаламгер екенін білетінбіз. Кейін, яғни 1966 жылы басты кейіпкері Рахаң болып табылатын «Кернеген кек» атты деректі повестің де авторы атанғанынан хабарымыз мол еді. Бірақ… иә, бірақ мынадай жанкешті тірлікке ынты-шынтымен араласуы… Қайта-қайта құшырлана кірісуі… Бұл енді нағыз керемет, ғажап іс!

– Баукең менімен әңгімелесерде немесе бір жұмыс тапсырарда үнемі шақыртып алушы еді, – деп сөзін жалғады Кәкімжан аға Мұқырға жетіп, Көксу өзенінен өте бергенде. – Бұл жолы, яғни 1969 жылдың январында ақсақал маған телефон арқылы өзі хабарласып, былай деді: «Рахымжан десе Ғабит Мүсірепов ішкен асын жерге қояды. Пікірі әлі жоғары. Сол кісімен ақылдасқайсың. Бастаған істі орта жолда қалдыруға болмайды».

Батыр ағаның айтқаны біз үшін бұйрық. Ал ол сөзбұйдаға салынбайды, орындалады. Осылай деген ішкі ойым көп кешікпей мені Ғабеңмен жүздестірді. Ақылдастырды. Содан кейін жоғары жаққа тағы бір хат кетті. Ол Жеңістің 25 жылдығы қарсаңында Р.Қошқарбаевтың ерлігін әділ бағалау жөніндегі тілек-ұсыныс еді. Оған атақты Баукең, Бауыржан Момышұлы өзі бастап, екі мәрте Совет Одағының Батыры Сергей Луганский мен Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты, ақын Жұбан Молдағалиев қостап, 12 адам қол қойды. Бұл 1969 жылдың 29 январы болатын. Мәселені қарауға уақыт жеткілікті болсын, ертең ешкімде де өкініп қалмасын деп аталмыш документ Мәскеуге Жеңістің 25 жылдығынан бір жыл алты ай бұрын әдейі ерте жіберілді. Тағы да үнсіздік. Орталық бұл хатқа да ләм-мим деп жақ ашпады.

Сөзімді аяқтарда әділеттілікке қия­­­нат болмас үшін, мына бір жайды да анық­тап айта кетейін. Жоғарыдағыдай маз­мұндағы ең соңғы хаттың Ғабең, Ғабит Мүсірепов бастаған бір топ адамның қол қоюымен Л.И.Брежнев атына 1975 жылы да жазыл­­­ғаны бар. Мұны қолға алып, оның басы-қасында болған жазушы Әзілхан Нұр­шайықов ағаң. Айтпақшы, осыдан бір апта шамасы бұрын сол кісінің «Мәдениет және тұрмыс» журналында «Ескірмеген есте­­лік» атты мақаласы шықты. Оқыдың ба?

– Иә, – деп жауап қаттым мен. – Фев­раль­дағы номер ғой. Жалғасы № 3 санда жарияланатыны айтылыпты, – дедім сөзім дәлелді әрі әсерлі болсын дегендей нықтап.

– Дұрыс, – деді Кәкімжан аға. Сөйтті де: – Міне, Талдықорғанға да келдік. Мұнда обкомға кіріп шығуым керек. Онда мені идеология жөніндегі хатшы Гүлша Тәңірбергенова тосып отыр. Ал сендер қаланы аралаңдар. 40-45 минут көлемінде бой көрсетіп қалармын, – деді жүргізуші Серік екеумізге.

Қаланы аралағанда қайда барамыз. Уақыт шектеулі. Оның үстінде мұнда көре қоярлық жер де аз. Екі кітап дүкеніне кіріп шығып, орталық алаңның шығыс жағындағы сұр үйге қайтып келсек, Кәкең де баспалдақпен жайлап түсіп, бізге қарай беттеп келеді екен.

– Сонда атақты адамдардың ақыл-кеңе­сімен сіз дайындап, ол кісілер қол қой­ған жоғарыдағы үш хаттың тағдырынан ешқан­дай хабар болмағаны ма? – дедім мен көлігіміз Ақсуға бет алған соң, ағамызды қайтадан сөзге тартып. – Өзіңіз кейін Орталық Комитеттің хатшысы қызметін атқарған кезіңізде сол мүмкіндікті пайдаланып, Мәскеудің үнсіздігінің сырын білудің сәті түсті ме?

– Ол жұмбақтың жауабы мен Үлкен үйге бармастан көп уақыт бұрын-ақ белгілі болған, – деді ағамыз жоға­ры­дағы сауалға күні бойы дайындалып отыр­­ған адамдай іле жауап қатып. – 1980 жылы августа республикамыздың 60 жылдығы тойланатын болды. Онда мен, өздерің білесіңдер, ҚазТАГ-тың ди­­ректорымын. Той салтанатына Бас хатшы Л.И.Брежневтің өзі ке­ліп қатысты. Сондағы аз ғана билік иелері арасындағы әңгімеде Лео­нид Ильичке алдымен Рахымжан Қош­қарбаев, содан соң Бауыржан Момыш­ұлы мәселесі құлаққағыс етілді. Оған Кремль қожайыны: «Тарихты қайта қарап қайтеміз», деп өте қысқа жауап бер­ді. Бұл: «Болды, бітті. Бәрі осымен тә­мам. Ондай тақырыпты енді қайтіп қоз­ғамаңдар», деген сөз еді.

– Мен мұның бәрін саған неге айтып отырмын? – деді осы арада сәл үнсіз қалып барып әңгімесін қайта жалғаған Кәкімжан аға. – Біз қартайдық. Бір жылдан соң Баукең айтқандай «дерпен», яғни дербес пенсионер боламыз. Сөйтіп, қоғамның қыз-қыз қайнап жат­қан өмірінен алыс­таймыз. Ал бұл деген тіліңді біреу алып, біреуі алмай, пұшай­ман күй кешесің деген сөз. Сонда Рейхстаг қаһарманы туралы жиып-терген дүние не болады? Жеңістің 15, 20, 25, 30 жылдығындағы бастамалар жағдайы қайда қалмақ? Оны келешекте кім жалғастырады? Осыны ойлай келе мен мынадай шешім қабылдадым. Ол – қалаға оралған соң Рахаң туралы 30 жыл бойы жинаған архив дерек­терімнің көшірмесін саған беру. Жас­сың. Болашағың алда. Қайда, қандай жағдайда жүрсең де осы мәселе әйтеуір жүрек түкпіріңде жатсын деген ниет қой менікі. Батыр ағаңмен өзіңді осыдан екі жарым жыл бұрын неге кездестіріп, әңгімелестірдім деп ойлайсың? Оның мәнісі міне, осында, қарағым. Үмітсіз шайтан деген… Алда Жеңістің 45 жылдығы келе жатыр. Одан кейін 50 жылдық та бой көрсетпек. Сон­­дай кезде үнсіз қалмасаңдар болғаны да.

Әңгіме аяқталды. Мен үндемедім. Өйткені, бұл елп етіп, бірден бас изей салатын жеңіл-желпі шаруа емес еді. Салмағы ауыр, жолы қиын жүк болатын. Сондықтан оны бірден қабылдай алмадым. «Жауабы жиырма жылдан бері табылмай келе жатқан жұмбаққа жолап нем бар?» деген екіұдай сезім жетегінде қамалдым да қалдым.

…Ақсудан Алматыға 7-мартта кеш­те­тіп жеттік. 10-ы күні жұмысқа шықтық. Түс­ке таман: «Бас редактор шақырып жатыр», деді хатшы қыз. Есікті ашып кіре берге­німде: «Міне, бауырым! Саған айтқан документтер мынау», деді Кәкімжан аға сейф кілтін нығарлай жауып жатып. – «Жейтін наным бар еді деп жүргенше, жеп тынайын», депті ғой баяғы ашаршылықта біреу. Сол айт­қандай мына папканы саған беріп, көңі­лімді жайландырайын. Айтарым: асық­па. Бүгін-ертең қолға алатын шаруа емес. Жағдайға қарап қимылда. Өмір ұзақ жол ғой, қал­қам. Бір реті келіп қалар. Ал болмаса… Қай­тесің. Әйтеуір, осы іс саған аманат», деді.

Мына сөзді естігенде жүрегім дір ете түсті. Не істерімді білмей бетіне қарадым ағамыздың. Әлі күнге дейін көз алдымда: жайдары да жайбарақат, салмақты да сырбаз кейіпте тұрған еді сол сәтте ол кісі. Қиналу мен ренжу немесе мұңаю атымен жоқ-тын өңінде. Керісінше, дегдар, бекзат қалпымен қарап тұрды маған.

…Содан тура жеті ай өткен соң Кә­кім­­­жан аға кенеттен қайтыс болды. Мен сонда барып бәрін бір-ақ түсіндім. Тү­сіндім де: «Өмір бар жерде, қаза бар деген… Көп нәрсені ерте ойластырған екен-ау жарықтық», дедім ішімнен. Сөйте отырып, 1990 жылдың басында ұзын­­құлақтан: «Орталық Комитеттегі Мем­­лекеттік наградалар бөлімі меңгеру­шісінің бірінші орынбасары Көрік Дүй­сеев Баукеңнің 80 жылдығы қарса­ңын­да кейбір мәселелерді анықтау үшін Мәс­кеуге барады екен», деген хабарды естіп, сол кісіге жолығуға бел будым. Ойым – Кәкеңнің қалдырып кеткен көшір­ме қағаздарындағы дерек көздерді аға­мыз­дың қолына ұстатып, сол арқылы орта­лықтан олардың куәландырған данала­рын алдырту жөнінде өтініш жасау. Кө­рік Құндызбайұлы 1987-1989 жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы болған адам. Барлық редакция бір ғимаратта орналасқандықтан, Кәкімжан ағаға үнемі келіп-кетіп әңгі­ме­­­ле­сіп жүретін. Бізді содан жақсы та­ни­­тын. Со­ны бетке ұстап келеміз ғой, бая­ғы.

– Жарайды, – деді ағамыз қашанғы елпіл­­­деген кішіпейіл мінезімен. – Әкел тізі­міңді. Ала кетейін. Уақыт өте келе мүмкін Рахаң мәселесімен де айналысып қалармыз. Сонда қажетке жарары анық. Бірақ, есіңде болсын, қазіргі басты тапсырма – Баукең.

Халық батырының 80 жылдығына байланысты ол ниет пен тілектің бәрі­міз­дің ойла­ғанымыздай болып, абыроймен орын­­далғанын қазір бүкіл жұрт біледі. 1990 жылғы 12 декабрьде республиканың жаңа басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Орталықты мойын бұрғызбас дәлелдер арқылы көн­діруімен Бауыржан Момышұлына Совет Одағының Батыры атағы берілді. «Тәубе! – дестік бұл ақжолтай хабарға. – Рахымжан Қошқарбаевқа да осындай ақжарылқап күн туса екен…».

Өстіп жүргенде арада төрт жыл өтті. Бұл кезде мен «Халық кеңесі» газеті бас редакторының орынбасары едім. Алда Же­ңістің 50 жылдығы жақындап келе жатты. Осының қарсаңында Рахаңды жоғарғы жақ есіне тағы бір салып қойсақ қайтеді деген оймен басшымыз Сарбас Ақтаевқа кіргенім есімде. «Қажетті деректің бәрі Көрік ағамызда. Ол кісі оны Кәкеңнің қалдырған тізімі арқылы Мәскеуден анықтап қайтқан», – дедім Сәкеңе, барлық оқиғаның бүге-шігесін қалдырмай баяндап. Сарбас аға: «Көрейік», – деді де жоғарғы жаққа барлау жасауға кетті. Бір ай шамасы уақыт өткеннен кейін ол кісі кабинетіне шақырып алды да: «Қазір қоғамдық пікірдің бәрі Қасекең, Қасым Қайсенов жағына ауып тұр», – деді. – Бұл заңды да. Себебі, халық көңілінің түк­­пірінде баяғыдан бері келе жатқан үш ардақтымыз бар еді десек, солардан көзі тірі қалғаны – осы партизан ағамыз ғой. Ал енді Баукең мен Рахаң қазір мына өмірде жоқ. Сондықтан биліктің бұл кі­сіге бүйрегінің бұруын: «Қарияның кеудесінде өкініш кетпей, ерлігінің еле­­­ну­ін көзі тірі кезінде көрсін», – деген тұр­ғыда түсінуіміз керек. Әңгіменің тоқ етері, қалай, не десек те енді жарты жыл­­дан соң бүкіл ақпарат құралдарының наза­ры Қасекеңе қарай ауады. Одан біз де тыс қалмауымыз керек. Тапсырма солай».

Айтқандай-ақ, 1995 жылдың басынан бастап газет-журнал мен телерадиода Қасекең туралы қуатты қоғамдық пікір дүмпіп кеп берді дейсіз. Сәкең ескерткендей, бұдан «Халық кеңесі» де шет қалмай, басшылықтың тапсы­руы­мен менің де аңыз адам туралы «Кейіпкер» атты көлемді мақала жаз­ға­ным бар. Ақыры Жеңістің 50 жыл­­­дығы аталып өтілуіне екі жеті қал­ғанда, яғни, 24 сәуір күні Қасым Қай­сенов Елбасы Жарлығымен «Халық қаһар­маны» атағына ие болды. Әрине, ол кезде Кеңес Одағының Батыры мәр­тебесі болса да жоқ. Ал тәуелсіз Қазақ­­­станның ең жо­ғарғы наградасы партизан ағамызға нағыз лайық марапат еді.

Арада тағы да біраз уақыт өтті. 1998 жылдың аяғында мен бас редактор­дың орынбасары болып «Егемен Қазақ­стан­ның» табалдырығын аттадым. Бұл жаңа жылға бір апта қалған кез болатын. Келе сала газеттің жылашар нөмірін шы­ға­ратын топқа жетекшілік етуге жегіл­дім. Редакция алқасының талабы: ол нөмір тартымды, тың тақырыптарға толы болуы керек. «Тіпті жыл бойына жүр­гізіп, көптің көңілін аударатын, сол арқы­лы басылымға бедел әкелетін ірі идеялар мен жобалар болса, ол ғажап болар еді», дейді бас редакторымыз Ержұман Смайыл ағамыз жұмыстың ара-арасында.

Күні бойы ойландық. Көз алдымызға келер жылдың келбетін әкелеміз. 1999 жыл… Қаңтар – Президент сайлауы; сәуір – Қа­ныш Сәтбаевтың ғасырлық мерейтойы; жел­тоқсан – «Егемен Қазақ­­станның» 80 жыл­­дығы… Тағы не бар дегендей, күнтізбе­ні қайта парақтауға көштік. Тоқта… Тоқта! «Рахымжан Қошқарбаев. 1924 жылы 19 қа­занда туған». Сонда ағамыз келер жылы қан­шаға келеді? Дереу 99-дан 24-ті алып тастап, санай бастадық. 75! О-о, бұл Рейх­стаг қаһарманының мерейтойы ғой. Болды! Бітті! Осы датаны алға тартып, он ай бойы қоғам­дық пікір көрігін гуілдету керек. Құ­дай қаласа, бұл бір керемет идея болайын деп тұр!

Содан отыра қалып, Рахаң туралы мақала жазайын. Бісмілләсі Кәкімжан аға атынан басталып, тіні 1986 жылғы магнитофон таспасындағы сұрақ-жауаптан өрілген бұл дүниенің тақырыбы «Халық ала алмаған қамал» деп аталды. Неге? Оның жауабын аталмыш материалдың «Сөз соңы» тарауындағы сөйлемдер анық ашып берді ғой деп ойлаймын. «Халқымыз кезінде еш пәрмен, жарлықсыз «Батыр» деп өз жүрек қалауымен ат берген үш қаһарманның бар екенін жақсы білесіздер, құрметті оқырман!» – делінген болатын онда. – Жариялылық пен демократия, тәуелсіздік тұсында солардың екеуі – Бауыржан Момышұлы мен Қасым Қайсенов кеш те болса, сол атаққа қол жеткізді емес пе? Ал Рахымжан Қошқарбаев ағамыз ұмыт қалды. Неге? Бізді міне, осы сұрақ мазалайды. «Халық алмайтын қамал жоқ», дей­ді қазақ даналығы. Әділеттілік қалпына кел­сін десек, ел екенімізді білдіргіміз келсе, Рахаң туралы 60-70-ші жылдардағы қоғам­дық пікір негізінде бір дүмпіп барып басыл­ған ұмтылысты тағы да қайталап көрсек қайтеді? Сөйтейік, жарандар! Пікір білдірейік. Ұсыныс айтайық. Халық ала алмай келе жатқан қамалға тағы бір рет шабуыл жасап көрейік. Нәтижесі болып қалар…».

Аталмыш мақала 1999 жылдың 1 қаңтарында «Егемен Қазақстанның» 5-ші бетінде жарық көрді. Сол-ақ екен, жер-жерден редакцияға қолдау хаттар қаптады-ай дейсіз. Олардың ішінде атақты партизан Қ.Қайсенов пен Қостанай облысындағы Социалистік Еңбек Ері М.Яровойдың, Талдықорған облысындағы Жаркент өңірінің тұрғыны Т.Исабеков пен кезінде Рахаң директор болып тұрған «Алматы» қонақ үйінің әкімшісі қызметін атқарған зейнеткер С.Дәуренбекқызының лебіз­дері жүрек толқытарлық дүниелер еді. Міне, осындай пікірлерді әуелі Кәкім­жан ағаның бізге қалдырып кеткен пап­ка­сындағы хаттарын айшықтай орналас­тырып барып, содан соң жұртшылық ұсыныстарын топтап бердік те отырдық.

Әлі есімде, сол жылғы 4 сәуір күні Мем­­лекеттік хатшы Әбекең, Әбіш Кекіл­­баевтың көмекшісі Тілекқабыл Боран­­ғалиұлы редакцияға телефон соғып, «Егемен Қазақстандағы» Рахаң тура­лы соңғы үш ай ішінде шыққан мате­риалдарды жинақтап жеткізіп беру­ді өтінді. «Иә, сәт!» дедік іштей. 5 мамыр күні Тілекқабыл тағы бір рет хабарласып: «Қошқарбаевтың жанын­дағы Григорий Булатов Ресейдің қай жерінен еді? Сондай бір мәлімет керек болып тұр», – деді. «Вятканың орысы ғой», – дедік сақ еткізіп». Ал 7 мамыр күні түскі сағат 12-лер шамасында ре­дакцияға тағы да тілеуіңді бергір Тілек­қабыл алақайлай телефон соғып, бізді Мемлекеттік хатшыға қосты. Әбекең аман-саулықтан соң осы жаңа ғана Елбасының кабинетінен шыққанын, Президент Рахымжан Қошқарбаевқа «Халық қаһарманы» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойғанын толқи тұрып айтты. Содан соң Рахаңның елордада тұратын туыстарын іздеп табуды, оларға «Қазақстан» телеарнасының кешкі қорытынды жаңалықтарында оқылатын Жарлықтан жарты сағат бұрын осы қуанышты хабарды жеткізуді тапсырып, газеттің 9 мамыр – Жеңіс күнгі мейрамынан кейінгі нөміріне арнайы мақаланың қажет екенін ескертті.

Кешкі сағат 19-да курьер «Егемен Қазақ­­­стан» редакция­сына Елбасы Жар­лығын жеткізді. Бұл құжат Мем­ле­кеттік хатшы Әбіш Кекілбаевтың «Ұлы Жеңістің ерекше оқиғасы» деген түсініктеме мақаласымен бірге газеттің ертеңге шығып бара жатқан 8 мамыр күнгі нөміріне салынды. Ал оған дейін біз тілші Нұрхан Мыңбай екеуміз телефон арқылы Рахаңның Астанада тұратын немере інісі Кәртай Мұсабеков пен туысы Гүлшен Жұмағожинаны тауып, әңгімелесіп үлгерген едік. Ол сұхбат 11 мамыр күні аға газетте «Халық алған қамал» деген тақырыппен жарық көрді.

…Содан көп кешікпей редакцияға бейтаныс апайдың келіп, біздің бөлменің есігін имене ашқаны бар. «Атым – Рымжан, қарағым, – деді ол кісі даусы дірілдей. – Рахымжан ағаларыңның не­мере қарындасы болып келемін. Көп жыл осы Ақмоладағы кооператив техникумында сабақ бердім. Қазір зейнет­кер­мін. Жақсы іс, үлкен азаматтық тір­лік жасапсыңдар, айналайын. Үнсіз қал­майық деп туған-туысқандар атынан «Егемен Қазақстанға» рахмет айтқалы келдім», – деді. Сөйтті де көзі мөлтілдеп, егіліп қоя берді. «Жалғыз еді, – деді. – Бас кө­терер іздеушісі жоқ еді», – деді. Мұ­ны көріп отырып енді менің көңілім босады.

– Олай деп айтпаңыз, – дедім апайды жұбатып. – Артында қазақ деген халқы, Кәкімжан Қазыбаев секілді өмір бойғы жоқтаушысы боп өткен інісі тұрғанда Рахаң қа­лай жалғыз болады? Рахмет айтсаңыз ал­дымен батыр ағамызды алғаш рет газет­­­ке жазып, 31 жыл наси­хаттаған Кәкеңе айтыңыз.

Осылай дедім де мен Рымжан апайға Кәкімжан аға туралы әйда кеп әңгіме соғайын. Қолына Кәкең туралы өзім құрастырып, 1996 жылы «Қазақстан» баспасынан Нұрмахан Оразбек ағамыз шығарып берген «Көзден кетсе де көңілде қалған» естеліктер жинағын берейін. Сөйтіп, редакцияның кезекшілік атқарып жүрген көлігіне мінгізіп, Рымжан апайды үйіне шығарып салайын. Содан соң Алматы жақтан пойыз келетін шығысқа қарап тұрып: «Аманатыңыз орындалды, Кәкімжан аға!» деп күбірлей тіл қатып, көңілімді бір демдейін.

 

 

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *