НАР ТҰЛҒА НАР ТҰЛҒА

НАР ТҰЛҒА

21.08.2024 0 178

Ғани КАРИН, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Маңғыстау облысының құрметті азаматы, жазушы-публицист   Оңдасынов есімі бала шағымыздан құлағымызға сіңіп, жадымызда сақталып қалған. Оның не қызмет... НАР ТҰЛҒА

Ғани КАРИН,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Маңғыстау облысының құрметті азаматы,
жазушы-публицист

 

Оңдасынов есімі бала шағымыздан құлағымызға сіңіп, жадымызда сақталып қалған. Оның не қызмет атқаратынын нақты білмесек те, аты ел аузынан түспегендіктен «дөкейлердің» бірі шығар деп ойлайтынбыз. Бертін келе оның алаштың ардақтыларының бірі, Қазақстанның, оның ішінде Атырау, Маңғыстау өңірлерінің өсіп-өркендеуіне орасан зор еңбек сіңірген ірі мемлекет және қоғам қайраткері екендігін білдік. Оның есімі көпшілікке лингвист-ғалым ретінде де әйгілі.

Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов 1904 жылдың 13 қазанында шырайлы Оңтүстік Қазақстан өңірінде, оның киелі Түркістан маңындағы Үшқайың (қазіргі Нұртас ауылы) ауылында дүниеге келген. Бастапқыда Ташкенттің орман техникумын бітіріп, сосын Ортаазиялық жер суландыру институтында білім алғаннан кейін Қостанай, Қызылорда, Әулиеата, Шымкент қалаларында мамандығына сай әртүрлі басшы әкімшілік-шаруашылық қызметтер атқарды. Өзінің сауаттылығын, іскерлігін, ұйымдастырушылық қабілетін таныта білген жас басшы 1938 жылдың басында Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалып, бірнеше айдан кейін Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы қызметіне ауысады. Ол республи­ка Үкіметін 1938 жылдың 17 шілдесінен 1951 жылдың қыркүйегіне дейін, яғни 13 жыл басқарды. Бұл ел тарихындағы өте ауыр кезеңдердің бірі еді. Талай зиялыларымыздың қыршынын қиған, адам естімеген қуғын-сүргін, зобалаң, иісі шығып тұрған дүниежүзілік соғысқа дайындық, төрт жылдан астам уақытқа созылған қанды майдан, оның орасан зардаптарын шұғыл мерзімде қалыпқа кел­тіру осы кезеңнің еншісіне тиді. Оның үстіне дамудың әлемдік үрдісінен қалып қоймау үшін жаңа бастамалар көтеріліп, ауқымды тың істерді қолға алу қажет болды. Бұл Оңдасынов бастаған Үкіметтен күн демей, түн демей тер төгіп еңбек етуді талап етті. Нұртас Дәндібайұлының өзі де шаршамай-талмай ұланғайыр Қазақстанның түкпір-түкпірін тегістей аралап, әр өңірдің жағдайын көзімен көріп, жылдар бойы күрмеуі шешілмеген мәселелерге көңіл аударып, болашақ даму мүмкіндіктерін сараптап, бағытын айқындады.

Бұған дейін республиканың бірде-бір басшысының аяғы тимеген, көкжиегіне көз жетпейтін құлазыған Үстіртті автокөлікпен тәуліктеп жүріп аралап, Маңғыстаудың ойына түсіп, осы өңірдің болашақ даму мәселелерін көтерген Нұртас Оңдасыновтың сапары оның өмір жолына арналған заңғар жа­зушы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевтың «Басшы» деген әңгімесінде тамаша жазылған. Маңғыстаудың жерас­ты байлықтарын игеру жұмыстарының, жалпы бұл аймақтың өсіп-өркендеуінің іргетасы Үкімет басшысының сол сапа­рында қаланды деуге әбден болады.

Оңдасынов Маңғыстауға келіп кеткен­нен кейін көп ұзамай облыс орталығы Гу­рьевте республика Ғылым академиясының тұңғыш көшпелі отырысы өтті. Онда академия президенті Қаныш Сәтбаев: «Маңғыстауда не жоқтың бәрі бар. Тек соны игерсек те талай Қазақстанды асы­рар едік», -депті. Оңдасынов: «Ендеше, барлық күшті осында жұмылдырайық», -депті деген әңгіме ел арасын кеулей түсті. Келесі жаздан бастап Маңғыстауға жан-жақтан экспедиция қаулап кетті.

Маңғыстауда мал шаруашылығын дамытудың мүмкіндіктері мол екенін өз көзімен көрген Үкімет басшысы 1930 жылдары Ақтөбе облысына беріліп кет­кен Сам өңірін 1948 жылы Гурьев облы­сына кері қайтарып беруді шешті.

Жалпы Оңдасынов республиканың атқарушы билігін қолына ұстап тұрған кезде ауылшаруашылығын дамытуға өлшеусіз зор үлес қосты. Ауылшаруашылық құрылымдары аяғына нық тұрды. Мал басы өсті, оның өнімділігі артты. Қазақстан соғыс жылдары майданды азық-түлікпен қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарды. 1942 жылы республика соғыс жағдайында мал шаруашылығын өркендеткені үшін Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің Қызыл Туын жеңіп алды. Мал шаруашылығын дамыту бойынша Қазақстан одақтас республика­лар арасында бірінші орынға ие болды. Соғыстан кейінгі жылдары бұл сала бұрынғыдан да зор қарқынмен дамы­ды. Нұртас Оңдасынов өзінің: «Больше­вик Казахстана» газетінде жарияланған мақаласында «1946-1947 жылдары республикадағы мал басы 3,1 миллионға, оның ішінде 1947 жылы 2,3 миллионға өсті», -деп атап көрсеткен.

Ел басындағы қиындыққа қарамастан ауылшаруашылығымен қатар ауыр өнеркәсіп те қарқынды дамыды. Соғыс жыл­дары Оңдасыновтың тікелей араласуы­мен одақтық маңызға ие Гурьев мұнай айыру, Ақтөбе ферросплав, Теміртау металлургия зауыттары іске қосылды. Бүгінге дейін бұл кәсіпорындар біздің индустрияның алыптары болып есепте­леді. Ақмола-Қарталы тас жолы, Мойын­ты-Шу темір жолы да тез қарқынмен са­лынды.

Үкімет басына келісімен Оңдасынов елде жүріп жатқан сауатсыздықты жоюды қолға алып, оны сәтті іске асырды. Шалғай аудандарда мұғалімдер даярлайтын кур­стар, облыс орталықтарында мұғалімдер институттары, училищелер ашылды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюро мүшесі ретінде ол мәдениет мәселелеріне жауапты болды. Соғыс жылдарының ауыртпалығына қарамай Нұртас Оңдасынов Абайдың 95 және 100 жылдық мерейтойларын аса биік дәрежеде атап өту жөнінде Үкімет қаулысын шығарып, комиссия төрағасы өзі болып өткізген. Қыздар педагогикалық институты, Ұлттық консерватория, Дене шынықтыру, политехникалық, технологиялық институттарды ашу және медицина, шет тілдер институттарына көптеген жаңа факультеттер қосу осы кісінің тұсында істелген істер. Опера және балет театры құрылысының жедел аяқталуын тікелей бақылап, облыстарда театрлардың ашылып, филармония, ән-би ансамбльдерінің ұйымдасуына да ұйытқы болған. Талай белгілі мәдениет пен өнер қайраткерлеріне де қамқорлық көрсеткен. Соның бірі маңғыстаулық төкпе-жырау Мұрын Сеңгірбекұлы. Ол Алматыға әдейі шақыртылып, әлемдік маңыз-мәнге ие «Қырымның қырық батыры» дастаны таспаға түсіріліп алынды.

Нұртас ағамыз республика Ғылым а ка д е м и я с ы н ы ң дербес құрылуына бір­ден-бір атсалысқан адам. Соғыстың жүріп жатырғанына қарамай жаңа ғимараттың салынуына қаражат қарастырып, оның іргесі қаланғанда ырымдап: «Қазақ ғылымы күмістей таза болсын», -деп, күміс ақша шашқаны мәлім. Ғылым академиясының басы­на Қаныш Сәтбаевтың ке­луіне де себепші осы кісі. Сәтбаевтың газетке шыққан мақаласындағы оның сөз саптасы ұнап, ойларын білуге, танысуға Мәскеуге шақырады. Кездесіп, сөйлескеннен кейін Одақтық Ғылым академиясының президенті Владимир Комаровқа алып барып: «Қазақтың Ғылым академиясының болашақ президенті»,-деп бірден таныстырады.

1942 жылдың басында кенді Алтай, Лениногорға іссапармен барған Оңдасынов білімді, байсалды Дінмұхамед Қонаевты кездестіреді. Алматыға кел­гесін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Николай Скворцовпен ақылдасып, өзіне орынбасарлыққа шақырады. Қонаев түйдей он жыл Оңдасыновтың орынбасары болады. Алматыдағы Абай ескерткішінің авторы Хакімжан Наурызбаевты да Қостанайға барған іссапарында байқап, Алматыға алып келіп, оқытып, ат бағушыдан қазақтың тұңғыш мүсіншісін жасаған осы кісі.

Нұртас Оңдасынов өткен ғасырдың орта кезеңінде елдің бірлігін, оның ұланғайыр жерінің тұтастығын сақтап қалу үшін тайсалмай күрескен санаулы респуб­лика басшыларының бірі. Хрущевтың Қазақстанның бірқатар солтүстік аймақтарын Ресейге, оңтүстіктегі бірнеше мақта өсіретін аудандарды Өзбекстанға, Маңғыстауды Түрікменстанға қосу жөніндегі авантюристік ойларына қарсы болған. Оны түсінген Хрущев бұндай басшыдан қалайда құтылудың жолдарын ойластырып, ақыры 1951 жылдың күзінде оны білімін жетілдіру керек деген сылтаумен Мәскеудегі КОКП Орталық Комитетінің жанындағы Жоғары партия мектебіне жіберген. Оңдасыновтың билік басынан кетуі оның іскерлігіне тәнті болған қарапайым халыққа қатты батты. Оның ішінде атыраулықтар мен маңғыстаулықтар да осы өңірлер үшін та­лай игі істер басталып еді, солар аяқсыз қалмаса еді деп уәйім етті.

Алайда, оқуын тәмамдағаннан кейін Нұртас Дәндібайұлы Қазақ КСР-ы Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы болып бар-жоғы бір-ақ жыл істеп, 1955 жылдың мамырында өз өтініші бойынша Гурьев облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметіне келді. 1957-1962 жылдар аралығында Гу­рьев облыстық партия комитетінің бірін­ші хатшысы болды. Ол бұл өңірге кел­генде жергілікті халықтың қуанышында шек болмады. Сенім ақталды. Оңдасынов өңір экономикасының негізі – мұнай өнеркәсібін дамытуға аса зор көңіл бөлді. Жаңа кенорындар ашылды. Алпысыншы жылдардың басында облыста мұнай өндіру көлемі 1913 жылмен салыстырғанда он екі есе өсті. Мұнаймен қатар болашағы зор газ өнеркәсібін дамытуға да көңіл бөлінді. Облыс орталығы газбен қамтамасыз етілді. Маңғыстаудың жер асты байлықтарын тез және тереңірек барлау мақсатында «Мангышлакнефтегазразведка» тресі құрылды. 1961 жылдың 5 шілдесінде Жетібай алаңындағы нөмірі 6-ұңғыдан жартыаралдағы тұңғыш мұнай бұрқағы атқылады. Көп кешікпей алып Өзен мұнай кенорны ашылды. Маңғыстау жерін­де қоры мол баға жетпес құрылыс мате­риалы болып саналатын ұлутас өндіріле бастады. Бұл өңірдің дамуына Мақат-Маңғыстау темір жолының салынуының маңызы орасан зор болды. Құлазыған да­лада, қарт Каспийдің жағалауында жаңа қаланың іргетасы қаланды. Оның адамға түсініксіз «Гурьев-20» аты Ақтау болып өзгертілді.

Облыста тек мұнайгаз емес өндірістің басқа да салалары мен ауылшаруашылығы да жоғарғы қарқынмен дамыды. Алты мың гектар жерге суармалы егіс өндірілді. Әлеуметтік сала да назардан тыс қалмады. Осы үлкен шаруалардың бәрі Оңдасыновтың іскерлігі арқасында ойдағыдай жүзеге асырылды. Оның Кеңестер Одағы Компартиясы Орталық Комитетінің, Министрлер Кеңесінің және сала басшыларымен жеке таныстығы, жақсы қарым-қатынасының да рөлі аз болған жоқ.

Нұртас Дәндібайұлының Гурьев об­лысында жұмыс жасап кеткеніне жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де бүгінде біздің арамызда ол кісіні жеке білген, жұмыс бабында кездескен бірқатар адам­дар бар. Олар әртүрлі басшы қызметтерде болған: қазір жасы тоқсаннан асқан Ұлы Отан соғысының ардагері Қылыш Өтетілеуов, Маңғыстау облысының құрметті азаматы Дүйсембі Әріпов, Сағын Жаманбаев, Сұлтанбек Нұржанов, Қойлыбай Қаражанов. Ұзақ жылдар партия қызметінде, кеңшар директоры болған Сұлтанбек Нұржанов ағамыз бастан өткен мынадай бір жағдайды әңгімелейді. «1961 жылдың мамыр айы еді, аудан шаруашылығын аралап жүрген облыс басшысы аудан орталығы Таушықтағы белгілі ақын Сәттіғұл Жанғабыловтың үйіне баратын болған. Мен ол кісіге не­мересіне үйленген күйеу бала болып келемін. Хабар ақсақалға жеткен бой­да мені шақыртып алып, қонақ қарсы алуға дайындық жасауды тапсырды. Ақын үйінің ауласында киіз үй тігілді, мал сойылды. Сағат кешкі бес шама­сында ұзын бойлы, ақ құба өңді, айы­рып тараған қою қара шашты, алыстан көз тартатын келбетті адам машинадан түсті. Оның Нұртас Дәндібайұлы екенін бірден білдім. Қасында аудан басшы­лары Төлеген Қағазов пен Өтежан Ал­шымбаев болды. Киіз үйге кіргесін Сәттіғұл ақсақалмен, қалған қонақ қарсы алушылармен аман-сау сұрасқаннан кейін, отырып, жайғаспастан бұрын «Сәке, мен сізге республика Жоғарғы Кеңесі төралқасының шешімімен берілген «Қазақстанның халық ақыны» атағын бергелі келдім. Және оны сізге өзім табыс еткім келгендіктен, жұмысбастылығыма орай біраз кешігіп қалдық. Соған байла­нысты сізден алдымен кешірім өтінемін, кешіресіз бе?» деді. Сәкең, «кешірдім» деді. Содан кейін куәлік пен төсбелгі та­быс етілді. Сол түрегеліп тұрған бойы, Нұрекең ақсақалдан, «сізден тағы бір

өтінішім бар, мен негізгі жұмыстан қолым бос кезеңде қазақ тарихын жинап- теріп, зерттейтінім бар, маған білгеніңізді айтуыңызды сұраймын» деді. Ол өтінішке де келіскендей ақсақал басын изеп, «жа­райды» деді. Әрмен қарай әңгіме түн ауғанша Нұрекеңнің сұрақтарымен, оған қарт ақынның жауаптарымен өрбіді. Соңында облыс басшысы Сәкеңе, «сіздің білетініңіз көп, біліміңіз терең екен, мен амандық болса, тағы келіп, әңгімемізді жалғастыруды жоспарыма кіргіземін. Таңертең тағы бір кездесуіміз бар еді, соған дейін аздап демалғымыз келіп тұр», — деп, қош-беш айтысып қонақ үйге аттанған. Келесі күні Таушықтан жиырма бес шақырымдай жердегі Сарытастағы Ержан хазіретке барған. Дінге сеніп, оны құрметтеу түгілі, ауызға алудың өзі үлкен айып болатын ол заманда обкомның бірінші хатшысының ұзақ жылдар айдаудан енді келіп, айдаладағы ауылда сұпылық құрып отырған діндарға келуінің өзін үлкен елжандылық, адалдық пен әділдіктің белгісі деп бағалау керек. Үйге кіріп, Нұрекеңнің «Ассалаумағаликүм», — деп амандасқанына, хазірет «Уағалейкүм уассалам, аман-саусың ба, пақырым?»,- деулі. Бұл сөзді естіген қонақты алып жүрген Төлеген Қағазовтың түсі қашып кетулі. Ал, Нұртас Дәндібайұлы болса еш сыр білдірмеген. Бұл жерде де әңгіме біразға созылған. Қайтар жолға шыққан бойда Қағазов Нұрекеңнен Ер­жан хазіреттің аман-сау сұрасқандағы сөзі үшін кешірім сұрағанда, балалық шағында медреседе оқып, білім алған ол, пақырым деген кедейлікті, мүсәпірлікті білдірмейді, ол «Алланың құлы» деген мағынада айтылады дегеннен кейін ғана Төкеңнің жүрегі орнына түскен.

Осы сапарында өзіне жақсы бел­гілі Сам алқабында болып, кезінде құлазып бос жатқан даладағы мыңғырған малды, бой түзген жаңа ауылдарды, сан алуан әлеуметтік нысандарды көргенде, кезінде бұл жердің Ақтөбеден Гурьев облысына қайтару жөніндегі өзі қол қойған шешімнің дұрыстығына көзі жетіп, көңілі толған.

Оңдасынов Гурьев облысын жеті жыл басқарған кезде қыруар шаруаның іске асқанына көпшіліктің көзі жетті. Шешуін күтіп тұрған мәселелер де баршылық еді. Ол жөнінде әдейі жоспарлар да болатын. Алайда, өкінішке орай, олар орындалмай қалды.

1962 жылы ақпан айында Алматыға кел­ген сапарында Хрущев арнайы мәжілісте Оңдасынов ұсынып жүрген мәселелерді қарады. Ол үш-ақ мәселе және барлығы да Маңғыстауға байланысты еді.

Олар: Маңғыстаудағы мұнайды бар­лау мен игеруді қатар қарқынды жүргізу; қоры мол ұлутасты құрылыс ісіне кеңінен пайдалану және Мақат-Маңғыстау темір­жолын тартуды жеделдету.

Көтерілген мәселелерді терең ұғынудың орнына Оңдасыновтан құтыла алмай жүрген Хрущев қыңыржақтылықпен: «Бізге Сібірдің мұнайы жетеді, Маңғыстауға қарап тұрған ештеңеміз жоқ. Темір-бетон тұрғанда қайдағы бір табиғи тасты айтасың», — деп қақалып-шашалып зекіген. Ал теміржол мәселесіне кел­генде, оны тыңдағысы келмей, орнынан тұрып кеткен. Бұдан кейін облыс бас­шысы болып қалудың мәні жоқ екенін түсінген Нұртас Дәндібайұлы жұрт ал­дында қызметінен бас тартқан. Әбіш Кекілбайұлынша айтсақ «Қаһармандық драмаға лайық осы бір саяси сахнадан Нұртас ағаның нар тұлғасы мен бар бол­мысын түгел аңғара беруге болады».

Жауапты қызметте жүріп шығармашылықтан қол үзбеген Нұртас Дәндібайұлы зейнеткерлікке шығып Мәскеуге көшіп барғаннан кейін онымен шындап айналысқан. Араб, парсы тілдерін жақсы меңгерген ол бүкіл бір институттың тындыратын шаруасын бір өзі істеп, 1969 жылы «Арабша-қазақша түсіндірме сөздігі», 1974 жылы «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздігі» еңбектерін жарыққа шығарып, қалың оқырманның ыстық ықыласына бөленді.

Ұзақ жылдар басшы қызметте болған Нұртас Оңдасынов мыңдаған адамдар­мен жүздесіп, тілдесіп, пікір алмасып, оларды өздеріне тарта біліп, бірқатарын өзіне дос-жолдас қылған. Ешқашанда адамдарды жікке бөлмеген, талайларға қамқорлық та көрсеткен. Соның бірі Маңғыстауға алғаш келген іссапарын­да кездестіріп, танысқан карапайым, шала сауатты ауыл тұрғыны Балықбай Серікбаев. Бірден әңгімелері жарасып, кейін сыйлас-сырлас болып кеткен оны 1940 жылы қаңтарда Қызылорда қаласындағы кеңес қызметкерлері мек­тебіне арнайы шақыртып алдырып, оқытқан, сауатын ашып, елдік істерге араласуға көмектескен. Осының бәрін есінде сақтаған Балықбай ақсақалдың ұлы, бүгінде ол да зейнеткер, Тоқтарбай Нұртас Оңдасыновтың 100 және 110 жылдығына орай, оның туған жері Түркістанда өткен мерейтойлық шараларға қатысып, Мәскеуде тұратын Нұртас ағамыздың ұлдарымен танысып, кейін аралас-құралас болып, әкелерінің ара­сында орнаған достық қарым-қатынасты жалғастыруда.

1969 жылы маусым айында Мәскеуге докторлық диссертациясын қорғауға барғанда әкесінің айтуымен Нұртас Оңдасыновпен әдейі барып танысып, кейін қарым-қатынастары әке мен баланың сүйіспеншілігіне ұласқан академик Ма­наш Қозыбаев: «Нұрекең Мәскеуде тұрса да, елмен тығыз байланыста болды. Ме­реке сайын құттықтау хаттары келетін. Пендешіліктің құрығына іліккен басым кейде сол хаттарға жауап та бермейтін кез болатын. Бірде Нұрағаң былай деді: « Мен, айналайын Манаш, достарымды қатты бағалаймын. Жоғалтқым келмейді оларды. Бірақ, мен зейнеткермін, сен­дерге зияным болмаса, беретін көмегім жоқтың қасы. Бір кезде мені құттықтап, құрмет көрсететіндер саны көп-ақ бо­латын. Қазір солардың саны жыл сайын азайып келеді. Үш рет қатарынан хаты­ма жауап бермеген достарымды тізімнен қиналып отырып сызамын. Жүрегіме сол сызықтар қара дақ болып із қалдырады. Мен асыл аға жанының өте нәзік екенін сонда ғана түсіндім»,- депті өзінің естелігінде.

Халық тарапынан Оңдасыновқа деген оңкөзділік, ерекше құрметтің белгісі болса керек өткен ғасырдың ортасынан бері та­лай отбасылары өз ұлдарына Нұрекеңдей үлкен азамат болсын деп Нұртас де­ген есім берген. Солардың қатарында жоғарыда аты аталған қазақтың тұңғыш мүсіншісі Кәкімжан Наурызбаев, біздің өлкеміздегі Нұртас Дәндібайұлымен жеке таныс, ұзақ жылдар кеңшар директоры болған, ауылшаруашылығы саласының белгілі ұйымдастырушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері, 92 жас өмір кеш­кен Бейсембі Әріпұлы, тағы да басқа көптеген белгілі адамдар да аз емес.

Кешегі заманда саясаттың құрсауында болған тарихқа лайықты орнын алуға тиіс уақиғалар, аты ерекше аталуға тиіс тұлғалар, өкінішке орай, енбей қалған. Солардың бірі Дінмұхамед Қонаев, Жұмабай Шаяхметовпен аты-жөні қатар тұруға лайық тұлға Нұртас Оңдасынов.

Менің осы мақаланы қолға алғандағы басты мақсатым сол олқылықтың орнын толтыруға аз да болса өз үлесімді қосып, өскелең ұрпаққа кезінде республика билігінің тізгінін ұстағандар арасында осындай сауатты, парасатты, ұлтжанды біртуар азаматтың болғандығын жет­кізу. Және де кезінде «ұйқыдағы ару» атанған Маңғыстаудың оянуының басы- қасында болған, қара басының емес, елдің қамын ойлаған қайраткер Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновқа облыс орталығы Ақтау қаласының көрнекті жерлерінің бірінде ескерткіш орнатылып, жаңадан тұрғызылып жатырған шағын аудандардың немесе мектептердің біріне оның аты берілсе, көрнекті тұлға есімі ел есінде мәңгі сақталып, ол оның аруағына көрсетілген құрмет болар еді деген ұсынысымды білдіру. Жергілікті билік тарапынан да, барлық маңғыстаулықтар тарапынан да бұл ұсынысым қолдау таба­ды деп ойлаймын.

P.S.
Қазақстан Республикасы Үкіметі-нің қаулысымен Ақтау қаласының нөмірі 5-ші мектебіне Нұртас Оңдасыновтың аты беріліп, 2017-2018-ші оқу жылы қарсаңында Ғани Карин және белгілі заңгер, меценат Бекет Тұрғараев пен ардагер-мұнайшы Мейрам Ахмеджановтың жеке қаражаттарына мектеп ауласында оның ескерткіші, ғимарат ішінде мұражайы ашылды.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *