ХАЛЫҚТЫҢ ҚАМЫН ЖЕГЕН БІР ПЕРЗЕНТІ
14.07.2024 0 169
Жетпіс алтыншы жыл (өткен ғасырдың) еді. ҚазТАГ-ТАС бас редактормын.Қырғыз телеграф агенттігінен директордың орынбасары Дүйшебай Айтқұлов тәжірибе алмасу үшін келе қалды.
Қонақтың тізгіні маған тапсырылған. Жұмыс жайын тәмәмдап, ассуға отырғанбыз, асықпай әңгімелескенбіз. Сол тұста мейманым күтпеген сұрақ қойды:
– Соғыс тұсында сіздерде Нұртас Оңдасынов деген Совнаркомның төрағасы болып еді. Сол кісі тірі ме?
Соғыстың жетімегі, соғыс біткен жылы мектеп барған біздің санамызға Нұрекеңнің аты аңыз түрінде жеткен. Соның бірі былай келетін. Нұрекең зор мансапқа ие болып, үлкен жерде отырғанда, туған ауылынан еті тірі ағайын ағаларының бірі құтты болсын айтуға барыпты. Содан Нұрекең: «Аға, баяғы көк жоғаңыз әлі бар ма?» – депті-міс. Оның жайы, дейді айтушылар, бала Нұртас көктемгі каникулда, қаладағы интернаттан ауылына келіп, біраз күннен соң жаяу қайтады. Жол кесетін Қарашық бұл тұста тасып кетіп, балаға өткел бермесе керек. Осы кезде жаңағы сәлем беруге келген ағасы артынан жетіп, көк жорғасымен өзеннен өте беріпті де, бала Нұртас: «аға, мені өткізе салшы» – дегенде – «атым ауырлайды», – деп тарта беріпті-міс, қайырылмай. Осы естігенде, көк жорғалы түгілі, көк есекті ағамыз болмаса да, «мен де өссем, мен де жетсем, сонда пәленшелер алдыма келгенде, осы шамалас сөз айтар едік-ау» – деген арман қылаң беретін. Кейін есейгенде Нұрекеңнің өміртарихынан, атқарған қызметінен ептеп хабардар болдық, еңбектерін оқыдық. Оның үстіне бірді-екілі жеңгелеріміз кей-кейде «совнаркомның қарындасымыз», – деп шіренетін. Осының бәрі есіме түсті де, мейманымның сұрағына сұрақпен жауап қайтардым:
– Ол кісіні неге сұрадыңыз ?
Мейманым бір күрсініп алды да, былай деді:
– Қырық бесінші жылдың наурызында қырғызстандық 630 жігіт майданға Алматыдан аттандық. Бәріміз де, шынын айтсам, бозбаламыз. Өз басым әлі он сегізге де толмағам. Шығарып салуға бірнеше адам, соның ішінде Нұртас Оңдасынов та келді. Үкімет басшысы, оның үстіне көрші республиканың қайдағы бір балаларын аттандырып салуға келеді-ау деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген. Ол кісінің сөзі тіпті де толқытып жіберді. Қасиетті борыш, Отан қорғау секілді асқақ, асқақ сөз болған жоқ. «Балаларым, – деді ол толқып, тебіреніп тұрып, қан майданға, қанды қырғынға аттанып барасыңдар. Қобалжи бермеңдер, беті қайтқан сұрапыл
өрт, сендер жеткенше, сөніп те тынар, Құдай маңдайларыңа соны жазсын, бәріңнің де туған елге аман-сау оралуларыңды жазсын», – дей келіп тамағына келіп қалған бір оксікті қайта жұтты. Өз басыма сол бір сәтте ол туған әкемдей, әкемнің лебізімен шығарып салып тұрғандай көрініп кетті. Өзіме-өзім «тірі жүрсем, осы кісіні ешқашан есімнен шығармаймын» деп серт берген едім. Бірақ майданнның аты майдан екен, қанды қасап ортасына қойып кетіппіз, алты жүз отыз боздақтан алпыстан аса адам ғана аман оралдық. Ал сертім ешқашан да көкейімнен өшкен емес.
Мейманым көзі жасаураңқырап, үнсіз қалды. Ары қарай қазбалаудың жөні жоқ еді. Ол кісінің зейнеткерлікте екенін, Мәскеуде тұратынын, тұтас бір институт айналысарлықтай шаруа, үлкен шаруа тындырып жүргенін айттым.
Иә, Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов республика үкіметін тұтас он үш жыл бойы – 1938-1951 жылдары басқарды. Осы қызметті Нұрекеңнен ұзақ атқарған жалғыз қайраткер Бәйкен Әшімов ағамыз ғана. Бірақ, Байкеннің үкімет басқарған жылдары социализмның жетер шыңына жеткен жылдары, одай кейін бәріміз куә құлдырау басталды. Ал Нұрекең үкімет басқарған жылдар жүрегі «халық» деп қана соққан аяулы ағаларымыз қандай қырылып біткен соғыс алдындағы алаңдаулы жылдар, елдің сіңірі созылып, «әупіріммен» жан сақтаған, мыңдаған перзенттері қан майданда кескілесіп жатқан соғыс жылдары, тұралаған елді тамағын тойындырудың толғақты мәселелерін қалай шешудің жолдарын талмай іздестіру қажет болған жылдар еді. Мұның үстіне Нұртас үшін биік мансапқа дейінгі 34 жыл ғұмыр да оңай болмаған-ды. Шиттей бала-шаға ортасында бірінің аузына бірі қараған қарғыс атқанжетімдік, буыны бекіп, бұғанасы қатпай жатып, кірпіш зауытында қара жұмысшы болу, ашқұрсақ жүріп Ташкентте оқу, республиканың орман шаруашылығындағы тынымсыз жұмыс, Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы болған (ол кезде облыс құрамына кіретін) аз уақыт – бір пенденің ғұмырына аздық етпейтін үлкен мектеп, байыптай білгенге бай мектеп еді. Сондықтан шығар, Нұрекеңнің өзіне және халқына сенуді, халқымен ақылдасуы, содан дұрыс қорытынды жасап, тиісті шешім қабылдауды, ал шешім қабылданған екен, оны бұлжытпай орындауды өзгермес қағида етіп алыпты. Дәл осы принциптен ешқашан айнып көрмепті. Мәскеудегі оқуынан кейін республика Жоғары Кеңесінің төрағасы, ел басшылығына түп-түгел мәскеуліктер (Пономаренко, Брежнев, т.б.) келіп, Гурьев облыстық атқару комитетінің төрағасы, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған жылдары да сол принциптен жаңылмапты. Тегінде оның 58 жасына зейнеткерлікке «қуып жіберілуіне» де сол принцип «кінәлі» болса керек Н.Хрущев қатысқан бір жиында Нұрекең құрылыста жергілікті материалдарды, соның ішінде Маңғыстау ұлутасын кеңінен қолдануды көл қорыған қызғыштай қорғапты.
Сонда «лашын құс – қожайын» Хрущев «прогресті» ескерту айтып: «Оңдасынов жолдасты оқытып-ақ едік, бірақ сол оқу қонбаған секілді. Тегінде, бұл жолдас өміріміздің қарқынан қалып қойған екен. Ол күрделі құрылыстарғы ең болашағы зор материал темірбетон екенін білмейтін болып шықты» деп «өлтіре» сынаған. Әрине, «артта қалғандарға» «темірбетон» ойлы басшылардың қатарында орын жоқ.
Қырғын соғыстың жан қайыстырар қиындықтарына қарамастан Қазақстанда көптеген өнеркәсіптік және мәдени объектілер салына бергені, жоғары оқу орындары ашылғаны белгілі. Сол жоспарлардың жүзеге асуына Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы ретінде Нұртас Оңдасыновтың барынша атсалысқанын ешкім теріске шығарған емес. Бәрін санамалап жатпай-ақ, қазіргі «Кармет-Испат» металлургия комбинатының тырнақалдысы Қазақ металлургия зауытының құрылысын алайық. Құрылысты қай жерде салу керектігі, зауыттың болашақ кадрларын даярлау, тіпті Самарқан ауылын Теміртау қаласы деп атау жөніндегі істердің бәріне үкімет басшысы белсене араласты.
Мына бір жайт та назар аударарлық факт. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюро мүшесі ретінде он ел алдымен мәдениет мәселелеріне жауап беретін. Нақ Оңдасыновтың қолдауымен, қажет болса талап етуімен дәл сол соғыс жылдарында Қазақ мемлекеттік консерваториясы, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты ашылды. Қазақ опера және балет театры ғимаратының құрылысы аяқталды, Ғылым Академиясы ғимаратының іргетасы көтерілді. Ол театр, кино өнеріне,
баспасөзге күнделікті көңіл бөліп отырады. «Баспасөзге» деп бөле айтуымыздың жайы былай. Сол тұсқа дейін қазақ баспасөзі «власть» дегеніңізді де, «правительство» дегеніңізді де «өкімет» деген бір-ақ сөзбен алып келген. Нұртас Оңдасынов газет-журналдар басшыларын шақырып алып, «власть – өкімет» «правительство – үкімет» болса қайтеді деген пікірін ортаға салады, солай қабылданады. Рас, қазір, «власть» көбіне «билік» болып жүр, «билік айту, төрелік беру» деген сөздерде басқашалау реңк барын парықтамауымыздың салдары ол. Тағы бір мысал. Аударма материалдары тым көп болатын қазақ баспасөзі «техническая культура» деген өсімдік шаруашылығының терминін Нұрекең кеңес бергенше «техникалық культура», тіпті «техникалық мәдениет» деп жазып келген ғой. «Жігіттер, осыларыңды техникалық ақыл» деген дұрыс болар» деп кеңес берген де Нұртас Оңдасынов. Қазіргі жастар білмейді, ересектердің көбінің есінде жоқ, елуінші жылдардың басына дейін «ұ» деген әріпті «у» секілді жазып, үстіне «й» әріпіндей қайықша қоятынбыз. Ол тұста газет хатталғанда гартпен теріліп, беттелген соң форма жасау үшін бірнеше атмосфералық қысыммен
картонға бедерленіп, содан кейін қорғасынға құйылатын. Міне, сол қысымның күшімен, онсыз да тозығы жеткен әріптің төбесіндегі «қайықша» ұшып кетеді де, «Ұлы Сталин» «Улы Сталин» болып шығады. Содан белгілі айқай басталады, талайлар орнынан босайды, жазаланады. Енді не тістеу керек? Міне, дәл осы арада тағы да Оңдасынов көмекке келеді, содан былай «ұ» әріпі белдемшемен жазылатын болды. Мұның бәрін мен қарт журналистердің аузынан өз құлағыммен естігем. Терминологиялық комитет те кезінде Нұрекеңнің ұсынысымен құрылған.
Үкімет басшысының кадрларға да құлағы түрік болыпты.
Адамзат қызметінің үш-ақ саласынан мысал келтірейін. Біріншісі – мемлекеттік басқару мәселесі. 1942 жылы іссапарларының бірінді Н.Оңдасынов Лениногор түсті металдар комбинатының директоры Дінмұхамед Қонаевпен жолығып, оны өзіне орынбасарлыққа шақырады, тоғыз жыл бойы тізе қосып жұмыс істейді.
Екіншісі – ғылым саласынан. Соғыстан бұрын-ақ ол Қаныш Имантайұлы Сәтбаевты көтереді. «Ғылымсыз – даму, өркендеу жоқ, – дейді ол журналист Гүлсім Оңдасыновамен әңгімесінде, – мұны республика үкіметінің басшысы болып тағайындалған бойда түсінгем.
КСРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалын Ленинградта тұратын, республикаға оқта-текте бір соғып қана кететін, оның үстіне денсаулығы төмен адам басқаратын еді. Кез келген мәселе бойынша құжаттар поштамен Ленинградқа жіберіледі. Бұлай жұмыс істеуге болматын еді. Сондықтан КСРО Ғылым Академиясының алдына мәселе қойдық. «Ау, сонда кім басқарады?» деген сұрақ көлденеңдей қалды да, есімі Сәтбаев түсе кетті. Бұрын көргенбілген адамым емес. Бірақ оның «Социалистік Қазақстан» мен «Казахстанская правдада» бір мезгілде жарияланған мақаласы есімнен шықпайтын. Сөйтіп, Қарсақпайдағы геологиялық экспедицияның бастығы, әуелі филиал төрағасының орынбасары, артынша төрағасы болды.
Н.Оңдасынов Қаныш Сәтбаевтың 1943 жылы КСРО Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, кейін толық мүшесі болып сайлануына да белсене ат салысқан. Көп жылдар өткен соң, Мәскеуде тұрып жатқан зейнеткер Нұрекең Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Саламат Мұқашевпен әңгімесінде Қанекеңнің ескеріле бермей жүргеніне байланысты былай дейді: «Біз сияқтыларды ысыра салуға болар, Қанышты қалай ысырасың? Тіпті солай етудің сәті түскен күнде де, оны еңбектерінің орнын немен толтырасың? Бұл ешкімнің қолынан келмейді».
Үшінші мысал – қазақтың тұңғыш мүсіншісі Хакімжан Наурызбаевтың тағдыры. 1943 жылы Қостанай облысына іссапарында болған Нұрекең ауаткомның атбағары болып істейтін, саздан әр түрлі жануарлардың мүсіндерін жасай беретін бозбаланы көреді де, оны оқуға шақырады. Көп ұзамай, 1944 жылдың көктемінде оны Алматыға алдырып, өз пәтеріне тұрғызады, мүмкіндігінше киіндіреді. Хакімжан Наурызбаев былай деп еске алады: «Күндердің күнінде Нұрекең ертең таңертеңгі сағат тоғызда менің кабинетіме келесің деді. Айтылған уақытында кабинетіне кірсем, оншақты адам отыр екен. Мені көрген бойда Нұрекең: «Орындарыңыздан тұруларыңызды өтінемін, алдарыңызда болашақта әлемге танылатын №1 қазақ мүсіншісі тұр», – деді. Бәрі орындарынан тұрды. Олардың Мәскеуден, Ленинградтан, Харьковтан Қазақстанға көшірілген белгілі мүсіншілер екенін кейін білдім. Дәл осы арада Нұрекең мені Мухинаның қолынан тапсырады».
Нұртас Оңдасыновтың жұмыс стилін Мойынты-Шу темір жолының құрылысына байланысты оқиғалардан анық байқауға болады. Ол кезде, мысалы, Қарағандыдан Алматыға жету үшін әуелі Петропавлға барып, содан кейін Новосибирь, Семей арқылы сапар шегу керек болатын. Жолға он тәуліктей уақыт кететін. Жүк пойыздары да соншалық ұзақ жүретін. Үкімет басшысын мазалай беретін бір мәселе осы еді. Қазақстан үкіметінің ұсынысы соғыстан кейінгі бірінші бесжылдық жоспарға кірмей қалады. Сондықтан да
Н.Оңдасынов Мәскеуге аттанады. Мемлекеттік жоспарлау комитеті де, «Трансстрой» да ұсынысқа қырын қарайды. Бірақ, айтқанынан қайта қоятын Нұрекең бе, қайта-қайта барып жүріп, ақыры иліктіреді. Оның уәжі былай болып келетін: «300 миллион сомның керек жоқ, 10 миллион беріңдерші. Жол табанын төсеуге бірде-бір техника, тіпті күрек те бөлмей-ақ қойыңдар». Қысқасы Жаспарком мен «Трансстрой» басшыларының қолы қойылатын құжаттармен жоғарыны жағалай бастап, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс Л.Берияға дейін табалдырық тоздырып жүріп, келісімін алады. Мойынтыдан Шуға дейінгі 450 шақырым қашықтық облыстар саны бойынша 16 учаскеге бөлінеді. Облыстың еріктілер отрядын облатком төрағасының орынбасары басқарады, оның көмекшілері болып облпарткомның идеология жөніндегі хатшысы мен облыстық тұтынушылар қоғамының төрағасы тағайындалады.
Бүкіл ұйымдастырушылық, үгітшілік және жабдықтаушылық жұмысқа солар жауап береді. Жәрдемдесу комитетін Нұрекеңнің өзі басқарады. «Еріктілер» деген сөзді мен әдейі қолданып отырмын. Қара жұмысқа келген колхозшылар еді. Ақша ұстап көру тұрмақ, паспорт ұстап көрмегендер. Бірақ зорлықпен келген жоқ. Мәселе мынада: колхоз бұл жұмысқа аттанғандарға күн сайын жарты еңбек күн жазуға тиіс болатын, ал құрылыста тапқаныңды шып-шырғасын шығармай қолыңа аласың. Міне, сондықтан еріктілер жыртылып айырылатын. Осыны айта отырып, Нұрекеңнің жымия күлетіні де
болатын: «Жұмыс күні сегіз сағат қой. Ал біз жұмысты қойдыра, демалдыра алмай қиналатынбыз» – дейтін.
Жұмыс басталып кетісімен үкімет басшысы дереу болашақ жол бойына аттанады, Ең үлкен проблема Бірлікке жеткенде-ақ алдан шығады. Ауыз су алыстан тасталып, үнемі жетпей қалады екен. Министрлер Кеңесінің (бұл Совнаркомның жаңа атауы енгізілген түс) төрағасы отряд басшыларын бидайдай қуырып, «бағалы» нұсқаулар бере бастаған жоқ. Ол озоттарды дастархан басына жинады, ауыз су мәселесін ортаға салады. Колхоздастыру мен соғыс жылдарында үндемей құтылуға дағдыланған колхозшылар үлкен бастықтың алдында тіс жармады, бірлі-жарымы: «басшылар жас қой, солар біледі бәрін, біз жер қазып, топырақ тасып жүрміз, не білеміз» – деп құтылды. «Ау, неге білмейсіңдер, аспаннан түскен жоқсыңдар ғой, – дейді Нұрекең. – Осы өңірде қазақтар қалай күн көріп еді бұрын.
Әрбір ауыл құдық қазып алатын, өздеріне де, малына да жететін». Жиналған жұртқа бірден жан кіргендей қауқылдасып, қоштай кетті. Сонымен, мынадай ұйғарым жасалды: «Құдық қазу жайын білетін бригадир тағайындалып, бригадалар құрылсын. Қанша адам керек болса да, берілсін. Су жақыннан шықса үш мың, тереңнен шықса бес мың сом берілсін. Ақшаны, әркімнің еңбегіне қарап, баршаның келісімімен, бригаданың өзі бөледі». Сөйтіп, трасса бойында бір күнде 94 мың сомға құдық қазылады, ақы келесі күні қолма-қол төленеді.
Алты айдан кейін тапқан қаражатын түп-түгел алып, керек-жарағын сатып алып, колхозшылар ауылдарына аттанады. Келесі жыл тағы бір маусым бүкіл табан төсеу жұмыстары аяқталады.
Қысқасы, солтүстіктен оңтүстікке созылған ең қысқа жол не бары үш жыл ішінде іске қосылып қана қоймай, елдің орасан зор қаржысы үнемделеді.
Талай-талай жылдар өткеннен соң, жас ауылдасы Ж.Әзіретбергеновпен әңгіме үстінде зейнеткер Н.Оңдасыновтың былай дегені бар: «Жап-жас кезімде ғылым қусам, кітап жазсам, оларым артымда ұрпаққа қалса деп армандайтын едім. Бірақ тағдырдың, уақыттың әмірімен үкіметті, облысты басқаруға тура келеді. Сөйтіп, жас кезімдегі арманыма жете алмадым».
Бірақ, Нұртас Дәндібайұлы, ғылыми атақ, дәреже алмаса да, ғалым бола білді. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де жұмыс ырғарын бұзған жоқ. Ол тұп-тура сағат сегізде жұмыс үстеліне отырып, түстіктен соң аз ғана демалып, қайтадан үйдегі кабинетіне беттейді екен. Материал жинап, оны жүйелеп, қаламын қолына алатын болыпты. Соның нәтижесі – сегіз кітап. Бесеуі кезінде жарық көрді. Және олар өткен өмірдің баяны емес, нағыз ғылыми еңбектер.
Екі томдық «Араб-қазақ сөздігі» нағыз жаңалық болды. Сол кезде рецензенттердің бірі «Социалистік Қазақстан» газетінде: «Көп ғалымдар ұжымы ғана атқара алатын еңбекті зейнеткер бір адам ғана, онда да хатшысы да, лабораториясы да, лаборанты да жоқ адам атқарып шығыпты. Бұған сену қиын, бірақ расы солай». Одан кейін «Парсы-қазақ түсіндірме сөздігі», «Араб текті қазақ есімдері» және басқа кітаптары жарық көрді. Ол 1989 жылы қара күзде қайтыс болғанға дейін қаламын қолдан түсірген жоқ. Нұрекеңнің қайтыс болған басқа басшыларымыздың бір ерекшелігі де осында – ғылыми ерлігінде.
* * *
Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде бас редактор кезім. Бір күні кабинетіме мәдениет бөлімінің қызметкері Гүлсім Оразалиева келді. «Аға, – деді ол, Мәскеуге жол жүруге тура келіп тұр. Нұртас ата қатты науқас екен. Қызы қолқа салып отыр» – деді. Сұрастырсам, Гүлсім қарындасымыз Нұрекеңнің ауылдасы екен. Рұқсат бердім. Сол жолы Нұрекең барлық қолжазбасын Гүлсімге аманаттады. Күз ішінде үлкен кісі көз жұмғанда, оның мүрдесін еліне жеткізуге қолғабыс еткен, кейін Нұрекеңнің бай кітапханасы еліне жеткізіліп, туған ауылындағы мұражайының негізін қалауына мұрындық болған сол Гүлсім қарындасымыз еді. Кейінірек 1994 жылы, Нұрекеңнің 90 жылдығы тұсында осының мәнісін Нұрекеңнің тұңғышы, тарих ғылымының докторы Ескендір Оңдасыновтан сұрағанмын. «Әкем қазақша жазатын еді ғой. Біз болсақ, шешеміздің ықпалымен, діліміз қазақ болсақ та, тіліміз орыс болып кеттік. Гүлсім көп жылдан бері келіп-кетіп, әкемізбен ұзақ-ұзақ әңгімелесіп жүретін. Сондықтан ғой, барлық қолжазбасын Гүлсімге тапсырғаны», – деген ол кісі вокзал басында қоштасып тұрып.
ОРАЗБЕК НҰРМАХАН,
Қазақстанның еңбек сіңірген
мәдениет қайраткері
Тасмейірлер құрбаны (әңгіме)
Ноя 10, 2024 0 7 361
ШЕШЕНДІК ӨНЕР – ҰЛТТЫҚ АСЫЛ ҚАЗЫНА
Сен 24, 2020 0 23 425
Алматы қаласының экологиялық проблемалары
Окт 15, 2018 0 28 400
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МӘДЕНИ САЯСАТ ЖӘНЕ ҚАЛЫПТАСУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Авг 19, 2018 0 27 686
АБАЙ — АРУ ТОҒЖАН
Авг 29, 2020 0 6 789
ТАҒДЫР (ақын-жазушылардың өмір тарихтары)
Ноя 10, 2024 0 44
ҚҰСШЫ БЕГАЛЫНЫҢ ӘҢГІМЕСІ
Ноя 10, 2024 0 56
ӘЙТЕКЕ БИ (бір деректің баяны)
Ноя 10, 2024 0 53
Үміт сəуле жылт етші…
Ноя 10, 2024 0 79
РЕВОЛЮЦИЯ ҰЛАНДАРЫ
Ноя 10, 2024 0 58
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.