Маңғыстаудың адам танымастай өзгеруі – оның ұлан байтақ жерінен қисапсыз қазба байлықтардың табылуына байланысты. Жетібай мен Өзенде 1961 жылы мұнай – газ фонтандары...

 

Маңғыстаудың адам танымастай өзгеруі – оның ұлан байтақ жерінен қисапсыз қазба байлықтардың табылуына байланысты. Жетібай мен Өзенде 1961 жылы мұнай – газ фонтандары атқылады. Маңғыстаудан мұнай, басқа да қазба байлықтарды іздеу бұдан жүз жыл бұрын басталған. Түбекте мұнайдың үлкен қоры бар екенін оған әр кезде келген зерттеушілер, геологтар, геофизиктер айтып кеткен және барлау жұмыстарын қайсы маңдардан іздеу туралы ұсыныстарын берген. Алайда жер шалғайлығы, табиғатының қаталдығы, қатынастың қиындығы көпке дейін оған ден қойып тікелей барлау, бұрғылау жұмыстарына кірісуге мүмкіндік бермеді.

Соғыстан бұрын басталған іздестіру жұмыстары одан кейін де жалғасты. Қазақстан жеріндегі барлау жұмыстарының көбі (1951-1961ж.ж.) Маңғыстауда жүргізілді. Ленинградтағы ғылыми-зерттеу барлау институты Маңғыстауға геологиялық, геофизикалақ барлау жүргізетін комплексті экспедция шығарды. Олар Маңғыстаудың Солтүстігінде, Бозашы түбегінде,

Маңғыстаудың орталық алаңы мен Оңтүстігін түгелімен бұрғылап, барлауды ұсынды. Осыған орай «Қазақстанмұнай» бірлестігі Маңғыстауға Түбежік, Бекебасқұдық алаңдарына геологиялық іздестіру партиясын жіберіп, олардың берген мәліметтеріне орай, 1957 жылы Фортта «Маңғыстаумұнайгаз» барлау тресін құрды.

…Қазақстанның, оның ішінде Маңғыстаудың мұнай болашағын зерттеп анықтауда 1959 жылы Гурьевте өткен Бүкілодақтық ғылыми –техникалық конференцияның шешуші маңызы болды. Бас баяндаманы облыстың бірінші хатшысы Нұртас Оңдасынов жасады. Конференцияға қатысқан Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі А.Бакиров, М.Чарыгин, Геология министрі М.Золотарев… Каспий ойпаты мен Маңғыстаудың еліміздің отын өнеркәсібін дамытуға қосар қомақы үлесі туралы айтты. Бұл аудандарда геологиялық, геофизикалық барлау, іздестіру жұмыстарын шұғыл қолға алуды ұсынған құжат қабылданды. Осыны ескеріп Одақтық Үкімет күрделі қаржы бөліп, арнаулы қаулы қабылдады.

Ғасырлық жаңалық болған Жетібай мен Өзеннің мол мұнайы Маңғыстау өміріне ғана емес Атырау мен Алматы үшін де үлкен оқиға болды.  Одақтық Үкіметтің назарыбірден  Қазақстанға, оның ішінде Маңғыстауға ауды.    «Қара алтынның» жаңа тұсаукесері болған, бұл жаңалықты көруге тек журналистер ғана емес, сол кездегі басшылар, геолог ғалымдар, министрлер, партия қызметкерлері Жетібайға жетуге асықты. Жетібайда мұнай атып жатыр деген хабарды ести салысымен Москвадан, Алматыдан Б.Ерофеев пен Ш.Есенов, КСРО Мұнай министірлігінен бұрын «Қазақстанмұнай» бірлестігінде бас инженер болған Николай Калинин, Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Нұртас Оңдасынов келді.

 

Олар бұдан былай бұрғылау, барлау жұмыстарын қай бағытта өрістету керек, мұнайдың өндірістік қорын анықтау үшін терең барлап, бұрғылауды көбейту, материалдық-техникалық жабдықтау, өндіріс ашу, тағы да көптеген мәселелер төңірегінде әңгіме болды. Осы басқосуға Ақтөбеден Батыс Қазақстан Өлкелік Халық шаруашылығы Кеңесінің төрағасы Сафи Өтебаев келіп қосылды.

Осылайша Маңғыстауға ғасырлық жаңалық әкелген мұнай бұрқағын көзбен көріп, оны халыққа тездетіп жеткізу үшін мен оқиға болған жерден бұрғышылардың, мамандардың сөздерін магнитофон, блокнотқа жазып, республикалық эфирде, облыстық газет беттерінде өзім куә болған оқиғаны баяндап, геолог барлаушылардың ерен еңбегін паш еттім. Репортажда сол тарихи қарамайды өмірге әкелген бұрғышылар: Қалиев, Азанбаев, Қуанышбеков, Қожахметов, Ерғалиев, Жақсымбетов, Өмірбаев, Жүзбаев, Тоқжанов, Сахановтай жігіттердің есімдері мақтанышпен аталды.

Сөйтіп, Маңғыстауда ғана емес, бүткіл қазақ жерінде елді елең еткізген Қазақстан мұнайын жаңа тың белестерге көтеретін үлкен мұнайлы өлкенің дүниеге келуі абырой болды. Бір тамшы су қат болып кезеріп жатқан медиен даланың осыдан бастап бағы жанды. Жылдар бойы табан аудармай, түңілмей, шаршап-шалдықса да бар қиындыққа төзіп, өздері іздеген байлыққа барлаушылардың ақыры қолдары жетті. Маңғыстаудың байлығы тек мұнай мен газ емес, сирек кездесетін рудалар, көмір, темір, алтын, күміс, мыс, санай берсең Менделеев таблицасындағы элементтердің бәрі де осында болып шықты…

Бұл тұста бұрын Одақ, республикалық деңгейде қызмет атқараған, Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Нұртас Оңдасынов еңбегін ерекшелей айту бізге парыз. Облысқа басшы болып келе салысымен Нұрекең Атырау мен Маңғыстаудың үлкен болашағына сеніп, оны көтеру туралы Одақтық Үкімет алдына ресми түрде мәселе қойды. Академик Сәтбаевтың шақыруымен Гурьевте «Батыс Қазақстанда геологиялық барлау жұмыстарының тиімділігін арттыру» мәселесіне арнап Бүкілодақтық ғылыми-техникалық конференция өтті. Оңтүстік Ембі, Үстірт, Оңтүстік Маңғыстау және Жайық-Еділ аралығы аудандарында геофизикалық, геологиялық барлау жұмыстарын шұғыл өрістету туралы нақты шешім алынды.Үкімет үлкен қаражат бөліп, аталған аудандарды терең бұрғылап, барлауды КСРО Геология және Кен қоғау министірлігіне жүктеді. Көптеген бұрғылау қондырғылары жеткізілді. Соның артынша 1960 жылы Мартышида, Прорва алаңдарынан мұнай фонтаны атқылады. Бұл Н.Оңдасыновтың Жоғарғы Үкімет алдына қойып, өте көрегендік саясат ұстанғанын көрсетті.

1960 жылы Қазақ КСР-нің 40 жылдығы қарсаңында Қазақ радиосынан гурьевтіктер қандай табыстармен қарсы алғалы отырғандықтары туралы облыстық партия комитетінің бірінші секретары Н.Оңдасыновтың мақаласын ұйымдастыруды тапсырды. Мен Нұрекеңе жолығып, дайындаған мақаласын магнитофонға жазып алдым. Ол геологиялық барлаудың нәтижесінде шалғай аудандарда қала типтес елді мекендер пайда болғанын, Атырау мен Маңғыстауда мұнай және газ кенорындарының ашылуы бұл аймақты таяу болашақта үлкен өндірісті аймаққа айналдыратынына сенімді екенін мәлімдеді.

Бұл өскен өлкеге таяу болашақта жоғары білімді маман кадрлар даярлау жөнінде Үкімет алдына мәселе қойды. Маңғыстауда, Жетібай алаңынан мұнай фонтаны атқылағанда келіп көріп, түбек төрінде Қорғаныс министірлігінің құзырымен салынып жатқан «Меловой» деген қалаға тоқтап, мұнай, химия өндірістерінің орталығы болғалы тұрған өндірістің, Атырау емес, Қазақстан экономикасына қосар үлесін бағамдады.Гурьевке келгенде өткізген кездесуде Нұрекеңнің: «Гурьев облысына коммунизм Маңғыстаудан келеді» деген қанатты сөзі сонда болғандардың әлі есінде. Нұрекеңнің шапағатын Гурьев пен Маңғыстаудың барша халқы көрді деп айтуға блады.Оның Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасы кезінде Гурьев облысына келіп, Атырау мен Маңғыстау шаруашылықтары жайылымдық жерін кеңейтіп, алыс отарларға су жеткізу үшін 150-дей автомашиналар бергенін ел ешқашан ұмытпайды.

1962 жылы көктемде облыстық партия комитетінде кезектен тыс пленум болатын болды. Бұл облыс партия ұйымына жаңа басшы сайлануға байланысты екен. Н.Оңдасынов денсаулығына байланыс-ы кетіп жатыр деп естідік. Бірақ, Нұрекең жиналғандарға арнап: «Мен Сіздермен сегіз жылдай қызметтес болдым. Қайда жүргенде де сіздерді естен шығармаймын, адал да, айнымас көңілмен, жасампаз еңбекпен мені қолдап отырдыңыздар. Мұндай

құрметті мен басқа жерден көргенім жоқ. Менің зейнеткерлікке шығуыма екі жыл қалған еді. Қайтерсің, пәрмен солай болып жатыр, басшылыққа жастарды көтеру керек деп жатыр, жоғарғы жақ» деп төс қалтасынан өзі сақтап жүрген қол сағатты көрсетті.

«Мына сағатты 1943 жылы мен «Совнарком» төрағасы болып тұрған кезімде, соғыс жылдарында жанқиярлық еңбектерімен жеңісті жақындатуға ерекше үлес қосқан Новобогат ауданы еңбекшілері КСРО Қорғаныс Комитетінің Ауыспалы Қызыл Туын қатарынан үш мәрте алып, оны мәңгілік сақтауға қалдырғанда облыс делегациясы: «мынау байрақта Нұреке Сіздің де еңбегіңіз бар, мына сағат соның белгісі болсын» деп, маған сыйға тартқан еді. Сол сағатты мен әлі күнге дейін сақтап жүрмін. Бұл да менің сіздердің орталарыңда өткізген жылдарымның белгісі болсын деп, өзіммен бірге алып барамын» деді. Бәрі де қол шапалақтады.

Келесі жылы «елді сағындым» деп, Нұрекең тағы келді. Бірақ ол Москвада тұрып қалды. Қарап отырмай шығармашылықпен айналысыпты. Сонда ол кісінің немен айналысқанын кейін Алматы Жоғарғы партия мектебінде оқып жүргенде ақын Меңдекеш Сатыбалдиев інімнен естідім. Ол «Қазақстан» баспасында істейтін. Бір күні баспаның директорымен бірге кабинетке Нұрекең кіріп келді. Мен қарсы жүріп ағаның қолын алдым. Директор мынау Сатыбалдиев деген өзіңіздің Гурьевіңіздің жігіті, жазушы, ақын» деп таныстырып жатыр.

Нұрекең: «Меңдекеш, мынау менің көптен ойлап жүрген еңбегім еді, қол босаған соң осымен айналыстым. Тәшкентте жүргенде діни семинарияға да қатысып, араб оқуын меңгерген едім, оның қазір керегі болғалы тұр. Мынау «Арабша-қазақша түсіндірме сөздік», ағашқы кітабын баспаға әзірлеуді өзіңе тапсырғалы тұрмын. Үстінен әдеби жағынан түзетуді қарарсың» деген. Мен оны дайындап болып, бастыруға келісімін алып, шығып бара жатқанда Нұрекең:

«Меңдекеш, сен мұнда қашан келдің, жағдайың қалай? деп сұрап алды. Келініңіз бен екі балам бар. Жеке үй жалдап тұрамыз, пәтер жағы қиын соғып тұр» дегенмін. «Жарайды, шырағым, жігіттерге айтармын» деді. Соның артынша, жылға жетпей, мені қалалық кеңес төрағасы шақырып алып, «Горный Гиганттан» үш бөлмелі жеке үй алып берді дегенді. Міне, «жақсыдан шарапат» деген осы. Бүкіл елге жасаған жақсылығы жалғыз адамға да жетіп жатты.(Меңдекештің үй алған кезде Нұртас ағасына жазған алғыс хатын біз қолжазба-құжаттарының арасынан таптық. Авт.Г.О.)

Н.Оңдасынов мезгілінде Хрущевтің жаппай тың игеруді желеу етіп, қазақстанның Солтүстік облыстарын Россияға қосу, Оңтүстік Қазақстанның үш ауданын Өзбекстанға, Маңғыстауды Түркіменстанға беріп, Қазақстанды бөлшектеу саясатына барынша қарсы шыққан басшы. Халқының, оның болашағын ойлап жасаған әрекеттері жоғарғы жаққа жақпады, мұны білетін ел Нұрекеңнің қызметтен ерте кетуін соның салдары деп түсінді, сонысымен ол халықтың шексіз құрметіне бөленді.

Ел үшін, Қазақстан үшін қалтқысыз еткен еңбегі еленді. Ол үш мәрте Ленин орденімен, екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. КСРО Жоғарғы Кеңесіне әлденеше рет депутат болып сайланды.

 

МҰҚТАСЫН СУХАМБЕРДИЕВ,

Қазақстанның құрметті журналисі

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *