(Социологиялық мәліметтер негізінде талдау) Соңғы жылдары қылмыс ақпараттары топтамасында кәмелетке толмаған қыздар арасында қылмыс жасаушылық фактілері көзге айрықша түсуде. Оның себебі неде? Оның алдын...

(Социологиялық мәліметтер негізінде талдау)

Соңғы жылдары қылмыс ақпараттары топтамасында кәмелетке толмаған қыздар арасында қылмыс жасаушылық фактілері көзге айрықша түсуде.
Оның себебі неде?
Оның алдын алу мәселелері Қазақстанда қалай шешілуде?
Міне, осындай сұрақтардың жауабы мен шешімі жұртшылықты кәдімгідей-ақ алаңдатуда. Сонымен қатар кәмелетке толмаған қыздар арасында қылмыс жасаушылардың қиын отбасылардан шығатындығын, көшенің, нақты жағымсыз ортасының ықпалынан, сондай-ақ отбасылы, мектептік және қоғамдық тәрбиенің жеткіліксіздіктерінен, т.с.с. туындайтындығы дәлелденген зерттеулері мәліметтері де салыстырыла отырып талданды.
Кәмелетке толмаған қыз балалар тарапынан жасалған қылмыстық әрекеттердің криминологиялық мониторинкте жинақталған, және де құқықтық статистикалық есептеулердегі мәліметтерде екшеленіп, сарапталды.
Сонымен қатар жастар арасында жасалатын қылмыстылықтың алдын алу және сақтандыру шараларының деңгейін көтеру, сондай-ақ қылмыстылықты ауыздықтауға бағдарланған құқықтық баптарды жетілдіруге қолғабыс тигізу мақсатында жүргізген сауалнама нәтижелері де көріністенді.
Сауалнама сұрақтары жауаптарына 72 жас географиялық, аумақтық, әкімшілік бөліністерге сай тартылды. Оның ішінде 52 жас Түркістан облысы мен Түркістан қаласы тұрғындарынан болды. Сонымен қатар зерттеуде сандық және сапалық әдістер де пайдаланылып, жеке сұхбаттасулар диктофонға келісе отырылып жазып алынды. Фокус – топтардағы пікір таласы нәтижелері де есепке алынды.

Алынған нәтижелерді талдау

Кәмелетке толмаған қыздар бойында қылмыстылыққа итермелейтін ауытқулардың туындау себептері көбіне көп «қиын» отбасылардың теріс ықпалынан, көшенің, жүріс-тұрыс ортасының жағымсыз әсерінен және отбасылық, мектептік, қоғамдық тәр-биенің жеткіліксіздіктерінен туындайды.
Айталық, отбасында дұрыс тәрбие берілмеуінен туындап жүрген қылмыстылық саны 14-15 жасар қыздар арасында, криминологиялық мәліметтер бойынша, 2023 жылы 2,7% құраған. Бұл қылмыстық көрсеткіш осы жылы 16-17 жасар қыздар жасаған қылмыстылықтан 1,3% жоғары болған.
Себебі қылмыс жасаған жасөспірім қыздардың екеуінің бірінде ата-анасы толық емес. Кейбіреулерінің ата-анасы өз құқықтарынан айырылған [Бас прокуратураның құқықтық ста-тистика жөніндегі және арнайы есеп комитетінің есебі, 2023: 47].
2023-2024 жылдары Түркістан облысы бойынша біз жинастырған мәліметтер бойынша жергілікті тәртіп сақтау мекемелерінің есебін-де тұрған кәмелетке толмаған қыз-дардың 3,2% жалпы білім беретін мектеп оқушылары болса, кәсіптік колледждерде оқитындары 4,5%, оқымайтындар 2,3% көрсеткіштерді көрсетті.
Кәмелетке толмай қылмысты атанғандар 6% болса, солардың ішінде тек бастауыш білімі барлары 4% құрады. Жалпы соңғы жылдары жасөспірім қыздар арасында үйден жиі кетіп қалу, бұзақылық қылықтар көрсетулерімен қатар ұсақ ұрлық жасау қылмыстары да орын алған. Дей тұрғанмен 1993-1997 жылдар аралығындағы жоқшылық кезеңімен салыстырғанда кәмелетке толмаған жасөспірімдер қылмыстылығы көп төмендеген.
Мысалы, 1993-1997 жылдары аралығында кәмелетке толмағандар қылмыстылғы ішінде тонау 29-31%, қарықшылық шабуыл 4-6%, бұзақылық қылықтар 35-37% көрсетсе, бұл көрсеткіштер 2023 жылы 5 есеге төмендеген. Ал, есірткі заттарды, немесе жүйкеге әсер ететін заттарды тасымалдау 0% дейін жоғалған. Дегенмен ұрлау мақсатынсыз көлікті мініп кетіп, қалтырыска тастап кету әдеттері бар-жоғы 15-17% ғана азайған.
Қылмыстық статистикалық көрсеткіштердің кемуіндегі, немесе өсуіндегі көріністенетін кемістіктерді жергілікті тәртіп сақтау органдарының оперативтік талдауларындағы мәлімет-терімен толықтыруға болады. Мұндай оперативтік талдауларда кәмелетке толмағандар қылмысының себептері, нақты көрінісі, жасалған орны, динамикасы жан-жақты көріністенеді.
Сондықтанда болар опера-тивтік құжаттарды парақтау криминологиялық зерттеулердің ең сенімді әдісі ретінде бағаланады. Ал, мұндай құжаттарды кәмелетке толмаған қыздарға қатысты зерделегенде кішігірім бұзақылық жасаған, ұсақ ұрлық, немесе басқалайда жағымсыз қылық көрсететіндердің біршама болып қалатындығын байқауға болады. Осыған орай, майда қылмыстылық әрекеттерімен көзге түскен жасөспірім қыздармен сұхбаттасу барысында анықталғандай, оларды қылмыс жасауға итермелеген жағдай, жоқшылық, ата-аналарының ішімдікке үйірлігі және кезбелік топ құрамындағы ерсектеулердің айдап салуы.
Зерттеу нәтижелерімізге қарғанда, кейбір жасөспірім қыздардың ата-анасымен татулықтары сын көтермейді. Ата-аналарын балаларының немен айналасып жүргені қызықтырмайды. Қызығушылық талаптарынан бейхабар. Не оқып, не оқымай жүргендерінен де хабарсыз. Өйткені, ата-аналары ішімдікке бой алдырған.
Сұралған жасөспірімдердің бірқатарының әкелері жоқ. Шешелерімен ажырасып кеткен. Біршамасы шешесімен тұрғанымен, өкіл әкелерімен қарым-қатынастары нашар. Бұлар көбінесе әжелеріне, не басқа туыстарына жақын жүргенді қалайды.
Көбіне көп үйішілік дау-дамай қаражат көзінің тапшылығынан болатын көрінеді. Осыдан туындайтын тұрмыс жағдайының төмендігі жасөспірімдерді кезбелікке, ұсақ ұрлық жасауға, тек қылмыс жасауға үйір топтардың ықпалына түсуге итермелейді.

Тек қыздар емес, жалпы жастар арасында орын алып келе жақан қыл-мыстық әрекеттердің ішкі механизмін түсіну мақсатымен қылмыстық топтарға қатысушы, немесе оларға еліктеушілер арасында Түркістар қаласы мен оның айналасындағы ауыл балалары арасында бірнеше жыл аралатып барып бірнеше қайтара нақты — социологиялық зерттеулер жүргізіліп келеді. 2008 жылы алғаш рет қолға алынған бұл жоба нәтижелері Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасының журналы «Заң және Заманда» жарияланған болатын (Қараңыз, Нұсқабаев Е. Жаһандану жағдайында жастардың есірткіге әуестігінің алдын алу шаралары // Заң және заман, 2008. №3. -44-45 беттер). Бұл жобалық зерттеу жұмысы араға 8 жыл салынып 2016 және 2024 жылдары қайталап жүргізілді. Зерттеу жұмысының соңғы, яғни 2024 жылы (көктем айларында) жүргізіліп, жинақталған мәліметтері төмендегідей көріністерді алға тартты.
Сауалнамаға барлығы 72 респон-дент жауап қайтарды. Олардың 35,8% қыздар болса, 63,2%-ын жасөспірім ер балалар құрады. Сұраққа жауап қайтарғандардың дені ауыл жастары болды. Электронды – есептеу ма-шинесіне дұрыс толтырылған 70 анкета салынды. Алынған мәлімттер ауыл жастары арасында кеңінен тараған қылмыстық істердің, жасалған ұрлықтың, зорлық-зомбылықтың, бұ-зақылықтың, күш көрсетудің, т.с.с. пайда болуы мен дамуы себептерін анықтауға себебін тигізді.
Сауалнама сұрақтары дискотека, клуб, кафелерде көп жүретін жасөспірімдер арасында таратылды. Жауап беруші респондерттердің ара-ларында сенімділік туындаған кезде ғана анкеталар толтырыла бастады. Олардың 11,4% мектеп оқушылары, 52,3% мектеп бітіріп кеткендер, бірақ әзірге еш жерде жұмыс істемейді, 12,3% колледждерде оқиды, 24% әр жерлерде уақытша жұмыс жасайтындар. Жалпы сұралғандардың 11 пайызы Түркістан қаласының тұрғылықты тұрғындары, 84,8% ауылдық жерлерден келгендер, 4,2% оралман-қандастар. Сұралған респонденттердің 15,2% өз үйлерінде, 12,4% жатақханаларда тұрады, қалғандары қала айналасындағы ауыл, село тұрғындары, қалаға қатынап не жұмыс істейді, не оқиды, тіпті болмача жәй қыдыруға, ойын-сауыққа келеді.
Адамгершілік-құқықтық мәселелер сұралғандардың ойында қарама-қайшы пікірлерге толы. Сауалнама сұрақтарына жауап қайтарғандардың «ақшаның қайдан келетініне мән бермей, әйтеуір болса болды» дегендері – 44% құрады, екінші орын-да адамгершілікті өз пікірлеріне азда болса арқау еткендер, яғни «өзіңе ыңғайсыз жағдайды, екінші адамға жасама» дегендер – 41% құраса, үшінші орындағы «әркім өз қалауынша өмір сүруге тиіс» – деген жауапты мансұқ тұтқандар 39% дауыс жинақтады. «Біздің заманымызда күшің болмаса, еш нәрсеге қол жеткізу мүмкін емес» деп есептейтін қол күші мықтылар төртінші орынды қанағат тұтты — 28%. Тұтас алғанда барлық сұралғандардың 17% заңды білу және құрметтеу өз құқығыңды қорғау үшін қажет деген пікір ұстанып, заң талаптарына құрметтеушілік сезімдерін білдірді. 31% заң талаптарын орындауға асықпаймыз деген пікірлер айтты. Ауыл жастары арасында Қылмыстық кодекс пен істеген залалды істер үшін жауапкершілік берулері керектігін түсінетіндері де шамалы болды. Олардың 44% Қылмыстық кодекс бап-тарынан аз-маз хабардармыз десе, 38% ешнәрсе білмейміз деген жауаптар қайтарды.
Сұралғандардың бәрін толғандыратын басты мәселе – жұмыс табудың қиындығы. Себебі тұрғылықты жерлерінде жұмыс орны жоқ. Тұрғындардың басым көпшілігі тек үй шаруашылығымен (мал күту, бау-бақшасында жұмыстану) айналысады. Сондықтан қалаға келіп базар жағалауға, немесе біреулердің отынын жарып, жинап беруге, көмір
сататындарды жағалап, көмір сатып алушылардың көмірін үйлеріне жеткізіп, сарайына кіргізіп беруге жалдануға тура келеді. Ал, жаз айларында өздеріне жаңа үй тұрғызушыларға жалданып тұрғызылып жатқан үйлерін тұрғызуға, сылауға, қора-қопсысын жөндеуге уақытша жұмыс істеп, қаражат табуға болады. Бұл жауаптар әр жерде жалданып, уақытша жұмыс істеп, нәпақасын тауып жүрген 24% жас-тардың сауалнама сұрағына қайтарған жауаптары.
Ал, колледждерде оқитындарды толғандыратыны алып шығатын мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуға мүмкіндіктің болмауы. Себебі бітірушілер көп те, жұмыс орындары мүлдем жоқ. Колледждерге оқушылар жоспарсыз артық қабылданады. Бе-
рілетін мамандықтың өңірге қажеттілігі, немесе қажетсіздігі ескерілмейді. Оның үстіне жұмысқа тұрғызуға уәде беріп, жанашырлық танытып ара делдалдықта жүретіндердің «жұ-мыс берушінің өтелім ақысы» деген парақорлық талабы және де бар. Ондай соманы ұстатуға көпшілігінің үй тұрмысының жағдайын көтере бермейді.
Сондықтан, тамақ асырау қамы жұмыссыз жүрген жасөспірімдер үшін ұрлық жасаушыларғы қосылу мүмкіндігін арттыра түседі. Мұны сұралған респондеттердің 58,2% қолдады. Ал, үйішілік жағдайдың нашарлығы ұл балаларды да, қыз балаларды да қаңғыбастылыққа (21,4%), өзіне өзі қол жұмсауға (7,3%), қайыр тілеуге (13,1%) итермелейді.
Сауалнама сұрақтарына қайта-рылған жауаптар зерттеуге тартылған респондент жасөспірімдердің жауаптары. Дей тұрғанмен қайтарылған жауаптар Қазақстанның барлық географиялық аумақтық әкімшілік бөліктеріндегі жасөспірімдер өмірінің ең әлсіз жақтарын бейнелейтіндігі анық. Сондықтан жасөспірімдер ара-сында аздап болса да орын алып келе жатқан бейәлеуметтік көріністердің алдын алып отыру үшін мемлекеттік деңгейде де, жергілікті деңгейде де жүргізілетін шаралардың тиімділігін арттыра түсу қажет.

Оразбек Нұсқабаев,
Социология ғылымдарының докторы, профессор
Гүлназ Нұсқабаева,
PhD докторы, доцент
Азамат Алтынбек
заңгер

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *