АЙТУЛЫ СПОРТ САҢЛАҚТАРЫ АЙТУЛЫ СПОРТ САҢЛАҚТАРЫ
Қыдырбек РЫСБЕК, спорт журналисі, «Дене шынықтыру жəне спорт жөніндегі республикалық оқу-əдістемелік жəне талдау орталығы» РМҚК директоры РИЗАБЕКТІҢ БЕЛДЕСУЛЕРІНЕН НЕ ТҮЙДІК?   Еркін күрестен шыққан... АЙТУЛЫ СПОРТ САҢЛАҚТАРЫ

Қыдырбек РЫСБЕК,
спорт журналисі, «Дене шынықтыру
жəне спорт жөніндегі республикалық
оқу-əдістемелік жəне талдау орталығы»
РМҚК директоры

РИЗАБЕКТІҢ БЕЛДЕСУЛЕРІНЕН НЕ ТҮЙДІК?

 

Еркін күрестен шыққан тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан биылғы Қазақстан чемпионатында және Түркиядағы еларалық турнирде бабында болмап еді. Мұның себебі: әлем чемпионы атанғаннан кейін ол туған елінің сүйіспеншілігіне бөленіп, бірнеше ай арқаны кеңге салды. Соның салдарынан жоғарыдағы екі жарыста бас жүлдеге жете алған жоқ.
Бұған қоса Ризабек 92 келіден олимпиялық салмаққа – 97 келіге ауысты. Жаңа салмаққа бейімделу үшін уақыт керек. Бұл түсінген адамға өте күрделі процесс. Мысалы, Түркиядағы жарыста оның салмағы шамамен 96 келі болды. Ал оның негізгі қарсыласы Ахмед Тажудинов 105 келі. Оның үстіне Тажудинов 97 келінің көшбасшысы. 2023 жылғы әлем чемпионатында бірнеше дүркін дүние жүзінің чемпиондары А. Садулаев пен К. Снайдерден басым түсіп, сенсация жасады. Бішкектегі Азия біріншілігінде 97 келінің басты үміткерлері Ризабек пен Ахмед болды.
Азия чемпионатында Ризабек қырғыз спортшысын 6:0 ұпай санымен жеңсе, өзбек балуанын 11:0, жартылай финалда үнді жігітін 13:0 есебімен уақытынан бұрын ойсырата жықты. Әзірге үш белдесудің қорытындысы – 30:0! Осы үш айқаста да қазақ балуаны тізгінді бекем ұстады. Ең бастысы, әдіс-тәсілдері сәтті өріліп жатты.
Финалда Ризабек алдыңғыға қа-рағанда сақ күресті. Азуы алты қарыс Ахмед айқын басымдылық таныта алған жоқ. Айтмұханның білек күші, салмағы сәл жетіспегендей көрінді бізге (бәлкім, қателесетін шығармыз). Соңғы бір жарым минутта біздің балуан қамшы басты. Тажудинов кәдімгідей алқынып, әуелгідей қайрат таныта алмады. Ал жылдамдық пен сезімталдық жағынан Ризабек Ахмедтен кем соққан жоқ. Жерлесіміздің батылдығы да көңілімізге қонды. Сәл ғана ұпаймен (4:2) Тажудинов жеңгені болмаса, белдесу тең жағдайда өрбіді.
Ал біздің көкейімізде бір кездегі әйгілі Әбілсейіт Айхановтың ізін басатын баһадүр түйе балуанымыз Алла жазса, осы Ризабек болады-ау, деген үміт оты маздай жанғанын несіне жасырамыз.
Төрт белдесудің жалпы есебі – 32:4. Тамаша нәтиже! Бірақ бұған тоқмейілсуге болмайтынын Ризабек пен әкесі әрі бапкері Қанат жете түсінеді деп ойлаймыз. Себебі, Бішкектегі Азия чемпионатына құрлықтың біраз күшті балуандары келген жоқ. Олар 19-21 сәуір күндері Азияның лицензиялық турнирінде Олимпиада жолдамасын сарапқа салады. Солардың бірі – қазақ балуаны Әлішер Ерғали. Және Еуропа, Америка, Африка құрылықтарында да сен тұр, мен атайын дейтін қос бармағынан күші саулаған, жоны жалпақ жампоздар аз емес.
Түйіндей айтсақ, Ризабек 97 келі салмаққа екпіндей кірді.
Ризабек Азияның финалында!
Еркін күрес. Азия чемпионаты. Алғашқы екі белдесуде өзбек пен қырғыз балуандарын тізе бүктірген Ризабек Айтмұхан бүгін жартылай финалда Үндістан жігітін 13:0 есебімен ойсырата жықты.
Еркін күресте қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Ризабек (92 келі салмақта) қазір олимпиялық салмақта – 97 келіде белдесіп жатыр. Биылғы Қазақстан чемпионатында сәл бостау көрінген Ризабектің қазіргі бабы жақсы көрінді. Бойдағы бұлықсыған қара күші экранның сыртындағы бізге де байқалып тұрды. Өзіне бек сенімді. Кей әдісті асығыстау жасағаны болмаса, күресі жақсы. Біздің кей жігіттер тәрізді тіресіп, жұлқысып жүріп алмайды. Қарсыласын тықсыра қимылдап, белдесудің өн бойында тегеурін танытқанына риза болдық.
Алда финал. Ризабек енді Бахрейн-нің намысын қорғайтын дағыстандық Ахмет Тажутдиновпен белдеседі. Тажутдинов 97 келіде 2023 жылғы әлем және Азия чемпионы. Кейінгі жылдары жауырыны жерге тимеген жас жолбарыс.
Екеуінің айқасын көрген де арманда, көрмеген де арманда! Бауырымызға қалың қазақ бір адамдай тілеулес болайық!

ЕҢ ҰШҚЫР ҚАЗАҚ!

Әмин Тұяқов – 4х100 метр эстафеталық жарыстан Еуропа кубогының, ССРО-АҚШ матчының жеңімпазы (1965), ССРО-ның екі дүркін чемпионы (1962, 1963), Еуропа чемпионатының күміс медалисі (1966), 200 метр қашықтықта Совет одағының төрт дүркін чемпионы (1962-1967), бірнеше мәрте рекордшысы, әрі жүлдегері, ССРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері.
Тұяқов 1964 жылы ССРО құрамасы сапында Токио олимпиадасына барды. Сол жылдары құрамында Әмин Тұяқов пен Ғұсман Қосанов жүгірген одақ командасы дүние жүзіндегі ең күшті эстафета құрамасының бірі еді. Соңғы сәтте ССРО құрамасының бас бапкері Леонид Бартенев Тұяқовтың орнына туысқаны Борис Савчукты жарысқа қосты. Соның салдарынан ССРО құрамасы 4х100 эстафеталық сында жүлдесіз қалды. Ал 1965 жылы құрамында Әмин мен Ғұсман жүгірген совет командасы 1964 жылғы Олимпиада чемпиондары АҚШ эстафеталық құрамасын басып озып, 39,3 секунд нәтижемен одақтың жаңа рекордын ауыздықтады. Осы жылы құрамында Әмин жүгірген ССРО эстафеташылары 39,4 секундпен Еуропа кубогының рекордын жаңартты.
1965 жылдың жазында Ә. Тұяқов 100 метрді 10,2 секундта жүгіріп өтіп, ССРО рекордын қайталады.

Осы жылы Алматыдағы ССРО чемпионатында Әмин Тұяқов 200 метрді 20,6 секундта артқа тастап, ССРО-ның жаңа рекордының тұсауын кесті. Оның бұл рекорды 1968 жылы ғана өзгерді. 100 метрлік бәсекеде Тұяқовқа күміс жүлде бұйырды.
1960-1968 жылдары 100 метрдегі әлем рекорды 10.00, 1963 жылы 200 метрге 20,3 секунд болғанын ес-
керсек, Тұяқовтың әлемдегі ең жүйрік спринтердің бірі болғаны дау туғызбайды. Себебі, Әмин ағаның нәтижесі мен әлемдік рекордтың арасы кірпік қаққандай ғана. Еуропа мен Американың өңшең сырықтай ұзын жігіттерін орта бойлы (1метр 73 сантиметр) Тұяқовтың шаң қаптырып кетуінің өзі қазіргі тілмен феномен емес пе!
…1990 жылы ағаның шаңырағына бардық. Үйдің бір қабырғасы кітаптан көрінбейді. «Ес білгеннен Мақпал әжемнің ертегісін тыңдадым,– дейді Әмин Елемесұлы, – Әдебиетке құ-марлығымды оятқан сол кісі. Әжем ел басқарған, ақылды, ер мінезді кісі еді. Маған батырлар жырын жаттатып, өзі құмарта тыңдайтын. Біраз жырды әжемнің аузынан жаттап алдым. Кейінірек әкемнің інісі Едігенің көп септігі тиді. Ал қазақтың қара сөз шеберлерін түгелге жуық оқыдым. Ахмет, Мағжан, Жүсіпбек, Міржақып, Шәкәрім шығармаларымен енді қа-уышып жатырмын. Абай, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафиндердің еңбектеріне бір адамдай қанықпын. Спорт саласында жазушы Сейдахмет Бердіқұлдың орны бөлек…
Атырау педагогика институтының физика-математика факултетін үздік бітірген Әмин Елемесұлы 1993-1999 жылдары Қазақстан жеңіл атлетика құрамасының бас бапкері болды.
Ұлттың намыс туын әлемдік аренада биік ұстаған Әмин Тұяқовты тілеулестері «ХХ ғасырдағы ең ұшқыр қазақ!» деп мақтан тұтады.
Елдің әр қиырында Әмин ағамыз құсап оқтай зулайтын қара домалақтар бар. Соларды іздемей жүрміз. Сол өрендерді жүйесін тауып баптай білсек, әлемнің айтулы ареналарын дүркіретіп жіберер еді!

 

ЖҮРЕК ЖҰТҚАН МҰХТАРХАН

Сидней олимпиадасының 1/8 финалында кубалық Алексис Рубалкаба қарсыласын есінен тандырып, сұлатып салды. Рубалкабаның шойын жұдырығы қатты тигені сондай әлгі боксшыны дәрігерлер зембілге салып, көтеріп әкетті.
Бізде зәре жоқ. Себебі, 91 келідегі Мұхтарханның келесі қарсыласы – осы кубалық дүлейдің өзі. Қазақ елінің спорт басшылары да Ділдәбековтың бас амандығын ойлап, оның рингке шығуына үзілді-кесілді қарсы болды.
Бірақ бапкер Нұрғали Сафиуллин мен Мұхтархан нар тәуекелге басты. Олар спорт басшыларына білдірмей азанмен салмақ өлшеп, айқасқа тас-түйін дайындала бастаған екен.
Сонымен жанымызды шүберекке түйіп, бокс сарайына жеттік. Екеуі рингтің төрінде тұр. Рубалкаба Ділдәбековке төбесінен төніп қарайтын нар түйе тәрізді. Білегі Мұхтарханның қара санындай боп көрінді бізге. Біздің жігіт оның қасында бала секілді.
Төреші ысқырық шалғанша жанымыз мұрнымыздың ұшына тірелгендей күй кештік. Мұхтархан сабаз екен. Біз айдаладан қауіптеніп тұрсақ, ол дөнен өгіздей қара дәумен алыса кетті.
Қысқасы, Мұхтархан мен Алексис-тің айқасы Сидней олимпиадасының ең бір қызықты, ең бір есте қалар жекпе-жегі болды. Арбитр Мұхтарханның қолын көтерген сәтте өзімізді жер жүзіндегі ең жауынгер, ең бақытты жандай сезіндік. Жүзіміз жадырап, рухымыз аспандап — Сиднейдің көшесінде алшаң басып қонақ үйге қайттық.
Ертеңіне бокс сарайында Рубалкаба қарсы ұшырасты. Сәкен Сейфуллиннің Қажымұқанды суреттеген: «Ожар бет, қара мойын – бейне құлжа, Қылар ед бір салса егер мылжа-мылжа. Шалқиған жауырынды, бұжыр қара, Еңгезер, үйелмен, дəу, тартқан – құжға» – ның нақ өзі. Алақаным күректей қолына жұқ болған жоқ. Бойы 190 см Мұхтархан оның қасында баладай көрінсе, менің жағдайым айтпаса да түсінікті.
Араға 24 жыл салып Алексис Түркістанға, Мұхтарханның жарысына арнайы келді. Мына сурет Рубалкабаның сол сапарынан естелік.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *