КҮЛКІНІҢ КӘУСАР  КӨМБЕСІ КҮЛКІНІҢ КӘУСАР  КӨМБЕСІ
Сабырбек ОЛЖАБАЙ, Халықаралық «Алаш»  әдеби сыйлығының лауреаты   Айтулы күндер — Оспанхан Әубәкіров — 90 жыл Оспанхан Әубәкіров дегенде езу тартпайтын қазақ кемде-кем. Әсіресе,... КҮЛКІНІҢ КӘУСАР  КӨМБЕСІ

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,

Халықаралық «Алаш»  әдеби сыйлығының лауреаты

 

Айтулы күндер — Оспанхан Әубәкіров — 90 жыл

Оспанхан Әубәкіров дегенде езу тартпайтын қазақ кемде-кем. Әсіресе, өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші жылдары туғандар оның әр шығармасын жата-жастана  оқып, мәз болатын, қараптан қарап отырып, ыржың етіп күлетін. Артынша күле тұрып күрсінетін. Өйткені, сайыпқыран сықақшы қыңыр мінезді кімді суреттесе де төбесінен дәл түсетін. Оның уытты қаламынан жатыпішер жалқау да, биені бүгімен, түйені түгімен жұратын жемқорлар да, өсек десе өлгенді көрінен аунататын  қатыннан әрмен еркектер де, шұбартілді қандастар да, арақтан ауызы босамайтын ішкіштер де тыс қалған жоқ.  Жалпы, Осекеңнің сын садағына ілінбеген тақырып бар ма? Жоқ. Солардың барлығы бүгін де ескірмеген, бойымыздағы қанмен бірге бүкіл ағзамызды аралап жүр. Абай атамыз айтып кеткен бойымыздағы көп міннен әлі  де арыла алғанымыз жоқ. Ауығуымыз да қиындап барады. Осы мыстандай мінімізді Оспанхан аға отты қаламымен жеріне жеткізе сынады. Демек, Оспанхан Әубәкіров шығармалары кешегі, бүгінгі ұрпақты былай қойғанда, ертеңгі де талай буынның кәдесіне жарай бермек.

Бір таңырқатарлығы, сықақшының қай шығармасын алсаңыз да кәусар күлкінің көмбесіне күмп ете түсесіз. Сатқындық, самарқаулық, сылбырлық, жалқаулық, жемқорлық, жағымпаздық, жатыпатарлық, жершілдік, парақорлық, өсекқұмарлық автордың ойнақы образ,кейіпкердің  мың құбылған мінезі арқылы айнадағыдай көрініп, уытты тіл шұрайы ішек-сілеңізді қатырады. Негізінде, Оспанхандай сықақшының басты ерекшелігі—қазақтың қалжың қорын қоржынына сықай тией алғанында.  Оның кез келген шығармасынан күлкінің иісі аңқып тұрады. Сол күлкі сізді жетелеп, әңгімені тауыса оқып шыққанша тыным алдырмайды.

Сөзіміз нысанадан ауытқып кетпес үшін бірер мысал келтірейік. Міне, алдымызда «Ассалаумағалейкум, ата!»  деген сықақ әңгімесі жатыр.

«Бір ауылға таяп қалғанда қасымда отырған Еркін:

—Қаны сорғалаған ақиқат әңгіме естігің келе ме, жоқ әлде ағыл-тегіл, асып-төгіліп жатқан өтірік әңгіме естігің келе ме?-деп сұрады» деп басталатын осы әңгімені одан әрі оқып шықпауға әддіңіз де қалмайды. Мұндай ойнақы сөз тіркестері сықақшының әр шығармасында жетіп артылады.  Бірер мысал келтіре кетейік. «Мұздаған-сыздаған, домбыққан-сомбыққан кезінде Тәнтібай әйеліне күні түспей, ұяға қос саусағын салып жіберіп, тұрмысын тырп еткізбей түзеп алатын болды». Бұл Тәнтібайдың шөп арасына арақ әкеліп тығып қойып әйелінен жасырынып барып ішетін кезіндегі бейнесі. Оқып отырып, еріксіз езу тартасыз. Сықақшының қазақтың қалжың-қағытпаларына қаншалықты жүйрік екеніне таңырқайсыз.  Міне, қараңыз. «Диетпін-сүйекпін, арықпын-тұрықпын, жақпайды-батпайды, қойғанмын-тойғанмын,-деп тырнақтап құйып, тығылып ішетіндер көп» деген бір сөйлемнің өзінен «тартыншақтардың» қаншама бейнесі көрінеді.

Осекең адамдардың түр-келбетін, мінез-құлқын, ішіндегі сасық қулығын, тағы басқа да толып жатқан міндерін келісті көркем де кекесінді сөздермен кескіндегенде ауызыңыздан күлкі өзінен өзі ақтарылып түседі. Тағы да оқып көрелік. «Бір тапал тымпың қағып ұрып келеді».  Сурет пе? Сурет. «Көзіңді көгертіп, он бес сөткемен ұшықтап аламыз». Мұны басқа жазушы жазса «көзіңді көгертіп, он бес сөткеге қаматып қоямыз» дер еді. «Әзілімен де, әкіреңімен де нығарлап, Бөденнің бөтегесін түсірді». Тағы да таңырқайсыз. «Кешеден қалған, бүгіннен қалған тағамдардың басын қосып жасаған дастарханды Сөди сөйлеп отырып сөресіне жеткізді».  «Сөди ұрты томпайып сөдилетіп отыр». Тамақсауды осыдан артық қалай суреттеуге болады?  «Шынымды айтпасқа шара жоқ, өйткені, қасымдағы екі бірдей куә «кісінегелі» тұр».  Иә, ат қана кісінейді. Бірақ, сықақшының тырнақшаға алып, адамды кісінеткені тағы да шеберлік!

Сықақшының  қара сөзбен де, өлеңмен де өрнек сала білетінін оқырмандар жақсы білсе керек. Алдымызда ақынның «Мені көрсеңіздер, қашыңыздар» деген өлеңмен жазылған сықағы жатыр. «О, Құдірет-ай! Жұрттың басы кәдімгі бас секілді. Ал, менің антұрған басым, Өзіме қас секілді» деп басталатын алғашқы шумақтардан-ақ сықақ өлеңнің соңына жеткенше оралымды тіркестерге сүйсіне түсесіз. Ол осы сықақ өлеңімен-ақ адам бойындағы көреалмаушылық, жалақорлық сияқты жаман мінездерді түйрейді. Сондықтан, мұндай адамдардан қашып жүру керектігін ескертеді.

Халқын кәусар күлкіге кенелтіп, өмірдегі түрлі келеңсіздіктерге қарсы қаламымен күресіп өткен қазақ сатирасының тарихындағы қайталанбас сирек талант иесі бір ғана сатира жанрымен шектеліп қалған жоқ. Ол шебер аудармашы да еді.  О. Әубәкіров Әзиз Несиннің «Ақиреттен келген хаттар», Бранислав Нушичтің «Менің өмірбаяным», Лао Шэнің «Мысықтар қаласы», Э. Распенің «Мюнхаузеннің хикаялары» сынды туындыларын қазақша сөйлетті. Осы аудармаларды оқып отырғандар автор шығармаларын қазақ тілінде жазған екен деп ойлап қалары сөзсіз. Өйткені, аудармаларда қазақтың бай тілі, әзіл-қалжыңы, уытты сөздері молынан кездеседі. Кезінде өзіміз де Э. Распэнің «Мюнхаузеннің хикаяларын» талай қайталап оқыдық. Балаларға арналған осы шығармада қазақи түсінікке қонымды көптеген сөз кезіктіресіз. Бұл, әрине, аудармашының шеберлігі, тапқырлығы.

Күлкінің күбісін пісіп, уытты тілімен талайларды жасқап жүрген Осағамнан қалайша лирик ақын шығады? Бұл да оның бойындағы тылсым бір күш болса керек. Ол Сейдолла Шәріптің «Өзің сәулем, іздегенім», «Біздің ауыл атақты» әндеріне өлең жазды. Сондай-ақ Әсет Бейсеуовтің «Құдаша», «Кездейсоқ махаббат», «Мұңайма» әндерінің мәтінін жазған. «Біздің ағай тамаша» атты күлдіргі әннің сөзі де Осекеңнің қаламынан шыққан. Осыларды ойлағанда Оспанхан ағаның нәзік иірімді лирик ақын екенін мойындайсыз.

Осекеңнің таланты мұнымен де шектеліп қалмайды. Ол балаларға арналған бірнеше  өлең-жыр, ертегі, пьесалардың авторы. 1983 жылы Қазақстан Жазушылар одағының сыйлығына ие болған «Қағаз қалпақ» жинағы жаңылтпаш, жұмбақ, ертегілерден тұратын еді. Жаңылтпаш, жұмбақ жазу кім көрінгеннің қолынан келе бермейтінін ескерсек, оның тағы бір қыры ашыла түседі. Жалпы, 1960 жылы «Қоңырау» атты алғашқы жинағы шыққан сирек талант иесі 52 жылдық ғұмырында отызға жуық кітап шығарып үлгерді. Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясының театр бөлімін бітірген Оспанхан Әубәкіров қазақ әдебиетіне, оның сатира саласына осындай қомақты олжа салып өтті.

Қалай дегенде де сатира саласы екінің бірінің тісі бата бермейтін қиын да жауапты жанр. Оспанхан Әубәкіров республикалық «Ара» сын-сықақ журналында қызмет ете жүріп, өзінің дара соқпағын салып кетті. Иә, қазақ пен қалжың егіз. Олай болса, қазақ барда Оспанхан Әубәкіров есімі ұмытылмақ емес. Биыл республика жұртшылығы саңлақ сатириктің 90 жылдық мерейтойын кеңінен атап өтпек.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *