Туған жер саған алаңмын… Туған жер саған алаңмын…
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК, 1975 жылы 22 маусымда Торғай облысы Жаркөл ауылында туған. Астана Агротехникалық университетті, Арқалық қаласындағы Ы. Алтынсарин атындағы педагогика институтын бітірген. Журналистер одағының,... Туған жер саған алаңмын…

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК,

1975 жылы 22 маусымда Торғай облысы Жаркөл ауылында туған.

Астана Агротехникалық университетті, Арқалық қаласындағы

Ы. Алтынсарин атындағы педагогика институтын бітірген.
Журналистер одағының, Жазушылар одағының мүшесі.
“Ғарышқа хат”, “Сын мен Шың” өлеңдер, сыни мақалалар кітабы жарық көрген.

 

 

МАХАББАТ

Махаббат жайлы аңыз көп,
Сұрама ақыл ешкімнен,
Махаббат жайлы біледі,
Сұрасаң бала ес білген.
Көнеден жеткен күмбірлеп
Аяулы асыл махаббат,
Демеші бірақ, ескірген.
Махаббат жайлы шежіре,
Дастандар тыңдап өстім мен.

Адамның ойы шарықтап,
Сапар шеккенде ғарышқа,
Біреуге жақын махаббат,
Біреуге, тіпті алыста.
Сүйгені көзін салмаса,
Таптаса ізгі сезімді,
Шабады жігіт намысқа,
Жеткізбес бірақ бұл мінез,
Жігітті үлкен табысқа.

Қиялға еріп – жеңілтек,
Қолына ұстап гүлдерін.
Шаттанып ойнап күледі,
Босатпай көңіл-мінберін.
Кінәлап сосын бір-бірін,
Махаббат жоқ деп жылайды,
Мансұқтап өткен күндерін,
Жастығы жылап өткендей
Ішінде қапас түрменің.

Жас кезде бәрі керемет
(Тиісті солай болуға),
Махаббат жырын – сүйдің бе,
Болады көзден оқуға.
Ғашық боп ғұмыр кешуде,
Емес қой көптің еншісі,
Қоятын бірінші орынға.
Сұрақтар туып жатады,
Тартысқа толы соңында.

Кедергілерді жаныштап,
Аңсарын тәннің құп алып,
Жақсыға жақсы кез болып,
Бір одақ құрса құба-құп.
Махаббат дейтін бұлаққа –

Не жетсін шіркін өткенге,
Бұла сезімді суарып.
Атойлап шығар жігерің
Сол сәтте ғана ту алып…

ТАНЫМ

Еш адамды тілдеме,
Еш адамды күндеме!
Дүние-мұхит төсінде,
Мінгеніміз бір кеме!

Еш адамды жылатпа!
Еш адамды құлатпа!
Ортақ біздің күніміз,
Жылынамыз шуаққа!

Еш адамды мұңайтпа!
Еш адамға кінә артпа!
Келгеніңді ұмытпа,
Бұл өмірге қонаққа!

Еш адамға зілденбе!
Еш адамға бәлденбе!
«Саумын» деме, сау етіп,
Сырқат келер бір демде.

Еш нәрсеге құнықпа!
Ар-ұятты ұлықта!
Қанша шалқып жүрсең де,
Ажал барын ұмытпа!

Жақсылықты көре біл,
Жамандықтан безе біл!
Қуанышқа шүкір ет,
Қайғы келсе төзе біл!

Салт-дәстүрді дәріпте!
Қу дүниеге дәнікпе!
Ұрпақ өсір ізетті,
Қарайласар ғәріпке!

Бір Алланы ұлықта!
Аруақтарды ұмытпа!
Сынақтарға сынып қап,
Батпа ешқашан былыққа!

Ұлтың үшін – отқа түс!
Жерің үшін – топқа түс!
Дінің үшін – арпалыс!
Тілің үшін шоққа піс!

РУХ ЖЫРЫ

Тебіреніп Торғай* таситын,
Еміреніп дала жататын.
Жөні де жоқ-ты жаситын,
Жарқырап таңы ататын!

Көрсе де түрлі қиянат,
Өлсе де басын имеген,
Шапса да қылыш қиялап,
Рухына жүзі тимеген!

Қар астында да көктейтін,
Көкпектей керім – намысы!
Күңіреніп қайғы шекпейтін,
Күмбірлеп шыққан дауысы!

Торғайдың сайын даласы,
Талайдың болған көз құрты!
…Бөрідей жалап жарасын,
Кетер ед, әттең, өз жұрты!

Ақ патшамен де алысқан,
Ақ семсер ұстап бабасы!
Ленин мен Сталин санасқан,
Ахмет пен Міржақып данасы!

Ыбырай жаққан шырақты,
Сұмырай ғана өшірмек!
Торғай ол аққан бұлақ-ты,
Бұлақты қалай көшірмек!

Тосыннан келді бір апат,
Қосылған қардың суымен.
…Кей шенеунікке рахат,
Жайланған судың буымен.

Қиналып жатыр қалың ел,
Жиналып жатыр көмек те!
Ұлдары қайтпас жауынгер,
Жүретін ылғи әр шеп те!

Туған жер саған алаңмын,
Жуғанмен тасқын, жеңесің!
Ұлылар туған даланың,
Баспайды тасқын еңсесін.

Көрдік қой тасқын не екенін,
Сендік қой… айттық қанша сын…
Ұлылар туған мекеннің
Ұрылар жемей ақшасын,
Жайнатсын бау мен бақшасын!

Алланың бұл да сынағы,
«Көппенен көрген ұлы той!».
Сынбайды Торғай рухы,
Осыны тарих біліп қой!

Торғай-өзені*

ПАЙЫМ

Қандай ғажап ізет деген, сый деген,
Жүрек те оған алып – ұшып билеген.
Шаттық жайған дастарханда отырып,
өлім жайлы ойлап қоям кейде мен.

Мақсат – кірпіш тіршілікке қаланған,
Тарам-тарам, шықса-дағы жол алдан.
Өмір барда – өлім барын адамға,
Шығармауға тырысамын санамнан.

Қыр басында жер – бесікке бөленген,
Адамдардың жүрген жолын білем мен.
Пенделікке аяқ бассам – сол сәтте,
Қыр басына қарап қоям түнерген.

ЖАЛҒАН

Құм сағаттай өтеді ағып ғұмырың,
Дүниеге келсең-дағы құмартып.
Біреу өтер терең жайып тамырын,
Біреу өтер бұл жалғанға кінә артып.

Қайда барсаң, Қорқыт көрі қазулы,
Иманыңды жүрген дұрыс салмақтап.
Бөрі – нәпсі бас салғанда азулы,
Кетпеу керек, көзді жұмып арды аттап.

Өзектіге өлім біреу, көп қырсық,
Ізгі ойларың қалмасын тек жетілмей,
Адам үшін жасау керек жақсылық,
Және-дағы өлу үшін өкінбей.

ТЕҢ ӨЛШЕМ

Өмір жолы бір бағытта жалғасып,
Жаман өтер, жақсыменен аңдасып,
Бітік шыққан шабындықтың өзіне,
Күңшаш өсер, жағасына жармасып.

Шаттық, қайғы жүгін артып бір көшкен,
Біреу тойып, біреу жүдеу күн кешкен.
Жақсыменен жаман кейде табақтас,
Шоғайна мен мия шөптер бірге өскен.

Дарынды да, дарынсыз да жүр ептеп,
Айта берсем келтіретін дерек көп…
Бүркіт, Қарға екі басқа өлшемде,
Бірақ аспан қарамайды бөлектеп…

ЖАҚСЫ АДАМДАР

Үміт – баған құласа тірек қылған,
Кетер еді тіршілік жүдеп мұңнан,
Шаңырағы өмірдің шайқалар ед,
Жақсы адамдар болмаса тіреп тұрған.

Тауқыметпен сұрапыл алысқанда,
Көмек әсте келмейді ғарыштан да.
Кіріптар боп ақ жүрек жақсы адамдар,
Жүреді ылғи біреудің қол астында.

Сенеді ғой бәріне балаша аңғал,
Көрінуді қаламай топта заңғар.
Қызықтан да кеш қалып, атақ – бидің,
Сарқытын жеп жүреді жақсы адамдар.

Адал жандар сүрініп, құлай берген,
Бейнет жерде қалмайды Құдай көрген.
Қиналғанға қарасқан жақсы адамдар,
Сендер – мынау өмірге шырай берген.

Кедергілер, тұрса да қажап сындар,
Мүжілмеген тұлғалар, ғажапсыңдар!
Неге екенін кім білсін, ей, жақсылар,
Ат төбелі секілді аз-ақсыңдар.

ТАУ ТУРАЛЫ ОДА

О, алып тау,
Сені биік деп жатады шыққандар,
Сені тұйық деп жатады ұққандар,
Мен де сені, жиі еске алам, толғанам,
Бірақ сені, күндеп жатқан бұлттар бар.

О, алып тау,
Саған тыным жоқ шығар,
Сенің жаның – кеудеңдегі топ шынар,
Сені жер қып кету үшін найзағай,
Ең алдымен, соған келіп соқтығар!

О, алып тау,
Мұңыңды ұғар қай кісі,
Даралықтан азап шектің, байғұсым,
Құзар шыңнан құлар болса бір тасың,
Саған батар оның батпан қайғысы…

СЕЗІМ ТАСҚЫНЫ

Ақбілек жырды жастанып,
Ақтарып ойды тынықтым.
Ақбоз ат – арман қашты алып,
Ақ тулы – жігіт үмітті.

Ақымақтарды жеңем деп,
Ақ таңда жанар шықтанып.
Ақырған – ақпан кезеңнен,
Ақ қанат – жастық шықты алып.

Ақ сұңқар – жырмен табысып,
Ақылға табан тіредім.
Ақ сүтін емген намыстың,
Ақ көңіл жанның бірі едім.

Ақ әлем қысты – тас қамал,
Ақ өлең жазып қарсы алғам.
Ақ парақ маған – ақша қар,
Ақ сауыт киіп құрсанған.

Ақсақал – аңшы секілді ем,
Аққуды жүрген ата алмай.
Ақын боп кейіп суйген ем,
Ақтоқты кызды Ақандай!

Ақ жауын ойдың бүріккен,
Ақбұлақ сезім – қонағы.
Ақбөкен күндер – үріккен,
Ақсаңдап қашып барады.

Ақ көйлек киген бойжеткен,
Ақ қайың сырлас – ақ балтыр.
Ақ жібек – самал тербеткен,
Ақынның жаны – шатқал бір.

ҚИЯЛ

Отырам кейде үндемей,
Ұшырып көкке ой – құсын.
Арқалап өзім жүргендей,
Әлемнің бүкіл қайғысын.

Тағатсыз көңіл аңсайды,
Күндерді қызық – жоғалған.
Ойлаймын байлық, бақ жайлы,
Өлмеген жанға бәрі арман.

Балдәурен шағым қиылып,
Жадымда жақсы сақталған.
Шошынам кейде түйіліп,
Жауа алмай тұрған бұлттардан.

Ойларды үркек күзеймін,
Кіргізіп ішке қақпайлап.
Төбемді көкке тіреймін,
Өзімнен мықты жоқтай-ақ.

Шыңырау – өмір түбіне,
Басса да гірдің тасындай.
Кейде мен ойдың еліне,
Патшалық құрам осылай.

ТЕЗІРЕК ЖЕТШІ КӨКТЕМ – ҚЫЗ

Тартпай-ақ, қыстың азабын,
Сағындым шулы – жаз күнін,
Сағындым құстың – базарын,
Сағындым сазды қаз –үнін.

Жұмыртқа сынды аршылған,
Сағындым жаздың – ақ таңын,
Сағындым терге малшынған,
Сәуірдің балуан – бұлттарын.

Қайдасың, көктем, жанымды,
Тезірек жетіп емдеші,
Тулатсын сосын қанымды,
Бозторғай дейтін термеші.

Астында қардың гүлдеген,
Қайдасың, қайда, Көктем – қыз?!
Қадіріңді сенің білмеген,
жүрегім менің неткен мұз,
Тезірек жетші, Көктем – қыз!!!

КӨКТЕМДЕГІ АЛҒАШҚЫ НӨСЕР

Сан тараптан түйдек-түйдек топтасқан
Бұлттың өңі қара сия баттасқан,
Зеңгір көкте жүрегі айнып дөңбекшіп
Ұйықтай алмай аласұрып жатты аспан.

Денесіне қалқан болып көделер
Сап құруда жауынгер – қыр, төбелер,
Садақшы – жай адырнасын зарлатып
Атты жерге, ұшты тамшы – жебелер.

Қолбасшы – жел, әмір беріп шығыстан
Түмен – бұлттар кейін қарай ығысқан,
Күн шуағы қуат бере бастады,
Сарбаз – қырға қалжыраған ұрыстан.

Бүлк-бүлк соғып, қан тамыры арықтың
Жүрек-сайға құйып жатыр барып мың.
Көктем – Ару шашу қылып шашуда,
Жер-Ана мен несібесін халықтың.

ҚАРАША АУЫЛ – ҚАРА ШАЛ

Қара бұлттың – қара тай,
Қара тері моншақтап.
Қара сирақ – қарағай,
Қарап тұрды тайсақтап.

Қара жартас бетінде,
Қара тамшы секіріп.
Қара табын өтінде,
Қара Бұқа өкіріп.

Қара суда домалақ,
Қара балық құтырып.
Қара талды паналап,
Қарабай жүр күтініп.

Қара қазан қайнаған,
Қара кемпір алаң боп,
Қара жолға қараған,
Қарайғанды балам деп.

Қара басын күйттеген,
Қара төбет қыңсылап.
Қара қырды көктеген,
Қара нөсер тұр сынап.

Қарашыл Ат секілді,
Қарайғанға қырындап.
Қара дауыл жегілді,
Қара бұлтты мойындап.

Қара ескегін сүзеген,
Қара дауыл есіп жүр,
Қара бала тізеден,
Қара қақты кешіп жүр.

Қараша ауыл, қара шал,
Қора айналған бүкжектеп.
Қара құмда – қара жол,
Қара жидек бүршіктеп.

Қарауытқан қара аспан,
Қара тулақ күйге енген.
Қара батпақ жабысқан,
Қара қайыс иленген.

Қараша қаз жолымен,
Қара түтін будақтап.
Қарайды аспан, қолымен,
Қара бұлтты салмақтап.

Қара бұлттан ықпаған,
Қара бұйра бөктердің,
Қара төсін қақтаған,
Қара желі көктемнің.

ҚЫРАН НЕТКЕН БАҚЫТТЫ!

Атқан оқтай-арыны,
Жұлдыз құсап ағыпты.
Зеңгір көктің тәңірі,
Қыран неткен –бақытты.

Ол жүретін биіктен,
Қарға-құзғын қашыпты.
Қорқауларды үркіткен,
Қыран неткен – бақытты!

Көкке жазған есімін,
Қылыш-қанат шабытты.
Нарқын білген өзінің,
Қыран неткен – бақытты!

Ықтай қалса жел-өтін,
Талақ етіп-жарықты.
Тасқа құлап өлетін,
Қыран неткен – бақытты!

Түзді кезген тағы аңның,
Зәре құтын алыпты.
Еркін құсы даланың,
Қыран неткен – бақытты!

Шаңқ-шаңқ еткен өр үні,
Жаңғырығып жатыпты.
Үлгі болған өлімі,
Қыран неткен – бақытты!

***

Құндылықтар құнсызданған заманда!
Ойланатын кезең туды:
Маған,
Маған,
Оған да!
Салт-дәстүрің, дінің, тілің жоғалса,
Құның төмен ар алдында — малдан да!

Құндылықтар құнсызданған заманда!
Арсыз істер белең алды қоғамда!
Қыздың арын қызғыштайын қоритын,
Ерің ез боп, тапталуда табанға!

Құндылықтар құнсызданған заманда!
Имансыздық шықты ойнақтап алаңға!
Ашық-шашық жүрген қызға тиым жоқ,
Орамалға қарсылық көп қоғамда!

Құндылықтар құнсызданған заманда!
Ар мен ұят сырғып кетті табанға!
Шектен шыққан пенделердің ісінен,
Көбейді ғой түрлі апаттар ғаламда!

Құндылықтар құнсызданған заманда,
Құныққандар құл болуда харамға!…
Еш пайда жоқ рухы тұл, ойы тар,
Иманы жоқ жүректерден қоғамға!

БАҚЫТ…

Үйден шығып азанда,
Кешке оралсаң, сол – бақыт!
Бір түйір ет қазанда,
Қайнап жатса, зор бақыт!

Әр күніңді бағалап,
Шүкір етсең, сол — бақыт!
Бала-шағаң қаумалап,
У-шу болса, зор бақыт!

Адал еңбек, маңдай тер,
Ескерілсе, сол — бақыт!
Алла деген жүректен,
Ізгі ой туса, зор бақыт!

Екі аяқты тең басып,
Жүргенің де — мол бақыт,
Екі көзің жарасып,
Күлгенің де — зор бақыт!

Құшарлана ауаны,
Жұтқаның да — мол бақыт!
Аман-есен ұйқыдан,
Тұрғаның да – зор бақыт!

Тыныш болса маңайың,
Оу, ағайын, сол – бақыт!
Бәрінен де маңдайың,
Сәждеге тисе — зор бақыт!

АУЫЛДЫ САҒЫНДЫМ

Ауылды сағындым шалғайда жатқан,
Жеткенде долы айғайлап Ақпан.
Аққанат қарлар ұшқындаушы еді,
Ұша алмай жерден қанатын қаққан.

Мұз-ерін Аяз қарып өткенде,
Боран жататын шөгіп бөктерде.
Жөңкілген бұлттар сәлем жолдайтын,
Асықпай жатқан мырза көктемге.

Ауылды сағындым, сайран сап өткен,
Найзағай салют атқанда көктен.
Бозбала дала гүл ұсынатын,
Шатырын тігіп жатқанда Көктем!

Қорғасын бұлттар төбені жаншып,
Жебедей жерге қадалса тамшы…
Көктемнің әнін жырлайтын еді,
Көдеден ұшқан Бозторғай әнші.

Ауылды сағындым жалындап жаным,
Арбаушы ед көзді белесте сағым.
Самғаған құстың қанатын өртер,
Шілденің демі — шарпыған жалын.

Шыжыған күннен, шыбынан үркіп,
Жұлмайтын жылқы жусанды бір түп…
Аулада тұрған сабадан асып,
Төгіліп жатар ашыған іркіт…

Ауылды сағындым, қауымды сағындым,
Дәрісі солар ауырған жанымның,
Қой бағып жүріп астында қалғам,
Қалшылдап тұрған күзгі жауынның.

Жапырақ ұшса, Теректен қаптай,
Көктемге жазған сағыныш хаттай…
Тұратын еді алқадай болып –
Қыз-мойын түнге ілініп көкте Ай…

Ауылды сағындым,
Ауылды сағындым…

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *