Нақыпбек Сәдуақастегі Нақыпбек Сәдуақастегі
1947 жылы Қарағанды облысы Ақтоғай ауылында туған. ҚазМУ-нің заң факультетін бітірген. ҚазССР Ғылым академиясының философия жəне құқық институтында ғылыми қызметкер, ҚР Юстиция министрлігінде бас... Нақыпбек Сәдуақастегі

1947 жылы Қарағанды облысы Ақтоғай ауылында туған. ҚазМУ-нің заң факультетін бітірген. ҚазССР Ғылым академиясының философия жəне құқық институтында ғылыми қызметкер, ҚР Юстиция министрлігінде бас кеңесші, ҚР Жоғарғы Кеңесінде құқықтық ақпарат тобының жетекшісі, «Туранбанк» заң департаменті директоры қызметтерін атқарған. «Этико-правовые нормы и культура поведения», «Намыс пен парыз», «Познание и сознание», «Елестер мен белестер», «Истина-превыше всего!», «Ізгілікті сана» кітаптары мен оншақты әңгімелері жарық көрген. 

 

ПАЙДАКҮНЕМ СӘКИМА

Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі.
Абай

Өмірде шексіз-шетсіз ой-қиялдан туындайтын шым-шытырық әсірелеп баяндалатын оқиғалардан да асып түсетін, жай-жапсары тосын, шытырман оқиғалы, түпкі астары тәлімді, адам сенгісіз хикаяттар орын алады екен. Соның бірін шындыққа сай, алып-қоспай баяндайық…
Нәсіпбек мен Жұмат (бұл әңгіменің кейіпкерлерінің есімдері өзгертілген) Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің бір факультетін бітіріп, бір ғылыми института бірге істеп, етене жақсы дос болып кеткен.
Жұматтың бойына біткен табиғи адами қасиеттері мол еді: биязы мінезді, өте қарапайым, қимылы баяу, достыққа берік, жолдасқа серік адал азамат. Оның өне бойынан, ізгілікті ойынан, жайбарақат жүріс-тұрысынан ылғи да кішіпейілділік пен ізеттілік байқалып тұратын. Жан дүиесі табиғи, болмысы жасандылық пен арамы қулықтан ада еді. Институттың қатардағы қызметкерлерімен қоса, елге белгілі ғалымдар да Жұматты жақсы көретін еді. Оны Нәсіпбек де іштей шынайы құрмет тұтып, қашанда оған адал болатын. Жұматтың да Нәсіпбекке деген сезімі сондай еді. Досының үлкенді-кіші жетістігіне Жұмат шынайы пейілімен қуанатын. Ол әрқилы күлкілі әнгімелерді майын тамызып, тамаша айтатын. Достары ішек-сілелелері қатып күлетін, ал ол өзі сабырлы кейпінде қала отыра, сәл езу де тартпайтын.
Бірде екі дос қала көшесінде келе жатқанда, Нәсіпбек: – Қазір мы-на үйдің бұрышынан пәлен адам шығады-деген екен. Айтқанындай, сәлден соң, екі достың алдынан дәл сол адам шыға келеді. Жұмат таң-тамаша болып: – Әй, Нәке, көрікпел қасиетің бар-ау сенің – депті. Осындай таңдай қақтырар басқа да мысалдар оның есінде болғандықтан, сол тұжырымды ол кәперінде берік сақтапты. Осы орайда Нәсіпбек өмі-рінде айта кетер мынадай жайттар орын алған.
Бірде, Нәсіпбек 25-тен асқан шағында ауруханаға түсіп, емделіп жатқан кезінде, бір салиқалы ақсақал оған мейірімді көзімен қарап тұра: –Балам, сенің бойыңда бір құдірет бар – деген екен. Осының сырын анықтап сұрамағанына Нәсіпбек кейін өкінген еді. Кейіндері ол бір тәуіптің алдына барып: – Маған бал ашып беріңізші-деген өтінішіне, тәуіп: – Қарағым, сенің бойыңа қасиетті кие қонған, дұрыс алып-жүруге тырыс. Туған-туыс, жора-жолдастарыңның алдында қадірің бар. Өзіңе қарсы қандай да болмасын пенде арам пиғыл ойласа, немесе қатты ренжітсе, назалансаң да, оны қарғама. Дұшпаның өзінен өзі Алланың қаһарына душар болады». Бұның бәрін Алланың шексіз де әділ құдіреттілігіне жатқызу дұрыс болар…
Жоғарғы оқу орнын бітірген соң,
бірер айдан кейін, Жұмат Сәкима
есімді күлімкөз, жүзі жылы, то-лықсыған, шырайлы қызға үйленген. Осыдан кейін де Жұмат пен Нәсіпбек өте жақсы қарым-қатынаста болған. Тіпті Нәсіпбек мен Сәкима әдебиет, мәдениет, өнер салаларын кең де терең қозғап, көңілдері хош күйде көп пікірлеседі екен. Шынайы достық қарым-қатынастарына бірде сызат түспей, көңілдеріне ешқандай кірбің орын алмаған болатын.
Көркем Алматының тұрғында-рының елең-алаң болатын бір себеп ертеден орын алып келетіні аян. Ол қалада әлде-жәлде білінетін жер сілкінісі және одан туындайтын қауіп. Жұрт арасы қатты жер сілкінісі «әні болады, міні болады» деген алыпқашты қауесет сөздер бірде үдеп, бірде басылатын. Біреулер қатты үрейленіп, ал біреулер оған аса мән бермейтін. Ал Сәкима болса өте әсерлі үрей сезінетін сейсмофобтардың қатарына кіретін. Жер сілкнісі қауіпінен «зәре-құты қашып», өте қатты қорқатын. «Сенімді» деген адамдардан естіген «міні келеді» деген қауіпті ести сала, ол үстіне қымбат шубасын жамыла, бар ақшасын қойнына тығып, алтыннан жасалған бұйымдарын бойына жиып: мойынына алқа, саусақтарына сақиналар, құлақтарына сырғаларын тағып, сол болады-мыс деген апатты, жүрегі аттай тулап, үрейлі күйде күтумен болатын. Иә, үрей адамның берекесін қашыратыны анық. Сәл сабырлық танытсаңыз, аталмыш бикештің бұл осал тұсы әңгіменің бір өте әсерлі көрінісімен байланысты екеніне көзіңіз жетеді.
Біздің өміріміз қоғамдық тарихи ортамен біте қайнасып жататыны анық. Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1990 жылы 25 қазанда республикамыздың мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылдады. Бұл халықаралық маңызы үлкен, құзыреті аса зор құжат еді. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының мемле-кеттік тәуелсіздігі жарияланды. Осы-лардың бәріне қуанышымызда шек болмады.
Бірақ елімізде нарықтық экономика етек жая бастаған алғашқы жылдары халықтың әлеуметтік жағдайы ауыр болғаны аян. Жұмыссыздық, ақшаның тапшылығы және тағысын тағы қиындықтарды қалың жұрт басынан өткерді. Жұрттың көпшілігі сауда-саттыққа көшіп, алыс-жақын шет елдерден әрқилы заттар әкеліп, соларды сатып, жағдайларын түзетіп жатқан кезең болатын. Жаппай сауда-саттыққа ұрынған жұрттың ниеті де бұзыла бастады. Ой жүгіртсеңіз, саудада шынайы әділдік орын ала қоймайды: сатушы затын қымбатқа сатуға тырысады, ал сатып алушы арзанға алуға ден қояды. Ал, іргесі тарқап, құлдырап кеткен Кеңес заманының заңы бойынша қандай да болмасын заттарды мемлекет нақтылап бекітіп берген бағасынан тыс жоғары бағаға сату қылмыс деп танылатын. Ол заманды алмастырған нарықтық кезеңде ақша табудың құйтырқы тәсілдеріне көшкен алаяқтар да қаптады. Сонымен, Қазақстанның тәуелсіз Ел, Егемен мемлекет ретінде қадам басып, нарықтық экономика күш алып келе жатқанына 4 жылдай уақыт өткен кез болатын.
Сәкима да бір топ саудагерлермен бірігіп, Иранның бір қаласынан заттар сатып алып келуге дайындалды. Ол Нәсіпбектен қарызға ақша сұрады. Нәсіпбек достарынан несін аясын, банкіде сақталып жатқан барлық ақшасының көлемін құраған 25 мың теңгені сөзге келмей Сәкимаға алып берді. Ол кезде бұл мөлшердегі ақшаның құны өте жоғары болатын. Сәкима шет елден тартымды қымбат заттар әкеліп, жұртқа сатты. Үш ай шамасы өткеннен кейін Нәсіпбекке ақша қажет болып, ол Сәкимадан қарыз берген ақшасын сұрайды. «Қайдағы ақша? Мен саған қарыз емеспін» – дейді Сәкима. Нәсіпбек не айтарын білмей, Сәкиманың осынша ақымақ қылып тұрғаны жанына батып, қатты кейіп, досының үйінен үн-түнсіз шығып кетеді. Сонымен олармен қарым-қатынасты үзеді. Жұмат әйелінен аса алмай, үнсіз қалады. «Досыңнан айырылғың келсе, оған қарызға ақша бер» деген нақылды Нәсіпбек біле тұра, оның мәнін түсінсе де, өмірде ондай жағдайдың болатынына сенбейтін. «Ақша ара-қатынасты бұзады» деген де ауызекі қайталанатын қанатты сөзді де сан мәрте естіген. Кім де болсын, жалғанның қырсығы маңдайына тимей, ақиқатты түсіне қоя ма?! Қимас досыңның жарына қалайша қарыз бермейсің?! Қиналған досыңа қолдау жасау, қол үшін беру қашанда парыз емес пе?! Иә, басым көпшілігіміздің түсінігіміз осындай…
Жаздың бір шуақты күні, жұмыс аяғы Нәсіпбек қалташадағы бір бөлке қара нанды қолтығына қысып 2-ші Самал ықшам ауданындағы пәтеріне беттеп бара жатқанда, жанына қымбат «Мерседес» автокөлігі тоқтайды. Бұл, сол кезде бизнестен дәуірі жүріп тұрған Сәкиманың бір күйеубаласының көлігі болатын (кейбір пенделердің аяқасты байып, болып-толғаны кеудесін керіп,
ішіне сыймай, соны жұртқа көрсетуге асығып, мақтанатыны болады). Кө-ліктің ішінен шыға сала, ашуға булыққан Сәкима: – Әй, Нәсіпбек, сен не өзіңше маған қыр көрсетіп, мені қорқытып, қырып алам деп жүрсің бе? Мен сенен ешқашан қорықпаймын, қолыңнан келгенін, аспаннан тастап жібергеніңді көріп алдым, – деп, тағысын тағыларды түйдектете айтып, көлігіне қайта мініп, өзінің үстемдік қылығына сүйсіне рахат-танғандай күй кешіп, үйіне бет-тейді. Ол көлігімен көршілес үйдегі пәтеріне ертерек жеткен болуы керек.
Е, Алла тағала қашанда ақ жа-ғында, оның құдірет күші мен әділдігі шексіз ғой, біреудің қақысын жеп, жөнсіз асып-тасып, асқақтап кеткен пенденің «тәубәсін» әп сәтте аузына алдырады! Ал Нәсіпбек болса жаяулап, пәтерінің табалдырығын аттағаны сол-ақ еді, аяқ асты бүкіл жер солқ-солқ етіп, оншақты секунд бойы сілкінеді. Төбедегі люстралар шайқалып, шынылары безектей шылдырлап қоя берді. Жер сілкінісінің пәрмені 4 балға жуық болуы керек. Жердің толқуы бәсеңдеп, шыны бұйымдардың шылдыры басылысымен, телефон шылдыр етеді. Нәсіпбек трубканы көтерсе, күнделікті баяу мінезді, сөзі созымды Жұмат асыға-аптыға, жалынышты дауыс-пен: – Нәке, өтінеміз, райдан қайт, сен Сәкимаға ренжіме, айып етпе, ашуыңды тарқат, назаланба, ағаттық кеткеніне біз кешірім сұраймыз, – дегендерді айта жөнеледі. Ия, жағдай айдан анық, түсінікті болды. Сәкима Алла тағаланың оны жазалаудың ең жанына бататынын түрін қолданғанын лезде түсінді. Жер сілкінгенде Сәкиманың есі шығып, кірерге тесік таба алмаған. Үрей тұла бойын құрсауша қысқан. Ол Нәсіпбекке қарсы ағаттық жібергенін, Алла осы апатқа жақын ғаламат жойқын пәрмені бар кұбылысты жібергеніне көзі жетіп, күйеуі Жұматқа: – Ойбай, тез, досың Нәсіпбекке қоңырау шал, кешірім сұра, – деп тапсырады.Басымызға тағы қандай қауіп-қатер төніп тұрғаны беймәлім, сондықтан кешірім сұрап, қауіп-қатердің алдын алайық, – деген ойда болады.
Осы таңғажайып ғаламат оқиғадан кейін, Сәкиманың ішін үрей билеп, мазасы кете берген соң, қалың жұрттың ауызын іліккен белгілі бір тәуіпке барып, бал аштырады. Тәуіп: – Сіз бір адамды ретсіз қатты ренжітіпсіз. Оның көңілін аулау үшін базардан денесінде алақандай да ақтаңдағы жоқ қап-қара қойды сатып алып, ырымдап со-йып, сол сізге өкпелі кісіңізге арнап дастарқан жайып, барынша ілтипатпен дәм ұсыныңыз – деген ақыл береді. Нанбасқа лажы жоқ, тәуіптің айтқан сөзі болған жәйтті оның өзі көргендей сайрап тұр. Көп ұзамай Сәкимәнің тапсырмасымен Жұмат Нәсіпбек досын қонаққа шақырады. Бірақ өкпесі тарқамаған Нәсіпбек әйелі Гүлзияға шақыруды қабылдамайтынын, қонаққа бармайтынын айтады.
Көбіне әйел заты кешірімді, көтерімді келеді ғой, ол: – Жарайды Нәке, райдан қайта ғой. Пенде кінәсін мойындап, «алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», «кең болсаң, кем болмайсың» демей ме атам қазақ. Досың дәмге шақырып отыр ғой, дас-тарханды сыйлайық, шаңырақтарына барайық, бір жолы оларды кешіруге тырыс – деп, Нәсіпбекті көндіреді.
Дәм үсті, одан кейіндері де, қа-рызға алынған ақша туралы сөз қозғалмады. Қарызға алынған ақша қайтарылып берілмеді. Сөйтсе де, қарым-қатынас бұрынғыдай бол-ғандай. Бірақ, шынында да солай бола қоя ма? Қайдам… Дәм үсті кінәлі пенде кешірім сұрамаса, берешек зат орнына келмесе, көңілдің түбінде реніштің сарқыншағы қалады емес пе?! Иә, қалады ғой…
Алланың көзі қырағы, билігі әділ екеніне Сәкиманың көзі жететіндей тағы да үш рет мүмкіндік болған… Бірақ, сол мүмкіндіктерден Сәкима қорытынды шығарып, шындыққа бас иді ме екен? Жоққа ұқсайды.
Ақшаға байланысты осы үш жәйттің көріністерін көз алдымызға әкелейік.
…Бірде Сәкиманың өтініші бойынша Нәсіпбек өзінің автокөлігімен Алматының Көк базарына бармақшы болып, келіседі. Көлікке денесі толықтау Сәкима алдыңғы орынға отырады. Гүлзия мен Жұматтың інісінің қызы Гүлдей артқы орынға отырып, төртеуі базарға тартады.
Базардың маңайына жете, көлікті Нәсіпбек трамвай жүретін Мақатаев көшесіне тоқтатады. Сәкима мен Гүлдей екеуі көліктен түсіп, базарға қарай беттейді. Нәсіпбек мен Гүлзия көліктің есіктерін жауып, артқы багажниктен сөмкелерін алып, сәл бөгеліңкіреп барып, олардың со-ңына ереді.
Бір кезде Сәкима, Гүлдей соңында, қарсы жүгіре басып Нәсіпбек пен Гүлзияның алдынан шығады. Өте абыржыған кейпі анадайдан көрінеді. – Не болды? – деген сұраққа, Сәкима: – Ақша жоғалттым – дейді, жыларман болып. – Ойбай-ау, қайда, қалай? – Білмеймін. Олар асыға-үсіге, машинаның жанына барып, маңайын қарайды. Жолда бір полиция қызметкері кезігіп, олардың әбіржіген түрлерін көріп: – Не болды? –деп сұрайды. – Жолда ақша көрген жоқсыз ба? – деді Гүлзия. Ол бір мырс етіп: – Тәтей, сіз де қызық екенсіз, «ақша көрдім» деп кім айтады? – дей сала, өз жөнімен кете барады.Сөйтіп базаршылар жедел ақша іздеуге кіріседі.
Бәрі автокөліктің есіктерін ашып, ішінің, асты-үстінің бәрін қарап шығады: ақша жоқ. Тіпті ақшаның исі де жоқ. Күйініш басылғаннан кейін, ақшаның жәйі туралы Сәкима мынадай әңгіме тарқатады. Оның айтысы бойынша, ол тәңертең асығып, жұмысқа барарда жуулы тұрған Жұматтың ішектей созылып, тартылып қалған бір шұлығын сөмкесіне салады. Бір ойы болғандықтан бір түйреуішті де бірге ала кеткен.
Көлікке отырғанда, ақшасын се-німді жерге орналастыру үшін өзінің юбкасының алдыңғы ішкі жағына түйреуішпен Жұматтың қысқа шұ-лығын қадайды да, ақшаны соның ішіне салған болады. Сөйтіп ақшаны өте қауіпсіз жерге орналастырдым деп ойлаған. Оны тиімді жұмсауды жоспарлап, көңілі орнығып, базарға да жетеді, бірақ сауда жасайын десе, ақша шұлық-қалташада жоқ. Шамасы жуғанда ауызы тарылып шұбатылған шұлыққа ақша дұрыс түспеген болуы керек, оны Сәкима байқамаған.
Ол көліктен шығып, тротуармен жүре бергенде, төртке бүктеліп жұмырланған ақша жылп етіп сырғып, тротуардағы асфальтқа топ ете түскен. Ақша ерсілі-қарсылы жөңкілген жұрттың біреуінің көзіне түссе керек: олжаны еңкейіп ала салған. Кешкі базарда жеміс-жидек арзанға түседі деген оймен шыққан Сәкиманың елпілдеген көңілі су сепкендей басылды. «Қаз ашуын тырнадан алады» демекші, сол жерде Сәкима Гүлдейді жерден алып жерге салды: – Бәріне кінәлі сен, егер сен көліктің алдына отырғанда бұндай болмас еді.
Мен Нәсіпбектен ыңғайсызданып ақшаны юбкадағы шұлыққа дұрыс сала алмадым – дегендерді айта, ол ашуға булықты. Әрине бұл жерде Сәкиманың қылығы дұрыс емес еді, өйткені алдыңғы орынды өзі қалап, өзі жайғасқан болатын.
Тағы да Сәкиманың өтініші бойынша Алматының шетіндегі базарлар жайғасқан белгілі «барахолкаға» жол түсті. Құрамы сол баяғы Сәкима, Гүлдей, Гүлзия. Өзінің автокөлігінің рөлінде Нәсіпбек. Базарға келген соң, біріне-бірі кедергі болмас үшін, әркім өз затын іздеуге бағытталып, пәлен уақытта пәлен жерде кездесуге уәделесіп, олар жан-жаққа тарасады. Сәкиманың айтуы бойынша басты іздеген заттары Гүлдейге сырт киім. Күн суытып кеткен кез, ол баланың ата-анасы ауылда тұрады, балалы-шағалы, әпере қоятын жағдайлары жоқ болса керек.
Оның үстіне Гүлдейдің Жұмат-Сәкима отбасы шаруасына жасаған еңбегі бір емес, бірнеше курткаға татитындай еді. Заттар қатарларын қарап келе жатқан Нәсіпбек мен Гүлзия Сәкиманы ұшыратады. Ол тағы да абыржып, ашуға басып тұрады. – Ойпырмай, не болды? – деген сұраққа, Сәкима: – Тағы да ақша жоғалттым-дейді, кейіген түрде. – Бұл қалай, сен-ақ ақша жоғалта береді екенсің? Сәкиманің айтысына қарағанда, қатарда зат көріп тұрады, артында екінші қатардағылар тұрады. Ол бұл жолы ақшасын қолғабына салып, оның мойынынан қысып ұстап тұрады.
Сөйтсе сырт жағынан біреу қас-қағымда, ақшалы қолғапты жұлып алады. Сәкима жылдам бұрылып қараса, артындағы жас жігіттер да зат қарап тұрған екен. – Қайсысың ақшамды алдың, қайтарыңдар? – деп баж етеді. – Апай, қайдағы ақша?Біз алған жоқпыз, бәле жаппаңыз, біз де сіздей зат қарап тұрмыз, – дейді олар. Сонымен, Сәкиманың жүйкесін тағы да жоғалтқан ақша жұқартты.
Оған тағы да Гүлдей кінәлі болып шыға келеді. – Сенің жолың ауыр, сенімен жүрсем қашанда бір қырсыққа кезігемін – деп Сәкима Гүлдейге дүрсе қоя берді. Құдайдың құдіреті, міне, тағы да осы оқиғаның куәсі Нәсіпбек болды.
Кейін бір кездескенде, Сәкима, өзіне тиер сөзді білмей, базарда үшінші рет ақша ұрлатып алғанын Нәсіпбек мен Гүлзияға жырғып айтқан. Оның өзінің айтуы бойынша, үйде осыған реніш білдіріп отырғанын көрген Тайка есімді студент туыс Сәкима тәте, несіне уайымдайсыз, бұл енді сізге үйреншікті жәйт емес пе?! – депті. Сәкима ауыр күрсініп, сөз қайтаруға, келіспеуге лажы болмапты.
Халық: «Қарыздың жолы ауыр» – демей ме? «Қарыз күліп барып, жылап қайтады» деген сөз де ел аузында. Аталған хикаятқа сай, қарыз «жылап та» қайтпаған. Қайтпаған соң, Алла берешекті аталғандай үш рет жазалаған. Ал, Сәкима жоғалтқан дүниелердің Нәсіпбектің көзі көр-мегені қаншама екен? Ал оның жоғалтқан дүниелерінің ішінде ең қымбаты достық емес пе еді?! Ол оны түсінді ме екен? Сондықтан, кімге болсын: «Адал еңбектің көзін тапқан – байлықтың өзін табады», «Адал іс істесең, адал боп өсесің», «Кісі ақысын жеу – ауыр күнәнің бірі» – деген ата-бабамыздан қалған нақылды естен шығармаған жөн.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *