«КӘСІПКЕР БОЛУ ҮШІН ТАБАНДЫЛЫҚ, АСҚАҚ АРМАН ҚАЖЕТ…»
26.09.2023 0 855
Ерғали БАТЫРҒАЗЫҰЛЫ,
жеке кәсіпкер
— Он жылдан аса қымызхана ісін дөңгелетіп отырған жеке кәсіпкерсіз. Қандай істің болса да, бастауы қиын. Жеке кәсіпкерлікті бастаған алғашқы жылдарыңыз туралы оқырмандарымызға әңгімелесеңіз.
-Мен Қытай Халық Республикасында 1985 жылы туғанмын. Қазақстанға келгенімізге жиырма жыл болыпты. Шымкентте дінтану мамандығы бойынша оқып, кейін Түркияда оқуымды жалғастырдым. 2010 жылы қымызхана ашып, жеке кәсібімді бастадым. Алдымен Алла, сосын кәсіпкер Қаби Серікқан сындыағаларымыздың көмегімен алғашында екі-үш биемен-ақ қымыз дайындай бастадық. Артынша мал басынкөбейтіп, 25-30 биеге дейін сауа бастадық. Біздің қымызбен, саумалмен айналысқанымызға биыл 12-13 жыл толыпты. Осы уақытқа дейін қаншама халықтың сауабына кенелдік.Әсіресе ковид ауруының асқынған кезеңінде халық дән риза болды. Өйткені ол кезде білесіздер, дәрі-дәрмек атты тапшы болды. Қаншама адам саумалды ішіп жазылып, әсіресе қарт кісілеріміздің батасын алдық. Халық кешкі сағат жеті-сегізден, таңғы бестен сауынға кезекке тұрды. Осыдан-ақ саумалдың адамдарға қандайпайдасы тигенін білуге болады.
-Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында жеке кәсіпкерлерге қолдау көрсету туралы айтты. Бүгінде мемлекет тарапынан қандай көмек көріп отырсыздар?Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев осы жолғы Жолдауында кәсіпкерлерге қолдау білдірді. Соны естіп қуанып қалдық. Өйткені біздікі шағын кәсіп болса да, мемлекеттің, әкімшіліктің қолдауы болмаса, қолдан келер қайран шамалы. Алдыңғы аумалы-төкпелі «Ескі» Қазақстанды да көрдік, ол заманда аздап түртпектеулер болды. Енді қазір шүкір дейміз, «Жаңа Қазақстан» құрылғалы біраз өзгерістер болды. Алматы қаласы Алатау ауданының әкімшілігінен қолдау көріп отырмыз. «Аға, істегеніңіз бізге жақсы. Өзіміздің ұлттық сусынымыз, бабаларымыздың ішкен асын дәріптеп отырсыз. Оның адам ағзасына пайдасы болмаса, зияны жоқ», деп, әкімшіліктің қызметкерлері қолдау білдіріп отыр. Оларға алғыс білдіреміз. Шағын жеке кәсібімді дөңгелетіп отырған мекенжайым Алматы қаласы Өжет ықшамауданында бір сайдың аузында орналасқан. Ол жер бұрын қоқыстың орны болған, қазір сайдың аузын тазалап, қымызхананың ісіне жаратып келеміз. Осылайша экологияға, халыққа, әкімдікке пайдамызды тигізіп отырмыз. Туған елге оралғандағы басты мақсатымыз халыққа пайдамызды тигізсек деген асқақ үміт болды.Сондықтан «Алтын алма, бата ал» демекші, қариялардың батасын алуға барынша ынтықпыз.
— Жалпы есепке алғанда, Алматы қаласы бойынша барлығы қанша жерде «Қымызханаңыз» бар?
— Әзірше Алматы қаласында саумалды сауып, бие байлап отырған бір ғана нүктеміз бар. Алайда сататын нүктелеріміз 2-3 жерде орналасқан. Және қаланың көптеген сауда орындарына да өзіміз арнайы апарып сатамыз. Қымызханаға арнайы келіп, саумал ішеміз деген тұтынушыларға да қызмет көрсетеміз. Әзірше сұраныс тек Алматы қаласынан ғана. Басқа облыстардан сұраныс әзірше жоқтың қасы.
— Бүгінгі таңда барлығы қанша бас бие сауып отырсыз?
— 20 бас бие сауып отырмыз. Әрина 25-30 бас бие саууға да болатын еді. Бірақ, қаланың іші болғандықтан, жер көлеміміз тарлау. Біз күндіз-түні сауатындықтан, оның сүтін игеру де оңайға соқпайды. Қымызханамыздың аты «Айша қымызханасы». Айша деген– қызымның аты. Алғаш кәсібімді 2010 жылы Алматы облысы Іле ауданында бастағанмын.Бастапқыда жеке кәсібімізді ауылда бастағанда, ауыл халқының барлығы саумал ішуге ықылас білдіре қоймағандықтан, өніміміз артылып, ысырапқа ұшырап, қайда апарып сатамыз деген сұрақ көлденеңінен туды. Сөйтіп қалаға алып келіп сату идеясы туды. Осыдан он үш жыл бұрын литрін 200-300 теңгеден сатқанбыз. Ол кезде бағасы тіпті арзан еді. Сонда да сата алмағандықтан, осы кәсіпті тоқтатайық деп те ойлағанбыз. Сосын «Шешінген судан тайынбайды» демекші, Алматы қаласында сататын орын іздеп, қазіргі мекен-жайды иемдендік.
-Жеке кәсіпке барамын деген адамға оның айналысатын салалары да өте көп. Неліктен ұлттық сусынымыз қымызды таңдап алдыңыз?
— Менің әкем жылқышы болған. Ал әкемнің әкесі қырық жыл жылқышы болған. Ата-бабамыздан жылқы малын сүйген, мінген, босағамыздан бәйге үзілмеген отбасынан шыққанмын. 4-5 жасымнан бәйгеге шапқан боз баламын. Атқұмар, атжанды болып өстік. Жылқыны сондайлық жақсы көреміз. Сол себептен шығар қымызхана бизнесін таңдап алғаным. Құдайға шүкір, жеке кәсіпті алғаш бастаған кезден бастап айнымай, күні бүгінге дейін жалғастырып келеміз.
— Қазір барлығы неше адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырсыз?
— Қазір тек қымызхана кәсібі бойынша жұмыс істеп жатқан 3 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырмын. Бір отбасы және тазалықшы тағы бір кісі жұмыс істейді. Бастапқыда бүткіл отбасыммен бірге кірісіп істегенбіз. Әсіресе ковид дерті дендеген уақытта шындығы керек, өзіміз жұмыс істедік. Жұбайым және тағы бір көмекші кісі болып жұмылдық. Қазір Құдай берген бес баламыз бар. Жұбайым кейінгі жылдары жас баламен жұмысқа шыға алмай, үйде отырып қалды. Жалпы есепке алғанда 15-20 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырмын.
— Кәсіпкер болған соң, қайырымдылық іс-шараларына араласып тұрасыз ба?
— «Оң қолың бергенін сол қолың білмесін» дейді атам қазақ, енді сіздер сұраған соң айтайын. Біз Алатау ауданындағы ақсақалдарымызға осыдан 4-5 жыл бұрын он шақты кісіге бір ай бойы тегін саумал бердік. Оның сыртында күйеуі қайтыс болып кеткен, сөйтіп үш-төрт баламен қалған отбасылар төңірегімізге көптұратын.Сондай әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына да тегін саумал бердік. Күні бүгінге дейін сол дәстүрді ұстанамыз. Өзім теолог маман болғандықтан, сауап деген ұғымды жақсы түсінгендіктен, қолымыздан келгенше жан-жағымызға көмек көрсетеміз. Қымызхана орналасқан жердегі көліктер қатынайтын жолды да жыл сайын жөндеуден өткізіп тұрамыз.
— Қымызхана Алматы қаласында көп болмағанмен, шеттегі ауыл-аймақтарда көбірек кездесіп қалады. Жалпы өзге бәсекелестеріңізден қандай артықшылықтарыңыз бар?
— Біздің төңірегімізде бес-алты қымызхана орналасқан. Олардың барлығынан біздің «Айша қымызханасы»жұмысын бұранырақта бастаған. Біз қысы-жазы бие сауамыз, қымыздың сатылымын жыл бойы үзбейміз. Тұтынушыларға жылдың қай мезгілінде болсын қолайлы жағдай жасаймыз.Өзге қымызханалардың көбісі жаздан күзге дейін істейді де, қыста жұмысын тоқтатады. Қысы-жазы үзбей істеп жатқанымызға бес-алты жыл болыпты. Қыста күзде кенже туған биелер болады, қыста туатыны болады, соларды сауамыз. Сөйтіп сауылатын биелерді ауыстырамыз.
— Қымызды көпшілік халық дүкендерден сатып алады. Шынтуайтына келгенде, қоспасыз таза өнімді табу қиынға соғады. Өзіңіз өнімнің тазалық жағына қаншалықты мән бересіз?
— Ақ нәрсенің құндылығы – тазалығында. Алла берекетті тек адал, таза нәрсеге беріп қойған. Сол себепті жаңадан келген жұмысшыларға мен былай деп айтамын: «биені сауған кезде, шелектің түбін шайып қоспаңыздар», – деймін.Басқа қымыздың да ыдысын шайғандағы қалдығын еш жерге қостырмаймыз. «Аққа Құдай жақ» демекші, тұтынушыларымыз да тазалығымызды бағалайды. Қазіргі тұтынушылар таза өнімді қоспадан көпшілігі ажыратады. Ауыз тиіп-ақ сапасын бірден байқайды. Таза дүниеде береке бар. Он жылдан асты қоспасыз өнім шығарамыз. Тазалықтан жаман болмадық. Содан өсіп-өніп бүгінде кафе, самсахана бизнесін де аштық. Әрі май шайқаймыз, құрт жасаймыз. Оларды да қаладағы дүкендерге жеткізіп отырамыз. Егеменді елдің, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауының арқасында жетістікке жетіп жатырмыз.
— Қымызханадан бөлек тамақтану орындарын да ашыпсыз. Тағы қандай кәсіптің салаларында өзіңізді сынап көрдіңіз?
— Биыл наурыз айында Алматы қаласынан «Қарашаңырақ» деген дәмхана ашқанбыз. Оның алдында самсаханамыз болған. Ол жақта да жұмыспен елді қамтып отырмыз.
— Бір жылдары ұлттық тағамдарымызды басқа елдер патенттеп алды деген ақпараттар шыққан еді. Мәселен қымызды немістер, қазыны француздар патенттеп алыпты деген. Сондықтан ұлттық сусынымыз қымызды неге брендке айналдырмасқа деген сауал туады. Қымызды брендке айналдыру үшін қандай іс-әрекеттер керек деп ойлайсыз?
— Ат құлағында ойнаған халық қымызын ішіп, етін жеген жылқының өнімін өзге халыққа өңгертіп жіберу деген үлкен мәселе. Ондай ақпаратты естігенде әлбетте ішіңіз күйеді. Соның ішінде қазақ елінде қымыздың жарнамасының аздығынан да қымыздың брендке айналуы тежеліп келеді. Ұлттық сусын – қымызды басшылық тарап қолдап, қуаттап, дәріптесе әлі-ақ брендке айналдыруға болады, кеш қалмадық. Құрау тимеген асауды ноқталап мінетін азаматтарымыз әлі де бар, Құдайға шүкір. Сол үшін қымыздың дәріптелетіндігінен үміт үзбеуіміз керек. Қазақтай атты сүйетін ұлт әлемде кемде-кем. Әрине өзге ұлттардың да жылқыға деген көзқарасын жоққа шығармаймыз. Бірақ, біздіңше ешқайсысының жылқыға деген көзқарасы қазаққа жете қоймайды. Сақтар заманы, Тұмар патшайымның тұсынан бері жылқымен біте қайнасқан халықпыз. Ат әбзелдерін, ертұрманын басына жастап, қасиет тұтып, қылына дейін іске асырған халық болғандықтан, болашақта қымыздан қол үземіз дегенге сенгім келмейді. Мемлекет тарапынан қолдау болса, әлі де қымыздың беделі артады.Бренд – тұтынушының санасында өмір сүруі тиіс. Яғни тауардың беделін көтеру үшін жақсы жарнама, жоғарғы сапа, сатып алу үшінқолайлылық, маркасының жер-жаһанға таралуы қажет. Қымызды ұлттық брендке айналдыру үшін оның адам денсаулығына пайдасын жас-кәріге насихаттау керек, қымыз, шұбат өндіретін орталықтарды көбірек ашып жарнама жасау қажет. Жарнама дегеніміз – белгілі бір тапсырыс берген демеушінің атынан тауарды тартымды көрсетуге бағытталған ақылы әрекеттер.
— Қымызхана санын көбейту үшін, өзіңіз сияқты ұлттық сусындарымызды нарыққа шығаратын жеке кәсіпкерлер санын арттыру үшін үкіметтен қандай қолдау қажет?
— «Өз ағасын ағалай алмаған, кісі ағасын жағалай алмайды» деген қазақта жақсы мақал бар. Өзіміздің салт-санамызға келетін ата кәсібімізді өзіміз қолдап, өзіміз дәріптемесек сырттан біреу келіп дәріптемейді. Сондықтан біз сияқты істеймін деп отырған азаматтарға мемлекеттен, әкімшіліктен қолдау көрсетсе, жеке кәсіптің бұл түрі дамиды. Игерілмеген жерлер көп. Мемлекет басшысының Халыққа Жолдауында игерілмей жатқан жерді қайта қайтару туралы айтты. Әсіресе 10 миллион гектар жер заңсыз берілген, соны қайтару туралы мәселе көтерілді.4-5 биені ұстау үшін 10-15 сотық жер жалға берілсе, оны халыққа пайдасы тисін, ұлттық сусынды дамытсын, ұлттық дәстүрді дамытсын деп уақытша болсын пайдалануға берсе, біріншіден халықты жұмыспен қамтамасыз етеміз, екіншіден үлкен кісілердің сауабын аламыз, үшіншіден төңірегімізді таза ұстайтын боламыз. Егер бізге уақытша пайдаланатын жалға жер берілсе, қымызхананың ісін әрмен қарай өрбітуге дайынбыз. Тіпті, басқа облыстарды қымызбен қамтуға дайынбыз.
— Егер мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп уақытша пайдалануға жалға жер берілсе, қымызхана санын көбейтесіз ғой сонда?
— Тек қымызхана санын ғана көбейтпей, ұлттық ат спортын да дамытуға дайынбыз. Қымыз, саумалдың қасына 5-10 бие байлап қоюға болады. Өйткені спорттың атасы – ат спорты. Себебі қазір белсіздікпен ауыратындар саны көбейіп барады. Ал, ат спорты соның алдын алады. Бұрынғы Алпысбай, Жетпісбайлар, Сексенбайлар қазір жоқтың қасы. Егер ат спортын, қымыз, саумалды қолға алатын болсақ, оның барлығының алдын алатын едік. Соны білген жастар қазақтың ұрпағын көбейтер еді. Атты мінген адамның тақымына тері сіңеді, сол тердің пайдасының өзі орасан. Сондықтан басшылардың ұлтқа деген көзқарасы, жанашырлығы маңызды. Осылайша мүмкіндік туып жатса, ат спортын да қолға алатын едік. Себебі жастарды жылқыға әуес етіп тәрбиелеу керек. Бүгінде ат спорты ақсап жатыр. Жастар демалыс күндері, яғни аптасына бір-екі рет ат мінетін болса, денсаулығына да игі әсері мол. Тұтығып сөйлеу дерті көбейіп келеді. Ондай баланы атқа4-5 рет атқа мінгізсе, жаңағы кеселіөзінен-өзі ғайып болады. Оны мен өз тәжірибемнен алып отырмын. Әрбірден кейін бұл медицинада зерттелген мәселе. Менің «Торыат» деген атым болған. Бір танысымыздың баласы кекештеніп сөйлейді екен. Содан Алматы қаласындағы №4 ауруханада бір дәрігер атқа мінуге кеңес беріпті. Сөйтіп баласын бізге алып келді. 6-7 жастағы бала. Бұрын атқа отырып көрмеген.Бірінші күні атта 20 минут отырды. Содан 4-5 рет отырып шапқан соң кекештігі өзінен-өзі сап тыйылды. Сондықтан оқушы балаларға футбол, бокс сияқты сексияларға қоса ат спорты секцияларын да қосса нұр үстіне нұр болар еді. Өкінішке қарай осыны қолға алып, ат спортына жаны ашып отырған басшыларымыз аз. Егер мемлекеттен қолдау табылса, уақытша қолдануға жалға жер телімі берілсе, осы шаруаны қолға алуға дайынбыз.
— Ерғали мырза, өз басыңыз қымыздың пайдасы туралы зерттеп көрдіңіз бе? Химиялық құрамы, медициналық пайдасы туралы не айта аласыз?
— Биені сауа салған кездегі саумалды ішетін болсаңыз, дәруменге өте бай болғандықтан пайдасы да ұшан теңіз. Көп адамдар қымызханаға 100-200 грамм қымыз ішуге келдім дейді. Сонда мен олардан қымызды граммдап ішетін дәрі-дәрмекпен салыстырмауын сұраймын. Себебі қымыз аяғы ауыр келіншектен бастап, жас нәресте, еңкейген кәрілерге дейін шипалы. Тәбетіңіз қанша тартады сонша іше беріңіз деймін. Тіпті кейбір кісілер алыс сапарлардан ат шаптырып келіп қымызды өлшеп граммдап ішеді. Оларға да кеңесімді айтып, уақытын үнемдеп қайта-қайта келіп, граммдап ішкенше литрлеп алыңыз деп кеңес беремін. Шайдан, судан гөрі соны ішіңіз деймін. Өйткені қымызды қанша көп ішсеңіз, ағзаңыз оның құрамындағы пайдалы заттарды солғұрлым көп сіңіреді. Ал граммдап ішкенде ағза несін алады? Әсіресе қымыздың ашқарынға ішкендегіпайдасы зор. Түстен кейін, кешке де үзбей іше бергеннің зияны жоқ.
— Орыстың ұлы жазушысы Антон Чехов бірде құрт ауруымен ауырып, қымыз ішіп жазылған деген деген деректер бар. Жалпы қымыздың жөтелге шипасы қандай?
— Халық арасында қымызды адамның денсаулығын сақтайтын және жасын ұзартатын сусын деп атайды. Халықтық медицинада оны ежелден берi өкпе ауруына қарсы ем ретiнде және созылмалы аурулардан арықтағанда әлдендiретiн сусын ретiнде қолданып келдi.
Қазақ халқы қымызды карапайым пеште қыздыру арқылы, ерте кезде одан спирт алған. Сөйтiп қымыз спиртiн кызба ауруына және жөтелге карсы ем ретiнде қолданған. Сондай-ақ оны қол-аяқтың ауырған жерiне жаққан. Жайлауға шыққанда ем ретiнде етпен, әсiресе қазымен iшкен.Қымыздың басқа да емдік қасиеттерін айтатын болсақ, асқазанның жарасы, ішектің жаралары, өттің қабынуы, бауыр, туберкулез, буын ауруларына шипа. Қымыздың химиялық құрамы сиырдың сүтінен қарағанда он есе құнарлы. Ананың сүтімен саумалдың құрамы бірдей деген деректер кездеседі. Саумалды тіпті уланып қалға малға жарты кесе ішкізсеңіз, асқазанынан улы затын алып шығады дейді. Көріп отырғандай, малға да, адамға да пайдалы. Денсаулық пен демографияны жақсарту үшін қымыздың пайдасы ұшан теңіз. Сыраға, кока-колаға әуестік бүйректің жұмысын бұзады, белсіздікке алып келеді десек, қымыз керісінше жұмысын жақсартады. Сондықтан «Жалын» журналының оқырмандарына қымыз ішуге кеңес береміз. Балаға зар болып жүрген ерлі-зайыпты ұзақ уақыт саумал ішсе, нәтижесі жақсы болады. Мұны өз өмірлік тәжірибемнен талай рет көрдім. Тағы бір пайдасы қымыздың косметикалық әсері. Қытайдың, Кореяның косметикасын қыруар ақша жұмсап сатып алғанша, жаңа сауылған саумалдың көбігін бетіңізге жақсаңыз, біраз жылға кейін жасартады. Қиярды турап, қымызға шылап қойсаңыз, теріге әсері 3-4 күн аралығында білінеді. Тіпті тарихта хандардың жұбайларын қымызға шомылдырған деген деректер бар емес пе? Сонда тек денсаулыққа ғана емес, косметикалық пайдасы да зор қымыздың.
— Қымыздың ас қорытуға тигiзетiн әсерi туралы не айтасыз?
— Сиыр немесе бие сүтiне карағанда қымыздың ас қорыту жолдарындағы бездердiң шырын бөлуiне өте күшті әсер ететiндiгi қазiргi кезде толық анықталып отыр. Мәселен, тамақтанар алдында, немесе тамақ үстiнде аз мөлшерде iшкен қымыздың өзi, тамақтанғаннан кейiнгi 20-30 минуттан соң iшкенге қарағанда, ас қорыту бездерiнің шырын бөлуiн едәуiр күшейтедi. Осыған сүйене отырып, қарын шырынында бос тұз қышқылы жоқ не жеткiлiксiз, ауру адамға тамақтанар алдында немесе тамақ үстінде аз мөлшерде қымыз iшкiзу қажет.
— Қымыздың таблетка түріндегі өнімі туралы естіген боларсыз. Оның пайдасы қаншалықты?
— Міне көріп отырғанымыздай қымыздың денсаулыққа, адам жасын ұзартуға пайдасы мол. Еуропа елдерінде қымыздан беттің терісін жасартуға арналған косметикалық кремдер жасауды қолға алуда. Әлі уақыт бар деп жайбасарлыққа салыну – ұлттық құндылықтарымыздан біржолата айрылуға жеткізеді. Ғалымдарымыздың ұлттық өнімдерге қатысты жаңалықтарына бей-жай қарамайық. ҰҒА академигi, техника ғылымдарының докторы Өрiсбай Шоманов ұнтақ және таблетка күйіндегі қымыз бен шұбатты жасағанын айтып жар салды. Демек оны қысы, жазы пайдалану жолдарын іздесек табылады. Ұлттық бренд ретінде қымызды немістерден қайтарып алу жолын қарастырып қоймай, өзіміз кеңінен тұтынатын, өзгелер де қадірін ұғып пайдаланатын деңгейге жеткізейік. Жалпы ұлттық брендтерді біз үшін көшпелілер өркениетінен алып жасау тиімді. Әрі бірден-бір жолы да сол. Өзге жаңалықтарымыз Еуропа мен Америкаға басқаларға түк қызық емес.
— Қымыздың қырық түрі бар дейді. Сіз қандай түрлерін білесіз?
— Ашу сапасынан байланысты: саумал, уыз қымыз, құнан қымыз, дөнен қымыз, бесті қымыз, асау қымыз, түнемел, жуас қымыз, қорабалы қымыз, айнымал, татымалдеп бөлінеді.
— «Жалын» журналының оқырмандарына айтар қандай тілегіңіз бар?
— Өскелең ұрпаққа айтарым, қазақтың қара шаңырағы – Қазақстан. Сондықтан ұлттық салт-санамызды, ұлттық спортымызды, ұлттық сусынымызды, ана тілімізді ел боламыз десек дәріптейік. «Ер қанаты – ат» демекші, аттың үстіне қайта отырыңыздар, қымызды денсаулық үшін қолданыңыздар. Сонда әлемдік брендке айналдырамыз. Ал, кәсіпкер боламын деген жастарға айтарым, кәсіпкер болу үшін бастысы табандылық, асқақ арман, жігерлілік қажет. Сондай-ақ, жалқаулықтан, қорқақтықтан бойларын аулақ ұстаса болды.
Сұқбаттасқан: Майра Алдабергенова
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.