ШАЛҒАЙ ӨҢІРЛЕРДІ ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ
27.06.2023 0 441
Майра Алдабергенова
«Ұлы жол – үйіңнің табал-дырығынан басталады» демекші, әр үй иесінің пысық, немесе бостау екені табалдырығының көрінісінен-ақ айқын көрінеді.
Сондықтан әрбір мемлекеттің шекараға жақын орналасқан өңірлері көз тартарлық тамаша, таза, құрылыс орындары орынды, көшелері түзу, халқы мәдениетті болуы керек. Сонда шетелден кіріп келе жатқан қонақтың мемлекетке деген көзқарасы жоғары қалыптасып, алғашқы әсері жағымды болады. Және мемлекет басшысының да сыртқы көздерге абыройы мен беделі көтеріле түседі. Неге екені белгісіз, Орталық Азиядағы көптеген мем-лекеттердің шекараға жақын орналасқан ауылдары өркениеттен алыс қалып жатады. Осыны ескерген экономика министрлігі 2021 жылы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобасын қабылдап, болашақта шекараға жақын шалғай жатқан өңірлердегі халықтың тұрмысын жақсартумен, экономикалық-әлеуметтік жағдайын түзетумен, идеологиялық тұтастығын реттеумен айналыспақшы. Мысалы, кез келген бір турист шекарадан өтіп, ауылды көріп жиреніп, сосын Алматыға, Астанаға келіп көріп таңданғаннан еліміздің абыройы асқақтамайды. Сондықтан шекараға жақын ауылдардың тұрмысын, абаттандыруды қолға алсақ дамудың даңғыл жолы ашылады.
Қазір халықтың әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін, өмір сүру деңгейін жақсарту мақсатында атқарылып жатқан он шақты жоба бар. Солардың ішінде елдің экономикалық-әлеуметтік жағдайына қарайласуды міндет етіп алған жоба ол – «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» деп аталады. Осы жоба аясында шалғай жатқан өңірлерді, ауылдардықалай дамытамыз деп өзге дамыған мем-лекеттердің тәжірибесіне сүйеніп, солардың тарихын мысалға алып әуре боламыз. Осылайша еңсеміз түсіп, өзімізді олардан төмен қоямыз, Еуропа мемлекеттерінің сәулеті мен дәулетіне көз алартамыз.Бірақ шынтуайтына келгенде, төл тарихымызға терең тамыр жібермейміз. Сонымен, қазақтың ата-тегі болатын сақтар тайпасы өмір сүрген б.з.б. 1-мыңжылдықта-ақәлемдік өркениетке қол жеткізіп, әліпбиі, қолөнері, мәдени ескерткіштері болған ел болға-нымызды естен шығарып ал-ғанбыз. Егер осы тарихи фактіні ескерсек, бірінші болуға, дамыған мемлекеттер қатарына кіруге ұмтылу бағдарламасы қазақ генетикасында әу бастан сақталған бағдарлама екенін көреміз. Демек, өзгенің «қаңсығын таңсық көрмей» ұлттық жетістіктерімізді мансұқтап, дамытсақ көсегеміз әлі-ақ көгереді деген сөз. Тарих талайында дамыған елдердің қатарында бой түзегенімізді айғақтайтын деректер көп.
Солардың бірі көне түркі қағанаты кезеңінен қалған «Орхон-Енисей» ескерткіштері, «Күлтегін» сияқты жазбалар. Олар жазу мәдениетінің қазақ даласында көнеден қалыптасқанын, әдебиетіміздің балаң кезеңін білдіреді.ҮІ-Х ғасырларда үлкен аймаққа таралған Көне Түркі жазуларын ғалымдар үш топқа бөледі.
1. Енисей ескерткіштері.
2. Талас ескерткіштері.
3. Орхон ескерткіштері.
Орхон-Енисей жазбасы – Орхон және Енисей өзен бойларынан табылған көнетүркі жазуымен жазылған ескерткіштер. Оның
ішінде әйгілісі Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөк құлпытастарындағы жазбалар болып есептеледі. Ата-бабамыздан қалған салт-дәстүр, ұлттық тәрбие элементтері, осындай көне ескерткіштер, сақ мәдениеті – қазақ халқының өркениет ауылынан шалғай жатпа-ғанын аңғартады. Бастысы ел естен шығармай, құлағдар етіп қайталай берсе. «Өткенін ұмытқан елдің – келешегі бұлыңғыр» екенін басты назарда ұстаса. Біз-діңше, өткенімізді ой елегінде ұстасақ, мақтан етіп, өткенімізді мойындасақ қазіргі Қазақстанды дамыту, экономикалық-әлеуметтік жағдайын түзету, мәдениетін шыңдау оңайға соғады.Себебі, тапталып, осылып, жатталып қалған сара жолмен жүріп мақсатқа жеткен оңайырақ та, алтыңнан түрен салып жету қиынырақ. Осы тұрғыдан алып қарасақ, көненің күмбірі де күміс, бабалардың әрбір мұрасы сары алтын екеніне көз жеткіземіз.
Аттың құлағында ойнаған, ат әбзелдерін жасаудан алдына жан салмаған, қол өнерді меңгерген, қазақ үйдің әрбір бөлігіне философиялық мән берген, бойына ұлттық құндылықтарды сіңірген ата-бабамыздан қалған рухани байланысты жоғалтпасақ, әлі-ақ тамыры тереңге жайылған алып бәйтерекке айналатынымыз айқын.Қазақ «Шаңырағың шайқалмасын» деп, қазақ үйді ғарыш әлеміне теңеген, шаңырақты күннің символына, тіршілік белгісіне балаған. Осылайша табиғатпен етене байланыс орнатып, тіршілік тізбегін жалғастырған халық ана тілдің де шұрайын келтіріп, дамыта білген. Ақтамберді, Қазтуған, Шалкиіз, Бұқар сияқты жырауларды, Махамбеттей күрескер ақынды дүниегеәкеліп, Абайдай жазба әдебиеттің негізін қалаған дара тұлғаны тудырғандана халықтың ұрпағы екенімізді әсте естен шығармай, дамудың дара жолына түссек қана адаспаймыз.
«Мың рет естігенше, бір рет көзбен көру керек», сондықтан Қазақстан Республикасының Ұлт-
тық мұражайына барып, қазақ қыздары мен жігіттерінің ұлттық киімдерін, ер тұрманын, қару-жарағын, әшекей бұйымын кө-ріп, эстетикасына сүйсіндік. Бұл бабаларымыздың жаны ертеден сұлулыққа құштар екенін, қолөнерге, тігіншілік, зергерлік өнерге жақын екенін білдіретін белгілер. Бұдан халқымыздың көшпелі өмір салтын ұстанып, заман көшінен ілгері жүргенін көреміз. Мұражайға барарда қа-сыма сегіз, тоғыздағы балаларымды бірге ертіп алған болатынмын. Олар да бабаларының көне дүние күмбірі белесінде биік шыңнан көрінген халық болғанын көрсін деген ниет болды. «Ел ертеңі – жастар» десек, жас ұрпаққа баба тарихы қызық.
Тіпті, сегіз жасар қызым, қыздардың зергерлік бұйымдарына қызығып, алып тағып көргісі келді. Бірақ ұстауға рұқсат жоқ болғандықтан, қапы қалдық. Мұ-ражайдан шыққан соң ұлттық әшекейлерге қызыққан жас балаға базардан білезік, шолпы алып беруге тура келді. Бұл да бір есте қалған күн болды.
2021-2025 жылдар аралығында жүзеге асуы тиіс «Қуатты өңір-лер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобасы аясында Қазақстандағы шалғай жатқан өңірлерді дамыту, тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бірінші кезекте тұрған мәселе.
Көпшілігіміз қазақтар бұрын көшпелі ел болып, киіз үйде өмір сүргендіктен, құрылыс жағынан артта қалған деген пікір айтамыз. Тіпті, халық арасында «Қазақ байыса, қатын алады, сарт байыса, там салады» деген тәмсіл де кең тараған. Бірақ тарихи деректерді ақтарсақ, тіпті қола дәуірінде Қазақстан жерінде күмбез тәрізді қима шатыры бар жертөле сияқты тұрғын үйлер салынған екен.
Андроновтық кезендегі жер үстіндегі тұрғын жайлар киіз үйдің одан да гөрі жақын ертедегі үлгісі болып табылған. Яғни, бұл киіз үйдің кеңейтілген формасы сырт көрінісі қазақ үйге ұқсас келгенмен, құрылыс материалы ағаштан салынған. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған төбесі ағашпен деңгелете жабылған мұндай үйлер Қазақстанның Бұғылы өңірінен (Орталық Қазақстаннан), Шағалалы өзені-нің бойынан (Солтүстік Қазақстаннан) қазып алынған. Төбесі шатырланып және дөңгелете жабылған бұл ағаш кұрылыстар көп-шілікті таңғалдырды. Ендеше сонау сақтардан бермен қарай сабақтасқан мәдениетімізді, ұлт-тық менталитетімізді мәңгілік жадымызда ұстаған ел болсақ. Өзгенің жетістігіне көз тігіп, еліктей бермей өзіміздегіні дамытсақ жеке дара ұлт екенімізді, ерекшелігімізді дүние жүзіне паш етеміз, туризмді дамытамыз, үлгі боламыз. Алдымен тіл мәселесін жөнге келтіріп, үштілділікті ұрандата бермей, ана тілімізді өз тұғырына қондырып, өзге тілдерге емеурін танытсақ екен.
Әрине, дамыған елдермен де тәжірибе алмасу аса маңызды. Оны да жоққа шығармаймыз. Бірақ, жақсысынан үйреніп, жаманынан жиренсек жақсы. Мәселен, Американы мысалға ала-йық, қазіргі таңда дамыған мем-лекеттердің көшбасындағы ел осы. Қазақстаннан даму қарқыны жағынан бірнеше ғасырға көш алдыға жылжып кеткен. Онда жан басына саналатын табыс көлемі 59,800 долларды құрайды. «Мәскеу бір күнде құрылған жоқ» деген тәмсілді мысалға келтірсек, әрине Америка да бір күнде дамып, қарыштап кетпеген. Алдымен ірі мегаполистерін дамытқан. Содан кейін шалғай өңірлерінің жағдайын жасаған. Қазіргі ең танымал қалалары Вашингтон, Нью-Йорк. Бастапқыда кәсіпорындарын дамытқан, жолдарын жөндеген, ауыл шаруашылығын бірізге келтірген. Тыныш жатпай, осының нәтижесінде дамыған алпауыт мемлекетке айналған.
Бүгінде дамыған елдерде әлемдік жиынтық өнімнің 3/4 бөлігі өндіріледі, бұл елдер ресурстардың басым бөлігін пайдаланады. Мысалы, дамыған елдерде жылына 50 миллион дана автокөлік шығарылады. Дүниежүзі бойынша дамыған елдерде жан басына шаққандағы табыс көлемі ең жоғары болып табылады. Қазір халық саны, экономикалық-әлеуметтік жағдайы бойынша алдыңғы қатардағы, қаржы ор-талықтары болып саналатын қалалар: Нью-Йорк, Токио, Лондон, Торонто, Франкфурт, Милан екен. Әрқайсысы бөлек тарих, бөлек тәжірибе көздері. Сондықтан өткенімізді есте сақ-тап, дамыған елдердің тарихын зерделеп, жетістікке жету жолын қарастырсақ діттеген жерімізге жетерміз.
Олай болса, дүние жүзіндегі бірнеше дамыған мемлекеттер туралы қысқаша ақпараттармен бөліссек. Мәселен: Люксенбург, Сингапур, Ирландия елдерінің даму ерекшеліктеріне қысқаша тоқталсақ.
Люксенбург – әлемнің қаржы-лық орталығы болып саналады. Люксембург – халықаралық трансұлттық ұйымдар мен компаниялардың тіркелуін құптай-тын Еуропадағы ең ірі қаржы және туристік орталық. Мұнда екі жүзден астам банк мекемесі мен мыңнан астам инвестициялық қор тіркелген. Жалпы ішкі өнімнің негізгі бөлігі қызмет көрсетуден, қаржыдан және саудадан түскен кірістен құралады. Сондай-ақ металлургия, болат балқыту, химия өндірісі, ағаш өңдеу қарқынды дамыған. Люксембург шойын экспорттаушы негізгі елдердің бірі. Экспорттық түсімнің басым бөлігі жалпы ішкі өнімді құрайды, ол – 140 694 АҚШ долларына тең.
Сингапур – нарық жүйесімен танымал елдердің бірегейі. Ел экономикасы тұрмыстық техника, электроника, фармацевтикалық өнімдер мен қаржылық қызметтер экспорты арқылы өркендеп отыр. 1965 жылы Сингапур Малайзиядан бөлініп шығып, алғашқы жылдары ауыз судың тапшылығын бастан кешкен. Сингапур үкіметі биотехнологияға, энергетика саласына инвестиция тартып, елде жемқорлықты құрықтап, табысқа жеткен мемлекет. Бүгінде Азиядағы ең бай ел болып саналады. Жалпы ішкі өнімі – 131 580 АҚШ долларын құрайды.
Ирландия да берекелі ел. Машина жасау және электр энергетикасы, сондай-ақ шыны, тоқыма, тамақ, химия, тігін өнеркәсібі қалыпты дамыған.2015 жылы бұл елдің жалпы ішкі өнімі бұрын-соңды болмаған өсімімен әлем сарапшыларын таң қалдырып, 10 бай елдің қатарына кірген.Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі– 124 596 АҚШ долларын құрайды.
Міне, осы дамыған мемле-кеттердің сипаттамаларына қарасақ, өнеркәсіпті, ғылымды, электрониканы дамытып, жетістікке жеткенін, ерінбей еңбектеніп, өздерін өздері көтергенін бай-қаймыз. Бір қарағанда, оңай-ақ сияқты. Бірақ бұның барлығы табанды ұмтылыстың нәтижесі екені айтпаса да түсінікті. Ен-дігі мәселе, Қазақстандағы ірі мегаполистерді, шалғай өңірлерді қалай дамытамыз? 2021-2025 жылдар аралығында орындалуын жоспарлаған Экономика министрлігі дайындаған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында қандай тірліктер жасалып жатыр? Осы сауалдарға жауап іздеп көрсек.
Қазақстанда қазіргі таңда халық көп шоғырланған қалалар – Астана, Алматы, Шымкент. Қазақстандағы басты үш қаламен қатар шалғай ауылдардың да әлеуметтік-эко-номикалық жағдайын түзету қолға алынып отыр дедік қой. Яғни бұл жобаның атқарылуы кезеңінде қандай жетістіктер, қандай кемшіліктер орын алды? Осыған тоқталсақ.
Әрине, шалғай өңірлерді дамыту үшін алдымен өңірлердің әртүрлі салалардағы қызметін жақсартып, өңірлерде іске асырылатын әртүрлі жобаларды қадағалау керек. Қарапайым сөзбен айтқанда, шалғай өңірлердегі су, электр жарығы, газ, жол мәселелерін шешіп, мектеп, аурухана, балабақша құрылысын ойластыру қажет. Сондай-ақ, тек ірі қалаларды ғана көгалдандырып, абаттандырып, әдемілендіріп қана қоймай, аудан орталықтарын, ауылды да көркейту жақтары қарастырылып жатыр ма? Осы жобалар бірізге түскен соң да тоқтап қалмай, халық санының өсуімен қатар жоспарлы түрде өсе берсе деген ниет-тілегіміз барын несіне жасырамыз? Ал, біздің елде жағдай көбіне керісінше дамиды. Ірі қалаларды ғана абаттандырамыз, көркейтеміз, құрылысты үсті-үстіне саламыз, түзу жатқан жолын жыл сайын қайта-қайта жөндейміз де, ал неғұрлым осы қалалардан шалғай жатқан ауылдар назардан тыс сол қалғаннан мол қалады. Былайша айтқанда, өгей баланың күйін кешеді. Көктем келіп, жауын-шашын жиілесе, балшыққа белшесінен батқан ауыл халқы сүмірейеді де қалады.
Қазіргі деректер бойынша Қазақстанда 1 миллион тұрғын ауыз сусыз күн кешуде. Соның 280 мыңы қала тұрғындары болса, 770 мыңы ауыл тұрғындары. ХХІ ғасырда электр жарығынсыз отырған ауылдар да бар. Басқа жетістіктерді былай қойғанда осындай қарапайым өмір сүруге қажетті жағдайлар жасалмаған ауылды көз алдыңызға елестетіңізші. Не деген масқара! Осындай шалғай өңірлерде өркениет, дамыған ел-дердің қатарына кіру керекпіз деген әңгімені айтуға қалай аузың барады. Шаммен күн көріп, өзен-көлде кір-қоңын жуып отырған елге барып, ертең біз дамығанелге айналамыз деудің өзі күлкілі.
Сосын жол туралы бір мәселе. Шалғай ауылдарды былай қойғанда еліміздің алып шаһары Алматымен іргелес орналасқан Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Көксай ауылына келсек, бір асфальттанған жөні түзу көше таппайсыз. Тіпті электр жарығы жүргізілген қарапайым бөренелердің (столбтардың) өзі Сталин, тіпті Ленин заманының сарқыншығы ма дейсіз, жел уф етсе құлайын деп тұрған күйде. Таксисттердің өзі Көксай ауылының көшелерімен жүргісі келмей «Айналайын-ау, бұл ауыл-дың көшелерін білеміз ғой» деп мұрындарын шүйіріп, әрең барады.
Жақында бір туысқанымыз қаза болып, көңіл айтуға Қырғызстан-ның Нарын облысына баруға тура келді. Қырғыз таксистпен бардық. Менің Қазақстаннан келе жатқанымды біліп алып, өзінің «дальнобойщик» болып жұмыс істегенін, Қазақстанның бірнеше қалаларын, ауылдарын аралап көргенін алға тартып әңгіме өрбітті. Бір таң қалғаным әлгі қырғыз таксисті қазақ жерін менен жақсы білетін көрінеді. Араламаған облысы жоқ. Және сын көзбен қарап, Қазақстанда әлі де свет жоқ, су жоқ ауылдар бар екенін айтып жатыр. Мен сеніңкіремедім. Бірақ, байыптап қарасам, мен таксист айтып отырған ауылдарда болмағанмын. Мүмкін ондай артта қалған ауылдар бар болса бар шығар дедім де қойдым. Бірақ, өзге жолаушылардың алдында намыс-танып қалғанымды қалай жасырамын. Себебі, біздің пікірімізше, көпшілігіміздің Қазақстан Қыр-ғызстан, Өзбекстан сияқты елдерден алдыда келе жатқан сияқтанамыз. Және соны қанағат тұтып, өзімізді біраз жұбатамыз. Ал, енді сол елдің таксисінен осындай сөз естігенде тіптен еңсең түсіп кететіні рас.
Тағы біз қарастырып отырған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасына қайта оралсақ. Аталмыш жоба бойынша Түркістан облысы бойынша 2021-ші жылдан бері қандай жұмыстар атқарылды деген сауалдың жауабын іздеп біраз іздендік. Нәтижесі былай болды. 2021 жылдан бері Түркістан облысы бойынша жалпы ұзындығы 14 шақырым жол жөндеуден өтіпті, 54 нысан салынып, 5 көпір көтеріліпті. Соның ішінде биыл Түркістан-Шәуілдір тас жолының 35 шақырымына жөндеу жүргізіліп, Түркістан әуе жолы-Кентау жолы аралығы жөндеуден өтіпті. Сондай-ақ, құ-зырлы органдардың есебі бойынша үстіміздегі жылда Ордабасы және Мақтаралдағы екі көпірді жөндеуден өткізу жоспарланып отыр екен. 2023 жылы Түркістан облысы Ордабасы ауданы Шұбарсу ауылында 11 мың абонент сапалы электр жарығымен қамтылады.
Тағы көптеген мәліметтерді ақтардық, яғни аталмыш ұлттық жоба бойынша нақты Түркістан облысы бойынша Сарыағаш қаласындағы заманауи үлгіде салынған 13 көпқабатты үйдің кескінін видеодан көрдік. Сырт көзге расында Алматыдағы ғимараттардан еш жері кем соқпайтын әдемі көпқабатты үйлер кешені. Бірақ әлі пайдалануға берілмепті. Себебі су тартылмаған. Жалпы саны 585 пәтерден тұратын тұрғын үй кешені осы үстіміздегі жылы кезекте тұрған отбасыларына табысталады деп әкімдік уәде беріп отыр. Көпқабатты үй демекші, Түркістан қаласында да 64 көп-қабатты баспана салынып жатыр екен. Құдай оңғарса, оның да кілті көп кешікпей тұрғындарына табысталады деген үміттеміз.
«Жылқы десе, ішкен асын жерге қоятын» бабаның ұрпағы емеспіз бе? Міне, осы дәстүрді бүгінде заман талабына сай етіп дамыту қолға алыныпты. Оның дәлелі Шымкент қаласында бой көтеріп жатқан «Атшабар» ипподромының құрылысы. «Қазақстан» телеар-насының Түркістан облысындағы филиалы дайындаған арнайы телебағдарламадан байқағанымыз, жалпы көлемі 39 ГА жерді алып жатқан ипподромның салынуына Франция, Германия сияқты Еуропа елдерінен келген мамандар кеңес беріп отыр. Жоба жетекшісі Айдын Жакежанов телеарнаға берген сұқбатында былай деді: «Атшабар» ипподромы заманауи үлгідегі халықаралық ат жарыстарына арналып салынған бірінші ипподром болмақ. Ат шабатын жолдың жалпы ұзындығы дүние жүзілік стандартқа сай 2012 метрді құрайды, ені 310 метр. Ипподромға келушілерге арнайы салынған автотұрақтардың саны 310. Ат қоралардың өзі еуропалық үлгіде салынған, соның ішінде қыстық және жаздық қора бөлек салынған. Жаңбырдың суын бө-лек хауызға жинайтын құрылғы салыну да жоспарланған». «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының аясында салынып отырған Шымкент қаласындағы «Атшабар» ипподромы Қазақстанда бұрын соңды болмаған құрылыс нышаны болмақ. Ендеше, жаңа салынып жатқан құрылыстың тезірек аяқталып, ел игілігіне берілуіне тілектестік білдірейік.
Жуырда «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының аясында Түркістан облысында Солтүстік өңірлерге қоныс аудару жәрмеңкесі өтіпті. Бұл да шалғай ауылдардың жағдайын түзетуге байланысты атқарылып жатқан шаруалардың бір легі. Аталмыш іс-шараға Шығыс Қазақстан облысының жұмыспен қамту саласының мамандары қатысып, жұмысшыларға тапшы өңірлер тізімін, ваканциялар тізімін оңтүстік халқына ұсыныпты. Атап айтқанда барлығы 815 бос жұмыс орны, оның ішінде: 95 медицина саласынан, 36 білім саласынан, 15 көлік саласынан, 26 өнеркәсіп саласынан, 34 құрылыс саласынан, 279 ауыл шаруашылық саласынан, 330 басқа да салалардан ұсынылған.Мұндай жәрмеңкенің өтіп отырғаны биыл бірінші рет емес екен.
Ұлттық жоба жарияланғаннан бері қарай оңтүстіктен 2500 отбасы ат басын солтүстік өңірге қарай бұрған. Яғни көшіп кеткен. Көшіп барғандарды құзырлы органдар тағдыр тәлкегіне тастамай, біріншіден басына баспана, мамандығына сай жұмыс орнын белгілейді екен. Сосын ол отбасы әбден үйреніп жерсініп кеткенше күнде келіп тексеріп, тұрмысын бақылауда ұстайды. Сол шарттарға келіскен көптеген отбасылар бүгінде солтүстіктің салқындау ауа-райына үйренісіп, тіпті кейбіреулері өз кәсібін ашуға ниеттеніп отырған сыңайлы. Тағы бір жаңалық кәсібін ашамын деген ағайынға да қолдау көрсетілетін көрінеді.
Жоба аясында бұл үрдіс әлі де жалғасын тауып жатыр. Яғни, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Қарағанды, Ұлытау, Абай облыстары «Дипломмен ауылға» және «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында көшіп келемін деген мамандарды құшақ жая қарсы алуда.Көшіп келгендерге қандай жағдай жасалатыны туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары бір баспасөзге берген сұқбатында Жанар Дәулетбаева былай депті:
«Солтүстік өңірлерге қоныс аударушыларға және оның әрбір отбасы мүшелеріне бір рет 70 АЕК мөлшерінде материалдық көмек беріледі. Сонымен қатар тұрғын үй сатып алуға үй құнының 50 пайызын, бірақ 4 миллионнан аспайтын сомада қаржы беріледі. Тағы бір жеңілдік – бір жыл бойы үй жалдауға, коммуналдық қызмет ақысын төлеуге материалдық көмек беріледі. Мамандығына қарай жұмысқа орналастыру мәселесі де шешімін тапқан».
Иә, ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпай, өткенімізді есте сақтап, өркениетті елдерден үлгі алсақ қана, жететін биігіміз көп. Бастысы, Қазақстанның қай өңірінде жүрсек те, Отанымыз бір екенін, тіліміз бен діліміз, салт-дәстүріміз ортақ екенін назарда ұстасақ екен.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.