ДӘСТҮР МЕН ӘДЕТ-ҒҰРЫП ТАҒЫЛЫМЫ
25.05.2023 0 796
Төрехан МАЙБАС,
жазушы-этнограф
Жақында ғана ФАО-ның (БҰҰ-ның азық-түліктік ауыл шаруашылығы ұйымы) жыл сайынғы статистикалық жинағы жарық көрді. Міне, қызық, жер беті халқының саны өскен сайын олардың тұтынатын тағамдық өнімдерінің көлемі де өскен екен. Сонда халық саны өскен сайын азық-түлік жетіспей аштықтан қырыламыз деген Батыстың байбаламының жайына қалғаны ма?!
Сөз жоқ, жаһандық экономикалық сілкіністер азық-түліктік өнімнің бағасына айтарлықтай әсер етті. Мұнан тағамдық өнімнің көбеймейтіні белгілі. Сонда қалай болғаны?
Дастарқанымыздан дәстүрлі, үйрені-шікті, қалыпты тағамдарымыз кете бас-тады. Жілігі татымайды деп қоян етін талғажу көрмейтін қазақ баласының бүгінде көзі бақырайып тарақан жеп отырғанын көз шалады. Құрт-құмырсқа жеп жүргендер де бар.
Мұның бәрі де түк емес. Мәзірімізге жасанды талшықтар келіп жатыр. Шығыс Азияның, оның ішінде алып Қытай жұртының жасанды күрішті талғажау етіп отырғаны жасырын емес. Және сол жұрт оларын сыртқы нарыққа да шығарып жатыр.
Ендеше біз де сол жасанды күріштен суға күптіріп, палау жеп отырған болармыз. Бәрі мүмкін, мына заманда мүмкін еместің өзі мүмкін…
Дәл сол қысық көз көршіміздің сыртқа ет шығаратынын білсек керек. Есесіне олар сырттан қой етін миллион тонналап тасымалдайды.
Бұл да бізге ештеңе ұғындырмай ма?
Қазір жаһан жұрты өз алдына тыныш жатқан қазақ жұртына өздігінен соқтыға бастады. Сонда не дейді?
Жерің неге бос жатыр дейді?
Толтыр дейді сол бос жатқан жер-леріңді.
Адамыңа толтыр деп айтпайды.
Қойға, тауыққа, қоянға, шошқаға… толтыр дейді.
Өзің жемейді екенсің біз жейміз дейді.
Асыра бізді дейді.
Асырай алмайды екенсің әрі қарай сырғы дейді…
Бөлісейік дейді…
Нені?
Міне, бұл сауалдардың сауалы болса керек!..
***
Жер бетіне шынымен демографиялық дағдарыс келгені ме?
Бұл үлкен тақырып…
Қолдан келгенше биологиялық, фи-зиологиялық ықпал жасап жатыр. Ол тек адам баласының өсу қарқынын тежеп отыр. Бұл шетін мәселені саясатпен реттеу әрекеті де ешкімді қанағаттандырып отырған жоқ. Өйткені әр мемлекеттің демографиялық саясаты әр түрлі. Біреулері шектеуді қаласа, енді біреулері көбейуді қалайды. Алаң жұртта табиғат бәрін өзі реттейді деген де концепция бар.
Сондағы алаңдары жер анамыз қан-ша жанды асырай алады деген сауал. Табиғатқа етене жақын дала баласының бұл сауалға берер жауабы қашан да дайын. Мал бағып қана қоймай жан да баққан бабаларымыз мұны баяғыда айтып кеткен.
Әр бала өзінің несібесімен туады деп.
Бабаларымыз ұрпақ сүюді бәрінен де жоғары қойған. Содан жалғыз баланы санатқа қоспаған, екі баланы жартыкеш бала деп білген. Үш баланы ғана бала деп есепке алған. Көзі жұмыларда ұрпағына «бір қозы артық туса шөп басы айыр шығады» деп өсиет айтқан. Әр жағы түсінікті.
Сонда қазақтың несібелі баласы қандай бала?!
Әрине, еншілі бала. Енші алып, отауын бөлек тіккен, алдына төрт түліктен төл салған бала.
***
Еттен ажырамаған жұртпыз. Еттен ажыраған күні жұрт жаңартуымызға тура келеді. Өйткені қазақтың сайын даласында ет жемей өмір сүру мүмкін емес. Оның ішінде қойдың етін, жылқының етін…
Ал еттің қуаттылығы белгілі.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары жер бетінің әрбір тұрғыны 2200 ккал. қуатын тұтынған екен. 2009 жылы 2800 ккал-ға жеткен. Бүгінде еуропалықтар күніне 3370 ккал. тұтынады екен. Бұл ең жоғарғы көрсеткіш.
Ет жеуден алдамыз. Нансоғар да өзіміз. Майды толғап жұтатын қазақ баласы бүгінде бананды да теріс көрмейді. Осыдан кейін-ақ қазақ баласының қанша калорий тұтынатынын есептей беруге болады.
Қазір әлемде 852 миллион адам аштық жағдайында өмір сүріп жатыр дейді әлгі дерек көзі. Жер бетінің халқы әні-міне жеті миллиардты құрайды деп отырмыз. Бүгінде 2,3 миллиард тонна дәнді дақыл өндіреді екенбіз. Соның бір миллиардын өзіміз тұтынамыз, 750 миллион тоннасы малды азықтандыруға кетеді екен. Қалғаны өнеркәсіп секторына барып құйылады дейді немесе іріп-шіритін көрінеді.
Қалай дегенде мал басының өсімі бар. Бұл өсімді сақтау және одан әрі арттыру қазақ даласының жемазық базасының әлеуеттігіне байланысты. Сондықтан егістік алқапты диверсификациялау қолға алына басталды. Әзірге нәтиже мардымсыз.
Бірақ әйтеуір жоқтан бар…
Олай болса малды алыс жайылымдарда семіртуге тура келеді. Оған ұмтылып отырған ешкім жоқ. Себебі шалғай жатқан жайылымдарда су көзі жоқ, электр де жоқ. Олай болса фермерлерді ынталандыру керек болады. Оның тетіктері қандай болмақ?
Әрине, құдықтарды қалпына келтіру.
Қарағандыны мысалға алайық. Қазіргі уақытта облыс бойынша 2,5 мың құдық бар екен. Соның жартысынан көбі жарамсыз жағдайға келген. Оларды қатарға қайтып қосу айтарлықтай қаражатты талап етеді.
Облыстың шалғай жатқан 1402 мал шаруашылығы нүктесі бар екен. Соның 16,5 пайызы ғана электрленген.
***
Қой түлігіне барша жұрттың таласы бар. Қой түлігі барша құрлықта бағылып, қағылады.
Адам баласының әу басқы мамандығы осы қой бағу – қойшылық болған.
Діни әпсаналардың барлығында пай-ғамбарларымыз қой баққан.
Бүгінгі жұрт қой бағуға арланады. Кешегі жұрт онысын мақтаныш тұтатын. Тіпті, совет өкіметі де қой жарықтыққа дұрыс қарады. Қой етін қазанынан түсірмеді, қойшыларын қызыл Кремльге жинаудан таймады. Оларды барынша әспеттеді. Еңбектің Алтын Жұлдызын солардың кеуделеріне тақты. Съездер сарайында да солар отырды.
Бүгінде қой бағып отырған қазақ бар-шылық. Бірақ оларды қойшы деп отырған жанды көрмедік. Фермер дейді оларды.
Ең жаманы жұрт қатарына қоспайды.
Қойшы деп кемсітеді.
Фермер деген олардың жаңа атауы да ұшпаққа шығарып отырған жоқ.
Кешегі құрметтің бірі де жоқ бүгінде.
Қазақтың да өз Алтын Жұлдызы бар. Бірақ сонымыздың бірі де қой-шыларымызға бұйырмай тұр.
Кешегі өкімет қазақтікі болды деп айта алмаймыз. Бүгінгі өкіметіміз де сол саясаттың сойылын соғып отыр.
Қызыл өкімет қой өсіріңдер деп сұңқылдап еді.
Бүгінгі өкіметіміз екі сиыр өсір деген сұңқылынан таймай тұр.
Екеуін де түсінуге болады.
Біріншісі қызылын қазақ арқылы айыр-ды. Мәскеуді қызылмен нақ осы біздің Қарағанды қамтамасыз етіп отырды.
Оның өзінде марқа етімен.
– Күніне төрт самолет ұшады, – деп мақтанушы едік.
Сөйтсек себебі жоғарыдағыдай екен ғой…
Қызыл өкімет солайынша тұра береміз деп есептеді. Сондықтан қазақ баласының алдына қойдың санын елу миллионға жеткізу міндетін қойды.
Сол қазақ баласы алдындағы бағы-мынан өздігінен бір қой да соя алмады. Бұйырса сол ақсақ-тоқсағы бұйырды. Бұйырса кәрі-құртаңы бұйырды. Қазақ баласына қалай қой бақтыруды білген қызыл өкімет сол қазақ баласына қалай кәрі-құртаңды жегізуді де білді.
«Қауыс, кәрі-құртаңдарды тауыс» деп жінікті қызылдың қазақ жандайшаптары.
Түсінесіз бе, бұл теңізшінің мұхитта тұрып шөлін баса алмай тұрғанымен бірдей жайт ғой!
Қызыл өкіметтей де бола алмадық ғой деп өкініп жатады аға ұрпағымыз. Қазақ баласын жарылқамаған өкіметке несіне итінетінімізді түсінбеймін. Қазіргі өкіметіміз де сол өкімет.
Екіншісін де түсінуге болады. Совет өкіметінің елу миллионға жеткіземін деген малын тауысып алып, енді не істерін білмей отырған жайы бар. Осыған дейін өзгеге ет жегізіп келген қазақ енді өзге жұрттың етін талғажуда. Сонау мұхит асып ет келуде.
Ол еттің су татитынын біле ме екен біздің өкімет?!
Кім қалай десін, олай десін, қазақты осы күнге дейін асырап келген түлігі – нақ осы қойы.
***
Қой – қазақ баласының дастарқаны.
Қазақ баласының дастарқаны әсіре басымшылықта қой өнімдерінен тұрды.
***
Қой – қазақ баласының тоны.
Қазақтың бар тоны осы қой терісі мен жүнінен тұрды.
***
Қой – қазақ баласының дәріханасы.
Өйткені қой баласы шөптің үш жүзге тарта түрімен қоректенеді!
***
Қазақтың «шөп жемейтін мал болмайды» деп айтатыны бар. Сол малы осы – қой жарықтық.
Қазақ баласының баспанасы болмаса да мал ұстамайтыны, оның ішінде қой өсірмейтіні болмайтын. Алдына бес-алты ұсағы жоқ үйге жан түспейтін. Ал бұл қорлықтың үлкені болатын. Қонақ түспеген үй ол кезде молаға саналатын.
Қазақ қой өсіруді білді. Қандай ет жеу керектігін де білді.
Қой етін жеуге қатты қарады. Қазақ-шылықпен қарады.
Өйткені қазақ баласы қой етін дәрі-дәрмек ретінде пайдаланды.
Қой етінің жазбайтын сырқаты қалмайтын.
Бір сөзбен айтқанда қой – қазақ баласының дәріханасы еді.
Олай болса қой баласына деген құрметімізді қайтып түзейік.
Біздің қойға деген құрметіміз аргонавтардың құрметінен бір де кем болмауы керек.
Олар қой жүнін алтынға балаған. Орыстың өзі оған ден қойған. Золотое руно деп.
***
Ал біздің қойдан жеріген жайымыз бар.
Неге?
Мәскеу шіркін қазақты қойдан ажыратудың жолын өмір бақи қарастырып келген. Қойға қатысты атаулардың бәріне кемсіткі сөздерді (атауларды) пайдаланған. Баран дегенде соншама бір жиіркеніштікпен айтар еді. Осыдан барып қазақ баласы қой қораны айналып өтуге мәжбүр болған. Осыдан барып қой етін жеуден тартыншақтаған.
Бүгінде әлем жұртшылығы қой етіне біржолата ден қойған. Оны экологиялық таза өнім деп сараптама жасап қойды.
Қазақ баласы қой өнімінің ысырабына жол бермеген. Ащы ішегіне дейін пайдаланған. Құрығанда онысынан ащы қуырдақ жасаған.
Расында да қой түлігін ұлттық кодымыз дейтін болсақ, оның да ұлттық рәмізіміздің төрінен өз орынын алуға құқылы.
Қазіргі жағдайда жылқымыз қалай әспеттеліп отырса қойға да сондай мәртебе беруіміз керек.
Әлде бізде қойға байланысты тө-меншектік пиғыл қалып қойған ба? Қойымызды байрағымызға шығарайық дейтін жан табылмай отыр. Ағылшындар бізге өнеге бола алмайды ма? Олар қой жарықтықты төбелеріне шығарып отыр ғой.
Жасыл құрлықтың тіршілгі тек қоймен ғана байланысты…
Біздің де тіршілігіміз осыған ұқсас…
Ендеше қазақ қойының қанатты тұл-пардың – пырақтың жанынан өз орынын алуға тиіс деп білеміз…
Қазақ баласы қанатты қойды да білсе керек. Оны бабаларымыз әспеттеп келепан деген.
***
Бата жағынан келгенде қазақ ба-ласының алдына түсе қояр жұрт бар ма екен?!
Назар аударған, құлақ қойған жан болса бата ішінде міндетті түрде бір тілектің басқасынан гөрі жиі аталатынын аңдар еді. Қыс дастарқанда да, жаз дастарқанда да сол тілекті естір едік. Тіпті күнде естиміз, тіпті дастарқан жайылған сайын сол тілекті естиміз десек артық айтқандығымыз емес.
Алақанын алдына алған қариямыз ең соңында:
– Ақ мол болсын! – деп батасын қайырып, бетін сипар еді.
Құлағымыздың үйреніп кеткендігі соншама, оның астарында не жатқанына ой жүгірте бермейміз.
Ақ сөзі қазақ баласының ұғымында сүт деген сөз.
Ауыл көрген баланың санасында мұндай сәтте сиыр, сиыр болғанда сиыр сүті тұрар еді. Көпшілігіміз де осы сыңайда ойлаймыз, жайдақ ойда боламыз. Төрт түліктің бәрінде де сүт бола тұра неге олай ойлайтынымызды өзіміз де түсіндіре алмаймыз.
Сол ағымызды ағарған деп те ай-тушылық бар.
Мұнан ақ сөзі мағынасының онша өз-гере қоймағанын аңдаймыз. Дегенмен ақ және ағарған сөздерінің екі мағыналы сөздер екендігін ішкі түйсікпен ажырата алар жайдамыз.
Ағы сиыр сүті болса, ағарғаны жылқы сүті. Баршамыз солай ойлаймыз.
Алдына мал салған қазақ баласы онысын ешқашанда қақтап саумаған. Онысы да болған. Малын пұлдағанда. Ондағысы ырысымыз осы үйдің босағасында қалсын, басқа үйге кетіп қалмасын деген наным-түсінігінен.
Қазақ баласының күнделікті, жыл мезгілін талғамай тұтынатын өнімі осы ағы, осы ағарғаны.
Оны ас, тағам деп емес, дәрі-дәрмек ретінде пайдаланған. Оның ішінде жылқы жарықтық пен қой жарықтықтың сүті ерекше сұранысқа ие болған.
Оларды қазақ баласы ағарған деген.
Басқа жақты біле қоймаймын, алайда Арқа жұрты мұны білсе керек. Өйткені Арқада қыс алты ай жатады. Өйткені жалаңбұт кәуірлермен бірге Арқаға өндіріс ошақтары ерте келді. Ол өзімен бірге түрлі ауру-сырқауларды арқалай келді. Олардың өз емдері болды. Оның бастысы – самогондары еді. Оның ішінде әспеттісі – перуаштары болатын.
Ал оның қазақ сахарасындағы жалғыз емі – ағарғаны болатын.
Әсіресе, өкпе-тыныс ауруларының мың да бір емі деп осы ағарған есептелді. Соған орай қазақ ауылының қысыр саумағаны болмаған.
Есті ауыл ешқашан ағарғанын үзбеген.
Осы сәт құлағыңыз елең ете қалған болар. Өйткені сіз бұл сөзді жиі де болмаса естіп қалып жүресіз.
– Ағарғанын үзіп алма! – деп тапсырып жатады үлкендер жағы.
Бұл сырқаулы жаны бар отбасындағы әңгіменің ауаны.
Осы жерде есіңізге еріксіз орыс руханиятының алыптары Толстой мен Пушкиндер оралады. Өйткені оларда өкпе сырқаты болған және оларынан қазақ сахарасына келіп, қымыз ішіп біржолата айыққан.
Көзіміз көрмесе де сенеміз. Өйткені өкпесін алдырған қыр баласы қашанда аулақтан үй тігіп, ағарған ішкен.
Ағарған ішті деген сөз қымыз ішті деген сөз.
Былтырдан бастап осы ағарған сөзінің мағынасы кеңи түсті. Бүгінде ағарған десеңіз қазақ баласы қымызды емес, саумалды алға тартады.
Оның шіреті одақ кезіндегі үнді шайынының шіретінен бір де кем емес еді.. Оның шіреті тоқсаныншы жылдардағы арақ-шарап дүкендердің шіретінен бір де кем емес еді. Керек десеңіз жасымыз бар, жасамысымыз бар соғыс жылдарындағыдай нан кезегінде тұрған аға толқын өкілдеріндей таң атпастен аяғымызды алып шіретте тұрдық. Және сол жерде жылы күйінде соңғы тамшысына дейін ішуге ұмтылдық. Тіпті, сол желбауда қонып қалушылар қарасы да аз болмады.
Басқа жұрт ала алмаған ковид індетін қазақ баласы осылай алған.
***
Шәй, шәй қойым, шәй қойым…
Шәй-шәйлап қой қайырған ауыл баласы өзінің не айтып отырғанына ой жүгіртті ме екен осы?!
Таяқ ұстаған қазақ қой семірді демейді, шәйлады дейді. Ауызекі тілде семірді деп айтушылық бар.
Осы жерде шәйлау мен семірудің екі мағыналы сөз екендігін де айта кетелік. Қой майын құйрығына жинағанда шәйлады дейді, майын етіне (қабырғасына/сүбесіне) жинағанда семірді дейді.
Бабаларымыз қойдың тегене құйрығын әспеттеген.
Оның да жөні бар. Тегенеқұйрық қойлар семіздікті көтере алмай жатып қалады. Ит сияқты шөкесінен тұрып, қозғала алмайды. Міне, осы тұста тырс-тырс етіп қой құйырығы терісінен жарылады. Шып-шып етіп май көрінеді. Құйрығынан жарылған мұндай қойлар қазақ баласының жеңсік асы. Қазақтың қой құйырығын шыжғыратын тұсы осы тұс. Онымен адам денесін сылаған. Қазақ сынықшылары үгітілген сүйек сынықтарын жинағанда осы қой майын пайдаланған. Сондай-ақ қой сүйегімен адам сүйегін осы кезде алмастырған. Өйткені қой сүйегі осы тұста майы жегендіктен кішірейеді. Адам ағзасына салғанда ол қайтып бұрынғы көлеміне ұмтылады.
Мұндай май шық етіп жүрекке тимейді. Оны шикідей де жей береді. Қазақтың толғамай жұтатын майы осы. Қандайда бір себеппен омыраудан ажырап қалған жас баланы осы маймен торалтқан. Оны білемдеп турап алып, шикідей сорғызған. Онда ең бастысы холестерин болмайды.
Ата-бабаларымыз қой етін сойысымен тұтас асуға асыққан. Себебі түн асқан қой етінде холестерин жинала бастайды. Марқаларда холестерин атымен болмайды. Бұл медицинада әбден дәлелденген айғақ нәрсе. Бүгінде еуропалық стандарт деген шықты. Бұл стандарт бойынша олар төрт айлық қой (марқа) етін тұтынады.
Әдетте жемтігін тамақтан алатын қасқыр қойға келгенде ауызды құйрыққа салады. Құйрығы жырым-жырым қойлар көрсек оның осындай себебі бар.
Ертеде жау шапқанда ұран отын жаққан. Сол от түн ішінде бәленбай шақырымнан көрініп тұрған. Сол ұран отының тамызығы осы қой құйырығы екен. Тамызытқы құйырық ешқандай жауын-шашынға сөнбейді дейді.
Сол жаугершілік заманда Арқа қа-зақтары Алатауға араға күн салмай барған дейді. Бетпақдаланы басып өтіп. Ал Бетпақдалада су жоқ екені белгілі. Сол шөлден өткен орыс әскерлері алты күн дегенде әзер жетіпті.
Себебі сол құйрықта. Шөлдеген атқа қой құйырығын жегізген. Құйырық қоры-тылғанда орасан зор су бөлген.
Ендеше қазақ баласы қойды тегін шәй-шәйламайды екен.
***
Діни тәмсіл бойынша адам жаратылысында қойға деген мұқтаждық болмаған. Ол мұқтаждық көктен келген.
Діни аңызатта қой Көктен түскен дейді. Қалғаны жерден (топырақтан) жаралған. Мәселен, түйе сордан, жылқы желден, сиыр судан, ешкі тастан жаралған дейді. Қойға келгенде бейіштен жаралған дейді. Тағы да сол діни қағидат бойынша бейіштен жаралған мақұлықат бірқыдыру. Олардың арасында мысық, жылан, ит бар. Қой да соның ішінде.
Демек қой жарықтық басқа түліктерге қарағанда артық жаратылған. Содан да асыл хадисімізде «Қой бағыңдар, өйткені береке сонда» делінген.
Өйткені қой адам баласының құт-қарушысы. Кисең киімің, ішсең сауының, жесең қызылың. Ең бастысы жаныңның арашашысы.
Тағы да осы діни әпсаналарымызға жүгінелік. Онда шайтанның кез келген бейнеде көрінетіні айтылады.
Екі-ақ жағдайда шайтан басқа бейнеде көріне алмайды екен. Оның бірі кептер болса, екіншісі осы қойымыз. Біріншісі Нұх пайғамбар кемесінде жақсы хабар жаршысы ретінде көрінсе, екіншісі көктен түскен.
Исламның ұлық мейрамы Құрбан айт. Құрбандық шалу Ибраһим пайғамбардан бастау алады. Тұңғышы Ысмайыл жеті жасқа толған кезде түс көрген екен. Алла тағала ұлын құрбандыққа шалуды бұйырады. Пайғамбар көктен келген пәрменге бойұсынады. Ұлын құрбандыққа шалайын деп өткір қайралған пышақпен қанша осса да өтпей қойыпты.
Алла құлының өзіне адал екендігіне толық көз жеткізгеннен кейін көктен көк қошқар түсіреді. Атам қазақтың қойдан қошқар дейтіні осыдан.
Шынында да содан былай қой жарықтық адам жанының арашашысы болған. Ата-бабаларымыз қаншама жазықты болса да айыпкерге өлім жазасын кеспеген. Кісі өлтіргенге де өлім жазасы болмаған.
Өйткені адамның жанын бір Алла ғана алған. Қалғаны соның салдары.
Екі жақ татуласқанда қой қандаған. Қанша адам келсе де, қанша адам отырса да ондайда қой сойған.
Адам Атаның сүйікті ұлы Әбіл болған. Сол Әбіл қой баққан. Әбілдің ажалы бауыры Қабылдан болған. Қой мен Әбілдің, Қой мен Адамның бір-бірінен ажырауы осы Әбіл өлімінен кейін болған. Қабыл мәйітті не істерін білмеген. Соны қарға арқылы Алла тағала көрсеткен. Жерле деген.
Содан бастап қойдың сүйегі жер бетіне қалып, адамның сүйегі жер астына кететін болған.
Қой бағу бір ғана өзекті пендесінің пе-шенесіне жазылып қойылмаған.
Пайғамбарлардың барлығы да қой баққан.
Қойшылық адамзат баласының бірінші мамандығы.
Берекенің қой малында екенін білген.Жылқы етін ай-жылында жеп жатады. Түйе еті де солай. Сиыр етін бабаларымыз аузына да салмаған.
Қастерлісі қой еті болған. Бүгінде мүтіл Еуропа қой етіне көшіп жатыр.
Өйткені қой еті ешқандай гормонға көнбейді.
Бүгінде құс еті жеуге жарамай қалды. Өйткені әйел гормонын сіңіріп біткен. Сиыр еті де солай. Жылқы, түйе етін де кемі үш-төрт гормонмен толтырып қояды.
Ал сол гормондарыңыз еркек қуатын жояды.
Олай болса қой жегеннің ертеңі бар.
Жадымызда осы болсын.
***
Ковидтің басқа жерден шықпай дәл іргемізден шығуы елімізді абыржытып-ақ тастаған. Содан төрт ай өткенде дабыл қағылды. Өкімет ойбайға басты. Үйден шықпа деп. Аузыңды тұмшала деп.
Ковидтен құлақтанып үлгерген жұрт дәріханаға жүгірген. Қас қылғандай ондағы сөрелердің барлығы жылан жалағандай жалаңаш тұрды. Ел шыбындай қырылып жатты.
Сол қырғынды тоқтатқан өкімет, болмаса дәрігер емес – қазақтың сол ағарғаны, сол саумалы еді.
Өкінішке қарай осындай ауыр сәтте пайда табушылар қарасы да шаң беріп қалды. Дегенмен жұрт есінен адаса қоймады.
Есін жиған жұрт енді қалаға ағылды. Ағарғандарын шөлмекке құйып, ауруханалардың алдын бермеді.
Қырдан ағарған келіп жатты. Тонналап, шишалап. Міне, қызық, соның бәрі тегін еді.
Осыдан кейін қазақтың қазақтан басқа досы жоқ дегенге қалай сенбессіз?!
Кейінгі кезде есек сүті деген әуезе шықты. Сырт құлақ естіп отырғаным сондай вакцина шығыпты. Бұл енді тура Батыстың әңгімесі.
Бәлкім, емдік қасиеті болса болар. Алайда біз айтып отырған вакцина бола қояр ма екен.
***
Бабаларымыз ай құлақтанса азығын сайлаған, күн құлақтанса күрегін сайлаған. Сайлаған азығының һалалына мән берген. Сол азығының қадірлісі жесе тісіне кіретін, жемесе түсіне кіретін ет болған. Өзімізді жарылқап болғандай сол етпен өзгелерді жарылқаймыз деп жанталасып жатқан және жайымыз бар. Көршілес Ресейдің өзіне 500 мың тонна ет экспорттай алады екенбіз. Келер жылдан 600 мың тонна ет жөнелтеміз деп қызыл танау болып жүгіріп жүрміз.
Отандық және шетелдік ет рыногында басты орынды құс етінің алатыны белгілі. Одан кейінгі орында шошқа еті тұр. Ата-бабаларымыз сасық деп теріс айналған сиыр еті үшінші орында. Оның өзінде сиыр және бұзау еті деп тағы бөлінеді. Қазақтың тісі мен түсіне кіретін қой еті мен жылқы еті одан кейінгі орындарда. Одан кейінгі тұрған бұғы еті мен қоян етіне екінші сұрыпты деп пысқырып та қарамайды.
Қой аталған жерде ойда ешкі тұратыны белгілі. Ешкі етінің қойға қосақталып жүргені бір бұл емес. Алайда бүгінде ресейліктер қой мен ешкіні өз алдына айырып, жеке-жеке сала ретінде дамытып жатыр. Олардың Азық-түлік доктринасында қой мен ешкі етінің өз орыны бар. Ет экспортын бағытқа алған қазақстандықтардың шығарылымында қой етінің де үлесі қомақты болса керек. Өйткені ол қазақ баласының зәузатжадылық, тарихи тағамы болып қалыптасқан. Қазақ баласының күнделікті ішіп-жемінде қой бірінші орында тұрған. Келген қонағына тауық соймаған, әрине. Алты ай қыс болмаса, немесе арнайы мезеттерде болмаса жылқы еті де сойылмаған. Сиырды жоқ-жітіктер ғана қорек еткен. Ілкімдісі, пайдалануға қолайлысы осылайша қой болған.
Бабаларымыз қой етін «қартайтпай», жастай жеуге тырысқан. Оларын марқа деп әспеттеген. Және сойған малының етін қазанға тұтастай салған. Қазіргідей ет сақтайтын орын болмағаны да себеп болар, алайда қой етін сойған бетте жеп қоюға тырысуының басқа да себебі бар.
Итқұс ешқашанда қой етін ертеңіне қалдырмаған. Оны жерге де көміп әуре болмаған. Жеп тауыса алмаса тастап кеткен.
Марқаның майы жүрекке тимейді. Уыздайын сіңімді болады. Өйткені онда холестерин болмайды. Түн асса-ақ болды онда холестерин жинала бастайды. Түн асатын ондай еттерін әжелеріміз қақтай бастайтын.
Қой етіндегі холестрин мөлшері басқа түліктермен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Мәселен, мәрмер деп мақтап жүрген сиыр етімен салыстырғанда ондағы холестерин мөлшері 2,5-4,3 есе аз. Оның үстіне қой еті биологиялық, химиялық, аминоқышқылдық және энергетикалық бағалығы жағынан еттің басқа түрлерінің алдында тұр.
Жаңа сойылған етте холестерин болмайтынын табиғаттың өзі дәлелдеп берген. Итқұс қашанда қойды құйрығынан тартқан. Және онысын малжаңдамай қылғыта салған. Қазақтың кешегі мешкейлері ешуақытта құйрық майын малжаңдамаған. Өзіміз көрген кешегі шалдарымыз да май шайнап отырмайтын. Қылғыта салатын.
Жұтқа ұшыраған малды торалтуда осы қойдың құйырығы пайдаланылған. Әлдеқандай себептермен сүттен ажыраған балаларын үлкендер нақ осы қойдың құйырығымен торалтқан. Олай болса қой етін жастай жеу керек болады.
Қой еті ыдырағанда орасан энергетикалық қуат таратумен қатар орасан мөлшерде су бөліп шығарған. Қазақ ғылымында өзіндік орыны бар атақты ғалым М. Әлімханов қойдың аштыққа ең төзімді түлік екенін дәлелдеп шыққан. Қой өзінің құйрығының майын жеп қоймай, суын ішкен.
Ерте заманда бабаларымыз орта жолдағы Бетпақтың шөліне қарамастан Алатауға үш-төрт күнде жетіп баратын болған. Хан Кене осы тәсілді қолданып талай рет патша әскерін қапы қалдырған. Ал оның басты себебі жылқы баласына шөліркегенде қойдың құйрығын жегізген!
Қой етінің мұндай бағалылығын табиғатынан іздеген жөн болады. Өйткені ол аяқты мал, өз аяғымен жайылатындықтан ол шөптің сан алуан түрін пайдаланады. Мал мамандары қолдағы малдың шөптің үш-төрт түрін талғажу ететінін, ал қой жарықтықтың кемі 272 түрлі шөпті жейтінін көлденең тартады. Қой тоқ қайырғанда ғана шөптің жуасын іздейді. Қалған уақытта ол шөптің ащысын қуалап оттайды. Ал ащы шөптің шырын жинайтыны белгілі.
Мұндай шөптің шөл және шөлейіт жерде өсетіні аян. Қазір қой саны бойынша бірінші орында Австралия тұр. Онда 150 миллион бас қой бар деп есептеледі. Түркия, Ресей де отарлы елдер санатына кіреді. Біздер де осы санатқа кіреміз.
Бүгінде ғалымдар сапалы қой етін алу үшін төрт айлық қозыны сойысқа жіберу керек дейді. Бұл тәсілді ағылшындар әлімсақтан қолданып келеді. АҚШ та, Ресей де бұл қалыпқа түсіп алған.
Түспей жүрген өзіміз.
***
Ковид деген не?
Жалпақ тілмен айтқанда бұл кәдімгі өкпе-тыныс жолдарының сырқаты. Батыстық мамандар айтып жүргендей ол вирус болған жағдайда оның емі жоқ. Онда оның сырқат болмағаны.
Бір анық нәрсе оның шылауында өкпенің жүретіндігі.
Жұрт өкпеден әлі кетіп жатыр.
Жанталас бар жерде болған. Қалай алып қаламыз деген. Қолдан келгені антибиотикті екпе жасау еді. Содан оттегі жастықшалары келді. Енді адам өкпесін соған қостық. Алайда ол да қорғаныш бола алмады.
Қос өкпе оттегіге толы бола тұра жұмыс істемеді. Анығы жұмыс істеуден бас тартты.
Осындай себеппен қаншама адам көз жұмды?!
Оны өз басымыздан өткізген соң айтып отырмын. Ғайыптан тайып тұрып кетсең – ковидсің, ал тіл тартпай кетсең – пневмониясың.
Жер асты жұмыстарына жегілгендер біледі. Шаңды шахталарда жұмыс істегендердің кәсіби ауруы бар. Силикоз деген. Бұл да өкпе дерті. Онымен ауырғандар оларын өзімен бірге ала кетеді. Мақтап жүрген медицинамыз бұл жерде дәрменсіз.
Алайда одан айығып кетушілер де бар. Қазақы ем жолымен.
Ол жол – ағарған!
Ол дертті қазақ баласы ағарған деген! Бұл кешегі қазақ емшілерінен қалған жол!
Бұл дертке ұшырағандар өкпелерін жоғалтып алып жүреді. Оның мәнісі айнаға түскенде айна өкпенің бар-жоғын көрсетпейді.
***
«Қой көрмеген қуалап өлтіреді» дейді бабаларымыз…
Соны жете түсіне алып жүрміз бе?
Біздің қазіргі мақтап жүрген фер-мерлеріміз саулықтарын өлгенше қоз-датады. Сойысқа тісі түскенін ғана жібереді.
Қазіргі қазақтың сайын даласына жерсіндірілген қойдың еділбай, дегерес, сарыарқа түрлері ағылшынымыздың гамильтонынан, орыстардың романовкаларынан бір де кем түспейді.
Олай болса еліміздің Азық-түліктік қорғанысында қой етінің алар орыны ерекше болмақ. Соған орай өзіне барынша назар аударуды қажетсінеді.
Кеңестік кезеңде қой шаруашылығы барынша дамыды. Қазақ даласындағы қойдың санын 50 миллионға жеткіземіз деп итіндік. Біздің бабаларымыздың жеткен жері 36 миллион болды. Бұл Одақтың қой өсірумен шұғылданатын кез келген аймағынан жоғары көрсеткіш болатын. Мәскеу, оның ішінде Қызыл Кремль Қаптауының Дағыстан, немесе қалмақ қойларын тұтынбай қиырдағы қазақ даласынан айтып отырған еділбай қойының етін вагондап тасымалдап жатты.
Одақ кезінде 1991 жылы 55,3 миллион қой болған екен. Соның 2,5 миллионы Қарағанды облысында өсірілген. Бүгінде облысымыз бойынша қойдың басы 1,5 миллионды құрайды деп жүрміз. Қой басының санын 25 миллионға жеткізу міндеті тұр. Елімізде қойдың ет рыногын қалыптастыру үшін 18 миллион қой жетеді деп айтатын сарапшылар қарамы де жетерлік.
Одақ кезінде жыл сайын 878 мың тонна тірідей салмақта ет дайындалыпты.
Осының 136,3 мың тоннасын қара-ғандылықтар өндірген екен. Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Балқаш ет комбинаттары Одақтың етке деген сұранысын қанағаттандыру үшін ауысыммен жұмыс істеуге мәжбүр болады. Бұл аталмыш комбинаттар күндіз-түні жұмыс істеді деген сөз. Қарағанды комбинатының өнімдері тікелей Мәскеу және Ленинград қаласына асырылған.
Ресей бүгінде қой етіне, оның ішінде марқа етіне емініп отыр.
Одақ құлап, 1999-2000-шы жылдары Ресейде 14,5 миллион бас қой мен ешкі қалады. Біздің де жетіскеніміз шамалы. 24 миллион басты баспа бас айырбасқа жұмсап, 12 миллионын әзер алып қалдық.
2001 жылдан бастап Ресей қой басын өсіру, асылдандыру бағытын алды. Соның нәтижесінде қойдың басы 2005 жылы біржарым есе өсіп 18,2 миллион басқа жетті. Бүгінде оның саны 21,5 миллионды құрайды. Қой басы Дағыстанда 5 миллион, Қалмықияда 2,3 миллион, Ставрополь өлкесінде 1,9 миллионға жетті. Тірідей салмақта 365 мың тонна қой етін өндіруді межелеп отыр. Ал біздер Одақ заманында 500 мың тонна қой етін өндіріп келгенбіз.
***
Мына Арқада Ақшатау комбинаты деген болған. Қорғанысқа қажетті ауыр металдар өндірді. Соның шахталарына түскендердің силикоздан сауы жоқ еді. Сол Ақшатауыңыз тікелей Мәскеуден басқарылды. Соңғы үлгідегі медициналық жабдықтары болды. Ел сол орталыққа Мәскеуден келетін. Қаралуға. Оның үстіне Ақшатаудың дәрігерлері шетінен мықты еді. Сонда істеген радиолог Қоқаш деген ағамыздың диагнозын Мәскеудің өзі растап отыратын.
Сол Қоқаш ағамыз айтып отыратын.
– Ағарғанның отадан басқа жолы жоқ, – деп.
Айнаның өкпенің бар-жоғын көрсет-пейтіні өкпенің ағарып кетуінен.
Сол Ақшатауда тұрған біраз шахтер ағаларымыздың тесік өкпелі болғандығын айта кетелік. Сол ағаларымыздың біразы бір өкпелерін осы дүниеде қалдырып кетті.
Мұны естіп айтып отырғанымыз жоқ, көзіміз көріп айтып отырмыз. Мен сол шахталарда екі жыл еңбектендім. Қазақтың қазіргі қабырғалы қаламгерлерінің бірі Құлтөлеу Мұқаш та осы жолдан өткен. Теріс кетіп жатсам сол бауырым ағасын түзей жатар.
Осы жерден жазбамызды үзіп, бір қайырып тастағанымыз дұрыс болады-ау деп ойлаймын.
Сонымен қолданыстан кетіп бара жатқанымен әлі де өзінің ұлттық реңкінен біржолата ажырай қоймаған ағарған сөзі бар екен.
Ағарған дегенде қазақ баласы оны ең алдымен жылқы сүті деп біледі. Білгенде саумал мен қымызды ағарған деп біледі.
Оған басқа түлік сүті жатпайды.
Ағарған деп қазақ баласы өкпе дертін біледі.
Оның ең ауыр түрі – туберкулез. Медицинамыз оны емдеуге дәрмендіміз дегенмен оның әлі де құйрық тістесіп өзімізбен келе жатқанын көріп отырмыз. Айтып отырған Ақшатауымызда алып тубдиспансер болды.
Ел онда тесік өкпелілер жатады дейтін. Өкпе туберкулезі ел ішінде тесік өкпе аталатын. Алайда оны ешқашанда ағарған деп айтпаған.
***
Арқа қысының ызғарлығы белгілі. Ықтасын, пана болар сыртаң киімдерге терінің барлығы бірдей жарай бермеген. Бәрін басынан өткерген қазақ «тоғыз қабат торқадан тоқтышақтың терісі артық» деп бір-ақ қайырған.
Қой жарықтықтың қашанда терісі қымбат бағаланған. Және ең бағалысы бабаларымыз айтқандай тоқтышақтың терісі болған. Тоғыз тоқтышақтың терісінен өгіз ішік киген бабаларымыз қандай күн болсын жер мойнының қашықтығына қарамай сапарға шыға берген. Бабаларымыз Қояндыға мыңдап қой айдағанда етін бір бөлек, терісін бір бөлек пұлдаған.
Тәуелсіздік алып, бір қойды бір ши-ша араққа айырбастаған заманда ел ақыр таяғын ұстап қалған. Сол заманда Моң-ғолиядан көшіп келген қандастарымыз елді еттен тарықтыра қойған жоқ. Олар күндіз-түні Баянөлгейден елімізге ет тасымалдады. КамАЗ-дарға кәдімгідей текшелеп тиеп әкеліп жатты. Бір қызығы олардың бір де бір терісі келген жоқ. Кейін білсек олар қой терісін сол елде пұлдап келеді екен. Өйткені тері етінен төрт еседей қымбат көрінеді. Мәселен, қой еті сол тұста 200 рубль тұрған, ал терісі 800 рубльге дейін барған.
***
Қазіргі уақытта қой етінің келісі төрт мың теңгеге барды. Құрбан айтта шалынған тоқтының бағасының өзі шарықтап кетті.
Бұл баға мұнымен тоқтамайды. Бұл қазіргі қуаңшылықтағы баға. Еліміздің батысындағы көктеммен келген қуаң-шылықтың жалғасы міндетті түрде болады. Тоң тұрған жоқ. Жауынның исі де шықпады.
Енді бұл қуаңшылық Арқаға келетін болады. Қоңыр күзде. Еттің бағасы сол кезде шамамен бес мың теңгенің үстіне шығады.
Түйе еті деген болмайды. Жылқы еті болады деп те айту қиын. Сиыр еті бізді жарылқайды деп айтуға ауыз бармайды.
Бұлардың барлығы қырылып жатыр.
Шыдас беріп тұрғаны қой жарықтық ғана. Ол қазір өзінің құйрық майын қорек қылып тұр.
Ертең не боларын ешкім де тап басып айта алмайды.
Қазір тұтыныс бойынша құс еті бәрінің алдында тұр. Одан кейін боса-болмаса – шошқа еті. Одан кейін – сиыр еті.
Одан кейін – қой еті.
Дастарқанымыздан қой еті кетсе бізде денсаушылық та болмайды деген сөз…
***
Менің Әкімжан әкем есті адам еді. Бір келгенінде Оралхан Бөкей ағам әкемді ауылдан алдырып, бір түн, бір күн отырып әңгімелерін алып қалған еді. Сол Орағам әкейді Естекей аға деп кетті.
Өйткені әкей әңгіме айтқанда:
– Есте кейі бар, кейі қалмады, әр жағын түгендеп ал, – деп отырушы еді.
Менің Орағам жақтырған «Керат» де-
ген әңгімем бар. Әкей соның басты кейіпкері еді.
Сол айтып отырған Ақшатауда «со-ғыстан қайтқан солдаттар» дегендейін «соғыстан қайтқан тулақтар» деген әңгіме бар. Онысы мүгедек аттар еді. Бірақ еңбекке жегуге жарайтын.
Орағам осы әңгімені түсіне қоймады.
– Неге мүгедек аттар? – дейді.
Одан барып:
– Неге аттар, неге өгіз емес? – дейді.
Сондағы әкейдің жауабы:
– Ағарған жылқы жарықтықты ала алмайды…
Шахта болған соң онда сәулен болады. Сәулен деп отырғанымыз бұл кәдімгі радиациямыз. Бұл да өкпені ағартатын кеп.
– Сәулен қойды да ала алмайды, – деп және қосып қояды әкей.
Орағамның бір рахаттанған жері осы еді.
Кейін білсем Орағамда да өкпе сырқаты болған екен ғой.
Сәуленге ұшыраған өкпені айнаңыз көрсетпейді. Шахтер жұртының өкпелерін жоғалтып жүретін себебі осы.
Сол кеп қазақ даласына келді. Ағарған болып. Ковид еді.
Оның табиғатын дөп басқан жан болмады.
Вирус деді, бактерия деді, микроп деді…
Ең соңында бәрімізге тұмша кигізді…
***
Қойдың жүнін айтар болсақ еріксіз құмығып қаламыз. Одақта, қалды бізде қой басының қысқаруына себеп болған тоқыма өнеркәсібінде жасанды талшықтардың пайдалана бастауы еді.
Ресейдің әрбір азаматы өмір сүріп жатқан аймағының климатына байланысты ең аз шекті 0,75 кг. таза талшық тұтынуы керек. Біздің жағдайда бұл 0, 63 кг. екен. Шын мәнінде біздер 0,17 кг. ғана таза талшық тұтынады екенбіз. Ресейде бұл көрсеткіш бізден де төмен көрінеді – 0,14 кг. Қазақша қайырмаласақ біздер бес есе, ресейліктер бес жарым есе жеңіл киініп жүр екенбіз. 1990 жылдары көршіміз 226,7 мың тонна жүн өндіріп келсе, бүгінде ол 55 мың тоннаны құрайды.
***
Қазақ баласы қашанда есін бермеген, қазақ баласы қашанда зәузаттық жадыға адал болған.
Сөйтіп өртке қарсы өрт салған!
Ағарғанға қарсы ағарғанды салған!
Ақшатаулық шахтерлерің жүз жаса-
ғандары болмаса да тоқсан жас жасағандары болған. Соның барлығы ағарғанның арқасы.
Хрущев заманында жылқы жарықтыққа нәубет келген. Қызыл өкімет елдің қо-лындағы айтұяғын сыпырып алған. Интернациональды колбаса жасаймыз деп, достық колбасасын жасаймыз деп.
Сол нәубет Ақшатауды айналып өтті. Ақшатауға кеңшілік жасады.
Ағарғандарға ағарғанын қалдырды. Бұл тікелей Мәскеуден келген пәрмен еді.
***
Шахтер отбасының бірі біздің шаңырақ. Әкей беделді. «ҚазақССР-і Құрметті кеншісі» атағы бар. Жаман тұрмайтын сындымыз. Үйірлеп жылқы ұстады. Бір қырық-елу бас қой-ешкі ұстады.
Балалығым шығар, мен ол тұста мән бере қоймадым. Ақшатау дүкенінде бәрі қалаулы тұратын. Құс сүтінен басқасының бәрі болды. Мәскеудің қамқорлығында ғой…
Соған қарамастан әке-шешеміз сүт, болмаса ет іздеп дүкен жаққа аяқ баспайтын. Қалай дегенде бізге қой құйырығын жегізудің жолын табатын. Қалай дегенде бізге қымыз ішкізетін.
Әлгі силикозы үшін шахтерлер қосымша өтемақы алады. Бұл ақылары басқалардың айлығынан жоғары еді. Сондықтан ақшатаулық шахтерлер өкпе ағарғанынан біржолата айығып кетуге құлықты емес еді.
Оны кейінде түсіндік қой. Әлгі ағар-ғанның алдын алу амалдарын біздер үшін жасайды екен ғой. Ұрпағымыз аман болсыншы деп. Оны да кейінде түсініп жатқан жайымыз бар.
Қазақ вакцинасына енді жеткендейміз!
Ағарғанға қойдың да қатысы бар екен!
Бала кезімізде үлкендер жағы:
– Ағарған қоямыз, – деп жататын.
Сонан бір секті ағарғанға отырғызатын. Елдің бәрі соны өз күтіміне алатын. Әбден семіргенде әлгі сек жарықтық құйрығынан жарылатын.
Сол майды ағарған дейтін!
Ковидке қарсы қазақ вакцинасы – осы!
Осы – ағарған!
***
Қалған әңгімені тонның ішкі бауындай араласқан қазақтың тағы бір соқталы тұлғасы Ахаңды – Ақселеу ағаны алға салып баян қылайын.
Ахаң жүрген жерде қазақтың қазіргі классиктік канондағы тағы бір жазушысы Өмең – Өмір Кәріп ағамның жүретіні белгілі.
Бүгінде біздің әңгімемізге қатысты Самат ағамыз да, Ахаң да, Бәтен тәтеміз де, Самат ағамыздың жамағаты Майра апайымыз да бақилық болған. Соның барлығының орнын толтырып Өмең ағам Ақадырында отыр.
Сонымен…
Тағы да Өмең ағаның үйіндеміз. Тағы да қоңыр күз еді. Ел етек-жеңін жиған уақыт. Шөп түсірілген. Қи қамбаланған. Күздік сойылған.
Жабағы-тай қолға қараған, дала ма-лының қораға қарап мөңірейтін уақыты. Адамдар түз тағысынан қорықпай қора әккілерінен қорқады. Баяғының ұрылары кереге көзінен ұрлаушы еді, бүгінгінің ұрысы шаңырақтың өзінен шығара береді.
Ет желінген. Сорпа ішілген. Батаны тосып отырған жайымыз бар. Өмең ағамның мал уайымы далаға шығарды.
– Өзекті жан болған соң-ақ әркімнің үлкенді-кішілі уайымы бар. Алаңсыз жұрт қашанда алдырған. Еркектің әйел алдында бір уайымы бар, қалай асыраймын деген. Баяғыда қырындап жүргенде бәріміз де жіліктің майымен асыраймыз дегенбіз. Қазір соны кім айтты екен деп ойланамыз. Әкенің бала алдында бір уайымы бар, қалай жеткіземін деген. Уайымның төресі осы, өзің қандай болсаң балаң да сондай болады. Ер-азаматтың ауыл алдында бір уайымы бар, ауылдың бетін қызартып алмайыншы деген. Әдетте ондай адамдарды ауылдың ұяты деп жатамыз. Оларды ауылдың ақсақалдары деп жатамыз. Мына Өмең ағаң сол қатарға жатады. Бұлар жалаң аяқ жер баспаса жүре алмайды. Ақ ішемін деп көрші ауылда қонып қалғандары да бар.
Ахаң ақсақалға деген сөзге екпін беріп, баса айтты. Сол тұста Өмең әлі елудің жуан ортасына да шықпаған еді.
– Мен Өмкеңмен бірге болдым ғой…– Бәтен апамның шалын қорғаштап жатқан сиқы.
– «Алаң да алаң, алаң жұрт, Ақала ордам қонған жұрт» деп Қазтуған бабамыз жетпіс жеті атамыздың аманатын жыр жолдарында қалдырған жоқ па? Сөйтіп те жүріп Еділді тастап шықтық. Ал жерінен айырылған жұрт ел болмайды. Қаңғыбастар қатарын толтырады.
– Ағарғанға қарап отырмыз ғой, – деп Бәтен апам әлсіз қарсылық білдіргендей болды.
Сол екі ортада есікті шалқасынан тастап Өмең ағам кіріп келді. Сұраулы жүзбен қараған. Не істеп отырсыңдар дегендей.
– Ағарған жөнінде айтып жатырмыз, – деді апайымыз.
– Қымызмұрындықты да қыстыра сал, – деді ағамыз.
– Сенің ағарғаның Толстойды жаздық деп жүрген ағарғаның ғой. Мен саған қазақты жазатын ағарғанды айтайын… Самат Мұсабековтың маған берген ағарғанын айтайын…
– Маған да берген…
Өмең қалай кірсе солай шығып кетті. Шамасы тұз іздеп келсе керек. Өйткені қолында соры шығып тұрған тұз астауы жүрді.
Ахаң Өмеңнің арсын-күрсін қимыл-дарын онша жақтыра қоймады. Отырып-отырып әңгіме арнасын тағы аударды. Алдымызда ыссы сорпа тұрған. Құрт қосылған сорпаны да бұл жақ ағарған деп жатады.
– Мына түскей жақтағылар ағарғанға онша мән бермейді. Керісінше өндірісі дамыған Арқа жұрты бұған қатты мән береді. Өйткені бұл жұрт тесік өкпелі келеді. Кез келген өндіріс орыны радиация шығарады. Бұл сәулен ауруына ұшырады деген сөз. Соның дауасын ел таппай келеді. Қазақ елі алып өндірістер орыны. Олай болса жақын жылдары қазақ баласы екі иығынан дем ала алмай, күркілдеп көксау отыратын болады. Мынау іргеміздегі Ақшатауда тубдиспансер бар. Соның босаған күні болмайды дейді. Әлі қазақ даласы осы тубдиспансерлерден көрінбейтін болады.
Ахаңның бұл әңгімесі менің жаныма батады. Өйткені айтып отырған Ақшатауы менің туған жерім.
– Менің айтайын деп отырған ағарғаным Толстойдың, болмаса Пушкиннің қазақ даласына іздеп келген ағарғаны емес. Менің айтайын деп тұрғаным, басқа, басқа болғанда ең алдымен қазақ баласына керек ағарған.
Қазір айна деген шықты. Түшкіргеннің барлығы соған жүгіреді. Ал оның денсаулықты алмаса қоспайтыны белгілі. Кейінгі уақытта әңгіме шығып жүр. Қос өкпесі де тесік екен деген. Өкпесі айнаға шықпаған екен деген. Солайы солай да шығар. Бірақ өкпесіз адамның өмір сүре алмайтыны тағы белгілі. Мына Ақшатаудың іргесінде екі совхоз бар. Ақшатаудың шахтерлерін қуаттандырсын деп салған болар. Сол екі шаруашылығың сол Ақшатаудың өзінен тамақтанып отыр. Бәрін қойғанда олар Ақшатауға ақ ішуге барады. Өйткені қазақ шахтерлерінің дені қу жандары үшін жылқы ұстайды, бие сауады.
Бәрі рас. Әлгі айтып отырған комбинатымыз қосалқы шаруашылығында бие ұстап отыр. Шахтерлерге тегін ішкізеді. Артылып жатса саудалайды. Содан да жұрт соларға қарап емініп отыр.
Бұл екі ортада Өмең де ортамызға оралған.
– Әлі өзің қашырған түлкіңді ұстай алмай отырсың ба? – деп Ахаңды алып түссін.
Ел ішінде Серік Ісмақов деген көшелі ақсақал өтті. Кәдімгі ғалым Айгүл Ісмақова қарындасымыздың әкесі. Сол ағамыз қазақы әңгіменің түбін түсіруші еді. Шаруашылық басшысы болған, лауазымды қызметтер атқарған. Сері болмаса да сол ортаға жақын жүретін ағамыз. Аңкөстігі бір басына жетуші еді. Ал мұндай адамдардың болған оқиғаны әсірелейтіні белгілі. Бұл жағынан Ахаң Серік ағамызға бәрімізден де жақын ба деп қалам.
Секең тізгінді бір алды ма – жуық маңда тарта қоймайды. Әуелі алтайысын қашырады. Өзі тоспада жүреді. Содан қызылқұйрықты інге кіргізе алмай жүргені.
– Міне, кірді!.. – ел ду ете қалады.
Жоқ, кірмейді. Кіргізбей отырған Секең.
Сөйтіп жүргенімізде түлкіден көз жазып қаламыз. Бірақ Секеңнің бір жерден алып шығатынына сенімдіміз.
– Қайда? – дейді жұрт.
– Апақтап жүргенімізде ініне кіріп кетіпті…
– Сонда құйрығын алға салып кірген бе?..
– Енді солай болып тұр ғой…
Әңгіменің бұлайша аяқталуы елді бір желпіндіріп тастаушы еді.
Өмең ағамның меңзеп тұрғаны осы әңгіме.
– Біздің ішіп жүрген ағарғанымыз бен мына Төкіжанның ауылының ішіп жүрген ағарғандары екі бөлек пе деп қалдым. Бұларда бәрі ағарған. Өкпеге шипа болса болғаны. Майлы сорпа да ағарғанға есеп. Майлы сорпаның не екенін осы ауылдан көрдік. «Ленжаста» жүргенімде Самат ағамыз ауылға шақырып қоймады. Бір сапардың реті келгенде өзім іздеп бардым. Барғанымды қайтейін, ауылда жоқ болып шықты…
– Ойбу, – деп жатыр әңгімеге елтіген Бәтен апам.
Мен де отырмын қап деп.
Сүйек жағынан Бәтен тәтем маған апай болып келеді. Соған орай апай деп айта берем. Ахаңның Самат деп отырғаны кәдімгі халық ақыны Самат Мұсабеков. Жан-жақты адам еді. Ағып тұрған сөз болатын. Сөз бөлгенді жақтырмай отыратын. Ол кісі сөз алғанда бір ұйықтап тұруға болады. Жатқан бір қазына еді. Ол кісінің өлеңі қайсы, қара сөзі қайсы – айыра алмай жатамыз. Лекітіп, төгілтіп сөйлейді. Ал бір тоқтаса сол тоқтаған жерінде қалады. Одан кейінгі әңгімеде ешқандай мән қалмайды.
Бұл менің Самкеңнің алдына барғанда байқағандарым.
– Самкеңнің серілігі елде жоқ серілік пе деп қалдым. Қайда бет алғанын айтып кетеді екен. Майра жеңгем қайда жүргенін қолмен қойғандай айтып берді.
– Домбыра ауылға кеткен. Арғы күнде келіп қалар, – деді.
Мұндай да болады екен ғой деп құлағым елең ете қалды. Домбыра ауылды кім естіген. Алғаш не істесем деп ойланып қалғам. Енді ойланатын ештеңесі қалмады. Сол домбыра ауылға баруды шештім.
Айтып отырған ауылдары Шалтас деген жерде екен. Бұл атақты Әбікен күйшіні берген топырақ. Cодан да домбыра ауыл атанған жайы бар.
Қарабұлаққа тиіп тұрған жер десе де болады. Қайнақ тұрғандай уақытта-ақ жетіп бардық.
Көзіме бірден оттай басылғаны дала иелері – күмбезді бейіттер еді. Қоныстарын көріп келеміз. Күмбездерден шалғай тігіпті. Тіккенде уаз деген машиналарын ортаға алған. Үстінен шатыр тігіпті. Сарышағанның әскерилерінен алған болу керек. Болмаса Ақшатаудан алған болар. Жерошақ қазып тастаған. Тайқазан болмаса да соған барабар қазан тұр. Оның не қажеттігі бар деп ол қойдық. Мосы ол тұр. Тамызығы молынан.
Кәдімгідей жайлап алыпты. Айқыш-ұйқыш қызыл сым тартып тастапты. Оған нешетүрлі шөп тартылған екен. Көлеңкемен кептіруді көргеннен-ақ дәрі шөптер болды ғой деп тон пішіп тастадық.
Біз барғанда өздері жоқ болып шықты. Енді қайдан іздесек деп дал болайық.
Анадай жерде үшақаланып қос тігі-ліпті. Бұл маған таңсық емес. Алайда оның айдалада не қажеттігі болды деп ойланып қоям? Жақындап кеп қарасам ішінде ит секілді шоқиып нән сек отыр.
Шынымен ол отыр еді… Секті семірткендері соншама оны орнынан қозғау мүмкін емес еді.
Қай жағымыздан шығар екен деп апақтап біз тұрмыз.
Жоқ, бізді көрген екен. Өздері келді.
Әлгі қызыл сымды дәрісым дейді екен. Қызылеспенің мысынан қайнақталып, тартылған дейді. Қызылеспе деп тұрғандары сол тұстағы бұрынғы кеніш атауы. Заманында ағылшындар мыс, күміс, алтын өндірген екен. Қорғасын да өндіріпті.
Самкең сол баяғы апақтаған беті. Сөзге қонақ берсе, кәне. Жанындағы серігі өзім қатарлас Атай деген азамат екен. Музыкалық аспаптардың бәрінде ойнай ма деп қалдым. Қолына не ілінсе соны аспап қылып ойнай береді екен…
Бұл Атайды білсем керек. Қоңқабайдың Төлеутайының баласы. Есімі Атай емес Батай болушы еді. Ахаң жаңсақ естіген болар. Бүгінде дін аман жүріп жатыр. Сексеннен асқан жасы болуы керек.
– Ал, – деймін Самкеңе, – бұл ненің дайындығы?..
– Жақсы келдің, Селеужан. Бір күндік кемдігі болып тұр. Бір күн аял жасасаң бәрін көресің, ағаңа өмір бойы ризашылығыңды айтып жүресің…
– Бопты, – дедім Самкеңшілеп.
Айдалада жатырмыз. Көлденең сөз қоссақ жұлдыз санап жатырмыз. Түн тыныштығында бәрін естіп жатасың ғой. Кенет тырс-тырс етіп жаңбыр жауып тұрғандай болды. Дыбысы бар, тамшысы жоқ бұл не жаңбыр деп қоям.
– Құдайым бар екен…– деген дауыс шықсын.
Самкеңнің дауысы. Жазбай танып тұрмын.
Сөйтсем, байлауда тұрған сек құйрығы жарылған екен.
Қойдың құйырығын тазалап қырып тастаған. Бит тайғандай.
Шып-шып еткен дыбыс жиілеген. Тырс-тырс еткен дыбыс та қоюлана түскен. Қойдың құйырығы шыны тегенеде жатыр. Бейне бір жүзіп жүрген сынды. Көкжиек сығырая бастағанда-ақ оның әппақтығы білінді. Әппақ болғанда елде жоқ ақтық.
Өмірімде мұндай құйрық көрмеген болармын. Тегенеден шығарсаң жер-көкті алып кететіндей.
Және бір таң қалғаным аяқ-шанақтың барлығы ағаштан еді. Қасық та ағаш, ашасы да ағаш, аяқ-табақтың барлығы ағаш…
Маған бәрі таңсық. Сұрайын десем ол кісілердің мұршасы болмай жатыр. Кенет тым-тырыс болды да қалды. Шіпіл де тоқтады, тырсыл да тоқтады.
Тегенеге жақын тұрған Атай ағаш қасық тола майды тартып жіберді. Самкең де алақынымен күреп май жұтсын.
– Перваш! – деп қойды Атай.
– Сен тегенеден іш, – деді Самкең, – елге айтып жүресің…
– Тегенеден су іштім десем де жұрт нанар ма?.. – дедім, бірақ ойымда басқа нәрсе тұр еді.
Біреулердің тегенемен арақ ішті дегендерін естіп едім. Сол есіме түссін. Ал тегенемен қымыз ішкендерді өз көзіммен көргенім бар. Оларды масайып қалар ма деп ойлаушы едім, жоқ, аяқ-қолы қимылдамай серейіп қалады екен. Ондай ішкіштерді ақыш дейді екен. Мен көрген ақыштардың кірпігі қимылдап жатты.
– Жақында, бері, – деді Самкең, – өмір бойы бізді есіңе алып жүресің…
Жақындауы жақындадым. Қалай дегенде жүрексініп тұрмын. Бала кезімде ұрлық майға қақалғаным бар еді. Сол есіме түсіп жүзімді бұрдым.
Қайтып бұрылғанымда Самкеңнің қос алақаны майға толып тұр еді.
– Шөбереңнің қолынан осынша май іш, – десін…
Маған шегінер жер қалмаған. Көзімді жұмып ішіп жатырмын. Көзімді ашып қалсам Самкең алақанын әкетіп жатыр. Өзім таң қалдым. Соншама майды ішіп тастағаныма.
– Енді өмір бойы тынысың тарыл-
майды. Өкпең ағармайды. Жөтел, күркілдектен алыс тұрасың…
Осы жерге келгенде бәріміз де кәдімгідей май ішкендей тыжырынып қалдық.
***
Менің ауылым болса да мен бұл әңгімені жете біле қоймайды екенмін. Оған кәдімгідей қысылып отырдым. Ойыма әкем түсті.
Бір қарындасым түскей жаққа тұрмысқа шықты. Содан құдалар келетін болды. Үй іші оған кәдімгідей дайындалып жатты. Мен оқуда едім. Қонақтардан бір күн бұрын келдім. Келсем біздің әкей де бір секті жаратып жатыр екен. Көрейінші деп қораға барсам адам тұратындай жағдай жасап қойыпты. Бәрі мұнтаздай тап-таза. Бұл сек те ит сияқты шоқиып отыр екен. Оны да орнына қозғау мүмкін емес еді.
Құдалар келіп, секті жаратты. Ел сек етін жей алмады. Әкей тағы бір малды атып ұрған. Құдалар кеткен соң сектің етін елге таратып жіберді.
Шамасы бұл да ағарған болса керек.
Әкеміз жылқы ұстады. Баяғы қос өкпесі үшін. Ыс салатын. Торсық пішетін. Көрші совхозда Кәрбан деген аталас ақсақалымыз тұрды. Ел сол кісінің торсығын әспеттеуші еді.
Өмең ағамның манағы ағарған жөніндегі әңгімесі аяқсыз қалған әңгімедей болып көрінсін. Оған өзі де қысылды-ау деймін…
– Маған да бір шишасын берген, – деді Өмең, – Бәтен екеуіміз қылдай бөліп ішкенбіз…
– Бәрімізге бергені сол бір құты екен ғой. Мен ол құтымды Рымқұл бауырыма бергем…
– Сүлейменнің Рымқұлы ма?
– Ие, өзіміздің Рымқұл…
Рымқұл ағамен кетер кеткенше араласқам. Мен білсем өкпеден кетті. Анығын айтпады. Мен тіпті ағамызды Алматыға алып кетпекші де болғам.
Қазір осының бәрі көз алдымнан өтіп жатыр. Шамасы бұрыннан өкпесінде бір кінәраты болған-ау деймін.
– Әскерде жүргенімде жатып қалғаным бар. Троицк қаласында өткердім. Орал тау-лары емес пе? Өкпек желдері болушы еді. Жерде сыз бар-тын. Сол жөтел болып жабысты. Жазылғандай болғаныммен анда-санда сыр беріп қоятын. Содан құлан таза айығып кеттім. Самкеңнің күреп ішкізген майының арқасында.
– Әлі қазақ жерінде талай пәберік-зауыт самсайды. Ол қазақ даласына тесік өкпе сырқатын қоса ала келеді. Қазақ даласы екі иығынан дем ала алмай күркілдеп тұрады. Соның бірден-бір шипасы – мен көрген ағарған. Бар-жоғы бір күреп ішсең болғаны. Құлан таза жазылып кете барасың.
Өкпе құрты барлардың ағарған ішіп, жазылатынын талай естігенбіз. Естіп ғана қоймай өз көзімізбен де көрдік. Ағарған деп қазақ бұл жерде қымызды айтады.
Алайда қыр қазағы ағарған деп басқа нәрсені біледі. Ол ағарғандары – қойдың шып майы.
***
Бүгінде сол шып майын – ағарғанды дайындайтын адам жоқ. Бұл жақ ағарған дайындамақ тұрсын қымыз да ішпейді. Ішпейтіні бұрынғыдай жылқы малын ұстамайды. Өйткені айтып отырған Ақшатауларымыз құлаған. Бұрынғы он мың халық тұратын қалашықта бүгінде мыңға толмайтын бала-шаға тұрып жатыр.
Немісі Албаниясына, орысы Ресейіне көшіп кеткен. Қалғаны – боса-болмаса қазақтар. Өндірісі талапайға түсіп, ашық-шашық қалды. Ал ондай жердің радиациясы үзілмейді.
Оларға ағарған керек!
Ағарған бүгінде барша қазақ баласына керек. Өйткені айнаға түскен қазақ баласының өкпесі таптырмай жатыр. Дәрігер сорлы өкпесі жоқ деп айта алмайды, өйткені біледі, өкпесінің барлығын. Ал бар деп айтайын десе айнадан шықпай тұрады.
Ол аздайын бүгін қазақ даласына ковид деген келді.
Оның да емі – ағарған болса керек.
Ахаң бұлардың бірін де білмей кетті.
Бірақ солай болатынын білді деп ойлаймын.
Оның уайымы – қазақ баласының өкпе тесігімен жаппай ауыратындығы еді.
Сол көріпкелдігі келді.
Әлем жұрты жанталасып сол ковидке қарсы вакцина іздеді.
Ал ол вакцина құрғыры қазақ даласында төрт аяқты сек болып жайылып жүр.
– Өмеңнің қазақтығына шәгім жоқ. Саған да шәк келтірмеймін. Мен қазақтығымызға шәк келтіремін. Қазақ болып туғанымыз анық. Қазақ болып өлетінімізге шәк келтіремін.
***
Бұрынғы қазақ қазіргі қазақтай аурушаң болмаған. Жөтел, тұмау-сымауды ауру деп білмеген. Ел ауырған сырқатпен қазақ баласы да ауырған. Бірақ қырылып қалған қазақ жоқ.
– Қазақ болып өмір сүрді. Адалынан өмір сүрді, аштан өлсе де қарамға жоламады. Ет жеді, сүйек мүжіді, сорпа ішті. Ет деп жылқы мен қой етін білді. Қалғаны суық әкеледі, жел әкеледі деп ауыз тигені болмаса дастарқандарына көп жолата қоймады.
Кез келген ауруға қарсы қазақы емді қолданды. Қан қысымы көтерілгенде шертпе жасады. Баспа шыққанда басқымен бас-ты. Сол дәурен қазақ баласының басынан кетіп барады.
Оның орнына еуропаланған, қазақ баласына жат өмір сүру салты қалыптасып барады. Өзіміздің жеміс-жидегіміз үзіліп тұрғанда шикілі-пісілі қара құрылықтың бананына ұмтылдық.
Қазіргі жұрт қой етін қойып, мәрмер ет деп Аргентинаның сиыр етін іздейтін болыпты.
Солардың ешқайсысы қазақ баласына саулық қоспайды.
Ендеше қазақ болып қалайық.
Бұл Асан Қайғы бабамның уайымы еді!
Бұл Ахаңның уайымы еді.
Бұл Өмең ағамның да уайымы.
Бүгінде бұл уайым маған ауысқан.
БҰЛ ЖАЗБАМЫЗДЫҢ ТҰЗДЫҒЫ
Бүгінде қадірменді қарияларымыз азайып барады. Барының қадірі қалмай барады. Бас ұстаудан қашқақтайтын аға-ларымыз пайда болды. Ата жолын, бабалар жолын тәрк етіп жатқан жайымыз бар.
Бас ұстаудың, оны тәрбиелеудің неше түрлі әңгімелері бар.
Соның ең кереметі, тәлімдісі Қаз-дауысты Қазыбек бабамыздың бас ұстауы.
Содан бабамыз бас ұстайды дейді…
– Мына өмірден кетер кеткенше жаманшылық естімесін, – деп шұнтитады екен.
– Мына өмірден кетер кеткенше жа-мандық көрмесін, – деп шүңейтеді екен.
– Мына өмірде өз сөзің болсын, – деп қойды таңдайынан айырады екен.
Ең соңында қойдың кеңсірігін өзіне қалдырып иіскейді екен:
– Пай-пай…
Жұмақтың жұпар иісі шығады, – деп…
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.