Қазақ боксы: бап пен бақ
24.05.2023 0 532
Нұрғали ЖҮСІПБАЙ,
түрколог-сарапшы
— Армысыз, Жасұлан мырза! Журналымызға сұхбат беруді қош көріп, қабылданыңызға рахмет!
-Қош келдіңіз! Рахмет. Ең алдымен Сіздерге, Мұхтар Шаханов ағамыз басқаратын, елу жылдан аса тарихы бар «Жалын» журналына сұхбатқа шақырғандарыңызға қайта мен рахмет айтамын, қуаныштымын. Мұхтар ағамыздың ақындығын ел таниды, біледі, ағамызды баршамыз құрмет тұ-тамыз. Ол кісінің елге қызметіне, ақындығына, азматтығына тәнтіміз.
— Әңгімеміздің әлқиссасын өзіңізден бастайық. Соңғы жылдары, спорттың бокс түрінде шәкірттеріңіз қалалық, об-лыстық, республикалық жарыстарда жарқын жеңістерге жетіп, жаңа белестер бағындырып жатыр. Сөзсіз бұл – бапкердің ерен еңбегі. Содан болса керек, бапкерлер арасында да есім-сойыңыз жиі айтылып жүр… Сұхбатымыздың беташары болсын, оқырмандарымызға өзіңізді бір танысырып өтсеңіз…
— Рұқсат болса өзімді журналдың оқырмандарына мына шумақтармен таныстырып өтейін:
Арғы атам Ақшамнан таралады,
Содан соң Жәдігер атам жол алады.
Жәнібек пен Керейдің ұрпағымын,
Құнанбайдың ізін басар тұяғымын.
Жаулбайдың бел баласы Сәрсебек,
Сәрсебектің немересі мен боламын!
Сөзімді неге іркейін таңдайдағы,
Ол да болса Алланың берген бағы.
Руымды сұрасаңыз шанышқылы мың,
Сөзіммен талай жанды шаншыладым.
Атымды сұрасаңыз Жасұланмын,
Қыр басында салатын қасқыр әнін.
Атышулы Лесбектің баласымын,
Сөз сөйлесе табатын жарасымын.
Көпшіліктің көңілінен шығып жүрген,
Сәрсебек Жасұлан деген
бапкер мен боламын!
Түркістан облысы, Түлкібас ауданы Абайыл ауылында 1993 жылы дүниеге келгенмін. Боксқа екінші сыныптан қызыға бастадым. Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың өнері мен жеңісін көрген сәттен бастап боксқа қызығушылығым артты. Ол кездері бокс басталғанда ауылда көшеде тірі жан болмайтын, түгел бокс көретін. Бекзат ағаларымызды көріп, мен де осындай чемпион болсам деп армандап, көк туымызды әлемде желбіретсем деген оймен спортқа келгенмін.
Ал оған дейін боксқа қызыға бастаған балалық шағымда өкінішке орай, біздің ауылда бокс секциясы жоқ еді. Сол себепті, тек мектепті бітіріп Шымкенттегі Аймақтық, әлеуметтік инновациалық универистетінің қаржы мамандығына оқуға түскеннен сәттен бастап, бокс залын іздеп тауып алып, бокспен шұғылдана бастадым. Бокстағы алғашқы ұстазым – Бөбеев Біржан. 2022 жылы Қазақстанның “Ел жанашыры” кітабына шықтым. “Бауыржан Момышұлы” төсбелгісінің иегерімін. Мені осындай құрметке лайық көрген халқыма алғысым шексіз. Ер – ел үшін туады. Ердің айнасы – еңбегі дегендей, менің еңбегімді бағалаған халқыма тағ-зым етемін. Елім үшін бұдан да мықты еңбек етемін.
— Бәрекелді! «Көпшіліктің көңілінен шығып жүрген, Сәрсебек Жасұлан деген бапкер мен боламын!» деген сөзіңізді әрі қарай тарқатайық ендеше… Ұстаздық қызметіңіз қалай өтіп жатыр, шәкірттеріңіздің дайындығы қа-лай? Оқырманмен бөлісетін нендей жаңалығыңыз бар?
— Бізде бәрі жақсы. Жұмысымыз жоспар бойынша өтіп жа-тыр.«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп, шәкірт тәрбиелеп, алдағы жарыстарға дайындалып жатырмыз. Алда, маңызды 2-3 жарысымыз бар еді, соған дайындалып жатқан жайымыз бар. Алла бұйырса алда Астана қаласы мен Түркістан облысы Түлкібас ауданында болатын жарыстарға дайындалып жатырмыз. Жеңіспен ораламыз деген ниеттемыз. Одан бөлек келесі айдың 25-26 күндері Словакияда халықаралық турнир өтеді. Біз соған Қазақстанның атынан қатысамыз. Дайындық қызу жүріп жатыр. Өйткені, халықаралық жарыс болғандықтан бес қаруды сайланып бару керек.
Словакияда өтетін жарысымыз – Еуропа чемпионаты. Жарысқа өзімнің оқушым, 2015 жылғы Нығмет Әлиді алып барамын. Оның бокспен шұғылданып жүргеніне екі жылдан асып қалды. Осы күнге дейін ұтылып көрмеген оқушыларымның бірі. Шәкіртім Нығмет Әли бокстағы 1,5 жылдық жетістіктерімен Рес-
публикамыздың Дарынды балаларға арналған “Жарық жұлдыз” журналына шықты.
Астана қаласынан шығатын екі жаттықтырушы бар. Сол кісілермен бірігіп еліміздің атынан барамыз.
Біздің клуб – «Айдар бокс академиясы» ретінде жеке клуб болғанымен шетелге елдің атынан барамыз. Сонау жерге елдің атынан барғандықтан алтынмен оралуымыз керек деп ойлаймын. Жарысқа Астана қаласынан біраз бала барады. Ал Алматыдан біз ғана барамыз. Бірақ, қаржы мәселесіне байланысты біраз мықты-мықты балаларымның бара алмай қалған жағдайы бар. Әйтпесе көбі сақадай сай дайын тұрған балалар.
Бұл жарыс — біздің екінші рет шетелге шығуымыз. Бұған дейін 2022 жылы Ресейдің Омбы қаласына халыкаралық турнирге барған болатынбыз. Сол жолы Ресейге 13 баламды апарғанмын, Аллаға шүкір он үші де жүлдемен оралды. Ресейде үш қола, екі күміс, сегіз алтын алып қайттық, яғни он үш балам да жүлде иегері болып қайтқан болатын.
— «Айдар бокс академиясы» туралы тарқатып айтсаңыз…
— Мен жұмыс істеп жатқан «Айдар бокс академиясы» 2015 жылы құрылған. Аатақты кәсіпқой боксшымыз, батырмыз Айдар Шәрібаев Ғалымұлы мен сегіз қырлы бір сырлы кәсіпкер Ғалым Құсайынов Біржанұлы ағаларымыз серіктесе отырып бірге құрған. Академия құрылған жылдары мен бокспен шұғылданып жүрген болатынмын. Мұнда 2019 жылдың желтоқсан айынан бастап қызмет атқара бастадым. Зал өте жақсы, кең, спортшыларға барлық жағдай жасалған, бүге-шегесіне дейін түгел қамтамасыз етілген, жан-жақты қамтылған, шетелдік спорт залдарынан артық болмаса кем түспейтін өзіндік атмосферасы бар. Биыл осында істеп жүргеніме бес жыл толып отыр екен. Ұжым өте ұйымшыл, басшылық та жақсы.
Осы уақытқа дейін менде мыңдаған оқушы болды. Алматы — үлкен қала болғандықтан соң, бір бала келіп жатса, бір бала кетіп жатады. Байқағаным спортта, балаларда тұрақтылық жоқ.
Осы академия («Айдар бокс академиясы») жұмыс істей бастағалы тұрақты түрде балаларды үлкен жарыстарға шығара бастадым. Бір жерде тұрақты істегелі балаларда да нәтиже жақсы бола бастады.
Қазіргі кезде балалардың нәти-желері жақсы. Бір жылда 18 алтын алған балалар да бар. Балалар боксқа жазылады. 2-3 айдан бастап алғашқы жарыстарға шыға бастайды да, мен де осы кезде мінезін, рухын тексеріп көремін. Осылайша, 3-4 айда балаларды міндетті түрде бір жарысқа шығарып отырамын. Дәл қазірге сәтте жетістігіміз мақтануға тұрарлық. 2023 жылдың басынан мамыр айына дейін жеті спорт шеберіне үміткер шығардым. Барлығы да спортқа өзімнен қадам бастаған балалар . Дайындықтарымыз Аллаға шүкір жоғарғы деңгейде өтеді. Біраз балалардың менің тапсырмаларыма шыдамай қашып кететін де жағдайлары болып жатады. Ата-аналармен де тығыз қатынастамыз. Бізде екі бағытта жаттығулар өткізіледі. Біріншісі – әр бала өзі үшін бокспен айналысса, екінші бағыт – балаларды Қазақстанның ұлттық құрамасына дайындаймыз, балаларды үлкен жетістікке жетуіне шыңдау.
Бапкерлік тәжірбиемде алғаш рет 2022 жылдан бастап ұлдармен бірге қыз балаларды да тәрбиелеп, жарысқа шығардым. Боксқа келгеніне 6 ай болған Ләззат (50 кг салмақта) ең алғаш шыққан жарысында қарсыласының басым-дылығымен (қарсыласы 3 жылдық тәжірбиесі бар қыз) жеңіске қол жеткізбесе де, еліміздің батыр қызы Ләззат апасындай еш мойымай, енбек етіп, бірнеше жарыстардың алтын медаль иегері болып, қазіргі уақытта спорт шеберлігіне үміткер (КМС) орындады. Алматы облысының чемпионатында 2 орын алды. Қазақстанның Азия іріктеуінде үшінші орын алды. Одан бөлек көптеген республикалык, халыкаралық жарыстардың чемпионы атанды. Чемпион қызымның алға қойған мақсаты биік, әлі талай чемпионаттарды бағындырады деп сенемін!
Жоғарыда айтқандай осы жылы, Аллаға шүкір 6 ұл, 1 қыз баланы спорт шеберлігіне үмікер ретінде дайындап шығардым. Ең алғаш болып, 1 жылда Сәрсенбай Ләззат СШҮ атанды. Екінші болып Біләл Мұхаммед Расул СШҮ-ті 7 айдың ішінде орындады.
Осы арада Біләл Мұхаммед Расул туралы тоқтала кетейін. Бұл жігіттің спортқа, боксқа деген махаббаты ерекше. Мысалы, ол жаттығуда мен берген тапсырмаларымды екі есе артығымен орындайды.
Ал жақында Көкшетау қаласында өткен жарыста бес шәкіртім — Мустафин Мирас, Жақсыбеков Азамат, Асылбек Дәулет, Тілектес Ескендір, Нәлібеков Саят «Спорт шеберлігіне үміткер» атағын алды.
Десек те, мен үшін әр шәкіртімнің орны ерекше. Біреуін артық немесе біреуін кем көрмеймін. Жаттығу барысында мектепте білім бергендей бәріне бірдей үйретіледі, тек қабылдау қабілеттеріне қарай бірі тез бірі баяу қабылдайды, сол қабілеттеріне қарай жарысқа шығарылатын бала да іріктеледі және дайындық барысы да баланың қабілетіне қарай шыңдалады
Менің талабым: жаттығуға кешікпеу және күн тәртібін бұзбау. Сонда дені сау және бапкердің үйреткенін тез қабылдайды. Балаларым ауа райының қандай болуына қарамастан қыс қар жаңбыр болса да, таңғы кросс тапсырмасын да уақытылы орындап маған видеомен жіберіп отырады, яғни, мен оларды онлайн түрде де қадағалаймын.
“Балаңды аясаң, аяма” деген ғой, мен де оқу мен үйренуде қиналса, былғары қолғап түйістіргенде, яғни жекпе-жекке шыққанда сол киналған сәттердің пайдасы болатынын, қаншама жаттығудың нәтижесі, еңбегінің жемісін рингте көретінін түсіндіремін.
— Бізде, жалпы Қазақстанда «Бокс мектебі» мықты. Ал, бапкер ретінде сіздің мектебіңіздің ерекшелігі неде? Балалардың чемпион болып тәрбиеленуінде нендей құндылықтарға немесе ерекшеліктерге мән бересіз?
— Өз бокс мектебімді айтар болсам, мен «Айдар бокс академиясында» жұмыс істегендіктен балалардың барлығы жарыстарға осы академияның атынан шығады. Жоғарыда да айтқанымдай Алматыда басқа да залдарда жұмыс істедім, бірақ осы академияда бес жылдан бері қызмет атқарып келем, зал өте керемет, басшылық та жақсы. Жақсы нәтиже көрсеткен балаларға бокспен ақысыз жаттығуға да мүмкіндік беріп жатыр. Залда 4-5 жаттықтырушы жұмыс істейді. Сондықтан да мен өзім тәрбиелейтін балаларды, өзім тәрбиелеген балалар болғандықтан,«Жасұлан бокс мектебі» деген логтиппен арнайы киім тіктірттім, ал Алматының ішіндегі жарыстарға «Айдар бокс академиясы» атынан қатысса, басқа қалаларға Алматы қаласының атынан шығады. Басқа елдерде болатын халықаралық жарыстарға Қазақстанның атынан қатысады. Енді, көптеген бапкерлер «балаларыңның барлығы мықты, қалай дайындайсың? Аяқтарын, жүрісін қалайша жақсы қойғасың?» деп сұрап жатады. Сұхбатымыздың басында өзімнің Шымкент қаласында Дүлдеев Бауыржанда дайындалғанмын деп айтып өттім ғой. Ол кісінің қолында үш жылдай жаттыққаннан соң Алматыға жұмыс істеу үшін келгенмін. Бастапқыда күзет қызметінде істедім, бірақ кейіннен бұл жұмыстың «менікі емес» екенін түсінгеннен соң, зал іздеп, Естібаев Саян ағайға барып, сол кісінің қол астында жаттыға бастадым, ол кісіден көп нәрсе үйрендім.
Алғашқы он бес күндік жаттығудан соң Саян ағайдың көмекшісі болып жұмыс істедім. 2012 жылдан бері қарай Саян ағайдың қасында көмекші болып істеп жүрдім. Мұндағы айтпағым бапкер ретінде қызметімді сол кезден бастадым десем де болады. Шынын айту керек бокста Шымкенттің мектебі бөлек, Алматының бокс мектебі бөлек. Қазіргі кезде Қазақстанда Түркістан облысының, Шымкентттің, Тараздың яғни оңтүстік өңірінің бокс мектебі өте күшті. Өзім де сол мектептің түлегі болғандықтан оңтүстіктен түйген, Алматыдан жинаған тәжірибе мен білімімді үйлестірдім. Оның үстіне әрдайым ғылыми тұрғыда ізденемін, балаларға спорт пен өмірде кәдесіне жарататын жақсы дүние сыйласам деймін, сол себепті менің жаттығуларым ауыр болады. Сол себепті кей балаллар шыдамай кетіп қалатын жағдайлар болып жатады кейде. Балалар мықты болу үшін физикалық жаттығулардан бөлек, психологиялық қолдау, сүйемелдеу, мотивация беріп отырамын.
Енді алдағы уақытта, Алланың қалауымен «Жасұлан бокс мектебі» деген атаумен өз мектебімді ашқым келеді. Бұл менің арманым. Сондықтан да «Жасұлан бокс мектебі» деген логотиппен балаларға футболка тіктіртіп кидіремін. Менің балаларды дайындаудағы негізі мақсатым – оларды кәсіпқой боксқа дайынадау. Балаларымның кәсіпқой боксшы деңгейіне дейін көтергім келеді. Промоушн ашып АҚШ-қа шығарып, шәкірттерімді кәсіпқой боксшы ретінде шығарғым келеді.
Залға әртүрлі балалар келеді, кейбірі ауылдағыдай қара жұмыс жасамаған қаланың балалары болса, енді біреулері ауылды аймақтардан келген балалар болады. Әрқайсысының жеке-жеке мінезі, қабілеті болады. Бұл әр балаға жеке дара қарауды қажет етеді. Бәріне бірдей жүкетеме беруге болмайды. Көптеген бапкердің жиі қателесіп жататыны, мынау: айталық залда жиырма бала болса барлығына да бірдей «бокс мектебін» қалыптастырғысы келіп, бірдей тапсырма беріп жатады. Бұл дұрыс емес. Әр баланың бейіміне, бойына т.б. көрсеткіштерін назарға алып, жеке-дара бокс дағыдысын қалыптастыру керек.
Бокста даму және өрлеу жаңа туған сәбидің өсуіне ұқсас. Бала туыла сала жүгірмейді, бірінші отыруды үйреніп, кейін еңбектейді, ата анасының демеуінің арқасында тұруға әрекет жасап, алғашқы қадамдарын басады, қаншама рет құласа да, жүрмеймін демей, жүріп тіпті жүгіріп кетеді. Бокста да дәл солай, құлаған сайын шыңдала түсесің.
Бокс туралы мүлдем түсінігі жоқ балаға алғаш рет қаламмен жазуды түсіндірген алғашқы ұстаз секілді, бокс әліппесінен бастап үйретіп, қолын қойып, шыңдап, ринг атмосферасын сезіндіріп, ал енді жарысқа дайынсың деп, қаншама еңбектің жемісін көрсетеміз. Бапкердің еңбегі – шәкірттің нәтижесімен бағаланады.
Бала тәрбиесінде жаттығудан бөлек, қазақи, рухани азық болатын мысалдармен, өзім бапкер болсам да алдымен спортшы болдым ғой, сондықтан да өз тәжірибеммен бөлісіп, балалаларды жігерлендіріп намысты қолдан бермеуге, намысшыл болуды үйретеміз. Рингте де, өмірде де жеңісті қолдан бермейтін азамат болуға қолдан келгенші тәрбиелеуге тырысамыз.
Балалардың деңгейін көтеру үшін тауға шығарып таза ауада жаттықтырып дайындаймыз. Одан бөлек, жаз айларында спорт лагерлерін ұйымдастырамыз. Жыл сайын Шымкент қаласында, Түлкібас ауданында Ақсу Жабағыладағы өз ауылым Абайылда балаларды он бес күнге оқу-жаттығу жиынына алып барамын. Жиында физикалық деңгейін көтеру үшін күнде екі мезгіл жаттығады және де балаларды атқа міну, садақ ату, арқан тартыс, басқа да әртүрлі ұлттық ойындар ұйымдастырып, ауылдың тыныс-тіршілігіен таыстырп қазақи, ұлттық, рухани тәрбие беруге тырысамыз. Әсіресе қаланың балары ауылда саумал, айран, ағарған ішіп, физикалық жаттығу, дайындық жасап, қалаға, яғни жарыстарға мықты болып келеді.
Қайталай кетейін – мен шәкірттеріме тек бокс жаттығуы емес, жалпы әр баланың өз құндылықтарына мән беремін, баланың психологиясын жақсы түсіну керек, жеке сөйлесіп, кейде қалжыңдасып, баланың мақсаты мен арманы туралы сұрап, оған жету үшін не істеу керек деп бағыт-бағдар көрсетемін. Тек баламен емес, ата-аналарымен де тығыз байланысты жұмыс жасаймын. Әр бала әр үйдің еркесі, бірақ залда бәрі бірдей, мақсаты мен ұстанымы бір, әртүрлі отбасынан келген балаларға мен бауырмалдықты, бокста жүріп тіпті қарсыласына да ізет көрсетуді, жеңіс пен жеңіліс қатар жүретінін, медаль үшін емес өз күшіңді шыңдау үшін рингке шығу керектігін үйретемін. Әр жаттығу алдында кішкене насихат айтып, жігерлендіріп, халық намысын қорғау үшін ел үшін еңбек ету керектігін айтып отырамын.
Сонда бала бақталасып емес, бауырмал болып, жеңілсе де мақсатқа жету жолында мойымайтын болады деп ойлаймын. Балалар дайындық кезінде жәй жаттығу үшін емес, бір-бірін сағынып, бір үйдің баласындай біреуі келмей қалса іздеп тұрады. Тек бокста ғана емес, жаттығудан тыс демалыс күндері де топпен кездесіп кино, саябақтарға, тауға шығу, пикниктерге бару т.б. жерлерде бірге уакыт өткізеді.
— Бәркелді! Жасұлан мырза, енді болашақта шәкірттеріңіздің өнер көрсететін «үлкен бокс» мәселесіне ойысайық… Өткенде ғана Тәшкеннің төрінде әлем біріншілігі өтіп, еліміздің спортшылары жүлделі орын иеленді. Спортшы әрі бапкер ретінде әлем біріншілігіндегі боксшыларымыздың жеңісіне, сондай-ақ, Жаңа Қазақстандағы боксытың жағдайына қандай баға бересіз, қандай боларын қалар едіңіз?
— Қазақстан – әлем мойындаған бокс державаларының бірі. Оған Өзбекстан астанасы Тәшкенде өткен әлем біріншілігінің нәти-желері айқын көрсеткіш, төрт алтын, бір күміс болды. Өкінішке орай әлем біріншілігінің өзінде әділетсіздіктер орын алды. Біздің алтын алатын Сәкен Бибосынов пен 1-2 батырымызды бірінші күннен әділетсіздік жасалды деп ойлаймын. Өйткені, жарысты саралай келе, шын мәнінде Сәкен ұтты деп ойлаймын өз басым. Ал командалық есепте бірінші орында Өзбекстан, екінші орында Қазақстан тұр. Бірақ, өз ойым, бокста Қазақстанның дәл бүгінгі басты қарсыласы – Куба ғана. Өзбекстан боксшыларының жарысын қарасақ көбіне олардың дұрыс бокстаспайтынын, бокс ережесін жиі бұзатынын байқаймыз.
— Қазақстанда «Бокс мектебі» (Бокс өнерінің әліппесі) өте мықты. Менің алғашқы ұстазым марқұм Бөбеев Біржан «Әлем біріншілігінен қарағанда Қазақстан чемпионаты қиын. Өйткені, әр қазақтың жігіті рингте намысты қолдан бермейді, әр бірі жүректі, рухты. Сол себепті Қазақстан чемпионатына қарағанда әлем чемпионатында жеңіске жету оңайырақ болады» деп айтушы еді…
Қазақ боксы өте жоғары дең-гейде. Тәшкенде өткен әлем біріншілігінде мен бірінші болып алтын алған Санжар Тәшкенбай, онан соң, Аслан Шымбергенов, оны өзімнің кумирім десем де болады, өте мықты спортышлар. Махмұд Сабырхан үш әлем чемпионатында күміс жүлдегер болып биыл алтын алды. Бұл үлкен жетістік. Өз басым Махмұд Сабырханға жанкүйер болдым. Спортшының жағдайын спортшы түсінеді ғой.
Қазіргі кезде футболистерге көп қаражат бөлінеді, айлықтары да жақсы. Бокс – олимпиада спорты болғандықтан Жаңа Қазақстанда боксшыларымызға мемлекет тарапынан жоғарғы жеңгейде көмек көрсетілсе, қаржылай демесе деймін. Өкінішке орай, қаражаты болмағандықтан жарысқа да ыға алмай жүрген спортшыларды білемін. Сол себепті Жаңа Қазақстанда боксшылардың айлығын көтеріп, тиісті деңгейде көңіл бөлсе деген ойдамын. Қазіргі кезде, Жаңа Қазақстанда «Даму бала» деген арнайы бағдарлама іске қосылды. Үкімет ақшасын төлеп, балалардың ақысыз спортпен айналасуына мүмкіндік жасап жатыр. Осы бас-таманы ұзақ мерзімге қолға алса деп ойлаймын. Бұл ата-аналарға да елеулі демеу болар еді.
Ал бапкер ретінде, жеке пікір мынау – қазақ боксының негізін қалаған аталарымыз қаншама еңбекпен елімізді әлемге бағындырып, көрсетіп кеткен жолды әрі қарай дамытушы біздер және шәкірттеріміз. Атадан қалған мұрамызды биікке шығарып, Әлемде көк туымызды желбіретіп, Әнұранымызды асқақтататын бола-
шақ әлем чемпиондарын дайындауда аянбай еңбек етіп келемін және жас боксшыларыма сенемін! Қазіргі таңда қазақ боксы жақсы қарқынмен дамып келеді, оның дәлелі кешегі өткен Өзбекстан еліндегі біздің боксшыларымыздың көрсеткіші. Ал, спорт саласында қазақ боксының бұдан да мықты дамуы үшін бокс мектептерінің жағдайын жақсарту, жарысқа шығатын боксшыларымызға Бокс федерациясы мен әкімшілік тарапынан қолдау көрсетілсе нұр үстіне нұр болар еді.
Өйткені қаншама талантты жастарымыз материалдық жағы-нан шамасы келмегендіктен алыс жақын шет елдерде өтетін жарыстарға бара алмай, ата анасы шығындарды көтере алмай, көптеген мүмкіндіктерді жіберіп алады, мысалы, футбол саласына қарағанда, бокста қолдау болса, Жаңа Қазақстанның боксы бұдан да мықты дамитыны сөзсіз.
— Жасұлан мырза, сөз соңында, бапкер ретіндегі арманыңыз бен жоспарыңызды айта кетсеңіз…
Менің жоспарым – алдағы уақытта бокс мектебін құру. Арманым – шетелге емес, туған жерге тағзым деп, туған елге тұғырымды тігіп, қазағымның қара домалақ балаларына, Қазақстанымның болашағына, елімнің болашақ әлем чемпиондарына барлық жағынан қолдау көрсететін, әр топқа әлемдік деңгейдегі бағдарламамен боксты үйрететін бокс мектебін ашу. Олай болса, сұхбатымның соңын, өзім жазған мына шумақтармен тәмамдағанды жөн көріп отырмын:
Жыр арнасам қазақтын кең жеріне,
Бас иемін ел қорғаған ерлеріне.
Шәкірттерім бокстан шыңға шықса,
Сол емес пе менің жеңгенім де!
Қайрақсыз пышақ өтпейді,
Ұстазсыз шәкірт өспейді.
Құшағымды ашамын қазағыма.
Көнбеші деп өзгенің мазағына.
Өлгенше ел намысын қорғап өтіп,
Бес уақыт намазыңды қаза қылма!
— Бізге арнайы уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет айтамыз!
-Рахмет!
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.