Көкбөрідей тұрса да  заман ұлып… Көкбөрідей тұрса да  заман ұлып…
Айбар Ермекқалиев, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің түлегі. «География-тарих» пәндерінің магистрі. «Тарих педагогын даярлау» мамандығының докторанты.... Көкбөрідей тұрса да  заман ұлып…

Айбар Ермекқалиев,
Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің түлегі. «География-тарих» пәндерінің магистрі. «Тарих педагогын даярлау» мамандығының докторанты. Бірнеше республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері.

 

ҚЫЗҒАНАМЫЗ

Көктем әлі емеспіз,
Күз ғанамыз.
Данышпан да емеспіз,
Біз – баламыз.
Басымызға болмашы бақыт келсе,
Өзгелерден өлердей қызғанамыз!

Қызғанамыз,
Бес жасар баладаймыз.
Жақын достың жүрегін жаралаймыз.
Бар әлемнің алтынын тілеп оған,
Іштей олай болғанын қаламаймыз.

Көңілде тұр мұң менен кіші ызғар,
Қанша жерден болса да күшіміз бар.
Жақын достар жақсы өмір сүріп кетсе,
Қызғанамыз!
Себебі: ішіміз тар!

Момын болсаң сөйлейміз көкеңдей біз.
Адамдықтан алысқа мекендейміз.
Мен болмасам болмайын,
Бірақ досым
Менен асып кетпесе екен дейміз.

Көкбөрідей тұрса да заман ұлып.
Алла бізді жаратты аман қылып.
Көре алмайтын, күншілдік…
Көп ойланам,
Қайдан келген қазаққа жаман қылық?!

***

Жан едім мен жалғыздықтың жолдасы,
Досым болсаң?
Дос сияқты қолдашы.
Кездейсоқта кетсем егер сүрініп,
«Жығылды» деп,
Ойлап мені қалмашы.

«Дұрыс жігіт екен мұны десек» деп.
Жұрт аузында айтылуда өсек көп.
Сен де менің үнсіздігім үшін бұл,
«Өшті екен» деп,
Қалма мені есептеп!
Өшкен жоқпын,
Басымда бар бөлек ой.
Мейлі оны ессіздік деп елеп қой.
Елеп мені ескермейтін қоғамға,
Ең болмаса үндемеуім керек қой.

***

Қалам қалай?
Жалғанда бұл жанбай құр…
Еркімнен тыс есімді алдың балдай нұр.
Енді міне ой үстінде отырмын,
Арнасам деп тағы саған қандай жыр?

«Сүйемін!» деп,
Айта алады анық кім?
Сағынышты жаза-жаза жалықтым.
Саған ғана тең келетін әлемнен?
Енді міне сөз таба алмай қалыппын.

Өз заңымен өтер көктем, өтер күз.
Білесің бе?
Біздер бірақ бөтенбіз.
Өз ішінен өрт шалған бұл өмірге,
Жүз жылдан соң келу керек екенбіз.

Енді міне мен сенімен бір емен,
Тағдырыңа тек тыныштық тілегем.
Енді саған естелік боп қалары,
Еркіңнен тыс есіңді алар бір өлең!

БАҚЫТТЫСЫҢ

Жақын болған жаныма жақұт құсым.
Өткізбепсің бостан-бос уақытты шын.
Аптасына бір жігіт ауысатын,
Мен емес,
Әрине сен — бақыттысың!

Бақыттысың —
Менен көп күлесің де.
Бақыттысың —
Көп менен үлесің де.
…Күнге мойын бұратын бір ақынның,
Түнге айналып кеткенін білесің бе?
Түнге айналып кетіп ол кемсеңдейді.
Сәлем бермей өте шық… көрсең мейлі.
Көп жігітпен жүргенің жақсы шығар,
Бақыт бірақ олай еш өлшенбейді.

…Жігіт деген — сүймейді, сүймегенді.
Жігіт деген — сан түрлі күйге енеді.
Көше кезген қыздармен жүріп алып,
Үйде отырған қыздарға үйленеді!

АМАНДАСПАЙ

Амандаспай,
Жалғаннан бұл өтейік жаман достай.
Саған емес, тағдырға ызалымын,
Сені қосқан басқаға…
Маған қоспай.

Өкпелімін!
Отқа оранды өзіңмен өткен күнім.
Өзге жанға табыстау бір қиямет,
Өзіңе арнап жұлынған көктем гүлін.

Наразымын!
Өлең болды өмірде бар азығым.
Екеуміздің қайсымыз кінәліміз?
Бұл бір іске болады таразы кім?

Жолықпаймын!
Тек әзірге сенсің ғой толық қайғым.
Еншіңді алып кеткенің ештеңе емес,
Енді сенсіз өмірден қорықпаймын!

ӨЗІҢ БІЛ

Бұл тағдыр біздерді бұрқасын етердей,
Бір менің басыма төгілді жаңбыр-мұң!
Тағы да телефон тұтқасын көтермей,
Көңілді қалдырдың!

Жат қылып көрсетіп жасанды еңсені,
«Барым» деп бағыма несіне теңедім?
Тым шектен шықтың сен,
Қашанғы мен сені?!
Кешіре беремін.
Мен солай ғашық боп өтемін тұныққа,
Ал сенің қайтейін далбаса сөзің құр.
Бұл сонғы қоңырау екенін ұмытпа!
Алмасаң өзің біл…

ҚОШТАСЫП АЛАЙЫҚ

Қалдым мен бақыттан кешігіп қас-қағым,
Қара бұлт төндірді өшігіп аспаным.
Келмейді көмекке еш үміт…
Баста – мұң.
…Бұл соңғы соғылған қоңырау еді ғой,
Сен неге тағы да өшіріп тастадың?!

Сезімнің сол туын десе де жықпадың,
Көңілдің қалауын кеше де ұқпадың.
Өмірден осылай өше ме ұтқаным?
…Бұл саған ең соңғы келуім еді ғой,
Сен неге тым болса көшеге шықпадың?!

Арамыз бұл күнде рас қашық, халайық,
Болған іс бәріне қос ғашық ғана айып.
Тағдырдың жолынан достасып тарайық,
Кездейсоқ болса да кездесші соңғы рет,
Тым болса дұрыстап қоштасып алайық.

БІР ШЫНДЫҚ КЕРЕК ҚОЙ

Қажет-ақ саған да, оған да,
Еңсені езетін ерек ой.
Шындығын жоғалтқан қоғамға,
Әйтеуір бір шындық керек қой.

Ең соңғы үмітті «үз» деп пе ең?
Өнеге көрсетер кім-кімге?
Шындықты кеттім ғой іздеп мен,
Шындықтың болмауы мүмкін бе?!

Белгілі өтірік, өсек те
Санаңды улайды сенің көп.
Ақиқат Аллада десек те,
Дәл қазір дінге де сенім жоқ!

Сәт бар ма жүректі жылытқан?
Қай күні сенімдер өтелер?
Шындықты айтуды ұмытқан,
Билікте отырған көкелер.

Іздесем іздеймін дара бақ,
Атсын деп ақиқат ақ таңым.
Махаббат елін де аралап,
Ол жерден шындықты таппадым.

Қажет ақ саған да, оған да,
Еңсені езетін ерек ой.
Шындығын жоғалтқан қоғамға,
Әйтеуір бір шындық керек қой.

ЖАСТАР ҮНІ

Жанға жылы жақпады бұл жалпы күз.
Қашан көрсең қайғы жұтқан қалпымыз.
Қойшы, досым, қорлықты біз көрдік қой,
Қорлық көрмей жүру үшін халқымыз!

Жолдардан бұл жоқ болыпты неше із,
Жоқ болғанын көрдік және кеше біз.
Сол үшін де қилы тағдыр кешеміз.
Өмірден бұл өшпеу үшін – әкеміз,
Өмірден бұл өшпеу үшін – шешеміз,
Орнына біз өшеміз!

Биік құздан қайда, қашан құлаймыз?
Тек Алладан жақсы өмір сұраймыз.
Бұға берсек билік айтты екен деп,
Сонда ғана саясатқа ұнаймыз.
Бірақ, бірақ
Жасамаймыз бұлай біз.
…Жыламауы үшін Қазақ деген ұлт,
Керек болса,
Орнына біз жылаймыз!

Тарих әлі айналған жоқ елеске,
Өткен күнді түсірейік кел еске.
Қалың Қазақ, халқы үшін қасқайып,
Махамбет те өліп кетті емес пе?!

Қайсар рухы, жігерімен жалынды.
Өзгертпекке белін буып ағымды.
Қалың Қазақ, халқы үшін күресіп,
Кенесары ханның басы алынды.
Содан қазір ұсақталдық неге біз?
Басымыз жоқ!
Бар бірақ та денеміз!
Тілді алға жылжыта алмай келеміз.
Жоғарғы жақ не айтса да көнеміз.
Жетер енді…

Бізді қорқақ демеңіз.
Сол жоғарғы жақпен мәңгі шайқасып,
Жеңілеміз не болмаса жеңеміз!
Жеңіп шықсақ әрі қарай көреміз,
Ал жеңілсек…
Көп болса, біз өлеміз..

АЛАШ ӨРЕНІ

Алаштың жолы – ұлы жол.
Алаштың ғана, қазақтың ғана
намысын жыртқан ұлы бол!

Келсе де мейлі, төнсе де мейлі
қайғының қара бұлты шын.
Қасқайып тұрып күресу керек,
тіресу керек ұлт үшін.

Ел үшін байтақ, жер үшін байтақ
майданға бірге барайық,
Тебініп тұрып, телпек киген соң
еркек боп қана қалайық.

Халықтың қамы, қазақтың қамы,
қара бас қамын ұмыттық,
Көзіңде бар Мағжанда бар,
Сәкенде бар тұнықтық.

Ахметтер қазір, Дулаттар қазір
келмесе де тіріліп,
Дәл сенің сондай, сөзіңде бар
салмақты ой мен ірілік.

Бас көтере қалсақ, алаңға барсақ,
ескертусіз-ақ атылдық,
Өзіңде бар Алиханда бар,
Смағұлда бар батылдық.

Алаш арыстары бастаған ұлы,
жанкешті күрес мол істің,
Жалғасып келед(і), нүктесі әлі
қойылмай келед(і), соғыстың.

Сын сағаттарда сынбау да керек, қалмау да керек тығылып,
Алмас қылыштай жарқ ете қалу шіркін-ай неткен ұлылық.

Көп күтті қазақ, ту ұстар ұлды, көш бастар сұлтан, төрені.
Аманат саған, аманат саған арда ұл — Алаш өрені!

АЙТУҒА БОЛМАЙДЫ

Басыма бұлт болып төнсе де мол қайғы,
Билікке білмеймін көңілім толмайды.
Біздің ел секілді монархия мекені,
Айтуға болмайды!
Айтуға болмайды!!!

Біздің ел – жас ел ғой,
Толыпты нешеге?
Тәуелсіз ел болып, тіл бірақ өше ме?
Депутат, министр қазақша сөйлемей,
Қазақ тіл дегенің – қап қойды көшеде.

Біреуге би қайғы, біреуге үй қайғы.
Қолында билік бар көкелер қинайды.
Кезінде кең дала көшіне сыйған тіл,
Ал қазір үкімет үйіне сыймайды.

Көлдей боп көзден жас төгілді жаңбырлы.
Біз қашан жеңеміз өмірді, тағдырды?
Тек өзін ойлаған шенеуніксымақтар,
Көңілді қалдырды!
Көңілді қалдырды!!!

Шектеумен өтіпті неше жаз, неше күз?
Желтоқсан, Жаңаөзен…
Жыладық кеше біз.
Ендігі ең үлкен мәселе төркінін,
Алаңда шешеміз!
Алаңда шешеміз!!!

Басыма бұлт болып төнсе де мол қайғы,
Билікке білмеймін көңілім толмайды.
Біздің ел секілді монархия мекені,
Айтуға болмайды!
Айтуға болмайды!!!

ШАРШАДЫМ

Төндірді басыма әлемнің бар мұңын,
Тағы да сәтсіздік,
Тентек қой тағдырым.
Мен енді көрем бе?
Білмеймін, белгісіз
Көрмейтін шығармын ертеңгі таң нұрын.

Құшағын қуанып жаяды қара түн,
Аз ғана уақыт бар қоштасып алатын.
Содан соң жоғалып кетуге тиіспін,
Ұшуға дәрмен жоқ, қисайды қанатым.

Өткенге өкпем жоқ,
Өкпем жоқ көктемге.
Айыптың барлығы түсінем, тек менде.
Тек мені, туыстар, жайыма қойыңдар,
Жерден де іздеме!
Іздеме көктен де!

Іздеп шын қайтесің?
Қаңғырған қаңбақпын.
Тек қана тағдырым сыйлайды таңдап мұң.
Шаршадым… Шаршадым…
және сол шаршауды,
Тым ұзақ ұйқымен басып бір алмақпын.

ӘКЕНІ ЖОҚТАУ

Әке, әке-ау, сағындым өзіңді мен,
Сені ойлаусыз бір түн де көз ілмегем.
Жарылуға шақ қалып, әрең жүрмін,
Енді қанша шыдайды төзім деген?..

Әке, әке-ау, сағындым даусыңды мен,
Сен биіксің, асқарсың, таусың білем.
Енді қанша қинала береміз біз?..
Күш қалмады, сарқылды, таусылды дем.

Әке, әке, түсімде жүрсің аман.
Қарсы қарап, күлімдеп тұрсың маған.
Ойда жоқта оянып кетемін де,
Өз-өзіме тым қатты ұрсып алам.

Әке, әке, жатсың сен қай құрлықта?
Қайғырып та, жүрміз біз, қаймығып та,
Жақсы едің сен, жарқын ең, жайсаң едің,
Жұмақ болсын мекенің, жайлы ұйықта!

***

Осы біздер!
Жатпай тұрмай іздедік тосын іздер.
Жеті миллиард адам бар жер шарынан,
Жан таппадық, қайтейін, «досымыз» дер.

Дара қайғы,
Құр сенделіп аспанды аралайды.
Қай қазақпен кездессең бәрі жақсы,
Бірақ шын дос болуға жарамайды!

Алысқанмен,
Достық деген түсінік ғарыштан кең.
Кейде жайсаң жандарды дос деп жүріп,
Шатастырып аламыз таныстармен.

Бос елесті,
Бойға жиып бар үміт, рас егесті.
Содан болар кешіріп сатқындығын,
Дос етуге тырыстық дос еместі.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *