Биыл «Арыстанбаб» жоғары колледжіне 20 жыл толса, оның құрылтайшысы Арслан Арынұлы Асанов 70-ке шықты. Арслан Асанов 1953 жылдың 6 ақпанында Шымкент облысы, Қызылқұм...

 

Биыл «Арыстанбаб» жоғары колледжіне 20 жыл толса, оның құрылтайшысы Арслан Арынұлы Асанов 70-ке шықты. Арслан Асанов 1953 жылдың 6 ақпанында Шымкент облысы, Қызылқұм ауданында туған. 1970 жылы орта мектепті, 1976 жылы Алматы зооветеринария институтының мал дәрігері мамандығын, 1987 жылы Мәскеу жоғары академиясының педагогика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын мал дәрігерліктен бастағанымен, көп ұзамай оқытушылыққа бет бұрып, Қапланбек зооветтехникумында дәріс берді, ұстаз-дық ете жүріп, өндірістік практика істері бойынша директор орынбасары және кәсіподақ комитетінің төраға-сы қызметтерін атқарды. 2000 жылы «Әулие Ата» университетінің Қапланбек филиалын ашып, 2011 жылға дейін басқарды. 2003 жылы биология ғылым- дарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни-верситетінің молекулалық биология және генетика кафедрасының профессоры Айтхажа Биғалиев және ауыл шаруа-шылығы ғылымының докторы, профессор Тілеуберді Қоңырауұлы Рысымбетов сынды белгілі ғалымдар жетекшілігімен биология саласынан кандидаттық диссертациясын қорғады. Ғылыми жұмысын жалғастырып, 2007 жылы биология ғылымының докторы, профессор, академик, бүгінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы ғылым және техника саласы бойынша мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің және мемлекеттік сыйлықтың екі мәрте иегері Аманкелді Құрбанұлы Саданов жетекшілік етіп, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы ғылыми дәрежесін қорғады. Жалпы, ілім-біліммен біте қайнасқан өмірінде Арслан Арынұлының 40-қа жуық ғылыми мақаласы, 2 монографиясы жарыққа шықты. Еңбектің оң бағалануы бір бақыт емес пе. Жылдар бойғы аудан мен облыстық мадақтамалар, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаты (2005), Тәуелсіздік пен басқа да шаралардағы мерекелік төсбелгілер, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин медалі (2007), Президент жарлығымен тағайындалған «Құрмет» ордені (2020), республика көлеміндегі үздік колледждер қатарына ену, Сарыағаш және Отырар аудандарының құрметті азаматы атану сияқты марапаттар Арслан Арынұлын қуанышқа бөлейтіні сөзсіз. Расында да, жоғары орган тарапынан марапат тектен-текке берілмейді. Арслан Арынұлын ел «Атымтай жомарт» атайды. Бекер емес.

Бір мысал келтіре кетсек: 2008 жылы ауданымыздың бірнеше елді мекенін кенеттен су алып, ел абдырап қалғанда, тілсіз жаумен алысқан ағайынға студенттік отрядымен бірге алғашқылардың қатарында жетіп, материалдық та, рухани да қолдау танытып, бар ауыртпалықты көтеріскеніне аудан әкімі Ұласбек Сәдібековтің дән риза болып, алғыс айтқаны күні бүгінгідей есімізде. Арыс жарылысында да үрейі ұшқан жұртқа жәрдем беруге асыққан азаматтың игі істеріне аудан басшысы Бұхарбай Пармановтың шын жүректен ризашылығын білдіргені бар. Шынымен де, сол ақ ниет, жұмсақ мінез, таза еңбектен шығар, Арслан Арынұлы – «Аманат» партиясы Сарыағаш аудандық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңес ашылғалы бері кеңес төрағасы. Отбасында ұл-қыздарынан немере-шөберелер сүйіп отырған ұлағатты жан. Қоғамда тұлға деңгейіне көтерілген азамат. Иә, ісімен де, сөзімен де көпке үлгі болар өзіндік бейнесін қалыптастыра алған адам сөзсіз тұлғаға айналады. Жалпы, тұлғаға айналар адамның өмірінде тарихи қайраткерлер «ізі» сайрап жатса керек. Асанов «бір кездері Шәмшідей асылдың жүрген жері ғой, кейінгіге өнеге болсын» деп, үлкен жолдан колледжге кіретін Театр көшесін Шәмші гүлзары атына ауыстыруға қол жеткізіп, саңлақ сазгер оқыған ғимаратқа ескерткіш тақта орнатты. Шәмші әндерінің фестивалін өткізіп, онда өнерімен тамсандырған жастарды демеп, таланттарын дамытуға жол ашты. Үлкен ғалымнан үйреніп, білім тереңіне бойласын деп, қазақтың ауыз әдебиетін жан-жақты зерттеп, фольклористикасына өлшеусіз үлес қосқан филология ғылымдарының докторы, академик, түркітанушы Рахманқұл Бердібаймен студенттерді кездестіріп, емен-жарқын сұхбат құруына мүмкіндік жасады. Сондай-ақ, сарыағаштықтардың көптен көкейінде жүрген Қазыбек би ескерткішін тұрғызу туралы ойының жүзеге асуына жетекшілік жасауы –тұлғалыққа жеткізер игі істің мыңнан бірері ғана. Сол сияқты, Қазақстанның Еңбек ері, Қазақстан Республикасының Халық жазушысы, Қырғыз Респуб-ликасының Халық ақыны, Біріккен Ұлттар ұйымы Қоршаған орта бағдарламасы сыйлығының, Қа-зақстан және Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлықтарының, Түрік Республикасының «Түрік дүниесіне қызметі үшін» халықаралық сыйлы-ғының және Қырғыз Республикасы халықаралық «Руханият», түрік дүниесі жазушылар бірлестігінің «Шахрияр», ЮНЕСКО-ның «Боорукер» клубы сыйлықтарының иегері, «Жазагер жады космоформуласы» туындысы үшін Калифорния Ғылым, индустрия, білім және өнер академиясының А.Эйнштейн атындағы алтын медалін алған, Түркияның Гебзе қаласында «Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» сыйлығына ие болған, аты аңызға айналған ақын, жалпыадамзаттық мәселелерге үн қосқан қайраткер, қазақтың біртуары Мұхтар Шахановпен колледж студенттерін, Сарыағаш тұрғындарын жүздестіріп, елдің рухани тұрғыдан өсуіне ұйытқы болып жүргені – өз алдына бір төбе. Таза ниет табыстың, мәртебенің жолы емес пе, колледж бүгінгі 20 жылдық белесіне, Арслан Арынұлы 70-тің жетесіне зор абыроймен кө-терілді. Алып тұлғалы азаматқа айналды. Ал азамат болған баласын туған жері мақтан тұтады. Осы орайда, Отырар ауданындағы өзі оқыған мектептің сынып кабинетін арнайы Асановқа арнағанын айта кетсек, артықтық етпес. Ендеше, бүгінгі мерейлі мерекеміз – «Арыстанбаб» колледжінің 20 жыл- дығы құтты болсын, мерейлі жас – Арслан Арынұлы Асановтың 70 жылдығы құтты болсын! Айтулы күнде ағайымызға шын жүректен ризашылығымызды білдіреміз, деніне саулық, өміріне береке тілейміз. Бала-шағаның рахатын көріп, өзі құрған оқу орнын өсіре беруіне тілектеспіз.

ІЛІММЕН — ІЗГІЛІККЕ

Сарыағашта 2003 жылы «Арыстанбаб» колледжі ашылды. Алдымен, бастауыш сынып ұстаздарын, қазақ тілі мен әдебиеті, дене шынықтыру мұғалімдерін, құқықтану мамандарын оқытып, мәдениет қызметкерлерін де дайындауды қолға алып, көп өтпей, 2006 жылдан «Емдеу ісі», «Мейірбике ісі», «Фармация» мамандықтарын ашты. Өйткені, халқының саны жылдан-жылға артып бара жатқан ауданда денсаулық мекемелері көбейіп, оларда жұмыс істейтін мамандардың зәрулігі өмірдің күн тәртібіне шықты. Сөйтіп, колледжде оқыту екі: гу-манитарлық және медициналық ба-ғыттарда жүрді. Міне, содан бері 20 жылға жуық-тапты. Сынаптай сырғыған уақыт көзді ашып-жұмғанша өте шыққандай, бірақ оның әр жылы, әр айы-күніне көз жіберсек, «тау-тау болып үйілген» жұмысқа толы екенін көреміз. Иә, шынында да осы жылдар ішінде оқимын деп келген қаншама студентпен бірге атқарылатын жұмыс бір толастаған емес, мәселен: білім беру, тәрбиелеу, ұлттық дәстүр – ұрпақ сабақтастығына бейімдеу, белгілі бір мамандыққа даярлау, сонымен қатар өзіндік тұлға ретінде қалыптасуына септігін ти-гізер қоғамдық істерге, ғылыми-тәжірибелік конференцияларға, спорт- өнер жарыстарына қатыстыру, тағы сол сияқты үлкен өмірге үйрету шараларының бірі бітсе, екіншісі бас-талып, одан үшіншісі – солай, бүгінгі күні де жалғасып келеді. Сонымен, қазіргі таңда «Арыстанбаб» колледжінде «Бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі», «Информатика», «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», «Дене тәрбиесі және спорт», «Құқықтану», «Есептеу техникасы және ақпараттық желілер», «Бағдарламалық қамтамасыз ету», «Емдеу ісі», «Мейіргер ісі», «Фармация» мамандықтары бар. Колледжде оқу-тәрбие үрдісін 70 оқытушы жүргізсе, оның 93 пайызын штаттағы оқытушылар құрайды. Ұстаздардың дені жоғары, бірінші санатты. 12 оқытушы магистратура бітірген. Штаттан тыс оқытушылар, негізінен, медицина саласында дәріс береді, олардың да дәрігерлік санаттары бар. Сабақ 100% мемлекеттік тілде өтеді. Осы орайда, оқу орнында ғылым тереңіне бойлаған Әбет Досахметов, Сапарғали Ханазаров, Сейдахмет Әдігеев, Батырхан Жүніс, Исабай Мерзаахмедов, Темірхан Омаров, Құралай Жүсіпова, Жорабек Әбдіқадыров сынды үлкен ғалымдардың дәріс бергенін зор ризашылықпен айта аламыз. Иә, үлкен үмітпен, бар арман-мақсаттарын арқалай келген әр студенттің толыққанды білім алуын талапқа сай ұйымдастыру – оқу орнының бірінші кезектегі міндеті. Бұл міндетті орындауда колледж Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бекіткен білім беру стандарттарын басшылыққа ала отырып, оқытудың озық технология-ларын игеруді әркез қолға алудан жалыққан емес. Сапа менеджменті жүйесі 2008 жылы енгізілді. Сонымен қатар, дәл қазіргі – ақпараттың ағылған, қоғамның қарқынды дамыған заманында әр сабағымызды айналамызда болып жатқан жаңалықтармен байланыстыра, берілген білімнің күнделікті өмірде пайдасы тиетіндей етіп өткізу үшін, оқу үрдісі қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілді. Оқу кабинетте-рінің жабдықталуына жіті көңіл бөлініп, сабақта компьютер, инте-рактивті тақта, интернет желісі, сурет пен видеоға түсіру құралдарын пайдалануға жағдай жасалды. Лин- гафонды кабинет, радиоторап студиясы жұмыс істейді. Кез келген білім ошағының оқыту ісін тиімді ұйымдастыруда кітапхананың орны бөлек. Колледж кітапханасының оқырман залы 60 орындық, оның 12-сіне интернет желісіне қосылған компьютер қойылған. Жалпы кітап қоры – 47775, әдеби кітап саны – 3520, электрондық қор – 747 дана. Жылда жаңа кітап, оқулықтар аламыз. «Калибри» электрондық кітапхана қоры да ұдайы толықтырылады, бұл қор студенттер жатақханасының компьютерлеріне енгізілген. Білім беру, жастарды ғылымға баулу бағытындағы жұмыстарға тоқталсақ, әр жылдары облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткіздік, студенттеріміз қаншама рет облыстық, республикалық жиындарда ғылыми жобаларын қорғап, жүлделі орындарды жеңіп алды. Сол сияқты, спорт пен өнер жарыстарында да ылғи топ жарды. Бүгінгі күні Сарыағаштың қай жеріне барсақ та, алдымыздан өзіміз оқытқан студенттер шығады, бәрі де белді маман дәрежесіне жетіп қалған, елге қызмет етіп жүр. Бұл, әрине, көңілге қуаныш ұялатады, ісімізге серпін береді. Айтқандай, 20 жылдың ішінде 12 мыңға жуық студент біздің колледжді бітіріпті. Еңбектің нәтижесі деген осы шығар. Иә, сондай-ақ мемлекеттік аттестациялардан сүрінбегеніміз, аккредитациялардан өткеніміз, басқарушы органдар тарапынан жұмысымыздың оң бағаланып жатқанын еткен еңбектің көрсеткіші деп білеміз. Тағы бір тоқталатын нәрсе: білім берілетін жерде тәрбиенің бірге жүретіні. Шынында да, оқудың өзі тұтастай тәрбиемен өріледі. Сабақта да, сабақтан тыс уақытта да тағылымды шараларға толы колледждегі тәрбие ісі студенттер жатақханасында жалғасып жатады. 2019 жылы заманауи үлгіде салынған 100 орындық жатақхананың ішкі-сыртқы жабдығы түгел. Екі қабатты нысанның әр бөлмесі төрт адамға арналған, қажетті жиһазы, жуынатын бөлмесі бар. Колледжде студенттердің әлеуметтік жағдайы жіті зерт-теледі, тұрмысы төмен отбасы балаларының оқу ақысына жеңілдік жасалады: біріне 100, енді біріне 50 пайыз, комиссия шешіміне байланысты. Мәселен, өткен жылдардың бас-аяғына көз жіберсек, ата-анасынан бір- дей айырылған және түрлі себептерге байланысты тегін оқыған балалар саны жүзге жуық екен. Одан басқа тұрмысының төмендігіне байланысты 30 не 50 пайыз жеңілдікпен оқытылатын балалар саны жылына 10-15 шамасын құрайды. Сөз соңында, аудан халқына, өңірдің өсуіне 20 жылдан бері шама-шарқынша үлес қосып келе жатқан «Арыстанбаб» жоғары колледжінің бүгінгі мерейлі күні құтты болсын дегіміз келеді. Ел ертеңіне етер еңбегі еселене берсін деп тілейміз.

Базаркүл Әжіханова,
ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Арыстанбаб» колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің оқытушысы

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *