ӨМІР ЖОЛЫ ӨНЕГЕГЕ ТОЛЫ СПОРТШЫЛАР ӨМІР ЖОЛЫ ӨНЕГЕГЕ ТОЛЫ СПОРТШЫЛАР
Қыдырбек РЫСБЕК, спорт журналисі, «Дене шынықтыру және спорт жөніндегі республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығы» РМҚК директоры   ФЕНОМЕН! Мұхтархан феномені. Ол бокс қолғабын ең... ӨМІР ЖОЛЫ ӨНЕГЕГЕ ТОЛЫ СПОРТШЫЛАР

Қыдырбек РЫСБЕК,
спорт журналисі, «Дене шынықтыру және спорт

жөніндегі республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығы» РМҚК директоры

 

ФЕНОМЕН!

Мұхтархан феномені. Ол бокс қолғабын ең алғаш 18 жасында киді. 1994 жылдың қаңтар айында. Оның боксшы құрдастары бұл кезде шаршы алаңның қым-қиғаш, қанжоса айқастарына кәдімгідей төселіп, жастар арасында әлем, құрлық чемпиондары атанып үлгерген еді. Мырзашөлдің кең атырабында армансыз көкпар тартқан тақымы тас-тай, сұңғақ бозбала балалар боксы, жасөспірімдер боксы дегенді «білместен» бірден жастар мен ересектер дуына қойып кетті. Есебі күшті, танымы терең Нұрғали бапкер (Сафиуллин) жілік майы тоқ, бөрідей бұлқынып тұрған Мұхтарханды бабымен шыңдауға кірісті.
Шүу дегенде байқағаны бұл баланың ішкі қуаты сұрапыл екен. Тұрған жерінен ытырыла жөнелгенде ұшқыр аттан қалыспайды. Жүгіру техникасынан мүлде бейхабар. Бірақ жеңіл атлетика секциясының есігін ашпаған ауыл бозбаласы жалпақ табан кедамен, боксшы киімімен 100 метрді 11,8 секундта шаңдатып өте шығады. Бұл дегеніңіз ғажап көрсеткіш! Арнайы даярлық, арнайы киім, арнайы жүгіру жолағы болса, онда 11,8 секундың күнге еріген мұздай жұқарып сала бермей ме?! (Кейін шетелдегі бір жиында Еуропа маманы Мұхтарханды ұшпа жарысқа, спорт тілімен спринтер болуға шақырыпты).
Көкпар атынан түскен бойда ересектер боксына қойып кеткен Мұхтархан батыр араға төрт жыл салып, 22 жасында Азия ойындарының ұшар басына ту тікті. Бар-жоғы төрт жылда 1998 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы! Феномен демей көріңіз!
Бес жылдан кейін, яғни, 23 жасында әлем чемпионы болып тұрып, төрешілердің әділетсіздігінен кү-міс медальді қанағат тұтты. 1999 жылы Хиустондағы дүние жүзі чемпионатының финалында түрік Синан Самилді еркін еңсеріп, жеңгеніне сенімді тұрған. Бірақ Самилдің АИБА-дағы дөкей ағасы таразы басын өз жағына аударып әкетті. Мұхтарханның іші қан жылады. Қалың жанкүйер қазақтың чемпиондығы қарсыластың бөк-терінде кеткеніне қатты наразы. Бұл да іштегі алапат ашуын тежей алмай, қазылар алқасына жұрт көзінше жұдырығын біледі…
24 жасында Сидней олим-пиадасының ширек финалында кубалық қабылан Алексис Рубалкабамен бетпе-бет шықты. Мұның алдында Алексис неміс боксшысын опыра ұрып, талдырып тастаған еді. Қазақ елі делегациясының басшылары Ділдәбековке Рубалкабамен айқаспай-ақ қой деп, оның бас амандығын ойлады.
Бірақ Нұрғали Сафиуллин мен Мұхтархан басшылардың сөзін тыңдамай, салмақ өлшеуге тығылып барып, жекпе-жекке тәуекел етті. Тәуекел ет те, тас жұт! Мұхтархан өзінен әлдеқайда ірі, әлдеқайда биік Рубалкабамен тайсалмай ұрысты, қара дәуді қазақи ыңғаймен құлаштай ұрды, ішке кіріп кетіп, солқылдата соқты.
Ақыры, жеңіп шықты! Сидней олимпиадасының бокс майданындағы ең бір алапат, ең бір тартымды, жұрт аузында ұзақ айтылған ұрыс осы жекпе-жек болды.
Сөйтіп, біздің Мұхтархан бокс қолғабын кигеніне алты жарым жыл болғанда Олимпиада ойындарының күміс медалін жеңіп алды!
Бүгін менің феномен інім 47-ге толды. Сонау алпысыншы жылдардағы Әбдісалан Нұрмахановтан кейін әлемдік алыптар айқасында қазақтың намыс туын көкте желбіреткен Мұхтархан Ділдәбеков ұлтымыздың спорттық тарихындағы бірегей тұлға! Ғұмырың ұзақ, бақытың баянды болсын, шаршы алаңның шынарындай бауырым!
Тағы бір айтарым бар: күрестен Олимпиада және әлем чемпиондары Жақсылық Үшкемпіров, Валерий Резанцев, бүгінгі кейіпкеріміз Мұхтархан Ділдәбеков спорт-қа 18 жасында барды. Ал қазір жұрт баласын 5-7 жасынан каратэге, басқа да шығыс жекпе-жектеріне беріп жатыр. Бала балалықтың дәмін дұрыстап татпаса, алаңсыз ойнамаса, ерте зорықса, оның келешегі қалай болмақ?!

КҮРЕСТІҢ ПРОФЕССОРЫ

Амангелді Мұсабеков – еркін күрестен Әлем кубогының жеңімпазы, жастар арасындағы әлем чемпионы Аманкелді Жапаров, Совет одағы халықтары спартакиадасының күміс жүлдегері, жасөспірімдер арасында әлем чемпионы Серік Алшынбаев, Совет одағы кубогының жеңімпазы Мұрат Маяузов, т.б. атақты балуандардың жаттықтырушысы.
Мұсабековтан тәлім алған ұландар кешегі Совет одағын дүркіретіп, одан әрі әлем чемпионаттарында олжа салған кезең – 1981-1987 жылдардың шамасы.
СЕРІК АЛШЫНБАЕВ 1982 жылы еркін күреске ден қойған қазақ балаларынан бірінші болып әлем чемпионы атанды. Жасөспірімдер арасында. Бұл, әрине, айтуға ғана оңай. Ол кезде әлем чемпионатынан гөрі Совет Одағының біріншілігінде топ жару қиын еді. Неге дейсіздер ғой? Біріншіден, ғылым мен жүйелі даму жолын қатар ұстанған советтің күрес мектебі өте күшті болды, екіншіден, дүние жүзі талассыз мойындайтын Кавказ балуандары советтің атынан күресті. Серік 1981 жылы Совет Одағының оқушылар спартакиадасында үшінші орынға табан тіреп қана қоймай, сол жылы 17 жасында бозбалалар арасында Одақ чемпионы атанды. Одақ чемпионы әлем біріншілігіне талассыз барса керек еді. Бірақ одақ құрамасындағы ішкі бәсеке тым қатты болатын. Бұған Мәскеудің қазақ балуандарына деген қырыс қабағын қосыңыз.
Үмітті күмән еңсерген күндердің бірі еді. Совет құрамасының жаттығу жиынында өзімен бірге тұратын әлемге әйгілі маман Арменак Карапетян алпысқа толып, жастар құрамасының ығай мен сығайлары дастархан басына жиналды. Сол жиында отыз төрттегі Амангелді гитарамен орыс романстарын тамылжыта шырқаған. Аға жаттықтырушы Шәміл Неврединовтың зайыбына Мұсабековтың өнері қатты ұнайды. Әбден арқаланып алған Амангелді Мұсабеков таң бозында «Подмосковные вечера» әнін сорғалата жөнелгенде әлгі татар келіншек: «Сіз бай адам екенсіз», дейді ризалығын жасыра алмай. «Егер бай болсам, шәкірттерім ендігі әлемдік жарыстарға барған болар еді», дейді Мұсабеков іштегі бұлықсыған арманын жасыра алмай. «Байлық бүгін бар, ертең жоқ. Сіздің ішкі дүниеңіз бай екен…Мен сізді түсіндім. Шамам жеткенше көмек беремін». Құдай сәтін салып, Серік іріктеу белдесулерін ұтып шықты. Кавказдың кеуделі жігіттері сонда да екпіндеп қоймайды. Содан Неврединовтың бөлмесінен шаң-шұң еткен дауыстар жиі естіле бастайды.
Әлем чемпионатына баратын балуандарды анықтайтын сәт те келіп жетті. «Шәміл Неврединов 52 келіде Серік Алшынбаевты атап тұрып, маған сондай бір ызғармен оқты көзін қадап өтті», – дейді Амангелді Мұсабеков сол күнді еске алып, «Ал күрес залының арғы бетінде тұрған оның әйелі бас бармағын көрсетіп, риясыз күлді». Серік әлемдік чемпиопнаттан алтын медальмен оралды.
Амангелді Мұсабеков 1978 жылы Қарқаралының орталығында 200-дей ауыл баласын арнайы іріктеуге салып, сол қарадомалақтардың арасынан жалғыз Серікті таңдап алады.
Көзі оттай жанған қара торы баланың бапкерге намысқойлығы ұнады. Қарағанды интернатының баласына есе жіберген Серік күйінгеннен жылап жіберіпті. Содан Мұсабеков оңқай асықтай шымыр баланы Қарағандыға алып келеді. Ұстаз бен шәкірт үшін нағыз сынақ осы жерден басталады. Облыстық интернат дәрігерлері Серіктің жүрегіндегі туабітті дертке қоса жамбас сүйегіндегі ауруды анықтап, оған күресуге тиым салады. Мұсабеков амалсыздан Серікті автостанцияға әкеп, Қарқаралының автобусына отырғызады. Содан автобустың терезе жақ бетіне жайғасқан балаға қараса, Серік ағыл-тегіл жылап отыр екен. Отыздағы Амангелді тәуекелге мінді. Баланы көліктен түсіріп алып, үйіне әкеп жатқызады. Қарағандыдағы білікті кардиолог Керопян Мұсабековтың өтінішін жерге тастамай, Серікке рұқсат қағаз жазып береді. Жамбас сүйекке қатысты қағаз да реттелді. Осы құжаттармен баланы интернатқа орналастырады. Содан бір жылдай жеңіл жаттығумен шыңдап, уақыт оза баптау процесін күрделендіре отырып, Серікті Совет Одағындағы ең таңдаулы балуандар қатарына қосты. Оның жүрегі бірнеше жылдан кейін қалпына келсе, жамбас сүйегіндегі дерті мазалауын қоймады. Талай ірі жарыстың шешуші тұсында аяғы жансызданып, амалсыз ұтылған кездері қаншама. Бірақ Алшынбаев жасыған жоқ: 1984 жылы совет құрамасы сапында жастар арасындағы әлем кубогын жеңіп алса, 1986 жылы Совет одағы халықтарының спартакиадасында күміс жүлдеге қол жеткізді.
АМАНГЕЛДІ ЖАПАРОВ еркін күрестен жастар арасында әлем чемпионы болған тұңғыш қазақ балуаны. Ол бұл белеске 1983 жылы табан тіреді. 1981 жылы Совет Одағы оқушылар спартакиадасының бас жүлдесін қанжығаға байлаған Амангелді сол жылы одақтың жасөспірімдер біріншілігінің күміс медалін жеңіп алды. 1983 жылы Совет Одағының жастар чемпионатында үшінші орыннан көрінді.
1983 жылы Жапаров Совет одағының ұлттық құрамасына енді. Сол жылы 52 келі салмақта одақтағы ең үздік балуанның бірі біздің Амангелді болғанын айтуға тиіспіз. Сол тұстағы Совет одағы Спорт комитеті спорттық жекпе-жек басқармасының басшысы, Совет одағының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Николай Пархоменко бапкерлер кеңесі үстінде 52 келі салмақта ел намысын қорғауға Амангелді Жапаров лайық дейді. Бірақ совет құрамасының бапкерлер кеңесі осыдан жарты жыл бұрын ота жасатқан атақты балуан Анатолий Белоглазовты Киевтегі әлем чемпионатына қосып, бұл спортшы қола медальмен ғана шектелді. Әйтсе де, жаратылысынан қайсар, қарулы жігіт келесі 1984 жылы Совет одағы құрамасы сапында әлем кубогын ұтып алды. Сөйтіп, Амангелді Жапаров еркін күрестен жастар арасында әлем чемпионы және ересектер додасында әлем кубогын олжалаған алғашқы қазақ балуаны ретінде халқымыздың спорт тарихына тіркелді.
МҰРАТ МАЯУЫЗОВ Амангелді Мұсабековтың болашағынан зор үміт күткен, бапкердің өз сөзімен айтсақ «күрестің іші-сыртын жақсы білетін, күші көп, балуандық бейімі зор, потенциалы мықты» спортшы. Мұрат 1987 жылы 62 келі салмақта «Динамо-1» спорт қоғамы құрамасының сапында Совет одағы кубогының жеңімпазы атанды. 1984 жылы Алматыда болған ССРО кубогы үшін сында барлық қарсыластарынан басым түсті.
Мұрат балуан 1982-1984 жылдары Совет одағының жасөспірімдер және жастар чемпионаттарында бір күміс, екі қола медальға ие болды. 15 одақтас республика мен Мәскеу, Ленинград (Санкт-Петербург) балуандары бақ сынаған одақ чемпионатының деңгейі әлем чемпионатынан кем соқпағанын көзі қарақты жанкүйер жақсы біледі.
Міне, қадірлі оқырман, Аман-гелді Мұсабековтің өз заманында дүркіретіп олжа салған үш шәкіртінің басты жеңістерін тізіп шықтық. Амангелді аға бір сөзінде: «Бірде балаларым маған «сізге бізден гөрі шәкірттеріңіз қымбат па?» деп ренжіді. Рас, менің көп уақытым балуан балалармен бірге өтті. Бірде сырттағы ұзаққа созылған жаттығу жиынынан үйге оралғанымда кіш-кентай қызым жатырқап, маған жоламай қойғаны бар…» деген еді. Біреулер «туғандарыңнан жырақта сонша бейнет кешіп, сонша зарығып не көрінді?» деуі мүмкін. Егер Мұсабеков отбасы, ошақ қасынан ұзамаса – екі бірдей әлем чемпионының ұстазы болмас еді ғой.
Амангелді бапкер білім мен білекті өзара ұштастыра білген маман. Қазіргі көп жаттықтырушылар жаттығу мен жарыс процесін жүйелі жазуға мән бермесе, Мұсабеков бұл мәселеге өте мұқият қарайды. Ол кісі «Шәкіртінің шыңдалу жолын тұрақты жазып жүрмеген адам оның жетілу, өсу процесін қалай қадағалап, қалай біліп отырады?» дейді. Жоғарыда Мұсабековтің ел ішінен дарынды балалар іздегенін айттық. Әбекең ел аралап жүріп, арғы бабалары батыр, балуан болған әулеттерді назардан тыс қалдырмауға тырысыпты. Ал мінезді, табанды спортшы қандай болуы керек десеңіз, Амангелді Мұсабеков атақты балуан Дәулет Тұрлықановты ерекше атайды. «Совет одағының чемпионаттары балуандардың деңгейі, сапасы жағынан әлем чемпионаттарынан кем соқпайтын, – дейді Аманкелді бапкер, – Дәулет осындай айтулы күрес державасының грек-рим күресі чемпионаттарын қатарынан жеті рет ұтып алды. Бұл білген адамға сұрапыл нәтиже. Егер Тұрлықанов еркін күреске ден қойғанда оның одақ чемпионаттарындағы көрсеткіші бұ-
дан да жоғары болуы мүмкін еді. Себебі, Дәулеттің дене бітімі, табиғи жаратылысы нағыз еркін күреске лайық. Оның бойы мен салмағы бір-бірімен орайлас, күші орта деңгейден жоғары, бұған қоса ол аса жылдам әрі тым сезімтал балуан. Ал басты қасиетінің бірі, өте сирек кездесетін табанды мінезі дер едім».
Амангелді Мұсабеков Қарағанды облыстық спорт интернатында бапкер кезінде он жылдай сол интернаттың жатақханасында тұрыпты.
Пәтер алу туралы әңгіме қоз-ғалғанда «әлем чемпионын дайындамай, осы жерден кетпеймін!» деген сөзі спорттан алыс адамдарға біртүрлі естілуі мүмкін.
…1971 жылы Совет Одағы халық-тарының спартакиадасына 90 келі салмақта амалсыз Тәжікстанның атынан қатысқан Амангелді Мұсабеков Қазақстан құрамасының мүшесі Петр Суриковпен кілемге шығарда Қабден Байдосовтан басқа барлық бапкерлер: «Аман, Қазақстанға медаль керек, жеңіле сал», деп жабылып жатып, әрең көндірген. Өз ұстазы Феликс Премильский: сен Петрді жықсаң мыналар мені түтіп жейді, бір сөзімді сыйла, деп жыларман болды. Осының алдында ғана Суриковты 6:0 есебімен еңсерген Мұсабеков зар күйінде еді. Сол спартакиадада бұйырғаны – бесінші орын. Егер Суриковты ұтқанда – бір медаль қолында еді… Қазақтың мойнындағы империя қамыты Амангелдідей азаматтардың да еркіндігін шектеген заман еді ғой.

МӘРТТІК

1990 жылдың қаңтар айының соңында сол кездегі «Социалистік Қазақстан» газетінде республика спортының басшысы Аманша
Ақбаевтың атына ашық хатым жарияланды. Хаттың негізгі мазмұны: Қазақстан спортында қазақ жастарының үлесі неге кем; неге Грузия мен Литва құсап өз елімізде өз жастарымызға өріс ашпаймыз; 1988 жылғы жазғы Олимпиада ойындарында Литваның төрт бірдей баскетболшысы чемпион атанды, олардың бізден қай жері артық; классикалық спорт түрлерінің басым бөлігінде қазақ жастары мүлде жоқ, қысқы спорттағы жағдайымыз одан да сорақы, т.т.
Көп ұзамай еліміздің бас газетінде «Жанашырлық жақсы, жадағайлық жаман» деген тақырыппен А.Ақбаев-тың жауабы жарияланды. Бұл кезде менің жасым жиырма жетіде болатын. Арада біраз уақыт өткенде екеуміз ол кісінің кабинетінде жолықтық. Аға маған сынай қарап, спортта ұлттық проблеманың бар екенін, біраз нәрсенің беті бері қарай бастағанын жеткізді.
Орталық Азия спартакиадасының дүрмегімен Алматыдағы Балуан Шолақ спорт сарайына бара қалған едім, Аманша аға журналистер жарысқа тіркелетін кең залдың дәл төрінде отыр екен, мені көрген бойда қасына шақырып, кофе алдырды.
– Қыдырбек, – деді аға амандық-саулық сұрасқаннан кейін ойлы жанарын тура қадап, – мен саған аға болайын, сен маған іні бол! – Рес-публика спортын жиырма жылдан аса басқарған үлкен адамнан мұндай сөзді күтпеген едім. Қапелімде не дерімді білмей, аз-кем үнсіз қалдым…
Аманша аға екеуміз әуелде бір шекісіп алып, осылай табыстық. Кейін ойлап отырсам, ағам ірілік танытқан екен. Ол кезде қатардағы журналиспін, ал Ақбаев бүкіл Совет одағына танымал білдей бір министр.
Ақбаевтың атына жазған ашық хаттың ізімен республика Жоғарғы кеңесінен мұздай құрсанған комиссия келіп, спорт комитетін біраз сілкілеп алғанын кейін сондағы лауазымды ағалардың бірінен естідім. Бірақ Аманша ағам оны кек тұтпады. Өзі Ұлттық Олимпиада комитетін басқарып тұрған кезінде қатарынан үш Олимпиада ойындарына баруыма кедергі жасаған жоқ.
Ескінің көзі – өнегенің көзі, деген осы болар, бәлкім.
Совет спортын Алай базарына айналдыруға болмайды!
1983 жылы ССРО халықтарының VII жазғы спартакиадасында өзбек ағайындар Ресейдің екінші нөмірлі жеңіл атлетшілерін Өзбекстанның атынан жарысқа қосып, жүлдесі көп жеңіл атлетикадан, тағы біраз спорт түрінен басым түседі. Жалпы командалық есепте де Өзбекстан құрамасы Қазақстанның алдына шығады. Алғашында бұл сәтсіздікке қатты күйінген Аманша Сейсенұлы сабыр сақтап, ақылға келеді. Ол кісі өзбекстандықтар сапындағы ресейлік спортшылар туралы бұлтартпас дәлелдер жинап, спартакиаданың қорытынды жиынына Мәскеуге аттанады.
Алқалы жиынның күн тәртібі бойынша одақтас республикалардың спорт басшыларына сөз берілмейді. Оңтайы келді-ау дегенде Аманша Ақбаев сөз сұрайды. «Регламент бойынша рұқсат жоқ» дейді төрде отырғандар. «Уақыттарыңызды алмаймын. Бір минут жетеді» дейді Ақбаев табандап. Совет одағы Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бөлім меңгерушісі Егор Лигачев «рұқсат» деп басын изейді. Аманша Ақбаев Өзбекстан құрамасына заңсыз енген Ресей спортшылары туралы нақты дәлелдер келтіріп, сөзін «Совет спортын Алай базарына айналдыруға болмайды!» деп түйіндейді. Жұрт ду ете қалады. Президиум мүшелері осы мәселе бойынша арнайы комиссия құрылып, мән-жайды анықтасын деген тоқтамға келеді.
Ақыры Өзбекстан құрамасына төтеннен қосылған ресейлік спортшылардың ұпайлары шегеріліп, олардың осы жарыста олжалаған медальдары заңсыз деп табылады. Спортшылар Ресейге қайтарылады. Қазақстан құрамасы Өзбекстанның алдына шығады. Ал Аманша Сейсенұлының «Совет спортын Алай базарына айналдыруға болмайды!» деген қанатты сөзі көпке дейін жұрттың аузында жүрді.

КӨРШІНІ МОЙЫНДАТУ

1995 жылы Ташкентте бірінші Орталық Азия ойындары өтті. Қазақстанның спорт басшылары Өзбекстан астанасына негізінен жас спортшыларды жіберді. Себебі, біраз спорт түрінен біздің белді спортшылар Жапониядағы Бүкілдүниежүзілік студенттер ойындарына және Ита-лиядағы әскерилер арасындағы әлемдік ойындарға қатысуына байланысты Орталық Азия ойындарына бара алмады. Ал өзбек ағайындар болса, өз үйіндегі сында Қазақстан құрамасын қалайда ұтуды көздеп, барлық мықтыларын осы жарысқа жұмылдырды. Ал Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Аманша Ақбаев біздің делегацияның алдына бір-ақ мақсат қойды. Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте Ташкентте өзбек спортшыларын жеңуге тиіс!
Негізінен жастардан жасақталған біздің құрама өзбектің тәжірибелі спортшыларына қатты қарсылық танытты. Егер екі жақтың тартысы әділ жағдайда өтсе, ұтылатындарын сезген өзбек ағайындар спорттық принципті белден басып, әртүрлі қитұрқы әрекеттер жасай бастады. Ауыр атлетикадан халықаралық дәрежедегі төрт қазақстандық төрешіні жарыстан шет қалдырды. Жүзуден топ жарған бірнеше спортшымыздың заңды жеңісін есептемей тастады. Төрешілер алқасы қазақстандық спортшыларға көпе-көрнеу қысым жасауға кірісті. Соның нәтижесінде өзбектер командалық есепте алға озды. Жарыс осылай жалғаса берсе, алаң иелерінің жеңетінін сезген Аманша Ақбаев шұғыл түрде жиын өткізді. Жиынға Қазақстан делегациясы тегіс қатысты. «Өзбектер бізді төрешілердің көмегімен жеңгісі келеді. Бұған жол беруге болмайды, – деді Ақбаев көпшілікке жағалай көз тастап. – Бұл бассыздық тоқтамаса, жарысты жалғастырудан ресми түрде бас тартып, бәріміз бір адамдай елге қайтқанымыз дұрыс. Бұған қалай қарайсыздар?»
Әркім өз ойын айтты. Біраз адам бәсекені орта жолдан тастап, елге қайтайық, бұл қадам алаң иелеріне соққы болады, деді. Ал Ақбаевтың көздегені басқа еді. Аманша Сейсенұлы осы шұғыл әрі үлкен жиындағы әңгіменің Өзбекстан үкіметіне жеткенін қалады. Ол кісі бір жағынан алқалы жиын ашып, екінші жағынан Ташкенттегі Қазақстан елшілігімен кеңесті. Мәселені елшілік деңгейінде көтеріп, екі елдің ресми орындарының Орталық Азия ойындарына назарын аударды.
Ақыры, Ақбаев дегеніне жетті. «Қазақстан делегациясы жарысты ұйымдастырушылар мен төрешілерге наразы болып, елдеріне қайтқалы жатыр», деген әңгіме Өзбекстан үкіметіне жетсе керек, әділ қазылардың әділетсіздігі сап тиылып, алаң иелері белден басып, тартып алған бірнеше медаль қазақстандық спортшыларға қайтарылды. Осы жеңіспен қанат-танған Қазақстан құрамасы әрі қарай қамшы салдырған жоқ. Бірінші Орталық Азия ойындарының командалық бас бәйгесі біздің спортшыларға бұйырды.
Көрші ағайындар жарыстың жа-
былу салтанатын тамаша ұйым-
дастырды. Өзбек үкіметі басшы-ларының бірі сөз сөйлеген соң көпшілік мінбеге осы елдің спорт басшысы шығады деп ойлаған. Аяқ астынан сөз Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Аманша Ақбаевқа беріл-
генде, қалың жұртшылық сілті-дей тына қалды. Мұндайды күт-пеген Аманша Сейсенұлы еш абыржыған жоқ. Ел ағасына тән салқынқандылықпен салиқалы сөз айтты. Ренішін білдірмеді. Осындай жарыстарда достығымыз беки түседі, шеберлігіміз шыңдалады, жеңіс қашанда мықтының еншісінде дей келе, көрші ағайындарға алғысын айтты.
Ақбаевтың ірілігін осыдан-ақ біле беріңіз.

МОЙЫНДАУ

1998 жылы Тайландтың астанасы Бангкокта Азия Олимпиадалық кеңесінің Бас ассамблеясы болып, алқалы жиыннан кейін АОК президенті Ахмад әл-Фахад әл-Сабах мырза қонақтарға дастархан жайды. Азия спортының марғасқалары дастархан басына жайғасып болған соң Ахмад әл-Фахад әл-Сабах осындай ірі халықаралық жиындардың қатаң тәртібін белден басып, Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) пре-зиденті Хуан Антонио Самаранч екеуі отырған төрдегі столға Аманша Ақбаевты арнайы шақырады.
Ойлап қараңыз, мүйізі қарағайдай Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея мемлекеттерінің спорт басшыларын емес, осыдан бес-алты жыл бұрын тәуелсіздік алған Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Аманша Ақбаевты жұрт-тан бөлек, салтанатты жағдайда төрге оздырады. Ұлан-байтақ Азияның барлық қиырынан жиналған спорт жетекшілері мен мамандар сол сәт Аманша Ақбаевтың осыншалық зор беделіне қатты қызыққаны анық.

АҚБАЕВТЫҢ КӨРЕГЕНДІГІ

1975 жылы ССРО халықтарының спартакиадасы мен чемпионатын қосақтап жеңіп алған Жақсылық Үшкемпіров Монреал олимпиадасынан шет қалды. Одақ бапкерлері оны Еуропа чемпионатына, әлем кубогына да апарған жоқ. Совет құрамасындағы үзеңгілестері «терпеливый Жак» атаған жігіттің төзімі әбден шегіне жетті. Содан Жақсылық талайлардың қолы жетпей жүрген ССРО құрамасына үш ай ат ізін салмай, Алматыда жатып алды.
Бір күні ойда-жоқта респуб-ликалық спорт комитетінің төрағасы Аманша Ақбаев мұны мәшинесіне отырғызып алып, Қазақстан ком-партиясының орталық комитеті орналасқан зәулім боз үйге бір-ақ тартты. Бұларды Дінмұхаммед Қонаевтың көмекшісі Дүйсетай Бекежанов күтіп алды. Мұндайды күтпеген Жақсылық кәдімгідей қобалжиын деді.
Ақбаев бастап екеуі атшаптырым кабинетке қадам басқан. Төрағаның соңынан ілескен балуанның тізесі дірілдеп қоя берді. Сан майданда сыр бермеген жүрегі кеудесін жарып шығардай бұлқына соғады. Қазақстан Компартиясының бірін-ші хатшысы Дінмұхаммед Қонаев қарағайдай боп қызмет столының қасында тұр екен. Ауыр ой құрсауында екенін тұнжыраған қабағы айтып тұр.
Екеуінің сәлемін қабыл алған Қонаев жұдырықтай Жақсылыққа төбесінен төне қарап: «Әй, Аманша, чемпионың осы ма? Өзі бір жапырақ қой, мына денесімен қалай күреседі?» – деді Ақбаевқа қарата.
– Дінмұхаммед Ахметұлы, өзі кішкентай болғанымен, күшті балуанымыз осы! Осы жігіттен бірдеңе шығады. Батаңызды беріңіз!
– Ә-ә, жарайды, отырыңдар, – деді Қонаев орындығына жайғасып жатып, – Ал, Жақсылық, мен күніне бес-алты сағат ұйықтаймын. Кезінде Өзбекстанға кеткен аудандарымыз бар. Соны қайтару керек. Мына жақта тың игеріп жатырмыз. Қой басын елу миллионға жеткізу міндеті тағы тұр. Малшы ауылдарға қаншама жол, қаншама электр жарығын тартып жатырмыз. Күні-түні елімді, жерімді ойлаймын. Ата-бабадан аманат байтақ жеріміз бар.
Мен Брежневпен (Совет одағының бас хатшысы) күнде сөйлесіп отырамын. Елімді сақтап, көркейтіп, өркендету үшін ол кісімен дос болуым керек. Осының бәрі маған оңай дейсің бе? Ал, сен неге жаттығуға бармай жүрсің. Қазаққа Олимпиада чемпионы керек! Сені болады деп жатыр ғой. Қазір кезек тимесе, енді төрт жылдан кейін тиеді. Дұрыстап дайындал! Мен сені қадағалап отырамын. Тек әділдік болсын! Таза болсаң, барасың.
– Жарайды, түсіндім, ата, – деді Жақсылық қапелімде аузына басқа сөз түспей.
– Өзіңе не керек, пәтерің бар ма? – Бар.
– Мәшинең бар ма? – Бар. Бірақ тозып қалып еді…
– Әй, Аманша, Жақсылыққа мәшине бер! – деді Димекең Ақбаевқа қарап. – Ал, енді сен дайындал.
– Жақсы, ата, – деп Жақсылық лып етіп орнынан тұрды. Сол мезет Жақсылықтың тұла бойы ду-ду етіп, азуын айға білеген арыстандай шабынып тұр еді.

1980 жылы 29 жастағы Жақсылық Үшкемпіров Мәскеу олимпиадасында топ жарса, 1981 жыл 30 жасында әлем чемпионы атанды, ал, 1982 жылы 31 жасында Әлем кубогын қанжығаға байлады. Бұл спортшылық жасы ұлғая бастаған тұстағы ең ақырғы үш мүмкіндік еді. Жақаң зарығып зорға жеткен сол үш мүмкіндікті қалт жібермей, қағып түсті.
Ақсақалдың батасы, төрағаның тәуекелі осындай тарихи жеңіске ұласты.

ЖҮЙРІК

Совет одағы құрамасы сапында 4х100 метрге эстафеталық жарыста 1965 жылғы Еуропа кубогының жеңімпазы. Осы бәсекеде совет жүйріктері 39.4 секунд нәтижемен Еуропа кубогының рекордын ілгері жылжытты. Яғни, Әмин ағамыз 4х100 метрге жарыста Еуропа кубогы рекордының иесі. Ескеретін жағдай, бұл жылдары ССРО жеңіл атлетшілер командасы дүние жү-зіндегі маңдайалды құраманың бірі болды. Ол кезде ССРО жер шарының алтыдан бірін бауырына басып, Прибалтика, Кавказ, Орталық Азия және Украина, Беларусь елдерін бодандығында ұстаған қаһарлы, алып империя еді.
Әмин Елемесұлы 1965 жылы Совет Одағының чемпионатында 200 метрді 20.6 секундта зулап өтіп, ССРО рекордшысы атанды. Бұл жылдары әлемдік рекорд 20,2 секунд болатын. Әлемдік рекорд күнде туа бермейтінін ескерсек, Әмин Тұяқовтың бұл нәтижесінің тым жоғары екеніне күмән жоқ. Тұяқовтың жоғарыдағы рекорды 1968 жылы ғана өзгерді.
1965 жылы құрамында Ғұсман Қосанов, Эдвин Озолин, Николай Политико, Әмин Тұяқов жүгірген советтің эстафеталық 1964 жылғы Олимпиада жеңімпаздары АҚШ құрамасын 4х100 метрлік бәсекеде ұтып алды. Бұл ұшпа жарыста совет жүйріктері 39.3 секунд нәтижемен Совет одағының жаңа рекордына қол жеткізді. Осы жеңістен кейін жоғарыдағы төрт жүйрік бұған дейін тек Олимпиада және әлем чемпиондарына беріліп келген «Совет одағының еңбек сіңірген спорт шебері» атағына ие болды.
Егер бұл жылдары жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты өтсе, біздің Әмин мен Ғұсман ағаларымыз әлемдік чемпионаттардың жеңімпазы мен жүлдегері атанған болар еді-ау, дейміз іштегі бұлықсыған арманымызды жасыра алмай.
Әмин Тұяқов 200 метрге жарысуда 1962, 1965, 1966, 1967 жылдардағы, 4х100 метрге эстафеталық сында 1962,1963 жылдардағы Совет одағының чемпионы. Әмин Елемесұлының бірнеше дүркін одақ чемпионы болуының өзі сол кезең-дегі қазақстандық жүйріктер үшін рекордтық нәтиже еді.
Тұяқов 100 метрді 10.2 секундта жүгіріп өтіп, одақ рекордын қайталады 1960-1968 жылдарда 100 метрге жарысудағы әлемдік рекорд 10.0 секунд болғанын ескерсек, Әмин ағамыздың өз дәуірінде қандай жүйрік болғанын аңғару қиын емес. Ә.Тұяқов 100 метрге жүгіруде Совет одағы чемпионатының 3 дүркін күміс (1963,1965,1967), 2 мәрте қола жүлдегері (1962,1964).
Сол желдей есіп жүрген кезінде Әмин ағамның бойы 172 см. болған екен. Ғұсман ағам 178 см. Озолин мен Политико 180 см маңайы. Ал Әмин ағалармен жарыста жеңіліп қалған америкалық желаяқтар 180-190 см шамасында. Ал, сол тұстағы дүние жүзіндегі ең айтулы ұшпа жүйріктердің ішіндегі бойы ең тапалының бірі біздің Әмин ағамыз болыпты. Әмин ағамыз соған қарамастан ұзын сирақ Олимпиада чемпиондарынан қалысқан жоқ.
Қазіргі жастарға сонау алпысыншы жылдары қос бірдей қазақ желаяғы әлемдік деңгейде олжа салды десең, аңыз сияқты көреді. Бұл біздің кейінгі отыз жылда дүниежүзілік деңгейде бірде-бір жүйрік баптай алмағанымыздан. Біздің спорт басшыларының басым көпшілігі «қазақтың қолынан күресу мен бокстасу ғана келеді» деп, Мәскеудің миымызға құйып тастаған құлдық сарыннан әлі арыла алмай келеді. Орысша түс көретін советтік толқыннан арылмай, бостандық, тәуелсіздік деген қасиетті ұғымдарды жете ұғыну тым қиын тәрізді.
Біз отарлаудың жарасын жазуды емес, сол жараны әлі жалап, құтылуға асықпай жүрген ұлтпыз.

МІНЕЗ

2009 жылдың күзінде Қазақ елі құрамасының бас бапкері қызметіне тағайындалған Мырзағали
Құланұлы 60 жылдық тамаша
дәстүрі бар республика боксын жаңа белеске көтеруге білек сыбана кірісті.
2013 жылы қазақ жігіттері әлем чемпионатында бұрын-соң-ды болмаған асуға табан тіреді. Алматыдағы әлемдік біріншілікте біздің боксшылар 4 алтын, 2 күміс, 2 қола медальді еншілеп, дүние жүзі бойынша командалық есепте 1 орынды жеңіп алды. Осы жылы Мырзағалидың командасы Иорданияда болған Азия чемпионатында 7 алтын жүлде олжалаған еді.
Бұл – қазақ құрамасының Азия чемпионаттарындағы рекордтық нә-
тижесі болатын.
2013 жылдың қорытындысы бойынша Мырзағали Айтжанов 196 мемлекеттің бокс федерациясын біріктіретін АИБА-ның ұйғаруымен жұмыр жердің ең таңдаулы жаттықтырушысы мәртебесіне ие болса, Данияр Елеусінов әлемнің ең үздік боксшысы атанды.
Енді Мырзағалидың бас бапкер қызметіндегі көзден таса, көпшілігіміз біле бермейтін бір оқиғаны тілге тиек етейік.
2010 жылғы Қазақстан чемпионатында әлемнің екі дүркін чемпионы Серік Сәпиев қызылордалық Рүстем Сыбаевтан ұтылып қалды. Содан мамандар мен басшылардың басым көпшілігі Серікті ұлттық құрамадан шығару керек, деген ойға нық бекіді. «Сәпиевтің жасы келді, бабы бұрынғыдай емес, орнын жастарға босатып берсін», деген мәселені республикалық федерация басшылары қабырғасынан қойды.
Ал Мырзағали табандап Серікті қорғады. Себебі, Сәпиев өзіндік қолтаңбасы бар боксшы, бәсекенің бірінші минутынан соңғы секундына дейін қарсыластарына ес жиғызбайды. Рингте ешкімнің атағына қарамай, тізгінді берік ұстайды. Жекпе-жек үстінде айтқаныңды қағып алады, қателігін тез түзейді, тапсырманы бұлжытпай орындайды. Жаттығуда қан сорпасы шыққанша тоқтау жоқ. Алла берген табиғи күшін, қайсар мінезін еңбекқорлықпен шыңдап, үнемі жетілумен келе жатқан өнегелі спортшы. Сондықтан бір сәтсіздікке бола оны құрамадан шығаруға болмайды. Қысқасы, Мырзағали бір жақ, қырық кісі бір жақтың кері келді. Айтжанов жастар үлгі тұтатын көшбасшымыз осы жігіт екенін жан-жақты дәлелдеп, хатқа түсірді де, хатты федерация президенті Тимур Құлыбаевқа жеткізді. Сәтін салғанда, Тимур Асқарұлы Мырзағалиды қолдап шықты. Сөйтіп, Серік Сәпиев команда капитаны ретінде жалақысы сақталып, құрамада қалды. Біраздан бері торығып жүрген бапкері Александр Стрельниковтың қабағы ашылып, жүзіне қан ойнап шыға келді.
Міне, Мырзағали 26 жастағы Серік үшін небір кеуделі, ықпалды жігіттерге қарсы шықты. Өзі үшін емес, қазағының намыс туын қолдан түсірмейтін жігіттің әлі де бір қайнауы ішінде екеніне сеніп, соны жан жүрегімен түйсініп, қасқиған мінезімен Серік інісін құрамаға алып қалды.
Араға жарты жыл салып Президент кубогы үшін сында Сәпиев Сыбаевты еркін жеңіп шықты. Сол жылы Азия ойындарының алтын тұғырына табан тіреген Серік Сәпиев 2011 жылы әлем чемпионатының күміс медалін,
2012 жылы Лондон олимпиа-дасының алтын жүлдесін жеңіп алды.

БЕСЕУДІҢ БІРІ

немесе, Қазақ Күресін әлемге танытқан бес жігіттің бірі Қуаныш Наханов екенін білеміз бе?
Әлі есімде. 2001 жыл болатын. Қуаныш көптен бері еңбектеніп сызған қазақ күресінің кейбір әдіс айлалары – схемадан – шынайы өмірге, әдіс қимылға ауысып жатты.
Бұл өте бір қуанышты күндер еді…

***
…Шынын айтқанда қазақ күресі 1938 жылдардан бастап өз теңдігін іздей бастады.
Самбо күресімен бірге жүргенмен отауын бөлек тігіп, ұлттық рең алуға ұмтылу тоқтаған жоқ. Бір жүйеге түспесе де қазақ күресі деп танылып, жер-жерде айтулы жарыстар ұйымдастырылып жатты.
Дегенмен Қазақ күресі тек қазақ деген қасиетті ұлтта ғана бар ұлттық күрес екенін айқындау керек! Ол үшін не істесе болады?
Қазақ күресін өзінше айқындайтын тағы бір деталь күртеше еді. Күртеше мәселесі еш шешуін таппай келді. КСРО-ның шовинистік идеологиясы солай жасатты. Амал жоқ самбоның күртешесін қанағат тұтуға тура келді.

***
…Сол 2001 жыл бес жігіттің есінен мәңгі кетпейді. Германияда дүниеге жүзі қазақтарының құрылтайы болды. Бұлар күтпеген жерден Қазақ күресін әлемге таныту мәселесін алға қойды. Серік Төкеев, Бауыржан Жаналин, Диханбай Биткөзов, Марат Жахитов, Қуаныш Нахановтар осылай шешті!
Әрине, шешім қабылдау бөлек. Ары қарай ше?
Оған қыруар қаржы керек. Мемлекет бұл мәселеге назар аудармаған шақ. Демеушілер болмаса әлемнің әр түкпірінен келетін жүздеген палуанның жол қаржысы мен шығынын кім көтереді? Бәйгелерін ше?
Жігіттер тынымсыз жұмыс істеді. Қаржы мәселесін халыққа жанашыр демеушілер шешті! Ондай жандар табылды!
Енді, қазақ күресін меңгерген палуандар бар ма бұл Әлемде?
Ол палуандарды қайдан әкелмек? Ақша шешілгенмен қазақша күресе алмайтын палуан кімге керек?
…Қазақ күресінің федерациялары әлемнің түкпір-түкпірінен ашылмаса болмайды екен…
Осылайша, тұңғыш Қазақ күресі федерациялары дүние жүзінің әр шалғайынан ашыла бастады.
Сөйтіп жүргенде Қазақ күресі-нің арнайы күртешесі Қытай ар-хивтерінен табыла кетті! Сосын заманға лайықталып тігілді. Көк ұлттық өрнекті, қызыл ұлттық өрнекті күртешелер осылайша өмірге келген еді.
Бүгінде Әлемнің 60 елінде Қазақ күресінің федерациясы ашылып тоқтаусыз жұмыс істеп тұр.
Қазақты әлемге таныту деген осы! Әрине, мұның арғы жағында қыруар еңбек тұр…
Қазақ күресінің әлемдік бәсе-келерінде палуандардың жол шығындары мен жатын орындарын, алатын бәйгелерін арнайы демеушілер төлеп жүрді. 2014 жылға дейін Серік Төкеев бастап, Қуаныштар қостап жер жаһаннан келген әр палуанға жеке жеке қаржы тауып өткізіп келген болатын бұл күресті.

***
2014 жылдан бастап қазақ күресін Мемлекет өз қолына алып, «Әлем барысын» өткізуді бастады. Қазіргі Егемен Мемлекетіміз ұйымдастырып жүрген бұл үлкен ауқымдағы бәйгені көзімізбен көріп жүрміз.
Аллаға шүкір дейміз.
Тек оның арғы жағындағы тұрған АПТАЛ АЗАМАТТАРДЫ есте сақтау, олардың ерен еңбектерін жеткіншек ұрпаққа үлгі етіп тәрбиелеу біздің парызымыз!

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *