ПАТРИОТТЫЛЫҚ ҰЛТЖАНДЫЛЫҚПЕН  ЕГІЗ ҰҒЫМ ПАТРИОТТЫЛЫҚ ҰЛТЖАНДЫЛЫҚПЕН  ЕГІЗ ҰҒЫМ
Майра Алдабергенова   Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асса да, кейде «патриот», «патриотизм» деген сөздердің астарына аса үңіле бермейміз. Көбіміз оны қоғамдағы шала белсенділердің әрекетімен... ПАТРИОТТЫЛЫҚ ҰЛТЖАНДЫЛЫҚПЕН  ЕГІЗ ҰҒЫМ

Майра Алдабергенова

 

Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асса да, кейде «патриот», «патриотизм» деген сөздердің астарына аса үңіле бермейміз. Көбіміз оны қоғамдағы шала белсенділердің әрекетімен шатастырамыз. Шетелге саяхаттап барып, сол елдің астанасының шоқ төрінде қазақтың туын желбіретіп фотоға түсіп, соны әлеуметтік желілерге жүктегендерге қарап «нағыз патриот» деп таңдай қағамыз.
Байқасақ, осылайша бұл сөздердің мағынасын құлдыратып, айбынын азайтып алады екенбіз. Кейде өзімізді-өзіміз алдаусыратып «бәріміз патриотпыз» деп іштей масаттанамыз. Дұрыс, әрбір адам өз Отанының патриоты болғаны жөн. Бірақ сол патриоттылықты арқалап жүру үшін әдемі сөз, құрғақ аттан, жасанды мінез-құлық артықшылық етеді. Себебі патриоттылық ұғымы ұлтжандылықпен астасқанда ғана мағынасын толықтайашады. Ал, ұлтжандылық дегеніміз – ана тілін, ұлттық ділін, салт-дәстүрін, дәстүрлі дінін сүйіп, сол құндылықтарды көзінің қарашығындай сақтап, қызғыштай қорумен, аялап, ас-қақтатумен өлшенеді. Яғни, пат-
риот болу үшін ұлт мәселесін бірінші орынға қою маңызды. Сондай-ақ, мемлекеттің ортақ мәселелерін назарда ұстап, ескерусіз қалдырмау керек. Мемлекет дегенде, көзалдымызға алдымен тәуелсіз, өзінің туы, елтаңбасы, әнұраны, дербес территориясы бар ел елестейді. Яғни, патриоттылықтың екінші қыры – осы мемлекеттік рәміздерді ұлықтаумен анықталады.
Қазақ қазақ болып қалыптасқалы, тіпті сақ дәуірінен бертін қарай қаншама мемлекеттік туларды ауыстырып, әр ханның тұсында тулардың, байрақтардың түр-түрін желбіреткен. Тарихқа зер салсақ, ежелден қазақ қоғамында тудың көтерілуі, тудың тігілуі – халықтың бір жерге ұйысып, ел болғандығын білдіретін әлеуметтік маңызы бар символ болған. Сондай-ақ, тудың түсірілуі қаралы хабарды немесе жаудан жеңілуді білдірген. Сондықтан айбынды ерлеріміз қолына ту алып, жауға қарсы шыққан. Лажы болса, туының түспеуіне аса мән берген. Бұл да туды, мемлекеттік рәміздерді сыйлаудың бастауы әлімсақтан келе жатқанын білдірсе керек. Қазір де мемлекеттік тудыңмәртебесі осылай жоғары бағаланады, бірақ туды қастерлеу ежелден келе жатқан нышан екеніне мән бермейміз. Ендеше, өткен ғасырларға көз салып, бабалардың тулары, байрақтары қандай болған деген сауалға тоқталайық.
Ту, байрақ көшпелілердің мемле-
кеттілігін айқындайтын бас-ты нышандардың бірі болған. Олардың әскери және мемлекеттік нышандарының қалыптасып, дамуы Еуразия даласындағы этникалық, мемлекеттілік үрдістермен байланысты. Тарихи жазба деректерде көшпелілердің ордаларында биліктің нышанын білдіретін байрақ, тулардың болғаны туралы көптеген мәліметтер сақталған.
Қазақтың қару-жарақтарын зерт-теуші ғалым Қ.Ахметжановтың айтуынша:
«Байрақ тудан бұрын пайда болған. Ол – хандық биліктің, әскери лауазымның, батырлық дәреженің белгісі. Бұл белгі патшалар, әскербасылар жүрген жерде көтерілген. Қолбасшылар бұл байрақтармен шайқаста түрлі тактикалық белгілер беріп, шайқасты басқарып отырған», дейді.
Байрақты сақтардың қолданғаны туралы мәліметтер ертедегі тарихи жазба деректерде кездеседі. Грек тарихшысы Аррианның хабарламасы бойынша сақтардың әскери байрақтары, ұзын сырықтарда желбірейтін айдаһар тәрізді болған. Олар түрлі-түсті құрақтардан құралып жасалған, және барынша қорқынышты көрінетіндей етіп, жыланға ұқсатып тігілген екен. Яғни аттар тыныш тұрған кезде төмен қарай төгіліп тұрған түрлі-түсті құрақтарды елестетсе, ал қозғалған кезде желдің әсерінен үлкейіп, айдаһарға ұқсап ысқырып үн шығарған. Бұл байрақ жауға қорқыныш сезімін ұялатып, жеңісті біртабан жақындатуға әсерін де тигізбей қоймаған.
Қазақтың фольклорлық жырларында батырларды бөріге теңеу, оны ұран етіп жырлау кейінгі дәуірлерге дейін сақталып келген. ХІХ ғасырдағы қазақтың ұлы ақыны Сүйінбай Аронұлы:
«Бөрілі басы – ұраным,
Бөрілі – менің байрағым.
Бөрілі байрақ көрінсе,
Қозады қай-қайдағым» деп, бөріні ұран етіп жырлаған.
Яғни, бұл VІ ғасырдың ортасында Еуразия даласында алып империя құрған түріктердің ресми идеологиясында «көк бөрі» бейнесі ерекше орын алғанын білдіреді. Қытайдың тарихи жылнамаларында ежелгі түріктердің тайпа басшысы қасқырдан таралған. Онда былай делінеді: «Ашина қасқырдан туылған он ұлдың ішіндегі ең ақылдысы болғандықтан, ел билеушісі болады. Ол орда есігіне бөрінің басы салынған ту тігіп қояды – бұл оның өз тегін ұмытпайтындығын білдіргені екен».
Зерттеушілердің айтуынша, бай-рақтағы бөрі бейнесі жауынгерлердің ұранына айналған және олардың әскери өмірінде еркіндіктің, қай-сарлықтың рәмізі саналған. Танымал түркітанушы-ғалым Л.Н.Гумилев «Көне түріктер» атты еңбегінде қытай деректерінде «фули», «бури», яғни «қасқырлар», «бөрілер» деп аталатын найза, қылыш, алдаспанмен қаруланған таңдаулытүркі жауынгерлерінің болғаны туралы жазған.
Әр мемлекеттің туы, байрағы болса, оны жоғары көтеріп ұстау сол мемлекеттің абыройын білдірген. Ал, жаугершілік заманда тудың түсірілуі, жеңілісті сипаттаған. Сондай-ақ, кейбір деректерде жеңілістің белгісі ретінде ақ тудың көтерілуі туралы да жазылады. Осыған қарап, туды көбіне жаугершілік заманда жеңісті, шабуылды, жеңілісті сипаттау үшін қолданған сияқты деген ойға қаласыз.
Осы туралы ХІХ ғасырда қазақ даласында болған орыстың ғалымы А.И.Левшин: «Ту қазақтардың қару-жарақтарына жатады. Әрбір рудың өзінің туы мен белгісі болған. Олар бейбіт заманда мұқиятсақталып, тек соғыс болған кезінде ғана шығарылған» деп жазған. Туды жаугершілік кезінде қолданғаны туралы тағы бір дәлел ретінде Мұхаммед Хайдар Дулатидің
«Тарих-и Рашиди» еңбегіндегі мына деректерге кезек берсек: «Он мың әскердің туы «түмен тұғ» деп аталса, қосынның туы «кушунтуг» деп аталған. Әскердің туын ұстауға арнайы жауынгер тағайындалған, ол «тушы», «туғашы» деп аталған» дейді.
Батыр дегенде, көпшілігіміздің көз алдымызға қолына ту ұстаған салт атты кесек денелі кісі елестейді. Шынында, ежелгі тасқа қашалған таңбаларда, жартас беттерінде ат үстінде отырып ту ұстаған батырдың бейнесі жиі кездеседі. Себебі, бұл ту ұстаған ат үстіндегі жауынгер бейнесі – батырлық дәуірдің кең танылған белгісі және көне түркі көшпелі мәдениетінің ажырамас бөлшегі болғанын дәлелдейді.
Осы деректерден байқағанымыздай туды, байрақты кез-келген адам ұстай бермеген, тек батырлығымен, ержүректілігімен аты шыққан, ел қорғаған ерлер ғана ұстауға мәртебелі болған. Ежелгі эпостық жырларда батырлардың қол бастап, ту ұстағаны туралы деректер жиі кездеседі. Бұл халқымыздың ту сияқты рәміздерді ежелден қастерлегенінен мәлімет береді. Қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов ХVІІІ ғасырдың батырлары туралы әңгімелерінде Абылай ханның ту ұстаушы батырларының бірі болған Байғозының ерліктері туралы тоқталып, қызықты баяндаған.
Сонымен, патриоттылық ұғымы ежелден ұлттық құндылықтарды құрметтеп, мемлекеттік рәміздерді ардақтаумен сипатталғаны туралы біраз деректер келтірдік. Тудың сонау сақтардан бермен қарай қалай қалыптасқаны, елдің мәртебесін, абыройын түсірмеудің символы болғаны туралы біраз білдік. Қазір көпшілігіміз осы тарихи деректерге аса мән бере бермейтініміз өкінішті. Ал, өткенін ұмытқан халықтың келешегі бұлыңғыр болатынын естен шығармау қажет.

Енді патриоттылықтың бірінші қыры ұлттық құндылықтарды қастерлеу тақырыбына тоқталайық. Байыбына бару үшін әр мемлекетте көптеген әртүрлі ұлттар өмір сүретінін қаперге алсақ. Ал сол әр ұлттың өзіндік ерекшеліктері бар. Олар: тілі, ділі, салт-дәстүрі, дәстүрлі діні, басқа да ұлттық құндылықтарыатадан балаға мирас болып ғасырлар тізбегін жалғастырып өшпестей жаңғырып келеді.
Рас, көптеген құндылықтар уақыт уытында, басқа да қолдан жасалған ұлтсыздандыру процестерінің кесі-рінен құрдымға кетіп, кейбірі еміс-еміс қана есте сақталған. Себебі ұлттық құндылықтарды жою арқылы ұлтты жоюға болатынын білетін арнайы астыртын топтар жымысқы ойын іске асыруға барынша әрекет етіп бақты. Бұны ұлтсыздандыру процесі деп атаймыз. Кезінде «дін – апиын», «Салттың да озығы бар, тозығы бар» деген жалған ұрандардың астарына терең үңілмедік. Осынау шолақ ұрандардың тамырында көзіңді құртып, ұлтыңды табанасты етеміз деген пиғылдағы сұмдық саясат жатқанын ұқпадық. Небір нәубет жылдарды бастан кешірген қазақ, несін жасырамыз, кезінде шоқынды, ата дәстүрден аттап ащы сусынға құмартты, қазақша сөйлеуді қор көрді.
Тарихқа шолу жасасақ, негізінен қазақтарды шоқындыру жоспары іс жүзінде 1868 жылдан басталып, 1892, 1898, 1902 жылдары кезең-кезеңімен іске асырылатын бағдарлама жасалды. Аталмыш құжатта: «Бұратаналарға бұдан кейін өмір сүретін жол қалмауы керек. Жер бөлісі барысында олардың біразы көрге кіреді, екінші тобы христиан дінін қабылдап, орысқа айналады, көнбегендері тұқымы қалмай құриды…», деп жазылған. Бұл істі атқару Н.И.Ильминский бастаған миссионерлерге жүктелген және бұл адамға Орынбор шекаралық комиссиясының бастығы В.В.Григорьев орыс әліпбиін қолдану арқылы қазақша оқулық дайындауды тапсырған. Бұл кісі қазақтарды шоқындыру жұмысын жүйелі жүргізу үшін 1872 жылы Қазан қаласынан Орынборға ауыстырылып, Қазан-дағы руханият академиясының жанынан «Мұсылмандарға қарсы күрес бөлімін» ашып, оны өзі басқарған. Сөйтіп, қазақ даласында шоқындыру арқылы отарлау ісін жүргізумақсатында 1868 жылы ереже қабылданып, 1869 жылы Мәскеуде миссионерлер қоғамы құрылған. Олар бодан ұлттарды ұлтсыздандырып, шоқындырудың нақты әрекетін талқылап, іске асыруды ұсынған.
Отарлау мәселесінің ең бір өзекті тұсы отарланған халықты тілінен, ділінен, салт-дәстүрінен ажыратып, отарлаушы, яғни, үстемдік етуші ұлттың ыңғайына жығу. Егер бұлай болмаған жағдайда оларды тарих бетінен жойып жіберу жоспары ұсталды. Кезінде «орыстандыру» саясатының астарында осындай қитұрқылықтар жатты. Орыстың рухани көсемдерінің бірі, декабрист П.И.Пестель: «…Халық атаулының барлығы жойылып бір ұлт құрауы тиіс, ал Ресейді мекен еткен елдің барлығы орыстануы керек», – деген сауал көтерді.
Сол сияқты, 1887 жылдың астыртын тапсырма орындаушы Макинский деген шенеуніктің дала генерал-губернаторына жазған хатында: «Қазақтарды орыстандырудың ең қолайлы жолы оларды тез отырықтандырып, орыс тұрғындарымен мидай араластырып жіберу», – десе, Түркістан генерал- губернаторының орыстардың ұлттық саясаты жөніндегі 1911 жылғы құпия нұсқауында: «Жергілікті халықпен қарым-қатынас жасағанда орыс мүддесіне басымдық берілсін. Оларды жақын арада кәдімгі орыс шаруасына айналатын зат есебінде қарап, орыс көрсе жаны қалмай жалпақтап, құрметтеп, сыйлап тұратын рухқа жеткізу маңызды. Бұған көнбегендер міндетті түрде қайғылы жағдайға ұшырауы тиіс. Олар не өледі, не Ресеймен қош айтысады», – деген қағидат енгізеді. (А.Кәкен, «1937 нәубетінің тамыры тереңде». «Ел» газеті, № 13-14 (89-90), 2007 ж.)
«Орыстандыру» саясатының ас-тарында қазақ тілін ұмыттыру жоспары күн тәртібіне қойылды. Ол үшін орыс мектептерін ашып, қазақ балаларын жастайынан орысша сауаттандыруды бастады. Атақты түркітанушы ғалым В.В.Бартольдтың: «Түземдіктерге олардың өз тілінде ғылыми мағлұматтарды тым көп бермеу керек, сондай-ақ сол арқылы олардың әдебиеті мен мәдениетін орнықтыра дамытуға жағдай жасамау қажет, мұның барлығы олардың орыстануына кесірін тигізеді», – деп айтуы ұлтсыздандырудың сорақы үлгісі болды.
Қазақты ұлттық қасиетінен айыру үшін нендей жоспарлар жүргізілмеді десеңізші. Солардың бірі қазақ даласындағы елдімекендерге Романовтар династиясына қызмет еткен княздар мен отарлауды іске асырған әскери қолбасшылардың есімі берілсін деген тапсырма. Мысалы: Алматы бекінісінің алғашқы аты Омбы генерал-губернаторы Гасфорттың қызы Вераның құрметіне «Верина» деп аталып, 1867 жылы «Верный» деп ауыстырылған.
Қазақтар Кереку деп атап кеткен қалашықты, 1861 жылы генерал-губернатор Госфорд ІІ Александр патшаның баласы Павелдің бір жасқа толу құрметіне орай «Павладор» яғни «Павелге сый» деп ауыстырған. Апостол Петр мен Павелдің құрметіне орай Қызылжар өңіріне салынған бекініске «Петропавловск» деген атау берілген. Қазіргі күнге дейін кейбір отарлаукезінен қалған атаулардың сары майдай сақталып келе жатқаны ұлттық рухымызға кері әсерін тигізіп, еңсемізді басып тұрғанын жасырмау керекпіз. Қолымызда билік тұрғанда оларды ауыстыруға не кедергі екенін түсінбейміз.
«Іске сәт» деп ауыстырып жатса, әрине бір жасап қалар едік. Ондай күннің ауылы қайда екен?! Иә, қазақты ұлттық болмыстан айыру үшін қандай жоспарлар құрылып, қандай әрекеттер істелмеді. Елді-мекендерді орысша атағаннан орыстанып, ұлттық болмысын жоғалтады дегенге иманындай сенді. Қолдан үш рет ашаршылық, қуғын-сүргін жасап, халықты қынадай қырып 70-80 пайызғадейін азайтып қырып тастады. Ол аздай аттың төбеліндей халыққа орыстандырудың сарқыншағын тық-паштай берді. Оның соңы қазақша сөйлей алмайтын, ұлттық болмыстан ада мәңгүрт ұрпақ туды.
Міне, осындай нәубет жылдарды бастан кешірген қазақ бүгінде тәуелсіздігін жариялағанмен, ұлт-
тық болмысын қайта толық қалыптастыра алмай келеді. Желді күнгі қисайған қамыстай ары-бері шайқалып, бойын тіктей алмай әлек. Тіпті, патриоттылық деген ұғымның өзін жеңіл ұрандармен ауыстырып алған. Негізі осы ұранды ұлттық құндылықтарды сақтауға арнаса, ана тілін қастерлеуге, салт-дәстүрді, ұлттық ділді берік ұстауға бағыттаса, жоғалғанын қайтарып, өлгенін тірілтер ме еді.
«Патриоттылық» терминіне тү-
сіндірмелі сөздіктерде әртүрлі анықтама беріледі. Соған қарамастан, біздің мүддеміз құлдық психологиядан арылып, өзіміздің дербестігімізді сезініп, ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту. Ол үшін «Тәрбие тал бесіктен» демекші, балаларымызды қазақ сыныптарына беріп, ана тілін құрметтеуге, салт-дәстүрді қастерлеуге баулу. Егер екінің бірі осы міндетті орындаса, «көп түкірсе, көл» демекші, ұлттық рухымызды қайта жаңғыртамыз.
Тарихқа терең көз салып, ата-баларымызда патриоттылық сезімі қалай дамыған, қалай көрініс тапқан деген сауалға жауап іздеп көрелікші. Біздіңше, осы патриоттылық сезімі қазақ даласына ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен жауына тойтарыс беріп, тарих талайында алмастай жарқырап есімдері қалған қаншама батырларды тудырған.
Себебі, батырларда еліне, жеріне, ата дәстүріне, тіліне деген махаббат болмаса, онда елін басқа елдің боданы болудан қызғыштай қорып жанын шүберекке түйіп қасық қаны қалғанша күресудің мәні қалмас еді. Иә, қазіргі кең байтақ жеріміздің бізге аман-есен бұйырғаны сонау ғасырлар бұрын өмір сүрген сардарлардың жүрек түкпіріндегі мөлт еткен сезімінің арқасы демеске не кедергі. Ендеше бізге патриоттылықтың нағыз символы болуға татитын батырларымыз туралы қысқаша мәлімет бере кетсек. Себебі олардың бойындағы ұлтқа деген сүйіспеншілік жастарға жігер беріп, патриоттылықты нығайта түсетіні анық. Әзірше бес батыр туралы ғана қысқаша айтпақпыз.
Мысалы, біріншісі Қанжығалы Бөгенбай батыр әрі шешен, қолбасшы және қазақ халқын жоңғар басқыншыларынан азат ету жолындағы азаттық күресті ұйымдастырушы нағыз патриот болған деген дерек бар. 1710 жылы Қарақұм маңындағы жиынды құрып, жоңғар шапқыншылығына төтеп беру мәселелелерін талқылаған. Сондай-ақ, ел іргесін тыныштандырып, қытаймен бейбіт қарым-қатынас орнатуды шеше білген азамат.
Екіншісі, Қабанбай батыр Жоңғар шапқыншылығында ерлік көрсеткен, атақты қолбасшы, хан батыры атағын алған жалғыз батыр. Кезінде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Қазақта Қабанбайдан асқан батыр жоқ, Төле биден асқан асқан би жоқ» деген екен. Қабанбай батыр жоңғарлармен болған шайқаста 1724 жылы Түркістанды қорғауға, 1725 жылы Алакөл, 1729-1730 жылдар аралығында Аңырақай, Бұланты түбіндегі ұрыста қазақтың абаройын асқақтатып, жеңіс туын желбіреткен. Елінің нағыз патриоты, қасық қаны қалғанша елін-жерін қорғап, жеңісті қолдан бермеген ержүрек дарабоз батыр. Осыған орай, Абылай хан да батырды қолпаштап «Дарабоз» деп атаған.
Енді Наурызбай батырға келсек, ол да елінің нағыз патриоты болған. Не бары жиырма үш жасында Аңырақай шайқасына қатысып, қалмақ батырлары Шамал мен Қаскелеңді жекпе-жекте жер жастандырып, батыр атанған.
Қазір Алматы қаласындағы Райымбек батыр даңғылынан өтіп бара жатып, шөгіп жатқан түйенің бейнесі салынған кесенеге көзіміз түседі. Әр өткен сайын бетімізді сипап, дұғамызды іштей оқып, сыйынып өтеміз.
Райымбек батырды білмейтін қазақ кемде-кем. Оның отыз жылдан аса Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте ерлік көрсеткені ел ауызында аңыз болып сақталған. Міне, жастардың нағыз үлгі алатын тұлғалары осынау кезінде елі үшін аянбаған ұлттық батырлары емегенде кім болады? Олар елін, жерін жау шапқыншылығынан қорғап қана қоймай, тілін, ұлттық құндылықтарын ардақтаған нағыз патриот жандар. Себебі, олар қазақ үшін шыбын жанын аямаған, құндылықтарын жат жұртқа таптатпаған ерлер. Иә, шіркін, осынау тау тұлғалы батырлардың бейнесі жастардың жүрегіне патриоттылықтың нұрын құйса, солардан үлгі алса қандай ғанибет.
Қазақтың ақиық ақыны Мұхтар Шаханов:
– Ел, ұлт жайлы сырларымен,
Жыры биік тұрғанымен,
Ісі үшін мен Махамбетті
биік қоям Абайдан!
Бұл ақындық ұстанымым
қалыптасқан талайдан… – деп, ақын, батыр Махамбетті ұлттың жанашыры ретінде танып, оның ерлігі мен жалынды жырларына жоғары баға береді. Махамбет Өтемісұлы Исатай Тайманұлы бастаған көтерілістің көсемі әрі жалынды жыршысы, халқының азаттығы үшін ерлігі мен ақындығын паш еткен елінің өр рухты батыры. Ол өлеңдерінде ерлік, өрлік, патриоттылықтуралы жырлап қана қоймай, соны іс жүзінде дәлелдеген, мойнына ел намысын арқалаған тау тұлға. Шынында, өкінішке қарай, қазір сөзі мен ісі екібөлек азаматтар көбейіп кеткен. Яғни, мінбеде тұрып, жылы-жылы, жүректі тебірентер, халықтың рухын оятар сөздерді айтады да, ал іске келгенде, басынала қашады. Ал, Махамбет батырдың ерекшелігі, сөзі мен ісінің астасып жатуында. Иә, егер, Махамбет сияқты патриоттарымыз халық ішінде көбейсе, онда, елдің бағы жанып, рухы бір көтерілер еді.
Шіркін, батырлар өмір сүрген замандағы патриоттылық ұғымы қазіргі азаматтардың санасымен теңессе, мына дүние гүлденіп жанданып шығатын еді. Қазір патриоттылық сияқты асқақ сезім иірімдерінің мәнісі құлдырап, тонын теріс айналдырғандай әсер береді.
Патриоттылық дегеніміз дәстүрлі дінді, ана тілді, салт-дәстүрді қас-терлеу десек, кейде сол шеңберден ауытқып кеткен замандастарымызды көріп ішің удай ашиды. Өзін дәстүрлі дінді ұстанып жүрмін деп ойлайтын кейбір исламның түрлі секталарына кіріп, салт-дәстүрді тәрк еткен замандастарымызды көргенде жағамызды ұстайтын халге жеттік.
Бірде «көршіміздің үйіне келін түсті» дегенді естіп, көрші-қолаң болыпқазақтың салтын ұстанып, көрімдігімізді қолымызға алып, «беташарға» барғанбыз ғой. Сөйтсек, кілең діннің бір тармағына сыйынып кеткен отбасыға түскен келінге сәлем салуға тыйым салған екен. Себебі «сәлем салу» сияқты қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрі уаххабшылардың ұғымынша «Аллаға серік қосу» болып табылады екен де, бүкіл отбасымен олар кешірілмес күнәға бататын көрінеді-мыс. Бұл не деген сұмдық десеңізші?
Міне, осындай дәстүрлі дінінен адасқандар қаптаған, ана тілін өзегінен теуіп, өзге тілдің беделін асқақтатып жүргендер қоғамымызда талтаңдап алшаң басып тұрғанда, сонау батырлар жүрегінің түкпіріне сақтап, аялаған патриоттылықтың, ұлтжандылықтың ауылы алыстай беретіні өкінішті. Бұрын атамыз қазақ шариғатпен жүріп-тұрып, шаңырағына келін түсіріп, беташар жасап, келінге иіліп сәлем салғызып-ақ, басқа да дәстүрлерді көздің қарашығындай сақтаған ғой. Ол заманда да қазақ даласына Қарахан дәуірінен бастап ислам діні кіргелі аталарымыз намаз оқып, ислам дінін яғни дәстүрлі діннің өзегін қалыптастырып берік ұстаған. Осыдан кейін бабалардікі теріс те, қазіргі салт-дәстүрді теріске шығарған сектанттардың әрекетін жөн дейміз бе, қалай?
Біле білсек, бала туғаннан бас-тап кезең-кезеңімен орындалатын салт-дәстүрлер патриоттылықты қанға сіңдіретін қасиеттерге тұнып тұр. Шілдехана, бесік той, тұсау кесер, сүндет тойларда «Бесік жыры», «Батырларжыры», халық әндері шырқалып, ұлттық ойындар: алтыбақан, көкпар, бәйге, асық, ақсүйек, «қыз қуу», күрес, тоғызқұмалақ жарыстары өткізілген. Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, үкілі Ыбырай сияқты өнер майталмандары домбырасын қолға алып ән шырқағандағы дауысы көрші ауылға дейін естілгенекен дейді. Осындай ана тілдің шырайын келтірген торқалы тойларда жаңадандүние есігін ашқан сәби мен жасөспірімдердің бойына ұлттық мінез, ұлтжандылық, патриоттылық дарымағанда қашан дариды?
«Тәрбие – тал бесіктен» десек, патриоттылықты адам отбасы, ошақ қасынан, тіпті ананың құрсағында жатқан шарана кезінен сіңіреді. Осы кезде мектептің де рөлі ерекше. Бастауыш сыныпқа дейін ана тілінде дәріс алса, ол да жақсы. Ал, балабақшадан шетел тілін үйретемін деп байбалам салғанның салмағының түбі ұлтқа ауыр тиеді. Себебі, әл-Фараби бабамыз сияқты полиглоттар да бесіктен белі шықпай жатып шетел тілімен сусындамаған, жат елдің құндылығын бойына сіңірмеген. Әлемнің екінші ұстазы әл-Фараби бабамыз жеті тілді біле тұра, алдымен ана тілімен ауыздықтанған. Ұлттық тәлім-тәрбие алып, кейін Отырардағы үлкен кітапхананың кітаптарын меңгерген әбу Насыр әл-Фараби саналы ғұмырында бәріне үлгерген. Тіпті, түркі ойшылдарының ең атақтысы, ең мәшһүрі атанған. Сондықтан болар жапон халқы балаларын төртінші сыныпты бітіргенше тек ана тілінде емін- еркін сусындатады. Қазір осы қағиданы ұстанғаннан артта қалып жатқан жапон халқы бар ма? Керісінде, технология, робототехнология саласын дамытып отырған алдыңғы қатарлы мемлекеттердің бірі. Демек, бастауыш сыныпта тек ана тілді үйретіп, бала бойына сіңіргеннен артқа қалмайтынымыз анық.
Біздің үйдің балалары, шыны керек, орта мектептің бағдарламасы бойынша бірінші сыныптан бастап ағылшын тілі пәнін оқыды. Бірақ биыл қызы бірінші сыныпқа баратын бір танысымнан сұрасам, биылдан бастап төртінші сыныпқа дейін ағылшын тілі пәнін мүлдем алып тастапты. Қуанып қалдым. Демек, бұл оқу-ағарту саласында жағымды реформалар жүзеге асып жатқанының нышаны.
Сөзімізді қорытындылай келсек, патриоттылықтың тамыры ұлтжандылықта жатқанын, яғни ана тілді, салт-дәстүрді, ұлттық ділді, дәстүрлі дінді ұлықтай алуымызда екенін ұғындық. Патриот дегенде, ең алдымен көз алдымызға айбынды батырларды елестетіп, солардың ұстанған бағытынан танбай, дәл сондай махаббатпен елді, жерді сүйе білгенде ғана, ұлттық рухымыз көтерілетінін түсіндік. Иә, қазақты ұлттық келбетінен айырып, бодандық қамытын кигізіп, тар қапаста ұстаған ұлтсыздандыру саясатының кесірі әлі күнге дейін сақталып отыр.
Сондықтан нәубат заманындағы тарихи деректерді ескеріп, сабақ алғанның еш зияны жоқ деп білеміз. Бабалар жүрген жолды жалғап, үзіліп қалған ұлттық тарихымызды қайта қалыптастыру баршаға сын. Ол үшін жастардың бойында ұлттық рух, ыстық жігер, патриоттылық сезімі болуы керек. Сосын соңғы кезде балатәрбиесінде бір келеңсіздік пайда болып жүргенін аңғардық, яғни қазіргі ғаламторға тәуелді жас балаларды назардан тыс шығарып алдық. Ал, даудың басы осыдан туады.
Жақында ғаламтордың кесірі туралы бір әңгіме естігенмін. Алматы облысы Жамбыл ауданы Тарғап ауылында бір қазақы отбасының үш жасар қызының тілі орысша былдырлап шығады. Ата-анасы аң-таң қалады. Себебі үйде орысша сөйлейтін ешкім болмаған. Ал, қыз орысша өз ойын білдіреді, қазақша сөйлей алмайды.
Содан зерттеп қараса, бұл баланың ата-анасы үнемі жұмыста болғандықтан, бала таңнан қара кешке дейін ютуб әлеуметтік желісінде отырады екен. Қазір не көп ютубта балаларғаарналған қызықты, түрлі түсті орыс тіліндегі каналдар көп. Бір өкініштісі, қазір балаларының тілі орысша шығып жатқан отбасылар көп. Көбіне, осындай орыс тіліндегі ютуб каналдарын көретін балалардың санасы уланып,болмысы жаттанып барады. Өзге ұлттың тілімен сусындаған бала ертең елінежаны ашымайды, жат бауыр болып өседі, өзге тілге қызмет етеді, өзге елдің шашбауын көтереді. Сондықтан, сәбилердің балғын санасын халық ертегілерімен сусындатып, батырлар, лира-эпостық жырларымен тербеткен жөн. Шұрайлы, бай, көркем, әуезді қазақ тілінің қасиетін балаларға балабақшадан сіңірмесек, кеш қаламыз.
Сондықтан, патриоттылық ұғы-мын жалған ұранмен шатастырмай, ұлтжандылықпен, мемлекеттік рәміздерді қастерлеумен, осындай ұлттық проблемаларды шешумен астарлатсақ, жөн болар еді.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *