БАБАЛАР ЕРЛІГІ – ҰРПАҚҚА АМАНАТ БАБАЛАР ЕРЛІГІ – ҰРПАҚҚА АМАНАТ
Төлебек ҚАЛЫБАЕВ 1971 жылы қазіргі Түркістан облысында туған. 1991-1996 жж. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның психолог-педагог мамандығын, 2011-2013 жж. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның Дінтану мамандығының магистратурасын бітірген.... БАБАЛАР ЕРЛІГІ – ҰРПАҚҚА АМАНАТ

Төлебек ҚАЛЫБАЕВ

1971 жылы қазіргі Түркістан облысында туған.

1991-1996 жж. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның психолог-педагог мамандығын,

2011-2013 жж. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның Дінтану мамандығының магистратурасын бітірген.

50-ден аса мақаласы мерзімді басылымдарда, 20-дан аса мақаласы ғылыми жинақтарда басылған.

 

«Қазақтар ғой, Мәскеуді қорғап, аман ап қалған» – деген сөзді, өз басым сәбет заманында талай үлкен кісілердің аузынан естігенмін. Десе де, оған мән бермей, жәй мақтанқұмарлыққа балағам. Тіпті, мән беріп шындық дерегін іздесем де, ол кезде 2-ші дүние жүзілік соғыстың көп деректері жабық, әсіресе «Мәскеуді қорғау» соғысының маңызды майданы – МҚТ шайқастары құжаттары ерекше жабық қорларда тұғын.
Бүгінде 2-ші дүние жүзі соғысы архивтері ашыла бастап, фактілер шыға бастады. Ал МҚТ майдан шындығы әлі түгел жария болған жоқ. МҚТ – Можай қорғаныс түзуі (орысша МЛО – Можайская линия обороны) Мәскеуді қорғау шайқасының басты тірегі болған. Ол майданның көп дерегі әлі ашылған жоқ. Ол майдан шындықтары толық ашылған кезде, біріншіден, Мәскеуді аман алып қалған қазақтар мен Қазақстандық орысы мен басқа ұлтынан құралған солдаттар екені, немістердің сөзімен айтқанда «моңғол-сібірліктер» екені
ашылады; екіншіден, Сәбет билігінде мадақталған маршалдар мен көсем-дердің біліксіздіктері әшкере болады. Осы себепті де, Сәбет өкіметі МҚТ майдан құжаттарын құпия етсе керек.
Жалпылай, бүгінде белгілі деректерге саралай қарасақ, Мәскеуді басып алуға ұмтылған 50 шақты фашист дивизиясы МҚТ майданында төрт-бес «моңғол-сібірлік» дивизияларға соқтығысып, тоқтап қалғанын бай-қаймыз. Бұл таңданарлық шындық. Сол шайқастың қаһармандары – «моңғол-сібірлік» төрт-бес дивизия ерлері, өкінішке қарай, көбі сол майдан даласында қаза таптқан. Олардың дені «батыр» атағын алу орнына «белгісіз солдат» аталған.
Гитлерлік әскер соғыстың алғашқы үш-төрт айында сәбеттік мыңдаған шаршы шақырым аймақтарды қысқа мерзімде, жеңісті шерулермен оңай басып өтіп, 1941 жылы қазан айында Мәскеуден жүз шақырым жердегі МҚТ (Можай қорғаныс түзуі, орысша МЛО – Можайская линия обороны) майданына жеткен. Жәй жеткен жоқ, Мәскеудің батысындағы бүкіл сәбет әскерлерін күйрете жеңіп жеткен. Алдымен, Вермахтың сол бір адуынды да жеңімпаз келбетін, әрі оның себебін ашып өтейін.

ВЕРМАХТ ЖЕҢІСТЕРІ – БІЛІКТІ БИЛІК ПЕН ТАНК ШОҒЫРЫН ҰТЫМДЫ ҚОЛДАНУ АРҚАСЫНДА

Вермахтың жеңісті шерулері – бұл білікті қолбасшылықпен танк шоғырын ұтымды пайдалану арқасында болған. Вермахт қолбасшылығы танк дивизияларын, корпустарын және армияларын құрып, шабуыл кезінде танк шоғырының түйілген тобы соққысын алға салып, соларға ілесе жүрер мотожаяу әскерлер қосып, жау шебін бұзып өтудің ұтымды амалын тапқан. Олар қалың Сәбет армиясына қос қапталынан танк шоғырымен соғып, тылына шейін жайпап өтіп Сәбет әскері шоғырын қоршауға алатын. Танк соңына ілескен мотожаяу әскерлері қоршауға түскен қалың Сәбет әскерін шығармас шеп құрып, жан-жақтан атқылап, тұтқынға алуға кірісетін. Бұл кезде, вермахт танк әскері, қоршаудың сыртқы сапын жасап, сырттағы өзге Сәбет әскерінің қоршаудағыларға көмек беруіне тосқауыл жасайтын.
Вермахт бас қолбасшылығы мұн-дай қоршау жоспарын іске асыру жарлығын түсірмес бұрын, алдымен оның іске асу мүмкіндігін қолбасшылар алқасында кеңесіп, аса дәлдікпен есептейтін, сосын қатаң құпиялықпен ол жоспарға сай даярлық шараларын жасап алып, сосын оны іске асыратын. Бұл қоршаулар жүздеген шақырымдық аса кең ауқымда қамтылып, Сәбет әскерін қапыда қалдыратын.
Сәбет қолбасшылары болса, танк шоғырын пайдалану түгілі, керісінше оны шашыратып жою амалдарын жасаған сияқты. Яғни, танк дивизияларына «қайта құру»/реорганизация/ дейтін өзгерістерін жасап, (тд) танк дивизиясы орнына (тб) танк бригадасын құрып жатқан. Дәлірек айтқанда, бейберекет жағдай жасап, танктерді «жаны тәтті» ҚА (қызыл армия) командирлері мен кіші шенділері мініп жүрер жеке көлігіне айналдырған жағдайлар кең орын алған.
ҚА қолбасшылығының ең сора-қылығы сол, олар талай «соқыр жарлықтар» түсірген. Яғни, жауды жеңуге арналған айқын жоспарсыз, жоғарыдан түсер жарлықпен әскерді соқыр шабуылсымаққа шығарып, соның кесірінен бекерге қырылу жағдайлары көп болған. Әскерді дабылмен тұрғызып, белгісіз бағытта шабуыл жасату – бұл қарусыз қара халыққа қарсы әскери зорлық іс жасау (террор) шарасында тиімді болған шығар. Ал қарулы жаумен шайқас кезінде теріс нәтиже берері заңдылық еді. Мұндай жарлық бергіш қолбасшылар пайымынша, танкпен жауға көрінсе болды, олар қашып, сосын оларды қуып жүріп атып жою мүмкін деп ойлаған болар. Құдды бір немістер танк көрмеген, танктен зәре-құты қалмай қашатын қарусыз қара халықтай. Вермахт жауынгерлері танкке қарсы соғысуды, әлбетте, жақсы меңгерген. «Соқыр жарлықпен» шыққан ҚА танктерін мығым шептегі немістер оп-оңай зеңбіректермен атып, қол гранатасымен жарып қирата алған. Ең сорақысы, Сәбеттік Бас қолбасшылар мұндай «соқыр шабуылдарға» танктерсіз, жәй ғана атты әскерді, яки жаяу әскерді де жұмсай салатын, тіке өлім жолына.
ҚА қолбасшылары қорғана соғысу жайын да шектен тыс бюрократияландырып, қорған шебін құру жайлы да ескі пайыммен, қата жарғыларды (устав) көптеп шығарған. Айталық, танк бөлімдері мен артиллериясын ғана орманға жасыра орналастырып, ал негізгі әскерлерін, яғни жаяу әскерлерін алғы шепке, өзен арнасы бойымен ашық алаңдарда, бір түзумен созылған шептегі окоптарға қою талап етілетін. Мұндай шеп 1-ші дүние жүзілік соғыс кезіндегі атты әскер шабуылынан қорғануға тиімді болған, ал енді жарамсыз еді. Дұрысында, жаяу әскерлер де орман паналай, жасырын жердегі окоптарға бекінуі жөн еді. Сәбеттердің бұл кемшіліктерін Вермахт қолбасшылығы жақсы пайдаланған.
Вермахт осындай басымдықтар арқасында өздерінен әлдеқайда саны көп, мықты танктері бар Сәбет әскерлерін бірінен соң бірін жоспарлы түрде қоршап, қиратып, тұтқындап, бар болғаны төрт-ақ ай ішінде жасындай жылдамдықпен мыңдаған шаршы шақырымдық Сәбет жерлерін жаулап үлгеріп, Қазан айының 10-15-і шамасында Мәскеуге жүз шақырымдай жердегі МҚТ (Можай Қорған Түзуі) майданына жеткен.

ӘСКЕРИ ҚҰРАМАЛАР ЖАЙЛЫ ҚЫСҚАША МӘЛІМЕТ

Соғыс жайын талқылауымыз қарапайым оқырманға түсінікті болуы үшін, алдымен әскери күш құрылымдары жайлы аздаған мәлімет бере кетейік. Әскери жасақ атауы мен ондағы адам саны мынадай:
5-10 адамнан бөлімше (отделение) құрылады;
3-6 бөлімшеден взвод (20-50 адам, қазақша нұсқам өзбед,);
3-6 взводтан рота (100-200 адам, ұртал), (атты әскерде эскадрон, артиллерия әскерінде батарея деп аталады);
3-4 ротадан батальон (батылен, жаяу әскерде 500 адамдай), (артиллерия мен атты әскерде дивизион деп аталады);
3-6 батальоннан полк (болық) жасақталады;
2-3 батальон мен полктан бригада (біргедей) құрылады; Бригада көбіне дивизияға кірмейтін, өзінше жасақ болады.
3-5 полктар мен бригада, қосымша жасақтардан дивизия (дәуезей) құры-лады, 15 000 адам шамасында; (Сәбет дивизияларындағы адам саны толық штатқа жетпей, көбінде 11500 адам болған.)
3-5 дивизиядан армиялық корпус құрылады;
Бірнеше армиялық корпустан армия жасақталады. Армияда адам саны әдетте 200 000, ал кейде миллион шамасында, әрқилы бола береді.
Бірнеше армияларды бір аймаққа жинап фронт (бұрылыт) жасалады.
Сәбеттер алғашқы құрған фронттары мен армиялары қоршауда қалып қирап жатқанда, тылда жаңадан әскерлер жасақтап, жаңа армиялар мен фронттар құрып отырған. Сондықтан «Батыс фронты», «Солтүстік батыс фронты», «Оңтүстік батыс фронты», «Резерв фронты» дегендерге қоса «Брянск фронты», «Ленинград фронты», «Калинин фронты», дегендей көп фронттары пайда болған.
Вермахт (немісше «қарулы күш») КСРО-мен соғыс майданын түгелімен «Шығыс фронты» деп атаған, және оны үш топқа бөлген: «Арқай»/солтүстік/ӘТ /әскер тобы/, «Орталық» ӘТ, «Төскей»/оңтүстік/ ӘТ. Үш әскер тобының ең мығымы – «Орталық» ӘТ еді, – оған Мәскеуді алу міндеті жүктелген.

«ТАЙФУН» ОПЕРАЦИЯСЫ

Вермахт үш айлық соғыс барысында, жоғарыда айтып өткендей «құрсау» әдісімен Мәскеудің батысындағы ҚА әскерінің бәрін дерлік қиратып үлгерген. Олардың мынадай аса кең көлемді құрсаулары болған: Белосток-Минск, Умань, Киев, Вязьма-Брянск, Мелитополь құрсаулары. Бұл құрсаулардың алғашқы үшеуін аяқтаған кезі – бұл, қыркүйек айының соңы болатын. Сол уақытқа дейінгі ҚА шығыны мынадай: Ресей тарихшыларының ресми мойындайтын саны бойынша, 17 армия мен 13 мехкорпус қираған, және 1,5 миллиондай қызыләскері тұтқынға түскен. Ал Гитлер қолбасшылары есебінше, қазан айына дейін тұтқынға түскен қызыләскер саны 3 миллиондай болған. Вермахтың шығынына келсек, Қазан айына дейін бір дивизиясы да қирамаған, ал өлген және жоғалған жауынгер саны 100 мыңдай, оған жеңіл жарақат алған жауынгерлер санын қосақанның өзінде, бәрі, шамада, 500 мыңдай ғана болар. Ол кезде Сәбеттерге тұтқынға түскен вермахт жауынгері жоққа тән, бірнеше ондаған адам ғана.
Қазан айы басында жасалған «Вязьма мен Брянск құрсауы» – бұл, Вермахтың Мәскеуді шабу жоспарының негізгі қадамы еді. 16-шы қыркүйекте, «Киев құрсауы» сәтті іске аса бастаған соң, гитлерлік қолбасшылар келесі қадам ретінде 35-ші директивасын /қаулысын/ шығарып, «Тайфун операциясы» деген жасырын атаумен Мәскеуді алу шабуылына даярлық бастаған. Бұл операцияның көздегені – 1-ден, Вязьма мен Брянск өңіріндегі Мәскеуді қорғап тұрған ҚА шоғырларын қоршауға алып жою, 2-ден қорғансыз қалған Мәскеуді қоршап, басып алып, қиратып, Волга су-қоймасы суын ағызып Мәскеуді су түбіне батырып жоқ ету. Мұны қазан айының ортасы, яки соңына таман, 16-шы қазан, яки 25-ші қазанда аяқтау межеленді.
«Тайфунды» іске асыруға Федор фон Бок қолбасшылығымен «Орталық» ӘТ құрамында алты армия мына ретпен даярланды (төскейден арқайымға /оңтүстіктен солтүстікке/ қарай орналасуы):
1)Г.Гудерианның 2-ші танк тобы (24-ші ТК /танк корпусы/, 47-ші ТК, 48-ші ТК, және 34-ші АК /армиялық корпус/, барлығы 3мтд /моторлы дивизия/ мен 5 тд /танк дивизиясы/, 5 жд /жаяуәскер дивизиясы/, 1 кд /кавалерия-аттыәскер дивизиясы/;
2) М. фон Вейхстың 2-ші армиясы (12-ші АК, 13-ші АК, 43-ші АК, 56-ші АК, барлығы 9 жд);
3) Г. фон Клюгенің 4-ші армиясы (7-ші АК, 9-шы АК, 20-шы АК, барлығы 10 жд);
4) Эрих Гепнердің 4-ші танк тобы (40-шы ТК, 46-шы ТК, 57-ші ТК, барлыңы 9 дивизия, оның 1 жд, 1 мтд, 6 тд, 1 СС дивизиясы);
5)Адольф Штраустың 9-шы армиясы (5-ші АК, 8-ші АК, 23-ші АК, 27-ші АК, барлығы 12 жд);
6) Г. Рейнгардтың 3-ші танк тобы (3-шы АК, 41-ші ТК, 56-шы ТК, барлығы 7 дивизия, оның 2 жд, 2 мтд, 3 тд).
Бұларға қарсы Вязьма мен Брянск өңірінде он бестен астам ҚА, арқайымнан төскеймеге қарайғы реті мынадай болып тұрған:
Батыс фронты (И.С.Конев қол-басшылығында) құрамында:
22-ші армия (В.А.Юшкевич);
29-шы армия (И.М.Масленников);
30-шы армия (В.А.Хоменко);
19-шы армия (М.Ф.Лукин);
16-шы армия (К.К.Рокоссовский);
20-шы армия (Ф.А.Ершаков).
Резерв фронты (С.М.Буденный қолбасшылығында) құрамында:
(Батыс фронтының екінші шебінде)
31-ші армия (В.Н.Далматов);
49-шы армия (И.Г.Захаркин);
32-ші армия (С.В.Вишневский);
33-ші армия (Д.Н.Онуприенко);
(бірінші шепте)
24-ші армия (К.И.Ракутин);
43-ші армия (П.П.Собенников).
Брянск фронты (А.И.Еременко қолбасшылығында) құрамында:
50-ші армия (М.П.Петров);
3-ші армия (Я.Г.Крейзер);
13-ші армия (А.М.Городнянский);
3-4- дивизиядан тұратын Оперативті топ (А.Н.Ермаков).
Бұл Сәбет армияларының құра-мында қандай армиялық корпустар мен дивизиялар болғаны жайлы мәлімет, әзірге интернетте жоқ.
Федор фон Боктың күнделігіне қалдырған жазуынша, ол басқарған «Орталық» ӘТ құрамында 57 дивизия болыпты, ал қарсысындағы ҚА-да 86 дивизия анықталған. Ресей тарихшысы Исаевтың пікірінше, Федор фон Боктың әскерінде 1,8 миллион адам, ал Сәбеттік үш фронтта 1,25 миллион адам болған-мыс.
«Тайфун» жарлығын іске асыруды төскеймеден Гудерианның 2-ші танк тобы 30-шы қыркүйектегі шабуылымен бастайды. Сол күні-ақ Гудериан қолы Брянск фронты шебін, әрі Ермаковтың опер тобын қирата өтіп, 4-ші қазанда Орел қаласына кіріп, ал 6-шы қазанда Брянск қаласы тылын басып алады.
Федор фон Боктың өзге армиялары шабуылды 2-ші қазанда бастайды. Олар, Вязьмадан өтер «Смоленск-Мәскеу» тасжолына параллель түрде, қос қапталдан ҚА шептерін қирата өтіп, 50 шақырым ілгері озып, 7-ші қазанда Вязьма өңірін түгел құрсауға алады. Осылайша бір апта ішнде-ақ ҚА үш фронты қирай жеңіліп, 70-80-шақты дивизиясы қоршауға түседі. Гитлер қолбасшыларының 10-шы қазан күнгі мәліметінше, Вязьма мен Брянск өңірлерінде тұтқынға түскен қызыләскер саны 500 мыңнан асқан. Федор фон Боктың жазуынша, 15-ші қазанда тұтқынға 663 000 қызыләскер, олжаға 1242 танк пен 5412 артиллерия алынған.
Бұдан үш апта бұрын, қыркүйекте болған «Киев қоршауында» Буденный басшылығындағы бес армия құрсауда қалып, 600 000 қызыләскер немістерге тұтқынға түскен екен. Енді міне, сәбеттер тағы ойсырай жеңіліп, «Батыс», Резерв», «Брянск» фронтына қарасты 15-тен аса армиялар бар жоғы екі аптада толық қирап, оның жартысына жуығы тұтқынға түсіп отыр. Сонымен, «Тайфун» операциясының 2-ші кезеңі – Мәскеуді қоршау мен қирату ісі – болмай қоймайтын жағдай сияқты еді.
5-ші қазан күні, Гитлер радиомен: «Қызыл әскер түгел қирады. Мәскеуге барар жол ашық» деп бүкіл әлемге жар салады. Гитлер өз әскеріне Мәскеуді басып алуды 16-шы қазанға бұйырған. И.Сталин шарасыз хәлге түсіп, Вязьма мен Брянск маңындағы мол армияларынан айырылғанына сене алмай, телефонмен «Батыс» фронты қолбасшысы Коневке айғайлап: «Қалайша бұған жол бердіңдер! Біттік!» деген көрінеді. Ресми тарихқа енген Г.К.Жуковтың жазуынша: «7-ші қазан күні Мәскеуге келер барша жол, іс жүзінде ашық қалды. Генштаб резервінде Мәскеуді қорғайтын ешқандай армия қалмады.» – делінген.
КСРО (СССР) бас қолбасшылығы Мәскеуден 100-150 шақырым қа-шықтағы МҚТ өңіріне шұғыл әскер құруға кіріседі. Бұл шепке 12-ші қазанға дейін әкеле алғандары төрт-бес дивизия ғана: (1) 316-шы ад /атқыштар дивизиясы/, (2) 32-ші ад, (3) 82-ші мтд /мотодивизия/, (4) 312-ші ад, (5) 238-ші ад. Бұл, Можай түзігіне жиналған сәбеттік төрт-бес дивизия, Вермахтың «Орталық» ӘТ құрамындағы 57 дивизияның оннан біріне де жетпейді. Сондықтан, МҚТ әскері Вермахт шабуылын бірер сағатқа, ары кетсе бірер сөткеге тежей алады деп саналып, Сәбет өкіметі жедел Мәскеуден көшу шараларын қолға алған.

МӘСКЕУДЕГІ ҮРЕЙ МЕН ДҮРБЕЛЕҢ

Мұхтар Назарбаевтың 2020 жылы шыққан «Стратегия победителей» атты кітабында мынадай деректер жазылған:
«8 қазанда Мәскеуде мина қойып жаруға даярлайтын өндірістер тізімі жасала бастаған. 15-20 қазанда, Сәбеттік өкіметтің Мәскеуді тастап кеткені және мыңдаған ғимараттарға мина қою бұйрығы берілгені жайлы сыбыс жұрт құлағына жетіп, Ивановада тәртіпсіздіктер басталған. Бұл кезде Берияға герман билігімен астыртын байланыс орнату бұйрығы да берілген, сеператтық бейбіт келісім жасау үшін.»
Мендел Манн атты мұғалім еврей Польшадан Ресейге қашып барып, Мәскеудегі жағдайдың куәгері болып, кейін «Врата Москвы» атты роман жазыпты. Онысы алдымен Израильде басылып, сосын бүкіл батыс елдеріне аударылып тарап кеткен. Мәскеудегі жағдайды ол былай сипаттапты:
«15-ші қазанда, сыртқы істер министрі Молотов АҚШ елшісі Стейнхардты қабылдап, оған Сталиннен басқа бүкіл өкіметтің және дипкорпустың Мәскеуден 840 км шығыстағы Куйбышевке (Самараға) көшірілуде екенін хабарлаған.
Мәскеуден шығатын әрбір адамға өзі көтере алатындай ғана жүк алуға рұқсат етілген. Мұндай жағдай қарапайым қала халқы құлағына жеткесін, оған қоса Қызыл алаңдағы Ленин мәйіті Мавзолейден әкетілгені белгілі болғасын, жұрт дүрбелеңге түсті.
– Немістер кеп қалды! Немістер! – деп шуласты жұрт.
19 қазанда Мәскеудегі үрей шегіне жетті. Барша жерде үрейлі сыбыстар естілетін: «Немістер қала сыртына жетіпті. Олардың танктері кез-келген сәтте қалаға кіріп келуі мүмкін», – деген. Халық Сталиннің құпия полициясынан да, милиция мен қауіпсіздік мекемесінен де қорқуды қойып, заматта өзгеріп шыға келді. Нан тарату бөдкесіне ұзын-сонар кезекте тұрғандар арасынан: «Жетер, соғысып болдық. Енді мұны тоқтату керек.» – деген ашулы үндер естіліп жатты. Сосын, Тоғайлы доғасында (Садовое кольце) алғашқы дүкен тоналды. Қара тобыр консерві тиелген жүк көлігін қоршап алып, тонап, төңкеріп өртеп жіберген. Сталиннің билігі шайқалып, мекемелер қабырғасынан ілулі көсем портреті түсіріліп, ал кейбіреулер өз партбилетін өртеп жатты. Ертесіне пошта жәшіктерінде жедел басылған үнпарақтар пайда болып, онда: «Коммунистерге өлім!» деген, және антисемиттік ұрандар да жазылған болатын.
Кеңес өкіметінің ресми жылнамашысы А.М.Самсонов «Великая битва под Москвой» кітабында былай жазады:
«Қалаға үрейлі көңіл тарап кетті. Өндірістер, министрліктер, мекемелер мен ұжымдарды эвакуациялау қарқыны үдемелі түрде өсе түскен. Осындай жағдайда түрлі дүрбелең тудырушылар, жұмысын тастай сап қаладан қашуға асыққан жандар пайда болды. Жағдайды пайдаланып сәбеттік мүліктерді тонайтын, Сәбет өкіметі билігін қиратпақ болатын сатқындар да шығып жатты. 20 қазанда Сталин Мәскеуде төтенше жағдай жариялады. Енді қала тіршілігі майдан заңымен реттелуге көшті. Қаулы бойынша, тәртіп бұзушылар әскери трибуналға тартылып, ал бүлікке шақырушы провокаторлар, тыңшылар мен дұшпандар, сол жерде атылуға тиіс болды.»
Солай жасалып та жатты. Дегенмен, қазан айы соңына таман партиялық фанатизм де, әскери-жедел сот та, жария ату жазасы да бүліну процесін тоқтата алмай жатты. Қашқындар эвакуацияланған үйлер мен пәтерлерді тонап, басып алып жатты. Көшеде қаңғыған жаралылар, еңбек бөлімінен қашып шыққан жеткіншектер мен қараусыз балалар себіліп жүретін. Қауіпсіздік мекемесі қызметкерлері ұдайы тінту жасап, әрбір жерасты түннелдерін, вокзалдар мен бомбадан қираған үй қуыстарын аралап жүруге мәжбүр болатын. Мәскеудің күні біткендей көрінетін» – деп жазады, Мендел Манн.
Гитлер Мәскеуді алуды 16 қазанға, ары кетсе 25 қазанға межеге қойғанын Мәскеудегі Сәбеттік билікке жақын көп жұрт білетін. Гитлерлік аталған меже уағы өткен соң, Мәскеу билігі ес жия бастайды. Бұл кезде, ешкім күтпеген жағдайлар орын алып, МҚТ майданындағы «моңғол-сібірлік»
Сәбет дивизиялары гитлерлік «Ор-талық» ӘТ әскеріне тойтарыс беріп, тіпті бірнеше рет шегіндіре алғаны жайлы деректер Мәскеуге де жеткен.
МҚТ шайқасына қатысып жараланған жауынгерлер Мәскеуге жеткізіліп, олардың жауды жеңуге деген сенімді баяндарын Бас қолбасшылық естігені анық. Оған қоса, МҚТ майданында тұтқынға түскен неміс жауынгерлері де Мәскеуге жеткізіледі. Можай батырлары пікірін есту мен неміс тұтқындарын көзбен көру, алдымен Сәбет өкіметі мен әскерінің басшыларын, шенді қолбасшыларын үрейден арылтып, сосын ол әсер Мәскеудің қарапайым жұртына да тараса керек. Қараша айында Мәскеуге қиыр шығыстан ондаған дивизиялар жеткізіліп, Мәскеуде біртіндеп тәртіп орнай бастаған. «Бұл кезеңде Можай түзігіндегі шайқас қалай жүріп жатты?» – деген сауалға көшейік.

МҚТ-ДА ТАЙФУНДЫ ТОЙТАРҒАН БЕС ДИВИЗИЯ

«Орталық» ӘТ қолы бірер аптада Вязьма мен Брянск маңындағы миллионнан аса қызыләскерді қиратып өтіп, 10-шы қазанда МҚТ (Можай қорғаныс түзуі) өңіріне жеткенде, өздерінің шығыны өте аз болған. Яғни, «Тайфун» шапқынын бастағандағы алты армиясы бүлінбей, тіпті ешбір дивизиясынан да айрылмай, түгелге жуық қалпында болған. «Осыншама мығым Гитлер әскері, Мәскеуді басып ала алмай МҚТ-да қалайша тоқтап қалған?» – деген сауал, бұл немістерді де, орыстарды да, тіпті барша әлем жұртшылығын таңғалдырған. Оларға МҚТ-да кімдер тойтарыс бергенін, жалпы МҚТ дегеннің не екенін баяндап өтейін.
Батыстан Мәскеуге баратын тас-пан күрежолдар саны үш-төртеу ғана еді. Сол үш-төрт күрежолдар бойына Мәскеуден 100 шақырымдай қашықта ҚӨ (Қорған Өңірлер) салына бастаған:
1. Ригадан келер күрежолда Волоколам ҚӨ;
2. Минск-Смоленск-Вязьмадан келер күрежолда Бородино мен Можайск ҚӨ;
3. Рославльден келер күрежолда Малоярославец ҚӨ;
4. Брянскіден келер күрежолда Калуга ҚӨ; (Калуга жолы Малоярославец жолына қосылып кетеді);
5. Курск пен Орелдан келер күрежолда Тула ҚӨ.
Бұл төрт-бес қорған өңірлерді арқайымнан төскеймеге қарай бір түзу шепке біріктіріп, жалпылай МҚТ (Можай қорғаныс түзуі), Можай түзуі деп атаған. МҚТ-да ҚӨ жасау жоспары ертерек басталғанымен, нақты ор қазу, ДОТ-ДЗОТ (Ұзақ қорғану ұяшықтарын) салу жұмыстары аздап қана жасалып тоқтап қалған, яғни көпшілік аумағында әлі ешбір қорғаныс шебі де, әскері де болмаған.
Можай түзуіне 1941 жылы 10 қазанда алғашқы ҚА дивизиялары келе бастаған. 9-12-ші қазанда (МҚТ арқайымы) Волоколам ҚӨ-не 316-шы Панфилов дивизиясы әкелініп, орналаса бастаған. (МҚТ-ның орталығы) Можай мен Бородиноға 32-ші атқыштар дивизиясы мен 82-ші мтд, ал (МҚТ төскейімі) Малоярославец өңіріне 312-ші ад, Калуга мен Тула өңіріне 238-ші атқыштар дивизиясы келе бастаған.
Сәбеттердің қағаздағы ақпары бойынша, 15-ші қазанда МҚТ-да төрт армия қайта жасалыпты-мыс: 16-шы армия, 5-ші армия, 43-ші армия, 49-шы армия. Ал іс жүзінде, ол армиялардың өз әскері жоқ дерлік. Жоғарыда аталған бес дивизия осы армиялардың негізгі әскері болып бекітілген.
Мәселен, Г.К.Рокоссовскийдің 16-шы армиясының бүкіл дивизиялары Вязьма құрсауында қалып жойылған. Рокоссовскийдің өзін 9-шы қазанда Гжатск маңынан ұшақпен қоршаудан алып шыққан. Рокоссовскийдің штаб өкілдері 13-ші қазанда қоршаудан сытылып жеткен. 14-ші қазанда 316-шы Панфилов дивизиясын осы армия құрамына жаза салады. 16-шы армия құрамына бұл дивизиядан өзге училище курсанттарынан құралған полк, және қоршаудан батальондай-ақ боп жеткен 690-шы полксымақ пен 18-ші дивизиясымақ шағын бөлімше, және екі-үш танкіге қарсы полк пен артиллерия полктері, және танк бригадасы жазылған. 13-ші қазанда қоршаудан шығып, 16-шы армия сапына келген «Доватор ковалерия корпусы» деген де бар, бірақ та адам саны 500 адамнан ғана тұратын екі атты дивизиясымақ. Яғни, «Доватор корпусындағы» адам саны батальондай-ақ болған.
Қорыта айтсақ, 16-шы армияның құрамында жалғыз 316-шы дивизия ғана толық құрамда, соғысуға даяр хәлде. Ал 16-шы армияның Волоколам ҚӨ-дегі басқа бөлімшелерінің бәрін қоссақ, шамада адам саны бір дивизиядай, әрі олары соғысуға мүлдем жарамсыз хәлде болған.
МҚТ-дағы өзге армиялар да дәл 16-шы армия сияқты атына заты сай емес жағдайда болған. Шамада, МҚТ-да Сәбеттік төрт армияны қосқандағы қызыләскер саны 100-200 мыңдай-ақ. Әрі оның /бес дивизиядан өзге/ көпшілік бөлімшелері атауы дардай болғанымен, іс жүзінде қоршаудан сансырап шығып, соғысуға жарамсыз хәлде тұрған. Сондықтан, МҚТ-дағы басты жасақ – аталған бес дивизия болды деу орында.

«МОҢҒОЛ-СІБІРЛІКТЕР»

Бір қызығы, бұл бес дивизия – тікелей, яки жанама түрде Қазақстанға қатысты болған. Үшеуі: 316-шы «Алматылық» атқыштар дивизиясы (ары қарай – ад) , 312-ші «Ақтөбелік» ад, 238-ші «Семейлік» ад – бұл таза қазақстандық дивизиялар. Ал 32-ші ад болса, алғашқы құрамы Самара мен Омск өңірінен жасақталған, яғни тарихи қазақтар қоныстанған өлкеден. 82-ші мтд – бұл Алтай мен Башқұрт өлкесінен жасақталған.
Немістер бұл бес дивизия әскерін «моңгол-сібірліктер» деп атапты. Бұл соғысқа Монголиядағы халха-монголдар қатыспағаны белгілі. Немістер «моңғол» дегенде: – қазақ, қырғыз, өзбек, татар, ноғай, башқұрт – барша түркі халықтарын атаған. Түркілердің түр-келбеті: – домалақ басты, дөңгелек жүзді, қысыңқы өткір көзді, жайпақ қыр мұрынды, орта бойлы – бұл, монғолоид нәсіліне тән белгілер. Немістер сондықтан да бұларды «моңғол әскері» деп атапты. Ал «сібірлік» деп – осы дивизиялардағы европалық ұлттарды айтыпты. Олар – Сібір мен Қазақстанға жер аударылған орыс, украинның кәмпескеленген кулак-байлары мен әскери-казактардың, яғни бұрынғы Ресей ақсүйектерінің ұрпағы. Немістер, оларды өзге орыс-тардан екшелеп «сібірліктер» депті.
«МҚТ майданында болған вермахт солдаттары мен офицерлері, ондағы «моңғол-сібірліктермен» бол-ған жанқиярлық соғыстарын ерекше қиналыспен еске алып жазған. МҚТ майданындағы аталған бес ерен дивизияның, яғни «моңғол-сібірліктердің» ерлігін немістер мойындаған, ал Сәбет өкіметі оларды дәріптемек түгілі, тіпті «тарихтан сызып тастаған». МҚТ-дағы бұл бес дивизияның ерлігі жайлы әскери құжаттарды Сәбет өкіметі құпия мұрағаттарға жасырып қойған.
Сәбет өкіметі құлаған соң, бұл құпия құжаттарды ашу – Ақтөбелік тарих іздеушілері арқасында бас-талған. 1991-ші жылы Ақтөбелік іздеушілер тобы құрылып, олар 312-ші «Ақтөбелік» ад /атқыштар дивизиясы/ тарихын зерттеуді ұйымдасқан түрде қолға алады. Осы іздеушілердің бірі, Глеб Иванович Чугунов, Мәскеу түбіндегі Подольск мұражайына барып, құпия құжаттарды ақтаруға мүмкіндік алған. Соның нәтижесінде «Горькая осень сорок первого» атты кітабын жазып, оны 2010 жылы бас-тырып шығарған. Ол кітапта мұрағат деректеріне сүйене отырып мынаны дәлелдейді: – аса дәріптелетін «Подольск курсанттарының» кей батальондары шайқаспай қашып, соның кесірінен 312-ші ад полктерінің тылы ашық қалып, полк солдаттарының көбі майданда ерлікпен қаза тапқанын көрсеткен.
МҚТ майданында 312-ші «Ақ-төбелік» ад мен 238-ші «Семейлік» ад сарбаздары түгелдей дерлік опат болып, бұл дивизиялар аты да жойылған. 312-ші дивизияның аман қалған 150 адамын 53-ші дивизияға қосып, 312-ші дивизия атауы да өшкен. 32-ші «Самаралық» ад-ның опат болған алғашқы құрам сарбаздары орнына Қиыр шығыс пен Сібірлік жаңа сарбаздармен толықтырып, ол дивизия «Қиыршығыстық» аталған.
Бұл дивизиялардың МҚТ майданында ерлікпен қаза болған сарбаздарының көбін, Сәбеттік ресми құжаттарда «жоғалған, белгісіз солдаттар» деп жазыпты. Ол заманда, «жоғалған, белгісіз солдат» дәрежесі «тұтқынға түскендер» атауымен сәйкес ұғылатын. Яғни, ерлікпен қаза тапқан талай ерлердің Қазақстандағы отбасылары мадақ пен өтемақы алмақ түгілі, көптеген қағажулар мен қысымдар көрген.
Сәбет өкіметі заманында, май-дандағы шынайы ерлердің орнына ойдан шығарылған қияли кейіпкерлерден батыр жасау дәстүрі кең орын алған. 312-ші «Ақтөбелік» ад ерлігі Подольск курсанттарына телінсе, бүкіл 316-шы дивизия ерліктері ойдан өрілген «28 панфиловшы» деген көркем шығарма кейіпкерлеріне теліне салған. Ескерте кетейін, «28 панфиловшы» жайлы аңыз – бұл, қараша айының 15-20-шы күндері аралығындағы Волоколамнан Мәскеуге барар күрежол бо-йында болған шайқасқа арналған. Ал біз талқылап отырған басты ерлік Қазан айының 14-26-сы аралығында, Волоколамның төскей-батысындағы шайқаста болған. МҚТ шайқасында ерлікпен қаза тапқан сарбаздың көпшілігі, тіпті панфиловшылардың да талайы лайықты бағасын алмай «белгісіз солдатқа» айналған. МҚТ майданындағы барша дерлік соғыс құжаттары, оның ішінде панфиловшылар ерлігі де құпия мұрағаттарға жасырылып келген.
Соның салдарынан, оқулықтағы ресми тарих баяны да қисық болған, әрі әлі түзелген жоқ. Бүгінгі жариялылық пен интернет материалдарына сүйеніп, бұл мақаламда осы олқылықты түзеуге аздап үлес қоспақпын.

МҚТ МАЙДАНЫ ЕРЕКШЕЛІГІ

Герман қолбасшылығы есебінше, Вязьма мен Брянск қоршауындағы жеңілістен соң ҚА рухани құлдырап, тәртібі ыдырап, бей-берекет хәлге түсіп, МҚТ майданында жаңа құрылған аз санды әскері мардымды қарсылық жасай алмауы тиіс еді. Тіпті қарсылық көрсетсе де, вермахт басым әскермен оларды таптап өтіп, Мәскеуді оп-оңай басып алуы тиіс еді. Бырақта, шындық керісінше болып шыққан. Меніңше бұған мынадай себептер әсер еткен:
1-ден, Вязьма-Брянск шайқа-сындағы жеңілістен соң Мәскеудегі соқыр-жарлық шығарғыш өктем қолбасшылардың адуыны басылып, «жарлық түсіру», «тексеру» дегендерін уақытша доғарған. Яғни, МҚТ-дағы аталған бес дивизияны «тексерістерімен», «жарлықтарымен» әбігерге салмай, ол дивизиялардың командирлері өз еркінше соғыс жүргізуге мүмкіндік алған.
Мұрағат деректеріне қарағанда, «Батыс» фронтының жаңа тағайындалған командармы Г.К.Жуков, өз штабы мен қарамағындағы төрт армияның штабтарын Мәскеуден ары батысқа көшіру жөніндегі қаулы шығарып, сол шаруамен басы қатып жатқан. Көшу, яки қашу жайлы қаулысына Сталиннен рұқсат алып та үлгерген. Сондықтан Жуков пен өзге де шенділер есебінше, МҚТ майданындағы «моңғол-сібірлік» 4-5 дивизиялар бірер күнде жойылар деп саналса керек.
Нәтижесінде, бұл дивизиялар өз білігі мен пайымына сүйеніп, Сәбеттік «уставтың» керексіз ережелерін де бұзып, жағдайға сай шайқаса алған. Гитлерлік қолбасшылар Сәбеттер уставын жақсы білетін, әрі сол уставқа қарсы амалдар жасаушы еді. Ал бұл дивизиялардың уставқа бағынбай, жағдайға сай шайқас жүргізулері – вермахт билігіне күтпеген соққы болып тиген. Панфиловшыларды «соғыс тәртібіне (уставына) бағынбайтын ЖАБАЙЫ ДИВИЗИЯ /ДИКАЯ ДИВИЗИЯ/» деп атағаны осындай себептен болса керек.
2-ден, вермахт әскері машиналармен шерулетуге үйренген еді. Яғни, вермахт танк шоғыры жол бастап, оның соңына ілескен машиналармен жаяуәскерлер бірер сағатта жүздеген шақырымдық Сәбеттер тылына жеткізіліп, «жасындай жылдамдықпен» Сәбеттерді қоршауға алып жеңуге үйреніп қалған. МҚТ-да ол әдістері жарамай қалған. Күре жолдар бойын бақылауға алған «моңғол-сібірлік» дивизия артиллериясы гитлерлік машина колоннасы түгілі, танк шоғыры шабуылының өзін атып тойтара алған. Бұған табиғат та көмектескен. 7-ші қаңтарда қар аралас жаңбыр жауып, соның салдарынан көпшілік алаңқайлар мен орман ішілік қаражолдар танкпен жүруге жарамсыз боп қалған. Мәскеуге барар таспан күрежолдар мен қыстақтар аралығындағы шағал жолдар ғана жарамды еді, ал олардың бойын «моңғол-сібірлік» дивизиялардың артиллериясы, және гранаталы жаяу әскерлері танк өткізбейтін шепке айналдырған. Сондықтан, гитлершіл алпауыт әскер, құдды бір тар жолда «300 спартандыққа» жолығып бөгелген парсы әскеріндей тойтарысқа тап болған.
Гитлер қолбасшылары амалсыздан жаяу әскерлерін жаяулатып орман ішімен шабуылдауға жібере бастаған. Бұл, 1-ден уақыт жоғалтқызған, 2-ден, жаяу жүру мен орманда соғысуда «моңғол-сібірліктер» үстем болып шыққан. Бірер шақырым жер ілгерілеу үшін гитлерліктер қаншама адам шығынын, техника шығынын, қару-жарақ қоры шығынын жұмсауға мәжбүр болған. Осылайша, барша шабуылдары тығырыққа тірелген.
3-ден, Панфилов гитлершіл әскерді «Ганнибал әскері» деп атапты. Вермахт Ганнибал әскеріндей үлкен жеңістерге жетсе де, әскери жабдық қоры аз болған. Сәбеттер болса Римдіктер секілді, қаншама көп шығынды жеңілістерге ұшыраса да, оларды жылдам толықтыра алған, жаңа әскер жасақтай салған. «Теңдік, азаттық, әділдік» сияқты игі ұрандары арқасында, Сәбеттер жаңадан әскер жасақтай алған. Жұртты еңбекке ұйымдастырып, әскеріне жабдық қорын аздап болса да, дер кезінде жеткізе алған.
«Моңғол-сібірлік» жауынгерлер аз қару қорының өзін үнеммен пайдаланып жеңіске жете алған. Ал гитлерлік әскер, оқ дәріні аямай жұмсап, оңай жеңіске жетуге үйренгендіктен, қор-жарағын тез тауысып, оны толықтыру мәселесінде қинала бастаған. Ең бастысы, Вермахт МҚТ майданында көп сарбаз шығынына ұшырап, оны толықтыруға мүлдем қауқарсыз болып, амалсыз тоқтауға мәжбүр болған.
4-ден, МҚТ майданындағы бұл бес дивизияның рухани күші де, әскери біліктік амалдары да, гитлерлік басқыншылар ойлағаннан әлдеқайда жоғары болып шыққан. Сәбеттік ұрандар: «теңдік», «әділеттік», «азаттық» дегендей игілікті, ізгілікті болғандықтан, Қазақстаннан келген дивизияларда түрлі ұлт өкілдері болса да, бәрі тең хақыда бірігіп, жақсы рухани ахуалда ұжымдаса алған. Ескерте кетейік, ұран игі болғанымен Сәбет билігінде тура гитлершілерше нәсілшіл, орысты өзге ұлттан жоғары қоятын шовинистер де болған. Бырақта олар алалауды байқатпай астыртын жасаған.
Ал фашистік насихатта неміс ұлтын өзге ұлттан жоғары қояр өктемдік сөздері ашық айтылатын. Соның әсерінен, «моңғол-сібірлік» жауынгерлерді фашистік насихат қызықтырмаған, қайта жирендірген. Сондықтан олар фашистерге қарсы жанкешті соғыс жүргізген. Немістерге аса қорқынышты көрінгені – бұл, моңғол кейіптегі, от пен оқтан қорықпайтын, епті де жылдам жауынгерлер болғаны да шындық.
5-ден, тағдырдың Мәскеуге тартуы болған шығар, гитлерлік «Орталық» ӘТ билігі Мәскеуді Волоколам бағытымен арқайымнан (солтүстігінен) шабуға негізгі күштерін жібереді де, олары дәл Панфилов дивизиясына соқтығысып, ойсырай тойтарыс алады.
Енді, осы жайды талқылап өтейік.

«ЖАБАЙЫ ДИВИЗИЯМЕН» СОҒЫСҚАНДАР

Бүгінгі заманда, интернетте 2 дж соғыстың көптеген мәліметтері ашық жарияланған. Мәселен, Тайфунға қатысқан гитлерлік «Орталық» ӘТ құрамындағы 57 дивизияның әрбірінің атауына дейін википедияда тұр. Интернет деректеріне қарағанда, Волоколам бағытымен Мәскеуді арқайымнан қоршау үшін Эрих Гепнер басқарған 4-ші танк армиясы және 9-шы армияның 5-ші АК-сы шабуылдағаны мәлім. Сол Эрих Гепнер 316-шы «Панфиловшылар» дивизиясы жайлы:
«Бұл ЖАБАЙЫ ДИВИЗИЯ /ДИКАЯ ДИВИЗИЯ/, барша соғыс /устав/ тәртібін бұза соғысады. Оның солдаттары тұтқынға берілмейді, аса жанкештілікпен соғысады және өлімнен қорықпайды.» — деп, өз қолбасшысы Федор фон Бокке баяндаған екен. Мұндай баға берген Э.Гепнердің қоластында аса қомақты әскер, мынадай корпустар мен дивизиялар болғанын атай кетейік.
Генерал-полковник Э.Гепнердің 4-ші танк тобы құрамы мынадай:
1) 57-ші МТК /Моторлы Корпусы/ (командирі, танк әскер генералы А.Кунцен) құрамы: – 20-шы тд /танк дивизиясы/ (полковник Г.Бисмарк), 3-ші мтд /моторлы дивизия/, (генерал-лейтенант К.Ян), СС «Рейх» дивизиясы (группенфюрер П.Хауссер);
2) 46-шы МТК (танк әскер генералы Г.фон Фиттингоф-Шеель) құрамы: – 5-ші тд (генерал-майор Г.Фен), 11-ші тд (генерал-майор Г.К.Эзебек), 252-ші жд /жаяу дивизия/ (генерал-лейтенант Д.фон Бем-Безинг);
3) 40-шы МТК (танк әскер генералы Г.Штумме) құрамы: – 2-ші тд (генерал-лейтенат Р.Фейель), 10-шы тд (генерал-майор В.Фишер), 258-ші жд (генерал-майор К.Пфлаум);
4) 12-ші АК (жаяуәскер генералы В.Шрот) құрамы: – 98-ші жд (генерал-лейтенант Э.Шрек), 34-ші жд (артиллерия генералы Г.Белендорф);
5) Эрих Гепнер қарамағына уақытша өткен 5-ші АК (жаяуәскер генералы Р.Руофф) құрамы мынадай: – 35-ші жд (жаяуәскер генералы В.Фишер), 106-шы жд (жаяуәскер генералы Э.Денер), 5-ші жд (генерал-майор К.Аллмендингер), 129-шы жд (генерал-лейтенант С.Риттау).
Яғни, Волоколам ҚӨ майданында Гепнердің басқаруында 15-тен астам дивизия болған. Гитлер бұйрығына сай Гепнер өз әскеріне 14-ші қазанда: «16-сы күні таңғы асты Волоколамда, кешкі асты Мәскеуде ішеміз» — деген екен. Бұл жоспар іске аспай жатқасын, басқа әскери бөлімшелер Гепнерге көмекке ұмтылған. Мәселен, 4-ші армияның 9-шы және 7-ші корпустары Руза мен Можайск мекендерін басып алған соң, қазанның 22-сінен кейін арқайға бұрылып орман ішіндегі қаражолдармен арқай бағытта жүрген. Мақсаттары – Волоколам мен Мәскеу арасындағы жол байланысын үзіп тастау еді. Бырақта, тасжолға 10 км-дей жақындағанда ауыр артиллериялары, жүк машиналары, танктері батпақта батып, бұл жоспары іске аспай қалған.
Сондай-ақ, Гепнердің 15-тен көп дивизиясының бәрі бір мезетте Панфилов дивизиясына шабуыл жасай алмаған. Гепнер тек алғы шептегі таңдаулы 3-4-дивизиясын ғана қару-жабдықпен қамтамасыз етіп, шайқасқа салып отырған. Панфиловшылармен шайқасқа нақты қайсы дивизиялары түсіп, қайсысы қирағанын болашақта неміс мұрағат деректерінен анықтау керек.
Қазақстандағы деректер мынадай:
А.Мұхамеджановтың «Казахстанцы в битве под Москвой» Алма-Ата 1968 г кітабында: — «316-шы дивизия қазан айындағы соғыста вермахтың 2-ші танк дивизиясына, 29-шы мотодивизиясына, 11-ші, 110-шы жаяуәскер дивизияларына тойтарыс беріп жеңген. Сосын, вермахтың 5-ші тд, 11-ші тд, және 5-ші АК құрамындағы дивизиялармен шайқасқан, – депті.
Д.Снегиннің «На дальних подступах. Алма-Ата, 1983. Собр.соч.Т5.» кітабында 95 бетте: — «Мәскеу теңізі /Волга суқоймасы/ мен Болычев совхозы аралығын қорғаған жалғыз Панфилов дивизиясына қарсы вермахтың екі танк дивизиясы, екі моторлы дивизиясы, және бір жаяуәскер дивизиясы шабуыл жасаған.» — деген.
«Талғар» полкі (1073-ші полк, кейінгі атауы 19-шы гвардиялық полк) штаб бастығы болған А.С.Трефиловтың «У ворот Москвы (записки офицера).» – Алма-Ата: Казахстан, 1982. кітабында, 136 бетте былай жазылған: — «Генерал Панфилов өз дивизиясының төскейіндегі «Болычев» совхозы мен Федосино селосын қорғаған 1075-ші полк командирі Капровқа 15-ші қазанда келіп, былай ескерткен:
– Біздің дивизияға қарсы фашистер төрт дивизиясын даярлап тұр: 35-ші мен 106-шы жаяуәскер, және 2-ші мен 6-шы танк дивизияларын.» — деп.
Вермахтың 2-ші тд /танк дивизиясы/ 40-шы МТК құрамында, ал 5-ші тд мен 11-ші тд 46-шы МТК құрамында, ал 35-ші жд мен 106-шы жд 5-ші АК құрамындағы дивизиялар. Яғни, қазан айы шайқастарында Панфиловшыларға қарсы вермахтың кемі үш армия корпусы тұрған. Вермахтың әр корпусында 3 дивизиядан болған деп санасақ, сонда панфиловшыларға қарсы кемі тоғыз дивизиясы шайқасқа қатысқан сияқты.

ПАНФИЛОВШЫЛАР ЕРЛІГІН КЕМСІТУЛЕР

Немістің мемуаршы-тарихшылары гитлерлік әскердің «Шығыс фронтындағы» жеңісті шерулерін тәптіштей жазғанымен, ал МҚТ майданындағы «моңғол-сібірліктер-мен» болған ауыр шай-қастарын толық баяндамай өтіп кетуге әуес. Шамасы, Сәбеттік тарихшылар МҚТ майданындағы өз сарбаздары ерлігін елеусіз етіп, кемсіте, қиғаш баяндап жатқан соң, неміс тарихшылары да сол ауанға ойысқан сияқты. Ең өкініштісі, МҚТ майданындағы Панфиловшылар шайқасы да, бүгінгі интернетте қысқа және қиғаш баяндалған. Нақты деректер мен мысалдарға көшейін.
Қазақша интернет мәліметтерінде, Панфилов дивизиясының МҚТ май-данындағы ерен ерлік шайқасы жайлы мардымды ештеңе айтылмаған. Оның орнына «28 панфиловшы» жайлы аңызды қаузап кетуге әуес. Орысша сайттар ғана МҚТ майданындағы панфиловшыларды аздап баяндаған болады, бірақ та төмендегідей қиғаш күйде.
1-ші мысал, https://dic.academic.ru/dic.nsf/ruwiki/1416619 академик атты сайт баяны (орысшадан өз аудармам):
«Панфилов дивизиясы шебінен жаудың 35-ші жаяуәскер дивизиясы, 2-ші, 5-ші, 11-ші танк дивизиялары шабуылдарын өрістетті. Шабуыл 1941 жылғы 15-ші қазанда басталған және жанкешті шайқасқа ұласқан. 18-ші қазанда дивизияның төскей бүйір шебінен неміс әскері айналып өтіп, Осташевоны басып алды.»
Байқасаңыз, шабуылды «өріс-тетті» (развил) сөзі – бұл, «сәтті шабуыл жасалды» деген ұғым тудырады. Гитлерлік төрт дивизия шабуылы бір ғана панфиловшылар дивизиясына соқтығысып тоқтап қалғанын «сәтті» деуге, «өрістеген шабуыл» деуге бола ма?! — Әлбетте, жоқ! Олардың жоспарынша, вермахт әскері 16-шы қазанда таңғы асты Волоколамда ішуі тиіс еді ғой. Он күн шайқасып жүріп Қазан айы соңында Волоколамға әзер жеткені, олар үшін «өрістеген шабуыл» ма?! – Жоқ! Шабуылды өрістетті деу, бұған мүлдем үйлеспейді.
2-ші мысал википедиядан («история 316-я сд» тегі, өз аудармам):
«Панфиловшылар дивизиясы ау-мағында вермахтың 106-шы және 35-ші жаяуәскер дивизиялары батыстан шабуылын дамытып жатқан (развивали наступление), ал негізгі соққыны төскеймеден 2-ші танк дивизиясы жасаған. Шабуыл 15-ші қазанда басталып, 18-ші қазанда неміс әскері дивизия шебінен айналып өтіп Осташевоны басып алады.
25-ші қазанда вермахтың 35-ші жаяуәскер дивизиясы 1077-ші қырғыз полкы шебін жарып өтіп (прорвав), Волоколамнан 5 км жердегі Зубоваға шықты. Осымен қатар, төскеймеде Осташево жақтан неміс әскері соққысы да жасалып, дивизия қарсылығын сындырып (сломили сопротивление дивизии), кешқұрым Волоколам станциясынан 1075-ші полкты ығыстырып шығарады.
27-ші қазанда 690-шы полктың қорғанысын жарып өтеді де, 316-шы дивизия Волокаламды тастап шығуға мәжбүр болады.»
Мұндағы «дивизия қарсылығын сындырды», «жарып өтті», «шабуылды өрістетті» дегендей сөздер, әлбетте қисынсыз. Бұл сөздерді аса сәтті өткен шабуылға, аз әскермен көп әскерді қиратқан жағдайға қолдану жөн. Ал мұнда, керісінше, бірнеше неміс дивизиялары Панфилов дивизиясын қиратуға күші келмей, өз жоспарларын іске асыра алмай, тойтарыс алу жағдайында болған.
«Қарсылығын сындырды» деген сөз – бұл мәселен, Вязьма мен Брянск қоршауында қалған 15-тен астам Қызыл армияларға қаратып айтылуы лайық, жарты миллионнан аса Қызыләскер тұтқынға түскендіктен. Ал Панфиловшылар болса, көп жаумен шегіне соғысуын жалғастырған. Яғни, Панфилов дивизиясын сынды деулері — кемсітпек болған зымияндық сөз екені айқын. Мұндай кемсіту сөздері – бұл, Жуков сияқты маршалдардың есепберулері мен мемуар кітаптарынан басталған, сосын ол маршалдар қадағалауымен жазылған ресми тарих оқулық баянында жалғасын тауып, тарихи жиындарда қайталануымен дәстүрге айналған. Бүгінгі сайт тілшілері солардың дәстүрін жалғап, өз ақылымен сараламай жаза салғандар.
Дегенмен Сәбеттік жасырын мұрағаттарда, бұл кемсітулерге кереғар келер 1941 жылғы мадақ сөздер мен құжаттар да баршылық. «Известия» газетінің 1941 жылдың 5-ші қарашасында шыққан санында:
«Панфиловтың жауынгерлері мен командирлері, шынында да ерлікпен соғысуда. Неміс әскерінің ең бір адуынды шағында, айқын адам саны басым шабуылымен сөткесіне біржарым шақырым ғана алға жылжи алған. Бұл біржарым шақырым жер оларға өте қымбатқа түскен – тура мағынасында ол жердің әрбір метрі фашист солдаттарының қанына бөккен.» — деп жазған.
Сталин қол қойған мынадай мадақ құжат та бар (орысшадан аудармам):

«КСРО ХАЛЫҚТЫҚ ҚОРҒАНЫС КОМИССАРЫ ЖАРЛЫҒЫ
1941.ХІ.18. Мәскеу, №339 жарлық.
316-шы ад гитлерлік басқыншыларға қарсы көптеген шайқастарда көрсеткен ерлігі, тәртібі мен ұжымдық ұйысуы үлгі тұтарлықтай деңгейде болды. Өзінің қайсар бөлімшелерімен және білікті әрекетімен 316-шы дивизия 20–27 қазан аралығында, фашистердің үш жаяуәскер дивизияларының және танк дивизияларының шабуыл тасқынына тойтарыс берді.
Дивизияның жеке құрамы ерлікпен соғысып, саны басым жаудың шабуылын бірнеше рет тоқтатқан, және үлкен шығынға ұшыратып қашуға мәжбүр еткен. Жаудың 80 танкі мен батальон жаяуәскерін жойған.
Осы деректерге және КСРО Жоғарғы Президиум қаулысына сүйеніп Жоғары Бас қолбасшылық Ставкасы БҰЙЫРАДЫ:
1. Шайқастарда көрсеткен батыл-дығы, қайсарлығы мен ерлігі үшін 316-шы дивизияны 8-ші гвардиялық дивизия деп атауын өзгертуге /Командирі Генерал-майор Панфилов.И.В./.
2. КСРО Жоғарғы Кеңес Президиумы қаулысына сай аталған дивизияға Әскери байрақ табыс етуге.
3. Осы жылғы қараша айынан бас-тап, бұл дивизияның барша шенділер құрамына жалақыны біржарым есеге, ал жауынгерлеріне екі есеге көтеруге.
4. Бұл бұйрық соғыстағы және аймақтардағы Армияларда, әрбір рота, эскадрон, батареяларда, эскадрилья мен командаларда жариялансын.

ХАЛЫҚТЫҚ ҚОРҒАНЫС КОМИССАРЫ И. СТАЛИН.
КЕҢЕС ӨКІМЕТІ ҚӘ ГЕНШТАБ БАСТЫҒЫ Б.ШАПОШНИКОВ.
Құжаттың 42 данасы басылған».

Бұл ресми құжат пен «Известия» газеті мадақтары, бүгінгі интернетте жазылған «кемсіту баянынының» қате екенін айқын көрсетіп отыр.
Үшінші мысал ретінде, вики-педиялық баян жазбасындағы бір жалған тұсын атап өтейін, орысшадан (өз аудармам):
«Можайск ҚӨ алқабындағы әскер (5-ші армия) жауды 12-сінен 19-шы қазанға дейін тежеді, Волоколамск ҚӨ-де (16-шы армия) – 25-ші қазанға дейін, ал Малоярославец ҚӨ-де (43-ші армия) – 10-нан 19-шы қазанға дейін.
МҚТ-дағы Сәбет әскерлерінің тегеурінді шайқасы арқасында уақыт ұтып, Кеңестік Жоғарғы Басқолбасшылыққа Мәскеу өңіріне резерв әскерлер шоғырландыруға, жаңа қорғаныс шептерін ұйымдастыруға мүмкіндік туды» – делінген.
Бұл жазбадағы шайқасушы деп жақша ішіне «16-шы, 5-ші, 43-ші армия» атауларын көрсетулері шындыққа сай емес. Көрсетілген шайқасу даталары – бұл, «моңғол-сібірлік» бес дивизияның шайқасқан уақыты ғана. Вермахт шабуылын Можайск ҚӨ алқабында Сәбеттік 32-ші ад мен 82-ші мтд тойтарған уағы Қазанның 12-19-на дейін. Малоярославец ҚӨ алқабында 312-ші Ақтөбелік ад тойтарған уағы Қазанның 10-19-на дейін. Волоколам ҚӨ алқабында, 316-шы ад гитлерлік шабуылдың алғашқы тасқынын 15-25-ші қазанға дейін тоқтатқан. Ал Тула мен Калуга ҚӨ алқабында, Ока өзенінің шығыс жағалауында 238-ші Семейлік ад шеп құрып, гитлерлік әскер шабуылын Қазан айының соңына шейін тойтарып, шайқаста өздері түгел опат болған. Бұл бес дивизиялардың шайқасына басшылықты жоғарыдағы армия штабы емес, өз командирлері, өз пайымы мен амалына сай жасап соғысқан.
Бұл сөзіме жанама дәлел мынау: – Жуковтың «Батыс» фронтына кірген 16-шы армиядан басқа армиялардың бәрінің қолбасшылығы, Жуковпен бірге армия штабтарын Мәскеуден ары көшіруді сұрап, Мәскеудегі Басқолбасшылықтан қолдау алғанын көрсетер мұрағат құжаты бар. Ендеше, армия қолбасшылары Можай түзуіндегі «моңғол-сібірлік» бес дивизиялар шайқасына басшылық жасамақ түгілі, олардың жауды тоқтата аларына мүлдем сенбей, өз штабын көшіру мен жаңа әскер жасақтау ойымен жүрген. Тек Рокоссовский ғана 16-шы армия штабын Волоколамда қалдырғаны рас. Бірақ та, Рокоссовскийдің өзі шайқас басталғанға дейін Панфилов дивизиясына бір рет келіп кеткені болмаса, шайқас барысын басқаруға еш қатыспаған. Яғни, армия қолбасшылығы дегендері — бұл, аталған бес дивизияның шайқасын сырттай бақылап отырғандығы ғана. Үшінші мысал жазбаның дұрыс сөзі де бар – «МҚТ шайқасы Сәбет өкіметіне уақыт ұтып берді» дегені. Яғни, қазан айы соңына дейін Сәбеттер жаңа дивизиялар жасақтауға, Қиыр шығыстан даяр әскерлер әкелуге мүмкіндік алған. Қараша айы басында Мәскеу батысындағы «Батыс фронты» құрамындағы жауынгер саны, шамада жарты миллионнан асып қалса керек.

316-ШЫ АД /АТҚЫШ ДИВИЗИЯ/

316-шы ад-ны Алматыда, 1941-ші жылғы 13-ші шілдеде жасақтау басталған. Дивизияда адам саны 11500, оның 2/3-сі әскерде болмағандар: 40-пайызы қазақ, 30-пайызы орыс, 30-пайызы өзге ұлттар. Бір айдай даярлықтан соң, дивизияны 17-ші қыркүйектен бастап вагондарға тиеп Ленинград облысына жіберген. Ол жақтан Можай түзігіне көшіру бұйрығы 6-шы қазанда түсіп, 12-ші қазанда дивизия толығымен Волоколам ҚӨ-не жеткізілген.
Дивизия Мәскеу әскери округі басшылығы құрамына еніп, 14-ші қазанға дейін бүкіл Волоколам өңірін қорғау ісін өз қолына алған. Генерал-майор Панфилов Волоколам ҚӨ алқабы әскерінің басшысы болып тағайындалған. 14-ші қазанда «Батыс» фронты мен 16-шы армияны қайта құрау басталып, 316-шы дивизия 16-шы армия құрамына енгізілген. Дивизия Львоводан бастап Болычево совхозына дейінгі аралықта 41 км шепті қорғауға алған. 1939-шы жылғы устав бойынша, әр дивизия фронты 8-12-км, және ені 4-6-км алқапты ғана қорғай алады, делінген еді.
Шаховтан Волоколамға келер күрежол бойында, Львово, Высоково, Козино аралығындағы 14 км өңірде даяр қорған құрылыстары бар еді, оған майор З.С.Шехтман басшылығымен Қырғызстанда жа-сақталған 1077-ші ап /атқыш полкі/ қойылды. Ал, Высоково, Лазарево, Лукино өңіріндегі 17 км болар шеп – бұл, дивизияның орталық шебі еді. Оған Талғарда жасақталған 1073-ші ап майор Г.Е.Елин командирлігімен орналасты. Төскеймедегі Лазарево, совхоз Болычева, Сослави-но өңіріндегі 14 км болар шепте, Қаскелеңде жасақталған 1075-ші ап полковник И.В.Карпов командирлігімен орналасты. Дивизия құрамындағы 857-ші ап /артиллерия полкі/ подполковник Кургановтың командирлігімен, алғашта 1077-ші ап шебінде орналасып, кейінірек негізгі соққы төскейімнен жасалатыны белгілі болғасын, әр полктың, әр батальонның шебіне дивизион, батарея болып таратылады.
Дивизияның КП-сы /командирлік пункті/ Рюховское мекеніне орналасып, 857-ші ап басшылығы да сонда көшеді. Дивизияға Рокоссовский тарту еткен екі артполк пен танк ротасы (Т-34 танктің екеуі, және екі жеңіл танкетка болса керек) Рюховское маңына келіп, тұмсығын төскеймге, 1075-ші ап шебіне қаратып орналасады.
Гепнер басқарған фашист дивизиялары Қазан айындағы жойқын шабуылда 316-шы дивизияның бүкіл шебіне ұрынбаған. 1075 ап мен 1073ап (атқыш полкі) шебтеріне ғана бар күшімен соқтығысқан. Ал Шехтман басқарған 1077-ші ап алапат шайқас отын сырттай бақылап қалған.

1075-ШІ АП /АТҚЫШ ПОЛК/ ШАЙҚАСЫ

15-ші қазанда (бәлкім 14-і, әр деректе әртүрлі беріледі) 1075-ші полктың Болычево совхозы өңіріндегі төскейме шебіне вермахтың мығым танк тобы шабуыл бастаған. Шамасы, 2-ші тд, 5-ші тд, 11-ші тд әскері болса керек. Бұл шайқас барысын полковник Карповпен бірге Панфиловтың өзі басқарған. Панфиловтың артиллериялары төпелей соғып, танк шоғырының бырталайын қиратып, шабуыл бетін қайтара алған. Танктердің артиллерия оғынан аман қалып, 1075-ші полк шебіне жете алғандарындары, бірі мина көмілген алапқа түсіп жарылып жатса, басқасы окоптағы граната мен жағармай бөтелкесін лақтырған сарбаздар қолынан отқа оранып жатқан. Гитлерлік әскердің «Таңғы асты Волоколамда, кешкі асты Мәскеуде ішу» деген жоспары осылай қираған.
Гитлерлік танктер сонда да 1075-ші полк шебінің әлсіз тұсын іздестіріп шабуылын кешке дейін жалғастырып, кең аумақты шептің әр тұсына тиісіп көрген. Келесі күндері бұлай үлкен топпен тіке шабуылға соқтықпай, орман паналай келіп әр шепке тиісуін жалғастырған. Бұл кезде, Рокоссовскийдің Панфиловқа тарту еткен танк ротасы 1075-ші полктің ерлікпен шайқасуынан әсерленіп, оншақты танкпен немістерге шабуылдап көрмек болып Рюховкое маңынан Болычево совхозы өңіріне келеді. Олар 1075-ші полк шебіндегі миналы өңірлерді сұрап алып, әрі өздеріне полк артиллериясы оқ атып жүрмеуін қатаң ескертіп, фашистер шебіне шабуылға шығуға 17-18-ші қазанда даярланады. 1075-ші полктің окоп шебінен ары 2-3-шақырымдай алыстағы орманда вермахт танк дивизиясы жасырынып орналасса керек. Сәбеттік, оншақты танк 1075-ші полк окопынан ары өтіп, шамада 1-2 км жерге жеткенде, оларға фашистердің танктері мен артиллериясы төпелей атқылап, көбін қиратып үлгереді. Аман қалған санаулы танк кері бұрылып, қашып құтылуға ұмтылады. Мұны байқаған фашист танкілері шабуылға шығып, қашқан Сәбет танктерінің ізіне түсіп қуады. Осылайша неміс танктері 1075-ші полктың артиллерия оғынан және миналы алқабынан оңай өтіп, тылға өтіп кетеді. Қашқан Сәбет танктері Осташево жаққа зытқан соң, неміс танктері де солардың ізімен жүріп отырып, Осташевоны қорғанысы жоқ арқа тұсынан соғып, 18-ші қазанда Осташевоның орталығын басып алады. Сәбет танктерінің табаны жалпақ, ал немістердікі одан жіңішкелеу болған. Кейін талай Панфиловшылар естеліктерінде жазғанынша, Болычево совхозынан Осташевоға қарайғы қаражолдарда жалпақ танк ізінің үстіне жіңішке танк ізі түскенін, яғни Сәбет танк ізімен вермахт танктері жүріп отырғанын байқаған.
Осташево – бұл Руза өзенінің суы көбейген тұсы еді. Өзен ені 100 метрдей кеңейіп, өткел бермейтін алқапқа айналған. Өзеннен өтер бір ғана көпір бар тұғын. Сол көпірден өтетін жол тасжолға ұласып, Осташеводан Рюховскоеге, одан ары Волоколамға тіке апаратын. Яғни, бұл көпір мен тасжол аса маңызды шеп еді.
Осташевоны қорғауға қойылған капитан Лысенко батальоны 15-ші қазаннан бері фашист танктерін бұл көпірден өткізбей ұстап тұрған. Енді міне, 18-ші қазанда неміс танктері бұл көпірден өтпей-ақ, Осташеводан 5-10-шақырым батыстағы Болычев совхозы жақтағы Руза өзенінің таяз, әрі көпірі бар тұсынан Сәбет танктері ізімен өтіп келіп, Осташевоны қорғаған Лысенко батальонын күтпеген арқа-батысынан соғып, мекенді басып алған. Дегенмен, Лысенко батальонының бір ротасы Осташево төскейіндегі маңызды көпірді қорғауын жалғастырып, қоршауда қалып шайқаса берген. Ол ротаның комсоргы Мәлік Ғабдуллин болған. Мәлік қоршауда қалған бөлімшені басқарып, шайқасты жалғастырып, көпірді жарып тастап, 18-ші қазанның түніне дейін пантом көпір жасап өтпек болған немістерге атқылап өткел бермейді. Түнде сол ротаның тірі қалғандарын Мәлік жинап алып, орман паналап қоршаудан алып шығып, Рюховское жаққа орманмен әкеткен.
Панфилов Лысенкоға Осташево орталығын беріп қойғаны үшін аздап сөгіс айтып, сосын оны Осташеводан шыға берістегі тасжолдың бойына бір төбеге айналдыра шеп құрғызып, рұқсатсыз шегінуге тыйым салып орналастырады. Бұл төбеден атылар батальон оғы тасжолмен фашистерді жүргізбей тастаған. Маңызды тасжолды алуға ұмтылған бүкіл вермахт әскері бірнеше күн бойы Лысенко батальонынан өте алмайды. Тек 22-ші қазанда ғана немістер жаяу әскерін қосып, Лысенко батальонын тұтастай қоршауға алып қыса бастайды. Бұл жайды кеш естіген Панфилов оларды құтқаруға лейтенант Каюм Гарипов басқарған 100 адамдық бір бөлімшені жұмсайды. Бұл аз бөлімше немістердің қалың қоршау шебін бұзып өте алмайды. Дегенмен олар бірнеше неміс танкін қиратып, бірталай жаяуәскерін жойып, ерлікпен қаза табады. Лысенко батальоны да үш күн бойы қоршауда шайқасып, ерлікпен қаза тапқан. Панфилов олар жайлы, «Волоколам тасжолы» кітабында: «Олар үш күн бойы вермахт әскерінің қалың нөпіріне тойтарыс беріп, жауды тасжолмен жүргізбей тастады. Шамада, жаудың бір танк батальоны мен жаяуәскер полкына соққы жасап, әжептеуір зақымдады. Бұлар — біздің дивизиядағы жаппай қаһармандық көрсеткен жауынгерлеріміз. Дивизиямыздың аман қалуына еткен орасан еңбегі үшін, біз оларға қарыздармыз» – деп еске алыпты.
1075-ші полктың шебі бұзылған соң шегіне соғысумен, 18-ші, 19-шы, 20-шы қазанда полктың талай сарбазы опат болып, Болычев совхозы, Игнатово, Федосино, Княжево өңірін фашистерге тастап, шығысқа ойысады. Аман қалған аз бөлімшелері Руза өзенін бойлай жүріп Рюховское мен Спасс мекендеріне барады. Бұл уақытта дивизияның батыс шебіндегі 1073-ші полк алқабына, яғни Бәукең батальоны жаққа да фашистік қалың әскер шабуылдай бастаған.

1073-ШІ АП /АТҚЫШ ПОЛК/ ШАЙҚАСЫ

1073-ші полк шайқасында Бәукең батальонының алар орны ерекше. Ал Бәукеңнің қолбасшылық шеберлігі генерал Панфиловтың арқасында шыңдалған. Сондықтан, осы екі тұлға бейнесіне аздап тоқтала кетейік. 316-шы дивизия командирі Иван Васильевич Панфилов 48-жастағы білікті әскери маман болған, ал шығу тегі әскери казак отбасынан. Панфиловтың түрі моңғолоид нәсіліне тән болған: қысыңқы қара көзді, ақ кірген қара шашты, биік кең маңдайлы, түркілердей басы домалақ пішінді, орта бойлы кісі болған. Жастайынан жетім қалып, бозбала шағында әскерге алынып, патшалық Ресей әскерінде болған. Төңкерістен соң қызыләскер сапына өтіп, атақты Чапаев дивизиясында соғысқан. Кейін «Түркістан» аймағында қызметке келіп, көп жыл қызметтен соң Қырғызстандағы округтың басшысы болып тағайындалған.
Иван Васильевич түркі тілдерін жап-жақсы меңгерген, яғни өзбекше, қазақша, қырғызша, татарша сөйлесе алған. Ол ерекше есте сақтау қабілеті бар кісі екен. Панфилов өз қарамағындағы кіші офицерлердің өзін аты-жөніне қоса әкесінің атын білген. Сондай-ақ дивизиядағы сан-түрлі әскер жабдықтарының саны мен сапасын жатқа білумен қоса, жұрт көңіл аудара бермейтін майда шаруашылық заттарын да есте сақтап, бәріне мән беріп, соларды соғыста орнымен пайдалануға қарамағындағыларға кеңес бере алған. Яғни, Панфилов — нағыз маман әскери қолбасшы еді. Егерде Панфиловтың басқаруына дивизия емес тұтас армияны берген болса, шамамша, ол гитлершілерді 1941-42-ші жылдары-ақ жаппай жеңіліске ұшыратуы мүмкін еді.
Иван Васильевичтің мінезі өте жайсаң, жұмсақ, жұртқа жайлы, сөзі мәдениетті болған. Қарамағындағы сарбаздарын ұлтына қарап ала-ламаған, әрі орысша білмейтін түркі сарбаздарға өз тілінде түсіндіре алған. Әлбетте, оны сарбаздары да ерекше құрметпен сыйлаған. Орыс пен украиндар «батька» деп, ал түркілер «ақсақал» деп, әкесіндей көрген. Панфиловты әкесіндей құрмет тұтқан адал сарбазының бірі және бірегейі Бауыржан Момыш-ұлы еді. Панфилов қараша айында қаза болғанда, оның орнына дивизия командирі болған менмен командирлер Панфилов есімін өшіріп, өз атын дивизия атауына енгізбек болған. Ондайға Бауыржан батыл қарсыласып, Панфилов атауын дивизияда қалдыра алған.
Иван Васильевич те Бауыржанды өте сыйлаған, бәлкім баласындай көрсе керек. Бәукеңе үнемі қамқорлық танытып, білмегенін үйретіп отырған. Момыш-ұлы соғысқа дейін жеті жылдай әскер қатарында болып, әжептеуір әскери дағды алса да, қолбасшылық өнерінде білмейтін тұстары аз болмаған.
Жас кезінде алғыр боп өскен Бәукең, үнемі озат болуға құштар болған. Әскер қатарында да озық нәтиже көрсетіп, оқуда озат боп, түрлі жарыстарда: снайперлік оқ ату, турник өнері, әскери ат өнері бойынша Қиыр Шығыс өлкелік әскери округі чемпионы болған. Осыншама озық нәтижелер көрсетсе де, әскери шен алу жағынан өзімен бірге әскери курстас оқыған құрдастарынан кейіндеу қалып, бар болғаны аға лейтенант шеніне жеткен. Шен алу үшін арыз жазуды, яки командирге жағынуды Бауыржан мүлдем ұнатпаған.
Сондай-ақ, командирлерінің өзі-не, яки ұлтына қатысты кемсіту сөзін естісе, дереу жауап қатып, жанжалдасуға да даяр болған. Осындай себептерден болар, шен алуға ұмтылмақ түгілі қолбасшылық штабынан аулақ жүргісі келген. Мұның кері нәтижесі сол, әскери қолбастау өнерінен әжептеуір қалыс қалған. Бәукең әскери устав тәртібін жатқа біліп, соны қарамағындағы сарбаздарға мүлтіксіз орындатуды ғана жете игерсе керек. Ал нағыз әскери қолбасшылық – бұл, Сәбеттік устав ережесіне сыймайтын шешімдер қабылдауды талап ететін. Тек Панфиловтың өнегесімен ғана Бәукең бұл олқылықты түзеп, қолбасшылық шеберлігін жете меңгере бастаған.
Талғарлық 1073-ші атқыш полктің орналасу шебі арқаймнан төскеймге қарай мынадай ретте орналасқан еді. Майор А.Поляков басқарған 3-ші батальон Новиково, Бухлово, Высокого қоныстарында шеп құрған. Аға лейтенант М.П.Вехов басқарған 2-ші батальон Кабылино, Козлово, Красная гора мекендерін қамтып шеп құрды. Аға лейтенант Бауыржан Момыш-ұлы басқарған 1-ші батальон Красная гора етегінен бастап, Новлянск, Васильево, Лазарьево, Клетки мекендерін қамтыған, ең ұзын шепте қорғаныс жасаған. 1073-ші полк командирі майор Г.Е.Елин өз штабын Новошуриноға орналастырады.
Алғы шептегі Бәукеңнің Новлянск мекенінен тылдағы полк штабы орналасқан Новошурино қыстағы 4-5-км арқай-шығыста.
Панфилов дивизия төскейіндегі 1075-ші полкке көмек беру үшін 17-ші қазанда 1073-ші полк батальондарынан бірнеше роталарын, тіпті кей батальонды командирімен қоса әкеткен. 1073-ші полктың батыс шебінде негізінен Момышұлы батальонының құрамы ғана толыққа жуық (бір ротасыз) қалған. Бәукең батальоны мен 1075-ші полк шектесер тұсқа, Сипунова мен Карманово мекеніне 17-18-ші қазанда Панфилов бір батальонды әкеп қояды. Оның командирін «Волоколам тасжолы» кітабында майор Мешков-капитан Шилов дегендей лақаппен атаған. Ол батальон жаудың алғашқы соққысына да төтеп бере алмай қирап, командирі Бәукең штабына келіп паналаған. (Шынында, ол майор Поляков болса керек). Жалпы, Талғарлық 1073-ші полк шайқасындағы ең маңыздысы, ең озығы, әрі ең танымалы, – бұл Момышұлы батальоны шайқастары екені мәлім. Сондықтан, МБ шайқасын талқылауға көшейік.

МБ ШАЙҚАСТАРЫ
(МБ-Момышұлы батальоны)

Генерал Панфилов Момышұлы батальонына жиі келіп, әрдайым онымен ойлы да іскер сұхбат жасайтын. 13-ші қазанда, дивизия құрылуына үш ай толған күні МБ шебіне келген Панфилов, Бәукеңе Рузадан ары батысқа азбан топ жіберіп, фашистерге барлау шабуылын жасап көруге кеңес береді.
Бауыржан барлаушылары 13-ші қазанда 15 км батыстағы Шаховск тасжолы бойындағы қоныстарда, әсіресе Середа селосында фашистердің маңызды тұрағы орналасқанын айтып келген. Середа күрежолдар тоғысқан мекен. Одан арқайымға шығар тасжол Шаховскіге барып, сосын жол екіге бөлініп, бірі тіке Калининге (Тверь) барса, екіншісі шығысқа қарай Волоколамскіге барады. Середадан төскейге шығар тасжол Можайскіге кетеді. Середадан шығысқа қарай шағал-жол орман ішімен Новлянскіге келіп, сосын ары Рюховскіге жетіп, онда арқайға шығар тасжолға түсіп Волоколамға апарады. Бәукең барлаушылардың Середада көрген-білгенін талдап, әрі село тұрғындарынан сұрап білген деректерден немістердің әрекетін саралап, онда фашистердің әскери аял-бекеті орналасқанын анықтаған. Яғни, Середада қоймаларға азық-түлік қоры, қару-жарақ пен жанармай қоры жиналып, келген әскери бөлімдерді керек-жарақпен жабдықтап жан-жаққа жіберуде екен. Сондықтан Середаға дереу шабуыл жасау жоспары жасалып, ол шешімі полк командирінен рұқсат етіледі. Бырақта, Бәукеңе баруға рұқсат берілмей, өз шебінде қалып басқаруы талап етіледі.
Бәукең 100 жауынгерден тұратын жасақ даярлап Середаны түнде, үш жағынан қоршап шабуылдауға жібереді. Ол күні Середада тым көп вермахт әскері келіп, шапқынды 15-ші қазанға қалдырады. Бұл күні Середада 300-дей фашист қалған екен. 100 жауынгерді үшке бөліп, Середаға үш жағынан бір сәтте шабуыл жасайды. Жоспар сәтті іске асып, Середадағы 300 фашистің көбін жойып, ондағы көптеген автомашиналарды өртеп, бензин қоймасы мен өзге қоймаларды жарып, сосын олжаға мотоциклет пен ром, шоколад сияқты заттар алып, және бір обер-эфрейторды тұтқындап әкеледі. Тұтқынды тергеуге алып, вермахтың жоспарын сұраған кезде ол сенімді үнмен: «Завтракать — Вольоколямск, ужинать — Москау» — дейді, солай боларына күмәндәнбастан. Бырақта, фашистердің шабуылы ертесіне де, бүрсігүні де Бәукең шебіне болмайды. Середа шапқынынан соң фашистердің жоспары өзгеріп, 1073-ші полк шебі бағытынан шабуыл жасауға қаймығып, дивизияның төскейінен орай соғуды жөн көрген сыңайлы. Тек 19-20-шы қазанда ғана, бұл шепке де фашистердің үлкен әскері жасақталып, Бәукең шебіне қарай шабуыл бастайды. Бұл уақытта, Бәукең Панфиловпен кеңесіп, фашистерді әурелейтін тойтарыс амалын жасап үлгерген еді.

АЗБАН ТОППЕН ТОЙТАРЫС БЕРУ

17-18-ші қазанда, Панфилов Момышұлы батальонына төскей-шы-ғысынан көрші етіп, Софатово-Карманова алқабына «майор Мешков» батальонын орналастырып жатып, Бәукеңді сол жерге шақырады. Кездесуде Бәукең Панфиловқа, кәзіргі қорғаныс шебінің дұрыс еместігін айтады. Ескерте кетейік, устав ережесіне сай Бәукең батальоны да ормансыз өзен бойғы ашық алаңдағы окопқа орналастырылған еді. Яғни, өзен бойлай ашық алқапта қазылған окоптағы 6-7 шақырымға созылған МБ-ның екі ротадан ғана тұрған әлсіз шебі шашырай қорғап тұрған. Мұны жау орманға жасырынып келіп, бір жерге шоғырланар топпен оңай бұзып өте алатынын баяндайды. Сосын, фашистермен арадағы 15 км орман алқабын шайқассыз берудің жөнсіздігін айтады.
Панфилов Бәукеңе: – «Бұл со-ғыстағы басты талап – бүкіл шепті емес, жол бойын қорғап соғысу» –дейді. Немістер шепті бұзып өтсе де шегіне соғысып жол бойын атқылап, немістердің жолмен қарқынды шабуылын жасатпау керектігін ескертеді. Және де, немістермен арадағы орманды да бермей, азбан жасақтармен шайқасуды ұсынады. Яғни, орман ішіне фашистердің Середадан шығар жолдарын торуылдайтын 50 жауынгерден тұратын бірнеше азбан жасақ құру керек. Олар жасырынып жатып, жолға шыққан жаудың үлкен әскеріне тасадан жаппай дүркін атыспен залал келтіріп, сосын саны көп фашистер қарсы шабуыл жасағанда орман паналай қаша соғысып, оларды әурелеу соғысын жүргізуі керек. Сосын орман паналай сытылып шығып қайта жол бойына келіп жаңа торуыл жасауы тиіс.
Бұл ұтымды айла Бәукеңнің көңіліне бірден қона кетеді. Бәукең құрған, әрі басқарған азбан топтар ормандағы жолға жасырынып торуылдауға кіріседі. Фашистердің үлкен әскері 19-20-шы қазанда ғана көрінеді. Вермахтың мотожаяу жауынгерге толы 12-ден көп жүк машиналары Середадан Новлянскіге қарай шерулетіп шығады.
Оларды жасырын торуылда отыр-ған 50 сарбаздан тұратын азбан жасақ, қол пулеметі мен автоматынан атуға ыңғайлы жерге келгенше тосып, сосын бүйір тұстан жаппай дүркірей атып, талайын жайратады. Фашистердің естері шығып, машинадан секіріп түсіп, жаяулатып қаша жөнеледі.
Бар болғаны 50 сарбаз оғынан 400-500-дей фашистің талайы жайратылып, жартысы әзер қашып құтылады. Әрине, фашистер алғашқы күтпеген соққыдан соң сабақ алады. Келесіге шабуылды даярлап, мотожаяу машиналары алдына мотоциклді барлаушы топтарын жіберіп, тіпті орман ішімен соғысуға автоматты атты әскер жасақтап шыға бастайды. Мұндай өзгеріс боларын Бәукең де ойша болжаған еді. Сондықтан ол азбан топтар командирлеріне алдын-ала жаудың қарсы шабуылына қалай сәтті тойтарыс беруді, қай кезде қалай сытылып шығып жаңа торуылды жасау керектігін үйретіп, және мүмкіндігінше шайқасты телефон арқылы өзі басқарып, өте сәтті тойтарыстар жасайды. Осылайша, 50 сарбаздық азбан жасақтармен-ақ фашистердің қалың әскерін бірнеше күнге тойтарып, талай рет қашуға мәжбүр етіп, жау әскеріне әжептеуір залал келтіріп тежей алған.
Фашистердің ормандағы азбан жасақтармен шайқастарда, және одан бұрынғы Середа шапқыны кезінде өлген және жараланған адам саны мыңнан асып кетсе керек, ал Бәукеңнің жоғалтқаны жиырма шақты ғана жауынгер болған. Осы шайқастардың өзін «спартандық тойтарыс» деуге болар еді. Дегенмен, «спартандық тойтарыстың» көкесі әлі алда болады.

ЗЕҢБІРЕКПЕН ТАЛҚАНДАУ

Фашистердің қомақты әскері екі-үш күн дегенде Бәукеңнің азбан жасақтарын әзер орманнан қуып шығып, Қазанның 22-сі күні кешке 1073-ші полктің шебінен өтер күрежол мағындағы МБ-ның шебіне жетеді.
23-ші қазан күні күн шыға немістер МБ-ның шебін артиллерия және минометпен атқылап, сосын әуеде ұшақтар минасымен жаппай төпелеуге кіріседі. Ара-арасында бірнеше уақыт демалыс жасап, сосын қайта жалғап төпелеуді түске шейін жалғастырады. Шамасы, немістер Бәукеңнің азбан жасақтарымен ормандағы шайқаста әжептеуір сарбазынан айырылған соң, енді өз жауынгерлерін барынша аман сақтап, аз шығынмен жеңуді көздеп, алыстан төпелеумен МБ жасағын түгел жоймақ болса керек. Бырақта бұл төпелеулері терең де мығым қазылған окопта жасырынған Бәукеңнің шашырай орналасқан екі ротадан ғана тұрар шағын жасағына еш зақым келтіре қоймайды.
Фашистер түстен кейін тағы да артиллериямен төпелеуін жалғайды. Сағат үштерде Новлянскі маңы шебіне ерекше шүйлігіп, үсті-үстіне төпелеуге кіріседі. Новлянскі маңында орман жиегі Руза өзеніне тиіп тұрған еді. Яғни, фашистер шабуылды сол маңнан жасамақ ниетте. Бәукең Новлянскідегі 2-ші ротаға қоңырау соғып сұрастырса, Новлянскіге қарсы жақтағы орманда, фашистердің бір батальоннан көп жасағы топтана бастағаны жайлы хабар алады. МБ-ның Новлянскі шебіндегі 2-ші ротасында жауынгер саны 100-ден сәл асады. Ал орман паналап топтанған жау саны Бәукеңнің Новлянскі шебіндегі бүткіл жауынгерінен бірнеше есе көп. Егерде, фашистер ормандағы топтана бастаған жасағының жартысымен-ақ шабуыл бастаса, сонымен-ақ окоптағы Бәукең жасағын жарып өте алады, аздаған шығынмен әрине. Дегенмен, фашистер шығын жасағысы келмей, орманда асықпай топтанып, жасақтарға бөлініп, ұжымдаса қимылдау жоспарын пысықтап алып, сосын ғана Новлянск шебін ең осал тұсынан жарып өтпек болуда.
Шұғыл қарсы амал табу керек. Батальонға көмекке берілген сегіз пушкалы артбатарея ормандағы жасырын орларға орналасып, осы уақытқа дейін үнсіз тұрған, өз тұрағын көрсетпеу үшін. Соларды іске қосу керек.
Бәукең дереу артмежеші Кубаренконы телефонға қостырып, оған алдымен бір-екі пушкамен орман жиегіндегі фашистер тобын көздеп атып көруді тапсыра бергенде байланыс үзіледі.
Дәл осы сәтте Бәукеңе телефоннан жарылыс үні жетіп, телефон байланысы бұзылған. Басқа телефонмен 2-ші рота байланысшысына хабарласып, не болғанын сұрап білсе, бақылау пунктіне жанай снаряд түсіпті де, 2-ші рота командирі Севрюков ауыр жараланып, бәрі соны емдеу бөлмесіне әкеткен екен. Енді қайтпек? Ең керек сәтте 2-ші ротадағы артбатареялық бақылау бекетімен байланыс үзілді!
Бәукең дереу 2-ші ротаны өзі басқаруға Новлянскіге атпен шауып кетеді. Жолда, артбатареяның межесілтеушісі лейтенант Кубаренконы орманға қашып бара жатқан жерінен ұстап алып, сонымен бірге Новлянскідегі шіркеуде орналасқан артбақылау бекетіне келеді.
Байланысшыларға телефон сымын шіркеу төбесіне шығартып, өзі сонда шығып дүрбімен жау топтанып жатқан орманға қарайды. Орман жиегінде саны батальоннан асатын фашистер қару-жарағын асынып, бірнеше топқа бөлініп сап құрап, шабуылға даяр тұр екен. Бәукең, телефонмен артбатареяға меже координациясын белгілеп бұйырады: «Меже бірден аса! Оңға қарай ноль бес! Екі снаряд ат!». Атылған снарядтар фашистер топтанған орман жиегіне дәл түседі. Бәукең телефонмен артбатареяға тағы бұйырады: «Барлық зеңбіректен осы межеге сегіз-сегізден, жарғыншақты снарядпен жеделдете атыңдар!» — деп. Фашистер шоғырланған орман жиегі топалаң ботқасы шығып, жарылыстар астында қалады. Осылайша, бес минуттың ішінде артсоққымен фашистердің Новлянскіге тіке шабуыл жасау жоспары қиратылады. Бұл жеңісті де «спартандық тойтарыс» деуге болар. Дегенмен, алда бұдан да үлкен жеңіс күтіп тұрған екен.
Жауап ретінде, фашистердің қалың артиллериясы да қайта іске кірісіп, түрлі снарядтармен МБ шебін, ормандағы артбатарея маңын тағы төпелеуге кіріседі. Дегенмен, олардың атқылауы орға жақсы бекінген МБ жауынгерлеріне елеулі залал келтіре алмайды.
Енді Бәукең Руза жағалауындағы 2-ші рота басқару бекетіне шауып жетіп, ондағы басшылықты политрук Жолмұхамед Бозжанов алғанын біледі. Немістер шабуылды қай бағытта бастаса, сол бағыттағы қорғанысты күшейту үшін, Жолмұхамед қол пулеметі бар арнайы желме топ құрып, жүгіруге даярлаған екен. Бәукең онысын құптайды. Сосын Бәукең ордағы жауынгерлерді аралап шығып, ондағы әскери тәртіптің ойдағыдай екеніне көз жеткізіп, сосын өз штабына кері қайтады.

ҚОРШАУДА ҚАЛУ

Сағат төртке таяп қалғанда штабқа енді жеткенде, (15-45-те) полк командирі Елин қоңырау соғып айтады: «Новлянскіден 2,5 шақырым арқайымдағы Қызылтау /Красная гора/ маңындағы 6-шы рота шебіне фашистердің үлкен тобы жылдам шабуыл жасап, бұзып өтіпті. Әрі олардың бір тобы полк штабына шабуыл жасап жатса, ал екінші бір тобы саған қарай. арқадан соғуға бұрылды. Солардан сақтанып, шебіңді арқайыңа бұрып құр» – деп.
Бәукең дереу атқа қонып, тағы да 2-ші ротасына шауып жетіп, жолда бір шақырымнан аса қашықтағы арқайым тұстан фашистердің қалың тобының жаяулатып келе жатқанын көреді. Егерде ол жау Новлянскі шығысындағы орманға жетсе, онда Бәукеңнің өзен бойлай ашық алаңда қазылған окоптағы 2-ші ротасын желкесінен атып жоя салады. Сондықтан, 2-шақырымдай Новлянск шебінде шашырай орналасқан жүз шақты жауынгерін жедел жинап, орманға паналай шеп құрғызу керек. Шұғыл қимылдап, 2-ші ротасын жинастырып алып шығып, бес жүз метрдей жерге жетіп қалған жаудың атқан оғына қарамай жаяу жүгіріп жүріп, бір взводын әзер орманның арқай шетіне жеткізеді. Осылай, төніп қалған жау шапқынын әупірімдеп жүріп тойтарып, қарсы шабуыл жасап Рузадан асыра қуып тастайды. Сосын біртіндеп бүкіл батальонын орманға шеп құрғызып, фашистердің жолмен қозғалысын зеңбірекпен атқылап тоқтатып, тағы бір күн жатады. Бұл кезде, 1073-ші полк штабымен байланыс үзіліп, бүкіл полк шебінде жалғыз МБ ғана қалған. Оның үстіне, төскей-шығыс көршісі «майор Мешков» та аяғы жараланып, Бәукең штабына кеп паналапты. Оның батальонының зеңбіректері мен снарядтары орманда қалып, және солдаттарының қалдығы орманда тығылып жүр екен.
Яғни, МБ жан-жағының бәрін жау әскері басып алған. Шығысында Иванова қыстағы маңында ғана өткел қалған, көрші орманға өтіп кетерлік. Шегіну керек пе, яки әрі қарай соғысуы тиіс пе? Оны полк командирінен алар бұйрығы шешсін деп, полкті іздетіп шолғыншы жібереді. Және қарап отырмай, «майор Мешков» батальонының орман кезген солдаттарын жинатып, зеңбіректері мен снарядтарын тасыта бастайды.
Ертесіне полк басшысынан хабаршы келеді, «Иванова тұсынан арқайға бұрылып Волокаламскіге қарай шегін» деген бұйрықпен. Бұл бұйрыққа қоса, Бәукеңе көмек ретінде, Панфилов әкеткен бір ротасын қайтарыпты, және жаңа піскен ыстық нан мен ас жіберіпті. Мұндай қамқорлықтан соң МБ әлденіп, күшейіп алып, жолға жиналады, бырақ бірден кете алмайды. Өйткені «мойор Мешковтың» орманда қалған 6 пушка мен бірнеше жүз снарядтарын әкелуге жіберіп қойған бөлімшесі әлі оралмағандықтан, оларды күтіп тағы бір түн тежеледі.

ҚЫРЫҚ МЫҢ ФАШИСТІ ТӨПЕЛЕУ

25-ші қазан күні таңсаріде жіберген бөлімшесі келгесін, орман ішін паналап МБ шегіне бастайды. Бырақта, көп пушка мен снарядтар жүгімен батпақты жолдағы жүрісі тым баяу болады. Бәукең көшті бастауға 2-ші рота командирі Филимоновты қойған еді, ал ол еш қамсыз, барлау тобын алға салмай тіке жүріп, жол тоғысындағы неміс колоннасына соқтығуға аз-ақ қалады. Бәукең шағын төбешікке шығып бинокльмен қараса, Филимонов тобы фашистердің қалың әскері қолына түсуге аз-ақ қалыпты, атымен шауып барып тоқтатады. Бұлар келе жатқан орманның екі жағынан өтер жолдар сол маңда тоғысады екен, әрі қос қапталдағы барша жолдар фашист әскеріне толып тұр. Күзгі жауыннан жол батпақты болғасын, гитлершіл әскер жол тоғысында кептеліске түсіпті. Жол қозғалысына реттеуші қойылып, ол орманның екі жағынан келген қос жолдан қосылған фашист әскерінің кептелісін реттеп, жаяу әскері толы жүк машиналарын, мотоциклділерін, пушкалар мен снарядтар тіркемелерін, және өзге техникалар жасағының колонналарын Спас-Рюховскіге барар күрежолға кезекпен өткізіп, шеті көрінбес колонналар көшін жіберуде екен. Бәукең төбеге шығып, биноклін барынша алысты көрсетуін баптағанда бұл колоннаның басындағы танк бөлімшелері Спас-Рюхов маңындағы Панфилов дивизиясына қарай жақындап қалғанын көреді. Ал колоннадан бөлек, орман айналасында алты қыстақтың бәрінің маңында неміс әскерлері жол кезегін күтіп тұрғанын байқайды. Фашистер МБ-ның орманға келіп орныққанын байқамай, жолда бейқам жүр. Сан жағынан алсақ, орман айналасындағы 6 қыстақтарда тұрған гитлершіл әскердің өзі бірер дивизияға шамалас, ал алдыңғы күрежолға түскен бас колоннаның шет-шегі көрінбейді, — яғни бұл гитлерлік әскерлердің жалпы саны МБ-дан кемі 40-есе, бәлкім 100 есе көп.
Міне, осылай жан-жағы жауға толы орманға Бауыржан айнала шеп құрып орнығады да, сосын өзінің 8 зеңбірегін күрежолдағы кептеліскен фашистер колоннасына, ал көршісінен әкелген 6-ты зеңбірегін орман айналасындағы фашист әскерлері шоғырланған тұстарына бағыттап алып, тікелей көздеп дүркін-дүркін атуға бұйырады.
Осылайша, МБ-ның 14-пушкамен тұтқиыл соққысынан соншама көп фашист әскерінің ойран-ботқасы шығады. Мұны шайқас деуден гөрі, қирату деген жөн болар. Фашистер ешбір мардымды қарсылық жасай алмай, жаппай қиратылуда еді. Күзгі жаңбырдан айнала батпақ болғандықтан, гитлершілер МБ бекінген батпақты орманға танкілерімен шабуыл жасай алмайды. Ал олардың пушкалармен атысуына келсек, жеңіс МБ-ның еншісінде болыпты, өйткені шебер басшылыққа қоса, орман паналаған позициясы мықты. Фашистер амалсыз жаяу әскермен шабуылдар жасап көреді, — үш дүркін, бырақ үшеуінде де оңбай жеңіліс табады – шабуылшы жасақтары жартысына жуығынан айырылып, шегінуге мәжбүр болады. Фашистер ұшақпен әуеден жасаған бомбалаулары арқылы ғана МБ-ның оншақты жауынгерін жарақаттап, екі пушкасы мен оларды сүйрейтін оншақты аттарын қирата алады.
Осылайша түн жарымына дейін МБ зеңбіректері атқылауынан тұтас бір фашист әскері күре жолға шыға алмай қалады. МБ болса фашистердің қыстақтарда жиналған тұстарын шамалап атқылап, қиратуын жалғай береді.
Шегіну жайлы Панфиловтан тағы да бұйрық келген соң, әрі снарядтары таусылуға тақағасын, түн жарымында ормандағы шебін тастап, Волокаламскіге орман паналап шегінеді.

АВТОМАТПЕН ЖАЙРАТУ

Шегіну жолын алғашқы жос-парлаған бағытынан өзгертіп, артқа шегініп, сосын теріскейге бұрылып орман паналап жүреді. Орман арасындағы жолда фашистер, араға жарым шақырымдай жол қалдырып, 500-дей жауынгерлік топтарға бөлініп тұтас колонна болып жылжуда екен. Бәукең автоматшыларын батальонның шетіне ромб пішінді етіп құрып, ең ұшына қол пулеметшілерін тұрғызып, ортаға зеңбірек пен өзге арбаларды алып, орманнан фашистерге қарай сапты бұзбай төне түседі. Алакеуім қараңғылықта, бұлардың кім екенін ажырата алмай, фашистер қапыда қалады. МБ тобы фашистердің 500-дей бір тобын жайратып, таптап өтіп, келесі орманға өтіп кетеді.
Осындай түрлі қиындықтармен 26-ыншы қазанда МБ Волокаламға жетеді.
Волокаламскіде Панфиловпен жо-лығып әңгімелесу барысында белгілі болғанындай, сол 25-ші қазан күні, фашистер Панфилов дивизиясына Спасс-Рюховск маңында танкілермен жайпап кетердей шабуылын бастайын деп тұрып, кілт тоқтап кері қайтыпты! — Себебі сол, немістің шабуылдағы танкілеріне еріп, қолдауға тиіс жаяу әскерлері колоннасын арт жағынан МБ зеңбірекпен атқылаған. Танкіні қолдаушы мото-жаяу әскерлер ойран-топан болып, қолдаусыз қалған танкілер амалсыз кері шегінген. Егерде, МБ-ның гитлершілер колоннасына зеңбірекпен соққысы болмаса, онда олар Спас-Рюховта «панфиловшылар» дивизиясын қиратып кетуі де мүмкін екен. Яғни МБ-ның бұл соққысы – үш жүз спартандықтың бүкіл парсы әскерін тоқтатқан ерлігімен пара-пар шайқас. Айырмасы жаңа қарумен, жаңаша тәсілмен жасалуында ғана. «Ер қадыірін ер білер» демекші, Бәукеңнің бұл «спартандық тойтарысқа» пара-пар ерлігін Панфилов қана бағалай алыпты…
ӘКІРЕҢДЕГЕН ҚОЛБАСШЫЛАР КЕСІРІ

Бәукең 26-шы қазанда, Волоколамда Панфиловтың әміршіл қыспаққа тап болған, өте жайсыз хәлдегі кезін көреді. «Жуковтың қырандары» аталар тексергіш өкіл келіп, Панфиловтың әр ісінен мін тауып, айғайға басып жүр екен. Панфиловтың Бәукеңді жеке қабылдауы мен оның жеңісті шайқастары жайын тәптіштеп сұрауы – ол өкілге ұнай қоймайды. «Дивизия командирінің қарапайым батальон командирін жеке қабылдауы орынсыз» – деп, Панфиловтың «біліксіздігін» бетіне басады. Онымен қоймай, сол 26-сы күні кешқұрым, әлі дұрыстап тынығып та үлгермеген Бәукең батальонын «дабылмен тұрғызып», Волоколамның батысындағы бір деревняға «соқыр шабуылға» жұм-сатады. Осындай әміршілдер кесірінен, 27-сі күні фашистер Волоколамды басып алады. Әміршіл-тексергіштер бұған Панфиловты кінәлі деп тауып, оны трибуналмен соттауды талап етеді. Панфилов нақты деректерге толы есепхат жазып, трибуналдан әзер аман қалады…
Қазан айы соңына таман Мәскеу маңына ҚА бірталай дивизияларды әкеліп үлгеріп еді. Соның арқасында Мәскеулік қолбасшыларға жел бітіп, баяғы адуынды тексерістерін, әміршіл жарлықшылдығын қайта бастаса керек. Олардың «соқыр-жарлығы» мен бәлеқорлығынан Панфилов оңай құ-тылыпты.
Мәскеулік жарлықшылар кесірінен кей дивизия командирлері, бекерге ажал құшып та кетіпті. Мысалы, 58-ші танк дивизиясын айтуға болады. Ол дивизия командирі өз танк дивизиясын «реоргонизация» шарасынан аман сақтап, бұздырмай, Қиыр шығыстан Мәскеу түбіне Қараша айының басында жеткізген екен.
15-ші қарашада Жуков пен Рокоссовскийлер Қиыр шығыстан келген бірнеше дивизияларын түн ортасында «дабыл» /тревога/ бойынша сапқа тұрғызып, «қарсы шабуылға» баруға жарлық түсірген. Соның ішінде 58-ші тд де бар.
58-ші тд дабылмен тұрғызылып, «Волоколамды басып алу» бұй-рығымен соқыр шабуылға шығуы кесірінен бірер сағатта күл-талқан болыпты. Дивизия командирі қайғыға шыдай алмай, өз-өзін атып өлтірген екен…
Мәскеулік әміршілердің осындай кесірлері арқасында фашистер тағы да үстемдікке ие болып, 15-ші қарашада жалғыз Панфилов дивизиясына қарсы төрт-бес дивизиямен шабуылға шығады. Дегенмен, Панфиловшылар тағы да тегеурінді тойтарыс беріп, шегіне соғысып, фашистерді Мәскеуге жебермеген. «28-панфиловшы» жайлы ертегісі сол шайқасқа арналып, «Красная звезда» газет тілшілері (Коротеев пен Кривицкий) тарапынан ойдан құрастырылған. Шындығында, ол шайқастың да шынайы қаһармандары – бүкіл Панфилов дивизиясы еді. Соның ішінде, ерекше ерлік көрсеткендер – бұл, тағы да Бәукең батальоны болған. Қараша айының15-18-ші күндері, үш күн бойы фашистердің басты шоғыр шабуылы жолында МБ тұрып, тойтарған…

 

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *