Әйелдердің саяси көшбасшылығын зерттеудің өзектілігі жаһандық өзгерістер жағдайында саяси процеске әйелдердің қатысуымен көшбасшылығы рөлімен, оның қазіргі әлемдік және қазақстандық тәжірибеде маңызының артуымен, әйелдердің...

 

Әйелдердің саяси көшбасшылығын зерттеудің өзектілігі жаһандық өзгерістер жағдайында саяси процеске әйелдердің қатысуымен көшбасшылығы рөлімен, оның қазіргі әлемдік және қазақстандық тәжірибеде маңызының артуымен, әйелдердің саяси көшбасшылығы мәселелерінің жеткіліксіз зерделенуімен байланысты. Көшбасшылық бұл жай ғана лауазым емес.
Бұл ықпал ету айналасында жүретін күрделі құбылыс және маңайындағы адамдарды өзі қалаған жаққа бағыттау мүмкіндігі. Табысты көшбасшылар – бұл өз мүмкіндіктері мен дағдыларын толық пайдалана алатын адамдар. Институционалдық құрылымдар, билік, саяси мәдениет, саяси режим түрі, ізбасарлар динамикасы және партиялық факторлар көшбасшылық мүмкіндіктерін анықтайды. Көшбасшы қоғамның саяси өмірінде аса маңызды орындардың бірін алады, оның ісәрекеті мен нұсқауына қоғамның қандай бағытта дамитындығы байланысты болады.
Дегенмен, көшбасшылық басқа процестер секілді гендерлік сипатқа ие. Бүгінгі күні көшбасшылық туралы ойлағанда, әдетте бірден ер адамдар ойға оралады. Жалпы, елімізде билік ерлердің қолында, ал жоғары басшылық қызметтерде негізінен ер адамдар басым. Соған қарамастан, қазіргі қоғамда әйелдер саяси көшбасшылық үшін күресте өзін ерлердің лайықты бәсекелестері ретінде көбірек жариялауда. Мұны үлесі аз болсада әйелдердің атқарушы биліктегі жетекші орындарды иеленуі және парламентте орын алуы дәлелдейді. Дамыған демократиялық елдердің гендерлік теңдік саласында қол жеткізген жетістіктері Қазақстанда бірте-бірте гендерлік стереотиптерден алыстап, әйелдерге саяси қызметпен айналысуға немесе мемлекеттік құрылымдарда жұмыс істеуге кең жол ашуына мүмкіндіктер береді.
Бүгінгі күнде көшбасшылық мәселесі барлық ғылым салаларында белсенді зерттелуде. Саяси көшбасшылықтың әрқырлары саясаттану ғылымының зерттеу нысанына айналды. Себебі, адамзат тарихындағы көшбасшылық мәселесін тұжырымдау – билеуші мен бағынушы арасындағы қарым-қатынастың мәнін түсінуге ұмтылу. Ежелгі және қазіргі заманда саяси көшбасшының ұлт болашағын анықтаушы ретіндегі рөлі өз маңызын жоғалтқан жоқ. Көшбасшылардың саяси іс-әрекетін білдіретін саяси көшбасшылық – адамдар өмір сүріп, қоғамды қалыптастырғаннан бері ең көне, ең кең таралған құбылыс. Ежелгі антик ойшылдары Платон, Аристотель, Цицерон еңбектерінде көшбасшылықтың мәнін, көшбасшыға тән сипаттарды, белгілер мен қасиеттерді, көшбасшы болу механизмдерін қарастырды. Ортағасырларда Фило Александрия, Августин, жаңа дәуір философиясы мен саясаттану классиктері Ф. Бэкон, Т.Гоббс, И.Кант, Ж.-Ж. Руссо т.б. еңбектерінің зерттеу нысанына айналды. Асқан адам теориясының негізін қалаушы неміс философы Ницше көшбасшылыққа ұмтылуды адамның «шығармашылық инстинктінің» кө-
рінісі деп санады; басшының имандылықты елемеу құқығы – әлсіздердің қаруы деп есептеді. Роберт Такер, Томас теоремасында «Егер адамдар бұл жағдайларды шынайы деп анықтаса, олар өз салдары бойынша да шынайы болады», — деп атап көрсетті. Оның маңыздылығын саяси көшбасшылықты зерттеудегі негізгі алғышарт ретінде көреміз. Жан Блонделдің пікірінше, саяси көшбасшылық мәселесі ең даулы және аз зерттелген мәселелердің бірі болып қала береді. Джеймс М.Бернстің пайымдауынша, көшбасшылық ең көп бақыланатын құбылыс және ізбасарлары басқалармен бәсекелестік немесе қақтығыс кезінде олардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін институционалдық, психологиялық және басқа ресурстарды жұмылдыру ретінде анықталады.
Сондай-ақ, ол көптеген адамдар билік феноменіне тым әуестенеді, саясатты билік ретінде қарастыру саясаттағы билік пен көшбасшылық рөлін елемеуге әкеледі деп сендірді. Демек, ізбасарларды пассивті тіршілік иелері ретінде қарастырмау керек, ал олардың қабілеттері мен рөлдерін екінші дәрежелі деп санауға болмайды. Эдельманның пікірінше, қазіргі саяси көшбасшылық көшбасшының өзінің іс-әрекет бағытын таңдауға еркін және басқалардың өз көшбасшылығымен жүруіне мүмкіндік беретін көрнекті интеллектке, білімге, дағдыларға және жеке тұлғаға ие көшбасшы. Саяси көшбасшылықтың маңызды элементі – ізбасарлардың болуы: ізбасарларсыз көшбасшы болмайды. Көшбасшының өз командасының болуы маңыздырақ, одан да маңыздысы қалың бұқараның қолдауын табуы. Бұл ізбасарларға байланысты. Көшбасшыны таңдау оның ізбасарларымендешектеледі, ал көшбасшылық динамикасын қоғамдық реакциядан іздеу керек. Демек, көшбасшылар мен ізбасарлар тең және өзара тәуелді серіктестер ретінде құрылған кезде, осы өзара қарымқатынас арқылы көшбасшылықтың легитимділігі пайда болады. Әділ жолмен көшбасшылыққа қолжеткізген басшыда өзінің ізбасарларымен қарым-қатынасында осы заңдылық пен адамгершілікті сақтауы керек.
Осылайша, өзара қарым-қатынасқа бағытталған саяси басшылық саяси билікті жүзеге асыруда заңдылық пен мораль принциптерін тұрақты түрде негізге алу арқылы легитимділікке қол жеткізеді. Көптеген жылдар бойы саяси көшбасшылық туралы зерттеулер толығымен гендерлік сипатта болмады. Бұл, ең алдымен, көбінесе ғылымда жүрген ерлердің көшбасшылар ер адамдар деген болжамына байланысты. Әрине, тарихи тұрғыдан алғанда бұл болжам негізсіз емес.
Адамзаттың даму тарихында басым жағдайда саяси көшбасшылар ер адамдар болды. Әйелдердің саяси көшбасшылығын зерттеуге 1960 жылдардан кейінгі әйелдер қозғалысы мен әйелдерді зерттеуді қолға алу әсер етті. Әйелдердің саяси көшбасшылығы – бұл ерлерге бағытталған құндылықтар жүйесіне негізделген көшбасшы әйелдердің қасиеттерін бағаламайтын қолданыстағы дәстүрлі көзқарасқа реакция. Ол әйелдердің ерекшеліктерін, әлеуметтік рөлдері мен мәдениетін бағалауға бағытталған жаңа қозғалыс ретінде пайда болды. Соңғы жылдары әйелдердің саяси көшбасшылығын зерттеуде үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. Көшбасшылық лауа-ымдардағы, әсіресе қоғамдағы шешімдер қабылдаудың ең жоғары деңгейіндегі әйелдерді зерттеу гендерді саяси анықталған және көшбасшылық динамикасының саясаты ретінде түсінуімізге ықпал етеді. Ұлттарды басқарған әйелдердің өмірі мен мансабы саяси өмірдегі гендердің рөлін бағалауға мүмкіндік береді.
Гендерлік айырмашылықтардың басымдығы көшбасшылардың биік шыңға жету жолында кездесетін қиындықтар мен мүмкіндіктерді қарастырған кезде айқынырақ болады. Гендерлік стереотиптердің тереңдігі әйелдің ең жоғары саяси лауазымға жеткеннен кейін де адамдарға әсер етуді жалғастырған кезде айқын болады. Дж.Лоулесс, Р.Фокс, Л.Уитакер зерттеулерінде әйелдерді шешім қабылдау деңгейіне көтеру, әйелдер құқығын қорғау және т.б. мәселелерді қарастырады. Ресейлік зерттеушілер Н.Шведова, С.Айвазова, В.Светлакованың еңбектерінде әйел-
дердің көшбасшылық стилінің ерекшеліктері, саясаткер әйелдердің тұлғалық ерекшеліктеріне талдау берілген. В.Светлакова өз зерттеулерінде Ресейдегі әйелдердің саяси көшбасшылығының ерекше-ліктерін, биліктегі әйелдерге деген көзқарастың ғасырлар бойы қалай өзгергенін көрсетеді. Саяси көшбасшылықтың гендерлік аспектісін зерттеу О.Богданова, В.Ушакова, Е.Суслов еңбектерінде берілген. О.Богданованың пікірінше, әйелдер саяси биліктің шыңында тек жеке қасиеттерінің, білімі мен тәжірибесінің, өз мансабын ұйымдастырып, жоспарлау қабілетінің арқасында ғана қала алады. Д.Р.Фатыхованың “Қазіргі Ресейдегі әйел саясаткер имиджінің қалыптасу технологиясы” атты монографиясында әйелдердің саяси белсенділігінің қалыптасуы мен дамуында қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар ролінің маңызды екенін атап өтті. Себебі әдетте қоғамдық бірлестіктердің көшбасшылары әйел азаматтар болып табылады.
Қазіргі таңда халықаралық саяси аренада әйелдер белсенділігі артып келеді. Бірақ көптеген елдерде қол жеткізілген ілгерілеушілікке қарамастан, әйелдердің шешім шығарушы орындарда аз болуы жиі кездеседі.
Әйелдердің саяси өмірге қатысуы туралы деректер қатысушылар саны мен олардың көшбасшылары арасында пропорция жоқ екенін көрсетеді. 2021 жылдың 1 қыркүйектегі БҰҰ – Әйелдер ұйымының мәліметі бойынша, әйел- парламентшілерінің үлесі 25%-ды құрады (әлемнің аймақтары бойынша көрсеткіш әркелкі).
Мысалы, бүгінгі таңда әлемнің небәрі 10 елінде әйел мемлекет басшысы бар болса, 13 елде ғана әйел азаматша үкімет басшысы лаузымында қызмет атқаруда. Берілген сандар саяси функциялар арасындағы айырмашылықты анықтайды. Парламент депутаты негізінен кеңес беру функциясын атқарады. Сондықтан депутаттың ролі министр секілді атқарушы лауазыммен бірдей емес. Гендерлік стратегияны іске асыру қазіргі Қазақстандағы бүкіл саяси үдеріске орасан зор ықпал етуде.
Қазақстан әйелдер құқығы жөніндегі көптеген халықаралық келісімдердің қатысушысы ретінде осы бағытты дамытуға және гендерлік мәселелерді шешуге ұмтылуда. 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Отбасы, әйелдер және демографиялық саясат жөніндегі кеңес құрылды.
Бұл Кеңес 1998 жылы атауын ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы деп өзгертілді. 1998 жылы Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының “Әйелдердi кемсiтушiлiктiң бар-лық нысандарын жою туралы” конвенцияға қосылды. “Әйелдердің саяси құқықтары туралы”, “Тұрмыстағы әйелдердің азаматтығы туралы” конвенциялары бар. Халықаралық еңбек ұйымының конвенциялары, соның ішінде “Бірдей еңбек үшін ерлер мен әйелдерді тең көтермелеу туралы” конвенцияларға қол қойылды. 2003 жылдың қарашасында үкімет Қазақстан Республикасының Ген-дерлік саясат тұжырымдамасын бекітті. Тұжырымдаманың бірнеше стратегиялық басымдықтары бар. Атап айтар болсақ әйелдердің басшылықтағы өкілдігіне, оның ішінде билік құрылымдарында ерлер мен әйелдердің тең қатысуына қол жеткізуге байланысты мәселелер көтерілген. Сонымен қатар, 2009 жылы үкімет “Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы” заң қабылдады. 2021 жылы Қазақстан Республикасы Дүниежүзілік экономикалық форумның гендерлік теңдік жөніндегі жыл сайынғы жаһандық индексінде әлемнің 156 елі арасында 80-ші орынды иеленді, ал саяси өкілеттік субиндекс бойынша 106 орынға орналасқан. 2020 жылы Қазақстан жаһандық рейтингте 72-орынға, ал саяси өкілеттілік субиндексте 106-шы орынға ие болды. Бұл көрсеткіш айтарлықтай төмен болып есептеледі. Ұлттық парламенттегі әйелдердің өкілдігі туралыайтатын болсақ, Inter-Parliamentary Union (IPU) халықаралық ұйымының рейтингінде республика бұл көрсеткіш бойынша әлемде 60-шы орында тұр.
Қазақстан Республикасы Статис-тика комитетінің мәліметі бойынша, әйелдердің Парламенттегі депутаттық мандаттардың үлесі 2013 жылы 20,1%, 2017 жылы 22,2%, 2019 жылы 23,4% болды. Бүгінде Парламент Мәжілісінде 29 әйел бар, бұл депутаттардың жалпы санының 29,59% құрайды. Мемлекеттік және саяси құрылымдарда әйелдердің қатысуының айтарлықтай артқанын білдіреді.
2006-2007 жылдары Қазақстан Үкіметіндегі әйелдердің үлесі 17 министрдің ішінде 5 әйел министр (29,4%) болды. Бұл диаграммада көрсетілген 20 жылдағы ең жоғары көрсеткіш болып есептеледі. Бүгінде бұл көрсеткіш 11,1% төмендеді. Қазіргі таңда 18 министрдің ішінде 2 әйел азаматы жұмыс істейді. Олар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Мәдениет және спорт министрліктерін басқарады. Әйел саясаткерлер бас-шылық қызметі көбінесе әлеуметтік салаларға (денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау) қатысты. Қазақстан тарихындағы тұңғыш әйел — облыс әкімі Г.Әбдіқалықова бұл қызметке 2020 жылдың 28 наурызында тағайындалды. Р.Сарбаеваның айтуынша, қазіргі уақытта әйелдер мемлекеттік және саяси құрылымдарға жеткілікті түрде тартылмаған, бірақ сонымен бірге посткеңестік кеңістікте биліктің «гендерлік вертикалі» кеңінен қолданылады. Мұнда әйелдер төменгі және орта деңгейлерде тұрады, бірақ жоғары лауазымдарда (шешім қабылдау деңгейінде) аз ұсынылған.
Бұл ерлер мен әйелдердің теңдігі мәселелеріне қатысты мемлекеттік саясат туралы шешімдер әлі де ерлердің қолында екенін білдіреді. Мемлекеттік секторда жоғары лауазымдарға көбірек әйелдер тартылса және әйел сайлаушылар «сайлау мүмкіндіктерін өз мүдделері үшін де, бүкіл қоғамның мүддесі үшін де пайдаланса» жағдай өзгеруі мүмкін. Әйелдер түпкілікті нәтижеге көбірек назар аударады, жағдайды объективті бағалайды, қарапайым, түсінікті және орындалатын шешімдерге бейім әрі оларда әлеуметтік жауапкершілік сезімі дамыған.
Көптеген зерттеулер әйелдердің саясатта жеткіліксіз болуын саяси амбицияның жоқтығымен байланыстырады, бірақ әйелдердің лауазымдарға жетуіне және өз мандаттарын орындауына немесе олар сайланғаннан кейін басшылық лауазымдарға қол жеткізуіне кедергі келтіретін басқа да әлеуметтік кедергілер бар.
Егер басқа елдерде әйелдер көшбасшылығының басты кедергісі білім алудың теңсіздігі болса, Қазақстанда жағдай басқаша. Әйелдер дәстүрлі қоғамның оның ана мен әйел ретіндегі рөлі туралықалыптасқан көзқарастар мен әйелдердің кәсіби өзін-өзі жүзеге асыруы тұрғысынан батыс құндылықтары арасындағы еңсерілмейтін қайшылыққа тап болады. Әйелдердің саясатта белсенді болуына кедергі келтіретін жағдайлар:
— әйелдер саясат үшін «жаралмаған» деген стереотип. Әйелдер қазір парламент пен үкіметте ер адамдармен қатар отырса да, әлі де саясатта және көшбасшылықтың басқа салаларында табысқа жетуге ұмтылатын ықпалды әйелдерге деген кедергі келтіретін негативті реакция бар.
— әйелдерге мәдениеттегі, діндегі және әдет-ғұрыптағы әртүрлі жағ-дайлар кедергі келтіреді.
— әйел кандидаттарға «сұраныс» шектеулі. Оларға саяси партиялардың кандидаттарды таңдау тәсілдері, сон-дай-ақ сайлаушылардың әйел-дердің қоғамдық өмірге немесе саясаткер ретінде қатысуына байланысты көзқарастары кіреді.
Мысалы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау қорытындысы бойынша төменгі палатадағы 107 депутаттың 29-ы ғана әйелдер. Бұл әйелдерге арналған квоталарды қайта қарап, олардың саясатқа араласауына жағдай жасау қажеттілігін растайды. Бізде әйелдер мен 29 жасқа дейінгі жастарға арналған 30% квота бар. Бірақ, бұл квота толық әйелдерге емес, жастар мен әйелдерге аралас беріліп отыр.
-әйелдер саясатқа нашар бейім-делген және әлеуметтік капиталы, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына арналған қаржылық капиталы аз.
— әйелдерді қолдауға арналған саяси ұйымдарға деген қаржылық қолдаудың жеткіліксіздігі. «Қазақстанның тең құқықтары мен тең мүмкіндіктері институты» қоғамдық қоры мен Фридрих Эберт қорының Қазақстандағы өкілдігінің әлеуметтік зерттеуі аясында Алматы, Астана қалалары мен бес облыс тұрғындары арасында саясаттағы әйелдер жұмысына көзқарастары туралы сауалнама жүргізілді. Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың басым бөлігі әйелдер саясатқа қатысуы қажет деп санайды. Ерлер әлі күнге дейін саясат — әйелдің ісі емес деген стереотиптік пікірді сақтайды, өйткені олардың ана мен әйел болуына кедергі жасайды, ал саяси қызметтің өзі әйелдер үшін тым қиын деп есептейді. Дегенмен, әйелдердің өзі саясатта әйелдер керек деген стереотиптік пікірді қолдайды, өйткені олар ерлерге қарағанда айлакер әрі тапқыр. Сондай-ақ сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 39,5%-ы әйелдердің саясатқа араласуы мемлекеттің әлеуметтік саясатын жақсартуға септігін тигізеді деп есептейді. Қоғамдық пікірдің жағымды болғанына қарамастан, ресми статистика биліктің нақты өзгерістерге, халықаралық нормаларға сәйкес келетін қазіргі гендерлік саясатты анықтауға және жүргізуге дайын еместігін көрсетеді. Жаһандану дәуіріне қажет жаңа көшбасшылық – ерлердің артықшылығы болып саналатын дәстүрлі көшбасшылықты емес, әйелдердің мүмкіндіктерін ке-ңейтудің жаңа стратегиялары мен әдістерін іздейді. Енді, жынысына қарамастан, көшбасшылықты дамыту және көшбасшылықты оқыту арқылы әрбір адамға көшбасшылық рөлді қабылдауға мүмкіндік беру керек.
Әйелдердің саяси көшбасшылық тәжірибесін жақсартуға көмектесетін бірқатар ұсыныстар бар:
— үкімет қоғамдық институттармен тығыз әрекеттесіп, әйелдер рөліне қатысты стереотиптік ойлауды өзгерту шараларын қарастыруы тиіс;
— гендерлік теңдікте табысқа жеткен батыс елдеріндегі әйелдерді саяси ілгерілету тәжірибесін зерттеу қажет;
— әйелдер мен қыздар кездесетін көптеген қиындықтарды жеңілдетуге немесе шешуге көмектесетін өзге-рістерді енгізу үшін әйелдердің көшбасшылық лауазымдарды иеленуі өте маңызды. Әйелдер елде неғұрлым көп саяси қызметте болса, соғұрлым ел үшін әйелдер кездесетін проблемалармен күресу және оларды шешу оңайырақ болады.
Себебі, біздің патриархалды қоғамда ер азаматтар әйелдер мәселелерін көп көтермейді;
— әйелдерді сайлауға қатысуға ынталандыратын тетіктер мен оқыту механизмдерін әзірлеу керек;
— саяси партиялар саяси билікке лайықты әйел кандидаттарды ілгерілету үшін оқыту семинарларын өткізіп, олардың бойында көшбасшылық қасиеттерді дамытуы қажет. Науқандық тренингтер ұзақ мерзімді болуы керек және нақты саяси дағдыларды қалыптастырумен қатар, ол жергілікті партия мүшелерімен, азаматтық қоғам өкілдерімен байланысты дамытуы керек;
— әйел кандидаттарды қолдау шараларын ынталандыру қажет.
Республикадағы гендерлік жағ-
дайды талдаудың негізгі қорытындысы ретінде әйелдер көшбасшылығын дамытудың ең маңызды бағыты – әйелдер арасында саяси білімді арттыруды жүзеге асыру қажеттілігі деп санауға болады. Саяси көшбасшылықты қарымқатынас құру тұрғысынан үйрету әйелдердің саясатқа ұмтылу және көбірек қатысу ықтималдығын арттырады. Сонымен қатар, егер мекеме көшбасшылық пен қызмет етуді позициялық көшбасшылық ретінде бағалайтын болса, әйелдер өз үлестерін неғұрлым мағыналы деп санайтын болады. Әрине, қоғамның әйел көшбасшысы мен әйел саясаткер бейнесін қабылдауы үшін уақыт керек. Саяси келешегі бар, құзіретті әйел көшбасшыларды ұсыну қажет. Әйелдердің саяси процестерге қатысуы қазақстандық қоғамның демократиялық негізін кеңейтеді және жаһанданудың күрделі мәселелерін шешу үшін әйелдердің қабілетін пайдалану қоғамға пайда әкеледі. Жаһандану дәуірінде, басқаратын және бақылайтын қалыптасқан дәстүрлі саяси көшбасшылықтан, көшбасшылар мен ізбасарлар арасындағы тең және өзара тәуелді серіктестік негізінде орын алатын қарым-қатынасқа бағытталған саяси көшбасшылыққа көшу қажет.

 

Разия Асылгожина,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
«Саясаттану» мамандығы
Теңгеш Қаленова,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *