Майра
АЛДАБЕРГЕНОВА
Гендерлік саясаттың өрескел бұзылуы қазіргі қоғамда қай жағынан көрініс табуда? Ұлттық болмыс пен гендерлік саясаттың өзара байланысы неде? «Қазақи отбасы институты»деген ұғымды қалай түсінеміз? Белгілі тарихи тұлғалардың, оның ішінде хандардың даналығымен ел аузында есімі қалған асыл жарлары туралы қандай тарихи деректер сақталған? Міне,осы және өзге де мәселелер төңірегінде ойымызды әрмен қарай өрбітсек.
Гендерлік саясат бұл Қазақстан-дағы әйелдер мен ерлердің тең құқықтылығын бақылайтын, соған жауап беретін ең маңызды құжат. Себебі дүние жүзі бойынша тарихта нәзік жандылар көбіне ер азаматтардың көлеңкесінде қалып қойып немесе еңбек теңсіздігінің нәтижесінде бағаланбай қалып отырған. Тарих қойнауына саяхат жасасақ, мұндай факті АҚШ-та тіркелген көрінеді. Мысалы, кезінде Америка мектептерінде директор болып қызмет ететін ер адам мен әйел адамның жалақысы екі түрлі болған. Яғни, атқаратын қызметі бір, алатын жалақысы екі түрлі. Осыдан ер мен әйелдің тең құқықтылығы мәселесі туындайды. Шығыс елдерінің де ислам дінін қабылдағанша оңып тұрған пәлендей ештеңесі болмаған. Арабтар қыз балаларды тірі күйінде көрге тығып, оларды сатып құл ретінде ұстап адам орнына санамаған. Қыз баланың, әйелдің құқығын аяқасты таптаған.
Кейін орнаған ислам діні осындай келеңсіздіктердің орнын қалпына келтіріп, жұмақты ананың табанының астына әкеліп, қоғамда көп нәрсеге өзгеріс әкелген. Осы ретте қасиетті хадисте: «Алланың разылығы – ата-ананың разылығында, Алланың ашуы – ата-ананың ашуында», – делінген. Бұл арабтарға қатысты болған өзгеріс. Ал, батыс елдері өздеріндегі гендерлік теңсіздікті «гендерлік саясат» тұжырымдарын қабылдаумен теңестірген. Осы ретте қазақ халқында осындай теңсіздік мәселесі болған ба деген қызықты сауал туындайды. Мүмкін таң қалатын шығарсыз, бірақ қазақта гендерлік теңсіздік болмаған. Біріншіден бұл ұлттық болмыстың оң әсерінен болса, екіншіден «отбасылық институттың» қоғамда қызметі деп айтар едік. – Ал, қазіргі кезде гендерлік теңсіздік жағдайы қалай? – Өкінішке қарай мүшкіл. – Неліктен? – Себебі осы жоғарыда аталған құндылықтардың екеуі де құрдымға кеткен. Яғни,гендерлік теңсіздікті реттеу үшін «отбасылық институт»пен ұлттық менталитетті қайта орнына келтіру арқылы реттейміз.
Шындығында, қазіргі қоғамда гендерлік теңсіздік қызмет бабында, саясатта қордаланған ешқандай мәселе туғызбайды. Мәжілісте, Сенатта, лауазымды басқа да қызметтерде әйел адамдарер адамдармен иық тіресе қызмет етіп жүр. Мәселен, қазір Мәжілістің құрамында: ер адамдардың саны – 78 (73%) болса, әйел адамдардың саны – 29 (27%) екен. Бұл жақсы пропорция. Әйел адамдардың өкпесі жоқ деп ойлаймыз.
Жоғары оқу орындарында ғой жағдай тіпті өзгеше сипат алған, ұлдардан қарағанда оқып жоғары білім алып жатқан қыздардың саны әлдеқайда көбірек. 2019 жылғы ресми дерек бойынша Қазақстандағы жалпы студенттер саны 542 458 адамды құраса, олардың ішінде 292 231 қыз баласы екен. Бұл жалпы пайыздық көрсеткіштің 53,9%-н құраған.Ал онда неге «гендерлік саясатты»бақылауды күшейту керек деп жан-жақтан шыр-пыр болып жатамыз?! Оның жауабы – отбасындағы кикілжіңдерге келіп тіреледі. Яғни отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық фак-тілерінің күрт өсуімен тікелей бай-
ланысты. Мысалы, 2021 жылдың өзінде елімізде осындай 81 648 қылмыстық факті тіркелген көрінеді. Қазір теледидарда «Жаңалық» бағдарламасын қосуға жүрегіміз шайлығады, себебі екі жаңалықтың бірі тұрмыстық зорлық-зомбылыққақатысты. Мәселен, жақында ғана Қызылорда қаласында 27 жастағы 3 баланың анасын күйеуі ұрып, бірнеше жерінен пышақ ұрып жазым еткен. Қазір қылмыскер тергеу изоляторында жатыр. Ерлі-зайыпты үстіміздегі жылдың 3 тамыз күні келіншектің туған күнін атап өтуге екеуі ғана кафеге барған. Марқұмның әпкесінің айтуынша, күйеуі қызғаншақ болғандықтан, туған күнді, басқа да отбасылық отырыстарды екеуі ғана атап өтетін көрінеді. Ішімдікке сылқия тойған жолдасы арада бір кикілжің шығып, жарына қол көтерген, төбелес шығарған, ең аяғы осындай қайғылы оқиғамен аяқталған.
Қазақ тарихында әуел бастан осындай әлімжеттікпен әйеліне қол көтеріп жазым еткен оқиға кемде-кем. Ер адамдар сырттағы жаумен шайқасып, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа аттап бармаған. Тіпті әйел адамға қол көтеру ұят болып саналған. Қазіргі кезде басы бүтін бір әйеліне күн көрсетпей, тепкінің астына салып, ішкені мен жегенін есептеп жүрген ер адамдар көбейіп кетті. Бұрын ата-бабамыз бір емес бірнеше әйел алып та әрқайсысының көңілін тауып, балаларын мәпелеп бағып, өсіріп ел қатарына қосып, ешқандай жанжалсыз-ақ отбасындағы жағ-дайды ақылмен ретке салып отырған. Мысалы, «Абай жолында» Құнанбайдың әйелдері – Ұлжан, Айғыз, Нұрғанымдар үлкен бәйбішесі Күңкені қалай сыйлағаны туралы жазылады. Құнанбай бәйбі-шенің үйінде қанша күн болса да, жанжал шығармаған. Себебі тоқал өз орнын білген, отағасының бәйбішесін құрмет тұтқан. Өз кезегінде әйел адам отбасында өзін ұстауды білген, ерін құрметтеп, қарсы келмеген. Сондай-ақ қайын ене, қайын ата, құдалар, басқа да туысқандар өмір «сахнасында» өз рөлдерін шебер ойнап, шектен шықпаған. Міне, мұның барлығы ұлттық менталитет, ұлттық құндылықтың ажырамас бөліктері. Ал, мұндай тәрбиені ата-ана баласының құлағына титтейінен құйып, сүйегіне сіңдіріп өсірген, тұла бойына сіңген қасиет атадан балаға мирас болып ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тапқан. Қазір осының бір де біреуі қоғамда жоқ. Қашан? Қалайшаайырылып қалдық? Біздің ойымызша, Кеңес Одағында «кеңес халқы» боламыз деп жүріп, ұлттық болмысымыздан біржола айырылдық. Соның кесірінен не орыс емес, не басқа емес дүбараға айналдық. Тіпті, орыстың да жақсы қасиеттерін емес, жаман қасиеттерін бойымызға магнитше тартып алдық. Ащы сусынға әуесқойлық та сол замандарда қалыптасты. Тіпті,қоғамдық, қызметтік орындарда сәнге айналды деуге негіз бар. Осы әуесқойлық та ежелден қанымызға сіңген «отбасы институтының» быт-шытын шығарып, күл-талқан етті. Ұлттық болмыс, ұлттық психология жат болып, тіліміз шұбарланып, рухымыз әлсіреп ұлт ретінде жер бетінен жойылуға шақ қалған едік. Миллиондаған халық конфискация-дан, ашаршылықтан, репрессиядан қойдай қырылып құрдымға кетті. Әр түрлі есептеулер бойынша аштықтан 1,75 миллионға дейін қазақ қаза тапқан. Тағы бір миллион адам Қытайға қоныс аударса, олардың 616 мыңы ешқашан отанына оралмаған.
Сонымен халықтың жалпы 40 пайызы азайған. Ұжымдастырудың қызыл терроры нәтижесінде 34 мыңнан астам қазақ сотталып, оның ішінде 3 386 адам атылып, 13 мыңнан астамы концлагерьлерге жіберілген. 1937-1938 жылдары жүргізілген репрессиялық қуғын-сүргін нәтижесінде ұлттық элитаның 25 мыңнан астамы ату жазасына бұйырылған. Есесіне 1,3 миллион коллонистті Қазақстанға жер аудартқан. Жат мәдениет онсыз да әлсіреген ұлттық мәдениетке жақсы әсер ете қоймағаны бә-сенеден белгілі. Оның үстіне араб жазуын латын әліпбиіне, оны қайта кириллицаға ауыстырып, халықтың төл мәдениетін жоюға тырысқан. Халық хат тани алмай, мәңгүрттенген. Қолдан жасалған геноцид орнаған. Бұл бір ұлттың басына түскен қара бұлт, ғасыр трагедиясы деуге болады. Қазір әрине оның бетін ары қылсын. Бірақ Алланың қалауымен сол бір сұрапыл ХХ ғасырдың соңында бағымыз жанып тәуелсіздік тұ-ғырын биік көтердік. Сонда да «баяғы жартас сол жартас» күйінде қалып қойдық. Құлдық психологиядан арыла алмаған күйі жаһанданудың жағасынан ұстадық. Тіл, дәстүрлі дін, салт-дәстүр, менталитет, «отбасылық институтты» қалпына толық келтіре алмай жатырмыз. Зерделеп қарасақ, тұрмыстық зорлық-зомбылық осы
құндылықтардың әлсіреуінің же-місі екені айдан анық.
Рас-қой, қазірдің өзінде американың тәрбиеден жұрдай киноларын көрсек, оларда құдалардың арасындағы сыйластық, ата-ене мен келіннің, күйеу бала мен қайынжұртының арасындағы сый-ластық деген түсінік мүлде жоқ.Олар бір-бірінің көзінше ашық-шашық киініп, аузына келгенін айтып, одан қалса бір жарты сыраны бөліп ішіп ұялмай жүре береді. Сосын көршілес Ресейдің киноларында да отбасылық зорлық-зомбылыққа толы картиналар көп. Мысалы, «Ақпан қашан аяқталады» (2022 ж.), «Тордағы құс» (2022 ж.), «Бақытқа апаратын ұзақ жол» (2020 ж.) сияқты фильмдер отбасындағы зорлық-зомбылықты суреттейді. Көбінде ащы сусын-ның әсерінен туған домалақ төбелестер суреттеледі. Ал, бізде ше жағдай қалай? Бізде ежелгі ұлттық менталитеттің жұғыны да қалмаған, «отбасы институты» біртіндеп ұмытылғандықтан осындай киноларға еліктеу жағы басымырақ. Ал, еліктеудің соңы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, оның соңы ажырасуға әкеліп отырғанын жасыруға болмайды. Ресми мәліметтер бойынша, 2021 жылдың өзінде 48 239 ажырасу фактісі тіркеліп, оның 72,2 пайызын қала тұрғындары, 27,8 пайызын ауыл тұрғындары құраған екен. Көріп отырғанымыздай, бұл аз көрсеткіш емес. БҰҰ-ның Қазақстандағы халықтың қоныстануы саласындағы қорының қолдауымен (ЮНФПА) жүргізілген зерттеу қорытындысында былай деп жазылған: «Егер 2000 жылы елдегі ажырасулар саны барлық неке санының 30 пайызы болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 40 пайызға дейін көтерілді. Егер мұндай динамика сақталса, алдағы уақытта әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталады», – делінген зерттеуде.
Енді сол айтып отырған екі тіреуіш: ұлттық менталитет пен «отбасылық институт» дегеніміз не деген сауалға кеңірек тоқталып өтсек. Ұлттық менталитет дегенде, алдымен салт-дәстүрлер тізбегі есімізге қаз-қатар түседі. «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең», деп Абай ақын жырламақшы, туғаннан бастап адам өмірінде кездесетін салт-дәстүрлер ұлттық рухтың негізі. Мысалы: «Шілдехана», «Бесік той», «Тұсау кесер», «Сүндет той», «Құда түсу», «Сырға салу», «Беташар», «Сәлем салу», «Көңіл айту», т.б. Осылардың әрқайсысында үлкенді сыйлау, кішіге ізетпен қарау қағидасы орнаған. Қай-қайсысы да өлеңмен әспеттеліп, әнмен біте қайнасқан өнердің сарқылмас бастаулары іспетті. Қазақта «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді», «Кәрісі бардың ырысы бар», «Жақсы үйге түскен келін – келін, жаман үйге түскен келін – келсап», «Ата тұрып, бала сөйлегеннен без», «Ата көрген оқ жанар, шеше көрген тон пішер», «Ата-анаң жынды болса, байлап бақ», «Жұмақ – ананың табанының астында», «Балаң – бауыр етің», «Балаңды өскенше бағасың, немереңді өлгенше бағасың», «Қойшының таяғынан, келіннің аяғынан» деген сияқты сөз маржандары сақталған. Бұлар ұлттық тәрбиенің өзегі, отбасындағы тыныштықтың кепілі. Қазақ осылай бір ауыз сөзбен-ақ көп нәрсенің басын қайырып, тәлімді тәрбиесімен түйреп, жөнге салып отырған. Ата-бабамыз бұдан басқа да көптеген шектеулер мен тиымдар арқылы ұлт келешегін кемелдендіріп отырған. Мысалы, үлкен адамның алдынан кес-кестеп өтпе, ер адамның жолын кеспе, қайын атаңның, қайын сіңіліңнің, қайынініңнің атын атама, «Қызым, саған айтам – келінім, сентыңда, уығым, саған айтам – ұлым, сен тыңда», «Күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық» деген сияқты тәмсілдердің барлығы қазақы тәлім-тәрбиенің қайнар бастаулары. Қазір арамызда осынау қағидаларды қатаң ұстанатын отбасылар өте сиреп барады, тіпті қалалық жерлерде көбіне сақталынбайды да.
Салт-дәстүрлердің қай-қайсысы да ұрпақты өнегеге, тәрбиеге, білімге, өнерге баулып, табиғатпен етене жақын болуға, бойын тазалықпен, парасаттылықпен, тек-тілікпен, мұсылмандықпен суа-руға үгіттейді.
Бұрын қазақ даласында «ажы-расу» деген ұғым атымен кездеспеген. Қазір қылт етсе, «олар бірін-бірі толық танымай үйленгендіктен ажырасты, егер келінді ұлдың ата-анасы көреген, текті танитын жерден таңдап, талдап алса, мұндай қателік болмайтын еді» деп соғады үлкендер. Көшпелі өмір сүру салтын ұстанған қазақтардың барлығы ұлдарына әйелді өздері ел аралап таңдап алып беріпті ме, қыз бен жігіт ұзақ сөйлесіп бірін-бірі толық танып барып үйленіпті ме?! Жоқ. Қалыңдықты алып қашып кеткен немесе «бесік құда» деп атастырған қалыңдығын тек құдалықта ғана көрген күйеулер жұбымен өмір бойы ажыраспай-ақ ұрпақ өрбіткен ғой. Мысалы, «Абай жолында»: «Абайлар Ділдәнің бойын ғана көрді. Ол кебісін шешіп жатқанда сырт сымбаты талдырмаш, бірақ аса сұңғақ бойлы, биік көрінді» деп, Абайдың үйленейін деп жатқан қалыңдығының сол кезге дейін тіпті өң-түсін көрмегені туралы жазады.
Себебі «ажырасу» ата-баба-мыздың өңі түгіл түсіне де кірмеген, ол тіпті ұят, болмаған жағдай деу-ге дейін болады. Оның есесіне қат-қабаттап тоқал алған. Бірақ, барлығы отағасын бірауыздан сыйлап, айтқанын орындап, баласын бағып, үндемей, шу шығармай отырған.
Себебі, тал бесіктен дарыған тәрбие көзі осыған құрылған. Қазақи отбасында оның әрбір мүшесінің өз міндеті, рөлі болған. Сонымен отырып-тұрған. Шектен аспаған. Бір атадан тараған бәйбішенің балалары мен тоқалдың балалары сол әулеттің ұрпағын көбейтіп, атын шығарған. Оны мынадай бір тарихи деректен де көреміз. ҮІ-ҮІІ ғасырда өмір сүрген Жетісу алабындағы көшпелі тайпалар көсемі, ақыл-парасатымен, ерлік істерімен елге ұйытқы болған тарихи тұлға Бәйдібек Қарашаұлы туралы «Википедия» атты ғаламтор энциклопедиясы бүй дейді:
«Бәйдібек үш некелі болыпты. Бірінші әйелі – Сары бәйбішеден Байтоқты есімді бала туып, одан Түргеш (Сарыүйсін) өрбіген. Тоқалы – Зеріптен Жаламбет туады. Одан – Шапырашты, Ошақты, Ысты өрбіген. Екінші тоқалы – есімі исі қазаққа мәшһүр әулие Домалақ ана. Бұл кісінің нағыз есімі Нұрилә. Домалақ анадан Тілеуберді туады. Тілеуберді ел аузында Жарықшақ (Жарықбас) атанып кеткен. Жарық-шақтан – Албан, Суан, Дулат өрбиді. Бұл аталардың бәрі де ілгері ру-тайпаларға ұласып, қазақ халқының ел болып ұйысуына тікелей араласқан», дейді.
Енді «отбасы институты» туралы ой қозғасақ. Жоғарыда қазақи отбасының әрбір мүшесінің өз рөлі туралы айтып өттік емес пе. Енді сол туралы тереңірек тоқталсақ екен дейміз. Алдымен «әже институты» туралы айтсақ. Қазақ – қазақ болып, көшпелі өмір салтын кешіп жүргенде өмірге келген нәрестені ата-анасы, көбінесе әжесі бауырына басып тәрбиелеген. Көбіне кенже ұлдың, яғни «Қара шаңырақтың» заңды иесінің ұрпағын үйдегі үлкендер – ата, әже тәрбиелеген. Қалған балаларын еншілерін беріп бөлек шығарып отырған. Бұрынғының әжелері ұлттық рухты бойына сіңірген, ауыз әдебиетімен ауызданған, аңыз-әңгіме, ертегі, эпостарды жатқа судыратқан, дала философиясының негізінде өмір сүрген. Қазақы ою-өрнектермен көмкерілген жүзік, білезік киіп, камзол, ақ кимешегін жамылып, бес уақыт намазын қаза етпеген абыз әжелер немересінің рухани өсіп-жетілуін мойнына міндет етіп алған. Себебі, тарихи жыр-дастандармен, аңыз-әпсаналармен, діни оқиға-лармен, халық ертегілерімен сусындап қанат қаққан бала өжет, адал, ұлтын, тілін, ділін, айналасын сыйлайтын, сүйетін, әділеттілікке жақ, арамдыққа жаны қас болып өсетіні айқын. Содан болар бабаларымыз тұтқиылдан келген жауға «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» тойтарыс беріп, бізге осынау кең байтақ жерді мирас етіп қалдырғаны.
Расында, тарихта аты алтынмен жазылатын тау тұлға, арын алтынға сатпаған, елін-жерін басына іс түскенде қасық қаны қалғанша қорғаған батырларымыз көп. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Райымбек, Махамбет, Исатай, батыр Баян, батыр Науан сияқты көптеген батырлар тізбегін ұзын-сонар жалғай аламыз.Сондай-ақ, ел басына күн туғанда, қара қылды қақ жарған билеріміз бен тілі мірдің оғындай тапқыр шешендеріміздің де есімі ел ішінде көп сақталған. Мысалы, Сырым шешен, Жиренше шешен, Бөлтірік шешен, Майқы би, Аяз би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би, Төле билер. От ауызды, орақ тілді жыраулардың санында да шек болмаған. Олар да осы «әже институтының» түлектері емесіне кім кепіл. Мысалы, Ақтамберді жырау, Бұқар жырау, Үмбетей жырау, Базар жырау, Мұрын жырау, Дулат Бабатайұлы, т.б.
Осы «отбасы институтында» қыз бен ұлдың тәрбиесіне өте қатты мән берілген. «Қызын күте алмаған, күң қылады, ұлын күте алмаған, құл қылады» деп, олардың намысын өр, еңсесін тік етіп өсірген. «Қызға қырық үйден тыю, ұлға отыз үйден тыю» деп, қыз баланың тәрбиесіне ұлдан да асаден қойған. Себебі қыз баланы келешек ұрпақты дүниеге әкелетін ана, тәрбие уызын дарытатын әже, ұлттың ұйтқысы деп түсінген. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді», «Қыз көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді» деген тәмсілдер арқылы көп нәрсені яғни тәрбиенің салмақтысын, салихалысын қызбаланың мойнына іле берген. Оның шашының ұшына шолпыны тек сәндік мақсаттағана емес, сақтылық мақсатта датаққан. Бойжеткен қыз түн ішінде қазақ үйден шығып, жыраққа кетіп қалмасын, бір бәлеге ұшырамасын деп отбасы мүшелері күні-түні көз алмай, құлақ салып қызды қиясына, ұлды ұясына қондырғанша көзден таса етпеген. Бұның барлығы келешектің қамы, тектіліктің телегей теңізін былғамас үшін жасалған игі әрекеттер.
Отбасында «Ене академия-сының» орны тіпті бөлек болған. Яғни қыз қияға қонған соң, оның екінші өмірі басталған. Қыз енді екінші анасы – енесінің қолына келін болып түскен. Қазір біздің қоғамда орыстардан қалған сарқыншақ па қайдам яғни «ене мен келін» проблемасы өршіп кеткен. Біздіңше, орыстарда осы проблема бұрыннан дәстүрлі сияқты көрінеді. Тіпті, осы тақырыпта әзіл-сықақ театрлары ел-жұртты күлдіріп қойылымдарын қойып жатады,ал көрермендер жағы мәз. Ал, бізде еліктеу басым ғой. Қазақта ене мен келін арасындағы проблема ұшты-күйлі болмаған. Есесіне «Ене академиясы»қалыптасқан. Аты айтып тұрғандай, салиқалы, сабырлы, дана ененің келінді тәрбиелеудегі өз тактикасы, жас отбасын жарастыру тәсілдері, келіннің жаманын жасырып, жақсысын асырып, келінді өзіне тартып, керісінше ұлын емес келінін көп жерде қолдап демеп отырған енелердің еңбегі көп қой. Себебі, ұл өзінікі болғандықтан, өзегінен қанша тепсе де, баласы өз анасынан ешқайда кетпейді, ал жат жерден келген келіннің көңілі бір суыса қайта қалпына келмейтінін түсінген ене қашанда келінін қолпаштап қолдаған.
Қазіргі қоғамдағы қалыпты бір отбасын көз алдымызға елестетейікші. Ата, ене, келін, ұл, немерелер бірге тұрады делік. Әрине сүттей ұйып отырған отбасылар да баршылық. Олар әрине отбасы институтын және ұлттық менталитетті сақтаған салихалы отбасылар. Ал, түгелдей ұлтсызданған, салт-дәстүрден ма-құрым, «отбасы институтынан» мүлде хабары жоқ отбасын мысалға алдық делік. Ол отбасы міндетті түрде ұрыс-жанжалдан арылмайды. Себебі, ұлттық тәрбиені бойына сіңірмеген жастар үлкенді сыйламайды, ал үлкендері «әже институтын» сақтап үйде бала тәрбиесімен отырғысы жоқ. Керісінше, өзі де жастармен жағаласып күннен күнге жасарып «сән салондарына» барып, заман талабынан қалмаймын деп, жаһандану дегенді сылтауратып жағаласады. Тіпті екі жастың ортасына от салып, ақыры жас жұбайларды ажырастырып тынады. Батырлар жыры, аңыз-әпсана түгілі, бір ауыз ертегі білмейтін әжелер шыққаны қашан өмір «сахнасына». Өкінішке қарай қазір осындай мысалдар қоғамда көп кездеседі. Оның себебін жоғарыда айттық. Енді тек оңалудың жағын ғана ойласақ екен.
Жалпы қазақ тарихы өнегелі отбасылары мен халық арасында сый-құрметке бөленген әйелдер туралы деректерге бай. Себебі, тарихтың парақтарын ақтарсақ, қазақ қыздарының сол кездердегі қоғамдық рөліне, олардың білімі мен парасаттылығына тәнті боламыз. «Отбасы институты» туралы жаза келе қазіргі мен өткенді салыстыру мақсатында, үлгі-өнеге болсын деген ниетте тарихи тұлғаларымыздың данагөй жұбайлары туралы тоқталғанды жөн көріп отырмыз.«Әрбір мықты азаматтың артында мықты әйел тұрады» демекші, біздің кейбір хандарымыздың ақылына ақыл қосып, ел билеуде көрегендік көрсеткенжұбайлары туралы айт-қанда: Жаған бегім, Бопай ханым, Айғаным ханым туралы мәліметтерге кезігеміз.
Жаған бегім – Жәнібек ханның жары. Қазақ хандығына әкесінен кейін хан болған Қасымның анасы. Тарихи деректерде Жаған бегім туралы мәліметтер аз. Оның Шайбан ұрпағы Махмұд сұлтанның анасы Ақкөзі бегіммен апалы-сіңлілі болғандығы туралы деректер ғана кездеседі.
Жаған бегім – қазақтың абыройын өзі билік құрған он жылдың ішінде Азия мен Еуропаға танытқан, «Қасым ханның қасқа жолы» атты заңдар жинағын тудырған Қасым ханның аяулы анасы. Қасым хан кезінде қазақтың әскерін бір миллионға жеткізіп, шекарасын, бекітіп, қорғанысын шыңдаған тарихи алып тұлға. «Алып анадан туады» демекші, осыдан-ақ Жаған бегімнің парасатты, данагөй жар, ақылгөй ана болғаны айтпаса да түсінікті.
Тізімнің екінші өкілі Бопай ханым – кіші жүздің ханы Әбілқайырдың жары. Азан шақырып қойған есімі – Бәтима. Бопай өзінің табиғи сұлулығымен, даналығымен де Әбілхайыр ханның екінші әйелі болса да, жалғыз «сұлтан» лауазымына ие болған әйел. Төрелерге келін болып, құтты босағаны аттаған жас келін хандықтың бағын ашқан. Себебі, Әбілхайыр ханның ел істеріне араласумен қатар, 1711 жылы шекесі торсықтай Нұралы деген перзентті дүниеге әкелген. Нұралы өз кезегінде әкесінен кейін таққа отырған хан.
Бопай ханның қатты кеткен жерлерін сабырға шақырып, еліне бақыт пен шаттық орнатуға барынша ықпал етіп, сөзін өткізіп отырған. «Бопай сұлу өзінің ақылымен құрметке ие болған, сондықтан да кей кездері орданы басқару ісіне үлкен əсер еткен. Әдетте əйелді барлық қоғамдық жұмысқа араластырмайтын қарым-қатынастың болғанына қарамастан, Бопай сұлудың өзінің жеке мөрі болған» – деп тарихшы А.И.Левшин жазып өткен.
Осындай игі істерімен ел аузында қалған дана ханшаны қастерлеп халық «Бара бəйбiше» деп атап кеткен.
Ары қарай тізбекті жалғайтын тау тұлғалы аналардың бірі – Айғаным ханым. Ол Абылайдың тұқымы әрі орта жүздің ханы Уәлидің жары, қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы, белгілі ғалым Шоқан Уәлихановтың әжесі. Бір қызығы,Айғаным ақсүйек емес, қарапайым отбасынан шыққан қыз. Әкесі Сарғалдақ Құдайберді ұстаздық жолға түскен молда кісі болса, атасы Мәлік-қожа көзі ашық, көкірегі ояу хат таныған адам. Әкесінен тәлім алған Айғаным да жастайынан оқу-білімге құштар болып, хат танып, халық ауыз әдебиетімен сусындап өскен.
Ақылына көркі сай қыз Уәли сұлтанға бір көргеннен ұнаған. Осылайша Сырымбет тауына көшіп келгенде, төртінші әйелі етіп алған. Он жеті жылда он құрсақ көтерсе де, ел билеу ісіне белсене араласып халық арасында құрметке бөленген. Шыңғыс төрені тәрбиелеп өсіреді, сосын одан туған Шоқанды етегіне салып жастайынан бар білгенін құлағына құйып, дарынды етіп ержеткізеді.
1819 жылы Уәли хан дүние салған соң 35 жастағы Айғаным ханымды Ресей патшасы орта жүзге хан етіп тағайындаған. Бұл қадамның астарында саяси мән барын ұққан халық Айғанымды бірден хан деп қабылдамайды. Бірақ халқына жақсылықтан басқа ештеңені ойламаған Айғанымның беделі биіктемесе аласармаған.
Орыстың қитұрқы саясатын түсіну үшін алдымен оның білімін меңгеру керек екенін ұққан. Осылайша ұлы Шыңғысты Омбы училищесіне, немересі Шоқанды Сібір кадет корпусына оқуға береді. Бірақ балаларына еліне адал қызмет етуді айтудан жалықпаған қарт ананың мерейі қашанда үстем.
Елу жасқа дейін ел билеген Айғаным Ресейдің айтқанымен жүріп, айдағанына көнбеген. Керек кезінде талаптарын орындатып отырған. Мәселен казак-орыс мұжықтарының қазақ жеріне қоныс аударуына қарсы болып оларды шекарадан кіргізбеген. Жасы жетіп, баласы Шыңғыс ат тізгінін ұстайтын жасқа жеткенде қызметін ұлына тапсырып, өзін тікелей ұрпақ тәрбиесімен айналысуға арнаған. Оның нәтижесі ұлтымыздың маңдайына біткен, қазақтан шық-қан тұңғыш этнограф ғалым, бірақ аққан жұлдыздай жарқ етіп жоқ болған Шоқан Уәлихановты тәрбиелеуі.
Иә, «гендерлік саясаттың» ақсап тұрған тұсы тұрмыстық зорлық зомбылық болып тұрған сәтте одан арылудың екі-ақ жолы бар. Оның бірі ұлттық менталитетті қалпына келтіру болса, екіншісі «отбасы институтын» қайта қайтару. Осы екеуі орындалмай, бұл мәселе ушықпаса бәсеңдемейтіні анық. Салт-дәстүр, қазақы тәрбие негіздерін қайта қалыптастырмай ата-баба салған сара жолды сақтап қалу мүмкін емес. «Тәрбие тал бесіктен» демекші, «әжелер институты» ақсаған қоғамда бойына ұлттық қасиет дарыған ұрпақ туады деу орасан зор қателік. Оның үшін әркім ұлттық тәрбиенің бастауларын алдымен өзінің қара басынан, одан қала берсе отбасынан, одан қалса айналасын қоршаған адамдардан бастағаны жөн. Үміт зор, бірақ, әрекет етер уақыт таяса екен дейміз.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.