МИРЗОЯН ҚАЛАСЫНДАҒЫ «ҮШТІКТІҢ» ҮКІМІ
13.10.2022 0 673
Көсемəлі СƏТТІБАЙҰЛЫ,
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын
толық ақтау мәселелері жөніндегі
облыстық комиссияның мүшесі,
«Жамбыл облысының мемлекеттік архиві»
КММ директоры, Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері, жазушы
1937 жыл. 9 қазан. Мирзоян қаласының НКВД (Ішкі істер халық комиссариаты) қызметкерлері РКФСР ҚК 58-10 бабы бойынша «ұлтшылдар ұйымының мүшесі» деген айыппен Мирзоян аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сәдуақас Баймахановты тұтқындады.
Арада 4 ай өткенде, 1938 жылдың 27 ақпанында КСРО Жоғарғы Соты Әскери Алқасының шешімімен («Үштік»: 1. Аса маңызды кеңес, 2. Сот, 3. Әскери трибунал – К.С.) өлім жазасына кесілді.
Мирзоян аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалғанына 6 ай ғана болған азаматтың аяқ астынан тұтқынға алынып, іле-шала өлім жазасына кесілуі, онысыз да үрей үстінде жүрген қала зиялыларын одан бетер шошытты. Сәдуақас туралы бір-бірінен сұрауға қорыққаны былай тұрсын, оның атын айтып, өткендерін еске алуға да дәті жетпеді.
Сәдуақас Баймаханов
(1903-1938)
Ал Сәдуақас тұтқындалардан екі-үш күн бұрын (7-8 қазан) Мирзоян аудандық КП (б) Комитетінің ІІІ-пленумының №3 отырысы болған. Онда жолдас Капустиннің хабарламасынан кейін Баймахановты тергеу басталды.
Баймаханов: — Мульдектер туралы айтсам (Архивтегі құжаттар түгел орыс тілінде жазылған. Баймаханов та өзінің пленумдағы соңғы сөзін «О мульдеках я должен зявить» деп бастапты. Соған қарағанда, оның «О мульдеках» деп отырғаны сол кездегі әртүрлі шағын ұйымдар мен топтардың ел аузындағы ортақ атауы болса керек, – К. С.), мен Мирзоян ауданына мамыр айының соңында келдім. Біз оларды шілденің соңында білдік. Бірақ ештеңе істеген жоқпыз. Қазір оларды зиянкестер ретінде қарастырып отыр. Менің кінәм – бұл мәселеде тәуекелге бара алмағаным.
Айтқожин мен Әбдіразақов туралы материал жеткілікті болды. Бірақ оларды конференциядан қуып шыққанын біле тұрып есіркей қарадым.
Ташкент қаласында Жүргеновпен бірге жұмыс істеген жоқпын. Ол жұмыс істеді, мен оқыдым, сондықтан ешқандай байланысым болған жоқ.
Ал Қызылқұм көтерілісіне менің туыстарымның қатысқанына келсек, бұл туралы айтқан Сейтов пен басқалардың сөздері негісіз, мүлде дұрыс емес. Менің бауырым – қой бақса, әкем ағаш тасып, балық аулаумен күн көрген адамдар (Қызылорда өңіріндегі кеңес өкіметінің жөн-жосықсыз алым-салықтарына, әпер-бақандықтарына қарсы Қызылқұм, Қазалы қазақтары 1930 жылы қарулы көтеріліске шыққан. Ол қызыл әскерлердің күшімен басып-жаншылған – К.С.).
Жүргеновпен туыстығымды тү-сіндірсем, ол да, мен де Шөмекей руынанбыз. Бірақ ол басқа, мен басқа уезден болдық. Мен балалар үйінде, одан кейін оқуда, комсомол, партия жұмыстарында болдым. Халық ағарту саласында Жүргеновпен бірге үш жыл жұмыс істеген кезімде онымен ешқандай байланысым болған жоқ және зиянкестік әрекетпен шұғылдаған емеспін. Жүргеновпен бірге зиянкестікпен айналыссам басыммен жауап беруге бармын және айналыспаймын да.
Қазыбековтің сөзіне келсем, мен оны білем, ол Құдайбергеновпен бірге топшылдықпен айналысты және стипендияны дұрыс бермеді, бірақ мен ондай әрекетке барғаным жоқ.
Ысмайыловты мүлде білмеймін, ол бізге енді ғана келді. Ал Мамыровты партиядан шығарған бюро мүшелерінің бірі менмін. Оның дән себу жұмыстарын дұрыс ұйымдастырмағаны, егілген мақтаның қалыңдығы жайлы жеткілікті айттым-ау деймін.
Сұрақ: — Ал Сіз Әулиеата МТС-і директорының зиянкестік іс-әре-кеттеріне қалай қарадыңыз?
Жауап: — Коломийцевтің (Андрей Ипполитович, 29.ІХ.37ж., өндіріске зиян келтіруші ретінде ОК КП (б)К қатарынан шығарылған — К. С.) жұмысты дұрыс алып жүре алмағанын сездім, бірақ оны партиядан шығаратындай материал болмады.
С: — Сізді партияға ұсынған кім?
Ж: — Мені ұсынған Ибраһимов, Құлжабаев, Сапарбеков, Жүргенов, Есқараев – халық жауы болып шықты.
С: — Сізді аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына ұсынған кездегі анкета сауалдарына өзіңіздің әртүрлі топтарға қатысыңыз жайлы жаздыңыз ба?
Ж: — Мен барлық жерде ештеңеге қатысқаным жоқ деп жаздым.
С: — Сіз Жүргеновтің байшыкеш (полуфеодал – К.С.) екенін қай кезден бастап білесіз және оны қай уақытқа дейін жасырып келдіңіз?
Ж: — Мен оны еш жерде жасырғаным жоқ, оны бәрі білді.
С: — Сіз Сұлтанбековтің әйелімен туыстық жақындығыңыз бар екенін айтқан жоқсыз ба?
Ж: — Менің бірінші әйелім гу-бернатордың аудармашысы Қосаев-тың қызы болатын.
С: — Сіз Қожановпен жеке кез-дестіңіз бе?
Ж: — 1931 жылы Ташкентте кез-дестім.
С: — Сіз Сұлтанбековпен кездестіңіз бе әлде онымен жеке байланысыңыз болды ма?
Ж: — Ешқашан және еш жерде кездескенім жоқ, онымен байланысым да болмады.
С: — Төңкеріске қарсы әрекеттерді о бастан жасап жүргенін Жүргеновтің өзі көрсетті, ал Сіз бұл туралы білмедіңіз бе?
Ж: — Бұл туралы ешқашан естігем жоқ, тіпті, ештеңе білмедім.
С: — Жүргеновтің соңынан қызмет бабымен жүретініңіздің себебі не?
Ж: — Ташкенттегі институтқа Мәс-кеуден ақпан айында келіп түстім, сол кезде Жүргенов Орталық Комитет бюросының Орта Азия бойынша өкілі болды. Одан кейін Қазақстан Халық ағарту комиссариатының комиссары болып тағайындалды. Институтты бітіргеннен кейін мені аймақтық комитетке шақырып алып, партиялық жұмысқа жібермек болды, бірақ кейін Жүргеновтің орынбасары етіп тағайындады.
С: — Ол Сізге ұсынысты қалай берді?
Ж: — Ол ОК Орта Азия бойынша бюросының өкілі болды, ал мен сол жерде оқыдым, сондықтан ол маған ұсыныс берді.
С: — Сіздің Ғани Мұратбаевпен өзара қарым-қатынасыңыз қандай болды?
Ж: — Ол екеуміздің арамыз институтта оқып жүргенде де, одан кейін ОК жүргенде де онша болмады.
С: — Сіз «Ақ жол» газетінің редакторы болдыңыз ба? Ол газеттің саяси бет-бейнесі қандай еді?
Ж: — Мен редактор болғаным жоқ, комсомол бөлімін басқардым, кейін бұл газет советке, партияға қарсы болып шықты.
С: — Сіздің ұлтшылдық кем-шіліктерге толы кітаптарды құ-растыруға қатысыңыз қанша?
Ж: — Маған және Жүнісбековке ересектерге арналған оқулықтар құрастыруды тапсырды, біз оны құрастырып бердік, бірақ мен аяғына дейін оқыған жоқпын, ал Жүнісбеков кітапты басуға келісім берді. Ол оқулықтағы Қызыл Армияға қатысты бөлім дұрыс жазылмаған болып шықты және өтініштің үлгісі де қате жазылған. Бұл мәселенің бәрі партияның бастауыш ұйымында талқыланды.
С: — Қандай топқа жатасыз?
Ж: — Ешқандай.
С: — Сізді Мирзоян аудандық партия комитетіне кім ұсынды және ол ұсыныс қалай болды?
Ж: — Мені жолдас Мирзоянның өзі шақырып, Форт-Александровскіні (кейін Форт-Шевченко – К.С.) ұсынды, бірақ мен келіспедім. Ал біраз уақыт өткеннен кейін осы Мирзоян қаласына жіберді.
С: — Ибраһимовты оқуға жіберуге кім ұсыныс берді?
Ж: — Аудандық комитеттің бюросы.
С: — Айтқожин туралы құжаттар көп болды, Сіз не істедіңіз?
Ж: — Мен бұған жауап бердім.
С: — Қызылқұм мен Қазалыдағы көтеріліс қай жылы болды?
Ж: — Айта алмаймын.
С: — Ташкентте жүргенде Жүр-геновпен байланысыңыз болды ма?
Ж: — Иә, алдымен Ташкентте, кейін Алматыда.
С: — Сізді аппаратқа кім ұсынды? Жүргенов пе?
Ж: — Мен оны білмеймін. Жүргенов болуы да мүмкін.
Осы тергеуден кейін пленум қаулы қабылдап, Сәдуақас Баймахановты партия және халық жауы деп шешім шығарды.
Оның алғашқы сөйлемдері:
«Заслушав сообщение т. Капустина, пленум районного комитета КП (б)К считает установленным, что Баймаханов является врагом партий и народа – участником национал-фашистской банды. На протяжений долгого времени он имел тесную связь с разоблаченными врагами казахского народа: Жургеневым, Ескараевым, Султангалиевым и другими» — деп басталады да, ары қарай Сәдуақас Баймахановтың басына бар бәле-жаланы үйіп-төгеді.
Қаулыдағы қара күйеге толы сөздерді оқып отырсаңыз, С. Баймаханов Жүргеновпен бірге Халық ағарту комиссариатында қызмет істеп жүргенде Кеңес мектептерінің жұмысын аяқтан шалып, Халық ағарту комиссариаты қызметкерлерінің қатарын халық жауларымен толтыру сияқты зиянды әрекеттермен шұғыданған. Сондай-ақ, Қазақстандағы ұлтшыл-уклонистік топтардың белсенді мүшесі болған, «Ақ жол» газетінде жұмыс істеп жүргенде оны Алаш Ордашылар идеологиясының үніне айналдырған деп қаралайды.
Алдап-арбау арқылы партия қатарына өтіп, одан аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы лауазымына дейін қол жеткізген С. Баймаханов қаскөйлік ниетін жалғастырып, Айтқожин, Ысмайылов сияқты жауларды жетекшілік қызметтерге тағайындап, оларды қолдап-қорғап отырды дейді. Қатардағы коммунистердің дабылдарына селт етпеген Баймаханов тиісті материалдарды партия ұйымдарынан жасырды, соның салдарынан Айтқожин, Ысмайылов, Мамыров және басқалар өте кеш әшкереленді және аудандық партия комитетінің бюросы ОК КП (б)К 1937 жылғы 29 қыркүйектегі қаулысында айтылған троцкийшіл-бухариншіл және ұлтшыл-фашистік бандиттерді әшкерелеп, оларды толық жою туралы саяси маңызды тапсырманың мәнісін түсінбеген деп соғады.
Партия және совет органдары жетекшілерінің арасында халық жауларының қаптап кетуі мен оларға қарсы большевиктік күрестің болмауы салдарынан аудандағы саяси және шаруашылық тапсырмалар құрдымға кеткен. Күздік себу мен сүдігер жырту жоспарлары орындалмаған. Техникалық дақылдарды жинауға жете мән берілмеген. Мемлекетке қант қызылшасы қазан айының басында — 30, мақта — 27 процент қана тапсырылған. Сонымен бірге КСРО Жоғарғы Кеңесінің сайлауы мен Ұлы Октябрь Социалистік революциясының 20 жылдығы қарсаңындағы партиялық және саяси жұмыстар қожырап кеткен деп жазғырған.
Сөйтіп, пленум қаулы қабылдаған. Оны қаз-қалпында мысалға келтірсек, орыс тілінде былайша оқылады.
«Пленум райкома КП(б)К постановляет:
І. Снять с поста первого секретаря райкома Баймаханова, вывести его из состава пленума райкома и исключить из партий как врага народа. Передать дело о нем в органы НКВД.
Члены бюро РК (б)К (қолдары қойылған) Капустин, Нурбеков, Тимофеев».
Қазіргі көзқараспен пленумның мұндай қаулы қабылдауға ешқандай құқы жоқ. Жиын үстіндегі сұрақтар нақты дерек пен дәйекке емес, арыз иелерінің жапқан жаласына ғана негізделген. Адамды өмірінен айыру оңай шаруа емес. Бірақ сталиндік қызыл терроршылар өз кадрларының өмірін шыбын ғұрлы көрмей, оларды өлім жазасына кесу үшін небір оңай тәсілдерді ойлап тапты. Бұл да соның бірі. Әйтпесе, осы да тергеу ме? С. Баймахановтың қандай қылмысын анықтап, онысын қандай дәлелдермен бетіне басты? Ол «Кеңес өкіметіне қарсы әрекет етейік» деп Жүргеновке хат жазды ма? Немесе Жүргеновтің сол мәнзелдес хатын халыққа таратты ма? Кеңес одағына қарсы ұлтшыл-фашистерге, бандыларға қандай қамқорлық жасады? Оларды қару-жарақпен қамтамасыз етті ме? Шетелдермен қандай байланыста болды? Міне, осындай көптеген сауалдардың деректері жоқ.
Жәй әшейін құрғақ айыптаулармен-ақ Сәдуақастың өмірі қыршынынан қиылып кете барған. Артында қалған отбасында 5 адам: әйелі (мұғалім), ұлы (оқушы), інісі (шопыр), немере інісі (Рабфак, ҚазМУ, студент), немере қарындасы (оқушы) аңырап қалды…
***
Сәдуақас Баймахновтің өмір жолына қарап отырсақ (Джамбулский областной комитет КП Казахстана. Фонд № 282., Опись №78., Ед.хр №33., Св.№187, Персональное дело №…, Члена КПСС Баймаханова С. Партстаж с октября 1925 года., № партбилета 1571995.), оның сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы Қармақшы ауданының (бұрынғы Қостам болысы) тумасы екенін білеміз. Әкесі сіңірі шыққан кедей болған. Өлместің қамы үшін жазда түрлі шаруашылықпен, ал қыста балық аулаумен күн көріпті. 1917 жылғы төңкерістен кейін кемтарлығы салдарынан жұмысқа мүлде жарамай, ағасының қолына қарап қалған. Сөйтіп 1927 жылы дүниеден өткен.
Туған ағасы Сыдық Баймаханов 1929 жылы колхозға кіріп, №16 ауылдық кеңестің «Жаңа талап» колхозында жұмыс істепті. Інісі Өмірзақ та осы колхоздың мүшесі болған. Бірақ ол кейіннен Алматыға келіп, осындағы ликбезді бітіріп, шопыр мамандығын меңгеріпті.
Жазу мәшіңкесіне басылып, оған С. Баймахановтың өзі 1937 жылдың 16 сәуірінде қол қойған өмірбаянындағы «Мы у белых никогда не жили и не работали, с загарницей никакой связи не имели и не имеем» деген сөзі сол бір сталиндік сұм заманның зауалынан хабар беріп тұрғандай.
Әбден сарғайған көне қағаздағы деректерге сүйенсек, 1914 жылға дейін әкесінің қолында болған Сәдуақас сол жылдың күзінде отбасының «үйде шаруаға қарайтын адам жоқ» деген қарсылығына қарамастан оқу іздеп Аламесек қыстағына аттанады. Қыстаққа келгеннен кейін өзек жалғау үшін әркімге бір жалданып қаңғырып жүрген көп күндерінің бірінде Омар Самаев деген мұғалімнің көзіне түсіп, орыс-түзем мектебіне қабылданады.
1917 жылы, төңкерістен кейін, Қызылорда қаласындағы 7 жылдық аралас мектепке оқуға түседі. Бірақ тұрмыстық қиын жағдайға байланысты ол оқуын бір жылдан соң тастап кетеді. Арада тағы бір жыл өткенде Қызылордаға қайта келіп, баспанасыз балалардың интернатына орналасады. Сол жерде Оликов деген ұстазының ақыл-кеңесімен (Оликов кейннен ҚазМУ-дің директоры (ол кезде ректорды «директор» деп атапты – К.С.) болады) Ташкенттегі педагогикалық училищеге аттанып, сонда 1929 жылға дейін оқу-тоқумен бірге қызметке де араласа бастайды. 1930 жылы Ташкенттегі Орта Азия ауыл-шаруашылығы мақта институтына оқуға түседі. Оны 1932 жылы үздік үлгеріммен бітіріп шығады.
С. Баймаханов Ташкенттегі баспанасыз жасөспірімдерді балалар үйіне орналастыруға да белсене атсалысып, сол бағытта аянбай қызмет істейді. Жастар ұйымының да белсенді мүшесі болады. «Жас қайрат» журналының редакторлығына тағайындалады.
Қызылжарда (Петропавл) «Кеңес ауылы» газетінің редакторы болады. Ал «Ақ жол» газетінде бөлім басқарғаны жөнінде сөз басындағы тергеу барысында айтылды. Қызылорда уезінде жүріп партия қызметінен де тәжірибе жинап, көптеген жауапты қызметтер атқарды. Оның бәрін тізіп жату шарт емес.
Сәдуақас Баймахановты тұт-қындап, сұрақтың астына алған пленумда Жүргеновтің аты-жөні, оның байшкештігі, халық жауы екендігі көп айтылады.
Темірбек Қараұлы Жүргенов — 1898 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, «Жаңа талап» ауылында дүниеге келген. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Оның ел тағдырына жауапты лауазымды қызметтерін былай қойғанда, қазақ халқының мәдениеті мен әдебиетіне, өнеріне жасаған жақсылығының өзі ұшан-теңіз. Ол Алматыда өткен Бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының 1-слетін, 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақстан өнері мен әдебиетінің онкүндігін ұйымдастырушылардың бірі болды.
Т. Жүргенов – ұлттық мәдениет пен өнер саласы мамандарын даярлауға көп көңіл бөліп, қазақ жастарының КСРО-ның орталық қалаларындағы оқу орындарында білім алуына көмек көрсетіп, қамқорлық жасап отырды. Мұхтар Әуезов, Жұмат Шанин, Әбілхан Қастеев сияқты және басқа да өнер өкілдерінің шығармашылық жұмыспен айналысуына, есімдері елге танылуына жағдай жасады. Сонымен бірге Қазақстанда алғашқы музыка театрын (қазіргі Қазақ опера және балет театры) ұйымдастыруға үлкен үлес қосты. Қазақтың мың әнін жинаған А. В. Затаевичке көптеген мәліметтер берді.
Рас, Т. Жүргеновтің әкесі Қара кезінде бай болыпты. Бірақ лениндік-сталиндік солақай саясаттың көрсоқырлығы сол, байдың бәрін жақсы адамдар санатына қоспады. Олардан да көзі ашық, көңірегі ояу, оқыған-тоқығаны мол, парасатты азаматтар шығатынын қараптан қарап мансұқ етті. Мирзоян аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы С. Баймахановты жазғырғанда да осы принципті бетке ұстап, оны Жүргеновтің «құйыршығы» деп кінәлап, ұлтшыл-фашистерді, бай-құлақтарды қолдаушы деп айыптап, «үштіктің» үкімімен өлім жазасына кесті де жіберді.
Тіпті, «Қожановпен қандай байланысың бар?» деп те тергеді. Ал сол коммунист «тергеушісымақтар» Қожановтың тырнағына да татымайтын. 1921 жылы Бүкілресейлік Кеңестің 19-сьезінде сөз сөйлеген Қожановқа «төңкерісшілер төресі» В. И. Ленин : «Жарайсың, қызуқанды қырғыз-қайсағым!» дегенде, Сұл-танбек Қожанов: «Біз қырғыз-қайсақ емеспіз, бұл сөз бізді кемсітеді, намысымызға тиеді. Біз – қазақпыз! Нағыз қызуқанды қазақтардың аяғы Сізге әлі жеткен жоқ, олар кең даланы ен жайлап жүріп жатыр. Олар әлі Сізге де жетеді» деген ғой. Не деген астарлы, не деген айбынды сөз!
Ақыры ол осы сөзін дәлелдеп, Кеңестердің Бүкілодақтық І-сьезінде (1922 жылы) патша заманынан бері халқымыздың аты мен затын бұрмалап, «киргиз-кайсак» деп өзгертіп жазып келген солақай түсінікті біржолата жойдырып, «қазақ» деген шын есім-сойымызды өзімізге қайтарып әперді емес пе?!. Сұлтанбек Қожановтың сол сьездегі елі мен жерінің абыройы үшін басын бәйгеге тіге отырып, өз ұсынысын «Қызыл Кремль» билеушілеріне мойындатуының өзі мәңгі өшпейтін үлкен ерлік.
Тағы бірде Сталиндік жаңа Конституцияны талқылау үшін Мәскеуде үлкен жиын өтеді. Жиында Қожанов тақия киіп отырса керек. Сталин кенет: «Сөз Шығыстың Шыңғысханы – Қожановқа беріледі» деп қалады. Сол кезде С. Қожанов мінберге бара жатып Сталинге қарап: «Шығыстың Шыңғысханы Еділге дейін ғана жетті, ал Қап тауының Шыңғысханы Мәскеудің төрінде отыр» деп салыпты. Түсіне білген адамға бұл сөз — өзіне өзі өлім жазасын кесумен бірдей болатын. Бірақ халқымыздың батыр қайраткері тілінің ұшына келген сөзді айтпай тұра алмады.
Осындай астары алапат сөз жүрегін осып өткен Сталин жәй жатсын ба, түркі жұртының, оның ішінде қазағы да бар, кілең жайсаңдарының көзін жою үшін қуғын-сүргінді бастап кеп жіберді. Іле-шала, яғни 1937 жылы 16 шілдеде С. Қожанов «халық жауы» деген қара таңбамен ұсталып, атылып кетті. Одан кейін Жүргенов. Сосын ол жаза Мирзоян аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жаңадан ғана тағайындалған Сәдуақас Баймахановқа да жетті…
Әрине, жұмыр жердің бетінде мәңгі бақи тұратындай боп көрінген қаһары қатты Сталиннің өзі де, сөзі де, оның қазақ қайраткерлерін қанға бөктірген жиырма жылдық қанқұйлы заманы да өтті.
Билікке одан кейін келген Н. С. Хрущевтің «жылымығы» жұрт жанына жылу сыйлады. Кеңестер Одағы Коммунистік партиясы Президиумы мүшелері мен КСРО Жоғары соты Әскери трибуналы, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (бұрынғы НКВД – К.С.) сияқты тағы басқа құқық қорғау органдары саласы басшылары арасындағы кейбір қатып-семіп, қарайып қалған жүректерге зорлағандай ғып мейірім ұялатуға тырысты. Сөйтіп көктемедегі «алтын күрек» желіндей боп ескен сол саяси жылы лептің арқасында С. Қожанов пен Т. Жүргенов 1957 жылы, ал олардың ізін басып, өсіп келе жатқан шағында атылып кеткен Сәдуақас Баймаханов 1958 жылы ақталып, бәрінің де партиялылықтары қалпына келтірілді.
Әлбетте, С. Қожанов пен Т. Жүргеновтің есімдері еліміздегі жоғарғы оқу орындарына, көшелерге, мектептерге беріліп, ескерткіш-бюстері орнатылды. Олардың қазақ халқы үшін жасаған қайраткерлігі бұл құрметке әбден лайық екенінін жоғарыда қысқаша болса да айтып өттік.
Ендігі ең басты ой — сталиндік саяси қуғын-сүргіннің жаптым жала, жақтым күйесімен небары 35 жасында Мирзоян қаласындағы «үштіктің» үкімімен өлім жазасына кесіліп, нақақтан нақақ атылып кеткен Сәдуақас Баймахановтың есімін де ұлықтап, оны ел есінде мәңгі қалдыру үшін жұрт болып жұмыла іске кіріссек, сөйтіп Үкімет пен жергілікті биліктерге ұтымды ұсыныспен шықсақ абзал болар еді-ау деген парасатты пікірге тіреліп тұр.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.