ҰЛТТЫҚ САНАНЫҢ ҰЙТҚЫСЫ
08.06.2022 0 1 160
Көшкінбай ЕЛІКБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
«Қазақ» газеті қазақтың тұңғыш қоғамдық-саяси, әдебиет және ұлттық сананың ұйтқысы болды. Газет сол кездегі азат ойдың арналарын танып-біліп, олардың басы-қасында болған қазақ зиялыларының ұстанған бағытын, мақсат-мұраттарын анықтауға жол ашты. Басылымның «тай қазанында» әбден пісіп халқымыздың өсіп-өркендеуіне қатысты негізгі идеялар егемен еліміздің іргетасы қаланып жатқан бүгінгі күні де қоғамдық маңызын жоғалта қойған жоқ.
Сондай-ақ «Қазақ» газеті ұлттық журналистиканың дамуына өлшеусіз үлес қосты. Сондықтан журналистика қауымы үшін де үлгі аларлық тұстары ұшан- теңіз. М. Әуезов: «Жазба әдебиетте Абайдан соң аты аталатын «Қазақ» газеті» деуінде үлкен мән-мағына жатыр. Сонымен бірге «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп шырылдап, тілімізге төнген қауіпті сейілтіп, оның таза сақталып қалуына жан ұшыра қызмет еткен алаш зиялыларының игі істеріне мұрындық бола білген – осы газет.
«Қазақ» газетінің бас редакторы ХХ ғасырдың басындағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, ақын, публицист, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы А.Байтұрсынұлы болды.
Патша өкіметінің отарлау саясаты ХХ ғасырдың басында ең шырқау шегіне жетті. Қазақстанды бөлшектеп билеп, жергілікті жерде орыстандыру саясатын қарқынды жүргізді. Орталық Ресейден орыс шаруаларын қазақ даласына қоныстандыру арқылы қазақ елін емін-еркін билеу саясатын жүргізді. ХХ ғасыр қазақ даласы табалдырығын, міне, осылай ауыр жағдайда түнере аттады. Қазақ халқының тарихи тағдыры қыл үстінде тұрды. Екінші жағынан, орта ғасырлық мешеуліктен арыла қоймаған, ескі, күні өткен феодалдық қатынас қатар қыспағында қалған ұлтымыздың болашағына үлкен қауіп төнді. Осыны көріп білген қазақ зиялылары қоғамдық-саяси өмірге араласып, халықты азаттық күреске шақырды. Әуелі олардың бірі «Маса» болып шағып, екіншісі «Оян, қазақ!» деп жар салса, қалың ұйқыда жатқан елін түртіп оятып, көкірек көзін ашуға, етек- жеңін жинауға, өз қам-қаракетін жасауға үн тастап, дабыл қақты. Сонымен ғана шектелмей, «Сол амалға мұрындық болатын нәрсенің бірі — газет» (А. Байтұрсынұлы) деп біліп жалпы ұлттық басылым шығару идеясын жүзеге асыруға ұмтылды.
Бұл идея сонау 1905 жылғы Қоянды жәрмеңкесінде 14500 адамның қолы қойылып, Петербургке жіберілген әйгілі Қарқаралы петициясынан бастау алды. Сол арыз-тілекте патша үкіметінің алдына қойылған негізгі талаптардың қатарында қазақтардың «ағымдағы қажеттіліктерін айқындау үшін қазақ тілінде газет шығару керектігі» алға тартылған болатын. Бұл қазақ зиялыларына ой тастады. Соның нәтижесінде алғашқы бейресми басылымдар «Серке» (1907 жылы), «Айқап» журналы (1911), «Қазақстан» газеті (1911) жарық көрді. Бірақ «Айқап» журналынан басқасы патша үкіметінің қудалауымен ерте жабылып қалды. «Айқап» журналы біраз өмір сүрді. Алаш зиялылары «Айқап» журналына бір кісідей ат салысып қызмет етті. Алайда азаттық жолындағы күресте бір журналмен шектелуге болмайтынын біліп жаңа басылым шығару идеясын ұсынды.
Осы жылдары қазақ зиялылары арасында екі ағым пайда болды. Бірі – діни-ұлттық ағымды ұстанды. Ал екіншісі — батыстық бағыт, олар қазақ даласының болашағын кең мағынадағы батыстық мәдениетті жүзеге асырумен байланыстырады. Оны болашақ «Қазақ» газетін шығаруға ат салысқан қазақ зиялылары қолдады.
Сонымен, шын мәніндегі «Ха-
лықтың көзі, құлағы Һәм тілі» боларлық басылым шығару идеясының жүзеге асуына 8 жылдай уақыт керек болды. Осы мезгіл ішінде, бір жағынан, орыс революциясы әсерімен қоғамдық-саяси қызметке қызу араласа бастаған қазақ зиялыларының жетекші тобы айқындала түссе, екінші жағынан, олардың отаршылдыққа қарсы азаттық күресі әбден ысылып, мол тәжірибемен қарулануына мүм-кіншілік туды. Соның нәтижесінде бұл топ 1913 жылдың басында қазақ қоғамы үшін саяси күрестің мүлдем жаңа құралы жалпыұлттық саяси басылым шығару идеясын жүзеге асырды. Шын мәнінде, ұлттық сананың ұйтқысы бола білген, сөйтіп» өз ісімен өзіне мәңгілік ескерткіш тұрғызған» (М. Әуезов) «Қазақ» газеті осылайша дүниеге келді.
«Қазақ» газеті 1913 жылдың 2 ақпанынан 1918 жылдың 16 қыркүйегі аралығында аптасына бір рет, ал 1915 жылы жұмасына екі мәрте жарық көріп, барлығы 265 нөмірі басылып шықты. Ұлттық баспасөзіміздің қалыптасу дәуірінде мұндай ұзақ уақыт үзбей жарық көрген басылым болған жоқ. Осы тарихи кезеңде ұлт өміріне қатысты бірден-бір өзекті мәселе, елеулі оқиға бұл басылымның назарынан тыс қалған жоқ. Қазақ даласында болған тарихи оқиғалардың шынайы шежіресіне айналып, ұлттық азат ойдың ошағы қызметін атқарды. Бұл жағынан алып қарағанда, «Қазақ» – ұлттық сананың ұйтқысы бола білген басылым.
Газет Орынбор қаласында шығып тұрды. 1918 жылғы 258-санында жарияланған «Орда гербі» (таңбасы) деген мақаласында біраз жайдан сыр таратылады. Онда газеттің екінші санынан бастап маңдайшасынан орын алған Орда суретінің мән- мағынасына түсініктеме беріледі. Сол арқылы апталықтың ұстанған жолы, мақсат-мұраты мен атқарған қызметтері ашылады. Газет басқармасының газетті Орынборда шығару мақсаты айқындала түседі. Яғни, Еуропа мен Азия секілді қос құрылықты қосып тұрған үлкен мәні бар қаланы қазақ игілігіне пайдалануды мақсат тұтқан. Бұл шаһар бір жағынан қазақ даласына еніп жатқан мәдениет пен ғылым- өнердің қақпасы болса, екінші жағынан, отаршыл озбыр саясаттың қамалы болды. Осыны жақсы түсінген Алаш азаматтары сол «Қақпаға» «Қазақты» күзетші етіп қойып, халыққа пайдалы нәрсені енгізіп, залалдары болса, тосқауыл қоюды өз міндетіне санап, ел қорғаушысы болған осынау қызметтерін газет арқылы жүзеге асыруға тырысты.
Газет жеке меншік Хусаинов баспасында шығып тұрды. 1917 жылы ғана қазақ зиялыларының көмегімен, солардан жиналған қаражат есебінен Хусаинов баспаханасын сатып алды. Басылымға Ә. Бөкейханұлы, А.Байтұрсынұлы, М. Дулатов секілді Алаш азаматтары белсене қатысты. «Қазақ» газеті қазақ халқының сол кездегі әлеуметтік прблемалары туралы қадау-қадау мәселелерді көтерді. Газеттің көтерген мәселелері бүгінде өзектілігін жойған жоқ.
Осы екі ағымның ең алғашқы айтысқа түскен мәселе – қазақ әліпбиін қалыптастырудағы түрлі көзқарастары. Екі жағы да қазақ тілінің таза сақталып, өсіп-өркендеуін құптап, қолдайды. Алайда оны жүзеге асыруда екі түрлі жолды таңдады. Алдындағы ағымдағылар сол кезде қолданыста жүрген қадым жазуды өзгертпей пайдалануды қолдап,олай етпесек, түрік тектес халықтардың тұтастығына сызат түсіріп аламыз деген пікірде болса, кейінгі ағымдағылар онымен келіспейді. Қазақтың өз жазу үлгісі болу керектігін айтып, оны тез арада құрастыру міндетін алдына тартқан.
Осы екі ағым арасында екінші тартыс мәселесі жер туралы болды. «Айқап» журналы төңірегіндегілер татарлардың әсерімен жерге отырықшы болуды, қала болуды қалады. «Қазақ» газеті маңындағылар бұрынғы көшпенділікті, яғни мал шаруашылығын сақтап қалып, қала болмауды құаттады. Бұл идеяның қазақ халқы үшін үлкен маңызы бар еді. Қазақ ауылдарын жедел, жаппай отырықшы тұрмысқа көшуден сақтандырды. Оларды егін және мал шаруашылығын қатар алып жүруді, тауарлы өндіріспен айналысуды насихаттады. Туған жердің байлығын игеру үшін халқын өнер мен білімді игеруге үндеді.
Алаш ардақтылары елді қорғап, жерді сақтап қалу жолында осынау жауапкершілігі мол міндеттерін қолдарындағы жалғыз қару баспасөз арқылы атқаруға күш салды.
«Қазақ» газетінің басқармасы не себепті қазақ елінің мал нормасымен жер иемденіп, отырықшылық тұрмысты емес, көшпенділік өмір салтын қалады? 1891 жылғы 25 наурызда бекітілген Патша өкіметінің «Дала ережесінде» «Көшпелі қазақ отырғанжер қазынанікі» деп белгіленіп, 120- бабында «бұл жер еріксіз көшпелі қазақ пайдасында болып тұратындығы» атап өтілгеніне қарамастан, «қазақ пайдасынан артық жер қазына кірісіне алынып, қазына аударушыларға бөлініп беріле бастаған болатын. Әр отбасына 15 десятина жер бермек болды.Ендеше, бұл қазақ жері неғұрлым көбірек артық деп табылса, соғұрлым көп аймақ орыс отаршылдарының қолына өтеді деген сөз. Газетте Ә. Бөкейханұлы, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатов мақалалары жарияланып халықты осыған сеніп, еріп кетіп, арандап қалмауды ескертіп, оның зиянын халыққа түсіндіріп отырған.
Міне, кешегі Кеңес заманында ғасырлар бойы көшпенділікпен айналысқан қазақты зорлықпен отырықшылыққа айналдырам деп, қолындағы бар малын сыпырып алды да, соның салдарынан ашаршылыққа ұшырап, үлкен нәубетке ұшырамады ма? Қазақтың аштық- жалаңаштықтың тақсіретін тартып отыруы сол Алаш азаматтарының айтқан ақыл- кеңесін орындамағандықтан, яғни шаруашылықтың эволюциялық емес, секірмелі (революциялық реформамен) жолмен өзгеріске ұшырауынан туындаған қиыншылықтар демеске лажың қалмайды. Ендеше, газетте жарияланған материалдардың бүгін де мән-маңызын жойған жоқ.
Патша үкіметінің дүниежүзілік соғыс кезінде қазақтарды солдатқа алу туралы Жарлығы шыққанда, «Қазақ» газеті бастаған Алаш зиялылары дұрыс бағыт ұстанды. Егер қазақтарды әскерге алса, оны қара жұмысқа жекпей, атты әскер сапына қосуды,солдат бермейміз деп Үкіметке қарсылық көрсетпеуді, сөйтіп, арандап қалмауды, өйткенжағдайда Үкіметтің қарулы әскері аяусыз басып тастайтынын айтып, халыққа түсіндірді. Шынында, ақыры солай болды. Әскерге адам бермейміз деген кейбір аймақтардағы көтеріліске шыққандарды патша Үкіметі мықты, қарулы әскерлерімен аяусыз жазалап, қырып салды.
Газет өзінің алты жылғы ғұмырында осы бағытынан таймай, мақсатын адал орындады. Сонымен, патша өкіметіне ұнамады. Жергілікті билік тарапынан бес рет айыпқа тартылып, бас редактор А. Байтұрсынұлы әр түрлі мерзімге абақтыға жабылды.
Ағартушылық бағыт ұстап, саяси күреске шығып, 1917 жылы қазақ оқығандарының «Алаш» партиясы мен «Алашорда» Үкіметін жасақтап, ұйымдастыруына алып келді.
Қысқасы, «Қазақ» газетін ХХ ғасырдың алғашқы жиырма жылындағы қазақ қоғамдық өмірінің шынайы шежіресі, ұлттық сананың ұйытқысы және жаңа үлгідегі қазақ баспасөзінің негізін қалаған басылым деуге болады. «Қазақ» деп ат қойған Алаш азаматтары халқының қамы үшін аянбай қызмет етті. «Сырттан жамандық болса, күзетші орнына жұмсалған газет» өз заманында халықты қараңғылық қамауынан адастырмай жарыққа алып шыққан бағдаршам дәрежеге көтерілді.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.