ТАС БАСЫЛЫМНАН  ЭЛЕКТРОНДЫ БАСЫЛЫМҒА ДЕЙІН… ТАС БАСЫЛЫМНАН  ЭЛЕКТРОНДЫ БАСЫЛЫМҒА ДЕЙІН…
Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы 1. Бітік-бәдіз-сына… Тарих, тілтану, әдебиеттану, т.б. ғылымдарында бұрын түркі тіліндегі тасқа жазылған жазуларды «руна... ТАС БАСЫЛЫМНАН  ЭЛЕКТРОНДЫ БАСЫЛЫМҒА ДЕЙІН…

Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика
факультетінің деканы

1. Бітік-бәдіз-сына…

Тарих, тілтану, әдебиеттану, т.б. ғылымдарында бұрын түркі тіліндегі тасқа жазылған жазуларды «руна жазуы» деп келген. Тегінде бұл атау скандинавия халықтарының сөздік қорындағы «сыры ашылмаған құпия жазу» деген ұғымның атауы екен. Оны қазір түркі ғалымдары «бітік жазуы» деп атайды. Бұл жазуды алғаш оқып, сырын ашқан Дания университетінің профессоры Вильгельм Томсен болатын. Орхон жазуларын орыс тіліне аударған тюрколог В.Радлов еді. Кейін келе талай әйгілі ғалымдар бұл тақырыпқа ат басын тіреді. Қазақ ғалымдары ішінде бәдіздеу өнерімен жазылған бітік жазуын зерттеуге өзіндік үлес қосқандар – Ғ.Мұсабаев, Ғ.Айдаров, А.Аманжолов, М.Жолдасбеков, А.Мектептегі, т.б.
Бәдіздеп жазылған тастағы жазулардың құпиясының ашылуы түркі халықтарында да әліпбидің болғандығын, әріптердің және олардың біртекті жиынтығы — баспа әріптердің (шрифтердің), тіпті ғаріптің (гарнитураның) де болғандығын дә-лелдеп қойған жоқ, сол замандарда тас басылым аркылы ақпарат тарату өнерінің өркендегенін ашып берді.
Ертедегі адамдар тас бетіне қашап таңбалар салу арқылы өз ойларын екінші адамға жеткізіп отырған. Бұған тас дәуірлеріндегі таңбалар куә. Осы тас таңбалардың негізінде әріптердің пайда болғаны да белгілі бір дәрежеде шындық. Тастағы таңбаланатын ғаріп түрлеріне қарап, шындығында да таңбалардың әріп түзуге негіз болғанын мойындамасқа әддің қалмайды. Хатты тасқа жазудың классикалық үлгілері ретінде Орхон-Енисей және Талас, Кеген, Түрген жазуларын мысалға келтіруге болады.
Қазақстан жеріндегі тасқа жа-зылған мәтіндерді, яғни мәтіні бар тас ескерткіштерді де өз заманындағы «тас басылымдар» деп қабылдап, баспа тарихында, басылым шежіресінде айналып өтуге болмайтын факт ретінде қабылдау керек. Мысалы:
1) Талас бойынан (Жамбыл облысы) табылған төртбұрышты тас мөр мен дөңгелек тастың жарты сынығына бедерленген руникалық ойма жазулар;
2) Іле бойынан (Алматы облысы) табылған жартастарға қашалған руникалық жазулар;
3)1985 жылы Шығыс Қа-зақстаннан жартасқа қашалған руникалық жазу;
4) 1987 жылы бауға тағылған мөрдің табанына ойылған руникалық жазу табылды.
5) 1986 жылы Жайық өңірінен (Ақтөбе облысы) анықталған қола айнадағы руникалық жазу жарияланды.
Біздің заманымызға дейінгі 140-127 жылдар аралығында, яғни 13 жыл бойы Үйсіндер елінде өмір сүрген Қытай саяхатшысы Чжан Цянь үйсіндердің өз жазу-сызуы болғандығын айтқан және өзі өмір сүрген аймақты сипаттаған.
Кейін ол көрсетіп кеткен аймақтан он бес «тас басылым» табылған. Оны ғылымда «Талас жазулары» деп атайды. Осы Талас «басылымдарының» бірінде мынадай ақпарат жазылған: «Оның аты – Шор, отыз оғлан, Сізден, пайда мен байлықтан ол ажырады… жары жесір қалды». (Мұны орысшаға аударған С.Е.Малов, одан біз қазақшалап отырмыз – С.М.). Осы «тас басылым» Ү-ҮІІ ғасырлар еншісіне жатады.
Ғылымға белгілі болған уақыты XIX ғасыр. Нақтылап айтсақ, 1896 жылы В.А.Каллаур тапқан. Осы замандарға тән тағы бір «тас басылым» 1963 жылы Түркістан қаласының жанындағы Артық тұрағынан табылған. Ол басылымда жазылған ақпарат та қызық. Онда: «… ол уақыттарда кәрі Сабұқтың ұрпағы патша әулетінің үлкені саналатын…» делінген. Осының бәрі басылымдар тарихында өзіндік орны бар құндылықтар ретінде зерттеушілердің назарында болуы тиіс.

2. Шірнеуіш — дифтар – пергамент

Осы біз «шірнеуіш», «дәптер», «пергамент» деген сөздердің қайдан шыққанына мән беріп көрдік пе? Егер осы атаулардың, терминдердің қай жерде және қалай пайда болғанын тапсақ, онда белгілі бір дәрежеде баспа ісі тарихының да белгісіз беттерін ашқан боламыз.
Жыраулар поэзиясында кездесетін формулалық тіркестердің бірі мынадай:
«Ежелгі қас дос болмас,
Көңілде қалған даты бар.
Ежелгі дос қас болмас,
Шірнеуішке жазған хаты бар».
Бұрынғы қастың дос бола алмайтын себебі – оның көңілінде ештеңе жуып кетіре алмайтын даты, айта алмаған сөзі, ұмыта алмайтын өкініші, кетпейтін кегі, өшпейтін өкпесі бар.
Дос болу қажеттігі туса да көңілінде сол дат көлденең тұрып қалады. Ал байырғы достың қас болуға жөні жоқ. Өйткені, ол екеуінің арасында достасу туралы хат бар. Ол ешқашан кетпейді. Себебі, ол ауызбен айтылмаған, ауызбен айтылса, ұмыт болуы да, әдейі ұмыттырылуы да мүмкін.
Таңбаланар әріп оңайлықпен кет-пейтін затынға (материалға) арнайы құралмен батырмалау арқылы жазылады. Сол хатты жазу үдерісінде ой, сезіммен бірге іс-әрекет қатар араласып отырады. Яғни хат жазуға мимен бірге қол, жазатын құрал, жазылатын затын да қатысады.
Сонымен бірге, мысалға келті-рілген өлеңде айтылған дат – жеке адамның жан дүниесінде қалған, сыртқа шықпаған, көкейінде ғана орнығып қалған пікірлер жиынтығы. Ол әлі заттанбаған.
Ал хат – көкейдегі ойдың зат-танған үлгісі. Оның үстіне көңілде қалған датты бір адамнан басқа ешкім білмейді. Ал жазылған хатты бір емес, бірнеше адам оқуы мүмкін. Демек, шірнеуішке жазылған хаттың ақпараттық кеңістігі көңілде қалған датқа қарағанда әлдеқайда кең.
Ақпараттық кеңістігі кеңейген сайын хаттың куәлары да көбейе түседі. Басқаша айтсақ, оқырманы да артады. Біздіңше, «шірнеуішке жазылған хаты бар» достың қас бола алмайтын осындай себептері бар. Ал енді біз үшін маңыздысы, яғни кәсіби танымға қажеттісі – хат таңбаланған затын.
Яғни шірнеуіш және оған санадағы ойды таңбалау өнері. Бұл жердегі «басқа бір адам оқысын» деген оймен қаріпті «теріп», белгілі бір затынға таңбалап қалдыру үдерісі – қазіргі баспа-баспахана жұмысының негізі. Қазіргі дамыған баспалық үдерістің ең басты көздегені де сол – белгілі бір ойды мақсатты түрде тиісті затынға таңбалап, көбейте басып шығарып, елге тарату.
Айтпағымыз – шірнеуіш жасау, оған хат жазу және оны екінші адамға жеткізу істері жолға қойылған қазақ даласында да басылым әзірлеу өнері бұрыннан бар екендігі.
Ал енді шірнеуіш деген не? Зерттеушілердің анықтауынша, шірнеуіш – арнайы хат жазу үшін ірі-қараның иленген, өңделген терісінің бір паршасы. Демек, қағаз шықпай тұрғанда да қазақ даласында хат жазу, ақпарат тарату, ақпарат алу ісі болған.
Шірнеуішті еуропалықтар «пергамент» дейді. Бірақ пергамент жасау ол елге Орта Азиядан барған. Шығыста теріні жазу құралы ретінде пайдалану өте ертеден басталған.
Теріден жасалған жазу құралын парсылар «дифтер», яғни қазіргі қазақ тілінде айтсақ «дәптер» деп атаған. Түрктерде «шірнеуіш», парсы тілінде «дифтер» деп аталған бұл жазу құралы Еуропаға Греция арқылы өткен.
Көне грек ғалымы Плинийдің айтуынша, Александрия кітап-ханасының беделін сақтап тұру үшін Мысыр патшалары папирусты сырт елге шығаруға тиым салған. Өйткені, бұл кезде шірнеуіштің де беделі артып келе жатқан болатын. Папирус келмеген соң баспа ісі, яғни хат жазу ісі саябыр тартқанда шірнеуішті алдырып, оның қалай жасалатынын меңгеріп, Пергам елді мекенінде дифтер-шернеуішті көп шығарумен айналысады. Римдіктер оны алдында «мембрана» деп атады, кейін Пергамнан шығарылатын болған соң сол елді мекеннің атымен аталып, «пергамент» атауымен тарихқа енді. «Пергамент» десе Еуропа ғана емес, бүкіл дүниежүзінде «хат жазылатын тері» деп түсінеді де оның шығуына негіз болған «шірнеуіш» пен «дифтар-дәптерді» ұмытып кетеді.

3. Күміс, мыс және қыш басылымдар

Тарихқа жіті назар аударған сайын басылымдардың ғасырлар қойнауында қалған сан алуан түрлерін кездестіруге болады. Біз өз заманында белгілі бір дәрежеде маңызды роль атқарған елдік мұрат, халықтың мақсат, мемлекеттік міндет жүктелген басылымдарды айтып отырмыз.
Ондай басылымдар қатарында ел мен ел арасында дәнекерлік қызмет атқарған ресми құжаттарда бар. Әр билік иесі өзге елдің алдында өзінің кім екенін, қандай беделі барын таныту үшін дипломатиялық қатынасымға ерекше мән бергені ақиқат. Бір замандарда ондай мақсатты көздеген патшалар айтар сөзін алтын немесе күміс тақтаға әдейі жазарманға жаздырып, елшіден беріп жіберген.
Осыдан 4000 жыл бұрын қазіргі Қызыл-Жырмақ, сол заманғы Галис өзенінің алабында құрылған Хеттер мемлекеті біздің заманымыздан бұрынғы XV ғасырда бүкіл Кіші Азияны, Палестинаны, Сирияны өз иелігінде ұстады. Мысырлықтармен болған соғыстан соң, яғни біздің заманымызға дейінгі 1278 жылы, XIX әулет фараоны II Рамсес пен Хеттер патшасы III Хаттушиль арасында өзара бейбіт келісім-шартқа қол қойылған.
Мұндай достық қарым-қатынас жасауды ұсынған Хеттер патшасы еді. Ұзақ жылдарға созылған келіссөздерден кейін Хаттушиль Рамсеске күміс тақтаға жазылған келісім-шарт жобасын жібереді. Бұл күміс басылымның төлнұсқа екендігін дәлелдеу үшін алдыңғы бетіне жел мен найзағай құдайы Тешубтың қасында тұрған өзінің бейнесін, ал артқы бетіне күн құдайы Аринның қасында тұрған патшайымның бейнесін салады.
Өзара Келісім бойынша Хеттер Палестина мен Сирияның жартысын Мысырға беретін болды. Осындай бейбіт келісім жөнінде күміс басылымға жазылған хат: «Мысырдың ұлы билеушісі Рамсес үшін күміс тақтаға Хеттердің ұлы әміршісі жазған Келісім…» деп басталады. Демек, Кіші Азия елдерінде күмісті табу, балқыту, байыту, өңдеу, әрлеу кәсібі де, күмістен бұйым жасау өнері де, сонымен бірге, оған жазу-сызу машығы да ертеден-ақ дамыған. Хеттердің бұл күміс тақтаға оймыштап сына жазуымен жазған келісімі уақыты көрсетілген және қол қойылған ежелгі басылымдардың бірі болуы мүмкін және бұл ең бірінші тиыннан 600 жыл бұрын басылған.
«Есік жазба ескерткіші» деген атпен белгілі, 26 таңбалы мәтін жазылған күміс тостағанды да «күміс басылым» деп қабылдауға болады. Үйсін дәуірінен қалған жазба ескерткіш б.з.д. Ү-ІҮ ғ.ғ. еншісіне жатады. Бұл басылымның құндылығы сонда, ол алдымен, Казақстан жерін мекендеген ежелгі үйсін тайпаларының тілі көне түркі тіліне жататынын, сонымен бірге, осыдан 2500 жыл бұрын түркі тектес тайпалардың өз әліпбиі болғанын және бұл өңірде де күміс басылымдар қолданыста жүргенін дәлелдейді.
Ежелгі Грек және Рим импе-раторларының сарайларында мысқа жазу өнері де болған екен. Тит Ливий біздің заманымызға дейінгі 493 жылы консул Слурий Кассий жасаған келісім-шарт мыс ұстынға жазылғандығын айтады. Ал Дионисий Галикарнасский патша Сервий Тулийдің латындармен жасасқан өзара келісім-шарттары Авентин қаласындағы Диана храмының мыс сөресіне жазылғандығын еске салады. Әйгілі «12 кесте заңдары» мыс тақталарға ойылып жазылғанын тарих жақсы біледі. Ол аз десеңіз, көне Римде әскерде 25 жыл үздіксіз қызмет еткен ардагерлерге мемлекет алдындағы адал қызметін айғақтайтын екі мыс тақташық берген.
Ежелгі патшалықтар мен мемлекеттерде күміс пен мыстан басқа қыш тақталарға жазу өнері де жолға қойылған еді. Кыштан жасалған тақта жазу-сызуға өте қолайлы еді. Оның қолайлы болатыны мынада: біріншіден, алтын мен күмісті табуда, өңдеуде, әрлеу де қиындау болатын. Ал қыш оған қарағанда оңай жолмен алынатын.
Екіншіден, қышқа таңбалау, оймыштау, сызу, жазу жеңіл болды. Үшіншіден, қыш бетіне жазыл-ғанды түзету де қиындық тудырмады. Сөзіміздің дәлелі ретінде осы күні Берлиндегі мемлекеттік мұражайда және Лондондағы Британ мұражайында сақталған Телль-Амарн мұрағатындағы 360 қыш басылымды айтар едік. (Ал дүниежүзінде қыш басылымдардың саны жарты миллионнан асады екен).
Ондай қыш тақталарға Мысыр фараондары мен өзге мемлекеттер патшалары бірі-біріне хат жазған. Ассирия, Вавилон, Шумер қалаларының орнына қазба жұмыстарын жүргізгенде табылған қыш басылымдар зерттеу нысанына айналғалы да көп болды. Зерттеу нәтижесінде ол басылымдардың жасалу әдісі анықталды. Әдеттегі қарапайым хат-хабар жазылатын қыштар күнге кептірілген де, ақпараттың уақыты өтіп, кейін қайта өңделген. Ал енді ерекше мемлекеттік маңызы бар мәтін жазылған басылымдар отқа күйдірілген. Отқа күйдірілген тақталар ұзақ сақталған. Мұндай маңызды ақпарат жазылған қыш басылымдар мемлекет ішіне де, шет елдерге де арнаулы пошта арқылы жеткізіліп отырған.
Мысалы, Кир патшаның заманында әр жерде күні-түні жұмыс істейтін шабармандары бар пошта бекеттері болған. Сыр бойында (Оңтүстік Қазақстан облысы) ескі кенттің орнынан табылған саз балшықтан күйдірілген дөңгелек алқа, құмыраға ойылған руникалық жазулар ғылымға ғасырдың сексенінші жылдарынан белгілі.

4. Бопыраз-папирус-папирос

Папирус (грекше папирос) – қамыс тектес өсімдіктен жасалған, жазуға арналған затын.
Бұл затын ежелгі Мысырда және онымен көршілес елдерде қолданылды.
Оны қалай дайындаған? Сулы жерде өсетін, биіктігі 5 метрге жететін папирус деген өсімдіктің төмен жағын, жерден жоғары 60 см. кесіп алып, оның үш қырлы сабағын қабығынан аршиды. Содан соң өзегін ұзына бойына тіліп алады. Тілінді таспаларды екі-үш күн суда ұстайды. Суды жиі-жиі ауыс-тырып отырады. Су үнемі таза болуы керек. Суға салынған таспа тілінділер ісінеді, бусанады да бойындағы суға төзімсіз заттардан арылады. Жұмсарған таспаларды жалпақ тегіс тақтайдың үстіне жайып тастап, оқтаумен жұқарта жаймалайды. Одан соң қайта суға салады да бір тәуліктен соң тағы да оқтаумен жұқалайды, тегістейді.
Бұдан кейін де қайта суға салып қояды. Осылайша бірнеше рет қайталағанда, таспа тілінділер әбден жұқарып, ақшылқоңыр түске енеді. Одан кейін теп-тегіс жерге әлгі тілінділердің бірінің ұшын біріне жалғап, қатар-қатар ұйқастыра тізіп шығады. Одан соң оның үстіне тағы бір қатарды айқастыра тастайды.
Келесі кезекте табаны тегіс жалпақ таспен бастырады да шыжыған күннің астында қалдырады. Әбден кеуіп, қаудыраған папирус парағын арнаулы балғамен ұрғылап тегістейді. Бұдан әрі бөлек-бөлек парақшаларды бірінен соң біріне жалғастыра желімдеп жапсырады. Сондықтан да ежелгі папирустар таспадай ұзын болған. Ұзын болған соң шиыршықталған. Кейінгі нұсқалары кітап секілді пәттеленген, қатталған түрде кезігеді. Папирус басылымдарда жазылған мұраларды зерттейтін ғылымды папирология дейді.
Осы папирология ғылымының анықтауы бойынша, папирус басылымдар қатарында Аристотельдің «Афина саясаты» және Менандрдың Филодем Гадарскийдің шығармалары мен латын тіліндегі «Алкестида Барселонская» деген поэма сақталған да, біздің заманымызға жеткен. Сондықтан да біз ол шығармалардың мазмұнымен қазір де таныса аламыз. Жалпы адамзатқа бопраз басылымдардың 1800 данасы таныс.
Ата-бабаларымыз қағаз, ағаш қиындылары мен қалдықтарының үйінділерін «бопыр» дейді. Бопыр – қамыс тектес суда өсетін биік ағаштың бір түрі. Сырты түкті болады. Соның қабығын сыдырып арқан ескен, басқа да тұрмысына қажетті бұйымдар, жұқалап тоқып төсеніш жасаған. Тас-падай тіліп айқастыра-ұйқастыра өріп, таптап, жұқалтым етіп күн көзіне асып қойып кептірген де жамылғы тіккен. Оны перде есебінде қолданған. Ол бопырдан жасалған бұйым тозғанда талшықтары бопырап, түте-түтесі шығып кетеді. Көпке шыдамайтындықтан қолданыстан ерте шығып қалады да бопырға айналады. Тез тұтанады. Тегінде осы «бопыр» анау «папирдың» атасы емес пе екен деп те ойлап қаласың…

5. Диплома-береста-қайыңғат

Осы біз күнде естіп, айтып жүрген «диплом», «дипломат» сөздерінің қайдан шыққанын білер ме екенбіз? Бір қарағанда түсінікті-ақ. Бірақ нақты айтуға келгенде тосылатынымыз рас. Өйткені, ол қазақтың да, орыстың да, ағылшынның да сөзі емес. Әйтсе де дүниежүзіне кең тараған атаулар, терминдер. Рас, диплом дегеніміз:
1) Белгілі бір оқу орнын тәмәмдағандығын растайтын құжат;
2) Белгілі бір жарыстан жеңімпаз атанғандығын куәландыратын қағаз;
3) Белгілі бір кәсіптің майталманы екендігін дәлелдейтін құжат.
Ал енді осы сөз қайдан шықты дейсіз ғой?
Әрине, көне грек елінен бастау алған бұл сөз қазір де алғашқы мағынасынан ауытқымаған. «Диплома» – деп ежелгі гректер бірінің бетіне бірі қатталған екі бірдей жұқа тақтайшаны айтады. Оны француздар «ірідте» десе, бұл сөз жоғарыда айтып кеткендей, ежелгі гректердің – «бірі-біріне қатталған тақтайша» деген мағына беретін сөзі болатын. Ол тақтайшалардың ішкі бетіне келісімшарт, хат, ресми жолдаулар, талап-тілектер жазылған.
Ондай дипломаны елшілер алдына асып алатын да бір елден екінші елге еркін өтетін. Бір-біріне қатталған тақтайшасы бар елшілерге ешкім тиіспеген. Барған жерде жәрдем беруге тиіс болған. Қазіргі халықаралық мағынаға ие болған «дипломат», «дипломатия» деген сөздердің төркіні осы беттелген қос тақтайшадан келіп шыққан. Демек, біз елдік мәселе жазылған, қазіргі қағаз басылымдардан бұрын қолданыста болған бұл «дипломаны» да өз заманына қызмет еткен басылым қатарына жатқызамыз.
Біздің заманымызға дейінгі Афинадағы 621 жылғы Драконт заңдары мен біздің заманымызға дейінгі 534 жылғы Солон заңдары ағаш және тас тақташаларға жазылғандығы Аристотель мен Плутарх жазбаларынан белгілі. Антикалық дәуірде піл сүйектерінен немесе ағаштан арнайы жазу жазатын тақташалар дайындалатын болған. Ол тақташалардың көлемі тұрақты – 12×14 см. немесе 9×11 см. Жиегінен 1-2 см. қалдырып, ортасын 0,5-1 см. тереңдікте ұңғыған да, оған ұлпа, арнайы ұнтақ толтырған. Сол ұлпаны ойып, жазу жазған. Екі тақташаны бір-біріне беттестіріп, бір жақ шетін тесіп, жіп өткізіп байлап қойған. Сонда тақтайшаны ашып, ішкі беттеріндегі жазуларды оқитын болған. Бұл қазіргі кітаптың «арғы атасын» елестетеді. Бұл деректер ағаш басылымдардың ең алғашқы нұсқаларынан хабар берсе, одан бергі замандарда да ағаш қабықтарына жазу машығы болғанына кәрі тарих куә.
Адамдар арасындағы әр ақпараттың мазмұнында өмір тынысы бар, бүгінгі оқиға мен ертеңгі болар іс мағынасы бар. Сондықтан да оны ертерек білген адам елден бұрын шешім қабылдайды да, өзгеге де, өзіне де пайдалы, өмірлік маңызы бар істі ертерек тындырады. Бұл қажеттілік ақпаратты кез келген жолмен алуды және таратуды міндеттейді.
Ақпаратты дәл осы сәт үшін де, ертеңгі күн үшін де, болашақ үшін де таратуда, өшпестей қылып қалдыру да бар. Осы міндетті орындау үшін адамдар әр түрлі амалдар ойлап табады. Солардың бірі – ақпаратты қайыңның қабығына жазу. Мына бір оқиға қазір баршаға мәлім. 1951 жылы шілде айы болатын. Новгород қаласында қазба жұмыстары жүргізілген еді. Қаланың бір тұрғыны көшеде, 14 ғасырдан қалған көпірдің аршылған тұсынан өтіп бара жатып, шетінен қаріптері анық көрінген қайыңғат қомағын көреді. Қаріп болмаса, әдеттегі көп дөңбектің бірі деп қабылдауға болар еді. Әлгі әйел табылған қайыңғат қомағын археология жұмысын жүргізіп жатқандардың басшысына табыстайды. Бастық қомақты қолына ұстап тұрған күйі көпке дейін ләм-лим деп тіл қата алмай тұрып қалыпты. Аздан кейін ғана былдыр-былдыр бірдеңе айтып барып: «Мен бұл жаңалықты 20 жыл күттім!», – деп айқай салыпты.
Бұл күн – басылым тарихында қайыңғатқа хат жазу өнерінің болғанын дәлелдеп берген күн ретінде тарихқа енген. Мына мәселе көңіл аудартады: біз басылымдар тарихының бастауында тұрған тас, алтын, күміс, мыс, қыш, шірнеуіш, бопыраз, қайыңғат басылымдардың бір-ақ рет жасалатынын және олардың жалқы болатынын есте ұстағанымыз жөн. Сонымен бірге, мұны басылым тарихын қарастырғанда назардан тыс қалдырмауымыз керек. Ол – басылым даярлау мәдениетінің өткен жолы, өркениетіміздің өшпес тарихы.

6. Бума — бумақ — бумага

Әдетте, отарлаушы ел бодан елдің озық мәдениеті мен ілім-ғылымының жетістіктерін өз пайдасына қарай икемдеп пайдаланады да, өз атынан таратады. Сондай-ақ, тарих сахнасына кім бірінші шығып, ақпараттық кеңістікті жаулап алып, өз үстемдігін жүргізеді, сол елдің тілі мен мәдениеті өзгелерге таңыла бастайды. Өзгелер де сол үстем елдің жетістіктерін иеле- ніп қана қоймайды, өзінің жетістіктерін үстемдін етушіге «сыйлай» да салады.
Айталық арбаның дөңгелегін ойлап тапқан азиялықтар болса, дөңгелекпен жүретін көлікті әрі қарай жетілдіріп әкеткен – еуропалықтар. Арбаның авторы ұмыт болған да, машинаның авторы тарихта қалған. Кімнің ғылымы озық болса, сол елдің экономикалық қуаты да жоғары болады және сол ел өзгелерге энономикалық өктемдігін жүргізе алады. Басылымдар тарихына қарап та соны айтуға болады. Жазу өнерін алғаш ойлап тапқандар Орта Азия тұрғындары болса, оның көбейте жазып тарату машиналарын ойлап тапқандар қытайлықтар мен еуропалықтар. Басылым мәдениеті баспа ісі дамыған елде ертерек ғылым нысанына айналды да, ол туралы ұғымдар мен түсініктер, ғылыми тұжырымдар мен қорытындылар, анықтамалар мен айқындамалар сол елдің тілінде жасалды.
Өзгелер сол ел тілінен өз тіліне аудару қиындығына тап болды. Біздің де халіміз сондай. Мысалы, «полиграфия» деген сөздің мағынасын қазақшаласаңыз, «көбейтежазын» болып шығады. Енді осы аударманы қабылдасақ, онда «этнография», «география» деген атауларды да «халықжазын», «жержазын» деп аударып қолдануымыз керек еді. Әу баста бірден аударып, ғылыми айналымға да, кәсіби қолданысқа да ендіре пайдаланбаған соң, бірнеше ұрпақтың санасына сіңісті болған терминді енді аударып жату – тосын әрі шетін. Ондай үдеріске түскен аталымдардың қата- рында «автор», «редактор», «корректор» деген секілді сөздер бар. Мысалы, автор деген сөзді «төлие» деп, редактор деген сөзді «сарашы» деп, корректор дегенді «түзеткер» деп жазып та, айтып жүр.
Бұл енді қаншалықты қолданысқа еніп, ғылыми айналымға түседі, жаппай пайдалану үдерісіне айналады, оны уақыт көрсетеді. Айтайық дегеніміз – басылым тарихында техниканы және технологияны кім бірінші ойлап тауып, бірінші болып қолданысқа енгізді, соның табыстары, ізденіс нәтижелері, ережелері мен тәртіптері өзгелерге де ортақ болады. Мұны біз қағазға да қатысты айтар едік. Қағаз басылымдардың шығу тарихы да іздеген адамға қызық-ты.
Басылым шығару үшін әуелі ақпарат жазылатын затын жасап алу керегі белгілі. Адамзат тарихында белгілі бір басылым жазылуы үшін, алдымен таңбаның, белгінің, әріптің, ғаріптің пайда болғаны анық, яғни жазу машығының өмірге келгені әр елде әр сипаттағы жазылымдардың, өз заманының басылымдарының пайда болуына негіз жасады. Мысалы, ҮІІ-ҮІІІ ғасырларда үйсіндер Оғыз-қаған жөнінде эпикалық дастан шығарған. Өкінішке қарай, 812-814 жылдары араб басқыншыларының қолбасшысы Құтайбенің бұйрығымен көне түрік кітаптарымен бірге өртелген. Бұл дастанның соңғы өңделген нұсқасы ХІ-ХІІ ғасырлар еншісіне тиесілі. Бұл қолжазба басылым нұсқасы Париж ұлттың кітапханасының сирек қолжазбалар қорында сақтаулы.
Сол құнды қолжазбалардың әдейі өртелуінен кейін 51 жыл өткеннен соң, яғни 863 жылы орыс қоғамында тарихи оқиға болады – алғашқы славян әліпбиі өмірге келеді! Бұл тарихи жаңалықтың төлиелері Кирилл (827-869) мен Мефодия (815-885) болатын. Бұл екеуін Грецияның Солуни (қазіргі Салоники қаласы) қаласында дүниеге келгендіктен, әдеби тілде «Солундық бауырлар» атап кеткен.
Демек, біз басылым дегенде қазіргі заманның ұғымындағы арнаулы баспаханалар мен полиграфиялық өндіріс орталықтарында жоспарлы түрде шығарылып жатқан өнімдерді ғана тілге тиек етіп қоймауымыз керек, солардың өркениеттік нұс-қаларына негіз болған қолжазба басылымдарды да баспагерлік таным тұрғысынан әдейі зерттеуге тиіспіз. Жоғарыда аталған «Оғыз-наме» немесе Әбунасыр әл-Фарабидің, Жүсіп Баласағұнның, Махмұд Қашқаридің, Сүлеймен Бақырғанидың, Ахмет Игүнекидің, Ахмет Иассауидің және басқа да ортағасырлық ғұламалар мен ақындардың шығармалары қаламның көмегімен, әрине, қағазға жазылды.
Қағаздың пайда болуы адамзат санасына ғаламат жаңарымдық өзгерістер әкелді. Адам ақылымен дүниеге келетін затындық құндылықтар мен игіліктердің қозғаушы күші болды десе де артық айтқандық емес. Десек те осы қағаздың шығу тарихы мен жасалу әдіс-тәсілдері оңай да, қарапайым да емес. Ал енді осы қағаз «қашан, қай жерде пайда болды?» деген сұраққа қазір дау айтыла бастады. Мысалы, қағаз – өсімдік талшықтарын, тұт ағашының қабығын және бамбук сабақтарын, кендір тарамдарын арнаулы тәсілмен өңдеу және бір-бірімен ұйыстыра байланыстыру арқылы жұқа парақ түрінде жасалатын затын. Әлемге әйгілі дерек бойынша қытайлық азамат Цай Лунь кесілген тақтайдың ішкі бетінен алынған жұқа жаңқаларға түрлі бейнелер салуды жақсы біліпті. Кейін бұл жаңқаларды өсімдік талшықтары, тұт ағашының қабығы және бамбук сабақтарымен алмастырыпты. Соның нәтижесінде мүлде жаңа затын – қағаз пайда болыпты-мыс. Бұл оқиға зерттеушілердің анықтауынша б.з.д. 105 жыл екен. Зерттегіштердің олай дейтін себебі – Қытайдың ІІІэньси деген провинциясында Баодяо деген үңгірден 1957 жылы табыт табылған. Ол табыттан қағаз жыртындылары шыққан. Ол жыртындылар осыдан 2000 жыл бұрынғы мезгілге тиесілі екен. Бұған дейін қағазды ойлап тапқан Цай Лунь деп келген еді ғалымдар. Олай деулеріне себепкер болған айғақ – 105 жылы Цай Лунь императорға қағаз дайындау тәсілін қолдану жөнінде өтініш жазыпты.
Тегінде осы қағаздың шығу тарихы жөніндегі ақпараттардың бір шикілігі бар екені көзі ашық адамға бірден көрінеді. Бір дерек 751 жылы Самарқан жанында болған арабтар мен қытайлар соғысып, сол соғыста арабтардың қолына қытайдың қағаз жасаушы шеберлері тұтқынға түсіп, содан қағаз Орта Азияға мәлім болыпты дейді.
Екінші бір дерек XIX ғасырдың басында Қытайда тұңғыш қағаз ақша пайда болды дейді. Сонда екі мың жыл бойы қытайлар қағазды пайдаланбаған ба? Келесі бір дерек VІІ-VІІІ ғасырларда Самарқанда арабтар әлемдегі ең алғашқы қағаз шығару шеберханасын қытай шеберлерінің көмегімен жасады дейді. Егер қағазды ойлап тапқандар қытайлар болса, онда неге қытай жерінде шеберхана жасамаған?
Қазір енді зерттеушілердің анық-тағандарына құлақ ассақ, қағаздың әлем елдеріне тарауы мынадай екен: Біздің заманымыздың II ғасырында — Корей жеріне; III ғасырда Жапон жеріне; VII ғасырда Үндістанға; VIII ғасырда Батыс Азияға; X ғасырда Африкаға; XII ғасырда Еуропаға; XVI ғасырда Мексикаға; XVII ғасырда Америкаға тарапты. Кейде нақты жылдар да анық айтылады. Мысалы, 1150 жылы арабтардың әдісімен Испанияда; 1154 жылы Италияда; 1300 жылы Венгрияда; 1390 жылы Германияда; 1494 жылы Ұлыбританияда; 1565 жылы Ресейде; 1580 жылы Мексикада; 1586 жылы Голландияда; 1698 жылы Швецияда шығарыла бастапты.
Тарихшылар 751 жылы арабтардың Самарқан қаласын басып алғаннан кейін ондағы қағаз шығару құпияларын керуен жолымен Сирияға, Мысырға, одан әрі Испания мен Си- цилия арқылы Еуропаға таратқанын алға тартады. Осы айтылған болжамдардың астарында айтылмай қалған ақиқат бар. Ол ақиқат – біздің ойымызша, арабтар келгенге дейін Самарқанда қағаз шығару шеберханасы болғандығы. Яғни арабтар келгенге дейін Самарқанды мекен еткен ел қағаз шығарумен айналысқан. Дәл сол ғасырда, нақтырақ айтсақ, 751жылы Самарқанда қай халық өмір сүрді?
Арабтар кімдерге шабуыл жасап, кімдерді жаулап алды, кімдердің қағаз шығару шеберханасын иемденді? Осы сұрақтарға жауап іздеген сайын қағазды шығарушы ел — Қытай дегенге күмәнмен қарай бастайсың. Ол аз десеңіз, мына аңыз да күмә- німізді күрделендіре түседі: Крест жорығының бір рыцарі қолға түсіп, Дамаск қаласына жіберіліпті. Сол жерде ол қағаз шығару шеберханасында жұмысқа жегіліпті. Кейін бостандыққа шығып, өз еліне келген соң қағаз шығару шеберханасын ашыпты-мыс.
Кей ғалымдар орыстың «бумага» деген сөзі италиянша «мақта» деген ұғымды білдіретін сөзінен шыққан дейді. Бұл тұжырымға айтар қарсы уәжіміз бар. Біздің пайымдауымызша, «бумага» атауы түрік халықтарының «буу», «бума», «бүмығ», «бумақ» деген сөздерінен шыққан. Таяу Шығыстағы қағаз шығару орталығы Самарқан қаласы болған. VIII ғасырда ерекше даму жолына түскен. Шығарылған қағазды кесіп, шиыршықтап, теңнің көлеміндей болғанда тарқатылып кетпестей етіп буған. Ондай буылған қағаз теңді «бума» деп атаған. Бір түйеге екі бума теңделеді. Түйелерге артылған тең-тең бумалар керуенмен шет елдерге жөнелтілген. Сол елдердің бірі – Ресей. Орыс саудагерлері жүктің атын «бума», «бумақ» деп қабылдап, содан «бумага» атауы пайда болуы ғажап емес.
Егер қағаздың шығу тарихының соқпақтарына ой жүгіртіп көрсек, бұл пікіріміз шындыққа бір табан жақындайды. Өйткені, қағаз шығару өнері ең әуелі «II ғасырда Қытайда пайда болған» деген деректі жоққа шығаратын ғылыми тұжырымдар қазақстандық орыстілді ақпарат құралдарының бірінде жарияланды.
Әйгілі тарихшы-жазушы Мұрад Аджи өзінің «Мұсылмандық бастауларына қарай» деген еңбегінде мынадай дәйек айтады: «Қазірде қағазды қытайлықтар ойлап шығарған дей-ді. Алайда, ортағасырлық авторлар мүлдем басқаны айтады. Қағаз шығару өндірісі II ғасырда Қытайда емес, Ираннан шығысқа қарай – Талас өзенінің бойында басталған. Өзінің ғылыми трактатында ибн Бадис айтқандай, қағазға қажетті негізгі затын – кендір (конопля) болған.
Әуелі кендірден анаша алған, содан соң оған қант қосқан да оны тақташаға біркелкі ғып жағып кептірген. Осы мәліметтерді пайдалана отырып, қазір, сөзсіз қағаз жасауға болады. Рас, орта ғасырда Талас өзені қай жермен ағатынын жақсы білмеген.
Қазіргі географиялық картадан оны табу оп-оңай – ол Қырғызстан мен Қазақстанда, яғни ежелгі Алтайдың территориясында, Шу даласының жанынан ағып жатыр. Қытайлар Ұлы Қытай қорғанының аржағында, мың километрдей оңтүстікте өмір сүрді. Қағазға ешқандай қатысы болған жоқ. Талас өзеніне де». Ғалымның осы сөзін тілге тиек ете отырып, қазақтың белгілі ғалымы Еренғайып Омаров та «Қағаз Қытайда шықты дегенге» қарсы бірнеше уәж айтады…
Әрине, қағаздың қайдан, қашан шыққаны даулы болғанымен, есте жоқ ескі заманда қалай жасалғаны да бәлендей дау тудырмайды. Қағаз шығару шеберханасында ең басты тұлға – кепсерші болған. Ол кендір, қамыс немесе ағаш үгіндісінің арнайы шайыр қосылған қоймалжың қайнатпасын төрт бұрышты кепсермен іліп алып еппен көтереді.
Көтеріліп бара жатқанда кепсердің түбіндегі майда тордан судың бәрі сорғалап ағады да түбінде қалған қақ сорғып, біркелкі жұқалтың болып тұнады. Сол жұқа тұнба – қақты бүлдіріп алмай, биік жерге асып кептіреді. Асылған қақ – бұл бір парақ қағаз есебіндегі алғашқы затын. («Қақ» зат есімі мен «ас» бұйрық райлы етістіктің қосындысынан келіп «қақ+ас» «қағ-ас» немесе «қағаз» атауы шықпады ма екен?). Кепсершінің ептілігі мен есепшілдігі және еңбекқорлығының арқасында қағаздың сапалы түрлері шығарылатын болған.
Кепсерші қашан, қай уақытта, қалай, қанша жылдамдықпен, қанша серпінмен аудару керегін, қалай асу және кептіру қажеттігін неғұрлым шебер меңгерген сайын оның қағазының да сапасы соншалықты арта түсетін болған.
Осы тұста мынадай ойды да айта кеткен орынды. «Қағаз» деген атау түркі халықтарынан басқа еш елде жоқ. Және оның, яғни атаудың кәсіби әрекет үдерісіне қатысты пайда болғаны рас болса, онда қағазды шығару тәсілін ойлап тапқан да, оған ат қойған да және сол атауды жоғалтпай бүгінге дейін айтып жүрген де сол халық. Онда жоғарыда «Қағаз қайдан шықты?» деген даудың тағы бір шешімі табылды деуге негіз бар.
Ол негізді тағы да салмақтандыра түсу үшін мынадай ой қисынын көлденең тартамыз: Бүкіл Еуропа осы затынды «папирус» сөзінен өрбіте «папиер» деп айтады. (Ағылш. — «рарег», франц. — «раріег», нем. — «раріег»), Демек, олар қағаздың өз елінде шықпағанын әлдеңашан мойындаған. Және олар біз секілді ненің қашан, қай жерде кім шығарғанын даулап жатпайды, сол затты бүгінгі және ертеңгі күнге тиімді пайдаланудың заманауи технологияларын жасаумен бас қатырады.
Біз не үшін дауласамыз? Біз шындық үшін дауласамыз. Ол қандай шындық? Кім қағазды бірінші ойлап тапты, сол жазба мәдениетінің биігіне жеткен болып есептеледі. Жазба мәдениеті дамыған болса, онда оның білімі мен ғылымы жетілген деп мойындалады. Ал шындықтың бір ұшы жоғарыдағы атауда жатқан секілді. Қағаз жасалатын өсімдіктің аты «бопыр» Еуропа тілінде «папиер» болып өзгеруі ғажап емес. Бопырды қазанға салып шайыр қосып қайнатып, сапырған, айналдырған, әбден жібіп, майдаланып, ішінде артық шөп-шалам қалмаған қоймалжың сұйықтықты арнаулы сүзгімен сүзіп алып, суы сорғып біткен соң кептіру үшін жіпке асып қояды. Содан бопыраз алынған. (Бопыр+ас немесе бопыр+қағаз = бопыраз, осы сөзден гректердің «папирус» дегені қалыптасуы қисынға қайшы емес).

7. Заманауи басылым

Электронды басылым шығару ісі – алғаш компьютер пайда болғанда, терілген мәтінді принтерден көбейтіп шығару және оны экранда көрсету мүмкіндігі ашылғанда басталған.
Алғашқы электронды кітапты ойлап тапқан кім?
1971 жылы АҚШ-тың Майкл Харт деген азаматы Иллинойс штатындағы университетте өте ірі компьютерде кеңінен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады да, осы сәтті тиімді пайдалану үшін ол «АҚШ Тәуелсіздігінің декларациясын» компьютерге теріп жатқанда, электронды кітаптың да тұңғыш нұсқасын жасап көреді.
Осыдан кейін ең қажетті деген кітаптардың электронды көшірмесін жасау қажеттілігі «Гутенберг» жобасының басталуына себеп болады. Мұндай үлкен мүмкіндіктің ашылуы енді кітаптың электронды көшірмелерін оқуды жеңілдететін арнайы құрылғы жасау қажеттігін тудырды.
ДЕС компаниясы 1996 жылы монохромды сенсорлы экраны бар планшетті компьютері және қаламмен ақпарат беру мүмкіндігі үйлестіре жымдастырылған электронды құрылғысын ұсынды. Бұл қазіргі заманауи ноутбуктың алғашқы нұсқасы болатын.
Электронды басылымдардың сан алуан түрлері пайда болды. Оларды мемлекеттік деңгейде реттеп отыру өз алдына, халықаралық ауқымда үйлестіріп және тәртіпке келтіріп, бір жүйеге түсіру міндеті туды.
Сол міндетті орындау мақсатында өркениетті елдер электронды басылымдардың стандарттарын қабылдады. Сөйтіп электронды басылымдар жөнінде халықаралық стандарт дүниеге келді.
Сонымен, баспа ісінің тарихында басылымдарды қандай затынға жазылуына қарай шартты түрде былай бөліп қарауға болады:
а) тас басылым, яғни ақпаратты тасқа қашап жазу арқылы жеткізу (бәдіз) мақсатында пайда болды;
ә) қыш басылым, яғни ақпаратты қышқа ойып жазу арқылы жеткізу (қыштақта) мақсатында пайда болды;
б) тері басылым, яғни ақпаратты теріге (шірнеуіш, дифтер, пергамент) жазу арқылы жеткізу мақсатында пайда болған;
в) қамыс басылым, яғни ақпаратты қамыстан жасалған затқа (папирус, папирос – бопыраз) жазу арқылы ақпарат тарату мақсатында пайда болған;
г) ағаш басылым, яғни ақпаратты ағаштан жасалған затқа жазу арқылы (диплома-береста-қайыңғат) жеткізу мақсатында пайда болған;
ғ) қағаз басылым, яғни ақпаратты қағаздан жасалған затқа (бума, бумақ-бумага-бамбажиа) жазу арқылы тарату мақсатында пайда болған;
д) электронды басылым, яғни ақпаратты электронды құрылғыларға жазу арқылы тарату мақсатында пайда болған.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *