МЕМЛЕКЕТТІҢ БОЛАШАҒЫ — ЖАСТАР
24.03.2022 0 2 020
Құдияр БІЛӘЛ,
жазушы, ҚР «Мәдениет қайраткері»
Қазақтың көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаев кезінде: «Мен жастарға сенемін», – десе, бүгінгі күні сол сөзді біз де мемлекеттік тұрғыда айтамыз. Соған орай Қазақстан Республикасының «Мемлекеттiк жастар саясаты туралы» заңында: «Жас маман – жиырма тоғыз жасқа толмаған, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген және білім туралы құжатта көрсетілген мамандық бойынша үш жылдан аспайтын уақыт жұмыс істеп жүрген Қазақстан Республикасының азаматы…» делінген. Жалпы жастар болашақтың Мәңгілік қозғаушысы. Жастар- бұл мемлекеттің негізгі тірегі бола отырып, болашақта ел басқаратын ұрпақ өкілдері. Жастар – үлкен күш. Жастар дегеніміз — жалын от. Қаншама жалындаған жастар бар. Енді сауал. Сіз сондай жассыз ба? Сізде жастарға тән қандай қасиет, қандай белгі бар? Жүріс-тұрысыңыз, әдебіңіз, мінезіңіз, киім үлгіңіз, ішіп-жегеніңіз жастарға тән бе?
Рас, тіліңіз қазақ. Түріңіз қазақ. Алайда ол басты ерекшелік емес. Шетелдіктер бізді тілімізден де, түрімізден де қазақтың жастары екенімізді ажырата алмайды. Жалпы біз көп ұлтқа келеміз. Бізде өзімізге тән ұлттық белгілер аз. Сонбықтан сол олқылықтың орнын толтыруымыз қажет. Қырғызды бірден танисың. Өзбекті де. Қытай, кәріс, жапон да бір-біріне ұқсамайды. Шешен, түркімен, тіпті татардың қыздары да өздерінің кім екендіктерін айғақтап тұрады. Арабтар туралы айтпай-ақ қоялық.
Сіз біздің не себепті қазақша сөйлемейтінімізді білесіз бе? Себебі біз өзімізге тән ұлттық идеологияға жете мән бермейміз. Сол олқылық орнын мемлекетіміз ұстанып отырған жастар саясаты толтырады. Ендеше сол ұстанымдағы жастарды қалыптастырайық. Тіл – содан кейін барып өз тұғырына қонады.
Өзгеге кінә артпас үшін әуелі өзіңізге, отбасыңызға назар ауда-рыңыз. Балаларыңыз мемлекеттік жастар саясатын ұстана ма? Соған мән беріп, осы тұрғыда жұмыстаныңыз.
Жас жүрген жер – мереке. Қазақстанда жастар жалпы халықтың 30 пайызын құрайды. Жастар саясаты туралы заң бойынша жастар- 14-29 жас аралығын қамтиды. Жастар са-ясатына берілген анықтама: «Мемлекет жүзеге асыратын және жастарды қолдауға бағытталған әлеуметтік — экономикалық, сәяси, ұйымдастырушылық және құқықтық ша-ралар жүйесі қызметінің аясы».
Жалпы алғанда, Қазақстан Рес-публикасының жастар саясаты әлеум-еттік саясаттың аса жас бағыты болып отыр. Мәселен, «Қазақстан Респубикасының Жастар саясаты туралы концепциясы» 1999 жылы 28 тамызда қабылданған, оның мағынасын кең түрде ашатын, тұжырымдамалық- әдістік негізге сүйенетін 2004 жылы 7 шілдедегі «Жастар саясаты туралы заң» бар.
Баяғыда әр ауылда қариялар самсап жүретін. Жастарға солар үлгі болатын. Қазір ондай қарияларды емге таппайсың. Бұл күні ауылда да, қалада да сақалды шал жоқ. Рас, мәселе сақалда емес. Солар өткен мектепті. Ол – ұлттық мектеп. Сол мектеп бүгінгі мемлекеттік жастар саясатымен үндесуі керек.
Рас, бата жасап, бет сипайтын ақсақалдар өткен ғасыр еншісінде қалған. Қазір біз батаны тост деп түсінетін жағдайға жеттік. Оны да өзін қазақ сезінетін сақалсыз шалдар айтады. Олардың көзі кетсе бет сипаудан қалатынымыз анық. Ал мұндай тұрғыдағы іс-әрекеттермен жастарға тәрбие бере алмайсың.
Жалпы біз тап осылайша ұлттық негізімізден жеруге бір күнде жеткен жоқпыз. Біз ұзақ жылдар ұлтсыздану мектебінен өттік. Әуелі бізден иба мен ұят кетті. Сосын құрметті жоғалттық. Олар орнын өзге ел «мәдениеті» толықтырды. Сол «мәдениет» бізді жаттандырды. Біз ол «мәдениетті» қабыл алмағандарды «Қазақы бала — бала емес» деп кеміттік. Қыздарымыздың шашын қырқып, көйлегінің етегін қысқарттық. Шалбар кигіздік. Қазақы киім үлгісінен біржола қол үздік. Тіпті біздің есімдеріміз де жаттана бастады. Біз балаларымызға қазақы ат қоюға намыстанатын болдық. Енді келіп «Балаларымыз неге қазақша сөйлемейді» деп көктен түскендей боламыз. Мемлекеттік жастар саясаты осы олқылық орнын толтырады.
Құдай бізге қарайласып тұр. Бізді ұлттық тәрбие ғана сақтап қалды. Онсыз біз жастарымызға оңды тәрбие бере алмаған болар едік. Енді сол ұлттық тәрбиені мемлекеттің жастар саясатымен үндестіруіміз керек.
Біз сол тәрбиені бойымызға сіңіргендіктен кеше қазақ едік. Түрмесіз ел едік. Әйелдеріміз етегінен он баладан өріп еді. Қазір ол күннің бәрі ертегі. Айтсаң, сенбейді. Себебі, жастар тәрбиесінде олқылыққа жол бердік. Бізге жастар саясаты сол үшін де қажет.
Жастар – кез келген қоғамның болашағы мен қозғаушы күші. Бұл оймен дауласудың өзі артық. Мемлекеттің тұрақты дәмуының негізі — бәсекеге қабілетті жастар буыны, ал бұл тікелей жас қазақстандықтардың білім мен білік сапасына, олардың ұмтылысы мен ынтасына байланысты. Сондықтан да мемлекетгік саясаттың негізгі бағытының бірі — жастар секторы. Жастар секторына Қазақстанда айрықша назар аударылады. Үлкен мүмкіндіктер, биік армандар. Президентіміз Қ. Тоқаев пен Үкімет қазіргі толқынға, жастарға үлкен үміт артады. Соған орай кезінде республикада жастар саясатының мәселесі бойынша арнайы уәкілетті орган құрылды. Бұл уәкілетті органың қызметтік шеңбері өте кең: біліктілік деңгейде, білім алу жастарды жұмыспен қамтамасыз ету, бос уақытты тиімді өткізуді ұйымдастыру, саламатты өмір салтын ұстану және рухани құндылықтарды қастерлеу, патриотизімді бекіту.
Жастарға арналған әлеуметтік инфрақұрылым – мемлекеттік жастар саясатын іске асыру үшін қажетті объектілер (үйлер, құрылыстар, ғимараттар), сондай-ақ жас аза-маттардың денсаулығын сақтау, оларға білім беру, оларды тәрбиелеу, әлеуметтік қызмет көрсету, дене бітімін, рухани және имандылық тұрғысынан дамыту, олардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету және олардың қоғамдық қажеттіліктерін қанағаттандыру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдар жүйесі.
Осы мәселелер бұрын ұлттық тұрғыда шешілді. Біз сол сабақ-тастықтан қол үзбеуіміз керек. Кезінде қазақтың жігіттері қандай еді?! Қыздары ше?! Әкелеріміз, аналарымыз, атамыз, әжеміз… Қайсыбірін айтарсың?! Біз олардай бола алмаймыз. Бұл – ащы шындық.
Біз сол қазақтардың соңын көрдік. Бірақ солар бойындағы қазақы болмысты сақтап қала алмадық.
Ұрпақ алмасты. Қоғам, заман өзгерді. Ұлттық құндылықтар өз қадірін жоғалтты. Рас, домбыра бар. Алайда домбыра үні біздің жанымызды баурай алмайды. Себебі… Себеп көп. Сол сияқты жылқы да бізді қанаттандырмайды. Себебі біз оны тек соғым деп қана білеміз. Болмаса қазақ тұлпары өлең-жырдың арқауы еді. Ердің — қанаты, ұлттың рухы болатын. Соңғы тұлпар Батыраш қолынан өлгелі қазақтың сағы сынды. Бізге сол рух жетіспейді. Соған орай бүгінгі жастар саясатының мақсаты жастардың рухани, мәдени, білім алып, кәсіби және дене бітімінің толыққанды дамуы, шешімдер қабылдау процесіне қатысуы, ойдағыдай әлеуметтенуі және олардың әлеуетін елді одан әрі дамытуға бағыттау үшін жағдайлар жасау болып табылады.
Дінге келейік. Дін – қазақтың тізесін бүкті. Ат үстінде бет сипайтын қазақ жоқ бұл күнде. Ілгеріде біздің қатындарымыздың өзі Құдаймен терезесі тең адамдай сөйлесетін еді. Тіпті шайпау апаларымыздың Құдайға тілі де тиіп кететін. Қазір біз солар солай деуші еді деп айтудың өзіне қорқамыз. Құдай — қорған, Құдай – қамқор, Құдай – ертеңгі күнге деген сенім емес пе еді?! Құдай – әр қазақпен бірге жүретін. Демек, дін де бізді жаттандыруда.
Сондықтан да мемлекетіміз әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан, мемлекет жастар мен жас отбасылардың экономикалық жағдайын-жақсарту мен табыс деңгейін көтеру, ұзақ мерзімді несие берудің кезендік жүйесін енгізу,басқа да экономикалық көмек түрлері арқылы білім алу мүмкіндігін кеңейту, іскерлік белсенділігін арттыру, тұрғын жайы мен үй шаруашылығын толыққанды жабдықтау үшін құқықтық, ұйымдастырушылық жағ-
дай жасаудың барлық шараларын қолдануда. Мысалы, студенттерге жол ақысының жеңілдігінің қолданылуы, еліміздегі жас азаматтар мен жас отбасыларды жеңілдікті ипотекалық несиелеу. жас мамандарды енбек нарығында қамтамасыз ету жолындағы мемлекеттік ықпалдасу тетіктері, ауыл жастарына берілетін көпсалалы квота, ауылға барған жастарға көтерме көмектер, жетім балаларға және мүгедек жандарға көрсетілетін көмек түрлерін атап өтуге болады.
Арғыға бармай-ақ қоялық. Ата, бала, немере. Осы үшеуі үш түрлі. Осы үшеуінің басын қосатын — мемлекеттік саясат. Соңғысы — жаңа тұрпаттағы қазақ. Себебі қазір шетелге есік ашылды. Соған орай құдаларымыз да өзгере бастады. Біз қазір дүниенің төрт бұрышымен құдамыз. Ол — қалыпты жағдайға айналды. Балаларымыз ағылшынша сөйлей бастады. Шетел асқандарды жолы оңғарылғандар санатына қосамыз. Шынтуайтына келгенде, кешегі күні алдыңғы шепте жүргендердің өзі әлгілердің қолына су құя алмайды. Сол тұрғыда саралағанда біздің көзімізге осы тұрғыдағы жастар даралана көрінеді.
Қазақстан Республикасының жастарын қолдау жөніндегі 2021 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарда өңірлер мен техникалық, кәсіптік және жоғары білім беру ұйымдарының мамандықтары бөлінісінде еңбек нарығының қажеттіліктеріне талдау жүргізіледі. Онда кәсіптік бағдарлау жұмысына, жастарды еңбек нарығының қажеттіліктері туралы хабардар етуге бағытталған іс-шараларды іске асыру көзделген. Алдағы күндері олар өз нәтижесін беретін болады.
Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде гейлер мен лесбиянкалар алға шыға бастады. Оларға әлемдік деңгейде қолдау білдіріледі. Себебі, әлемдік саясат солай. Ал біз соларды болашақтың жастары деп қабылдай аламыз ба? Өкінішке қарай бір ұшы шетелге байланған ондай «жіптер» өте көп. Ал олардың бәрі де кімді де болсын өз ұлтынан алшақтата түседі. Оның үстіне қазір шетелдің әр аймағында «қазақы ауылдар» қалыптаса бастады. Ал ол «ауылдардың» біз шыққан ауылға сорпасы да қосылмайды.
Басты сауал. Сонда жастарымызды қай тұрғыда тәрбиелейміз? Оған Қазақстан Республикасы
Үкіметінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы №918 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республи-касының жастарын қолдау жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар жауап береді. Онда жас ғалымдарды, сондай-ақ стартап-жобаларды қолдау жөніндегі іс-шаралар кешенін іске асыру, сондай-ақ жастар ресурстық орталықтары мен жастар денсаулық орталықтары арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен жоспарды әзірлеу және іске асыру мәселері көзделген.
Соған орай біз Қазақстанның ішкі саясаты мен халықаралық аренада жеткен жетістіктерін перзидентіміз Қ.Тоқаевтың есімімен байланыстырамыз. Ол кісі жаңа қазақ мемлекеттігінің қалыптасуына, ха-
лықтар достығын нығайтуға, еуропалық және азиялық мәдени байланыстар мен экономикалық қарым-қатынастардың үйлесімді дамуына үлкен үлес қосуда. Міне, осы тұрғыдан алғанда, Президентіміздің әлемдік деңгейдегі саясаткер ретіндегі тұлғасын ашып керсету, оның сан қырлы қызметін ғылыми тұрғыда сараптау және насихаттау мақсатындағы шараларды ұйымдастыру жастар саясатының басты міндеттерінің бірі болып табылады.
Тілімізде «Өлі риза болмай, тірі байымайды», – деген мақал бар. Сонда өлі кім? Ол — қазақтың рухы. Сондықтан да ол бізді естімейді. Естімеген соң, әрине, жебемейді. Ал ол бізге қай кезде риза болады? Жауап айқын. Оянған, тірілген кезде. Жалпы ол рухты сырттан іздеудің қажеті жоқ. Ол — әр қазақта бар. Сол бар рух біз қазақ болған кезде оянады. Қазақты сол кезде бір көрсең! Сол қазақ мінген ат тұяғының дүбірі әлемді тітіркенткен. Ал біз болсақ әлемдік озық елдерге қарап, жаутаңдаймыз. Болмаса бұл орайда қазақ атам:
«Өлі бураның басымен тірі атаңды қорқытпа», – деген. Себебі біздің қорқатын түгіміз жоқ. Бізге жетпейтіні тек шындық. Бұл тұрғыда Агата Кристи: «Өлі адамдар туралы не жақсы, не жаман ой айтылады» деген сөз бар. Бірақ мен онымен келіспеймін. Өйткені өлі адам туралы болса да, тірі адам туралы болса да тек шындықты айтқан дұрыс», — деген. Ал ол шындық бүркелген тарих қойнауында жатыр. Бізге соны аршу керек. Сонда өлі оянады, әрі бізге риза болады. Мемлекетіміз ұстанып отырған жастар саясатының мақсаты да сол. Мемлекеттік қолдаудың барлық шарасы жастар үшін тиімді, елге пайдалы жобалар жасауға бағытталуы тиіс. Ол жастардың кәсіби бағдар алуына, мамандықты дұрыс таңдауына, өз денсаулығы үшін жауапты болуына, тұлға ретінде қалыптасуына, өмір өткелдерінде дұрыс тәуекел етіп, сүрініп кетпеуіне жол ашуы керек.
Бұл тұрғыда Анахарсис жарықтық:
«Адамдардың үш түрі бар: тірі, өлі және теңізде жүзетіндер», — деген екен. Біз өзімізді өлілер санатына қоспай-ақ қоялық. Бірақ теңіз үстінде жүргеніміз анық енді.
Мынандай бір тәмсіл бар:
Ибн Шубрима бірде досының үлкен бір шаруасын тындырып береді. Досы оған сыйлық алып келеді. Оған:
– Бұл не? – дейді. Досы:
– Маған қолұшын бергенің үшін сыйлық, – дейді. Сонда Ибн Шубрима: – Алла берекеңді берсін! Малыңды өзің ала бер. Егер сен бір досыңа өтініш жасағаныңда, досың оны орындауға тырыспаса, онда дәрет ал да, төрт тәкбір айт (жаназасын оқы). Оны өлілердің қатарынан сана, – дейді.
Сол айтпақшы бізде де өлілер санатына жататын достар аз емес. Себебі көп жастар өз негізіне, тегіне мұрын шүйіре қарайды.
Тек демекші, мына бір тәмсіл де қазақтың байырғы болмысынан хабар береді екен. Келтіре кетейік:
Араб шөлінде қиын да ұзақ сапар шеккен бір шейх ұлына басынан кешкен оқиғаларды былай әңгімеледі:
– Бір алыс сапарға шыққан едім. Күн ұясына батып, төңірек қараңғылана бастаған кез. Алыстан көзіме көрінген үйге қарай тұра жүрдім. Үйге жақындағанымда алдымнан бір әйел шықты. Жалғыз екенімді көргенде қайран қалып:
– Сіз кімсіз? Бұл жерден не іздеп жүрсіз? – деді. Мен:
– Құдайы қонақпын, – дедім. Әйелдің қабағы түйіліп, үндемеді. Менімен ешқандай жұмысы болмай, тамақ дайындауға кірісті. Дастарқанды әзірлеп, ас ішуге кірісті. Бәрін жалап-жұқтап жеп алды. Бір кезде қолында сүт құйылған бақыры бар күйеуі келді. Мені көріп:
– Бұл адам кім? – деп сұрады. Әйел еш мән берместен:
– Құдайы қонақпын дейді ғой, – деп жауап берді. Әлгі кісі маған күлімсірей жақындап:
– Амансыз ба? Қош келдіңіз. Келгеніңізге қуаныштымын, – деп бір тостаған сүт ұсынды.
– Қарныңыз аш шығар. Бір нәрсе жедіңіз бе?, – деп сұрады. Мен: «Иә, ашпын» дегенімше әйеліне ұрса жөнелді, екеуінің арасында ұрыс басталды.
– Ұят емес пе?!. Қарныңды нығыздап тойдырасың да, қонаққа бір тілім нан беру ойыңа да келмейді, – деді. Әйелі:
– Оған не үшін тамақ беремін. Өзімнен бір тілім де нан ауыспады, – деді. Күйеуі ашуланып далаға шығып кетті. Мен де мынау не істемекші екен деп артынан ақырын басып сыртқа шықтым. Сол кезде менің не көргенімді білсең ғой… Әлгі кісі менің түйемді жерге жығып, сойып жатыр еді. Ішім қатты ашыды. Бірақ ешнәрсе демедім. Таң-тамаша қалдым. Үй иесі өзімнің түйемнің етін өзіме сыйламақшы. Өз-өзіме:
– Мұны да көрдік. Енді мына шөлде жаяу қалдым, – деп ойладым. Әлгі кісі от жағып, етті пісіріп, табаққа салып, алдыма әкелді. Ішім қан жылауда еді. Ешқандай зауқым жоқ, сонда да тамаққа отырдым. Тамақтан кейін үй иесі:
– Аллаһтың атымен ант етемін. Менің шатырыма келген адам ешқашан аш қалмас, – деді.
Бұл жағдайға не жылайтынымды, не күлерімді білмедім.
«Қонақтың өз түйесін өзіне сойып берсең, әрине, аш қалмас», – дедім ішімнен. Бірақ сабыр сақтадым.
Содан кейін ол кісі шатырдан шығып кетті. Бұл қызық адамның ісіне таң қалып отырдым. Біраз уақыттан кейін мені дауыстап шақырғанын естіп, сыртқа шықтым. Далада ол бір түйенің бұйдасынан ұстап тұр еді. Маған жақындап:
– Мұны ал… Бұл түйені саған сойған түйенің орнына беріп тұрмын, – деді. Түйесі менің түйеме карағанда қоңдылау, жасырақ түйе еді.
Ертеңіне күні таңертең жол жүрдім. Үй иесі маған нан, ыстық сүт, бір бөлек піскен ет ұсынды, жылы-жылы сөйлеп шығарып салды.
Ыстық шөлде күні бойы сапар шектім. Кешке жақын алдымнан кездескен үйге келдім. Мұнда мені бір әйел қарсы алды. Күлімсіреген, жылы жүзді әйел еді.
– Сіз кімсіз? – деді. Мен:
– Құдайы қонақпын – дедім. Әйел:
– Қош келдіңіз! Қуаныш әкелдіңіз. Құдайы қонаққа әр уақытта есігіміз ашық. Жоғары, төрге шығыңыз, – деп мені ішке кіргізді. Өзі тездетіп тамақ дайындауға кірісті. Біраздан кейін дастарқанға палау, қуырған тауық, құрма, бал әкеліп қойды.
– Тамаққа келіңіз. Сізге үлкен дастарқан жая алмағаным үшін ғафу етіңіз, – деді.
Қарным шұрылдап, аш отыр едім. Тамақ жеуге кірістім. Бір-екі түйір аузыма салғаным сол еді, әлгі әйелдің күйеуі кіріп келіп, суық, зілді дауыс-пен:
– Бұл адам кім? – деді. Әйел:
– Құдайы қонақ, – деді.
– Құдайы қонақ біздің ғана үйімізді тауып па? Менің тамақтарым қайда? Әкел тезірек, – деді отағасы.
Әйел:
– Үйдегі бар тамақты қонаққа бердім, – деді.
– Саған тамақты қонаққа бер, деп кім рұқсат етті, – деп, ол зайыбына дүрсе қоя берді. Екеуінің арасында ұрыс басталды. Мен шыдай алмай күліп жібердім. Үй иесі маған сұсты қарап:
– Неге күлесің? – деп сұрады.
– Мен басымнан өткен оқиғаны айтып бердім.
Отағасы:
– Ол айтқан әйеліңіз менің қарындасым, ал оның күйеуі әйелімнің ағасы еді, – деді. Бұл кездейсоқ жағдайға таң-тамаша қалдым. «Әр нәрсе тегіне тартады екен ғой», – деп ойладым.
Бұл мысалдан шығатын қорытынды, өмірде қиын жағдайға тап болған жастарды жұмыспен қамтуды және жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларды іске асыру қажет. Сонымен қатар, мектеп психологтарына жастардың өзекті проблемалары жөнінде әдістемелік ұсынымдар әзірлеу керек.
Ал бұрын қандай едік?! Ақтамбердіге кезек берейік:
Күлдiр де күлдiр кiсiнетiп,
Күреңдi мiнер ме екенбіз,
Күдерiден бау тағып,
Ақ кiреуке киер ме екенбіз!
Жағасы алтын, жеңi жез,
Шығыршығы торғай көз
Сауыт киер ме екенбіз!
Ор қояндай жүгiнтiп,
Аш күзендей бүгiлтiп,
Жолбарыстай шұбарды
Таңдап мiнер ме екенбіз!
Сол шұбарға мiнген соң,
Қоңыраулы найза қолға алып,
Қоңыр салқын төске алып,
Қол төңкерер ме екенбіз.
Жалаулы найза жанға алып,
Жау қашырар ма екенбіз!
Тобыршықты әндiген
Толтыра тартар ма екенбіз!
Тобылғы түбi құралай,
Бытыратып атар ма екенбіз!
Жарлауға бiткен жапырақ –
Жамылсақ тоңар ма екенбіз.
Жазыққа бiткен бүлдiрген –
Сұғынсақ тояр ма екенбіз!
Тобылғы сапты қамшы алып,
Тұмар мойын ат мiнiп,
Қоныс та қарар ма екенбіз!
Ел жазылып жайлауда
Жақсылар кеңес құрғанда
Мұртымыз өрге шаншылып,
Бұрын да сөйлер ме екенбіз!
Күлдiр де күлдiр кiсiнетiп,
Күреңдi мiнер ме екенбіз
Күдерiден бау тағып,
Қамқапты киер ме екеміз?!
Өзенге бие байлатып
Төскейге орда орнатып
Төрткілдеп ошақ қаздырып
Төбел бие сойғызып
Төменде бидің кеңесін
Біз де бір құрар ма екеміз ?!
Құлаты тауға қол салып
Садақтың оқын мол салып
Бетпақтың ен бір шөлінен
Төтелеп жүріп жол салып
Қолды бір бастар ма екеміз?!
Майданда дабыл қақтырып
Ерлердің жолын аштырып
Атасы басқа қалмақты
Жұртынан шауып бостырып
Тәйедегі наршасын
Әлпештеген ханшасын
Ат артына мінгізіп
Тегін бір олжа қылар ма екеміз?!
Кеуде бір жерді жол қылсам
Шөлең бір жерді көл қылсам
Құрап жанды көп жиып
Өз алдына ел қылсам!
Асқар бір тауды жайласам
Желілеп бие байласам
Күнде жиын, күнде той
Қыз- бозбала ойнатсам
Тентегін түзеп байқа деп
Ішінен биді сайлатсам
Құлым бір ұлдай киінсе
Көркемін көрген сүйінсе
Атымтай жомарт секілді
Атағым жұртқа білінсе!
Өзім бір бөлек жайласам
Жігіттен н?кер сайласам
Ойпақ жерге он отау
Қырақ жерге қырық тігіп
Қонағымды жайғасам!
Пышақтан малым кетпесе
Қазаным оттан түспесе
Ауылдан топыр үзілмей
Ошақтың оты өшпесе
Май жемесе қонағым
Қан жемесе барағым
Он кісіге жараса
Бір кісіге арнап тартқан табағым!
Халыққа атым білініп
Шүлеңгір мырза атанар ма екенбіз?
Иә, атанамыз. Бірақ ол үшін жастардың мәдениет, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту мәселелері жөніндегі бастамаларын қолдауға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыруды, іске асыруды, іске асыру мониторингін және осы тапсырыстың нәтижелерін бағалауды жүзеге асыруға тиіспіз. Себебі, мемлекеттік жастар саясатының мақсаты жастардың рухани, мәдени, білім алып, кәсіби және дене бітімінің толыққанды дамуы, шешімдер қабылдау процесіне қатысуы, ойдағыдай әлеуметтенуі және олардың әлеуетін елді одан әрі дамытуға бағыттау үшін жағдайлар жасау болып табылады. Мықты маман болып, өмірдің сан кетігін бүтіндер ақылды, дарынды, талапты жастарымыз аз емес. Мәселе, солардың алғашқы қадамына қолдау көрсетіп, көмек жасауда. Жастарды түрлі саладағы қызметтермен қамту мәселесі бойынша бағдарламалар жүзеге асырылуда. Мысал ретінде, «Дипломмен ауылға», келісімшарттық негіздегі әскери қызмет (бүгінгі таңда Қазақстан Қарулы күштерінің жеке құрамының 70 пайыздан астамы келісімшарт негізіндегі әскери қызметте) және т.б.атап өтуге болады Жыл өткен сайын жастар арасындағы жұмыссыздық қысқарып келеді. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуы» бағдарламасы алғашқы нәтижесін бере бастады. Ресми керсеткіштерге сүйенсек, еліміздің көптеген жас тұрғындары бұл бағдарламаға қатысып, жұмыспен қамтамасыз етілген. Ескере кететін жәйт, бұл көрсеткіштің жартысынан көбі ауыл тұрғындары.
Алайда мына жайтты да ескерген жөн. Біздің бойымызда екі кінәрат бар. Бірі – рушылдық, екіншісі – жершілдік. Әу баста бұл екі ұғым да біздің тұтастығымызға қызмет еткен. Сыртқы жаулар кейін сол ұғымның мәнін өзгертті. Болмаса біз руды бөлшектену үшін сұрамайтынбыз. Тіпті сұрамайтынбыз. Біздің жас кезімізде кімнің қай рудан екеніне ешкімнің шаруасы болмайтын. Жер де солай. Себебі кім үшін де бір уыс топырақтың өзі қадірлі болатын. Ол топыраққа ата-бабамыздың қаны тамғанына сенетінбіз.
Жалпы біз туған жер топырағын кие тұтқан халықпыз. Соған орай бізде ұшықтау да, аластау да топырақ арқылы жүзеге асады. Кетіссек те топырақ шашамыз. Сондықтан да бізге қазақ жерінің әр пұшпағы қымбат. Соған орай аудан орталықтары мен шағын қалаларда жастарға арналған мәдени-демалыс орталықтары желісін, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін белсенді тарту арқылы дамытуды қолға алуымыз керек. Және де өңірлер мен техникалық, кәсіптік және жоғары білім беру ұйымдарының мамандықтары бөлінісінде еңбек нарығының қажеттіліктеріне талдау жүргізген жөн. Біз бұған жастарға мемлекеттік тұрғыда тәрбие беріп, олар бойынан жершілдік, рушылдық келеңсіздіктерін алып тастаған кезде қол жеткіземіз.
Рас, жершілдік ауруымен ауыратындар әлі де бар. Мәселен біз: «Мектепті қай жерде бітірдің?» — деп қоямыз. Ол: «Өскеменнен», — дейді. Біз: «Онда найман болдың ғой», — деп қоямыз. Егер Қарағандыдан болса — арғын, Ақтаудан болса — адай, Түлкібастан болса — дулат, Шардарадан болса — қоңырат екенін біле қоямыз. Жалпы кімнің болсын қай жер, қай рудан екенін білгенше жанымыз байыз таппайды. Бұл — қазіргі дерт. Ол дерттен мемлекетіміз ұстанған жастар саясаты ғана құтқара алады.
Бір көңіл аударар жәйт. Әр аймақта жекелеген рулар қоныс тепкен. Ол руға өзге ата қосылғанымен ол қазақ ретінде емес, «Кірме» деп қабылданады. Сондай-ақ әлгі жерді мекен еткен іргелі ру да өзін қазақпыз деп білмейді. Соған орай олар ішкі кіші атаға қарай бөлшектенеді. Бізге осы дерттен арылу керек. Ол үшін насиқаттаудың қазіргі заманғы әдістері арқылы жастар арасында психикалық, мінез-құлқындағы өзгерістердің (аурулардың), оның ішінде психобелсенді заттарды қолданумен байланысты алдын алуға бағытталған іс-шаралар кешенін өткізуіміз керек.
Мынандай бір аңыз бар:
Әбубәкір Күлбабаның заманында «Отыз екі баулы өзбек» атанған деседі. Өзбектің үш баласы болған: Мың, Жүз, Қырық. «Адам Атадан бұ заманға шейін пәленнің баласы пәлен, түгеннің баласы түген», – деп сөйлеуші өтірікші, жалғаншы болса керек. …Қай тұқымнан, қай нәсілден шыққандығын айырып, дәлелімен айтып отырса, оның өзі де – толық білім.
Әуел басы «Тоқсан екі баулы Қыпшақ» атанған Еділ, Жайық, Ертіс, Сыр – төрт өзеннің аралығында, сондықтан «Дешті Қыпшақ» атанған, онан соң «Отыз екі баулы өзбек» атанған.
Өзбек заманында отырықшы халық болған. Өзбектің үш баласы болған. Заманындағы бір ханға біреуі мың ділда берген, біреуі жүз ділда берген, біреуі қырық ділда берген. Сол себепті: «Мың, Жүз, Қырық» атанған. Мыңнан өрбігендер отырықшы халық болған. Жүзден өрбігендер көшпелі халық болған. Сол жүздің ұрпағынан Қазақ шыққан.
«Жүз»деген де аталарының аты болған. «Қазақ» деген де аталарының аты болған, «Алаш» деген де аталарының аты болған. Сонымен келіп Алаш Алаш болғанда, Алаша хан болған заманда руының атын «Қазақ» қойып, ұранының атын «Алаш!» қойып, «Ұлы жүз», «Орта жүз», «Кіші жүз» деп үшке бөліп, «Үш жүз» атанған.
Бұл – бекітілген тұжырым емес. Біз жәй сөздің ретіне қарай тілге тиек еттік. Жалпы қалай десек те Балпық би айтпақшы:
«Бірлік бар жерде – тірлік бар,
Ру бар жерде – бұру бар».
Бұл тұрғыда Махмұд Қашқари да:
«Ұран көтерілсе – ру жиылар,
Жау келсе – жамағат жиылар», — деген. Демек қазір бізге жиылатын, қазақ болатын кез. Жастарымызды да сол тұрғыда тәрбиелеуге тиіспіз. Біз оны айтудан кенде емеспіз. Мәселен бұл орайда Жоламан Тұрсынбаевтың марқұм Абдрахман Асылбектің сөзіне жазған әні де бар. Келтіре кетейік:
«Қаламасаң қырқысып құруымды,
Сұрамашы, бауырым, руымды.
Бәріміз де бір ата баласымыз,
Қоя тұршы «туыс» деп бұруыңды.
Қайырмасы:
Сен – қазақтың баласы,
Мен – қазақтың баласы.
Бәрімізге жетеді
Кең қазақтың даласы!
Тілемесең таусылып тынуымды,
Сұрамашы, бауырым, руымды.
Бөлінгенге кім бақыт бөліп берер,
Жоғалтпашы жүректе жылуыңды.
Көргің келсе жайраңдап жүруімді,
Сұрамашы, бауырым, руымды.
Егеменді еңселі Ақ ордаға,
Ойласаңшы алтын ту тігуіңді».
Бұл тақырыпқа Ардақ Жолдыбаева да қалам тартыпты. Оқып көрелік:
«Руымызбен несіне мақтанамыз.
Дейді ме мақтанышпен бақ табамыз.
Қазағына бір пайдасы тимеген соң.
Руын айтып өзінше ақталамыз.
Ойдан тіпті құрастырып, жазып аңыз.
Əулие деп кейбіріне шаттанамыз.
Бірін бірі руға бөліп жатқан қазақ.
Бірлесіп қалай жұмыс атқарамыз.
Білмейтін жастарым
көп шындығыңды.
Еліктегіш корей ме ед, сыған, үнді
Руыңды біл, бірақ та бөлінбейік
Ардағың жырлап жүрер бірлігіңді».
Иә, қазақ рудан құралған. Сондықтан да ру бөлшектенуге емес, тұтасуға қызмет атқарады. Ол тұтастыққа әр рудың қосатын өзіндік үлесі бар. Ол үлес – әлгі рудың өзіндік ерекшелігі де. Айналып келгенде соның бәрі қазақтың болмысы. Біз жастарға соны ұғындыруға тиіспіз. Мемлекеттік жастар саясатының да мақсаты сол.
Мемлекеттік бағдарламалар жастарды жұмыспен қамтып қана қоймайды, сонымен қатар біліктілігін арттыруға, мамандығын ауыстыруға, жаңа мамандыктарды игеруіне де көп көңіл бөледі. Президентіміз Қ. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша мамандығы бойынша қызмет еткісі келетін адамға мемлекет барлық жағдайды тегін ұсынады. Бірінші кезекте, бұл шара жұмыссыз және өздігінше жұмыспен қамтылған жастарды қолдауға бағытталған. «Жастар практикасы», «Дипломмен ауылға», «Жасыл ел» секілді бағдарламалар жастарды тұрақты және уақытша жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Жалпы мәлімет бойынша, «Жасыл ел» багдарламасымен елді мекендерді жайластыру мен көгалдандыруға сан мыңдаған адам қатысқан.
Жастар саясаты қызметінің басты бағыты – мемлекеттік ғылыми-техникалық және инновациялық саясаттың маңызды мәселелері жөнінде ұсынымдар дайындау болып табылатын. Жас ғалымдар кеңесі ғылымды дамытуға, оны алға апарар талантты жастардың ғылымға келуіне қамқорлық жасау мақсатында бір-қатар бағдарламаларды жүзеге асырады. Соның бірі, еліміздегі ғылыми ұйымдар мен жетекші жоғары оқу орындарының жас ғалымдарының іргелі және қолданбалы ғылым салаларындағы зерттеу жұмыстары үшін берілетін гранттар байқауы болып табылады. Қазіргі таңда. Президентіміз жастардан мол үміт пен жетістіктер күтуде.
Алайда біздің табиғи болмысымыз да көп рөл ойнайды. Біз бұрын жылқы мінездес едік. Кейін қойға теліндік. Тіпті: «Ай мүйізді ақ серке қойды бастар», – деп, серкені де әспеттеп қоятынымыз бар. Сиырды да әлдеқандай көретін болдық. Қыздарымыз Танакөз есімін иелене бастады. Ботакөздер де аз емес. Алайда, Қойшыбай, Қойшықара, Қойшыбек, Қошқарбай, Тоқтыбай есімдерін иеленген ұлдарымыз барлық аймақта да бой көрсете бастады. Себебі, КСРО кезінде қойшылық кәсіп өте жоғары деңгейде насиқатталды. Жаңа тұрпаттағы бригадалар бой түзеді. Мектеп бітірген жастар топ-топ болып қой бағуға аттанып жатты. Еңбек ері атағын алған қойшылар төрге озды. Қой мен қойшыны ұлықтауға арналған осы саяси науқан бізді қой мінездес екенімізге иландырды. Соған орай біз жылқыға тек соғым ретінде ғана назар аудардық. Алайда біздің ұлттық болмысымызды сақтап қалған сол соғым. Себебі, не жесең – солсың.
Болмаса біз:
«Тай атқа жеткізер,
Ат мұратқа жеткізер», — деген қазақ едік. Сондай-ақ:
«Жылқы – малдың патшасы,
Түйе – малдың қасқасы», — деуші едік. Тіпті:
«Құстың бәрі бұлбұл болмас,
Жылқының бәрі дүлдүл болмас», — дегенді де біз айтып едік. Себебі біз Дүлдүл тарихын жақсы білетінбіз.
Алайда біз тәуелсіздік алғаннан кейін жаңа бағытта дами бастадық. Соған орай жастарымыз да мемлекеттік саясатқа орай бой түзей бастады. Жастар саясаты мәдени, адамгершілік және рухани құндылықтар, азамат бойындағы еңбексүйгіштік, жауапкершілік, азаматтық қасиеттер секілді қағидаттарға сүйенді.
Сондай-ақ, жастар саясатының басым қағидаттарына конфессияаралық келісім және этносаралық толе-ранттылық, ұрпақ сабақтастығы, отбасыдағы тәрбие кірді. Сонымен қатар біз мемлекеттік жастар саясатын ұлттық дәстермен де үндестіре білдік. Міселен, дүлдүл – халық танымында шашасына шаң жұқпас ең жүйрік ат деген ұғымды білдіреді. Сондай-ақ, «сәйгүлік, саңлақ, тұлпар, күлік, пырақ», – деген сөздер де дүлдүл мәнін аша түседі. Алайда, бұл атау төртінші халифа хазреті Әлінің аңызға айналған тұлпары — «Дүлдүлден» бастау алады.
«Дүлдүл» негізінен Әли меншігіне телінгенімен, ескі деректерде оның әуел баста Пайғамбарға (с.ғ.с.) тиесілі болғандығы айтылады. Оны Алланың Елшісіне (с.ғ.с.) Мысыр билеушісі Мукаукис сыйға тартқан көрінеді. Міне, ол ат кейіннен пайғамбардан ізбасарына мирас болып қалған. Тарихи-діни әдебиеттерде «Дүлдүлдің» өз ажалымен, әбден қартайып өлгендігі баяндалған. Алайда тағы бір деректерде Пайғамбарымыз (сғс) мінген Дүлдүл қашыр еді» делінеді. Ал хазреті Әлидің Дүлдүліне талас жоқ. «Дүлдүл» делінсе, тек сол ат қаперге алынады. Ал пайғамбарымыз мінген жылқылар да халық жадында. Олар: Сәкб, Мүртәжиз, Лизаз, Зариб, Лухайф, Ясуб, Мурауих, Мируах, Уәрд. Бұдан өзге қашыр мен түйелері де болған.
Тап осы тәріздес тарихи аттар бізде де аз емес. Мәселен, Абылай ханның Нарқызылы.
Абылай туралы тарихи жырларда 15 жасар Абылайға Бөгенбайдың бата беріп, астындағы Нарқызыл атын сыйлайтыны айтылады. Сондағы Бөгенбайдың айтқан сөзі:
«Жылқының тұлпары еді
Нарқызылым,
Шырағым, ырым қылып сен мін енді.
Қарағым, уытты-отты бала екенсің,
Мінез-құлқың тұп-тура
дана екенсің,
Жазғытұрым үш жүз боп жиналамыз,
Сол жиынға керекті жан екенсің.
Шырағым, таза сақта Нарқызылды,
Есіңе ал, кек алатын келер жылды».
Сондай-ақ Қабанбайдың Қубасы да нағыз қасиетті тұлпар ат болғанға ұқсайды, себебі бірде-бір батырдың, тарихи қайраткердің атының есіміне Қазақ жерінде мұншама жер аты қойылмаған. Шығыс Қазақстан облысы, Ақсуат селосына бара жатқан жолдағы қалың бүргеннің астынан шығып жатқан қайнарды – «Қубастың тұмасы», одан әрірек үлкен қара жолды – «Қубастың жолы», Қызыкесік елдімекеніне жақындағандағы жалпақ жазықты «Қубастың жазығы» деп атайды.
Семей өңірінің Мақаншы ауда-нындағы Барлық тауының басында Қабанбайдың Қубас тұлпарының басы бар деседі. Қубас ат өзінен үш жыл бұрын өлгенде батыр атының басын киізге орап тігіп, таудың басындағы биік шыңға қойған екен.
Сондай тарихи жылқының бірі — Әбілхайырдың Ақбозы. Ауызекі әңгімелерде 1718 жылы Аягөз шайқасында ұрыстың нағыз қызған шағында Әбілхайырдың Ақбоз атына оқ тиіп, атын ауыстырғаны баяндалады. Ханның астында әрине, мықты жүрдек жорық аттары болды, бірақ олардың есімдері тарихта қалмаған.
Райымбектің Көкойнағы да өлең-жырға арқау болған. Мәселен, 16 жасар Райымбектің ең алғаш жауға аттанғаны сондай жырдың бірінде былайша суреттеледі:
«Астындағы Көкойнақ,
Бауырынан жарады.
Белес жерге шыққанда,
Тұра қалып қарады.
Жүрген сайын батырдың
Жүрегі оттай жанады.
Жүрген жолы алыс-ты,
Көкойнағы шығарды,
Неше түрлі шабысты.
Тарта-тарта тізгінін
Екі қолы қарысты.
Еті қызып алған соң,
Ұшқан құспен жарысты»
Ал Исатайдың Ақтабаны туралы Махамбет былайша толғаған:
«Мінгені Исатайдың Ақтабан-ай,
Сүт беріп, сұлы беріп баптағаны-ай.
Зеңбірек үш атқанда дарымады,
Құдайдың міне қара сақтағаны-ай».
Исатайдың Ақтабанынан басқа Күрең қасқа (Жалғыз жирен деген сол екен), Торытөбел аттары болады. Таңбай атбегі Исатайға: «Ақтабанды жауға мін, Күреңді серуенге мін, ал торы төбелді аңға мін», – деп кеңес берген.
Махамбеттің өз аты «Кесікқұлақты» да біз жақсы білеміз. Ол туралы ақын Ғафу Қайырбеков өз өлеңінде:
«Шулап құстар, көл аңырап,
қыр қалды
Ол жүйіткіген Кесікқұлақ
тұл қалды», — деген.
Кенесарының «Ақтаңгеріне» кел-
сек, ол тұлпар жырда былайша суреттеледі:
«Екпіні тау селіндей сарқыраған,
Қас дұшпан үрейі
ұшып қалтыраған.
Қолында шолақ найза қол бастайды,
Астында Ақтаңкер ат арқыраған».
Ақтаңгер сынды тұлпардың бірі — Ағыбай батырдың Көкбестісі. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Көкбестісі жайлы: «жауды қуып Қарақырқаның жарлауытынан орғығанда қарны жарылып өледі. Көкбестінің басы былғары және ақ киізбен қапталып, Шешенқара тауының басына қойылған.
Жылқышылар: «Көкбестінің басын көрдік – бес қарыс деуші еді. Оған бір қарыс құлақ, сынық сүйем ерін қосылғанда тірі күнде қандай болды екен деп үлкен кісілер таңырқаушы еді» – деп жазады.
Ал Наурызбайдың Ақауыз, Қы-зылауыз деген аттары тарихи жырларда былайша суреттеледі:
«Жортқанда Ақауызды
аңқылдатып,
Қолына ақ семсерін жарқылдатып.
Зәресін алған талай
сұм дұшпанның,
Асыққай өшіккенді аспанға атып.
Ақауыз Наурызбайдың серігі еді,
Сауға ғып Ер Ағыбай беріп еді.
Астында Ақауызы жүрген шақта,
Ер Науан жеңілмейтін берік еді».
Қазақ үшін атты баптау да бір өнер. Мәселен, Қобыландының Тайбурылын құлын кезінен бастап арнайы тігілген киіз үйде баққан. Оған таңертең және кешқұрым екі рет түңдікті ашып, атқан күннің арайлы сәулесі мен батқан күннің қызыл шапағын әдейі түсіріп отырған. Судың өзін әбден қақталып кептілірген қурайдан жасалаған түтікпен берген. Тайбурылды осылай баптап, тек қараңғы үйде ұстаған. Тайбурыл алты айға толғаннан кейін далаға алғаш рет шығарылғанда жарыққа көздері жанып, аспанға шапшыған делінеді аңыздарда.
Алпамыстың Байшұбары да өзінен күші асқан ерге ғана ат болуға серт етеді. Құйрығына қол салып тоқтатқан Алпамыстың күшінің басымдығын білген Байшұбар батырдың нағыз сенімді серігі болады.
Айта берсек, тарихта аты қалған жылқылар қазақта аз емес. Тіпті Құлагердің өзі не тұрады. Алайда аталарымыз айтқандай:
«Жылқы күнде мінілсе – есек,
Айына мінілсе – ат,
Жылына мінілсе – тұлпар».
Ал мүлде мінілмесе ше? Мінілмесе емес, мінбесек ше? Тіпті жылқыға мойын бұрмай қойсақ қалай болады? Онда ақырын-ақырын бүгінгідей қой мінезді қалыптастырамыз. Ал одан арылу үшін атқа мінетін қазақ болайық. Жастарымызды да осы тұрғыда тәрбиелейік. Біз тілге тиек еткен батырлар мен олардың өміріне серік тұлпарлардың қазақ тарихында өз орны бар. Біз сол ұлттық мінезді қалыптастырған сол тарихи оқиғаларды, тарихи тұлғаларды бүгінгі саясатпен үндестіре алсақ, Жаңа Қазақстанға лайық жастар бой түзейді. Болмаса өмірлік тәжірибесі мен білімі жоқ жастар өзінің саяси мақсаттарын іске асыру үшін жастарды айналдыратын сыртқы және ішкі ыдыратушы күштердің ықпалында қалу қаупіне ұшырайды. Экстремистік көзқарастар мен идеялардың жастар арасына енуі, жастарды құқыққа қарсы әрекеттерге итермелеу қоғамдағы этносаралық, мәдениетаралық және конфессияаралық келісімдерді бұзу қаупін туғызады. Ал жастар болса — біздің болашағымыз. Оларды жаңа заманда өмір сүруге үйрету — басты міндет. Жастар саясатының дамуына үлес қосу – кім-кімнің де басты міндеті.
Барлық елдерде жастар саясатының басты мақсаты жастардың қоғамда шиеленіссіз ықпалдасуы мен өзін-өзі дамытуын арттыруға ықпал ету болып табылады. Қазақстанда мемлекеттік жастар саясатын жаңғырту барысында шетелдерде аса жетістікпен қолданылып жүрген тәсілдер мен амалдарды қолдану жөн саналады.
Шет ел тәжірибесі жастардың шешім қабылдауға ықпал ету-деңгейін арттыру мақсатында білім беру ұйымдарында өзін- өзі басқару органдарын дамыту көрсетілген. Сонымен қатар олар қажетті әлеуметтік, мәдени, коммуникациялы, басқарушы дағдыларды алу мүмкіндігін де береді. Оларда жастар саясатының бағдарламалары мен жобаларын іске асыруға мемлекеттік жеке серіктестің үлгісінде жеке қайырымдылық ұйымдарын, коммерциялық секторларды тарту тетіктері белсенді енгізілген.
Жастар саясатын іске асырудың жапондық тәсілдерінің негізі мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттардың бірлескен өзара тиімді іс қимылы мен араларындағы жауапкершілікті нақты бөлу. Арнайы жастар орталықтарының, бюролары мен қызметтерінің жұмыс істеуін мемлекеттік тұрғыда қамтамасыз ету әдістері кең қолданысқа ие. Мәселен Түркияда ақпараттық және мәдени жастар орталықтары, Германияда жастар, ақпараттық консультативтік бюросы қызмет етеді. Аталған орталықтар желілерге қосылған, қызмет көрсетудің стандарттық базасы, ақпарат алмасу және оны жаңарту желісі бар. Португалия мен Испанияда жастарға әлеуметтік көмек көрсетудің қоғамдық-мемлекеттік қызметі енгізілген. Швецияда соңғы жылдары мемлекеттік органдардың қызметін тұжырымдау мен шешім қабылдау кезеңінде үйлестірумен айналысатын арнайы құрылым қалыптасқан.
Ресейде жастар саясатын іске асыру әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси бағыттар бойынша ірі жобалар жүйесі арқылы жүргізіледі. Соңғы жылдары федералдық және өңірлік деңгейде жастар саясаты басқармасы құрылымы нығайтылған.
Жастар саясатын оңтайлы жүргізу үшін ұлттық құндылықтарға да назар салған жөн. Мәселен, қазақ үшін киелі заттың бірі — шаңырақ. Шаңырақтың мағынасы кең. Ол – баспана; ол – құт; ол – кие; ол – дәстүр; ол – тарих…
Жә, осы жерден шегерейік. Алайда қазақ үшін ең бастысы — шаңырақтың шайқалмауы. Бұл тұрғыда Лев Толстой жарықтық та:
«Бақытты отбасылар бір-біріне ұқсас келеді. Ал әр бақытсыз шаңырақтың өзіне тән қиындықтары бар», — депті. Ал атам қазақ болса: «Жау құтырса, шаңырағыңа қобыз тартар», – дейді.
Жалпы киіз үй біздің өміріміздің негізі. Нақтыласақ, мәні. Соған орай біз кез-келген жас отбасыға тілек айтқанда: «Босағаларың берік, керегелерің кең, шаңырақтарың биік болсын», – деп қоямыз.
Мына бір шумақ өлең де сондай ежелгі тілектің бірі:
«Құтты болсын шаңырақ,
Пана болсын жалғыз Xақ!
Қосағыңмен қоса ағар,
Өмірлерің болсын шат».
Рас, біз үшін қара шаңырақтың орны бөлек. Кім де болсын ол үй босағасынан имене аттайды. Бұл тұрғыда ақын Серік Әкрамұлы:
«Киіз үйге кіргенде,
Бәрі басын иеді.
Оның сыры білгенге,
Шаңырақ қой киелі.
Кереге, уық ғажап тым,
Кестелі ою өң береді.
Киіз үйі қазақтың,
Жер шарындай дөңгелек.
Түлеткен сан ұл-қызды,
Киіз үйім – дастаным.
Ай менен Күн, жұлдызды,
Шаңырақ қой аспаным», – дейді.
Шаңырақ, отбасы мәселесін тілге тиек етіп отырғанымыз, қазіргі уақытта жастар арасында прагматикалық бағдар күшейіп келе жатыр. Өмір құндылықтарының қатарында материалдық игіліктерге ұмтылу анағұрлым маңызды болып отыр. Бұл ретте көбінесе өмірдегі жетістік, әлеуметтік жоғары мәртебеге қол жеткізу өз қабілетімен еңбек етумен, алға қойған мақсаттарға қол жеткізумен, қойылған мақсатқа біртіндеп жетумен тікелей байланыстырылмайды.
Соған орай айтарымыз, бәріміз де бір-бір шаңырақ иесіміз. Айтудың оңайын-ай. Ал кімнің шаңырақ иесі екені даулы мәселе. Соған орай талай отбасы шаңырағы ортаға түсуде. Осы даулы мәселе біздің мемлекетке де тән. Біз соған орай жастарымыздың «Шаңыраққа қара!» – деген аталы сөзге мән бергендері жөн.
Шаңырақтағы мән – тұтастық. Себебі, бір үйде бір-ақ шаңырақ болады. Ал сол тұтастыққа нұқсан келтіргісі келетіндер — үй ішінен үй тіге бастайды. Үй ішінен тігілген үйде шаңырақ болмайды. «Шаңыраққа қара!» деген сөз соған орай айтылады. Мемлекетіміз де жастар саясатын әрі қарай да дамыту мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған жастарды қолдау жөніндегі кешенді жоспар қабылдады. Ол Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары мен мемлекеттік жастар саясаты туралы заңда айқындалған жастарды қолдау бойынша 9 бағытты қамтыды.
Әйтсе де отаудың жөні бөлек. Отау — қара шаңырақ иесі қалауына қарай тігіледі. Қара — қазақ үшін қасиетті түс.
Қара – жұмбақ, құпия түс. Қара түс – тәуелсіздіктің белгісі. Қара — мағына беруші түс. Қара даулы рең. Бір жағынан қараңғылық, қара күш, кінә, қарама-қайшылықпен байланыстырылса, бір жағынан берілгендік, табандылық, қажырлық, қайсарлық, өжеттік, тұрақтылық, шыдамдылықпен, қырағылықпен, білгірлікпен, сенімділікпен астастырылады. Бұл тұрғыда Уинстон Черчилль жарықтық:
«Артқы жағынан қара мата ұстап тұратын адам табылмайынша, ешқандай да жұлдыз жарқырай алмайды», — деген екен.
Бір сөзбен айтқанда, қазақ — барша жұлдызды жарқырататын сол қара мата.
Қалай десек те қазіргі уақытта әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға, болашақ ұрпақтың қалыптасуы мен жан-жақты дамуына арнайы жастар бағдарламалары ғана емес, сол сияқты бүгінде елімізде іске асырылып жатқан білім беруді, денсаулық сақтауды, тілдерді дамытудың, үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың бір-неше ауқымды мемлекеттік бағ-дарламалары жұмыс жасайды. Жастар — қоғамның қозғаушы күші. Бүгінгі жастар креативті пікірге ие.
Шыны керек, қазір жастар арасында соңғы инновациялық технологияларды пайдалану арқылы жобалар ұсынып жүргендері баршылық. Түрлі жаңа технологияның игіліктерін біліп, көріп жүрген де солар. Инновациялық жобаларды халықаралық деңгейдегі сайыстарға қатыстырып арнайы грант ұтып алған жастар көп. Ал оны ғылыми тұрғыда жүзеге асыруға қаржылық колдау қажет.
Демек, мемлекет тарапынан озық идеяларға, ұтымды жобаларға арнайы қаржы қарастырылып, жүзеге асуына мұрындық болған жөн. Онсыз білімді жастар шетел асып, басқа елдің атынан шығуы әбден мүмкін. Сол себептен ғылымды дамытамыз десек, әуелі инновациялық жобаларды мақұлдау қажет. Еліміздің жастары — белсенді де жарқын топ. Олар кез келген шыңды, тіпті әлемді бағындыруға дайын. Ақылды да тапқыр, жас та жігерлі. Қазақстандықтардың алдында өз идеяларын жүзеге асыруға мумкіндік беретін керемет болашақ күтіп тұр. Бұдан бұрын өзімізге қойған сауалға келер болсақ, қазіргі жастардың келбеті қандай дегенде бір ғана тұжырым жасауға болмайды. Біз барлығымыз да қайталанбас бірегей түлғалармыз. Біздің жастар даңқы әлемге танылатын дизайнер, режиссер, ғалым, сәнгер болуда. Олар робот техникасын зерттеуде, керемет фильмдер түсіруде, өнер туындыларын жасап, теңдесіз идеяларды тудыруда.
Дамыту мен құлшыныс туғызу үшін барлық жағдайды жасап, бұл бастамаларды жан-жақты қолдау аса маңызды. Біздің алдымызда осының барлығын игеріп, өз әлеуетімізді тиімді пайдалану міндеті тұр. Ал бұл жолда біз анықтап алуға тиістінің ең басты талабы мынандай болмақ: «Біздің ең маңызды әрі бағалы қүндылығымыз — осы жерде өмір сүріп жатқан адамдар». Ендеше талабымыз да, бағдарымыз да айқын: «Біздің ең басты құндылығымыз — осы жерде өмір сүріп жатқан адамдар, басты мақсатымыз — қуатты мемлекетті құру.
Жастар саясатын жүзеге асырудағы маңызды рөл жастар үйымдарына тиесілі. Соңғы жылдары олардың саны елімізде бірнеше есе өсті.
Қазақстан жастарының Конгресі сияқты бұқаралық ұйымдарда жастарды шоғырландыру процесі жалғасуда. Бүгінгі жастар — ертеңгі кәсіби білікті маман, болашақ отбасының тірегі. Әрбір жас қоғамда өз орнына ие болу үшін кез келген қоғамдық мәселеге бейжай қарамауы тиіс. Себебі патриоттық рух та, рухани ерік-жігер де ортамен араласудан туындайды.
Қазіргі жастар – болашағының жарқын болуы үшін өздерінің ақылдарымен, талмас еңбегімен, сонымен қатар қайсар күш қуатымен өздерінің алдағы жоспарларының мақсаттарын табу керек. Бұл жаңа еліміздің бой көтерген, бәсекеге қабілетті сонымен қатар дүние жүзі бойынша құрмет тұтатын елді толықтыруда көптеген еңбек етіп әрі қарай алып жүру керек.
Жастар саясатын жүзеге асыру елді жаңашылдыққа, интеллектуалды бәсекелестікке жетелейді. Сондықтан жастар қоғамның бір бөлігі ретінде мемлекетте маңызды рөл атқарады. Соған орай ресурстық орталықтары мен жастар денсаулық орталықтары арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен жоспарды әзірлеу және іске асыру басты міндетіміз. Бір сөзбен айтқанда, жастар саясатының мақсаты жастардың рухани, мәдени, білім алып, кәсіби және дене бітімінің толыққанды дамуы, шешімдер қабылдау процесіне қатысуы, ойдағыдай әлеуметтенуі және олардың әлеуетін елді одан әрі дамытуға бағыттау үшін жағдайлар жасау болып табылады.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.