Білім және ғылым стратегияларының Болон процесі негізінде жүзеге асуы
24.03.2022 0 1 382
София Дүйсенова,
әлеуметтанушы,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Әлемдік жаңашыл тенденциялардың жұмыс қарқыны ұлттық білім беру жүйесінің жеке-дара немесе автономды түрде дамуына септігін тигізеді. Жоғары білім жүйесінің дамуы үнемі әлемдік деңгейдегі трендтерге сүйене отырып дамиды. Қазіргі таңда жаһандану нарық еңбегінде тиімді жұмыс жасай алатын жаңа формациялы заманауи мамандарды талап етеді. Бұны білім жүйесінің институционалды құрылымдық реформасы мен әдіснамасы деп айтуымызға болады. Жаңа экономикалық шарттардың критерийлеріне сәйкес бітіруші түлектердің ұлттық және халықаралық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуы, сонымен қатар, жоғарғы дамыған елдердің қатарына қосылуы еңбек нарығындағы барлық білім талаптарына сай келуі қазіргі заманның басты мәселесі болып отыр.
Қазақстанда жоғарғы білім деңгейінің сапасы өзекті мәселеге айналды. Сапалы біліммен қамтамасыз ету және білім беру факторларының барлық жетістіктеріне түрткі болған Болон процесін Қазақстан толыққанды құқылы қолданып келе жатқанына 10 жылдан асты. Бұл жағдайдың өзекті мәселелері еліміздегі академиялық мобильділіктің нәтижесін, қазақстандық жоғарғы оқу орындарындағы студенттердің шетел студенттерінің арасындағы мобильділік шараларын көрсетеді.
Білім саласындағы интеграция жетістігі деп, қазіргі таңда 48 елді біріктіріп отырған Болон процесін ерекше атап айтуға болады. 2010 жылы Қазақстан Болон процесінің толық құқылы қатысушысына айналып, қазіргі таңда аталмыш процестің барлық параметрлерін елімізге белсенді түрде ендіріп жатыр.
Бірінші параметр бойынша, қазіргі таңда елімізде үш дәрежелі «бакалавр- магистр-доктор PhD» жоғарғы білім жүйесі заңды түрде бекітілген. ҚР-ның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз жолдауында әлеуметтік саланың модернизациялануын, заманауи білім беру жүйесінің дамуын және жоғары білікті мамандарды даярлауды «Қазақстанның бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясының» негізгі бағыттарының бірі ретінде анықтады.
Оның ойынша, соңғы жылдары елімізде айтарлықтай өзгерістер болды. Қазақстан әлемде жақсы таралған және мойындалған бакалавр- магистратура моделін сәтті қабылдады және үш деңгейлік білім беру жүйесіне: бакалавриатқа, магистратураға, PhD докторантураға толығымен көшті.
Еуропалық елдер қол жеткізген өзара түсіністік негізінде бакалавриат деңгейіндегі оқудың ұзақтығы үш немесе төрт жылды құрауы мүмкін. Бұл деңгейдегі оқудың ұзақтығы ұлттық жоғары білім беру жүйесінің көлемінде орталықтанған түрде, сондай-ақ, нақты ЖОО деңгейінде орталықтандырылмаған түрде анық-тала алады.
Қазақстан Республикасының Ұлт-тық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметіне сай 2021/22 жылы Қазақстанда бакалавр деңгейінде білім алып жатқан студенттердің жалпы санынан 79,6% (481058 адам) күндізгі бөлімде, 33238 адам (5,5 %) кешкі бөлімде, 90047 адам (14,9 %) сырттай оқу бөлімінде оқыған. Жоғарғы оқу орнында барлық білім алып жатқандар құрамынан 241101 адам (39,9%) мемлекет меншігіндегі, 354839 (59,2%) жеке меншіктегі, 5405 адам (0,9%) шетел меншігіндегі ЖОО-да білім алып жатыр.
Қазақстандық студенттер негізінен (70,2%) ақылы негізде оқиды. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Статистика коммитетінің мәліметіне орай, 2020-2021 оқу жылында студенттердің 29,8% (180088 адам) мемлекеттік білім гранттарының есебінен тегін білім алған.
Сонымен қатар, ЖОО-ның ғылыми дәрежесі бар ОПҚ (оқытушы- профессорлық құрам) саны әлі де аз және ол 50,4 % құрап отыр. Тек 2% ғана PhD доктор дәрежесі бар [161].
Екінші және үшінші деңгейдегі білім алушылардың көрсеткіші 2019-2020 оқу жылында Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметіне сай, жоғары оқудан кейінгі білім бойынша кадр даярлауға мемлекеттік тапсырыс көлемі келесідей: магистратура – 35 690 орын, PhD докторантура – 6363 орын. Магистратура бойынша оқитындардың жалпы саны 29882 адамды құрады.
Магистратурада білім алып жат-қандар саны мен басым мамандықтар: әлеуметтік ғылымдар, экономика және бизнес – 24,6%, техникалық ғылымдар мен технологиялар – 24,1%, білім беру – 16,2%, құқық – 10,5% [162].
Қазіргі таңда Қазақстанның білім беру жүйесінің екінші деңгейі – магистратураға студенттер арасында түскісі келетіндердің саны артып келуде. Оның басты себебі – зерттеу нәтижесі көрсеткендей, бакалавр толық жоғары білім емес (61.1%) деп ойлап, жоғары деңгейде білім алғысы келетіндерінде (46%). Білім алушылардың анықталған мақсаттарына сәйкес әртүрлі мотивтермен білім және ғылым стратегиялары қалыптасады. Магистранттардың білім және ғылым стратегияларының анықталуы олардың докторантураны таңдауынан көре аламыз.
Қазақстанда докторантураның әлемдік ғылыми кеңістікте еркін жүре алатын, білікті жас ғалымды қалыптастыру, дайындау негізгі міндеттердің бірі болып отыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, докторантурада оқитындардың жалпы саны 1775 адамды құраса, олардың арасындағы әйелдер саны 1174 адамды, яғни 66% құраған. 2019-2020 жылдар аралығында 905 адам докторантураны тәмамдап, олардың ішінде 249 адам диссертация қорғаған.
Докторантурада оқуларын аяқтап, бірақ белгіленген мерзімде қорғауға шықпаған PhD докторанттардың саны 2013 жылы – 414 түлектердің арасынан 130, ал 2014 жылы – 611 түлектердің арасынан 205 болды. 2015 жылы докторантураны 533 адам бітірсе, олардың ішінде 175 адам немесе 32,8% диссертация қорғады.
Сонымен қатар, ЖОО деректері бойынша философия докторының дәрежесі бар жас ғалымдардың жұмысқа орналасуының талдауы олардың көпшілігі ЖОО-дарда (87,5%) және ғылыми ұйымдарда (13%) жұмыс істеуге қалғандығын көрсетеді.
Қазақстандағы РhD докторант-тардың дайындығы жайлы мәселеге тоқтауды жөн санап тұрмын. PhD дайындығының заманауи жүйесінің жағымды аспектілерін белгілеу қажет: біріншіден, PhD докторантурадағы оқуға қабылдау ағылшын тілін білу негізінде жүзеге асады. Екіншіден, олар 3 жыл бойы алдыңғы қатардағы шетелдік университеттерде тағылымдамадан өту (2 айдан 2 рет) мүмкіндіктеріне ие, Қазақстанда жетіспейтін заманауи талдау аспаптарымен жұмыс жасайды және өздерінің ағылшын тілдерін жақсартады. Барлық PhD ізденушілері диссертациясын уақытында қорғай бермейді. Бұның себептерінің бірі – PhD докторантурадағы оқудың ұзақтығы 3 жылды құрауы, алайда оны көптеген батыстық жетекші университеттердегідей 4-5 жылға дейін ұзартуға болатын еді.
Бұл бағытта қандай да бір жұмыстар жасала бастады. ЖОО мен ҒЗИ зерттеу потенциалын күшейту үшін Министрлік бірлескен инновациялық білім беру бағдарламалары бойынша жобаны жүзеге асырды. Жетекші төрт ЖОО ғылыми кадрларды ҒЗИ-ымен бірлесіп дайындауды бастады: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен «Ғылым ордасы» ҒЗИ; техникалық профильде – Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ мен «Парасат» ҰҒТХ екеуін біріктіру арқылы; аграрлық профильде – ҚазҰАУ мен ҚР АШМ ҒЗИ интеграциялану жолымен; С.Сейфуллин атындағы Қазақ Аграрлық университеті мен «КазАгроИнновация» АҚ ғылыми ұйымдары.
Болон процесінің негізгі пара-метрлерінің бірі ECTS атты қазақстандық кредиттік жаңа моделін қарастырып өтсек. Қазіргі заманғы білім беру процесінің ең маңызды жетістікке ие болған жүйесі ол – ECTS (European Credit Transferand Accumulation System – Еуропалық бал жинау арқылы оқу жүйесі), осы жүйе арқылы әртүрлі жоғарғы оқу орындары студенттерінің арасында академиялық жақындық, академиялық мобильділіктің дамуы жүзеге асқанын білеміз. Қазақстандық кредиттік жүйе арқылы бағалау оқу процесіндегі кредиттік технологиямен оқытудың ережелерінің ұйымдастырылуында кеңінен таралған. Берілген құжаттың негізгі процедуралары туралы айта кететін болсақ, білім алушы арнайы пәндерді оқып бітіріп, аралық аттестациядан өткеннен кейін, өзі оқитын жоғарғы оқу орнының деканатына барып, емтихандық ведомостты (транскрипт) алып немесе қысқартылған түрде жазылған емтихан бағаларын көре алады, сонымен қатар, пән бойынша қорытынды аттестациясы мен жинаған кредиттің санын балдық жүйе арқылы көре алады. Шетелдің жоғарғы оқу орындарымен бірлесе отырып жұмыс жасайтын Қазақстандық жоғарғы оқу орындары сынақ алуда Қазақстандық ECTS жүйесі арқылы жұмыс жасайды.
Қазақстан Республикасы бойынша кредит арқылы бағалау ECTS жүйесі білім бағдарламасының әрбір пәні бойынша ECTS1 кредит эквивалентімен бал жинақтап отырады. Оқу жұмысындағы кредиттік көрсеткіштерді есептеу келесі көрсетілген коэфициенттер көмегі арқылы жүргізіледі: бакалавриаттар үшін – 1.5 пен 1.8 балл шамасында; салалық магистранттар үшін – 2 мен 2.4, ғылыми және педагогикалық салада – 2.5 пен 3 балл аралығы; докторантура үшін – 3.5 пен 4.2 балл аралығында қойылады. Сонымен қатар, кредиттер толық бірлікпен де қойылады. Курстық жобаның еңбек өнімділігі үшін қойылатын балл жалпы пәннің ортақ еңбегіне жатқызылады: оқу және тәжірибелік практика – 0.5 пен 0.6 балл; педагогикалық практика – 1 мен 1.2 балл; өндірістік практика – 2.5 пен 3 балл; магистранттың (докторанттың) зерттеу жұмыстарының практикасы – 4-4.8 балл; оқушының қорытынды аттестациялық көрсеткіші – 3.2-4.5 балл аралығында қойылады.
Оқу бағдарламасы кредит арқылы бағалауда көптеген проблемаларды шешеді. Еуропалық мобильділік тәжірибесінде ресми құжат ретінде «Оқуға келісім» (ECTS LearningAgreement) құжаты берілген [166]. Бағдарламаны оқытуда пәннің оқытылу мобильділігі мамандықтың ғылыми-теориялық дәрежесіне сәйкес келуі тиіс. Нұсқаушы жоғары оқу орнындағы пәннің оқу жоспарын, оқудың аналогты түрде жүргізілуін қадағалайды. Мобильділік шетелдік тәжірибесі мол университеттің, факультеттің арасында әріптестік орнатып, жұмыс жасауға өз септігін тигізеді. Мұндай жағдайда студент оқитын жоғары оқу орнының оқу жоспарымен танысып, екіжақты ұзақ уақытқа созылған келісім дайындайды.
Қазақстан Республикасындағы жоғары және жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім беру құрылымы «Білім туралы» заңмен (27.07.2007) реттеледі.
Қазақстан халқының білім деңгейі салыстырмалы түрде жоғары және ЭЫДҰ-ға мүше елдердің орташа деңгейіне жақын. 25 және одан жоғары жастағы ересектердің шамамен 40%-ы алған білімінің жоғары деңгейі ретінде орта білімді, 30%-ы колледж дипломы және 25%-ы жоғары білімді. ҰЭМ СК мәліметтері бойынша, 2017-2018 оқу жылында Қазақстандағы ЖОО контингенті 534 421 студентті құрады, оның ішінде 496 209 бакалавриат бағдарламасы, 34 609 магистратура бағдарламасы (ғылыми-педагогикалық бағыт – 19 431 адам, бейіндік – 15 178 адам), докторантура PhD – 3 603 адам (2-кесте). 2019-2020 оқу жылында жалпы ЖОО-да білім алушылар саны 604 400 адамды құрайды.
Әлемдік тәжірибеде университет бюджетінің негізгі қайнар көздері мемлекеттік қаржыландыру, студенттердің оқу үшін және басқа олардың білімімен байланысты төлемдерінен қаражат, қайырымдылық көмек, тауарлар мен қызметтер үшін университеттерге жеке салымдар және коммерциялық университеттерге капиталды инвестициялау болып табылады. Мемлекеттік қаржыландыру және студенттердің оқу ақысы кірістің негізгі бөлігін қамтамасыз етеді.
Ұлттық экономика министрлігінің статистикалық комитетінің мә-ліметтеріне сәйкес, 2017 жылы Қазақстанның мемлекеттік білім саласына шығындары жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 3,7%-ын құрады. Жоғары білімге арналған мемлекеттік шығыстардың үлесі ЖІӨ-нің 0,3% шегінде тұрақты түрде төмен болып қалады, ал ғылымға шығындар ЖІӨ-нің 0,2%-нан аспайды. Инвестицияның бұл деңгейі ЖІӨ-ге пайыздық қатынаста көптеген елдермен салыстырғанда төмен және ЮНЕСКО ұсынған орташа ЖІӨ-нің 5-7% деңгейінен төмен.
2018 жылы мемлекеттік бюджеттен бір студентті оқыту құны орта есеппен 635 800 теңгені құрады (2017 ж. – 596 188 теңге). 2018 жылы бакалаврларды даярлауға мемлекеттік тапсырыстар көлемінің 29%, магистрлерге – 20% және докторанттарға – 43% өскені байқалады (3-кесте). 2019-2020 жылы мемлекеттік бюджеттен бір студентті оқыту құны орта есеппен 635 800 теңгені құрады (2017 ж. – 596 188 теңге).
Қазақстанның жоғарғы оқу орындары әртүрлі ғылыми жобалар бойынша халықаралық дәрежеде өздерін танытуда. Бұндай жағдайлар жоғары оқу орнындағы білім берушілер мен білім алушылар үшін өздерін кәсіби дамытып, әлемдік ынтымақтастықты орнатуға мүмкіндік береді.
Қазақстанда 2021 жылы уни-верситеттердің халықаралық жоба-ларға қатысқандар саны – 330 болған. Жүзеге асырылып жатқан халықаралық жобалардың ең көп саны ұлттық университеттерде (113), сонымен бірге мемлекеттік университеттер – 79, акционерленген – 61 және жеке университеттер – 77 жобаға қатысады.
2020 жылы қазақстандық жоғарғы оқу орындары серіктес жоғарғы оқу орындарының оқытушылары мен ғалымдарын оқу және ғылыми қызметке тек өз қаражаттары есебінен тартты. Шетелдік ғалымдардың ең көп саны Ресей Федерациясынан (156), Түркиядан (92) және Кореядан (43 адам) келді. Одан кейін АҚШ (35), Польша (34), Франциядан (32) келді.
Тартылған шетелдік серіктестер саны бойынша алдыңғы орынды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ (172) иеленсе, одан кейінгі орындарда Яссауи атындағы МКТУ (43), Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ (27 адам) тұр. Шетелдік топ-менеджерлердің белсенді жұмысы Алматы энергетика және байланыс университеті, AlmaU, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, ҚБТУ сияқты жоғарғы оқу орындарында көрінеді.
Қазақстандық ЖОО-ны басқаруға қатысатын мамандардың тиімділігіне мониторинг университеттің ұлта-ралық, инновациялық білім беру бағдарламаларын әзірлеу, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту және профессорлық-оқытушылық құ-рамның кәсіби шеберліктерін арттыру сияқты негізгі бағыттар бойынша жасалады.
Жалпы алғанда, қазақстандық ЖОО-ның білім және ғылыми халықаралық іс-әрекеттерін жүзеге асырудың тиімділігін көрсету қажет.
Бұл тұрғыда еліміздің жоғары оқу орындарына халықаралық ұйымдар айтарлықтай қолдау көрсетіп отыр. Мысалы, BritishCouncil жобасы аясында қазақстандық жоғарғы оқу орындарында біліктілікті арттыру және өзара әрекеттестік орталықтарын құру қолдау тапты. Бұл орталықтардың жұмысы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мен олардың жұмысының нәтижелігін көтеру мақсатында ғылыми кадрлар мен басқа да университет қызметкерлерінің кәсіби құзыреттіліктерін жетілдіруге бағытталған. Бұл жобаға Есенов атындағы КМТИУ, С.Баишев атындағы Ақтөбе университеті, Е.А.Букетов атындағы ҚарМУ, А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ, М.Әуезов атындағы ОҚМУ, ҚАЕУ қатысады.
ЖБЕК есебі Қазақстан Республикасында Болон процесінің параметрлерін іске асырудағы көрсеткіштердің айтарлықтай жақсарғанын көрсетеді. Болон процесінің параметрлерін жүзеге асырудың тиімділігін анықтау үшін «Болондық бағдаршам» әдісі арқылы көрсеткіштерге талдау жасалды. Осы әдіске сәйкес, 2018 жылы Болон процесінің индикаторларының көпшілігі жасыл түспен белгіленген және олардың Қазақстан Республикасының жоғарғы оқу орындарында сәтті жүзеге асырылуын көрсетеді.
Осылайша, Қазақстанда бірінші және екінші цикл бағдарламалары сәтті жүзеге асырылуда. Қазақстандық ЖОО студенттерінің 90% жуығы бакалавриат пен магистратурада оқиды.
Барлық бірінші цикл бойынша біліктіліктер екінші циклдік бағдарламаларға қолжетімділігін қамтамасыз етеді, ал екінші цикл бойынша барлық біліктіліктер үшінші циклдің кем дегенде бір бағдарламасына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Жыл сайын, мемлекеттік тапсырыстың арқасында 3-ші цикл – PhD докторантураға қолжетімділік қамтамасыз етіледі.
Қазақстан ECTS-пен салыстыруға болатын ұлттық несие жүйесі бар елдер санатына кіреді. Қазақстан Республикасының барлық жоғарғы оқу орындары оқу жүктемесін жасауда ECTS-ті қолданады. Білім беру бағдарламалары мен олардың компоненттері оқыту нәтижелерін ескере отырып сипатталады. ЖОО- ға сыртқы бағалау беру кезінде 2015 жылы ЖБЕК министрлерінің Ереван конференциясында бекітілген ECTS пайдалану ережесін нұсқаулыққа алады.
Қазақстан Республикасының жоғарғы оқу орындарында Еуропалық дипломдар қосымшасын (Diploma Supplement) беру мүмкіндігі бар. Қазақстан Diploma Supplement түлектерге тегін, ағылшын тілінде, сұраныс бойынша (автоматты түрде емес) берілетін елдер санатына кіреді
Біліктіліктің ұлттық жүйесі заңнама деңгейінде бекітілген. Білім, ғылым, еңбек және ауылшаруашылық салаларында Ұлттық біліктілік шеңбері (ҰБШ), Салалық біліктілік шеңбері (СБШ) жасалып, бекітілді. Кәсіби стандарттар жасалуда. Оқу бағдарламалары ҰБШ-не кіретін оқыту нәтижелерінің негізінде жасалады. Қазіргі таңда ҰБШ-нің өзін-өзі сертификаттау рәсімінен өту жұмыстары жүргізілуде.
Қазақстанда сапаны қамтамасыз етудің ұлттық жүйесі бар. Қазақстан Республикасының барлық жоғарғы оқу орындары жүйелі түрде сыртқы сапалық бағалауға жатады. 1-тізілімге енгізілген аккредиттеу агенттіктері Еуропалық сапаны қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулықта (ESG) жұмыс істейді және EQAR- да тіркелген.
Қазақстан білім алушылар мен оқытушылар құрамының жоғары және төменгі мобильділігі ұлттық стратегияның бір бөлігі болып табылатын елдер қатарына кіреді.
ЖОО деңгейінде мобильділік бағдарламасына қатысатын аз топ өкілдерінен тұратын студенттерге мониторинг жасалып отырады. Ұлттық деңгейде университеттерге аз санаттағы студенттердің мобильділігін қолдау бойынша ұсыныстар әсер етеді. Қазақстанда жоғары білімді ұлтаралықтандыру үшін ұлттық стратегиямен жұмыс жасауды 100% жоғарғы оқу орындары қабылдаған. Себебі, елімізде қазіргі таңда оқу бағдарламаларын жасау кезінде жұмыс берушілерді білім беру жүйесін жоспарлау мен басқаруға тарту міндеті алға қойылған. Ағымдағы жағдайды талдай отырып, Болон процесінің параметрлерін жүзеге асырудың оң тенденциясын атап өтуге болады.
Жалпы, Қазақстан Респуб-ликасының ұлттық жоғары білім беру жүйесі еуропалық стандарттарға сәйкес дамып келеді және Еуропалық жоғары білім беру кеңістігінің негізгі құжаттарын ескереді. Қазақстан институционалды дербестіктің дамуын, алдыңғы оқуды мойындауды, өмір бойы білім алуды (бейресми білім) және жоғары білімді цифрландыруды қамтитын әлемдік тенденцияларды ескере отырып жұмысын жалғастыруда.
Қазақстандық жоғарғы оқу орындарында бүгінге дейін шетелдік жоғарғы оқу орындарындағыдай жеке оқу жоспарлары әлі дайын емес екенін мойындауымыз керек. Академиялық мобильділік бағдарламасы бойынша оқу келісімдерін, оқытылатын пәнді, серіктес жоғарғы оқу орнын анықтап, студент шетелге шықпас бұрын толтырылатын қажетті құжаттар мен келісімшарттар толтыруы тиіс. Кейбір пәндер шетелдік жоғарғы оқу орындарындағы пәндермен сәйкес келмеген кезде өз университетінен қашықтан білім алып, емтиханды өз еліне келіп тапсырады. Шетелде алған теориялық білімі транскриптіге енгізіледі.
Ал тәжірибелік жұмыстарды бағалау көбінесе, транскриптіге жазылмайды. Бұндай кедергілерді жоғарғы оқу орнының нормативтік құжаттарына сүйене отырып шешуге болады. Осылайша, біз ECTS академиялық кредитінің білім алушылар немесе университет үшін қолайлы екенін көре аламыз.
Күні бүгінге дейін академиялық мобильділік мониторингі негізінен сандық көрсеткіштермен сипатталып келеді. Академиялық мобильділікті, ең алдымен, жоғарғы оқу орындарының өкілдері жауапкершілікке алады. Жетістікке жету үшін жоғарғы оқу орындарына: шетел университеттерінің тек аккредитацияланған жоғарғы оқу орындарын таңдау, берілген пәннің мазмұнын толығымен зерттеп, қалыптасқан қабілеттілікті жинақтау, университеттердің өкілдерімен үнемі байланыста болу, оқып келген студенттерден есеп қабылдау сияқты талаптар қойылады.
Әрбір жоғарғы оқу орны өзінің инфраструктурасын дамыту керек – жатақхана, шетел студенттерін қолдайтын орталық, шетелдіктерге арналған қазақ және орыс тілдерін оқыту курстары және т.б. жабдықтармен қамтамасыз етілуі тиіс.
Шетел студенттерін түрлі іс-шараларға тарту: шетел студенттерінің психологиялық көңіл күйінің тұрақты болуын, әлеуметтік мәдени ортаға бейімделуін қамтамасыз ету; мәдениетаралық тәрбиеге тарту, өзара мәдени байланысты белсенді түрде дамыту, өзара байланыс жасау, мәдени жақындыққа тарту; тілді үйренуге үнемі жағдай жасап, тренингтер ұйымдастыру; ұлттық мәдениетті бойларына қалыптастыру мақсатында сабақтар, дискуссия, мастер-кластар, іскерлік ойындар, театрға бару, мұражай, көрме, концерттер ұйымдастыру керек.
Қазақстандық білімді көркейту тек қана жеке емес, жалпыға ортақ іс және оған мемлекеттің көлемінде қолдау көрсету маңызды.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.