…Жадымдағы сол жылдарды, Естелікпен жалғадым… …Жадымдағы сол жылдарды, Естелікпен жалғадым…
Гүлсамал АЙМАХАНОВА, Ақтөбе облысы Шалқар қаласында туған.Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одағының, Қазақ Авторлар Қоғамының мүшесі, «Мәдениет саласының үздігі». 1985 ж. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналис-тика... …Жадымдағы сол жылдарды, Естелікпен жалғадым…

Гүлсамал АЙМАХАНОВА,
Ақтөбе облысы Шалқар қаласында туған.Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одағының, Қазақ Авторлар Қоғамының мүшесі, «Мәдениет саласының үздігі».
1985 ж. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналис-тика факультетін бітірген. Еңбек жолын Алға аудандық «Жұлдыз» және Мұғалжар аудандық газеттерінде тілші болып бастаған.
Облыстық, республикалық, халықаралық
өнер байқауларының жүлдегері.

ДҮНИЕ ЖАРАЛҒАЛЫ…

Дүние дүние боп жаралғалы…
Тiршiлiк толғандырған Адамзатты.
Ғарыштық кеңiстiкте өмiр сепкен,
Жап-жарық дүниенiң шапағаты.

Дүние дүние боп жаралғалы…
Ғаламдар Құдіретке бағынады.
Сақтаған жаратылыс қойнауында
Бiрлiк пен Сенiм күшi Адамдарды.

Дүние дүние боп жаралғалы…
Хауа-Ана, Адам-Ата ұрпақтары
Жемiсiн татып дәмдi алма бақтың,
«Жер» деген ғажап шарда өркен жайды.

Дүние дүние боп жаралғалы…
Алдаспан жүзді ащы Ақиқаты:
Өркендеп, талқандалған Ұлт-ұлыстар
Өткерген бастан талай замандарды.

Дүние дүние боп жаралғалы…
Тiршiлiк мейiрiммен тамырланды.
Рухани тазалығы қалқан болып,
Жанартау апаттардан аман қалды.

Дүние дүние боп жаралғалы…
Серiгi Жерлiктердiң ой-арманы.
Үндескен өркениет келбетiмен,
Тамырлас жан-жүрекпен Ар-ожданы.

Дүние дүние боп жаралғалы…
Келiсiм өрнектеген табиғатты.
Мәңгiлiк қағидасы әлдилеген
Сезiмнiң падишасы Махаббатты.

Дүние дүние боп жаралғалы…
Қайнары қайшылықтың ғаламдағы:
Үздiксiз күресуде Ақ пен қара,
Кiмін… кiм қыл көпiрден аударады?

Дүние дүние боп жаралғалы…
Iзгiлiк Иман көзi саналады.
Кешiрiм бiтiмiмен келiспейтiн,
Егеске естiлерi таңданады.

Дүние дүние боп жаралғалы…
Жер-Ана бесiк тербеп ағарғалы,
Үмiт пен күдiк кезек мекендеген –
Ежелгi шөл кіндігі Сахараны.

Дүние дүние боп жаралғалы…
Санаулы пенделердiң қадамдары.
Тектісін опындырып мәңгүрттерi,
Данасын орға жыққан надандары.

Дүние дүние боп жаралғалы…
Шарлаған Ұлы сулар сан арнаны.
Бақытпен қапталдасып қасыретi,
Бiр шалқып… мың басылған жалған әнi.

Дүние дүние боп жаралғалы…
Тайыздар көзсіздiкпен паңданады.
Дариға, қимас жандар сын мезетте
Бiр ауыз сөзге келiп, шамданады.

Дүние дүние боп жаралғалы…
Құстарға қанат бiтiп самғағалы,
Кешегi балғын бөбек құмдар көшiп,
Тағдырға мойынсұнған жан болады.

Дүние дүние боп жаралғалы…
Тiрiнiң Тәңiрiден татар дәмi.
Бiрi – көл, бiрi – шөлмен түйiседi
Түбiнде кедiр-бұдыр сапарлары.

Дүние дүние боп жаралғалы…
Ақындар құлай сүйген арлыларды.
Табынып сәбидейін пәктiгiне,
Тағылық пиғылына арланады.

Дүние дүние боп жаралғалы…
Сынақтар тосылдырған Бабаларды –
Уақыттың қайырмасы секілденіп,
Қазiр де торықтырар Замандасты.

Дүние дүние боп жаралғалы…
Адамға таңсық тылсым мағынасы.
Кестелеп еске салдым сабақ үшiн,
Мазмұнын, достым, өзiң пайымдашы.
…Дүние дүние боп жаралғалы…
ҚАЗАҚ ЖҰРТЫ

Кеше…
Қазақ жұрты кешегі қандай едік?
Жарқыраған жұлдыздай шамдай едік.
Сәуірдегі сәруар сәресіде…
Жан-жүрекке нәр берген балдай едік.

Қайыспайтын көштегі Нардай едік,
«Жоқ» кезде де шүкіршіл, «бардай» едік.
Арға жанын қиятын садағаға,
Боркемікке бұзылмас жардай едік.

Бұрын біздің Қазекең елшіл еді,
Тал бесікте Ту тіккен жершіл еді.
Байтақ үшін күрескен Хан, Батырлар…
Бабалардан батылдық еншіледі.
От пен оққа майданда қақтап жанды,
Талай толқын өткерді «ақтабанды».
Неше ғасыр алысып дұшпанымен,
Ұрпақ үшін Ел-Жерін сақтап қалды.
Бүгін…

Бүгін қандай жалғасы Батырлардың,
«От ауызды, орақ тіл» Ақындардың?
Жүрегінде Намыс пен Рухы бар ма,
Көкбөріден жаралған ұрпақтардың?

Бойымызда тектілік сақталған ба,
Күн көзінде зердеміз қақталған ба?
Ауыл-үйден ұзатпай күйбең тірлік,
Күнкөріспен қайсарлық тапталған ба?

Кеше қандай болдық біз, қазір қандай?
Ел еңсесі биік пе, ашық маңдай?
Бөтендердің алдында кей ағайын,
Кібіртіктеп тұрады жасық жандай.

Қайыспайтын сынаққа Қара Нардай,
Рухы бар ма Жұртымның жанартаудай?
Қазағымның қайсар, өр жас толқыны…
Болашақпен қауышсын жарық таңдай!

…Қазақтар, алға!
Сұңқардай самға,
Самғаудан талма,
Көшіңнен қалма.
Қазақтар, алға!
Ата мен Бала…
Көпірін жалға.
Қырандар, алға!
СЫРЫМДЫ АЙТСАМ…

Дарабоз ақын Төлеужан Ысмайылов рухына

Сырымды айтсам… іркілмей, хас Ақынға,
Сезінемін болмысын жақын жанға.
Жан Анаммен бір жылы туған екен,
Отыз төртте «қош» деген бұл жалғанға.

Адам мұқтаж Тәңірдің рақымына,
Асулар көп кедергі Бақ шыңына.
«Аһ» ұрғызған, жеткізбей орта жолға…
Амал бар ма құдірет жазмышына?

Жылжып уақыт, дүбірлеп күн… айлар да,
Жүйрік мезгіл өткенге қарайлар ма?
Жер бетінде мәңгілік қозғалыспен…
Жүз қуарып, ағарған самайлар да.
Табын салып замана шарайнаға,
Тосын сипат орныққан айналаға.
Сексен деген сеңгірдің елесімен…
Пейіш жақтан мұңайып, қарай ма Аға?

Абыралы аспанын сағынды ма,
Аллаға бір «Дат!» айтып, шағынды ма?
Күншығыстан атойлап отты Жыры,
Күннен бұрын орады таңды нұрға.

Кіндігінен жұмыр жер айналғанда,
Қан базары Өмірдің қайнағанда,
Қанатында құстардың күй шалқиды,
Қара өлеңмен сыр бағы жайқалғанда.

«Кіндік кесіп, кір жуып» ауылдарда,
Шынықтырып төзімді дауылдарда,
Қасиетті Даланың ұландары…
Жыр жазады селдетіп жауындарда.

Ақын тұрақ тапқанмен Астанада,
Бақ тосар ма баянды тас қалада?
Алты Алашын жырлайтын асыл ұлдар…
Бауыр жазып, ұшпай ма асқарларда?

Ыстық жүрек кеудеде дамылдар ма,
Тағдыр сынын күрессіз қабылдар ма?
Қиянаттың жалауы желбіресе,
Ақиқаттың алауы жалындар ма?

Не сезінді, не түйді қайран Аға?
Бір-ақ күнде оралып ақ Қайнарға,
Айырбастап қаламын ақ таяққа,
Сіңе берді бозғылтым сағымдарға.

Мойынсұнып тағдырдың тоқпағымен,
Ақын кетті малшының соқпағымен.
Қамал бұзар Қырықта тынып іштен…
Есіл жанды есіркеп, жоғалды Өлең.

Қой соңында сабылып, жазбады Өлең,
Қан жылатып жүректі, маздады Өлең.
Құлдыраған жұлдызы Көктен қапыл…
Қыр басында мертігіп, боздады Өлең.

Келер күннен үмітті болғанымен,
Көкіректі кернеген… тоқтады Өлең.
Көкжиектен таң туып, мәңгілікке
Көз ілгенде, Ақынын жоқтады Өлең.

Бауырлар-ау, Жыр қайда? Ақын қайда?
Төлеужандай жұртыма жақын қайда?
Өзектерді өртеген сырлы сөзбен…
Бір арысын Алматы сағынбай ма?

Тіршілікте шүйлігіп Абайға да,
Тіс батырған тобырлар талайларға.
Туажаттар жеріген қайнарынан,
Тексіздерді толтырды сарайларға.

Сын емес пе ел-жұрттың енжарлығы,
Сұраусыз ба Жер-Көктің кең-тарлығы?
Сыздамай ма жүрегі мейірімнің,
Сезілгенде пейілдің кемтарлығы?

Өр Ақынның мұрасын кім іздейді,
Сыр-сипатын түйсініп, зерделейді?
Жапырағын жоғалтқан… жыламсырап,
Қарағаштың бұтағын күз демейді.

Дүниенің төрі – тар, жиегі – кең,
Шетсіз-шексіз тұңғиық… түбі – терең.
Тіршілікте түрліше күй кешетін,
Бақилықта пенденің кемесі – тең.

Тұнып тұрған қазақы парасаты,
Толғандырды ғибратты назым-хаты.
Тебірентіп ұрпағын Ақын Рухы,
Таңсәріде жаңғырды ардақты аты!

…Селт еткізіп сырымен сезімталды,
Дір еткізіп Жырымен өрімталды,
Әлдилеген өлеңмен Өнер көгін…
Ұмытпайық, ақберен Төлеужанды!
Ұмытпайық, Қазағым, Төлеужанды!
ӨҢІР АЙНАСЫ
(Аудандық «Шалқар» газетінің 80 жылдығына)

Жиырмасыншы ғасырымның
Естелігі әсерлі.
Қайталанбас Жастығымның
Бір суреті әдемі!
Алғашқы курс әлі есімде:
Студенттері журфактың,
Жинау үшін тәжірибе,
Ауылдарға жол тарттық…

І.

Шалқарымның құт-күзінде,
Алматыдан келдім де,
Ауданның бел газетіне…
Құлшыныспен ендім мен.

Газет туын желбіреткен
Журналистер – мерейлі.
Үміт күтіп жас тілшіден,
Қанатынан демейді.

Көкіректе мол арманмен,
Босағадан аттадым.
Ағалардың, ең алдымен,
Есімдерін жаттадым.

Тауман көкем Бас сарашы,
Ардагері баспаның.
Маркен ағам ақылманы,
Қамқоршысы жастардың.

Тілші қауым хас шебері,
Толғақты ойдың салмақты.
Топшылауы, сөз мәнері,
Түйіндеуі жан-жақты.

Әріптестер сөздерінен,
Мәйектісін тердім мен.
Аға толқын іздерімен
Керуенге ердім мен.

Елдің «көзі, құлағымын»,
Тек Шындықты жазамын!
Ақындықтың бұлағын мың,
Тереңінен қазамын.

Жастық көңіл кең құлашын,
Қияларға сермейді.
Тас түлектің ой-қиялын…
Шабыт күйі кернейді.

ІІ.

Шалқарымның қысы қарлы,
Алты ай хандық құрады.
Көз аштырмас ақ бораны,
Күн-түн соғып тұрады.

Білу үшін елдің жәйін,
Тілші жолға шығады.
Қолда – қағаз, қалам дайын,
Әзір және сұрағы.

Ауылдарға асығады,
Тапсырмамен арнайы.
Ұйқысыз таң асырады,
Жолаушының жағдайы.

Аяққұмның бауырында,
Ақтылы қой өргізген,
Жұлдызды Ерлер ауылында…
Түні жарық күндізден.

Көзбен көріп малдың күйін,
Бажайлайды аш-тоқты.
Қабағынан ауыл-үйдің…
Шамалайды бар-жоқты.

Шаруаның жай-жапсарын,
Тәптіштеп-ақ біледі.
Серік қылып ақ қаламын,
Шаршы топта жүреді.

Борсық құмын аралайды,
Қарт шопандай майталман.
Жетістігін саралайды,
Талдап қырын байқаған.

Құт-қойнаудың қазынасын,
Қаламымен қазады.
Қазағының базынасын
Қара сөзбен жазады.

ІІІ.

Бұл өңірдің Алтын Күні,
Жалқынданып батады.
Барқыт белді… мақпал түні
Жұлдыз жауып жатады.

Атамекен топырағы
Қасиетті, киелі.
Ізгі ниет адамдары
Әділдікті сүйеді!

Алып-ұшқан ақ жүрекпен,
Адымдайды тілші алға.
Тосып тұрған пәк тілекпен,
Қауышып мәрт жандарға.

Биік мұрат – еселі еңбек,
Дүбірлеткен Даланы.
Білек талып, маңдай терлеп,
Гүлдендірген қаланы.

Темір жолдың торабында,
Талай тағдыр жазылған.
Жұмысшылар ордасында
Қайламен «кен» қазылған.

Қос депоның тіршілігі,
Кем соқпайды майданнан.
Арман-мақсат мың-сан түрлі…
Бір қазанда қайнаған.

Шалқарымның күре жолы –
Тек ілгері бастаған.
Жүректері тілек толы…
Үміті мол Жастардан.

Асыл жандар маңдай термен,
Бағын тапқан еңбектен.
Толағай, тың қайрат-күшпен
«Жібек жолын» түлеткен.

ІV.

Елдің іші – өнер кені,
Дарындылар мекені.
Өлкенің хас дүлдүлдері
Өткеннен сыр шертеді.

Ақ пен қара тартысында,
Ақиқатты жақтайды.
Мәдениет «айтысында»…
Ата жолын сақтайды.

Төл тарихын Туған жердің,
Тереңінен толғайды.
Тап басып та Ел ертеңін,
Тамыршыдай болжайды.

Бұйрат құмды… нар Далада,
Күн көзіне қақталған,
Қорғандар мен обаларда
Жәдігерлер сақталған.

Мөңке бидің қасиетін,
Көкейіне тоқиды.
Сарышолақ өсиетін
Күмбездерден оқиды.

Есет Батыр, Ер Дәрібай
Кесенесін салдырған,
Ұрпақтары ұлылардай…
Таспен таңба қалдырған.

Жас тілшінің дәптеріне,
Тың деректер толады.
Рухани мол әсерімен…
Жыр жазуға болады.

От ауызды ақындардың,
Дәстүрімен толғайды.
Жаужүректі батырлардың
Ер бейнесін сомдайды.

V.

Аспанынан Шалқарымның
Алтынкүрек еседі.
Көлбей бойлап көл аңғарын,
Қазбауыр бұлт көшеді.

Біршоғырдың тау-тасына,
Қайран қалып баладай,
Тамсанумен жотасына…
Шомып ойға, батады Ай.

Көтеріліп Күн келеді,
Күлімсіреп Әлемге.

Кең дүние дөңгеледі,
Тұнып нұрлы сәлемге.

Зеңгір Көктің пәк келбеті,
Елжіреген сәбидей.
Уілдеген саз әуені,
Сезіледі әлдидей.

Таң шапағы сәуле сепкен,
Құйылады Түндіктен.
Жарық өмір нұрын өпкен,
Жер айналар кіндіктен.

Жайқалады Бәйтерегі,
Жазиралы алапта.
Шамырқанған Күй желегі,
Қасиетті шанақта.

Ата-Бабам құт Даланы
Мирас етіп қалдырған.
Биік белес, қырқалары
Құс қанатын талдырған.

Алтын құрсақ – ауыл-аймақ,
Ұлықұммен еңселі.
Салқын самал, саумал қаймақ…
Абат көлден еседі.

Тіршіліктің қазанында,
Тілші қауым қайнайды.
Таза таңның базарында
Туған Жер гүл жайнайды!

Газет – өңір айнасындай,
Таңбаланған ай-жылдар.
Шежіресін еш жатсынбай,
Оқырмандар пайымдар.

…Жадымдағы сол жылдарды,
Естелікпен жалғадым.
Өткен жолды шолдым-дағы,
Жүрек сөзін арнадым.

Айдын көлдің толқындары
Тербететін төсінде.
Шалқарымның көктем-жазы…
Бәрі-бәрі есімде!

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *