ТӘУБӘ ТӘУБӘ

ТӘУБӘ

17.10.2021 0 2 284

Марғуба МҰХТАРОВА, 1971 жылы Түркістан облысы Төле би ауданында туған. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. «Бурабай» газетінің аға тілшісі, «Сайрам» газеті... ТӘУБӘ

Марғуба МҰХТАРОВА,
1971 жылы Түркістан облысы Төле би ауданында туған. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. «Бурабай» газетінің аға тілшісі, «Сайрам» газеті редакторының орынбасары болып қызмет еткен. Қазіргі таңда Шымкент қалалық жастардың уақытын тиімді ұйымдастыру орталығындағы «Жас қаламгер» ақындар клубының жетекшісі

(әңгіме)

Орта жасқа келіп қалған кезім… Иә, отыздарда едім.
«Әпке, әпкетай тоқтаңызшы» – деп тоғыздар шамасындағы қыздың құлындағы шыңғырған даусы шың-шың етіп осы күнге шейін еміс-еміс естіледі.
Көңілім құлазып, жүрегім ауырғандай болады.
Ауылға тоқтаған «Пазик» автобусқа қайта жармасып, «Бұл менің аялдамам емес екен» – деп жаным кеудемнен шыға шырылдап қайта мініп тауға қарай бет алдым. Ондағы ойым бар әлемнен, бар адамнан жасырын шыңғырып жылап алайын деген едім. Автобус ауылдікі. Ішінде мені танитыны бар, танымайтыны бар, аң-таң болған жұрт.
Бүгін ойланам, ауысып кеткен сөзге бола неге сонша күйзелдім екен. Мүмкін үлкендер рұқсат бермеді ме екен? Мүмкін өзі солай шешті ме? Пендешілікке салынған біреулер қызғаныштан ойын сансыратып солай істеді ме екен? Бүгінгі күні осы сөздер ойымды шырмап талан-таражға салуда.
Бір ай бұрын бұл қыз менің қызым еді. Ия, ол мені «мама» деп атайтын. Әрине сол бір сөз өзгергенімен қызымның маған деген көзқарасы, махаббаты өзгермеген сияқты.
Ал мен үшін дүние төңкеріліп, астан-кестең көңілім сатқындыққа шыдай алмай көзден аққан жасқа ие бола алмай әп сәтте жаралы жыртқыштай көзіме қан толып мына әлемге лағынет айтып қатты күйзеліске түстім.
Жо-жоқ «Әпке» мен «Апа» сөзінің арасы жер мен көктей. Ой пендешілік ай, тасқыны таусылған, тауы шағылған, барынан айрылған сорлы пендешілік ай.
Ой, менің бір атым насыбайдан көңілі қалатын қазақылығым-ай. Ой ешқашан кешірілмейтін адами сатқындық-ай.
Ойбай, ойбай, ойбай…
Қайда барам! Қаңыраған бос тәнімді қасқыр жеп кетсе де ризамын. Осынша өксік атқызып жанымды жаралайтындай не жаздым саған тәңірім… Мына жалған дүниеден баз кешіп құлыншағынан айырылған, тағы тірідей айырылған жап-жақын тұрған балапанымның басынан сипай алмаған, сүймек түгілі, жылы сөз айта алмаған, мүшкіл халім-ай деп отырып есімді жисам, кеш батып қалыпты.
Жан-жағым жыңғыл тау. Көкпеңбек табиғат анамен сырласып барымды, нарымды, сырымды айтып жатыр екем. Мана автобустың жүргізушісі: Қайда барасың? Ол жақта ел жоқ қой, ауылдың аяғы дегенін естімеген кейіппен тамағыма тығылған өксікті игере алмай жауап бермей кете барғаным есіме түсті. Табиғат аясы керемет, бірақ көлеңкесі ұзарған тау сұлбасы көңілімді суытып, қорқыныш ұялатады екен.
Жан тәтті. Енді қайда барам? – деп елегізи бастадым. Келген ізім қайда? Сүрлеу қайда? Айнала жап-жасыл тегіс кілемдей құбылыс тапқан. Әп, бәлем қолыма түстің бе? Тәубе демегенің үшін тағдырдың сыйы саған осы, ит-құсқа жем бол дегендей үнсіз қыспаққа алды. Бүкіл әлемге өкпем қара қазандай күйден, әп-сәтте панасыз, жалғыз, сатқындықтың құрбаны болған мүсәпір күйге түстім. Алыстағы ауылдан иттердің үргені малдың мөңірегені талып естіледі.
Бірақ қай бағытта екенін білу мүмкін емес. Қайда қарай жүрсем екен деп дал болдым тұрғанымда, мұрныма күлімсілген түтін иісі сезілді. Мына меңіреу адам аяғы жете қоймаған табиғат құшағында түтін түтетіп жатқан кім болды екен. Әлде «тауықтың түсіне тары кіреді» дегендей қиялдан ойға келген иіс пе екен?!…
Алдымда тұрған қырға жүгіре шықтым. Құдайдың құдыретін қара отын жағып дәл қырдың астында кішкене үй тұр. Адам аяғының уына шыдамаған көк жасыл кілемнің күйе түскендей ойдым-ойдымын көріп қатты қуанғаным-ай. Ап-ауыр жол сөмкемді сүйрете көтеріп, төмен түстім. Үй алдында жатқан сары төбет менің мүшкіл, мүсәпір қалпымды танығандай маңқ етті де үні өшті. Тағы қуандым.
Қасына жақындай келгенімде селк етіп, кімсің сен деді
– Құдайы қонақпын.
– Адасып қалғансың-ау шамасы, біздің жаққа адам аяғы сирек түседі.
– М.м.м.
Әжей кішкене ғана үш тақта ағаштан жасалған жер орындығын алдыма тосты.
Сумкамды жерге қойып отыра кеттім.
Таң қалам қалада күнде дүкенге барып ақшамызды жеткізе алмаймыз, бұл қалай күн көреді екен? Тұзды, нанды басқаны қайдан алады? Кім әкеледі? Күйбеңдеп қазан-ошақ қасында жүгіріп жүр.
– Қазір, қазір – деп қояды.
–Жарайды, жарайды – деп мен отырмын.
Көкжиектен батып кеткен күн көзінің жылуы да қалмаған. Қараңғылық түсіп, көңіл алаңдатарлық ауыр нәрсе қара албастыдай басып кілем қоңырқай түске енген.
Ішке ендік. Күйбеңдеп жүрген кейуана шырағын жақты. Көрпе салды. Жерге дастархан жайды. Тамақ келді. «Мен не істейін, көмектесейінші» деген сөзді айта алмай, бата алмай пүшайман болып отырмын.
– Келіңіз, алыңыз – дейді.
Қасық ұстаған қолым дір-дір етіп, аузымды таба алмастай халге жеттім. Не болды маған? Бір кісідей өткірлік пен өжеттік, алғырлық бойынан табылар мықты едім ғой-деп қоям. Мәужіреген жалғыз кей-уана. Неге қорқам? Неге мысы басады? Шырақтың жарығымен тамақтанып алып, үнсіз отырмыз. Жол сөмкемді біреу тартып алардай жамбастап қатып қалыппын.
– Жай жүрсіз ба?
– А-а-а – деппін, дауысым қатты шықты.
Мен құр алақан келген жоқпын дегендей, сөмкемнің сырмасын ағытып ішіндегі қызыма алған тәтті, жұмсақтарды біртіндеп шығарып дастарханға үйе бастадым.
Кейуана үндемеді.
– Әже, шәй ішейік – дедім.
Моста ілініп бұрқырап тұрған қайнаған суды кейуана өзі әкелді.
– Көзіңіздегі сан сұрақтарды оқып отырмын. Мені неге жалғыз, қалай күн көреді? Өткені не болды екен?! – деп отырсыз. Кел екеуміз әңгімелесейік – дегенде шырақ шамы жарқырап кеткендей болды. Кейуананың бетіндегі қалың әжім бе, әлде мыңдаған тыртық па ажырату мүмкін емес. Бірақ тіршілігі мен мұңы, сыры тереңде жатқан жәй адам емес екені білінеді.
Әжей сөз бастады. Жаугершілік заманда байды кедей қырып, сұлуға қиянат жасалып, бейкүнә сәби жазықсыз жазаланып бізге таныс емес, «теңдік, теңдік» деген ұран алға тартылды. Әкем мен анамды көз алдымызда атып салды. Менің жасым он сегізде, ал інім Тоқтархан небары екі жас-та еді. Көрші ауылдағы Жиембет шал:
– Айналайын-ау түгің қалмай тұяғың қалмай қырылып кетесіңдер. Одан да шал болсам дамаған ти. Дәл қазір шешім қабылдасаң, «біріңді жарым, біріңді ұлым» – деп айтайын. Басынды деп ойлама, бірақ сенде амал жоқ.
– Ендеше, арқамнан ерген жалғыз інімді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, ешқашан бетіне қарап сөйлеп, жат мінез көрсетпеймін десең мен келісемін – дедім.
– Уәде, уәде – деді шал.
Хош, сонымен үлпілдеп үкідей желпілдеп отырған байдың қызы болсам да, шалға тиіп кете бардым. Бар ойым ата-ана көзі інімді жетілдіру еді. Жылдар жылжып өз ағысымен ағып жатты. Жарықтық шалым ешқашан балапанымның бетіне келмей, ерекше мейіріммен, адал ниетімен көңілімізге қаяу түсірген емес. Уәдесіне берік болды. Мен оған екі дүниеде де разымын.
Дегенмен, уақыт талабына төтеп беру мүмкін бе?! Жалғыз арқа тұтарымыз қартайып қайтыс болды. Інім он алтыда, мен небәрі отыз екі жаста едім. Ауыл іші өзінен-өзі бүлініп, «басқа рудың баласы» деп інімді сыртқа тепті. Бір түнде ауылдан көшпекші болдық. Бірақ, қайда? Өз аулымның жамағайындарына інімді табыс-тап, «қайтқан қыз шиден тысқары» дегендей, бар дүниемді артып алған жалғыз ат пен арбаны жанға медет тұтып, менде сен секілді осы тауға бет бұрдым. Ауылдан алыстамай қазық қағып, осы тұрған жерге тұрақтадым.
Ағайындарым қанша айтса да, айтқанымнан қайтпай осында қалатынымды нық сеніммен айттым. Оқшау болғым келді. Ләжі болса ешкімнің көзіне түспесем екен дедім. Інім көп келетін. Бәрі жабылып жүріп, осы қоржын тамды көтеріп, үй етіп кіріп алдым.
Алғашында шатыры қамыспен жабылды. Бертін келе, совет одағына қызмет жасап жүріп, бір жөндеуден өткізгенсідім.
Содан 1941 жылы қырғын соғыс тағы басталды, Тапқан таянғанымызды майданға жіберіп, ақ тер-көк тер болғанбыз.
1943 жылы артымнан ерген жалғыз бауырым ата-анамның аманаты да кетті сол соғысқа. Екі рет хат келді де, еш хабарсыз ізім қайым бауырым жоқ болып кетті.Өзім хат танымаймын. Әркімнің қайғысы өз басынан асып түседі. Әрі-бері жүгіргенімнен түк те шықпады. Інім менің ешқашан екі сөйлемейтін, текті жердің текті ұлы еді. Ауылын, мені, туған жерін ұмытуы мүмкін емес, оған бірдеңе болған. Басқа жерге көшейін десем, іздеп қалама деп, дауысы жарықшақтанып өзгеріп кеткенінен қарағанда, жылап отырған сыңайлы.
Үміті зор кейуананы не деп жұбатарымды білмей дал болдым. Осылай әңгімесін қысқа қайырған соң, «енді сен айт» дегендей маған қарады. Не деген сұсты еді. Шамға шағылысып, шүңірейген көзде от ойнайды. Бір уақыт тылсым күш иесімен отырғандай денем мұздап кетті де, жанарыма қайтадан жас толды. Алла-тағалам маған сенде уақыт бар, сенің көзің ашық сенің қолыңнан келеді, тәубеңе кел деп осы араға айдап келгендей сезіндім өзімді. Хош…
– Менің жасым отызда, әлі тұрмысқа шыққан жоқпын, білімім жоғары, қаланың ортасында екі бөлмелі пәтерім бар, ұстазбын, – деп басай бергенімде,
– Сен негізі бұл жерге адасып келдің –деп сөзімді бөлді. Әжейдің менің орнымда болса тау бөктеріне ешқашан келмейтін едім деген ойын бірден ұқтым. Сонда мен еркелік пен тауқыметті ажырата алмайтын кесапат жанды өзімнен көргендей болдым.
Ия, менің тауқыметім тек еркелік қана болып қалғандай. Дегенмен: Ауыздан шыққан түкірік қайта жұтсаң мәкүрік-демекші сонда да қайтпай әңгімемді бас-тадым.
Анамыз қайтыс болған соң, әкем ауылдағы ағатайымның отбасымен біре тұратын. Ауылға қыдырып келген сайын, үш жасар ағамның қызы алдымнан жүгіріп шығатын. Өзі елде жоқ сүйкімді қыз.
– Кімнің қызысың? – десең
– Сенің қызыңмын – деп алдайды өзі. Қылығы мен тәттілігі, сүйкімділігі мен маған деген көзқарасы, басымды айналдыратын.
– Күйеуге қашасың ба?
– Иә, ешқайсысына жеткізбей, красовка киіп, қатты қашып кетемін. Қуып жете алмай қаласыңдар дейтін. Қырық қабат күлкінің астында қалатынбыз. Шашы бұйра, көзі танадай, аппақ қыз. Қайырылған кірпігі жылт-жылт етеді. Тұрсам да, отырсам да ойымнан кетпей, дүкенге кірсем көйлек алмай шыға алмайтын жағдайға жеттім.
– «Мені өзіңмен ала кетші» деп келген сайын қиылады өзі. Мен ауылға келген са-йын, «әпкесінің қызы» – деп әкем де, ағам да, жеңгем де маған қарай итермелейтін.
– Ия – деп мойнымнан құшақтап, ыстық алақанымен екі бетімді сипағанда еріп кете жаздайтынмын.
– Енді отызға келдің, қасыңда серік болсын, жалғыз өзің шәй де іше алмассың, бауыр басса сені «анашым» десін – біз отбасымызбен ақылдаса келіп, қызымызды өзіңе берейік деп, шештік – деп күлді әкем. Ойпыр-ай жұмыс бастымын бұл қалай болар екен деп ойланып қалдым. Дегенмен, сезімім жеңіп, төбем көкке жеткендей қуанышымда бар еді.
– Несі бар отбасы бар адамша менде бақытты өмір сүрем – деппін. Сонымен қызды алып, қалаға келдім. Қала мен ауыл баласының айырмашылығы бар демекші. Қызым одан ары сүйкімді бола түсті. Өзім жұмыс жасайтын мектебіме, бірінші сыныпқа алып бардым. Мәзбін. Ақ бантик пен мектеп киімін кигенде, суреттегідей бір кемшіліксіз бала болып шыға келді. Қандай әдемі қыз дегенге, қызым емес мен шаттанып, балаша қуанатынмын.
Өз аманатын маған тапсырды да, әлде перзенттерімнің барлығын жайландырдым деді ме, қолы босап, жеңілдеп қалғандай көп ұзамай әкем де өмірден өтті. Мен таң қалам өмір деген өзенді жүзе-жүзе шарлап жағаға жеткенде есінен танып қалатыны несі екен?.. Ары қарай да керек екеніңді неге ойламадың деймін ғой баяғы…
Ия, әкем кеткен соң қайраңға түскен қайғымды көтере алмай қамығып жүргенімде әлқисса аға мен жеңгем күшіне енді. Жеңгем әрдеңені сылтауратып 15-20 күн үйге келіп жатып алды. Сонымен ағатайым бір күні:
– Жеңгең жылда ұл босанады, міне үш ұлды болдық, бізге қыз керек. Осы қыздың құшырына ұшырадық па Алла бізге қыз бермей қойды ғой.
Қолымдағы ұстап тұрған пиала жерге тарс етіп түсті де, сынып быт-шыты шықты. Аң-таңмын. Жүрегім зуылдап аузыма тығылды.
– Қызымды алып кетуге келдім – деді, ашуға булығып.
– Жоқ бермеймін.
– Онда ауылдан ағайындарды ша-қырып, бұл әңгімені талқыға салайық.
– Жарайды – дегенмен мен өзіме сенімді едім. Қызым мені «анашым» дейтін.
Бір екі күн өтпей, ағам мен жеңгем бір қора ағайындарын ертіп үйге өріп келді. Қызымыз екеуміз үркіп тұрып қалдық. Жүгіріп барып шәй қойып, дастархан жайдым.
– Нан әкелсең болғаны – деді бір жамағайын туысым.
– Отырыңдар бәрің.
– Қыздың өзінен сұрайық. Тұтқиылдан тиетін мұндай шабуылды күтпеген мен, сансырап қалдым. Қызымды неге дайындамадым деген өкініш өзегімді өртеді. Сұрақтары да құйтырқы басталды.
– Балақай, осы жылы оқуды қайда оқығың келеді? Күтпеген жерден менің балапаным:
– Ауылда – деді.
Бірден түсіндім, жарты айлап жатқан жеңешем қызды әбден дайындаған екен. Ал мен болсам анасы мен қызды тастап, жұмысқа барып, келіп жүріппін.
– Аумин Аллоху Акбар – деп бата берді де, бәрі шыға жөнелді. Қазір ойлаймын менің көз жасым мен жан жарамды көргісі келмей асыққан екен ғой.
Менің қызым мен жеңгем тез киімдерін жинауға кірісті. Мен тіпті жол сөмкені де өзім тауып бердім. Бәрі бітті.
Жеңешем:
– Ал жақсы – деп жол сөмкені ала жөнелмек болғанда есіктен шыға алмай қатты састы.
– Тоқта – дедім де, босағаға кептелген сөмкені бір-ақ теуіп подьезге шығардым. Тарс етіп есік жабылды.
Бір қайғымның үстіне екінші қайғы арқалап қатты күйзеліске түстім. Толып отырған халықтан бір жан жұбату үшін қалмағанына қапаландым.
Үйді басыма көтеріп бақырып жыламадым да, құлаққа ұрған танадай тыныштықты медет тұтып отыра бердім, отыра бердім. Ай өткен соң сатқындықтың орнын сағыныш басып, қызыма заттар алып, ауылға аттандым. Ондағы ойым: қызым мені де сағынып қалған шығар. Анашым кетпеші дейтін шығар. Жолымды тосып жүрген болар, мені аңсап ұйықтай алмай жаны ауырып жүрген болар. Жарығым, жарығым – деп қоям күбірлеп. Үмітсіз шайтан деген жүрегім де тез тез соғып, лүпілдеп қояды.
Автобус. Ауылға кіргеннен көзім жолда болды. Әкемнің үйіне жақындағанда, о, тоба қызым тұр мені күтіп.
Өтіңкіреп барып тоқтаған автобустан түскен сәтімді айтсайшы. Шашы желбіреп жүгіріп келеді.
Бірақ, бірақ әттеген-ай.
– Әпке, әпкетай – деп айқайлап келеді. Айналдырған бір айдың ішінде «Анашым» деген сөзден «Әпкетай» дегіздіріп қойған жеңгеме үлкен рахмет.
– Иә – деді. Кейуана «Қасқырдың баласын қанша бақсаңда далаға қарап ұлиды» деген сөз бар. Ағаңда тұрған ештеңе жоқ. Жай келте ойлағаны ғой. Ал, жеңешем жасаған іс жарамапты.
Орнынан тұрып шырағданды өшірді. Бірақ кейуананы көріп тұрмын. Бұл не? Таң атып қалған ба?
– Жүр сені таңғы көлікке салып жіберейін. Жүрмеген жердің ой-шұқыры көп дегендей.
Біраз жүрген соң ауылдың шетіне жеттік.
– Құдайдан үмітіңді үзбе. Жаның жылылыққа толы екен. Бәрі сенде жақсы болады – деді кейуана.
Қатты құшақтадым, жібергім келмей, бірге қалғым келген секілді. Иісі неткен керемет.
Иығымнан қарулы қол қатты тартып қалғана селк ете түстім.
– Неге тұрсың ей сәмбі талды құшақтап, сүйіп – сүйіп қояды өзі. Жын ұрған ба? Әлде массың ба?
Автобустың кешегі шофері екен. Тағы да аң-таңмын. Әжей қайда?
– Қандай әжей, бұл жақтың бәрі тау шатқал, ең соңғы кеше осы ағаштың түбіне түсіріп кетіп едім, әлі тұрсың ба ей құшақтап ер екенсің. Қалаға қайтасың ба? Жүр, мін онда көлікке.
– Мейлі, – дедім тірі өлікке айналған бос тәнімді сүйретіп, соңғы орындыққа жайғастым.
– Бұл не сонда? Жынданайын деген шығармын.
Қазір ауылымнан өтем ғой. Сондықтан бет аузымды жөндейін деп айнаға қарадым. Түрім адам шошырлық. Қол орамалымды түкіріктеп бетіме аққан опа-далапты тазарта бастадым. Шашымды түйіп адам кейпіне ендім де сәл кішірейе тығыла түсіп, ауыл арасынан зу ете өте шықтым.
Мені ешкім аңғарған да жоқ.
Автобустан түсіп таксиге отырып тура үйге тарттым.
Үйге келіп шешініп, жуынып, киініп, үстімдегі кір-кір киімдерімді жинап бола бергенімде есікті біреу қатты тақылдатты.
Кім болды екен?
Әлде мені кеше ауыл автобусынан көріп қалған жамағайындарым үйге барып айтып қойдыма екен?!
Әлде… әлде… қызым аға-жеңгемді алдына салып ертіп келді ме екен?! Сан сұрақпен – кім? – дедім. Бейтаныс дауыс оттапсың дегендей.
— Мен ғой – деді.
Ашсам бейтаныс жігіт ағасы тұр.
– Ай бұрын сіз пәтеріңізді жөндетем деп мекен-жайыңызды тастап кетіп едіңіз. Бірнеше рет келдім. Осы соңғы рет бір соға салайын дегем ғой, үйде екенсіз – деді де менен сұрамастан бірден үйге кіріп кетті. Кешегі жағдайдан соң оны тоқтатар менде не қауқар, не қорқыныш қалмаған сияқты.
– Түсінікті, кешке үйде болыңыз мен келіп есептеп, бәрін түсіндірем – деп бөлмелердің бәрін аралап шықты да кетіп қалды.
Ал мен үйде ұйықтауға кірістім. Оянып кетсем, кеш болып қалыпты. Ойымды таразылап отырмын. Түндегі не жағдай болды екен?! Мен қайда барып келдім? Тізбектеліп бәрі көз алдымнан өтуде.
Кенет есік қағылды. Таңертеңгі келген бейтаныс кісі екен. Әлі ұйықтап жатырсыз ба? Не деген рахат сізге? Жұмыс жоқ, қарын тоқ, ақша көп дегендей – деп әзілдеп қояды өзі.
Сонымен ары сөйледі, бері сөйледі. Менің мең-зең қалпымды көріп, – жүр киін серуендеп келейік – деді.
– Мақұл деппін. Киініп далаға шықтық. Әдемі күз жапырақтарын жапыра басып серуендеп келеміз.
Менде үн жоқ. Жігіт ағасы самбырлай-самбырлай өз өмірбаянын айтуға кірісіпті. Мен тыңдап келем. Оның да өз қауіп-қатері мен өз қайғысы бар екен.
– Жүр жүрек жалғап алайық.
Мен селк еттім. Сөзімді тыңдамай келе ме деп ойлап қалмасын деген оймен, тез есімді жиып
– Иә – деппін.
Кішігірім бардың ішінде баяу көңілсіз ән орындалуда, орындыққа орналасып отырып алдық.
– Даяшы, бізге қызмет етіңізші!
Шауып келген даяшы не қалай-тынымызды сұрады.
Хош, сонымен іштік, жедік те, серуенге қайта шықтық. Үйге дейін шағарып салған жігіт ағасы ертең келетінін айтып кетіп қалды. Үйге кірсем қап-қараңғы. Шам жағуға шамам келмей жата кеттім. Үйде біреу бар сияқты. Басымды жалт көтеріп, селк ете қалдым. Бұрышта маған қарап кейуана тұр.
– Апа, шам жағайын.
– Есіңді жи да, орныңнан тұр сен енді жалғыз емессің, мен бармын.
Мен қатты қуандым. Шамды жағып, шәй ішіп мәре-сәре болдық та қалдық. Бірақ, неге екені белгісіз өз орнына сәмбі талды құшақтатып кеткенін түсінбесем де сұрай алмадым.
– Апатай менімен тұра беріңізші? Мені қадағалайтын ешкім жоқ. Жалғыз тұрам, жұмыстан келгенімше үйде демаласыз. Үйіңде біреудің күтіп отырғаны қандай жақсы – деп ағымнан жарылдым.
– Жарайды, бір адамның керегіне жарасам…бірақ інім соғыстан келіп қалса сенің мекен-жайыңды білмейді, сондықтан да іздеп қалар – деді
– Ендеше сенбі, жексенбі мен келейін.
– Жо-жоқ сен енді ол жолды таба алмассың. Өзім келіп-кетіп тұрамын ғой. Айтпақшы, манағы жігітке оң қабақ таныт. Ер азаматты әйелдің мысы басқаны жарамас – деді де, қош айтысып шығып кетті. Таңертең күнделікті дағды бойынша жұмысқа кеттім. Ештеңе болмағандай жұмысымды жасап, әріптестеріммен арқын-жарқын сөйлесіп, үйге қайттым.
Қайтадан біртүрлі көңілсіздік басты. Қайтадан мұңым өзіме оралды. Жалғыздығым жаныма батып келе жатсам, үй әрлеушім күтіп тұр.
Қатты қуандым. Ия, бірге шәй ішетін адам бар деген сөз. Үйге кіріп, шәй іштік. Жөндеу жұмысы жайында қалып, өмір туралы сөйлестік.
Мен сөз арасында кейуананың айтқан сөзі есіме түсіп,
– Сіз мендей адамға үйленер ме едіңіз? – деп сұрадым.
Ол ойланбастан,
– Сіз маған қарамайсыз ғой, мендей қара жаяуды не істейсіз? Әлде сынап отырсыз ба? – деп қарсы сұрақ қойды.
Ұзақ үнсіздік орнады.
Орнынан тез-тез тұрды да, қоштаспастан кетіп қалды. Сірә, ренжітіп алдым-ау деймін.
Үйге ала келген жазба жұмыстарымды аяқтау үшін, түннің бір уақытына дейін отырып қалыппын. Шамды өшіргенім сол, құлыптаулы есікті біреу тартқандай болды. Жүгіріп барып шам жағып, есік аштым.
Ала көлеңке дәлізде кейуана тұр екен. Дереу үйге кіргізіп, жағдайын жасадым. Таң атқанша тағы сөйлестік. Кетер кезінде, – жігітке сұрақты дұрыс қойдың. Егерде сені ұнатқан болса ол тағы да келеді – деді де кетіп қалды.
Тағы да дағдыға айналған тіршілігім басталды. Жо-жоқ бір өзгеріс бар. Жұмыстағы әріптестерім сөйлесіп тұрып, мен жақындағанда қипақтап қалады. Мен ешкімге ештеңе айтпағаныммен өздері білетін сияқты.
Ұйқысыз түннен қолдау тауып, күндіз жұмысқа барып жүре бердім. Кез келген жерде ұйықтап қалатын, құлап қала беретін жағдайға жеттім. Аз күнде ауырып, аурухананың жүйке-жүйе бөліміне жатып емделіп, ұйқымды қандырып шықтым.
Үйге келіп есікті ашсам, хат жатыр. Хатта: «Мен сізді іздеп жүрмін. Сіз қайдасыз? Үйіңізге келген бетте хабарласыңыз. Мына телефон нөмірім», депті де хаттың астына нөмірін жазып кетіпті. Неге екенін білмеймін жүрегім лүпілдеп кетті. Сөмкемді тастай салып дүкендегі телефонмен хабарласып үйде екенімді айттым.
Жігіт көп өтпей қолында бір орам гүлі бар желдей жүйткіп келіп тұр. Екеуміз ұзақ сөйлесіп, үйленеміз деген ымараға тоқтадық. Тағы да ұйқысыз түн.
Таңертең әпкелері келіп жөн-жоралғы туралы сөйлесіп, абыр-сабыр басталды да кетті.
Мен тұрмысқа шықтым. Кейуана көрінбеген соң іздеп, баяғы тауға бата алу ниетпен бардық, ұзақ іздедік.
Сәмбі тал… Мен жүгіре шыққан тау басы… Баяғы сүрлеу жол… Бірақ, үй де, ит те, кейуана да болмағандай жым-жылас. Тіпті үйдің ізі де жоқ. Не бір белгі жоқ. Бұл сонда не болды? – деймін. Сансыраған санамның сағымы болар?!…
Бүгінде өзімнің туған қызым бар, алтын асықтай жарым бар, тіршілігім бар. Екеуінің қамы үшін құл болуға дайынмын.
Рахмет саған, сағым кейуана!
Тәубә, тәубә, тәубә.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *