Бақтияр Сманов, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі (Жазушы-драматург Серік Асылбекұлы 70 жаста) Күні кеше ғана әдебиет айдынына қадам басқан секілді болған бүгінгі...

Сманов

Бақтияр Сманов,
ҚР ҰҒА академигі,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

(Жазушы-драматург Серік Асылбекұлы 70 жаста)

Серик ага

Күні кеше ғана әдебиет айдынына қадам басқан секілді болған бүгінгі қабырғалы қаламгер, дарынды драматург, белгілі әдебиетші ғалым Серік Асылбекұлы жетпіс деген жасыңызды бағындырып отыр. Бұған ол аспай-саспай, асықпай-аптықпай өзіне тән бірқалыпты жүріспен жұрт қатарлы жетті.
Шіркін, уақыт қандай жүрдек! Ол ештеңеге қарамайды, ешкімді де күтпейді. Үнемі асығып тұрады, кідіріссіз жүріп жатады. Солайша өмір өтіп жатады. Бірақ еш тоқтамайды… Және ешкімге де, еш нәрсеге де бағынбайды. Бұл, әрине, табиғаттың ұлы заңдылығы…
70 жыл! Сырт қарағанда аса көп те емес сияқты, аз депте айта алмаймыз. Қанша дегенмен осы уақытқа дейін жетпіс көктем, жетпіс жаз келіп кетті, жетпіс күз, жетпіс қыс артта қол бұлғап қалды. Осыншама уақыт аралығында қаншама саяси-әлеуметтік маңызды оқиғалар, рухани-мәдени өзгерістер, жаңалық-жағдайлар өтіп жатыр. Ия, бұл ‒ өмір… Ол Серік Асылбекұлына да қатысты. Осы мерзім ішінде ол еліміздің қоғамдық өмірінде болып жатқан барлық жаңалық, жақсылық атаулылардың куәсі болды, өзінің ой елегінен, ақыл таразысынан өткізді.
Мұны айтып отырғанымыз, біздер Секеңмен өткен ғасырдың 1973 жылы жазға салым жоғары оқу орындарын қатар бітірдік. Ол қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін, мен Әл-Фараби атын-дағы ҚазҰУ-ді тәмамдадық. Қатар диплом алдық. Сол кездегі кеңестік заманның тәртібі бойынша университет бітірген соң, біздер республика Оқу министрлігінің жолдамасымен шалғайдағы ауылдарға мұғалімдік қызметке кеттік.

Серик ага-2

С.Асылбекұлы жары Мағытаймен.
1973 ж.

Ол қарт ҚазПИ-дің дипломын қалтасына салып, туған ауылы Қызылорда облысының Қазалы ауда-нындағы «Құмжиек» совхозының №92 қазақ орта мектебіне барып алғашқы ұстаздық еңбек жолын бастады. Сөйтіп, алты-жеті жылдай ел өмірінің үлкен мектебінен өтті. Біле білген кісіге бұл да тәжірибесі мен тағылымы мол бір үлкен университет еді.
Институтқа дейін орта мектептен соң, бір жыл туып-өскен совхоздың комсомол-жастар бригадасында совхоз жұмысшысы, шопанның көмекшісі болып еңбек етіп, өмір көргені, тәжірибе жинақтағаны бар. Оған қоса қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы Абай университетінде ұлағатты ұстаздары әдебиетші-ғалымдар, академиктер
Серік Қирабаев, Нина Сергеевна Смирнова, профессорлар, филология ғылымдарының докторлары Нығмет Ғабдуллин, Хасен Әдібаев, Мекемтас Мырзахметов, Фатима Мұсабекова, Нұржамал Оралбаева, филология ғылымдарының кандидаттары, доценттерСейфолла Құспанов, Анастасия Васильевна Галузо, Анна Николаевна Макарова сынды ана тіліміз бен төл әдебиетіміздің туын көкке көтерген ғалымдар мен орыс оқымыстыларының алдын көрді, терең мазмұнды дәрістерін тыңдады,тәрбие-өнегесін алды.
Институт қабырғасында алғаш-қы курстарда оқып жүргенде тағы да сол замандағы тәртіппен комбайншылардың курсын тәмамдап, екі жыл қатарынан бұрынғы Торғай, Қостанай облыстарының диқандарына күзгі егін орағына барып,қолғабыс етуі де болашақ жазушыны өмірге баулып, шыңдап қалыптастырған еді.
Қысқасы, сонау Сыр бойындағы алыстағы ауыл мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі бола жүріп, ол педагогтық еңбектің қыры мен сырына, мектеп өмірі мен мектеп мұғалімдерінің, жас жеткіншектердің, ауыл адамдарының тыныс-тіршілігіне қанықты. Соның нәтижесінде қатардағы орта мектеп мұғалімі, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары бола жүріп, алғашқы көркем шығармаларын жазды.
1974 жылы оның тұла бойы тұңғышы «Назқоңыр», 1975 жылы «Сағыныш», «Тұқым», «Үшқара» әңгімелері қағазға түсті. Ал 1978 жылы алыстағы ауылда жүрген оның «Оттан да ыстық өмір» («Қалқаш») повесі «Жалын» журналының республикалық жабық конкурсында бәйге алып, сол кездегі әдеби бір жұртшылықты бір елең еткізді.

Серик ага-1

С.Асылбекұлы (ортада) университеттегі әріптестері және
шәкірттерімен бірге. 2019 ж.

“Мұғалімдер күні” (1977), ”Кездесу” (1977), “Үлкен қаладағы кішкентай оқиға” (1977), “Қарашадағы үйлену тойы” (1978), «Ақиін» (1978), “Әдебиет пәнінің оқытушысы” (1978), “Қысқы каникул” (1978), “Қоңыртаудың басындағы бір топ жусан” (1978), “Мектеп бітіру кеші” (1979), “Бөтеннің тойы” (1979), “Орайы келген іс” (1979) сынды көркем әңгімелері қазақтың ұлттық новеллисткасына қосылған сүбелі үлес болды.
Осы аталған әңгімелері үшін қаламгер Қазақстан Жазушылар одағының Б.Майлин атындағы сыйлығының лау-реаты атанды. 1984 жылы Мәскеуде өткен Жас жазушылардың Бүкілодақтық кеңесіне қатысты. Кеңесте сол кезеңдегі Кеңестік Одақтың беделді басылымдарында орыстың белгілі жазушылары Ю.Н.Верченко «Правда жизни и плюсталант» («Известия» №120, 1984 г.) және А.Г.Алексин «Уроки творчества» («Комсомольская правда», №119, 1984 г.) атты мақалаларында Серік Асылбекұлының шығармашылық ізденістері мен жетіс-тіктері жөнінде жарыса жазғаны әлі есімізде. Көпшілік қазір бұны біле қоймайтын да шығар.
Жалпы, Серік прозаның әңгіме, повесть секілді жанрларының хас шебері. Оның қаламынан осы күнге дейін 33 әңгіме мен 8 повесть дүниеге келді. Солардың бірі «Бөтеннің тойы» атты әңгімесі 2016 жылы 25-28 қарашада Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында өткен әлемнің 43 елінен 1400 шығарма түскен «Open Eurazian Literature festival book forum – 2016» халықаралық әдебиет фестивалінде «Көркем шығарма» номинациясы бойынша лауреат атанды. Бұл конкурсты Еуразиялық шығармашылық одақ (Лондон) пен британдық «Nertfordshire Press» баспа орталығы ұйымдастырған болатын. («Қазақ әдебиеті», №51, 2016)
Аталған әңгімелердің қай-қай-сысының да материалдарын өмірдің өзінен ойып алғандығы күмән тудырмайды, өйткені онда біз көріп жүрген тіршіліктің таныс суреттері тұнып тұр. Табиғатынан суреткер болып жаралған жазушы коллизия тудырудың шебері. Бұл оның, әсіресе, драмалық шығармаларына тән. Осы арқылы ол кейіпкерлерінің характерлерін ашады. Секеңнің шығармаларын оқи отырып, оқырман көбінесе бейне бір театр сахнасынан драмалық шығарма немесе көркемсуретті фильм көріп отырғандай күй кешеді.
Осыған байланысты болу керек С.Асылбекұлының көптеген әңгімелері мен повестері театр сахнасына, не болмаса киносценарийге сұранып тұрғандай әсер қалдырады.
«Ақ иін» деп аталатын алыстағы кішкентай ғана қазақ ауылындағы бейнелейтін ел-жұрттың қоңыр тұрмыс-тіршілігі, қоңыр тауы, қоңыр желі, қоңыр әуені, қоңыр күйі, қоңыр күзі, қоңыр өгізі – бәрі қазақтың қоңыр домбырасының қоңыр үніндей естілетіні бар. Алайда, сол қазақ даласының елеусіздеу бір қиырында қоңырайып жатқан сол шағын елді мекенде қазақ қоғамына тән талай оқиғалар мен драмалар жүріп жатады.
Мәселен, «Сағыныш» атты 1975 жылы жазылған алғашқы әңгімесі қайтыс болған әжесінің қазасы үстінде әйелдердің азалы дауысынан ұйқыдан оянған бес жасар сәби Жасұланның аң-таң болған көңіл-күйін суреттеуден басталады. Шығарманың бас кейіпкері осы Жасұлан. Бала көңіл сүйікті әжесінің өмірден озғанына еш сенер емес, ол оралуға тиіс. Оның үстіне атасының айтуынша, ол Үргенішке кеткен. Бірақ, арада апта өтеді, ай өтеді, ал әжесі болса келе қоймайды. Бала енді әжесінің келер-келмесіне күмәнданатын болды. Дегенмен сәби көңіл, балалық үміт оны толық күдер үздіре қойған жоқ болатын. Ол үмітті үзген күнде өзімен бірге ойнайтын көрші Нарсұтбай ағасының кенже қызы Күләнда. Ол екеуі шекісіп қалады. Сол кезде ол «әжем әкелетін өрік-мейізінен саған бермеймін, лә-лә!..», деп тілін шығарғанда Күләнда: «Иә саған!.. Ол өліп қалған. Енді келмейді», – деп төбесінен жай түскендей етіп айтуы, Жасұланның жас жанын ышқынтып, жібереді. Бірақ, сол сәтте өлген әжесінің қайта тірілмейтінін тұңғыш рет қапысыз сезінеді. Жас баланың долырған әдемі көздері бұлтты күндей мұңайып, қоңырқай тартқан алма бетіне бір-екі тамшы жас ыршып-ыршып түседі.
Кейіннен Жасұлан қалаға ағасының үйіне көшеді. Ата-әжесінің қолында еркін өскен жас сәби қала өміріне көндіге алмай, жалғыздықтың жапасын шегеді. Сөйтіп, өзінің үйреншікті ортасынан оқшауланған, шеттеген жас бала бөтен ортаны жатсынады. Әңгімеде кешегі иен далада еркін сайран салған көшпелі номадтың ұрпағының урбанизацияның тар шеңберіне сыя алмай, алас ұрған жан қиналысыөте шынайы суреттелген. Сондықтан Жасұланның жас жанының өткенімен бірден қоштаса алмай қиналуы қазақтың кең даламен, оның ғажайып стихиясымен қоштаса алмай қиналғандай сезіледі.
Әлем әдебиетінің айтулы классигі Л.Н.Толстой: “Жазушыда суреткер мен сыншы бірдей қиысып келуі керек”, – дейді екен. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Серік Асылбекұлының бір басында осы екі қасиет те сәтімен тоғысқан десек, артық айтқандық болмас. Осы себептен болуы керек, оның шығармаларында артық-ауыс лепірме пафос, немесе тіл мен жаққа сүйенген арзанқол ділмарлық, әсіреқызыл арзан сөздер кездеспейді, сондықтан оның қаламынан жаралған көркем мәтін бәрі де белгілі бір шама мен шекке, яғни өмірдің өзіндегідей табиғи гармонияға бағынған үйлесім мен келісімге құрылған.
Серік – біздің ұлттық әдебиетімізде қазақ жастарының үлкен көркем галереясын жасаған санаулы су-реткерлеріміздің бірі. Олардың арасында қарапайым сәби мен мектеп оқушысынан бастап, жас малшылар мен жұмысшыларға, абитуриенттер мен студенттерге, аспиранттарға дейінгі бүгінгі жас қауымның сан алуан әлеуметтік топтарының көркем бейнелері бар.
Осы тұрғыдан келгенде әдебиет зерттеушісі, профессор Қанипаш Мәдібаеваның: “Серік Асылбекұлы – қазақ халқының әңгімешілдік дәстүрін әлем әдебиетінің классикалық үрдістерімен ұштастыра білген шебер жазушы. Оның көпшілік туындылары жас адамның албырт бір кезеңдеріндегі айлы түндегі, бейуақыт ымырттағы алғашқы махаббат аңсарына, сезімтал жүрегінің алып-ұшып бір тынбай салған ғашықтық әніне бөгіп тұрады.
Серіктің “Мектеп бітіру кеші”, “Үлкен қаладағы кішкентай оқиға”, “Сарықыз”, “Қарашадағы үйлену тойы”, “Түнгі қаланың әні”, т.б. әңгімелерінде бозбала жігіт пен бойжеткен қыздардың асық көңілдері мен аяулы сезімдері тұнып тұр”, – деген сөздері өте орынды, тауып айтылған пікір. (Мәдібай Қанипаш. Көркемдік кеңістігі. – Алматы: Қазақ университеті,2014 жыл. 217 б.)
Еліміз жұртшылығы, оқырман қауым Серік Асылбекұлын алғашқы жылдары талантты жазушы-прозашы ретінде қабылдап, бертін келе оның шебер драматург екендігінің де куәсі болып келеді. Бұған қаламгердің “Желтоқсан желі”, “Империядағы кеш”, “Күзгі романс”, “Қазақша ашылып сайрау” атты драмалық шығармалары мен “Жезкиік”, “Адамдар бақытын іздейді” сынды киносценарийлері дәлел.
Оның “Желтоқсан желі” пьесасы жиырма жыл бойы үздіксіз қойылып келе жатқан осы тақырыптағы үздік шығарма. Оны сахнаға шығарған Батыс Қазақстан облыстық драма театры 1998 жылы Тараз қаласында өткен VI Республикалық театр фестивалінде заман шындығын шынайы бейнелегені үшін бас жүлде иеленсе, “Күзгі романс” пьесасы 2005 жылы Қазақстан ұлттық кітапханасы мен “Самсунг электроникс” корпорациясы бірігіп, үздік драмалық шығармаларды анықтау мақсатында өткізген республикалық әдеби конкурстың бас жүлдесін алды. Қазіргі күндері бұл пьесалар М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрында, Қостанай облыстық Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрында, сондай-ақ Қырғызстанның С.Ибраимов атындағы Ош қырғыз ұлттық драма театрында табыспен өтіп келеді. 12 жыл бойы сахнадан түспей келе жатқан “Империядағы кеш” пьесасыбойынша қойылған спектакльге 2013 жылы Ақтөбе қаласында өткен ХХІ Республикалық театр фестивалінде бас жүлде берілді. Ал С.Асылбекұлының “Қазақша ашылып сайрау” атты пьесасы 2017 жылы “Рух” халықаралық әдеби конкурсында “Үздік драмалық шығарма” аталымында бас жүлдеге ие болды.
2015 жылы «Қазақ үні» газеті мен «Қазақ үні» порталының оқырмандары анықтаған «Жыл адамдары» конкурсында Алматыдағы М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов атындағы драма театрларында қойы-лып жүрген «Желтоқсан желі», «Империядағы кеш», «Рәбиғаның махаббаты», «Күзгі романс» пьесаларымен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген драматург ретінде Серік Асылбекұлы «Жыл драматургы» атанды («Қазақ үні» газеті, №52, 28-желтоқсан 2015 жыл).
Осы орайда жазушының «Желтоқсан желі» пьесасының дарынды балаларға арналған Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын республикалық мектептер жүйесінің (15 мектеп) бағдарламаларына енгізілгенін айта кеткен орынды. Бұл жайда аталған жазушының шығармаларының бірте-бірте ұлттық әдебиетіміздің классикалық туындыларының қатарына қосыла бастағанын айғақтаса керек.
Қаламгер көркем аударма саласында да көп еңбек сіңірді. Ол Л.Толстой, Ги де Мопассан, М.Пришвин, А.Грин, А.Васильевич, В.Железников, Г.Дали-дович т.б. шет ел жазушыларының кейбір әңгімелері мен новеллаларын, Ш.Айтматовтың «Жаңғырық» («Плаха») атты романының бір тарауын орыс тілінен қазақшаға тәржімалады.
С.Асылбекұлының «Жалын» баспасынан «Кешігіп қайтқан тырналар» (1981). «Оттан да ыстық өмір» (1984), «Мұғалімдер күні» (1986), «Жазушы» баспасынан «Ата жұртта» (1996), «Түнгі қаланың әні» (2005), «Балауса» баспасынан «Прощальный бал» (1993), «Нұрлы-Press» баспасынан «Рәбиғаның махаббаты» (2015), «Осенний романс»атты бас-аяғы 16 кітабы – әңгімелер, повестер мен пьесалар жинақтары қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. «Сырдария кітапханасы» сериясымен Астанадағы «Фолиант» баспасы 2018 жылы таңдамалы шығармаларының екі томдық жинағын шығарды.
Жігіт «сегіз қырлы, бір сырлы» демекші, Секеңнің тағы бір ерекше қырларының бірі – оның айтулы әдебиеттанушы-ғалымдарымыздың бірі екендігі.
Ол 1997 жылы «Қазіргі қазақ повестеріндегі замана шындығы» деген тақырыпта кандидаттық, ал 2009 жылы «Қазақ повесінің генезисі, эволюциясы және поэтикасы» атты тақырыпта докторлық диссертациясын табысты қорғап, филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесіне ие болды.
Ғылыми еңбектің аты айтып тұрғандай онда өзінің бастауларын сонау ерте замандардағы мифтерден, аңыздардан, ертегілерден, ауызекі әңгімелерден, бір сөзбен айтқанда, халық прозасынан алатын қазақ повесінің кейін бірте-бірте ұлттық жазба прозамыздың жетекші бір түріне айналғаны, ХХ ғасырдың екінші жартысынан былай қарайғы кезеңде сапасы жағынан бүкіләлемдік көркемсөздің ең үздік үлгілерінің деңгейіне қалай көтерілгені нақты көркем шығармаларды әдебиеттанымдық-эстетикалық талдау, ғылыми зерделеу арқылы сараланады.
Меніңше, нені жазса да, қандай мәселені зерттесе де ұлы Абайайтқандай, «алыстан сермеп, жү-ректен тербеп», өзінің ішін жарып шыққан кейіпкерлерінің тағдырын тереңінен тартып суреттейтін Серік Асылбекұлының сезімтал шығармалары ең алдымен оқырмандарға біздің бүгінгі өміріміздің шынайы көркем шындығы екендігімен қымбат.
Сондықтан да оның туындылары қазіргі қазақ оқырмандары мен көрермендеріне кеңінен танымал.
Өйткені, шын жүректен шыққан көркем сөз бен жылы лебіз ғана өзгелердің ақыл-ойы мен сана-сезімін қозғап, олардың да жүрегіне төте жол табады әдетте.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *