Ұрпақтан айрылу- ұлттан айрылу  деген сөз Ұрпақтан айрылу- ұлттан айрылу  деген сөз
Бақытжан Кененұлы, Қазақстан жазушылар және журналистер одағының мүшесі, қаламгер-журналист аудармашы, сазгер     «…Үйретсең жаман әдет жастайынан, өскенде тыя алмайсың өз балаңды» деген бір... Ұрпақтан айрылу- ұлттан айрылу  деген сөз

Бақытжан Кененұлы,
Қазақстан жазушылар және журналистер одағының мүшесі,
қаламгер-журналист аудармашы, сазгер

 

 

«…Үйретсең жаман әдет жастайынан, өскенде тыя алмайсың өз балаңды» деген бір жол өлең Кенен ақынның «Ақыл-нақыл» деген толғауынан алынды. «Жаман әдет» деген сөздің ауқымы кең, мән-мағынасы тереңде жатыр. Өтірік айту, ұрлық жасау, қорқақтық, қулық-сұмдық, еріншектік, жігерсіздік, опасыздық сияқты жаман әдеттен ұрпақты аман сақтап қалу үшін не істеу керек?
Бұрынғы заманда да, қазіргі дәуірде де бұл аса маңызды, көкейкесті мәселе болып қала бермек. Әлемдегі ең озық дейтін елдердің өзі бүгінгі таңда осы мәселеге терең үңіліп, алаңдаушылық білдіріп отырғаны сондықтан. Өйткені санасы уланбаған, жан-дүниесі таза, парасатты, білімді ұрпақ қана ұлттың сақталып қалуына бірден-бір кепіл. Біздің бала кезімізде осының бәрін санамызға құйып, үйретіп отыратын ата-әжелеріміз еді.
Олардың тәрбие құралы алуан түрлі ертегілер, батырлар жыры, мақал-мәтелдер, нақыл сөздер болатын. Ақылшымыз да, ұстаз-тәрбиешіміз де солар еді. Бүгінгі күні соның бәрі өзгеріп кетті. Ғылымның, замануи техника құралдарының өскендігі сондай адамзат баласы соған басы байлы, тәуелді болып бара жатқанын көріп отырмыз. Компъютердің «бір түймесін» басып қалсаңыз болды сізге қалаған нәрсеңізді тауып, қалаған сұрағыңызға жауап бере алады. Ендігі жерде компъютерге телмірген ұрпақ бүкіл тәрбиені содан алып жатыр. Олардың атасы да, әжесі де, ақыл айтушы тәрбиешісі де сол. Бұл ретте кім басымдылық танытса бүкіл ұрпақ, ел-жұрт, халықтар мен ұлттар соның жетегінде кетері даусыз.
Осы күні бала тәрбиелеудің небір жолдарын көрсетіп, соған үгіттеп-насихаттап жатады.
Американың, еуропа елдерінің тәрбиесі, үш-бес жасқа дейін баланы бетінен қақпай өз еркіне жіберу керек дейтін жапон, еврей халқының, басқа да жұрттың тәрбиесі деген бар. Сол әдістемеге иланып балаларын осы тұрғыдан тәрбиелеп жатқандар қаншама?
Оның ішінде жаңадан отау тіккен қазақ жастары да жетерлік. Бүгінгі жасөспірім балалардың мінездері шәлкез, сөз тыңдамайтын, бірбеткей болып бара жатқаны содан-ау деймін. Оған бүкіл ел болып жұмыла қарсылық танытып, пайдалы шаралар қолданудың орнына: «Бұлардың заманы сондай. Ендігі ұрпақ мүлдем басқаша» дейтін уәж айтып қоя саламыз.
Көзін ашқаннан шетелдік мультфильмдерге тесіліп, өз
ұлтына, табиғатына жат кейіпкерлерді көріп өскен баладан не күтесіз? Немере, шөберелері атасына мылтық кезеніп, дікілдеп, айғайлап тұрса оған таңданудың қажеті жоқ. Бала көргенін істейді. Ал жасынан көріп, танығаны әлгіндей. Мінезі, қимылы, іс-әрекеті тап сол мультфильмде көрген кейіпкерінен аумайды. Соның тілімен сөйлейді. Соған еліктейді.
Ұлттық идеологияның асыл тұғыры ұрпақ тәрбиесі. Одан қымбат, одан маңызды ешнәрсе жоқ. Ұрпақтан айрылу – ұлтыңнан айрылу деген сөз. Әр қазақ, әрбір азамат осыны терең ұғынбайынша мәңгілік ел болуымыз екі талай. Ертеңгі күні ұлт болудан қалсақ, ұрпағың шілдей тозып, бар қасиетінен айрылса бүкіл ел-жұртымыз, ата-салтымыз, мың жылдық тарихымыз құрымға кеткені емес пе? Ұлттық тәрбие деген бірер жылда жасала салған дүние емес. Жүздеген, мыңдаған ғасырлардың тезінен өтіп, небір зұлмат сұмдықтарды бастан өткерген халқымыздың асыл қазынасы.
Әр қазақтың бойында Ота-нына деген құрмет, туған жерге деген тағзым, үлкенді сыйлау, ата-ананың алдындағы парызыңды терең ұғыну сияқты асыл қасиеттері болмаса қалған тірліктің бәрі бекер. Мұның бәрін тап қазір жанымнан шығарып, жаңалық ашып жатқан жоқпын.
Талай-талай аға буындарымыз «шырқырай» айтып, сол үшін бастарын өлімге тіккен мәңгілік күрес жолы. Осыны терең зер-делеп, зерттеген елдер құйғытып алға шықты. Ал біз болсақ шабандап қалған ат секілді сүрініп-қабынып, әркімнің сө-зіне жалпаң қағып, жалтақтап әлі келеміз.
Сонда ең озық деген елдердің тәлім-тәрбиесіне «табынғаннан» не таптық? Жігіттеріміз болса нағыз ерге лайықты мәрттік, жомарттық, парасаттылық, на-мысқой-ержүректілік секілді қасиеттерінен айрыла бастады.
«Тарысы көптің тауығына айналғандай» ұнамсыз көрініс. Қыздарымыз болса қазақ қыз-дарына ғана тән сыпайы, ұяң, биязы, салмақты мінезінен жеріп, батыстың омырауларын ашып тастап, ашық-шашық жүретін әдепсіз қыздарына ұқсап барады. Мұны да заман сұранысынан көреміз бе? Жоқ. Бұл да жас кезінен санасына сіңіріп, көріп өскен шетелдік тәрбие-тәлімнің нәтижесі. Бұған араша түсер кім бар?
Миллиондаған жастарға тә-лім-тәрбие беруге тиіс сан-алуан газет-журналдарымыз саясат қуып, ұсақ-түйек істермен айналысып, езуі көпіршіген өсекші әйелдің кейпіне түскендей. Тәрбие берудің ең маңызды құралы дейтін теледидардың өзі дәрменсіз болып қалды. Әр арнасы әркімнің жеке меншігінде жүрген «бейбақтан» не күтесің? Сол әсіре-бояуы көп, даңғаза тірлікке көздері әбден үйреніп кеткені сондай, соған өздері де ат салысып жатқанын білмейді -ау, сірә?. «Арпа ішінде бір бидай» демекші жан-тәнімен еңбек етіп, арпалысып жүрген бірнеше ұлттық арнамыздан өзге не бар? Намысқа салып қаншама қамшыланса да, жас ұрпақты елітіп, жетегіне алып бара жатқан өзге жұрттың пәрменді үгітіне қарсы топырақ шаша алмайды.
Батыстық идеология, шығыс-тық идеология деп ауыз көпіртіп сөйлей бергенше, еш-
кімге тәуелсіз, жалпаңы жоқ дербес, өзімізге ғана тән ұлттық идеологиямызды жолға қоятын уақыт жетті емес пе?. Оған қай тұрғыдан келсек те, халқымыздың тарихи тағылымы, ғасырлап қалыптасқан тәлім-тәрбиесі жеткілікті. Жоғарыда айтып кеткендей оның өзегі, бастау көзі өскелең ұрпаққа ұлттық тұрғыдан тәрбие беру болуға тиіс. Жасыратыны жоқ қазіргі уақытта батыстың тегеурінді идеологиясы басым түсіп, дәуірлеп тұр. Бүгінде мәдениеттің, өнердің қай саласын алсаңыз да солардың ықпалында екендігі жасырын емес.
Миллиондап адам жинайтын шоуконцерттерді, музыкалық қойылымдарды, кино-телеви-
дение саласын, тіпті киім тігу, шаш қою үлгісіне дейін жастарға тәрбие беру құралына айналдырып отыр.
Бұған қыруар ақша бөлінеді. Жаһандану сияқты әлемдегі барлық елдің әлек-шәлегін шы-ғарған пәрменді бағдарламасы тағы бар. Ең қауіптісі осының бәрі әлі ой-санасы қалыптасып, ақыл тоқтата қоймаған, елпең-селпеңі көп бозбала-бойжеткендерге ба-ғышталады. Жастың аты жас, оларды елітіп, ертіп теріс жолға салып жіберу оп-оңай.
Қай кино туындысын алмайық неше түрлі анайы істерді көрсетіп, жыныстық қатынастарды, қа-тыгездік пен хайуандықты ашық дәріптейтін батыстың құй-тырқы тәсілін жас адам қалай пайымдасын. Бірте-бірте көзі үйренеді. Содан соң өзі үйренеді. Жүріс-тұрысы, мінез-құлқы, өмірге көзқарасы өзгереді. Өмір сүрудің мән-мағынасы осында тұрғандай сезінеді.
Сөйтіп жүріп ар-ұяттан жұрдай сұрқия әлемге өзінің қалай еніп кеткенін білмей де қалады. Осының бәрі көз алдымызда болып жатқан көрініс. Жас адамдар ғана емес, аға буынның өздері осыған аса мән бермей салғырт қарайтын секілді. Қыздарымыз шаштарын сыпырып тастап, тәндерін жалаңаштап жатса, ұлдарымыз қораздың айдарындай шаш қойып, түр-әлпетін өзгертіп маймылға айналып жатса айтарға сөз қайсы?
Қазақта «өнерді үйрен, үйрен де жирен» деген аталы сөз бар. Ешкімнен үйренбе, ешкімнің өнеріне қызықпа, томаға-тұйық өмір кеш деуден аулақпын. Біз де жас кезімізде шетелдің музыкасына, билеріне еліктеп, еденді тепкілеп «аласұрып» жататын едік. Сол кездегі аты-шулы «брейк-данс», «твист», «рок-н-рол», «хали-гали», «ва-туси», «локо» деген билер жастардың өліп-өшіп тұратын хоббиі еді. Алайда еліктеу, қызығу деген бір басқа, ал соның соңына түсіп бойыңдағы ұлттық ерекшеліктерден айрылып қалу бір басқа.
Әр уақыттың өз сұранысы, талғамы болады. Осы күнгі «хип-хоп», «зумба», «техтоник», «хаус», «джаз франк» деп аталатын билер бар. Заманына қарай олар да өнердің бір-бір түрлері болып саналады. Оның да өз жанкүйерлері, жақтаушылары жетерлік. Алайда соған басы байлы кіріп кетіп, түр-тұрпатын адам танымастай өзгертіп, өз ұлтының тілін, әдет-ғұрпын маңсұқ етіп жүрген ұл-қыздарымызға не айтарсыз? Ондайларды халқымыз: «Көргені жоқ, жетесіз! Намысы жоқ жігерсіз! Алақұйын берекесіз!» деп таныған. Жөн сөз. Бұған қосып -аларымыз жоқ. Осы танымның түп-төркіні «тектілік пен тексіздік» дейтін ұғымға жалғасып жатқандай. «Тексіз адам — тамырсыз ағаш іспеттес», «тектіліктің белгісі ел-жұртына қарасқан, тексіздіктің белгісі ата-салттан адасқан» дейтін мән-мағынасы терең ойға жетелейді.
Әдет-ғұрпымызға кереғар осындай анайы «құбылыстарға» қарсы жан-тәнімен шырқырай қалам тартып жүрген М. Шаханов ағамыздың мына бір өлең жолдары кеудесінде намысы бар әр қазақты бейжай қалдырмас деп сенемін:
«…Тамырсыз дарақты,
Тамырсыз көк майса алапты,
Тамырсыз гүлдерді,
Тамырлы тірлікте кім көрген?
Нақ солай адам да,
Заманнан заманға,
Санадан санаға,
Бабадан балаға,
Жай көзге байқалмас,
Тамырлар арқылы жалғасқан…».
Міне осы жалғастық үзілмесе екен, түп тамырымызға ешкім балта шаппаса екен, ұрпақтан ұрпаққа көшіп мәңгілік жасай берсе екен деп тілейік.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *