Үміттің оты лаулайды менің кеудемде…
18.08.2021 0 1 412
Есенгелді Сүйінов,
ақын, жазушы, қоғам қайраткері, Қазақстан
Жазушылар одағының мүшесі. «Күңгіртау
құпиясы», «Мақпалды күндер», «Арайлы
таң», т.б. кітаптары шыққан. ҚР Құрметті
журналисі, облыстық, республикалық жыр
сайыстарының бірнеше мəрте жүлдегері.
АҚТАУ
Ұшақпен ұшып, табаным тиді Ақтауға,
Ұйғардым сәтті саяхатымды
сенен бастауға.
Жапырақтары сары алтындай көрінер,
Тап-таза қала, лайықты әбден мақтауға.
Киелі мекен, тәу етем бүгіп тіземді,
Көкірегім толып шабытқа,
талмай ізденді.
Ұйқысынан оянған арудай болып сылаңдап,
Тарихтан қалған сырыңды ашшы бізге енді.
Көшелері түзу, үйлері сәнді, заңғарлы,
Кездестірдім аңқылдақ, қайсар жандарды.
Телегей теңіз жағасында тұрған қаладан,
Қуатты күштің бар екенін санам аңғарды.
Әдемі қала, болмайды оны даттауға,
Қалдырдым бейнесін жадымда
айқын сақтауға.
Арқада тоңсам дірдектеп
қырау түскенде,
Кеткім келеді жадыраған, жылы Ақтауға.
***
Несіне мен өкпелеймін біреуге,
Айналмаған жұрты үшін тіреуге.
Тоя ішіп, қапшық қарнын қампитып,
Ит секілді қалғандай күзеуде.
Намысы жоқ, едіреңдеген бұл жанды,
Болар ма екен қайта тәрбиелеп, түзеуге?
Ес-дерті оның ақша табу, бас пайда,
Қаражатын игілікке шашпай ма,
Әлсіздердің есіктерін ашпай ма?
Неткен жүрек жібімейтін тастай, ә?!
Жетімдерге жаны ашып бір күні,
Қайырымдылық жұмыстарын бастай ма?
Құлақ салмай жалынышқа естілген,
Бас сұқпайды жұпыны үйге ескірген.
Бай болса да жақсылыққа жаны қас,
Міз бақпайды, сөйлеспейді естімен.
Сирек өзі ыржың-ыржың күледі,
Алшаң басқан, тұрмыс жайы «бес» кілең.
Қайғысы жоқ, бар мәселе шешілген,
Өркөкірек, дандайсыған, есірген.
Ашкөзденіп, дүниеге құнығып,
Қаймықпайды, тайсалмайды ешкімнен.
Бұндай жанның хайуаннан несі кем,
Ез мінезін оңалтуға кеш білем
***
Мықты ақынсың сары Сергей Есенин,
Үлгі тұтып, саған қарап есейдім.
Жұпар иісті әуеніңмен тербеліп,
Айдынында жыр ескегін есейін.
Шабыт отын тұтандырып, көсейін,
Жанбай жатып, қалай ғана өшейін?
Жұмбақ маған кездейсоқта өлімің,
Жылдар өтті, қайтіп оны шешейін?
Көрікті өңің, жігіттердің төресі,
Саған жетпес өзгелердің өресі.
Рухың күшті ей, орыстың ақыны,
Көкірегімді ақ сәулеңе бөлеші!
САҚТАШЫ ТУҒАН ХАЛҚЫМДЫ!
Көз салсам жиілеген қазанама,
Шаңқай түс, кешқұрым, азанда да.
Бұдан да той өткені дұрыс еді,
Бара алмай отыр халық жаназаға.
Бар екен арасында таныстар да,
Дос-жаран, жазушы, ақын, арыстар да.
Барлығы ем таба алмай, қимастықпен,
Көз жұмып, кетіп қалды алыстарға.
Әрқайсысы бәйтеректің бүршігі еді,
Ойласам жан-дүнием түршігеді.
Тілеймін-тоқтамасын еліміздің,
Қара қазандай қайнаған тіршілігі.
Көңіл айтам бәріне, қазаларға,
Жылап-сықтап, ұласқан азаларға.
Болмасын мәңгі-бақи мұндай індет,
Елімді ақ ниетім тазалар ма?
Бұл дерттен сауықтырып, жаза алам ба?
Шошимын мына аурудан, тітіркенем,
Борышын ел өтеген пітірменен.
Қызуы көтеріліп адамдардың,
Құлаққа жөтел жетер күркілдеген.
Көрінбей еніп кеткен ортамызға,
Түскендей ішіп жатқан сорпамызға.
Тәжвирус біздің жаққа қайдан келген,
Емделіп, қуайықшы, қорқамыз ба?
Кезім жоқ қазағымнан бөлектенген,
Жүрегім ауырады ғой, өрекпіген.
Ол аш болса, мен де ашпын,
Не жесе, соныменен қоректенем.
Дуалы, текі атаның өкілі едім,
Ашиды жол таба алмай көкірегім.
Халқымды «мың өліп, мың тірілген»,
О, Алла, сақтай гөрші, өтінемін!
***
Уа, әділдік қанат қағар қайдасың,
Бәлкім сонау аспандасың, айдасың.
Қиямпұрыс тоңмойынды тоқтатшы,
Жүдеу көңілім, жайбарақат жайлансын.
Ей, әділдік бой көрсетші қайдасың,
Мүмкін шыңда, яки терең сайдасың.
Аң аулаған рұқсатсыз далада,
Бұзақыны жөнге салып, жайғарсың.
Уа, әділдік от ауызды қайдасың,
Елім көрсін тура бидің пайдасын.
Қиянатқа, бассыздыққа жол бермей,
Асауларға жүген салып байларсың.
***
Пір тұтып, бетке алғанда құбыланы,
Күн райы жүз өзгеріп, құбылады.
Төбемнен қиқу салып, құстар ұшып,
Аспанда ақша бұлттар шұбырады.
Жел соғып, нөсер жауып… бұзылады,
Аққулар көлде сыңсып, сызылады.
Ырғалып ақ қайыңдар билегендей,
Таусылмас табиғаттың қызығы әлі.
***
Қызғалдақ қып-қызыл боп үлбіреген,
Сәуірде тасты жарып, гүл гүлдеген.
Қимаймын жұлуға оны, сыйлар едім,
Шат қылып сүйіктімді, күлдірер ем.
Хош иіс келеді ғой, иіскей берем,
Қызғанам, басқаларға тиіспе дер ем.
Аңсаймын сондай сәтте аяулымды,
Қауышып, өр басымыз түйіспеген.
Қайғырып, қамыққаным жетер енді,
Барлығы ұмытылып кетер енді.
Қылтиып тау басында шыққан нәзік,
Қызғалдақ көкжиекке жетеледі.
САҒЫНЫП КЕТТІМ ДАЛАНЫ
Далада көктем. Отырмын үйде бұйығы,
Дел-сал боп денем, қызулы
қаным ұйыды.
Ноқталап қойған байлаулы аттай тыпыршып,
Мазасыз күйде басамын іште құйынды.
Ақша қар еріп, жылғалар ақты сылдырлап,
Көшеде жан жоқ, төңірек кетті бұлдырап.
Сөйлесер едік, қонақтар қашан келеді,
Есікті қағып, қоңырау үні шылдырлап.
Әйнектен қарап сәскеде, көңіл толмайды,
Серуендесем деймін, шығуға
бірақ болмайды.
Төтенше жағдай өтеді осылай, шыдайсың,
Шуақты күндер басталып, қайта орнайды.
Сағынып кеттім даланы, туған ауылды,
Бара алмай жүрмін, жүрегім
шаншып, ауырды.
Үміттің оты лаулайды менің кеудемде,
Тағатсыз күткен қарсы алып жылы сәуірді.
ЖҰБАТУ
Басталды ма дүниенің зауалы,
Сәуірде де қар ұшқындап жауады.
Қайдан шықты, қашан бітер бұл ауру,
Ғалымдардың мардымды жоқ жауабы.
Қайдан табар бет қайтарар дауаны,
Дімкәс жүзі қалай қарай ауады?
Аузым жабық, бетпердені тағып ап,
Жұта алмаймын кең көсіліп ауаны.
Қорқынышты, індет жайлап, өршіген,
Сөйлеспейсің арқа-жарқа көршіңмен.
Дастарханы жиылмаған халықпыз,
Шер тарқатпай көңіл қашан көншіген?
Жүр дейсің бе масаттанып қазір кім,
Білдім жаңа еркіндіктің қадірін.
Қырға барып, аунап-қунап, домалап,
Жалаңаяқ жүгіруге әзірмін.
Жә, жетеді, жігітсің ғой, мұңайма,
Ер азамат қиындыққа шыдайды, ә?!
Тәубеңе кел, бәрі жақсы болады,
Сынақтарда табылады мың айла!
***
Қандай ғажап дүние,
Мың түрлі түспен боялған,
Мүлгіп кеткен ұйқысынан оянған.
Миуа бақта сандуғаштар сайрайды,
Сұлулыққа қызығамын, тоя алман.
Аққу-қаздар қалқып жүзген айдында,
Қанатымен армандарын жайды ма?
Енгендейсің пейішке сен ентелеп,
Қасиетті жылдың Сұлтан айында.
Өбіп, құшып шалқар дала самалы,
Бойжеткеннің құпырады жамалы.
Жаңбыр көктен сезімдерді түрткілеп,
Сіркірейді, тамшы болып ағады.
Сәйгүліктер қырда шауып барады,
Құс қиқуы төңірекке тарады.
Індерінен шығып алып суырлар,
Таңданыспен жан-жағына қарады.
Қандай көркем дүние,
Сұлулығына тоймайсың,
Өле-өлгенше ғашық болуды қоймайсың.
Жұпар шашқан хош иісіне еліктеп,
Неткен рахат тіршілік деп ойлайсың!
БІР ҮМІТ
Жалмауыздай жалмап тоймай, жайылып,
Адамдарды бауырынан айырып.
Жеті басты айдаһардай ауруды,
Күн туар ма алар бетін қайырып?
Не боп кетті? Елімізде-жиі өлім,
Мұңға батып, қапаланып жүргенім.
Дәрменсіздік, қолдан келер айла жоқ,
Азап екен бұлай өмір сүргенің.
Сенде тудым, сенде есейдім, жасадым,
Туған Отан, сенен қайда қашамын?
Не көрсем де бірге болам мәңгілік,
Елді аядым, көздеріме жас алдым.
Кеттік пе әлде кеуде керіп, мақтанып,
Жүру керек даңғойлықтан сақтанып.
Жаратқаннан мен кешірім сұраймын,
Тізе бүгіп, елім үшін ақталып.
Дүр сілкінтіп, алған әлем мазасын,
Кім толтырар адамзаттың қазасын?
Ойлап тапқан осы ауруды жауыздың,
Алла берсін әділетті жазасын!
Көшеде жүр кісі алаңсыз шұбырып,
Заман-керуен зымырайды құбылып.
Саябырлар, бәрі баяу басылар,
Жұбатады мені осылай бір үміт.
Білмейтұғын қандай қайтпас зобалаң,
Қалай шалқар кең далаға жолаған?
Өжет, батыр көк түріктің ұрпағы,
Жеңіп шығып бұл ауруды, бол аман!
ЕҢСЕҢДІ КӨТЕР, ЕЛІМ!
Боздайды қобыз, сыбызғы сарнап жылайды,
Бебеулеп домбыра, кеудені осып тырнайды.
Жетіген өксіп, сырнайдың
сазы мұңданып,
Қосылды бәрі. Азалы әуен тынбайды.
Таусылып дәм-тұзы. Тарқаған өмір базары,
Қаншама жанның індеттен келді ажалы.
Қынадай қырып, жусатып салды жапырып,
Жайбарақат жатқан халқымды
тағдыр тажалы.
Аспанымды ашық қара бұлт келіп түнерткен,
Дағдарысқа салып жұртымды
бейбіт күнелткен.
Салғырттық болар, бейқамдық па
әлде, білмеймін,
Таразылар тарих, шығармыз
қалың түнектен!
Қолдарын созды, әлемнің ауып назары,
Жеріміз байтақ, халқымның саны аз әлі.
Қатары елдің көбейсе
деуші ем әрқашан,
Кеміді қайта, қаралы күн келді азалы.
Күңіреніп бірге, өлгенді айтып жоқтаймын,
Жұртым-ау жалқым онсыз да сенің
көп қайғың.
Жылама елім, еңсеңді көтер, алға бас,
Жырымды оқы, осымен енді тоқтайын!
АЛМА АҒАШЫ ГҮЛДЕДІ
Көктем келді. Алма ағашы гүлдеді,
Жапырақ жайып, ақ матадай түрге енді.
Жердің беті көк шалғынға малынып,
Түкті кілем секілденіп түрленді.
Алма ағашы ақ мақтадай үлбіреп,
Жайқалады, аппақ болып тұр гүлдеп.
Аппақ дүние-тереземнің алдында,
Тербетеді ақ гүлдерді жел үрлеп.
Ақша бұлттар аспанымда қалқиды,
Қиялдайсың, ойлар келіп әрқилы.
Сән береді алма ағашы гүлдеген,
Төңірекке, ойхой көңіл шалқиды.
МОНА ЛИЗА
Тудырып ең әуелі бір қиялды,
Тудырып арасында мың қиялды.
Сұлулық періштесі-Мона Лиза,
Көргенде маған қарап жымияды.
Не сыр бар бұл жымиыс астарында,
Дұрыс па, білмес істі бастадым ба?
Аршын төс, алма мойын хас сұлуға,
Сансыз жан ғашық болған қас-қағымда.
Қараймын көзімді алмай суреттен,
Түртемін, саусақтарым дір-дір еткен.
Сенімді өз-өзіне, қиғаш қасты,
О, Мона Лиза, әлемдегі құдірет пе ең!
Жұмбағын ғасырлардың шеше алам ба,
Шешпесем мен өзімді кеше алам ба?
Ашса ғой ішке бүккен жан сырларын,
Айтпаған ешқашан да еш адамға.
Қылымсып, күн секілді күлімдейді,
Армандап не ойлайды, білінбейді.
Жеткендей даусы маған сыңғырлаған,
Естімей жүрсем дағы үнін мейлі.
Биязы, инабатты, тым зиялы,
Жанары жарқыраған нұр құяды.
Әлемді көркімененен таң қалдырған,
Мона Лиза бейкүнә жымияды.
ОҚЖЕТПЕСТЕЙ ТҰЛҒАҢ БИІК
Жабыққанда жұбатқан, қиналғанда демеген асқар таудай ағам
Қуаныш Омаровқа
Жастайыңнан жақсылықты көксеген,
Перзентісің түлеп ұшқан Көкшеден.
Бізге ыстық көрінесің, ағатай,
Жүректерде сенің атың өшпеген.
Жігітсің ғой күші, алғыр, жігерлі,
Жолдастарың бірге қалмай жүреді.
Келіп қалдың арамызға желпініп,
Елің сені ақсақал деп біледі.
Араластық, аға тұттық, бәрі есте,
Сағынамыз, есек аламыз әр кеште.
Аға болу ардақ тұтар мәртебе,
Іні болу ізеттілік емес пе?
Ағайынға, туыстарға қарасып,
Азаматсың мейрбанды, қолы ашық.
Өмір сүріп келесің сен бақытты,
Ботагөздей жеңгемізбен жарасып.
Көкшетау мен Қостанайдың арасын,
Жалғастырып, ыстық болып барасың.
Парасатты, адал, әділ ағамсың,
Алла нұры өн бойыңа таралсын.
Аппақ таңдай ақ ниетің ағажан,
Өзіңсің ғой аңқылдаған ғажап жан.
Оқжетпестей тұлғаң биік, асқақ қой,
Сендей аға қайдан іздеп таба алам?
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.