Ана мен бала құқығы тапталмасын
18.08.2021 0 1 521
Жанна ИМАНҚҰЛ,
«Жалын» журналының қызметкері
Ана мен балаға қамқорлық Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында зор мән берілген басым бағыттардың бірі. Бұл — еліміз тәуелсіздік алған жылдан бергі қолға алынып келе жатқан үлкен мәселе. Қай елде болмасын, халықтың демографиялық хал-ахуәлі ана мен баланың денсаулығына тікелей байланысты екені сөзсіз. Осы тұрғыда, ана мен бала өлімін азайту, жүкті әйелдерді уақытында есепке алу мен олардың денсаулығын жіті бақылау, генетикалық кеселдермен күрес бағытындағы жұмыстар елімізде жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. Есесіне, ана мен баланың қаралы статистикасы едәуір азайған. Нәрестелер өлімі түрлі елдердегі тұрғындардың өмір сүру сапасын көрсететін болса, 2018-2020 жылдарға арналған Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша Қазақстанда балалар өлімі көрсеткіші 17 ұстанымға төмендегенін Біріккен Ұлттар Ұйы-мының Ведомствоаралық тобы-ның ресми мәліметтерінен білуге болады. Бұл көрсеткіш – еліміздегі сындарлы саясаттың денсаулық сақтау аясында жүргізіліп жатқан көптеген іс-шаралар мен жұмыстардың нәтижесі екендігін көрсетеді.
Адам денсаулығы ең алдымен, оның өмір сүру салты, тұқым қуалаушылық және қоршаған ортасына байланысты. Қазіргі кездегі көптеген кеселдердің дені мінез-құлық факторларынан, оның ішінде темекі шегу, ішімдікті асыра пайдалану, төмен дене белсенділігі, дұрыс тамақтанбаудан екендігін ескерте отырып, оның денсаулыққа зияндылығы жөнінде үгіт-насихат жүргізіп отыруды да Қазақстан медицинасы қолға алған. Сондай-ақ, ерте неонатальдық және нәрестелер өлім-жітімін азайту мақсатында, ана мен бала денсаулығын қорғау саласында халықаралық стандарттар жүйесін енгізу, перзентханалардың материалдық-техникалық базасын нығайту шаралары ұйымдастырылып тұрады. Әсіресе, ауылдық елді-мекендердегі тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға көңіл бөлуді талап етеді. Ал, ана мен бала қаралы статистикасы көбінесе, шет аймақтардағы ауыл тұрғындарынан екендігіне ерекше назар аудару қажет.
Мамандардың айтуынша, жүк-тіліктің алғашқы кезеңінде жергілікті емханаға тіркеліп, дәрігерлердің сапалы кеңесінен өту аса маңызды. Көптеген әйелдер өз денсаулығы мен болашақ сәбидің өміріне аса мән бермейді. Салдарынан, сәбилердің өлі туылуы орын алып жатады. Заманауи технологиясы жоғары дамыған қазіргі медицинада сәбидің құрсақтағы дамуы мен денсаулығын ерте анықтай алады. Көп жағдайларда ота жасау немесе жасанды жолмен туғызып алу арқылы жүктілік мерзімін қысқартуға тура келеді.
Ана құрсағында жатқанында дамуы кешеуілдеген сәбиді емдеу – бүгінгі таңдағы шипасы табылмай жүрген емдердің бірі. Іште жатқан сәби жолдасының шаранаға қажетті қоректік заттарды жеткізбеуі – оның дамуын тежейді. Жуық арада отандық дәрігерлер германиялық профессорлармен бірлесіп, құрсақтағы баланы емдеудің жаңа әдісін тапқан болатын. Бұл жаңа әдіс әйел жүктілігінің алты айлығына дейін жасалып, кіндік арқылы құрсақтағы сәбиге қажетті дәрумендер жеткізіледі әрі сәбидің физиологиялық дамуын қалпына келтіре алады. Дамуды тежейтін кедергілерді азайтып, жүктіліктің қалыпты жалғасуына себеп болатын көрінеді. Осы әдіс болашақта оң нәтижесін көрсететін болса, аналар мен сәбилердің өмірін сақтауға әрі халық демографиясына тигізер пайдасы зор.
Әйел ағзасындағы қандай да бір дерт жүктілік кезеңінің ауыр өтуіне әсер етеді. Сондықтанда, жоспарлы жүктіліктің алар орны ерекше. Бала көтергенге дейін әйел өз бойындағы ауруларымен күресіп, болашақ ана болуға дайындық жасауы тиіс. Мәліметтерге сүйенсек, ана өлімінің негізгі себеп-салдарында бірінші орында жүктілік пен босанудың асқынуларымен байланысты экстра-генитальдық дерт – 48,8 пайызға тең. Ал, тыныс алу мүшелерінің ауруы – 47,7 пайыз, жүректамырлары дерті – 23,1 пайыз, өкпе құрты – 9,2 пайыз, гепатит – 4,6 пайыз, обыр – 3,1 пайыз. Сонымен бірге, босанудан кейінгі кезеңмен тікелей байланысты себептер 42,1 пайызды құрайды. Атап айтқанда, бірінші орында акушерлік қан кету – 21,1 пайыз, екінші орында эклампсия – 7,5 пайыз. Жүкті әйелдердің көпшілігі анемия ауруына шалдығады. Бұл дертті болдырмау үшін құрамында темір сияқты дәрумендерге бай құнарлы тағамдармен тамақтанып, таза ауада жиі серуендеуге тиіс. Әрбір болашақ ана өз денсаулығына аса жауапкершілікпен қарағанда ғана ұлт саулығы оңалады.
Қазақстанның халық саны бүгінде 19 миллионды құрады. Бір жыл ішінде шамамен 424 789 бала туып, 167 610 адам қайтыс болады. Егер сыртқы көші-қон деңгейі өткен жылдың деңгейінде қалатын болса, онда көші-қон себептеріне байланысты халық саны 35 525 адамға өседі. Яғни, елге ұзақ мерзімді болу үшін келгендердің жалпы саны (көшіп келушілер) елден кеткендердің (эмигранттардың) санынан көп болады. Жаңа туған балалар саны жылына 400 мыңнан асып отырады. Дегенмен, соңғы кездері өсу қарқыны өте жақсы деп, көп нәрселерге көз жұма қарауға болмайтындығы турасында жиі айтылады. Әлеуметтік жағдайларға байланысты сын көтермейтін көптеген тұрмыс тіршілігі төмен отбасылар мен мүлдем бала сүйе алмай жүрген отбасылардың баршылығын еске салуды жөн деп санайды демограф ғалымдар. Халық саны көбейту тұрғысынан ана мен балаға ғана бір жақты мән аударылып, ерлердің белсіздік дерттері көлеңкеде қалып отырды. Кеш те болса, қазіргі кезде осы мәселелерге ерекше көңіл бөлініп отыр.
Ана мен бала өлімі азайған кезде халық санының өсуі артады. Мұндай көрсеткіштер әр елде әр түрлі. Мәселен, дамыған елдерде қаралы статистика аз болғанымен де, халық санының өсуі төмен деңгейде. Ол елдердің медицина жетістіктері де әлдеқайда ілгері. Біздің елде кейбір жағдайларда дәрігерлер қателігінен әйелдердің өлімі орын алып жатады. Осындай қателіктерге жол бермес үшін де, қазіргі кезде республикамызда медицина саласына байланысты көптеген жағдайлар жасауда. Медицина саласы мамандарының терең білім алуларына, олардың сондай-ақ, шетелдік дәрігерлермен тәжірибе алмасуларына мүмкіндіктер бар.
Қазақстан жері — географиялық тұрғыдан 9-шы орынды иеленетін ұлан-байтақ жер. Демография мәселесінде көші-қон мәселесі де үлкен рөл атқарады. Тәуелсіздік алғаннан бері елімізге 1 миллионға жуық қандастарымыз көшіп келіп, халық санының өсу көрсеткішінде орны ерекше болды. Ресми деректер бойынша шетелде 4,5 млн. қазақ жүр. Сол себепті де, сырттағы ағайындарды елге көшіріп әкелу мәселесі әлі де күшін жойған жоқ.
Бала жарық өмірге еш қорғансыз, дәрменсіз, періште қалыпта келеді. Оның өмірі мен денсаулығы, болашағы оның айналасындағы ересектерге тікелей байланысты. Махаббат пен ізгілік аясында есейген, ержеткен, өсіп-өнген бала кейін айналасына да көп жақсылық әкелмек. Ендеше, мұғалім мен баланың арасында шынайы адал сүйіспеншілік, рухани жақындастық, екі жақты өзара сыйласымдылық, сенім болған жағдайда бала өз көзқарасы мен ақыл-ой тұрғысында нық тұрып, болашақта елінің мықты тірегіне айналмағы сөзсіз.
Қазіргі заманда топта әрекет ету қабілеттілігі кәсіби жағынан қажетті және жеке қасиеттердің бірі болып табылады. Психологиялық ойындар мен жаттығулар ынтымақтастыққа тәрбиелеуге бағытталған. Топ жетекшілері бұларды әр түрлі жағ-дайларда: топпен өтетін тренинг пен қарым-қатынас тренингтерін мектепте және мекемелерде өткізулеріне болады.
Бүгінгі таңда қарым-қатынастағы компетенттіліктің дамуы әлеуметтік-психологиялық тренинг аясында ойдағыдай шешілуде. Бұл әдістің ерекшелігі сонда, ол топтық сипатта болады, кіші зертханалық топтарда өткізіледі.
Дегенмен, кейбір балалардың бойында өз мүмкіншіліктерін толық көрсетуіне кері әсерін тигізетін – ұялшақтық, ұяңдық, тұйықтық. Бұл мінез бала кезде пайда болып, өмір бойына қалыптасып қалатын жағдайлар болады. Одан бала кезден арылмаса, есейген сайын ол түрлі кедергілерге алып келеді. Табиғатынан ұяң бала сол кедергілерден өте алмауы, қиындықтарға төтеп бере алмауы мүмкін. Бір-екі рет төтеп бере алмаса, біртіндеп оның барлығы бала бойына жинақталып, тұйықталуға, іштен тынуға ұласады да, әр кез сәтсіздіктерге ұшырағанда үнсіз келісіп, күресуден бас тартады. Тіпті, баланың өзін-өзі бағалауы да төмендей бастайды. Өзінің үнемі жолы болмайтындай сезіп, өмір сүруге деген құлшынысы азаяды, тіпті өзін жек көріп кетеді.
Балаларының ұяң, ұялшақ мінезін ата-аналары күнделікті қарым-қатынас арқылы жақсы біледі. Ондай балаларды ортаға бейімдесе де, қызығушылығын тудыратын жұмыстар жасаса да еш нәтиже бермей жататын кездер болады.
Ата-аналары ұялшақ, тұйық балаларын қалай айқындаса болады? Мұндай балалар табиғатынан үндемейді, көзін үнемі төмен салып жүреді, иығы еңкіш тартып тұрады, бір нәрсе айта қалсаң қалтырап кетеді, сөйлегенде ешқашан бетіңе тура қарамайды, тіпті қарапайым сұрақтардың өзіне әрең жауап қайтарады.
Олар көбінесе, өз сезімдерін көпшілік алдында көрсетпейді, ішінен уайымдайды, жалғыздықты сезінеді, торығу сезімі басым болып келеді. Оларға абыржу, сасу, қысылу, ұялу, өзін болмашы нәрсеге кінәлі сезіну тән. Кейбір балалар табиғатынан ұяң болмауы мүмкін, олар топ бастауға құмартып тұрады, бірақ оны басқара алмағандықтан, өзін көрсете алмағандықтан, үндемей, ешкімге қосылмай, тұйықталып жүреді. Өз пікірін айтуға жасқаншақтанады.
Себебі өзгелердің алдында күлкіге ұшыраймын, мазаққа қаламын деп қорқады. Егер оқушыңыздан осындай белгілерді байқасаңыз, онда оның қолынан келетін істі беріп, соны жасап шығуға бағыт-бағдар беріңіз. Бала орындап болып, сізге көрсеткенде, міндетті түрде мадақтап, ынталандырыңыз. Бұл балаға өз қолынан іс келетіндігіне сенімді болуына көмектеседі. Мадақтау – ұялшақтықты жеңудің бірден-бір жолы. Сондықтан баланың бойындағы ұяңдықты, ұялшықтықты жою үшін ең алдымен, ата-анасының, мадақтауы, қолпаштауы балаға өте қажет.
Енді бір ұялшақ балаларға тән қасиеттердің бірі – олар не нәрсені болсын жүректеріне өте жақын алады, өкпешіл болып келеді. Олар қарым-қатынасқа түсуден қашқақтайды, ешкімнің өзіне жақындамауын, тиіспеуін қалап тұрады. Мұндай жағдайда баланы өз іс-әрекеттеріне сенімді етіп, күшіне сендіріп үйрету керек. Баланы өз көз-қарасын дәлелдеп шығуға дағдыландыру қажет. Кейбір балаларда ұялшақтық қиялы бәсеңдіктен, ойлау қисынының толық дамымауынан, баяу қимылдың әсерінен болып жатқандықтан, ақыл-ойды дамытуға көп көңіл аударған жөн. Әсіресе, балалар өте жоғары бағалайтын кеңпейілділік, жомарттық, ақылдылық қасиеттерін дамытуға тырысу керек.
Аса айқын, қиын және өзгерісі көп қауіпті кезең мектеп жасындағы жеткіншектік кезең. Жеткіншек балалардың көңіл-күйі жиі құбылып тұрады, эмоциялық әлемі жиі өзгереді. Балалардың бір тобы тез шаршағыш, ашуланшақ, көңілсіз болады. Мұндай баланың жеке басының неврозды жүйкесі мен психикасының бұзылуынан деп сипаттауға болады, оның себебі, мұғалім мен оқушы, бала мен ата-ана қатынасының бұзылуынан болады.
Жеткіншектің мінез-құлқындағы ауытқулар көбіне туа пайда болмайды, олар физиологиялық ауытқулардан емес, отбасындағы және мектептегі дұрыс тәрбие бермеуден пайда болады. Ол дегеніміз- агресивті мінез-құлық, үрей, қорқыныш, депрессия.
Қазіргі уақыт талабы — білімді, саналы, мәдениетті, адамгершілігі мол, қоғамда өз орнын таба білетін тұлға қалыптастыру. Жеке тұлға дегеніміз – адамның психикалық рухани мәдениеті. Тұлға мәселесі қай уақытта да өзінің сан қырлы жақтарымен заман талабынан түскен емес. Бала алдымен ата-анасын пір тұтады. Олардың бейнесі – болашақтың бейнесіндей әсер етеді. Анасының, әкесінің жүріс-тұрысы, ақыл-ой өрісі, іс-әрекеті, тәрбиесі мен шеберлігі оқушы психологиясына қатты әсер етеді.
Дүниедегі ең тамаша туынды- тамаша тәрбие алып шыққан адам болып табылады. Жақсы тәрбиемен есейген бала, ол қашанда біздің қуанышымыз. Психология ғылымы еш нәрсеге бейімі жоқ, қабілеті жоқ адам болмайды деп дәлелдейді. Сол себепті де баланың қабілетін кеңінен өрістете дамытуға мектеп мақсатты түрде ықпал ете алады.
Олар өте сезімтал, нәзік, ата-аасының жылы жүзін, күлімсіреген көз жанарын, көңіл-күйінің жайдары, жайсаң болуын тілейді. Осы қалыпты ұстаған ата-ананың балалары ешқандай психологиялық ауытқушылыққа ұрынбайды. Пси-хологиялық денсаулықтың дұрыс дамуы көңіл-күйге байланысты деуге де болады.
Психологиялық тұрғыдан алғанда адамдарға сеніммен қарау балаға қажетті аса маңызды қасиет. Осы кезде балада үлкендердің талап-тілегінен шығуға деген тырысушылық, үл-кендердің көзіне түсуге деген талпыныс байқалады. Бала үлкендерге ұнауға талпыныс білдіре отырып, мінез-құлық ережелерін орындауға ұмтылады. Осы ұмтылыс барысында оның бойында ар-ұят сияқты адамгершілік сезім пайда болады.
Алдағы он жылда әлемде ең көп тарайтын ауру – депрессия болмақ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бүгінде әлемнің 450 миллионнан астам халқының жүйкесі жұқарған. Олардың дені – дамыған мемлекеттердің азаматтары. Ал Қазақстанда психиатрлық ауруханаларда есепте тұрғандар саны үш жүз мыңнан асса, дәрігерлерге бармай қашқақтап, тіркелмей жүргендері қаншама. Бір ғана Алматының өзінде психикалық дертке шалдыққан 20 мың адам есепте тұр. Сондықтан мамандар қазіргі қоғамды осы «дертке» дайындау керектігін ескертеді. Дәрігерлердің кеңесіне құлақ түрсек, депрессияның құрығына ілінбеу үшін таза ауада жиі тынығып, құрамында омега-3 қышқылы бар тағамдарды көп пайдалану қажет. Сондай-ақ өмірге оң көзқараспен қарап, ашуға бой алдырмау керек.
Сондықтан ел мен жердің болашақ иесі болатын балаларымызды және олардың өсіп-жетілуіне ең басты жауапты тұлға аналардың денсаулығы, әлеуметтік жақтан қорғалуы, депрессия мен стресске, мінез-құлық ауытқуына ұшырамауына мемлекет тарапынан үзбей қолдаулар жасалып келеді.
Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясымен 2010 жылғы 24 ақпанда қабылданған № А/RES/64/142 қарарының «Ата-ана қамқорлығын көтермелеу» деген тарауында да жан-жақты қарастырылған.
Отбасының балаға қатысты өзінің міндеттерін орындауда қолдау көрсетіп, баланың ата-анасының екеуімен де байланыста болуын көтермелеуді қамтамасыз ететін саясатты жүргізген жөн. Бұл саясат басқалардың ішінде, тууды тіргеуке құқықты, тиісті тұрғын үй мен медициналық қызметтерге, білім алу мен әлеуметтік қамтамасыз етілуге қолжетімділікті қамтамасыз етіп, сондай-ақ кедейлікпен, кемсітушілікпен, маргинализация, стигматизация, зорлық, қатыгез қарым-қатынас, сексуалды қол сұғушылық және ішімдік немесе нашақорлықты пайдаланумен күрес шараларын көтермелей отырып, балаларды тастаудың, балалардан бас тартудың және баланың отбасынан ажыратылудың түпкілікті себептерін ескеру керек.
Мемлекеттерге ата-аналардың өз балаларына күтім көрсету қабілетін көтермелеп, нығайтуға шақырылған, отбасы дамуының іліспелі және өзара күшейтуші стратегияларын әзірлеп, жүзеге асырған жөн.
Мемлекеттерге балаларды тастау, балалардан бас тарту және баланың отбасынан ажыратылуының алдын алатын тиімді шараларды жүзеге асырған жөн. Басқалардың ішінде әлеуметтік саясат пен бағдарламалар отбасыларға балаларына қажетті қорғанысты, күтімді және өз балаларының дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін дағдылар, мүмкіндіктер мен құралдар беру керек. Осы мақсатта мемлекет пен азаматтық қоғамның, соның ішінде үкіметтік емес және қауымдық ұйымдарды, діни қызметкерлер мен БАҚ өзара толықтырушы мүмкіндіктерін біріктіру керек. Бұндай әлеуметтік қорғаныс шараларына келесілер кіру керек:
a) ата-аналарға арналған курстар мен сабақтар, ата-аналар мен балалар арасындағы оң қарым-қатынасты көтермелеу, даулы жағдайларды шешу дағдыларын дамыту, жұмысқа тұру, табыс алу және қажет болса, әлеуметтік көмек алу мүмкіндіктері сынды отбасын нығайтушы қызметтер;
b) күндізгі күтім, келістірушілік пен татуластырушылық бойынша қызметтер, ішімдік немесе нашақорлықты пайдалану кезіндегі емдеу, қаржылық көмек және мүгедектігі бар ата-аналар мен балаларға көмек сынды көмекші әлеуметтік қызметтер. Бұндай, басым түрде кешенді және интрусивті емес сипаттағы қызметтер қауым деңгейінде қол жетімді болып, өз мүмкіндіктерін қауым мен күтім көрсетуші тұлға мүмкіндіктерімен біріктіре отырып, отбасылардың серіктес ретінде белсенді қатысуын қамтамасыз ету керек;
c) жастар күнделікті өмірде тап болатын мәселелерді оң шеше алуы үшін және болашақ ата-аналарды сексуалды және өсімпаздық денсаулғына қатысты құзіретті шешім қабылдауға және өздерінің осы бағыттағы міндеттерін орындауға дайындауға бағытталған жастар саясатын.
Отбасын қолдау үшін қолдау көрсету үдерісінде түрленіп отыратын, әр түрлі қосымша шаралар мен әдістерді қолдану керек: үйге бару, басқа отбасылармен топтық кездесулар, нақты жағдайларды талқылау үшін кездесулер мен сәйкес отбасы тарапынан міндеттерді қамтамасыз ету. Олар отбасы ішіндеі қарым-қатынасты нығайтуға жәрдемдесуге бағытталып, осы отбасының қауымға қосылуын көтермелеу керек» деп БҰҰ-ның құрамына кіретін мемлекеттер тарапынан бала мен анаға, отбасына қажетті маңызды жайттар бекітілген.
«Адамға ең бірінші көңіл қымбат» деп жатамыз. Ал көңілдің кілті неде?Адам балсының кішісі болсын, үлкені болсын жанын жадыратып жаз қылатын да, құлдыратып қыс қылатын да – бір ауыз сөз.Сол бір ауыз сөздің мейлі жақсы болсын, мейлі жаман болсын адамзатқа тигізер әсері өте зор. Сондықтан ата-аналар өз көңіл күйлері жақсы болмай тұрса да балаларына жылы қабақ танытып, жағымды сөздерді айтса – баланың да, өздерінің көңілі дереу көтеріліп, бәрін ұмытып кететіні де сөзсіз.
Кейде бір істің реті келмей, бір адамға ренжіп жатсақ қапаланып ашуға беріліп,тіпті кейде қарғап-сілеп жататындар да аз емес. Қарғыстың аты -қашанда қарғыс, қаһарына ұшыратпай қоймайды. «Ат айналып иесін табар,қарғыс айналып киесін табар» деген даналық сөз осының дәлелі емес пе? Пенде болған соң өкінішке орай азды көпті күнәлар жасап,сабырсыздыққа бой алдырып,бір-бірімізге ауыр сөздер айтып, көңілімізді қалдырып жатамыз.
Алайда, ашуды ақылға жеңдіруге әбден болады.Ол үшін адам алдымен өзін-өзі тәрбиелеуден бастау керек. Алдымен айтар сөз бен ойды түзеген абзал.Біреуге сын айтып, кінә артпастан бұрын, «мен осы адамға сынауға лайықтымын ба?» деген сауалды өзіне қойған дұрыс.Өз басын ойлап, ойымды ашық жеткізем деп өзгелердің көңіліне сызат түсіріп,жанын жаралап жататындар да бар.Көңілі қалған кейбір адам баласы естіген ауыр сөздерді жадында мәңгіге кек қылып сақтап,сөз естіген адамынан қалыспай қарғыс тілеп жаман көзқарас қалыптастырады.Өмірдегі ең жұмсақ,ең нәзік жаратылыс ол – көңіл. «Адамның көңілі, бір атым насыбайдан қалады» деген даналық сөз бекерге айтылмаса керекті. Осындай көңіл күй мен ара қатынас адамның денсаулығына үлкен кері әсерін тигізуі мүмкін.
Ал, әрқашанда жақсы көңіл күймен, күлімсіреп жүретін жандар – өзіне ғана емес айналасына да тура сондай әсер береді. Өзі шаттанады, жанындағыларды да шуаққа,қуанышқа бөлейді. Тіпті, жылы жымиып,амандасқаннан ақ адамды өзіне баурап тұрады. «Жүзі жылы адамның жүрегі жұмсақ» болады дейді. Жүректің жұмсақ болуы — жанның рахаты десек артық айпаған болар едік. Жүрегі нәзік жандар жақсылық жасаудан жалықпайды. Жақсылықтың жауабы — ақ алғыс пен бата. Алғыс алған адамның төрт дүниесі түгел, дені сау,уайым қайғысы аз болатыны белгілі.Ондай адамдар сабырлы, салмақты қасиеттерімен бар қиыншылықты ақылға жеңдіріп өз жандарына рухани шипа силай біледі.
Алғыс пен қарғыстың адамға тигізер дәлелі ретінде бір оқиғаны тілге тиек етейін:
Жапон елінде бір ғұлама адам екі ыдысқа толтыра су құйып,оның біріне,тек жақсы сөздер айтып ауруына ем сұрап, жанына шипа дұға тілеп суға дем салыпты. Ал,екінші ыдыстағы су адамға кері әсер ететін, яғни қарғыс сөздермен үшкіріліпті. Әлгі екі ыдыстағы суларды екі адамға бірдей ішкізеді. Біраз уақыттан соң қарғыс айтылып оқылған суды ішкен адам өз өзінен түсініксіз ауруларға шалдығып, күннен күнге нашарлай беретін көрінеді.Жақсы ниетпен оқылған суды ішкен адам,күннен күнге жүзі бал-бұл жайнап,қуаттанып,сұлуланып кеткен екен. Міне осыдан кейін, жақсы сөз бен жаман сөздің балаңыздың болашағына тигізер пайдасы мен зиянын байыптай беруге болады.
Бала тәрбиесiнде отбасының орны ерекше. Оны қоғамдық тәрбиенiң қандай саласы болса да алмастыра алмайды. Отбасының негiзi баланы өмiрге келтiру ғана емес, оған мәдени — әлеуметтiк ортаның құндылығын қабылдату, ұрпақтың, ата-бабалардың, ұлылардың ақыл-кеңес тәжiрибесiн бойына сiңiру, қоршаған орта, адамзатқа, өз қоғамына пайдалы етiп тәрбиелеу. Үлкен ұрпақтың тәжiрибесi, өмiрдегi беделi, ақыл-кеңестерi, ата-ананың өз борышын мүлтiксiз орындауы, бiр-бiрiн құрметтеуi – үлкен тәрбие мектебi. Бала дүниеге келген күннен бастап ата-ананың ықпалында болып, өмiрге бағыт берушi тәрбие мектебiнен нәр алады.
Қалай болғанда да, балаға, әсiресе, ана өте жақын келедi. Ал отбасы тәрбиесiнде әкенiң де, ананың да орны бөлек. Әке мен ана баланың алғашқы ұстазы. Әсiресе, әкенiң рөлi ер баланы тәрбиелеуде басым. Әке ұлына өзiнiң бар өнерiн, естiп-бiлген бiлiмiн түгел үйретуге тырысады. Ал ұл бала өз тарапынан ағаға, әкеге елiктеп, одан үйренген. «Ата көрген оқ жонар» деген осыдан шыққан.
Қазіргі балалар ерекше техно-краттық даму заманында дүниеге келіп, өсіп жатыр. Салыстыра алып қарағанда олардың ата-анасының буынынан ерекшеліктері айқын байқалып отырады.
Ұрып-соғып, жекіп, қорқытып тәрбиелеуді, білім беруді қазіргі ұрпаққа қолдануға мүлде болмайды. Сондықтан ата-аналар мен бала арасында мәдениетті қарым-қатынас орнатуға тырысу керек.
Баланың отбасындағы тұлғалық қасиетін жетілдіретін жағдайдың бірі – отбасы ішілік және отбасынан тысқары атқарылатын еңбек. Отбасындағы күнделікті тұрмыс қажеттігін қамтамасыз етуден туындайтын еңбек баланы әлеуметтік қатынасқа түсіріп, оны ересек өмірге тәрбиелейді. Сондай еңбектің барысында баланың жауапкершілігі артып, еңбек ету қажеттігін түсінеді.
А. С.Макаренко: «Бала тәрбиесінде сіздің іс қимылыңыздың өзі шешуші рөл атқарады. Сіз тәрбиені сөз арқылы немесе үйрету, бұйыру арқылы іске асырамын деп ойламаңыз. Тәрбие өмірдің әр сәтінде іске асады. Тәрбие сіздің қалай киінетініңіз, сөйлейтініңіз, қалай күлгеніңіз, осы іс әрекеттің барлығы бала үшін өте маңызды. Ал отбасында сіз дөрекілік көрсетіп, жұбайыңызды жәбірлесеңіз осы ісіңізбен сіз балаға жаман тәрбие бересіз», — дейді. Күнделікті «беті қолыңды жу, тісіңді тазала, өтірік айтпа, біреудің затын рұқсатсыз алма т. б» деген сияқты сөздерді айтуға жеңіл болғанмен, осы сөздердің тәрбиелік мәні зор екенін естен шығармау керек. Осыдан бала тазалыққа, шыншылдыққа, ұқыптылыққа үйренеді. Адам баласының шыр етіп өмірге келгенде көретіні ата-ана, ал ата-ана өмірінің жалғасы – бала. Өмірінің жалғасы баласының керемет ғалым болмаса да, тәрбиелі үлгілі, ақылды, кішіпейіл, бауырмал, мейірімді Адам болып өсуін ата-ана қадағалайды.
«Тәрбие басы тал бесік», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп айтылған дана сөздер текке айтылмаса керек. Баланы тәрбиелеуде ата – ананың бір – біріне деген қарым- қатынасы, қалай сөйлесетіндігі, туған – туыспен, көрші – көлеммен қалай араласатындығы, келген қонақты қалай сыйлайтыны, тіпті ұсақ-түйек болса да қалай тамақтанатыны, дастархан басындағы әдептілігі – бұның барлығы балаға әсер етеді. Бала үлкенге қарап өседі. Баланы үнемі ұрып-соғып, қателескен жерінде қатаң жазалап тәрбиелеудің қажеті жоқ. Ақылмен, мысал келтіре отырып түсіндіру керек.
Отбасында баланың жан дүниесін рухани пәктігіне тәрбиелеген абзал. Отбасында ата-ананың ықыласына бөленіп, тәрбие көріп өскен бала балабақшада да, мектепте де өз ісіне жауап бере алады.
Ұлт тәрбиесі – ұлт болашағы. Егеменді еліміздің ертеңгі болашағы жас ұрпақ тәрбиесі. Білімді, денсаулығы мықты азамат өсіру үшін, мектеп болып ынтымақтасып та ат салысуымыз қажет. Кейін опық жеп бармақ тістемеу үшін баланы қаршадайынан дұрыс тәрбиелеуге, бала бақытының шынайы бағбаны болуға атсалысқан жөн.
Баланы жанұяда дұрыс тәрбиелеу, оның мектепте жақсы оқуына, болашақта жақсы азамат болып шығуына үлкен ықпалын тигізеді. Үйде балаларды жазу сызуға, ауызша есепке машықтандыру, оларға қызықты әңгімелер айтып беру сияқты істермен қоса оларды бір мезгіл үй шаруасымен айналыстырып отырса, бала үшін оның маңызы зор. Ал еңбек пен білім егіз екенін естен шығармауымыз керек.Балаға дұрыс тәрбие берудің өзекті бір саласы жас жеткіншекті еңбекке деген әлеуметтік көзқарасын қалыптастыру болып табылады. Бұны тек мұғалімдер ғана емес әрбір ата-ана қолға алып, өз балаларының гүл, ағаш егіп, ауланы көгалдандыру сияқты игілікті іске қатысуын қадағалап отыруы керек. Сонда ғана еңбексүйгіштік қасиет берік дағдыға айналады. Еліміздің болашағы – ертеңгі тәртіпті де тәрбиелі ұрпақ екені даусыз. Сол тәртіпті, тәрбиелі ұрпақ өсіру – баршаға ортақ, әрі міндет. Қызыққа, қуанышқа, тыныштыққа, жылуға толы отбасы дүниеге келген сәбиді тәндік жағынан дамуды қамтамасыз етіп, өмір бойы рухани жағынан жетілдіріп, оны тұлға ретінде қалыптастырады. Отбасы тәрбиесі қоғамдағы өзгерістермен тығыз байланысты.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім – жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады» деген мағыналы сөздері отбасы — адамзат қоғамының ең шағын бейнесі екенін нақтылай түседі.
Өз елімізден басқа әлем ха-лықтарының бала тәрбиесіне қалай көңіл бөлетіні туралы тоқтала өтейік.
АҚШ балалары. Жергілікті педагогика «әрбір бала өз бетінше өмір сүріп үйрене алу керек» деген ұстанымды қолданады. Сондықтан, американдық ата-аналар балаларының қалауына қарсы шыға алмайды. Олар мейрамханаға, коктейльге, тіпті түнгі клубқа барамын, десе де, ата-аналар ертіп апарады.
Жапон балалары. Жапондар бала тәрбиесінде мыңдаған жылға жалғасқан тарихи дәстүрін әлі күнге ұстанады. Ата-ана мен балалары арасында түсіністік қалыптасқан. Жапондар балаларын мәдениетке, қарапайымдылыққа, еңбекқорлыққа кішкентайынан баулидыі. Ата-аналары ашуланған, қуанған сезімдерін тек сөзбен ғана емес, дауыс ырғағымен, ыммен, көзқарасымен түсіндіреді.
Швецияның балалары. Швед отбасылары балаға сәби кезінен жеке тұлға ретінде қарап, еркін тәрбиелеуге тырысады. Қатаң жазалауларға тыйым салынған, тіпті мұны бұл елде қылмыс деп есептейді. Сондықтан, әрбір шведтік бала әке-шешесі өзіне қол жұмсаса, полицияға хабарлауға құқылы. Мұндай кезде ата-аналарға әкімшілік тарапынан жаза қолданылады.
Үндістан балалары. Үнділер балаларын қатаң ұстайды. Оларда ата-ана мен бала арасындағы достық қарым-қатынасты өте сирек кездестіресіз. Балалар кішкентай кезінен бастап ата-анасының таңдауына, қалауына мойынсұнып өседі. Сондықтан, ер жеткенде немесе бойжеткенде әке-шешесі кімді қалайды, сол адаммен бас қосады.
Қытайдың балалары. Дао уа-ғызшыларының бала туралы өсиеті әрбір қытай бүлдіршініне аңыз болып айтылады. «Балаға тәтті жеуді ұсынғанда, ол барлығын алудан ақылдылықпен бас тартады. Неге деген сұраққа: «Мен әлі кішкентаймын, сондықтан маған аз ғана бөлігі жетеді», деп түсіндіреді. Баланың осы қылығын барлық қытай перзентіне үлгі етеді, баламыз қанағатшыл, мейірімді, адамгершілігі жоғары болып өссін, дегені.
Отбасында қанша бала болса да, әрр балаға жеке көзқарас қажет. Әрқайсысы ешкімге ұқсамайтын, қайталанбайтын – жеке тұлға және оның жеке көзқарасын құрметтеу, оның пікірлерімен санасу қажет. Атаана балаға өзін жақсы көретінін сезіндіре білуі керек, оны жиі еркелетуге тиіс; баламен қарым-қатынас жасаған кезде оның мүмкіндіктерін, сөйлеу және қабылдау деңгейін міндетті түрде есепке алу керек. Баланы жақсы мінез-құлқы үшін міндетті түрде мадақтау керек! Баланың қоршаған ортаны қабылдауы, ойлауы, жады, елестетуі және тілі 3 жасқа дейін қарқынды түрде қалыптасады. Аталған дағдыларды дамытуға көмектесу толықтай ересектерге қатысты. Ата-аналар баламен туғаннан бастап жиі сөйлесуі керек, суретті кітапшаларды бірге оқып, бірге қарауы керек, музыка тыңдатуы керек. Баламен баяу, сабырмен және мейірім таныта отырып әңгімелесу қажет: бала сөйлеуді еліктеу арқылы үйренеді. Сондықтан ересектер баламен қарапайым дұрыс әдеби тілмен сөйлесуі керек. Баланың үлкендермен, құрдастарымен және қоршаған ортамен қарым-қатынас жасауға мүмкіндігі болуға тиіс.
БҰҰ-ның құрамындағы ЮНИСЕФ қоры «Балаларды тәрбиелеу бойынша ұсынымдар» тізімін жариялаған. Соларға назар аударып өтелік:
«Баланы тәрбиелеу оларға зорлық-зомбылық көрсетуден тұрмауы тиіс. Баланы ешқашан жазаламаңыз, оны ұрмаңыз. Ұрып-соғу баланың физикалық және психологиялық денсаулығына зақым келтіруі мүмкін. Зорлық-зомбылықтың кез келген түрі зиянды және бала өмірінің барлық жағына кері әсерін тигізуі мүмкін. Зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалар тамақтың жетіспеуі мен аурудан жиі зардап шегеді, мектепте нашар оқиды, өзін-өзі сыйлаусезімі төмен болады. Тәрбие жанды ауыртпайтындай болуы керек. Тек ұрып-соғуды ғана ғана емес, эмоционалдық қысым жасауды да толықтай болдырмау керек: баланы қорламаңыз, балағаттамаңыз, басқа балалармен салыстырмаңыз. Мұндай тәрбие баланы ренжітеді және ашуын келтіреді. Баланы тәрбиелеу әдісін таңдау, әсіресе, үлкендердің тілін аса түсінбейтіндіктен әрі олардың өздерінен не сұрайтынын білмегендіктен, кішкентайлардың тәрбиесі біршама қиын.
Бала тәрбиесі көбінесе ата-ананың жеке ісі, дей тұрғанмен, бейбіт тәрбиенің жалпы қағидаттары барлығына бірдей қолданылады. Әр жолы бала тентек болған сайын бұның дұрыс емес екенін түсіндіруге тырысыңыз және оған дұрыс жол көрсетіңіз. Жақсы әдіс – мадақтау жүйесін әзірлеу. Ас бөлмесінің көрнекі жеріне Сіз күнделікті балаңыздың тәртібін түрлі-түсті фломастермен/маркермен/стикермен белгілеп отыратындай етіп, парақ немесе кішігірім тақтайша жапсырып қойыңыз. Мысалы «жақсы» күнді жасыл түспен, «жаман» күнді қызыл түспен белгілеңіз. Жұма күні кешке «жақсы» мен «жаман» күндерді санаңыз және баланың мінез-құлқына қарай демалыс күндерін ұйымдастырыңыз.
Әрбір жазалау мен мадақтау әдісі отбасы жиналысында алдын ала талқылануы тиіс екенін есте ұстаңыз. Отбасының барлық мүшелері өздерін бірдей қағидаттарға сәйкес ұстауы тиіс және жазалау мен мадақтау жүйесі барлығы үшін бірдей болуы керек. Атасының/әжесінің рұқсатсыз, жасырын беретін тәттісін немесе қандай да бір сыйлықтарды есептемеңіз. Әрбір сыйлық мақсатты түрде және жақсы мінез-құлыққа байланысты мадақтау ретінде берілуі тиіс. Әр бала жеке тұлға және оны өзінің жеке темпераменті сипаттайды.
Балалардың сондай-ақ, өзін-өзі реттеу моделі бар, олар кез келген стрестік жағдайды өздерінше қабылдайды. Кейбір балалар бірдеңе жасамастан бұрын ойланады, кейбіреулері – тым қызба. Оның үстіне, кейбіреулері белгіленген тәртіпке жеңіл бағынады, ал кейбіреулері – үлкен қиындықпен мойынұсынады. Ата-аналардың ұста-нымдары осыған сәйкес келуге тиіс».
Әрбір ата-ана, әрбір отбасы мемлекетімізде бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдар – бұл балаларды әлеуметтік қолдауды, әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық-әлеуметтік, әлеуметтік-педагогикалық, психологиялық-педагогикалық, құқықтық қызметтер көрсету мен материалдық көмек көрсетуді, өмірде қиын ахуалға тап болған балаларды әлеуметтік оңалтуды, мұндай балалар еңбекке қабілетті жасқа жеткенде олардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуді жүзеге асыратын ұйымдар толыққанды үздіксіз жұмыс істейтінін үнемі естен шығармау керек. Сондай-ақ бала құқығын қорғайтын мемлекеттік заң, мемлекеттік ұйымдар, жеке қоғамдық қорлар бар екенін балаларға да айтып, хабардар етіп жүрулері қажет.
Бала құқықтары туралы заңға сәйкес елімізде тегiне, нәсiлiне және қай ұлтқа жататындығына, әлеуметтiк және мүлiктiк жағдайына, жынысына, тiліне, бiлiмiне, дiнге көзқарасына, тұрғылықты жерiне, денсаулық жағдайына, балаға және ата-анасына немесе басқа заңды өкілдерiне қатысты өзге де мән-жайларға қарамастан, барлық бала тең құқыққа ие. Сондықтан бала тәрбиесіндегі зорлық-зомбылықтың алдын алуда қоғам болып күресуіміз қажеттігін мойындамасқа болмас.
Жаңалықтар мен әлеуметтік желілерде балаларының көзінше аналарына өз әкелері түрлі аяусыз әрекеттермен қорлық, зорлықты жылдар бойы жасап, заңнан да, адамнан да қорықпай тайраңдап жүргенін көп еститініміз соншалықты, үйреншікті нәрсеге айналып бара жатқандай.
Мемлекет ананың, баланың жеке басына ешкiмнiң тиiспеуiн қамтамасыз етедi, оны тәнiн және (немесе) жанын жәбiрлеуден, адамдық қадiр-қасиетiн қатыгездiкпен, дөре-кiлiкпен қорлаудан, кемсiтуден, Қазақстан Республикасының Конституциясында бекiтiлген құқықтары мен бостандығына қысым жасаудың өзге де түрлерiнен қорғауды жүзеге асырады. Кей отбасылар үйдегі зорлық-зомбылықты өзге біреуге айтуға арланып, намыстанады. Бұның соңы өкінішке орай түрлі қайғылы жағдаймен аяқталады. Сондықтан ана мен балаға жасалған қысым мен зорлық, зомбылық туралы естіген, куә болған адам мемлекеттік ұйымдарға хабар бергені абзал.
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.