Ай астындағы ару Ай астындағы ару

Ай астындағы ару

17.07.2021 0 1 601

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Құрметті журналисі   ЖҮРЕКТЕГІ ЖАРЫЛЫСТАР Жер де аман, аспан да аман. Күн шығып тұр, Бар әлем онда... Ай астындағы ару

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
ҚР Жазушылар Одағының мүшесі,
ҚР Құрметті журналисі

 

ЖҮРЕКТЕГІ ЖАРЫЛЫСТАР

Жер де аман, аспан да аман.
Күн шығып тұр,
Бар әлем онда неге ушығып тұр?
Атыс-шабыс, қырғындар тоқтамайды,
Тынысы бар ғаламның тұншығып тұр.

Өсер ел өзеуремей бағын ұстар,
Бұл күнде тіршілікте жаңылыс бар.
Адамзат қорқыныштан қалтырайды,
Әр жерде болып жатыр жарылыстар.

Ібілістер жан-жақтан сақ-сақ күліп,
Адалдықтың ауылына салған бүлік.
Қомағай қасқырдайын көз тойдырмай,
Адамды адастырған ашкөзділік.

Былыққа былық қосып жатқан ұдай,
Арамзаны арбаушы тапқанын-ай.
Тойымсыздық жеріңді жеп тынады,
Пендеңді қасіреттен сақта, Құдай!
Адастық па қақ жолдан кім біледі?
Осы сауал жүректі тілгіледі.
Бұл күнде жұмырбастың бәрі палшы,
Ақырзаман деп ертең дүрлігеді.

Жіберетін хабардың бәрін қанық,
Ертеңді хақ Тағала біледі анық.
Белгісі ақыреттің көрінген жоқ,
Сорладық па оны да тілеп алып.

Айтылмасын әлемнің ақырғы әні,
Олай болса, пендеңнің шатылғаны.
Өлшеусіз өшпенділік, қаскөйліктің,
Дұрыс болар қарасын батырғаны!
СЕН АМАН БОЛ,
ОТАН — АНАМЫЗ!

Кешегі кер заманда өршіл, өктем,
Қазақта небір мықты хандар өткен.
Жаулармен жағаласып күн кешіпті,
Тартхы жыр-дастан боп бізге жеткен.
Абылай, Тәуке, Жәнібек, Бұрындыгым,
Талайын көрге тықты жырыңдының.
Бүгінде тым алыстан мұнартады,
Дегендей, «о, халайық, сырымды ұғын».

Ерте ашып терезе мен түңлікті,
Бастап кеткен берекелі тірлікті.
Бабаларым аманаттап кетіпті,
Ұрпағына ынтымақ пен бірлікті!

Хан, сұлтандар іргемізді қалапты,
Содан халқым өсіп, өніп тарапты.
Қазақстан — ғажапстан ел болды,
Бар әлемді ауызына қаратты.

Нұрсұлтандай көш бастаған ерім бар,
Тауым, көлім, ұлан-байтақ жерім бар.
Досқа құшақ ашамыз біз айқара,
Адалдықпен келген жанға төрім бар.

Қазақ Елі болып мәңгі жанамыз,
Көрсеткен соң нұрлы жолды данамыз.
Арайланар әрбір атқан таңдарым,
Сен аман бол, туған Отан — Анамыз!
КҮЗГІ БАҚ

Жүрегімнің нәзік қылын ұрғылап,
Самал желмен тербеледі күзгі бақ.
Ақ қайындар күрсінеді ырғалып,
Күзгі ауаның саумалына мызғып ап.

Ойға шомып отыр, әне, бір адам,
Сезімдердің нүктелерін басып дәл.
Қарап қойып жапыраққа құлаған,
Тығылады бір-біріне ғашықтар.

Ал мен үшін бар табиғат сұрықсыз,
Бір өзіңмен көктейді екем, көктесем.
Жүрек құлпы ашылар ма кілтсіз,
Көз жасыңды бекер, жаным, төкпе сен.

Құшағымда сонда неге дір еттің,
Екі бөлек жаратылған екенбіз.
Жұлып беріп жапырағын жүректің,
Осы бақта қоштасып ек екеуміз.

Нұр бейнеңді көз алдымнан өткерем,
Күзгі бақта мен өзіңді өпкен ем.
Мені мәңгі сағынышыңа ораған,
Сондықтан да осы кезді жек көрем.
АЙ АСТЫНДАҒЫ АРУ

Жаз түні еді. Ай барады дөңгелеп,
(Мұндай кездер табылмайды емге көп).
Ұйықтатпайды көрші ауылдың қызығы,
Еліктірген ерте піскен әңгелек.

Ұрлап жеген қауын тәтті дегенмен,
Баламыз ғой, алға ұмтылған өлермен.
Көпір бізге алысырақ көрінді,
Өтпек болдық малтып асау өзеннен.

Бірімізге біріміз сол дес бермей,
Жардан түстік еш нәрсені ескермей.
Кілт тоқтадық бәріміз де анталап,
Жолымызды бір тылсым күш кескендей.

Сап тиылып бойымызда долы үміт,
Бір тылсымға қалғандаймыз жолығып.
Сүмбіл шашын су бетіне жайып сап,
Су перісі жатыр еді шомылып.

-Су перісі!
Дедік түгел таңдана.
Ішін тартып тынши қалды бар бала.
Жалаңаш жар. Жалаңаш қыз. Жарық ай.
Құлақ түріп қалғандай-ақ паң дала!

Ақбоз мұнар көлбей ұшты көгімнен,
Бұрымын-ай хас сұлудың төгілген.
Не болғанын аңғара алмай тұрғанда,
Досым кенет тартып қалды жеңімнен.

Қалытқыдай дір-дір етіп еріні,
Досым айтты әңгімені ең ірі!
«Естеріңді жисаңдаршы, аңқаулар,
Мына сұлу көршіміздің келіні».

Расында, шетімізден баламыз,
Піспегенбіз, қамбыз әрі шаламыз.
Уыз кеште уылжыған жас келін,
Шомылуға келген екен, қараңыз!

Ару жүзі кеткен екен нұрланып,
Әлденеге қиялданып тұрды анық.
Мен осылай сұлулықты сұқсырдай,
Алғаш рет көрген едім ұрланып.

Пәк мүсіннен ашылды да нұрлы алаң,
Біз сығалап қарап тұрдық жылғадан.
Еншілеп-ақ алыппын-ау аруды,
Неге оны достарымнан қызғанам?

Айтпа, досым, білгішсініп маған сын,
Білеміз ғой көріктінің бағасын.
Ұрланып көр сұлулықты сезесің,
Умен емде сорлы жүрек жарасын.

Балалықтың артта қалды жыр-әні,
Құрдастардың қашықтады тұрағы.
Содан бері ымырт түссе ынтығып,
Жаным құштар сезім іздеп тұрады…
ЖАРАЛЫ АҚҚУ

Көп-ақ қой дүниеде жарлы мекен,
Бұл кездесу жараны салды төтен.
Қызылкөлдің төрінен аққу көрдім,
Өз тобынан адасып қалды ма екен?

Аққу құстың шығады сыңсып әні,
Сол қоңыр үн жүректі жұлқылады.
Қараша айы, жаралы сол бір аққу,
Өткен күннің табына ынтығады.

Ұрғылады қанатын ұша алмады,
Көк аспанды қайтадан құша алмады.
Сәйгүліктей самғап бір кеткен алыс,
Сол көрініс сезімді тұсаулады…

 

АШЫЛМАҒАН АРАЛЫМ

Кездестің маған еліктей ойнап,
Көңілім көлдей толқыды.
Жұлдызға қарап, өзіңді ойлап,
Ұйықтамай шықтым сол түні.

Алдымда тұрды манаурап сағым,
Үнсіз тұрып-ақ ұғыстық.
Өрт болып денем, алаулап жаным,
Құшағың неге тым ыстық?

Құшақтап тұрып «аға» деп едің,
Өзіңді аңсап келемін.
Алыстап кеткен жағалау ма едің?
Біле алмай қойдым себебін.

Жүруші ем сені бақытқа балап,
Құпиясы мол аралым.
Аман-сау жүрші елеске орап,
Адасқан менің маралым!
ҚОЛ БҰЛҒАЙСЫҢ БҮГІНДЕ ЖЫРАҚТА ТЫМ

Ауыл түні. Ай барады дөңгелеп,
Құшағымда құлпырасың еркелеп.
Еңлік болып назданасың күлімдеп,
Ал мен едім сені сүйген ер Кебек.

Оңашада сыр шерттік ақтарыла,
Үміт жалғап ертеңнің ақ таңына.
Қиял құсы қиырды самғап ұшты,
Қорғасындай балқытқан шақта мына.

Құшқан сайын өртеніп жанады ернің,
Шырын балды келеді ала бергім.
Соңыңа қарай-қарай үйге кірдің,
Терезеңе телміріп қарай бердім.

Ай барады төбеден аунап әрі,
Мен отырмын далада жаурап әлі.
Терезеңнің жарығы сөнген сәтте,
Жалғыздықтан жүрегім талмаурады.
Дейсің бе мен өзіңді сағынбады?
Ұрлапты көрші ауылдың «қағынғаны».
«Үйіңе келін болып түсем» деп ең,
Сол ауылдың ошағы жалындады.

Қол бүлғайсың бүгінде жырақтан тым,
Жылатқанмен қарайлас жұбатқаның.
Жанға батты мен жаққан отты өшіріп,
Көрші ауылдың маздағын тұтатқаның.
ӨРТЕНІП-АҚ КЕТЕЙІН

Тоғайған көңіл тыншыр ма,
Сұлуға ынтық жүрек бұл.
Тұсаулай алмас шынжыр да,
Іштегі жалын үдеп түр.

Тірлікте адам тояр ма,
Сезімнің тәтті балына.
Жанымды таппай қоярға,
Алдыңа келдім тағы да.

Мәңгүрттей ес жоқ шағым бұл,
Жүректен ұшты жалын-жыр.
Аңсаумен сені келемін,
Сағындыр жаным, сағындыр.

Үзілердей үлбіреп қыпша белің,
Тар төсекте аймалап кұшқан едім.
Толған айдай толықсып бұлқынасың,
Балқыған қорғасынға үқсап үнің.

Тәнімді сабап мың шыбық,
Тағатты алды, не етейін.
От денеңе тұншығып,
Өртеніп-ақ кетейін.
ӨКПЕЛЕМЕ

Кінәлама, жаным-ау, текке мені,
Тазалықты, айтшы, кім жек көреді?
Күмәнімді түсінбей көңілдегі,
Бір қыз маған ренжіп, өкпеледі.
Өкпеледі теріске балайсың деп,
Маған ылғи сенімсіз қарайсыз деп.
Бір сенімім болмаса тек өзіңді,
Барар ма едім үйіңе талай іздеп.

Талай түнді көз ілмей атырғаным,
Өзіңді ойлап кештерді батырғаным.
Сағынышым емес пе де, айтшы қане,
Өлең құрап осылай отырғаным?.

Неге енді әп-сәтте тұнжырадың,
Мұндай кезде қалайша тыншыр жаным.
Ет жүрегім бұлқынар асау аттай,
Қарсы алдымда отырып сен жыладың.

Сен жыладың, білмедім, нені ойладың?
Жанарыңа қарайлап, абайладым.
Ұмытпағын бірақ та ертеңдері,
Таңшолпандай ататын арай барын.
Сен маған өкпелеме!
АЙ ДА БЕТІН ШЫМШЫЛАДЫ ҰЯЛЫП…

Адасты Адам, О, тоба, шатысты Адам,
Қайтып кері аламыз қапасты одан.
Арандары ашылып шыға келді,
Жалмауыздар жалаңдап жар астынан.

Бір адамдар сайтанмен қойындасты,
Оның күшті екенін мойындасты.
Көше кезіп сары су сіміріп жүр,
Үйге тастап ойсыздар дайын асты.

Осылайша қампиып семірді адам,
Жауыздармен дос боп жүр кейбір надан.
Бірін бірі иттей қып айтақтайды,
Бұл өмірде бар ма екен бұдан жаман?!

Үмітіңнің қойсаң да отын жағып,
Шенділердің жүресің атын бағып.
Сенген кісің сабындай бұзылады,
Азанда айтқан сөзінен кешке танып.

Өмір өтер өкінішпен бексіз де,
Тек күніңді қаратпасын тексізге.
Қазақ пенен қазақ жатыр қырқысып,
Алатайдай бөлініп ап үш жүзге.

Жоқ болса да айтарлық өнімді ісі,
Жақсы атты боп келеді көрінгісі.
Еркектері осылай есіргенде,
Ар-ұяттан безінген өрімдісі.

Ымырт түссе қапаста қыңсылады,
Алас ұрып бір сәтке тыншымады.
Аяр қылық, азғындық, жезтырнақтық,
Мұны көріп Ай бетін шымшылады.

Жамандық қақпанына тұтылғандар,
Аллаһ берген сәуледен ұтылғандар.
Жын-шайтанмен бірігіп секектейді,
Пайғамбар жасындағы құтырғандар.

Өмір жолың шырмалып қиындаса,
Тағдыр саған ұсынбас сыйын да аса.
Адамзатты ақыры жалмап тынар,
Көзқамандық, мәңгүрттік тиылмаса.
ЖҮРЕК ЖАЙЛЫ ЖЫР

Ет пен сүйек менің де құрылысым,
Мына өмірде көп екен бұрылысым.
Жүрек сыздап, ми шіркін бүлік салды,
Байқай алмай заманның құбылысын.

Осыны ойлап барып ем дәрігерге,
Салды мені үркітіп әбігерге.
«Жүрегіңіз…» деді ол, — тынығыңыз»,
Қозғалыссыз өмірдің мәні неде?

Көңіл құсым үмітті жалғап ұшқан,
Әлі де дәмелі едім таза ағыстан.
Су екеш, су да ақпаса бұзылады,
Қалайша шет қаламын қозғалыстан.

Өмірімді күндер аз мөлдір еткен,
Талай қайғы шашымды селдіреткен.
Тірідей талай түстім тозаққа да,
Қанша салмақ өтпеді бұл жүректен.

Емдеушім, сен бұлайша қорқытпағын,
Атады әлі талай барқыт таңым.
Кеудемде бүлк-бүлк соқсын пәк жүрегім,
Күтемін келер күннің шалқытқанын.

Қаланы қой, айтайық ауыл жайлы,
Шаһарда тынысың да ауырлайды.
Сағынбайтын, сезімсіз надан және
Жүрегі жоқ адамдар ауырмайды.

Жат қашан да жасайды бөтендігін,
Сіңіседі дегенің бекер, күнім.
Ғұмырым жалғаспаса жалғаспасын,
Отаны қой, жалғаңнан өтем бүгін,
Танытып Отан жалғыз екендігін.
Қорқытпа, дәрігер!
МАХАББАТ

Ғашықтардың қасіреті-өртену,
Сүйгеніне жете алмастан ерте өлу.
Махаббатқа бой алдырдым дегенше –
Өн бойыңды жайлап алар ертең у.

Мен де сүйдім, жалындадым, серт бердім,
Шыда, жүрек, содан бәлкім дертті едің?
Мені, әйтеуір, домалатып барады,
Уақытқа тізгін берген ертпе-күн.

Талай күнді күрсінумен өткердім,
Сағынбайтын сәттерімді жек көрдім.
Бұл жалғанның бар ләззаты екен ғой –
Аңсауменен, тосуменен өткен күн.

Әзірше ешқандай пікір жоқ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз.

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *