ҒАСЫР САҢЛАҒЫ
16.07.2021 0 1 686
Тоқтар Әубәкіров
Тоқтар ауылдағы қазағы, орысы, немісі, кәрісі, татары, хохолы, тағы басқа ұлттардың балалары аралас оқитын жетіжылдық мектептің бастауыш сыныптарын тәмамдады. Маусымның мамыражай Күні дүниеге жылы шуағын төгіп тұр. Жағасын жасыл тал, қалың құрақ көмкерген Жарлы бұраң қаға бүлкілдейді. Өзеннің аты да затына сай, жағалауы түйетайлы. Бұл тұсындағы ауыл да Жарлы аталады. Содан шұбырып жеткен ұлдар мен қыздар құм басқан жатағандау жағаға киімдерін шешіп, мұздай мөлдір суға қойып-қойып кетісті. Әлгінде иірімдегі шыбын-шіркейді, шегіртке-қоңызды шолп-шолп еткізіп қағып, жайбарақат жүрген аққайраңдар жан-жаққа бытырай жөңкіді.
Суға түскен балалар құлаштай, жамбастай, шалқалай жүзіп, бірінен-бірі өнер асырып, әжептәуір уақыт мәз болысты. Одан кейін ыстық құмға аунап, тал арасында асыр салды, бірін-бірі қуалап, жалаңаш денелеріне балшық жағады. Өздері бұл өзенге жыл сайын түскенімен Жарлының басы түстіктегі Қарақуыс тауының сайларынан бастау алатынын, аяғы әуелі Нұраға құятынын, ол Арқадағы атақты Есіл мен Ертіске ұласатынын, одан Ресей жеріндегі Обь дариясы арқылы Солтүстік мұз мұхитына жететінін білмеуші еді. Сол секілді өздері соңыра есейгенде кейбіреуі ауданға, облысқа, республикаға белгілі азамат болатыны, ал араларында жүрген мына қарадомалақ қазақ-тың тұңғыш ғарышкері ретінде дүние жүзіндегі қандастарымыздың мақтанышына, жиырмасыншы ғасырдың саңлағына айналатыны үш ұйықтаса түстеріне кірмейтін. Қаперінде дәнеңе жоқ ұлдардың қайсыбірі ала келген қармағын суға салып, балық аулауға кірісті. Қыздар киініп алып, қайтып кетті. Балалардың біразы ауылға қарай аяңдады, тақырға жете асықтарын тікті. Өскенде Жарлының жоғарғы жағындағы көрші ауылдан шыққан батыр ұшқыш Нұркенге ұқсап көкке самғауды көксеген Тоқтар қағаздан ұшатын бірдеңелер жасау үшін үйіне қарай аяңдады.
Өзі бұл кезде оң-солын танып, кәдімгідей есейіп қалған еді. Жал-ғыз бұл емес, ауыл-дағы үлкенді-кіші балалардың бәрі естияр адам тәрізді. Өйткені бұларды соғыс-тан кейінгі қиын жағдай ерте есейтті. Үлкен аза-маттардың дені жарымжан. Майданға кеткендердің көбісі оққа ұшқандықтан әкесіз жетімдер жетерлік. Тоқтар соғыс біткен соң бір жылдан кейін туылыпты. Бірақ аяғын апыл-тапыл басуға жарағанда әкесі қайтыс болған. Ол кезде үй-іші “1 Май” колхозында тұрады. Күйеуі өлген соң шешесі Қамия күнкөріс қамымен мұғалім қызы Бикеннің етегінен ұстап, осында көшіп келіпті.
Бұл ауыл ел ішінде Ымтыс аталады. Тоқтар бұл сөздің мағынасын хат таныған кезінде білді, мәшине-трактор стансасы деген атаудың бас әріптерінен алыныпты, яғни МТС екен. Селоның ортасындағы үлкен шеберханаға жан-жақтан тракторлар, комбайндар, дәнсепкіштер, мәшинелер бірі келіп, бірі кетіп жатады. Өйт-кені МТС маңайдағы колхоздардың күллі тех-никасын өргізіп, жусатып тұратын мықты мекен.
Колхоз демекші, бұрын олар көп еді. Бертінде осы маңайдағы Калинин, “Тегісшілдік”, “Төңкеріс”, “Жаңабет” қосылып Калинин атындағы шаруашылық аталды. Орталығы терістік-батыс жақта көрініп тұрған бұрынғы ұсақ артель кіндігі, үлкендер оны Қарынши деседі. Жоғарғы жақтағы Нұркен, “Қызылшілік”, “Жекежал”, “Ақшоқы”, “Комсомол шыңы” қосылып, Батыр атындағы колхозға айналды, орталығы Шекемеге ауысты. “1 Май” маңындағы “Беталысты”, “Чкаловты”, “Жаңанегізді” қосып алыпты. Басқаларының жайын Тоқтар біле бермейді. Айтқандайын төменгі жақта, Қарқаралы мен Қарағандыны жалғайтын үлкен жол бойында “Қарқаралы” колхозы жатыр, орталығы біресе “Карбышевка”, біресе “Көктас” аталады. Мұндағы тұрғындардың көбісі соғыс кезінде жер аударылған немістер.
Тоқтар әрдайым ерте тұруды ұнатады. Далаға шыққан бетте әуелі шығыс жаққа көз салады, ауылға қол созым жерде, етегінен ұшар басына дейін қысы-жазы жасыл өңін жоғалтпайтын көк бүршікті қарағай өскен көгілдір таулар төніп тұрады. Соның төбесінен алтын кірпікті аспан аруы Күн төңірекке нұрын шашып, көтеріліп келе жатады. Аудан орталығы, аяққа құйған астай шағын қала Қарқаралы соның арғы жақ бауырында. Үлкен апасы Бикен сондағы педучилищені бітіріп, мұғалім болды, енді екінші апасы білім алып жүр. Өзінің кіндік қаны тамған, ит көйлегі қалған туған ауылы қаланың арғы жағында, оған да талай рет барған. Батыс жақта Қолдасан дейтін қоңыр биік, одан әрі Қоңырқұлжа жоталары жатыр.
Тоқтар түзде жүргенде балалармен көбінесе орысша сөйлессе, үйде анасымен, апаларымен үнемі қазақша тілдеседі. Шешесінің жасы егде тартқан, етжеңді, еркек пішінді, қоңыр өнді, көнтерілі әйел. Жасы ұлғайса да қимыл-қозғалысы ширақ, бір сәт тізе бүгіп, қол қусырып отыруды білмейді. Жұпыны үйдегі тірліктің бар тауқыметі соның мойнында – ерте тұрып сиыр сауады, қора тазалайды, от жағады, су әкеледі, тамақ пісіреді, қойшы, әйтеуір, үш баласының қамымен дамыл таппайды. Үлкен қызы мектепке ерте кетеді, кеш келеді, екіншісі қалада оқиды. Ал Тоқтары әжетке жарағанмен көп жұмсағысы келмейді, жалғыз ұлды аяйды. Өзі он құрсақ көтеріп еді, жетеуін жерге тапсырды. Перзенттері жастай шетіней берген соң отағасы екеуі балаларының мезгілсіз о дүниеге аттануы тоқтар ма екен деген ырыммен осы кенжелерінің атын Тоқтар қойып еді. Бір көрші әйел бұлардың жалғыз ұлына көз тимесін деп шүберектің қырық қиығынан құрастырып, кішкентай алабажақ шапан да тігіп берген. Сол тілеулері қабыл болғандай әзірге қарадомалақ бала аман-сау өсіп келеді. Тек әкесінен ерте айрылды, Қамия соны жоқтатпауға тырысады, бетінен қақпайды.
Мектептегі сабақтың аяқталуына байланысты Бикен де жазғы демалысқа шықты, соның артынша қаладан Зүлпін келді. Осыларды күтіп жүрген Қамия:
— Ал, қарақтарым, біраз күн үйге өздерің ие боларсыңдар. Тоқтаржан екеуіміз ел жаққа барып, аруақтардың басына құран оқытып қайтайық, — деді. Мұны естіген ұлы қағаздан құрастырып отырған бірдеңелерін былай тастап, далаға атып шықты. Өзі атқа салт мінуге де, жегулі аттың делбесін ұстауға да құмар еді. Өзен бойында тұсаулы жүрген күрең төбелді алып келіп, арбаға жеге бастады. Шешесі екеуі бұл арбамен “1 Майға” бұрын да барған, таудан отын да тасыған.
Арба үстіне киіз төселді. Қамия елдегі абысын-ажындарына, жақын-жуықтарына ұстататын қант-шайы салынған дорбасын жайғастырып, көліктің арт жағына қонжиды. Тоқтар ат басын көгілдір таудың теріскей бауырымен шығысқа қарай тартатын сүрлеуге салды.
Көлік біресе ойға түсіп, біресе қырға көтеріліп, ілгері жылжып келеді. Темір құрсаулы ағаш доңғалақ тастақ жерге тигенде арба үстіндегі адамдарды түйіп-түйіп қалғандай болады.
— Әкеңнің қолынан шыққан дүние ғой, әлі талай жыл кәдеге жарайды, тек Құдайтағала өзіңді тіл-көзден, пәле-жаладан сақтасын, — дейді Қамия.
— Арбаны әкемнің өзі істеді ме? – деп сұрады мұны естіген Тоқтар.
— Иә, өзі істеген. Ол темірден түйін түйетін, ағаштан ою оятын шебер еді ғой. Бұрын колхозда қазіргідей қаптаған трактор мен жүйткіген мәшиненің бірі болмайтын, жер жырту, егін салу, астық жинау, шөп шабу көлік күшімен, қолмен атқарылатын. Қарағандыға апталап, айлап жүріп жүкті ат, өгіз жегілген арбамен, шанамен таситынбыз. Әубәкір мен Нұрмағанбет қысы-жазы тізелесіп ұста дүкенінде қызған темірді қамырша илеп, түрлі құрал-сайман соғатын, бүлінгенін бүтіндейтін. Сондықтан үкімет ұсталарды соғысқа, еңбек армиясына жібермей алып қалды. Ол кезде ондай ауыр еңбекті бағалап жатқан ешкім болмады.
Соғыс кезінде бар ауыртпалық әйелдер мен ересек балалардың мойнына түсті ғой. Өзім астық қоймасында триер дейтін мәшиненің тұтқасын қолмен айналдырып, тұқымдық бидай тазартушы едім. Ол жұмыстан қолым босай қалған кезде әкеңе көмектесемін – көрік басамын, балға соғысамын. Ал Әубәкір үйде де қарап отырмайды, бірдеңе шұқылайды. Өйткені ол кезде дүние қат, кесе мен ақшәугім сынса, шелек пен бақыр тесілсе жаңасы табылмайды. Ауылдағы әйелдер сондай дүниелерін ұстап, сүмірейіп келіп тұрады. Ол жарықтық ешқайсысының меселін қайтармайды, түнімен отырып сынған кесе мен ақшәугімді сыммен құрсаулайды, шелек пен бақырдың тесіктерін бүтіндейді.
— Мен әкейді көргем жоқ қой, өзінің түр-түсі, тұрпаты қандай еді?
— Әубәкір ұзын бойлы, жауырыны қақпақтай, қолдары қарулы, қараторы адам еді. Ойын-тойда күреске түсіп, ұстасқан адамды жерге алып ұратын. Бірақ еркек атаулы майданға кеткен соң онымен белдесетін адам қалмады. Сонда жиналғандардың көңілін көтеру үшін әйелдер күресетін.
— Өзіңіз күресіп көрдіңіз бе?
— Көргенде қандай, Қатша дейтін қатынмен алысқанмын.
Тоқтар анасының толықша тұлғасына ұрлана көз тастады, сөзіне шүбә келтірген жоқ. Өйткені жұмыс істеп жүргенде кесек қимылына талай рет тәнті болған. Айырмен жарты арбадай шөпті қиналмай көтереді, балтамен дәу шөркені оңай жарады, асау сиырды мүйізінен ұстаса тырп еткізбейді.
— Әкей қалай қайтыс болды?
— Ол анау-мынау ауруға, ыңқыл-сыңқылға бой бермеуші еді. Бір күні маған “Қамия, мына жерге ақ мата жайшы” деді. Бір жамандықты сезгендей, жүрегім дір ете қалды, айтқанын істедім. Ол кезде Бикен қалада, оқуда, Зүлпін бес-алты жаста, сен емшектесің. Зүлпін екеуіңді кезек-кезек беттеріңнен сүйді, өзіңді алдына алып біраз отырды. Содан кейін “балаларды көрші үйге апар” деді. Мен орнымнан қозғалғанша үзіліп кетті.
Тоқтар тұнжырап төмен қарады, Қамия үнсіз қалды. Кертөбел бірқалыпты бүлкілмен арбаны сүйреп келеді. Екеуі біразға дейін өздерімен өздері болып, доңғалақтың сырылына құлақтарын тікті. Көлік Көктөбенің етегіндегі “Жаңабеттің” үстінен, енді біразда “Чкаловтың” тұсынан өтті. Енді бір белеңді асқанда бәкене төбешіктің күнгей жағындағы “Жаңанегіз” көрінді. Оның оң жағында, жіңішке тоғайдың ар жағындағы қыраттау жазықтан шағын аэродромның еңселі екі үйі атой берді. Ұшып-қонатын алаңның шетінде қанаты Күнге шағылысқан бір ұшақ тұрған тәрізді.
— “Жаңанегізге” соғып ат шалдырайық, шай ішіп алайық, әлі де бірқыдыру жер бар ғой, — деп тіл қатты Қамия баласына.
— Әуелі анау аэродромның қасына таяп барып тоқтайықшы, — деді Тоқтар.
Ұлының қағаздан батпырауық, ұшақ жасап ойнауға құмар екенін білетін шешесі көне кетті.
— Жарайды, айтқаның болсын.
“Жаңанегіз” бен аэродромның арасы екі-ақ шақырымдай еді. Ол кезде Қарағанды мен Қарқаралының арасына пошта таситын жеңіл ұшақ қатысып тұратын, кейде екі-үш кісі де мінгізіп әкететін. Ұшақтар “Көктас” жақтан ерсілі-қарсылы күнде өтеді, Тоқтар қашан көрінбей кеткенше қарап тұрады.
Арба шолақ тоғайдың шетіне жетіп тоқтады. Екеуі әуелі атты доғарып, су ішкізді, содан кейін отқа қойып, аэропорт жаққа көз жіберді. Қос қанатты шағын ұшақ алып құс тәрізді анық көрініп тұр, қасында қараңдаған кісілер байқалады.
Бір кезде дүр ете түскен мотор үні естілді, артынша ұшақ шөптесін жазық алаңды бойлап, ылдиға қарай жүгіре жөнелді. Енді бір сәтте қалықтап аспанға көтерілді, аэродромның үстімен бір-екі рет айналды. Жердегілер қолын бұлғап, белгі бергендей болды. Сол-ақ екен ұшақ аспанға тік көтеріліп, біраз биіктеп барып, шалқалай аунады. Сол кезде Қамия:
— Астапыралда! — деп қолымен көкірегін басты. Тегі ұшақ құлап келе жатыр деп ойласа керек, одан әрі қарауға дәті шыдамай, теріс қарады. Ал Тоқтар көзін айырар емес, қызыға қарап тұр. Ұшақ біресе шалқалап, біресе жамбастап, аударылып-төңкеріліп, біраз қызық көрсетті. Ақыры бағанағы биіктіктен төмендеп, аэродромды тағы бір айналып, батысқа қарай самғады. Ол шіркейдей болып көк аспанға сіңіп кеткенше көз айырмаған Тоқтар шешесіне бұрылды.
— Апа, неге қорықтың? — деді жайбарақат.
— Лөтшіктің басы айналып, құлап келе жатыр ма деп қалдым.
— Жердегілерге әдейі ойын көрсеткені ғой.
— Ондай ойыны бар болсын, жүр, кеттік.
Екеулеп күрең төбелді арбаға қайта жегіп, таяу жердегі “Жаңанегізге” жетті. Бір үйге түсіп шай ішкен соң тағы жолға шықты. Біраз жүрген соң алдыңғы жақтан алыстағы ауыл үстіндегі көлбеңдеген түтін көзге шалынды.
— Әнеки, көрдің бе, Тоқтаржан, туған елдің түтіні қолын бұлғап тұрғанын, сен де тезірек ер жетіп, Әубәкірдің сөнген ошағының отын жағып, отау көтергеніңді көріп өлсем арманым болмас еді, — деп кейуана ақырын күрсінді.
— Аман жүрсек бәрі болады, — деді баласы.
Бұлар күн бата Ақжолдың шетіне ілікті, екеуі жақын туыстарының бірінің үйіне түсіп, қонып шықты. Ертеңіне бұлар туыстарын ертіп, ауыл сыртындағы бейіт басына барды, аруақтарға құран оқытты.
— Алыс жолға аттансаң, қиын іске бел бусаң атаң мен әкеңнің рухына сыйынып жүр, құлыным, — деді Қамия ұлына. Тоқтар келіскен сыңаймен басын изеді.
Бұдан кейін анасы оны дүниеге келгенде шыр етіп түскен топырағына аунатты, кіндік шешесіне апарып, қолынан дәм татырды. Бұл жақта біраз күн болған екеуі кейін қарай жолға шықты.
Үйде қалған екі қыз қарап жатпапты. Баспаналары көнетоздау тоқал там еді. Жаңбыр қатты жауғанда төбесінен тамшы ағады, пеші де жөнді тартпайды, қабырғаларының ішкі-сыртқы сылақтары қопсыған. Бикен мен Зүлпін шамалары жеткенше осыларды жөндепті. Мұғалима бұдан кейін де дамыл таппады, мектепті жаңа оқу жылына әзірлеуге, шәкірттердің тізімін алуға қолғабыс жасады.
Әне-міне дегенше жаз да өте шықты, күміс қоңырау қайта соғылды. Класқа кірген Тоқтар бұрыштағы темір пештің сырланып қойғанын байқады. Өміртай екеуі үйреншікті орындарына жайғасты.
Қыркүйектің соңында Жарлы мен Қарынши мектебі футболшылары жолдастық кездесу өткізбекші еді. Балалар сабақтан шыққан соң ауыл сыртына барып, соған дайындала бастады. Мінезі сергек, қимылы шалт Тоқтар қақпашы болды. Қарсы жақ екпіндей қуып, жақындап кеп ұрған допты бірнеше рет тұтып, кері қайырды.
Сөйтіп жүргенде құлағы жақын жерден шыққан ұшақ үнін шалып қалды. Сол-ақ екен, өзге дүниені ұмытып, аспанға көз тікті. Ойын қызығына түскен басқа балалардың онымен шаруасы жоқ, қиқуласып допты қуалап жүр. Ал осылай қарай ұшып келе жатқан ұшақты көрген Тоқтар көз айырмай қарап тұр. Үйме-жүйме боп жүгірген ойыншылар қасына жақындағанын, қақпаға қауіп төнгенін сезер емес.
— Өй, сен аузың аңқайып қайда қарап тұрсың, қарсылыстар қатырып кетті ғой, — деп қасына жетіп келген Өміртай түртіп қалды.
— Мен анаған қарап тұрмын, көремісің, самолет қонғалы келеді, — деп Тоқтар алды-артына қарамай жүгіре жөнелді.
Балалар сонда ғана байқады, бір ұшақ бұлар ойнап жүрген жазықтың төменгі жақ шетіне төмендеп қалған екен. Бәрі допты тастай бере солай қарай лап қойысты. Жүгіріп келіп, ұшақты айнала қарап, тамашалап жүр. Бүйірінде “Ли-2” деген белгісі, қанатының астында СССР деген жазуы, бесжұлдызы бар.
Ұшақтан біреулер түсіп, ауыл жақтан келген басшылармен сөйлесе бастады. Басына шлем, кеудесіне былғары күртеше киген ұшқыш бұларға жымия қарап, орнында отыр. Бір кезде ол ұшақтың әр жерін шұқылап, қызыға қарап жүрген балаларды қасына отыруға шақырды. Бірақ олардың көбісі жүрексініп, тайсақтай берді. Батылдау бір-екеуі ғана жоғары өрмеледі. Ұшқыштың қасына Тоқтар бұрын жетіп, толып жатқан тетіктердің біресе анасын, біресе мынасын шұқып көрді.
Бір кезде айырплан қайтадан арылдап аспанға көтерілді. Оны ұзатып салған балалар даурығысып, бағанағы алаңға қарай беттеді.
— Сен неге бірге кетпедің? — деп қағытты Өміртай мәз боп келе жатқан Тоқтарға.
— Асықпа тірі болсақ кеткеннің көкесін көресің, — деді ол сеніммен.
Өміртайдың шын аты Өмірсерік еді. Әттең оның өмірі келте болды, көп қызықты көре алмай, қыршын кетті.
Әрине, Тоқтар көргендерін үйіне айтып келді.
— Апа, анада қаланың қасындағы аэропортта бір самолеттің аспандағы ойынын көріп, үрейің ұшып еді ғой. Өскенде мен де Нұркендей ұшқыш боламын, қызықтың көкесін сонда көресің, — деді масайрап.
— Тәйт әрі! Ондай пәледен аулақ жүр, жазым боласың. Өзің жалғыз ұл екеніңді білесің ғой, не алдыңда, не артыңда ешкім жоқ, жардан ұшсаң қайтпексің, бір ошақтың оты біржола сөнбей ме? Тілімді алсаң айырпланнан аулақ жүр, — деп безектеді мұны естіген Қамия.
Тоқтар үндеген жоқ, онысы келіскені емес, кезінде көрерміз деп іштен тынғаны еді.
2
Тоқтар жетіжылдық мектепті бітірген жылы Бикен осы ауылдағы Нығмет дейтін жігітке тұрмысқа шықты. Ол да жетімдікті көрген, бейнеттің дәмін татқан, шағын денелі, момын жігіт болатын.
Бұл кезде Қазақстан Магниткасы аталған Қарағанды металлургия зауытының атағы дүрілдей бастаған еді. Теміртауда бой көтерген мартен, домна пештері, тағы басқа цехтар Одақтық маңызы бар екпінді құрылыстардың бірі боп жарияланып, тың және тыңайған жерлерді игеру кезіндегідей басқа республикалардан, Қазақстанның әр аймағынан комсомолдық жолдамамен жастар үнемі ағылатын. Металлургтер қаласындағы болат балқытушылар Танабай Кәрімовтың, Алтынбек Дәрібаевтың, құрылысшылар Үкен Тұрмағанбетовтың, Дәку Әбдиевтің, Гауһар Алдыкенованың, тағы басқа озаттардың есімдері ауыздан түспеуші еді.
Әрине, басқалар сияқты бұл дүбірге Қарқаралы өңірінің жастары да елеңдеді, бүйірі қызды, бұрынғы Жауыртаудың жанындағы жаңа мекенге бет түзеушілер көбейді. Солардың бірі боп Жарлыдағы Нығмет те қозғалды. Алғашқыда тұрмысқа шыққан қызының етегінен ұстап үлкен шаһарға көшкісі келмеген Қамия тартыншақтап бақты. Жас отауды қоя берейін десе өздеріне қиын. Зүлпін жаңа бой жетіп келеді, әлі өмірден өз орнын тапқан жоқ. Жалғыз ұлы Тоқтардың өз қолы өз аузына жеткен жоқ. Мұны үлкен қызы мен күйеу баласы да біледі.
— Мұнда қалу сізге қиын болады, бізбен бірге жүріңіз. Ана жылы “1 Майдан” осында көшерде де елді қимай, қипақтап едіңіз ғой. МТС-қа көшіп келген соң көп ұзамай бөтен жұртқа бауыр басып алғансыз, ондағылар да осындағы жандар сияқты, — деді Бикен.
Сонымен бұлар Теміртауға қоныс аударды. Нығмет жұмысқа тұрды, алайда бұл жақта қазақ мектебі болмағандықтан жуыр маңда Бикенге қызмет табылмады. Күнкөріс қамымен қаршадай Тоқтар әр жерге барып, жүк көтеруші болды. Өзі әкесіне тартқан шымыр денелі, сұңғақ бойлы еді. Қолы тиген жүктерді кейде қолтықтап, кейде арқалап тиісті орнына қиналмай жеткізеді, бірде түсіреді, бірде артады. Осылайша тер төгіп, тиын-тебен тауып, шешесіне әкеліп береді. Тамақ пен киім өз алдына, қалалы жерде қара суға дейін сатулы болады ғой.
— Сен бұлайша көрінген жерге жүгіре берме, тұрақты кәсіптің құлағынан ұста. Уақытша жалдамалы жұмыс алысқа апармайды, соңыра стаж керек. Құю-механикалық зауытына токарьға үйренушілік орын бар көрінеді, соған іліктірейін. Біраз уақыт шәкірт боласың, станокты жақсы меңгерсең мастерлікке өткізеді. Жұмыс істей жүріп, кешкі мектепке қатысып, оқуыңды да жалғастырасың, бұған қалай қарайсың? — деді Нығмет бір күні Тоқтарға.
— Дұрыс қараймын, — деді ол ойланбастан. — Әкей ұста болған көрінеді, мен де соған ұқсап темірден түйін түйетін токарь болсам одан артық не керек? Мен дайынмын.
Жездесі балдызын ертіп аталмыш жерге жөнелді. Тоқтардың жасы он бестен он алтыға аяқ басқан бозбала еді. Цех бастығы жасөспірім жігітке бастан аяқ көз жіберіп, біраз қарап тұрды да:
— Әлі жастау екен, алайда ширақтығы көрініп тұр. Мейлі, үйренуші болып орналаса берсін, — деп өтінішіне қол қойды.
Әке орнына әке болған жездесінің ақылымен Тоқтар осылайша өндірісті шаһардағы қайнаған өмір қазанына күмп берді. Нығмет айтса айтқандай, мұндағы алуан ұлт өкілдері орысша бір тілмен сөйлесіп, ортақ терінің пұшпағын илесіп, қуаныш пен қайғыны бөлісіп жүрген жандар екен. Жарлыда орысшаны еркін меңгерген Тоқтарға олармен тілдесу, үйретуші ұстазының айтқандарын зердесіне тоқу қиынға соққан жоқ.
Көп ұзамай ол токарьлықты меңгеріп, жеке станокқа ие болды. Кешкі мектеп басшыларына өтініш жазып, оған жетіжылдықты бітіргені жөніндегі куәлікті, құю-механикалық зауытында еңбек ететіні туралы анықтаманы қосып, тиісті адамына тапсырды. Озат жұмысшы жастардың бірі ретінде комсомолға өтті. Зауыт жанындағы спорт үйірмесінің жұмысына қатыса бастады.
Уақыт жылжып өте берді. Зауыттың комсомол ұйымы жүктеген қоғамдық тапсырмаларды орындаумен көзге түсті, қалалық комсомол комитеті штаттан тыс нұсқаушы етіп қойды. Өзгелерге саяси үгіт-насихат жүргізу үшін өзің жан-жақты білімді, дүниетанымың кең адам болуың шарт қой. Тоқтар да жатпай-тұрмай ізденді, газет-журналдарға үңілді, кейде Қарағандыға барып, облыстық комитет ұйымдастырған семинар-кеңестерге қатысады.
Зүлпін де оқу бітіріп, мамандық алып, тұрмысқа шығып, Алматыға кетті. Алғашқыда мұнда тұруға тосырқап, ел жаққа көшпек болған Қамия да жаңа ортаға үйрене бастады. Жиендерін бағып, ас-су қамдап, балаларының жұмыстан келуін күтіп отырады. Еңбек озаты ретінде токарь Тоқтар Әубәкіровтың суреті қалалық Құрмет тақтасына ілінді, есімі облыстық Құрмет кітабына жазылды, түрлі жиындарда, комсомол конференциясында төрде отыратын болды.
Әрине, ел жақты да ұмытқан жоқ, жыл сайын шешесін ертіп ауылға барады, ескі қорымда жатқан әкесінің басында болады. Ол жақтағы өзгерістерді де біліп жүр — колхоздар, совхоздарға, соған орай баяғы МТС техника жөндеу стансасына, қысқаша РТС-қа айналды, Жарлы кеңшардың бір бөлімшесі болды.
Күндердің күнінде Тоқтар баяғыда Нұркен Әбдіровты қанаттандырған, бұл кезде соның атымен аталатын аэроклубқа жазылды. Қарағанды мен Теміртаудың арасы таяу, автобус ағылып жатады. Тоқтар демалыс күндері көмірлі қалаға тартады. Әуелі парашютпен секіруді үйренді, ол туралы шешесіне тіс жарған жоқ. Спорттың бұл түрінен жарыс өтіп, жақсы нәтижеге жеткен күні Нығметке мақтанды. Ол, әрине, Бикенге сыбырлапты. Қыздың шешеден жасыратын сыры бола ма, Қамия да құлақтаныпты. Тоқтар Қарағандыға жиындарға қатысу үшін, немесе жұмыс жайымен барып жүрген шығар деп ойлайтын шешесі жаңағы жайды білген соң:
— Сен не істеп жүрсің, әкем-ау? Баяғыда айтпап па едім “айырпланнан аулақ жүр” деп. Оған мініп қана қоймай, қолшатыр сияқты бірдеңе ұстап жерге секіретін көрінесің. Тастай алмай жүрген жаның бар ма? — деп байбалам салды.
Баласы қапелімде не дерін білмей, жаман састы. Өйткені шешесін өте жақсы көретін, одан ештеңені жасырмайтын. Тек қорқып жүрмесін деп аэроклубқа барып, жаттығуға қатысқанын білдірмеуге тырысқан болатын. Оған Нығмет көмекке келді.
— Қорықпай-ақ қойыңыз, апа, ол да спорттың бір түрі болған соң комсомол ұйымы қатысыңдар деп қолқа салыпты, шыныға бергені теріс болмайды, — деді.
Оның сөзін Тоқтар іліп әкетті.
— Паршютпен ұлдар ғана емес, қыздар да секіреді, нанбасаңыз барып көріңіз, — деді.
— Бармаймын, көрмеймін. Жардан ұшасың, жазым боласың. Аспаннан құласаң сүйегің күл болып кетеді, соны неге ойламайсың? — деп Қамия кемсеңдей бастады. Аналарға Бикен де қосылды, үшеулеп әрең дегенде сабасына түсірді.
Гагарин ғарышқа ұшты, оны Қарағанды халқы аяғынан тік тұрып қарсы алды. Елді мекендерге, алаңдарға, көшелерге тұңғыш ғарышкердің есімі берілді. Қарқаралы ауданындағы Калинин атындағы кеңшар Гагарин мінген “Восток” кораблінің атымен аталатын болды. Тоқтар оны мақтан еткенімен ол кезде қазақтың тұңғыш ғарышкері болармын деген ой басына кірмеп еді. Бар арманы парашютпен секіруді меңгерген соң оқу-жаттығу ісіне арналған шағын ұшақтың тұтқасын ұстау болды. Сөйтіп жүргенде жүрегі сыр берді, соған байланысты ұшаққа жолатпай қойды. Жігіт әскери комиссариаттың табалдырығын тоздырып біраз жүрді. Ақыры аңсаған арманына қолы жетті, ұшақты өзі басқарып, аспанға көтерілді. Сол күнгі қуанышын айтсайшы!
Зауыттағы жұмысты, аэроклубтағы оқуды, қоғамдық істерді қабат атқара жүріп Тоқтар кешкі мектепті тәмамдады, кәмелеттік аттестат алды. Жасы он тоғызға толды, бұғанасы қатқан жігіт болды. Бір күні облыстық комсомол комитеті шақырды.
— Ал, Әубәкіров, сен өндірісті өркендетуге өз үлесіңді қостың ғой, енді Отанға бұдан да үлкен пайда келтіретін іске жегілгенің жөн.Қазір еліміз авиация саласын дамытуға мықтап көңіл бөлуде. Бұл міндетті шешу кадрге байланысты. Біз сенің клубты ойдағыдай бітіргеніңді білеміз, келешекте білікті ұшқыш болып шығатыныңа сенеміз. Сондықтан Армавирдегі әскери ұшқыштар даярлайтын Қызыл тулы жоғары училищеге оқуға жіберуді ұйғардық, келісесің бе? — деп сұрады.
— Келіскенде қандай, мен бала күнімнен ұшқыш болуды армандап жүрмін. Қолыма комсомолдық жолдама тисе, жолға ертең-ақ шығуға әзірмін, — деді Тоқтар жүзі бал-бұл жанып.
— Ендеше қамдана беруіңе болады.
Бұрынғы бұрынғы ма, мұны естіген Қамия көз жасын көлдетті.
— Жыламаңыз, апа. Жасым толды, әскерге бәрібір әкетеді, — деп Тоқтар оны жұбатпақ болды.
— Әрмияға алса басқа бірдеңелері бар емес пе? Айт-дыбаны осы қаланың өзінде де ойнататын көрінеді, әскер киімін киген жігіттер әншейін жұмыстарды да істеп жүр. Алысқа кетіп, аспанға ұшпай-ақ, сондай жердегі шаруаға жегілсейші.
Тоқтар қолдау күткендей апасы мен жездесіне қарады. Бұрын өзін жақтап сөйлейтін олар да бұл жолы өзгере қалған секілді.
— Сенің таңдаған оқуың адам таситын азаматтық авиация емес, әскери ұшақтың оқуы көрінеді. Оның қауіп-қатері анадан да көп болады. Тілімізді алсаң бұл ойыңды өзгерт, — деді Нығмет.
— Жолдаманы алып қойдым, “ердің екі сөйлегені өлгені” деуші еді ғой қазекең, менің әзір өлгім келмейді, — деді Тоқтар.
Жездесі мырс етіп күліп жіберді, Қамия көз жасын бұлады.
Ақыры Тоқтар үй-ішімен қоштасып, РСФСР-дің Краснодар өлкесіндегі, Кавказ тауының етегіндегі, Кубань өзенінің сол жағындағы Армавир қаласына аттанды. Жолай Алматыға соғып, апасы Зүлпіннің үйіне түсті. Ертеңіне сұрастыра-сұрастыра Кеңес Одағының Батыры атағын екі рет алған атақты қазақ ұшқышы Талғат Бигелдиновтың үйін тауып алып, сәлем бере кіріп барды. Батыр аға бейтаныс жігіттің сәлемін алып, қасына отырғызды, жөн сұрасты. Тоқтар өзін таныстыра келіп:
— Ұшқыш болу мақсатымен Армавирдегі училищеге оқуға бара жатырмын, сізден бата ала кетейін деп әдейі соқтым, — деді.
Талғат оған сүйсіне біраз қарап отырды да, тіл қатты.
— Көзіңде от бар екен, балам. Алған бетіңнен қайтпа, Алла жар болсын, жолың оң болсын! — деп бата берді.
Қоңыржай белдеуге орын тепкен Армавир әсем қала екен. Тұрғындары түгел дерлік орыс, басқа ұлттың адамдары да кездеседі, бірақ өзінен өзге қазақтар ұшыраспады. Тоқтар жатақханаға жайғасып, оқуға кірісті. Сабақ беретін адамдардың бәрі ығай мен сығай. Александр Васильевич Федотов әлемнің ең үздік ұшқышы деген ұғымды білдіретін “Де ляво” атағын үш мәрте жеңіп алған. Петр Максимович Остапенко – Кеңес Одағының Батыры, Одаққа еңбегі сіңген саңлақ, екеуі де сынақшы ұшқыш. Бұлар оқуға келген қазақ жігітінің ынтасына, зеректігіне, алғырлығына, батылдығына сүйсініп, салған бетте бауырларына тартты. Теориялық сабақта да, практикалық жұмыстарда да үнемі “бестік” баға қойылатын.
Бірінен бірі қызықты күндер білдірмей өтіп жатты. Ақыры Тоқтар жоғары әскери авиация училищесін үздік бітіріп, ұшқыш-инженер мамандығын иеленді. Қорғаныс министрлігі оны әскери қызмет атқару үшін Қиыр Шығысқа аттандырды. Сөйтіп ол соноу Хабаров өлкесіндегі Амурск қаласынан бір-ақ шықты. Ол Шығыс Азиядағы ұлы дария Амурдың жағасында, қалың тайганың арасына, құрлықтың шетіне орын теуіпті. Отыз екінші жылы комсомол жастар салған Комсомольск соған таяу жерде. Одан басқа Покровка, Благовещенск, Хабаровск деп аталатын портты қалалар бар.
Шилка, Аргунь өзендерінің қосылуынан пайда болған Амурдың ұзындығы үш мың шақырымға жуық, КСРО, Қытай, Монғолия жерлерін басып өтіп, Охот теңізіне құяды. Соған орай үш түрлі атауы бар, орысшасы әлгі, қытайша Хэймунзян (Қара айдаһар), монғолша Хара мурен (Қара өзен). Бойында кеме жүзеді, ағаш ағызылады, енінің жалпақтығы кей жерде екі шақырымға жетеді, суы бір мезгілде тұтас қатып, бір мезгілде мұздан арылады. Амурдың сол жағында Нюкжа, оң жағында Хинган жоталары жатыр. Дарияға құятын өзендер мен көлдерде есеп жоқ, суында балықтың жүз түрі кездеседі, лосось пен горбуша жыртылып, айырылады, эндемик атты балық тек осы өзенде ғана тіршілік ететін көрінеді. Жалпы алғанда мұнда балық шаруашылығы жақсы дамыған.
Тоқтар Амурды бойлап талай мәрте самғады, Зея-Бурея жазығы үстімен де ойқастап, Охот теңізін көктей өтіп, Сахалин аралына дейін барды. Әр жерде орналасқан әскери бөлімдерге кісі жеткізді, қару-жарақ апарды. Көзге түрткісіз қараңғы түндерде, тұманды күндерде, тіпті боран соғып тұрған кездерде де аспанға көтеріліп, тапсырманы тиянақты орындап жүрді.
Командирлері, серіктері қазақ жігітінің осындай шеберлігіне, жүрек жұтқан батылдығына, адал еңбегіне үнемі тәнті болатын, соған орай оған бірінші класты әскери ұшқыш атағы берілді. Тоқтар болса оған тоқмейілсіген жоқ, әлі де болса құлашын биікке сермегісі келді. Ендігі мақсаты — сынақшы ұшқыш болу еді.
Сөйтіп жүргенде Армавирдегі ұстазы Александр Васильевич Федотов өзі қызмет істейтін А.И.Микоян атындағы конструкторлық-тәжірибелік бюроға жұмысқа шақырып, хат жазды. Оның бұл ұсынысын қуана қарсы алған Тоқтар рұхсат сұрап басшыларына өтініш берді. Бірақ Қиыр Шығыстағы командование оның өтінішін қанағатандырмады.
— Сынақшы ұшқыш мәртебелі мамандық екенін білеміз, сонымен бірге хауіп-қатері көп кәсіп. Оның құлағынан ұстау — өлімге өз еркіңмен басыңды тігумен бірдей. Ал біздің сенен айрылғымыз келмейді, жақсы ұшқыш бізге де керек, — деп қасарысты.
Бір есептен оларды да түсінуге болады, “біздің арамызда мынандай мықтылар бар” деп жоғары жақтағыларға мақтанады ғой. Бұлар ғана емес, басқалар да сөйтетінін кезінде Теміртауда жұмыс істеп жүргенде талай көрген, ондағы басшылар да озаттардан айрылып қалмауды ойлайтын.
Алайда ортақ мүдде деген де болады ғой. Александр Васильевич мұны әншейін сағынғандықтан шақырып жатқан жоқ, әскери жаңа техниканы сынаушы білікті маманға зәру болғандықтан сөйтеді дағы. Мұндағылар оны білмейді емес, қорғаныс ісін дамыту бәріне ортақ, сонда да өздері илеп жүрген терінің пұшпағын артық санайды. Мұның өзі әдейі етектен тартқандай көрініп, Тоқтар жоғарғы жаққа рапортты бірінен соң бірін төпей берді.
3
Осылайша Амурскіде алтыншы жылды қарсы алды. Әубәкіров алған бетінен қайтпады, кезекті демалысын алғанда еліне бармай, Алматыға ұшып келді. Астанада бірнеше күн Үкімет үйінің табалдырығын тоздырып жүріп, ақыры КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың қабылдауына жетті. Тоқтар оған өзінің ұшқыштық жолдың қандай баспалдақтарынан өткенін баяндай келіп:
— Димаш аға, өзіңіз жақсы білесіз, қазақтан шыққан батыр ұшқыштар болғанымен сынақшы ұшқыш жоқ қой. Мен осы олқылықтың орнын толтыруды көздеп едім, оқуға жібермей жатыр, осыған қол ұшын беріңізші, — деп қиылды, ала келген қағаздарын үлкен кісінің алдына жайып салды.
Димекең құжаттарға асықпай көз жіберді. Өтініш айта келген жігітің оқу-үйрену, әскери жаттығу үстінде үнемі жоғары жетістіктерге жеткені, алдына жан салмайтыны анық көрініп тұр. Соған көзі анық жеткен Қонаев:
— Талабың таудай, тілегің орынды екен, қарағым. Әрқашан осындай табанды бол, алған бетіңнен қайтпа, сынақшы ұшқыш болуыңа көмектесейін, — деді сабырлы үнмен.
Сонымен Тоқтар білімін жетілдіру, сынақшы ұшқыш боп, бағын сынау мақсатымен Мәскеуге аттанды. Оны шақыртқан А.И.Микоян атындағы конструкторлық-тәжірибелік бюро “Миг” фирмасымен қоян-қолтық жұмыс істеуші еді. Былайғы жұрттың көбісіне бұл атаулардың мағынасы беймәлім. Айталық, бүкіл Кеңес Одағына мәшһүр Микоян екеу. Алайда аты-жөндерінің бас әріптері ғана көрсетілсе оларды ешкім айыра алмайды. Толық жазылған күнде Армениядағы Туманян ауданындағы Санаин селосында туған ағайынды Анастас Иванович пен Артем Ивановичтің алдыңғысын ғана біліп, екіншісіне келгенде иықтарын қозғауы мүмкін. Екеуінің үлкені белгілі қоғам қайраткері, баяғыда большевиктердің Баку комитетін басқарушылардың бірі, саяси газеттердің редакторы болған, КСРО-ның сыртқы, ішкі саудасын басқарған, Министрлер Кеңесі орынбасары міндетін атқарған, Орталық Комитеттің, Саяси Бюроның мүшесі болған, Социалистік Еңбек Ерi, Ленин орденiмен бес рет наградталған адам.
Ал оның iнiсi Артемнiң де елге тигiзген пайдасы ұшан-теңiз. Еңбек жолын Дондағы Ростов пен Мәскеудегi “Динамо” зауытында бастаған ол Кеңес Одағының бiлiктi авиаконструкторы ретiнде КСРО Ғылым Академиясының академигi, техникалық қызметтiң генерал-полковнигi дәрежесiне дейiн көтерiлдi.
Талапты жiгiт отызыншы жылдардың бас кезiнде Н.Е.Жуковский атындағы әскери әуе инженерлерiн даярлайтын академияға оқуға түсiп, оны бiтiрген соң авиация зауыттарында түрлi қызметтер атқарды, қырқыншы жылы әскери ұшақ жасау жөнiндегi конструкторлық — тәжiрибелiк бюроның бас конструкторы болып тағайындалды.
1940 жылы А.И.Микоян белгiлi авиаконструктор М.И.Гурьевичпен бiрiгiп жаңа үлгiдегi жойғыш (истребитель) ұшағын жасайды, оған бұлар өзара келiсiп “МиГ-I” атауын бередi. Мұндағы “Ми” – Микоян дегендi, “Г” — Гурьевичтi бiлдiредi.
Келесi жылы Ұлы Отан соғысы басталғаны белгiлi. Кеңес үкiметi авиацияны дамытуға одан бұрын да үлкен көңiл бөлген едi. Ендi конструкторлар жауға күйрете соққы беретiн ұшақтардың жаңа түрлерiн шығаруға жұмылды. Жойғыш ұшақтардың жылдамдығы сағатына 600-650 шақырымға, Жерден биiктiгi 11-12 шақырымға, бомбалаушы ұшақтардың жылдамдығы сағатына 550 шақырымға, ұшу қашықтығы 3-4 мың шақырымға, 3-4 тонна бомба көтеретiн дәрежеге жеткiзiлдi, реактивтi двигатель орнатылған ұшақтар жасау дамытылды. С.В. Ильюшин танкке қарсы шабуыл жасайтын, әлемде теңдесi жоқ “Ил-2” бомбалаушыны дүниеге әкелдi. Нұркен Әбдiров соның тұтқасын ұстап ерлiк жасағаны белгiлi. Жетiлдiрiлген “МиГ-3” жойғышы соғыс кезiнде өзiнiң өзгелерден басымдылығын көрсете бiлдi.
Соғыстан кейiн авиация саласын дамытуда дүние жүзiнде бәсеке күшейдi. Капиталистiк елдер арасында АҚШ, Англия, Франция, Жапония, Италия көш бастады, әлемдегi авиа-ракета өнiмдерiнiң сексен пайызын иемдендi, оларды шетке шығару арқылы бiрнеше миллиард доллар пайда тапты. АҚШ-тың 125 мың адам жұмыс iстейтiн “Боинг” концернi әуе лайнерiн шығаруда дүние жүзiнде бiрiншi орын алды. Американдық “Энтерпройз” жүзгi аэродромы өзiнiң жиналмалы палубасынан әскери ұшақтарды ұшырып, қондыруды жүзеге асырды.
Социалистiк лагерьде авиация iсiн дамытуда КСРО жетекшi орын алды. Артем Иванович елiмiзде реактивтiк авиацияның негiзiн қалаушылардың бiрi болды. Елуiншi жылдардың басында алғаш рет сағатына 1450 шақырым алатын, дыбыстан жылдам ұшатын бiр орынды “МиГ-19” ұшағы жасалды. Сүйiр тұмсықты, қанатының көлемi өзгермелi ұшақ түрлерi дүниеге келдi. Осындай тамаша табыстары үшiн Артем Иванович Микоян Социалистiк Еңбек Ерi атағын екi рет алды, Лениндiк сыйлыққа, алты рет Мемлекеттiк сыйлыққа ие болды, басқа да ордендермен, медальдармен наградталды. Өзiнiң техникалық шығармашылығы кемелiне келген жетпiсiншi жылы алпыс бес жасында дүние салды. Ол басқарған конструкторлық-тәжiрибелiк бюроға соның аты берiлдi.
А.И. Микоянның бастаған iсiн басқалар жалғастыра бердi. Қазақтың алғыр ұшқышы Тоқтар Әубәкiров бұл ұжымға сондай кезде тап болды. Оның пешенесiне “МиГ”-тiң кезектi түрлерiн сынау тидi . “МиГ-23” сағатына 2500 шақырым жылдамдықпен ұшады, 11 шақырымдық биiктiкке небәрi бiр минөт қырық секөнтте көтерiледi. Ал “МиГ-25” болса сағатына үш мың шақырым алып, жиырма шақырым биiктiкке 6-8 минөтте шырқайды.
Ондай жылдамдықпен ұшуға екiнiң бiрi шыдай бермейдi. Ал өте биiктiкте ауа сирек болатыны, дем алу қиынға соғатыны белгiлi. Алайда ұшақ жасағанда бұл жағдай мұқият ескерiлген, кабина есiгi берiк жабылады, оттегi мол болады.
Тоқтардың дыбыстан жылдам ұшатын “МиГ”-пен алғаш көкке көтерiлгенi есiнен кетпейдi. Ұшақ оқыс жұлқи жөнелгенде өз салмағы жүздеген есе ауырлап Жерге қарай тартқандай болды. Жансыз зат демесе мұндай кептi ұшақтың өзi де тартқан шығар. Ақыры ол да үйреншiктi құбылысқа айналды. Қас қағымда мыңдаған метр биiктiкке жетiп, түрлi маневр жасайды. Ұлының аспанда осындай өрнек салғанын көрсе Қамия жүрегi жарылып кетер едi.
Жалпы алғанда жаңа ұшақты сынақтан өткiзу кiм болса соның қолынан келмейтiн қатерлi iс. Сондықтан оған тәуекел етушiлер аз болады, жаңа әскери ұшақты сынауға конструкторлық-тәжiрибелiк бюро мүшелерiнiң өздерi де қатысады. Бүкiл Кеңес Одағында сынақшы ұшқыш саусақпен санарлықтай, бiразы опат болған. Бiрде Александр Васильевич пен Тоқтар сынақ кезiнде қаза тапқандар галереясын аралады, қаз-қатар орнатылған ескерткiш тақталардың жанына келiп, жағалай көз салды. Марқұмдардың суреттерi iлiнiп, астына қысқаша ғұмырбаяны жазылыпты. Өз мiндетiн орындау үстiнде дүниеден озған ерлердiң iшiнде жастар да, жасамыстар да бар. Күнi кеше өзiмен бiрге оқыған таныс жiгiттi көргенде Тоқтардың жүрегi ерiксiз дiр еттi. Кiм бiледi, соңыра соған ұқсап өзi де мерт болуы…
Сынақшы ұшқыш болу жүрек жұтқан батылдықты ғана емес, мол бiлiмдi де қажет етедi, ол сенi мүлт кетуден сақтайды. Тоқтар жұмысқа тұрысымен Мәскеудегi С. Орджоникидзе атындағы авиация институтына сырттай оқуға түсiп, бiлiм көкжиегiн үздiксiз кеңейте бердi.
Өстiп жүргенде кезектi сынақ үстiнде жаңа ұшақ қонарда басқаруға көнбей, бұлталақтай бастады. Тау, тас, орман, су араласып, мұны қас қағымда жұтып жiберердей боп, қатты жылдамдықпен қарсы зымырап келе жатқандай болды. Онша да, мұнша жүрiп, өлер жерiм осы шығар дегендей, қапелiмде көзi бұлдырап бара ма, қалай? Жоқ, жаңағылардың бәрi араласып, шыр айналатын тәрiздi. Ендi бiлдi, қонуға беттегенде жиналмалы қанат жазылмапты. Бәсе десейшi, әйтпесе көзi бұлдырайтындай бұл балаң жiгiт емес, әбден ысылған ұшқыш қой. Бiрақ апат айтып келмейдi, тағдыр кiм екенiңе қарамайды. Неше түрлi мықтылар да жазым болған. Тоқтардың бiр пәлеге тап болғанын аңдаған жердегiлер секiруге бұйрық берiп жатыр. Оны орындау қиынға соқпайды, кнопканы басып қалса катапульттың өзi-ақ лақтырып жiбередi. Бiрақ қас қағымда қыруар еңбек, көп қаржы желге ұшады. Ақырғы сәтке дейiн ұшақты сақтауға тырысқан жөн.
Тоқтар жалма-жан тежегiштi iске қосты, жанталасып әр тетiктi шұқылады. Мiне сәт, көзi бұлдырағанын қойды, демек ұшақ та өз еркiнен тыс ұршықша шыр айналуын қойып, қос қанатқа бағынды деген сөз. “Уа, аруақ, қолдай гөр!” деп тағы қайталады. Анасы бiрдеңеден қатты қысылсаң осылай ет деп тапсырғанын ұмытқан жоқ. Аруақ қолдады ма, әлде өзiнiң тапқырлығы, табандылығы жол тапты ма, әйтеуiр, аман-есен жерге қонды. Әрiптестерi де қасына жүгiре жетiп, ортаға алып, не болғанын сұрап жатыр.
Өзi конструкторлармен үнемi ақылдасып жүрушi едi. Ол да оқудың бiр түрiне жатады. Өйткенi сыры беймәлiм жаңа мәшиненiң тетiктерiнiң қалай жұмыс iстейтiнiн, ерекшелiктерiн жетiк бiлмесе сынақтан өткiзу оңайға соқпайды. Не болғанын қағазға түсiрiп, соларға тапсырды. Әрiптестерi Тоқтардың ұсыныс-пiкiрiн басшылыққа алып, ұшақ бойындағы кемшiлiктi түзеттi.
Әубәкiров “МиГ”-тiң кезектi түрлерiн сынақтан өткiзе бастады. Ара-тұра сәтсiздiкке тап болған өзге серiктерi жаңа ұшақпен бiрге құлап, о дүниеге аттанады.
Уақыт ұрланып өтiп жатыр. Жiгiт ағасы жасына жеткен Тоқтар үйленудi ойлады. Қаракөз қарындастар алыста, оларды iздеуге де мұрша жоқ. Осында қызмет iстейтiн, өзi айналысып жүрген кәсiптiң қыры мен сырын бiлетiн, жан дүниесiн түсiнетiн, аққұба өңдi, иман жүздi орыс қызымен танысты. Есiмi Татьяна Михайловна, Пермь университетiн тәмамдаған, әуе iстерiне маманданған. Екеуi бiрiгiп жасаған “Боран” бағдарламасы ойдағыдай орындалды. Тiлектерi тоғысқан жастардың жүректерi табысты, ақыры бұлар үйленiп, отау құрды. Ұзамай бiрiнен соң бiрi Тимур, Михаил атты ұлдары дүниеге келдi.
Сөйтiп жүргенде Тоқтар шешесiнiң қайтыс болғаны жөнiнде хабар алды. Жырақта жүрген ол ұшақпен Темiртауға тез жеттi, анасын өз қолымен қала сыртындағы зиратқа жерлеп қайтты.
Тоқтар институтты өте жақсы бiтiрiп, “бiрiншi класты ұшқыш” атағын алып шықты. Тағдырдың жазуын қойсайшы, соны атап өтпекшi боп достарын шақыруға қам жасап жүргенде сүйiктi ұстазы Федотов жаңа ұшақты сынау үстiнде мерт болды. Кеңес Одағында небәрi жиырма алты сынақшы ұшқыш бар едi, ендi мiне Александр Васильевичтi қосқанда тоғызы топтан шығып, топырақ жамылды. Есiмi Тоқтарға бала күнiнен таныс Валерий Чкалов та осылай қаза тапқан көрiнедi.
“Өлгеннiң артынан өлмек жоқ, өлген қайтып келмек жоқ” деп қазекең тауып айтқандай, тiрiлер тiрлiгiн жасап, бастаған iстерiн жалғастыра бердi. “МиГ” фирмасы уақыт өткен сайын өз өнiмдерiнiң сапасын жақсартып, ұшақтың әбден жетiлдiрiлген, өте ұшқыр түрлерiн құрастырды. Конструкторлық-тәжiрибелiк бюро оларды сынақтан өткiзудi көбiнесе Тоқтарға тапсырады.
Ендi бұлардың алдына соңғы үлгiмен жасалған “МиГ-29” әскери ұшағын соғыс жағдайында кеме үстiнен ұшырып, қондыруды жүзеге асыру мiндетi қойылды. Жай ұшақ болса бiр сәрi, дыбыстан жылдам ұшатын жойғышпен мұндай iстi жүзеге асыру оңай емес. Бұған әзiрше АҚШ қана қол жеткiзгенi жоғарыда айтылды.
Олардан Кеңес Одағы қалыспауы керек, өйткенi “Американы қуып жетiп, басып озамыз” деген ұран бар. Алайда бұл оңайға түспедi, көздеген мақсатқа жету жолында “МиГ” фирмасы оншақты жыл тынымсыз әрекет жасады. Ақыры жүзгi аэродром ретiнде “Тбилиси” крейсерi таңдап алынды, оған трамплиндi палуба орнатылды. Алайда ол “Энтерпрайз” кемесiнiң ұшу алаңынан әлдеқайда кiшi болатын. Кеңес конструкторлары бұл олқылықтың орнын ұшақ сапасын жақсарту есебiнен толтырды. “МиГ-29”-ға күштi тұғыр, жиналмалы берiк қанат, құйрық жағына мықты тежегiш, 105 метр жүгiруден кейiн жоғары көтерiлуге мүмкiндiк беретiн аса қуатты двигатель орнатылды. Аспанда жанармай үстеп құйылса жер шарының кез келген нүктесiне қонбай ұшып бара алатын едi.
Сонымен сын сағаты да жақындады. Осынау қиын iстiң қандай нәтиже беретiнiн өз көздерiмен көру үшiн лауазымды адамдардан құрылған комиссия Қара теңiздегi “Тбилиси” крейсерiнiң үстiнде тұр. Мiнеки, майор шенiндегi жас қазақ ұшқышы Тоқтар Әубәкiров палуба шетiндегi ұшағына беттедi. Жымиысты жылы жүзiнен өзiне деген қалетсiз сенiм байқалды. Бақылаушылар демдерiн iшiне тартып, қарап тұр. Әне, мотор от алды. Iле “МиГ-29” орнынан жеңiл қозғалып, жедел iлгерi ұмтылды. Жүгiрiсiн үдетiп, әне-мiне дегенше жаймалы алаң шетiне жетiп қалды. Бiр үмiт, бiр күдiкпен оған кiрпiк қақпай қадалған жұрт ұшақ катапультi трамплиннен бөлiнiп, жоғары көтерiлген кезде “уһ!” деп еркiн дем алғандай болысты. “Уралап” қол соғуға ерте едi. Ендi ол айналып келiп, жаңағы орнын табуы керек. Биiкке атқақтап шыққан Тоқтар жұлдыздай аққан бойы асқақтап тұрған Қап тауына қарай самғады. Сол кезде қарт Кавказ дала қыранын құттықтап қарсы алғандай, қарлы басын игендей болды. Тоқтар оның үстiнен бұдан бұрын да ерсiлi-қарсылы талай рет ұшып өткен. Сондықтан алып таудың бөлекше бiтiмi таңсық болудан қалған, тек астындағы сұңқарының қанатын жазу үшiн төбесiнен бiр айналып, керi салды.
Дыбыстан ұшқыр ұшақпен, оның үстiне тиелген қару-жарақпен кемеден ұшып шығуға қандай ептiлiк керек болса, су бетiндегi алақандай жүзбелi алаңға қонуға одан да өткен шеберлiк қажет екенiн жақсы бiледi. Сәл нәрседен мүлт кетсең мүрдем кетесiң. Тоқтар болса әлемдегi ең үздiк ұшақтың әр тетігін өз денесiнiң мүшелерiндей сезiнiп, еркiн меңгерген едi. Бәрi де қолмен қойғандай орындалды, аман-есен дiк етiп төменге түстi. Күтiп тұрғандар көтерiп алып, аспанға лақтыра бастады.
Жақсы жаңалық жерде жата ма, Одақтық баспасөз, теледидар, радио әлемге жар салды. “СУ-27” ұшағын басқаратын Кеңес Одағының Батыры Виктор Пугачев “Правда» газетiнiң 1989 жылғы 22 қараша күнгi нөмiрiнде жарияланған мақаласында “МиГ-29» әскери ұшағын соғыс жағдайында кеме үстiне қондырған Тоқтар Әубәкiровтың асқан шеберлiгiн тамсана дәрiптедi. “Известия» газетi де сол жылғы 3-шi желтоқсандағы нөмiрiнде бұл ерлiктiң маңызын мадақтады. Соның алдында Тоқтарға Кеңес Одағының Батыры атағы берiлiп, омырауына Алтын Жұлдыз, Ленин орденi тағылды. Қазақ ұшқышының есiмi авиация тарихынан мәңгi орын алған К.К.Коккинаки, Г.М.Мосоловтармен бiрге алтын әрiппен жазылды. Бұл кезде сынақшы ұшқыштардың өлiсi бар, тiрiсi бар он бiрiне Батыр атағы берiлген едi.
Осы оқиғадан кейiн Тоқтар жиырма жылдай жырақтап кеткен елге барып, әке-шешесiнiң басына құран оқытып қайтқысы келдi. Сексен тоғызыншы жылдың бас кезiнде осы ойын талай жыл бiрге қызмет iстеген досы, Кеңес Одағының Батыры, сынақшы ұшқыш Петр Максимович Остапенкоға айтты, оны өзiмен бiрге Қазақстанға баруға шақырды. Ол бұдан тартынған жоқ. Бұлар билет алып, ұшқалы тұрғанда жоғарғы жақ Тоқтарды тоқтатып, шұғыл тапсырмамен Алманияға жұмсап жiбердi. Бұл сапар бiр айға созылды.
Ақыры Тоқтар наурыз айында отбасы мүшелерiн, жаңағы досын ертiп Алматыға түстi, Шымбұлақтағы пансионатқа жайғасты. Апасының үйiне барды, республика басшыларына жолықты, екi ұлын ертiп алып тауда шаңғы тептi.
Одан шығып Қарағанды жаққа беттедi. Темiртауға соғып, анасының басына барды. Одан Қарқаралыға аттанды.
Бұл кезде республика халқы Жоғарғы Кеңестiң сайлауына қызу әзiрленiп жатқан болатын. Ол әдеттегiден өзгеше, ел өмiрiне ендi ғана ене бастаған демократия талабына сай, баламалы негiзде өтпекшi болатын. Облыстағы үлкен округтердiң бiрiне бөлiнген депутаттық бiр мандатқа екi адам бақ сынамақшы. Кандидат болып Ульянов ауданындағы “Пролетарский” кеңшарының бұзаушысы Эрика Нефф пен Қарқаралы ауданындағы Нұркен Әбдiров атындағы кеңшардың Ленин және Еңбек Қызыл Ту ордендi шопаны Іңкәрбек Шаяхметов тiркелген болатын. Тоқтарлар Қарқаралыға келген күнi қаладағы Мәдениет сарайында солармен сайлаушылардың кездесуiн өткiзу белгiленiп қойған едi. Обкомнан келген өкiл бар, аупарткомның бiрiншi хатшысы Қажнаби Жақыповтан бастап мұндағылар мұрындарынан шаншылып, жүгiрiп жүр. Кездесуге қатысу үшiн Қарағайлыдан, әр шаруашылықтан көптеген кiсiлер келiптi. Қарқаралылықтар болса өз адамдары Iңкәрбектiң тiлеуiн тiлейдi. Бiрақ округ Қарағандының бiр бөлiгiн, кейбiр қанаттас қалаларын қамтушы едi. Сөз жоқ, орыстiлдiлер Неффтi жақтайды. Сондықтан бұл жақтағыларда күдiк пен күмән көп.
Басшылар Тоқтарды жақсы қарсы алғанымен саяси науқанды өткiзуге арналған сценарийдi бұза алмады. Жұртшылықтың Батырлармен кездесуi қаладағы №1 қазақ орта мектебiнде өткiзiлдi. Одан шыққан қонақтар Мартбек Мамыраев атындағы кеңшарға тартты. Бұл кезде Тоқтардың келетiнiнен хабардар ауылдастары асыға күтуде едi. Өйтпегенде ше? Бұрын олар өз жерлестерi — Кеңес Одағының Батыры Мартбек Мамыраевты, Социалистiк Еңбек Ерi Нұрбақыт Қабдiкәрiмованы мақтаныш етсе ендi үшiншi ауылдас батыр ретiнде Тоқтарды атайтын болды.
Ауылдағылар ауыл клубында болатын кездесуде баяндама жасауды кiтапхана меңгерушiсi Рымбикеш Қыныбаеваға алдын ала тапсырып қойған едi. Оның күйеуi Хамит Қойбағаров осындағы орта мектепте қазақ тiлi мен әдебиетi пәнiнен сабақ бередi. Екеуi де аудандық, облыстық газеттердiң штаттан тыс тiлшiсi, ел тарихын жинаумен, баспасөз бетiнде жариялаумен үзбей шұғылданатын адамдар едi.
Рымкеш Тоқтардан оншақты жас үлкен, оның әкесi Әубәкiрдi, шешесi Қамияны көзi көрген, Бикеннен оқыған. Сондықтан батырдың балалық шағын бес саусағындай бiлетiн оның баяндамасы тыңдаған адамдардың бәрiне ұнады. Одан кейiн бiрнеше кiсi сөйлеп орталарынан шыққан үшiншi батырға iзгi тiлектерiн бiлдiрдi.
Сөз кезегi құрметтi қонақтардың бiрi Остапенкоға берiлдi.
— Менiң жақсы досым Тоқтар он төрт жылда елуден астам әскери ұшақты сынақтан өткiздi, — дедi Петр Максимович. — Бұл заманда сынақшы ұшқыш болу ғарышкер болудан әлдеқайда қиын. Кез келген сынақшы ұшқыш ғарышкер бола алады, ал кез келген ғарышкер сынақшы ұшқыш бола алмайды.
Залда отырғандар сатырлата қол соқты. Алайда сол сәтте екi жыл өткен соң Тоқтардың тұңғыш қазақ ғарышкерi болып, өздерiн бұдан да үлкен қуанышқа кенелтетiнiн ешқайсысы бiле қойған жоқ, әйтеуiр дуылдасып, сый-сияпаттарын көрсетiп жатыр.
Ең соңында Тоқтардың өзi сөз алды, жақсы ықыластары үшiн ауылдастарына тебiрене тұрып алғыс айтты. “Көптiң көзi көреген” дегендей, бала күнгiсiндей емес, қазақша сөйлегенде еркiн көсiле алмай, кейбiр сөздердi қиналып айтқанын тыңдап отырғандар анық аңғарған тәрiздi. Мұны өзi де бiлiп тұрса керек.
— Жиырма жылдан астам уақыт бойы Қазақстаннан сырт жерлерде жүрдiм, ана тiлiмде келiстiрiп сөйлей алмай тұрмын, келесi жолы бұл кемшiлiктi түзеймiн, қазақ тiлiне мемлекеттiк мәртебе берiлiп жатқанынан да хабарым бар, — дедi.
Ол осы сөздерiн әкесiнiң басына барғанда да iштей қайталағандай болды.
4
1954 жылдың басында Мәскеуде ғарыш айлағын салу мәселесi талқыланды. Оған ғылыми мекемелерден, үкiмет орындарынан бiлiктi адамдар қатысты. Алдарында Кеңестер Одағының үлкен картасы жаюлы жатыр. Соны ортаға ала жайғасқан адамдар ғарыш кеңiстiгiне түрлi зымырандар, жер серiктерiн, стансалар, кемелер, ғаламшарлық бiрдеңелер ұшыратын қолайлы орын белгiлеу мақсатымен үңiле қарайды. Бiреуi Ресей жерiндегi Капустин Ярды қолайлы көрсе, екiншiсi Қазақстанның батысындағы Арал теңiзi маңын нұсқайды. Iштерiндегi ең беделдiсi бас конструктор Сергей Королев едi, оның таңдауы Байқоңырға түстi. Басқалары мұның мәнiсiн сұрағандай оған сұрақты кескiнмен қараса қалды.
— Байқоңыр экваторға таяу, бұл нүктеде Жердiң тартылыс күшi аз, ракеталар мен ғарыш кемелерiн ұшырғанда планетамыздың өз осiмен айналысын пайдалануға болады, — деген уәжiн алға тартты ол. Әрине, былайғылар оның ұсынысына пәлендей қарсылық көрсеткен жоқ, қайта құптағандай жамырай жөнелiстi.
— Дұрыс, Қазақстанның бұл аймағында адамдар да сирек тұрады,-дестi. Сыр өңiрiнде, Жезқазған даласында мекендейтiн қазақтарды ешқайсысы есепке алғысы келмедi.
Байқоңырдағы ғарыш айлағын салу жұмысы құпия түрде, тың және тыңайған жерлердi игеру басталғанда қолға алынды. Сол кезде Қазақстанның тусып жатқан далаларына қаптаған қосындар аттанғаны белгiлi. “Тың игеруге керектi құрал-жабдықтар апара жатырмыз” деген үлкен керуендер Төретам стансасының төңiрегiне де жеттi. Бiрақ оларды жергiлiктi тұрғындарға көрсетпедi, тiкенектi сым қоршауының iшiне түсiрдi, жан-жағына әскери күзет қойылды. Ол жерден әуелi баспаналар, одан кейiн басқа ғимараттар бой көрсеттi.
Елу жетiншi жылғы 15 мамырда Байқоңырдан тұңғыш халықаралық Р-7 зымыраны, ал қазан айының төртi күнi жасанды Жер серiгi ұшырылды. Маңайдағы ел Байқоңырда ғарыш айлағы орналасқанын сонда ғана бiлдi.
Баяғыда орыс ғалымы К.Э.Циолковский “Жер — адамзаттың бесiгi, ал адам бесiкте мәңгi жатпайды” деген ғой. Кеңес ғалымдары осы өсиеттi жүзеге асыру бiздiң пешенемiзге жазылған iс деп желпiнiстi. Ендi ғарышқа адам ұшыруға әзiрлiк жасалды. Жердiң тартылыс күшiн жеңiп, салмақсыздық жағдайда тiршiлiк етудiң жан иесiне қалай әсер ететiнiн бiлу мақсатымен ғарышқа әуелi тiрi хайуанаттар жiберiлдi. Бұл мiндеттi ойдағыдай орындап қайтқан “Лайка” дейтiн иттiң есiмi есiмiзде.
Ақыры алпыс бірінші жылғы сәуірдің он екінші жұлдызында Байқоңырдан «Восток» кораблімен дүние жүзінде тұңғыш рет орыс жігіті Юрий Алексеевич Гагарин ғарышқа көтерілді, Жер шарын бір сағат қырық сегіз минөтте бір айналып, қайтып оралды. Оны халық әуелі Қарағанды әуе жайында қарсы алды, Мәскеу төбесіне көтерді, бұл жөнінде бүкіл әлем құлақтанды.
Тарихи бұл оқиғаға басқалар сияқты Тоқтар да қуанды. Ол кезде колхоздар совхозға айналып жатқан болатын. Калинин ұжымшары негiзiнде құрылған кеңшар “Восток” аталды.
Елдiң ауызекi сөзiнде, бұқаралық ақпарат құралдары тiлiнде “космонавт”, “космодром” атаулары пайда болды. “Космос” грекше дүние, әлем деген ұғымды бiлдiредi екен. “Космодром” соған гректiң “дромос” (жүгiретiн орын) деген сөзiн қосудан туған.
Ал қазақ даласының қақ төрiне орналасқан ғарыш айлағынан Гагариннен кейiн iле шала басқалары бiрiнен соң бiрi сапар шеге бастады. Солтүстiк Қазақстанда туып, өскен Владимир Александрович Шаталов ғарышқа бiр емес, үш рет барып қайтты. Соған байланысты алпыс тоғызыншы жылы Кеңес Одағының Батыры атағын екi мәрте иелендi. Қазақ әдебиетiнiң iргесiн қаласқан, сөз өнерiне өлеңмен келiп, қара сөзге ауысқан Сәбит Мұқанов та сол өңiрдiң тумасы ғой. Жаңағы оқиғаға қуанған Сәбеңнiң ақындық шабыты қайта қозып, “Шаталов — менiң жерлесiм” атты өлеңiн баспасөз бетiне жариялады.
Байқоңырдан зымырандар да ұшырылып, Айға, Марсқа бiрдеңелер жiберiлдi, Айдан топырақ әкелiндi, әр түрлi апаттар да болды, соның салдарынан киiктер қырылды, жер бүлiндi. Бұған қазекең мыңқ етпедi, тек басқаларға ұқсап ғарышқа қандастарымыздың бiреуi ұшпағанына қапаланды.
Осылайша отыз жыл өттi. Тоқсаныншы жылдың төбесi көрiндi, алып империяның iргесi шайқалды, басқа одақтас республикалар сияқты Қазақстан да өзiнiң егемендiгiн жариялады, тұңғыш Президентiн сайлады. Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың алғашқы батыл қадамдарының бiрi Семей ядролық сынақ полигонын жабу, Байқоңыр ғарыш айлағын өзiмiзге қарату болды. Елбасының табанды талабымен Мәскеудегi “Жұлдызды қалашықтағы” ғарышкерлердi даярлау орталығында ғарышқа ұшуға дайындаушылар қатарына Тоқтар Әубәкiров пен Талғат Мұсабаев қосылды. Бұл жөнiнде Қазақстандағы қазақтар ғана емес, әлемде тарыша шашылып жүрген қандастарымыз да құлақтанып, сәт сағатты асыға күттi.
Тоқтар ғарышқа ұшуға дайындалып қана қоймай ана тiлiмiзде таза сөйлейтiн боламын деп ауылдастарына берген уәдесiн орындауға да ыждаһат еттi. Сол қарсаңда Мәскеуде тұратын қазақтар үшiн “Қазақ тiлi” қоғамы құрылған едi, соның жұмысына белсене қатысты, балаларына да тiл үйрете бастады. Бiрақ Тоқтардың бөгде iстермен айналысуға қолы мүлде тимеушi едi, әр минөтi есептеулi болатын. Күн сайын елең-алаңда тұрады, дене қимылдарын жасайды, далада бiраз жүгiредi, үйге келiп салқын сумен жуынады, тамақтанады. Белгiленген мезгiлде жаттығу өткiзiлетiн жерге барып, бағдарлама бойынша әртүрлi жұмыстарды орындауға кiрiседi: салмақсыздық жасалған орында неше алуан қимылмен аударылып-төңкерiледi, шыр айналады, аспаптармен ғарыш кемесi iшiнде, сыртында жұмыс iстеудi, суретке түсiрудi, зерттеулер жүргiзудi, байланыс орнатуды, тағы басқа нәрселердi үйренедi. Тәулiгiне тынымсыз он алты сағат, кейде одан да ұзақ уақыт осындай iстермен шұғылданады, шаршап қайтады.
Бiрде бұрын ғарышта болған Светлана Савицкаядан:
— Света, айтшы, ғарыш кеңiстiгi қандай болады, Жер, Ай, Күн қалай көрiнедi?-деп сұрады.
— Оны сипаттап беру қиын, “мың рет естiгеннен де бiр рет көзбен көрген артық” деушi едi ғой. Соңыра ұшқанда өзiң де көресiң ғой,- дедi ол. Әрине, әңгiме шертуге бұлданғаны емес, Тоқтар да оны қайтып мазаламады.
Бiр күнi үйiне кештеу оралған ол жұбайының жүзiнен әлдеқандай мұң көлеңкесiн байқады.
— Саған не болды, Таня? Бiрдеңеге ренжiген сияқтысың ғой,- деп сұрады.
— Газет оқып, көңiлiм бұзылды,- деп қысқаша жауап бердi көп сөйлемейтiн Татьяна.
— Неге?
— Қазақтың ғарышқа ұшқанына қарсылық жасалып жатыр.
Тоқтардың газет оқуға мұршасы жоқ едi, ақырын мырс еттi.
— Мейлi жаза берсiн, көремiз әлi,- дедi.
Сонымен ғарышқа Қарқаралы түлегi Тоқтар Әубәкiровтiң ұшатыны мәлiм болды. Мұның анық-қанығын бiлу мақсатымен республикалық үкiмет мүшелерi, журналистер “Жұлдызды қалашыққа” аттанды. Ғарышкерлердi даярлау орталығын В.Шаталов басқарушы едi. Тiлшiлердiң бiрi оған:
— Осы уақытқа дейiн бұл жерге қазақтардың жолай алмай келгенi қалай?- деп сұрады. Бұған Владимир Александрович кәдiмгiдей шамданып қалды.
— Бiз ешкiмнiң ұлтына қарамаймыз, ғарышкерлердi денсаулығына, ой-өрiсiне қарай iрiктеймiз, бұл талапқа сай келмегендердi алмаймыз,- дедi. Журналистер онымен дауласпақ болып едi, тыңдамады. Әйтпесе оған қарсы айтар дәлелдерi жетерлiк болатын.
Осының артынша “Комсомольская правда”, “Правда” газеттерi ғарышкерлер сапына қазақтың қосылғанын құбыжық көргендей, былапыт бiрдеңелердi басты.
Ақыры сол жылғы қазан айының екiншi жұлдызында Байқоңырдан халықаралық экипаж мiнетiн “Союз ТМ-13” ғарыш кемесi ұшырылатыны, оның бортында Ресей азаматы Александр Александрович Волков, тұңғыш қазақ ғарышкерi Тоқтар Әубәкiров, Австрия азаматы Франц Фибек болатыны хабарланды. Алғашқысы Кеңес Одағының Батыры, бiрiншi класты әскери ұшқыш, екiншi класты сынақшы ұшқыш, екiншi класты ғарышкер, ғарышқа екi рет ұшқан, тәжiрибелi маман, сондықтан ұшуды сол басқарады. Тоқтардың жайы жоғарыда баяндалды, оған қосарымыз ол қысқа мерзiмдi дайындық кезiнде кеменiң ғарышта ұшып жүрген “Мир” орбиталық кешенiмен түйiсу, жақындасу жүйесiне арналған, сақтық шарасы ретiнде жасалған қосымша қондырғыны орнатуға маманданған. Үшiншiсi “Жұлдызды қалашықтағы” орталыққа тоқсаныншы жылдың басында қабылданған, алты тiл бiлетiн адам.
Экипажға күрделi мiндеттер жүктелдi. Көп ақша төлегендiктен Австрия мемлекетiнiң түрлi тапсырмаларын орындайды, соның бiрi ғарыш сапары кезiнде адамның ойлау қабiлетiн қадағалау. Қазақстан жағының жүктеген мiндетi-салмақсыздық жағдайында жартылай өткiзгiштердi Күн сәулесiмен ерiту iсiн жүзеге асыру, арнаулы құралдармен тыныс алудың адам ағзасына әсерiн, жүрек жұмысын бақылау, жерiмiздiң экологиялық жағдайын тексеру, Күн батареяларын құру, айырбастау, қысқасы ғылымның әр саласын қамтитын зерттеулер жүргiзу керек.
“Союз ТМ-13” ғарыш кемесi сапарының алғашқы тәулiгiнде мұндағы жабдықтар арнайы тексеруден өтiп, орбита анықталады, одан кейiн ұшып жүрген “Мир” стансасымен жақындасу әрекетi жасалады. Кешенмен түйiсу Жердi 33 рет айналған соң, екiншi тәулiкте жүзеге асырылады. Ол сегiз күннен кейiн, яғни қазан айының оныншы жұлдызына белгiленген. А.Волков “Мирге” ауысып, сонда ұшып жүрген С.Крикалевпен бiрге қалады. “Союз ТМ-13” кемесiн ғарыштағы кешенде жұмыс iстеп жатқан Анатолий Арцебарский басқарып, Т.Әубәкiров пен Ф.Фибектi алып, Жерге оралады.
Қазақтардың қуанышында шек жоқ, Тоқтардың ғарышқа қалай ұшқанын көру үшiн жан-жақтан Байқоңырға қарай ағылуда. Туған жерiнен аға механик Жәйкен Қыстаубаев, мұғалима Қазкен Сыздықова бастаған бiр топ адам жеттi. Сыр өңiрiнiң қазақтары осы жолы өздерiнiң қаншылдығын, намысшылдығын, кеңқолтық жомарттығын тамаша таныта бiлдi. Ғарыш айлағы болып табылатын Ленинскi қаласы Қызылорда облысындағы Төретам стансасының iргесiнде. Қармақшы, Жалағаш аудандарының халқы соның төрiне қазақтың ақшаңқан киiз үйлерiн қаз-қатар тiгiп тастап, мал сойып, қымыз сапырып, дастархандарын жайып, қонақтарын қарсы алуда. Станса мен қала арасы жап-жақын. Алайда Ленинскiнiң айналасы темiрмен қоршалған, жол бойына қойылған әскери күзет ұлықсат қағазысыз ешкiмдi өткiзбейдi.
Бұл жолы “Ғарыш айлағына” барушылар көбейдi. Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев, Қазақ КСР-i Жоғары Кеңесiнiң төрағасы Е.М.Асанбаев, премьер-министр Ұ.Қараманов, Австрияның канцлерi Франц Враницкий, Одақтас он үш республиканың басшылары, әр облыстан арнайы келген өкiлдер жиналды. Ақпарат құралдарының қызметкерлерi бiр төбе.
Құрметтi меймандармен бiрге ғарышкерлер де киiз үйлерге бас сұғып, дәм татты, Жалағаш аудандық атқару комитетiнiң төрағасы Биғали Қайыпов салтанатты түрде Тоқтарға ат мiнгiзiп, иығына шапан жапты. Ол бұл кәдесiн басқа ғарышкерлерге де көрсеттi, шапан жауып, тақия кигiздi, қолдарына бiр-бiр домбыра ұстатты. Осы өңiрдiң құрметтi азаматы, жасы тоқсанға келген Бекiш ақсақал қазақтың көне ғұрпымен табақтан уысын толтыра қазы-қарта алып, Тоқтарға асатпақ болып едi, “ол жарамайды, режим бұзылады” деп дәрiгерлер безек қақты. Дегенмен тұңғыш ғарышкерге Бекең Қорқыт бабаның басынан әкелген бiр уыс топырақты ұстатты. Журналистер болса сұрақтарын тықпалайды.
-Тоқтар, елге ғарыштан қандай сәлем жолдайсың?
— Мәдидiң “Қарқаралы” әнiн шырқармын.
— Далада өсетiн қай өсiмдiктi ұнатасың?
— Жусанды.
Табақ толы қазы-қартаға, дастарханға мол салынған бауырсаққа, құрт пен iрiмшiкке, сары майға, бал татыған қымызға қарық болған кейбiр мейман:
— Әттең, бұлай боларын бiлгенде Байқоңырға бiр апта бұрын келетiн едiм, — деп отырғандарды ду күлдiрдi.
— Экипаж мүшелерiнiң бiрi Әубәкiров анау-мынау адам емес, өзiнiң тынымсыз еңбегiмен, табандылығымен, алғырлығымен, төзiмдiлiгiмен ғарышқа ұшу құқығын жеңiп алды. Әскери ұшақтардың ең соңғы үлгiлерiн ұршықтай үйiрiп, Жер мен ғарыш арасында сынақтан өткiзген жүрек жұтқан мұндай адамды бұл iстен шеттетiп келгендерге өкпелеуге болады, — дедi “Жұлдызды қалашықтағы” ғарышкерлердi даярлау орталығының жаңа бастығы, Кеңес Одағының Батыры атағын екi рет алған Петр Ильич Климук.
Қандастарымыздың сарғая күткен таңы атты. Монтаждау-құрастыру кешенiнiң iшiнен арнаулы киiмдерiн киген экипаж мүшелерi Александр Волков, Тоқтар Әубәкiров, Франц Фибек шықты. Экипаж командирi мемлекеттiк комиссия төрағасы, генерал-полковник В.Ивановқа өздерiнiң ғарышқа ұшуға әзiр екендiктерiн мәлiмдедi. Өзiн аттандыруға келген Талғат Мұсабаевтың құшағынан босанған Тоқтар таяу жерде тұрған Нұрсұлтан Назарбаевқа бұрылып:
— Құрметтi Президент! Ғарышкер Тоқтар Әубәкiров қазақ халқы атынан ғарышқа ұшуға дайын! — дедi қазақша.
— Жолың болсын, аруақ қолдасын, Тоқтар! — деп Елбасы оны айқара құшақтап, арқасынан қақты.
Ғарышкерлер мiнген “Жұлдызды” деген жазуы бар автобус ұшу алаңындағы кемеге бет алды. Көру алаңына жиналған жұрт солай қарай ентеледi. Репродуктор арқылы әрбiр он секөнт сайын жағдай хабарлануда. Ғарышкерлер кемеге отырды, ұшуға дайындық жасалды, кiлт стартқа, артынша дренажға қойылды, ракеталардың телеметриялары өлшендi. Осының бәрi рет-ретiмен айтылып жатыр.
Бiр мезгiлде қызыл жалын бұрқ ете түстi, сол сәтте құлақ тұндыратын жарылыс үнi естiлдi. Жалқын арасынан алып зымыран аспанға атылып шықты. Ғаламат дүрiлмен бiрге бауырынан будақ-будақ түтiн шықты. Туу биiкке самғап жеткен ғарыш кемесi демде қызыл ноқатқа айналып, көзден ғайып болды. Жиналған жұрт әлi сол орындарында, репродукторға құлақ түруде. Ұшырғыш зымыранның бiрiншi, екiншi сатылары бөлiнгенi, ұшу ойдағыдай өтiп жатқаны хабарланды. “Ғарыш кемесi Жер төңiрегiндегi орбитаға шықты” деген сөз естiлгенде Нұрсұлтан Назарбаев пен Франц Враницки болып, тұрғандар бiрiн бiрi құттықтай бастады.
Ғарыш кемесi Жердiң тартылыс күшiн жеңiп, 200 шақырымдық биiкке көтерiлiп, орбитаға шыққанда экипажбен алғашқы байланыс жасалды. Ғарышкерлердi даярлау орталығының мамандары Николай Липатов пен Валерий Скальский қазақстандық журналистердiң сұрағына былай деп жауап бердi:
— Тоқтар салмақсыздық жағдайында күнде ұшып жүргендей өзiн еркiн сезiнедi, ештеңенi елер емес, тiптi әдеттегiше әзiлдеседi.
Ол шынында өте көңiлдi едi. Өйткенi мыңдаған жылдар бойы халықтың аузынан түспей айтылып келе жатқан қиял-ғажайып ертегiлерде жетi қат көктiң ең биiк қабатында перiштелер ғана ұшып жүредi дейтiн. Ендi мiне күмiс кемемен түпсiз тылсымға қарай өзi самғап барады. Неше түрлi түспен құбылған ионосфера сиқырлы әлем сынды елiктiре түседi. Соның адамзатқа беймәлiм сырларын ашуға құмартады.
Бәрiнен де мына қызықты айтсайшы: әлгiнде ғана көкжиектен көрiнген Күн бiр жарым сағаттан кейiн ұясына кiрiп, жоқ болды. Тоқтар оның солай болуға тиiс екенiн алдын ала бiлсе де ғажап құбылысқа тұңғыш рет тап болғандықтан, өз сағатына сенбегендей Александрдың бiлегiне үңiлдi, екеуi де бiрдей екен. Батып кеткен Күн тура тоқсан минуттан кейiн шығыстан қайта жарқ етiп көрiндi, сонша уақытта және жоқ болды.
Көңiлi тасыған Тоқтар үнiн барынша көтерiп, Мәдидiң “Қарқаралысын” қоңырлатты.
“Атыңнан айналайын, Қарқаралы,
Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады.
Сайыңнан саяқ құрлы сая таппай,
Мен бiр жан қуғын көрген Арқадағы”.
Тоқтар шат сезiмдi бiлдiретiн, ұранды сөздерге толы асқақ әндердi де шырқаушы едi. Алайда осынау мұңды әуен өзiне ерекше ұнайды. Оның бойында жалғыз Мәдидiң ғана емес, “мың өлiп, мың тiрiлген” қазақтың үлкен зары жатқандай сезiледi.
Жермен байланыс жасап отырған Александр жымың еттi.
— Жердегiлер Австриядан қуанышты хабар алыпты, Францтың келiншегi босанып, қыз тауыпты,- дедi.
Бұл кезде ол ұйықтап жатқан едi.
— Қозғамай-ақ қоялық, оянған соң құттықтармыз, — дедi Тоқтар.
Екеуi тиiстi шаруаларын атқаруға кiрiстi. Кемеде жұмыс iстеуге арналған үлкендi-кiшiлi жабдықтар бiр қыдыру. Қайсыбiрiнiң салмағы жүз килограмға жуық, Жерде қос қолдап әрең көтеретiн сол заттар салмақсыздық жағдайында құстың мамығына ұқсап қалқып жүр, түртiп қалсаң сырғи жөнеледi.
Тоқтар қырық жыл бойы халыққа қасiрет шектiрген Семей сынақ полигоны орналасқан өңiрдi, тартылып бара жатқан Аралды, Екiбастұзды суретке түсiрдi. Алматы, Жамбыл, Шымкент, Жезқазған, Қарағанды,Темiртау, Павлодар, Өскемен қалаларының экологиялық жағдайларын анықтауға арналған мәлiметтер жинауға, Қаражал өңiрiндегi кен қыртысының орналасуын зерттеуге кiрiстi. Темiртаудағы құю-механикалық зауытында жұмыс iстеген оған ғарышта Күн сәулесiн пайдаланып, кристалл алу қиынға соққан жоқ.
“Союз ТМ-13” кемесiнiң ғарыштағы шартты атауы “Донбасс” едi. Осы атаумен байланысқа шақырған Жердегiлердiң дауыстары ап-анық естiледi. Бұлар да өздерiнiң жағдайларын, не iстеп, не койып жатқандарын оқтын-оқтын жеткiзiп қояды. Кеме төрт жүз шақырымдық биiктiкке көтерiлiп, “Мир” стансасын қуып жетуге кiрiстi. Ол шiркiннiң салмағы қырық тонна. “Союз ТМ-13” секөнтiне жетi-сегiз шақырым алатын жылдамдықпен самғап келедi. Станса мен кеме түйiскен кезде апатқа ұшыраса екiншiсiнiң үстiндегiлер құрдымға кететiнi айтпаса да белгiлi. Соған сақтық ретiнде тұрмыстық отсекте түйiсу, жақындасу жүйесiне арналған қосымша қондырғы жасалған едi. Тоқтар соны сырттағы тиiстi орынға орнатуға маманданған болатын. Кеме “Мир” стансасының орбитасына шыққан кезде ол:
— Жүр, Александр, сыртқа шығайық,- дедi.
Командирi оның мәнiсiн сұрамай-ақ түсiндi, бұл жолы Тоқтарға мойын ұсынып, көмекшi болды. Екеуi қосалқы қондырғыны орнатып iшке кiрген соң Тоқтар көмiрқышқыл газын сiңiретiн блоктарды жалғыз өзi ауыстырды.
Көз шырымын алған Франц оянды, серiктерi оны нәрестелi болуымен құттықтады. “Союз ТМ-13” Австрия үстiнен өткенде экипаж сол елге сәлем жолдады.
Үш жiгiттің Жерден ұзағанына бiр тәулiк толды, Күн он алты рет батып, сонша рет шықты, әрбiр тоқсан минөт сайын күн мен түн алмасып отырды. Кеме Жердi жиырма рет айналғанда Тоқтарлар көз шырымын алуға жатты..
Белгiленген мерзiмде “Союз ТМ-13” кемесi “Мир” кешенiн қуып жеттi, түйiсу сәттi жасалды. Станса мен кемедегi жiгiттер бiрiн-бiрi құттықтап, мәре-сәре болысты. Әрине, бұл жөнiнде Жердегiлер де құлақтанып, жан-жаққа қуанышты хабар таратты. Стансада талай уақыт болған Анатолий Арцебарский мен Сергей Крикалевтың көңiл күйлерi орнықты, жайраң қағады.
Бәрi бiр минөттi бос жiбермей тиiстi жұмыстарын атқаруға кiрiстi. Кемеден стансаға, стансадан кемеге әр түрлi заттар, азық түлiк ауыстырылды. Барлық шаруа бiткен соң Волков пен Арцебарский орындарын айырбастады.
Сонымен сегiзiншi тәулiкте Мәскеу уақытымен 2 сағат 54 минөтте Хабаров өлкесiнiң үстiмен соңғы айналым жасаған “Союз ТМ-13” ғарыш кемесi “Мир” кешенiнен бөлiнiп, Жерге қарай беттедi. Ендi бiр сәтте тежегiш iске қосылды, соның артынша құлдилау құралы кемеден бөлiндi. Атмосфераның тығыз қабатына жеткенде тұрмыстық заттар мен аспаптар орнатылған бөлiктер жанып кеттi. Қонуға арналған бөлiктiң тығыз қабатқа кiруi әсерiнен байланыс бес-алты минөтке үзiлiп қалды.
Осы кезде Жердегiлер қатты абыржыды. Өйткенi шексiз кеңiстiкте, салмақсыздық жағдайында орасан жылдамдықпен ұшу айтуға ғана оңай. Тәуекелге бел байлап, шыбын жанын шүберекке түйiп, қатерлi сапарға аттанған кейбiр азаматтардың тiл тартпай кеткенiн бүкiл әлем бiледi. Сондықтан бұлардың абыржуы заңды болатын. “Аналар не болды екен?” дегендей, бiрiне бiрi көз тастайды, тықырши дыбыс күтедi.
Ақыры байланыс қалпына келiп, қону аппаратының қандай биiктiкке жеткенi, созылмалы парашюттың ашылғаны белгiлi болды. 6 сағат 12 минөтте ішінде үш ғарышкері бар торсық тәріздес қону аппараты Арқалық қаласынан шығысқа қарай 58 шақырым жердегi Майкөтов атындағы кеңшардың Жұрынбай жайлауына табан тiредi. Бұл кезде Алматы уақыты бойынша 9 сағат 12 минөт едi. Күздiң суық желi құтырына соғып тұр. Ауыр салмақпен жерге соғылған аппарат топырақты ойып түстi. Екі ғарышкермен қоса ауыр заттар сол заматта Тоқтарды басып қалды. Ол бiр сәт есеңгiреп қалған едi, алайда есiн тез жиды. Аппараттан әуелi “Мир” кешенiн алты ай басқарған Анатолий Арцебарский, екiншi боп Тоқтар Әубәкiров, ең соңынан Франц Фибек шықты.
Ғарышкерлердiң қасына қарсы алушылардың iшiнен алдымен облыстық iшкi iстер басқармасының қызметкерi Жұмағазы Жақыпов жеттi. Ол күллi Алашқа жар салғандай:
— Жасасын Тоқтар! — деп дауыстады. Қазақтың тұңғыш ғарышкерiн қаумалаған жұрт сұрақты жаудыра жөнелдi.
— Тоқтар, ғарышта “Қарқаралыны” шырқадың ба?
— Әрине, даусым жеткенше әндеттiм ғой.
— Арқалықта бұрын болдың ба?
— Иә, 1973 жылы келгенмiн.
— Қорқыт баба қабiрiнен алған топырақты не iстедiң?
— Бiр түйiрiн жоғалтпай алып қайттым, Байқоңыр музейiне тапсырамын.
Басшылардың бiреуi облыстағы “Ковыльный” кеңшары бұдан былай Тоқтар Әубәкiров атындағы шаруашылық болып аталатынын айтып жатыр.
Ғарышкерлер, оларды қарсы алушылар әуежайға келдi. Талай тарихи оқиғаларға куә болған Торғай өңiрiнiң елi тайлы-таяғы қалмай осында жиналғандай. Қазақтың ұлттық киiмдерiн киген арулар шашу шашты. Адамдар ұстаған гүл дестелерiнен көз тұнады. Репродуктордан “Сарыжайлау” күйi шалқып тұр. Қалалық Кеңестiң төрағасы Кенжебек Үкин қазақ ғарышкерiн құттықтып, маңдайынан сүйдi, арқасынан қақты. Облыстық Кеңес атқару комитетiнiң төрағасы С.В.Кулагин жалынды сөз сөйледi. Ғарышкерлердiң үшеуiне де “Арқалық қаласының құрметтi азаматы” атағы берiлiп, мойындарына алқызыл белгi тағылды. Жергiлiктi ақын Нағашыбай Мұқатов тұңғыш қазақ ғарышкерi Тоқтар Әубәкiровке арнаған өлеңiн оқыды.
“Көкiрек тым керемет күй ұққандай,
Тұрғандай жаңалыққа ұйып Торғай.
Ғарышқа жазған тұңғыш қазақ атын
Тұғыры Тоқтарымның биiк болғай!”
“Союз ТМ-13” ғарыш кемесiнiң экипажы мiнген әскери ұшақ Мәскеуге, “Жұлдызды қалашыққа” бет түзедi. Олардың соңынан Қазақстан республикасының Президентi екi жеделхат жiбердi.
5
Бұрын орыс азаматтары ғарышқа неше рет ұшса сонша рет ертеңiне Кеңес Одағының Батыры атағы берiлiп, омырауына Алтын Жұлдыз бен Ленин орденi тағылатын. Тоқтарға келгенде Мәскеу сол дәстүрiн табан астында ұмытты. Тұңғыш қазақ ғарышкерi республикамыздың Құрмет грамотасын қанағат еттi. Ол кезде Қазақстан егемендiгiн жарялағанмен қызыл империядан ноқтасын бiржолата үзген жоқ-ты. Орталықтағы ұлыдержавалық шовинистер бiзге бұрынғыша танау шүйiретiн. Одақтық теледидардың “Уақыт” арнасында қызмет iстейтiн бiр комментатор халқымыздың Байқоңырда ғарышкерлерге ақ жол тiлеп, көрсеткен сый-құрметiн жақтырмай, “осындайлардың керегi не?” деп көкiдi. Соған байланысты Қазақ КСР-iнiң Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрi Қуаныш Сұлтанов пен ғарышкерлер даярлау орталығының жаңа бастығы, генерал-майор Петр Климук КСРО Мемлекеттiк телекомитетiнiң төрағасы Егор Яковлевтiң атына мынандай жеделхат жолдады.
“Құрметтi Егор Владимирович!
Қазақстанның жұртшылығы, халықаралық экипаж және ғарышкерлер даярлау орталығы 28 қыркүйекте, халықаралық экипаждың ұшырылу қарсаңында, осы ұшу сапарының идеясы бойынша бұрмаланып, қазақ халқын, оның салт-дәстүрлерiн келемеждеп көрсеткен комментатор Герасимовтың Байқоңырдан берген сюжетiне наразы.
Осыған байланысты ғарышқа ұшу кезеңiнде аталған шығармашылық топтың аккредитацияланбайтынына Сiздiң назарыңызды аударамыз.”
Елбасымыз бүкiл халық атынан құшақ жая күткенiмен экипаж мүшелерi Қазақстанға түгел келген жоқ, тұңғыш ғарышкерiмiз Тоқтар Әубәкiров өзiнiң iзбасары Талғат Мұсабаевты, жұбайы Татьяна Михайловнаны, ұлдары Тимур мен Михаилды ертiп, өзi ғана келдi. Әрине, жұрт басқаларын жоқтай қойған жоқ.
Тоқтар мен Талғатты тұңғыш Президентiмiз Нұрсұлтан Назарбаев өз Резиденциясында қабылдады. Оның атына әлемнiң әр түкпiрiнен тұңғыш қазақ ғарышкерiне байланысты құттықтау жеделхаттар көптеп түсiп жатқан болатын. Елбасы Тоқтарды құттықтай отырып, алдағы уақытта Қазақстанға қоныс аударуға шақырды, оған өзiне лайықты жақсы қызмет, жайлы баспана беретiнiн айтты.
Құрметтi қонақтар астананы аралап, ғылым, мәдениет, өнер, оқу орындарында болды, жұртшылықпен кездестi. Қайда барса да қалың нөпiр халық дуылдап ортаға алады, сондайда адамдардың шадыман жүздерiнен өзiне деген зор құрмет пен риясыз ықыласты сезген, жылы лебiздерiн естiген батырдың жүрегi кеудесiне сыймай кетедi.
Бұдан соң Тоқтар қасына ҚЛКЖО Орталық Комитетiнiң хатшысы Нұрлан Омаровты ертiп, Арқаға аттанды. Қарағандыға келiп облыс басшыларының қабылдауында болды. Одан шығып, ғарышкер Валентина Терешкова тоқтаған “Чайка” қонақ үйiне аялдады. Бұдан соң облаткомның iс жүргiзушiсi А.Г.Шумахер бастаған топ Қарқаралыға қарай жолға шықты. Бұларды бұрынғы Ульянов, қазiргi Бұқар Жырау ауданының орталығында жолдарын тосып тұрған халық қарсы алды. Әуелi алда келе жатқан “Чайка”, одан кейiн өзге мәшинелер тоқтады. Ауатком төрағасы Рақатай Мәуиенов қысқаша сөз сөйледi, бiр жiгiт күрең төбел арғымақты көлденең тартты, сол кезде Рақаң:
— Аудан халқы атынан тарту етемiз, Тоқтар қарағым, — дедi.
Ғарышкер күлiмдеп кеп аттың тiзгiнiн ұстады, жалынан сипады, содан кейiн ауатком төрағасына бұрылып:
— Аға, атымды баптай берiңiз, кейiн келiп мiнiп кетемiн, — деп тiзгiнiн әлгi жiгiтке ұстатты.
— Қашан келсең де атың әзiр, — дедi төраға.
Республикалық Жастар одағының хатшысы мен облаткомның өкiлi “бөгелiп қалмасақ екен” дегендей сағатына қайта-қайта қарағыштап отыр. Бүгiн қарашаның сегiзi болатын. Жеңiл мәшинелер тобы iлгерi қозғалды. Ендi бiраз жүргенде көз ұшынан Қарқаралының көгiлдiр таулары көлбеңдедi.
— Әне, бiздiң елдiң төбесi көрiндi, — дедi Тоқтар қасында отырған Талғатқа. Ол да iлгерi көз тiктi.
Жолаушылар қалаға жете бере сол жаққа кiлт бұрылды. Сағат кешкi жетiнiң шамасында Тоқтар бастаған топ Мартбек Мамыраев атындағы кеңшардың орталығы Ақжолға жетiп, Мәдениет үйiнiң жанына тоқтады. Бұлардың келе жатқанын бiлiп, тықырши күткен ауылдастары “Тоқтар, Тоқтар!” десiп, қол шапалақтап, шашу шашып, қаумалай бердi. Осылайша сыртта бiраз дуылдаған көпшiлiк бiр кезде қонақтардың артынан iшке беттедi. Залдың бiр қабырғасына “Қазақтың ғарышы бiздiң ауылдан басталды” деген сөздердi үлкен әрiптермен қатырып жазып қойыпты.
Салтанатты жиынды кеңшар директоры Сағаткәрiм Смақов ашты.
— Ардақты ағайын, бүгiнгi күн бiз үшiн ақ түйенiң қарны жарылған торқалы той. Ғарышқа қанат қағып, халқымыздың мәртебесiн көтерген, атын әлемге паш еткен аяулы азаматымыз, ерен батырымыз, ауылымыздың тумасы Тоқтар Әубәкiров ортамызда отыр.
Тоқтар осыдан екi жыл бұрын ауылда болғанда ендiгi келгенде ана тiлiмiзде еркiн сөйлейтiн болатыны жөнiнде уәде бергенi жұрттың есiнде едi. Сол сөзiнен шыққаны көрiнiп тұр.
Тоқтар Қарқаралы өңірін едәуір аралады. Ел-жұртымен қауышты. Ата-анасының қабірлеріне барып, топырақ алды.
Әне-міне дегенше бір ай өте шықты. Бір күні Тоқтарды Кремьлге шақырды. КСРО Президенті Михаил Сергеевич Горбачев салтанатты түрде награда тапсырмақшы көрінеді. Қазақтың тұңғыш ғарышкері маңғаз басып атақты Георгиев сарайына кірді. Жуырда ғана Маршал атағын алған Қорғаныс министрі Шапошников қолын қысып, құттықтап жатыр.
Енді міне Кеңес Одағының тұңғыш Президенті қарапайым ғана марапат көрсетті.
6
Бұл кезде алып империяның iргесi шайқалып, одақтас республикалар бiрiнен соң бiрi ноқтадан бастарын босатып алып жатқан болатын. Желтоқсан айында бәрiнiң соңынан Қазақстан да өзiнiң тәуелсiздiгiн жариялады. Оны ең алдымен түбiмiз бiр Түркия таныды, бiрте-бiрте басқалар да мойындай бастады.
Президентiмiз Нұрсұлтан Назарбаевтың елге шақырған ақылын құп көрген Тоқтар әсем Алматыға қоныс аударды. Елбасымыз оған генерал шенiн, Халық қаһарманы атағын бердi, ғарыш айлағының тiзгiнiн ұстатты, қолайлы пәтерге орналастырды.
Келесi жылы Талғат Мұсабаев та ғарышқа самғады, ол Ресейдiң атынан ұшқанмен халқымыз тағы қуанып, той жасады.
Ал ғарыш айлағындағы әскери адамдар басқа ұлт өкiлдерi сияқты өздерiнiң тарихи Отаны Ресейге көшуге кiрiстi. Тек кетпей, әсем ғимараттарды, қымбат жабдықтарды бүлдiрiп, қиратып iске алғысыз етiп қалдырып барады. Әттең шамалары келмейдi, әйтпесе түгiн қалдырмай, арқалап кетер едi. Осыны байқаған Тоқтар:
— Кеткендер кете берсiн, Байқоңырға өз әскерiмiздi кiргiзе берейiк, — деп жоғарыдағыларға ұсыныс жасады. Қорықты ма, әлде бойға сiңiп қалған құлдық психологияны жеңе алмады ма, билiк басындағылар ол кеңеске құлақ қоймады. Оның бер жағында кешендегi неше түрлi алып қондырғылар, құрал-жабдықтар босқа тұрып тозатын болды. Сол кезде Н.Назарбаев ғарыш айлағын жиырма жыл жалға беру жөнiнде Ресеймен шарт жасасты. Сол-ақ екен әскерилер қапшықтарын арқалап, қайтадан қаптады, қараларын бұрынғыдан да көбейттi. Жақсы жағдайдың бәрiн өздерiне ғана жасап, маңайдағы қазақтарға шекесiнен қарады.
Көп ұзамай Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесiне кезектi сайлау өткiзiлетiн болды. Облыс жұртшылығы Әубәкiровты өз өңірінен дауысқа түсуге шақырды. Бұл жөнiнен оған оңтүстiк өңiрдегi ел де қолқа салған едi. Алайда “ер туған жерiне” дегендей, ғарышкер батырдың бүйрегi Қарқаралыға бұра бердi, ақыры осы өлкеде бақ сынауға бел байлады.
Елiмiз әкiмшiлдiк-әмiршiлдiк бұғаудан босанып, демократиялық үрдiске бой ұра бастаған кез едi. Депутаттыққа кандидат боп Тоқтарды қосқанда бес адам тiркелдi. Сайланғандар iстеп жүрген қызметiн, немесе жұмысын тастап Алматыға ауысуға тиiс болатын. Оларға жайлы пәтер, жеке мәшине берiлiп, жоғары жалақы төленетiн едi. Сондықтан депутаттық мандатты қайткен күнде қолға түсiруге тырысқандар үлкен-үлкен уәдеге толы тұғырнамаларын таратып, сайлаушылар алдында лепiре бастады. Кейбiреуi депутат болып сайлана қалса аспандағы Айды әкелiп беретiндей бөседi. Аңқау қазекең ондайларға “әй, патшағар, Айға сенiң аяғың жете ме, жеткен күнде ол қолтығыңа сия ма?” деп күмән келтiрудi бiлмейдi, баяғыша қол соға бередi.
Шүкiр, ел iшiнде естiлер де аз емес екен. Тоқтар үмiткер ретiнде бәрiнен кейiн тiркелген болатын. Соны бiлген азаматтардың көпшiлiгi өз кандидатураларын алып тастау жөнiнде сайлау комиссиясына өтiнiш бере бастады, қазақтың тұңғыш ғарышкерiмен бақ таластырғысы келмедi. Қарқаралы, Егiндiбұлақ, Ульянов, Тельман аудандарының тұрғындары да Тоқтарды қалады.
Ол кезде Жоғарғы Кеңестiң депутаттарына сайлаушылар түрлi аманат тапсыратын, ауық-ауық кездесiп, арыз-шағымдарын айтатын. Бұрын қонақ ретiнде келiп-кетiп жүрген, тек мадақ сөздер естiп, жақсы жерлердi ғана көретiн Тоқтар қалтарыста қымтаулы жатқан көптеген келеңсiздiктi бiлмейдi екен. Депутат ретiнде халықпен жақынырақ араласқанда, ұзақ жылдар бойы ядролық сынақтың тақсiретiн тартқан Қарқаралы, Егiндiбұлақ өңiрiн аралағанда неше түрлi сұмдықты көрдi. Ел iшiнде өлiм-жiтiм көбейiптi, ақ қан, қатерлi iсiк, жүрек, қан тамыры аурулары жайлыпты, адамдардың өзiне өзi қол жұмсауы үйреншiктi құбылысқа айналыпты, үкiмет бұл үшiн халыққа өтемақы төлеудi тоқтатыпты.
Депутат Тоқтар өзi өмiрге келген Мартбек Мамыраев атындағы кеңшардың iргесiндегi Қарағайлы жұмысшы поселкесiнiң мүшкiл халiн көргенде жағасын ұстады. Ол бiр кезде жиырма шақырым жердегi Қарқаралы қаласын басып озған, неше түрлi еңселi ғимараттар, көп қабатты үйлер бой түзеген, шойын жол тартылған төрт құбыласы түгел сәндi қалашыққа айналған едi. Ендi қараса Ресей әскерлерi тас-талқан еткен Чешенстан астанасы Грозныйға ұқсайды- ғимараттардың, үйлердiң есiк-терезелерi үңiрейiп, төбелерi ортасына түсiп, жартысынан астамы бос қалыпты.
Таныса келе бiлдi, бұрын одақ бойынша алдыңғы орындардың бiрiнен көрiнетiн, қорғасын, барит, мырыш қорытпаларын шығаратын Қарағайлы кен байыту комбинаты қолдан қолға өтiп, әбден тұралап қалыпты, мамандар, бiлiктi жұмысшылар басы ауған жағына кетiптi. Тоқтарды қаумалаған жұрт жалақыларын, зейнетақыларын, жәрдемақыларын мезгiлiнде ала алмай жүргендерiн, поселкенi жұмыссыздық жайлағанын айтып арыз-шағымдарын қарша боратты. Ол Қарқаралыға келiп, аудан басшыларына көрген-бiлгенiн айтты.
— Жағдай өзiмiзге де белгiлi, түзерлік қайран жоқ. Одақтық байланыс үзiлдi, нарықтық қатынас өндiрiстi ғана тұралатып қоймай, ауыл шаруашылығының да шырқын кетiрдi, еттi, жүндi, терiнi ешкiм алмайды. Өнiм өтпеген соң қаражат жоқ, жалақы төлей алмағандықтан қаладағы кәсiпорындарды да жаба бастадық,- дестi олар.
Тоқтар астанаға қайтты. Иығын езген зiл батпан жүк бар секiлдi. Қайырылып артына қарады, Қарқаралының көгiлдiр тауларын көк мұнар торлап тұрған тәрiздi. Ерiксiз Мәдидiң әнi көмейiне кептелдi.
“Атыңнан айналайын, Қарқаралы,
Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады…”
Әрине, жүрегiн ауыртқан жайларды жоғарғы жаққа жеткiздi, бiрақ сөзi далаға кеткендей болды, елдiң жағдайы жақсармады, керiсiнше, уақыт өткен сайын нашарлай түстi. Өйткенi қиындық тек Қарқаралының басына ғана үйiрiлген жоқ едi, Қаражал, Жәйрем, Кентау, Жаңатас кенiштерi де Қарағайлының кебiн кидi, жалақысын талап еткен кеншiлер, жұмысшылар ереуiл жасап, аштық жариялап, үкiметтiң есiн шығара бастады.
Көп ұзамай Жоғарғы Кеңес таратылды, депутаттар бос қалды. Басқалар сияқты Тоқтар да бiрер жыл жұмыссыз жүрдi. Алайда Елбасы ғарышкер батырды далаға тастамады, өзiне көмекшi етiп алды.
Ел жағдайы қиындай түстi. Үкiмет те бiрiнен соң бiрi ауысып жатыр. Президент Н.Назарбаев қаржы үнемдеу мақсатымен кейбiр облыстарды бiріне бiрiн қосып, өз бетiмен күн көре алмайтын аудандарды тарата бастады. Жабылған аудан орталықтары өндiрiс орындарын сақтау үшiн кенiштi қалаларға көшiрiлдi. Осы тұста Қарағанды облысының әкiмi П.Нефедов Қарқаралы, Егiндiбұлақ аудандарын бiрiктiрiп, Қарағайлыны орталық етпек болды. Бұған екi аудан халқы да наразылық бiлдiрдi. Алғашқысы болса Арқадағы ең көне шаһар, тарихи мекен. Ал, Егiндiбұлаққа бұл кезде Орта Жүздiң атақты биi Қаздауысты Қазыбектiң есiмi берiлген едi. Елiмiз тәуелсiздiкке ие болып, өлгенiмiз тiрiлiп, өшкенiмiз жанып жатқанда оның атын қалай аяқ асты етемiз? Бiрақ мұндай пiкiрлерге құлақ асар облыс әкiмi көрiнбедi. Сол кезде бiр топ адам Алматыға аттанды, Президент көмекшiсi боп жүрген Тоқтарға барды, Қарқаралыға араша сұрады. Бұл жолы ол жерлестерiнiң өтiнiшiн қанағаттандыруға көмектестi, қаланың аудан орталығы мәртебесiн сақтап қалуына қамқорлық жасады.
Сол қарсаңда Тоқтардың жасы елуге толған едi. Осы жөнiнде құлаққағыс жасаса туған елi дүрiлдетiп той жасайтыны белгiлi ғой. Бiрақ Батыр өйтпедi, жанұясын ертiп, “әкемнiң басына құран оқытамын “ деп елге келдi. Өз қаражатымен ауылдағы тойханаға дастархан жайғызды, әкесiнiң, марқұм болған туыстарының аруағына бағыштап құран аудартты, үлкендерге шапан, қыз-келiншектерге орамал үлестiрдi. Содан кейiн жиналған қауымға:
— Ал, ауылдас ағайындар. Елiмiз тәуелсiздiк тұғырына қонды, дiнiмiздi, тiлiмiздi, дiлiмiздi, салт-дәстүрiмiздi жаңартуға, дамытуға мүмкiндiк туды. Ендi бiр Аллаға сыйынып, имандылыққа бет бұрайық. Ауылдан мешiт ашыңыздар, мынау соған қосқан үлесiм болсын, — деп қалтасынан мың жарым доллар суырып бердi. Ел адамдары оның бұл ұсынысын құп алып, селодағы Тоқтар Әубәкiров атындағы көшенiң бойындағы кiтапхананың бұрынғы үйiн ғибадатханаға айналдырмақ болды.
Астана Арқа төрiндегi Ақмолаға ауысты, Президент әкiмшiлiгi, үкiмет, Парламент жаңа Елордаға көштi. Елбасының әуе iстерi жөнiндегi кеңесшiсі болғандықтан Тоқтар да Астанаға қоныс аударды. Есiл жағасынадағы бұл қала Алматыға қарағанда Қарқаралыға үш есе жақын. Елге үнемi аңсары ауып тұратын Батыр бұған дән риза едi.
Тоқсан тоғызыншы жылдың бесiншi шiлдесiнде бүкiл Қазақстан халқын шошындырған апат болды, Байқоңырдан ұшырылған “Протон” зымырантасығышы Қарқаралы ауданы үстiне құлады. Сол күнi кешқұрым қаланың терiстiгiнде қатты күн күркiрегендей болды, төңiректi көкшiл тұман басты, бiртүрлi көңiрсiк иiс қолқаны атып жүре бердi. Зымырантасығыштың бiр бөлiгi “Көктас” ауылының ортасына, Гагарин көшесiндегi 6-шы үйдiң ауласына гүрс етiптi. Бұл кезде үй иесi Ғалия Жүнiсова сыртта жүрген көрiнедi. Аспаннан құлап келе жатқан бiрдеңенi байқап, есiк алдында ойнап жүрген балаларына айқай салыпты. Олар тырым-тырақай қашады, сол кезде салмағы екi центнердей темiр түсiп, топырақты ойып жiберiптi. Зымырантасығыштың ендi бiр бөлiгi аудан орталығынан жиырма төрт шақырым жердегi, бұрын Мартбек Мамыраев кеңшарының бөлiмшесi болған Беталыс ауылының қасындағы көл шетiне құлапты, соның салдарынан бiраз жер өртенiптi.
Мұны естiп, Қарағандыдан, Алматыдан, Астанадан адамдар жеттi. Үкiмет жiберген комиссия құрамында премьер-министрдiң орынбасары А.Павлов, Президенттiң әуе iстерi жөнiндегi кеңесшiсi Тоқтар Әубәкiров, табиғи ресурстар мен қоршаған ортаны қорғау министрi С.Дәукеев, Жоғары бiлiм және ғылым министрi В. Школьник, республикамыздың мемлекеттiк санитарлық Бас дәрiгерi, Төтенше оқиғалар жөнiндегi комитеттiң жауапты қызметкерлерi, Қорғаныс министрлiгiнiң өкiлдерi бар. Байқоңырдағы әскери адамдар, Ресейдiң аэроғарыш жөнiндегi лауазым иелерi бұлардан кейiн жеттi.
Iздестiру барысында зымырантасығыш сынық-
тары таратылған Қазыбек би ауданының Қоянды ауылынан бастап Қарқаралы ауданындағы бұрынғы
Мартбек Мамыраев, “Қарқаралы”, Тоқтар Әубәкiров,
“Бесоба” шаруашылықтарының жерiне шашылып түскенi анықталды. Ресей жағы баяғы әнiне басып, “Протондағы” гептил атмосфера қабатында жанып кеткен, сынықтардың ешқандай зияны жоқ” деп бет бақтырмады. Ал Тоқтар болса шындықты жасырған жоқ, ең улы зат болып табылатын гептил топырақта, суда ұзақ уақыт сақталатынын, адамдардың, жан-жануардың, өсiмдiктердiң тiршiлiк етуiне өте зиянды екенiн айтып, бұл өңiрдi зерттеуге шет елдерден маман дәрiгерлер шақыру жөнiнде ұсыныс жасады.
Өзi Байқоңыр ғарыш айлағының қазақ даласына тигiзген кесапаты көп екенiн кейiнгi жылдары анық байқаған едi. Жезқазған аймағына талай зымыран құлапты, қыруар жердi үйткен тулақтай етiптi, миллиондаған киiк қырылыпты, өзендер мен көлдер суалыпты. Тоқтар әлемде ғарыш айлағы бiрнешеу екенiн бiледi, алайда олар сол елдердiң халқы, жерi үшiн қауiпсiз жерлерге орналастырылған. АҚШ-тағы Ванденберг, Канаверал, Уоллопс ғарыш айлақтары Калифорния, Флорида, Виргиния штаттарындағы қалтарыс өңiрлерде, Франция өзiнiң Хаммагир, Куру ғарыш айлақтарын Алжир мен Гвианадағы, Италия Сан-Марко ғарыш айлағын Кения жағалауына, Ұлыбритания болса Австралиядағы Зумераға салған. Ресей жерiнде де Плисецк, Капустин Яр сияқты ғарыш айлақтары бар, бiрақ олардан шығын Жер серiктерi, әскери мақсаттағы зымырандар ұшырылады, құласа Қазақстан жерiне түседi. Екi ауданның тұрғындары “Протонның” зардабын айқын сезiнуде. Адамдардың басы айналады, жүрегi лоблиды, тыныс тарылады, ұйқысы қашады, ескi сырқаттар қозады.
Қарап тұрсаң экологиялық саясат барша саясаттың iшiндегi ең сайқалы сияқты. Әйтпесе құрып бара жатқан Аралды қорғап қалу жөнiндегi қаншама жиын өткiзiлдi, көпiрме сөзде есеп жоқ. Теңiздi қалпына келтiру мақсатымен халықаралық қор да құрылды, қыруар қаржы жиналды, бiрақ оның арнасына құйылған су көрiнбейдi, қаражаттың қайда кеткенiн ешкiм бiлмейдi. Балқаш та соның кебiн киюге таяу, оны қорғап қалу жөнiнде де форумдар өтiп жатыр, қор құрылуда, қаражат бөлiнуде. Бiрақ үш кез төмендеп кеткен көл деңгейiн қалпына келтiруге жасалып жатқан әрекет жоқтың қасы, жиналған ақша құрдымға сiңiп жатыр.
Қазақстан жағы Байқоңырды Ресейге жиырма жылға жалға берiп, жыл сайын жүз он бес миллион доллар алуға келiскен едi. Ғарыш айлағын комерциялық мақсатқа пайдаланып, орасан пайдаға қарқ болып жүрген алып көршiмiз талай жыл өтсе де бiзге көк тиын берген жоқ. Үкiметiмiз “Протон” зымырантасығышының құлағанын пайдаланып, сол қарызды қайтаруды, апатты аймаққа моральдық өтемақы төлеудi талап еткен болды. Бiрақ Ресей жағы бұл жөнiнде ұзынарқау, кең тұсауға салып, “Мир” стансасына анау-мынау жеткiзу үшiн тағы зымыран жiберетiндерiн айтты..
“Күштiнiң арты диiрмен тартады” деген рас, сол жылы 27 қазанда “Протон” және ұшырылып, Жаңарқа ауданының орталығы Атасудан жиырма бес шақырым жердегi Ақтайлақ ауылының жанына құлады. Үкiмет жiберген комиссия құрамында ол жерге Тоқтар тағы келдi, өзiнiң анада айтқан сөзiне жоғарғы жақ онша мән бермегенiне қынжылыс бiлдiрдi. Чешен халқын қанға бояп жатқан Ресейдiң өкiлдерi апатты көре тұрып, бұл жолы да түк болмағандай жақауратты.
Тоқтар ғарышқа ұшқанда Қазақстан ауасының, жерiнiң, суының ластанғанын дәлелдейтiн бұлтартпас айғақтар жинап, Мәскеудегi энергоорталыққа тапсырған болатын. Жоғалып кетпей тұрғанда соларды республикаға аударсақ қане.
Табиғаттың жарасын жазу үшiн адамдардың санасын түземесе болмайды. Ақыл мансұқ, байлық мұрат болған заманда ар алжиды, ұят өледi. Үкiметтiң ынсапсыз басшысы Әкежан Қажыгелдиннiң iстегенi анау — iштi, жедi, шашты-төктi, ақыры миллиондаған долларды шет елдердiң банкiлерiне салып, қашып кеттi. Қыруар қаржыны қымқырып, бой тасалаған мықтылар жетiп артылады, ондайлар қақпанға түспейдi. Ақшаларын алысқа тығып тастап, миығынан күлiп жүргендер қаншама. Ұрлық-қарлық, парақорлық етек алды, сыбайлас жемқорлар қоғамды жегi құрттай жеп жатыр. Осылардың бәрi құдайды ұмытқандықтың, имансыздықтың белгiсi. Елбасымыздың киелi мекен Түркiстанды түлетуге, Әзiрет Сұлтан-Қожа Ахмет Яссауи кесенесiн қалпына келтiруге, Қара бура, Пiр Бекет басына келiстi күмбез тұрғызуға қамқорлық жасауы тегiн емес. Әулиелер жебесе Жер басып жүрген пенделердiң қолынан келмейтiн керемет болмайды. Бұдан сегiз жыл бұрын өзi ғарышқа сапар шеккенде Қорқыт баба қабiрiнiң бiр уыс топырағын тұмар ғып таға кеткенi есiнде. Жетi қат көкте пәледен сақтады, Жерге аман-сау қайтып оралған соң Байқоңырдағы музейге тапсырды. Ретi келгенде Қорқыттың басына барды. Ғарыш айлағынан онша қашықта емес екен, көне қыпшақтың жусанды жерiне, Тұранның төрiне жерленiптi. Басына қобызға ұқсатып кесене орнатыпты, желдi күнi күңiренген үн шығарады екен. Жарықтық ажалдан қашып, дүниенi кезген ғой. Мәңгi жасайтын күйлерiмен өлiмдi жеңген сияқты. Тоқтар да ғарыш төрiне өлмес өмiр дастанын жазып қайтқан жоқ па?!
Аруақты қатты сыйлайтын ғарыш батыры Ақжолдың қасындағы қорымда жатқан әкесiнiң басына құлпытас орнатуға ниет еттi. Соғыстан кейiн көз жұмған Әбекеңе арнап кезiнде там соғуға, көктас орнатуға жағдай болды ма? Бұл кезде анасы Қамия да, шешесiндей болған апасы Бикен де бақилық болған. Жаңағы ойын айтып едi, Темiртаудағы қартайған жездесi Нығмет, Алматыдағы апасы Зүлпiн сөзге келмей құптады. Елдегi ағайындар да қош көрдi, қолдан келгенше көмектесетiндерiн айтты.
Сонымен тоқсан тоғызыншы жылдың тамыз айында жұбайы Татьянаны, Америкада оқу бiтiрiп, Алматыда қызмет iстеп жүрген үлкен ұлы Тимурды, Лондонда оқып жүрген кiшi ұлы Михаилды, жездесi Нығметтi, апасы Зүлпiндi ерткен Тоқтар елге келдi. “Ердiң қадiрiн ер бiлер, есалаң не бiлер” дейдi ғой бұрынғылар. Құдайға шүкiр, ел iшiнен батырды бағалай бiлетiн жомарт жүректi, қолы ашық азаматтар табылды. Ақжол ауылындағы шаруа қожалықтарының жетекшiлерi Тұрар Ахметшин, Тоқтарбек Ахметов, Самал Едiлбаев, сонымен бiрге Тоқтар Әубәкiров атындағы, “Қарқаралы”, Қасым Аманжолов атындағы, Қайнарбұлақ, Матақ шаруа қожалықтарының жетекшiлерi Дәулет Мақышев, Ерслан Ахметшин, Қайрат Жантөрин, Разақ Әлин, Ниқанбай Омарханов қол ұшын бердi. Тоқтар өзi жасатып әкелген құлпытасты әкесiнiң басына орнатты. Оның бетiне:
“Өртенiп қазақ үшiн намысқа да,
Қосылдым ұлы дүбiр жарысқа да.
Бiр уыс топырағыңды, туған жерiм,
Өзiммен алып бардым ғарышқа да.
* * *
Елеңдеймiн бабалардың шерлi үнi,
Құлағыма жеткендей боп кей күнi.
Сол асылдар аруағына бас иiп,
Ескерткiш қып қойдым осы белгiнi,” деген өлең жолдары қашалып, аяғына Т.Әубәкiров, 1999 ж.” деп жазылыпты.
Ас беру рәсiмiне аудан басшылары, Тоқтардың Қарағандыда, Темiртауда, Қарқаралыда тұратын туыстары мен жора-жолдастары қатысты.
Жұмыр Жердi мекендеген барша адамзатпен бiрге Қазақстан халқы да жиырма бiрiншi ғасырдың табалдырығынан аттап, үшiншi мыңжылдыққа қадам басты. Алмағайып оқиғаларға толы жиырмасыншы ғасыр үлкен өкiнiштерi мен бiрге ғаламат iстерiмен тарих қоймасына көштi. Халықаралық Абылайхан қоры, қазақтың тарихи-мәдени ескерткiштерiн қорғау және “Алтын адам” қорлары Қазақстан тарихы негiзiнде “Мыңжылдық саңлағы”, “Ғасыр саңлағы” шараларын өткiзiп, есiмдерi мәңгi есте қалуға тиiс ұлы тұлғаларды анықтады. Жиырмасыншы ғасырдың саңлақтары ретiнде он адам iрiктелдi. Олар: Алаш көсемдерi Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, дүлдiл күйшi Дина Нүрпейiсова, заңғар жазушы Мұхтар Әуезов, iрi ғалым Қаныш Сәтбаев, кемеңгер басшы Дiнмұхамед Қонаев, аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлы, тұңғыш Президентiмiз Нұрсұлтан Назарбаев, ақиық ақын Олжас Сүлейменов, қазақтың тұңғыш ғарышкерi Тоқтар Әубәкiров.
Амандық болса Шота Уәлиханов бастаған сәулетшiлерiмiз саңлақтарға арналған, мәңгi мызғымайтын зәулiм ескерткiш орнатпақшы. Оны келесi ұрпақтар тамашалап, мақтаныш ететiнi белгiлi. Елiмiз бұларды ғана емес, сонау сақтар дәуiрiнде парсыларға қарсы күрескен белгiсiз батырлардың бiрi Алтын киiмдi адамға да, Қыпшақ заманында Мысырды билеп, аузына қаратқан бабамыз Бейбарыс сұлтанға да тамаша белгi орнатты, елiмiздi жоңғар шапқыншыларынан қорғап, жерiмiздi қалмақтардан тазартқан Қабанбай батырдың басына күмбез тұрғызды.
Мұның бәрi тапшылық кезде артық шашылуға жатпайды, тәуелсiздiкке қолы жеткен елдiң кезек күттiрмейтiн келелi iстерiнiң бiрi есептi. Отаршылар үш жүз жыл бодан болған қазақты мал бағудан басқаны бiлмейтiн, кең далада жел айдаған қаңбақша ерсiлi-қарсылы көшуден басқа кәсiбi болмаған, тарихы тұл, жабайы түземдiк санап, кемсiтiп ұстаған жоқ па? Ұлыларымызды ұмыттыруды, iрiлерiмiздi құртып отыруды көздедi. Ендi шетелдiк қонақтарға “бiздерде мынандайлар болған, анандайлар бар” деп таныстырып тұрсақ мәртебемiз биiктей түсерi хақ.
7
Екi мыңыншы жылдың жазында Тоқтар туған топырағына табанын тағы тигiздi. Елдiң жалпы жағдайы өзiне бұрыннан мәлiм — Қарқаралы ауданы әлеуметтiк-экономикалық жағынан артта қалғандардың қатарында. Бiрақ өндiрiсi мен шаруашылығы төрт аяғынан тұралаған бұл өңiрдiң еңсесiн көтеруге үкiмет тарапынан көрсетiлiп жатқан көмек жоқтың қасы. Қарағайлы кенiшi оңалмай-ақ қойды. Жекешелендiрiлген ауылдар азып-тозды. Күн көрiсi қиындаған халық амалсыз кәсiп iздеп, Қарағанды жаққа үдере көшiп жатыр. Бос қалған үйлер, шаңырағы ортасына түскен үлкен ғимараттар әр жерде ұшырайды. Тың игеру кезiнде тоқсан жолдың торабы боп табылатын Көктаста аумағы ат шаптырым астық қоймасы салынған едi. Оған аудан шаруашылықтарының жартысы өз өнiмдерiн тапсыратын. Ендi соның iрге тасы ғана қалыпты. Айналасына егiлген ағаштар сол қазынаны жоқтап, шашын жайып жылап тұрған тәрiздi.
Көктастың үстiнен баяғыда Тоқтарды елiктiретiн моноплан мен биплан ұшпағалы қай заман. Билет құны аспандап, жанармай болмағандықтан үлкен әуежайлар жұмысын тоқтатып жатқанда Жаңанегiз жанындағы жабайы ұшу алаңын кiм жоқтайды? Анадайдан атой берiп тұратын ақ үйлерiнiң орны да қалмапты.
Айтқандайын кiшкентай ұшақтардың бiрiнiң моторы РТС-тағы шеберхананың ауласына жетедi. Ешкiм керек қылмаған соң Жарлыда тұратын бiр киномеханик осындағы шеберлерге жөндетiп, аэрошана жасап алады. Сөйтiп ол маңайдағы ауылдардың мазасын кетiрiп жүрген қасқырлардың бiразын қырады.
Тоқсаныншы жылдардың басында Тоқтар өзiнiң атындағы ауылға барғанда көптеген игiлiктi iстердi көрiп, тәнтi болған едi. Бертiнде оның да берекесi кеттi-суармалы алқаптардағы жаңбырлатқыштар жылан жалағандай тоналыпты, фермалар тарап кетiптi, мал қоралары бұзылыпты.
Қарқаралы қаласы да Қарағайлы жұмысшы поселкесiнiң кебiн кие бастапты. Көне шаһардың төрiнде патша өкiметi кезiнде Халық үйi аталған, тарихи оқиғаларды көрген, Кеңес өкiметi жылдарында Мәдениет үйi болған, қабырғасында колхоз театры, Халық театры, “Салтанат” ән-би ансамблi дүниеге келген еңселi ағаш құжыра аңғал-саңғал боп, құлағалы тұр. Көршiлес аудандарға да механизатор кадрларын даярлап берген селолық кәсiптiк-техникалық училишенiң оқу корпусы мен жатақханасы, үш қабатты емхана, қырық сегiз пәтерлiк төрт қабатты тұрғын үй, қос қабатты бiрнеше үй талқаны шыққан, бос қалған мектеп-интернат бұзыла бастапты.
Ауданның бұрыңғы әкiмінің орнына “Бақты” кеңшарына директор болған, аудандық ауыл шаруашылық басқармасының көлiк жағын басқарған, кейiнгi кезде Матақ корпорациясының құлағын ұстап жүрген Ниқанбай Иманғалиұлы Омарханов қойылыпты. Осы сапарында Тоқтар онымен ел жайын әңгiме етті.
— Тақыр жерге дән сепкендей, барлығын қайтадан бастауға тура келiп тұр,-дедi ол қынжыла сөйлеп.-Қаусаған дүниелердi көргенде iшiң удай ашиды, не iстерiңдi бiлмейсiң.. Әкiмнiң орынтағына жайғасқанда қолға алдымен алған iсiм-бүкiл аудандағы бiлiмнiң қара шаңырағы есептi қаладағы №1 қазақ орта мектебiнiң ескi ғимаратын сақтап қалу болды. Оның түлектерiнiң iшiнен республикаға белгiлi талай адам шықты ғой. Сөйткен екi қабатты ақ үйдiң есiк-терезелерi тонала бастапты. Өзiнiң қабырғасы ерен берiк едi, шахтерлердiң қопару балғасынан басқа құралдың тiсi батпайтын . Құламай тұруына ол да бiр себеп сияқты. Қала әкiмi мен аудандық оқу бөлiмiнiң меңгерушiсiн шақырып алып, сол ғимаратты қалпына келтiрудi, интернат-пансионатқа айналдыруды талап еттiм. Iске күнбе-күн басшылық жасап, бақылау жасап отырсын деген оймен оқу бөлiмiнiң кеңсесiн соның бiр жағына көшiрттiм.
Ниқан өзi әкiм болғаннан берi өткен аз уақыттың iшiнде атқарылған жұмыстарды баяндады. Басқа жерде жабылған кейбiр интернат, балабақша қайта ашылыпты, мектептер жөнделiптi, қаланың желкесiндегi иесiз қалған “Ну қарағай” (Сосновый бор) санаториi қайыра iске қосылды, адам қабылдай бастапты. Жергiлiктi жаңалықтарды жұртшылыққа дер кезiнде жеткiзiп тұратын телехабар ұйымдастырыпты.
— Бiрдеңенi iстейтiн де, бүлдiретiн де адамдар ғой,-дедi оны ықыласпен тындаған Тоқтар.
8
2004 жылы Сарыарқадағы көне шаһардың бірі Қарқаралының іргесі қаланғанына 180 жыл толу тойы өткізілетін болды. Дайындық жыл басында қолға алынды, оған облыстық әкімдік бас-көз болды. Әрине, оған қыруар қаржы керек еді, бұл жағынан Қарағандыдағы кәсіпорындар, қалталы азаматтар, аудандағы шаруа қожалықтары қол ұшын берді. Соның нәтижесінде Даңқ галереясы жасалды, оған қазақтың әйгілі үш биінің бірі Қаздауысты Қазыбектен бастап Қарқаралы өңірінен шыққан атақты адамдардың бейнелері орналасты, соның бірі Тоқтар еді. Ортаға Астанадағы «Бәйтеректің» шағын нұсқасы қойылды, көшелерге әшекейлі қоршаулар орнатылды, ағаштар егілді, жолдар жөнделді, жарық тартылды.
Тамыздың аяқ шеңінде Үлкенкөл басына ою-өрнегі келісті елу шақты киіз үй тігілді. Әрісі Алматы мен Астанадан, берісі Қарағанды мен көршілес облыстардан көптеген қонақтар келді, жан-жақтағы аудандардан, ауылдардан қыруар адам жиналды. Ұзын саны он екі мыңнан асқан халық әуелі қала ортасындағы стадионда болған салтанатты жиынға қатысып, театрландырылған үлкен көріністі тамашалады.
Түстен кейін Үлкенкөл басында палуандар белдесті, тоқ бәйге, аламан бәйге болды. Жиналған жұрт әр үйде жайылған дастарханнан дәм татты, көп қызыққа кенеліп, Күн бата қайтты.
Қарқаралыда өткен үлкенді-кішілі думаннан шет қалмайтын Тоқтар бұл жолы көрінбеді. Өйткені бұл кезде Парламент Мәжілісі сайлауына дайындық қызу жүріп жатқан еді. Оның ерекше өтетіні әу басында белгілі болған. Алдын ала «Сайлау туралы» заңға өзгеріс енгізілді, электронды дауыс беру тәртібі қолданылатын болды, сайлаушылардың жеке бас құжатына штрих-код жасалды. Мұның өзі ел ішінде үлкен дау-дамай туғызды, гу-гу сөз жүрді. «Төрт жарым миллиард теңгені желге ұшырып, шет елден дауыс беретін, бір-ақ рет қолданылатын компьютер сатып алудың керегі не, оған кеткен ақшаны тұрмысы төмен отбасыларға үлестірген жөн емес пе?» деушілер көбейді. Енді біреулер «бізді тауарға ұқсатып, басқұжатымызға штрих-код жапсырғаны несі?» деп тулады. «Билік басындағылар бұларды өз адамдарын өткізу үшін әдейі істеп отыр» деушілер де табылды.
Сөйтіп, сайлау додасы басталды. Қазақстандағы тіркеуден өткен он екі партия Парламентке өз өкілдерін кіргізу мақсатымен үгітті үдетті, пікірсайысқа түсті, қайсыбірі өзара қосылып, күш біріктірді. Оппозициялық партиялар сайлау әділ өтпесе саяси науқанға қатыспаймыз деп қыр көрсетті. Тегі «үндемеген үйдей пәледен құтылады» деген нақылды ұстанса керек, билік жағы тым-тырыс болды.
Үміткерлер тіркелуде, бірқатары партиялық тізіммен, басым көпшілігі өзін-өзі ұсынумен санатқа кірді. Қарқаралы, Бұқар жырау, Нұра, Осакаров аудандары мен Сораң қаласын қамтитын №44 Бұқар жырау сайлау округі бойынша Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттар саны он төртке жетті. Бесеуі бұрынғы депутаттар, сайлау додасына қосылуға ниет білдірген басқалар да ығай мен сығай деуге тұрарлық.
Осы тұста ғарыш батыры да Қызылорда жақта бақ сынамақшы болғаны белгілі болды. Соны білген қарғандылық газеттің бір тілшісі оған:
— Тоқтар аға, сайлауға өз облысымыздан неге түспейсіз? – деп сұрақ қойды. Оған атақты жерлесі:
— Сайлауға Қарағанды жақтан түссем ағайындарым жерге қаратпайтынына сенемін, алайда мен Рауан інімнің жолын кескім келмейді, өзге жақтан да өтемін ғой, — деп жауап берді.
Әрине, ол бұл сөзді әншейін айта салған жоқ еді. Бұрын Қарағандыдағы «Азия-центр» концернін басқарған Рауан Шаекин Мәжіліс депутаты болған уақыт ішінде сайлаушыларының үмітін ақтай білді, жағдайы төмен адамдарға, білім, денсаулық мекемелеріне, мәдени-көпшілік шаралар өткізуге қаржылай қыруар көмек жасады, сол үшін «Атымтай жомарт» атанды. Сонымен бірге туған қаласын дамытуға көп күш салды, Мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбайдан бастап Амангелді Айталы тәрізді аузы дуалы депутаттарды ертіп әкеліп, көне шаһардың жай-күйімен таныстырды. Нәтижесінде тұрғындарды қинап жүрген ауызсу, аурухана кешенін салу мәселесі шешілді. Осындай еңбектері үшін Елбасының жарлығымен «Шапағат» орденіне ие болған Рауанның депутат ретінде әлі талай іс тындыратынына көзі жеткен еді.
Сонымен Тоқтар Әубәкіров Мәжіліс депутаттығына үміткерлікке өзін-өзі ұсынып, Қызылорда қаласындағы №44 сайлау округінде дауысқа түсуге тіркелді. Сол кезде оған «Жас Алаш» газетінің тілшісі кездесіп:
— Сіз өзіңіз туып-өскен өңірде дауысқа түспей, бұл жаққа неге келдіңіз? – деп тиісті.
— Қарағым, маған қазақ даласының қай пұшпағы болса да жат емес, ал Қызылорда өзіме етене жақын, өйткені мен ғарышқа ұшқан Байқоңыр соның іргесінде ғой. Жауапты жолға аттанарда бұл облыс тұрғындары туыстарым тәрізді тайлы-таяғымен жиналып, аман-есен оралуыма тілек білдірген болатын, — деп Тоқтар оған дәйекті жауап қайырған еді.
Сөйтіп республикадағы бір мандатты 67 сайлау округі бойынша 681 үміткер тіркелді, бір орынға таласушылар саны жиырмадан асты. Дау-дамай әсер етсе керек, электронды сайлау жүйесі Алматы мен Астанада кейбір облыс орталығында ғана қолданылатын болды. Жарнамалар жаңбырша жауды, үнқағаздардың бетін түрлі үндеулер басты, көгілдір экранда кандидаттар кезек-кезек көлбеңдеді, партиялар бірін- бірі іреп-сойды. Ал Тоқтар даңғазадан бойын аулақ ұстады, дегенмен Қарқаралы қаласының тойы кезінде Қызылордада сайлаушылармен кездесу өткізіп жүрген болатын. Қыркүйектің он тоғызында алғашқы айналым жасалды, үш күн өткенде Мәжіліс депутаттығына 45 адам өткені анықталды, басқалар сияқты Тоқтар да, Рауан да бұл жолы қажетті дауыс жинай алмады. Қазақстан бойынша 23 округте қайта сайлау өтетін болды, олардың ішінде №44, №40 сайлау округтері де бар еді. Алдыңғысы бойынша өзін өзі ұсынған Тоқтар Әубакіров пен «Отан» партиясының өкілі Қожахмет Баймаханов, екіншісі бойынша Рауан Шаекин мен Осакаров ауданының әкімі Абдолла Төребеков бақ сынасатын болды.
Қазанның үші күні қайыра сайлау өтті, қарқаралылық екі азамат мәреге жетті, бұлардың тілеуін тілеген елдің қуанышында шек жоқ.
Мәжілістің алғашқы сессиясында жаңа төраға сайланатын болды, депутаттар бұл орынға төрт адам ұсынды. Сол кезде Амангелді Айталы, Тоқтар Әубәкіров, Мұхтар Шаханов Мәжіліс төрағасы мемлекеттік тілді білетін адам болуы керек деген талап қойды. Үш үміткер дауысқа түсуден амалсыз бас тартты. Сөйтіп Орал Байғонысұлы Мұхамеджанов спикер болды.
Өкінішке қарай оның орынбасарлығына басқалардың қарсылығына қарамастан қазақша білмейтін Сергей Дъяченко өтті, комитет төрағаларын сайлағанда да солай болды. Мұның себебі Мәжіліс депуттатарының 61-і өз қандастарымыз болғанымен көбісі ана тілінен мақрұм еді. Оның бер жағында сайлаушылардың сауатсыздығынан қазақ тіліне қарсы болған халық қалаулылары депутаттық мандатқа қайта ие болды.
Ал көзі қарақты қауым жерді сатқан, елді сатқан бұрынғы Парламентті ұнатпаушы еді. Мәжілісмендердің «Жер кодексін» қолдағаны ата-бабаларымыз ғасырлар бойы білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап келген ұлан байтақ даламызды сатуға қол көтергендері белгілі. Сол даланы мекендеген қазақ ұлтының елдік белгісі шешен тілі болса, олар соған қарсы шықты. Халықтың қамын жегенсіп, қамқорсып көлгірситін шіркіндер тілін білмейтін жұрттың мұңын мұңдап, жырын жырлай ма? Өйтпек түгілі, шынтуайтына келгенде, қазақтардың жер басып жүруін қаламайтын шығар.
Сенатор жазушы Әбіш Кекілбайұлының сөзіне қарағанда министрлеріміздің сексен пайызы мемлекеттік тілді меңгермепті. Сонда көкейіндегі ойын Қаздауысты Қазыбекше қазып шығаруға қауқары жетпейтін, көмейіндегі сөзін қаумалаған қауымнаң жетесіне жеткізіп, өңменінен өткізіп, ана тілінде айта алмайтын көсемсымақтар бұқараны соңынан қалай ертеді?
Осыларды пайымдаған Тоқтар қатты толғаныс үстінде. Бір кездері елден жиырма жылдай жырақта, жат ортада жүріп, қазақшаны ұмыта жаздағаны рас. Алайда Қазақстанға қайтып оралған соң бұл олқылықтың орнын тез толтырды. Жаһандану дейтін жалмауыздың жалына жармасқан, сұрқы жаман, сұрқия заман мынау. Мәңгүрттердің еркіне салсақ жұмырына жұқ болмай, жұтылып кетеміз. Мұндай қатердің де жолын кесуге болады. Өйткені ел мүддесін кірпік қақпай бағып, Тоқтар және оның үзеңгілестері отыр емес пе?!
Сапарғали
ЛӘМБЕКҰЛЫ
Тасмейірлер құрбаны (әңгіме)
Ноя 10, 2024 0 6 302
ШЕШЕНДІК ӨНЕР – ҰЛТТЫҚ АСЫЛ ҚАЗЫНА
Сен 24, 2020 0 23 410
Алматы қаласының экологиялық проблемалары
Окт 15, 2018 0 28 387
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ МӘДЕНИ САЯСАТ ЖӘНЕ ҚАЛЫПТАСУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Авг 19, 2018 0 27 672
АБАЙ — АРУ ТОҒЖАН
Авг 29, 2020 0 6 770
ТАҒДЫР (ақын-жазушылардың өмір тарихтары)
Ноя 10, 2024 0 42
ҚҰСШЫ БЕГАЛЫНЫҢ ӘҢГІМЕСІ
Ноя 10, 2024 0 51
ӘЙТЕКЕ БИ (бір деректің баяны)
Ноя 10, 2024 0 50
Үміт сəуле жылт етші…
Ноя 10, 2024 0 74
РЕВОЛЮЦИЯ ҰЛАНДАРЫ
Ноя 10, 2024 0 55
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.