ІЗГІЛІК ІЗДЕРІ
17.05.2021 0 2 027
Көпен ӘМІРБЕК,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері
Үмбетбай Уайдиннің 85 жасқа толуына орай сықақшымен
көзі тірісінде алынған сыр-сұқбат
Басы №1, №2, №3, №4 сандарда
* * *
– Таныстың ғой?
– Таныстым. Шырғалаң көретіндей шы-ғармаға жатпайды. Бірақ бір байқағаным – цитат көп.
– Дұрыс. Ол – амал. Қағазға түскен ойды баспасөзге өткізудің, халыққа жеткізудің амалы. Тағы?
– «Ұлы» деген сөзге үйірсек емес сияқты едіңіз?
– Ол да – амал.
– «Адамның бойында бір пайыз қабілет, қалғаны еңбектің арқасында келеді» деген қағиданы кім меңзегенін қайдам, әйтеуір жадымда жаттаулы. Баяғыда имандай сенетін ем, қазір бұл «теорияңызға» күдік келтіре бастадым. «Неге?» – дейсіз бе?
Тақымын жаздырмай «таққа» отырғызып қойсаңыз кез келген ақын әкім бола алады. Бірақ кез келген әкім ақын бола алмайды. Өйткені ақындық, өнерпаздық – Құдайдың қуатымен пенденің бойына даритын үлкен қасиет. Коньки, велосипед тебуді, әкім болуды үйрену оп-оңай. Ал алты Алашты аузыңа қаратып өлең жазуды Құдай дарытпаса, мың жерден жүгіргенмен үйренуің қиын. Соны білген бабаларымыз:
Жақсыдан жаман туса да,
Жаманнан жақсы туса да,
Тартпай қоймас негізге! – деп бекер жырламаған. Қайта айналып қалыбына барасың. Оспанхан, Сайын, Есенжол ағаларымыз Құрманғазы атындағы консерваторияда оқығанымен әртіс боп кеткен жоқ, қазақ әдебиетінің қаламгерлерін толықтырды. Шәмші Қалдаяқов жоғары оқу орнын бітірмей-ақ Шәмші боп қалған жоқ па? Атақты суретші Әбілхан Қастеев оқу оқымаса да «Сурет салуды таудың бұлағынан, қойдың құлағынан, апамның киізінен, ешкінің мүйізінен үйрендім», – деп ағынан жарылған.
Сықақ жазуды біреуден үйрендіңіз бе? Әлде әлдекімге еліктеп жаздыңыз ба? «Тіпті де олай емес, Құдайдың берген қасиеті!» – дейсіз бе?
– Еліктеу-солықтау, үйрену, әлдекімдерге ұқсауға тырысу – өнер жолының бастапқы кезінде әркімнің де басында болатын табиғи жағдай. Үйрену әркімнің өзімен өмір бойы жүре береді де, еліктеу-солықтау біртіндеп қалып, әркім түптің-түбінде өнер-өлеңнен өзін табады. Мен әдебиет пен журналистиканың әр жанрында қалам тартып келемін. Ғылымға үлес қосу мәселесінен де дәмем болды. Соның бәрінен сатира жанрында көбірек көріндім. Жұртымның мені «сатирик» атап кетуі содан болар. Ал енді, ешқашан еш жерде «сатирикпін» деп, мен өзімді дардай қылған адам емеспін. Жазған-сызғандарыма «сықақшы» деп, «сати¬рик» дегенді тіркеп жүргендер көбіне-көп редакциядағы ағайындар. Бойымда сықақшылық қабілет бар ма, жоқ па, білмеймін. Олай дейтінім, әр кезде алдымнан әр түрлі әңгіме шықты.
Мен мұрағат (архив) жинайтын адаммын. Онда әр кезде әркімдердің аузымен айтылған жүздеген тілдей хаттар да кездеседі. Қажетсінсең, сүңгіп шығуыңа болады. Сол тілдей қағаздардың бірі:
«Бір қарағанда сатирик-жазушыға ұқсамайсыз. Тау қозғалса қозғалмайтын, өте сабырлы ағайсыз. Сатира жазуыңызға өміріңізде алғаш әсер еткен оқиға болды ма?» – дейді.
Қай кезде де кішкентайларға әлімжеттік жасайтындар көп қой. «Кішкентай болған соң маған да әркімдер тиісті. Әлім жетпегендерді қашып бара жатып тіліммен шақтым. Сықақ деген өнерге көбірек үйірсек болсам, оған, бәлкім, сол жағдайлар себеп болған шығар», – деп, әлгі сауал-сұрақ қойғандарға осылай қалжыңдап жауап қайтарып жүрдім. Бұл – бергі жағым. Арғы жағымдағы ойым басқаша.
Сауал-сұрағының бет-ажарына қара-ғанда әлгіндей сұрақ қоюшы әзіл-сықақ жазатындар не болса соны айтып, ыржалақтап күле беретін жеңілтек, қылжақбас біреулерге ұқсататын сияқты. Бір ойым осы. Жоқ әлде: «кешірерсіз, аға, сіз сатирик емессіз» деген тұспал ма екен. Сұрақ сондай ретпен қойылса, онда ол мені сықақшы деп мойындамағаны ғой. Мойындау, мойындамау, әрине, әркімнің өз еркі.
Ертеректе теледидарға түсірудің ретімен ғой деймін, «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясына бірнеше сықақшы бас қостық. Шона, Оспанхан және мен – үшеуміз бір кабинетте отыр едік, ішіп алған бір мұртты қазақ жігіті ішке еліріп кіріп келді. Кіріп келді де: «сатирик емессің» деп Шөкеңе тиісті. Маған бір қарап: «нағыз сатирик ана Оспанхан», – деді. Сол кезде Оспанхан: «Кет, әй, әкең… сен өзің кімсің?!» – деп гүр ете қалып еді, әлгінің арыны басылып қалды.
Есіңде ме, Еркіннің келін түсіру тойында сен, мен, тағы бірнеше қаламдас қатар отырып қалдық. Маған жалғас әркімге бір ұрынып, ара-тұра «сіз сатирик емессіз. Көпен, во-о, нағыз сатирик» деп, мұрны шулаған әнебір өңкиген қара отырды. Ол сүйдегенде сен Оспанхан сияқты бүйдеген жоқсың. Қайта ананың бетіне сүйсініп қарап, аузынан тағы да, тағы да «бірдемелер» дәметкен сияқтандың.
Мүмкін, сен маған солай көрінген шығарсың. Ал мүмкін, сен дастарханның құрметі үшін тіліңді тістеп отырған шығарсың. Қалай десек те, сен Оспанхандай мінез танытпадың.
Бұл сауал-сұрағыңның ретіне қарай, жолшыбай кайырылғаным.
Айтпағым, біреу мойындағанды біреу мойындамайды. Жалпыхалықтық мойындау – сирек құбылыс. Абайды алғаш танытқандардың бірі – Әлихан Бөкейханов!
Жалпы, осы сен қойып отырған сауал-сұрақ менің алдымнан жиі шығады. Бұл сауал-сұрақты кейде айналып өтемін, кейде қалжыңға бұрып жіберемін.
Біздің жақта (бұрында да аузымыздан шықты), «Сығайдың сықағынан сақтан» деген әңгіме бар. Сығай менің бабам, өзімнен санағанда бесінші атам. «Сатирик», «сықақшы» атануыма қарағанда, кім біледі, бойымда сол бабамнан бірдеме бар шығар.
Студент кезімізде жастар бір-біріне жаңа туындыларын оқитын.
Дүйсенбек Қанатбаев, Марат Отарәлиев (марқұм), Төлен Әбдіков, тағы бірнеше студент сол дағдымыз бойынша бір күні жаңа шығармаларымызды оқыдың. Менің бір сықағымда «Ақ кепканың астындағы қайран қара бас-ай» деген жол бар еді. Төкең (Төлен) сол жолды қайталай берді. Сәлден соң Төкең «меніңше, сен, Үке, лирикадан гөрі сын-сықаққа бейім сияқтысың», – деді. Сол жылы сөз түрткі болды ма, әлде Темірбек Қожакеев ұстазымыз беретін сатира сабағы қозғау болды ма, әйтеуір сатира жағына көбірек мойын бұрғаным рас. Қожакеев ұстаз бірде, аудиторияда, менің бір фельетонымды талдап, жылы пікір айтты. Мүмкін, сол жылы сөз мені қанаттандырды ма, кім біледі. Мейлі, біреу мойындап, біреу мойындамасын, әйтеуір қазақ сатирасы сарбаздарының ішінде келе жатқаным рас. Ал сен өзің қалай ойлайсың, мен сатирикпін бе, жоқ па? Қазақ сатирасы сарбаздарының арасында келе жатқаным рас болса, мас болып шалқасынан түскен ана бұрынғы мәдениет «қайраткері» сөйдегенде сен: «Кет, әй, шешең… жұртты арандатпай жайыңа отыр!» – деп… неге айтпадың?
– Әркімнің сөйлеу мәнері әрқилы. Әңгіме жыбырлап немесе сыбырлап, әйтпесе күбі піскендей күрпілдетіп сөйлеуде ме? Жоқ, ә! Мағынада, мазмұнда. Ой байлығы мол болса да қайсыбір қаламгерлеріміз «жекешелендіріп» алғандай бір-екі меншікті сөзін жиі-жиі қайталайтыны несі? Мысалы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, сыншы Зейнолла Серікқалиев марқұм ауызекі әңгімесінде «сосын» деген сөзді ауық-ауық қыстырып отырмаса арқасы қозбайтын. Халық әртісі Әзірбайжан Мәмбетовтің «идиотына» күллі әргістің құлағы үйренген. «Ақырға тартсаң, тақырға қашқан, идиот!» – деп зекиді. «Идиот!» – деп ұрсады. «Идиот!» – деп еркелетеді. Жазушылардың жартысы «жаңағы» деген жетім сөзге әуес. Сіздің жиі қайталайтын «соқырішек» сөзіңіз қайсы?
– Біздің «айналайын қайнаға» атанып кеткен бір атамыз болды. Олай аталуының себебі, атамыздың екі сөзінің бірі «айналайын»-тұғын. Елпілдеген, жаны жайсаң адам еді.
Атаны қайталағаным емес, бірақ осы «айналайын» мен «әумин» менің аузымнан жиі ұшады. Бір жазғанынан көзіме түсті – жас журналист Жұлдыз Әбділдә шәкірт соны аңғарып қалыпты. «Жекешелендіріп» алған немесе жиі қайталана беретін басқа сөзді есіме түсіре алмаймын. Байқаған, яғни тыңдаушыны мезі қылатын сөзім құлағыңа тисе, өзің айт.
Сөз қайталау немесе қыстырма сөздер ойдың ажарына нұқсан келтіреді. Ертеректе жазған «Сөз мәдениеті – өз мәдениетің» деген мақаламда және шешендік өнерімен байланыстырылған, бас тақырыбы «Сұхбат немесе әңгіме-дүкен әдебі» деп аталатын лекциямда мен бұл мәселеге біршама қайырылдым. Көзіңе түспеген, құлағыңа тимеген шығар. Қажетсінсең, тауып беруіме болады. Әрі кеттік.
– Үмбетбай аға, сұры жаман сұрақты да, самалдай ескен сауалды да өзіңізге қойдық. Ендігі әңгіменің бағытын Сізге қарай емес, Сөзге қарай бұрсак қайтеді?
Сөз!
Сен жарқылдаған алмас қылышсың.
Сөз!
Сен «ақ итсің, көк итсің». Ренжіме, Сөз! Себебі бабаларымыз бейпілауызды «аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығады» деуі бекер ме?
Сөз!
Сен – сиқырсың, арбайсың да алдайсың. Арқалы ақын Владимир Маяковский бір өлеңінде найзағайдай жарқылдап: «Ей, қара аспан, қалпағыңды шешіп тұр, мен келе жатырмын», – деген екен. Рас-ay, қазақтың қара сөзінің алдында түйсігі мен түсінігі бар адамның барлығы иіліп, тәжім етуі тиіс. Өйткені, «тасты да, басты да жаратын қызыл тілдің» қаһарлы қаруы – сөз ғой. Сөзі өлгеннен гөрі өзі өлгенді артық санайтын халқымның қадірлі әңгімелерін көп естідік. Журналистік сапармен ел ішіндегі елеусіз аузы дуалы айтқыштардың қалжың, қағытпаларын құлағымызға құйып алуға үлгере алмай жүрдік. Езуің екі құлағыңның түбін қытықтап, өзің ғана мәз болғанда не пайда? Жұрт та сусындасын. Тәуекел, «өз бидайын өзіне қуырып берді» деп, ешкім сөге қоймас, халық айтқан қазыналы сөздерді жинақтап, қоржынға салып, халықтың өзіне қайтарсақ несі айып, Үмбеке? Асықтай шашылған асыл ой, семсердей сөз, оқыс оқиғаларды қойын кітапшаңыздан суырып, оқырмандар алдына тері жайғандай жайып тастасақ қайтеді, аға? Саяси-сатиралык «Ара» журналыңда көп жарияланған «Шолақ мылтығыңыздың» желісі қайдан туды?
– Есіңде бар ма, жоқ па, жетпісінші-сексенінші жылдары «Ара-Шмельде» «Шолақ мылтық» айдарымен қысқа әзіл-сықақ әңгімелер үзбей басылып тұрды ғой. Ол айдар әуелгіде кімнің аузынан шыққаны менің жадымда жоқ. Сол айдарды қақ шекесіне қойып, мен кейінірек бірталай қысқа әзіл-сықақ дүниелерімді «іске» асырдым. Кітаптарыма да енді. Ел аузынан естігендерім бар, өз жанымнан шығарғандарым бар – өмір бойы жинаған майда-шүйде әңгімелерім қазір үлкен бір кітап. Аты – «Шолақ мылтық».
Шөкең де (Шона ағамыз) қысқа жазатын еді ғой. Сол ағамыздың құрметіне бір кітабымның бір бөлімін «Шона мылтық» атағанмын. Цензура жөн көрмеді.
«Шолақ мылтықта», айттым ғой, ел аузынан жинағандарым бір шамадан. «Әшейін әңгіме» көзіңе түсті ме? Ол әңгіме «Араның» тапсырмасымен іссапарда жүргенде өзім қатысқан бір жағдайдан туған-тұғын. Жоқ, басқасын айтайын.
Бір қомағай балдыздарының ортасында ет жеп отырып түйіледі. Балдыздары кезектесіп оның сыртынан да, желкесінен де түйгіштейді. Нәтиже болмайды. Бақыраш-бақыраш су әкеліп ішкізеді. Пайда жоқ. «Құсып көрші, жеңілдерсің», – деп, бір қағынғыр балдызы сырттан шылапшын сүйретіп әкеледі. Одан да дәрмен болмайды. Тақа болмаған соң екі балдызы жуастау ат ерттеп әкеп, жезделерін шоқитып соған мінгізіп, олай-былай жүреді. Болмайды. Болмаған соң екі «қағынғыр» балдызы жүгенді кезектесіп ұстап, атты олай-былай бүлкілдетеді… Бүлкілдетіп қырға шығады, ылдиға түседі…
Нанайық па, нанбайық па? Болған ба, болмаған ба? Мейлі, қиялдан-ақ тусын, сонда да, қаңдай әдемі қиуласқан әзіл-қалжың?
Біз Кіші жүз – Алшынбыз. Алшынның ішінде – Әлімбіз. Әлімнің ішінде Қарамашақ немесе Төртқарамыз. Төртқараның ішінде – Қарашпыз. Қараштан – Ақпан-Тоқпан. Біз Ақпанбыз. Ақпанның ішінде Құламанбыз. Құламандар жайында Ырғыз-Қарабұтақ өңірінде көңілді әңгіме көп. Соның бірі – «Құламанның сары самолеті». Іссапармен жүргенде құлағыма тиіп, Оспанхан бірде сол әңгімені гүрілдеп отырып айтып бергені бар. Артынша сол әңгіменің желісімен қызық әңгіме жазды.
Батыр мінезді бір ағамыз (Амантай Құламан) жоғалған жылқысын іздеп, ауыл-ауылды аралайды. Жолыққан адамдардан: «Ат көрдіңдер ме?» – деп сұраудың орнына «Уа, жатқан-тұрған төбелес көрдіңдер ме?» – деп сұрапты. Арты «қызық» болыпты.
Машина айдайтын тағы бір ақкөңіл ағамыз алыс жоллмен келе жатып, бір жамағайынының үйіне қайырыла кетеді. ІІІай ішіп отырып, ағамыз:
– Ойпырмай, жаңа Сарысайдың тұсынан өте бергенімде қырық қасқыр көрдім, – дейді.
Үй иесі елең ете қалады.
– Кетші-ей, ең болмаса жартысына шегінсейші.
– Жартысына шегін десең шегінейін, қалғанына өлсем де шегінбеймін.
Одан үй иесі де қалмайды.
– Мен баяғыда Сахалин аралында служить етіп жүргенімде қырық майор көрдім.
– Кетші-ей, сен де ең болмаса жартысына шегінсейші.
– Жартысынан шегін десең шегінейін, қалғанынан өлсем де шегінбеймін.
Қандай әдемі әзіл-қалжындар! Қазір біреулер қазақ күлкісі қайтыс болды дегенді шығарып жүр. Халық қайтыс болмай, күлкі қайтыс бола ма, сөз қайтыс бола ма?!
Бір әңгіменің қайырылысында құлағыңа салдым ғой деймін: «Оңашадағы ойлар» менің өмір бойы жинаған ой орамдарым, афоризмдер. Денемнен бөлінген ащы тер, тұщы тер. Сауал-сұрағыңның бірсыпырасы сонда.
– Қазақстан Республикасының бұрын-ғы Мемлекеттік хатшысы Иманғали Тасмағамбетовтың «Мемлекеттік тілді дамытудың өзекті мәселелері» деген тақырыпта өткізген алқалы кеңесіне қатыстым. «Тіл саясаты – ол мемлекетіміздің ішкі саясатының өзегі, – деді Иманғали Нұрғалиұлы, – Ортақ тіл арқылы ғана ортақ рухты, ортақ үмітті қалыптастыра аламыз». «Мемлекеттік тілдің колдану аясын одан әрі кеңейтудің бірден-бір жолы – мемлекеттік тілді білуді міндетті түрде талап ететін қызметтер мен лауазымдардың тізімін қалыптастыру» екенін қадап ескертті. Еліміздегі 7 мың 989 мектептің тең жартысына жуығы мемлекеттік тілде білім берсе де, жоғары оқу орындарындағы мемлекеттік тілде оқитын студенттердің саны небәрі 32 пайыз ғана екен.
Қазақстан Президенті сыйлығының лауреаты, қарымды қаламгер Сауытбек Абдрахманов тіл туралы тереңнен тартып, ой толғайды. Үзінді келтірейін: «… Қазақ тілі ерекше, алабөтен бай тіл дейміз, қазақ тілінің мүмкіндігі айрықша мол дейміз. Осылай кесіп айтудың жөні бар ма? Барлық халықтардың тең қабілеттілігі туралы айтатынымыз қайда қалады бұлай десек? Бұлай деуіміз өзге тілдердің, сол арқылы өзге ұлттардың рухани әлеуетіне күмән келтіру емес пе? Емес. Ал неге? Емес болатыны – бағзы замандарда, өткен ғасырларда қазақ халқының барша қабілеті негізінен рухани салаға, соның ішінде ең алдымен музыка мен сөз өнеріне жұмсалған, бар таланты, бар дарыны бірер бағытқа шоғырланғандықтан да ұлтымыз дәл осы бағыттарда таңғажайып асыл мұра жасай алған. Сол асыл мұраның кенеуін кетірмей, ажарын қашырмай ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, байытып отыру бізге сын».
Сонда отырып ойладым. «Не ойладың?» – дейсіз бе? Шоқ тілді Шона Смаханұлын есіме алдым. Шона аға осыдан отыз жыл бұрын қазақ тілінің мәртебесі туралы кеудесін оққа төсеп ашық күрескенін көзіміз көрді. Көбіміз үндемедік. Бұғып қалдық. Партиядан қорықтық. Саясаттың салқыны тисе тұмауратып қаламыз ба деп үріктік. Шона ағамыз бұққан да жоқ, үріккен де жоқ. Әй, батыр екен-ау! Сол заманда Шона ағамның аузынан тіл туралы сөздерді естіген едім. Құлақ түріңізші, аға.
Жазушылар одағы үйінің қақ алдында келте бойлы, кекілді сықақшы Шона Смаханұлы ағамыз пора-пора боп сөйлеп тұр екен. Айналасында алты-жеті шәкірті аузын ашып, көзін жұмып ұйып қалған. Бақсам, қазіргі қазақ тілінің тазалығы мін мәдениеті туралы тереңнен сөз қозғап тебіренуде, құдды аудиториядағы профессорлардан аумайды-ақ.
– Бала тілін білмегеннің,
Бір «шаригі» жетпейді.
Ана тілін білмегеннің,
Мың «шаригі» жетпейді!
– деді Шөкең әр сөзін шегедей қағып. – Бұл бірақ менің шығарған шымшымам.
– Бұл жөнінде К.Паустовский «Хайуан ғана ана тілін білмейді, ана тілін білмейтін адам хайуанмен бірдей» деген еді ғой, соған арқа сүйей отырып, бұдан да гөрі шымшыманың отына шыжғырып, қақтап алмадыңыз ба, Шөке? – дедім күштірек ойын түрткілеп. Сол сол-ақ екен, тоғаны ағытылған көлдей лақ етіп құйылып, ана тілі туралы данышпандардың айтқан сөздерін нөсердей төкті.
– Айналайын-ау, ұлы көсеміміз В.И.Ленин толық шығармалар жинағының 45-томында «Бір елдің, ұлттың, халықтың тілін, мәдени ғұрпын, жақсы дәстүрін қорлаған адамды жазалау керек» деп жазыпты. Ал П.А.Вяземский «Ана тілін шекараны қорғағандай қорғау керек» деген.
Мұхтар Әуезов: «Ана тілін білмейтін адам – мәдениетті адам санатына қосылмайды».
Ғабит Мүсірепов: «Ана тілінен айрылған адам өз халқы жасаған мәдени мұраның бәрінен құралақан қалады».
Ғабиден Мұстафин: «Ана тілін білмейтін адам – бір қол жоқ, шолақ адам тәрізді».
Шыңғыс Айтматов: «Халық өзінің тілімен ғана мәңгілік».
Зейін Шашкин: «Әдіс-тәсілін білсе, балаға төрт жасқа дейін төрт тіл үйретуге болады».
Надежда Крупская: «Балаға басқа тілді өз ана тілін толық меңгергеннен кейін ғана үйретуге болады».
Махатма Ганди: «Ана тілін білмейтін адамнан әділдік күтпе».
Осы тұста кеудемде бір қызық ой ұрык септі. Тіл десе тізе бүкпей тікесінен тұратын Шона ағам сатираның жыртысын да осылай безек қағып, бебеулеп жүріп жыртса ғой, әзіл-қалжыңдары әрірек барар ма еді, әлде…
Құдай біледі, барар еді. Өйткені маңызды нәрсенің бәрі – махаббаттан басталады ғой. Иманды болғыр Шона ағам – ең бірінші мемлекеттік тілдің Туын желбіретіп, тік ұстап өткен қаламгер.
Сонда деймін-ау, Үмбетбай аға, сіз сол заманда айғайлап, атойлап жүрмесеңіз де тіл тағдырына қаламды қару етіп күрестіңіз. Сол дәуірде туған тіл мәселесіне арналған бір-екі сықағыңызды оқыңызшы. Оқырмандар сусындасын…
– Ішкі ашу-ызасын, әлденеге наразы-лығын біреулер айқайлап, біреулер күрсініп, не жылап жеткізеді. Тіл тағдырына, жалпы, тіл проблемасына байланысты ойларымды мен, негізінен, публицистика жанрында айқайлап жаздым. Олардың бірсыпырасының бас тақырыбы жадымда: «Дора… Дора… Дариға», «Сөз мәдениеті – өз мәдениетің», «Сөз көп деген сөз көп», «Той басқарғаныңа болайын», «Ұрпақтан ұрпаққа ұласқан мұра», «Өзінің ана тілін ұқпай барып, орыс тілін үйренген адамдардан жақсылық күтіп пе едіңіздер? Жақсылық күтпеңіздер» т.б.
Шөкеңді (Шона) тілге тиек еттің. Орынды. Оның сатирадағы даралығын, ұлттық тіл, ұлттық мектепке байланы¬сты қайраткерлігін мен әр кезде жазғанмын, әр жерде айтқанмын. Шара апамыз қатысқан «Түрксиб» санаторийіндегі кездесуде, тағы бір жұмысшы-жастар жатақханасында, «Алмагүл» (жаңылмасам) мөлтек ауда-нындағы аралас мектептің дау-дамайында Шөкеңмен бірге болғаным бар. Қай жер, қандай ортада да жарықтық, қазақ тілі мен қазақ мектептерін аузынан тастамайтын еді-ау. Жылдан-жылға халі мүшкілдене бастаған халқының тілі жүрегін ауыртты ма, жүйкесін жұқартты ма, әлде басқа жағдай болды ма – әйтеуір ортамыздан ерте кетіп қалды ғой!
Тіл проблемасы менің поэзиялық сатирамда аз-кем кездеседі. Біреуіне «атшалдыра» кетейін.
Судай қазақша немесе тырқ… тырқ бір… тырқ екі…
… Тағы да бір сұрағым:
Қазақшаға қызыңыз,
Қалай, еді шырағым?
– Ойбай, аға, ағып тұр,
Нанбасаңыз сынаңыз.
Мика, ну-ка қазақша,
Жүзге шейін сана да,
Өлең айтшы бір ауыз?
– Быр… Отыс секс… Тырқ, тырқ бір, тырқ екі…
– Ойбай, тоқтат, шырағым,
Не деп кетті мына қыз?!
– Қожанасырдың көршісі арқан сұраса «Арканым бос емес, екі ағаштың арасына керіп, үстіне бидай кептіріп қойдым», – депті. Аң-таң болған көршісі: «Ойбай-ау, арқанның үстіне де бидай жая ма?» – десе, жарықтық Қожекең: «Е-е, бергісі келмеген адам не демейді», – деген екен.
Бірақ біздін қазақ көршісінің көңілін жықпайтын халық. «Үй таңдама, көрші таңда», «Кілем сатсаң көршіңе сат, бір шетіне өзің де отырасың», «Өз тауығың сіркедей, көршінің тауығы күркедей» дейді. Әйтеуір, көңілін қалдырмайды. Осы көңіл жықпастық көркем әдебиеттің соры екенін жақсы білеміз. Біле тұрсақ та істейміз. Мысалы, сол өз басымнан өтті.
Қиянда тұратын бір «қызылшақа» сықақшы «Жылтың» деген шымшымасын «Араға» жолдапты. Онша алып-жұлып кетіп бара жатқан ештеңесі болмаса да қалжыңына қанат байлайық деген несие көңілмен нөмірге дайындап, бас редактор Қалтай Мұхамеджановтың құзырына ұсындық. Қалағаң көз жүгіртіп шықты да, көркемдігіне қынжылды.
«Ағамыз шалғайда жүр жылқы бағып,
Үйінен Месбай шықпайды жылтың қағып».
Бар-жоғы осы ма? Екі жолында езу кимылдататын ештеңе жоқ, астарын аңғарып тұрмын, әрине, – деді, – бірақ ойды қытықтайтын ойнақы шымшыма емес. Халық аузында қалып қойған сыпайы қалжыңның сұмпайы түрі ғой бұл. Халық қалжыңы қалай еді құдай-ау? Е, былай демеуші ме еді…
«Көкаланың үйірі көл айналсын,
Жаның шығып бара ма, көз байлансын».
Жұмған аузымызды ашпадық. Қалтай аға келтірген үзінді шумақта мәдениеттің иісі аңқып-ақ тұр ғой, шіркін.
Үмбетбай аға, талай шәкіртті алдыңыздан қозыдай жамыратып, қойдай өрбіттіңіз. Тұрмыс-тіршілікте көркем әдебиет төңірегінде көңілжықпастық жаса-дыңыз ба?
– Осы көңілшектік мәселесін біз әр әңгіменің келе жағында айтып, бірталай жерге шейін сүйретіп апарып тастамап па-ек?
Көңіл. Көңілшек. Көңілшектік…
Бет-ауызы жыбырлаған сенің бұл бұлталаң сауал-сұрағыңның арғы жағында «жеңгеміздің моральдық-этикалық тәртібі қалай еді?» – деген сықылды жымысқы бірдемелер бұғып жатқан жоқ па?
Көңілшектік әңгімесінің бір қайырлысы – көзге шөп салу. Оны халық анайылау: «көңілшектік – көттің соры» дейді.
Көзге шөп салу – жәлеп қатындардың, шайтан еркектердің тірлігі. Оны біреулер жігітшілік, серілік… тағы бірдемелермен ақтағысы, жеңілдеткісі келеді. Бәрінен де, қатар жүрген жолдастардың көзіне шөп салу – нағыз опасыздық!
Біздің үйдегі жеңгең (жоғарыда айттым ғой деймін) – педагог, тәрбиеші. Күйіп-пісіп қалатын мінезі бар. Ол мінезін өзіме, отбасыма адалдығы үшін кешірем. Сөз орайында тағы да бір құпиямды аша кетейін.
Кімнің үйінде кім болмайды, кімнің үйіне кім қонбайды. Біздің де келім-кетімсіз күніміз жоқ: есік-қақпамыз күндіз-түні сарт-сұрт. Сол келім-кетімнің бірі – баяғыда кешкі мектепте бірге оқыған К. есімді жолдас. Көшеде кездесіп қалып, арсалаңдап амандастық. Үйге ертіп келдім. Нендей шаруамен жүргені есімде жоқ, әйтеуір үйде екі аптадай жатты.
Бір күні жеңгең қабағын шытты.
– Маған мына жолдасыңның тәртібі ұнамайды.
– Не болып қалды?
– Сен жоқта маған қылмаңдағысы, жылмандағысы келе ме, ойы жаман. Айтпайыншы деп ем…
Сол күні балконнан, терезенің көзінен жерге бәтеңке жауды, костюм-шалбар, галстук жауды!
Көрдің ғой, демек көңілшектіктің о жақ-бұ жақ әңгімесі бар екен. Бір қайырлысы жылы сөз, жылы қабақ, мырзалық. Менің шешем, марқұм, қолы ашық, мырза адам еді, айында-жылында ауылға жол түскенде апарған азын-аулақ шай-суымызды кіріп-шыққан жұртқа үлестіріп, аяғында өзінің үйдегі «запасына» қол салатын.
Көңілшектіктің тура мағанасы – кісілік, кәдімгі адами қайырым. Адамға, қоғамға адал кызмет ету, біреулерге қол созу, дәнекер, себепкер болу немесе жәрдемдесу, көмектесу.
«Жақсыдан – шарапат, жаманнан – кесапат». Заманында Абай атамыздың шығармаларының кітап болып шығуына Әлихан Бөкейханов себепкер болса, қаржының көзін тауып, тікелей көмектескен (меценат) Бекбай Байысұлы деген кісі көрінеді. Сол Байысұлының баласы Асылғазы Бекбайұлы қазіргі орыс тілді үлке-е-н ақынымыз Олжас Сүлейменовтің жолын ашқан екен. Ол кісі: «… Үш бірдей мінистрге көмекші болдым. Бір күні кабинетте отырғанмын. «Жетісу» газетінің сол кездегі редакторы Әбдуәли Қарағұлов қасына Олжасты ертіп келіпті. Ол кезде Мәскеудегі әдебиет институтында оқитын Олжасты ешкім біле бермейді. Әбекең Олжастың жазған-сызғандарын көрсетті. Қысқаша айтқанда, оның тұңғыш жинағының жарық көруіне ықпал еткенім рас», – дейді.
Сол Олжас кейін Раушан Аспандиярова деген бастауыш мектеп оқушысының шығармасын өз алғы сөзімен жарыққа шығарды.
«Күткен күн» деген атпен кейін қайта жазылған Әбдіжәміл Нүрпейісовтің «Курляндия» романының жарық көруіне Сәбит Мұқанов пен Ілияс Омаровтың қалай себепкер болғанын да біреу біліп, біреу білмейді.
Қазір көзі бар, көзі жоқ аға-апаларымыз өнер қуған ілгерінді-кейінді ұрпағына қалай алаңдаған. Әбділдә Тәжібаев, Әбу Сәрсенбаев, Қуандық Шаңғытбаев, Мұзафар Әлімбаев, Мариям Хакімжановалар қаншама жас таланттардың «тұсауын» кесті.
«Адамзаттың Айтматовы» атанған Шыңғыс Айтматов ұлы Әуезовті пір тұтады. Бұл жай ма? Қадыр Мырза Әли, Мұзафар Әлімбаев пен Әбу Сәрсенбаевтың есімдерін ауызша да, жазбаша да ылғи құрметпен еске алады. Бұл не? Иә, біреуге біреу, бірдемеге бірдеме себеп, себепкер. «Ұстаз менің өмірімде» («Учитель в моей жизни») деп аталатын кітапта ондаған еңбек ерлері, батырлар, космонавтар, атақты ақын-жазушылар ұстаздарын терең сезіммен еске алады. Аты-жөндерін келтірсе, ондайлар бізде де аз емес.
Темірхан Медетбек: «Әдебиеттен Асанбаев деген кісі сабақ берді. Өте әдебиетші еді. Сол кісінің әсері болу керек, әдебиетті сүйіп оқитын болдым. Үлкен әдебиеттегі ұстазым деп Әбу Сәрсенбаевты айтар едім».
Күләш Ахметова: «Ең алғаш өлең жазуыма себепкер болған кісі 7-сыныптағы мүғалімім Мәдина апай еді».
«… 1968 жылдың көктемінде «Лениншіл жас» газетіне екі өлең жібердім. Сәбит Мұқанов сол газетте жақсы пікір жазды».
Сайын Мұратбеков: «Сөйтіп, Әбекеңнің (Әбу Сәрсенбаев) қамқорлығы арқасында «Жазушы» баспасынан 1961 жылы алғашқы жинағым жарық көрді».
Тынымбай Нұрмағамбетов: «Мен мектепте жүргенде гумаиитарлық пәндерді жақсы көретінмін. Әдебиет, тарих сияқты пәндерді жақсы меңгердім. Әдебиет пәнінен бізге Мағжан Махамбетов дейтін мұғалім сабақ берді. Менің әдебиетке құмартуыма белгілі бір дәрежеде осы кісі себепші болды-ау деп ойлаймын».
Қалам ұстап жүрген қазіргі аға буын мына біз де алды-артымызға алаңдайтын жасқа келдік. Қанаттансын, мәз болсын деген ниетпен мен де Қазыхан Әшенов, Мағрипа Жылқыбаева сияқты бірнеше үміткерлерге «бата бердім». Анда-санда, Көпен, сен де ұстазым деп қоясың.
Ойдан ой туындаған тағы бір әңгіме: мен ешкімге өлең жазып, кітап шығарып бермеймін. Жаңағы айтқан: қуансын, мәз болсын, көзінде шырақ жансын деген ниетпен қолыма тиген жастар шығармаларының баспасөз бетін көруіне барымша ықылас білдіремін. Өзім ортасында жүрген дарынды балалар мектебінде оқушылардың үш кітабы жарық көрді. Студенттердің де шығармалары жиналып қалды. Бұл айтқандарымыздың барлығы да көңілдің, көңілшектіктің әңгімесі.
Көңілшектіктен, көңіл жықпастықтан табар пайдаң: кей-кейде әлдекімдерден ыңғайсыз сөз естіп, жаныңды ауыртасың. Әсіресе студенттерден сынақ алатын кезде… Әр түрлі әңгіме қаулайды. Бәрі жүрекке жүк. Шыдайсың. Көнесің!
Жастарға көңіл бөлу, алаң болу турасында бізден бұрынғы ағалардан жақсы үлгі-өнеге, дәстүр қалды.
«Жастарды ерте қартайтпауымыз керек. Балғын шақтың өз сұлулығы, өз қызуы, ұшқырлығы бар. Буыны қатқан, қызуы басылған аға буын аяғын қия басқан жасты дүрелей бастамауымыз керек. Әсіресе жас дарынның жалынын тұншықтыру – қылмыс. Жалынды жас, дарынды жас көк шыбықты көрмей-ақ өссін.
В.Г.Короленконың алғашқы әңгіме-лерімен танысқаннан кейін-ақ А.П.Чехов: «Мұндай жаспен қатар жүру түгіл, соңынан еріп жүрудің өзі қандай қуаныш!» – деген. «Біз мұндайға әлі тоңмойындаумыз» (Ғабит Мүсірепов. «Суреткер парызы» кітабынан).
Көңіл, көңілшектіктің басқа да қайы-рылыс, қалтарыстары бар. Бір қайы-рылыс қалтарысы қас-қабақ, сәлем-сауқат. Көңілшектік дегенде, жаман ойлайтын адамдардың басына анау… анайы өлең сарт ете қалады. Сондай себеппен, ойымды әдейі таратып айттым.
– Оңтүстіктің Төле би ауданында аузының ебі күшті, айтқыш қария бар дегенді естідім де, төркінін іздеген қыздай төтелеп үйіне іздеп бардым. Етек-жеңі мол, ертектегі «алпыс койдың терісі ау шықпайтын» батыр тұлғалы байыпты кісі екен. Әзіл-қалжың үстінде:
– Әй, шырағым-ай, әшейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппас шалды қаужап қайтесіндер, – деді бес биенің сабасындай кемпірі. – Атыраудан ауылына келін боп түскеніме қырық жылдан асып барады. Анаған, мынаған шығарған ауызекі өлеңдері алтын болса қайтейін, маған арнаған жарты ауыз жарапазаны да жоқ. Қырық жылда қиыстырып кемпіріне кетік өлең шығармаған шалдан не үміт, не қайыр?!
Сол, сол-ақ екен, шалқалап жатқан шалың кемпіріне арнаған кетік өлеңді қолма-қол суырып салмасы бар ма!
Біз неғып бұл адайдың қызын алдық,
Тұлға да жоқ, тұрпат жоқ қызығарлық.
Толтырып тоғыз тостақ көже ішкізіп,
Байғұстың фигурасын бұзып алдық.
Біз неғып Атыраудан барып алдық,
Мұнда да жоқ емес ед тартынарлық.
Алыстағы адайдың қызын алып,
Өмірі балдыз шымшып жарымадық.
Қыран-топан күлкі. Бәріміздің шек-сілеміз қатты. Расында да бұл ауданда Адай жоқ. Жұрттың негізгі құрамы – Жаныс пен Сиқым руы.
Сіз жеңгемізге арнап әзіл-қалжың ретінде болса да өлең шығардыңыз ба?
– Алдыңғы сауал-сұрағың келесі сауал-сұрағыңмен, менің ойлауымша, сабақтас, салалас. Композициялық тұтастықты ойла-ғаның шығар. Сонымен қатар, қайталаулар да ұшырасып қалады. Міне, тағы да сәл-пәл анайылық…
«Сен кімге күлесіңді» окыдың. Бір бөлімі – «Әулетіміздің альбомы». Қақ ортасында күйіп-пісіп жеңгең жүр. Қылжақ, болмаса боғауыз өлең ұшырастырдың ба?
Құдай қосқан қосағы, сыңары – балаларының анасын әрі итеріп, бері тартып, қылжақ-мазаққа айналдыратын, бірер шумақ өлең шығарып, оны ырқ-ырқ күліп көрінген жерде оқитын берен ауыз берекесіздерді әр жерде кездестіріп жүрміз. Құдай қосқан қосағының бұлай жүрегін ауыртып, жанын жаралау – көргенсіздік!
Проблема әркімнің басында, әркімнің ішінде, тіпті әрбір отбасында, Отанында. Оны ойбайлап шеше алмайсың.
Ол менің үй-ішімде де аз емес. Мін-кемшілік өзімнің үстімде де, келіншегімнің үстінде де өріп жүр. Өзімдегі, отбасымдағы проблемаларды мен ырылдасып емес, әзіл-қалжыңмен, ыммен, тұспалмен шешкенді жөн көрем. «Әулетіміздің альбомының» моралі – сол.
Сөз орайында тағы да жеңгеңді аузыңа алдың. «Кемпір мақтау мәселесі» есінде ғой? «Күлкіге құрмет ше?»
Бұл үйдің А. Мариям беделдісі,
Кімге не, біледі өзі, берем десе.
Бұл үйде тұрады бір және дағы,
«Бар», «жоқтан» хабары жоқ «керең» кісі.
Әйелдің тура айтатын тура биі –
Басында Мариямның тұрады үйі.
Кішкене кемшілігі, қызып кетсе,
Дауысы азан-қазан радио.
Бұл үйде бас бухгалтер, банк те өзі,
Әр тұрғын қарайды оған жанып көзі.
Кредит алам деген адам болса,
Алдына арыз жазып барып көрсін.
… Ұйқысы оның өте короткое,
Мызғиды телевизор қарап қойып.
Тиеді нервісіне жаман шалдың,
Тырпылдақ тәпішкімен әр өткені.
…Құрметім, түсініңдер, құлындарым,
Күлкідей құдіретке мұның бәрі.
Байқаймын, тым суытып барасыңдар,
Тырқылдап алыңдаршы бүгін бәрің.
Ауланы сыпырмаса құм басады,
Көңілді көтермесе түн басады.
Күлкімен жылытыңдар бойларыңды,
Тұрады тас төбеде күн қашанғы?!
– Арқа жақта арнайы оқырмандармен кездесу кешін өткізген соң алақұйын ақын Рафаэль Ниязбеков қонақүйінде жатқан Ғафу Қайырбековке «Қазақ әдебиеті» газетінің соңғы санын әкеп:
– Сүйінші, Ғафеке, – депті, – сіз туралы эпиграмма шығыпты.
– Оқышы.
Рафаэль тақпақтай жөнеледі:
«Күндіз-түні тынбастан,
Жаздыңыз-ау «Тың-дастан»
– Ғафу!
… жату.
Ғафу!
… ашу.
Соңы кетті-ау ұйқаспай,
Сіздің кейбір ұйқастай».
Ойпырай, Ғафеке, сіздің атыңызға ұйқас көп екен-ау, ә?
– Немене, – деп шамданыпты Ғафекең, – сенің атыңа ұйқас жоқ па?
– Отыз жыл ойлансам да, өз атыма ұйыған айрандай ұйқас таппадым, аға.
– Онда онша болмадың, – деп Ғафекең сөзінің салмағын өлеңге түсіріпті.
Ұйқасты таба алмасаң, Рафаэль,
Таппайсың ба одан да бір-екі әйел!
Сіздің атыңызға да ұйқас бар. Мысалы:
Үмбетбай
Үйіне барады күн батпай!..
Жалпы, ұйқаспаса өлең өлең болмай қалатыны несі? Әлде соған етіміз үйреніп кеткен бе? Ұлы Мұхаң, Мұхтар Әуезов Шекспирдің «Асауға тұсауын» ұйқастырмай-ақ ақ өлеңмен аударған жоқ па? Ақ өлең! Ағып тұр. Әңгіме ұйқаста ма?
– Кейін қалған сауал-сұрақтардың бірінде бұл мәселеге де недәуір тоқтағанбыз. Қайталау. Қайталай берсек, оқырманды мезі қыламыз.
Ұйқас. Рабайда болмаса, адам аттарынан ұйқас құрап өлең жазу –әлсіздік. Әрі кеттік.
– Балалар ақыны Әнуарбек Дүйсенбиев үш-ақ күнге жеткізбей Пушкиннің «Алтын балық» туралы ертегісін апыл-ғұпыл аударып шығыпты. Бірақ оған өзі онша қуана қоймапты. Жақсы, жаманды қу іш сезеді ғой, аудармасы ала-құла болса керек. Жақсы өлеңді жарытып аудармағасын, жалма-жан қылша мойнын талша иіп, өзіне-өзі эпиграмма жазыпты.
Айналасы үш күнде,
Аударып шықтым Пушкинді.
Түсінбеймін өзім де,
Түсінбейді ешкім де!..
Сатирик Садықбек Ддамбеков өзінің алпыс жылдык мүшел тойында «Не бітірдім, не тындырдым?» – деген сауалға өлеңмен өзі жауап берген.
Мен өлгенде жақсы жырлар
Жаназамды шығарып,
Драматургияға сүйегімді артады.
«Атылған қыз»
Қара орамал жамылып,
Фельетондар азалы күй тартады.
Ауыр да болса ауқымды автопортрет. Сол сияқты өзіңізге өзіңіз сын көзбен қарап, эпиграмма немесе пародия жаздыңыз ба?
– Пародия – сатира. Сатиралық жанр. Этимологиясы жағынан ол грек тілінен енген термин сөз. Бірнеше мағынасы бар. Бір мағынасы – өлеңнің өз кемшілігін өзімен, өлеңшінің де іс-қылығындағы өз кемшілігін өзімен сылап-сипап сынап-мінеу. Біздің кейбір пародияшьшарымыз пародияның жаратылыс-табиғатымен санаспай, ақсаң-
дап, екі иығын көшіріп-қондырып тойтаңдап, көзін ақшитып, біреулерді сайқымазақ қылып, неше түрлі ыңғайсыз қылықтарға барып жүр. Пародияның зерттейтін объектісі – мораль. Ол – адам мен қоғам тәрбиесінің құралы.
Пародияның әдептен озбаған классикалық үлгілері көп. Сен әлгінде мысалға алған Әнуарбек Дүйсенбиевтің өлеңі – әдемі пародия. Өзінің мін-кемшілігін мойындау. Садықбек Адамбеков өлеңі ше? Жоқ, ол оның жүрегінен тасып төгілген іштегі запыраны, кез келген жерде кез келгенге айта бермейтін трагедиясы.
Өзіме келсем, мен өзіме сын көзбен қарайтын адаммын. Әрбір қателіктерімнен кейін өзіме өзім кіжініп, «дор-р-ақ!» – деп жер-жебіріме жетемін. Ал таза пародия жаздым деп айта алмаймын. Мынау қалай?
… Жазып едім ойқастап,
Құрдастарға наз,
Оқып берсем қол боста –
Қонақтарым мәз.
Жазып едім со-но-о-да,
Нағашыма наз.
Оқып берсем, соған да,
Бала-шағам мәз.
Өзімді өстіп алдаймын –
Қарашығым «мәз».
Уайымы жоқ жандаймын,
Қара шығыны аз.
… Арқа-жарқа болмақ қім,
Ара шағып мәз?!
(«Лейтмотив»).
Мынау ше?
…Баласы Уәйда шалдың Үмбетбаймын,
Үстімнен табылады бір қаптай мін.
Келемін ақ көйлекпен ағараңдап,
Арымды ақ балшықпен күнде ақтаймын.
Балықпын. Үнсіздікпін. Жайшылықпын.
Айқаймын осса арқасын қамшы үміттің.
Мінезім: түсінікті, түсініксіз,
Мәнісі: айқыш-ұйқыш қайшылықпын.
Рұқсат болса әлі де айтарым бар:
Артықтау кетсе сөзім қайтарыңдар.
Суқаным сүймейтұғын біреулерді,
Көрмейтін көріп тұрып сайтаным бар.
Тігінен қарағанда бір қаптай үн –
Баласы Уәйда шалдың Үмбетбаймын.
Көжені күтіп-күтіп қалғып кетсем,
Ұйықтаған жылап-жылап
«құндақтаймын».
Шамамен 60 см. көлденеңім,
(Қарасын осыдан-ақ көр денемнің).
Мұрыным жетеді екі-үш ұрпағыма,
Аузына құм құйылсын – «өй» дегеннің!
Жүрісім болмай қалған – балпаң-балпаң,
Тұрысым оңбай қалған – әркім аң-таң.
Қимылым салдыр-күлдір, қаңғыр-күңгір,
Жүрегім ашық-тесік, алқам-салқам.
(«Сырымды айтайыншы». Үзінді).
Қалай? He дейсің?
– Аузы дуалы, арқалы ақынымыз Әбділда Тәжібаевтың 80 жылдық мүшел тойына арнау өлеңдер жаза қойыңдаршы! – деді «Ара» журналының редакторы Қалтай Мұхамеджанов былғауыштың басындай мұрнын бір сипап. Тапсырма берілді, тастай етіп орындау – лазым.
– Не деп жазамыз? – дедім қалжыңбас Қажытай Ілиясовқа қарап. – Анау-мынау айтыстарда, алқа-қотан жиындарда біраз ақындарды тәубесіне келтіріп жеңіп жүрсің ғой. Сарай ақыны секілді көпшік қойған көп өлеңнің бірін өзің-ақ сүйкей салшы, Қажеке!
– Өлең өгіз емес, қалай жетектесең, солай жүретін, – деп, Қажытай қарсылық білдірді. – Пәленшенің нұсқауымен, төленшенің ұстауымен өңмеңдеп өлең жазып көрмеп ем.
– Ендеше, екеуміз қара өлеңнің қайығына отырайық, бір ескегін сен ес, екіншісін мен есейін.
– Қайым айтыс секілді қақ жартысынан қылдай бөлісіп жазайық дейсің ғой? Ал, баста ендеше.
– Жолың үлкен ғой. Өзің баста, Қажеке!
Әжің-күжің әңгіменін қиюын таппай, әрі итеріп, бері созып отырғанымызда Әбекеңнің мүшел тойына арналған әдемі әзілдің дүниеге келгенін аңғармай да қалдық.
«Күмбірлеп «Көне қоңырау»
Орденге толы омырау.
Кеше жігіт, бүгін шал,
Құстай ұшқан өмір-ау,
Әбекең келді сексенге!
Тең сермеген қанатын,
Әрі ғалым, әрі ақын.
Топ жаратын жорғадай,
Тоқсанға да баратын,
Әбекең келді сексенге!»
Ілгеріде орыстардың «Кукриниксы» деген атақты үш суретшісі болғанын білесіз. Үшеуі бірлесіп әлгіндей лақап атпен сайқымазақ карикатура салған. Ильф пен Петров бірлесіп «Он екі орындық» секілді сатиралық роман жазғаны әмбеге аян. Сол сияқты базбір қаламгермен бас тоқайластырып, бірлесіп «бірдеңе» жаздыңыз ба?
– Есімде жоқ. Жалпы, міңгескенді жаратпаймын.
– Жазушылар одағының қапталына орналасқан «Қаламгер» кафесінде үміті зор үш-төрт ақын қызыңқырап отырып, еркек өсекке көшіпті.
Қазақстан Ленин комсомолы сыйлы-ғыньщ лауреаты атанған ақын қыздың мүсінін келемеждеді. Ол рахит ауруымен ауыратын-ды.
– Ақынның ажарлы болғаны қандай жарасымды. Мысалы, біздің Шөмішбайларды көргенде Пушкин тіріліп кеп қалған екен деп ойлайсың. Қитар көз, қисық аяқ қызға да атақ беріп…
Еркек өсекке екі құлағын тосып отырған Оспанхан ағам:
– Әй, жігіттер, – деді бұларға бұрылып, – қисық аяқ деп күндемеңдер. Оның аяғы қисық болса, бойындағы талантты көтере алмай қисайып кеткен. Білдіңдер ме?..
Бетімен сөйлейтін берекесіз адам-дардың қылығына сіз де шыдамайсыз. Тартынбайсыз. Бетің бар, жүзің бар демей айтып тастайсыз. Тіпті төбелесуге де даярсыз. Неге? Жаратылысыңыз солай ма? Қазір біреу біреумен қырықпышақ боп қырқысып, төбелесіп жатса да ешкім ара түсіп ажыратпайтыны несі?
– Осекең ол жерде олай демеген болар. Олай десе табалағаны, мұқатқаны. Жоқ, Осекең олай демейді!
Пікірсіз адам бола ма. Кейбір адамдар жайында менің де азды-кем өз ұстанымым бар. Бірақ мен оларды көп әңгіме қылмаймын. Отыз жылдай ілгерінді-кейінді келе жатырмыз: «Пәленбай – арам, ит, шошқа. Бәленбай – дорақ, бездарный, алқаш», – деп, өзіңе бір адам жайында әңгіме айттым ба? Өсек-аяңға жаным қас.
Ауыздықтап асауды шідерледім,
Сарылдатып құйған соң жігер елім.
Өсек-мөсек шаңдатып келе жатса,
Бір шыңғырып түшкіріп жіберемін.
(«Бір түрлі адам»)
Жасаған ие біреуге бергенін біреуге бермейді. Біреуде бар біреуде жоқ, біреуде жоқ біреуде бар. Мына біз екеумізде мөлдіреген көз де, сорайған бой да жоқ, ұзынды-қысқалы ой мен күлдіретін сөз бар. Біздің үйдегі Ардагер ініңнің басы аздап жалпақ, сенің аяғың сәл-пәл талтақ. Маған тартқансың. Көлем жағынан да екеуміздің ара қашықтығымыз көп алыс емес.
Көпшілік көліктерде мен бірталай адамдардан едәуір жоғарымын, былайлаумын. Бірталай адамнан бірталаймын деп, иә, ал, оларды қомсынуға, кейбіреуден былайлаумын деп өзіңді қорсынуға бола ма?
Ойнап айтсын, шындап айтсын – әр жерде, әркімдер менің де көлеміме көңіл толмаушылық байқатты. Туыстық, нағашы-жиендік, құда-жегжат, дос-жарандық қатысын, жас шамасын, жынысын және дауыс ырғағын «ескеріп», оларға тиесілі жауаптарын бердім. Тойтарыс алды. Жастау кезде аздап жұдырықтың да қатысқаны бар.
Жалпы, қарға бойлы Қазтуған жырауды, Қадырды (Мыр-за Әли) білмейтін шолақ ойлы шолтаңбай біреулер болмаса, тәртіпті, тәрбиелі адамдар «сопақ», «су мұрын сораңбай», «сүмек», «бүкір», «мықыр», «мысық сары», «шимпанзе сары», «құсық сары» деп, басқаның о жер-бұ жеріне тиіспейді. Өмірде ондайлардың қаншасын көріп жүрміз. Өздеріне қарамайды.
«Өзің диуанасың, кімге пір боласың?» – «Сен кімге күлесіңнің» моралі осы халық даналығы тұғын.
…– Ауылда бар ма екен,
Осы әлгі Ерғашев?
– Жүр ғой,
Құрт жеген мұрнынан ем қашып,
Ел қашып.
– Дардүр?
– Көзі көрінген қарадан үркіп,
Ол қисық мойының да,
Жүр ғой жер басып.
– Ардабай?
– Ой, ана мыңқылдақ мырқымбай ма?
– Алдабай?
–Тамағында қақырық тұрғандай сөйлейтін ана қыртымбай ма?
– Опырап?
Әй, ана қансеміз салаңбай ма?
– Пысмылда?
– Өй, ана еріген сары май ма?
Қадыр (Мырза Әли) – биік! Бір сәт биікті тындайық.
Қалжыңдалық,
Қатты-қатты ойналық,
Күлгенді де,
Ілгенді де қоймалық.
Қай-қай сөз де айту үшін жаралған,
Бірақ соны айтқан абзал ойланып!
Дастарханда,
Клубтарда,
Бақтарда,
Сырым мол деп,
Сырыңды мол ақтарма.
Отырғанда алаяқтың жанында,
Түлкі жайлы мысалдарға көп барма.
Қанішермен ерегіспе,
Кектеспе.
Әділдіктің жолын және көп кеспе.
Өзі отырып келген жанға –
Қайтесің! –
Түрме менен сала берме сотты еске!
Өз ақылын қойған адам күзетке,
Бәрін ұғар,
Бәрін байқар мезетте.
Перзенті жоқ ата-ананың алдында,
Көп балалы үй жөнінде сөз етпе!
Ойда болсын,
Есте жүрсін мәңгіге:
Тұлпар жайлы сөз жақпайды әңгіге.
Ағайыны өлген үйде асылып,
Арқан жайлы айтылмайды әңгіме.
Осы сөзді,
Осы ақылды ал естіп.
Атам менің сөйлер еді дәл өстіп.
Бәйбішесі қалған үйде қартайып,
Тоқал жайлы сөз қозғасаң – әбестік!
Жақсыны да,
Жаманды да тапты ана.
Жөнімен айт,
Жөн-жосықсыз даттама.
Түсіп қалған бастығыңның көзінше
Жаңа келген бастығыңды мақтама!
Не демейді құрдасына құрдасы!
Жаман кейде кейбір сөздің бұрмасы.
… Бір орманның кетуіне өртеніп,
Жетіп жатыр сіріңкенің бір басы!
Біз дастарқан басында өзімізді қалай ұстаймыз? Ұрынамыз, тиісеміз, айтпайтынымыз жоқ: қубас, қу жетім, бедеу, қатын, боқмұрын, шерміш, сопляк, тобан аяқ, месқарын, бегемот, шайтан шал, мыстан кемпір… Ауыздарын капрон шұлықтай созған ол шіркіндер Қадырдың әлгі өлеңін жаттап алса ғой!
Көпен, сауал-сұрағыңның соңғы жағын-да: «Қазір біреу біреумен қырықпышақ боп қырқысып, төбелесіл жатса да ешкім ара түсіп ажыратпайтыны несі?» – дедің.
Неге олай дейсің, жөн сөзін, құдай-шылығын айтып, жаға жыртыстарды болдырмайтындар аз ба?
Менің өзімнің де біраз жора-жолдастарымды жала жабу, күйе жағудан, жаға жыртыстан арашалаған реттерім болды.
Дастархан басында өңкиген бір дәу жігіт қасында отырған еңкіш сары жігітке: «әй кәмпәзитор», «әй, қүныс» деп қайта-қайта ұрынды.
«Кәмпәзитордың» аузынан жауап болмады. Мен шыдамадым.
Біреу көйлегімен әлдеғандай,
Біреу көлігімен әлдеғандай,
Біреу көлемімен әлдеғандай.
Сол әлдеғандайлар білсе ғой,
Не күтіп тұрғанын алда қандай! –
деп едім, дастархан басындағылар қол соғып жіберді.
Кім туралы кім не демейді. «Шаянның жаман бірдеме сарысы» деп, саған да тістенген бір жігітті білем. Араға әңгіме араласып кетіп, ол ғайбат сөзден сені арашалай алмадым. Шаян деуіне қарағанда, жақсы білмейді-ау деймін.
Бір отырыста Мұхтардың атына (Шаханов) ыңғайсыз әңгіме айтылды. Маған қарсы қарап отырған дарылдақ ақын інім бірдеме дей ме деп бетіне қарайлап ем, ол қасындағы ақынмен сыбырласып-күбірлесіп кетті. Кейін Мұхтардың бетіне қараймын, қолын аламын – мынадай жерде қос қолды қолтыққа тығып, мен қалай енді ырғалып отырамын. «Сендер жігіттер, әңгімені қойыңдар. Сендер әуелі Шаханов болып алыңдар», – деп кішкене даусымды шығардым. Жасым үлкен болған соң сыйлағандары шығар, қайтып ешқайсысы ештеме демеді. Мен олардың аты-жөнін айтудан қаймықпаймын. Арандатқандай болмайын деп, есімдерін ішімде әдейі құпия ұстап отырмын.
Болды ғой деймін. Бірталай жерге бардық қой?
Жалғасы бар…
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.