ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЭТНОДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ
16.04.2021 0 1 692
Дәулет Жайлыбаев,
Еуразия ғылыми-зерттеу институтының ізденушісі
Түркістан қаласының облыс ор-талығы болып құрылуы өңірдегі экономикалық, мәдени және демо-графиялық жағдайдың өзгеруіне ықпал етуде. Бұл Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі этнодемографиялық үрдіс-терінің бағыттары мен трансформациясына өзгерістер алып келуе. Қазіргі Түркістан облысының демографиялық жағдайы XX ғасырдың басынан бері әртүрлі көрсеткіштерге ие болды. Ерекшелігі, ғасыр бойы облыстың халық санының өсу динамикасы ілгерілеп отырған. Бұл облыс халқының дәстүрлі тұрмыс тіршілігі, қоныстану жүйесі, климаты, миграциялық үрдістері мен әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты болды. Осы процестерді тарихи тұрғыдан талдау үшін әр түрлі жылдарда жасалған кейбір халық санағының нәтижелерін зерттеуді пайдалы болады деп ойлаймыз.
Бұл бағытта қаралған халық санағының алғашкысы 1926 жылғы санақта Сырдария губерниясында 1, 157,188 адам өмір сүріп, оның ішінде қазақтар – 876,184; орыстар – 82,392; немістер – 4,447; украиндар – 43,241; өзбектер – 124,650; татарлар – 7,629; белорусьтер – 1951; ұйғырлар – 60; әзербайжандар – 12; кәрістер – 11 адам болған [Всесоюзная перепись., 1928]. Ал, 1939 жылғы санақ материалдарында Оңтүстік Қазақстан облысында жалпы 745,542 адам өмір сүрген. Оның құрамында қазақтардың үлесі 349,489 адамнан 46,9 % құраған. Облыстағы орыстардың саны 169,805 адамды құрап, 22,8 % құраған. Дәл сол сияқты, немістер – 6,089; украиндар – 57,519; өзбектер – 100,770; татарлар – 13,507; белорусьтер – 3,284; ұйғырлар – 382; әзербайжандар – 4,832; кәрістер – 6,041 адамды құраған [Населенеие Казахстана., 2009.]. 1926-1939 жж. санақ материалдарындағы халық санының өзгерістерінде бірқатар факторларды ескеруді қажет етеді.
Оның ішінде Сырдария губер-ниясының 1928 жылы әкімшілік бөліністерінің әсері болды. Сонымен қатар, 1937 жылы Солтүстік Кавказдан қоныс аударған мұсылман халықтары облыстың этнодемографиялық үр-
дістеріне өз ықпалын тигізді. 1959 жылы жүргізілген санақтың көрсеткіштерінде Шымкент облысы-
ның этнодемографиялық көрсеткіш-терінде де ерекшеліктер болды. Мысалы, жалпы халық саны 906,696 адамды құрап, оның ішінде қазақтар – 398,193; орыстар – 207,426; немістер – 28,320; украиндер – 40,344; өзбектер – 116,159; татарлар – 25,250; белорусьтер – 2,873; әзербайжандар – 11,510 адам болды [Статистический сборник, 1991]. Санақ мәліметтеріндегі әзірбайжандардың санының күрт өсуі 1944 жылғы депортацияның әсері болды. Облыс төңірегіне осы кезеңде әзербайжандармен қатар, ахыска түріктері, қарашай, балкар және т.б. түркі халықтары қоныс аударған болатын. Нәтижесінде облыс территориясында түркі халықтарының саны мен үлесі басымдыққа ие бола бастады.
1970 жылы Шымкент облысындағы халықтың жалпы саны – 1,284,859 адамды құрады. Оның ішінде 47,1 % қазақтар, 22,0% орыстар болды. Облыс халқының құрамын славян және түркі халықтары ретінде бөліп қарайтын болсақ, түркі халықтарының облыс бойынша үлесі 65,1 % құраса, славян халықтары 25,2 % құраған. Осы жылғы санақ материалдарынан бастап, халықтың этнодемографиялық үрдістерінде ерекшеліктер байқала бастайды. Оның ішінде славян және басқа да тіл тобына жататын халықтың үлес салмағы азая бастады. Керісінше түркі халықтарының үлесі басым түскендігін көреміз. Мысалы, 1979 жылғы санақ материалында қазақтар 51 % жеткен болса (1970 жылы 47,1 %), өзбектер – 14,5 % (1970 жылы 13,7 %) құрады. Ал, орыстардың үлесі – 19,2 % құрап, 1970 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 3 % төмендеген. Дәл осындай азаю көрсеткіштері украиндар мен белорусьтерде де байқалды [Численность и состав населения СССР, 1984]. Дегенмен халық ішіндегі бұл өзгерістерге қарамастан облыс халқының жалпы саны өсу динамикасын тоқтатпады.
Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейін әлеуметтік-экономикалық жағ-
дайдың тұрақсыз болуы облыс халқының миграциялық үрдістерде белсенділігін арттырды. Халықтың көпшілігі ел астанасы Алматы қаласына жұмыс істеу мақсатында қоныс аударды. Олардың көпшілігі тұрақты мекен жайын біржолата ауыстырғандар болып саналады. Сонымен қатар, Алматы қаласына оқуға келіп, жұмыс істеп қалып қойғандар да болды. Нәтижесінде оңтүстік өңір халқының Алматы қаласында топтасып орналасуына алып келді. Қоныс аударушылар Алматы қаласының әлеуметтік және мәдени үрдістерінде маңызды рөл ойнады. Мысалы, ежелден сауда-саттықпен айналысқан оңтүстік өлкенің тұрғындары нарықтың экономикаға көшу барысында Алматыдағы шағын және отбасылық кәсіпкерліктің негізін қалаушылардың біріне айналды. Жалпы, тәуелсіздік алған жылдардан бастап қазіргі Түркістан облысы еліміздің көптеген облыстарының демографиясында донорлық қызмет атқарды. Соның ішінде, 1998 жылдан бастап ел ордасы Ақмолаға көшуінде «оңтүстіктердің» көші үлкен үрдіс болды. Бұл оңтүстік халқының солтүстікке қоныс аударуының негізгі кезеңі болды.
Жалпы, облыс халқының үздіксіз өсіп отыруы миграциялық үрдістердің бірнеше бағытын қалыптастырды. Оның алғашқысы оңтүстік-шығыс бағыты – Алматы қаласына негізделді. Екіншісі, Астана бағыты – Астана қаласымен байланысты болды. Үшіншісі, Солтүстік бағыт – Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Петропавл, Павлодар облыстарына бағытталды. Төртінші бағыт – Түркістан қаласының облыс орталығы болып өзгеруі болды. Алғашқы үш бағыттағы миграциялық үрдіске тек облыс халқы ғана қатысқан болса, төртінші бағытқа жалпы Оңтүстік өңір (Шымкент, Тараз, Алматы, Қызылорда облыстары) халықтары атсалысуда.
Облыс халқының миграциялық үрдістерінің трансформациясына ең алдымен әлеуметтік-экономикалық жағдай әсер етті. Бұл ретте Түркістан қаласының облыс орталығы болуы облыс халқының жергілікті мекендеріне қайта топтасуына және басқа да облыстардан халықтың қоныс аударуына негіз болып отыр. Бұған облыс орталығының жоспарлы түрде кеңейіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуы ықпал етуде.
Аталмыш бағыттардың синтезінде облыстың этнодемографиялық үрдіс-терінде де ерекшеліктер байқалды. Мысалы, 1999-2009 жж. халық санағы материалдарында халық санының өсуінде негізгі басымдықтар көзге түседі [Итоги переписи, 2009]. Оның ішінде миграциялық үрдістердің нәтижесінде славяндық этностардың азаюы ерекше байқалады. Оған тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы облыс төңірегіндегі тау-кен және өндіріс орындарының тұралап қалуы негіз болды. Бұл облыстағы кейбір шағын қалалардың түбегейлі болашағы жоқ екенін көрсетті. Ал, бұл өндірістік қалалардың тұрғындарының көпшілігі орыстар, украиндар, белорусьтер, немістер және гректер болды.
Қазіргі уақытта Түркістан облысында көптеген этнос өкілдері тұрады. Оның ішінде 24 түркі халықтар өмір сүреді. Мысалы, 2019 жылы Түркістан облысында этнодемографиялық жағ-
дайға қарайтын болсақ, облыс халқының жалпы саны 1,983,967 адамды құрады. Соның ішінде: қазақтар – 1,508,219; өзбектер – 336,645; орыстар – 35,523; әзербайжандар – 18,539; тәжіктер – 36,831; татарлар – 7892; түріктер – 16,438; украиндер – 904; немістер – 1296 адамды құрайды [Stat.gov.kz, 2019]. Ал, 2020 жылдың басындағы көрсеткіштерде облыс халқының саны – 2,016,037 адамды құрады. Оның ішінде: қазақтар – 1,531,716; өзбектер – 344,937; орыстар – 34,968; әзербайжандар – 18,707; тәжіктер – 37,640; татарлар – 7,817; түріктер – 16,638; украиндер – 785; немістер – 1,275 адамды құрады [Stat.gov.kz, 2020]. Берілген көрсеткіштерден байқағанымыздай 2020 жылдың басымен 2019 жылдағы өзгерістер этностар арасындағы ерекшеліктерді көрсетеді. Мысалы, қазақтар мен өзбектердің арасында айтарлықтай халық саны өскендігі байқалады. Ал, орыс, украин, неміс және т.б. халықтардың саны керісінше төмендеген. Түркі тілдес халықтардың ішінде әзербайжандар мен түріктердің санында да өзгерістер байқалады.
Түркістан облысындағы этно-демографиялық өзгерістер облыс аудандары көлемінде ерекшеліктерге ие. Мысалы, өзбектердің көп шоғырланған аймақтары Түркісан қаласы, Сайрам, Төле би, Мақтаарал ауданы, Кентау қаласында тығыз қоныстанған. Сол сияқты тәжіктер Жетісай, Мақтаарал және Сарыағаш аудандарында тығыз орналасқан. Ал, түріктер мен әзірбайжандар Жетісай, Сайрам, Сарыағаш және Төле би аудандарында қоныс тепкен. Облысты аумағындағы Отырар және Созақ ауданының этнодемографиялық жағ-дайы қызықты көрініс береді. Мысалы, Отырар ауданында 54,038 халық тұрса, соның 53,861 қазақтар болып табылады. Дәл осындай жағдай Шардара ауданында да кездеседі. Аталмыш ауданның халық саны 78,832 адамнан тұрса, оның 76,135 қазақтар. Созақ ауданында да қазақтардың тығыз орналасқандығымен ерекшеленеді.
Қорытындылай келе, Түркістан облысының халық саны XX ғасырдың басынан бері өсіп келгенімен, халықтың құрамы әртүрлі өзгерісте болды. Соның ішінде облыстағы әкімшілік және территориялық өзгерістер жергілікті халықтың көрсеткіштеріне әсер етпей қоймады. Соңғы статистикалық мәліметтердегі этнодемографиялық көрсеткіштер облыс территориясындағы түркі тілдес халықтардың санының өсіп келе жатқандығымен ерекшеленеді. Сонымен қатар, этностардың орналасуындағы ерекшеліктер әр этностың шаруашылық бейімін көрсетеді. Соған сәйкес этностардың орналасу жүйесі қалыптасып отыр. Алайда, Түркістан қаласындағы күрделі әлеуметтік өзгерістер келешекте жаңа этнодемографиялық өзгерістерді алып келетін болады.
Дереккөз:
Всесоюзная перепись населения 1926 г. Т. 8. Казахская АССР. – М., 1928. – 15–46; 126–153
Населенеие Казахстана по Всесоюзной переписи насеения 1939 года. В 5-ти томах. 1 том. – Алматы: Издательство «Арыс», 2009. – С. 134.
Статистический сборник по отдельным показателям всесоюзных переписей населения 1939, 1959, 1970, 1979, 1989 гг. – Алма-Ата, 1991. – С. 7–70
Численность и состав населения СССР по данным Всесоюзной переписи населения 1979 г. – М., 1984. – С. 116–124
Южно-Казахстанская область. Итоги Национальной переписинаселения Республики Казахстан 2009 года. Том 2. Статистический сборник. – Астана, 2011. – 150 с.
Stat.gov.kz (2019). 2019 жыл басына Түркістан облысы халқының жекелеген этностар бойынша саны. Сілтеме: https://stat.gov.kz/official/industry/61/statistic/7 . Қараған уақыты: 28.04.2020.
Stat.gov.kz (2020). 2020 жыл басына Түркістан облысы халқының жекелеген этностар бойынша саны. Сілтеме: https://stat.gov.kz/official/industry/61/statistic/5
Әзірше ешқандай пікір жоқ.
Бірінші болып пікір қалдырыңыз.